ҰСТАЗ ӨСИЕТІМЕН
Көбен Асқарұлы,
1938 жылы Алтай қаласында туған. Қытай Жазушылар одағының, Шыңжаң, Іле Жазушылар қоғамының, Фольклоршылар қоғамының, Ауыз әдебиеті қоғамының мүшесі. «Шәріпхан», «Бүркітбай батыр» кітаптары, «Ер кешуі» атты мақалалар жинағы, «Жыр – махаббат» және «Алқа» атты екі өлеңдер жинағы, «Шолпан» атты драмалар жинағы, «Ұлыдан қалған ұлағат» атты эсселер жинағы жарық көрген.
1933 жылғы «12 апрель» оқиғасында таққа шыққан Шың Шысай Шынжаң халқына берген антынан тайып, 1937 жылы қазанда өлкелік үкіметтің негізгі басшысынан Қожанияз қатарлы жоғары дәрежелі қызметкерлерді қолға алды. Осы орайда Сарысүмбеден Әсембай, Мәметқанда молда, Ғұпыр шаңя, Ясин қажы қатарлы ұйғыр инабаттыларын қолға алды. Бұл іс қала халқын қатты тіксіндірді, – деді әкем тағы бір әңгімесін тыңнан бастап. Дәл осы кезде Совет одағының оңшыл оппортунист, жапон тыңшылары, ұлтшылдарға қарсы күрес жүріп жатқанын естіп отырған кезіміз еді. Шетелдегі осы зұлымдық бізге де жетер ме екен деп ойлап қоямыз. Өйткені Шың Шысай бетжүздік еткен «алты ұлы саясатының» туын әлі түсірмеген кезі болатын.
Осындай жұрт көңілі тынши алмай жүрген күндердің бірінде 1938 жылы ақпанның бас кезі, күн жексенбі, ұстазым Кәрім Дүйсебаевтың шақыруымен түнімен жауған қарды омбылай отырып үйіне бардым. Мен есіктен кіре: – Асқар, келдің бе? Мен тағатым таусыла күтіп отыр едім. Саған айтатын көп өсиеттерім бар. Заманның тыныш кезінде айтып алмаса, кім біледі, бір күн алдын, бір күн артын берген заман. Кейде жарға, кейде тасқа соғыламыз дөп келіп…
Мен ұстазымның «өсиеттерім бар» деген сөзіне таңдана қарадым. Ол кісі шкабынан бірнеше кітап алып шықты. – Мына ханзуың Абақ керей секілді кең қолтық ел ғой. Арғы жақтан өтіп келген ел Абақ керейден де, Қытайдан да жамандық көрмеді. Жамандық көрді десем Аллаға шет боламын. Бірақ Шың Шысай мен Сталин достығы түбінде бізге жақсылық әкелер түрі жоқ. Қазір Сталин Совет еліне қоса, қолы білетін жер-жердің барлығына тазалау жүргізіп, өзіне қас санағанның барлығына ақ-қарасына қарамай індете бастады. Айналаны күмәнқорлық індетінің микробы қоршады. Қуғын көріп келген бізді қойып, ішкерілей келе, тұрғын халық сендерге де Шың Шысай оңай келе қоймас. Өйткені, Шың Шысай Совет одағымен қасқыр мен түлкінің достығындай «достық» орнатып отыр. Олар қазір тырнақтарын бүгіп, табандарымен бірінің бетін бірі сипағанымен, түзімі, бағыты, жүрер жолы бір-біріне қарама-қарсы екі ел іргелес отырған соң өз-өзінен алаңдап, жоқтан өзгеден күдіктеніп әлі-ақ тырнақтарын бір-біріне ала жүгіретін болады.
Осы жағдай халықтың ішіне лаң салады. Міне, осы лаңның кесірінен әсіресе көшпелі ел қазақ халқының тарихы, мәдениеті тозып, селге кететін жағдайды тудырады. Сол тозып бара жатқан мәдениет пен тарихтың көрнекті бірі – халқымыздың әдебиеті. Ендігі жерде осы әдебиетімізді сақтап қалу – сен секілді азаматтардың борышы. Қазақтың қара өлеңі «Әри-айдайдан» бастап «Қозы Көрпеш — Баян сұлуға» дейін, «Керқұла атты Кендебайдан» «Алпамыс батырға» дейін қанша жинай алсаң сонша, өміріңнің бір бөлімін осы іске арна. Бұл жұмыстың ақындық сапарыңа пайдасы тимесе, зияны тимейді. Қайта ақындық сапарыңа апаратын жол осы.
Шынжаңда жасап жатқан қазақтардың қолында халқымыздың мұрасы қаймағы бұзылмай соны тұр. Дәл қазірден кірісіп, соны сақтап қалу ұлтыңа, отаныңа деген сүйіспеншілікпен қатысты жұмыс. Бұл үлкен іс бір адамның қолынан келмейді. Бірақ бір адам кіріссе де, кіріспегеннен жақсы емес пе? Осы мұраны жинау бір әңгіме де, оны сақтау тағы бір әңгіме. Қазір бұл елдегі көп адамдар әйтеуір өлеңқұмарлығынан жаттап алып айтып, жазып алып оқып жүр. Бірақ әдебиеттің келешегі туралы ойлап отырған жан жоқ. Ал сен бұл іске азаматтық борыш тұрғысынан кіріс. Қазақтың азаматы болған соң атаңнан қалған мұраға иелік ет. Оның иесі сен, сен секілді қазақтың қарапайым азаматтары.
Міне, сол мұраның бірі, баяғыда мен өзіңе айтқан, жаныммен бірге оқ пен оттың арасынан алып шыққан «Батыр Баян», «Қырық мысал» қатарлы мына кітаптар. Бұлар ендігі жерде халық қазынасына айналды. Уақыты келгенде бұл авторлардың басына да бір әділдік келеді. Бұл шығармалар да өз орнын табады. Әңгіме осы кітаптардың желге ұшып, топыраққа тозып кетпеуінде. Саған айтайын деген өсиетім – осы. Менен енді күн кетті, үмітім үзілді. Совет одағының мына косулының күні-түні бағып отырғаны – біз. Олардың көз-құлағы өзімізбен бірге ілесіп келген. Алдағы кезде басыңа күн туардай болса сен де ұрпағыңа, өзің жеткізген шәкірттеріңе аманатқа қалдырарсың.
Халық мұрасын жинау сынды осы жұмысты өзім де істеуді ойлағанмын да, қызыққан едім. Бірақ менің кешірмем, жасаған ортам, тағдырым мені бұл іске бір адым да жақындатпады. Қоғам басыңа қысым, сары ізіңе шөп салып, қуғын-сүргінге ұшыратқан соң күйіміз осы болды. «Ораза-намаз тоқтықта, ұшырасаң аштықта, сәлдең қалар боқтықта» деп бекер айтпаған екен. Үмітім селге кетті. Жиған-тергенім қолды болды. Мен біткеніммен шәкіртім болып сен қалдың. Енді осыны сен жинар деген үміттемін. Саған осы үмітті артқан екенмін, ойымдағыны қалдырмай сарқа айтайын. Қоғам өміріңе қиянат жасамаған күннің өзінде бұл істі істеуің үшін саған үш түрлі кедергі бар:
— бірінші – мансап, өмірің ішіп-жеумен, қошемет-құрметпен өтеді. Орта сені жаңағы жұмысқа жақындатпай, қақпайлап өз ағынына түсіріп әкетеді. Талант деген – биік шың. Оған жапалы еңбек істеу арқылы өрлей аласың. Сән-салтанат еңбекшілдіктен төмен тұрғандықтан, қоя берсең табиғи ылдиға қарай домалайсың.
— екінші – керенаулық, бүгін тындыратын жұмысты ертең істеймін десең, біткенің;
— үшінші – арақкештік, оған кіріктің бе, өмірің лай, арам тұрмысқа кіресің. Өтірікші болып өзіңді де, өзгені де алдап өмірің өтеді.
Осы үшеуінен аулақ еңбекшіл кісі ғана мұны істей алады.
Осы жерде ұстазыма бір тіл қаттым: – Өткен жылы Қазақстан жазушысы Жұмат Шанин жазған «Арқалық батыр» пьесасын сахналайық деп, рұқсат сұрай жігіттер барған екен, Шақаң оқып көріп: «Пьеса ұлттық күрестен таптық күреске айналып кеткен. Нақты болмыстан көп алшақ екен, мен ғой, қосыламын. Бірақ төрт би-төренің менен басқасы не дейді? Осыны ойлаңдар», – депті. Осыдан соң Арқалық өміріне қызығып, аңыз-әңгімелеріне құлақ түріп, біреудің жатқа айтуымен дастанын да тыңдадым. Жұмат жазған пьеса мен дастан оқиғалық жақтан өте парықты болған соң еліміз ұлы-кәрілерінен ойларын, пікірлерін тыңдап көрейін деп өткенде Мәми бейсінің баласы Шәмер имамнан бір сұрап қалдым. Ол кісі жаратпады, «Арқалық деген бір қашқын, оны не қыласың?!» дей салды. Тағы да қузаңқырап едім: «Әкең маған тапсырып кеткен жоқ, нең бар менде, қайдағыны іздеп» деп зекіп тастап жүріп кетті.
– Әңгіме осында, – деді ұстазым сөзімді бөліп, – жанның бәрі Шақаң емес, Шақаң ойлағандай олар ойламайды. Оның керісінше ойлайды. Бірақ Шәмердің сөзінде де бір шындық бар. Арқалықтың қашқын екені рас. Оқиғаның өзі де оның қуғын көрген өмірімен туды. Оның батырлығы осы қуғын көрген өмірімен қатысты. Оны ұрпақтың жырлауы да, ол жырды сақтауы да Арқалықтың сол қуғынды көре жүріп елі мен жерін қорғау жолында жанын ортаға салуында жатыр. Жұматтың ағаттығы да, Шәмерлердің ұнатпауы да, әне, сол Жұмат жасап отырған ортаның солшыл ағаттығында тұр. Арқалық дастан бойынша да, сен айтып отырған аңыз-әңгіме бойынша да елі мен жерін қорғаған ұлттық қаһарман. Бұл бойынша Шәмер имам оны жек көрмейді. Ал Жұматтың шығармасында жалаң таптық қаһарман. Ажы және оның төрт биі мен Арқалық арасындағы күрес болып суреттеліп, Арқалықтың ұлттық қаһарманнан таптық қаһарманға өтіп кеткендігінде. Мынау Өр Алтай Совет одағы болмағандықтан, Шәріпхан да мұны қойғыза алмайды. Қазір Совет одағы халықты бай-батырақ деп екіге бөліп алды да, халықтың әдебиетін де, оны жырлаған белгілі ақындарды да екіге бөліп алды.
Ендігі жерде осының буржуазия таңбасы басылғандары тозады. Бүгінге дейін анау Асан қайғы, Бұқар жырау, Шортанбайдан бастап, Шәкәрім, Мағжандарға дейін буржуазия әдебиеті болды. Енді мына тазалауда қаншасының артына буржуазия таңбасы басылады. Аман болсаң оны да естисің. Өз идеямды саған зорлап таңбаймын. Көп нәрселерді айтқанмен дәл қазір сенiң ойыңнан өте қоюы екіталай. Сен өз өмір жолыңда дүниені көріп, біліп, басыңнан кешіріп жүріп, түсінетін боласың. Сонда кезінде істеп қалған кейісіңе разы болып, уақытын өткізіп алған кейісіңе өкінесің. Қалай да болмасын істеп қалған жұмысың сенің жеңісің болмақ. Бірақ сен қандай бір іске кіріссең де, өзгенің немесе ауқымның жетегімен жүрме. Бүгін қате нәрсе ертең дұрыс болуы ғажап емес. Бүгін патша уақыт өте келе қара болмаған қайда бар. Бұл дүние жоқтан бар болып, және өсіп, және жойылып, жаралып тұрады. Сол қалпында тұрмайды.
Мен саған сенің бейімділігіңе, қызығуыңа, талаптануыңа жарай халқымыздың әдебиетінің тағдырын айтып отырмын. Халық әдебиетінің тағдыры – тұтас халықтың тағдыры. Тіпті отан тағдырына қатысты. Халқымыздың әдебиет байлығы ұшан-теңіз. Бұл ұлт парасатын, халық мәдениетін, ел тарихын көрсетеді. Осы әдебиетіміздің басы «Әри-айдайдан» басталып, соңы эпикалық дастандарға соққан сюжетті шығармалардың ішінде ғашықтық жырлары мол секілді. Оны «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» секілді арыдағысынан берідегісі мол. Осы берідегісінен араб-парсы ертегілерінен қазақыландырып, өлеңге айналғаны молырақ. Оларды жырлағандар қазақтың өз кезіндегі оқымыстылары – қазақ молдалары. Олардың ел аузындағы көрнекті өкілдерінің бірі және де сол Абай. Абай дастандарының бәрі де ертегіден өлеңге айналдырған ақыл-кеңес, ғақылия. Енді Абайдан қалса ғылыми тілде «кітаби ақындар» деп аталып жүрген Шади Жәңгіри, Мәшһүр Жүсіп, өзіңнің Ақытың секілді ақындар. Бұл кісілердің діни уағыздық жырлары да баршылық.
Халық мұрасын жинағанда оның мәніне, көлеміне, жақсы-жаманына қарама. «Ой-ахау» да өлең, шару, бәдік өлең де көркем әдебиет. Шамаң жеткенше жина, жаныңды салып қорға, кезі келгенде қоғам, халық мұны қажет етеді. Келесі ұрпақ саған алғыс айтады. Сен бір ұлы еңбек істегеніңді сонда білесің.
Қазір менің ғұмырыма аз қалды. Біздің ізімізге Совет үкіметінің шпиондық органы түсіп отыр, Шың Шысай да бізге сеніп кетпейді. Оның қажетіне де жарамаймыз. Сондықтан қызыл орыстан қысым келгенде бұл қосақтың басына бізді ұстайды. Енді біздің өзімізді бір Аллаға тапсырғаннан басқа барар жер, басар тауымыз жоқ. Айтайын деген өсиетім – осы. Бұдан басқа біздің жайымызды білудің саған қажеті шамалы, – деп ұзақ сөйлеп, ақыл-кеңес бере отырып, қоштасар кезде баяғыда мен оқып, өзіне қайтарып берген Мағжанның «Батыр Баян» деген дастанының қолжазбасын берді де: – Осыны сақта, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болсын! – деді.
Ұстазымның айтқанындай болды. Көп өтпей-ақ, осы жылы көктемге іліндірмей ақпанда Төлеуғазы, Қамбар, Шабдан, Темірғали, Сәлім Жаназаров, Зенков, Жу Чыңхуй, Найманғазы, Мінәт болыс, Кәрім Дүйсебаев, Мұқтархан, Қабаш, Ақи, тағы басқа мен атын білмейтін қазақ, орыс, ханзу зиялылары арт-артынан түрмеленді.
Жуықта «Шынжаң тарихи материалдары» деп аталатын ұйғыр тілінде шығатын альманахтың 7-ші томынан бір кездегі (1937-1938 жылға дейін) «Алтай-Шынжаң» газетінің жауаптысы болып тұрған Жу Шыңхуйдың (Жу Дыңжяу) «Түрмедегі сегіз жыл» атты мақаласын оқыдым. Онда өзінің 1938 жылы қолға алынып, сәуірдің ақырында Алтай алтын кен мекемесінің орынбасары Фаң Жиңюан, Шабдан, Сәлім, Темірғали, Деников және мен атын ұмытқан екі қазақ бар, сегіз адамды екі-екіден түйеге теңдеп, құм жолымен Үрімжі түрмесіне апарғанын, түрмеде бір камерада Шабдан, Сәліммен бірге жатқанын айта келіп былай деп жазады: «Оларды түрмеге барған күні қатты қинап тергеді. Шабдан бен Сәлім екеуі де тергеуден қатты қиналып келеді. Олардың айтқаны – бізді Совет адамдары тергеді, – деді. Осыдан жалғасты үш күн ұдайы тергеді, төртінші күні мені басқа камераға жөткеп кетті», – деп жазады.
Жу Шыңхуйдың жазғаны Кәрім мұғалімнің айтқан межесімен бірдей шықты. Бұларды шетелдің ұстатқаны әбден айқын. Жу Шыңхуй атын ұмытып отырған екі қазақтың бірі Шабданның ағасы Қамбар да, енді бірі Кәрім Дүйсебаев болуы мүмкін. Енді біреулерден естуімізше, бұларды Совет одағына алып кетті деген де сөз бар. Аяулы ұстазым туралы қанша іздегеніммен, бұдан арғысы бұлдыр болды да, Алтайдың жартасына қашап жазған жазудай менің көңілімде қалғаны шәкірттің ұстаз өсиетіне деген адал махаббаты ғана болды. Сол махаббат мені халқымыздың әдебиет пен мәдениет тарихын іздеуге, жинауға, зерттеуге бастады.
Мен ұстаз өсиетін ұстанудан таймадым. Өмірде мансап іздеу ойымда болмады. Ішімдіктен бой тартып, бүгін істейтін ісімді ертең таңға қалдырмадым. Үш аймақ үкіметі кезінде Алағақ, Шеміршек ауданында мектеп басқаруға, 1951 жылдан бастап аймақтық ойын-сауық үйірмесі мен мәдениет үйін басқаруға мақұлдық беруімде осы жұмыстарға орай табудың мақсаты еді. Сондай-ақ, менің бұл жұмыстарға кірісуім шынында да ұстазым айтқандай, ақындыққа бастайтын жол болды. Мен халқымыздың әдебиетінен үйрене жүріп, бұл фәниде азаматтық борышымды өтеп халық мұрасын жинап, сақтауға бекідім. Ол кезде халық мұрасын жинау, сақтау деген ешкімнің қиялына кіре қоймайтын іс. Жекені қойып, үкіметтің өзі де қолға алмаған. Халқымыздың мұрасы көктеректің күзгі жапырағындай аяқ астында шашылып жататын секілді. Біреулер абайсыздығынан айырылса, біреулер бір мезет көңіл көтеруіне пайдаланып, кез-кезінде тастай беретін сияқтанады. Бірақ халық деген ұлы тұлға, ұлы көкірек, өз перзентін, өз тумасын аялайды, қорғайды, сақтайды екен. Сол ұлы тұлғаның бір бөлшегі сипатында мен халқымыздың ауыз әдебиетін сақтауға, жинауға кірістім.
Ұстаз өсиеті маған үлкен ой салды. Халық мұрасын жинап, сақтаудың мәні мен мақсатын түсінген сайын жүгімнің ауыр екенін сезіндім. Сонымен халқымыздың ауыз әдебиетін жинау жұмысына бел буған алғашқы сапарым басталды. 1938 жылдың қазан айым өлшерінде тіршілік жұмысымен Сарысүмбе ауданын аралауға Қыран-Ертіске бет алдым.
Бұл кез Шәріпханның дәуірлеп, халық тұрмысы да жақсарып, төрт-бес жыл бейбіт өмір кешкен Алтай халқының дәулеті дөңгеленіп, байи бастаған шағы, ел-ел қатарласып мектеп салынып, жаппай сауаттануға ұмтылып жатқан, халықтың осындай игілікті жұмысы «Шынжаң-Алтай» газетінің ең басты тақырыбы еді. Осы аттанған тілшілік міндетім – ел ішін аралап, мектептерді көріп, қай ауылда, қай орында мектеп салынып жатыр, қай жерде ру басылары құлшына қызмет істеп дәулетті, бардам адамдар қанша жылу атап, мектеп қаражатын, мұғалімдердің айлығын шешті, осындай үлгі болатын жайлар мен керенау жағдайларды хабарлап, оқу-ағарту ісіне үгітші болумен бірге келер жылғы газетке жазылу ісін қузап, ел арасындағы мұғалімдерді негіз етіп, ерікті тілшілерді әрекеттендіру. Ол кезде газетімізде кәсіптік тілшілер аз болғандықтан, көбіне ерікті тілшілерге сүйенетінбіз. Оларды бағалап, сыйлап, шабыттандырып отырамыз. Оларға таратқан «Найзаның ұшынан қаламның ұшы өткір» дейтін тілшілік куәлігіміз болады.
Мен Сарысүмбеден ерте аттанып, түс қия Бітеуіргеге жетіп, «Үлгі» мектебіне ат басын тіредім. Сол күні мектепте ата-аналар жиынын ашып, оқытушылар мен оқушылар және ата-аналарға арнап концерт қойғалы жатыпты.
Мектеп директоры Шәмер халпе менің тілшілік жұмысыма қолғабыс етіп болғаннан кейін бірге отырып концерт көруге ұсыныс етті. Шәмер – Мәми бейсінің үшінші ұлы, бейсі мешітінің имамы. Имам болғаннан бері мешіттің қарамағындағы «Абақия» мектебін қоса басқарып тұрғандықтан, ол «халпе» атаныпты. 1933 жылдан бастап Шәріпхан «Абақия» мектебінің атын «Үлгі» деп өзгертіп, бірыңғай фәни сабақ өтілген кезде де, Шәмер халпе мектеп бастығы болып тұра берген-ді.
Кешкі ойын-сауыққа Бітеуіргенің елі көп жиналған екен. Халпе мені қасына отырғызып: – Бүгінгі ойында сенің «Мен бір сері мас» деген ысқақ өлеңің де бар. Оны газеттен оқып, ұнатып қалдым да, оқушыларға жаттаттырдым, – деді. Шығармасын мақтағанды кім жек көрсін? Әсіресе ол кезде Шәмер секілді аталы ауылдан шыққан зиялы, білімді кісінің аузына іліну жаман іс емес. – Сізге ұнаса, ол өлеңім жаман болмаған екен. Көңіл бөлгеніңізге рахмет! – дедім. Концерт көріп отырғанымызда халпе: – Менің мектебімде осындай концерттер қойылып, жұрт жиналып тұрады. Көрушілерге концерттің жаңасы жақсы ғой. Сен оқушыларым орындауға лайықты өлеңдер жазып тұр, – деді. Мақұлдық бердім. Шағын ойын-сауықтан кейін халпе мені жібермей, мектептің жанындағы өз үйіне қондырды. «Абақия» мектебінің бұрынғы орны Бітеуіргенің жоғары жағындағы бейсі қыстауының жанында екен. Кейін 1933 жылы Шәріпхан бұл мектепке «Үлгі мектеп» деп ат беріп, құрылысын жаңадан салатын болғанда Шәмер халпе Бітеуіргенің аяқ жағындағы өз қорасының солтүстік жақ жанына салдырыпты.
– Ілиясқар, сен жазғытұрым менен Арқалықтың жайын сұрадың. Сонда менің қайтарған жауабыма ренжіп қалдың-ау деймін, – деді. – Жауабыңыз тосындау болды, – дедім мен де жасырмай. – Сол кезде Сарысүмбеде біреулердің «Арқалық батыр» деген пьесаны ойнаймыз деп жүргенін естідім. Пьесаны оқып жаратпай қалдым. Оны жазған адам Арқалықтың қиссасын толық оқымай, біреуден шала-шарпы естіп, көбін ойша жазыпты. Сөйтіп ыза болып жүргенде сен кезігіп қалдың. Мына «Арқалық батыр» дастанын оқып көрші. Ажы Арқалықты сабамақшы болып ұмтылғанда, сабатпай қойған Көкен мен Бежең екенін айтып отырмай ма, әсіресе Бежің Арқалыққа көп сүйеніш болып, кейін жәдік ішіне көшіріп алып, Арқалық соңында Ертіс бойында құдайдың ажалымен өлген екен. – Арқалық жәнтекей бола тұра, қалайша жәдік ішіне барды екен, ә? – дедім мен. – Кім айтады жәнтекей деп? – Міне, дастанда «Байматай ботақара жақын ағам» деген жолдар тұрмай ма? – Арқалық қарақас. Ал дастанның андағы жолына мен де жіп таға алмадым. Қалай екен?! Тегі, Байматай нағашы не жиен болып келсе керек, – деді халпе.
Халпенің Арқалық қарақас дегеніне сене қоймағаныммен, үлкен адаммен талас жасамай, дастанды кімнің шығарғанын сұрадым. – Дастанды сүйегі самырат Көтбай Көшкіншіұлы шығарған екен. Тәтті ағамның (әкесі Мәмиді айтқаны) билік басында отырған кезі болса керек, Көтбай ақын бір жылдары Зайсан жерінен келіп, біздің ауылда бір жаз болып, осы дастанды өзім шығардым деп жатқа айтыпты. Сонан Тәтті ағам «Абақияның» сол кездегі мұғалімдеріне дастанды көшіртіпті. Мына кітап сол кісілердің қолжазбасы, – деді кітапты нұсқап.
Ертесі оның қолындағы «Арқалық батыр» дастанын көшіріп алып, өзіне қайтарып беруге келісім беріп аттандым. Осыдан кейін Арқалықтың кім екендігін, оның ерлігін кім жырлағандығы жөнінде іздестіре бастадым. Сол жылы қыста тағы тілшілік қызметі орайымен Жеменей ауданындағы қайын жұртыма барып, әдейі ат басын Қабылтәйжінің ауылына бұрдым. Қона-жастана әңгіме соға отырып Арқалықты сұрадым. Ол кісі Арқалықтың қарақас екенін айтқанымен, ата-тегін таратып бере алмады. Дастанды кім жазғанын сұрап едім, білмейтінін айтты. – Шәмер халпе Көтбай ақын жазған деді, – деп Шәмер айтқан әңгімені баптап айтып бердім. – Көтбай жазды дегеннің жөні бар екен. Халпе – өтірік айтпайтын кісі. Екіншіден, Көтбай ақын Арқалықтың ізін баса шыққан. Анау бодан керейдің ішінде өскен. Осы дастандағы Жұбай батырмен туыстығы да бар адам. Өзі хат таныр сауаты бар кісі болатын. Айтпақшы, әкем (Жәке биді айтып отыр) жас кезінде Арқалықты көрген екен. «Тұп-тура біздің Әбілқасым секілді иірлеу қара кісі сияқты, бірақ сүйек бітімі кесек, өткір көзді, сақал-мұрты мол, қасы қалың адам екен» дегені есімде, – деді.
Бұл кісі де осыдан артық ештеңе айта алмаған соң, ендігі жерде Арқалыққа таласқандай болып тұрған ботақара мен қарақас ұрпақтарының өзінен сұрап көрейін деген ойға келіп, Жеменей мен Алағақтағы ботақаралардың атқамінерлері мен үлкендерінен сұрап едім. Арқалық ботақара деп дастанның жаңағы айтқан бір жолын көлденең тартқанымен, атасы пәлен, ұрпағы түген деп бұтақтап бере алмады. Уақыт өте берді. 1950 жылы мен аймақтың Ойын-сауық үйірмесін, кейін Мәдениет үйін басқаруға ауысып келдім. Сол кезде де Арқалық өмірі туралы жинауды ойымнан шығармадым. Әркімнен сұрастырып, ақыры Сарысүмбенің Қызылтас ауылында Арқалықтың немере келіні Алтынша деген әйел бар деп естіп, демалыс орайында іздеп бардым.
Алтыншаның әкесінің аты Түсіп, Қабаны мекендеген жарбол руының қызы екен. Сұңғыла әйел Арқалық жөнінде бүгінге дейін көп адамдарға көмескі болып келген бірқыдыру әңгіме айтып берді. Мен кейін «Арқалық батыр» туралы пьеса және өлең-роман жазғанда бүтіндей осы Алтыншаның берген мәліметтеріне сүйендім және ойдан оқиға қоспадым. Тек ол айтқан оқиғаларды жүйеге келтірдім. Алтыншамен болған екеуара әңгімеміздің бір «әттеген-айы» қалды. Сол кезде күйеуі қайтыс болып, өзі бір шаңырақтың иесі, бір ауылдың үлкені болып отырса да, қазақтың салт-сана, әдеп басынан аттамаған әйел Арқалықты «Батыр ата» дейді екен. Ал «Батыр атаңның ата-бабасы кім?» десем, «Жасымда атамаған аруақтардың атын, пайғамбар жасына келгенде неге атайын?» – деді. Рашат деген ұлы жаңадан құрылып жатқан кооперативтің бухгалтері болып істейді екен. Ол да жұмысына кетіп қалған. Енді қайттым деп дағдарып ақыры: «Арқалықтың әкесінің атын тұспалдап айтшы» деп қиялаттым. Сонда Алтынша миығынан күле отырып: «Қасқырдың тағы бір аты болушы еді ғой», – деді. «Ә, бөрі емес пе?» – дедім. «Сол, соған дәулетті адамды не деп атайды, соны қоспайсыз ба?» – деді. «Е, бай емес пе? Жә, жә, Байбөрі» дедім мен қуанып. «Қасқырдың аяқ жағына қосыңыз» – деді Алтынша күліп. «Бөрібай, Бөрібай» деп қатты күліп кеттім. Ол да қосыла күлді.
Сонымен Арқалық Бөрібайдың ұлы болды. Ақыры арғы ата-тегін айттыра алмай қайттым. Ол кезде қызметтің тәртібі қатаң, бұратартар уақытың болмайды. Соның әбігерінде жүргенде 1958 жыл да келді. Апалам-төпелем жағдай, қалпақ киген бізді қойып, халықтың өзіне оңай соқпады. 1962 жылы қызметтен қуылып, аудандық Өндіріс бөліміне бақташы болып, біресе тауда, біресе ойда жүрсем де халық ауыз әдебиетін жиып-тере жүретін әдетімді тастамадым. Бір күні Құзайыр Сәдуақасұлы деген жігітпен таныстым. Ол да қызметінен айдалыпты. Бұрын Балбағай ауылының Халық істері бөлімінде істеген екен. Екеуміз анда-санда кезігіп қалғанда әңгімелесетін болдық.
Бір күні, күз айы таудан түсіп, Алтай қаласының аяқ жағындағы қара жартастың тұсына келіп қонғанбыз. Алдыма дөңгелек тақтайымды алып, 1960 жылдары бастап жазған «Арқалық батыр» атты пьесамды қайталап көріп отырғанмын. Үйге сәлем бере сол Құзайыр келіп кірді. Ол мен отырған үстелді жағалап келіп отырып, жазып отырған қағазыма көз сала бастады. Ол кезде бірдеңе жазу үшін етек-жеңіңді жиыңқырап, ашық-шашықтық істемей, сақ болып, «сапты аяқтан ас ішсек, сабына қарауыл қоятын» заман. Солай болса да өздігімнен қуыстанып, қағазымды жия жөнелдім. Ол шығарманың тақырыбын көріп таңдана тамашалап: – Асеке, мына жазып жатқаныңыз «Арқалық батыр» ғой. – Иә, Арқалық батыр, оны жазса не болыпты? – Бірдеңе болады демедім ғой, қайта… – Осы сен Құзайыр, қарақаспын демедің бе? Қарақас болсаң Арқалық кім? – Арқалық қарақас. – Қарақастың қайсысы? – Арқалық менің арғы атам Жолдыбаймен немере болып келеді. – Ой, сондай ма еді? Ал, таратшы, қане. – Біз төрт қарақастың бірі Назармыз. Назардан төртөу – Баубек, Нұрманбек, Жамантай, Түгелбай. – Тоқтай тұр, жігітім. Мен естелікке алып алайын, – деп қағазыма қол қойдым. – Назардың үлкені Баубектен Тоқтамыс, Тоқтамыстан Қозыбақ тарайды. Осы Қозыбақтан екі ұл – Есентүгел, Тума. Тумадан біздің ұлы атамыз туады да, Есентүгелден Арқалық батыр тарайды, – деді сөзін жиып. – Сен Қызылтас қыстағындағы Алтынша деген әйелді танисың ба? – дедім. – Танимын, біздің жеңгеміз ғой, – деді Құзайыр. – Жә, танысаң, – дей отырып, мен Құзайырға Алтыншамен болған әңгімемді айтып беріп, – сен Есентүгелдің келіні емессің, енді сол Есентүгелден бері таратып бер, – дедім. – Болады. Сіз атамызды құрмет етіп сұрап отырғанда мен айтпайын деп отырғам жоқ. Сіздің сөзіңізді алып кеттім бе деп жатырмын. Есентүгелден Бөкенші, Бөрібай, Өкін туады. Ал Бөрібайдан – Арқалық, Сармерген, Әбдірейім, Көшім туады. Сармергеннің ұрпақтары бодан керейдің ішінде Зайсан жерінде қалыпты да, Әбдірейім мен Көшімнің ұрпақтары Шонжыда. Ал Арқалық батырдан Құсайын, Мұсайын, Жақып, Буыршын – төрт ұл. Құсайыннан ұрпақ жоқ. Мұсайыннан Кәрсембай, Қапаш. Мына Әбитанға 1956 жылы Моңғолиядан көшіп келетін «Мұңғыл Қапаш» дегеніміз осы Арқалықтың немересі. Жақыптан Сәмсеке, Буыршыннан Анашбай дегендер бар. Қазір Буыршынның (жер аты) Шұңқырында, – деді. – Ал әлгі маған жақсы әңгіме айтып берген Алтыншаға келмей әңгімені үзе қойдың ғой. – Алтыншаны келтіріп шығарайын ба, жаңағы Бөрібайдың ағасы Бөкеншіден Қойшыбай, Қойшыбайдан Сәлім, Әлім, Құлым, Сүттібай туады. Енді Құлымнан Алтыншаның күйеуі Рахым туады, – деді. – Жә, аталарыңды жақсы тараттың, енді сол батыр атаңның өң-бейнесі қандай екенін естіп-білгенің бар ма? – Жоқ, – деді Құзайыр мүдіріп. – Ендеше, мен айтайын. Менің қайын жұртым меркіт, қайын атамның інісі Қабылтәйжі деген кісіні естуің бар ма? – Естуім бар. – Естіген болсаң, сол кісіден сұрап қалғанымда, ол: «Әкем Арқалықты көрген екен. Тұп-тура біздің Әбілқасым секілді басы үлкен, иірілгендеу қараторыға жақын, бірақ, сүйек бітімі кесек, сақал-мұрты мол, қалың қасты, өткір көзді кісі екен дегені есімде» деп еді, – дедім. Сонда Құзайыр іле жауап қайтарып: – Осы айтқаныңыз Жәке бидің сөзі болды ғой. Дұрыс айтылған бейне ме екен? Сіз көрдіңіз бе, көрмедіңіз бе? Мен тілге алған Арқалықтың немересі Мұңғыл Қапаш жаңағы сіз айтқан бейнеден аумайды. Шаш-сақалы тығыз, сыйдалау, басы үлкен, арық, қараторы жігіт. Енді қазақта Асан қайғыдан қалған сөз бар «ері құмандай, аты қояндай» деген, бұрынғының адамдары кесек екен ғой, ал Қапаш қазіргі адамдармен салыстырғанда кішкене адам емес. – Осы мен көрген қарақаста Алтыншаға бәрің жетпедің, оның одан-бұдан үзіп-жұлып айтқанынан мен Арқалық жөнінде көп шындықтың көзін таптым. Алтынша маған әңгімесін атамыздан естігем деп айтып отырды. Сонда Құлымнан естігені ғой. Арқалықтың өң-бейнесі қандай кісі екен дегенімде, «Мен атамыздан әңгіме сұраған емеспін, ол кезде үлкендермен қатар отырып әңгіме сұрай аламыз ба? Басқаларға айтып отырғанынан шай құйып отырып, кіріп-шығып жүріп естіп қалғаным ғой. Ол әңгімелерде көбінесе атамыздың ерлігі айтылады. Өң-бейнесі тілге алына бермейді. Тек бір күні атам: батырдың шашы аса қалың, өте қайратты, екі ұстараны кезек қайрап, әрең түсіреді екен. Сонда батыр тұрып: «Сендердің ұстараларыңа не болған, бір қайраған пышақ бір жылқының терісінің жүнін сыпыруға шыдаушы еді. Қайта-қайта жанымай бір қабат қыртысымен сыдырыңдаршы», – дейді екен дегені есімде қалыпты» деп еді, – дедім. – Жаңа сіз Алтыншаға жетпедің дедіңіз ғой, Асеке, оныңыз рас. Мұнда бір себеп те бар. Біздің үлкендер Арқалық Жәнібек батырдың жиені (қызынан ба, әлде немере қызынан туған ба) екен. Сол жиендігі себепті, Жәнекең ауылын жағалап, қарақас руы Өр Алтайды бетке алып көшкенде кейіндеп қалып қойыпты. Бұл сөзімнің растығы ғой, Арқалықпен бірге туған Сармергеннің ұрпақтары әлі күнге Зайсан төңірегінде отырған жоқ па? Бұлар сол беті қарақас еліне қосылмады деседі. Алтыншаның білгенін білмей жатқанымызда содан болса керек. – Ол айтқаныңның жаны бар. Ауыл арасы алыс болғасын, барыс-келіс азайып, ұрпақтар бір-біріне сууық бауыр бола береді. – Асеке, сонда Арқалық жөнінде не жұмыс істегелі жатырсыз? – Сенен алған дерегім Арқалық жөніндегі ең соңғы жиған дерегім болмақ. Алдағы жерде не жұмыс істеуді жағдай біледі. Одан арғысын сен сұрама, мен айтпайын. Бірақ «үмітсіз шайтан ісі» дейді екен. Иншалла, бір жақсы күні де келер. Сол кезде болмағанда қолымда дерек болуы керек қой.
Құзайырға бұл айтқаным шың ойым еді. Қалай да бұл қоғам бір оңайлады дейтін сенімім күшті болатын. Осы сенім мені мұратыма жеткізді, жеңіске жеткізді. Арқалықтан бастап халқымыз әдебиетінің талай түрін жинадым да, сақтадым. Бұл барыста талай-талай қиындықтарға да жолықтым. Үйіме екі рет тінту де жүрілді. «Мәдениет төңкерісі» сынды алапаттың өртінен де алып шықтым. Сөйте жүріп сонау 1940 жылдардың өзінде «Салиқа-Сәмен», «Қарақұлдың түрмедегі зары», «Бүркітбай батыр өлеңдері» қатарлы бірнешеуін бастырып та үлгердім. Ауыз әдебиетін жинап, азабы мен тозағын көре жүріп үйрендім, игіліктендім. Ұстазым айтқандай, бұл менің әдебиет ісіне араласқандағы ұрпақтың алқауына бөленер, тындырымды ісімнің бірі болды.
Түсіндірме сөздік:
- Шаңя – бұл да мәнжүр тілінен енген ауыл әкімі дәрежесіндегі билік лауазымы. Алтайдан басқа Тарбағатай, Іле өңірлерінде көбірек қолданыста болды.
- Халпе – халифа, халпе, кәлпе атауларының бәрі бір мағынаны білдіреді (діни ұстаз, имам көмекшісі).
- Бейсі – Мәнжу (мәнжүр), яғни Чиң (Цин) үстемдігі кезінде қытай қазақтарына берілген ең жоғары төрт шеннің үшіншісі.
(Қайыржан К., Сөз-сандық: Қазақтың көне сөздері)
