Дүниені бағыма баламаймын…

Самрат акын-сайтка

Самрат ҚҰСКЕНОВ,
1996 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Амангелді ауылында туған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист, «Іңкәр жүрек», «Жала мен жаза», «Қызылжардың қияли еркесімін» кітаптарының авторы. Аймақтық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері.

 

АЛМАТЫ, АШ, ҚҰШАҒЫҢДЫ

Қиялға теліп алып ұшағыңды,
Елемей жүрмін ірі-ұсағыңды.
Облысқа сыймаған соң өр талантым,
Мен келем, Алматы, аш, құшағыңды.

Малынып тұрмағанмен ұртым – балда,
Сындардан сынбай өтем, ұлтым барда.
Ойлардың жетегіне орап алып,
Жетектеп жол бастады бұлтың алда.

Шабытты шағым болса шарықтаған,
Аспанда қыран-жырым қалықтаған.
Адалдан асым болып, терім сіңіп,
Кезім жоқ пенделікпен арықтаған.

Керек жоқ ешқандай да атағың да,
Қызметте болмайды еш шатағым да.
Толғанып, өлең жазбай өткен күнім,
Кеткендей көрінеді жат ағымда.

Ризамын, елдің соққан дүресіне,
Қосылдым ұлтшылдардың күресіне.
Мен қалай ашық болмай, тұйықталам,
Киелі жыр тигенде үлесіме.

Ішімде сыр жатқан соң мөлдіреген,
Жүрегім әрбір сәтке елжіреген.
Биікке қанша жерден өрмелейін,
Тереңде тұнып тұрар мөлдір өлең.

Армансыз жастығымды құшып келем,
Сезімнің жалынына ысып денем.
Аймақтың намысынан қанаттанып,
Алматы, мен өзіңе ұшып келем.

 

ӨЛКЕ ТАРИХЫ

Қай биікке шықсаң да, мынаны аңғар,
Өткеніне мән бермей жүр адамдар.
Өз елінің тарихын білмегендер –
Қыл көпірден оңбай бір құлағандар.

Бұл жазғаным күн сайын расталады,
Көпті көрсем, көзімнен жас тамады.
Біле білсең, ғылымның даңғыл жолы,
Шежіреші қарттардан басталады.

Шүкір демей атылған ақ таңыңа,
Риза болмай күнінің батқанына.
Діңгегіңнен хабарың болмаған соң
Семіресің біреудің мақтанына.

Ұят емес пе аруақты қараласаң,
Қиналасың жүректі жараласаң.
Ойсыз жүрген кезіңнен құтыласың,
Жеті атаңды жақсылап сараласаң.

Негізі жоқ аңызға түйінесің,
Сын естісең, бәрінен күйінесің.
Зейініңе деректі зерделесең,
Киесіне халқыңның сүйсінесің.

Нәтижесіз қалмассың қалыспасаң,
Асуларға бармассың алыспасаң.
Дүние жүзін талқылай алмайсың сен,
Тарихынан өлкеңнің алыстасаң.

Жұрттың бәрі әлемді жағалайды,
Ой өресі жеткенше тағалайды.
Тексіз шет ел дәстүрін үлгі тұтса,
Текті өлке тарихын бағалайды.

 

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИННІҢ РУХЫНА

Бала көңіл өзіңді оқып еді,
Көкейіне сөзіңді тоқып еді.
Әр әңгімең өнеге-үлгі болып,
Іңкәр жүрек ғылым деп соғып еді.

Содан бері өмірдің сырын ашып,
Біз келеміз жалғанның жырын жазып.
Шәкірт қылып ел өзі тәрбиелеп жүр,
Кеудемізге ақылдың нұрын шашып.

Өнер-ғылым болмаса, дамымаймыз,
Жасқаншақ боп жігерді жанымаймыз.
Ұйқылы-ояу бойкүйез қоғам жасап,
Ұлтым деген ерлерді танымаймыз.

Мектеп салып қазақтың даласына,
Сәуле төктің елдің әр баласына.
Есіміңді бойтұмар қылып алдық,
Із сап оқу-ағарту саласына.

Атыңдағы төсбелгі – айғағымыз,
Киесінен айрылмас сайғағымыз.
Оқыса да, зердеге тоқымаған,
Қаптап кетті дипломды тайғағымыз.

Ақын сыры – аңыз ғой жайылатын,
Өлең туып өзінен айыратын.
Өзі үшін оттаған хайуан болған
Адамды не амал бар қайыратын?

Мен емеспін дүниемен жарасатын,
Талант едім ғылым деп таласатын.
Өлеңіңді түсінсе, ел болар ек,
Жігіттер бір-біріне қарасатын.

Жақсысын да жырлаған, жаманын да,
Жұрт бүлінді ай-күннің аманында,
Қыран, қасқыр тірлігін жасау қиын,
Қарға, түлкі қаптаған заманымда.

Орыныңды баса алмас алты қари,
Қадіріңді ұқтырар салты бар үй.
Күндіз күлкі қашады, түнде ұйқым,
Еске түссең, Ыбырай Алтынсарин!

 

КІТАПТАР ДӘРЕЖЕҢДІ БИІКТЕТЕР

Көп адам байлық іздеп жаңылады,
Дүние деп көкірегі қаңырады.
Айқара құшақ ашқан талпынғанға,
Кітаптар ұлылықпен танылады.

Ойымды талапты ұғар, тасыр ұқпас,
Тереңге санасыздар басын сұқпас.
Әр беті ғасырларды тоғыстырып,
Сынаққа қарсы тұрар асыл бұқпас.

Қалаймыз жұрттың пікір білдіргенін,
Мықтылар қатарына ілдіргенін.
Ортада жүріп, білмес шет жүргенді
Жүрегін тікен сыммен тілдіргенін.

Ақылсыз малданады астығына,
Достығын айырбастап қастығына.
Жастанып кітап оқып жүрмеген соң,
Масайған көбік сөздің мастығына.

Шын айтсам, сыным көпке тиіп кетер,
Пайымдай алған жандар иіп жетер.
Бұл сөзді ғұламалар дәлелдеген,
Кітаптар дәрежеңді биіктетер.

 

АҚЫН-ТАҒДЫР

Кімнің ақын болғысы келер дейсің?
Құдай өзі жазған соң елеңдейсің.
Кейде қиял көгінде шарықтайсың,
Кейде ойға көміліп, тереңдейсің.

Анықталмай әйтеуір өз биігің,
Қияндарға сап қойдың көз қиығын.
Жақсы өлең жазсаң – ол, қонған бағың,
Жаман өлең жазсаң – ол, өз күйігің.

Солай өмір өтеді күйінішпен,
Қараса да айналаң сүйінішпен.
Сыртың күліп, жадырап тұрғанымен,
Тіршілікте жылайсың, кейіп іштен.

Жаның ашып тұрады адамдарға,
Жырың нәрсіз көрініп надандарға.
Сыр жасырғың келмейді ешкімнен де,
Көңіл толмай басылған қадамдарға.

Сын сағатта қонатын жалаң атқа,
Айналасың ел үшін азаматқа.
Қанша жерден қиянат көрсең-дағы,
Қазағым деп қимайсың жаман атқа.

Руханияттан болған соң жинағаның,
Көресің де нарықтың қинағанын.
Соқыр тиын қалтаңда қалмаса да,
Қызық, жырдан өзіңді тыймағаның.

Елге азық болады тістегенің,
Жырларыңмен қоғамды түстегенің.
Еркелесең, артыңда ізің сайрап,
Айқын жұртқа сенің не істегенің.

Бала құсап өзіңді жиі алдайсың,
Талантыңмен ортаңа сыя алмайсың.
Өлеңдерің тұрған соң биіктетіп,
Армандайсың, ойлайсың, қиялдайсың.

Ақын-тағдыр осылай жазылады,
Айлар, күндер бұлақтай ағылады.
Бүгін құнсыз жырларың болашақта
Қазына боп архивтен қазылады.

 

ЖАҢА ҚОНЫС

Жақын етіп даңқыммен қашықты да,
Жек көргізіп жіберем ғашықты да.
Анда-мында жүргенде көшіп-қонып,
Мекендедім жайлы деп лашықты да.

Пәтер жалдап жүргеннің халы қалай?
Арман-қиял жетелер әрі қарай.
Ауыстыра берген соң тұрағымды,
Өзім үшін үйлердің бәрі сарай.

Қажып бітті тар дүние қонышымды,
Жүргізбей-ақ қойды ғой оң ісімді.
Көрінгенге жәутеңдеп күн кешемін,
Қайта-қайта өзгертіп қонысымды.

Мұндай өмір, өмір ме? Әй, құрысын!
Салыстырған қоғамның бай, ұрысын.
Шабаданы жинаулы көшпендімін,
Үй қылмадым қаланың қай бұрышын?

Жаңа қоныс аталып әр мекенім,
Танытамын бір Алла жар екенін.
Жарлы көңіл марқайып әлденеге,
Танытады өмірдің бал екенін.

Күн сәулесі бұлттардан сүзіледі,
Жапырақ-хат сырларын күз іледі.
Баспанасыз ғұмырым алаңдатар,
Соңғы демім қай үйде үзіледі?

Ашуланған адамнан сабыр қалар,
Тұрақсыздың артында табы қалар.
Орнатылып ескерткіш-тақталарың,
Кезікпейді бос қалған қабырғалар.

 

ҚАЛСАМ СӘБИ ҚАЛПЫМДА

Сенгіштігім – өзімді арандатқан,
Маңайымды әр ісім алаңдатқан.
Сене берем, өзімдей көргендіктен,
Қу келсе де от тілін жалаңдатқан.

Тез қайтады көп тұрмай ашуым да,
Ойлар тұнып қиялдың асуында.
Әр басылған қадамым жұртқа аян,
Барлық кінә барымды шашуымда.

Жайлы орын болмаса ғаламымда,
Шабытыммен ғарышқа барамын да.
Кір жұқтырып алудан сақта, Құдай,
Кие қашпай, жыр қонсын қаламымда.

Сәттерім көп жүректі жаралаған,
Кезім жоқ жан баласын алалаған.
Астан-кестең боп жатыр ішкі дүнием,
Сырт көз болса, тон пішіп қаралаған.

Баспалдақ боп тұрған соң шалалығым,
Бәрінен де ерекше даралығым.
Жас ұлғайып жатса да есеймеймін,
Тазалықтың символы – балалығым.

Масайып ап жалғанның шарабына,
Көз жүгіртем Есілдің алабына.
Жыласаң да шын жыла, күлсең, шын күл,
Бал дәуреннің не жетсін талабына?

Ел, көмек бер, өткенді тануыма,
Ізденіс­тен от алып жануыма.
Еркелетсең, еркелеп, еңбек етіп,
Үлес қосам өзіңнің дамуыңа.

Еркелейтін жан ғана елім деген,
Өз өмірін ұлтына желімдеген.
Сәби жүрек дүрсілдеп ұрған кеуде,
Өмірдегі мекенжай керім деген.

Пәк сезімім балғынды қалайтындай,
Таң арайы бойыма тарайтындай.
Қалсам сәби қалпымда, арманым жоқ,
Көрген адам сүйсініп қарайтындай.

Қызыққандар маңдайдан иіскейтін,
Іші жылып, әл тайып, тиіспейтін.
Өлсем сәби қалпымда, не арман бар?
Тағдыр жолы көргенмен түйіспейтін!

 

ЕКІ ҚАРЫН

Көп қорлайды, кекетіп дарынымды,
Білмеген соң жырдағы арынымды.
Аш адамдай қараймын айналама,
Тойдырсам да азықпен қарынымды.

Қорасына өзінше мал қамаған,
Жұрттың бәрі болмайды арқа маған.
Шен-шекпеннің қайыры бар ма өзі?
Жүрегіңде шер қатса тарқамаған.

Мансапқор боп жаралса туысынан,
Баянсызды шығармас уысынан.
Боқ дүниенің масайып буынына,
Иіс шығарған аузының қуысынан.

Заманға сай киіп ап бөзімізді,
Ісімізден асырдық сөзімізді.
Көже қарын қамымен күн кешеміз,
Тастаған соң шер байлап көзімізді.

Тыймаймыз ғой шіркін, пыш-пышымызды,
Жалатқан соң алтынмен тысымызды.
Нәпсіге құл боламыз ойланбастан,
Көже қарын қайтеді мысымызды?

Тыраштанып, білгіштей көрінеміз,
Қанық болып жалғанның сөліне біз.
Көңіл қарын жақсылап тоймаған соң,
Үй ішіне үй тігіп бөлінеміз.

Әрқайсысы басады мастығына,
Мойынсұнып мәңгілік жастығына.
Көңіл қарын ашып жүр нәр татпаған,
Зәру болып руханият астығына.

Ұят болады, ертеңге бал ашқаным,
Жараспайды арсызбен жарасқаным.
Көже қарын тойдырып, адасқанша,
Артық маған көп итпен таласқаным.

Біз – әртіспіз, режиссер – өмір-дарын,
Жүлде алып қорғайтын өңір арын.
Кем тұсымыз жетістік боп тұрады,
Нақылдан дәм татпаған көңіл қарын.

Көңіл қарын аш қалса, дамымаймыз,
Көже қарын тойса, жұрт танымаймыз.
Сайран құрып жүрген соң құр мақтанмен,
Қайраққа сап жадыны жанымаймыз.

 

ОТЫЗ ЖАС ЕСІГІН ҚАҒЫП ТҰР

Бұл жалған ұшақтай зулайды,
Жыр-жүрек теңіздей тулайды.
Отызға келдіңдер деп халық,
Бірдеме қылғандай шулайды.

Құрдасым, құр сөзге жасыма,
Қызықтар үйір ғой басыңа.
Миыңның кіргені деп түсін,
Ақ кіре бастаса шашыңа.

Білекті сыбана түреміз,
Трекке лайықты күлеміз.
Әкеңнің қатары ойнап жүр,
Несіне қайғырып жүреміз?

Ұят болар өзіңді тиғаның,
Маңызды емес қой жиғаның.
Есейсең, әзілдеп тиісер
Жеңгеңді қарттыққа қиғаның.

Шимаймен құртқан соң сияны,
Бағынбас арманның қияны.
Отыз жас есігін қағып тұр,
Аша сал, жоқ шығар зияны.

Ақылмен әлемді аулаймыз,
Кейінгі толқынды баулаймыз.
Сыныптас қыз кәрі көрінсе,
Жас қыздың жүрегін жаулаймыз.

Осылай өткен соң өмірім,
Түсіне алмай жүр өңірім.
Тілім кеш шыққаны жақсы боп,
Екі мың үш дейді көңілім.

Ал уақыт бастықтай күштейді,
Қиялдап қияға ұш дейді.
Отызға есікті ашсам да,
Жан-тәнім екі мың үш дейді…

 

***

Сары жеңгем,
Өмірде қиындықтың бәрін жеңген.
Қайнысы өзіне сай күн кешсін деп,
Мәрттікпен қолындағы барын берген.

Сары жеңгем,
Тұратын ерекше боп қалың елден.
Ат тергеп, Ерке бала деп атады,
Қайным деп ағасының жанында ерген.

Бас имей заманның қу түлкісіне,
Иланған әр маманның дүр ісіне,
Мейірім шуағына бөлеп жүрген,
Не жетсін ақ жеңгемнің күлкісіне?

Мойымай желтоқсанның ызғарына,
Ойын деп қарап жүрміз мұз-қарына.
Жеңгемнің сарылығын желеулетіп,
Орыстың ырбыңдаймын қыздарына.

Күлімдеп ордасына жалын берген,
Көк көзбен сұлулықтың нәрін терген.
Жадырап, жайнап аман-сау жүріңіз,
Сары жеңгем!

 

ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ ҚИЯЛИ ЕРКЕСІМІН

Жармасып ап арманның желкесіне,
Айналған ем өлеңнің Беркесіне*.
Халқым жынды баланы артық көрер,
Сын айта алмай өзінің еркесіне.

Тісі батпай жатқан соң шумағыма,
Кейбіреулер теңеп жүр қунағына.
Түсінбесе, не қылам? Түсінбесін!
Жұмбақ болдым, жат түгіл, туғаныма.

Сыймай келдім ел тұрған ғаламыңа,
Ақын болып сыр ашқан қаламына.
Жалғызсырап жан дүнием қан жылайды,
Сыздаған соң жүректе жара мына.

Күйін кешіп жаралы жолбарыстың,
Сыртым күліп, біразбен қол алыстым.
Сабыр сақтап амалдың жоқтығынан,
Жанып келем отына долданыстың.

Бала жастан жаным қас бұзаулыққа,
Бас ұрмаған ақын ем бұғаулыққа.
Талант болып тумаған ұға қоймас,
Бағынбайды асау төл тұсаулыққа.

Мен сүйемін ертеден шексіздікті,
Кешірмеймін бірақта бетсіздікті.
Жұмысшыдан көргендей тектілікті,
Төрағадан байқадым тексіздікті.

Себебі, мен қызметке қарамаймын,
Боқ дүниені бағыма баламаймын.
Көпке көне алмайтын мінезіммен,
Жұртпен қатар жүруге жарамаймын.

Биік көріп бәрінен ел кесімін,
Шығып еді өлеңмен ерте есімім.
Ханмен иық тіресіп жүре алатын,
Қызылжардың қияли еркесімін.

Берке хан (1209-1266) — Жошының үшінші ұлы, Батудың інісі, Алтын Орда ханы. Көк Орда мен Ақ Орда билігін тиімді бекіткен хан ретінде тарихта аты қалған

 

МЕНІҢ ТҮСКЕН ТҮРМЕМ – СЕНІҢ ЖҮРЕГІҢ

Атым – ақын болғанымен танылған,
Тәнім асыл жаныңа кеп таңылған.
Ессіз болдым, сені алғаш көргеннен
«Абақтыда айдан, күннен жаңылған».

Алтын күнім – сенің мәз боп күлгенің,
Шат қуанып, асыр салып жүргенің.
Нұрлы айым – жылы сөзің айтылып,
Кең пейілмен мәнді өмір сүргенің.

Не көрсем де, ғашықтықтан көргенім,
Махаббатқа сезімімді бөлгенім.
Тірілгенім – танығаның ерім деп,
Жат қылғаның – құса болып өлгенім.

Қажет болмас жалғаннан не түйгенім,
Керек боп тұр отта мәңгі күйгенім.
Менің түскен түрмем – сенің жүрегің,
Бар жазығым – шын беріліп сүйгенім.

Шексіз сүю бостандықтан айырған,
Қағатын қос қанатты да қайырған.
Қаламасаң, босат мені түрмеңнен,
Сен жоқта да жаман атым жайылған.

Тағдырдың да тәлкегіне төземін,
Жанға шипа болғандықтан сөз – емің.
Сол түрмеңде өлгенімше жатар ем,
Тең боп бірге кешсең көңіл өзенін.

Босатпайды ойымды тас қамалың,
Кісен болып салынған ақ жамалың.
Өз-өзіме қожа болсам, сырт көзге,
Шыны – саған құл болдым, жоқ амалым.
Менің түскен түрмем – сенің жүрегің.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *