КҮШТІ МҰҒАЛІМ – ПРОГРЕССИВТІ ҰЛТТЫҢ ТІРЕГІ
Сәуле Ахметова,
экономист-аналитик, «Баспа ісінің үздігі» ,
«Астана қаласының 10 және 20 жылдығы» медалдарымен марапатталған.
Білім саласы – қоғамдағы ең көп өзгеріс енгізілетін, ең көп талқыланатын әрі кез келген жаңалықтың салмағын күнделікті өмірде бірден сезінетін салалардың бірі. Соңғы жылдары еліміздің білім жүйесінде аз өзгеріс болған жоқ. Оқу бағдарламалары жаңарды, бағалау жүйелері өзгерді, жаңа оқулықтар енгізілді, цифрлық платформалар пайда болды, педагогтерді аттестаттау талаптары қайта қаралды, түрлі жобалар мен бастамалар қолға алынды. Мұның бәрі белгілі бір қажеттіліктен туындағаны анық. Алайда өзгерістің көп болуы өздігінен сапаның артқанын білдірмейді. Кез келген реформаның ең басты өлшемі біреу ғана болуы керек: ол баланың білім алуына нақты пайда әкелді ме, мұғалімнің жұмысын жеңілдетті ме, мектептің мүмкіндігін кеңейтті ме, қоғамның білімге деген сенімін күшейтті ме? Егер осы сұрақтарға нақты жауап болмаса, өзгерістің көптігінен нәтиже шықпайды. Сондықтан білім беру жүйесінде ендігі кезеңнің негізгі ұстанымы реформаны реформа үшін емес, нақты нәтиже үшін жүргізу болуы тиіс.
2026 жылғы республикалық Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы осы мәселені ашық көтерді. Президент мазмұны жоқ, тек өзгеріс енгізу үшін жасалатын реформалардан бас тарту керектігін айтты. Мұғалімдерді жаңа өзгерістермен қажытып, олардың негізгі міндетінен – балаға білім беруден – алшақтатуға болмайтынын атап өтті. Аттестаттаудың ауыр талаптары, қағазбастылық, бітпейтін тексерістер, ұстаздарды жөндеу жұмыстарына немесе оқу процесіне қатысы жоқ басқа да міндеттерге тарту, кадр тапшылығы сияқты мәселелердің бәрі енді жүйелі шешім қабылдауды талап етеді. Бұл – білім саласындағы басқару мәдениетін өзгертуді қажет ететін маңызды талап. Өйткені мектептегі әрбір өзгерістің ортасында мұғалім тұр. Ал мұғалімнің уақыты мен күшін орынсыз жұмсау – түптеп келгенде баланың білім алу мүмкіндігін азайту деген сөз.
Мемлекет басшысы ұстаздың қоғамдағы орнына ерекше мән беріп, ең озық технология әлемді өзгерте алатынын, бірақ адамның өзін, оның дүниетанымын тек нағыз ұстаз ғана өзгерте алатынын айтты. Бұл сөздің астарында білім беру жүйесінің негізгі ақиқаты жатыр. Бүгін технологияның мүмкіндігі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Жасанды интеллект бірнеше секундта мәтін құрастырады, есеп шығарады, ақпарат іздейді, аударма жасайды, сурет салады, бағдарламалық код жазады. Электронды оқулықтар мен цифрлық платформалар оқу процесін бұрынғыдан әлдеқайда ыңғайлы етуге мүмкіндік беріп отыр. Бірақ осы технологиялардың ешқайсысы баланың жүрегіне жол тауып, оның бойындағы қабілетті байқап, өзіне деген сенімін қалыптастырып, өмірлік мақсатын айқындауына ұстаз сияқты әсер ете алмайды. Сондықтан білім беруді цифрландыру қанша маңызды болса да, мектептің негізгі тұлғасы – мұғалім болып қала береді.
Қазақстан соңғы жылдары мектеп инфрақұрылымын жаңартуға қомақты қаржы бөліп келеді. Соңғы жеті жылда білім саласына бөлінетін қаржы үш есеге артып, 6,4 триллион теңгеге жеткені айтылды. Кейінгі бес жылдың ішінде бір миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынды. Бес мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, білім ошақтарында мыңдаған заманауи пән кабинеті жасақталды. Бұл – елдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың көрінісі. Әсіресе ауыл мектептерінің материалдық жағдайын жақсарту – білім сапасындағы алшақтықты азайтудың маңызды қадамы. Бұған қоса «Келешек мектептері» жобасы аясында жүздеген жаңа мектептің салынуы еліміздегі мектеп инфрақұрылымының жаңа стандарты қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Жаңа мектеп – жаңа мүмкіндік. Кең әрі жарық сынып, заманауи зертхана, спорт залы, кітапхана, пән кабинеттері, цифрлық құралдар, қауіпсіз орта – мұның бәрі оқушының сапалы білім алуына жағдай жасайды. Бірақ мектептің қабырғасы қанша жерден заманауи болғанымен, оның ішінде білікті ұстаз болмаса, күткен нәтижеге қол жеткізу қиын. Мектептің шынайы сапасын ғимараттың көлемі емес, ондағы білім беру ортасы анықтайды. Ал сол ортаның өзегі – мұғалім.
Мұғалім тек сабақ өткізетін маман емес. Ол баланың дүниетанымын қалыптастыратын, оның қабілетін ашатын, қиын сәтте қолдау көрсететін, өмірге деген көзқарасына әсер ететін тұлға. Кейде баланың бүкіл тағдырына бір ұстаздың бір ауыз сөзі әсер етуі мүмкін. Ғылымға қызыққан балаға оның алғашқы ғылыми ізденісіне жол ашқан мұғалім бағыт береді. Әдебиетке құмар балаға алғашқы өлеңін бағалаған ұстаз қанат бітіреді. Математикаға қабілетті баланың бойындағы талантты байқап, оны олимпиадаға дайындаған педагог оның болашақ мамандығына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан мұғалімнің еңбегін тек сағат саны, журналдағы баға немесе есеп арқылы өлшеу мүмкін емес. Ұстаздың шынайы еңбегі оның шәкіртінің өмірінен көрінеді.
Осы тұрғыдан алғанда, білім саласында «реформа үшін реформа» жасайтын кезеңнен нәтиже беретін реформалар кезеңіне көшу қажет. Қазақстанның білім жүйесі соңғы ондаған жылда талай өзгерісті бастан өткерді. Бір кезеңде жаңа бағдарлама енгізілді, кейін оның мазмұны қайта қаралды. Бағалау жүйесі өзгерді. Аттестаттау тәртібі жаңарды. Есеп беру формалары көбейді. Электронды жүйелер пайда болды. Бір платформа енгізіліп, кейін оның орнына басқа жүйе келді. Мұның бәрі білім сапасын арттыру мақсатында жасалғанымен, өзгерістердің мұғалімге түсетін әкімшілік салмағы кей жағдайда ескерілмей қалды.
Мұғалімнің негізгі міндеті – балаға білім беру. Оның әр сағатының құны бар. Бір сағатты қажетсіз есепке, бір-бірін қайталайтын құжатқа, орынсыз жиынға немесе оқу процесіне қатысы жоқ тапсырмаға жұмсау – сол уақытта баламен жұмыс істеу мүмкіндігін азайтады. Мұғалім сабаққа дайындалуы керек, оқушының жұмысын талдауы керек, жаңа әдістерді іздеуі керек, кәсіби әдебиет оқуы керек, әріптестерімен тәжірибе алмасуы керек. Оның кәсіби дамуына уақыт қалмаған жағдайда білім сапасын арттыру туралы айту қиын.
Сондықтан қағазбастылықты азайту – мұғалімге жасалған жай ғана жеңілдік емес, бұл білім сапасын арттырудың тікелей жолы. Егер педагогтің уақытын есепке емес, балаға жұмсауға мүмкіндік берсек, оның жұмысының нәтижесі де өзгереді. Егер мұғалім әр сабаққа сапалы дайындалса, оқушының оқу үлгерімі артады. Егер ол әр баланың ерекшелігіне назар аудара алса, білімдегі олқылықты дер кезінде анықтайды. Егер кәсіби ізденіске уақыты болса, жаңа әдістерді меңгереді. Демек, ұстаздың уақытын үнемдеу – баланың болашағына уақыт бөлу.
Мұғалімдерді аттестаттау мәселесі де осы тұрғыдан қаралуы тиіс. Педагогтің кәсіби біліктілігін бағалау қажет. Балаға білім беретін маман өз пәнін жақсы білуге, заманауи педагогикалық әдістерді меңгеруге, цифрлық құралдарды пайдалана алуға тиіс. Бірақ мұғалімнің кәсіби деңгейін оның жинаған қағаздарының қалыңдығымен өлшеуге болмайды. Сертификаттардың көптігі әрдайым жақсы сабақтың кепілі емес. Біліктілікті арттыру курстарының саны көп болғанымен, оның мұғалімнің нақты кәсіби жұмысына әсері болмаса, одан пайда аз.
Педагогтің кәсіби деңгейін бағалағанда ең алдымен оның сабағына, оқушысымен жұмыс істеу шеберлігіне, баланың ойлау қабілетін дамытуына, білім алушының пәнге қызығушылығын арттыра білуіне назар аудару керек. Мұғалім күрделі тақырыпты балаға түсінікті етіп жеткізе ала ма? Үлгерімі төмен оқушымен жұмыс істей ала ма? Дарынды баланың қабілетін аша ала ма? Жаңа технологияны орынды қолдана ма? Баланың өз бетінше ойлауына мүмкіндік бере ме? Міне, кәсіби шеберліктің шынайы өлшемдері осылар.
Ұстаз мәртебесін көтеру бағытында елімізде маңызды қадамдар жасалды. «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы, мұғалімдердің құқықтарын қорғауға бағытталған нормалардың енгізілуі, олардың кәсіби және әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған шаралар – мұғалім еңбегіне мемлекеттік деңгейде мән беріліп отырғанын көрсетеді. Бірақ ұстаз мәртебесі тек заңмен немесе марапатпен қалыптаспайды. Ол қоғамдағы күнделікті қарым-қатынастан көрінеді. Мұғалімнің кәсіби шешіміне сену, оның уақытын бағалау, орынсыз тапсырмадан қорғау, еңбегін әділ бағалау, кәсіби дамуына мүмкіндік беру – ұстазға деген шынайы құрметтің белгілері.
Қазақстан мұғалімдерінің халықаралық зерттеулердегі көрсеткіштері де көңіл қуантады. TALIS-2024 зерттеуінде мұғалім беделін нығайту бойынша еліміздің жоғары нәтижеге қол жеткізгені айтылды. Ұстаздардың өз жұмысына қанағаттану деңгейінің де жоғары болуы – соңғы жылдардағы мемлекеттік саясаттың нәтижесі бар екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Алайда бұл жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Мұғалімнің әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар оның кәсіби еркіндігін, шығармашылық мүмкіндігін және тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажет.
Қазір елімізде педагог кадрларының тапшылығы да өзекті мәселеге айналып отыр. Жаңа мектептердің салынуы, халық санының өсуі білім беру жүйесіне қосымша мұғалімдерді қажет етеді. Елге әлі де мыңдаған педагог қажет екені айтылды. Әсіресе ауыл мектептерінде кейбір пәндер бойынша кадр тапшылығы сезіледі. Бұл мәселені тек мұғалім санын көбейту арқылы шешу жеткіліксіз. Ең алдымен сапалы педагог даярлау керек.
Болашақ мұғалім университет қабырғасында теориялық білім алып қана қоймай, мектептің шынайы өміріне дайындалуы қажет. Ол сыныптағы әртүрлі мінезді балалармен жұмыс істеуді, ата-анамен дұрыс қарым-қатынас орнатуды, үлгерімі төмен оқушыны қолдауды, дарынды баланың қабілетін дамытуды, инклюзивті ортада жұмыс істеуді, цифрлық технология мен жасанды интеллектіні сабаққа тиімді кіріктіруді меңгеруі тиіс. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындары мен мектептердің байланысын күшейту – уақыт талабы.
Педагогикалық университеттің міндеті диплом берумен шектелмеуі керек. Ол мектепке дайын маман жіберуі тиіс. Болашақ ұстаз тәжірибелі педагогтің сабағына қатысып, нақты сыныппен жұмыс істеп, педагогикалық қиындықтарды ерте кезеңнен сезінуі қажет. Университет, әдістемелік орталық, мектеп және білім басқармасы өзара байланыста жұмыс істегенде ғана педагог даярлау жүйесі нәтижелі болады.
Мұғалім мамандығына ең мықты жастардың келуі де маңызды. Ұстаздық кәсіп қоғамдағы ең беделді, интеллектуалдық және шығармашылық мамандықтардың бірі ретінде қабылдануы тиіс. Мектепке жақсы математик, жақсы физик, жақсы филолог, жақсы биолог баруы керек. Себебі сапалы білімнің бастауы – сапалы маман.
Білім сапасының өңірлер арасындағы айырмашылығы да – шешуді қажет ететін күрделі мәселе. Биылғы ҰБТ нәтижелері кейбір өңірлерде білім сапасының жоғары екенін көрсетсе, басқа аймақтарда жағдайды жақсарту қажеттігі байқалды. Бұл көрсеткіштерді жай ғана рейтинг ретінде қабылдауға болмайды. Оның артында ауыл мен қала арасындағы мүмкіндік айырмашылығы, педагог тапшылығы, инфрақұрылым, қосымша білімге қолжетімділік, отбасының әлеуметтік жағдайы сияқты көптеген факторлар тұр.
Әсіресе ауыл баласының мүмкіндігіне ерекше назар аудару қажет. Қазақстандағы ауыл мектептерінде оқитын балалардың саны аз емес. Олардың арасында болашақ ғалым да, дәрігер де, инженер де, жазушы да бар. Ауыл баласының қабілеті қала баласынан кем емес. Бірақ сол қабілетті дамыту үшін жағдай керек. Мектепте физика зертханасы бар ма? Химия кабинеті жеткілікті ме? Жоғары жылдамдықты интернет бар ма? Баланың ғылыми жоба жасауына мүмкіндік бар ма? Ағылшын тілін терең үйрене ала ма? Олимпиадаға дайындалатын маман бар ма? Қосымша білім беру орталығы жұмыс істей ме? Осындай сұрақтарға жауап іздегенде білім сапасындағы айырмашылықтың себептері де айқындала түседі.
Ауыл мектебіне мықты мұғалім тарту – ауылды дамытуға салынған инвестиция. Өйткені бір жақсы ұстаз бір ғана баланың емес, тұтас ауылдың дүниетанымына ықпал етеді. Ауылдағы физика пәнінің мұғалімі болашақ инженерді, математика пәнінің ұстазы болашақ ғалымды, әдебиет пәнінің мұғалімі болашақ қаламгерді тәрбиелеуі мүмкін. Сондықтан шалғай елді мекендерге білікті педагогтерді тарту, олардың әлеуметтік және кәсіби жағдайын жақсарту – білім саласының ғана емес, елдің өңірлік саясатының да маңызды бағыты.
Білім сапасын тек тест нәтижесімен өлшеу де жеткіліксіз. Баланың мәтінді түсініп оқуы, өз ойын дәлелдеуі, ақпаратты саралауы, қаржылық сауаттылығы, мәселені шешуі, өз құқығы мен міндетін білуі, қоғамдық ортада жауапкершілік танытуы – қазіргі білімнің шынайы көрсеткіштері. Бүгінгі әлемде жаттаған ақпараттың көлемінен гөрі сол ақпаратты пайдалана білу қабілеті маңызды. Ақпарат қазір шексіз. Ал ақпаратты саралау, оның шынайылығын тексеру, қажеттісін таңдау – адамның ойлау қабілетіне байланысты.
Осы жерде функционалдық сауаттылықтың маңызы артады. Оқушы есепті дұрыс шығарып қана қоймай, оның өмірдегі қолданылуын түсінуі керек. Мәтінді оқып қана қоймай, автордың ойын талдай алуы тиіс. Интернеттен ақпарат тауып қана қоймай, оның сенімділігін тексеруі қажет. Жасанды интеллекттен жауап алған кезде оның дұрыстығына күмән келтіріп, ақпаратты салыстыра білуі керек. Мектептің жаңа міндеті – баланы ақпаратпен толтыру емес, ақпаратпен жұмыс істеуге үйрету.
Білім беру жүйесінің алдында тұрған ең жаңа міндеттердің бірі – жасанды интеллектіні дұрыс әрі жауапты пайдалану. Бұл енді болашақтың мәселесі емес, бүгінгі күннің шындығы. Жасанды интеллект білім беру процесіне барған сайын терең еніп келеді. Қазақстанда да оны орта білім беру жүйесіне енгізуге бағытталған нақты шешімдер қабылданып жатыр. Бірақ жасанды интеллектіні мектепке енгізу дегеніміз – әр балаға компьютер немесе смартфон беріп қою ғана емес. Бұл – жаңа ойлау мәдениетін қалыптастыру.
Бұрын оқушы ақпаратты кітаптан, мұғалімнен, кітапханадан іздейтін. Қазір ол бірнеше секунд ішінде жүздеген жауап таба алады. Бірақ көп жауаптың болуы дұрыс жауаптың бар екенін білдірмейді. Жасанды интеллект қателесуі мүмкін, жалған ақпаратты сенімді түрде ұсынуы мүмкін, кейде адамның өз бетінше ойлануына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан мектеп жасанды интеллектіні пайдалануды ғана емес, оны дұрыс пайдалануды үйретуі керек.
Бұл жерде академиялық адалдық мәселесі де маңызды. Егер оқушы шығарманы толығымен жасанды интеллектіге жаздырып, дайын мәтінді өзінің жұмысы ретінде ұсынса, тапсырма орындалған болып көрінгенімен, баланың өз ойлау қабілеті дамымайды. Ал егер оқушы жасанды интеллектіні идея іздеуге, сұрақ құрастыруға, мәтінді талдауға, түрлі көзқарастарды салыстыруға, өз жұмысындағы қателерді анықтауға пайдаланса, онда технология білім құралына айналады. Демек, мәселе жасанды интеллектіні қолдану немесе қолданбауда емес, оны қандай мақсатта қолдануда.
Бұл тұрғыдан алғанда, мұғалімнің рөлі бұрынғыдан да арта түседі. Себебі ақпараттың көптігі жағдайында балаға дұрыс бағыт беретін, алынған мәліметтің сапасын бағалайтын, технологияны мақсатқа сай пайдалануға үйрететін адам керек. Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше кәсіби ұстаздың мүмкіндігін кеңейте алады. Бірақ оны тиімді пайдалану үшін педагогтің өзі де жаңа технологияны меңгеруі қажет.
Қазіргі оқушы смартфонмен өмір сүріп отыр. Сондықтан телефонды мектептен немесе баланың өмірінен жай ғана алып тастау мәселені шешпейді. Ең маңыздысы – оны қалай пайдалануды үйрету. Бір бала смартфонмен бірнеше сағат бойы ойын ойнауы мүмкін. Екіншісі сол құрылғы арқылы шет тілін үйренеді. Үшіншісі онлайн курс оқиды. Төртіншісі бағдарламалау меңгереді. Бесіншісі өзінің шағын кәсібін дамытуға қажетті ақпарат іздейді. Құрал біреу, нәтиже әртүрлі. Сондықтан мектептің міндеті технологиядан қорқу емес, оны пайдалы әрі мәдениетті пайдаланатын ұрпақ тәрбиелеу.
Бұл жерде ата-ананың да жауапкершілігі зор. Баланың интернеттегі барлық әрекетін бақылау мүмкін емес. Сондықтан ата-ана баласына тек тыйым салумен шектелмей, ақпараттық мәдениетті үйретуі керек. «Телефонды таста» дегеннен гөрі «телефонды өзіңе қалай жұмыс істетуге болады?» деген сұрақ пайдалырақ. «Мына сайтқа кірме» дегеннен гөрі «мына ақпараттың шынайылығын қалай тексеруге болады?» дегенді үйрету маңыздырақ. Цифрлық дәуірдегі тәрбие осындай болуы керек.
Мектептің міндеті білім берумен ғана шектелмейді. Ол – тәрбие беретін орта. Қазір елімізде жеті миллионға жуық бала бар. Жастарды қоса есептегенде олардың үлесі халық санының жартысына жуықтайды. Бұл – Қазақстан үшін орасан зор адами капитал. Осы буынның бойына отаншылдық, еңбекқорлық, білімпаздық, жауапкершілік, заңға құрмет сияқты қасиеттерді сіңіру – бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Осыған байланысты мектеп бағдарламасына құқықтық мәдениетке, Конституцияға, заң мен тәртіпке қатысты мазмұндардың енгізілуі маңызды. Бірақ баланың заңды құрметтеуі үшін құқықтық нормаларды жаттауы жеткіліксіз. Ол заңның не үшін қажет екенін түсінуі керек. Неге қоғамдық орында тәртіп сақтау қажет? Неге біреудің мүлкіне қол сұғуға болмайды? Неге басқа адамның құқығын сыйлау керек? Неге интернетте жалған ақпарат таратуға немесе біреуді қорлауға болмайды? Осындай қарапайым сұрақтар арқылы құқықтық сана қалыптасады.
Заң мен тәртіп – тек полиция мен соттың мәселесі емес. Ол адамның күнделікті мінез-құлқынан басталады. Мектеп осы мәдениетті қалыптастыратын алғашқы қоғамдық институттардың бірі. Сондықтан тәрбие жұмысы да формальды есеп үшін жүргізілмеуі керек. Баламен шынайы сөйлесу, оның пікірін тыңдау, өмірлік жағдайларды талқылау, өз әрекетінің салдарын түсінуге үйрету – тәрбиенің ең тиімді жолдарының бірі.
Балаға «адал бол» деп айту жеткіліксіз. Адалдықтың не екенін өмірлік мысал арқылы түсіндіру керек. Емтиханда досың көшіріп алғысы келсе, не істейсің? Біреу интернетте жалған ақпарат таратса, қалай әрекет етесің? Қоғамдық жерде қоқыс көрсең, не істейсің? Досыңның құқығы бұзылса, оған қалай көмектесесің? Осындай сұрақтарға жауап іздеу арқылы баланың азаматтық ойлау қабілеті қалыптасады. Адал азамат бір күнде пайда болмайды. Оның негізі отбасында қаланса, мектепте бекемделеді.
Баланың болашағы тек мектеппен шектелмейді. Оның әлеуметтік жағдайы, денсаулығы, қауіпсіздігі, психологиялық ортасы, отбасының мүмкіндігі де білім алуына әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда балаларды әлеуметтік қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың маңызы зор. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы арқылы миллиондаған баланың есепшотына қаражат аударылуы – олардың болашағына бағытталған ұзақ мерзімді саясаттың бір көрінісі.
Балаға бүгін жасалған инвестиция – ертең қоғамға қайтып келеді. Бүгін білім алған бала ертең маман болады. Бүгін кітап оқыған бала ертең ойлы азамат болады. Бүгін жауапкершілікке үйренген бала ертең өз ісіне жауап беретін маман болады. Сондықтан балаға жұмсалған қаржыны шығын деп қарауға болмайды. Бұл – мемлекеттің ең ұзақ мерзімді инвестициясы.
Қазіргі балалар ақпараттың бұрын-соңды болмаған көлемінде өсіп келеді. Әлеуметтік желілер, бейнероликтер, ойындар, блогерлер, түрлі интернет платформалар, жасанды интеллект – мұның бәрі баланың дүниетанымына күн сайын әсер етеді. Баланы осы ортадан толық оқшаулау мүмкін емес. Сондықтан оған ақпаратпен өмір сүру мәдениетін үйрету қажет.
Ақпарат көп заманда ең маңызды қабілеттің бірі – күмән келтіре білу. Бала кез келген мәліметке бірден сенбеуі керек. Дереккөзін тексеруі, бірнеше ақпаратпен салыстыруы, жалған тақырыпты шынайы жаңалықтан ажыратуы, сурет пен бейненің жасанды түрде өзгертілгенін түсінуі қажет. Бұл – XXI ғасырдағы сауаттылықтың жаңа деңгейі.
Оқулықтың сапасы да осы міндеттермен тікелей байланысты. Оқулық – баланың әлем туралы алғашқы жүйелі түсінігін қалыптастыратын негізгі құралдардың бірі. Сондықтан онда ғылыми дәлдік, тіл тазалығы, тарихи шындық, жас ерекшелігі, әдістемелік жүйе қатар ескерілуі керек. Тарих пәніндегі әрбір дерек баланың ұлттық санасына әсер етеді. Әдебиеттегі әр шығарма оның көркемдік талғамын қалыптастырады. Жаратылыстану пәндері оның әлемді түсінуіне жол ашады. Сондықтан оқулық жасау – жай ғана мәтін құрастыру емес, ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыру.
Білім мен ғылымды бір-бірінен ажыратуға да болмайды. Мектеп, колледж, университет, ғылыми зертхана, өндіріс пен еңбек нарығы өзара байланыста болуы қажет. Бүгінгі мектеп оқушысы ертең қандай экономикада жұмыс істейді? Қандай мамандықтар пайда болады? Қандай кәсіптер жойылады? Қандай технологиялар еңбек нарығын өзгертеді? Мұндай сұрақтар мектеп бағдарламасының мазмұнына әсер етуге тиіс.
Жасанды интеллект, роботтандыру, биотехнология, киберқауіпсіздік, жасыл экономика, жаңа материалдар, ғарыш технологиялары – бұлардың барлығы қазіргі баланың болашақ мамандығына ықпал етеді. Сондықтан мектеп оқушыға тек «осы тақырыпты біл» деп қоймай, «осы білімді қайда қолдана аласың?» деген сұраққа жауап беруге үйретуі керек.
Білім сапасын тек мұғалімнен талап ету де дұрыс емес. Бала тәрбиесі – мұғалімнің ғана міндеті емес. Ата-ана да жауапты. Мектеп те жауапты. Мемлекет те жауапты. Қоғам да жауапты. Осы тараптардың әрқайсысы өз міндетін түсініп, бір-біріне жауапкершілікті ысыра бермегенде ғана нәтиже болады.
Ата-ана баласының үлгеріміне көңілі толмаса, мектепті кінәлауы мүмкін. Мектеп ата-ананың үйдегі бақылауын жеткіліксіз деп есептеуі мүмкін. Ал бала екі тараптың ортасында қалады. Мұндай жағдайда ең алдымен баланың өзі зардап шегеді. Сондықтан ата-ана мен мектеп арасындағы байланыс шағым айту немесе есеп сұрау деңгейінен жоғары көтерілуі қажет. Олар баланың қабілетін, қызығушылығын, мінезін, болашақ жоспарын бірге талқылайтын серіктестерге айналуы тиіс.
Заманауи білім жүйесінің маңызды бағыттарының бірі – инклюзивті білім беру. Әр бала сапалы білім алуға құқылы. Бірақ инклюзия тек пандус салумен немесе арнайы кабинет ашумен шектелмейді. Инклюзия – баланың өзін мектеп қауымының толыққанды мүшесі ретінде сезінуі. Оның сыныптастарынан бөлек қалмауы, ерекшелігінің кемшілік ретінде қабылданбауы, қажетті жағдайда арнайы қолдау алуы маңызды. Бұл үшін дефектолог, психолог, логопед, арнайы педагог сияқты мамандардың жеткілікті болуы қажет.
Мектептің қауіпсіздігі де тек күзет пен бейнекамерадан тұрмайды. Психологиялық қауіпсіздік те маңызды. Бала сұрақ қойғаны үшін ұялмауы керек. Қателескені үшін мазаққа қалмауы тиіс. Өз ойын айтқаны үшін қысым көрмеуі қажет. Мұғалім де әкімшілік тарапынан кәсіби тұрғыда қорғалуы керек. Мектепте қорқыныш емес, сенім атмосферасы қалыптасқанда ғана шығармашылық ойлау пайда болады.
Бұл әсіресе қазіргі технологиялық дәуірде маңызды. Дайын жауап көп болған заманда сұрақ қоя білетін адам ғана алға шығады. Ал сұрақ қою үшін еркін орта керек. Мұғалімнің міндеті – баланың әр сұрағына дайын жауап беру емес, оны өз бетімен жауап іздеуге үйрету.
Сондықтан мұғалімге кәсіби еркіндік қажет. Бір сыныптағы жиырма бес баланың қабілеті де, мінезі де, қызығушылығы да әртүрлі. Бір әдіс барлық балаға бірдей әсер етпейді. Мұғалімге белгілі бір шеңберде шығармашылық еркіндік берілгенде ғана ол өз пәнін тиімді оқыта алады. Мұғалім өз пәнін жақсы білсе, баланың ерекшелігін түсінсе және оқу мақсаты айқын болса, оны шамадан тыс әкімшілік бақылауға алудың қажеті жоқ.
Мектеп ішінде кәсіби пікірталас мәдениеті қалыптасуы керек. Жақсы тәжірибені бір мұғалімнен екіншісіне тарату қажет. Жас педагогке тәжірибелі ұстаз тәлімгер болғаны жөн. Мұғалімдер бір-бірінен үйренетін орта қалыптасқанда білім сапасы да өзгереді.
Білім туралы қоғамдық пікірталастың өзі де жаңа мәдениетке мұқтаж. Қазіргі заманда кез келген мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланады. Қоғамның білімге қызығушылығының артуы – жақсы белгі. Бірақ білім туралы пікірталас эмоциямен емес, дерекпен жүргізілгені жөн. Мұғалімдердің, ата-аналардың, сарапшылардың пікірі естілуі керек. Бірақ әр ұсыныс нақты тәжірибеге, зерттеуге немесе дерекке сүйенгені дұрыс.
Білім саласында қателіктің құны жоғары. Бір дұрыс емес шешімнің салдарын бір жылда түзету мүмкін емес. Баланың біліміндегі бір жылдық олқылық кейін бірнеше жыл бойы сезілуі мүмкін. Сондықтан білім саясаты асығыстықты емес, сабырды, зерттеуді және кәсібилікті талап етеді.
Осы жерде реформаның мәні туралы тағы бір маңызды мәселе туындайды. Реформа – эксперимент емес. Мектептегі әрбір өзгерістің артында мыңдаған баланың тағдыры тұр. Сондықтан жаңа бағдарламаны, жаңа технологияны немесе жаңа бағалау жүйесін енгізбес бұрын оның тиімділігі жан-жақты зерттелуі керек. Алдымен талдау жасалып, кейін сынақтан өткізіліп, нәтижесі бағаланған соң ғана кең көлемде енгізілгені дұрыс.
Мысалы, жаңа цифрлық жүйе енгізілсе, мұғалім оны қолдануға дайын ба? Барлық мектепте интернет жеткілікті ме? Құрылғы бар ма? Техникалық қолдау көрсетіле ме? Педагогке қосымша жүк түспей ме? Егер осы сұрақтарға алдын ала жауап берілсе, цифрландыру пайдалы болады. Ал мұғалім жаңа платформаның техникалық мәселесімен алысып, сабаққа уақыт таппай қалса, технологияның өзі мақсатқа айналып кетеді.
Сондықтан ендігі реформалардың қарапайым қағидасы болуы керек: алдымен талдау, содан кейін сынақ, одан соң бағалау, ең соңында ғана кең көлемде енгізу. Бұл – білім саласын асығыстықтан сақтайтын жол.
Жаңа Конституцияда адам капиталына, білімге, ғылымға және инновацияға стратегиялық мән берілуі де осы жауапкершілікті күшейтеді. Білімнің мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуындағы орны айқындалған жағдайда ендігі міндет – конституциялық қағидаларды нақты мектеп өміріне айналдыру. Қағаздағы ұстаным мектептегі балаға сезілмейінше, кез келген жақсы идея толық жүзеге асты деп айту қиын.
Білімге бөлінетін қаржының көлемі артқаны маңызды. Бірақ қаржының көлемінен бұрын оның тиімділігі маңызды. Бір мектеп салынды делік. Оның ішінде қанша бала оқиды? Мұғалімдер жеткілікті ме? Зертханалар пайдаланыла ма? Кітапхана жұмыс істей ме? Цифрлық құралдар сабақта қолданыла ма? Оқушылардың нәтижесі жақсарды ма? Осындай сұрақтар қаржының нақты қайтарымын көрсетеді.
Білімге жұмсалған әрбір теңге баланың мүмкіндігін кеңейтуге жұмыс істеуі керек. Сондықтан алдағы уақытта білім экономикасында «қанша жұмсалды?» деген көрсеткішпен бірге «қандай нәтиже берді?» деген сұрақтың салмағы арта түсуі қажет.
Қазақстан балаларының дарындылығын дамыту мәселесі де ерекше назарды қажет етеді. Дарынды бала тек үлкен қалаларда дүниеге келмейді. Ол шалғай ауылда да өсіп келеді. Кейде қарапайым ауыл мектебінде оқитын бала халықаралық деңгейдегі ғалым болуға қабілетті болуы мүмкін. Оған тек дұрыс бағыт көрсететін ұстаз, қажетті ақпарат және мүмкіндік керек.
Сондықтан дарынды балаларды іздеу жүйесі барынша кең болуы тиіс. Олимпиадаға, ғылыми жобаға, шығармашылық байқауға қатысу баланың туған жеріне байланысты болмауы керек. Ауыл баласы да зертханаға, онлайн курсқа, ғылыми әдебиетке, халықаралық білім ресурстарына қол жеткізе алуы қажет.
Бірақ мектеп тек дарынды балаларды ғана емес, әр баланың қабілетін ашуға міндетті. Бүгін үлгерімі орташа болып жүрген баланың бойындағы қабілет ертең ашылуы мүмкін. Мұғалімнің үлкен өнері – баланың бойындағы әлі байқалмаған мүмкіндікті көру.
Жастарға мүмкіндік беру де білім саясатының маңызды бөлігі. Мектеп балаға тек қиындықты айтып, болашақтан қорқытпауы керек. Ол баланың алдында мүмкіндік көкжиегін ашуы тиіс. «Жұмыс жоқ» дегеннен бұрын «қандай жаңа мамандықтар пайда болады?» деген сұрақ қойылуы қажет. «Болашақ қиын» деуден бұрын «болашақты қалай жасаймыз?» деген ой қалыптасуы керек.
Бала өзіне сенсе, білім алуға ұмтылады. Білім алған адам мүмкіндік іздейді. Мүмкіндік тапқан адам еңбек етеді. Еңбек еткен адам қоғамға пайда әкеледі. Адами капиталдың қарапайым тізбегі осындай.
Мұғалімге сенім артпай, білім сапасын арттыру мүмкін емес. Әрине, сенім бақылаудан толық бас тарту деген сөз емес. Сенім – кәсіби жауапкершілікке сүйену. Мұғалім өз міндетін түсінеді. Мектеп директоры оған жағдай жасайды. Білім басқармасы әдістемелік қолдау көрсетеді. Министрлік жүйелік шешім қабылдайды. Әкімдік инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Ата-ана баланың тәрбиесіне жауап береді. Әркім өз жұмысын атқарғанда ғана жүйе тиімді жұмыс істейді.
Бір тарап екінші тараптың міндетін орындауға тырысқан кезде артық бюрократия пайда болады. Мұғалім әкімшілік жұмыспен айналысса, өзінің негізгі кәсібінен алыстайды. Мектеп директоры ұсақ есептерге көмілсе, педагогикалық көшбасшылыққа уақыт қалмайды. Білім басқармасы ұсақ мәселелерге шамадан тыс араласса, жүйелік жұмыс әлсірейді. Сондықтан басқару мәдениетінің өзі өзгеруі қажет.
Білім саласына қазір ең қажет нәрсенің бірі – тұрақтылық. Мұғалім ертең тағы қандай жаңа жүйе енгізілетінін уайымдамай, өз жұмысын жоспарлай алуы керек. Оқу бағдарламасы бірнеше жыл бойы тұрақты жұмыс істеуі қажет. Жақсы тәжірибе бір басшы келгенде жойылып, екіншісі келгенде қайта енгізілмеуі керек. Реформаның нәтижесін көруге уақыт берілуі тиіс.
Білім – тез нәтиже беретін сала емес. Бір баланың оқу сауаттылығын көтеру бір айда шешілмейді. Мұғалімнің кәсіби мәдениетін қалыптастыруға жылдар керек. Мектеп мәдениетін өзгертуге уақыт қажет. Сондықтан білім саясаты қысқа мерзімді есепке емес, ұзақ мерзімді нәтижеге негізделуі тиіс.
Білімнің шынайы нәтижесі мектеп бітірген баланың өмірінен көрінеді. Ол өз ойын еркін жеткізе ала ма? Еңбек етуге дайын ба? Өз кәсібін саналы таңдай ала ма? Қиындыққа төтеп бере ала ма? Өзгені сыйлай ма? Заңды құрметтей ме? Ақпаратты саралай ала ма? Жаңа технологияны пайдалана ала ма? Өз елінің болашағына сенеді ме? Егер осы сұрақтарға оң жауап бере алсақ, мектеп өз міндетін орындағаны.
Білімнің шынайы нәтижесі тест парағында ғана емес. Ол адамның мінезінде, оның ойлау жүйесінде, еңбекке көзқарасында, қоғамға қатынасында, елге деген жауапкершілігінде көрінеді. Сондықтан мектеп реформасының түпкі нәтижесі – жай ғана жақсы көрсеткіш емес, жақсы азамат.
Осы тұрғыдан алғанда, мұғалімнің уақытын үнемдеу – мемлекеттің болашағына уақыт бөлу. Егер мұғалім қағазға емес, балаға көбірек уақыт бөлсе, білім сапасы артады. Егер ол тексеріске емес, сабаққа көбірек дайындалса, нәтиже артады. Егер мұғалім жөндеу жұмыстарына емес, кәсіби дамуға уақыт бөлсе, мектеп ұтады. Егер ол қажетсіз жиналысқа емес, оқушының мәселесіне уақыт бөлсе, бала ұтады.
Сондықтан қағазбастылықты азайту – жай ғана әкімшілік реформасы емес, білім реформасы. Аттестаттау талаптарын оңтайландыру – мұғалімге жасалған жеңілдік қана емес, кәсіби сенім реформасы. Ауылға мұғалім тарту – жай ғана кадр мәселесі емес, әлеуметтік теңдік мәселесі. Жасанды интеллектіні мектепке енгізу – технологиялық жаңалық қана емес, жаңа ойлау мәдениетін қалыптастыру. Заң мен тәртіпті үйрету – жай ғана жаңа курс емес, азаматтық мәдениетті қалыптастыру.
Қазақстан жаңа кезеңге қадам басып отыр. Жаңа Конституция қабылданды. Мемлекеттік басқару жүйесі жаңарып келеді. Технологиялық орта өзгерді. Жасанды интеллект күнделікті өмірге кірді. Экономикаға жаңа мамандықтар қажет. Қоғамның ақпарат тұтыну тәсілі өзгерді. Осындай жағдайда мектеп те өзгеруі керек.
Бірақ мектептің өзгеруі оның атауын, құжат санын немесе есеп формасын өзгерту емес. Мектептің өзгеруі – баланың ойлау тәсілінің өзгеруі. Бала сұрақ қоюды үйренсе, мектеп өзгерді. Өз бетінше ізденсе, мектеп өзгерді. Қателігін мойындаса, мектеп өзгерді. Басқа адамның пікірін сыйласа, мектеп өзгерді. Еңбек етуден қашпаса, мектеп өзгерді. Технологияны өзіне қызмет еткізе алса, мектеп өзгерді. Заңды құрметтесе, мектеп өзгерді. Өз еліне сенсе, мектеп өзгерді.
Сондықтан білім реформасының ең терең қабаты – сананың реформасы. Ал сананы бұйрықпен өзгерту мүмкін емес. Оны біліммен, тәрбиемен, үлгімен және күнделікті еңбекпен өзгертеді. Осы жерде ұстаздың тарихи миссиясы қайтадан алдыңғы орынға шығады.
Білім саласында өзгеріс тоқтамауы керек. Бірақ өзгерістің табиғаты өзгеруі тиіс. Бұрын «не өзгертеміз?» деген сұрақ алдыңғы орында болса, енді «нені жақсартамыз?» деген сұрақ маңызды. Бұрын «қандай жаңа бағдарлама енгіземіз?» дегеннен гөрі «қолданыстағы бағдарламаның қай жерін жетілдіреміз?» деген жөн. Бұрын «қанша есеп жиналды?» дегеннен гөрі «сол есеп қандай шешім қабылдауға көмектесті?» деген өлшем қажет. Бұрын «қанша мектеп салынды?» деген көрсеткішпен қатар «сол мектепте білім сапасы қалай өзгерді?» деген сұрақ қойылуы тиіс. Бұрын «қанша мұғалім аттестаттаудан өтті?» дегеннен гөрі «олардың кәсіби шеберлігі қалай артты?» деген көрсеткіш маңызды.
Бұл – реформадан нәтижеге қарай бет бұру.
Мемлекет басшысының Тамыз конференциясында көтерген мәселелерінің өзегінде де осы ұстаным жатыр. Білім беру жүйесі үнемі өзгеріп отыратын науқандық алаң емес, ұзақ мерзімді мемлекеттік саясаттың өзегі болуы тиіс. Мұнда ең басты адам – бала. Одан кейінгі ең маңызды тұлға – ұстаз. Ал бүкіл жүйенің міндеті – осы екеуіне жағдай жасау.
Білім – мемлекеттің ертеңін бүгіннен қалыптастыратын сала. Бүгін мектепте отырған бала он бес-жиырма жылдан кейін елдің экономикасын, ғылымын, мәдениетін, технологиясын, мемлекеттік басқаруын қалыптастырады. Сондықтан мектептегі әрбір шешімнің салмағы ауыр. Бір дұрыс шешім мыңдаған баланың тағдырына әсер етуі мүмкін. Бір қате шешім де сондай ұзақ салдарға әкелуі ықтимал.
Сондықтан білім саласында асығыстыққа орын жоқ. Мұнда сән үшін жаңалық енгізуге болмайды. Жаңалық болғаны үшін ғана жаңалық қажет емес. Қажет болғаны үшін, дәлелденгені үшін, балаға пайдасы болғаны үшін өзгерту керек.
Ендігі кезеңнің негізгі ұстанымы анық болуы тиіс: реформа – мақсат емес, нәтиже беретін құрал. Қазақстанға аты көп, есебі көп, мұғалімнің уақытын алатын өзгерістерден гөрі нәтижесі көрінетін, мұқият сараланған, педагогке сенім артатын реформалар қажет.
Ұстазға артық жүк емес, кәсіби еркіндік керек. Балаға құрғақ ақпарат емес, ойлау мүмкіндігі керек. Мектепке кезекті науқан емес, тұрақты даму қажет. Ауыл баласына қала баласымен тең мүмкіндік керек. Жасанды интеллектіден қорқу емес, оны дұрыс пайдалануды үйрету керек. Ата-ана мен мектептің бір-бірін кінәлауы емес, серіктестігі керек. Ал мемлекетке бүгінгі өзгерістің ертеңгі нәтижесін көре алатын білім саясаты қажет.
Өйткені елдің болашағы мектепте қалыптасады.
Ал мектептің болашағы – бүгін қабылданатын шешімдерге байланысты.
Сондықтан білім саласының жаңа кезеңі мұғалімді шаршатпайтын, баланы жоғалтпайтын, уақытты рәсімге емес, білімге жұмсайтын, технологияны мақсат емес, құрал ететін, реформаны сөзбен емес, нәтижемен өлшейтін мектеп қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Бұл – білім саласының ғана емес, тұтас елдің болашағына қатысты міндет.
Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі.
Ал сапалы ұлт – мықты мемлекеттің негізі.
