ЯССАУИ ТАҒЫЛЫМЫ
Құдияр БІЛӘЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Рух құсын тұтар болса, бал берейін» деген хикметінде:
«Надандықпен өмірің сенің өтер деп біл,
Жаныңменен пір қызметін тік тұрып қыл.
Сол ісіңмен жаратқанға лайық болғыл,
Қызмет қылған мұратына жетер, достар», — дейді.
Өмір өтеді. Оны білеміз. Солай бола тұра ертеңгі күнге асығамыз. Демек, біз үшін өмірдің көк тиын құны жоқ. Ал ол өмірді надандықпен өткізсек, онда Яссауи бабамыз айтпақшы: «Жаныңменен пір қызметін тік тұрып қыл».
Алайда пір қызметін қылу жұрттың бәріне бірдей нәсіп бола бермейді. Нәсіп болмайтыны, кім де болсын өз өмірін надандықпен өткіздім деп ойламайды. Себебі, қай жан да өзіне риза. Сондықтан да ол қателікті өзгеден іздейді. Әрине, ол адам өзіне риза болған соң, өткен өміріне де өкініш білдірмейді. Қайта надандықпен күнәға бой алдырған кездерін мақтан тұтады. Ал пір есігін қағатындар, тәубеге келгендер. Ал тәубе — күнәдан арылу кепілі.
Бұл тұрғыда Құран Кәрімде:
«Уа, мүминдер! Бақытқа жетіп құтыламын десеңдер, барлығың бірдей Аллаға тәубе етіңдер» («Нұр» сүресі, 31-аят) — делінеді.
Осы аятқа орай біз де тәубе еттік. Шынтуайтына келгенде, бізде ол аят туралы түсінік те болған жоқ. Біз тек пірге қол бердік. Себебі: «Фатх» сүресінің 10-шы аятында: «Мұхаммед Ғ.С.) саған биғат қылғандар, (қол бергендер,) әрине Аллаға қол берген болады. Алланың қүдырет қолы олардың қолдарының үстінде…» — делінеді.
Демек, біздің тәубе етуімізге байланысты күнәмізді кешетін пір емес, олардың қолдарының үстінде тұрған Алланың құдырет қолы. Соған орай қай пір де өз тарапынан бір ауыз сөз қоспайды.
Ұғынықтылық үшін пірге қол берген кезде оқылатын дұғаны келтіре кетелік:
بسم الله الرحمن الرحيم
«Бисмилләәһир рохмаанир рохиим.
(Рахымды да мейрімді Алланың атымен).
أَسْتَغْفِرُ اللَّهُ الْعَظِيمْ ،
Әстәғфируллооһуль ъазыым.
(Ұлық Алладан кешірім сұраймын).
اَلَّذِي لَا إِلَهَ إِلَّا هُو اَلْحَيُّ الْقَيُّومْ ،
Әлләзи ләә иләәһә илләә һу әль хаййуль қоййум.
(Одан басқа құдай жоқ, ол Әл-Хай (Тірі) және Әл-Қоййум (Мәңгілік бар болады).
وَ أَتُوبُ إِلّيْهِ وَ أَسْأَلُهُ التَّوْبَة ،
Уә әтубу иләйһи уә әсәлуһут тәубә.
(Оған тәубе етемін және одан кешірім сұраймын).
اَللَّهُمَّ إِنَّ مَغْفِرَتِكَ أَوْسَعُ مِن ذُنُوبِي ،
Аллаһуммә иннә мәғфиротикә әусәғу мин зунуубии.
(Аллаһым, сенің кешірімің — менің күнәләрімнан үлкен).
وَ رَحْمَتِكَ أَرْجَى عِنْدِي مِنْ عَمَلِي
Уә рохматикә әржәә ъиндии мин ъәмәлии.
(Және өз амалдарымнан қарағанда, сенің рахметіңе көбірек үміт артамын», — дейді.
Пірге қол беру, Ишандық мектеп — біздің дәстүрлі дініміз. Негізі — Ихсан. Соған орай Яссауи бабамыз: «Сол ісіңмен жаратқанға лайық болғыл», — дейді. Ал лайық болу, пір қызметі арқылы жүзеге асады.
Бұл тұрғыда Жалаладдин Руми хазреті: «Пір тап, бұл жол пірсіз өте қауіпті,
өте қорқынышты, апаттарға толы.
Білетін, әрі бірнеше рет жүрген жолдың өзінде, көшбасшы болмаса сен де адасып кетерсің.
Өзің кел! Еш көрмеген жолға жалғыз шықпа.
Ешқашан жол көрсетушіден көзіңді айырма», — десе, Яссау бабамыз: «Жаныңменен пір қызметін тік тұрып қыл, қызмет қылған мұратына жетер, достар», — дейді.
Біздің де айтпағымыз осы.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Рух құсын тұтар болса, бал берейін» деген хикметін:
«Құл Қожа Ахмет, хикмет айтып жыла сахар,
Жақсылардың үлпатынан алып хабар.
Сөз асылы білгендерге нағыз гауhар,
Сырттан баққан адам құры қалар, достар», — деп түйіндейді.
Уақыт — өмір. Бірақ біз уақытты ешқашан өмір деп білген емеспіз. Білмеген соң да уақыттың өткеніне өкінбейміз. Кейде сол уақыты бар болғырды өткізе алмай кететін де кезіміз болады. Ондай кез негізінде өміріміздің ең бір шешуші кезеңі уақытқа байланған кезде болады. Міне, сол кез сахар уақыты.
Сен және Алла. Сол сәтте тілек те айтылады, мұң да шағылады, көзіңнен жас та төгіледі. Соған орай жасаған дұғаң қабыл болады.
Рас, мұндай сәт әр адам өмірінде ілуде бір рет кездеседі. Ол сәтке әрқалай баға беруге болады. Қас қағым сәт те сол кез. Тұтастай бір өмір де сол кез. Уақыттың тоқтап қалатыны да сол кез. Сол уақыт аралығындағы біздің көңіл ауанымызды тілмен сипаттап беру мүмкін емес. Біз ондай сәтте өзімізді жоғалтамыз. Міне, сол сәтте рух алға шығады. Алламен бетпе-бет келетін сол. Тілектің қабыл болатыны да сондықтан. Себебі ол — сахар уақыты.
Ұғынықтылық үшін осы уақытты созайық. Діндәрлар үшін бұл уақыт намаз, өзге де ғибадатқа бөлінген уақыт. Жиыны — бір сағат мөлшері. Қарапайым адамдар үшін ондай уақыт жоқ. Егер жындар мен адамдардың Алла Тағалаға ғибадат жасау үшін жаратылғандығы туралы аятты қаперге алсақ, онда ол — бір тәулікке бөлінген 24 сағат. Тақуалар үшін — сәресі уақыты. Ал сопылар бұл уақыттан тысқары тұрады. Тысқары тұратыны, олар уақыт шеңберінен шығып кетеді. Алайда ол шығу да сахар уақытында жүзеге асады. Соған орай Абдухалық Гиждувани хазреті:
«Сіздің сапарыңыз Отаныңызға алып барады. Есіңізде болсын, сіздің жолыңыз сізді сағым әлемінен хақиқи әлемге алып барады», — дейді.
Біз қай адамның да Алламен бетпе-бет келген кезін сахар уақытына баладық. Шынтуайтына келгенде, ол — түннің таңға ұласар сәті. Сол уақытта Алла жер бетін өз рахымына бөлейді. Алайда ол рахымға тек сахар уақытымен үндескен адам ғана қауышады.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Түннің сол уақытында ұйқысынан оянған жанның бәрі сахар уақытына тап келмейді. Тап келмейтіні, ол адам сахар уақыты есігін ашпайды. Сондықтан ондай адамның ұйқыдан оянуы, рамазан айында аузын бекітпеген адамның сәресіде тамақ ішкені тәрізді. Тіпті одан да бетер. Себебі, ораза тұтқанның өзінде сауаптан құр қалғаны, сахарда тұрғанымен, ұйқыдан қалғаны тәрізді.
Мынандай тәмсіл бар. Бірде мүриді ұстазынан: «Ит жылына екі-үш рет сегізден, тоғыздан туады. Ал қой жылына бір-ақ рет бір, не екі қозыдан туғанымен итке қарағанда анағұрлым көп. Оның үстіне, итке ешкім тиіспейді, ал қой болса ұдайы пышаққа ілініп жатады. Мұнда қандай сыр бар?» — деп сұрайды. Сонда ұстазы: «Ит түнімен үріп, үй күзетінде жүреді де, сахар уақытында ұйықтап қалады, ал қой сол сәтте ояу болып, Алла рахымына қауышады. Қой санының кемімеуі сондықтан», — деп жауап береді.
Жылауға келейік. Егер сіз сахар уақытына дөп келсеңіз, міндетті түрде жылайсыз. Себебі сіз Алланың алдында отырасыз. Пәк әлемге қадам басқан кезде өз-өзіңізден қорынасыз. Қорына отырып, өзіңізге рахым есігін ашқан Алланың мейір-шапағатын сезінгендіктен жылайсыз. Бұл тұрғыда Ғазали хазреті: «Күнәларын есіне алып жылаған, есепсіз жаннатқа кіреді», — дейді.
Хикмет — гауhар. Соған орай Яссауи бабамыз: «Сөз асылы білгендерге нағыз гауhар», — дейді. Сондықтан да Шамсиддин Тибризи хазреті айтпақшы:
«Таза көңілден кір су ақпайды. Әдемі рухтан жаман сөз шықпайды».
Бірақ Яссауи бабамыздың: «Сырттан баққан адам құры қалар, достар», — деген хикметін де қаперде ұстаған жөн.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын» деген хикметінде:
«Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын,
Алла аты көңіл кілтін ашар, достар.
«Астағфиру уа истиғфарды тынбай айтқын,
Шайтан малғұн тәннен шығып қашар, достар», — дейді.
Алла атын дәйім айту — зікір. Бұл тұрғыда тариқат пірлері: «Дәс бакари, дил баяр» (Қолың істе, жүрегің Алламен болсын) — дейді.
Ал біз Алла атын дәйім айта аламыз ба? Айтсақ, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Алла аты көңіл кілтін ашар, достар».
Бұл тұрғыда Абай атамыз да:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтың түсер сәулесі,
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі», — дейді.
Бірақ біз ішкі әлемімізге мән берген емеспіз. Мән бермейтініміз, Алла атын дәйім айтпаймыз. Дәйім емес, тіпті аузымызға алмаймыз. Біздің айтатынымыз, көзбен көріп, қолмен ұстағандарымыз. Махаббатты да соларға қоямыз. Бірақ жүрегіміз байыз таппайды. Байыз таппаған соң дінге бет бұрамыз. Намазға жығыламыз. Шарқ ұрып Жаратушы Иені іздейміз. Мешітке бас сұғамыз. Нәсіп болса, қажылыққа барамыз. Жүріс-тұрысымызды, киімімізді түзейміз. Тіпті өзгелерді дінге шақыра бастаймыз. Бірақ Алла атын дәйім айтқан емеспіз. Егер айтсақ бар ғой, онда біз де Жалаладдин Руми хазреті сынды:
«Сенің рухыңның ішінде және бір Рух бар, сен Соны іздеудесің. Сенің денеңнің тауларында баға жетпес қазынаның кені жасырылған, сен сол қазынаны іздеудесің. Оны іздеп шыр-пыр болған, ей, сопы, егер сен оны іздесең, сыртқы бейнеге қарама, сен оны ішіңнен ізде», — дер едік.
Алла атын дәйім айту — сол қазынаны іздеу. Біз айтқан Алла — сол қазынаның кілті. Алайда дінге бет бұрғалы біз де Алла деудеміз. Бірақ қазынаға қол жеткізген емеспіз. Қайта Алланы аузына алмағандардың жұлдызы оңынан тууда. Үріп ішіп, шайқап төгіп жүрген де солар.
Халифалық дәуірде тірлігі оңғарылған әлгіндей имансыздың бірі хазреті Омарға (р.а.)келіп:
– Ей, Омар! Мен мүлде намаз оқымаймын, сенің Құдайың сонда да мені жазалап жатқан жоқ, — деп кісімсіпті. Сонда хазреті Омар (р.а):
– Саған сәжде ету нәсіп болмаған екен. Бұдан асқан ауыр жаза бар ма? — деген екен.
Қазынаға келейік. Ол — жүрек. Діни тілде «қалб» деп аталады. Рух сол жерде. Аманат та сол. Біз де солмыз. Оның қазына болатыны — Аллалық сипатқа ие. Пайғамбарымыздың (сғс) нұры, әруақ әлемінің қадыр-қасиеті де соған тән. Егер сол «қазынаны» аршып алсақ, онда біз мына әлемге сол арқылы назар саламыз. Тек мына әлем ғана емес, өзге әлемдерге де көз жүгірте аламыз. Ол көз жүгірту кеудеміздегі рухани көздер арқылы жүзеге асады. Олар: қалб, рух, сыр, хафи, ақпа. Хакім Абай: «Адамның хикмет кеудесі» дегенде, осы «көздерді» қаперге алады. Ол көздер Алла атын дәйім айту арқылы ашылады.
Сонымен, көкірек көзімізді аштық. Ал ол — Аллалық әлем. Тап-таза. Мөп-мөлдір. Яссауи бабамыз: «Астафиру уа истиғфарды тынбай айтқын», — дегенді соған орай айтады. Солай десек, біздің тәніміз де пәктенеді. Соған орай Яссауи бабамыз: «Шайтан малғұн тәннен шығып қашар, достар», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын» деген хикметінде:
«Шайтан малғұн сізге дұшпан, әзір болғын,
Кеште Алла, күндіз Алла айтып өлгін.
Тар лахатқа кірер кезде нұрға толғын,
Періштелер Алла нұрын шашар, достар», — дейді.
Шайтан дұшпан. Шайтанның дұшпан екендігі бізге Құран аяты арқылы білдірілген. Шайтанның дұшпандығы туралы пайғамбарлар да айтып баққан. Бірақ біз селт еткен емеспіз. Біз тіпті шайтанды бар деп те білмейміз. Бар деп білмеген соң біз шайтан тарапынан келетін қауіп-қатерлерге әзір болған емеспіз. Нәтижесі — басымыздан өтіп жатқан барлық келеңсіздіктер.
Осы жерде кілтипан бар. Келеңсіздіктер дегенді біз айттық. Ал негізінде шайтан тарапынан келетін барлық келеңсіздіктер біздің өміріміздің мәні десе де болады. Сондықтан да біз әлгі келеңсіздіктерге қол жеткізген сайын шаттыққа бөленеміз. Себебі біз оны келеңсіздік деп білмейміз. Келеңсіздік деп білмейтініміз, біздің өміріміздің өзі сол келеңсіздіктерден тұрады.
Соған орай Ібіліс Құран Кәрімде Алла Тағалаға қарата: «Мен адам ұрпақтарын алдынан, артынан, оңынан, солынан келіп, азғырамын. Ей, Раббым, сен өзіңнің құлдарыңның көбін, берген нығметтеріңнің қадірін біліп, шүкіршілігін қылатындардың қатарынан таппайсың» (әл-Ағраф сүресі, 17-аят) — дейді.
Міне, өмірімізге шайтан осылайша емін-еркін араласқан соң, әрине, ол өмір тек келеңсіздіктерден тұрады. Бұл тұрғыда
Құран Кәрімнің Исра сүресінің 62-аятында Шайтан:«Адам ұрпақтарын хақ жолдан тайдырып, түп-тамырымен құртамын. Тек біраз құлдарыңды ғана азғыра алмаймын» дейді.
Шайтан азғыра алмайтын біраз құлдар, Ібілісті дұшпан деп біліп, әзір болғандар. Сол әзір болғандарға қарата Яссауи бабамыз: «Кеште Алла, күндіз Алла айтып өлгін», — дейді.
Әрине, шайтаннан арылған жанның қабірі де нұрға толады. Ондай жанға, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Періштелер Алла нұрын шашар, достар».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын» деген хикметінде:
«Алла нұры қабір ішін жарық қылғай,
Періштелер өңірінен сәуле құйғай.
Мұсылмандар оны көріп қайран қалғай,
Бұл ғаламның жарығынан безер, достар», — дейді.
Өмір жалған. Оны білеміз. Шынтуайтына келгенде, өмірдің жалған екендігін емес, осы өмірден бір күні кететінімізді білеміз. Сол кететініміз үшін де мына өмірді жалған деп білеміз. Байыбына барсақ, мұндай түсінік мына әлемнің емес, біздің өміріміздің жалған екендігін айғақтайды. Сондықтан да біз өмірді қимаймыз. Өмірді емес, жалғанды. Қимайтынымыз, біз оны мәңгілік деп білеміз. Егер ол әлемді де өз өміріміз тәрізді өткінші деп білсек, онда біз мына жалған әлемге басқаша назар салған болар едік.
Ал біз… Біз осы жалған әлемді жырлаумен келеміз. Біз осы жалған әлем сұлулығына тамсанумен келеміз. Біз жалған әлемнің ұңғыл-шұңғылына, құпия сырларына үңілумен келеміз. Аспан әлеміне де аузымызды аша қараймыз. Тіпті жалған мәніне ғылыми тұрғыда назар аудардық. Не керек, жерді жәннатқа баладық. Ұлтарақтай жер үшін жан алысып, жан берістік. Соның бәрі мына әлемді жалған деп мойындамағандығымыздан.
Мына жалған әлемге тән барлық адамның көңіл ауанын ұғыну үшін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Жан аза» реквиемына назар аударайық:
«Meн сені сүйгем
Жаныммен сүйгем, Жарық Күн!
Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.
Ақ сәулең сенің аймалап мені,
Жарық Күн,
Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.
Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағың,
Сезгемін, білгем,
Мен үшін бір күн тынарын.
Тастама мені,
Тастама мені, Шырағым!
Шуағың түссін,
Шөп болып, мейлі, шығамын.
Қомағай көңіл құмартып өткен әр неге.
Тірлікте сонау түскемін талай әуреге.
Кешкен өмір де,
Көрген бақыт та, барлығы,
Жетпейді екен ғой,
Бір күндік сенің сәулеңе.
Бір күндік сәуле…
Бір күндік жарық мекенім!
Мәңгілік түнек — қапасқа қалай кетемін.
Келмейді-ау тілім…
Өлгеннен сұра дер едім,
Тірі жандарға,
Өмір дегеннің не екенін.
Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой.
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі — бөтен ғой,
Өмір дегенің — бір күндік Сәуле екен ғой!..
Тамшыдай ғана, нұрына міне, зарықтым.
Өмір осы екен, сырына міне, қанықтым.
Жаса сен Мәңгі!
Жаса сен Мәңгі!
Жарық Күн!
…Табытпын, табытпын, табытпын…»
Бұл — мына жалған әлемнің суреті. Ал арғы әлем — мәңгілік түнек. Сондықтан да ол әлемге ешкімнің барғысы келмейді. Біздің өлімнен қорқатынымыз сондықтан.
Рас, бізде жәннат туралы да азды-көпті түсінік бар. Алайда ол түсініктің өзі хор қыздарын дәріптеуден ары аспайды. Егер жалғанның мәнін түсінсек бар ғой, онда бізде жәннат туралы шынайы түсінік қалыптасар еді. Сонда біз мына жалғандағы өзіміз тамсанып жүрген қай нәрсенің де өз негізінің жабайы көшірмесі екенін білер едік. Тіпті ол көшірме де емес, шынайы негіздің жай ғана бір елесі. Егер өзіңнің сол елеске есің кетіп жүргенін білсең бар ғой, адам атын иеленгеніңе өкінер едің. Соған орай Яссауи бабамыз: «Алла нұры қабір ішін жарық қылғай, періштелер өңірінен сәуле құйғай, мұсылмандар оны көріп қайран қалғай», — дейді.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Мұсылмандар көріп қайран қалатын нұр — мына жалғанның негізі. Шынайы әлем сол. Сол әлемдерді көргендердің бәрі, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Бұл ғаламның жарығынан безер, достар».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын» деген хикметінде:
«Барша аруақ жиылып келер мерекеге,
Халайықтар ие болар тәбәрікке.
Дұға қылып қайтқаннан соң қалар жеке,
Барлық аруақ сүйініп бір-бір құшар, достар», — дейді.
Яссауи бабамыз танымында адам баласының арғы әлемге аяқ басуы (өлуі) — мереке. Себебі ол мына жалғаннан құтылды. Алайда біз арғы әлемге аяқ басуымызды мереке деп қабылдай аламыз ба?
Жауап айқын. Қабылдай алмаймыз. Қабылдай алмайтынымыз, бізде арғы әлем туралы түсінік жоққа тән. Осы жоққа тән түсініктің өзін әруақ әлемі есігін жылы жабу арқылы мүлде санамыздан шығардық. Сол-ақ екен қазақтың дәстүрлі діні «кемшіліктері» алға шыға бастады. Соған орай «Әруақ жар болсын!» деп айту ширкке айналып шыға келді. Болмаса біз бұрын қазалы үйге қарата: «Арты той болсын,» — дейтінбіз. Байыбына барсақ, осы «Арты той болсын» деген бата-тілек пен Яссауи бабамыздың: «Барша аруақ жиылып келер мерекеге» деген хикметінің мәні бір. Оның үстіне бізде бұрын жасы келіп дүниеден озған марқұмды жерлеуге алып бара жатқан кезде артынан теңге шашатын да рәсім болатын. Бұл сырт көзге марқұмның біліп-білмей алған қарызының өтеуіндей болып көрінгенімен, шынтуайтына келгенде, мына жалғаннан құтылған марқұмның той шашуы болатын.
Бұл тұрғыда хакім Абай:
«Біреудің кісісі өлсе, қаралы — ол,
Қаза көрген жүрегі жаралы — ол,
Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,
Зарланып неге әнге салады ол?» — дейді.
Осы өлеңнің соңғы жолы өз мәнін ішіне бүгіп тұр. Байыбына барсақ, зарлану мен ән салу бір-бірімен үйлеспейді. Құдайшылығына келсек, зарланған адам бетін жырту керек. Ал ол болса, ән салады. Себебі, ол себепті Абай атамыз өлеңнің келесі шумағында былайша ашады:
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы бос қақпай елең-селең».
Хакім Абай өлең соңын: «Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер», — деп түйіндейді.
Ол үлгі: өлім — мына жалғанның соңы, мәңгілікті басы. Рас, жоқтау айту да біздің дәстүріміз. Алайда қай жоқтау да өмірден озған адамды дәріптеуге арналады. Біз марқұмды о дүниеге сол дәріптеу арқылы ұзатамыз. Бұл — арғы әлем тойының басы. Ол әлем қадірлілігі сонша, жаныңды қимай босағасын аттай алмайсың. Ал бұл әлем қадірсіздігі сонша, жалған дүние есігін ашқан кезде ақыл-есің жоқ сәби болсаң да жылайсың.
Хадисте: «Өлген адамды жерлеуге асық», — делінеді. Соған орай марқұмды қабірге жүгіріп алып баратын кез болған. Араб елдерінде әлі де солай. Бұл бір жағы хадиске амал қылғандық, екінші жағынан, марқұмды алдында күтіп тұрған ғажайып әлемге, сол үшін жайылатын мерекелі той дастарқанына ертерек жеткізу. Егер өзіміздің пенделік мүддеміз тұрғысында марқұмды жерлеуді кешіктірсек бар ғой, онымыз тура әлгі ұзақ мерзімге сотталған адамды бостандыққа шығар кезінде тағы бір күн ұстап қалғанмен бірдей.
Жалпы біздің ата-бабаларымыз өлімнен кейінгі өмір мәнін осы ыңғайда түсінген. Соған орай Яссауи бабамыз дүниеден озған әр мұсылмаға қарата: «Барлық аруақ сүйініп бір-бір құшар, достар», — дейді.
Біздің де айтпағымыз сол.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын», — деген хикметінде:
«Жеті қадам жүргеннен соң Мәңкүр-Нәңкүр,
Айбатпенен кіріп келгей қылып қаhар.
Екі көзі оттай жанып жайнап тұрар,
Нұрын көріп, тағзым етіп, құшар, достар», — дейді.
Басы ашық жәйт. Арғы әлем есігі бізге жабық. Соған орай о дүниеге қатысты діни әфсаналарға бас шұлғи бермейміз. Оның үстіне дін мамандарының өзі арғы әлемге қатысты әңгімелерді тек жәннат пен жаhанамға байланыстыра өрбітеді. Рас, қабір азабы туралы тәмсілдер де айтылып қалады. Алайда біз ол әңгімелерге шіли илана бермейміз. Иланбағандықтан да: «О дүниеге кім барып келіпті?» — деп қоямыз.
Басы ашық жәйт. О дүниеге тек өлгендер ғана барады. Ал біз тіріміз. Дегенмен, «Өлмей тұрып өліңдер» деген хадисті де құлағымыз шалған. Сондай-ақ шаhиттердің өлмейтінін де ептеп білеміз. Бұл тұрғыда Құран Кәрімде:
«Алла жолында өлтіргендерді өлі деп ойлама, әрине олар тірі. Раббыларының жанында олар ризыққа бөлендіріледі
(Әл Имран Сүресі 169 — аят.) — делінеді.
Соған орай біз әруақтан, әулие-әмбиелерден медет тілеп өскен халықпыз. Сөзіміз дәйекті болуы үшін Батырлар жырына жүгінелік:
Сондай-ақ:
«Әулие қоймай қыдырып,
Етегін шеңгел сыдырып,
Жеті пірге танысқан.
Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Қабыл болған тілегі,
Жарылғандай жүрегі…»
(Қобыланды батыр).
Сондай-ақ:
«Сол уақыттар болғанда,
Көк есегі астында,
Ақ сәлдесі басында,
Сырлы асасы қолында,
Өзі Хақтың жолында,
Бір диуана келді де,
Асамен түртіп оятты.
Көкірегін оятып,
Бетіне бетін қаратып,
Есектен түспей тіл қатты:
«Ей, бейшара мүгедек,
Жаныңызға не керек?
Дейсің ғой: «Маған ұл керек!»
Әулиені қыдырдың,
Жердің жүзін сыдырдың,
Маңдайына төбелеп,
Әрқайсысының әртүрлі
Мәртебесі бір бөлек.
Сен үшін бәрі қиналды,
Бір жерге тегіс жиналды.
«Бір ұл бер, – деп, – осыған»
Бір жаратқан Құдайдың
Дәргейіне жылады.
Мен де тұрдым ішінде,
Әулиенің күші де.
Жаратушы жалғыз-ақ,
Дәргейіне ұнады.
Ұнағанын сонан біл:
Бір қыз қосып сыйлады.
Сексен сегіз мың сәруар,
Тоқсан тоғыз мың машайық
– Бәрінің көңілін қимады.
Менің атым Шашты Әзіз,
Қыламын десең ықылас,
Жарылқады Жаратқан,
Ей, бейшара, көзіңді аш!
Ұлыңның аты Алпамыс,
Қызыңның аты Қарлығаш…»
(Алпамыс батыр).
Назар аударар жәйт. Қай әулие де, қай шаhит те, қай дін ғұламасы да сол өздеріне тән биік дәрежеге ислам дінін бекем ұстану арқылы жеткен. Демек солардай болмақ барша мұсылманға тән. Тіпті ол әулие болмай-ақ қойсын. Бірақ жақсы адам. Оның жақсы адам екендігіне біз жаназа үстінде кепіл болғанбыз.
Міне, сол жақсы адам дүниеден озды. Біз марқұмды жерлеп, қабірден сәл ұзаған соң, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Жеті қадам жүргеннен соң Мәңкүр-Нәңкүр, Айбатпенен кіріп келгей қылып қаhар».
Мәңкүр-Нәңкүр туралы ептеп білеміз. Олар — қабірге қойылған марқұмнан сұрақ-жауап алатын періштелер. Біз оларды негізінен азап иелері деп түсінеміз. Бақсақ, «екі көзі оттай жанып» тұрған сол қос періште, марқұмның, Яссауи бабамыз айтқандай: «Нұрын көріп, тағзым етіп, құшар, достар».
Сол нұр бізге де тән. Ол — Пайғамбарымыздың (сғс) нұры; ол — мағрифат; ол — бүткіл жаратылыстың негізі; ол — біздің рухымыз. Аманат та сол.
Алғаш жаратылған Адам атамыз сол нұрды маңдайына қойған соң барып өз тәніне кіреді. Періштелер Адам атаға сол нұрға орай тағзым етеді. Алайда періштелер ілтипатын өзіне жасалған құрмет деп білген Адам атамыз оның сырын Алла Тағаладан сұрағанда, Жаратушы Иеміз Адам атамызға Пайғамбарымыз (сғс) нұры туралы түсінік береді. Сонда Адам атамыз: «Сол нұрды мен де көрсем», — деп өтініш білдіреді. Соған орай Алла Тағала Пайғамбарымыздың (сғс) нұрын Адам атамыздың екі бас бармағының ұшына қондырады. Сол-ақ екен Адам атамыз қос бармағын өбіп, тәу етеді. Соған орай біз де Пайғамбарымыз (сғс) есімі аталғанда сол рәсімді орындаймыз. Ал аманатқа адалдық танытсақ, Мәңкүр-Нәңкүрдің өзі «тағзым етіп, құшар, достар».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын» деген хикметінде:
Мәңкүр-Нәңкүр сұрамай тұрып зар илегей,
Көз жасың етегіңе төгіп көл қылғай.
Хақтың атын айтып өзін ынтызар қылғай,
Аспанға құсша самғап ұшар, достар», — дейді.
Ең ауыр қарғыс: «Көріңде өкіргір». Ең игі тілек: «Көмгенде күлгір».
Бір-біріне қайшылықты осы қарғыс-тілек біздің ахиретке иман келтіретінімізді айғақтайды. Соған орай Яссауи бабамыз да: «Мәңкүр-Нәңкүр сұрамай тұрып зар илегей», — дейді. Егер зар илесең, онда көмгенде күлесің. Өзің зар илемей, өзгені зар илетсең, көріңде өкіресің. Күлдіретін де, өкіртетін де — Мәңкүр-Нәңкүр.
Соған орай Жалаладдин Руми хазреті: «Ей көңіл, жалғыз отырып Раббыңа жылап отыратындардан бол, бірақ басқаның жылауына себепші болма», — дейді.
Алайда Мәңкүр-Нәңкүрді көрген кезде зар илегеннен қайыр жоқ. Қайыр болу үшін, Яссауи бабамыз айтпақшы, қабірге кіргенге дейін: «Көз жасың етегіңе төгіп көл қылғай».
Бұл тұрғыда Ибраhим Адhам хазреті: «Олар дүниеге таласып жатқанда, сен ақыреттік іспен айналысқайсың.
Көпшілігі сыртқы бейнесіне мән беріп жатқанда, сен ішкі жан дүниеңді ретке келтіргейсің.
Өздеріне зәулім сарайлар салдырып жатқанда, өзіңді қабір үшін дайындағайсың.
Олар бір-бірлеріне жағымпаздану үшін қызмет етіп жатқанда, сен Алла жолында қызметте болғайсың.
Бір-бірлерінің кемшіліктерін іздеп жатқанда, сен өз кемшілігіңді іздегейсің», — дейді.
Хақтың атын айту — зікір. Соған орай хазреті Руми: «Егер жаның қиналса «Ух, Ах» деме, «Аллаһ» деп айт», — десе, Яссауи бабамыз: «Хақтың атын айтып өзін ынтызар қылғай», — дейді.
Демек, Хазреті Әли айтпақшы: «Алла сені білсе, басқасы білмесе де болады».
Ал Алла білген жан Яссау бабамыз айтқандай: «Аспанға құсша самғап ұшар, достар».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын» деген хикметінде:
«Хабар келіп тәңіріден жыладың не,
Хас құлдан қабір ішінде тыңдадың не?
Ей, бейәдеп, құлақ қойып аңдадың не,
Мәңкүр-Нәңкүр бет-бетіне қашар, достар», — дейді.
Зікір — өз жүрегің есігін қағу. Дамылсыз қағылған есік әйтеуір бір күн ашылады. Соған орай Яссауи бабамыз: «Хабар келіп тәңіріден жыладың не», — десе,
Шамс Табризи хазреті: «Біз Құдайды жоғарыда тұр деп ойлаймыз, әсілінде Ол біздің ішімізде», — дейді.
Қабір іші — ахирет. Ал ол — иман. Өз жүрегінің есігін ашқан жан сол жерде Мәңкүр-Нәңкүрмен бетпе-бет келеді. Соған байланысты Яссауи бабамыз: «Хас құлдан қабір ішінде тыңдадың не?» — дейді.
Ал хас құлдың мұндағы нұрды көріп тілі байланған. Себебі, жүрек қақпасы ашылған соң Хақтың сәулесі түскен. Бұл тұрғыда хакім Абай:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі», — дейді.
Яссауи бабамыз өз хикметі мәнін ашқан соң бізге қарата: «Ей, бейәдеп, құлақ қойып аңдадың не», — дейді.
Ал біздің әлі аузымыз ашылып отыр. Себебі, біз аңдаған нәрсенің бәрі қай діндәр үшін де тосын жәйт. Ал біз сияқты бейәдептер үшін қиял-ғажайып ертегі.
Соған орай Хазреті Әли: «Әдептің қаншалықты маңызды екенін білсеңіздер, Алладан ризық сұраудың орнына әдепті болуды сұрайтын едіңіздер», — десе, Қашаған жырау:
«Дін тірегі – ибалық,
Ибаның әдеп қақпағы.
Қақпағы қымтап жабылса,
Шайтанның қиын ашпағы.
Әдеп, ақыл жоқ болса,
Тәкаппар, ашу көп болса,
Иманның оңай қашпағы», — дейді.
Сондықтан да иманын қашырып алған бейәдептер Яссауи бабамыздың: «Мәңкүр-Нәңкүр бет-бетіне қашар, достар», — дегенін қабылдай алмайды.
Ал ол хақ. Тек жүрек көзің ашылса болғаны. Сол кезде сен өзің де нұрға айналасың. Соған орай Яссауи бабамыз: Нұрын көріп, тағзым етіп, құшар, достар», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын» деген хикметінде:
«Ертелі-кеш еске алса менің жадым,
Хабарын қолға алған құл ол азатым.
Ондай құлдың олжасымын, ол саятшым,
Қылмыс қылған күнәларын кешер, достар», — дейді.
Ұғынықтылық үшін жадымызды екіге бөліп қарастырайық. Біріншісі, өзіміз білетін жад. Бұл — тәнге (материяға) тән. Екіншісі, жанға тән жад. Ол — негізгі жад. Алайда біз негізгі жадты ұмытқамыз. Ал ол жадттың еске алатыны — Алла. Біздің Алланы қаперге алмайтынымыз, жадымыздың дүние есігін ашқан сәттен бастау алатындығында. Соның өзі санамызда толықтай жаңғырмайды. Көбісі көмес тартқан. Кейбірі тіпті өшіп қалған. Егер Алла ғұмыр беріп, ұзақ жасайтын болсақ, жадымызда жан жұбатар ештеңе қалмасы кәдік. Ал ол — табиғи заңдылық. Соған орай Яссауи бабамыз ол жадқа үміт артпай, негізгі жадқа қарата: «Ертелі-кеш еске алса менің жадым», — дейді.
Яссауи бабамыз мұсылмандар жадының ертелі-кеш әйтеуір бір жаңғыратынына үміт артады. Сол жаңғырған, яғни өз негізіне қосылған кезде оның Алланы қаперге алатындығы күмәнсіз. Ұлы ұстаз соған орай: «Хабарын қолға алған құл ол азатым», — дейді.
Демек, жады оянған адам бостандыққа шығады. Ол бізге тән жадқа шырмалып қалмайды.
Бізге тән жад — біздің өміріміз: біздің ақыл-ойымыз; алған біліміміз; жасаған ғибадатымыз; тақуалығымыз; ұстаздығымыз; ғұламалығымыз…
Осылай жалғастыра беруге болады. Бірақ ол жадттан ахиретте қайыр жоқ. Себебі, өшіп қалады. Біздің негізгі жадтан хабарымыз қалай жоқ болса, бүгінгі жадымыздан да тап солай көз жазып қаламыз. Оның солай болатындығы осы өмірде-ақ көрініс береді. Бірақ оған назар аударып жатқан адам жоқтың қасы.
Жалпы біз басынан ауыр соққы алған адам жадының жоқ болып кететінін жақсы білеміз. Ал ол соққы әр адам басына мінетті түрде келеді. Оның аты — ажал. Ажал соққысы жадыңды күйретіп кетеді. Міне, сол кезде кім де болсын Яссауи бабамыздың: «Ертелі-кеш еске алса менің жадым», — деген хикметінің мәнін түсінеді. Бірақ ол түсініктен қайыр жоқ.
Негізгі жадқа келейік. Ол — біздің жанымызға тән әлмисақ уәдесі. Біз ол жадпен Аллаға иман келтіріп, мұсылман болған кезде қауышамыз. «Иманды жан-дүниеңмен келтір» делінетіндігі сондықтан. Жалпы, иман жанға өтпесе, бәрі бекер. Соған орай біз ұстаз (пір) алдына материялды жадымызды тазалап барамыз. Ал ол жад тазаланбаса, жан мен тән арасына көлденең жатып алады. Сенің алған білімің, соған орай қол жеткізген абырой-атағың негізгі жадыңның жаңғыруына мүмкіндік бермейді. Егер ол жад жаңғырса бар ғой, Яссауи бабамыз сол жанға қарата:»Ондай құлдың олжасымын, ол саятшым», — дейді.
Саятшы — арғы әлем адамы. Ұғынықтылық үшін айтсақ, бергі әлем — тән, ал арғы әлем — жан. Яссауи бабамыздың: «Қылмыс қылған күнәларын кешер, достар», — деуі сондықтан. Себебі, қылмыс тек бергі әлемде жасалады. Демек біз де Яссауи бабамызша: «Ертелі-кеш еске алса менің жадым», — дейік.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын» деген хикметінде:
«Күнәларын Хақ кешіріп, назар салғай,
Оңда, солда жатқандары разы болғай.
Одан кейін барша аруақ әзір болғай,
Қабірстанға Хақ рахметін шашар, достар», — дейді.
«Дос-Мұқасанның» орындауында «Куә бол» әнін талай рет тыңдадық. Өзіміз де: «Көзімді жұмсам да көрем сені», — деп, ән әуеніне сан рет тербелдік. Шынында да көзімізді жұмсақ болды ғашығымыз көз алдымызда көлбең қағатын. Жалпы кімді ұнатсаң, сол жан жүрегің төрінен орын алады. Және де соған орай ол да саған қайырылады. Бұл — жүрек қалауы.
Дінге бет бұрдық. Діни ғибадаттарға да бекембіз. Бірақ солай бола тұра жұрттың бәріне Алла назарына түсу нәсіп бола бермейді. Себебі, ихсанды ұстанбаймыз.
Ихсан — сенің Алланы, не болмаса, Алланың сені көруі. Алла назарына түсетін жалғыз жол осы. Бұл тұрғыда Әбу Осман Хири хазреті:
«Аллаһ Тағалаға дос болу – тамаша әдеп пен үнемі өзін бақылауда ұстау, яғни әр сәт өзін Иләһи назарда сезінумен болады», — десе, Баязид Бистами хазреті:
«Аллаһтың әулие құлдарын сүй! Сонда олар да сені сүйеді. Олардың көңілінен шығуға тырыс! Өйткені, Аллаһ Тағала ол адамдардың жүрегіне күн сайын 360 рет назар салады. Назар салған кезде сені де сол жерде көрсін», — дейді.
Міне, сондай жандарға қарата Яссауи бабамыз: «Күнәларын Хақ кешіріп, назар салғай», — дейді.
Ал ол — мәңгілік назар. Соған орай Алла назары түскен жан шапағатын біз оның тірі кезінде де, дүниеден озған соң да көре аламыз. Біздің әруақтан медет сұрайтынымыз сондықтан. Сондықтан да Яссауи бабамыз: «Оңда, солда жатқандары разы болғай», — дейді.
Оңда, солда жатқандар — әлгі Алла назары түскен жанмен бір зиратта жерленгендер. Риза болатындар солар. Себебі, сол жан құрметіне, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Қабірстанға Хақ рахметін шашар, достар».
Ұғынықтылық үшін айтайық. Алла назары Қағбаға түскен. Ол сол үшін де қасиетті. Соған орай барша мұсылман Қағбаға қарап намаз оқиды. Сонымен қатар, Сафа мен Мәруа таулары да Алла назарына ие. Сондықтан да осы екі тауды жеті рет айналу, қажылық амалдарына кірген.
Егер байыбына барсақ, Алла назарының бір-бірінен еш айырмасы жоқ. Соған орай біз Ишан-Пірлер мен әулие-әмбиелердің өлісіне де, тірісіне де құрмет көрсетеміз.
Бұл тұрғыда «Жүсіп» сүресінің 87-ші аятында: «Әруақтан үміттеріңді үзбеңдер. Әруақты кәпір қауымдар ғана іңкәр қылып, одан үмітін үзеді», — делінеді.
Яссауи бабамыздың да айтпағы осы.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын» деген хикметінде:
«Билхамдилла: жақсы келді, біз құтылдық,
Қабір ішінде бар азаптан азат болдық.
Неше жылдар мүрде едік, біз тірілдік»,
Дұға қылып Хаққа қолын жаяр, достар», — дейді.
Атам қазақ: «Үш күннен кейін көрге де үйренерсің», — дейді. Бұл даналық қиюы келген әрқилы іс-әрекеттерге қатысты айтыла береді. Алайда негізгі мән қаперге алына бермейді. Ол — адам баласының көрге де үйренетіндігі.
Байыбына барсақ, кім де болсын өз жағдайы болмаған жерге үйрене алмайды. Соған орай, өздері үйреніскен жерге қоныс аударып жатады. Ал көрде ондай мүмкіндік жоқ. Түстің бе, көнесің. Ал көну — үйренісу емес. Ол — мойынсұну. Ол — тағдыр. Көр — азап тартатын жер. Соған орай біз: «Жол азабы — көр азабы», — деп те қоямыз. Бұл тұрғыда «Дақойқұл Ахбар» кітабында былай делінеді:
«Жеті күн өткен соң, жан Алла тағаладан рұқсат алып, тағы да қабірінің жанына барады. Жырақтау жерден тұрып қараса, тәннің бүкіл жерін құрт басып кеткен. Мұны көрген жан, қатты жылап тұрып: «Ей, тәнім! Дүниедегі тірі кезіңді есіңе түсіресің бе? Қайда сенің бала-шағаларың, әйелің, дос-жаран, көршілерің? Рухыңа, неге дұға оқымайды? Олар тірі уақытыңда сені жақсы көріп жүруші еді. Ал казір тек сағынып, жылаумен ғана шектеледі, ашынады да кері қайтып кетеді екен» дейді екен».
Егер көрге түскен адам осылайша азап тартатын болса, онда ол оған қандай жағдайда үйреніседі? Жауап айқын. Көңілі қош болған кезде. Демек, біздің ата-бабаларымыз ахиреттерінің баянды болатындығына сенім артқан. Сенім артқан соң да: «Үш күннен кейін көрге де үйренесің», — деген.
Жалпы мұндай жұбату сөз азап тартып жатқан адамға қарата айтылмайды. Мәселен біз ауру тауқыметін тартып жатқан адамға қарата: «Енді үш күн ауырсаң үйреніп кетесің», — демейміз ғой. Ал көр азабы жер бетіндегі барлық ауыртпалықтардан басым тұрады. Сонда біздің ата-бабаларымыз үш күннен кейін көрге де үйреніп кетесің дегенде, неге үміт артқан?
Міне, осы жерде қазақтың әруаққа, әулие-әмбиелерге деген құрметі көрініс береді. Себебі, біз қай марқұмды да бір жақсының (әулиенің) маңына жерлеуге тырысамыз. Жазатайым ондай әулие болмай қалса, үш күн мұғдарында ондай жанның әлгі қабірге жерленіп қалатындығына үміт артамыз. Жалпы біз «Қырықтың бірі — қыдыр, жүздің бірі — уәли» дегенді де соған орай айтамыз. Яссауи бабамыздың: «Билхамдилла: жақсы келді, біз құтылдық, қабір ішінде бар азаптан азат болдық», — деуі сондықтан. Хадис шарифте де: «Өліктеріңді салих адамдардың арасына жерлеңдер», — делінеді.
Бұл тұрғыда «Итхаф әл-Азкия», Суфизмнің пайда болуы және негізі атты» кітапта былай делінеді: «Ахмад ибн-аш-Шами (қс) айтты: «Бір күні мен зиярат-құлшылық қылу үшін Бағдатты тастап кетіп бара жатқанымда жолда құдайдан қорқатын бір адамды кездестірдім, ол менен қайда кетіп бара жатқанымды сұрады, сонда мен: «Халқы бұзылғандығы үшін қалаға бәле келеді, сол үшін мен Бағдатты тастап кетіп бара жатырмын» — дедім, сонда ол маған: «Бағдатқа қайт, қорықпа, уайымдама, Бағдатта төрт әулиенің, Ахмад ибн Ханбалдың (рғ), Мағруфа әл-Курхидің (рғ), Бишр әл-Хафидің (рғ) және Мансур нбн-Омардың (рғ), қабірі бар, олар Бағдатты бәледен сақтайды», — деді. Сонда мен Бағдатқа қайтып олардың қабірлерін тауаф еттім».
Тап осы сияқты бізде де әр қабірде кемінде бір әулие бар. Сондықтан да қабірдегілердің бәрі тірі. Тірі болған соң да біздің барша ата-бабаларымыз өз ұрпақтары, бүгінгі біздер үшін, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Дұға қылып Хаққа қолын жаяр, достар».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын» деген хикметінде:
«Мәңкүр-Нәңкүрге жылап не айтарыңды білерсің,
Затың ұлық, әр не етсең сен қыларсың.
Мейірім қылсаң жолсыздарға жол берерсің,
Сәжде қылып шәкірт тілін ашар, достар», — дейді.
Өлім — хақ. Кім де болсын ажалмен бетпе-бет келеді. Сондай-ақ қабір ішінде Мәңкүр-Нәңкүрдің сұрақ-жауап алатындығы да күмәнсіз. Кімнің де болсын ахиреттік тағдыры осы сұрақ-жауапқа қатысты болмақ.
Оның солай екендігін барша мұсылман біледі. Тіпті Мәңкүр-Нәңкүрдің қандай сұрақ қоятындығы да баршаға аян. Шынтуайтына келгенде, ол сұрақ-жауаптарды жаттап алу түк те қиындық туғызбайды.
Алайда ол сұрақ-жауаптарды жаттап алу, Мәңкүр-Нәңкүр алдынан еш қиналмай өтуіңе кепілдік бола алмайды. Себебі, ол жаттау, өзге де алған білімдерің, ақыл-парасатың материялдық жадта тұрады. Ал ол жад ажал соққысы тигенде өшіп қалады. Сонымен қатар, қос періште айбатын көрген кезде тілің байланады. Жалпы мұндай жәйт күнәhар жандар басына келеді. Ал күнәдан пәк мұсылмандар жайы мүлде басқа. Дегенмен кім де болсын өзін күнәсізбін дей алмайды. Соған орай Шейх Аш-Шарани хазреті «Мизан аш-Шарани» кітабында:
«Асылында тассауф пірлері (Мүршиді кәміл) мен фикх имамдары (Мүштаһидтер), өздерінің артынан ерген ізбасарларының істерін қарап, бағалап, басқарып тұрады, жандары денесін тастап кетіп бара жатқан кезде, қабір ішінде Мәңкүр-Нәңкүр оларды сауал-жауап қылып жатқан кезде, қайтадан тірілген кезде, содан кейін Арасат майданында жиналған кезде, сұрақ жауап қылған кезде, және де олардың амалдары таразыға салынып жатқан кезде, және де олар сырат көпірінің үстінен өткен кезде, Пірлер назарларын артынан ерген мүриттерінен алмайды, сол назарда ұстап тұра береді. Тассауф Пірлері өздерінің мүриттерін барлық жерде, барлық қиыншылықта, бұл әлем мен арғы әлемдерде бақылап шапағат қылып тұрғанда Пайғамбарымыз (сғс) дінінің Негізі, Қорғаушысы және Тірегі болған Мазһап пірлері қалайша шапағат қылмасқа?! О бауырым, сен Олардың қай-қайсысының артынан ерсең де қуан.
Насир ад-Дин ал-Лакани (қс) қайтыс болған кезде, сол жердегі әулиелердің бірі оны түсінде көреді, сол кезде одан: «Алла сені не қылды?» — деп сұрайды, сонда ол: «Сұрақ жауап қылу үшін мені қабірге отырғызған кезде, Имам Мәлік (рғ) келді де періштелерге «Бұл адамға Алланың дінінде сұрақ жауап қылудың керегі жоқ!» деп, періштедерді қайтарды. Сөйтіп олар мені тастап кетіп қалды», — дейді.
Міне, қабір азабынан құтылатын, біз арқа тұтатын жәйттың бірі осы. Екіншісі, оны Имам әл-Қуртуби хазреті айтсын. Ол кісі өзінің «Әл Жами Ли Ахкам Әл Куран» атты кітабында «Аш-Шура» сүресінің 23-ші аятын тәпсірлей келе бүй дейді:
«Кімде-кім сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (сғс) отбасына (әhлі бәйт) деген махаббатпен жан тапсырса, оны өлім періштесі және Мәңкүр-Нәңкүр де жәннатқа кіруімен қуантады».
Әркім өз ісіне өзі жауап береді. Бұл — тағдыр. Алайда қалау еркі өзіңде тұрғанымен, сол қалауды жүзеге асыратын Алла. Бұл бір жағы Матуриди ақидасы. Алла — жаратады, ал пенде — кәсіп қылады. Соған орай Яссауи бабамыз: «Затың ұлық, әр не етсең сен қыларсың», — дейді.
Басы ашық жәйт. Алла қаламайынша ешкім ешкімді мұсылман қыла алмайды. Сондай-ақ, Алла қаламайынша қаржысы көп адамның бәрі қажылыққа бара бермейді. Тап сол сияқты, Алла қаламайынша ешкім де Пірге қол бермейді. Яссауи бабамыздың: «Мейірім қылсаң жолсыздарға жол берерсің», — деуі сондықтан.
Алла Тағала солай етсе ғана, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Сәжде қылып шәкірт тілін ашар, достар».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын» деген хикметінде:
«Лә иллаhа иллаллаға» мойынсұнған,
Дидар үшін бұл ғаламда рәсуа болған.
Дүние қуып ақыретте сауда қылған,
Хауыз-кәусар шарабынан ішер, достар», — дейді.
Алладан басқа тәңір жоқ. Оны білеміз. Алайда, білу бар да, сол білгенге мойынсұну бар. Мұсылман сол. Болмаса, Алладан басқа тәңір жоқ екендігін шайтан да біледі. Бірақ мойынсұнбаған.
Біз шайтанды қаперге алғанда, «мойынсұнбайды» демедік. Себебі ол өмірінде бір-ақ рет мойынсұнбаған. Ол мойынсұнбау — Адам атамызға сәжде жасамауы. Ал біз, шынтуайтына келгенде, мойынсұнбайтын біздер. Істе дегенін істемейміз, істеме дегенін істейміз. Алайда өзіміздің кәміл инсан екендігімізге бек сенімдіміз.
Құдайшылығына келейік. Мойынсұнғандар бізден бөлек. Соған орай Яссауи бабамыз соларға қарата: «Дидар үшін бұл ғаламда рәсуа болған», — дейді.
Рас, өмір тауқыметін біз де тартып жүрміз. Алайда біз тартқан тауқыметтің жөні бөлек. Шынтуайтына келсек, дидар біздің ойымызға да кіріп шыққан емес. Сонда дидар үшін рәсуа болатындар кімдер?
Олар, Ғазали хазреті айтқандай: «Аллаһым! Өмірімізді бақытпен аяқтат. Өзіңнің ризашылығыңа қауыштыр және көркем дидарыңды көруді нәсіп қыл», — деушілер.
Ал біз солай дей аламыз ба? Олай деу үшін біріншіден, кім де болсын Ихсанды қабыл алуы керек. Ихсан — сенің Алланы, не Алланың сені көруі. Ал бұл жол — тариқат. Тариқатқа қадам бассаң, мағрифаттың есігі ашылады. Бұл тұрғыда Ғазали хазреті бүй дейді:
«Дүниеде мағрифаттың дәмін тата алмаған адам ақыретте Аллаһтың дидарын көрудің дәмін ала алмайды. Адам баласы дүниеде тауып, ақысын өтей алмаған бір нәрсеге ақыретте ие бола алмайды».
Басы ашық жәйт. Дүниені тәркі етсең, ақыреттің есігі ашылады. Бұл — осы дүниедегі сауда. Яссау бабамыз: «Дүние қуып ақыретте сауда қылған», — дегенді соған орай айтады.
Бұл тұрғыда «Иманнан Ихсанға Тасаввуф» атты кітапта былай делінеді:
«Қиямет күні адам баласының алдына әрбір күн үшін жиырма төрт дана жабық қорап әкелінеді. Қораптың біреуін ашып, сол сағатта істеген амалыңың сыйы ретінде, іші нұрға толғанын көргенде, Аллаһтың берер сыйын ойлап, құлдың қуанышында шек болмайды. Бұл қуанышты жәһәннәм тұрғындары бөліп алса, жәһәннам азабын сезбейтін болар еді. Екінші қорапты ашқанда, бұдан қараңғылық әрі жаман иістер шығады. Бұл — надандықпен өткізген сағат. Бұған өкінетіні соншалық — егер бұл қайғысын жәннат тұрғындарына бөліп берсе, жәннаттың ләззатынан айырылып қалар еді. Енді үшінші қорапты ашса — іші бос. Бұл ұйқы мен мүбах нәрселермен өткізген сағат. Бірақ, кішкентай да болса жақсылықтың сауабына зар болған сол күнде мүмкіндігі бола тұра үлкен табыстан айырылған саудагердің қайғысындай, бәлкім, одан да артық іші күйіп, сол сағатты босқа өткізгенінің азабын тартады».
Жасыратыны жоқ, Аллаға көп мұң шағамыз. «Еңбегің еш, тұзың сор» болса, мұң шақпағанда қайтерсің?! Сонда да болса Жаратушы Иемізден үмітімізді үзбей, Аллаға мінәжат етіп, ғибадатымызды жасаймыз. Әйтсе де тірлігіміздің оңғарылып жатқаны шамалы. Ал Алланы аузына алмайтындардың жолы оңғарылып-ақ тұр.
Осы орайдағы әңгімелер қазір ешкімге таңсық емес. Оны ислам дінін қаралаушылардың бәрі айтып бағуда. Алайда бұл тұрғыда Жалаладдин Руми хазреті былай дейді:
«Хақ Тағала осы дүниеде сенен бірнеше тамшы көз жасын алады, есесіне саған қаншама жәннат кәусарларын сыйлайды. Ол сенен ынтықтық пен ауыртпашылыққа толы өкініштер мен жалбарынышты алады, әрбір өкініш пен жалбарыныштың есесіне жүздеген жоғары мәртебе мен қол жетпейтін дәрежелер береді».
Яссауи бабамыз да мына дүниеде рәсуа болған жандарға қарата: «Хауыз-кәусар шарабынан ішер, достар», — дейді.
Біздің де айтпағымыз осы.
Жалғасы бар…
