ОҚИТЫН ҰЛТ – ОЙЛАЙТЫН ҰЛТ
Сәуле Ахметова,
экономист-аналитик, «Баспа ісінің үздігі» ,
«Астана қаласының 10 және 20 жылдығы» медалдарымен марапатталған.
Адамзат тарихына зер салсақ, дүниені өзгерткен ұлы бетбұрыстардың көпшілігі кітаптан басталғанын көреміз. Бір кітап бір адамның тағдырын өзгертеді. Ойлы адамның көбеюі қоғамның санасын өзгертеді. Ал санасы өзгерген қоғам мемлекеттің болашағын өзгертеді. Сондықтан кітапты жай ғана рухани азық, бос уақытты өткізудің мәдени тәсілі немесе білім алудың бір құралы деп қарастыру аздық етеді. Кітап – адамның ойлау қабілетін қалыптастыратын, дүниетанымын кеңейтетін, жақсы мен жаманды ажыратуға үйрететін, өткен мен бүгінді жалғайтын адамзат өркениетінің ең қуатты құралдарының бірі.
Ұлттың интеллектуалдық деңгейі де оның қанша ақпарат тұтынатынымен емес, сол ақпаратты қаншалықты саралай алатынымен өлшенеді. Ақпаратты кез келген адам қабылдай алады. Ал оны талдау, салыстыру, күмәндану, қорытынды шығару, ақиқат пен жалғанның арасын ажырату үшін ойлау мәдениеті керек. Ойлау мәдениетін қалыптастыратын ең сенімді мектептің бірі – кітап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы жылдары кітап оқу мәселесін мемлекеттік деңгейде бірнеше рет көтеруінің мәні де осында. 2024 жылғы 15 наурызда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент кітап пен кітапхана мәселесіне арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы жастарды кітап оқуға баулудың маңызын атап көрсетіп, кітапхана ісін дамыту қажеттігін айтты.
Президенттің сол жиында айтқан: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деген сөзі жай ғана мәдени шараға шақыру емес еді. Оның ар жағында әлдеқайда үлкен мәселе жатыр. Ол – қандай ұлт боламыз деген мәселе.
Кітап оқитын ұлт па? Әлде дайын ақпаратты ғана тұтынатын ұлт па? Өздігінен ойлайтын ұлт па? Әлде өзгелер қалыптастырған пікірдің жетегінде жүретін қоғам ба? Бұл сұрақ бүгін бұрынғыдан да маңызды. Өйткені адамзат ақпарат тапшылығы дәуірінен ақпарат тасқыны дәуіріне өтті. Бұрын адам ақпарат іздейтін. Қазір ақпарат адамның өзін іздейді.
Телефонды ашқан сәттен бастап әлеуметтік желі, бейнероликтер, жарнама, жаңалық, түрлі пікір, қысқа мәтін, жасанды интеллект жасаған контент – бәрі адамның назарын өзіне аударуға таласады. Бұрын кітап оқу үшін уақыт табу керек болса, қазір кітап оқу үшін адамның өз назарын қорғауы керек. Мәселе осында.
Қазіргі заманның ең үлкен байлығы тек ақша немесе табиғи ресурс емес. Адамның назары да аса құнды ресурсқа айналды. Кім адамның назарын иеленсе, белгілі бір дәрежеде оның уақытын, талғамын, тіпті ойлау бағытын да қалыптастырады. Ал кітап адамның назарын өзіне қайтарып береді.
Кітап оқыған адам асықпайды. Ол мәтінге үңіледі. Ойды қуады. Кейіпкермен бірге өмір сүреді. Авторға келіседі немесе қарсы шығады. Бір сөйлемге қайта оралады. Кейде кітапты жауып қойып ойланады. Міне, осы сәтте адам жай ғана ақпарат қабылдаушы емес, ойлаушы тұлғаға айналады.
Президент Ұлттық құрылтайда интернетті талғамсыз пайдалану мәселесіне де назар аударған болатын. Бұл мәселенің балаларға ғана емес, ересектерге де қатысты екені айтылды. Расында, қазіргі қоғамның үлкен бір бөлігі экранға тәуелді өмір сүре бастады. Әлеуметтік желідегі қысқа мазмұн адамның ақпаратты қабылдау жылдамдығын арттырғанымен, терең ойлауға әрдайым мүмкіндік бере бермейді.
Кітаптың ерекшелігі – адамнан уақыт талап етуінде. Ал уақыт бөлген нәрсе ғана адамның санасында терең із қалдырады. Абайды отыз секундта түсіну мүмкін емес. Әуезовті үш минуттық бейнероликке сыйғыза алмаймыз. Шәкәрімнің ар ілімін бірнеше сөйлеммен танып болмайды. Әл-Фарабидің қайырымды қоғам туралы ойларын бір әлеуметтік желі жазбасымен игеру мүмкін емес. Әлемдік әдебиеттің ұлы туындылары да дәл сондай. Өйткені үлкен ой уақытты талап етеді. Кітап адамды сол уақытқа тәрбиелейді.
Ұлттық құрылтайдағы бастаманың тағы бір маңызды нәтижесі – Ұлттық кітап күнінің белгіленуі. Қазақстанда 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып бекітілді. Мұндай күннің мәні мерекелік шара өткізумен шектелмеуі тиіс. Ұлттық кітап күні – қоғамның кітапқа деген көзқарасын өзгертуге мүмкіндік беретін мәдени институтқа айналуы керек.
Бізде мерекелер көп. Ал кітаптың арнайы күні болуы – руханияттың қоғамдық маңызын мойындаудың белгісі. Бірақ кітап мерекесін жылына бір күн өткізу жеткіліксіз. Кітап оқу күнделікті өмір салтына айналғанда ғана бастама нәтижесін береді.
Бала ата-анасының қолынан кітап көрмесе, мектептің кітап оқуға шақырған үндеуі қаншалықты әсерлі болады? Үйде кітап сөресі болмаса, кітапханаға бару әдетке айналмаса, жазушының аты тек оқулықтан ғана кездессе, баладан кітапқұмарлықты қалай талап етеміз? Сондықтан оқитын ұлт ең алдымен оқитын отбасынан басталады.
Балаға «кітап оқы» деу жеткіліксіз. Бала үлкендердің кітап оқығанын көруі керек. Әкенің қолындағы кітап – тәрбие. Ананың баласына оқып берген ертегісі – тәрбие. Ата мен әженің әңгімесі – тәрбие. Үйдегі кітап сөресі де үнсіз тәрбие береді. Өйткені бала сөзден бұрын көргенін қайталайды.
Осы тұрғыдан алғанда кітап мәселесі тек Мәдениет және ақпарат министрлігінің немесе кітапханалардың міндеті емес. Бұл – отбасының, мектептің, жоғары оқу орнының, шығармашылық ортаның, бұқаралық ақпарат құралдарының, баспа ісінің және тұтас қоғамның ортақ міндеті.
Президент бұл тақырыпқа 2025 жылғы 20 мамырда мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде қайта оралды. Сол жерде Мемлекет басшысы Шерхан Мұртазаның «Мәдениеттің мәйегі – кітап» деген сөзін еске алып: «Біз озық ойлы ел боламыз десек, ең алдымен, кітап оқитын ел болуымыз керек», – деді. Осы бір сөйлемде үлкен мемлекеттік философия бар.
Неге Президент «бай ел болуымыз керек» демей, дәл осы жерде «кітап оқитын ел» туралы айтты? Өйткені экономикалық даму мен интеллектуалдық дамудың арасында терең байланыс бар. Табиғи байлық сарқылады. Қазба байлықтың бағасы өзгереді. Технология ескіреді. Ал білім өндіретін қоғам өзін үнемі жаңарта алады.
Қазіргі дүниежүзілік бәсеке табиғи ресурс үшін ғана жүріп жатқан жоқ. Ең үлкен бәсеке – адам капиталы үшін. Ғалым үшін. Инженер үшін. Бағдарламашы үшін. Жазушы үшін. Зерттеуші үшін. Ойлайтын адам үшін. Сондықтан мемлекеттің ең үлкен капиталы – оның жерінің астындағы байлық қана емес, азаматтарының санасындағы білім. Ал білімнің тарихи іргетасының бірі – кітап.
Қазақ халқы кітаптан алыс халық болған жоқ. Біздің рухани тарихымыздың өзі сөзге негізделген. Дала өркениетінде кітаптың қызметін ұзақ уақыт ауыз әдебиеті атқарды. Жырау – халықтың тірі кітабы еді. Ақын – заманның шежіресі еді. Би – құқықтық сананың иесі еді. Шежіреші – тарихи жадты сақтады.
Кейін жазба мәдениет тереңдеген сайын қазақтың рухани әлемі жаңа деңгейге көтерілді. Әл-Фарабиден Абайға дейінгі, Абайдан Алаш зиялыларына дейінгі интеллектуалдық сабақтастықтың түпкі өзегінде білімге деген құрмет жатыр. Абайдың өзі қазақты ғылымға, білімге, ізденуге шақырды. «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген ұстанымның мәні әлі ескірген жоқ. Абай үшін оқу – қызметке орналасудың құралы емес еді. Оқу – адам болудың жолы еді. Мәселенің түпкі мәні де осы.
Кітапты көп оқыған адамның бәрі міндетті түрде дана бола бермейді. Бірақ кітаппен өмір бойы сұхбаттасқан адамның дүниеге қарау көкжиегі кеңейеді. Ол басқа адамның жан дүниесін түсінуге үйренеді. Көркем әдебиеттің ерекше құдіреті де сонда. Роман оқыған адам өзі өмір сүрмеген өмірді бастан кешеді. Өзі бармаған жерге барады. Өзі көрмеген дәуірді көреді. Өзі болмаған адамның тағдырын сезінеді. Бір сәт кедейдің де, байдың да, жеңілгеннің де, жеңгеннің де, қарттың да, баланың да көзімен дүниеге қарайды. Бұл – адам бойындағы жанашырлықты тереңдететін үлкен мектеп.
Сондықтан көркем әдебиет – жай ғана эстетикалық ләззат емес. Ол адамтану мектебі. Ал адамды түсінбеген қоғам әділетті қоғам құра алмайды. Осы тұрғыдан қарағанда «кітап оқитын ұлт» ұғымының аясы өте кең. Ол тек әдебиет оқу деген сөз емес. Тарих оқу. Философия оқу. Ғылым оқу. Экономика оқу. Психология оқу. Өнер оқу. Өз халқыңды оқу. Әлемді оқу. Ақыр соңында өзіңді оқу.
Адам кейде кітаптан өзін кездестіреді. Бұрын сезіп жүргенімен, сөзбен жеткізе алмаған ойын бір жазушының сөйлемінен табады. Кейде жүз жыл бұрын өмір сүрген адамның жан күйзелісі бүгінгі адамның жүрегіндегі сезіммен үндеседі. Кітап уақыттың арасындағы қабырғаны осылай бұзады. Бір дәуір екінші дәуірмен сөйлеседі. Бір адамның санасы ғасырлар бұрынғы адамның санасымен кездеседі. Осы қасиеті үшін кітаптың орнын ешқандай технология толығымен баса алмайды.
Әрине, кітаптың формасы өзгеруі мүмкін. Қағаз кітап бар. Электронды кітап бар. Аудиокітап бар. Цифрлық кітапхана бар. Ертең бұдан да жаңа форматтар пайда болуы мүмкін. Бірақ мәселе кітаптың қандай тасымалдағышта тұрғанында емес. Мәселе – адамның ұзақ ойды қабылдау қабілетін жоғалтпауында.
Жасанды интеллект дәуірінде бұл мәселе тіпті маңызды бола түсті. Бүгін жасанды интеллект бірнеше секундта мәтін жаза алады, ақпаратты жинай алады, сұраққа жауап бере алады. Бірақ осы технология дамыған сайын адамның өзінің ойлау қабілетіне қойылатын талап азаймайды, керісінше артады. Өйткені дайын жауап көбейген сайын дұрыс сұрақ қоя білу маңызды болады. Ақпарат көбейген сайын оның рас-өтірігін ажырата білу қажет. Мәтін көбейген сайын сапалы ойды сапасыз ойдан айыру керек. Мұның бәріне сыни ойлау қабілеті қажет. Ал кітап оқу – сыни ойлаудың ең көне әрі тиімді жаттығуларының бірі.
Мемлекет басшысының 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы осы тұрғыдан ерекше маңызға ие. Бұл құжатта кітап оқу мәдениетін дамыту жай ғана мәдени-ағартушылық шара ретінде емес, адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, шығармашыл, жасампаз әрі бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру міндеттерімен байланыстырылған. Демек, кітап мәселесі енді мемлекеттік дамудың стратегиялық мәселелерінің бірі ретінде қарастырылып отыр.
Жарлықта нақты міндеттер де белгіленді. Соның бірі – «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасын іске асыру. Тағы бір маңызды міндет – 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын әзірлеу. Сонымен бірге «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу, кітап оқу мәдениетін дамытудагы жетістіктер үшін Ұлттық сыйлық тағайындау және бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру көзделген. Мұның бәрі жүзеге асса, кітап төңірегіндегі жұмыстардың жекелеген акциялардан тұрақты жүйеге айналуына мүмкіндік береді.
Әсіресе Ұлттық цифрлық кітапхана мәселесі маңызды. Қазақстанның аумағы кең. Шалғай ауылдағы оқырман мен үлкен қаладағы оқырманның кітапқа қолжетімділігі бірдей бола бермейді. Ал цифрлық технология осы арақашықтықты жоя алады. Егер қазақ әдебиетінің классикасы, қазіргі әдебиет, ғылыми еңбектер, сирек кітаптар мен әлем әдебиетінің сапалы аудармалары біртұтас цифрлық жүйеде қолжетімді болса, бұл рухани кеңістігімізді айтарлықтай кеңейтер еді.
Бірақ цифрландыру кітапхананың өзін қажетсіз етпейді. Керісінше, кітапхана жаңа мағынаға ие болуы керек. Қазіргі кітапхана тек кітап сақтайтын ғимарат болмауға тиіс. Ол – пікірталас орны. Шығармашылық орталық. Балалардың білім алаңы. Жазушы мен оқырман кездесетін мекен. Ғалым дәріс оқитын орта. Жастар жобаларын талқылайтын қоғамдық кеңістік. Президенттің кітапханаларды жаңғырту мәселесін көтеруінің маңызы осында. Кітапхана тірі организмге айналуы керек. Есігі ашық тұрғанымен, іші бос кітапхана қоғамға пайда әкелмейді. Кітапханаға адам келуі керек. Ал адамды шақыру үшін оның ішінде өмір болуы керек.
Бүгінде осы мемлекеттік саясаттың жалғасы ретінде Қазақстанда тұңғыш республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафоны басталды. Марафон 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы сәуірге дейін өтеді. Оның құрылымы да назар аударуға тұрарлық. «Кітап оқитын мектеп». «Кітап оқитын колледж». «Кітап оқитын университет». «Кітап оқитын педагог». «Кітап оқитын әулет». «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші». «Кітап оқитын зияткер». Осы жеті бағыттың өзінен бастаманың мақсатын көруге болады.
Кітап белгілі бір әлеуметтік топтың ғана ісі болмауы керек. Оқушы да оқуы керек. Студент те. Мұғалім де. Мемлекеттік қызметші де. Ата-ана да. Зиялы қауым да. Яғни кітап бүкіл қоғамды біріктіретін ортақ мәдени кеңістікке айналуы тиіс. Марафон ережесі бойынша қатысушылар арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқиды. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде. Тізімде отандық әдебиет, әлем классикасы және заманауи шығармалар қамтылған.
Мұның өзі жақсы бастама. Бірақ марафонның ең үлкен нәтижесі жеңімпаз анықтаумен өлшенбеуі керек. Негізгі жеңіс – жарыс аяқталған соң да кітап оқуын тоқтатпаған адам. Егер адам марафон үшін он бес кітап оқып, он алтыншы кітапты өз еркімен қолына алса – жоба мақсатына жетті деген сөз. Егер бір отбасы жарыс кезінде кешкісін телефондарын бір шетке қойып, бірге кітап оқуды әдетке айналдырса – бұл үлкен нәтиже. Егер бір оқушы осы марафон арқылы өміріндегі алғашқы сүйікті жазушысын тапса – нәтиже сол. Егер бір мемлекеттік қызметші көркем әдебиет арқылы адамның жан дүниесіне басқаша қарай бастаса – бұл да нәтиже. Өйткені кітап оқу статистика үшін емес, адамды өзгерту үшін қажет.
Бұл жерде қазақ әдебиетінің алдында да үлкен міндет тұр. Оқырманды тек «кітап оқы» деп шақыра беру жеткіліксіз. Оқуға тұрарлық кітап болуы керек. Жақсы шығарма оқырманды өзі іздетеді. Қазақ әдебиеті жаңа заманның адамын, оның жан дүниесін, қайшылығын, қорқынышын, жалғыздығын, махаббатын, арманын бейнелеуге тиіс. Бүгінгі ауыл қандай? Бүгінгі қала қандай? Қазіргі қазақтың жан дүниесінде не болып жатыр? Жаһандану қазақтың мінезін қалай өзгертті? Жасанды интеллект дәуірінде адам кім болып қалады? Ұлттық болмыс пен әлемдік өркениеттің арасындағы тепе-теңдік қайда? Әдебиет осы сұрақтарды қоюы керек. Өйткені ұлы әдебиет дайын жауап бермейді. Ол адамды ойлануға мәжбүр етеді. Ал ойланған адам ғана рухани өседі.
Сондықтан «Кітап оқитын ұлт» бастамасы жазушыларға да үлкен жауапкершілік жүктейді. Оқырман керек болса – жақсы кітап керек. Жақсы кітап керек болса – еркін ойлайтын, білімді, ізденетін жазушы керек. Жазушының артында қуатты баспа жүйесі тұруы керек. Сапалы редактор болуы керек. Аударма мектебі болуы керек. Кітапты оқырманға жеткізетін жүйе болуы керек. Әдеби сын болуы керек. Осының бәрі – біртұтас экожүйе. Бір ғана буын әлсіз болса, бүкіл жүйе әлсірейді.
Әсіресе аударма мәселесіне ерекше көңіл бөлетін уақыт келді. Қазақ оқырманы әлемдік ойдың ең үздік туындыларын ана тілінде оқуға тиіс. Философияның, тарихтың, экономиканың, психологияның, жаратылыстанудың, технологияның таңдаулы еңбектері қазақ тілінде сөйлегенде ғана қазақ тілі толыққанды интеллектуалдық тілге айналады. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің үздік шығармалары әлем тілдеріне аударылуы қажет. Ұлт тек өзгелерді оқып қана қоймай, өзін де өзгелерге оқытуы керек. Сонда мәдени сұхбат пайда болады.
Оқитын ұлттың тағы бір белгісі – өз жазушысын құрметтеу. Жазушы – қоғамның рухани сейсмографы. Ол қоғамдағы өзгерісті кейде саясаткерден де, әлеуметтанушыдан да бұрын сезеді. Өйткені жазушы статистиканы емес, адамның жанын зерттейді. Қоғамда қандай жара барын, қандай үміт барын, қандай қорқыныш пайда болғанын әдебиеттен көруге болады. Сондықтан әдебиетті қолдау – бір топ шығармашылық адамның мүддесін қорғау емес. Бұл – ұлттық сананың айнасын сақтау. Ал кітапхананы қолдау – ғимаратты ұстау емес. Ұлттық жадыны сақтау. Баспаны қолдау – кәсіпкерлік саласын ғана қолдау емес. Ой өндірісін қолдау. Кітап оқитын баланы тәрбиелеу – болашақ маманды ғана емес, болашақ азаматты тәрбиелеу.
Осы жерде «оқитын ұлт» пен «ойлайтын ұлттың» арасындағы байланыс анық көрінеді. Оқу – мақсат емес. Оқу – ойлауға апаратын жол. Ал ойлау – жауапкершілікке апарады. Ойлайтын адам өз сөзіне жауап береді. Ақпаратты тексеруге тырысады. Көпшіліктің соңынан көзсіз ермейді. Өзгенің пікірін тыңдайды. Дәлел іздейді. Қателескенін мойындай алады. Осының бәрі қоғамдық мәдениетті қалыптастырады. Демек, кітап оқу демократиялық мәдениетке де, құқықтық санаға да, кәсіби біліктілікке де, қоғамдық жауапкершілікке де жанама емес, тікелей ықпал етеді.
XXI ғасырда мемлекеттер арасындағы бәсеке барған сайын интеллект бәсекесіне айналып келеді. Кім жаңа идея ұсынады? Кім технология жасайды? Кім ғылымға жаңалық енгізеді? Кім әлемге өзінің мәдени өнімін ұсына алады? Кім өз тарихын өзі жазады? Кім өз құндылықтарын өзі түсіндіреді? Осының бәрінің түбінде ойлайтын адам тұр. Ал ойлайтын адам аяқ астынан пайда болмайды. Ол отбасында қалыптасады. Мектепте жетіледі. Кітапханада ізденеді. Университетте тереңдейді. Өмір бойы оқиды. Сондықтан «Кітап оқитын ұлт» деген сөзді кезекті науқанның атауы ретінде қабылдауға болмайды. Бұл – болашақтың формуласы.
Біз кейде балалардың кітап оқымай кеткеніне алаңдаймыз. Бірақ мәселені тек балалардан іздеу әділетсіз. Бала қандай қоғамда өмір сүріп жатыр? Оның айналасында кітап оқитын ересек адам қанша? Теледидарда жазушы қаншалықты көрінеді? Ақпараттық кеңістікте кітап туралы әңгіме қаншалықты тартымды беріледі? Қоғамда ғалымның, мұғалімнің, жазушының беделі қандай? Осының бәрі баланың таңдауына әсер етеді.
Егер біз кітап оқуды сәнге айналдыра алсақ, жағдай өзгереді. Бірақ «сән» дегенді үстірт түсінбеу керек. Кітап оқу қоғамдық беделге айналуы тиіс. Білімді болу мәртебе болуы керек. Терең ойлау қадірленуі керек. Кітап туралы әңгіме қызық болуы керек. Жастар сүйікті кітабы туралы әлеуметтік желіде мақтанышпен айтуы керек.
Осы жерде жаңа технологияны кітаптың жауы деп қараудың қажеті жоқ. Технологияны кітапқа қызмет еткізуге болады. Әлеуметтік желі арқылы кітап насихаттауға болады. Электронды кітап арқылы шалғай ауылдағы оқырманға әдебиетті жеткізуге болады. Аудиокітап арқылы жол үстіндегі адамды оқырманға айналдыруға болады. Жасанды интеллект арқылы кітап қорларын жүйелеуге, іздеу мүмкіндігін жақсартуға, сирек мұраларды қолжетімді етуге болады. Мәселе технологияда емес. Мәселе оны не үшін пайдаланатынымызда.
Адам баласы тасқа жазды. Теріге жазды. Қағазға жазды. Экранға көшті. Бірақ өзгермеген бір нәрсе бар. Ол – адамның мағына іздеуі. Кітап сол мағынаны іздеудің мыңдаған жылдық жолы. Сондықтан кітаптың дәуірі аяқталмайды. Оның формасы ғана өзгереді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ел боламыз десек, ең алдымен, кітап оқитын ел болуымыз керек» деген сөзін осы кең мағынада түсінген жөн.
Озық ойлы ел болу – технология сатып алу ғана емес. Биік ғимарат салу ғана емес. Жол салу ғана емес. Экономикалық көрсеткішті арттыру ғана емес. Озық ел – ойлайтын адамы көп ел. Сұрақ қоя алатын адамы көп ел. Ізденетін адамы көп ел. Білімін үнемі толықтыратын адамы көп ел. Өз тарихын білетін, бірақ әлемге ашық ел. Өз мәдениетін құрметтейтін, бірақ өзге мәдениеттерден үйрене алатын ел. Міне, кітап осындай қоғам қалыптастырады.
2024 жылғы Атыраудағы Ұлттық құрылтайда айтылған ойдың Ұлттық кітап күніне, одан кейін «Зерделі ұлт» идеясына, енді республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонына ұласуы – бір-бірімен сабақтас қадамдар. Ендігі мәселе – осы бастамалардың қоғамдық өмірге қаншалықты терең енетінінде. Науқан өтеді. Марафон аяқталады. Жеңімпаздар анықталады. Марапаттар беріледі. Бірақ ең маңызды сұрақ содан кейін басталады: Кітап адамның қолында қала ма? Бала кітапханаға қайта келе ме? Отбасы бірге кітап оқи ма? Мемлекеттік қызметші оқуды жалғастыра ма? Студент емтихан үшін ғана емес, өзі үшін кітап аша ма? Қазақ қоғамында кітап туралы әңгіме күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айнала ма? Негізгі өлшем – осы.
Өйткені оқитын ұлт бір күнде қалыптаспайды. Ол бір марафонмен де қалыптаспайды. Ол ұрпақпен қалыптасады. Бүгін баланың қолына берген бір кітап ертең оның тағдырын өзгертуі мүмкін. Ал тағдыры өзгерген мыңдаған бала бір күні мемлекетті өзгертеді. Кітаптың құдіреті осында.
Кітап адамға дайын тағдыр ұсынбайды. Ол адамға өз тағдырын саналы түрде таңдауға көмектеседі. Кітап бізге тек дүниені танытпайды. Ол өзімізді тануға үйретеді. Өзін таныған адам өзгені түсінуге ұмтылады. Өзгені түсінген адам қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінеді. Жауапкершілігін сезінген азамат мемлекетін де өзгертеді. Сондықтан оқитын ұлт – жай ғана көп кітап оқитын халық емес. Оқитын ұлт – өткенін ұмытпайтын ұлт. Оқитын ұлт – бүгінін түсінетін ұлт. Оқитын ұлт – ертеңін ойлайтын ұлт. Оқитын ұлт – жалған ақпараттың жетегіне оңай ермейтін ұлт. Оқитын ұлт – өзгенің ойын қайталаумен шектелмей, өзінің ойын қалыптастыра алатын ұлт. Оқитын ұлт – рухани тәуелсіз ұлт. Ал рухани тәуелсіздік – мемлекеттік тәуелсіздіктің ең терең тіректерінің бірі.
Біз әлемнің ең дамыған елдерінің қатарынан орын алғымыз келсе, алдымен ойдың бәсекесіне дайын болуымыз керек. Ойдың бәсекесінде қару – білім. Білімнің үлкен қайнары – кітап. Сондықтан бүгін қолымызға алған кітап – ертеңгі Қазақстанға салынған инвестиция. Бір оқырман – бір оянған сана. Мың оқырман – мың оянған сана. Ал миллиондаған ойлы оқырман – зерделі ұлт.
Осы себепті «Кітап оқитын ұлт» деген ұғымды бір жобаның атауы ғана емес, ұлттық мұрат деп қабылдағанымыз жөн. Өйткені кітап оқитын адам ойланады. Ойланған адам сұрақ қояды. Сұрақ қойған адам ізденеді. Ізденген адам білім табады. Білімді адам жаңалық жасайды. Ал жаңалық жасайтын адамдар көбейген жерде мемлекет те алға басады. Ендеше, оқитын ұлт – ойлайтын ұлт. Ойлайтын ұлт – жасампаз ұлт. Ал жасампаз ұлттың болашағы әрдайым өз қолында.
