Кудияр Билал сайт сурет

Құдияр БІЛӘЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері

 

***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын» деген хикметінде:

«Әзелде тағдыр жазса Хақ жамалын,

Жүз мың шайтан қас қылса да жоқ зауалы.

Күннен күнге артық болғай жағдай, халы,

Дана болып Хақ жолдарын ашар, достар», — дейді.

Біреу — ерте, біреу — кеш дүниеден озады. Біреу — жәннатқа, біреу — тозаққа барады. Біреу — бай, біреу — кедей. Біреу — ауру, біреу — сау. Бұл — тағдыр.  Алайда, тағдыр — Алланың әмірі емес. Дегенмен тағдырға байланысты әрқилы көзқарастар, ағымдар болған. Мәселен, қадарилер: «Адамның өз қалау-еркі өзінде, адамның іс-әрекетінде құдайлық тағдырдың ешбір қатысы жоқ», — десе, жабарилер: «Барлық нәрсе құдайдың жазмышымен, белгілеуімен болады, мұнда адамдық қалаудың ешбір рөлі жоқ», — дейді.

Біз бұл қос ағымды да қош көрмейміз. Соған орай сунниттік ғұламалар қалау еркіндігін жақтаушылар мен жоққа шығарушыларға қарсы қадарилік пен жабарилік сенімнің түп тамырында грек немесе христиан философиясының жатқандығын дәлелдеп, үнемі сынға алумен болды.

Солай бола тұра Яссауи бабамыз: «Әзелде тағдыр жазса», — дейді. Демек біз өз тағдырымызбен бірге туамыз. Бұл тұрғыда Ғазали хазреті: «Адамның дамуы – ол туғанға дейін оның тағдыр кітабына жазылған және ол кітапты өмір бойы алып жүреді. Уақыт ағынымен жүрген адам ол кітаптың мазмұнын білмес», — дейді.

Алайда біз өз тағдырымыздың қай бағытқа бұрылып кететіндігін білмегенімізбен, оны Алла жақсы біледі. Соған орай біз тағдырға иман келтіреміз. Бұл тұрғыда Жалаладдин Руми хазреті бүй дейді:

«Енді сен Алланың үстемдігін біліп тұрсаң онда сенің момындығың қайда, Алланың берген тағдырына тәсілім болғаның қайда?,

Сенің Құдіретті Аллаға мұқтаж болған сезімің қайда?, Аяқ қолы кісенделген адам қалай билей алады?!»

Демек, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Әзелден тағдыр жазса Хақ жамалын, жүз мың шайтан қас қылса да жоқ зауалы». Соған орай біз де әр адамның соңғы демі қалай шығатынын білмегендіктен, оған баға бере алмаймыз. Тек біз де Ғазали хазреті сынды:

«Кімде-кім Аллаһты жақсы көремін дей тұра, тағдырындағы қиыншылыққа шыдамаса – өтірікші», — деп қоямыз.

Бәрімізге белгілі. Өмір — өзен. Өзен болған соң әр сәт сырғып ағып, көзден ғайып болуда. Өткенге көз салсақ, ағаттық та, өкініш те аз емес. Алайда ол — біздің тағдырымыз. Соған орай Оспан хазреті: «Барлық нәрсенің тағдырмен белгіленгенін біле тұра, қолдан шыққан нәрсеге қайғырған адамға таңданамын», — дейді.

Сонымен өмір өтуде. Біз тағдыр жазуының соңғы шегіне жақындап келеміз. Ол шекте бізге Хақ жамалын көру нәсіп болған. Тағдыр жазуы солай. Соған орай біздің өміріміз де сол бағытқа қарай өзгере бастайды. Оған, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Жүз мың шайтан қас қылса да» кедергі келтіре алмайды. Қайта: «Күннен күнге артық болғай жағдай, халы». Не керек, ең соңында: «Дана болып Хақ жолдарын ашар, достар».

Жалпы мұсылмандар тағдыры осы ыңғайда өрістейді. Жасы келген адамдардың дінге бет бұра бастайтыны сондықтан.

 

 

***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын» деген хикметінде:

«Махаббаттың майданында жанын қиған,

Хақиқаттың дариясынан гауhар алған.

Мағрифаттың білімін ішке салған,

Жүрсе-тұрса дүр гауhарын шашар, достар», — дейді.

Махаббат — алау сезім. Оны білеміз. Ғашықтық отына шарпылған кезіміз ешқашан жадымыздан шықпайды. Жандық, күйдік, өртендік. Артымызда — майдан даласы. Қазір басылғанбыз. Себебі, тіріміз. Ал жанын қиғандар… Олар аңыз.

Рас, бәріміз де махаббат майданын бастан кештік. Ол майданның соншалықты даңқты болуы шарт емес. Сол майданда біреу жараланды, біреу ажал құшты, көбі — жеңіс тұғырына көтерілді. Алайда сол жеңіс тұғырына көтерілгендерге қарағанда, жаралылар мен ажал құшқандар махаббаты ұдайы алаулайды да тұрады. Себебі олар махаббат майданы даласында қалып қойғандар. Ал жеңіс тұғырына көтерілгендер үшін ол — өткен шақ.

Дінге келейік. Аллаға ғашықтарда өткен шақ болмайды. Себебі олар сол жолда жанын қияды. Алайда ол жан қию — өз-өзіңе қол жұмсау емес. Ол — жоқ болу. Ғашығың бар, сен жоқсың. Сендегі тек махаббат қана. Махаббат майданына сен тек сондай хәлде ғана ене аласың. Бұл тұрғыда хакім Абай:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті», — дейді.

Басы ашық жәйт. Мына материялды әлемнен Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған «Махаббат майданын» таба алмайсың. Егер тапқың келсе, онда Жалаладдин Руми хазреті айтпақшы: «Сен назарыңды қатты өзгергісі келген адамдарға аудар, олар жылап отырып махаббатқа, ізгілікке, еркіндікке ауысады».

Ол ауысу жолдары: материялды әлемде — шариғат; руханиятта — тариқат; Пайғамбарымыз (сғс) әлемінде — мағрифат; Аллалық сипат әлемінде — ақиқат. Соған орай Яссауи бабамыз: «Хақиқаттың дариясынан гауhар алған, мағрифаттың білімін ішке салған», — дейді.

Әрине, ондай жан Ұлы ұстаз айтпақшы: «Жүрсе-тұрса дүр гауhарын шашар, достар».

 

 

***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын» деген хикметінде:

«Ғашық сол дүр жанын Хаққа құрбан қылса,

Зікір салып шар тарапқа сахар тұрса.

Жарандардан жақсылық, пайда көрсе,

Сұлтан болып дүр гауhарын шашар, достар», — дейді.

Ғашықтық туралы қалам тартпаған ақын, не жазушы жоқ. Композиторлар да ғашық отын үрлеп бағады. Біз де ғашық болып көргенбіз.

Осы жерде, өзіміз де байқамай, шындықтың бетін аштық. Ол шындық «көргенбіз» деген сөздің астарында жасырынып тұр. Шынтуайтына келгенде, бұл шындық — барлық адам баласына тән.

Байыбына барсақ, «көргенбіз» сөзі бізге (материялды әлемге) тән ғашықтықтың өткінші екендігін аңғартып тұр. Оның өткінші болатынын нәпсі қалауына әкеліп тіреуге де болады. Бұл тұрғыда Абай атамыз:

«Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол,

Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.

Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,

Мен не болсам болайын, сен аман бол», — дейді.

Сонымен ғашықтық пен құмарлықтың аражігін ажыраттық. Ғашықтық: «Мен не болсам болайын, сен аман бол» дегенге саяды екен. Демек ғашық адам ғашығы үшін құрбандыққа бара алады. Алайда ол құрбандық — жан қию емес.

Енді осы ғашықтықты үстемелейік. Ол — ананың өз баласына деген махаббаты. Бәрімізге белгілі, ана баласы үшін жанын қия алады. Алайда ол — бағдарламалық махаббат. Бағдарламалық болатыны, қай ана да өз баласынан өзгеге жанын қимайды. Демек, анаға тән махаббат оған Алладан берілген. Иесі — Алла.

Сонымен біз өзімізге тән ғашықтықтың көзін таптық. Ол — біздің рухымыз. Гауhар да сол.

Біз өзімізді таныған, яғни, материялды әлемнен шығып, руханиятқа қадам басқан кезде Аллаға ғашық боламыз. Бұл — бірінші құрбандық. Соған орай біз тәнді (материялды әлемді) тәркі еттік.

Келесі қадам. Ол — мағрифат. Мағрифатты — жанып тұрған шам делік. Біз сол шамға ғашықпыз. Материялды әлемдегі бізге тән ғашықтық, сол шамның нұрын сезіну. Мағрифатта біз сол шаммен бетпе-бет келіп тұрмыз.

Ақиқат — өзің шам болу. Жан қию — сол. Соған орай Шамс Тибризи хазреті: «Шам болу оңай емес. Жарық беруден әуел жануың керек», — десе, Яссауи бабамыз: Ғашық сол дүр жанын Хаққа құрбан қылса», — дейді.

Әрине, ол жан, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Сұлтан болып дүр гауhарын шашар, достар».

 

***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын» деген хикметінде:

«Хақ тағалаға мойынсұнған мұнда тұрмас,

Жұртқа жайып ишандығын мақтан қылмас.

Қайда барса пақыр-міскінмен дүкен құрмас,

Ғаріп болып, ойраны шығып көшер, достар», — дейді.

Басы ашық жәйт. Біз ешкімге, ешқашан мойынсұнған емеспіз. Жалпы бізде мойынсұну туралы түсінік те жоқ. Алайда осы жоқ түсінікпен өзімізді Алланың құлы сезінеміз.

Сезінеміз дегенді сөздің ретіне қарай айттық. Шынтуайтына келгенде бізде ондай сезім жоқ. Сезім жоқ болатыны, біз құл мәнін де жете түсінбейміз. Біздің түсінетініміз, әр пенде — Алланың құлы. Демек, мұсылмансың ба, ендеше Аллаға құлсың.

Байыбына барсақ, мойынсұну мен құл бір ұғым. Сондықтан да мойынсұну тек құлдарға тән. Себебі құлда ерік жоқ. Соған орай қожайыны не айтса да тәсілім болады. Жалпы жады құл болып кеткендер өз қожайындарын тәңірге балайды. Соны үлгі тұтады, сондай болуға тырысады.

Егер біз мойынсұну мен құл мәнін осылай сезінсек, онда біз де жер басып жүрмес едік. Сонда Яссауи бабамыз: «Хақ тағалаға мойынсұнған мұнда тұрмас», — деген хикметін бізге қарата айтар еді.

Мойынсұнуға келейік. Бір ауық көз алдыңызға ажалға мойынсұнған адамды келтіріңіз. Күні санаулы. Кез келген уақыт өмірінің соңғы сәті болуы мүмкін. Барлық үміті кесілген. Сіз сол адамды дүниеге мойын бұрғыза аласыз ба? Ол — әсте мүмкін емес. Хаққа мойынсұнған адам да тура сол тәрізді.

Бұл тұрғыда Әбу Осман әл-Мағриби хазреті: «Мүрит нәпсіқұмарлықты тастап, Аллаһқа ғибадатқа және мойынсұнуға бет бұруы қажет. «Сәфәр дәр уатан» сөзінің мақсаты — бір елден екінші бір елге бару емес, адамның ішкі жан дүниесіндегі Аллаһқа (жәллә жәләлүһү) қауышуы. Мүрит Пір (кәміл мүршид) тапқан кезде сырттай сапарды тастап, іштей сапарды бастайды», — дейді.

Біз Хаққа тап осылайша мойынсұнған жанды бар деп білмейміз. Себебі ол, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Жұртқа жайып ишандығын мақтан қылмас». Сондай-ақ «Қайда барса пақыр-міскінмен дүкен құрмас». Егер біз ол жанды көрсек, оған мойын бұрып та қарамаймыз. Себебі ол жан, Яссауи бабамыз айтқандай: «Ғаріп болып, ойраны шығып көшер, достар».

Сондықтан қай мұсылманға да айтарымыз, жә, оны біз емес, Яссауи бабамыздың өзі айтсын:

«Опасыз фәни — бұл жалған

Жұтады жуан- жұқаны.

Малыңа сенбе құлданған,

Қурайдың ол бір бұтағы.

Қай жаққа кетті аттанып,

Пікір қыл, сонау көп халық?

Жетеді қуып ат-табыт,

Кигізіп жеңсіз лыпаны.

Аңдыма дүние қапысын,

Тірлік қыл Тәңір хақы үшін.

Жей гөрме жанның ақысын,

Қылкөпір ертең тұтады.

Ұл-қызың, досың жорықтас,

Ешбірі жебеп жарытпас.

Жігерлен, сілкін, ғаріп бас,

Ғұмырың желдей зытады.

Құл Қожа Ахмет, тағат қыл,

Ғұмырыңды қай жан санап тұр?

Топырақ пен судан жаратты —

Топырақ қайта жұтады».

 

 

***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кел, достар, Алла атын дәйім айтқын» деген хикметін:

«Құл Қожа Ахмет, нәпсіден ұлық бәле болмас,

Жер мен көктен тағам берсең әсте тоймас.

Топырақ болып жерде жатса кәпір болмас,

Нәпсі тыйған хор қыздарын құшар, достар», — деп түйіндейді.

Барша адам баласы өзіне риза. Рас, кейде сол риза көңілдің пәс түсетін кезі болады: ол — қайғы-мұңға беріледі; ол — жанарына жас үйіреді; ол — қапа болады; ол — ренжиді… Оның бәрі адами болмыс. Алайда ол өзіне ешқашан кінә артпайды. Өкінуі мүмкін, бірақ өзіне деген ризалық пейілін ешқашан жоғалтпайды. Жоғалтса — өлгені.

Осы өлім екі түрлі жағдайда жүзеге асады. Біріншісінде, нәпсі өз өктемдігін өлім үстінде де әйгілейді. Өз-өзіне қол жұмсайтындар солар. Екіншілер, өзін емес, нәпсісін өлтіреді. Бұлар — тақуалар.

Тақуалар — өз-өзіне риза еместер. Біз сөз басында «Барша адам баласы өзіне риза» дедік. Нәпсі сол. Егер ол риза болмаса, өмір өз мәнін жоғалтады. Сондықтан нәпсіге кінә артуға болмайды. Ол біздің пенделік болмысымыз. Біз сол пенделік болмысты жаратылыстық негізге қосқан кезде мұсылман боламыз.

Осы жерде кілтипан бар. Ол кілтипан — біздің пенделік болмысымыздың материя екендігінде. Біз сол болмыстың иман келтіргенін мұсылман болдық деп ойлаймыз. Ал ол — сен емес.

Ұғынықтылық үшін айтайық. Біз — әлмисақтан мұсылманбыз. Сол мұсылман рух мына материялды дүние есігін ашқан сәттен бастап нәпсіге айналады. Сол нәпсінің материялдық көрінісі — бізбіз. Оның ешнәрсеге қанағаттанбайтыны, ешқашан тоймайтыны сондықтан. Себебі, оның негізі рух. Ал ол — бәрінен үстем. Сондықтан да ол өзін таныған кезде ғана тоқтайды. Ол сол кезде ғана мұсылман болады. Себебі, өледі. Өлім — жоқ болу. Нәпсі жоқ болған кезде, Бар (рух) көрініс береді. Соған орай Яссауи бабамыз: «Нәпсі тыйған хор қыздарын құшар, достар», — дейді.

Біз нәпсінің не себепті ұлық болатынына ептеп көз жеткіздік. Соған орай Яссауи бабамыз: «Нәпсіден ұлық бәле болмас», — дейді. Сондай-ақ оның бәлелігін: «Жер мен көктен тағам берсең әсте тоймас», — деп нақтылай түседі. Міне осы, барша адам баласына тән нәпсі, қайтсе мұсылман болмақ?

Жауап айқын. Ол үшін, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Топырақ болып жерде жатса кәпір болмас».

Басы ашық жәйт. Өз-өзіне риза нәпсі ешқашан топырақ болмайды. Ол — табанға тапталмайды; ол — басынан сөз асырмайды; ол — өлсе де біреуді кінәлап өледі; ол…

Нәпсі — Алланы да мойындамаған. Ол — қай жазаға да сынбаған. Ол тек өзінің жоқ екенін білген кезде ғана Аллаға бас иген.

Өзімізге келейік. Біз де нәпсіміз. Нәпсі болған соң ешкімге бас имейміз. Демек бізге де өзіміздің жоқ екендігімізге көз жеткізуге тура келеді. Ол үшін топырақ болсаң жетіп жатыр.

Топырақ — біздің материялдық жаратылысымыз. Біз қалайық, қаламайық, өлген кезде сол боламыз.

Ал өлдік. Бұл өлімді де екіге бөліп қарастырайық. Бірінші өлім — Алланың ажалы. Өзі иелік етіп отырған тәннің топыраққа айналғанын көрген нәпсі, өзінің жоқ екендігіне көз жеткізді. Бар — Алла екен.

Екінші өлім — нәпсінің өлімі. Бұл өлім кім де болсын өзін таныған кезде жүзеге асады. «Өлмей тұрып өліңдер» деген хадис те соған орай айтылады.

Алайда нәпсінің ыңғайға көне қоюы оңай емес. Оны нәпсінің мына дәрежелерінен де аңғаруға болады.

 

Нәпсінің дәрежелері:

1) Нафсул ‘аммара — бұйырушы нафсі немесе пенделік жан, бұл тәнді қанағаттандыруға, әрдайым төменгі дәрежедегі шахуаттарға итермелейтін, рухты ақиқаттан алыс, қалың перделермен тұмшалған, оның ішкі басиретін өшіретін күштің көзі.

2) Нафс-ул лаууама — бұл нафсі жасаған жамандықтарын сезінетін, ғафлетте екендігіне өкінетін, әрдайым өзін-өзі сынайтын, қалбтың нұрынан хабар ала бастаған рух. Жамандықты жаман екендігін біле тұрса да, әрі қарай жалғастыруда. Бұған іштей өкініш білдіреді.

3) Нафс-ул мулхима — бұл нафсі жақсы мен жаманды ажырату қабілетіне ие, шабытқа бөленген жан. Аллаһтың көмегі арқасында одан басқа нәрселерден алыстап, құдайлық шабыттарды ала бастайды.

4) Нафс-ул мутма’инна — қалбтың нұрымен сомдалып, жаман мінез, әдеттерден арылып, көркем ахлақ иесіне айналған рух, тыныштанған жан. Толық иман дәрежесіне ие.

5) Нафс-ур радиййа — бұл халдегі рух өз қалауымен емес, тек қана Алланың қалауын басты нысан ретінде таниды. Риза мақамына ұласқан, нәпсіден толық арылған, кемелдіктің фана (Тәңірге еру, Онда «жоқ» болу) мақамына қарай беттеген рух, қанағаттанған жан. Хақ ал йақин мәртебесіне жеткен адам.

6) Нафс-ул мардиййа — өз-өзіне разы болған рух, түсініскен жан. Терең ойлы, рақымды, жомарт, адамды тек Аллаһ үшін сүйетін, өзін-өзі меңгерген, Аллаһтың құтына қауышқан, рухани шабыты арқылы Оның сипаттарын танып, көре алатын адам.

7) Нафс-ул камила (софия ) — кемелдікке жеткен, басқаларды да кемелдікке жеткізе алатын адамның рухы.

Алла Тағала баршамызға осы нәпсі дәрежелерін басып өтуді нәсіп етсін!

 

 

***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Қызыр бабам салды мені осы жолға» деген хикметінде:

«Қызыр бабам салды мені осы жолға,

Одан кейін дария болып тастым, достар.

Шариғаттың базарында сайран салдым,

Білімнің бақшасында қайран қалдым.

Тариқаттың сарайында тайрандадым,

Хақиқаттың есігін аштым, достар», — дейді.

«Қырықтың бірі — Қызыр». Оны білеміз. Бірақ Қызырға кездесіп жүрміз-ау деген ой бізде ешқашан болған емес. Себебі біз Қызырды ақ сақалды шал деп білеміз. Нақтыласақ, Аяз ата кейпінде көреміз.

Сол сияқты шайтанмен күнде табақтас болып жүргендігімізге де бас шұлғи қоймаймыз. Біздіңше ол да мүйізі бар ешкібас біреу. Алайда өзіміз шайтанның жолынан бір айнымаймыз. Ал аталарымыз болса: «Қырықтың бірі — Қызыр», — дейді.

Сонда біз аракідік кездесіп қалатын Қызыр кім? Жауап айқын. Ол: сенің ата-анаң; аға-інің; апа-қарындасың; туған-туысың; жанашыр досың… Осылайша Қызыр санын арттыра беруге болады. Алайда біз ол Қызырлар ақыл-кеңесіне құлақ аса бермейміз. Себебі, біз кездескен адамдар ішінде Қызыр — қырықтың бірі болса, шайтан сол қырықтың — 39-ы. Сондықтан да олар бізді Қызыр жетегіне жібермейді. Жіберу үшін өзің тура жолға түс. Сонда олардың сенің төбең көрінсе болды, қашқанын көресің.

Алайда ол қашу, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Қызыр бабам салды мені осы жолға», — деген кезіңде жүзеге асады. Ол — сопылық жол. Соған орай сопылар: «Кімді көрсең — Қызыр біл, түнді көрсең — Қадір біл», — дейді.

Сонда біз қай кезде алдымыздан кездескен адамның бәрін Қызыр деп білеміз? Жауап айқын. Өзіміз тура жолға түскен кезде алдымыздан тек Қызыр кездеседі. Себебі, ол жолмен шайтан жүрмейді. Сондай-ақ ол жолмен сенің бұрынғы дос-жараның да жүрмейді. Бұл орайда Абдулқадыр Жейлани хазреті: «Шайтанның саған қарсы қолданатын ең күшті қаруы, адамдар», — дейді.

Басы ашық жәйт. Яссауи бабамыздың дария болып тасуы, шариғаттың базарында сайран салуы, білім бақшасына қайран қалуы, тариқат сарайында тайрандауы, ең соңында: «Хақиқаттың есігін аштым, достар», — деуі, Қызыр баба тура жолға салғаннан кейін барып жүзеге асты. Сондықтан да айтарымыз, ол сөзді біз емес, Жүніс Әміре хазреті айтсын: «Бір көңілде болмаса Пірдің назары,

Ол көңіл – көңіл емес, шайтан базары».

 

 

 ***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Қызыр бабам салды мені осы жолға» деген хикметін:

«Әуел бастан шарапты Пірмұған тоя берді,

Іше бердім хал-қадарымша, құя берді.

Құл Қожа Ахмет, жан дүнием күйе берді,

Шәкірттерге дүрі гауhар шаштым, міне», — деп түйіндейді.

Шарап — тариқат әлемінің құпия сырлары. Ал ол сырлар — діннің мәйегі. Уызы десе де болады. Сондықтан да уызында жарымағандар дін мәнін ешқашан түсінбейді. Соған орай Яссауи бабамыз: «Әуел бастан шарапты Пірмұған тоя берді», — дейді.

Алайда, жазушы Мұхтар Мағауин ағамыз бір сұхбатында былай депті: «Дін – апиын. Оның мәнін ешкім ұғып жатқан жоқ. Апиын аз қолданса ем, көп қолданса — ауру. ХХ ғасырдың басында, ХІХ ғасырдың аяғында қазақ зиялылары отарлыққа және дінге қарсы күресті. Дін деген қараңғылық. Әсіре діншілдік түкке керегі жоқ. Мәдениетке дін емес, ғылым-білім, мешіт емес, мектеп жеткізеді».

Мұхтар ағамыз да тегін адам емес. «Дін — апиын» деген Лениннің сөзін қайта жаңғыртып отыр. Алайда жұмысшы-шаруа көсемі ол сөзін негізінен христиан дініне қарата айтқан болатын. Мұхтар ағамыз болса сол Лениндік көзқарас ислам дініне де тән дегенді айтуда. Ал Яссауи бабамыз болса дінді шарапқа балайды. Сонда айырмашылық неде?

Басы ашық жәйт. Дін өз руханиятынан ажыраған кезде дінге қарағанда дінді ұстанған адамдар үстем тұрады. Демек, Ленин мен Мұхтар ағамыз сөзіне сәл-пәл түзету енгізсек, апиындық дінге емес, діннің руханиятын қабыл алмаған адамға тән. Байыбына барсақ, барлық дүрдараздық діннен емес, дін атын жамылған әлгіндей «киевандардан» шығады.

Ал шарап — Аллалық рахым. Біз оны тек дін арқылы, нақтыласақ: материялдық әлемде — шариғат арқылы, руханиятта — тариқат арқылы, Пайғамбарымыз (сғс) әлемінде — мағрифат арқылы, Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған дүр гауhарды — ақиқат әлемінен аламыз. Алайда ол гауhарға Пірсіз қол жеткізе алмаймыз. Соған орай Жалаладдин Руми хазреті:

«Пір тап, бұл жол пірсіз өте қауіпті, өте қорқынышты, апаттарға толы. Білетін, әрі бірнеше рет жүрген жолдың өзінде көшбасшы болмаса адасып кетерсің. Өзің кел! Бұрын көрмеген жолға жалғыз шықпа, жол көрсетушіден ешқашан көзіңді айырма», — дейді.

Біздің де айтпағымыз сол.

 

 

***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Хош, ғайыптан келіп түсті бір топ дәруіштер» деген хикметінде:

«Хош, ғайыптан келіп түсті бір топ дәруіштер,

Көңілінде зікірі, көзден таса дәруіштер.

Тынбай жүріп жол шегіп, тына қалса тәкбір айтар,

Сұхбаттас кісі табылса, сұхбат құрар дәруіштер.

Киімдері мың шоқпыт, көңілінде бір Алла,

Қызмет қылар әр күні тыным таппас дәруіштер.

Иінінде кір шапан, көкірегінде жүз мың арман,

Бұл дүние опасыз, көзіне де ілмес дәруіштер.

Иығында шапаны, қолға ұстаған асасы,

Ізгі мұрат жанында, Алла дейді дәруіштер.

Арғы тегі пақырлар, көңіл шаhарын кезгендер,

Жан сарайы нұрланып, бақыт кешкен дәруіштер.

Машайықтың сыры мол, қызмет қыл да жалбарын,

Пайғамбардан мұра боп келе жатыр дәруіштер.

Құл Қожа Ахмет, міскін бол, міскіндерден жөн сұра,

Дәруіштікті біл, өмір мәні зікір-дүр», — дейді.

Дәруіштерге берілген ресми анықтама: «Дәруіш– діндар, өзін толығымен құдай жолына бағыштаған, рухани жетілуді мақсат еткен, сопылық ілімді меңгерген адам; белгілі бір сопылық бауырластықтың ресми мүшесінің атауы. Олар «жарлы», «кедей» деген ұғымды тура мағынасында емес, рухани ілімнің жеткіліксіздігі  мағынасында түсініп, өздерін өте төменшік, қарапайым, кішіпейіл ұстағандықтан Дәруіш атанған. Олар сопылық ілімдегі фәни дүниенің қызығынан бас тартып, жоқшылық пен азапта, қайыршылықта өмір сүру, яғни азға қанағат ету, ерікті кедейлік арқылы бақи дүниенің рахатына, Алланың мейіріміне бөленуге болады деген белгілі көзқарасты ұстанады. Дәруіштердің сопылық бауырластықтары 8-9 ғасырлырларда мұсылман әлеміне кең тараған. Қожа Ахмет Яссауи тариқатының жолын ұстанған Дәруіштер түркі халықтарына исламды насихаттап, басқа елдермен рухани, мәдени байланыстар орнатуға үлкен үлес қосты».

Дін осы. Соған орай Яссауи бабамыз: «Пайғамбардан мұра боп келе жатыр дәруіштер», — дейді. Алайда біз бұл дінді ұстана алмаймыз. Дұрысы — бұлай ұстана алмаймыз. Өзіміз ұстанбаған соң, дінді осы ыңғайда ұстанатындарды қабылдай алмаймыз. Жалпы оларды қоғам барлық уақыттқа қабылдай қоймаған. Соған орай біз өзімізге ыңғайлы, өзіміз алып жүре алатын дінді өмірге алып келгенбіз. Сол өзіміз ұстай алатын дінді алып жүргендерді біз тақуалар санатына қосамыз. Себебі, өзіміз сол өз ыңғайымызға келетін діннің өзін ұстанып қатырмаймыз.

Ұғынықтылық үшін айтайық. Шынтуайтына келгенде, дәруіштердің діни ұстанымы сахабаларға келеді. Оны бәріміз де іштей мойындаймыз. Бірақ дінді сол дәруіштердей ұстануға қарсымыз. Барлық уақытта солай болып келген. Соған орай Яссауи бабамыз: «Құл Қожа Ахмет, міскін бол, міскіндерден жөн сұра», — дейді. Демек бізге де бабамыз есімі орнына өзімізді қойып: «Міскін бол, міскіндерден жөн сұра», — десек, жетіп жатыр. Дәруіштік сол. Дін де сол.

 

 

***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметінде:

«Мінәжат еттім, міскін Қожа Ахмет,

Иә, Алла, бар пендеңе қыл рахмет.

Ғаріп Ахмет сөзі әр кез көнермес,

Егер жер астына түссе шірімес.

Және мансұқ болып ол қар болмас,

Оқыған пенделер дертті болмас.

Оқығанға қылармын онда шарапат,

Қиямет күні тигізермін шапағат.

Құдайым нәсіп етсе маған жәннат,

Оқығандарға қылғаймын шапағат», — дейді.

Басы ашық жәйт. Барлық жаратылыс Аллаға мінәжат етеді. Ол мінәжаттар табиғи тұрғыда өтеді. Жалпы оны мінәжат деуге де болмайды. Ол — қай жартылысқа да тән мән. Сол мән — Алланың бар екендігін айғақтайды. Соған орай ол мәнге тек кәпір қауым ғана мойынсұнбайды.

Ұғынықтылық үшін біз тілге тиек етіп отырған мәннің мәнін ашайық. Мәселен, күн белгілі бір уақытта шығып, белгілі бір уақытта батады. Мінәжат сол. Біз сол күннің белгілі уақытта шығып, белгілі бір уақытта батуын күннің мәніне жатқыздық. Міне осы мән барлық жаратылысқа тән. Себебі ол — мінәжат. Егер ол жаратылыс сол өзіне тән мінәжатты жасамаса, онда ол өзінің тіршілік ету мәнін жоғалтады. Қиямет қайым сол. Алайда сол жоғалтудың өзі мінәжатқа жатады. Бұл таным қазақы ұғымда «Құдайсыз қурай да сынбайды» дегенге саяды.

Алайда осы заңдылыққа тек адамзат қана бағынбайды. Бағынбағандықтан адам баласы Аллаға мінәжат жасамайды. Рас, Алланы танығандар өз ғибадат-құлшылығын үзбейді. Алайда ол құлшылық — мінәжат емес. Құлшылық мінәжат болуы үшін, құлшылық жасаушы міскін болуы тиіс.

Міскін — өз еркі жоқ адам. Соған орай өз еркі жоқ адамның қай іс-әрекеті де мінәжат орнына жүреді. Оның жүруі, тұруы, күлуі, ішіп-жеуі өзінен емес. Ол тура жайқалып өсіп тұрған тал іспеттес. Ал талға тән нәрселер оныңкі емес. Егер оныңкі болса, онда ол табиғатынан тыс нәрселерді жасау керек еді. Алма ағашы өрік байлаған сияқты. Тап сол сияқты біз міскін болған кезде өз адами болмысымызды паш етеміз. Сол болмыстың әр жасушасы мінәжат етеді. Соған орай Яссауи бабамыз: «Мінәжат еттім, міскін Қожа Ахмет», — дейді. Сол мінәжат иесі ғана: «Иә, Алла, бар пендеңе қыл рахмет», — дей алады. Себебі ол жан Аллаға айна болып тұрады. Соған орай Яссауи бабамыз: Ғаріп Ахмет сөзі әр кез көнермес, егер жер астына түссе шірімес», — дейді. Сондай-ақ, ол жан хикметін «Оқыған пенделер дертті болмас».

Бұл — хикметтің мәні. Және де ол — мінәжат. Оның шарапат болатыны да, шапағат болатыны да сондықтан. Себебі, оқығандар — мінәжат етушілер. Ал оған тек өз болмысымен қауышқан адамдар ғана қол жеткізеді.

Ендеше оқиық. Сонда Яссауи бабамыз шапағатына қол жеткіземіз.

 

 

***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметінде:

«Тілекті не тілесең тәңірім бергей,

Махаббат қызығын көкірекке салғай.

Жүзін беріп пәруардігарым,

Өзін жолға салсын Бір және Барым», — дейді.

Біз Аллаға мұқтажбыз. Мұқтаж болатынымыз, барлық қалауымызды Алладан алып тұрмыз. Ол қалауларды Жаратушы Иеміз біз сұрамай-ақ беруде. Сұрамай-ақ берген соң біз ол мұқтаж нәрселеріміздің қадіріне жеткен емеспіз. Сондай-ақ біз ол берілгендерді мұқтаждық деп қабылдамаймыз. Болмаса Алланың бізге бергендерін санап түгесе алмайсың. Бәрінен бұрын, ол берілгендер бағасын, олар құндылығын сөзбен айтып жеткізе алмайсың.

Сонда ол қандай құндылықтар? Жауап айқын. Ұғынықтылық үшін әуелі өзіміздің он екі мүшемізге назар салайық. Алайда біз ол байлықты Алланың бергені деп қабылдамаймыз. Алайда сол мүшелерінің бірі зақымданған жандар  Аллаға алақан жайып, тілек тілеуде. Сондай-ақ біз дамылсыз жұтып отырған ауаның да қадірін білмейміз. Тіпті сол ауаға мұқтажбыз деп ойламаймыз да. Байыбына барсақ, сол ауаның сыртқа шығуы да біздің Аллаға мұқтаж екендігімізді білдіреді. Өзінен өзі әрекет етіп жатқандай көрінетін ішкі ағзалар жұмысының да Аллаға тәуелді екендігіне біз бас та қатырмаймыз. Тек соның біреуі зардап шеккенде ғана Аллаға алақан жаямыз.

Осы жәйттарды ескере келе айтарымыз, біз сұрамай-ақ, біз тіпті ол құндылықтарға мұқтаж екенімізді білмей-ақ, соның бәрін өз рахымы мен кеңшілігі арқылы өз қажеттілігімізді өтеуге берген Алла Тағала біз сұраған нәрсеге таршылық етеді деп ойлайсыз ба? Ол ойды қиялдан шығарыңыз. Алла Тағала сізге сіз сұрағаннан да артық қайырлы етіп береді. Соған орай Яссауи бабамыз: Тілекті не тілесең тәңірім бергей», — дейді.

Тәңірі беретін тілек — мінәжат. Аллаға шүкіршілік айтқан адам, мінәжат жасаған болып табылады. Себебі ол қай нәрсенің де Алладан екенін біледі. Сол білген жан көкірегі махаббатқа толы болады. Себебі оған Алла бет бұрады. Соған орай Яссауи бабамыз: «Жүзін беріп пәруардігарым», — дейді.

Алланың тура жолы нәсіп болатын да сол жан. Яссауи бабамыз: «Өзін жолға салсын Бір және Барым», — дегенді сол жанға қарата айтуда. Себебі ол жан өз тілегінің қабыл болатындығына бек сенімді. Біз де сенеміз. Сенген соң да бір-бірімізге: «Дұғада болайық», — деп қоямыз. Себебі дұға, Яссауи бабамыз айтқандай: «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат».

 

 

***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметінде:

«Құдайым махшарда берсін жақсы күн,

Қияметте асыл жанға дозақ махрұм.

Үнемі дұғада болса әр мұсылман,

Өлер кезде беріледі нұр иман», — дейді.

Алла Тағала барша адам баласын ақыретте қайта тірілтіп, махшар алаңына жинайды. Адамдардың махшар алаңына жиналу сәті туралы «Абаса» сүресінің 34-42-аяттарында былай делінеді:

«Сол күні кісі туысынан қашады. Шешесінен, әкесінен, әйелінен және балаларынан. Ол күні әркімнің ісі ауыр. Ол күні кейбір жүздер жарқырайды. Күлген қуанышты. Ол күні кейбір жүздің үстін шаң басқан болады. Оны қара түнек қаптаған болады. Міне, солар қарсы келгендер».

Яссауи бабамыз жарқыраған жүздерге қарата: «Құдайым махшарда берсін жақсы күн», — десе, Жалаладдин Руми хазреті адам баласының махшар майданындағы жай-күйі туралы былай дейді:

«Хариса (р.а.) Расулұллаһтан (с.ғ.с.): «Көргендерімді айтайын ба?» — деп рұқсат сұрап, айта бастайды: «Уа, Расулаллаһ! Адамдар ертең болады деп сенген махшар күнін бүгін ортаға салайын. Махшардың барлық сырларын ашыққа шығарайын. Әмір ет, бұл сырлардың пердесін жыртайын. Ішімдегі иләһи хикмет гауһары көктегі күн сияқты жарқырасын!».

«Уа, Расулаллаһ! Әмір ет, кім дүниенің кірі мен жамандығының ішінде саф алтын мен асыл тас сияқты қалуды білді, кім күпірліктің қызыл және қара түріне енді, айтайын». «Пайғамбарлығыңның сөнбес жарығында екі жүзділіктің жеті шыңырауын баяндайын». «Ақыретте қарақшылар киетін киімді халыққа көрсетейін. Сол жерде пайғамбарлар үшін соғылатын дауылпаздың дауысын естіртейін». «Буырқанып тасып жатқан кәусар бұлағын көрсетейін, суы халықтың жүзіне себілсін, дауысы құлақтарына тисін!». «Шөлдеген адамдардың сол бұлақтың айналасында жүгіргенін айқын көрсетейін. Олардың иықтары қақтығысып, айғайлағандары құлағыма жетіп тұр!».

«Жәннаттықтар қуанғаннан көз алдымда бір-бірлерімен құшақтасып қауышып жатыр». «Жәһәннамдықтардың да ах-үһ дауыстарын шығарып, ыңыранып қайғырғаны құлағымды жаратындай!».

«Бұлар тереңнен айтқан кейбір ишараттар. Әлі де айтам, бірақ Аллаһ Расулы (с.ғ.с.) ұрса ма деп қорқам!».

Ол рухани мастықпен есі шығып осылай деді. Шабыт қуатымен есінен айырылып, барлық сырды жарыққа шығаратын халге келген еді. Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с.) оны бұл халден ояту үшін:

«Есіңді жи! Үндеме!»-деп, Хазіреті Харисаның жағасынан тартып былай деді: «Есіңді жи! Тіліңнің тізгінін ұста, айтылмайтын сөздерді айтатын халге келдің. Рухыңның айнасы тән қабыңнан сыртқа секірді. Бірақ, қол жеткізген сырларды ашу, оларды сіңіре алмағандықтан екенін ұмытпа. Аллаһтың бір есімі – Саттар. Соны біліп, сол сипатқа бөленудің бақытын бос бір сіңіре алмаушылыққа құрбан қылма».

Жалпы махшардың жай-күйі осындай. Алайда Яссауи бабамыз: «Қияметте асыл жанға дозақ махрұм», — дейді. Себебі: «Үнемі дұғада болса әр мұсылман, өлер кезде беріледі нұр иман».

Яссауи бабамыз асыл жанның дозақтан алыс болуының себебін оның үнемі дұғада болуынан деп біледі. Сонда үнемі дұғада болу дегенді қалай түсінеміз?

Басы ашық жәйт. Ол — ұдайы ғибадат үстіндегі адам. Әрине, ондай адамға, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Өлер кезде беріледі нұр иман».

Ендеше дұғада болайық.

 

 

***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметінде:

«Менің хикметтерім ғаламға толған,

Есітпей өлгеннің бәрі қылады арман.

Менің хикметтерім дертке дәрмен,

Кімдер бойсұнбаса жолда қалған.

Менің хикметтерім ғаламда дастан,

Көңілім түссе сұхбатың болар гүлстан.

Менің хикметтерім білгенге өсиет дүр,

Білмегенге кепиет дүр.

Менің хикметтерім шәкірттердің ризығы дүр,

Іші мәнсіз болса еңбегі еш дүр.

Менің хикметтерім Алладан пәрман,

Оқып ұққанға бар мағынасы: құран.

Менің хикметтерім ғаламда сұлтан,

Бір мезетте шөлді етер гүлстан.

Менің хикметтерім құштар махаббат,

Көз жасыңа еткей таhарат», — дейді.

Яссауи бабамыздың әр хикметі өз мәнін ішіне бүккен құпияға толы. Біз соның кейбір нұр шапағын ғана сөз етудеміз. Тісіміз батпаған соң кейбірін үстірт қана шолып өтеміз. Соның өзіне есіміз ауып қала жаздайды.

Ұлы ұстаз өз хикметтерінің бағасын білгендіктен де: «Менің хикметтерім ғаламға толған», — дейді. Ғаламға толатыны, ол — нұр. Шам жарығының қараңғы үйді толтыратыны тәрізді, Яссауи бабамыз хикметтері де айналасына нұр шашып тұр. Тек соны көр, оқы, оқымасаң құлағың салып есітіп қал. Себебі, Яссауи бабамыздың өзі айтқандай: «Есітпей өлгеннің бәрі қылады арман».

Иә, әлемге көз сал. Яссауи бабамыз хикметтерінің мәніне үңіл. Сол кезде назарың түскен әр зат тіл қата бастайды. Соған орай Жалаладдин Руми хазреті бүй дейді: «Қауышудың фәйізі, яғни иләһи көрініс нұрының жарығы көңілде қалай орын алады? Рухани бұлақтар қалайша атылып ағады? Жаңбыр жаумаса гүл бақшасы көгалға қалай сыр айтады? Жауқазын жасминмен қалай уәделеседі?».

Бұл — ғаламды толтырған хикмет мәні. Алайда. Яссауи бабамыздың өзі айтпақшы: «Кімдер бойсұнбаса жолда қалған».

Байыбына барсақ, әр табиғи заңдылықтар Ұлы ұстаз хикметінен сыр шертеді. Сол сырға қаныққан соң әлгі табиғи заңдылықтардың Аллаға деген мінәжат екенін ұғасың. Ол мінәжаттың өзі бір сырлы әуез. Біз оны табиғат тынысына балаймыз. Ал Яссауи бабамыз болса: «Менің хикметтерім ғаламда дастан», — дейді.

Жалпы Жалаладдин Руми хазреті айтпақшы: «Хақтың нұрымен қараған адам зәррәдән мәңгілікті көреді, бір тамшыдан барлық теңізді тамашалайды».

Байыбына барсақ, бүткіл жаратылыс пен Ұлы ұстаз хикметі бір ұғым. Себебі, екеуі де Алланыңкі. Алланыңкі болған соң екеуінен де қалағаныңды аласың. Соған орай Яссауи бабамыз: «Менің хикметтерім шәкірттердің ризығы дүр», — дейді.

Сондай-ақ бүткіл жаратылыс — Алланың кітабы. Хикмет те сондай. Яссауи бабамыз: «Менің хикметтерім Алладан пәрман, оқып ұққанға бар мағынасы: құран», — дегенді соған орай айтады.

Сондықтан кім де болсын Ұлы ұстаз хикметтерінің қадіріне жеткені жөн. Ол үшін Яссауи бабамыз айтпақшы: «Көз жасыңа еткей таhарат».

Бұл тұрғыда Жалаладдин Руми хазреті: «Алла үшін төгілген көз жасы, жүрекке дәрет алдырады», — дейді.

Ал көз жасын төктіретін Яссауи бабамыз хикметі. Ендеше оқиық, тағлым алайық, тереңіне бойлайық. Махаббат жасы сол тереңде. Бізге дәрет алдыратын да сол жас.

 

 

***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметінде:

«Пірін танымай шайқысынған,

Қабыл қылмас құдайы оны оқыса құран.

Іші қуыс болса да өзін шайық санайды,

Жасы жиырмаға жетпей өзін іріге балайды.

Үлкен, кіші жайында сөз қылады,

Жақсы-жаманды айырмай тез қылады.

Олардың сөзінің бәрі — өсек пен жалған,

Шариғат қауымы одан әр кез ұялған.

Сенсін деп мұны бірнеше биақыл,

Бұрынғы әулиелерден қылар мұны нақыл», — дейді.

Басы ашық жәйт. Яссауи бабамыз хикметтерінің бәрі руханияттан сыр шертеді. Ал руханият дегеніміз — тариқат. Тариқатқа қадам басқаннан кейін одан әрі мағрифат, ақиқат есіктері міндетті түрде ашылады. Ол үшін ислам дінін бөле жармай, бізге Пайғамбарымыздан (сғс) қалай жетті, солай қабыл алсаң жетіп жатыр.

Сонда ислам діні бізге толық нұсқасында (солай дейікші) қалай жетті? Ол үшін хадиске назар аударсақ жетіп жатыр. Омар халифаның айтуымен Бухариден жеткен хадисте былай делінеді:

«Бірде ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен сұх­баттасып отырғанда бір кісі келіп: «Иман дегеніміз не?» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Иман дегеніміз – Аллаға, Оның періштелеріне, пайғамбарларына, Алламен кездесуге, қайтыс болғаннан кейін қайта тірілуге сену» деп жауап береді. Сонда әлгі кісі: «Ислам дегеніміз не?» деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам дегеніміз – Аллаға құлшылық ету, Оған ешнәрсені серік қоспау, намаз оқу, парыз болған зекетті беру, рамазан айында ораза ұстау және қажылық жасау» деп жауап береді. Сұрақ қоюшы: «Ихсан дегеніміз не?» деп сұрағанда әз Пайғамбар: «Сені көріп тұрғандай Аллаға құлшылық етуің. Сен Оны көрмесең де Ол сені көріп тұрады» дейді.

Міне осы хадиске сай ихсанды қабыл алсаң, Алланы көруге қол жеткізесің. Сол Алланы көру жолында талай құпия сырлардың беті ашылады. Яссауи бабамыз хикметтері — сол сырлар. Алайда Ұлы ұстаз: «Пірін танымай шайқысынған, қабыл қылмас құдайы оны оқыса құран», — дейді. Себебі, Пірін танымаған, ол кім болса ол болсын, ислам дінін толық ұстанған адам санатына жатпайды. Жатпайтыны, ихсан мен пір бір ұғым. Сондықтан ондай жан, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Іші қуыс болса да өзін шайық санайды».

Назар аударар жәйт. Білім қуған жастар қай кезде де болған. Тіпті білім жолында шетел асқандар да аз болмаған. Алайда сол шет елден алынған білім көбіне жергілікті жер ұстанатын діни қағидаттармен үндеспей жатады. Үндеспейтіні, шетелдік білім ошақтарында негізінен ихсан есіктері жабылған. Ал ихсансыз алынған білім жансыз болғандықтан тек өтірікке құрылады. Соған орай Яссауи бабамыз әлгіндей білім иелеріне қарата: «Олардың сөзінің бәрі — өсек пен жалған», — дейді.

Сондықтан шындыққа құлақ асайық. Ал ол шындықтың аты — ихсан. Пір де сол жерде. Соған орай Жүніс Әміре хазреті: «Бір көңілде болмаса Пірдің назары,

Ол көңіл – көңіл емес, шайтан базары», — дейді.

Біздің де айтпағымыз сол.

 

 

***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметінде:

«Қасиетсіздер қасиетті боп көрінбек,

Тіліменен қол ұшын беріп, ішіменен бөлінбек.

Шайтаннан артық мекерлігін жасырар,

Таңда махшар қара жүзі ашылар.

Олардың жүзін көрмеңіз әр кез,

Лағнетке жуымай жанынан без», — дейді.

Бәрімізге белгілі. Барлық кезде: «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды». Өкінішке орай біз сол айқайлаушыларға құлақ асамыз. Біз танитын жақсылар солар. Соған орай жақсыдан қадір кетті. Қадір кеткендіктен жақсы мен жаман теңесті. Сондықтан да біз қазір ешкімге сенбейтін болғанбыз. Себебі, жақсы жоқ. Жоқ болатыны, жақсыны жамандар алмастырған. Сондықтан біз жақсыны танымаймыз. Осы танымау адам баласының өмірсалтына айналған. Соған орай біз өмір бойы жаман нәрселерді армандап, жаманды ұлықтаумен өмірімізді өткіземіз.

Ұғынықтылық үшін Алланы жақсы делік те, шайтанды жаман делік. Байыбына барсақ, біз барлық уақытта шайтан әлеміне қарай бет бұрамыз. Ол — Алласыз әлем. Біздің үлгі тұтатынымыз, солардай болмаққа тырысатынымыз, сол әлемнің жақсылары. Соған орай Яссауи бабамыз: «Қасиетсіздер қасиетті боп көрінбек», — дейді.

Адам баласы тіршілік етіп келген қоғамға назар салайық. Сол қоғам жақсылары барлық уақытта бізге билік жүргізді. Біз солардың тәтті сөзіне алданумен келдік. Шынтуайтына келгенде, олардан жақсылық шығуы мүмкін емес. Себебі олар — жақсы емес, жақсы атын жамылғандар. Соған орай Яссауи бабамыз әлгілерге қарата: «Тілімен қол ұшын беріп, ішіменен бөлінбек», — дейді.

Ахиретте осы жақсылардан шайтанның өзі қашады. Себебі олар құрған қоғамда зәрредей де бір жақсылықтың белгісі жоқ. Ең бастысы — Алла жоқ. Рас, мешіт бар. Алайда ол мешітті де сол жақсылар салған. Ондай жақсылар Пайғамбарымыз (сғс) заманында да болған. Соған орай Алла Тағала әлгіндей жақсылар салған мешітте намаз оқуға болмайтынын Құран аяты арқылы ескерткен. Бұл тұрғыда Яссауи бабамыз да сол жақсыларға қарата: «Шайтаннан артық мекерлігін жасырар», — дейді.

Рас, біз бұл өмірден жақсының емес, сол жақсыны алмастырған адамдардың соңына ерумен өтеміз. Себебі, олардың шынайы бейнесі, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Таңда махшар қара жүзі ашылар».

Әрине, ол кез кеш болады. Соған орай Ұлы ұстаз: «Олардың жүзін көрмеңіз әр кез, лағнетке жуымай жанынан без», — дейді. Демек кімнің де болсын жалған (шайтани) әлемнен, шынайы (Аллалық) әлемге бет бұрғаны жөн.

 

 

***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметінде:

«Соқырға бар тіліммен айттым,

Хақиқат сөзбен наданды сөктім.

Егер бір ғалым болса жаным тасаттық,

Дүр мен гауhар сөзімді есітіп ұқ.

Дүр мен гауhар сөзін ғаламға ашса,

Оқып ұқса, бір Алланы таныса,

Бұл ғаламға жанымды құрбан қылармын,

Бар мүлкімді аямай шашып тынармын», — дейді.

«Соқыр тауыққа бәрі бидай». Сол тауық бізбіз. Оқы, тоқы, ғұлама бол — бәрібір соқырсың. Соқыр болатының, материялды әлемнен басқа ешнәрсе көрмейсің. Ал материялды әлем — «бидай». Соған орай біз өз өмірімізді сол «бидайды» тануға арнаймыз. Біз алатын білім, біз таныған ғылым, біз құрған оқу орындары, сол оқу орындарында бізге дәріс беретін ұстаздар қауымы, сонау ықылым заманнан бері біз үлгі тұтып келген данышпандар, қайсыбірін айтарсың,  бір сөбен айтқанда, пайғамбарлар мен сол пайғамбарлар жолын ұстанғандардан басқасының бәрі — соқыр.

Осы жерде кәкір бар. Ол кәкір, қай діннің де сан-салалы тармаққа бөлініп кеткендігі. Тіпті ислам дінінің өзі 73-ке бөлінген. Соның тек біреуінің ғана көзі ашық, қалғандары соқыр. Өкінішке қарай сол соқырлар бізге өз бидайларын қуырып берумен келеді. Соған орай Яссауи бабамыз: «Соқырға бар тіліммен айттым», — дейді.

Ұғынықтылық үшін дінді бидай делік. Алайда жалпы жұрт білетін, жалпы жұрт ұстанып жүрген дін — бидай емес. Солай бола тұра «Соқыр тауыққа бәрі бидай». Сонда соқыр тауық кім? Яссауи бабамыз ондай жанды надан адам деп біледі. Соған орай: «Хақиқат сөзбен наданды сөктім», — дейді.

Хақиқат сөз — ұлы ұстаздың өз хикметтері. Алайда ол хикметтерге назар аударып жатқан адам аз. Тіпті дін ғұламаларының өзі ол хақиқатқа мойын бұрмауда. Яссауи бабамыз: «Егер бір ғалым болса жаным тасаттық», — дегенді соған орай айтуда.

Ұғынықтылық үшін айтайық. Біз дінді ақиқат деп білдік. Сондықтан дін атынан айтылған сөздің бәрін бидайға баладық. Енді бақсақ, ақиқат — Алла екен. Демек, бидай да сол. Біз сияқты «соқыр тауықтардың» дінді ұстанғанымен Алланы таппауы сондықтан. Соған орай Яссауи бабамыз:

«Дүр мен гауhар сөзін ғаламға ашса,

Оқып ұқса, бір Алланы таныса,

Бұл ғаламға жанымды құрбан қылармын,

Бар мүлкімді аямай шашып тынармын», — дейді.

Осылай деген Ұлы ұстаз өз сөзінде тұрды. Өзін құрбан етті. Нәтижесі — бүгінгі біз.

 

 

***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметінде:

«Кәне ғалам, іс-әрекет, жарандар,

Құдайдан жан аяйтұғын не амал бар?

Шын ғалымның жастығы тастан болды,

Ғылымын әлемге жайса көңілі толды.

Өзін білгені — Хақты білгені,

Құдайдан қорқып ынсапқа келгені», — дейді.

Өзімізге, табиғатқа назар салайық. Жанталас тіршілік. Сырт көзге солай. Шынтуайтына келгенде, тіршілік ету — ғибадат. «Біз табиғаттың бір бөлшегіміз» дейтініміз сондықтан. Алайда бұл — сыртқы үйлесім. Сондықтан ол ғибадат орнына жүрмейді. Тура әлгі өзін діндар санатына қосатын, бірақ оқыған намазы қабыл болмайтын жан тәрізді. Бұл мән — Яссауи бабамыздың: «Кәне ғалам, іс-әрекет, жарандар», — деген хикметінде тұр.

Ғалам — ғалам. Оны білеміз. Сол ғалам белгілі бір жүйеге, заңдылыққа негізделген. Байыбына барсақ, сол заңдылық — ғибадат. Алайда біз сол ғибадатты ғылыми танымды көлденең тарту арқылы жоққа шығарамыз. Біз тап осылайша жан-жануар, аң-құс, жеміс-жидек, құрт-құмырсқа, шөп-шалам, бір сөзбен айтқанда, бүткіл табиғи үндестік ғибадатын да жоққа шығарамыз. Себебі біз ғибадатты емес, тек тіршілікті көреміз. Егер ғибадатты көре алса, бүткіл ғылым Аллаға бет бұрар еді.

Осы үндестікке бағынбайтын тек адам баласы. Сол бағынбау арқылы біз өзімізге тән табиғи ғибадатымызды жойып алдық.

Рас, дінге бет бұрғандар сыртқы ғибадатын жасайды. Біз ол ғибадатты қабыл болмайтын намаз санатына жатқыздық. Себебі ол өз жаратылысынан бөлек тұр. Сондықтан да ол Аллаға мойынсұнбайды. Намазды да мойынсүнбағандықтан оқиды. Ол мойынсұнбауды әлгі намаз оқушы адамның Алламен саудаласуынан байқауға болады. Соған орай Яссауи бабамыз: «Құдайдан жан аяйтұғын не амал бар?» — дейді.

Басы ашық жәйт. Құдайдан жан аяйтындар, яғни намазды тек формалық тұрғыда орындайтынар — мұнафықтар. Алайда біз мұнафықтарды (екіжүзділерді) тек Пайғамбарымыз (сғс) дәуіріне тән деп білеміз. Шынтуайтына келгенде, олар барлық кезде болған, бола да береді.

Табиғи ғибадатқа, яғни, дін мен табиғат үндестігіне келейік. Ол үндестіктің бұзылуын Яссауи бабамыз: «Құдайдан жан аяйтұғын не амал бар? — деу арқылы білдіріп тұр.

Құдайшылығына келсек, Құдайдан жан аяйтын амал жоқ. Сондықтан жан аяйтын қай амал да адам баласының өзіне тән табиғи ғибадатының арасына жік салады. Ол жік біз бен Алла арасын алшақтата түседі. Сол алшақтату бізді Құдайдан қорғануға алып келеді.

Басы ашық жәйт. Ең басты қорған — біздің тәніміз. Сондықтан Құдайдан жан аяйтын қандай амал болса, соның бәрі тәнге қатысты. Соған орай Яссауи бабамыз: «Өзін білгені — Хақты білгені», — дейді. Ал өзі, ол — рух, жан. Сол өзін танығаны, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Құдайдан қорқып ынсапқа келгені».

Мұсылман сол.

 

***

 

Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мінәжат» деген хикметінде:

«Менің хикметтерімді даналар есітсін,

Сөзімді дастан қылып мақсатына жетсін.

Менің хикметтерім — ісім мен сөзім,

Алла, көңілімде болсаң, қорғаушым да өзің», — дейді.

Яссауи бабамыз хикметтерін даналар естіген кез болған. Сол кездің көзден бұлбұл ұшқанын Қазтуған жырау:

«Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,

Қайран саланың жатқан аңғары-ай,

Ақ шалмалы Пірлердің

Мешітке жаққан шамдары-ай», — деп еске алады.

Шам — даналық еді, хикмет еді. Сол хикмет жүрек көзін ашты. Жүрек көзі ашылғандардың бәрі дана болды.

Заман озды. Шам сөнді. Рас, мешіт қалды. Бірақ Пір жоқ. Пір жоқ болған соң шам жағусыз қалды. Соған орай «дана» сөзі өз мәнін жоғалтты.

Сондықтан бүгінгі күннің даналары Яссауи бабамыз хикметтеріне құлақ аспайтын болды.

Рас, Ұлы ұстаз хикметтерін насихаттайтын қаншама оқулықтар жазылды. Дәріс те берілуде. Яссауитанушылар да бірқатар. Бірақ мешіттерде даналық шамы жағыла қойған жоқ.

Ондай кез барлық заманда болған. Соған орай Яссауи бабамыз: «Менің хикметтерімді даналар есітсін», — дейді.

Назар аударар жәйт. Яссауи бабамыз діндәрларға үміт артпайды. Себебі, мешіттегі шамды сөндірген солар. Сондықтан Ұлы ұстаз даналарға қарата: «Сөзімді дастан қылып мақсатына жетсін», — дейді.

Дастан қылу — жария ету. Жария ету — хикмет мәнін ашу. Ал ол мән туралы Яссауи бабамыз: «Менің хикметтерім — ісім мен сөзім», — дейді.

Басы ашық жәйт. Иман жүректе болмаса, Алла көңілде болмайды. Дін де солай. Діннің жүргегі — ихсан. Сондықтан ихсанды қабыл алған кезде Алланы көре бастайсың. Соған орай Яссауи бабамыз: «Алла, көңілімде болсаң, қорғаушым да өзің», — дейді.

Ал біздің көңілімізде Алла бар ма? Бар болса, иман сол.

Ұғынықтылық үшін айтайық. Тілімізде: «Жан жарым», «Жан досым» деген сөз тіркестері бар. Бұлар — көңіліміздегі жандар. Бізге ең жақын адамдар да солар. Әрқалай жағдай болғанда бізге сүйеу болатын солар. Енді сол қатарға Алланы қойып көріңіз. Ихсан сол. Ихсансыз біз Алланы ылғи сырттан іздейміз.

Міне, бұл — Яссауи бабамыз хикметінің мәні.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *