ҚЫЛ ҮСТІНДЕГІ ТАҒДЫР (хикаят)
Момбек ӘБДІӘКІМҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті жазушысы, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері. ҚЖО-ның Шымкент қаласындағы филиалының директоры әрі өкілі.
***
Мамажанның мұғалімдер семинариясында оқығанына бір жыл. Оқуға оны былтыр Сералы мен Көлбай түсірген. Оқуға барар алдында Әбсамат бай екеуі пойызбен ауылына барып қайтты. Ауылына барғанда атасы Сартай мен анасы Фатиманың бірі жылап, бірі кемсеңдеп, ал басқа туыстары бір жағы – таңданысып, бір жағы – қуанышпен дүрлігісіп қарсы алған. Ауылына барғанда ата-анасы мен туыстарының осылайша дүрлігісетінін өзі де жол бойы ойлап барған. Әлбетте, бір жылдан бері бір хабар бермей ізім-қайым жоғалған бала ойда-жоқта ауылға сап ете қалғанына кім таңырқамасын. Пойыздан түсіп, үйлеріне беттей бергенде, алдарынан екі-үш бала шыққан. Олар Мамажанды көре салған бойда-ақ амандық-саулық жоқ: «Өй, сен тірі ме едің? Өй, сені орыс жандармдары атып тастаған жоқ па еді?» – деп таңырқай сұрақ қойған. Балалар жауап күтпестен мұның үйіне қарай тұра жүгірген. Ойлары түсінікті. Тосын хабарды атасы мен анасына жеткізбекші.
Ташкенттен әкеле жатқан базарлыққа толы ауыр қоржынды иығына арқалаған, кісі болғалы жүз қадам жаяу жүріп көрмеген, әр адым басқан сайын өкпесі өше ырсылдаған қорбаң жүрісті семіз Әбсаматты жетектеген Мамажанға жүгіргендерге ілесу қайда. Жай аяңмен станса мен үйінің арасындағы бес жүз қадамдай жердің жартысына жеткенде, сонадайдан жаңағы жүгіріп кеткен балалардың соңынан ақсаңдай ерген атасы, шұбатылған етегіне сүріне-қабына жүгірген анасы көрінді. Арт жақта тағы бір топ көзге шалынды. Бәрін таниды – өзімен бір туғандар, немерелес, шөберелестер.
Бірінші атасы жеткен. Иегі кемсеңдеп, мұны құшақтай алған. Одан кейін көзінен жас парлаған анасы құшақтаған. Кейінгі туыстары құшақ ашпады. Шетінен қол беріп амандасты да, топырлаған күйлері тұра қалысты. Әдетте қазақ ұзақ уақыт көрмеген туысын әлдене айтып қарсы алушы еді. Бұ жолы қызық, бәрі Мамажанмен көріскенмен, ә дегенде ауыздарынан сөз шықпады. Әлден соң өз-өзіне келген атасы толқи сөйледі:
–Әйтеуір аман екенсің-ау, Мамажан қарағым… Уай, осы күнге дейін қайда жүрдің? Мына сартың кім?
Бұл – алдындағы туыстарының бәрінің көкейлеріндегі сұрақ-тұғын. Мамажан бірден қалай жауаптарын білмей дағдарған. Бар жағдайдың әмбесін білетін һәм сөзге ұста Әбсамат ортаға киліккен:
–Қадірлі ақсақал, һа, өзге туыстар. Балдарыңыз көріп тұрғандарыңыздай дін аман. Ахуалды жол үсті сұрағанша, үйге жетіп гәптесейік. Менен үрікпеңіздер. Мен – Мамажанның Тәшкендегі көкесімін.
Онсыз да таңырқаған туыстар мынаны естігенде тіпті абдыраған. Десе де, Әбсаматтың уәжіне көніп, Сартай қарт үйге жол бастаған.
Үйге жеткесін, әңгіме қызған. Мамажан бар сырын шашып, Әбсамат шынын төккен. Сөз кезегі Сартайға тигенде ол айтты:
–Уа, Мамажан қалқам, былтыр қысқа таман Арыстан өзіңді орыстың пәліселері іздеп келгенде, мұғалімдер сені оқудан шығартып жібергенін, сенің ұрлық-қарлықпен айналысатын бұзақыларға қосылып, жаман жолға түсіп кеткеніңді, мектептегі ұстазың мен жас балаларды ұрып, майып қылғаныңды есітіп, жанымыз қалмаған. Әгәрки бар жағдай өзің айтқандай болса, о пәлекеттерден құп құтылған екенсің.
Атасы солай дегенмен, біраз туыстар мұның сөзіне сенбей, өзін кінәлаған. Бұған олардың кінәсі, реніші шыбын шаққандай әсер етпеген. Көпсөзділікті жаны қаламайтын бұл, көкіректеріне көп күмән ұялатқыш туыстардың алдында жанұшыра ақталуды жаны сүймейді. Бастысы, атасы сенді, анасы иланды. Ташкентте Әбсаматтай көке тапқанына қуанды. Сөйлесе, жыланды інінен шығаратын Әбсамат та, өз кезегінде көсіліп бергенде, балаларын көріп көңілдері жайланған ата-анасының шаттығы одан бетер артқан. «Арыстағы оқу не тәйірі, балдарыңызды Ташкенттегі үлкен оқуға оқытам» дегенде, екеуі тіпті шалқып кетті.
Ол тек байлық қуалаған парықсыз емес, сөз білетін, айналадағы ахуалды әжептеуір пайымдай алатын да кісі-тін. Ұлы жоқ Сартай Мамажанды өзіне бала етіп алғанын естігенде: «Мен мұны өзіме ұл қылып алайын деп жүрмін» деген пиғылын білдірмеді. Есесіне, балаларына өз баласындай қамқор болатынын, мұның алғыр да текті екенін, келешекте бұдан үлкен адам шығатынын әрлі тілімен жеткізгенде, алдыңғы шаттықтары түк емес, шал-кемпірдің көңілдері аспанға жете марқайған.
Екеуі Шағырда үш күн қонақтап, Ташкентке қайтқан соң Әбсамат Сералы мен Көлбайды үйіне тағы қонаққа шақыртқан. Сол күні екі ғұлама Мамажанды қаладағы мұғалімдер семинариясына ертіп барған, әрі со заматта-ақ мұны оқуға қабылдатқан.
Содан бері бір жыл өтті. Осы бір жылдың ішінде Мамажанның талай нәрсеге көзі ашылды. Ташкентке келгелі вокзал маңы мен Әбсаматтың шайханасын, үйін ғана көріп, өзін үлкен қалада жүрмін деп есептеген ол, оқуға қабылданған соң көрді, бұ шаһардың қандай зор әрі ғажап екенін. Алдымен өзі оқитын семинария ғимаратының үлкендігі таң қалдырған.
Ал Әбсамат: «Енді сен келешек ұстаз шығатын оқуда оқитын кәтта бала болдың. Күнде дәріске өзің барып-келетін болғандықтан, саған шаһардың көшелерін үйретіп қояйын» деп, қаланы аралатқанда жаңағы семинарияның үлкендігі түк болмай қалды.
Әбсамат жеңіл күймесіне мінгізіп, мұны алдымен Хәст Имам мешітіне ертіп барған. Құдай-ау, мешіт те осынша үлкен болады екен-ау. Әбсамат кейін түсіндірді, бұл жердің жалпы атауы Хәст Имам мешіті болғанымен, мұнда бірнеше сағана-кесенелер, мешіттер, медреселер бар екен. Оның айтуынша, ескі бір заманда шаһарда Әбубәкір Мұхамед Кәпіл Шаш деген ғұламалық жасапты. Ол өмірден өткенде осында жерленіпті де, оны Хазіреті Имам деп атап, пір тұтқан кейінгілер мүрдесінің үстіне әсем күмбезді мына сағана-кесенені тұрғызыпты. Анау қызыл-сары қышпен өріліп, қабырға-дуалдары көздің жауын алатын түстермен бояған Тіллә Шейх мешіті мен Барақхан медресесі бұған жапсарласып кейін салыныпты.
Аумағы тай шаптырым мешіт ауласын асықпай аралап біткесін, Әбсамат Мамажанды шаһар орталығындағы Шорсу базарына апарды. Базардың үлкендігін, ондағы құжынаған адамның көптігін көргенде, мұның аузы ашылды. Базар шетінде екі тараптағы мұнарасы жаңағы Хәст Имамдағыдан да биік тағы бір зәулім мешіт тұр. Бұл мұнараның басына шалқая қарап, таңданыспен басын шайқаған. Осынын ұққан Әбсамат сөйлеп кеткен:
–Көріп тұрғаның – Көкілташ мешіті. Қай уақытта тұлғызылғанын тап басып кім білсін, шаһарға ілкі заманда хәкім болған Дәруішхан деген салдырыпты. Бағыда Қоқан хандығы Тәшкентті билеп тұрған кезде бұл мешітте олардың әскері тұрыпты. Тағы бір қызық нәрсе, өй, қорқынышты нәрсе – сол хандықтың хәкім-даруғалары шаһардағы байларының көзіне шөп салған немесе жеңіл жүріс жасаған қатын-қыздардың бастарына қапшық кигізіп, ана қос мұнараның басынан лақтырып жазалапты. Әкем рахметтік жастау шағында осындағы Қоқан хәкімдерін көрген ғой. Сол кісі осылай деп отыратын.
Жалпы, Ташкент шаһарында ықылым замандарда салынған, тауарих-тәмсілдері мол ескі мешіттер мен кесене-сағаналар көп. Шорсудың арғы бетінде Көкілташтан да зор «Жұма мешіті» бар. Оны әлімсақта қожа Ақрар Уәлі деген дамулла салдырыпты. «Жұма мешіт» Ташкентті орыстар келгеннен кейін үш-төрт жыл өткенде болған жер сілкінісі уағында қатты қирапты. Әкем рахметтік: «Ит жылының бірінде Петербордағы Әліксандір деген патша «Жұма мешітті» жөндеуге пұл бөлдірген. Сосын оны шаһардағы мұсылман-кәпір боп қайта тұрғызған. Патшаның ақшасының арқасында қайта жөнделген «Жұма мешітті» кейін жұрт «Патша мешіті» атап кетті» деп айтатын. Расында, кейбіреулер оны әлі күнге дейін «Патша мешіті» дейді.
Осы жерден шығыс тарапта Шайхантәуір мәхәлласы бар. Онда Жүніс хан мен қазақтың атақты Төле биінің кесенелері бар. Төле би дегенді естуің бар ма? Естімегенмін дейсің бе? Иә, баласың ғой, ол хақында кейін естірсің. Ал батыс тараптағы Көкше мәхәлласында Шейх Зейнеддин бабаның кәтте сағанасы тұр. Жаһанды билеген Ақсақ Темір дегенді құлағың шалғаны бар ма? Бар болса, Зейнеддин бабаның сағанасы сол Темір көрегеннің пәрменімен бой көтерген екен. Шаһардағы мұсылмандардың біраз қасиетті мешіт-кесенелерін көрдің ғой. Енді саған өзің оқитын мектеп жақтағы орыстар қоныстанған мәхәлланы көрсетейін.
Әбсамат күймесін түстікке бұрды. Күйме бір тар көшені жоғары қиялап біраз жүргенде, оған жегілген қос аттың тұяқтарындағы тағалар тасты басқандай тақылдап кетті. Мамажан мойнын созып, алдыға қарады.
Әлгінде шаһардың әр жағындағы мешіт-кесенелерге барғанда тоқал тамдары бір-біріне тым ұқсас әрі жапсарласа салынған мәхәллалардың жылан жолындай ирелеңдеген әрі тар, әрі шаңды көшелерімен жүрген. Енді қараса, бір кең көшеге түсіпті. Көше табанына жалпақ тастар төгесіліпті. Тегіс тасты жолға түскен күйме құдды бір сырғып келе жатқандай. Қос тарап қалың ағашты бау. Баудың арғы жағында ақ, қызыл қышпен тұрғызылған еңселі үйлер қатар тізіліпті.
–Орыс мәхәлласы, – деді Әбсамат. – Анау Анқор суы. Оны сарт-тәжік Анқор дегенмен, ескілікті қазақша атауы – Аңғар. Басы анау Шатқал, Піскем тауларының аңғар-аңғарларынан бастағандықтан, солай аталған. Ол шаһарың тура ортасын кесіп өтеді. Ілкіде осы тұс бос жатқан құла-дүз екен. Орыстар келгенде тура осы жазықтан өздеріне мекен салған. Нәлетілердің келгеніне елу жылдан енді асса да, адам таңқаларлық қандай үйлер тұрғызып тастағанын қазір көресің.
Әбсамат «Губернатор бағы» деп атаған жерге келгенде екеуі жерге түсті. Бақтың түбінде екі қабатты, сыртқы есігі биік, терезелері үлкен бір зәулім үй тұр. Мамажан анада Сералы берген «Түркістан тарихы» деген кітаптан оқып білген, қалалардың, өзендердің, таулардың қалай һәм қай жерде екенін көрсеткен карта дегенді де алғаш сонда көрген. Орыстар қазақ даласымен қоса жаулап алған өзбек, тәжік жерлерін өздеріне қарасты Түркістан генерал-губернаторлығы деп атаған екен. Оны Жетісу, Сырдария, Самарқан, Ферғана, Закаспий деп, бес облысқа бөліпті. Мамажан өзінің туған жері Сырдария облысының Шымкент уезіне жататынын да сол кітаптан ұққан.
Түркістан генерал-губернаторлығының бас қаласы, яғни орталығы – өзі жүрген Ташкент. Патшаның осы өңірдегі ең үлкен бастығы да осында тұрады. Нақтысы – анау тұрған зәулім үйде тұрады һәм жұмыс жасайды. Үйдің алдында белдеріне қылыш таққан, иықтарына мылтық ілген төрт-бес әскери тұр. Сералы айтқан әрі әлгі кітапта жазылған Түркістан өлкесінің бастығын, орысша айтқанда, генерал-губернаторын һәм оның қарамағындағы басқа дөкейлерді қорғайтын әскерилер.
Баққа кіре берістің сол жағында темірден жасалған адам мүсіні тұр. Мамажан оған да таңданыспен қараған. Бұрындары орысша кітаптардан түрлі суреттерді көруші еді. Ал мынадай темірден жасалған бет-әлпеті тірі адамның суық жүзін айнытпай қайталаған, оған қоса, былайғы жұрттың зәре-құтын қашыратын әскери киімі де кәдімгі киімдей – шалбары бір бөлек, етігі бір бөлек, үстіңгі формасы бір бөлек, бар киімдері тірі жандай киіндірілген адам мүсінін әсте көрмеген. Әбсамат көп білетінін аңғартқан пейілмен және сөйлей жөнелген:
–Ташкентке алғаш гінірал-күбірнәтір болған пон Кәупман деген дөкейге қойылған ескерткіш. Иә, орыстар қолдан жасалған мұндай мүсінді ескерткіш дейді. Ол пәтшәғар өлер алдында: «Мені осында көміңдер. Менің моламды көргендер Ташкент шаһарының мәңгілік орыс жері екенін біліп жүрсін» депті. Енді сені кінәз Романыптың үйіне ертіп барайын. Бүгін қай күн? Бейсенбі ме? Олай болса, оған бүгін кіре алмайды екенбіз. Кінәз Романып әр жексенбі күні жұртты үйіне кіргізіп аралатады. Үйінің ішіне кейін бір кірерсің. Қазір сыртынан көрсетейін.
Романовтардың үйі генерал-губернатор кеңсесінен онша қашық емес жерде орналасыпты. Үй қанша қарасаң да көз тоймайтын, ерен көріністі екен. Терезелерінің сырты темір торлы. Алдыңғы кіре беріс есігінің үсті екі қабатты. Екінші қабат үлкен кірпіштермен көмкерілген. Үсті қызыл түнікемен жабылған. Үй алдындағы әр түсті гүлді алаңқайда жиектері таспен қаланған дөңгелек көлшік бар. Көлшік ортасында сырты жылтыр таспен қаланған құмыра іспеттес тұғырдан жан-жаққа су шашырап тұр.
–Пантан, – деді оны Әбсамат. – Бұ кінәз үйінің арғы сыртында үлкен бауы бар. Бауы ішінде небір жыртқыш аңдарды ұстайтын темір торлы қорасы бар. Ең қызығы, үйдің екінші қабатында адамдар кәдімгі өмірдегідей қимылдайтын, әр түрлі қимыл жасайтын, тіпті соғысатын жәйттерді көз алдына жанды түрде көрсетіп тұратын, орыстар «күйнә залы» деп атайтын үлкен бөлме тағы бар. Кінәз әр жексенбі сайын жергілікті қазақ-сарттарға жаңағы аңдарын, күйнәсін көрсетіп, ақша жинайды.
Әбсамат айтқан князь жайында Мамажан «Туркестанские ведомости» газетінен оқығаны бар-ды. Оның толық аты-жөні Николай Константинович Романов. Бір кездері Ресейге патша болған бірінші Николайдың немересі. 1877 жылы Ташкентке келген. Со уақыттан бері осында тұрақтап, Ташкентте орыс мәдениетің өрістеткен адам. Оның бастамасымен шаһарда князьдар мен солдаттарға арнайы үйлер қатары тұрғызылған. Орыс үлгісіндегі наубайхана салған, алғаш кинотеатр ашқан. Ташкенттің батыс бетіндегі жергілікті халық Мырзашөл деп атайтын шөлейтті далаға канал тартқызған.
–Бұ кәпірлер біздің шаһарға ойларына келген тамдарын салдыра берген, – деді Әбсамат губернатор бағынан шыға бергендерінде. – Үлкендігі өзіміздің мешіттердің бір мысқал кем емес шіркеулерінің қаншасын шаһардың әр тұсына салып тастаған. Айтпақшы, ай, иә, кейін біліп жүрміз, кәпірлер дегенің өз іштерінен әлденеше топқа бөлінеді екен. Со себепті мұндағы шіркеулер прәуәсләп шіркеуі, кәтөлік шіркеуі, неміс киркәсі деп бөлінеді. Шаһарда баяғыда орыстармен бірге келген мұрындары қоңқадай, қасы-көздері ерекше қара келетін әрмиән деген жұрт бар. Олардың шіркеуі бір бөлек. Иә, Мамажан, бүгін шаһардың басты-басты деген тұстарын көрсеттім. Әлі сен көрмеген тұстары көп. Құдай қаласа, әсті-әсті көрерсің.
Губернатор бағының аумағы ұлан-ғайыр әрі темір шарбақпен қоршалыпты. Екеуі сол темір шарбақтың түбін бойлап, жаяу жүргіншілерге арнап төселген жалпақ тасты жолмен бірауық жүрді. Әбсамат әлденелер жайында тағы айтқан. Ал Мамажан айналадағы орыс тамдарына қараған сайын басқа әсерге бөленіп, өз ойымен өзі боп кеткен. Бағана оны мешіт-кесенелердің сыртқы-ішкі тұрпаттары, зәулім биік мұнаралары таңдандырғанмен, бәрібір, олардың бәрі жанына жақын, өзіне, қала берді, жалпы мұсылманға тән нәрсе көрінген. Көрінген де, мешіт-кесенелер жанына жылулық құйғандай болған. Шаһардың шаң-топырақты қиқы-жиқы көшелеріндегі сансыз үйлердің көптігі таңдандырмаса, басқа көрініс-келбеті, тұрмыс-тіршілігі де өз ауылындағы тіршілікке ұқсаған. Содан ба, сан көшеден өтсе де, көңіл-санасын тосын ой шырмап, көлденең әсер бей-жай етпеген. Ал орыстар тұрған мәхәллаға келгенде жаңа бір әлемге енгендей күй кешкен. Бітім-тұрпаты бөлек орыстың үйлері таңдай қақтырғанмен, басқа ұлтқа сұсты. Анау генерал-губернатордың кеңсесі, оның алдындағы орыс әскерилері, фон Кауфманның үрейлі темір мүсіні, князь Романовтың кескін-келбеті ерек үйі, бәрі-бәрі айналадағы мұсылман жұртының мысын басып, қазақ-сартқа қаһарын төгіп тұрғандай. Тіпті баяу желмен тербелген ағаштардың жапырақтары да орысша сыбдыр қағатындай.
Өн-бойын осындай әсер билеген Мамажан оң тараптағы біреулері қамыспен, біреулері топырақпен жабылған мұсылман тамдарына қараған. Ол жақта үйреншікті, жаны жақын қабылдайтын көрініс. Содан сол жақтағы орыстар мекеніне қайта бас бұрған. О жақта бөлек әлем. Ойпырмай, ауасы да, суы да, жері де бір шаһарда тұрмыс тұрғысында екі әлемге, яғни екі топқа бөлінген екі аяқтылар тұрады-ау. Бірі – саны көп болғанмен, әл-қуаты кемдігінен өз еркіндігі мен билігінен айырылған, ендігі жерде бір күнгі тыныштығын қанағат тұтып, бейқам тірлікке көшкен аңғал да аңқау жұрт, бірі – саны аз, бірақ күш-әлеуетінің басымдығымен үстемдікке жеткен, жаулаушы болғасын, ылғи өзінікін жөн санайтын менмен, не істесе де қолын қағатын құдірет жоқ, әскери һәм басшылық қам-харекетімен ғана емес, көлденең жұрттың еңсесін езетін суық көріністі үй-тамдарымен де жан-жаққа үрей шашқан басқыншы топ. Қызық, картадан көргені бойынша мұсылман жері ұланғайыр. Халқы да орасан. Бір кілтипан – азғантай ғана орыстан жеңіліп, жерін, билігін берген. Сералы мен Көлбайдың айтуынша, бүкіл мұсылман қазір солардың айтуымен жүреді. Мамажан ойлайды: «Неге жүреді? Неге күллі мұсылман мұндай кіріптарлыққа тап болған?»
Бозбала Мамажан сыртқы әсердің ықпалымен осындай балаң сезімінің тереңіне бойлап кететін де, көкейін мазалаған сансыз сұрақтарға жауап таба алмайтын. Сосын өзін тебіренткен мазасыз күймен іштей алысып, бір орында байыз таппай, қатты тықыршитын, Со кезде де сондай кейіпке түсіп, Әбсаматтан әуден жер озып, жылдам жүріп кеткен. Семіз Әбсамат айқайлап жүріп, мұны әзер тоқтатқан.
Артынша оқу басталған. Айтпақшы, оқу басталар алдында Сералыдан Парманқұл мен Қожантайды да семинарияға қабылдатуды өтінген. Қай оқуға болса да, қазақ жастарын оқытуға құмбыл Сералы бұған бірден мақұл деген. Қырсыққанда әлгі екеудің оқуға ынтасы болмады. «Оқудың бізге қол еместігі өзіңе аян. Оның үстіне Әбсаматқа үшеуміз бірдей масыл болғанымыз жараспас. Сен оқы, біз Әбсаматтың көңілінен шығып, бір жағы – саған, бір жағы – оған қызмет қылалық», – деген Парманқұл.
Ташкенттегі семинария Арыстағы түземдік школадан қай жағынан да мың есе артық. Оқушылар да, мұғалім-мударистері де көп. Сабақтың басым бөлігі орысша жүргенмен, екі-үшеуі қазақша, өзбекше және тәжікше. Мамажанның қасында он жеті оқушы бар. Он жетінің алтауы – қазақ, төртеуі – орыс, екеуі – армян, қалғаны – сарт-тәжік.
Әбсамат Мамажанға оқуға барып-келетін арнайы күйме бөлген. Көшірі жоқ демесең, бұл азанда сабаққа құдды бір үлкен байпатшаның баласындай желіп жүретін жорға ат жегілген сәнді күймемен барады. Үстіндегі киімдері де байдың ұлынікіндей. Бірақ ол сәнді күймеге де, шырттай киімге де масаттанбайды. Бар ыждағатын оқуға төкті. Оқу жылының басынан-ақ озаттар қатарына ілікті. Тіпті оқушылардың ең алды болды.
Бір жылдың ішінде көзі көп нәрсеге ашылды. Сабақтың жөні бір бөлек, Сералы мен Көлбайдың тағылымы бір бөлек. Сабақтан тыс уақытта ылғи екеуінің жанына барады. Сералы бұған өзінің жазған кітаптарын береді. Не туралы жазбаған ол кісі. Түркістан аумағындағы мұсылмандардың, әсіресе, қазақтың жай-күйі, оларға орыстар тарапынан жасаған қысым мен теперіш туралы, мұсылман жастарын заманға ылайық оқуға шақыру жайында көп жазған. Қазақ шаруаларына қарасты жерлерді орыс помещиктерінің жөн-жосықсыз тартып алып жатқанына жаны күйіп, жүрегі қарыла жазған мақалалары қаншама. Одан басқа қазақ-қырғыздың, тәжік-түркпеннің жыр-қиссаларын, көне жыр-дастандарын жинастырып, бірнеше кітап етіп бастырған. Мамажан солардың бәрін оқып шықты. Әр кітабын оқыған сайын Сералы «бұдан не түсіндің?» – деп сұрайды. Бұл кітаптан көңіліне түйген пайымын айтады. Қасқа маңдайын сипалап отырып, Сералы тағы сөйлейді: «Кітапты оқу – бір басқа, онда жазылғандарды жадта сақтап қалу – тағы бір басқа, ал әр сөйлемнің астарына үңіліп, оларды өмір шындығымен салыстыру – тіпті бөлек нәрсе. Осыған қатты зейін қой. Бір ғана менің жазғандарыммен шектеліп қалма. Мә, мыналарды да оқы» деп бірнеше кітаптарды, газет-журналдарды тағы ұстатады.
Түске дейін жүретін сабақтан соң Мамажанда уақыт көп. Әбсамат мұны барлық үй жұмысынан босатқан. Парманқұл мен Қожантай да тірлікке араластырмайды. Сондықтан бар жұмыс-тірлігі – кітап пен газет-журналдар оқу. Бір Ташкенттің өзінен «Хурият», «Таракки», «Хуршид», «Туджар», «Шухрат» сияқты діндік сарындағы бірнеше газеттер шығады. Бұлар тек мұсылмандық жоралғыларды ғана насихаттап қоймайды, жергілікті халықтардың тұрмыс-тіршілігін, мұң-мұқтажын да көтеріп жазады. Ал орысша шығатын «Туркестанские ведомости», «Ташкентский обзор», «Азиатский вестник» тәрізді газеттер орыс мүддесі мен христиан дінінің мақсатын көздейді көбіне. Дегенмен олар бүкіл Ресейде, Азияда қандай істер атқарылып жатқанын, ақ патша жерінен тыс елдерде қандай оқиғалар орын алып отырғанын жазады. Кейде Түркістан аймағындағы жаңалықтарды да көлемді жазбалайды. Мамажан ондай жазбаларды оқығанда алыс елдердегі, одан қалды, азиялықтардың басындағы бүгінгі тарихты жете түсінгендей болады.
–Әр білімді азамат алдымен өз жерінің, өз халқының тарихын жете білмегі ләзім, – дейді Сералы кейде екеуі ұзақтау отырғанда. – Әлбетте, әрбір білімді жан тарихтың ұңғыл-шұңғылына дейін білетін кәнігі тарихшы болуы шарт емес. Десем де, ұлтына қызмет ететін хәрбір азамат алдымен жалпылама түрде болса да, өз жұртының өткенін, бұрынғы ата-бабаларының жүріп өткен жолдарымен таныс болуы – міндет. Сондай азамат қана бөгденің озығына еліктемей, өз халқын сондай озыққа жеткізуге күш салады. Сен, ендігі біраз тарихтан оқыған баласың ғой. Маған Түркістан өлкесінің бұрынғы тарихын айтып берші.
Оқығанына жады мықты Мамажан сарнап береді. Сонау есте жоқ ескі заманда Ташкентті қаңлы деген жұрттың салғанынан бастап, кешегі Қоқан хандығының басқыншылығы аралығына дейін оның қазақтың қаласы болғанын айтады. Бұ қалаға сарт-соғдылықтардың, тәжік-жөйіттердің келе бастағанына үш жүз жылдың төңірегі енді болған. Орыс отаршылдары 1864 жылы алдымен Түркістанды, Әулиеатаны, Шымкентті басып келіп, Ташкентті 1865 жылдың 16 шілдесі күні зорға алған. Содан кейін генерал Черняев бастаған орыс басқыншылары Хожендті, Ұратөбені, Жызақты жаулаған. Сол жылы патша біздің жерде Түркістан облысын құрған. Облыстың алғашқы бастығы, яғни әскери губернаторы – қанқұйлы жаулаушы Михаил Григорьевич Черняев. Ол бір-ақ жыл бастық болып, орнын Дмитрий Ильич Романовский деген генерал басқан. Романовский де ұзақ тұрмай, оны Николай Никитич Головачев ауыстырған.
Головачев облыс бастығы болып, бір жарым-ақ ай отырған. Оған себеп – Петербордағы ақ патша сарайында Мемлекеттік құрылымдарды реттейтін «Ерекше комитет» бұл өлкеден екі облыстан тұратын Түркістан генерал-губернаторлығын құру жобасын қолға алған. Жобаға ІІ-Александр патша 1867 жылдың 11 көкегі күні қол қойып, 11 шілде күні оны бекіткені туралы жарлық шығарған. Сөйтіп бұрынғы Түркістан облысының бастығы деген қызмет керек болмай қалған да, Головачев тақтан тайған.
Орыс басқыншылары алғашқы жобада Түркістан генерал-губернаторлығына қарайтын екі облысты Ташкент және Алматы облыстары деп атауды жөн санапты. Алайда кейін оларды Сырдария һәм Жетісу облыстары деп атауды дұрыс көрген. Бұған қоса, өлкенің орталығы етіп, Әулиеата маңынан Александроград деген жаңа қала салмақ болыпты. Бірақ бұған патша келіспей, өлкенің орталық қаласын таңдауды ең бірінші генерал-губернатор тағайындалған Кауфманға жүктеген. Кауфман ақ патшаға үшбу хат жолдаған: «Патша ағзам! Киргиз-сарт жерлерін жаулауымыз – бүгінгі басып алған өңірлермен шектелмесі анық. Алдағы уақытта айбынды әскеріміздің арқасында сонау Памир тауларына, Ауғанстан, Иран, Үнді шекараларына дейін жерді ұлы Ресейдің құзырына қаратуымыз әбден мүмкін. Сол үшін де генерал-губернатор орталығын Орта Азияның кіндігі боп саналатын Ташкентті таңдап отырмын» деп. Патшадан «Сіз нағыз көреген қолбасшы, ұлы саясаткер екенсіз» деген мақтаухат келіпті және хатының соңына: «Сіз екеуміз мақсатымызға толық жеткен уақытта Ташкент – Сіздің атыңызбен Кауфман қаласы боп өзгертіледі» деп жазыпты.
Ресейдің әскери министрлігіне бағынысты Түркістан генерал-губернаторының құзырына өлкені шексіз билеу құқығы мен өлкеге шектес елдермен өз бетінше қарым-қатынас жасап, мемлекет деңгейіндегі мәселелерді шеше беруіне құзыр берілген. Орыстар 1876 жылы Қоқан хандығын толық жойған кезде бұрын оның негізгі иелігі боп есептелген Ферғана аймағынан Ферғана облысын құрған. 1868 жылы құрылған Заравшан округі 1887 жылы кеңейтілген аймақтарымен біріктіріліп, Самарқан облысы атанған. 1874 жылы құрылған Әмудария округін бұрын Кавказ өкілдігіне қараған Түркмен жерімен қосып, Закаспий облысы атаған да, 1881 жылы Түркістан өлкесіне қосқан. Бәрін қосқанда бүгіндері Түркістанға облыс орталықтары – Ташкент, Верный, Самарқанд, Скобелев (Ферғана), Ашхабад қалалары саналатын бес облыс қарайды.
Өлкені генерал-губернатор, облыстарды әскери губернаторлар басқарады. Генерал-губернаторды патшаның жеке өзі тағайындаса, әскери губернаторларды генерал-губернатордың келісімімен Ресейдің әскери министрі тағайындайды. Бұларға өлкедегі азаматтық, соттық, әскери биліктердің бәрі берілген. Түркістанның қазіргі губернаторы – Мартсон.
–Бағзы һәм таяу ғасырлар ішінде өткен әрбір уақиғалардың жылдарын, айларын, тіпті күн-сағаттарына дейін нақтылайтын ғылымды Еуропа оқымыстылары фактология деп атайды. Фактология жетік екеніңді әр кездесуде байқаймын. Жалпы, адамның жас кезінде жады мықты болады һәм ми тұнық кезде жатталған нәрселер санада ұзақ сақталады. Әлбетте, мұндай алғырлыққа тума қасиет керек. Осы бетіңнен тайма. Тағы бір сұрақ қояйын. Орыс келгелі өлкемізден жаңа генерал-губернаторлық құрыпты, жерімізді облыс, үйездерге бөліпті. Осындай дерек-дәйектердің астарынан халқымыздың жай-күйін байқай алдың ба? – деген Сералы көзілдірігінің үстімен бұған сынай қарап.
Мамажан тағы мүдірмеген. Ташкенттен, Орынбордан шығатын «Қазақ», «Айқап», «Бірлік туы» сияқты қазақша жазатын газет-журналдардан оқып, Әбсамат пен оның үйіне келетін қариялардан есітіп, білгендерін өз ойымен қорытып, тоқтаусыз сөйлеп кеткен. Орыс отаршылдарының жерімізді басып алған кезде халқымызды қырғаны аздай, билеп-төстеп алған шақта да жалпы мұсылманға онша жақсылық жасай қоймапты. Үстемдіктерін бар тараптан жүргізген халықты өз тәртібімен басқарып, өз тілімен билеген. Бірде-бір орыс осындағы халықтардың тілін үйренуге талпыныс жасамаған. Қазақ шаруалары мен сарт-тәжік дихандарына зорлық жасап, отырған құнарлы жерлерінен көшірген. Салынатын салықты жылдан-жылға арттырған. Бұйрық-пәрменіне көнбегенді аямай жазалаған. Ауыл-қышлақтардың араларына ішкі Ресейден келген жалаңаяқ, жалаңбас, одан қалса, қашқын-бұзақы мұжықтарын орналастырып, поселкалар тұрғызған. Ондай поселкалардағы қарашекпенділерді шаһар-шаһардағы тұрақты әскери гарнизондарға көмекші болатын жасақ деп, оқ-мылтықтармен жарақтандырған. Қарулы мұжықтары ұйымдасып алған соң мұсылмандарға өктемдігін зорайтып, малдарын, еккен егістерін тартып алған. Қарсыласқанды атқан, болмаса жабылып ұрып өлтірген, суға батырып тұншықтырған. Әскери күшінің арқасында дүрілдеп келген шенді-шекпенділері былай тұрсын, өз жерінде шөнтегіне шөңге бітпеген қуаяқ, арбасында үстіне ілер лыпасы мен жамылғы қомытынан басқа түгі жоқ кейіппен неше күн, неше ай жол жүріп, жол-жолда өлген тасбақа-жылан, ит-құсты атауларына сеп қылып, мұнда зорға жеткен, мұнда жеткесін, жоғарыдағы тіреуіші мен қолындағы мылтығының гүрсілімен адам қатарына қосылған осындай жаман мұжықтар да, мұсылманды пенде қатарына санамаған, санаса да жабайы адам санатына жатқызған. Мұндай пейілден отаршылдар әлі арылмаған.
Намысқа тиіп, жанды жаншыған отаршылдарға қарсы Түркістан жүріп дүркін-дүркін көтерілген. 1885 жылы Ферғанада, 1892 жылы Ташкентте, 1898 жылы Әндіжанда, 1906 жылы Шымкент уезіне қарасты Бадам, Арыс, Созақ, Түлкібас болыстықтарының адамдары патша саясатына көнбейтіндіктерін білдіріп, көтеріліс ұймдастырған. Назалығы, осынау көтеріліске қатысқандардың бәрін патша жендеттері аяусыз жаншып, қан-жоса қылып басқан.
–Түркістан халқының бұлайша көтерілуіне әр түрлі себептер болған ғой, – деп Мамажан әңгімесін одан ары сабақтаған: – Басқасы басқа, орыс отаршылдарының осыдан тұп-тура жиырма төрт жыл бұрын, яғни 1892 жылы Ташкент тұрғындарына жасаған мына бір залымдығы тіпті адамшылдыққа жатпаған. Сол жылы жаз шыға Ташкент жұртының арасында тырысқақ деген жұқпалы ауру жайлапты. Тырысқаққа шалдыққан адамның іші тоқтаусыз өтіп, ақырында аяқ-қолы тырысып өледі екен. Сол аурудан Ташкент жұртының біразы қырыла бастаған ғой. Қырылғандары көму – тірілердің міндеті. Ал қала ішінде әр мәхәлла өз адамдарын көметін мола көп. Әр көше, әр мәхәлла күнде бірнеше өлік көмеді. Жұрттың осы тірлігін байқаған Ташкенттің орыс қожайындары «бізге жерге көмілген өліктерден де ауру жұғуы мүмкін» деп сескенген бе, өлгендерді қала ішіндегі молаларға көмуге қарсылық танытып, мұсылмандарға көлденең шейіттерді қала сыртына шығарып жерлеуді бұйырады. Алғашқыда шаһар қауымы бұл бұйрыққа мойынсұнбайды. Үйткені әр күні әр үйден бір өлік шығады, әрі өліктерді қала сыртына апаруға қайыл жоқ. Тірінің өзі ауру жұқтырып алам ба деп, сәт сайын күмән-күдік жамылып, өлгенді киіз-алашаға орап, одан тез-тез құтылуды ойлап жүргенде, әлгіндей көп уақытты алатын тірлікті атқаруға шамасы болсын ба. Сондықтан қала бастығының сөзін елең қылмаған мұсылмандар тірліктерін өз қалауларынша жалғастыра береді. Бұған назаланған қала бастығы құзырындағы полицмейстер-жандармдарына шаһардағы молаларды қоршап, оларға ешкімді кіргізбеуді пәрмендейді. Содан өліктерін көмуге шаралары қалмаған қала жұрты қатты ашынады. Ашынып қоймай, әр мәхәлла би-ақсақалдары бір-біріне хабарласып, соңдарына әрқайсысы жүздеген адам ертіп, генерал-губернатор кеңсесінің алдына жиналады да, өз талаптарын көтереді. Алдымен молаларды қоршаған қарулы полицияларды әкетуді, өлгендерді бар рәсіммен жерлеуге қарсылық танытпауды, одан соң жаппай жайлаған індетке қарсы көмек көрсетуді сұрайды. Кеңсе тараптан бұ талаптарға еш жауап берілмейді. Жиналғандар болса, талап үстіне талап қосып, айқайға басып, жер-дүниені көшіреді. Ақырында ашу қысқан жұрт көкейлеріне бұрыннан сең боп қатқан басқа да мүң-мұқтаждарын көтеріп, шеру ұйымдастырады.
Жиналғандардың қалың қарасынан шошыған со кездегі генерал-губернатор Фон Розенбах дереу қала бастығы полковник Сезыхпен қоса, шаһар істері мен шаруашылығын, тәртіптік жұмыстарын қадағалауға құзыреті жүретін қала думасының мәжілісін шақыртады. Мәжілісте генерал-губернатор да, қала, полиция бастықтары да, дума мүшелері де бірауыздан ессіз жабайыларды тәртіпке келтіру үшін күш қолдану керек деген шешім қабылдайды. Дереу әскери горнизоннан қылышты бес жүздік, мылтықты үш жүздік, барлығы сегіз жүз атты солдаттар шақырылады.
Орыс есепшілерінің жазуынша, сонда кеңсе алдындағы бау төңірегіне алты мыңдай ташкенттік жиналыпты. Құры айқайлаудан басқаға дәрмендері жоқ, талаптарынан өзге ойлары жоқ сол алты мың қорғансыз жанды әп-сәтте жетіп келген сегіз жүз қарулы әскер бірдемде жайпап салыпты. Қарусыз топты жайпағандарын мақтан көрген орыс жазбагерлері со сұмдықты «Біздің айбынды солдаттар тілі, екі аяқ, екі қолы бар демесең, титтей де ақыл-ойы жоқ, адамдық санадан мүлдем жұрдай ессіз тобырды бір-ақ екпінмен жайпап салды. Жабайы аурудан қырылған жабайы бауырларын жерге көмуге рұқсат сұрап келген тағы адамдардың мың шақтысы ат астында қалып, індет жұқпай-ақ өлді. Қалғандары жарылған бастары мен шыққан көздерін алақандарымен қалқалап, қай тесікке кірерлерін білмей, шарасыз хәлдегі аң сияқты тал-теректердің түбіне тығылысты» деп жазыпты.
Отаршылдар Түркістанның әр аймағын жаулаған жылдары да өздеріне қарсы тұрған мұсылмандардың сарбаз-аламандарынан бөлек, қарайған халқын да жау санап, дәл осылай қырыпты. Содан бері өлтірмесе де – қамшылап, атпаса да – таяқпен сабап, пәрмен-бұйрықпен зәре-құтын қашырып келсе де, мұсылманға жаппай оқ жұмсамапты. Со жылы жұмсапты, мыңдаған жазықсызға ажал құштырыпты, аман қалғандарына көшеде топырлап бой көрсетпек түгілі, бір орысқа қарсы сөйлеуге дәрмені жетпейтін хәлге түсіріпті…
Өткен тарихтан осылай тәмсіл шерткен Мамажан сөзін шорт үзіп, Сералыға сұрақ қойған:
–Сіздің жазбаларыңызда сонау Алтай мен Еділ, Жетісу мен Ташкент, Сыр мен Ертіс аралығында жатқан қазақтың саны бес миллионнан асық. Сарт-соғдылықтардың, түрікмен-тәжіктердің саны да соған жете ғабыл. Сонда осыншама қалың мұсылман Түркістандағы азғантай ғана орыстан неге ығып, бастарына таяқтарын ойнатып жүр?
Бұл сұраққа Сералының жүзі түнереді. Сөйлегенде даусы күңіренеді. Орыс паташалары мұсылман елдерін жаулауды осыдан төрт ғасыр бұрын ойластырған. Бұрындары түрлі княздіктерге бөлініп, өзара тынымсыз қырқысқан, үш жүз жыл бойы Шыңғыс хан ұрпақтары құрған жұрты түрік қауымды империяларға бас ұрып, дәргейіне көніп келген орыс княздары он алтыншы ғасырдың орта тұсында бірігіп, күшті елге айналған. Әсіресе, төртінші Иван деген патшаның тұсында құдіреттері тасып, баяғы Алтын Орда ыдырағанда өз алдарына бөлшектеніп, хандық атанған мұсылман елдеріне көз аларта бастайды. Ол кезде орыс патшалығының шығыс шегінде түрік қауымды Қазан, Хажы-Тархан, Ноғай, оңтүстігінде Қырым хандықтары өмір сүрген. Төртінші Иван 1552 жылдың тамыз айында Қазан хандығын жаулайды. Жаулайды деген жәй ғана айтылатын жалаң сөз. Әйтпесе бұл жаулаудың астарында қаншама қырғын бар, ең бастысы, Қазан хандығының құлауы – келешекте Осман империясынан басқа бүкіл түрік қауымының орыс отарына түсуінің алғашқы қадамы болды. Одан соң көп кешікпей Қырым, Хажы-Тархан, Ноғай хандықтары орыс иелігіне қаратылды. Қаратылды дегенді де бір сөзбен айту оңай. Орыс отаршылдары әлгі хандықтарды жаулаған кезде найза көтеруге жарамды еркек атаулыны түгел қасапқа шалған, әйел атаулының арын төгіп, шетінен зорлаған. Тегі түрік, діні мұсылман ерлерінің өліктерін тау қылып үйіп, отқа өртеген.
Ең өкінерлігі, сол жылдары баяғыда Шыңғыс ханның қолбасшы бала-немерелері батысты шапқанда, бастары қосылмай, бір-біріне опасыздық жасаған, соның кесірінен ту-талақайлары шығып, түрік жұртының отарына айналған славян көсемдерінің күйін –сатқындық пен тек өз бастарының қамын күйттеген, араларын бірлік емес, бақастық пен күндестік жайлаған түрік тектес қауымының хан-билері кешкен ғой. Орыс бірін шауып жатқанда, бірі сол күн ертең өздерінің басына түсетінін ұқпай, қарап отыра берген. Қарап отырса мейлі дерсің, «өзіммен бақталас жауым қиратылып жатыр» деп, ол құрыса, құдды бір өзі жарым дүниенің патшасы болардай, табалап отырған ғой.
Әйтеуір, он алтыншы ғасырдан бастап, түрі бір, тілі ортақ түрік қауымынан береке қашқан, бірлік тозған. Со заманнан ілкіде ер түрік атанған жалпы қауымның басына ертеңін көрмейтін, өрісін аңдамайтын, бір күнгі тірлікке разылық білдірген ылғи ақылсыз ел билеушілер біткен бе дерсің. Бәрі жабылып, діні бөлек, түрі өзге, мақсаты – жаулық, жатқа жабылып көтерілсе қайтпек? Еділ мен Оралдан ары асырып қуса қайтпек? Жоқ, келешек ұрпақтың күнін қараң, келешегін тұлдыр ететін, тілі мен түрін дүбәра қылатын, мойнына қамыт кигізелетін күнге бастайтын жолды таңдапты. Елдің ханы мен басшысы оңбаса, халық азады. Болашақтың қамын жеген сол халықтан шыққан көсем мен шешен қанша шырылдаса да, олардың әрекетін жаулыққа, ал өзінікін жөн санайтын, аузында билігі, қолында күші бар, санасы меңіреу, тек көз алдындағы уақытша жайма-шуақ көрініске мәз болып, айналадағы мезеттік тыныштыққа көңіл тоғайтқан, халқының тырбаң жұмыспен қарнын тойдырып жүргенін өзінің арқасы деп санап, бір мезеттік тірлікті қанағат тұтқан, ұлты мен елінің болашағын ойламайтын хан мен уәзір елдің соры. Сондайлардың қаперсіздігінен ноғай-башқұрттың, татар-шуаштың жартысынан астамы қырылып, қалғандары құлдық қамытын киіп, сорға тап болған.
Ата-бабаларын өмірден ерте айырып, апа-әжелерін айуаннан бетер қорлаған, жерлерін тартып алып, от-суларын зорлықпен иеленген, дінінен бездіріп, тілінен ажыратқан сол орысқа әлгі сормаңдай халықтың бүгінгі ұрпақтары Құдайындай бас иеді. Турасын айтқанда, патша озбырлары соған жеткізген. Бір кездері арғы бабаларына жасаған қиянатын, қанқұйлы шапқыншылығын, шектен тыс көрсеткен залымдығын ұмыттырған. Содан келіп, әлгі сормаңдай ұрпақтың болмысы өзгерген. Жартысынан көбі орысқа айналып, түп-тірегін санадан шығарған.
Кешегі күндей күркіреген Алтын Орданың іргесінің сөгілуіне мұрындық болған, батыс тарапта әр түрлі хандықтың негізін қалауға бар күштерін салып, өз алдарына ірге көтеруге асыққан кейінгі жеке-жеке хан-билер құзырындағы ұлыстарды қиратқан соң орыс патшалары қазаққа ауыз салған. Ер түріктің хас ұрпағы өр қазақ басқалардай емес, орыс отаршылдарымен жүз елу жылдан аса уақыт алысыпты. Бірақ шыңыраудан шыңға ұмтылған көсемдерге қарағанда, төбедегіні етекке сүйрейтін ел басшылары көптеу, заманға орайғы от қаруларды ойлап табуға мұршасы мен ілім-ғылымы болмағанымен, жігер-намысы мықты өр қазақтың қолындағы қылышының суылынан гөрі дұшпанының зеңбірегінің гүрсілі басым шығып, ақыры шыдас бермепті.
Қазақты орыс шауып жатқанда түстікте өздерінің іргелеріндегі елдерге құдіретті көрінетін һәм оларға жиі-жиі шабатын Бұқар және Хиуа хандықтары дүрілдеп тұрған. Әрқайсында жүз-жүз елу мың әскер топтай алатын зор әләует бар-ды. Кейін Бұқардан бөлінген Қоқан қосылған екеуінің қатарына. Үшеуінің де жұртының дерлігі мұсылман. Хан-билаушілерінің тегі осал емес. Шыңғыс ханнан тартқан бірі – Шағатайдың, бірі – Хажы-Тархан әулетінен тарағандар. Тіпті кейбірі қазақ хандарына етене туыс. Бір кілтипан – осы билеушілердің бәрі парсы-тәжік немесе сарт-соғдылық ғұрыпты ұстанған, діндік тұрғыда мұсылман демесең, қазақы ұстанымнан аулақ, көзқарастан бөтен, тұрмыс-тіршіліктен ада. Дегенмен өмір салты біркелкі, басым дүниетанымы қазаққа ұқсас, ал діндік ұстанымы бір. Қоқан хандығын құрғандардың түп-тұқияны Шыңғыс хан, болмаса Ақсақ Темірден өрбімесе де, хандық дәргейге жеткен, қазақтың бағзы аталарымен туыс, көне жатырлас, жүре келе, түр мен тілден едәуір айырмашылыққа түсіп, бөтенге айналған топ. Қайткенде де, қайсысының да жұртының дені түрік. Солай бола тұра, қазақ даласында орыс әскерінің дүбірі естілген тұста, бұлар да селт етпейді. Қайта қазаққа бүйірден тиісіп, арқасына қанжар қадайды. Бұқар-Хиуа Сырдағы руларды шабады, Қоқан Ташкенттен бастап, Алматыға дейінгі аймақтағы қазақты басып, қасамға таяйды.
Бірақ сыртқа жүнін қампайтқан арық бөрі тәріздес үшеуінің де азулығы түк емес екен. Орыс әскербасылары Түркістан-Шымқаладан өтіп, Ташкентке таяғанда, ары қарайғы Орта Азия аталатын жерді мекендеген хандықтарды басып алу бізге қиын тиер деген оймен қатты қобалжыпты. Сондай күмәнмен патшаға хат жазыпты: «Әлеуеті күшті хандықтардың шекарасына біз енді жақындадық. Оларды басып алу оңай емес тәрізді. Өйткені азиялық хандықтарда біздегі сияқты мылтық пен зеңбірек бар. Әрі қалаларының қамалдары биік, бекем де берік, оған қоса, әскер саны да көп» деп.
Алайда қалаларының қамалы биік, әскері мол үш хандықтың әл-қуаты әлсіз боп шықты. Орыс бәрін бес-алты-ақ жылда қалпақпен ұрғандай қып, басып алды. Кеше қазаққа жәрдем беріп, жойқын жауға бірлесіп күресудің орнына, қайта жаулық танытқан үш хандық сөйтіп күйреп түсті. Бүгінде Бұқар мен Хиуа ханы бар жеке ел делінгенімен, орыстың басыбайлы құлы тәрізді өз билігі өзінде жоқ, протекторат хандықтар. Екеуі де орыс тәртібімен жүріп, айтқанын орындайды, салығын беріп, қазынасын толтырады.
Қашанда отарлаушы ел өзі иеленген аймақта үйіп-төгіп әскер ұстамаған. Орыстар да сондай. Олар бұрынғы батыр-билерге бағынысты жасақтарды, хандар құзырындағы тұрақты әскерді жойған. Барлық заң-зәкүн мен күш-билік қолдарында. Әр қалада қарасы көп болғанымен, әл-қуаты жоқ, жалаң қол мұсылманның үрейін ұшырып, керек жерде күш қолданатын тұрақты әскер ұстайтын отаршылдар бұнда үстемдік етпегенде қайтсін. Мұсылманда отаршылдарға бастайтын көсем жоқ. Көсем табылғанмен, соңынан еретіндердің қолында қару, әскери дайындығы мен соғыс жүргізетін іс-қимыл тәсілі жоқ. Содан да, қазақ-сарттың көсем-шешендері орыс өкіметінің шотын шауып, оған қызмет етуден басқаға қайылдары жоқ.
Отаршылдар мүддесін, орысқа берілген түрік қауымының тарихын осылай әңгімелеген Сералы бір сәт тыныстап, қапалық пен өкініштің табы басқан жүзін төмен салып, көкірегі қар айырыла күрсінеді. Тарихтың ащы шындығына жаны күйзелген Мамажан ұстазының көргендерін көрмесе де, білгендерін білмесе де, осы бір аз ғана әңгімесінен-ақ оның жай-күйін түсінеді. Ұстазының мұсылман халқының, оның ішінде Алаш өренінің тағдыры үшін жаны жараланып, жүрегі қарылатын, қазаққа нағыз жанашыр, өз ұлты үшін кез келген күреске түсуге даяр сәруар екенін шын мойындайды. Терең білімді одан көп нәрсе білгісі келеді. Ол бір сұрағына жауап бергенде, келесісін қояды. Соған орай тағы сұрақ қойған.
–Орыстар газеттерінде де, кітаптарында да қазақты – киргиз, өзбекті – сарт, қырғызды – каракиргиз деп жазады. Сөйлегенде де солай атайды. Неге бұлай. Бізді неге бұлай атаған? Одан соң біздің семинарияның кейбір оқытушылары сізді жәдідші деп ныспылайды. Мұның мәнісі не?
Қандайда сұраққа мүдірмейтін сұңғыла, зерделі жастың көкірек көзін ашуға әркез құмбыл Сералы әлгідегі қапалық кейіптен тез арылып, одан ары көсіледі:
Айтуынша, тегі түрік аталатын қазіргі бірнеше халық осыдан жеті-сегіз ғасыр ғана бұрын, қазақ-сарт, өзбек-тәжік, татар-башқұрт деп бөлінбеген. Содан бергі замандар безбенінде өткен түрлі уақиғалар түріктерді осындай ұлттық бөлініске әкелген. Рас, бұрынғы ата-бабаларымыз ру-тайпаларға бөлінген. Бірақ ру-тайпалардың жеке бөлінісі тек-түбі бір басқа қауымнан бөлінген, ара-жігі ажыраған, бөгдеге айналғанды білдірмейді? Ру-тайпалардың аттары, шежіресі өздерінің шығу тегін әрі бәрінің туыс бір бұтақтан тарағанын ұқтырады.
Әсілі, ілкідегі қаған-бектерінің, соңғы хан-билеушілерінің кесірінен болды ма, әйтеуір, әу баста бірлігі мықты, салтатты әскерінің құдіретімен төңірегіндегі елдердің үрейін ұшырған түрік қауымына кейінгі кейінгі ғасырларда тағдыр қырын қарап, бөлшектенуге түскен.
Неге бөлшектенген? Мейлі, заман озған сайын мұндай құбылыстардың орын алуы заңды да шығар. Десе де, ықылымда әлемді әл-қуатымен дірілдетіп, заманы-күніне сай құдіретке ие болған түрік қауымы бастарынан алтын дәуірді өткізіп жатқанда, орманда аю терісін жамылып, тағылық күн кешкен славяндар, бір қытай атанғанымен, әр ұлты әр тілде сөйлейтін, бір-бірімен үнемі қырықпышақ болып жүрген ханзу жұрты неге кейін бізді билеп кетті. Көне оқымыстылар айтқан мықты түріктер күн озған сайын неге әлсіреді. Бүгінгі білімпаздар айтады – түріктер сыртқы күштердің арқасында әлсіреді деп. Оу, өзі мықты, ақылды да айбынды ел болса, неге сыртқы күштердің ықпалына түседі?
Әлбетте, қай дәуірде күн кешпесін, қай ұлыстың да халқы мықты болады. Тағылық күн кешкен ежелгі тайпалар да көршісіне ақысын жібермейтін азулы болған. Бір кілтипан – сол халықты кім билейтінінде. Өйткені кез-келген, халық, мейлі мықты болсын, мейлі осал болсын, әйтеуір, бір басшыға бағынады. Соған қарап бой түзеп, соның жолымен жүреді, пәрменіне бағынады. Ал басшысы опасыз болса ше? Оның уәзірлері де ләппайдан шықпайтын жалтақ-жағымпаз болса ше? Ондай басшылар біткен елдің соры бар. Жасырып-жабары жоқ, замандар бойы аттан түспеген түрік қауымында ақылды көсемдерден гөрі келешегін терең ойламайтын ақылсыз патшалар көп болыпты. Елді бар қылатын да, жоқ қылатын да, бөгденің табанына салып беретін де – патша ғой.
Ежелгі күндей күркіреген Ғұн мен Үйсіннің, Қаңлы мен Қыпшақты әр кезеңде билеген кейбір жетесіз басшыларын қытай арбап, елдерін бөлшектеген. Одан соңғы түрік жұртын билеген ұлы Шыңғыс ханнан өрбіген базбір біліксіздер, қияндағы түгілі, қыр астындағыны көре алмайтын, тек айналасындағы тірлік жайын ойлаумен шектелген, хан-сұлтан деген атқа ғана мәз болған өресіздер іштей бөлініп, ақыры бәрі елдерін жаттың жемтігіне айналдырды.
Әй, заман-ай, әр шақта күллі түрікті, соңынан талай ұлыс-ордаға бөлінген түрік қауымын билегендердің арасында да, талай ұлы ойлы, ұлық саналы тарландар да болды ғой. Бірақ жалпы тарихта ақылы асқан абыздардан гөрі бөріге ұқсаймын деген қуатсыз түлкілер тәрізді өресіздер көбірек ел билепті. Әне, солар біресе қытайдың тілін алды, біресе орыстың тілін алды. Соңында өзара бөлшектенгені былай тұрсын, сары жұрттың құзырына кірді.
Бағзыда бүгінде орыс атанған нәсіл де өзара қырқысқан. Бірін-бірі сатып, бір-біріне жаулық танытып, Шыңғыс хан ұрпақтарына бағынған. Шыңғыс хан өрендерінің құрсауынан босанған соң да патшалары таққа таласып, қырқысқан, араларында қанды қырғындардың нешесі өткен. Алайда олар тез ес жиыпты. Патшалары ақылды боп, қуатты елге айналған. Ол әл-ауқаты артқан елге айналғанда сормаңдай түрік міллеті батпаққа батқан үстіне батқан.
Еуропаша білім алған заманда оқымыстылар тағы айтады – түрік қауымын алауыздыққа, жікшілдікке, түрлі ұлттарға да бөліп жіберген орыс деп. Солай-ақ болсын, Құдай-ау, сонда тегі мықты халық біреудің айтқанына неге көне салған? Ілкіде қазақта рушылдық деген жоқ еді, соңғы кезде мұндай жікшілдік те бой көрсете бастады. Әлгіндегілер мұны да орыстан көреді. Негізі, орыс қазақты – рушылдыққа, сарт пен тәжік-түркпенді – жершілдікке үйреткен жоқ. Олар әр ру-тайпа мен ұлыс-жұртты билеген біліксіз басшыларды өз дегендеріне көндірді, бір-біріне айдап салды. Ал анау ақымақтар солардың қу ниетін аңдамай, бір-біріне опасыздық жасады. Опасыздықтарының түбі – халқын болашақта біреуге тәуелділікке әкеп соқты.
Иә, туына бөрілі бас таңба салған бағзы бөрі тектес түріктің басында көбіне бөрі мінезді басшылар емес, түлкі тұрыпты мешкейлер отырыпты. Жиырмасыншы ғасырда қай тараптан да еркінен айырылған түріктер өзінің сормаңдайлығын халықтан емес, кезең-кезеңде өздерін басқарған осындай таяз ойлы патша-хандарынан, би-бектерінен көрмегі ләзім. Ал сырттан соққан дұшпанның харекеті – еріктен айырылудың екінші жағы.
Басқыншы ел өзі отарлап алған халыққа ойына келгенін істейді. Қалай қаласа, солай атайды. Орыстар Сібірдегі Көшім хан иелігін жаулағанда, Енесай бойындағы қырғыздарды көрген, Солтүстік даладағы қазақтарды көргенде оларды қырғыздар деп ойлап, қағаздарына солай түсірген. Мәскеу, Петербордағы билеушілеріне де қазақтарды қырғыз ұлты деген атаумен шатасқан мәлімет жеткен. Содан бері қазақ – қырғыз. Анығы – киргиз.
Ертеде Ферғана ойпаты мен Қашғар даласын жайлаған соғдылықтар кейін екіге бөлініп, бірі – сарт, бірі – тәжік атанған. Негізі тәжік – парсылық жұрт болғанымен, сарттардың әдеп-ғұрпына, тіл-ділін тез қабылдайды. Осы сарт-тәжіктің жерінде өзбек атанған ұлттың негізін он бесінші ғасырдың аяғында Мұхамед Шайбани қалаған. Содан тартып, сарттың атауы – өзбек болуға тиісті. Басқыншы орыс оны әлі сарт дейді. Нағыз қырғызды қазақпен шатастырмау үшін «дикокаменные киргизы» немесе қарақырғыз дейді. Айналып келгенде, отаршылдардың Азия халықтарын бұлай кемсітіп атауы – қол астындағы мұсылман жұртын бұратана, жабайы, ешбір ілім-ғылымсыз, тарихсыз тағы қауым деп санауының көрінісі.
Сералы осы мәселе бойынша талай жерде дау көтеріпті. Талай газетке жазыпты. Петерборда, Орынборда, Ташкентте осыған байланысты әлденеше жиындар өткізіпті. Алайда, мұсылманды билеген патша қолшоқпарлының назарын бері тартып, иінін жұмсарта алмапты.
Батыстағы сары нәсілдің әмбесін озық жетістікке жеткізіп отырған ілім-білімнің барлығының түбі Азияда пайда болған. Алайда азиялықтар одан неге ажырап қалған? Мұсылман діні жақсы ғой. Сөйтсе де, мұсылмандықты ұстанатын елдер неге батыстағы христиан елдерінен заманға орайғы өркениеттен қалып қойған? Мұсылмандықтың негізі бес уақыт намаз бен Пайғамбар-сахабалардың үлгі-өсиеттерін орындау ғана ма? Басты кітабымыз – Құранда – заманға қарай өмір сүруге шек қойылмаған. Соған қарамасатан, ғұлама-молдалар, дін тарихына жетік дамуллалар, жалпы, дін атымен елге иелік еткен, патшалық құрған сәруарлар заманға орай неге харекет етпеген? Алла да ізденпазды, білімдіні жақтайды. Батыстағылар он сегізінші ғасырдан бастап, ғылымын өркендетті, пойыз ойлап тапты, кеме құрастырды, телефон-телеграфты іске қосты. Оқтары алысқа жететін зеңбірек пен мылтық жасады. Халықты замандық білімге баулитын түрлі университеттер, училищелер, мектептер ашты. Әр ел ғылым академиясын, заң-зүкіні қатал мемлекет орнатты, мемлекетін қорғайтын тұрақты әскерлер топтарын ұйымдастырды.
Бұл уақытта күллі Азия ұйықтап жатты. Үнді-ауғанды ағылшындар жаулады. Парсыға француздар қатер төндірді. Рас, Азияның да өзіндік өркениеті бар еді. Бірақ оның өркениеті – әскери күш-қуатының, озық техникасының арқасында әлсіз елдерді жаулап алуға ұмтылған мемлекеттердің өркениеті жанында тым осал-тын. Замандас білімгерлер білетін жерде – батыс өркениетіне түріктер арасынан тек Оспан империясы ғана ілесе алды, қалғандары аш қалмаудың харекетінен басқа заманға сай ештеңе ойлап таба алмады. Өйткені он сегізінші-он тоғызыншы ғасырлар баяғы кезеңдердегі баяу тірлікпен, қарабайыр тұрмыспен күн кешетін уақыт емес-тұғын.
Орыстар келгенше Азия жеріндегі медіресе-мектептерде тек діндік тұрғыдан дәріс берілді. Өмірге діндік дәрістер де, ілім де керек-ақ, әйтсе де ол, бір жақты сенімді дәріптейтін, көбіне-көп бағзы өсиеттерді қайталайтын немесе ұлт-нәсілдердің діндік ұстанымын нығайтатын күш болғанымен, мемлекетті өмір ағысына қарай бейімдей де, сүйрей де алмайтын ілім. Оныншы ғасырдан кейінгі араб, парсы, Азия жеріндегі мұсылман ғұламалары өркениетке бастайтын ғылымның бәріне шектеу қойып бақты. Әйтпесе, әл-Хорезми ойлап тапқан алгебра, әл-Фараби өмірге келтірген астрономия, тағы басқа да «Шығыс даналары» атанған түбі мұсылман ғалымдар негізін қалаған жаратылыстану ғылымдары бізде неге өркендемей, батыста қанат жайып кетті? Әл-Фараби оныншы ғасырда жердегі күнді айналатын домалақ планета екенін айтқан. Бес жүз жылдан кейін поляк ғалымы Коперник мұны әлемге жаңалық етіп енгізді. Сөйтіп біздің ғалымдар келешектегі адамзат игілігіне, өркениетіне бастау болатын ғылым түрлерін ойлап тапқанымен, көп тарапта исламдық жүйе оларды жетілдіруге жол бермеді.
Өлкеміздегі осы күндергі мектеп-медіреселер де ескілікті оқу жүйесін қолданып келеді. Ондағы мударистер замандық өркениеттен тым бейхабар. Өз заманына ілесе алмаған мударис алдындағы муридін де ескі дәуірдің ілімімен оқытады. Әгәрки мұсылман балалары осындай орындарда бұдан былай да оқи беретін болса, өмірлік талапқа сай білімге еш уақытта жете алмайды. Сол үшін де жаңа оқу тәртібі, жүйесі керек. Ол басталып та қойған. Осы жаңаша оқудың бағытын жәдід деп атайды. Арабша жадид – «жаңа, жаңа қолға алынған» деген мағынаны білдіреді.
Жәдідшілердің мақсаты – мұсылман жастарын заманға орай оқыту. Мектеп-медіреселерде тек діндік бағыттағы дәрістерді емес, өркениетті елдердегідей немесе орыс семинарияларындағыдай, түземдік школдардағыдай математика, астрономия, география, тарих сабақтарын кіргізу. Оқушыларға осы сабақтарды оқыта отырып, ескілікті ілімнен ажырату. Әйтпесе, мұсылмандардың әлемдік өркениеттен қалып, көздері ашылмайды.
Мектеп-медреселерге мұндай оқу жүйесіне енгізуге әуелде ақыл-білімдері құран сүрелері мен шариғат заңдарына, хадис ілімдеріне байланып қалған қадымшы, яғни ескілікті оқу тәртібін жақтайтын молда-мударистер қарсы боп, өре түрегелген. Ал мұсылмандық дін ілімімен бірге, батыс-шығыстық білімді де игерген жаңашылдар оларды қатаң сынға алып, бәрібір, жәдідшілер мектептерін ашқан. 1890 жылы Уфа қаласында «Ғұсмания», Орынборда «Хусайын» атты жәдідшілердің алғашқы оқу орындары ашылыпты. Одан кейін Ташкентте, Бұқара, Самарқанда ашылған. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы әлемдік өркениеттен шет қалған азиялық мұсылман жастарды өмір талабына сай оқытуға кіріскен һәм осы жолда аянбай еңбек еткен жәдідшілердің жолы дұрыс екен. Жәдідшілер ұстаздарын өз халқының санасын көтеруге тынымсыз үлес қосқан ағартушылар деп атауға лайық екен. Бұ жолды қазақта Абайдан бастап, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышбаев, Сералы Лапин тәрізді оқымыстылар таңдаған. Татарда Ысмайыл Гаспыралы, башқұртта Фатих Керим, сарт-өзбекте Махмутқожа Бехбуди, Мінәуәр қары Әбдірашитханов, Абдолла Аулани, тағы басқа да көптеген оқымыстылар жәдідшілер ұстаздары саналады екен.
Жәдідшілердің мектептері көбейіп, дұрыс жолға бастайтын дәрістері көбейген сайын, ескілікті көзқарастан айнымайтын қадымшы ғұламалармен қатар басқа тараптан да қарсыластар көбейе түсіпті. Қадымшылардың жаулығы түк емес. Оларды жеңуге болады екен, ал үлкен қарсылық орыс отаршылдарынан төніпті. Отаршыл орыс өзінен кем санайтын надан халықтың заманға лайық білім алуына оңайлықпен жол берсін бе, әрі жабайы деп есептейтін қауымның өзімен теңескенін жақтырсын ба. Жәдідшілер шығарған «Таракки», «Уақыт», «Шуро» сияқты газеттер мен «Айна» атты журналға шүйлігіп, бірнеше мәрте жауып тастапты. Болмаса, қатаң тексеруге алып, өздеріне ұнаған жазбаларды ғана бастырып отырыпты. Газет-журнал шығарған адамдарды аңдып, тіпті, кей кездері абақтыға жауып қойыпты. Соған қарамастан, жәдідшілер бағыттарынан таймай, еңбек етуде екен.
Мамажан Сералыға әр кездескен сайын өзіне беймәлім әр сырға қанық болатын. Әр тарихты, әр уақиғаны білген сайын орыстың өмір салты мен қазақ пен сарттың тұрмыс-тіршілігін салыстыратын. Салыстыра отырып, орыстың атта, мұсылманның жерде жүргеніне көз жеткізетін. Мұнда келгеніне елу жылдан енді асқан орыс – пәрменшіл, білгіш, үстем, ақыл үйреткіш. Бәлкім оның мұндай үстемдігі көп оқығанынан шығар, көп оқығанынан әскери тәсілді меңгеріп, озық қаруды ойлап тапқанынан шығар. Сералының айтуынша, оның айтқанынан Мамажанның ұғуынша – дәл солай.
Сералы тағы айтатын: Мұсылман жастары батыс білімін алу керек, олармен теңесу керек. Батыс ілімін өз халқының пайдасына жаратып, жұртын озық елдермен қатарластыру керек. Қазақ пен сарт қанша оқымысты болса да, орыс оны қатарына қоспайды, облысты басқартып, үйезге бастық қоймайды, әскербасы етпейді, генерал-губернатордың тағын бермейді. Оқыған мұсылман тілмаштықтан аспай жүр. Сонда оқыған қазақ не істеу керек? Алдымен халқын ояту керек. Халық оянса – ерен күш. Сонда отарлықтан бостандыққа ұмтылуға болады. Әттең-ай, сондай күн қашан туады?
Сералының әңгімелері Мамажанның лайықты өмір сүруге құштарлығын ояқтан. Лайық өмір мына заманда білім арқылы келеді екен. Орыстың бәрі озық болса, семинариядағы сары жұрттың балалары неге бұдан нашар оқиды. Кейбірі тым мақау. Бірақ өркөкірек. «Пусть азият хорошо учится, но все равно нас не догонит» дейді тағы. Сонда бұл оның қай жеріне қуалап жетпей жатыр?
Сералы қазақтан шыққан аса білімді, Петербордағы мемлекеттік думаға депутат болған Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқаев деген кісілер туралы да айтқан. Олардың мұсылман үшін, қазақ үшін жанталаса күресіп жүргендерін де талай әңгіме қылған. Осындай кісілердің аттарын естігенде Мамажан «шіркін-ай, енді солармен жолығып, бір танысам екен» деп армандайтын.
Бозбала қиял алысқа сүйрейді. Со кісілер тәрізді атақты, сөзімді халық тыңдаған көсем болсам дейді.
