Яссауи тағылымы
Құдияр БІЛӘЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметінде:
«Менің хикметтерім — кемел пір,
Кім құдайды таныса жанымен бір.
Менің хикметтерімді жайсаңдарға айтыңыз,
Дұға, тәкбір қылсын рахметіне батыңыз», — дейді.
Пір — парсыша ұстаз деген мағынаны береді. Кейде пір дәрежесін көтеру мақсатында «Рухани ұстаз» деп те қоямыз. Жалпы тариқатты ұстанбайтындардың бәрі пірді осы ыңғайда таниды. Соған орай олар үшін пірдің медресе ұстазынан, мектеп мұғалімдерінен, өзге де өнер адамдарының рухани ұстаздарынан пәлендей айырмашылығы жоқ. Тіпті пірдің бағасы өзге ұстаздарға қарағанда төмен десе де болады. Соған орай қанша жерден ұстаз десе де пірге қарата тас атуларын қоймайды. Жалпы ол тас кезінде пайғамбарларға да атылған. Демек, пірдің бағасын да сол таспен өлшеген жөн.
Басы ашық жәйт. Шайтанның сіз бен бізде шаруасы жоқ. Себебі біз әу бастан шайтан жетегіндегі адамдармыз. Тас бізге сол жетектен шыққан кезде атыла бастайды. Пірден өзге барлық ұстаздың етегінен ұста, шайтан саған мойын бұрып та қарамайды. Ал енді қалай пір құжырасының табалдырығын аттайсың, бүткіл шайтан бас көтереді. Шекеңе бір «тас» тигеннің өзіне есіңді жия алмай кетесің. Ал ол тас пірлерге қарсы ұдайы борайды да тұрады. Осыдан-ақ пірлердің кімнің мирасқоры екендігін, кімнің Хақ жолында екендігін бағамдауға болады.
Рас, Хақ Тағала пірін (дінін) өзі сақтайды. Соған орай жыл сайын қажылық кезінде піріне (дініне) тас атқан шайтан мен шайтанданғандарға қарсы қажылар қолымен қарсы тас атқызады. Соған орай пірге тас атушылар қай жерде жүрсе де әртүрлі жағдайда әрқилы соққылар алып жатады. Алайда олардың ешқайсысы ол соққылардың пірге, Хақ жолында жүргендерге қарсы лақтырған тастарының қайтарымы екенін білмейді. Болмаса Яссауи бабамыз: «Менің хикметтерім — кемел пір», — деген болатын.
Соған орай Жалаладдин Руми хазреті : «Пір-жаз мезгілі, халық болса — күз айы,
Халық түнге ұқсар, пір болса айға.
Жас әрі пәк тағдырға пір атын бердім,
Бірақ ол Хақ тарапынан пір болған, күндердің ұзауымен емес.
Ол сондай пір әуелгі ол, алдында оның ешкім жоқ,
Ол жалғыз және теңдесі жоқ», — дейді.
Бұл — пірге берілген баға. Себебі, Ұлы ұстаз хикметтерінің мағынасы — Құран. Демек, пір — Құран иесі. Дін де сол. Пайғамбарлар мирасқоры да солар.
Демек, Құдайды танитындар да пір мүридтері. Жайсаңдар да солар. Яссауи бабамыздың: «Менің хикметтерімді жайсаңдарға айтыңыз», — деуі сондықтан. Ұлы ұстаз айтпақшы, солар: «Дұға, тәкбір қылсын», сіз «рахметіне батыңыз».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметінде:
«Менің хикметтерім — құдыретті бір пір,
Естігендердің көңілі толқып ұйып тұр.
Тірі болса бұл жаhанда қор болмас,
Оқыған пенделер еш нәрседен зар болмас.
Қияметте оның жадында болармын,
Егер дертті болса, дәрмен болармын.
Егер жүз жыл өмір сүрсе қарымас,
Егер жер астына кірсе шірімес.
Құдайым қылғай оны тозақтан азат,
«Жаддан» атты бейіште жаны болғай шат», — дейді.
Құдырет — Аллаға тән сипат. Аллаға тән болатыны, ол оның өзінде болады.
Ұғынықтылық үшін «өзінде болады» деген сөздің мәніне назар аударайық. Мәселен, қай адамға да тән өзіндік қадыр-қасиеттер болады. Біреу — күшті; біреу — өнерлі; біреу — қабілетті; біреу… Осылай жалғастыра беруге болады. Алайда кім де болсын ешқашан құдыретті бола алмайды. Тіпті президенттер де. Олар — өкілетті. Рас, құдыретті болғысы келгендер болған. Бірақ олар «құдыреттілігінің» Аллалық сипатқа сорпасы да қосылмайды.
Мәселен, өзін құдырет иесі сезінген бір патша: «Алла өлтірсе, мен де өлтіремін, Алла тірілтсе, мен де тірілтемін», — деп, жазықсыз адамды өлтіріп, өлім жазасына кесілген адамды бостандыққа жібереді. Сонда оған: «Алла күнді шығыстан шығарады», — дегенде, оны өзге аймақтан шығаруға құдыреті жетпей, үнсіз қалады.
Демек, құдырет иесі болу, адам баласына тән емес. Солай бола тұра Яссауи бабамыз: «Менің хикметтерім құдыретті бір пір», — дейді.
Байыбына барсақ, Ұлы ұстаз тілге тиек етіп отырған «құдырет» сөзі хикметтің де, пірдің де мәнін ашып отыр. Себебі, хикмет пен пір шендесіп тұр.
Ұғынықтылық үшін әуелі Яссауи бабамыз хикметі құдыретіне назар аударайық. Ол құдырет хикметтің мына жолдарында тұр: «Естігендердің көңілі толқып ұйып тұр. Тірі болса бұл жаhанда қор болмас, оқыған пенделер еш нәрседен зар болмас. Қияметте оның жадында болармын, егер дертті болса, дәрмен болармын. Егер жер астына кірсе шірімес. Құдайым қылғай оны тозақтан азат».
Міне, Ұлы ұстаз хикметінің құдыреті. Тап осы құдырет — пірге де тән. Соған орай Яссауи бабамыз: «Менің хикметтерім — кемел пір», — дейді.
Шынында да пір — құдырет иесі. Осы жерде Мансур Халлаждың «Мен Хақпын» деген әйгілі сөзін қаперге алған жөн. Ал Мансур Халлаж болса, пір құжырасындағы көп сопының бірі. Демек пір мүмкіндігінің қай деңгейде екендігін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Бұл тұрғыда Феридуддин Аттар хазреті: «Пірге қол бергеннің қолында, барлық тікен гүл болады», — дейді.
Құдырет сол.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметінде:
«Егер хикметімді оқысаң, ей, сүйікті пенделер,
Шәкіртім сен, перзентім сен, ісің маған жөн келер.
Менің хикметіме қойса кім бас,
Өлерінде болсын иманы жолдас», — дейді.
Әлhамдулилла, сіз бен біз мұсылманбыз. Алланың құлы, Пайғамбарымыздың (сғс) үмбетіміз. Кітабымыз — Құран. Соған орай қай ғибадатымыз да Құраннан бастау алады. Біз тіпті өлі ризашылығы үшін де Құран бағыштаймыз. Себебі, Құран — Алланың сөзі. Соған орай ол сөз тіріні де, өліні де өз рахымына бөлейді.
Яссауи бабамыз хикметіне келейік. Ұлы ұстаз: «Менің хикметтерімнің мағынасы Құран», — дейді. Құран болатыны, хикметті оқыған сүйікті пенделер, ол пенде Ұлы ұстаздың шәкірті, не перзенті болсын, ісі Яссауи бабамызға тақылеттес болады, яғни сол болмысқа енеді. Қалай енеді, Яссауи бабамыз хикметіне бас қояды. Бас қою — қай пендені де кәміл инсан дәрежесіне көтереді. Соған орай Яссауи бабамыз: «Менің хикметіме қойса кім бас,
Өлерінде болсын иманы жолдас», — дейді.
Бұл тұрғыда «Юнус» сүресінің 62-63 -аяттарында: «Білгейсіңдер, Аллаһ достарына қорқыныш жоқ. Олар қайғырмайды да. Олар иман етіп, тақуалыққа жеткендер», — делінеді.
Бір сөзбен айтқанда, Шах Машырап хазреті айтпақшы:
«Пір сөзін сен Құран деп біл,
Күпір сөз шықса одан иман деп біл.
Пір сені отқа салса ол жерді жәннат деп біл,
Пір саясын иманның нұры деп біл,
Пір әмірін ақыреттің жолында қорған деп біл».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметінде:
«Иасауи хикметін даналар естісін,
Естіген жандар мұратына жетсін.
Жауhар кенінен бір түйір алсын,
Естімегеннің бәрі қасіретте қалсын.
Хикметті тыңдаса бар жанымен,
Кеудеден шығар жаны иманмен.
Құлаққа ілмейді бұл сөзді надан,
Оны адам деме, жүрген бір хайуан», — дейді.
Көкірек көзі ашылған жандар — даналар. Көкірек көзі ашылмаған жандар — материялистер. Соған орай материяға байланған адамдар даналар санатына қосыла алмайды. Мың жерден данышпан болса да. Себебі олар, өзге түгілі өзін де құтқара алмағандар. Солай бола тұра жалпы жұртшылық соларды өнеге тұтады. Тіпті олардың өмір жолы мен еңбектері мемлекеттік тұрғыда насиқатталады. Яссауи бабамыздың хикметтері де солар түсінігі деңгейінде оқытылады. Ал Ұлы ұстаздың өзі болса: Иасауи хикметін даналар есітсін», — дейді.
Естігендер — мұратына жетеді, естімегендер — қасіретте қалады. Себебі ол — жауhар кені. Соған орай, Яссауи бабамыздың өзі айтпақшы, кім де болсын: «Хикметті тыңдаса бар жанымен, кеудеден шығар жаны иманмен».
Басы ашық жәйт. хикметті бар жанымен тыңдамағанның бәрі — естімегендер. Қасіретте қалатындар да солар. Алайда Ұлы ұстаз қаперге салғандай: «Құлаққа ілмейді бұл сөзді надан».
Надан — материялистер. Соған орай Яссауи бабамыз оларды: «Оны адам деме, жүрген бір хайуан», — дейді.
Хайуан — кемсіту емес. Ол — надандыққа берілген анықтама. Себебі, хайуан сөз ұқпайды. Оны еркіне жіберсең айналасының бәрін майқандап бітеді. Материялистік, мейлі ол ғылыми-ақ болсын, таным — сол майқандау. Тіпті ол (надан) ешнәрсені майқандап та жарытпайды. Себебі ол — жоқ нәрсе. Соған орай хакім Абай:
«Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ,
Күлкішіл кердең наданның.
Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды —
Әдеті надан адамның.
Бойда қайрат, ойда көз
Болмаған соң, айтпа сөз…
Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық.
Естісем үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас – бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас», — десе, Жалаладдин Руми хазреті бүй дейді:
«Бір сопы көңілденіп тәфәккур ету үшін тамаша бір баққа барады. Бақтың түрлі-түсті әсемдігіне қайран қалып, көздерін жұмып іштей ойға батады. Сол жердегі бір надан адам сопыны ұйықтап отыр деп ойлайды. Оның бұл күйіне таңданып, сопыға: «Неге ұйықтап отырсың? Көзіңді ашып, жүзім шыбықтарын, бүршік жарған ағаштарды, көгерген жерлерді тамашала! Аллаһтың рахмет туындыларына назар сал!» — дейді. Сопы оған: «Ей, адам! Иләһи рахметтің ең үлкен туындысы көңіл екенін біл. Оның сыртындағылар осы ұлы туындының көлеңкесі іспеттес. Ағаштың арасынан бір арық ағады. Оның мөлдір суынан екі жағаның ағаштарының бейнесін көресің. Судың ішіне шағылысып көрініп тұрғандар қиялдағы бау-бақшалар. Нағыз бау-бақша көңілде. Өйткені, көңіл – иләһи назар орны. Оның пәк әрі нәзік көлеңкесі су мен батпақтан тұратын дүние әлемінде. Егер бұл әлемдегілер көңіл әлеміндегі сол қуаныштың көрінісі болмағанда, Аллаһ Тағала бұл қиял әлемін алданыш орны демес еді».
Соған орай біз де: «Иасауи хикметін даналар естісін», — дейміз.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметінде:
«Құдайдың сөзінен шыққан бұл бір хикмет,
Естігенге нұрдай жауар рахмет.
Менің хикметімді кім тұтса бекем,
Құдайым оны қайғысыз қылса екен.
Кірер жәннат ішіне ол шат-шадыман,
Құдайым айырмасын оны махшар таңнан», — дейді.
Құдайдың сөзі — Құран. Яссауи бабамыз хикметінің негізі сол Құран. Соған орай Ұлы ұстаздың өзі айтпақшы: «Естігенге нұрдай жауар рахмет».
Осы жерде мәнін ішіне бүккен құпия сыр бар. Шынтуайтына келгенде, ол сыр да емес, Алланың рахымы, әрі шексіз мүмкіндік иесі екендігінің бір дәлелі. Тура әлгі бір ғана жаңбыр суына сусындағанымен, сан қилы өсімдіктердің өсіп шыққаны тәрізді.
Байыбына барсақ, Құран да Алланың рахымы. Алайда тұтынатындар сан қилы ұлт. Рас, ұлт сан қилы болғанымен, Құран араб тілінде. Соған орай барлық ғибадаттар араб тілінде жасалады. Бұл — өзгертуге келмейтін қалыпты жәйт. Сол қалыпты жәйт шеңбері ішінде біз де бармыз. Міне, сол шеңберді бұзған — Яссауи бабамыз.
Осы жерде кілтипан бар. Ол кілтипан — әлгі шеңберді бұзуға ислам жауларының өмір бойы жанталасып келе жатқандығы. Соған орай Құранды өзге тілдерге аудару мәселесі де қолға алынды. Сол аударма арқылы дінді ұстанған арабтан өзге халықтарға Құран «қателіктерін» ашып көрсетуге тырысып бақты. Тіпті Құранда ешқандай да қасиеттің жоқ екендігін, онда сиыр, өзге де шыбын, өрмекші, ара сияқты жоқтан өзге нәрселердің сөз болатындығын айтып, өзге қауымды діннен шығаруға тырысып бақты. Оларға Құран аудармасы сол үшін қажет еді. Болмаса мағынасын түсінбесе де Құран аятын жаттап алған мұсылмандар өз ұстанымдарынан әсте қайтпайтын. Әрине, ислам жауларының бұндай іс-әрекеттері өз нәтижесін берді. Ол күрес тәсілі әлі де өз жемісін беріп келеді. Солай бола тұра Яссауи бабамыз «Құдайдың сөзінен шыққан» өз хикметтерін өмірге алып келді. Неге?
Себебі, дін — догмаға айналды. Ислам — өз қасиетін жоғалтып алды. Рас, сырт көзге бәрі мұсылман. Тіпті шариғатқа бәрі бекем. Бекем болғаны сонша, аузынан Алласы, қолынан тәспісі түспейді десе де болғандай. Құранды нәшіне келтіре оқитындар да аз емес. Алайда халық азып бара жатыр. Себебі, дін жоқ. Нақтыласақ, діннің формасы бар, бірақ рухы жоқ. Құранның мағынасын, мағынасын емес, қасиетін түсінбей құр жаттап алғандар үшін рухани әлем есігі жабық. Ал аударма мағына — Құран емес. Соны дер кезінде түйсінген Яссауи бабамыз мағынасы Құран өз хикметтерін өмірге әкелді.
Ескерер жәйт. Ұлы ұстаз хикметтері Құран аудармасы емес, мағынасы. Ұғынықтылық үшін айтсақ, Құранның өзге қай аудармасы да ол мағынаны бере алмайды. Демек, Құранды түпнұсқада оқыған жанның өзі ол мағынаны ала алмайды. Ислам дінінің жалпы әлем бойынша уахабилік бағытқа бұрылып кетуі сондықтан.
Өз дәуірі бүгінгідей жағдаятты бастан кешкен кезде Яссауи бабамыз өз хикметінде: «Менің хикметімді кім тұтса бекем, Құдайым оны қайғысыз қылса екен», — дейді.
Ұлы ұстаз хикметін бекем тұтқан бірден бір ұлт бізбіз. Соған орай жер бетінде қайғысыз ұлт қалыптасты. Сол қайғысыз ұлт қара суды қанағат тұтты. Сондықтан ол ұлт Яссауи бабамыз айтпақшы: «Кірер жәннат ішіне ол шат-шадыман, Құдайым айырмасын оны махшар таңнан».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметінде:
«Менің хикметтерім құдыреттің данасы,
Құдайдың дертті құлының дауасы.
Менің хикметтерім шекер мен балдай,
Сөздерім өтер теңдесі болмай», — дейді.
Құдырет иесі — Алла. Алла құдыретінің бірі — Құран. Сол Құран даналығы — Яссауи бабамыз хикметі. Соған орай Ұлы ұстаз: «Менің хикметтерім құдыреттің данасы», — дейді.
Құран — бір жағы шипа. Жанның шипасы. Ал тән — жанға тәуелді. Соған орай жан рахмани нұрға бөленген кезде, тәнде сол нұр көрініс береді. Біздің: «Жүзінен нұры төгіліп тұр», — деуіміз сондықтан.
Жалаладдин Руми хазреті айтпақшы: «Ай түннен үркімегені үшін, қараңғылықтан қашпағаны үшін нұрланды. Жарық шаша бастады. Гүл де хош иіске тікенмен жақсы тіл табысқандықтан қол жеткізді».
Жан мен тән үйлесімділігі де осы тәрізді. Сондықтан жүзі сынық, дертті адам Яссауи бабамыз хикметтерін оқысын. Сонда кімнің де болсын жүзіне нұр ұялайды. Бұл тұрғыда хадисте:
«Расулұллаһ (с.ғ.с): «Ішіне нұр кірген жүрек ашылып, кеңейеді» — дегенде, «Уа, Расулаллаһ, оның белгісі не?» — деп сұрайды, сонда ол: «Фәни дүниеден алыстау, мәңгілік болған ақыретке көңіл бөліп, өлмей тұрып, өлімге әзірлену,» — деп жауап берген», — делінеді.
Яссауи бабамыз: «Менің хикметтерім шекер мен балдай», — дейді. Бірақ Ұлы ұстаз хикметтерін оқыған жанның бәрі ол дәмді ала алмайды. Себебі, Яссауи бабамыз хикметтері ол адам жанын баурамайды. Баурамайтыны, жүректе кәкір бар. Хакім Абайдың:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі», — деуі сондықтан».
Байыбына барсақ, Яссауи бабамыз хикметтері дәмін сездірмей тұрған іштегі кір.
Іштегі кірдің мағынасы кең. Ол — мына материялды әлемнің әшекей-үшекейлері; ол — біздің армандарымыз; ол — біздің қалауымыз; ол — мына өмір…
Осының бәрі біз бен жан арасындағы перделер. Яссауи бабамыз сол перделерді көтерген жандарға қарата: «Сөздерім өтер теңдесі болмай», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметінде:
«Менің хикметтерім «Инғам Алла»,
Сахар уақытында айтса «Астапыралла».
Мұсылмандар етер шайтан жолына бармай,
Мұхаммед Мұстафа олардың қолын алғай.
Пайғамбар үмбетім деп мейірленсін,
Әзәзілді құдайым өзі қусын», — дейді.
Адам баласының бар өмірі дұға-тілекке байланған. Біз сол дұға-тілекпен дүние есігін ашамыз. Алғашқы қадамды да (тұсаукесер) сол дұға-тілекпен жасаймыз. Жалпы жақсылыққа қарай басқан әр қадамымыз сол дұға-тілекке ұштасып жатады. Ол дұға-тілекті бізге тілеулес жанашыр жандар жасайды. Егер Яссауи бабамыз хикметтеріне құлақ ассақ, сол дұға-тілекті бізге Алла Тағаланың өзі жасайды екен. Ал ол мүмкін бе?
Мүмкін екен. Яссауи бабамыз хикметтері Алла Тағала тарапынан бізге жасалған дұға-тілек екен. Соған орай Ұлы ұстаз: «Менің хикметтерім «Инғам Алла», — дейді.
Инғам — сол дұға-тілек. Бата десе де болады. Алайда бата алу үшін сахар уақытында алақан жай. Алладан кешірім, жарылқау тіле. «Астапыралла» де.
Бұлай деп Яссауи бабамыз айтпақшы: «Мұсылмандар етер шайтан жолына бармай». Міне солардың «Мұхаммед Мұстафа қолын алғай». Және де оларға: «Пайғамбар үмбетім деп мейірленсін».
Байыбына барсақ, осының бәрі «Инғам Алладан» бастау алып тұр. Ал оған себеп — Яссауи бабамыз хикметтері. Мұсылмандарды шайтан жолынан бұратын да сол. Қалғанын Аллаға тапсыр. Себебі, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Әзәзілді құдайым өзі қусын».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметін:
«Менің хикметтерімді дертсізге айтпа,
Баға жетпес гауhарымды наданға сатпа.
Иасауи хикметінің қадіріне жеткіл,
Ғашық шарабынан бір тамшы татқыл.
Ғашық шарабынан бір тамшы татқай,
Құдайдың жұмағына біржола жеткей», — деп түйіндейді.
Дертсіз — Алладан алыс адам. Алладан алыс болған соң ахиретін ойлап бас қатырмайды. Қайғы-мұңнан ада. Ешқашан басы ауырып, балтыры сыздаған емес. Себебі, дертсіз.
Осы жерде кілтипан бар. Ол кілтипан — дерттің жанға және тәнге тән екендігі. Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған дертсіз — жаны ауырмайтын адам. Рас, дүние дертіне ұшырған адамның да жаны сыздайды. Ол сыздау — Алладан алыс адамдарға тән. Себебі оларда жан мен тән тұтасып кеткен. Ал жаны дертті адамға дүние қайғысы әсер етпейді. Соған орай Имам Раббани хазреті: «Дерт пен бәле болмағанда, дүние дастарханының дәмі болмас еді», — дейді.
Демек, дерт пен бәле де Алланың рахымы. Ал дертсіз сол рахымнан құр қалған адам. Яссауи бабамыздың: «Менің хикметтерімді дертсізге айтпа», — деуі сондықтан.
Адам баласының бәрі баға жетпес гауhар иесі. Ол гауhардың аты — рух. Алайда біз сол гауhарды мына жалған өмірге саттық. Сол сатқандар — дертсіздер. Надан да солар. Жалаладдин Руми хазреті айтпақшы: «Надан адам раушан гүлдің әсемдігін көрмейді.
Сабағындағы тікенді сөз етеді».
Яссауи бабамыз соған орай: «Баға жетпес гауhарымды наданға сатпа», — дейді.
Ұлы ұстаз тілге тиек етіп отырған надан — гауhарсыз адам. Ол өз гауhары қадіріне жетпегендіктен сол баға жетпес асылын мына жалған өмірдің әшекей-үшекейлеріне сатып жіберген. Ал Яссауи бабамыз хикметі болса, сол гауhардың өзі іспеттес. Соған орай Ұлы ұстаздың өзі: «Иасауи хикметінің қадіріне жеткіл», — дейді. Ол үшін: «Ғашық шарабынан бір тамшы татқыл», — деп, өз хикметі есігінің кілтін де ұсынады.
Ол — руханият есігі. Сопылық тілде — тариқат. Кілт — Пір.
Соған орай Жүніс Әміре хазреті: «Бір көңілде болмаса Пірдің назары,
Ол көңіл – көңіл емес, шайтан базары», — дейді.
Біздің де айтпағымыз сол.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Иә, достар, құлағың сал осы кепке» деген хикметінде:
«Иә, достар, құлағың сал осы кепке,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Миғражда Хақ Мұстафа рухымды көрді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге», — дейді.
Бәрімізге белгілі, Яссауи бабамыз 63 жасында жер астына (қылуетке) кірді. Сол кіргеннен қалған өмірін жер астында өткізді. Оның қанша жылға созылғанын яссауитанушылар еншісіне қалдырайық. Біздің мақсат — хикмет мәніне үңілу.
Сонымен Ұлы ұстаз тілге тиек еткен «кепке» назар салайық. Ол кеп — миғраж оқиғасы. Байыбына барсақ, Яссауи бабамыздың «Иә, достар, құлағың сал осы кепке» деп басталатын хикметі тура сол миғраж оқиғасы іспеттес. Сондықтан екі жәйтта да болған оқиғалар материялды ақылға симайды. Соған орай Пайғамбарымыз (сғс) бастан кешкен миғраж оқиғасына да әрқилы пікірлер айтылады. Ол оқиғаға ислам жаулары болса да сенбейді. Тіпті мұсылмандардың өзі әлі күнге дейін қайшылықты пікірлер айтумен келеді. Яссауи бабамыз хикметі де сондай кепті бастан кешуде.
Сонымен, Ұлы ұстаздың жер астына түсуіне басты себеп, миғраж оқиғасы. Бұл тұрғыда Яссауи бабамыздың өзі: «Миғражда Хақ Мұстафа рухымды көрді», — дейді.
Рух — жан. Жанның материялды көрінісі — тән. Біз сол тәнді өзіміз деп білеміз. Шынтуайтына келгенде, ол бізге тән рух мүмкіндігінің жай ғана бір материялды көрінісі. Сондықтан ол көрініс өз негізіне анықтама бере алмайды. Солай бола тұра біз ақиқатты сол материялды көрініспен тануға тырысамыз. Сол тырысу — біз қол жеткізген ғылым. Қай ғылымның да Алладан алшақ болатыны сондықтан.
Рухқа келейік. Ол — негіз. Тәннің негізі. Бүткіл материяның да негізі тап сол сияқты. Біз сол негізді әруақ әлемі деп атаймыз. Пайғамбарымыз (сғс) миғражы сол әлемде өтуде. Соған орай Яссауи бабамыз хикметі де сол әлем тілінде сөйлейді.
Ұғынықтылық үшін өз көңілімізді әруақ әлемі делік. Жалпы көңіл (әруақ әлемі) мен материялды әлем ұдайы ұштасып тұрады. Соған орай біз сыртта бар деп білетін қай зат та әуелі біздің көңілімізде көрініс береді. Сол көңілдегі негіз материялды әлемде заттанады. Егер осы механизмді өз жадыңда бағындыра алсаң, кез келген дуалдан өте аласың. Себебі ол — жоқ нәрсе. Жай ғана сағым.
Міне, осы материялды әлем сыры Яссауи бабамызға: «Миғражда Хақ Мұстафа рухымды көрді», — деу арқылы ашылады. Соған орай: «Сол себептен алпыс үште кірдім жерге», — дейді.
Бұл — ақиқат. Алайда ол ақиқатқа өзгелер өлген кезде көз жеткізеді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Иә, достар, құлағың сал осы кепке» деген хикметінде:
«Хақ Мұстафа Жебірейілге қылды сауал —
«Бұл неткен рух тәнге кірмей тапқан жамал?
Көзі жас, халыққа бас, жаны адал», —
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге», — дейді.
Басы ашық жәйт. Біздің материялды көру мүмкіндігіміз шектеулі. Сол шектеу рухани әлемге өткенде алынады. Болмаса бізде Алланы көретін мүмкіндік бар. Оған Әлмисақ оқиғасы дәлел. Біз сол кезде Алламен тілдескенбіз. Сол мүмкіндік біздің рухымызға тән. Соған орай біз өз рухымызбен қауышқан кезде көзіміз ашылады. Ол көз ашылу діни тілде — Ихсан, сопылық тілде — тариқат делінеді. Сол тариқат, яғни, рухани әлем есігі ашылған кезде біз ғайып әлем ғажайыптарын көре бастаймыз. Бұл тұрғыда Құран Кәрімде: «Олар ғайыпқа иман келтіреді», — делінеді.
Мәселен, сол әлем табалдырығын аттаған сахабалар Пайғамбарымызбен (сғс) бірге Жебірейіл періштені көре алған. Оған хазреті Омардан жеткен хадис дәлел.
Басы ашық жәйт. Рух — материя емес. Сондықтан жан тапсырған адамның рухын біз көре алмаймыз. Алайда марқұм жерленгенше ол рух өз тәнінің болмысында көрініс беріп тұрады. Егер ол рух Пірге қол берген болса (рухани әлемге сенсе), онымен бірге оның ұстазының (Пірінің) рухани болмысы да қабірге бірге барады. Оны рухани әлеммен ұштасқан адамдардың бәрі көре алады. Жалпы бұл рухтың болмыстық заттануы адам баласының мына материялды әлемге келуіне (тууына) орай қалыптасады. Дүние есігін ашпаған рухқа ондай мүмкіндік берілмейді. Соған орай Яссауи бабамыз хикметінде: «Бұл неткен рух тәнге кірмей тапқан жамал? Көзі жас, халыққа бас, жаны адал», — делінеді.
Бәрімізге белгілі. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (сғс) миғраж оқиғасы барысында қаншама пайғамбарлармен жүздесті. Сондай-ақ дүниеден озған адамдар жай-күйінен де хабардар болды. Себебі олардың бәрі де жер қонағы болып кеткендіктен өздерінің рухани болмысында көрініс бере алды. Ал тумаған рухта ондай мүмкіндік жоқ. Олар тіпті Алладан өзгеге көрінбейді де. Бірақ Пайғамбарымыз (сғс) миғражда Яссауи бабамыз рухын көре алды. Бұл — Пайғамбарымыз (сғс) ұлықтығының бір кепілі. Сондай-ақ Яссауи бабамыз рухына тән өзіндік ерекшелік. Осы жерде «Кіші әлмисақ» көрініс береді. Мұндай бақ тек Яссауи бабамыз рухы маңдайына ғана жазылған. Тумай тұрып Пайғамбарымыз (сғс) шапағатына бөленген тек Яссауи бабамыз ғана. Бұл бір жағы Ұлы ұстазға туғаннан кейін артылар жүк ауыртпалығын да аңғартады. Пайғамбарымыздың (сғс) Яссауи бабамыз рухына қарата: «Көзі жас, халыққа бас, жаны адал», — деуі сондықтан. (Кей тәмсілдерде Пайғамбарымыз (сғс) миғраж оқиғасы барысында Әбу Ханифа мен Бахаудин хазреттері рухын да көргендігі айтылады).
Міне, осы жәйттардың бәрін саралай келе Ұлы ұстаз: «Сол себептен алпыс үште кірдім жерге», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Иә, достар, құлағың сал осы кепке» деген хикметінде:
«Төрт жүз жылдан кейін шығып үмбет болғай,
Неше жылдар жүріп халыққа жол көргізгей.
Он төрт мың мүштаhиттер қызмет қылғай,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге», — дейді.
Байыбына барсақ, Пайғамбарымыз (сғс) басынан кешкен миғраж оқиғасы көп сырдың бетін ашады. Сол сырдың бірі — уақыт өлшемі. Біз өзіміз (материялды әлем) уақытқа тәуелді болған соң, уақыттан тыс жағдаяттарды қабылдай алмаймыз. Соған орай өткен шақ, осы шақ, келер шақтарды бір мезгілде көреміз деген ой біздің ақылымызға сыймайды. Шынтуайтына келгенде, уақыттан шығу — Алладан ажырау деген сөз. Сонда біздің ұғымда, өткен шақ Алласыз өткен күн болып шығады. Ал бұл деген, «Құдай өлді» деген ұғымға саяды.
Келер шақ та тап осы тәрізді. Ол — Алла алдағы күнде деген ұғымды береді. Мәселені осы тұрғыда саралағанда, уақыттың өтпейтіндігі мәлім болады. Оның анықтамасы — Алла. Осы жерде «Ықылас» сүресін қаперге алған жөн. Ал біз Алладан тыс кірпігімізді де қаға алмаймыз. Демек біз де бармыз. Барлық уақытта. Бұл жерде уақыт «Барға» қызмет етіп тұр. Соған орай «Бар» уақытқа мұқтаж емес. Сондықтан біз бар болған жер бар болып тұрады. Ал біз барлық жерде бармыз. Осы жерде кванттық мүмкіндікті қаперге алған жөн.
Енді негізгі айтпағымызға ойысайық. Ол — миғраж оқиғасынан кейінгі төрт жүз жыл. Төрт жүз жыл — материялды өлшем. Болмаса барлық оқиға бір мезетте, бір сәтте өтіп жатыр. Егер бәрі бір мезетте өтпесе, Яссауи бабамыз: «Неше жылдар жүріп халыққа жол көргізгей», — деген хикметін айтпас еді. Себебі, ол жәйттер алдағы күн еншісі. Ол — тағдыр. Ал тағдыр — уақытқа бағынбайды.
Өзімізге келейік. Перде төмен түсті. Уақыт шеңберіне кірдік. Біз бармыз, Алла жоқ. Алла жоқ болған соң уақыт өледі. Соған орай сол уақытқа байланған біз де өлеміз. Әр өткен уақыт біздің өмірімізді жейді. Солай бола тұра біз ертеңгі күнге үміт артамыз. Бұл — ішкі түйсік. Уақыт шеңберінен шығуға ұмтылу. Біз дінге сол үшін бет бұрамыз. Себебі ол — бізді Аллаға жеткізетін жалғыз жол. Ал Аллаға жету — уақыт шеңберінен шығу.
Байбына барсақ, барша пайғамбарлар, сахабалар, Пірлер, мүштаhидтер, әулие-әмбиелер — уақыт шеңберінен шыққандар санатына жатады. Сондықтан олар үшін Пайғамбарымыз (сғс) бен Яссауи бабамыз арасындағы төрт жүз жыл өлшем емес. Соған орай Яссауи бабамыз Пайғамбарымыздан (сғс) жеткен аманатқа (құрма) әп-сәтте-ақ қол жеткізеді. Шынтуайтына келгенде, ол құрма Алла тарапынан беріледі. Ол (құрма) — Алла әмірімен Жебірейіл арқылы жәннаттан алдырылған бір табақ құрманың бірі. Табақтан жерге түскен бір тал құрма. Ол құрмада Алланың назары бар. Сол назар Яссауи бабамызды Сұлтандық деңгейге көтерді. Соған орай, Ұлы ұстаздың өзі айтпақшы оған: «Он төрт мың мүштаhиттер қызмет қылғай».
Мүштаhит — Аллаға жетіскен дін ғұламалары. Ал оларды жеткізген — Яссауи бабамыздың өзі. Ұлы ұстаздың: «Сол себептен алпыс үште кірдім жерге», — деуі сондықтан.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Иә, достар, құлағың сал осы кепке» деген хикметінде:
«Тоғыз ай, тоғыз күнде жерге түстім,
Тоғыз сағат тұра алмадым, көкке ұштым.
Ғаршы-күрсі баспалдағын барып құштым,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге», — дейді.
Басы ашық жәйт. Адам баласы жан мен тәннен тұрады. Сондай-ақ, ақыл-ой, саналық болмыс та өз алдына бір әлем. Біз сол ақыл-ой, саналық болмысты рухани көкжиек деп ойлаймыз. Соған орай оқу, білім, ғылым, мәдениетке қатысты мәселелерді «рухани құндылық» деп әспеттеп, оларды әлгі ақыл-ой, саналық болмыстың азығы деп білеміз. Біз білген, біз таныған руханият сол. Шынтуайтына келгенде, ол да материя. Алайда біз сол материяның өзіне иелік ете алмаймыз.
Саналық болмысты сөз етпей-ақ қоялық, біз тіпті өзінен-өзі қызмет етіп жатқан ішкі ағзалар жұмысына да араласа алмаймыз. Себебі олар біздің басқару құзыретімізге жатпайды. Ол құзырет — жанда тұрады. Ал ол әлем есігі біз үшін жабық. Солай бола тұра біз нәзік сезімді, рухани мәселелерді жанға телиміз. Себебі, біз үшін жан мен ақыл-ой, саналық болмыс — бір ұғым. Материялистік көзқарастағы адамдардың Алланы танымайтыны сондықтан. Егер, хадисте айтылатынындай, өзімізді танысақ, Алланы таныр едік. Біз болсақ өзімізді (рухты) жылы жауып қойдық. Соған орай біз жанның материялдық мүмкіндіктерінің өзіне терең бойлап бара алмаймыз. Ал өзін мүлде танымаймыз. Сол танымау Яссауи бабамыз хикметтеріне де перде болып тұр. Сондықтан да біз Ұлы ұстаздың: «Тоғыз сағат тұра алмадым, көкке ұштым» деген хикметін ақылға сыйдыра алмаймыз. Себебі, ол себепті Жалаладдин Руми хазреті айтыпты. Ол кісі бүй дейді:
«Бұл күрделі әлемде біз кімбіз? Біз бір көлеңке жаратылыс, бір түкке тұрғысыз жанбыз. Ешбір әріппен бірлеспейтін, ешбір нүкте қойылмайтын әлиф сияқтымыз. Бізден шыққан әрбір әрекет, әрбір хал, оның есімдері мен иләһи сипаттарының көрінісі».
Демек, біздің тәніміз де, ақыл-ой саналық болмысымыз да, тіпті мына әлем де Алла Тағаланың есімдері мен иләhи сипаттарының көрінісі ғана. Ал жан (рух) — соның өзі. Сондықтан оның мүмкіндігіне ешкім шектеу қоя алмайды.
Басы ашық жәйт. Алла жаратылысында мін жоқ. Сол мінсіз жаратылыс иесі бізбіз. Біздің кәміл инсан (кемел адам) дәрежесіне көтерілуіміз жанды (рухты) кемелдікке жеткізу емес, нәпсіні сол деңгейге көтеру. Бұл — жан мен тәннің беттесуі. Кемелдік сол. Дін — жан мен тәнді қауыштыратын жол. Сол жолды біз өмір деп атаймыз. Алайда адам баласы өз өмірін нәпсі қалауына орай әрқалай сүреді.
Енді негізгі айтпағымызға ойысайық. Яссауи бабамыз рухы осы өмірге кірмей тұрып-ақ кемелдікке жеткен. Ол үшін ғайып әлем есіктері әу бастан ашық тұрды. Соған орай Яссауи бабамыздың өзі: «Тоғыз ай, тоғыз күнде жерге түстім», — дейді.
Мән берер жәйт. Тумады, түсті. Демек дүние есігін ашқан сәбиді материялдық түсінік өлшемімен бағалауға болмайды. Ол — туа сала-ақ кәміл инсан. Әу бастан кемелдікке жеткен рух жерге түсу арқылы өзінің рухани тәнін қалыптастырды. Ол тән материялдық тәнге киіліп тұрады. Жалпы біз сол тәнге иелік ету үшін туамыз. Ал ол тән адам иманына орай қалыптасады.
Әрине, өзінің рухани болмысымен (тәнімен) қауышқан рух, Яссауи бабамыздың өзі айтпақшы: «Тоғыз сағат тұра алмадым, көкке ұштым, ғаршы-күрсі баспалдағын барып құштым», — дейді.
Ал ол жанға жер асты да жұмақ. Ұлы ұстаздың: «Сол себептен алпыс үште кірдім жерге», — деуі сондықтан.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Иә, достар, құлағың сал осы кепке» деген хикметінде:
«Жаннан кешпей «hу-hу» деген бәрі жалған,
Жалтақтардан сөз сұрама жолда қалған.
Хақты тапқан: өзі бостан, сөзі шаттан,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге», — дейді.
«hу» деу — зікір. Жалпы зікір — Алланы еске алу. Ендеше мұсылман баласы ретінде біз де Алланы еске алайық. Жарайды, ол еске алу жайнамаз үстінде-ақ болсын. Сол жүгінген қалпымызда «Алла», «Алла» дейік.
Дедік. Осы зікіріміз ғибадат орнына жүре ме? Яссауи бабамыз болса: «Жаннан кешпей «hу-hу» деген бәрі жалған», — дейді. Сонда жаннан кешуді қалай түсінгеніміз жөн?
Байыптап көрелік. Қай күні жер сілкінді. Біз сол кезде де «Алла» дедік. Енді салыстырайық. Біздің жайнамаз үстінде «Алла» деуіміз бен зілзала кезіндегі «Алла» деуімізде айырмашылық бар ма?
Әрине, бар. Біз жайнамаз үстінде «Алла» деп отырғанымызды білеміз. Ал зілзала үстінде еркімізден тыс айтудамыз. Ол — жанның айтуы. Зікір сол.
Сонда қалай, біз жаннан кеше зікір салуымыз үшін ұдайы жер сілкінуі керек пе? Жалпы біз өзі қандай кездерде жаннан кешеміз?
Жауап айқын. Қорыққан кезде. Қорыққанда да тығылатын жер таппай қалған кезде Алладан пана іздейміз. Ондай қорқыныш үстінде өзгеден қайыр болмайды. Ол кезде байлығың да, қызметің де, тамыр-таныстарың да кәдеге аспай қалады. Ол қорқыныш үстінде тура әлгі зілзала кезіндегідей күй кешесің. Болмаса, қарсы алдыңнан арыстан шыққандай. Не, албастыны көргендей. Біз тілге тиек етіп отырған қорқынышты одан әрі сезінгіңіз келсе, құлап келе жатқан ұшақ ішінде отырмын деп те ойлап қоюға болады.
Міне, осындай жәйтты бастан кешпей зікір салдым деу, бекер. Ал мұндай күйді бастан кешпеген «Жалтақтардан сөз сұрама жолда қалған». Тек қорқыныш иелері ғана: «Хақты тапқан: өзі бостан, сөзі шаттан».
Атам қазақ: «Құдайдан қорықпағаннан қорық», — депті. Байыбына барсақ, құдайдан қорықпайтындар санатына кәпір қауым ғана емес, жайнамаз үстіндегі мұсылмандардың дені кіріп кетеді. Себебі, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Жаннан кешпей «hу-hу» деген бәрі жалған». Олар — жолда қалған жалтақтар. Жалтақ болатыны, материялды әлемнен қол үзіп кете алмайды. Өзі жайнамаз үстінде отырғанымен, қиялы талай жерді шарлап жүр. Сондықтан ол үшін Алладан гөрі ақша деген сөздің қызуы басым.
Сонда «Алла» сөзі қалай айтылған кезде жаныңды тербейді? Жауап айқын. Ғашық болған кезде.
Ғашық болған кезімізді еске алайық. Ғашығыңыз есімін қайталаңыз. Міне, сол сөзден бал тамады. Ал Аллаға деген ғашықтық, егер ғашық бола алсаң, әлгі сезімнен үстем тұрады. Ұғынықтылық үшін Мәжнүннің Ләйліге ғашықтығын қаперге алайық.
Ләйліге ғашық Мәжнүн көшедегі қаңғыбас итті ұстап алып жуындырып, жүндерін тарап, тамақтандырып сылап-сыйпаумен әуре болып жатқанын көрген өткінші біреу: «Лас итке сонша құрмет көрсеткенің не азамат басыңмен?!», — деп жер-жебіріне жетіп сөге бастайды. Сонда Мәжнүн: «Менің ғашығымның көшесіндегі барлық зат мен үшін ыстық, қәдірлі. Үйіне жақын жердегі шаңды басқан иттің табанын сүйер едім…»,-дейді. Себебі, Абдулқадир Гейлани хазреті айтпақшы: «Мәжнүннің көзі мен көңілі Ләйлаға деген ғашықтықтың күштілігінен барлық әлемдерді көрмейтін болды. Құлағы да Ләйладан басқа сөзді естімейтін болды».
Міне, ғашықтық осы. Ал Аллаға ғашықтық, бұл тұрғыда Юнус Әміре: «Баршылыққа да қуанбаймын,
Жоқшылыққа да қуанбаймын.
Ғашықтығыңмен жұбанамын,
Маған Сен керексің, Сен», — десе, Жалаладдин Руми хазреті: «Ғашықтық келіп қан сияқты тамырларыма, теріме толды. Мені менен алып, болмысымды сүйіктіммен толтырды. Бойымның барлық жағын досым баурап алды. Менің өзімнен қалғаны — тек есімім, қалғанының бәрі Ол…» — дейді.
Біз тап осы сияқты Алладан пана сұрап жүгінген кезде Ол боламыз. Себебі, сол кезде өзімізді жоғалтамыз. Қауқарсыз пенде екендігімізді түйсінеміз. Міне сол кезде сені Алла алмастырады. Соған орай сенің жаның да, тәнің де, тіпті әр жасушаң «Алла» деп зікір салады. Яссауи бабамыз сондай жандарға қарата: «Хақты тапқан: өзі бостан, сөзі шаттан», — дейді.
Ал ондай жанға қорқыныш жоқ. Яссауи бабамыздың: «Сол себептен алпыс үште кірдім жерге», — деуі сондықтан.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің “Иә, достар, құлағың сал осы кепке” деген хикметінде:
“Бір жасымда аруақ маған үлес берді,
Екі жаста пайғамбарлар келіп көрді.
Үш жасымда шілтен келіп хәлім білді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге”, — дейді.
Бәрімізге белгілі, қазақы дәстүр бойынша қара шаңырақтан бөлініп, өз алдына дербес отау тіккен балаларына әке-шешесі еншісін бөліп береді. Сол еншіні — үлес десе де болады. Сондай-ақ олжалы болған жан да жақын-жамағайына үлес бөліседі.
Енді осы үлес мәнін шамалы кеңейтейік. Тап осы сияқты Алла Тағала да дүние есігін ашқан әр адам баласына өз үлесін береді. Ол “үлестің” аты — тағдыр. Соған орай қай адам да өз тағдырымен бірге туады.
Келесі үлес. Ол үлес — әруаққа тән. Әруақ — сиқырлы қазан. Ол жерден қалағаныңды аласың. Егер әруақ саған үлес берсе. Сол үлес Яссауи бабамызға дүние есігін ашқан сәтте-ақ берілген. Соған орай Ұлы ұстаздың өзі: “Бір жасымда аруақ маған үлес берді”, — дейді.
Сонда ол қандай үлес? Байыбына барсақ, біздің барлық іс-әрекетіміз сол әруақтың үлесі арқылы жүзеге асады. Алайда ол үлес — адам баласының бәріне ортақ. Ол ортақ үлес — мына материялды әлемге тән. Сондықтан біз ол үлесті өз қалауымызша пайдалана береміз.
Енді сол үлес мәнін ашайық. Тіпті ол мән де емес, заңдылық. Соған орай біз оны табиғи заңдылық деп қабылдаймыз.
Біздің жүріс-тұрысымыз, іс-әрекетіміз, алған деміміз, өн бойымызда жүріп жатқан табиғи процестер, бізді қоршаған табиғи орта, сол табиғи орта заңдылықтары, не керек, бүткіл материялды әлем — әруақ үлесі. Біз сол үлесті пайдаланушылармыз. Сол пайдалану, діни тілде — шариғат делінеді. Себебі, материялды әлем — миналы аймақ. Шайтан торы да осы жерде. Біз шариғатты осы аймақтан аман өту үшін ұстанамыз. Ал Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған әруақ үлесі — тариқатқа тән. Міне сол тариқат есігі Яссауи бабамызға бір жасында ашылады.
Тариқат — өз алдына бір әлем. Ұғынықтылық үшін мына материялды әлемді Тынық мұхиты десек, тариқат — Атлант мұхиты. Алайда екі ортада перде бар. Сондықтан әруақ үлес бермесе, Тынық мұхитының “балығы” Атлант мұхитына өте алмайды. Өте алмағандықтан ол “балық” үшін келесі мұхиттардың да (мағрифат, ақиқат) есігі жабық.
Яссауи бабамыз екіге толды. Соған орай Ұлы ұстаздың өзі: “Екі жаста пайғамбарлар келіп көрді”, — дейді.
Осы жерде құпия мән бар. Ол мән — пайғамбарлар назарында тұр. Пайғамбарлар назары — Хақтың назары. Бұл — бір. Екінші — пайғамбарлар үлесі. Бұл үлес — қазақы ұғымда көрімдік деп аталады. Ал ол “көрімдіктер” Яссауи бабамыз бойындағы қасиеттер.
Бейнелеп айтсақ, пайғамбарлардың келуі, тура біздің әлгі беташар тәрізді ғой. “Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық” демекші, Яссауи бабамызға ең алғаш назар салған — Пайғамбарымыз (сғс).
Ұлы ұстаздың өзі айтпақшы, үш жасында шілтен келіп халін білді. Шілтен — әруақ әлемінің әскері. Сол әскер Яссауи бабамызды үш жасынан бастап өз қорғауына алды. Біздің “Әруағы бар”, “Әруақты адам” дейтініміз сондықтан.
Міне, осы жәйттардың бәрін ашық мәлімдей келе Яссауи бабамыз: “Сол себептен алпыс үште кірдім жерге”, — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің “Иә, достар, құлағың сал осы кепке” деген хикметінде:
“Төрт жасымда Хақ Мұстафа берді құрма,
Жол көрсеттім, адасқанды салдым жолға.
Қайда барсам Қызыр бабам бірге, жолда,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге”, — дейді.
Құрма туралы әрқилы пікірлер бар. Екі аралықта жатқан төрт жүз жыл да талай әңгімеге арқау болуда. Байыбына барсақ, ондай әңгімелер Пайғамбарымыз (сғс) басынан кешкен оқиғаларға да тән. Алайда Пайғамбарымыз (сғс) мұғжизаларын қарапайым адамдар басынан кешкен оқиғалармен салыстыруға болмайды. Міне осы “болмайды” деген түсінік талай сырдың бетін жауып тұр.
Басы ашық жәйт. Қай пайғамбардың да өмір жолы бізге өнеге. Біз шариғат жолымен де, сүннет жолымен де, әдеп тұрғысында да, мәзhабта да сол Пайғамбарлар салып кеткен жолды ұстанамыз. Себебі олардың қай іс-әрекеттері де ислам дініне сай келеді. Соған орай олар бізге ислам діні мүмкіндіктерін көрсетіп, иманымызды бекемдейді, сол арқылы кәпір қауымның жанын түршіктіреді. Соған орай айтарымыз, ислам дініне тән сол мүмкіндіктерге біз де иелік ете аламыз. Әрине, өз дәрежемізге орай.
Мәселен, Иса пайғамбардың өлікті тірілткен мұғжизасын дәрежесіне орай ислам діні ғұламалары жасай алады. Сондай-ақ Мұса пайғамбар мен Қызырдың жолығуы Құран хисасына арқау болса, ондай оқиғалар ислам дінін ұстанған әулие-әмбиелер басында жетіп артылады. Тіпті кез келген қарапайым мұсылманның өзі қызырды жолықтыруға үмітті болып жүреді.
Жалпы дінде мүмкін емес деген түсінік жоқ. Себебі, қай “Мүмкін емес” те Алла мен пенде арасындағы перделер. Сол пердені біреу ерте, біреу кеш көтереді. Ол перде негізінен өлген кезде көтеріледі. “Өлмей тұрып өліңдер” деген хадис соған орай айтылады.
Құрмаға келейік. Яссауи бабамыз: “Төрт жасымда Хақ Мұстафа берді құрма”, — дейді. Демек, Яссауи бабамыз құрма иесі. Ал құрма — дін. Нақтыласақ, діннің рухы. Ұғынықтылық үшін айтсақ, ол рух Қағбада да тұр. Біздің Түркістанды Меккеге балайтынымыз сондықтан.
Жалпы дін дегеніміздің өзі сол құрма. Құрма — шартты атау. Соған орай оны әрқилы атай беруге болады. Ол құрма әуелі Пайғамбарымыздың (сғс) өзінде болды. Одан Әділетті Халифаларға өтті. Одан кейін жер бетінде құрмасыз (рухсыз) дін салтанат құрды. Сол дін қазақ даласында да көрініс берді. Ал өз дәуірінің құрма иелері әлгі өркен жайған құрмасыз дінге қарсы қауқар көрсете алмады. Міне осындай өліара шақта Пайғамбарымыз (сғс) құрманы (діннің рухын) Яссауи бабамызға табыс етті. Құрмаға иелік еткен Яссауи бабамыздың: “Жол көрсеттім, адасқанды салдым жолға”, — деуі сондықтан.
Әрине, ондай жанмен “Қайда барса Қызыр баба бірге, жолда”.
Ұлы ұстаз өз міндетін атқарды. Соған орай: “Сол себепті алпыс үште кірдім жерге”, — дейді.
