МҰХТАР ШАХАНОВ ПОЭЗИЯСЫ: ЛИРИКАДАН АЗАМАТТЫҚ САНАҒА ДЕЙІНГІ ЭВОЛЮЦИЯ
Мырзағали ТОҚТАУБАЙҰЛЫ,
ақын, әдебиеттанушы 1961 жылы Қытайдың ШҰАР Үрімжі Толы деген жерінде туған. 1983-1988 жыл аралығында Шинжаң Университетінің әдебиет факультетін бітірген. 1991 жылы шілдеде «Қытай қазіргі заман әдебиетінен» диссертация қорғаған. 1991 жылдан бастап Шинжаң Оқу Ағарту Институтында, Шинжаң Радио-телевидения университетінде сабақ берген. 1995 жылы қазанда Атамекенге қоныс аударған. Қазір Алматы облысы, Талғар ауданында тұрады.
Жалғасы…
IV. БОЛМЫСШЫЛДЫҚ ӨЗЕК: ШАХАНОВ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ІШКІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІ
Мұхтар Шаханов поэзиясындағы рухани-этикалық құрылым жеке-жеке моральдық ұғымдардың жиынтығы емес, өзара байланысқан, ішкі логикасы бар тұтас жүйе ретінде көрінеді. Бұл жүйені түсіну үшін құндылықтарды қатарластыра сипаттау жеткіліксіз; оларды иерархиялық (жіктік тәртіп) құрылым ретінде қарастыру қажет.Осы тұрғыдан алғанда, ақын поэтикасындағы барлық негізгі құндылықтарды біріктіріп, бағыттап тұратын орталық категория – «ар» ұғымы.Ал намыс, адалдық, шыншылдық, қайсарлық, әділдік, асқақтық, еркіндік, мінез және өршілдік т. б. – осы өзектің түрлі формалық көріністері. Оның осы күрделі де, бір беткей ұстанымын «ар» төңірегіне ұйыстырсақ, оның пэзиясының өзегін аңғара аламыз. Әрине, ақынның бұл ұстанымдарының қарсы, өзі жек көретін жағында қорқақтық, ездік, әлсіздік, опасыздық, сатқындық, жалғандық, екі беткейлік және өзімшілдік т.б. лар тұратыны сөзсіз. Осылайша оның өлеңдері қарама – қарсылықтардың қақтығысы арқылы жарқын жақтарды нұсқайды. Демек, Шаханов поэзиясындағы ішкі құндылықтар жүйесі «Ар»ды болмыстық (экзистенциалдық) өзек етеді деген сөз.

Шаханов поэзиясында «ар» моральдық өлшем ғана емес, адам болмысының іргетасы. Ол адамды анықтайды, оның рухани шекарасын белгілейді, барлық әрекет пен таңдаудың ішкі өлшеміне айналады. Бұл тұрғыда «ар» қасиет емес, онтологиялық принцип, яғни адамның кім екенін айқындайтын негіз. Ақын поэтикасында адам байлығымен емес, білімімен емес, дәл осы ар деңгейімен өлшенеді.
(1)«Ардың» интуитивтік (тіке түйсіктік) формасы негізіндегі ерте кезең. Ақынның ерте кезеңдегі лирикаларында «ар» ұғымы тікелей философиялық категория ретінде аталмайды. Бірақ оның алғышарттары айқын байқалады. Бұл кезеңде, адам – ең алдымен сезім иесі, махаббат – тазалық пен сенімнің көрінісі және өмір – рухани үйлесім кеңістігі ретінде беріледі. Осындай поэтикалық әлемде «ар» ұғымы: тазалық, адалдық және сенімге беріктік түрінде көрінеді. Мысалы, ерте кезгі махаббат лирикаларында опасыздық жоқ, күмән аз, сезім – кіршіксіз. Бұл – әлі рефлексияға түспеген, бірақ бар болмысты анықтайтын табиғи моральдық тұтастық. Ал «Әке туралы жыр» сияқты шығармаларда «ардың» алғашқы нақты формасы көрінеді. Әке бейнесі арқылы талап пен мейірімнің бірлігі, әділдік пен қаталдықтың үйлесімі сондай – ақ жауапкершілік пен тәртіп беріледі. Немесе ерте кезеңде «ар» сезімдік тазалық, тәрбиелік құндылық және ішкі адамдық негіз ретінде қалыптасады.
(2) «Ардың» моральдық таңдау категориясына айналуы барысындағы өтпелі кезең. Ақын поэзиясының келесі кезеңінде «ар» ұғымы сапалық өзгеріске ұшырайды. Енді ол табиғи күй емес, саналы таңдау нәтижесі ретінде көріне бастайды. Бұл өзгерістің айқын көрінісі – «Танагөз» поэмасынан да байқалады. Бұл шығармада, махаббат – тек сезім емес, ол – таңдау, ал таңдау – жауапкершілік. Мұрат бейнесі арқылы «ар» алғаш рет өзін шектеу, құрбандыққа бару,сонымен бірге, басқа үшін өз мүмкіндігінен бас тарту сияқты әрекеттер арқылы ашылады. Бұл жерде маңыздысы, ар – табиғи қасиет емес, саналы еріктің нәтижесі. Яғни, ар сезім, таңдау және жауапкершілік сатысынан өтіп тұлғаланады. Бұл – Шаханов поэзиясындағы алғашқы болмыстық (экзистенциалдық) бұрылыс.
(3) «Ардың» тарихи-ұлттық деңгейге көтерілген балладалық кезеңі. Оқиғалы-балладалық шығармаларда «ар» ұғымы жеке адам шеңберінен шығып, ұлттық және тарихи категорияға айналады. Мысалы, «Отырар ойраны» шығармасында, Қайырхан – ардың тұлғаланған бейнесі, Қарашоқы – ардан айырылудың символы, ал Шыңғыс хан – күш пен билік логикасының көрінісі. Бұл жерде «ар» жеке қасиет емес, ұлттың рухани иммунитеті. Отырар трагедиясы арқылы ақын, ар сақталса – халық рухы жеңілмейді, ар жоғалса – жеңіс те мәнсіз деген ойды ұсынады. Бұл кезеңде «ар» ұғымы тарихи жадымен, ұлттық намыспен және коллективтік жауапкершілікпен тікелей байланысады. Осылайша, «ар» алғаш рет ұлттық экзистенцияның өзегіне айналады.
(4) «Ардың» қоғамдық-философиялық жүйеге айналған азаматтық кезеңі. Ақынның азаматтық поэзияларында «ар» ұғымы өзінің ең жоғары деңгейіне жетеді. Бұл кезеңде ол жеке моральдық өлшем ғана емес, қоғамдық диагноз қою құралына айналады. Ақын бұл кезеңде тіл мәселесі, ұлттық сана, тарихи әділет және рухани құлдырау сияқты тақырыптарды көтере отырып, олардың барлығын «ар» категориясымен байланыстырады. Бұл туралы мазмұнды зерттеуіміздің келесі «Азаматтық поэзия» бөлімінде басқа қырынан толықтырып кететін боламыз. Бірақ осы кезеңде ақын поэзиясы лирикадан моральдық трибунаға көтерілсе де, көркемдік табиғатын жоғалтпағандығын ескерте кеткіміз келеді.
Төменде бізақынның «Нарынқұм зауалы» поэмасы мен басқа өлеңдері арқылы «ар» ұғымын және басқа да ішкі құндылықтар жүйесін онан ары нақтылыққа жеткізетін боламыз. «Нарынқұм поэмасы – Қазақ поэзиясындағы ішкі құндылықтарды ең шегіне жеткізіп, экзистенциалдық деңгейде пайымдаған туындылардың бірі. Бұл шығармада тарихи оқиға – Махамбет Өтемісұлы өлімі – тек фактологиялық дерек ретінде емес, адам болмысының түпкі моральдық негіздерін ашатын философиялық ситуация ретінде беріледі.
Поэманың алғашқы желісінде Махамбеттің өлім алдындағы түйсінуі суреттеледі. Түс көру мотиві – тек көркемдік тәсіл емес, болмыстық алдын-ала танымның формасы. Ақын өз ажалын сезінеді, бірақ оның алаңдауы жеке тағдырға емес, ұлттың рухани болашағына бағытталған. «Бассыз қалу» метафорасы физикалық өлімнен гөрі рухани жетекшісіздік және ар-сананың әлсіреуі деген ұғымдарды білдіреді. Бұл жерде «ар» жеке адамдық қасиет емес, ұлттық болмыстың өзегі ретінде көрінеді. Махамбеттің өлімге қатынасы – қорқыныш емес, керісінше, ар алдындағы адалдықтың соңғы бекітілуі. Осы арқылы поэмада адалдық уақыт пен өлімнен биік тұрған категория ретінде танылады.
Поэманың екінші желісі – Ықылас образы арқылы берілген сатқындық феномені. Бұл жерде сатқындық жеке қылмыс емес, онтологиялық (тұлғалық) құлдырау, яғни адамның адамдық мәнінен айырылуы ретінде сипатталады. Ықыластың әрекеті материалдық мүдде үшін ұлттық құндылықты тәрк ету болып табылады. Бұл – ардың толық жоққа шығарылуы. Сондықтан да поэмада сатқындық қателік емес, болмыстық апат ретінде бағаланады.
Ең жоғары философиялық шарықтау – әке үкімі. Әке образы бұл жерде жеке тұлға емес, дәстүрлі моральдың, дала этикасының тасымалдаушысы. Оның ұлына шығарған үкімі эмоциялық реакция емес, ар заңын қалпына келтіру әрекеті. Әкенің: «менің өшпенділігім – пендешілік, сенікі – сатқындық» деуі – моральдық деңгейлерді нақты ажырату. Бұл жерде жеке сезім кешірілуі мүмкін, ұлттық сатқындық кешірілмейді деген қағида бекітіледі. «Дала заңы – баба заңы» формуласы арқылы поэмада «ар»құқықтан жоғары, жазылған заңнан бұрынғы, экзистенциалдық-этикалық абсолют ретінде танылады.
Поэмадағы барлық желілерді біріктіретін өзек – «ар» ұғымы. Ол моральдық норма ғана емес, адамның болмысын анықтайтын іргелі категория. Бұл тұрғыда Махамбет – арға адалдықтың символы, Ықылас – ардан айырылудың көрінісі, ал әке – ар заңын сақтаушы. Осы үштік құрылым арқылы шығармада «ар» таңдау, жауапкершілік және болмыс категорияларымен тұтастықта қарастырылады.Жалпы «Нарынқұм зауалы» поэмасы «ар» ұғымын тарихи оқиға шеңберінен шығарып, экзистенциалдық-философиялық деңгейге көтереді. Демек, бұл поэма – ұлттық этика мен экзистенциалдық философия тоғысқан іргелі көркем ой жүйесі.
Намыс – ардың динамикалық көрінісі. Ақынның «Еркектер жырында» ата қыранның:
Ерлік даңқы қанат жайған мына ұлы заманда
Мүсіркеу сөз естуден өлім жеңіл маған да, — деп құздан құлап өлуі бұл ойымызды айғақтайды. Егер ар ішкі өлшем болса, онда намыс сол өлшемнің әрекетке айналуы. Намыс қарсылық тудырады, әділетсіздікке төзбеуге итермелейді, ішкі принципті сыртқы қадамға жеткізеді. Сондықтан Шаханов поэзиясында намыс эмоция емес, экзистенциалдық ұстаным.
Адалдық ардың өзгермейтіндігін, уақытқа төзімділігін білдіреді. «Шың басындағы оқиға» өлеңіндегі жігіттің сертке беріктігі,адалдығы, ерлігі; қыздыңқорқақтық, әлсіздік істеп серттен таюы және қыз ағасы мен әкесінің намысқа күйіп ар алдында азаптануы жеке – жеке сипат ретінде емес, болмыстық таңдау жағдайында ашылатын құндылықтар жүйесі ретінде көрінеді. Шығармада сертке адалдық – ардың көрінісі болса, одан тайу – рухани әлсіздік ретінде бағаланады. Ал намыс – осы құндылықтардың шектік өлшемін белгілейтін категория ретінде көрінеді. Шығарма Ерлік, опасыздық, әлсіздік, намыс, адалдықтың нақты мысалы. Бірақ одан да маңыздысы бұл – ардың сыналатын сәті.
Мінез бен тектілік ар, намыс және адалдық сияқты қасиеттердің жинақталған формасы, адамның тұрақты рухани типі.Ақын поэзиясында құндылықтар абстракт күйде қалмайды, олар мінезге айналады.Шахановтың «Еркектерге көзқарас немесе әйелге сирек жолығатын бақ» өлеңінде ар, намыс ұғымы сәл басқашалау айтылады. Тұлпардағы шодыр мінез бен жуас ат таңдауы барысында, әрине, соңғы нәтиже артықшылық көзделеді. Үйткені тұлпар да намыс бар, тек бар, мінез бар, ол мақсатына жете біледі. Еркектің әйелге, әйелдің еркекке ұқсауы адамды өз тәбиғи қасиетінен айырады. Адамды ұсақ мінезіне қарап бағалау – қателік, өйткені кейбір “ыңғайсыз” қасиеттердің түбінде намыс, еркіндік және тектілік жатады. Нағыз тұлға – өз болмысынан айрылмайтын, ішкі еркіндігін сақтайтын адам. Ер мен әйелдің бақытты үйлесімі – бірін-бірі өзгертуге тырысуда емес, әрқайсысының табиғи қасиеті мен рухани дербестігін құрметтеуде. Еркіндік жоғалған жерде – тұлғалық та, бақыт та мәнін жоғалтады. Бұл тұрғыда адам – идея емес, мінез арқылы көрінетін болмыс. Шаханов кейіпкерлерінде кейде «қаталдық», «шодырлық» сияқты қасиеттердің болуы кемшілік емес, ішкі еркіндік пен намыстың белгісі ретінде түсіндіріледі.
Өршілдік жоғарыға ұмтылу, шектен асу және рухани қозғалыс.Бұл – ардың статикалық емес екенін көрсетеді. Өршілдік арқылы адам өз деңгейін кеңейтеді, болмыстық мүмкіндігін арттырады. Шахановтың «Эверестке шығу» өлеңінде:
«Құдай саған еркек деген атберді,
Дәулет берді,
Атақ берді,
Бақ берді.
Шараң қанша енді соның бәрімен,
Қоштасатын шақ келді … –деп, Аррияның Транзейді жанып оның еркектік намысын қорғап қалу үшін, ішкі ерлігін алып шығуы керемет өршілдік еді. Сонымен бірге, өлеңде махаббатқа алдық, сертке беріктік, асқақтық тұр.Сондықтан өршілдікті, асқақтықты амбиция емес, рухани динамика деу керек.
Біз Шаханов поэзиясындағы ішкі құндылықтар жүйесіне ішінара тоқталдық. Солайда ақын поэзиясындағы бұл құндылықтар кездейсоқұғымдар жиынтығы емес, бір орталыққа бағынған тұтас құрылым екендігін, сонымен бірге, құндылықтың мінезге, мінездің болмысқа айналатындығын аңғарамыз. Осы тұрғыдан алғанда, Мұхтар Шаханов поэзиясындағы «ар» – жалаң мораль емес, адамды, қоғамды және тарихты байланыстыратын әмбебап рухани код.Ақын поэзиясында қалыптасқан бұл ішкі құндылықтар жүйесі келесі деңгейде сыртқы қоғамдық позицияға айналады. Яғни ішкі «ар» – азаматтық үннің негізіне айналып, қоғаммен қатынаста жаңа сипатқа ие болады.
V. АЗАМАТТЫҚ ПОЭЗИЯ: ҚОҒАМ ЖӘНЕ АҚЫН
1. ҚОҒАМ ЖӘНЕ ПОЭЗИЯ: АЗАМАТТЫҚ САНАНЫҢ КӨРКЕМ МОДЕЛІ
Мұхтар Шаханов поэзиясындағы азаматтық кезең кенеттен пайда болған құбылыс емес. Ол ақын шығармашылығында ерте қалыптасқан ішкі құндылықтар жүйесінің (ар, намыс, адалдық, т.б.) біртіндеп қоғамдық кеңістікке шығуының заңды нәтижесі болып табылады.Бұл үдерісте шешуші тарихи факторлар – Арал – Балқаш мәселесі, Желтоқсан оқиғасы. Осы кезеңнен кейін ақын поэзиясы жеке мораль мәселелерінен қоғамдық сана мен ұлттық тағдыр мәселелеріне қарай бет бұрады. Демек, Шаханов поэзиясында ішкі «ар» философиясы ашыққа шығып азаматтық позицияға айналады.
Азаматтық кезеңде ақын поэзиясының тақырыптық ауқымы кеңейіп, ұлттық сананың түйінді мәселелерін қамтиды.
(1)Тіл және ұлттық болмыс. Шаханов поэзиясында тіл қатынас құралы емес, ұлттық болмыстың өзегі болып есептелді. «Үш тұғырлы тіл», «Бүкіл болмысымен орыстанғандар», «Космополит Қазақтар» және басқа осы тәрізді өлеңдерінде, тілден алшақтау рухани әлсіреу, ана тіл ар категориясымен теңестіріледі.
Рух пен тілден бөлінген халық –
Жеңілген халық – ол анық.
Ғаламдастыру даңқы тез билеп ырқына,
Бұл құндылықтарсыз қазақ ұлты да
Кетеді жерден ұсақтап, азып, жоғалып… – өлеңдегі негізгі идея, тіл жоғалса – ұлттың ішкі тұтастығы бұзылады, тіл мәселесі– мәдени емес, ұлттың тағдыры мәселесі дегенді білдіреді.
(2) Ұлттық сана және тарихи жады. «Отырар ойраны» сияқты шығармаларда, тарих өткенді баяндау емес, қазіргі сананы қалыптастыру құралы ретінде көрінеді. Ақын бір реткі сатқындықтың өзі бір елді біржолата құртып жібере алатындығы сынды дәйек арқылы, ұлттық сананы қалыптыстырудың маңызын көрсетеді. Тарихты ұмыту – рухани жауапсыздық деген тұжырым жасайды. Ақын тарихи сюжеттер арқылы бүгінгі қоғамға моральдық баға да береді.
(3) Қоғамдық мораль дағдарысы. Ақын поэзиясында қоғамдағы келеңсіз құбылыстар жүйелі түрде сыналады: жемқорлық («Жепутаттар»); жағымпаздық («Бағынпаздықтан өрбіген жағымпаздық»); рухани сатқындық («Намыссыз дарын сатқындары») және құндылықтардың бұзылуы («Жаңа қазақтар»).Мысалы, «Жаңа қазақтар» өлеңінде:
Сорласа жұрт рухсыздан сорлайды.
Қырандардан биік қойсақ торғайды,
Отанды кім торғайлардан қорғайды?
Рухсыздың, қайырсыздың баюы,
Бәлкім, ертең ұлтымызға зор қайғы, — бүкіл өлеңде байлық пен руханияттың арасындағы қайшылық ұлттық трагедия деңгейінде қойылады. Ал «Намыссыз дарын сатқындары» шығармасында, таланттың арсыздықпен ұштасуы – қоғам үшін ең қауіпті құбылыс ретінде бағаланады. Бұл өлеңдерде ақын құбылысты сипаттамайды, оның моральдық табиғатын ашады.
4) Құндылықтардың бұзылуы және қоғамдық салдар. «Қыран тағдыры» сияқты шығармаларда жеке қасиеттердің сапасы қоғамдық нәтижеге әкелетіні көрсетіледі. Ақынның өлеңдегі «Ақылсыздың қолындағы жомарттық – нәрестенің қолындағы қанжар» деген әйгілі метафорасының өзі біраз нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде құндылықтар өздігінен жеткіліксіз, оларды ақыл мен жауапкершілік реттеуі тиіс деген меңзеу бар. Демекжеке моральдағы кемшілік қоғамдық апатқа айналады.
5) Экологиялық және өркениеттік дағдарыс. Арал, Балқаш мәселелеріне арналған өлеңдерінде, ақын табиғат мәселесін адамгершілік деңгейге көтереді, ақынның көкірегін кеміктейді.
Кемелер жүздірген шағылтып желенін айға,
Тау толқын төсіңде тербелген ерке күн қайда? -экологиялық апат тек техникалық емес, рухани дағдарыстың да салдары екенңін аңғартады.
Азаматтық кезеңде Шаханов поэзиясының табиғаты мүлде өзгергендігін байқаймыз. Бұрынғы өлеңдерінде сезімнің нәзік тұстары, эстегикалық келбет және ақынның жеке тәжірибелері басымырақ болып келсе, кейінгі азаматтық поэзияларында оқырманға ой салу, этикалық толғаныстар және қоғамдық сана ашыққа шығады. Осылайша, ақын поэзиясының әсер ететін құралдан сананы қалыптастыратын механизмге айналғандығын байқаймыз. Ендеше, бұдан оқырманның Шаханов поэзиясы әлсіреді ме, әлде күшейді ме? Дейтін сұрауы тууы мүмкін. Бірақ, сырттай қарағанда декларативтілік (мәлімдемелік) күшейіп, публицистикалық интонация зорайған сияқты көрінгенмен, алайда ішкі құрылымда тереңдік артып, философиялық жүйе қалыптасқандығын көреміз. Былайша айтқанда, ақын поэзиясы әлсіреген жоқ, тек оның миссиясы өзгерді деп кесіп айтамыз.Сайып келгенде, Шахановтың азаматтық кезеңдегі поэзиясынан: қоғамдағы «ауруды» анықтайтын диагностикалық, моральдық үкім береді бағалаушылық және оқырманды әрекетке итермелейтін тәрбиелік функциясын анықтаймыз.
2. АҚЫН ФЕНОМЕНІ: ЛИРИКАЛЫҚ СУБЪЕКТІДЕН МОРАЛЬДЫҚ ТРИБУНҒА ДЕЙІН
Мұхтар Шаханов поэзиясындағы ең ірі өткел – тақырып ауысуы емес, авторлық «меннің» сапалық өзгеруі. Ақынның шығармашылық эволюциясы үш негізгі кезең арқылы жүзеге асады.
Бірінші кезең – лирикалық субъект. Бұл кезеңде ақын сезім иесі, ішкі әлемге бағытталған тұлға, махаббат пен адамдық тазалықты жырлаушы. Мысалы, ерте тұстағы лирикалары мен «Танагөз» сияқты поэмаларында, махаббат – сезім ғана емес, бірақ әлі де жеке тәжірибе шеңберінде қалады.
Бірге жүрдік, бірге ойнадық, таластық,
Таластық та тағы қайта жаарстық,
Балалықта болмайды екен оғаштық,
Біз осылай келер күнге жол аштық.
Немесе,
Өткен күнге қамшы үйіру жоқ менде,
Зұлымдықпен жете алмайсың мұратқа.
Ал, өмірім ұқсайды ерте көктемге,
Көктем бұлтсыз болмайды ғой бірақ та, — сияқты өлең жолдарын оқысақ, ойымыз айқындалады.
Екінші кезең – рефлексиялық субъект. Бұл кезеңде ақын сезінумен шектелмейді, қайталай талдайды, таңдау мәселесін көтереді. Мысалы: «Махаббатты қорғау» поэмасында, махаббат – енді эмоция емес, жауапкершілік пен ерлік категориясына айналады. Осы жерде авторлық «мен» жеке тәжірибеден моральдық рефлексияға (қайта сәуле түсіру) өтеді.
Үшінші кезең – азаматтық субъект. Бұл кезеңде ақын қоғамға баға береді, үкім айтады, өзіне және басқаларға жауапкершілік жүктейді. Мысалы, «Жаңа қазақтар», «Намыссыз дарын сатқындары», «Космополиттік болашақ», «Мәңгүрттендіру <марсельезасы>» сияқты өлеңдерінде, авторлық «мен» жеке тұлға емес, қоғамдық сананың өкілі ретінде сөйлейді.
Демек, біз атап өткен жоғардағы үш кезеңнің бастабында суъект «мен» болып қалыптасып, біртіндеп «біз» өтеді, онан соң «қоғамдық сана»ға көтеріліпэволюциялық логика қалыптастырады.
Азаматтық кезеңде ақынның рөлі түбегейлі өзгереді. Ол тек көркем мәтін авторы емес, белгілі бір моральдық позицияның тасымалдаушысына айналады. Мәселен, автор «Жаңа Қазақтар»да – әлеуметтік өзгерістерді бақылайтын куәгер болып көрінсе,«Қыран тағдыры»нда – құндылықтардың сапасы мен салдарын талдаушы болады.Ал, автор «Намыссыз дарын сатқындары»нда – рухани сатқындықты айыптайтын бағалаушы болса,«Бағынпаздықтан өрбіген жағымпаздық»та – оқырманды әрекетке шақыратын үндеуші болып келеді. Сүйтіп, ақын моральдық институт деңгейіне көтеріледі.
Ақын позициясының өзгеруі поэтикалық сөйлеу формасын да өзгертеді. Алдымен, Лирикалық интонация риторикалық үнге айналады. Алғашқы нәзік, ішкі, баяу мәнер азаматтық кезеңге келгенде өткір, тікелей, айыптаушы үнге өзгереді. Мұның мысалын «Жаңа қазақтар» өлеңіндегі әлеуметтік сынның күшейген ирония мен сарказмінен көріп аламыз. Онан соң, автордың монологі қоғамдық диалогқа айналады.Поэзия ішкі сыр айту формасынан қоғамдық пікір алаңына ұласады. Мысалы: «Үш тұғырлы тіл» сияқты өлеңдерде ақын қоғаммен тікелей сөйлеседі, пікірталасқа түседі. Және бірі, образ моральдық аргументке айналады. Шаханов өлеңдеріндегі образ тек эстетикалық қызмет атқармайды, белгілі бір ойды дәлелдеу құралына айналады. Мысалы, «Қыран тағдыры» шығармасындағы: «Ақылсыздың қолындағы жомарттық – нәрестенің қолындағы қанжар» деген метафора көркем бейне ғана емес, құндылықтар теориясының формуласы.
Азаматтық кезеңде оқырманның рөлі де өзгереді. Бұрын оқырман қабылдаушы, эмоцияны сезінуші болса, ендігі кезекте қатысушы және жауапкершілік иесіне айналады. Оқырманкеліседі немесе қарсы шығады, моральдық шешім қабылдайды. Мысалы, «Жаңа қазақтар» немесе «Бағынпаздықтан өрбіген жағымпаздық» өлеңдері:оқырманды бейтарап қалдырмайды немесе оқырман Шаханов поэзиясымен диалогқа түседі.
Жалпы Шаханов поэзиясындағы ақын бейнесі: махаббат, адамдық тазалыққа ұмтылған романтикалық идеалист; қоғамды талдап, баға беретін реалистік сыншы; позициясы айқын азаматтық қайраткер және ар философиясын ұстанған экзистенциалдық ойшыл сындыбірнеше қабаттан тұрады. Бұл қабаттар ақынның моральдық моделін қалыптастырады. Мұхтар Шаханов поэзиясындағы азаматтық кезең мазмұн кеңеюі ғана емес, поэтикалық жүйенің сапалық қайта құрылуы. Шаханов поэзиясы – көркем мәтін ғана емес, ұлттық ар мен жауапкершіліктің поэтикалық формасы.
VI. «МҰХТАРЛЫҚ ФОРМА»: ПОЭТИКАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Құрылымның құбылмалылығы: динамикалық поэтикалық синтаксис
Мұхтар Шаханов поэзиясының құрылымына талдау жасау үшін, алдымен оныңөлеңдерінің формалық табиғатын дәстүрлі және «мұхтарлық» деп екіге айырып алғанымыз дұрыс. Мұхаңның өлеңдері толыса бастағаннан формалық өзгерістерге ұшырайды. Атап айтқанда, өлеңдерінің толысқан тұсы тұрақты классикалық өлшемдерге басыбүтін бағына бермейді. Оның өлең құрылымында айқын байқалатын басты белгі – құбылмалы ырғақтық-синтаксистік жүйе.Бұл құбылмалылық: буын мен бунақ санының тұрақсыздығы, тармақ ұзындығының өзгеріп отыруы және ой ағымына қарай жолдың «созылып» немесе «қысқарып» кетуі сияқты бірнеше деңгейде көрінеді.Мұнда форма алдын ала берілген схема емес, ой мен эмоцияның қозғалысына тәуелді тірі жүйе ретінде қызмет етеді. Яғни, өлең құрылымы мағынаның өзімен бірге «тыныс алады» немесе сезімнің ыңғайына қарай толқып отырады.
Мұхтар Шаханов поэзиясының формасы құбылмалы силлабика (буындық) және риторикалық құрылым(әрлеу құрылымы). Оның поэзиясының ең аз зерттелген, бірақ ең маңызды қырларының бірі – оның өлең формасы. Ақын шығармаларында сыртқы тұрғыдан қарағанда өлшем тұрақсыз, тармақтар ұзынды-қысқалы, буын саны құбылмалы болып көрінеді. Алайда тереңірек үңілгенде бұл құбылыс кездейсоқ емес, керісінше ішкі заңдылыққа бағынған күрделі поэтикалық жүйе екені аңғарылады. Ақынның өлеңдері форманың күрделі түріне айналып кеткен сияқты сезілгенмен, оқу барысында ырғақтық кедергіге жолықпайды. Зерттеуші Айгүл Үсенованың: «Мұхтар шығармалары қазақ поэзиясындағы ерекше құбылыстың бірі. Ол халықты өлең тыңдауға, өлең оқуға үйретті. Ол өлеңді оқырманның жеке кітапханаларынан үлкен залдарға алып келді. Бұл поэзия құдіреті. Оның өлеңдері адамды ой-санасы, білім мен білік дәрежелеріне, жас ерекшелігіне бөлмейтін нағыз адамзаттық поэзия» («Қазіргі қазақ өлеңінің құрлысы: дәстүр және даму үрдістері», 73- бет, Алматы «Білім» 2010) дегені бар еді, бізше дәл баға.Мұхтар Шаханов поэзиясының тұтас құрылымына тоқталсақ, Қазақ өлеңдерінің біраз иіріміне барар едік. Бірақ біз мақаламыздың көлеміне қарай, оның өлеңдерінің бірнеше негізгі тұстарына ғана аялдаймыз.
Біз негізгі мазмұнға өту үшін алдымен Мұхаңның өлеңдерінен бірнеше мысалдар келтіріп алғанымыз дұрыс болар?
- мысал):
Қартаю ылғи //ортаю емес, //ортайған жанның //– соры көп,(18) а
Қартайған сайын //қанатын қомдап,// мазмұндана түсті //Тоныкөк. (19) а
Қанша рет жаудан //мекенін қорғай,//өліммен келген //бетпе-бет, (18) ә
Мазмұнды шақта //тәуелді болмай //қалуға қанша //от керек?(18) ә
Осындай қарттық //салтанат құрғай, //бұл неткен өрлік, //жаным-ау, (18) б
Әділдік үшін //қағанның өзін //қаған екен деп //танымау.(18) б
(«Тоныкөк бабаның көрегендігі»).
(2. мысал):
Біз екеуміз //жолықтық, (7) а
Бірақ тым кеш //жолықтық, (7) а
Достасудан //от тұтап, //қоштасуға //қорықтық. (14) а
Маған құйды //жарығын //сенің көңіл-//терезең, (14) ә
Арқамызда //құзар шың, (7) б
Алдымызда //өр өзен. (7) ә
Өр өзеннен өтуге //кім береді //қайықты, (14) д
Кім бар бізді //түсінер, //қане, кім бар //байыпты?(14) д
Ал қайықшы //қиқар шал //Жалынғанмен //не бітті?(14) е
Қайығына //қабаған //итін байлап //кетіпті…(14) е
Япырай, біз //соншама //дәрменсіз боп //тудық па?(14) ф
Бойымызда //жоқ екен //итті алдайтын //қулық та.(14) ф
……………
(3. мысал):
Көз жасымды //көрсетпеуге //тырыстым мен //саған бірақ,(16) а
Сен деп шыққан //сенімімнің //биігінен //барам құлап. (16) а
…………………
(4. мысал):
Ар алдында, //адал, ақпыз //десек те (11) а
Сан сұрақтар //алар кейде //жағадан.(11) ә
Мүмкін, бізді //таңар шулап //өсекке, (11) а
Мүмкін, бізді //түсінбейді //көп адам.(11) ә
Алуан ұғым //алуан жаққа //тартады, (11) д
Сан көңілдің //тұйығына //малтыдым.(11) е
Ғашық болып //көрмегендер //бар тағы, (11) д
Олар бізді //қайдан ұқсын, //алтыным.(11) е
…………………………..
(5. мысал):
Замана тұр //бөркін алып //ойланып, (11) а
Сол түнгі ойлар //кетті бізді //қайда алып? (11) а
…Сол түні біз //сенің туған //сіңліңнің (11) б
Он сегізге //толған күнін //тойладық.(11) а
Мен қуана //тост көтердім //қызға арнап:(11) ә
Ал сапарың //сәтті болсын, //қызғалдақ.(11) ә
Өмір мынау://(4) в
Қатар тосқан //жеңілі мен //ауырын, (11) д
Қайғысы мен //сауығын, (7) д
Шуағы мен //дауылын.(7) д
Бүгін, міне, //сенің туған //күніңде (11) е
Қандай тілек //айтсам екен, //бауырым?(11) д
Саған байлық //тілер ем мен, //бірақ ол бір //әңгүдік, (15) ф
Есігіңнен //кіргенімен //паң күліп, (11) ф
Жүргенімен //шеру тартып, //сән құрып, (11) ф
Саған жолдас //бола алмайды ол //мәңгілік.(11) ф
Бәлкім, ерлік //тілер ем мен //тамыр алған //төзімнен, (15) г
Ерлік сезім //бірақ сенің //табылады //өзіңнен, (15) г
Онсыз адам //жүре ала ма //соқпақтар мен //жолсызда, (15) п
Ал сұлулық //тілер едім, //сұлусың сен //онсыз да.(15) п
(«Махаббатты қорғау»)
(6. мысал):
Төменде таудың //өзені жатты //гүрілдеп,(13) а
Жапырақ біткен //дірілдеп,(8) а
Ай тұрды //жүзі күлімдеп,(8) а
Менің де жаным //нұрланып,(8) ә
Жартасты жарып //шыққан бір қызыл //гүлді алып,(13) ә
Өзіңе, айнам, //ұсына берген //кезімде(13) б
Үрей сап шаттық //сезімге,(8) б
Биікте таудан //тас құлап(8) д
Азан да қазан //бар маңай,(8) е
Өзіңе деген //сол гүлді(8) с
Бере алмай //қалдым //арман – ай. (8) е
(«Танагөз»)
Шаханов поэзиясындағы ырғақ сыртқы пішіндік (метрлік) қатаңдыққа емес, ішкі интонациялық толқынға негізделеді. Бұл – сөйлеу тілінің табиғи ырғағына жақын модель. Айталық, 5. Мысалда: 11, 7, 15 буындық тармақтар бар. Тіпті,15 буынды тармақты бөбөліп,11 және 4 буынды тармақ жасайды. Осылайша бунақтарға орналастырғанда: 4+3, 4+4+3 және 4+4+4+3 өрнектерін қалыптастырады. Сонымен бірге, 11, 7, 15 және 4буынды тармақтар кейде аралас, кейде ұқсас бунақты тармақтар тізбегімен де келе береді. Бұлай болуының себебін ақын сезімі және өлеңде бейнеленетін мазмұнның ыңғайы белгілегенін аңғару қиын емес.Бұдан ішкі ритмнің басым болуы, сөйлеу интонациясының өлең құрылымына енуі және пауза мен екпіннің мағыналық қызмет атқаруы сынды ерекшелікті де байқаймыз.Осы арқылы өлең тек оқылатын мәтін емес, айтылатын, естілетін, эмоционалдық әсер беретін сөз ағымы ретінде қалыптасады. Бұл поэтикада ырғақ математикалық өлшем емес, психологиялық күйдің көрінісі болып табылады.
Шаханов поэзиясында ұйқас ешқашан толық жойылмайды. Бұл оны таза еркін өлеңнен (верлибрден) ажыратады. Ұйқас риторикалық қайталау арқылы жасалған дыбыстық үндестік. Ол тек дыбыстық әуез үшін емес, ойды шегелеу, логикалық екпін қою қызметін атқарады.Шаханов поэзиясындағы ұйқас жүйесі дәстүрлі қатаң схемаларға бағынбайды, бірақ толық еркіндікке де кетпейді. Ол аралық, гибридтік (будандық) модель ретінде қалыптасады.Оның өлеңдерінде ұйқас бар, бар болғанда кейде арт – артынан қабаттасып, құйылып кетіп отырады, бірақ ол тұрақты формада емес. Өлеңдеріне ден қойсақ: қара өлең ұйқасы, егіз ұйқас, шалыс ұйқас, шұбыртпалы ұйқас т.б. лардың бәрін таба аламыз. Айталық, 6. Мысалда: алдыңғы үш тармақ шұбыртпалы; одан кейінгі төрт тармақ егіз және кейінгі төрт тармақ шалыс ұйқас жасап тұр. Ал, 4. Мысал кезекті ұйқаспен аяқталса, 5. Мысалдың алдыңғы төрт жолы қара өлең ұйқасы (ақсақ ұйқас) жасап тұр. Десе де, қосарланған және қабаттасқан ұйқастар өлең тармақтарының буын, бунақтарының артып, кемуіне қарамай әдемі жымдасып отырған. Ақынның өлеңдерінде кейде ішкі ұйқас (аллитерация, ассонанс) негізгі рөл атқарып отырады. Осылайша өлең құрылымында «ұйқас үзілмейді», бірақ ол көрінетін деңгейден гөрі ішкі музыкалық жүйеге айналады.
Мұхтар Шаханов поэзиясының формасы – бірнеше поэтикалық дәстүрдің синтезінен туған күрделі жүйе. Оның өлеңдерінде екі тармақтық, төрт тармақтық және одан да көп тармақтық шумақтар кезігеді, тіпті, оның өлеңдерінің шұбыртпалы шумақсыз құрылымы бүкіл поэзиясында басымдық ұстайды. Оның құрылымынан: қара өлеңдік дәстүр – қарапайымдылық, ырғақтық нақтылық, жыраулық поэзия – шешендік, риторикалық қуат, публицистикалық пафос және еркін құрылым (верлибрге жақын элементтер) – ой ағымының еркіндігі сияқты қабаттарды көруге болады. Біздің бұл ойымызды жоғардағы мысалдардың қай – қайсысы да дәлел бола алады. Онда дәстүрлік орнықты, әр тармақ бір келкі бунақтар арқылы үндескен, ұйқасы өз орнында болып келетін шумақтар; шешендікпен төгіліп ала жөнелетін жыраулық стилдер және дәстүрді кеңіткісі келетін бунақтық, тармақтық еркіндік қатарлылар айқын көрінеді. Бұл синтез нәтижесінде Шаханов пэзиясында «таза бір форма» емес, көпқабатты поэтикалық жүйе пайда болады. Осы себепті оның поэзиясы бір ғана дәстүрге сыймайды, ол дәстүрді сақтай отырып, оны қайта құрастырады.
Шаханов поэзиясының формасын классикалық жанрлық категорияларға толық сыйғызу қиын. Себебі оның өлең құрылымы тек метрикалық жүйе емес, мағына мен ырғақтың бірлігінен тұратын динамикалық (қозғалмалы) модель. Осы негізде Мұхтарлық үлгіні шартты түрде: Ритмикалық-семантикалық (ырғақ пен мағынаның өзара тоғысуы) еркін өлең түрінде анықтауға болады. Бұл модельде, ырғақ мағынаға бағынады, форма ойдың қозғалысымен өзгереді, ұйқас ішкі музыкалық жүйе ретінде қызмет етеді және құрылым сөйлеу интонациясына негізделеді. Өлеңнің буын, бунақ саны да, екпіні мен паузасы да мазмұнмен үйлесім тауып отырады. Яғни, Шаханов поэзиясында форма алдын ала берілмейді, ол мазмұнмен бірге туатын тірі процесс. Бұған 5. мысалды келтіруге болады. Өлең жәй қозғалыс пен де, ырғақтық – интонациялық қозғалыспен де өрбиді, бірақ ойды анықтауды мақсат етеді. Осылайша тармақтардың буын саны сезім толқынымен кейде кеміп, кейде мүлде артып кетіп отырады. Кейде оның поэзиясы жыраулық дәстүрдің заманауи жалғасы сияқты да көрінеді.
Мұхтар Шаханов поэзиясында форма дербес эстетикалық категория ретінде емес, мазмұнды жеткізудің динамикалық құралы ретінде қызмет ететіндігін айттық. Яғни, өлеңнің ырғақтық құрылымы ақынның эмоциялық күйіне, ой ағымына, риторикалық екпініне тәуелді өзгеріп отырады. Бұл тұрғыдан алғанда, Шаханов поэзиясында тұрақты метрикалық (сыртқы құрылымдық) схема жоқ, бірақ толық еркіндік те жоқ, керісінше ішкі реттелген құбылмалы жүйе бар.
Қазақ поэзиясының дәстүрлі негізі – буын санына құрылған силлабикалық жүйе. Шаханов бұл дәстүрден бас тартпайды, бірақ оны классикалық шеңберде ұстап қалмай, кеңейтеді және икемдейді.Ақын өлеңдерінде қатар кездесетін негізгі буын өлшемдері: 7, 8, 10, 11, 13, 14, 15 және 18 буынды тармақтар. Кейде интонациылық өзгерістерге қарай, тіпті 4 және 19 буындық тармақтар да кездесіп қалады. Бұл құбылыс Шаханов өлеңдерінің құрлысында кездейсоқтық санлмайды, оны полиметриялық силлабика (көп өлшемді буын жүйесі) деп атауға болады. Шаханов поэзиясының ерекше белгісі – ырғақтың кенет өзгеруі. Өлең белгілі бір өлшеммен басталып, ой немесе сезім шегіне жеткен тұста тармақ құрылымы күрт өзгереді, буын саны артады немесе қысқарады, бунақтар бұзылады немесе қайта құрылады және паузалар күшейеді. Сыртай қарағанда бұл поэтикалық «ақау» сияқты көрінгенмен, керісінше эмоциялық шиеленістің формалық көрінісі.
Формалық құбылмалылыққа қарамастан, Шаханов өлеңдері оқуға жеңіл. Бұл бірнеше факторға байланысты, алдымен, сөйлеу тіліне жақын синтаксистік жүйе, енді бірі, логикалық екпіннің айқын сақталады және өлеңнің ішкі ритмітабиғи.
Шаханов поэзиясының формасын бір ғана терминмен анықтау қиын. Сондықтан оны:құрылымдық тұрғыдан құбылмалы силлабикалық поэзия, өлшемдік жақтан полиметриялық жүйе, функциялық тұрғыдан риторикалық поэзия және тарихи тұрғыдан дәстүр мен еркін форманың синтезі ретінде көпқабатты түрде сипаттаған орынды.
Жинақтай айтсақ,Мұхтар Шаханов Қазақ поэзиясында дәстүрлі силлабикалық өлең мен еркін өлеңнің арасындағы жаңа, үшінші форманы қалыптастырды. Бұл форма тұрақты өлшемге тәуелді емес, бірақ толық еркіндікке де жіберілмейді, қайта, мазмұн мен эмоцияға бейімделген динамикалық жүйе ретінде жұмыс істейді.«Мұхтарлық форма» – Қазақ поэзиясындағы дәстүрлі өлшемдер мен еркін поэтиканың тоғысқан ерекше үлгісі. Оның басты жаңалығы қатаң метриканы бұзу емес, керісінше, мағынаны ырғаққа айналдыру. Сондықтан Шаханов поэзиясының формасы техника емес, ойлау тәсілі, құрылым емес, рухани қозғалыс моделі деп сипатталады.
Жалпылай айтқанда, Мұхтар Шаханов поэзиясы – бір ғана тақырыптың немесе бір ғана кезеңнің аясында қалып қоймайтын, уақыт өте келе күрделеніп, тереңдеп отырған тұтас көркем-философиялық жүйе. Оның шығармашылық эволюциясы айқын үш ірі деңгей арқылы көрінеді: лирикалық бастау, философиялық тереңдеу және азаматтық-экзистенциалдық биіктеу. Ерте кезеңде ақын поэзиясы нәзік сезімге, махаббатқа, жастықтың мөлдір әлеміне құрылған лирикалық кеңістік ретінде танылады. Бұл тұста поэзияның өзегі – жеке адамның ішкі толғанысы, табиғатпен үндестігі және махаббаттың идеалданған формасы болды. Ал, сезім – басты өлшем,көркемдік кеңістік – ішкі эмоционалдық әлем еді. Кейінгі кезеңде бұл лирикалық жүйе біртіндеп күрделене түседі. Махаббат ұғымы тек сезім деңгейінде қалмай, моральдық таңдау, жауапкершілік және адамдық өлшем категорияларымен астасады. Бұл кезеңде поэзия жеке сезім шеңберінен шығып, этикалық-философиялық мазмұнға ие болады. «Танагөз» секілді шығармалар арқылы махаббаттың тек романтикалық құбылыс емес, рухани шешім мен өмірлік таңдауға байланысты күрделі феномен екені айқындалады. Ал үшінші, кемелденген кезеңде Шаханов поэзиясы толықтай азаматтық және болмыстық (экзистенциалдық) сипат алады. Мұнда ақын тек сезімді суреттеуші емес, қоғамның моральдық санасын талдаушы, тарихи жадыны жаңғыртушы, ұлттық рухтың жауапкершілігін көтеруші тұлғаға айналады. Тіл, тарих, әділет, сатқындық, ар мәселелері поэзияның негізгі мазмұны ретінде алға шығады.
Осылайша, Шаханов поэзиясының ішкі эволюциясы сезімнен моральға, моральдан ұлттық санаға көтеріліпбіртұтас логикаға бағынады. Оның шығармашылығын біріктіріп тұрған негізгі өзек те осы үш ұғымнан: адам болмысының бастапқы энергиясы махаббаттан, моральдық өлшем мен ішкі бақылау жүйесі есептелетін ардан және жеке адам мен қоғам арасындағы рухани міндет есепті жауапкершіліктен тұрады. Бұл сатылар оның жеке өмірімен, әлеуметтік дамуымен тікелей қатысты. Ақын жаңалығының ең басты қыры – поэзияны тек эстетикалық құбылыс ретінде емес, рухани-этикалық жүйе ретінде қарастыруында. Ол поэзияны сезімнің көрінісінен жоғары көтеріп, моральдық ойлау құралына, ал одан әрі ұлттық сана мен тарихи жауапкершілікті оятатын қоғамдық феноменге айналдырады. Сондықтан Мұхтар Шаханов поэзиясы – жеке авторлық стиль ғана емес, Қазақ поэтикалық ойлау жүйесіндегі трансформациялық құбылыс. Ол поэзияның мүмкіндігін кеңейтіп, оны тек көркем сөз деңгейінен рухани-этикалық және қоғамдық-философиялық деңгейге дейін көтерген тұтас шығармашылық модель ретінде бағаланады.
Авторлық ескертулер: бұл мақала әйгілі ақын Мұхтар Шахановтың поэзиясы туралы алғашқы ізденістер. Еңбек телегей теңіз ақынның тұтас поэзиясының айнасы деуден аулақпыз, тек белгілі беттері ғана. Мақала ұзақ жылдық өз ойымыздың жүлгесі арқылы қалыптасты. Мақаладағы өлеңдер Шахановтың өз туындылары.

