АСТАНА – РУХАНИЯТ ПЕН ТАТУЛЫҚТЫҢ ТӨРІ

ЖАННА- сайт сурет

Жанна Иманқұл,
«Жалын» журналының қызметкері, «Ақпарат саласының үздігі» иегері

 

Астана – Қазақстанның саяси орталығы ғана емес. Ол тәуелсіз мемлекеттің дүниетанымын, болашаққа деген көзқарасын, қоғам мен мемлекет арасындағы қатынастың жаңа үлгісін танытатын рухани кеңістікке де айналып келеді. Елорда төрінде қабылданған саяси шешімдер мемлекеттің даму бағытын айқындаса, осында көтерілген рухани мәселелер қоғамның ішкі тұтастығына, адамдар арасындағы сенім мен келісімге тікелей әсер етеді. Сондықтан Астана туралы сөз қозғағанда оның сәулеті мен мемлекеттік мекемелерін ғана емес, еліміздің қандай қоғам құрып жатқанын, дінге, дәстүрге, сенім бостандығына және адамзаттық құндылықтарға қандай көзқарас ұстанатынын да бірге қарастыру қажет.

Қазақстан Конституциясының бірінші бабында еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны анық көрсетілген. Бұл бір ғана құқықтық анықтама емес. Осы төрт ұғым мемлекеттің бүкіл болмысын айқындайтын іргелі қағидалар. Соның ішінде зайырлылық мәселесі дін туралы әңгіме қозғалған сайын ерекше маңызға ие болады. Кейде зайырлылықты діннен безіну немесе дінді қоғамдық өмірден ығыстыру деп қате түсінетіндер кездеседі. Шын мәнінде зайырлы мемлекеттің мәні бұдан әлдеқайда терең. Зайырлылық – мемлекеттің белгілі бір дінді мемлекеттік идеологияға айналдырмауы, сонымен бірге азаматтың ар-ождан және сенім бостандығына құқықтық кеңістік беруі. Мемлекет адамның жүрегіндегі сенімге үкім шығармайды.

Бірақ қоғамдық қатынастардың заң аясында жүруін қамтамасыз етеді. Осы тұрғыдан келгенде зайырлылық дінге қарсы қойылған тосқауыл емес, түрлі сенім иелерінің бір мемлекетте бейбіт қатар өмір сүруінің құқықтық негізі. Қазақстан үшін мұның маңызы ерекше. Өйткені біздің қоғамымыз тарихи жағынан да, қазіргі әлеуметтік құрылымы жағынан да алуан түрлі. Ресми мәліметтер бойынша Қазақстан аумағында 18 конфессияны қамтитын 4007 діни бірлестік тіркелген. Олардың 2864-і исламдық, 349-ы православтық, 102-сі католиктік бірлестіктер, бұлардан бөлек протестанттық және басқа да діни қауымдар бар. Демек, мемлекеттің дін саласындағы саясаты бір ғана діни топтың мүддесіне емес, бүкіл қоғамның тұрақтылығына, азаматтардың құқықтарына және ел бірлігіне негізделуге тиіс. Осы үлкен мемлекеттік ұстанымның айқын көрінетін орталығы – Астана. Астанада мешіттің азаны да естіледі, шіркеудің қоңырауы да соғылады. Бір көшеде намазға асыққан мұсылманды көрсек, екінші жерде өз ғибадатханасына бара жатқан өзге дін өкілін кездестіреміз. Бірақ олардың бәрінің ортақ Отаны – Қазақстан. Олардың бәрін біріктіретін ең жоғарғы қоғамдық құндылық – елдің тыныштығы мен тұтастығы. Бұл – қарапайым көрінгенімен, аса маңызды қағида.

Дін адамды бөлудің құралына айналмауы керек. Керісінше, шынайы сенім адамды ізгілікке, сабырға, мейірімге, жауапкершілікке бастауға тиіс. Исламның да, христиандықтың да, иудаизм мен буддизмнің да ғасырлар бойғы рухани тәжірибесінде адам өмірінің қадірі, әділет, қайырымдылық, бейбітшілік сияқты ортақ ұғымдар бар. Діндердің догмалық айырмашылықтары болуы заңды, алайда адамзаттың бейбіт өмір сүруге деген мұқтаждығы бәріне ортақ. Қазақстан осы ортақтықты халықаралық деңгейде сөйлесудің тіліне айналдыруға талпынып келеді. Мұның ең айқын көрінісі – Астанада тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі. Былтыр 17-18 қыркүйекте елордада өткен VIII съезге әлемнің шамамен 60 елінен 100-ден астам делегация қатысты. Олардың арасында ислам, христиандық, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм өкілдері, халықаралық ұйымдар мен ғылыми және қоғамдық ортаның өкілдері болды. Осының өзі Астананың халықаралық саяси картадағы қызметіне жаңа мазмұн қосады. Әлемде дін атын жамылған қақтығыстар, этностық және конфессиялық қайшылықтар, қасиетті ұғымдарды саяси мақсатқа пайдалануға ұмтылу әлі де кездеседі.

Осындай кезеңде бір-бірінен сенімі, мәдениеті, дүниетанымы бөлек адамдардың бір үстел басына отырып сөйлесуі – формалды рәсім ғана емес. Диалогтың өзі бейбітшіліктің құралына айналады. Былтыр Елордада өткен VIII съездің «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» атты тақырыбы да осы ізденістің көрінісі деуге анық болады. Форум аясында XXI ғасырда адамзатты жұмылдырудағы діндердің рөлі, діндердің орнықты дамуға ықпалы, цифрлық даму мен жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтар және экстремизмге қарсы діндердің бітімгерлік әлеуеті сияқты мәселелер талқыланды. Бұл тақырыптарға зер сала қарасақ, қазіргі дін саясатының бұрынғыдай тек мешіт, шіркеу немесе ғибадат мәселесімен шектелмейтінін аңғарамыз. XXI ғасырдағы діни саясат адамзаттың технологиялық дамуы, ақпараттық қауіпсіздігі, жастар тәрбиесі, экстремизм, соғыс пен бейбітшілік, мәдени бірегейлік сияқты аса күрделі мәселелермен тоғысып отыр. Әсіресе жасанды интеллект пен цифрлық өркениет дәуіріндегі рухани құндылық мәселесі терең ойлануды қажет етеді. Адамзат техника жағынан бұрын-соңды болмаған мүмкіндікке жетті. Бірнеше секундтың ішінде әлемнің екінші шетіндегі адаммен тілдесеміз. Жасанды интеллект кітап жазады, сурет салады, ақпарат талдайды. Ғылым адам геномын зерттеп, ғарыштың тереңіне көз жібере бастады. Бірақ осы жетістіктер адамның рухани дүниесін автоматты түрде кемелдендіріп жібермейді. Технология адамға құрал береді. Ал сол құралды не үшін пайдаланатынын ар-ұждан шешеді.

Сондықтан өркениет дамыған сайын адамгершілік мәселесі кейінге ысырылмай, керісінше алдыңғы қатарға шығуы керек. Ғылым бізге «қалай жасауға болады?» деген сұраққа жауап береді. Ал «оны жасауға бола ма?», «бұл адамға пайдалы ма?», «мұның ар алдында жауапкершілігі қандай?» деген сауалдарға ғылымның өзі ғана толық жауап бере алмайды. Бұл жерде философия, мәдениет, дәстүр, дін, адамгершілік тәрбие қатар сөйлейді. Астана мінберінен осы мәселелердің көтерілуі сондықтан маңызды. Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында дін ешқашан тек рәсімдер жиынтығы болған емес. Иман адамның мінезімен өлшенген. «Ұят болады», «обал болады», «сауап болады» деген үш-ақ ауыз сөздің өзі тұтас бір моральдық жүйенің қызметін атқарған. Қазақ баласына заң кітабын ашып көрсетпей-ақ, обал мен сауаптың парқын үйреткен. Үлкеннің алдын кеспеу, жетімге жәрдемдесу, қонақты құрметтеу, әлсізге қиянат жасамау, нанды аяққа баспау – мұның бәрінде діни және ұлттық этика бір-бірімен астасып жатты. Сондықтан Қазақстандағы дін саясатын ұлттық руханияттан бөліп қарау қиын. Алайда осы жерде маңызды бір шекара бар. Дәстүрлі құндылықты қорғау дегеніміз қоғамды өткен заманға қайтару емес. Діндарлық дегеніміз ғылымнан бас тарту емес. Зайырлылық дегеніміз руханиятты жоққа шығару емес.

Қазіргі Қазақстан осы ұғымдардың арасындағы тепе-теңдікті табуға тиіс. Астана – дәл осындай тепе-теңдік ізделетін саяси кеңістік. Елорданың сәулетіне көз салсаңыз да белгілі бір символдық үндестікті байқауға болады. Бір жағында мемлекеттік институттар, университеттер, ғылыми орталықтар, заманауи технология мен бизнес кеңістігі тұр. Екінші жағында мешіттер мен өзге да ғибадат орындары бар. Бұл көрініс Қазақстан қоғамының өзіндік болмысын аңғартады: біз XXI ғасырдың технологиялық өркениетіне ұмтыла отырып, рухани тамырымызды жоғалтқымыз келмейді. Мәселе – осы екі дүниені бір-біріне қарсы қоймауда. Ғылым мен иман міндетті түрде жау қылудың керегі жоқ.

Мемлекет пен дін де міндетті түрде қарсы тараптар емес. Олардың қызмет ету салалары бөлек болғанымен, адам игілігі деген ортақ кеңістікте түйісетін тұстары жеткілікті. Мемлекет жол салады, мектеп ашады, аурухана тұрғызады, заң қабылдайды. Бірақ заң адамның барлық ішкі әрекетін бақылап отыра алмайды. Адам жалғыз қалғанда оның ісін полиция емес, ар-ұяты бақылайды. Ал ар-ұятты тәрбиелеуде отбасының, әдебиеттің, мәдениеттің, дәстүрдің және діннің орны бар. Сондықтан руханияты әлсіз қоғамды тек заңның күшімен ұстап тұру қиын. Заңнан қорыққан адам бақылаушы жоқ кезде заң бұзуы мүмкін. Ардан қорыққан адамды ешкім көрмесе де жамандықтан тартынуға тырысады. Қоғамның ішкі беріктігі осыдан басталады. Бірақ діннің осындай моральдық күшін саяси мақсатқа пайдалану үлкен қауіп тудырады.

Дін адамдарды ізгілікке шақырған кезде қоғамға қызмет етеді. Ал ол билікке жетудің, бір топты екінші топқа қарсы қоюдың немесе азаматтарды «діндар» және «дінсіз» деп жіктеудің құралына айналған сәтте өзінің рухани міндетінен алыстайды. Сол себепті зайырлы мемлекеттің міндеті – сенімді тұншықтыру емес, діннің саясилануына және діни ұрандардың қоғамды бөлу құралына айналуына жол бермейтін құқықтық тәртіп қалыптастыру. Еліміздегі қолданыстағы заңнамада діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың заң негізінде жүзеге асырылатыны бекітілген.

Ал 2024-2028 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту тұжырымдамасы зайырлы даму қағидаттарын нығайтуға, мемлекет пен конфессиялар арасындағы қатынастарды жетілдіруге бағытталған. Бұл бағыттағы ең күрделі мәселелердің бірі – діни сауат. Діни сауатсыз адамды алдау оңай. Интернет дәуірінде бұрынғыдай жат идеологияны тарату үшін жасырын кітап немесе астыртын уағызшы іздеудің қажеті жоқ. Смартфонның экраны арқылы кез келген идея адамның үйіне кіре алады. Әсіресе өмірлік тәжірибесі қалыптаспаған жас адам әлеуметтік желідегі бірнеше минуттық бейнені діни ақиқат деп қабылдауы ықтимал. Алгоритм адамның алдына өзі қызыққан мазмұнды қайта-қайта шығарады. Бір бейнені көрген адамға соған ұқсас ондаған материал ұсынылады. Сөйтіп, ол өзі байқамастан бір ғана дүниетанымдық ақпараттық кеңістікке қамалып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда тыйым салудың өзі жеткіліксіз. Жас адамға «мұны көрме» деу оңай. Бірақ «неге көрмеу керек?» деген сұраққа сенімді жауап берілмесе, тыйым кері әсер етуі де мүмкін. Сондықтан діни қауіпсіздіктің ең тиімді жолдарының бірі – білім.

Адам өз дінінің тарихын, ұлттық дәстүрін, мемлекетінің заңын, әлемдік діндердің ерекшеліктерін және ақпаратты сын тұрғысынан бағалауды білсе, радикалды насихатқа қарсы ішкі иммунитет қалыптастырады. Діни экстремизммен күресті діннің өзімен күресуге айналдыруға болмайды. Бұл екеуінің ара-жігін ажырату аса маңызды. Радикализм – сенімнің тереңдігінен емес, көбіне сенімді бұрмалап түсіндіруден, әлеуметтік және психологиялық факторлардан, саяси манипуляциядан туындайтын күрделі құбылыс. Шынайы діни білім адамды өмірден безуге емес, жауапкершілікке шақыруға тиіс. Ислам дәстүріндегі «ілім» ұғымының орны ерекше. Құранның алғашқы түскен аятының «Оқы!» деген бұйрықпен басталуының өзі білімнің қадірін көрсетеді. Қазақ даласындағы ислам өркениеті де білімнен бөлек дамыған жоқ. Отырардан шыққан әл-Фараби, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – біздің рухани тарихымыздың ғылым мен иманды бір-біріне қарсы қоймағанын көрсететін үлкен өркениеттік сабақ. Ясауи адамды ең алдымен өзін тануға, нәпсісін тәрбиелеуге шақырды. Оның іліміндегі рухани күрес басқа адамды жеңу емес, адамның өз бойындағы менмендік, ашкөздік, қатыгездікпен күресі еді. Бұл түсінік бүгін де өзекті. Өйткені қазіргі дүниеде адам сыртқы әлемді өзгертуге соншалықты құштар болғанымен, өзін өзгертуге келгенде дәрменсіздік танытып жатады.

Біз қалалар салдық, ғарышқа жасанды серіктер жібердік, жасанды интеллект жасадық. Бірақ қызғаныш, өшпенділік, соғыс, ашкөздік сияқты адамзаттың көне кеселдері жоғалған жоқ. Демек, техникалық прогресс рухани прогреске өздігінен алып келмейді. Астана осы тұрғыдан ерекше символдық мәнге ие. Бірнеше онжылдықтың ішінде бой көтерген заманауи қала ретінде ол Қазақстанның болашаққа ұмтылысын көрсетеді. Ал осы қалада әлемдік дін лидерлерінің бас қосуы болашақ тек бетоннан, шыныдан, цифрлық технологиядан тұрмайтынын еске салады. Қала салуға болады. Ал қоғам құру әлдеқайда қиын. Ғимаратты бірнеше жылда тұрғызуға болады. Адамдар арасындағы сенімді қалыптастыруға ондаған жыл кетеді. Экономиканы инвестициямен дамытуға болады. Ал рухани мәдениетті ақшаға сатып ала алмайсың.

Сондықтан мемлекеттің ең үлкен капиталы – мұнай да, газ да, металл да емес. Оның ең үлкен капиталы – бір-біріне сенетін азаматтар. Сенім жоғалған жерде қоғам әлсірейді. Діндер арасындағы сенім де осы жалпыұлттық сенімнің бір бөлігі. Қазақстанда мұсылманның христианнан, христианның мұсылманнан қорықпай өмір сүруі – күнделікті тіршілікте байқала бермейтін, бірақ аса құнды қоғамдық жетістік. Оны табиғи нәрсе деп қабылдап, қадірін ұмытуға болмайды. Әлемнің кейбір өңірлеріндегі діни және этностық жанжалдарға қарасақ, бейбітшіліктің өздігінен орнамайтынын көреміз. Бейбітшілік те күтімді қажет етеді.

Сол себепті де Астана бейбітшілік декларациясында мәдениеттер мен діндер арасындағы диалогты нығайту, өзара құрметті қалыптастыру және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері ортақ құндылықтар ретінде аталды, халықаралық қоғамдастықты дінаралық диалогты, өзара түсіністік пен бейбітшілік мәдениетін нығайтуға шақырған қағидалар көрініс тапты. Құжатта Қазақстанның мәдениетаралық, дінаралық және конфессияаралық диалогтың халықаралық орталығы ретіндегі рөлі де атап көрсетілді. Тағы да нақтылай түссек, съезд қатысушылары Қазақстанды мәдениетаралық және конфессияаралық диалогтың маңызды орталығы ретінде атап өтті. Бұл – халықаралық форумға қатысушылардың берген бағасы. Ал оның шынайы салмағы сол қағидалардың күнделікті қоғамдық өмірден қаншалықты орын алатынымен анықталмақ. Астанада айтылған бейбітшілік сөзі ауылдағы адамның өмірінен көрінуі керек. Астанада айтылған дінаралық құрмет мектептегі баланың тәрбиесінен байқалуы керек. Астанада айтылған адам қадірі мемлекеттік мекемеге келген қарапайым азаматқа жасалған қарым-қатынастан сезілуі керек. Сонда ғана үлкен мінбердегі сөз бен күнделікті өмірдің арасы жақындайды. Руханият дегеніміз де тек мінберден айтылатын ұлы сөз емес. Руханият – адамның адамға жасаған қарым-қатынасы. Көршіңе көрсеткен құрметің. Қартқа берген орның. Жетімнің басынан сипауың. Өзге дін өкілін жау санамауың. Біреудің ақысын жемеуің. Қызметіңді адал атқаруың. Еліңнің заңын құрметтеуің. Отанға деген жауапкершілігің. Осындай қарапайым істерден үлкен қоғамдық келісім құралады. Қазақстанның діни саясаты да түптің түбінде осы қарапайым ақиқатқа қызмет етуі керек.

Мұндай халықаралық алаңның Қазақстан үшін маңызы тек сыртқы беделмен өлшенбеуі керек. Оның ішкі қоғамға беретін сабағы одан да маңызды. Әлемдік дін лидерлерін бір үстелге отырғыза алған ел өз азаматтарын да бір-бірін тыңдауға үйретуі қажет. Диалог тек халықаралық форумда емес, отбасында да керек. Мектепте де керек. Мешіт пен қоғам арасында да керек. Діндар мен дінге сенбейтін азамат арасында да керек. Үлкен мен жас арасында да керек. Өйткені келісім дегеніміз бәрінің бірдей ойлауы емес. Келісім – әртүрлі ойлайтын адамдардың бір елде бір-бірінің өмір сүру құқығын құрметтеуі. Қазақстандық зайырлылықтың болашағы да осындай мәдениетке байланысты. Біз зайырлылықты тек заң термині ретінде қалдырмай, қоғамдық мәдениетке айналдыра алуымыз керек. Діндар адам зайырлы мемлекетті өзінің сеніміне қарсы құрылым деп қабылдамауы керек. Дінге сенбейтін адам да діндар азаматты заманнан қалған құбылыс деп кемсітпеуге тиіс. Екеуінің де құқығын мемлекет қорғайды. Екеуінің де міндеті – заңды сақтау. Екеуінің де Отаны – Қазақстан. Осы қарапайым қағида қоғам санасына терең орныққанда ғана зайырлылық өзінің шынайы мазмұнына ие болады. Бұл мәселеде дін қызметкерлерінің жауапкершілігі де үлкен. Имам немесе басқа діни қызметкер тек діни рәсім атқарушы адам болып қалмауы тиіс. Қоғам оған рухани бағыт сұрап келеді. Сондықтан оның әрбір сөзі адамдардың санасына әсер етеді. Мінберден айтылған сөз қоғамды жарастыра да алады, араздастыра да алады. Дін қызметкерінің білімділігі, мәдениеті, ұлттық тарихты білуі, қазіргі қоғамның мәселелерін түсінуі сондықтан аса маңызды.

Қазақ даласындағы дін ешқашан ұлттық мәдениеттен бөлек өмір сүрген емес. Бабаларымыз исламды қабылдағанда тілін тастаған жоқ, домбырасын сындырған жоқ, жырын ұмытқан жоқ. Керісінше, исламдық дүниетаным қазақтың дәстүрлі мәдениетімен ғасырлар бойы сабақтасып дамыды. Қожа Ахмет Ясауи хикметін түркі тілінде айтты. Абай иманды қазақтың қара сөзімен түсіндірді. Шәкәрім ар ілімін ұлттық ойлау жүйесімен сабақтастырды. Олардың мұрасы бізге дін мен ұлттық болмыстың бір-бірін жоққа шығаруға міндетті емес екенін көрсетеді. Бірақ көнеден келе жатыр деп, кез келген әдетті қасиетті ету де дұрыс емес. Сол сияқты дін деген атпен қазақтың бүкіл тарихи мәдениетін жоққа шығару да жаңсақтық. Біздің алдымызда тұрған міндет – ғасырлар бойы қалыптасқан рухани тәжірибені қазіргі заманның талаптарымен үйлестіру. Осы тұста отбасының орны айрықша. Дін мәселесін тек мемлекет пен мешітке тапсырып қою жеткіліксіз. Баланың алғашқы дүниетанымы отбасында қалыптасады. Ол жақсылық пен жамандықтың айырмасын ең әуелі әкесінің ісінен, анасының сөзінен көреді. Егер үйде өтірік айтылып, бірақ балаға адал бол деп уағыз айтылса, уағыз әсер етпейді. Егер ата-ана өзгеге құрмет көрсетпесе, баладан толеранттылық күту қиын. Рухани тәрбие сөзден бұрын үлгіден басталады. Мектеп те осы үдерістен шет қалмауы керек. Бірақ мектептің міндеті белгілі бір діни сенімді насихаттау емес. Оның міндеті – балаға діннің тарихтағы және мәдениеттегі орнын сауатты түсіндіру, зайырлы мемлекеттің қағидаларын үйрету, жат идеологияны ажырататын сыни ойлау қабілетін қалыптастыру.

Діннен мүлде хабары жоқ ұрпақ діни манипуляцияға оңай ұрынуы мүмкін. Сол себепті діни сауат пен зайырлы білім бір-біріне қарсы емес. Керісінше, сауатты зайырлы қоғам дінді де сауатты түсінеді. Бүгінгі Астананың алдында осындай үлкен рухани міндет тұр. Елорда елге заң ғана емес, мәдени үлгі де ұсынуы тиіс. Астанадағы қоғамдық қатынас, түрлі этнос мен дін өкілдерінің өзара сыйластығы, жастардың білімге ұмтылысы, мемлекеттік институттардың әділеттілігі бүкіл елге ықпал етеді. Өйткені Астана әрқашан мемлекеттің айнасы. Әділетті қоғам құру мен руханияттың арасында да терең байланыс бар. Адамға қанша имандылық туралы айтқанмен, егер ол күнделікті өмірде әділетсіздікке қайта-қайта тап болса, қоғамдық сенім әлсірейді. Сондықтан рухани саясат тек уағыздан тұрмайды. Әділетті заң, адал еңбек, жемқорлықтан арылу, әлсіздің құқығын қорғау, білімге тең мүмкіндік беру – бұлардың бәрі де қоғамның моральдық ахуалына әсер етеді.

Діннің басты мұраттарының бірі де әділет ұғымымен сабақтас. Әділетсіз қоғамда діни ұран көбейгенімен, руханият күшеймеуі мүмкін. Керісінше, адамның қадірі қорғалған, еңбегі бағаланған, заңы бәріне ортақ қоғамда моральдық жауапкершілік нығаяды. Сондықтан мемлекет пен діннің өзара қарым-қатынасын тек «кімнің құзыреті қай жерге дейін?» деген сұрақпен шектеуге болмайды. Негізгі мәселе – адамның қадір-қасиеті. Адам мемлекет үшін де құнды. Адам дін үшін де құнды. Осы жерде екеуінің гуманистік мақсаты түйіседі. Астана төріндегі дінаралық кездесулердің түпкі мағынасы да осында. Әлемге біздің ғимараттарымыздың биіктігін көрсету жеткіліксіз. Еліміз адамзатқа адамдардың бір-бірін кемсітпей, қорламай, сенімі үшін қудаламай, айырмашылықтарына қарамастан сөйлесе алатынын көрсете алса – бұл әлдеқайда маңызды жетістік. XXI ғасырда мұндай тәжірибенің құны арта түседі. Өйткені әлем технология арқылы жақындағанымен, рухани жағынан әрдайым жақындасып жатқан жоқ. Әлеуметтік желілер адамдарды байланыстырумен бірге оларды қарама-қарсы топтарға да бөледі. Жалған ақпарат, діни арандату, өшпенділік тілі шекара танымайды. Бұған жауап тек цензура болмауы керек. Оған жауап – мәдениет. Білім. Сындарлы ойлау. Рухани иммунитет. Жауапкершілік. Диалог. Осы құндылықтар орныққан қоғамда жат идеологияның тамыр жаюы қиындайды.

Қазақстанның дін саласындағы саясатының ұзақ мерзімді нәтижесі де қабылданған құжаттардың санымен емес, қоғамның сапасымен өлшенбек. Егер жас ұрпақ өз дінін құрметтей отырып, өзгенің сеніміне жаулықпен қарамаса – бұл нәтиже. Егер иманды адам мемлекеттің зайырлы сипатын өзінің сеніміне қауіп деп қабылдамаса – бұл нәтиже. Егер дінге сенбейтін азамат діндар адамды кемсітпесе – бұл нәтиже. Егер мешітке барған жас радикализмге емес, білімге, еңбекке, отбасына, елге қызмет етуге ұмтылса – бұл нәтиже. Егер әртүрлі конфессия өкілдері ортақ Отанның болашағы үшін бірге еңбек етсе – бұл нәтиже. Мұның бәрі Астанадан басталуға міндетті емес, әрине. Бірақ Астана осы құндылықтардың мемлекеттік деңгейдегі символына айнала алады. Елордада әлемдік дін басшыларының бас қосуы – соның бір көрінісі. Олар Астанаға бір-бірін өз дініне кіргізу үшін келмейді. Олар бір-бірінің сенімінен бас тартуын талап ету үшін де жиналмайды. Диалогтың мәні – айырмашылықты жою емес, айырмашылыққа қарамастан бейбіт өмір сүрудің жолын іздеу. Бұл – біздің қоғамымыздың өзіне де қажет қағида. Біз де бәріміз бірдей болмаймыз. Біріміз діндармыз. Біріміз дінге басқаша қараймыз. Біріміз мешітке барамыз. Біріміз бармаймыз. Бірақ бізді біріктіретін нәрсе сенім айырмашылығынан әлдеқайда үлкен болуы керек. Ол – ортақ ел. Ортақ жер. Ортақ тарих. Ортақ жауапкершілік. Ортақ болашақ. Қазақстанның күші де осында.

Біздің даламызда ғасырлар бойы түрлі мәдениеттер тоғысты. Ұлы Жібек жолымен тек тауар жүрген жоқ. Онымен бірге идеялар, діндер, тілдер, өркениеттер жүрді. Отырар мен Түркістан сол рухани алмасудың куәсі болды. Енді сол тарихи сабақтастықтың жаңа кеңістігі ретінде Астана қалыптасып келеді. Кеше керуендер кездескен Ұлы далада бүгін әлемдік дін лидерлері кездеседі. Кеше даналар сөзбен мәміле іздесе, бүгін халықаралық форумдар диалог арқылы бейбітшілік іздейді. Заман өзгерді. Бірақ адамның бейбіт өмірге деген мұқтаждығы өзгерген жоқ. Астана осы ақиқатты әлемге еске салатын қала бола алса, оның тарихи миссиясы әкімшілік астана болудан әлдеқайда биікке көтеріледі. Бізге дінді саясаттың құралына айналдырмайтын, бірақ руханияттың қоғамдағы орнын да жоққа шығармайтын парасатты мемлекеттік ұстаным қажет. Бізге сенімді құрметтейтін, бірақ заңның бәріне ортақ екенін мойындайтын қоғам қажет. Бізге мешіті де ашық, мектебі де мықты мемлекет қажет. Бізге иманды да білімді, ұлттық тамырын білетін де әлемдік өркениетпен қатар жүре алатын ұрпақ қажет. Сонда зайырлылық пен руханият бір-біріне қарсы ұғымдар болып көрінмейді. Бірі мемлекеттің құқықтық тәртібін сақтайды. Екіншісі адамның ішкі әлемін тәрбиелейді. Ал екеуінің ортасында Адам тұрады. Ақырында барлық саясаттың да, барлық заңның да, барлық діни насихаттың да мәні адамға барып тіреледі. Адам болмаса мемлекет кім үшін құрылады? Адам болмаса дін кімге жол көрсетеді? Адамның қадірі қорғалмаса, өркениеттің жетістігі кімге керек? Сондықтан Қазақстанның дін саласындағы саясатының ең биік өлшемі – адамның қадір-қасиеті, қоғамның тыныштығы және елдің бірлігі болуы тиіс. Астана осы идеяның мінберіне айналып келеді.

Біз әлемге бейбітшілік туралы айтудан бұрын өз ішіміздегі бейбітшіліктің қадірін білуіміз қажет. Өзіміздегі келісімді сақтай отырып қана өзгеге үлгі көрсете аламыз. Астана – сол жауапкершіліктің қаласы. Ол мемлекеттік биліктің орталығы болғандықтан ғана емес, әлемнің түрлі рухани дәстүрлерін бір шаңырақ астына шақырып отырғандықтан да жауапты. Кезінде Ұлы дала Шығыс пен Батыстың арасын жалғаған кеңістік болса, бүгінгі Қазақстан да өркениеттер арасындағы сұхбатқа өз үлесін қоса алады. Ол үшін бізге даңғаза емес – парасат керек. Төзімсіздік емес – түсіністік керек. Діни сауатсыздық емес – терең білім керек. Бөліну емес – бірлік керек. Ал бірлік бәрінің бірдей болуынан тумайды. Бірлік – әртүрлі адамдардың ортақ құндылық төңірегінде топтасуынан туады. Еліміздің сол ортақ құндылығы – тәуелсіздік, бейбітшілік, адам қадірі, заң үстемдігі және ел тұтастығы. Дін осы құндылықтарды нығайтса – қоғамның рухани тірегіне айналады. Ал мемлекет азаматтың сенім бостандығын сақтап, барлық конфессияға заң алдында тең мүмкіндік беріп, радикализм мен өшпенділікке жол бермесе – зайырлылық өзінің шынайы қызметін атқарады. Осындай тепе-теңдікке жету оңай емес. Бірақ біз таңдаған жолдың мәні де осында.

Астананың көкжиегіне қарағанда жаңа Қазақстанның сәулетін көреміз. Ал оның рухани келбетін зәулім ғимараттар емес, сол ғимараттардың арасында өмір сүретін адамдар қалыптастырады. Егер олардың жүрегінде мейірім болса – Астана мейірімді қала болады. Егер олардың санасында білім болса – Астана парасатты қала болады. Егер олардың арасында сенім мен құрмет болса – Астана бейбітшілік қаласы болады. Сонда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Астанаға келуі жай халықаралық жиынның тарихы болып қалмайды. Елордамыздың адамзатқа ұсынған қарапайым, бірақ аса маңызды ойының көрінісіне айналады. Өзара құрмет бар жерде дін бөлетін күш емес, адамдарды ізгілікке бастайтын рухани көпір бола алады. Астананың рухани миссиясы да осында.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *