М.ӘУЕЗОВТІҢ «АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАН-ЭПОПЕЯСЫНДАҒЫ МАХАББАТ САРЫНЫ
Нақыпбек Садуақасов,
заңгер-құқықтанушы, публицист
Махабаттың лебі әркімді ақын ете алады.
Платон
Нобель сыйлығының лауреаты, француз жазушысы Альбер Камю: «Сүймеу – бұл бақытсыздық», – деген екен. Бұл ой махаббаттың адам өміріндегі аса биік маңызын айқындап тұр. Сүйе алмайтын адам өмірді шынайы гүлдендіретін, шаттандыратын құндылықтармен байланысын құра алмайды. Сондықтан адамды адам ететін күш – шынайы махаббат, пәк сезім, адамға деген толассыз іңкәрлік.
Махаббат – адамға берілген таңғажайып, құдіретті сезім. Ол әр пенденің өмірін әр алуан құлпырған түстермен бояйды, оны жаңа сәнді мағынамен толтырады. Махаббат қоршаған әлемнің сұлулығын мейлінше сезінуге мүмкіндік береді, оның ең жақсы қасиеттерін ашады.
Адам арасындағы ең жақсы нышан – өзара шынайы махаббат («Махаббат пен адалдық – біздің жазмыш, басқа әдет-ғұрып бізге беймәлім…», Әлішер Науаи). Ол адамды шабыттандырады, жақсартады, жердегі ең бақытты екендігін сезіндіреді. Бұл кез келген заңға бағынбайтын сиқырлы сезім («Адам жанының құпиясы өлшеусіз терең, ал махаббат – соның ең қол жетпес құпиясы», И. Тургенев).
Ғасырлар бойы махаббат туралы көптеген әсем әндер мен әсерлі өлеңдер шығарылған. Көптеген романдар, дастандар мен әңгімелер жазылған. Махаббат өмір сияқты – сарқылмайды: өйткені ол әркімді өзіндік ерекшелігімен жаулап алатын ләззатқа толы ыстық сезім.
Ол рухани күштің сарқылмас көзі. Ғашық адам керемет ерліктерді істеуге дайын: оның бойын батылдық пен жігерлілік билеп алады. Әрине, шынайы махаббаттың барлық мың құбылған қырлары мен толқыған терең сырларын сөзбен жеткізу қашанда оңай емес…
15 ғасырда өмір сүрген түркі поэзиясының классигі Әлішер Науаидің «Лейлі мен Мәжнүн» дастанында шығыс әдебиетіндегі ең әйгілі де асқақ махаббат сезімі жырланған. Бұнда Каис (Мәжнүн) есімді жігіттің Ләйліге деген өшпес сүйспеншілігі мен қайғылы тағдыры баяндалған («Махаббат-соншалықты күшті от, тіпті ең кішкентай ұшқын да аспанның пердесін кенеп сияқты өртеп жіберуі үшін жеткілікті»). Ал Омар Хайямның рубайларында махаббат әлемдегі елеулі игілік ретінде жырланған, оның әр сәттін шалқытып,бағалауға шақырған. Бұл ақындар мен шығыстың басқа да белгілі шайірлері қазақ поэзиясының алыбы Абайға ерекше әсер еткен тұлғалар.Оныңкітапқа деген ыстық ынтасы«Абай жолы» романында былай суреттеледі: «Абай…Ғабитхан …кiтаптарыныңiшiнен өзiн қызықтырған көп-көп асыл бұйымдар тапты. МұндаАбулқасым Туси-Фердауси, Низами, Фзули, Науаи, Бабырлар бар.«Жәмшид», «Сеидбатталғази», «Мыңбiртүн», Табары жазған тарих,«Жүсiп-Зылихалар», «Ләйлi-Мәжнүндер», «Көрұғлы» сияқты хикаядастандар да бар. Абайдың бас алмай оқығандары осылар. …Зере Абайдың кiтапқа берген ықласын байқап, бiр күнi кешке:- Қарағым, осының ақыл. Iшкен менен жегенге мәз боп, мойны-басы былқылдап, ақылдан да, өнерден де кенде боп жүрген байбаласы аз ба? Осы ала қағазыңнан айрылма! Ұқсама аналарға! –деген.Әжесi кiтап қадiрiн жақсы айтқанға Абай риза болып, жаңағысөзден соң күн сайын бiр тамаша әңгiме айтатын болды. Шешелер,малшылар, балалар боп, баршасы телмiре тыңдайтын».Абайдың әдебиет пен өнерге деген үлкен ынта мен құштарлығы осылай бастау алып, қалыптасқан болатын.
Ұлы Абайдыңтерең ойлы да ауқымды шығармашылығында махаббат тақырыбы ерекше орын алады. Дегенмен, оның махаббат туралы түсінігі тек екі жастың арасындағы лаулаған пәк сезіммен шектелмейді. Абай үшін махаббат — адам болмысының өзегі мен адамгершіліктің тірегі.Абайдың лирикалық өлеңдерінде ғашықтық сезімнің нәзік иірімдері терең суреттеледі. «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» секілді өлеңдерінде ақын сүйіспеншіліктің қуанышы мен күйінішін, үміт пен сағынышты шынайы бейнелейді. Бұл шығармаларда махаббат — жүректі тебірентетін, жанды тазартатын, адамды қанаттандыратын ғажайып тылсым күш ретінде көрініс табады. Абай ғашықтықты жасандылықтан, арзан сезімнен биік қояды да, сабырлы, парасатты махаббатты дәріптейді.Абай осы балдай тәтті сезімді өлең жолдарына қосып: «Махаббатсыз — дүние бос/ Қайуанға оны қосыңдар»;«Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым, Мен не болсам болайын, сен аман бол.Көңілімнің рақаты сен болған соң, Жасырынба, нұрыңа жан қуансын»; «Ғашықтың тілі — тілсіз тіл, Көзбен көр де ішпен біл» — деп жырлаған.
Ғұлама ойшыл, рухани көшбасшы, гуманист қаламгерМұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында ел тағдыры, билік тартысы, әділет пен зұлымдық мәселелерімен қатар, махаббат сарыны да терең әрі көркем суреттеледі: Абай және басқа кейіпкерлердің ішкі жан дүниесінің толқыныстары менсүйіспеншлік сезімідері де терең ашылады. Махаббат — шығармадағы Абай тұлғасының рухани қалыптасуына, оның адамгершілік әлемінің ашылуына әсер еткен маңызды арна.Абайдың Тоғжанға деген сезімі — шығарманың ең нәзік, ең лирикалық әрі терең суреттелген көріністерінің бірі. Бұл -Абайдың жастық шағындағы алғашқы мөлдір махаббаты: жас жүректің алғаш оянған, мейілінше таза, кіршіксіз сезімі. Тоғжан — сұлулық пен инабаттылықтың, ұлттық тәрбиенің көркем үлгісі. Абайдың оған деген сүйіспеншілігі — тек ғашықтық емес, рухани үйлесім, жан сұлулығына деген іңкәрлігі.Ол Тоғжанға сыртқы келбетіне бола ғана емес, жан сұлулығына бола ғашық болады. Бұл оның табиғатындағы нәзіктік пен тереңдікті көрсетеді. Абай Тоғжанды алғаш көрген сәттен-ақ оның сұлулығына ғана емес, мінезінің биязылығына, нәзік болмысының инабаттылығына, ішкі мәдениетіне тәнті болады. Тоғжан — тек көркімен бойжеткен қыз емес, жан дүниесінің тазалығымен ерекшеленетін. Романдағы Тоғжан бейнесі мен Абайдың бірінші әсері былай суреттелген: « …Бұл үйге әсiресе, өзгеше көктем нұрын енгiзген бiр жан бар. Ол Сүйiндiктiң қызы — Тоғжан. …Сылдырлаған шолпысы,әлдеқандайбылдырлағантiлменен Тоғжанның келерi мен кетерiн паш етедi. Құлақтағы әшекейсырғасы, бастағы кәмшат бөркi, бiлек толған неше бiлезiктерi -баршасы да бұл өңiрден Абайдың көрмеген бiр сәнi сияқты. Толықшакелген, аппақ жүздi, қырлы мұрын, қара көз қыздың жiп-жiңiшке қасыда айдай боп қиылып тұр. …Абай көпке шейiн Тоғжанжүзiнен көзiн ала алмай, телмiре қарап қалады. …Бұрын «ғашық жар» көп оқыған хикаяларда, көп-көп естiлген ауызша әңгiмелерде болса, бүгiн Абайға ең алғаш рет кiтап емес, әңгiме емес, өзiнiң анық, аппақ мүсiнiмен, күлкiсi, қозғалысы, тынысымен: «сол мен едiм «, «мен мұндамын» деп келгендей….Абайдың жүрегі жаңа ләззат сезімге толып, маңайдағы табиғат та құлпырған түске боялды: «Махаббат па? Осы ма?…Кеуде толған өзгеше ыстық, өзгеше жұмбақ, мол сезiм. Соның шалқи түсiп шарықтауы көп. Лыпыл қаққан қанаттай тоқтаусыз құбылып, тыныштық ала алмай лепiредi».Абайды кенет баурап алған, ләзәті болдай ғажап сезім, оның өленге деген дарынын оятуға үлкен себепші болды. Оның лаулап, діріл қаққан жүрегінен бастау алған өлең шумағыөз-өзінен тілінің ұшына келді: «…Ақ етiң аппақ екен атқан таңдай!»«…Тоғжанға арналған, ең алғашқы «ғашығым» деген жарына арналған жан жарының тұңғыш жолы осы едi». Абай Тоғжанды биік арман, қол жетпес асыл сезім ретінде қабылдайды. Оның Тоғжанға деген сезімі — пәк, терең, рухани биік махаббат: оған арнап «әлиф деп ай юзiңе ғибрат еттiм» деген бiр кiтапша сыпайы жыр жазды, » ақ етiң аппақ екен атқан таңдай » деген өлеңiн ендi түгел аяқтады».
Осы ләзатқа толы алабұртқан сезім арқылы Абай сөз құдіретін терең тануға, ұғынуға мейілінше талпынады.Тоғжанға арналған өлеңдер оның ақындық болмысының ояну кезеңін, жүрек сезімінің тереңдігін, алғашқы ғашықтықтың мөлдір табиғатын ашады.Абайдың жан дүниесіндегі саналуан толқу, қатты сағыну, құштарлық, жасөспірімге тән ұяңдық — бәрі өлең шумақтарындаорын алады. Бұл өлеңдерде жас ақынның алғашқы махаббаттан алған рухани әсері айқын білінеді.Тоғжан — романда тек сүйікті қыз ғана емес, Абай үшін бейне сұлулығының, жан мен тән тазалығыныңнышаны. Оның көркі, мінезі, қылығы айырықша нәзік түсті бояумен суреттеледі. Бұл — шығыс поэзиясы мен халықтық лирика дәстүрінің ықпалы.Махаббат — тек жеке сезім емес, жанды аспанда қалықтатып, барынша тазартатын, адамды биікке самғытатын күш ретінде көрінеді. Олар арқылы М.Әуезов Абайдың жастық шағындағы таза махаббатын ғана емес, оның ақындық рухының оянуын, сұлулық пен адамгершілікке құштар жан дүниесін айқындайды. Алайда бұл екі ғашықтар арасындағы махаббат әлеуметтік тежеулерге кезігеді. Абайғабұл аса мұңды жағдай былай суреттеледі: « …Абай бiрнеше күн қатты толғанып, жапа-жалғыз ойланып жүрдi. Қалыңдық деген мұнда бар. Сол сияқты айттырған күйеу Тоғжанда да бар. Қайындамай, үйленбей қалу мүмкiн емес. Ата мен ананың әмiрiнде. Бармаймын деп айтарлық сылтауы жоқ. Бар жүрек, бар қиялы Тоғжанмен туысып тұрса да, мынау тұсауға көнбеске шара жоқ. Осындай iшi бiр жақта, сырты бiр күйде болған, аса бiр қиын, енжар күйде Абай қайнына аттанды». Әрине, бұл екіұшты күй оның жан дүниесін алабұртып, қатты уайым мен күйзеліске душар етті.Бірақ бұл жағдай Тоғжанды ұмыттырмақ емес.Сонымен, ру аралық тартыстар, атастыру дәстүрі, үлкендердің шешімі — Абай мен Тоғжанның қосылуына үлкен кедергі болды. Бұл махаббат рулық тартыстар мен ескі салт-сана құрбаны болады. Екі ғашық жас жүректіңбірге қосыла алмауы — сол дәуірдегі әлеуметтік теңсіздік пен жөнсізқалыптасқан салттың қаталдығын көрсетеді. Осы арқылы М.Әуезов махаббат еркіндігі мәселесін, арақатынастағы теңсіздікті де астарлап көтереді.
Ғашығы Тоғжанға қосыла алмағандықАбайдың махаббатына мұңлы реңк береді. Сондықтан оныңөлеңдерінде сағыныш, ішкі күйзеліс, үміт пен өкініш қатар өрбіді. Бұл жағдай жас ақынның жолындағыкелешектегі философиялық тереңдікке бастар алғашқы қадам болғандай еді. Тоғжан — Абай өміріндегі орындалмаған арманы:оның бейнесі Абай жүрегінде таза, мұңды, сағынышқа толы сезім болып қалады. Ол тек екі жастың арасындағы мөлдір махаббат қана емес, Абай тұлғасының қалыптасуына үлкен әсер еткен өмірдің кірбең сабағы еді. Бұл сезім арқылы жазушы Абайдың жүрегіндегі нәзіктікті, адамгершілікті және әділетке ұмтылған рухани болмысын мейілінше кең ашады. Сүйіктісіне қолы жете алмаған жан күйзелісі Абайдың мінезін шыңдайды. Ол сезімге берілген жас жігіттен ойлы, сабырлы тұлғаға айнала бастайды.
Романдағы сезім әлеміндегі ерекше белестердің бірі — Абайдың Әйгерімді (шын аты Шүкман) алғаш көруі. Бұл кездесу — жай ғана сұлу қызға көңіл аудару емес, рухани серік табудың, жан үндестігін сезінудің бастауы. Шғармада бұл бірінші әсерлі кездесу былай суреттеледі: «Орта бойлы, дәл Тоғжанның өз бойындай. Бар мүсiнi келiп тұр. Бет бiтiмi, ақ қызылы жаңа Ербол айтқандай, айнымаған Тоғжан. Бұның да жiбек талды, қолаң қара шашы бар. Мұрын, аузы да, бiр қарағанға ма, дәл сол сағынышты ғашығының Абайға ерекше ыстық көрiнетiн аса сұлу, сүйкiмдi ауыз, мұрнындай. …жаңа түсiнде көрген сияқты, ертерек күндегi үлбiреп тұрған жас Тоғжан. …Түйеөркеште көрген сол сұлуы».Әйгерім көркіне ақылы сай, өнерлі, әншілік дарыны бар бойжеткен ретінде суреттеледі. Оның тамылжытып ән айтуы, домбыра шертісі, өзін ұстауы Абайды бірден баурап алады.Бұл кезең — Абайдың ел ісіне араласып, әділет жолында күресіп жүрген, бірақ өз басы мұңды көп кешкен шағы. Тоғжаннан айырылғаннан кейінгі жүрек жарасы әлі толық тартыла қоймаған. Осындай ішкі күйзеліс үстінде жүрген Абайдың жүрегіне Әйгерімнің үні мен болмысы ерекше жағымды әсер етеді: «…Жалғыз ұғып бiлгенi, iшiнде күн туғандай. Анық бақыт сезедi. Күдер үздiрген, жоғалтқан бақыт, қайта оралып өзi келiп, еркелеп аяп, қайта тапқандай. Осы сәтте Абай ойында қайтпас берiк байлау туды. Бiр кезде жастық, амалсыздық, әлсiздiкпен айрылып едi. Кешiрместей кiнәлы едi өзi сол үшiн. Ендi мынау жұлдызынан көз жазбақ емес, айрылмақ емес. Дүние ойран болсын. Ата-ана, ағайын-туған жат көрсiн. Барлық әлем оғат десiн, безсiн бұнан. Сонда да мынау көрiктен Абай безбекемес, айрылмақ емес. Айрылар болса тiрлiк те керек емес. Бар мұратарманы ендi қайтып бұрылмастай боп, осы қиял, осы байлауға бекiп отыр». Өткен кездесуден аса бір үлкен әсер алған Абай досы Ерболға: « Бұның Шүкiман деген аты сұлу емес. Сай емес. Жаңа ат қоямыз. Оны дәл осы арада сен таптың. Шүкiман аты қалсын, шын аты Әйгерiм! Әйгерiм болады! – дедi». Шүкманның Әйгерім жаңа есімі дүниеге осылай келген болатын.
Әйгеріммен кездесер күннің алдандағы түсін өзінше жори келе Абай досына: « Ербол, ақылға симаса да, мен бiр сөз айтайын ба? Дәл осындай боп, түсiнде алдын көру, — не соған салынған сәуегейдiң, көрiпкел, бақсы-балшының iсi. Немесе кiтаптар айтатын әулие, пiрдiң iсi. Мен мұның бiрi де емен. Қалайша көрдiм? …Бiрақ ақыл-санамен жүретiн көптен басқа, осындай сезiмтал сергектiк тағы бiр жандарда болады. Ол — ақындар. Осы мен тегi ақын болсам керек! — дедi…. » ақын болсам керек » деген сөздi Абай қазiрде бiр айқын сезiлiп келе жатқан шын шабыт үстiнде айтқан едi. …Абай ендiгi сырына Ерболды ерекше сенiммен тартты. — Ербол, кiнәлама, ұқ менi! – деп алды. …Мен Айгерiмдi жар етемiн, аламын! — дедi».
Абайдың Әйгерімді алғаш кездестіруі — роман құрылымындағы маңызды лирикалық сәттердің бірі. Бұл көрініс Абайдың тек қоғам қайраткері емес, нәзік жанды, өнерді сүйетін, сұлулықты қадірлейтін адам екенін көрсетеді. Әйгеріммен кездесу — оның өміріндегі жаңа кезеңнің, рухани серпілісінің бастауы, созылған жүрек сыздауығынан кейінгі үміт сәулесі іспетті. Осы арқылы М. Әуезов махаббаттың адам жанын жаңғыртатын, рухын көтеретін құдіретін шебер суреттейді. Әйгерімнің қоңыр, таза даусы, өзін еркін ұстауы, табиғи сымбаты — бәрі Абайдың назарын бірден аудартады. Бірақ Абайды баураған — тек сыртқы сұлулық емес. Ол қыздың бойынан өнерге деген сүйіспеншілікті, рухани тазалықты, ішкі мәдениетті көреді. Осы тұста автор Абайдың жан дүниесіндегі толғанысты терең көрсетеді: ол сұлулықты тек көзбен емес, жүрекпен болжайтын тұлға екені анық.Бұл кездесу –тек екі жас жүректің қатар лүпіл қағуы ғана емес, өнерге құштар екі жанның рухани табысуы. Абай үшін өнер — өмірдің мәні, адамның ішкі әлемін байытатын құдыретті тылсым күш. Сондықтан олардың арасындағы байланыс сыртқы қызығушылықтан гөрі тереңірек, рухани үндестікке негізделген. Осы үндестік Абайдың жүрегіне жаңа жылу әкеледі, өмірге деген сенімін арттырды. Оның өлең өнеріне деген құштарлығын күшейтіп, шабыттандырды: «…Жастығын, шексiз шат жастығын қайта тапты. Сағынып, сүйсiнiп тапты. Соны табумен бiрге өзiнiң iшiнде қыстығып, бұйығы тартып, бой тежеп жүрген ақындықтың да ентелей тулап қанат қаққанын көрдi». Шығармада Әйгерім бейнесі еркін мінезді, ойы батыл, өнерге жақын қазақ қызы ретінде кескінделеді. Ол — тек Абайдың жары ғана емес, оның шабытын оятқан жан серігі,сезіміне адал болған бейне. Абайдың Әйгерімге деген сезімі –мейлінше байсалды, түпкілікті саналы, мұхиттай терең сезім. Мұнда жастықтың албырттығы емес, өмір тәжірибесінен өткен, сұлулықтың шын бағасын білетін азаматтың махаббаты орын алған.
Абайдың өміріндегі кейінгі кезеңдеріндегі махаббат желісі- Әйгерім. Ол тек сұлу әйел ғана емес, өнерге жақын, әншілік қабілеті үлкен, Абайдың жандүние талғамына үндес жан. Бұл махаббат –лаулаған жастық сезімнен гөрі саналы, рухани үндестікке негізделген.Бұлардың өзара қарым-қатынасы арқылы жазушы әйелдің қоғамдағы лайықты орнын, оның жұбайылық өмірдегі серіктік рөлін ашуға мән береді. Мұнда махаббат — ер мен әйелдің теңдігіне, түсіністігіне құрылған биік сезім ретінде айқындалады. Абайдың махаббатқа көзқарасы оның адамгершілік ұстанымымен сабақтасады. Ол әйелді малға сату, еріксіз қосу сияқты ықылым заманнан жөнсіз қалыптасқансалттарды сынайды. Бұл — ақынның таза ішкі дүниесінің, шынайы әділетке ұмтылған азаматтық болмысының көрінісі.
Шығармадағы «Татьянаның хаты» – орыстың дарынды ақыны А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романындағы Татьянаның Онегинге жазған әйгілі хаты. Абай осы өлең-хатты қазақ тіліне айтарлықтайаударып, оған өзі әуенді ән шығарады. Бұл оқиға Абайдың тек ақын ғана емес, ағартушы, мәдениетаралық дәнекер тұлға екенін айқындайды. Абай аудармасы — сөзбе-сөз тәржімелеу емес, қазақы ұғымға, халық танымына жақындатылған көркем туынды болып шығады. Ол Татьянаның ішкі сырын, нәзік сезімін, адал сүйіспеншілігін қазақ қызының жан дүниесіне лайық етіп жеткізеді.Романда «…Әйгерiм өзi де әндегi сөздi бiр дыбысын бұлжытпастан анық етiп, әрбiр азғантай нақысын да бар жанын салып, жеткiзе айтады. Ән емес, бұл сәтте ол, арманын, назды мұңын шертедi. Татьяна назы емес, өз жүрегiнiң қайнай шыққан ыстық жалын шынын айтады. Жан-иманын, жас мiнажатын, құпия дұғасындай етiп, жалғыз қадiрлесiне арнайды. …Көзiнiң жасын iркiп тұрып айтқан, көз алдыңда дiрiлдеп, тыныс алып тұрған шыншыл көңiл. …Аз уақытта Абай мен Әйгерiм екеуi ғана қалғанда, бiрiне-бiрi соншалық ыстық жалынмен құшақ жайып, ұзақ сүйiсiп қалған едi. Бiрталай жыл ұғыса алмай, тығылып қалған iштегi түйiндерiн ән таратты. …Бұл өмiрде ендi қайтып қажымастай, айнымас, азбас махаббат табыстырды. Татьянаның мұңды сазы мен шерлi назы қайта қуантып, өшкендерiн жандыра табыстырды». Абай А.Пушкиннің өлеңін аудару арқылы қазақ кең даласына еуропалық әдебиеттің жаңа тынысын әкеледі. Шығармада бұл оның озық ойлы, жаңашыл тұлға екенін көрсетеді. Қазақ қоғамында махаббат көбіне салт-дәстүр, атастыру, рулық қатынастар шеңберінде қарастырылса, «Татьянаның хаты» — жеке тұлғаның ішкі өз сезімін ашық білдіруінің үлгісі. Онда жасырын сыр жоқ, тек жүрек үні бар. Бұл шығарма арқылы Абай қазақ жастарына жүрек тазалығын, сезім адалдығын, рухани биіктікті үлгі етеді. Татьяна — өз сезімін жасырмай батыл айтатын, рухани биік, адалжан. «Татьянаның хаты»- жай ғана аударма емес, қазақ әдебиетінің жаңа белесі,қазақ даласына жаңа заманның еркіндік лебін жеткізген жүрек үні. Ол Абайдың рухани парызын, ағартушылық парыз-талпынысын, махаббат туралы терең философиялық түсінігін ашады. Осы аударма арқылы Абай қазақ даласын әлемдік әдебиетпен қауыштырады. М. Әуезов бұл жаңашыл құбылыс арқылы Абайдың тарихипрогрессивті озық ұстанмын, қазақ қоғамының рухани өсу процесін көркем суреттейді.
Романындағы Оралбай мен Керімбала махаббаты — жастық сезімнің тазалығы мен ескі қоғам салт-дәстүрінің қақтығысын бейнелейтін әсерлі желілердің бірі. Бұл махаббат — тек екі жастың жеке тағдыры ғана емес, тұтас дәуірдің әлеуметтік шындығының көрінісі. Оралбай –түсінігі мен ұстанымына берік, сезімге адал азамат. Ол өз махаббатына есеппен келген жоқ, шынайы жүрек қалауыменынтық болды. Керімбала да оныайнымастай сүйеді: Оралбайға қандай да қиындықтар кезіксе де «…жаным сенiмен бiрге шықсашы!» –деп серт берген болатын. Бірақ олардың бақыты тек өз бастарының пайдасы мен «беделін»ғана ойлайтын тақыс, қытымыр, сараң адамсымақтардыңқолында болды. Сол заман қоғамындағы рулық тәртіп, қалыңмал, атастыру салты қыз тағдырын басқалардың шешіміне байлап қояды. Екі жастың бір-біріне ынтызар ететін махаббатына қарсы ру шешім-мүддесі биік қойылады. Керімбала — сол әдлетсіз замандағы қазақ қызының мұңды бейнесі. Оның арманы үлкен, бірақ еркі жоқ; махаббаты бар, бірақ таңдауы жоқ. Осы арқылы М.Әуезов әйел теңсіздігін, әлеуметтік әділетсіздікті айыптайды. Оралбай мен Керімбала қосыла алмайды. Олардың махаббаты — еркіндікке ұмтылған өзара сүйспеншіліктіңкүйреуі. Шындап келгенде, бұл жеңіліс — рухани жеңіс. Себебі олар бір-бірін шынайы сүйе білді. Ал сол ізетті ақылға сыйымсыз наным-сенімге, тұрмыс-салтқа бейім«кертартпа орта» шынайылықты түсінсе де, түсінбегенсіді, шын махаббатты көрсе де, көрмегенсіді, жаппай бірігіп жас ғашықтарды қорғай алмады. Жазушы осы аянышты шиеленіс арқылы бір маңызды ойды жеткізеді: махаббат — адам табиғатының ең пәк те таза сезімі, ал оны тұншықтыратын «ескішіл, тозық әдеттерге» жабысқан қоғам-жедел өзгеруге тиіс қоғам. Бұл желі Абайдың әділет пен адамгершіліккебайланыстыұғымы мен пайымына үндесіп, романның идеялық арнасын тереңдете түседі. Оралбай мен Керімбала махаббаты — қазақ даласындағы ескіліктің шырмауынан ада болуға талпынған екі ғашықтың озбырлыққа қарсы дәрменсіз күресі. Ол күрес –адам жүрегіне ұялап, шарықтап қанат қағуға ерікті болуы керек пәк сезімнің бостандығы үшін күрес.Оралбай мен Керімбаланыңаса мұңды тағдыры Абайғаадамгершілік дүниетанымын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Ол көптен армандаған әділетті қоғам дәл осындай қайғылы тағдырларғажол бермес еді.Оралбай мен Керімбала махаббаты — романның шамалыкөріністері болғанымен, идеялық салмағы зор желілердің бірі. Бұл оқиға арқылы жазушы қазақ қоғамының рухани тоқырауын, әйел теңсіздігін, жастар еркіндігінің шектелуін көрсетеді. Бұл — екі жастың ғана емес, бір дәуірдің дағдарысы болатын.
Романдағы Дәрмен мен Мәкен — махаббат еркіндігі мен жаңа заман рухын танытатын жас кейіпкерлер. Олардың тағдыры арқылы жазушы қазақ қоғамындағы ескі салт пен жаңа ойдың тартысын, әйел теңдігі мәселесін, Абай мектебінің рухани ықпалын терең көрсетеді. Дәрмен — Абайдың айналасындағы жас ынталы талапкерлердің бірі, өнерге жақын, өлеңге құштар, сезімтал, адал жүректі жас. Ол — Абайдың жәй шәкірті ғана емес, оның бай рухани мұрасын жалғастырушы. Дәрменнің мінезінен әділдікке ұмтылу, батылдық, махаббатқа беріктік байқалады. Ол Мәкенді шын сүйеді. Бірақ олардың қосылуына ескі әдет-ғұрып, әмеңгерлік, қалыңмал сияқты «қатып қалған көне түсініктер» кедергі жасайды. Дәрмен сүйгеніне жету үшін күреседі. Оның бұл әрекеті — тек жеке бақыт жолындағы талпыныс емес, ескі салтқа қарсылықтың айқын белгісі. Мәкен — нәзік те қайсар, ар-намысы биік қазақ қызы. Ол өз тағдырына өзі ие болуды қалайды. Ескі салт бойынша зорлықпен ұзатылуға қарсы тұруы — оның ішкі еркіндігінің, батылдығының көрінісі. Мәкеннің образы арқылы М.Әуезов қазақ әйелінің жан дүниесін, азаттығын аңсаған арманын көрсетеді. Ол — Тоғжан, Әйгерімдерден кейінгі жаңа буын өкілі. Егер бұрынғы қыздар тағдырға еріксіз көбірек «иліп», бағынса, Мәкен өз бағы үшін күрес жолын таңдайды. Дәрмен мен Мәкен тағдырында Абайдың орны ерекше. Абай жастардың шынайы махаббатын қолдап, әділетті жақтайды. Ол — тек ақын емес, қоғам қайраткері, жаңашыл ойдың жаршысы. Дәрмен мен Мәкеннің қосылуына ықпал етіп, ескішіл заңнан биік адамгершілік заңын қояды. Бұл жерде Абай бейнесі халықтың рухани жаңару нышаны ретінде көрінеді. Дәрмен мен Мәкен -махаббат еркіндігінің, жаңашылдықтың, әділет үшін күрескерлердің қатарындағы жастар. Олардың тағдыры арқылы М.Әуезов қазақ қоғамының өзгеру кезеңін, ескі мен жаңаның тартысын бейнелейді. Бұл махаббат желісі — романның гуманистік идеяларын тереңдетіп, Абайдың«жаңашыл мектебінің» өнегелік те тәрбиелік мәнін айқындай түседі.
Шығармадағы махаббат сарыны — тек екі жастың ғана сезімі емес, тұтас дәуірдің айнасы және оның рухани ахуалын танытатын көркемдік тәсіл. Ол арқылы М.Әуезов қазақ қоғамындағы әлеуметтік қайшылықтарды, әйел теңсіздігін, салт пен еркіндік тартысын, адам жанының күрделі де нәзік әлемін көрсетеді. Махаббат — Абайдың рухани өсу жолының жарқын белесі. Ол оның ақындық сезімін тереңдетіп, өмірге, адамға деген көзқарасын қалыптастырады. М.Әуезов махаббат драмасы арқылы феодалдық қоғамдағы рулық тартыстардың, әйел тағдырының тәуелділігін, адам еркіндігінің шектелуін айқындап көрсетеді. Абайдың ішкі наразылығы осы тұста әлеуметтік әділет іздеумен ұштасып, оның болашақтағы ағартушылық, сыншыл көзқарасының қалыптастырады. Сонымен, махаббат Абайдың өз ортасындаәділдікпайымыныңқуат алуына барынша серпінді түрткі болады. Махаббат Абайды жеке сезім әлемінен қоғамдық жауапкершілікке, өнерсүйгіштік талғамнан философиялық тереңдікке жетелейді. М.Әуезов махаббат тақырыбы арқылы Абайды тек ғашық жан ғана емес, ұлттық сананы жаңғыртушы, гуманист ойшыл деңгейіне көтереді. Осы тұрғыдан алғанда, махаббат романның мақсаттық өзегін айқындайтын басты ой-пайым ретінде бағаланады. Шығармадағы махаббат желісі — Абай өміріндегі жанама, қосымша тақырып емес, оның «толық адам» және шыншыл ақын ретінде қалыптасуының маңызды өзегі. Махаббат Абайды жан тазалығына, түгелдей әділдікке, шынайы үйлесімді сұлулық пен нақтылы шындыққа бастап, оны халық тағдырына барынша жауапкершілікпен қарайтын ұлы тұлға дәрежесіне көтереді.Сондықтан,махаббат тақырыбы романның идеялық салмағын ерекше арттырып, Абай бейнесін мейілінше толық ашуға қызмет етеді. Білгілі немістің ақыны Генрих Гейне былай деген екен: «Егер біздің жүрегімізде махаббат паналаса, біз мәңгілікпіз». Махаббатты жүрегімізге ұялатып мәңгілікке талпынайық…
