Момбек Әбдәкім-сайтка

Момбек Әбдіәкімұлы,
Қазақстанның Құрметті жазушысы, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы филиалының директоры әрі өкілі.

 

Жалғасы…

 

Мамажан семинарияның бірінші баспалдағын бітіріп, жазғы демалысқа шыға салысымен, ауылына барды. Қанша дегенмен топырақта туып, сазда өскен қыр баласы емес пе, Ташкентке жүргенде ауылын қатты сағынған. Шешесінің үйінде бір айдай аунап-қунап жатты. Сартай атасының жүйрік жылқыларына мініп, азанды-кеш Шағыр мен Монтайтас, Ақжар мен Көбікті арасында құйғыта шапты. Ташкент халқы ішуге де, бау-бақшалар суғаруға да ағынды суды пайдаланады. Таудан келетін шаһар суы қашанда таза әрі тұщы. Ал Шағыр жұрты суды құдықтан ішеді. Құдық суы – тау суындай емес, кермек дәмді. Бірақ Мамажанға осы суды зәмзәм суындай аңсаған. Келген күні апасының қарсылығына қарамай, бірдемде жарты шелек құдық суын ішкен.

– Шаһарда су жоқ па, немене… Балам-ау, қаталып қалған адамдай мұның не, сонша суды тоқтаусыз ішіп? – деген ол таңырқап.

– Апа, – деген бұл. – Апа, мен сіздермен бірге осы құдық суын да сағындым. Шаһар суы тұнық, мұздай, бірақ неге екенін қайдам, бір жылдай шөлімді қандырмады. Жақында тағы кетем ғой, әзірше құдық суын қанып ішейінші.

Жалпы, адамда тамақ пен нәпсіге сағыныш болмайды ғой. Нәпсі тойымсыздығына аңсар ауады. Бозбала Мамажан аңсарды да сағыныш деп ұққан.

Ауылына кетерде Әбсамат: «Бір айдан артық аялдама. Демалыс кезінде сені қыдыртатын жерім көп. Шыршық бойы мен Шымған, Шатқал, Азар тауларын көрсетейін. Әңгірән, Әхәнгәран тарапқа да барайық. Сендай балаға ел, жер көрген абзал», – деген. Сералы айтқан: «Мен бір айдай жұмысыммен Самарқан жақта болам. Мен келгенше сен де қайт. Екеуміз бірлесіп, атқаратын жұмыс көп». Көлбай да ұсыныс білдірген: «Осындағы біраз пікірлестермен бірге «Үш жүз» деген партия құрмақшымыз. Оның алдында «Алаш» атты газет ашпақшымыз. Соны ашсақ, бір көмегіңнің қажет болары айқын. Келешекке көп үмітпен қарайтын адамның ауылда бос жатқаны – уақытты бекерге өлтіргені. Тезірек қайтуыңды қалаймын».

Сералы мен Көлбайдың қалай еңбектенгенін көріп жүрген, екеуінің осыншама білімге қандай жолмен жеткенін бозбала санамен аңғарған, түбі солардай болуды армандаған Мамажан, бір айдан кейін жолға жиналды. Атасынан бастап, бар туысқаны шуылдасып жүріп, пойызға шығарып салды. Бұл кезде жаздың алғашқы айы – маусым аяқталып, шілде түскен. Шілденің әдеттегі ыстығы Ташкентті күйдіріп тұрғанда пойыздан түсті. Вокзал алдындағы ақымен адам таситын тарантас ұстап, үйіне келді. Алдынан далақтап жүгіріп, Парманқұл мен Қожантай шықты. Артынан қорбаңдаған Әбсамат көрінді. Соңында бет-жүзі үнемі құлпырып жүретін бәденді Халима тоқалы келді. Бәрі қауқылдасып, үйге кірді. Шай ішіліп біткенде Әбсамат Парманқұл мен Қожантайға бұрылды:

– Әй, сендер, шаруаларыңа барыңдар! Менің Шоққөзбен оңаша әңгімем бар.

Мамажан Әбсаматтың жүзі әбіржулі екенін бағана байқаған. Шай үстінде де тым торығып, қайта-қайта күрсіне, мазасы қашқан ол, анау екеуі шығып кеткенде жантайған қалпынан бойын тіктеп, жартылай көтерілді:

– Мамажан, Ташкентте бір зұлмат басталғалы тұр. Ақ патша қазақ-қырғыздан, сарт-тәжіктен һа, хақи мұсылманнан әскерге адам алмаққа пәрмен шығарыпты. Батыста қандай соғыс екенін қайдам, әйтеуір, бір шайқастың жүріп жатқанын еміс-еміс құлағым шалған. Ақ патша соғысқа енді мұсылман жігіттерін де салмақ бопты. Осыған Ташкент жұрты қарсы боп, дүрлігіп жатыр. Мұсылманның ұлық-жақсылары күнде менің шайханамда жиналып, не қылмақты ақылдасуда. Түбі бір сойқанның болатын түрі бар.

Мамажан мынадай оқыс хабардың астарын түсінбесе де, селк етті:

– Сонда қалай?.. Бізден әскер алмағы қалай?.. Оу, мұсылмандарда соғысқа лайық әскер де жоқ қой.

– Ақ патшаның ойында не барын итім біліп пе, әйтеуір, осындай пәрмен шығарыпты. Ташкенттің күллі қары-имамдары, молда-дамуллалары, оқыған-тоқыған игі жақсылары жастарды соғысқа бермейміз деп, азар-безер.

Мамажанның Ресейдің батыс шегінде жүріп жатқан соғыстың қандай майдан екенінен аздап хабары бар. Газеттерден оқып-білгені бойынша осыдан екі жыл бұрын Венгрия деген елде тақ мұрагері саналған бір ханзаданы сербтер атып өлтіріпті. Содан біраз елдер арасында кикілжің туған. Кикілжіңнің арты екі бөлікке бөлінген елдер арасындағы соғысқа ұласқан. Ресей, Франция, Англия үшеуі Антанта тобы аталып, Германия, Түркиямен біріккен Австро-Венгрия бір жақ болып, алапат соғыс басталған. Газеттерде мұны «дүниежүзілік соғыс» дейді. Соғыстың жүріп жатқанына екі жыл. Сөйтсе де, жеңген де, жеңілген де жақ жоқ. Петербордан келетін орысша газеттерде ол майданда патша әскерінің ғаламат ерліктері туралы жазады. Сонымен бірге орыс солдаттарының қисапсыз шығынға ұшырағанын да жазбалайды. Бірде Сералыдан осы соғыстың мәнісін сұраған. Ол «Мән-мақсатсыз, болмайтын себеп үшін мыңдаған адамдардың қырылуына жол берген еріккен императорлар мен патша-корольдардың соғысы. Бір түсінбейтінім, христиан мемлекеттері арасындағы соғысқа Түркияның неге киліккені. Меніңше, осы соғыс Түркияны да, Ресейді де ішкі қайшылықтарға, өзгерістерге әкеп тірейді», – деген-ді. Бұл ішкі қайшылықтар, өзгерістер дегендердің не екенін түсінбеген. Соны ұққан Сералы тағы сөйлеген: «Ресейді Романовтар әулетінің билегеніне – үш жүз жыл. Елде бәрін бір патша билейді. Өзге елдерде ондай емес, әлгіндей монархия тек Ресейде сақталуда. Қазір жаңа ғасыр. Батыстағы жұрттың көбісінің көзі ашық. Жалғыз патшаның талап-пәрмендеріне, ол ұстанған қатал саясатқа көне бермейді. Ресей оқымыстылары мемлекеттік құрылымы халық талабына сай келетін жаңа қоғам құрғысы келеді. Неміс елінде сондай қоғамды құрудың негізін жасап, талай еңбектер шығарған Карл Маркс, Фридрих Энгельс дегендер бар. Сондай бағытта орыстың Чернышевкий, Бельинский, Ленин сияқты оқымыстылары да, талай кітап жазған. Бәрінің мақсаты – ақ патшаны тақтан құлату. 1905 жылы Петерборда сондай топтар төңкеріс жасамақ болған. Көшеге шыққан мыңдаған жұмысшыны патша әскерлері қырып салған. Содан бері Ресейдің іші толқып тұр. Ақ патшаның үрейін ұшырған большевиктер, эсерлер, кадеттер, социал-демократтар партиялары құрылып, елдің әр түпкірінде әлсін-әлсін бас көтеруде. Жұмысшылар мен шаруалар солардың жетегіне еріп кетуге дайын тұр. Ал сарайдағы дворяндарға, сосын тұрақты әскеріне, ішкі жандармерия мен полиция күшіне сүйенген екінші Николай патша елдегі осындай толқуларды басудың орнына пайдасы жоқ соғысқа араласады. Бір күні жаңағы партиялардың бірі бас көтеріп, елді ду көтерсе, патша не істейді. Елде ішкі қайшылық пен өзгерістің белең алуы сонда болмақ. Негізі, Ресейде бір өзгеріс тезірек іске асса екен…»

Батыстағы соғыстың  шығу төркінін, Ресейдегі партиялардың мүдделерін Сералы осылай ұғындырған. Енді со соғыстың салмағы мұсылмандарға да түскелі тұр екен. Әбсаматтың басы сауда мен ақша табуға жеткенімен, саясатқа шорқақ. Ескі тәмсіл мен көне аңызға жүйрік болғанымен, жаңа қоғамның беталысынан бейхабар. Жастардың заман икеміне қарай оқытуды, осы қолдауды білгенмен, өзі газет оқымайды, кітап бетін ашпайды. Оған сауаты да жоқ. Сөйтсе де, мұсылман үшін жанын беретін намысқой, орыс озбырларын жек көретін кек тұла-бойына тұнған.

– Батыстағы соғыста орысың патшасымен қосылып, күйреп түссін. Менің тілегім – бір мұсылман да соғысқа бармаса екен. Ілкідегі орыс патшалары бізді қол астына алғанда мұсылмандардан әскерге, соғысқа жігіт алмаймыз деп ант берген. Ант ұрғыр Нікәлай патша сол антты енді бұзып отыр. Кеше шайханаға жиналған шаһардың имам-молдалары, қадірлі қария-ақсақалдары соғысқа адам жібермейміз деп пәтуа қылысты. Ләжі болса, ақ патшаны бұл райдан қайтармақ ниетпен, күллі Тәшкен халқының атынан дархат-хат та жолдамақшы.

– Патша райдан қайтпаса ше?

–Онда жұрт көтеріледі. Нәлеті патша, ойлаған екен, не істесем де момын мұсылман дәргейіме көне береді деп.

– Бұған Сералы, Көлбайлар не деді?

Жаны шығып отырған Әбсамат айқайлап берді:

– Сенің бар көрген-баққаның сол екеуі екен де. Шаһарда олардан мықты намыстылар, білімпаздар бар. Әлде, ол екеуі күллі Тәшкенді билеп, халқын айдап отыр ма… –  Бай артық кеткенін тез түсініп, ілезде басылды: – Ғапу ет, Шоқкөз. Әлбетте, олар да біздің жақта болулар хақ. Ләкін патшаның пәрмені шығып, ел дүрліккелі екеуі де көзге көрінбеді. Шайханадағы жиынға күнде Самарқаннан келген Махмұтқожа мен ташкенттік Мінәуәр  қары бас. Қазақтардан тек Бекмырза қары ғана сөйлеп жүр.

– Патша пәрменін Тәшкенттегі ұлықтар халыққа қалай жеткізді?

– Тілмаштар арқылы көше-көшенің ақсақалдарына, мешіт имамдарына, базар, шайхана қожайындарына хабарлаған. Мұндай сұмдық хабар жерде жатсын ба. Бұдан бүкіл Ташкент бір-ақ күнде құлақтанып, елді елең еткізді. Орыстар жарлықты «Түркістан уедімісті» «Гөліс» сияқтылармен қатар, мұсылманша шығатын ғазиттерге де жариялады. Анада екеуміз жазда тау жаққа қыдырамыз деп айтып едім. Әзірше оның қолайы болмайын деп тұр. Ертең азанда шайханаға жүр. Бар сырға сонда қанығасың.

Күн кешкіргенде Мамажан достарымен жатынханаларында бас қосты. Әбсамат айтқан сырдан екі досы да хабардар екен. Төбелес десе арқасы қозып тұратын Парманқұл айтты:

– Күллі Ташкент орысқа қарсы көтерілсе, мен де қарап отырман. Ой, сондайда бір орыс бінтобкасы қолыма түссе ғой. Пөлісә-жандармдарды қуалап жүріп, аяқ-көттерінен атар едім. Найсаптардың жерге домалап жатып, өкіргендерін көрсем, айызым қанар-ақ еді.

Онымен ниеттес Қожантай да үнсіз қалмады:

– Баймен бірге базарға барғанда бір орыс көрөдобойдың жүз мұсылманның жанын алатынын ылғи көрем. Маған да мылтық тисе, осындай зауалды кәпірлердің өз бастарына келтірер едім.

Басқаларына қарағанда көзі ашық, сауатты Мамажанда да бозбалалық қиял басым. Ол да өз пікірін білдірді:

– Бүкіл шаһар жұрты көтерілсе, генерал-губернатордан бастап, бар орысты қуып шығары бек кәміл. Ай, содан, мұсылман жұрты өз-өзіне қожа болса ғой. Сералы тәрізді даналар қазақ демей, сарт демей, баршаға көсем болса ғой.

Ертесіне сәске әлетінде Мамажан Әбсаматқа ілесіп, шайханаға келді. Шайхананың іші-сырты толған халық. Ақ сәтеннен жағасыз көйлек киген қазақтармен бірге патсайы қыжым шалбарлы өзбектер де, қауға қара сақалдары белдеріне түскен тәжіктер де бар. Жастары аралас қалың қауым Әбсаматты көргенде жарыла жол берді. Ырсылдаған бай жан-жағына бас шұлғып, ортаны кесе өтіп, шайхана төріндегі нарға таяды. Нар маңындағы топ тағы жарылып, оған төрге озыңыз дегендей, ілтипат көрсетті. Әдетте нар үстінде адамдар алқа-қотан жайғасып отыратын. Бай соңынан қалмай келген Мамажан  топ екі жаққа бөлінгенде байқады, нар үстіндегілер түрегеп тұр. Тура ортада  жасы қырық бестер шамасында, шоқша сақалы жирен түстес, қасқа маңдайлы, дөңгелек жүзді, үстіндегі киімі әппақ бір жігіт ағасы тұр. Оның оң жағында басындағы жұқа сәлдесінің бір ұшы оң иығына құлаған, сыптай тарамыс, бет-әлпеті сұсты бір кісі бар. Сол жағында ашаң реңді, көркем жүзді бір қария қатарласыпты. Басқаларға қарағанда үшеу ерен көрінеді. Нақ ортадағы әппақ киімді Әбсаматты көргенде бірінші боп тіл қатты:

– Ассалаумағалейкум, байеке. Бүгін сәл кешіктіңіз да, әка. Түнімен патшаға хат жазып дайындап қойдым. Соған жұрттың қолын қойдырып жатырмын.

– Махмұтқожа, хатты қалай жаздың? Жұртқа оқып берсейші алдымен, – деді Әбсамат.

– Хат орысша. Сенің алдыңда жиналғандарға оның мазмұнын дауыстап түсіндіріп бергем.

– Хатты оқымай-ақ қой, – деді қасындағы көрікті қария. – Одан да жиынымыздың мақсатын кеңірек түсіндір. Ақыры хат та сол мазмұнда ғой.

Махмұтқожаның даусы зор екен. Үш-төрт бетті хатты қыстырып алған оң қолын жоғары көтеріп, күркірей жөнелді. Николай патша  июннің жиырма бесі күні бұратана, яғни Азияны жайлаған мұсылман халықтардың жастары он тоғыз бен қырық үш аралығындағы жігіттерін майданға алу туралы жарлық шығарған. Майданға болғанда соғысқа емес, шайқас жүріп жатқан далаларда солдаттар үшін оқпана қазуға, жаралыларды тасуға, қираған үйлерді қайта тұрғызуға, бұзылған жолдарды ретке келтірге, істен шыққан пойыз вагондарын жөндеуге, өлілер мен олардан қалған қару-жарақты жинауға, әскерлердің тамағын дайындауға, киімдерін жуып, жыртылған, бүлінгендерін жамап-жасқауға, тағы да толып жатқан майданға қатысты қара жұмыстарды атқаруға міндетті топ ретінде аттандырмақ. Патшаның бұл жарлығы – мұсылман халқын қорлау. Бұған біз көнбейміз. Николай осынау харекетімен өзінің алдындағы патшалардың мұсылмандардың алдында берген антын бұзіп, екіжүзділік танытып отыр. Әгәрки біз жарлыққа көнсек, мақсаты белгісіз соғыс даласында қарусыз, қалқансыз жүрген жігіттеріміз бекерге ажал құшпақ, опық таппақ. Орыстың мұсылманды онсыз да қырғаны аз емес. Енді тағы қырмасын.

Осы соғыс басталғалы патша отаршылдары Азия мұсылмандарын қанауда он есеге өсірді. Салықты бірнешеге көбейтті. Мақтамызды, малымызды су тегінге әкетті. Су тегінге неше мыңдаған киім тігіп бердік, етік, құлақшындар, белбеу-кеудешелер, жамылғы-төсектер жөнелттік. Өзімізге тиюі тиіс пұлдарды бердік. Дихан астығын, қауыншы жемісін есепсіз берді. Осылардың салдарынан екі жылда күллі Түркістан қатты кедейленді. Енді келіп, жанды адамымызға қол салмақ, жарамдыларымызды жиып әкетпек. Әмбе мұсылман бұған көнбеуі ләзім. Қарсылық хат бүгін патшаға Ташкенттен барса, ертең Шымкент-Верныйдан, Самарқан-Ферғанадан, Жызақ-Қоқаннан бармақ.

Қазір патша жарлығы облыс-облыстарға таратылып, үйез-үйездердегі болыс-старшындарға дейін жеткен. Қала басшылары әр көшедегі жігіттердің, болыс-старшындар өз ауылындағы майданға алынатын азаматтардың тізімін қаттауға кіріскен. Біз даусымыз жеткен жерге дейін жарлыққа қарсылық танытып, айқайлауға  тиіспіз. Ауыл-қышлақтар жұртына бізді қолдасын деген ұранмен адамдар жіберуге тиіспіз. Ташкенттен бастап, Түркістан өлкесіне қарайтын титтей ауыл-қышлақ жұртына дейін бізді қолдаса, әмісе, дегенімізге жетеміз. Осы бағытта ұйымдасып, алған беттен қайтпауға тиіспіз.

Бүгінде хәр кәтта шайханаларда, кәтта мешіт-медіреселерде осындай жиындар өтуде. Енді солардың бәрі бір ортаға жиналып, генерал-губернатор кеңсесі алдына барып, арза-қапылымызды жеткізейік. Білеміз, губернаторда әскер бар. Бірақ әскері Ташкент халқынан көп емес. Көптің қарасынан ығып, арзамызға құлақ асар.

Махмұтқожаны құптаған халық гуілдесіп кетті:

– Дамулла, дұрыс айтасың!

– Майданға жігіт бермейміз!

– Орыстар мұсылмандарды қашанғы басынады!

– Шыдап келдік қой. Енді төзудің жөні жоқ!

– Күллі шаһар көтеріліп, батылдығымызды байқатайық!

Осы кезде қайдан келгені беймәлім, ортаны жарып өткен Сералы нар үстіне секіріп шықты. Тұрғандармен асығыс амандасты да, жұртқа бет бұрып, екі қолын жоғары көтерді:

– Уай, мынау қайдан тап бола қалды? – деді Әбсамат таңырқап.

Ешкім, тіпті, оны көріп қатты қуанған Мамажан да оған жауаптап үлгермеді. Сералы қоңыр үнімен саңқылдап берді:

– Танитындарыңыз білесіздер, танымайтындарыңызға айтайын: Мен – Сералы Лапинмын. Мұсылмандарды кем санайтын менмен орыс шенеуніктерімен алысып, айтысып жүрген кісімін. Әлгінде Махмұтқожаның сөзінің бәрін есіттім. Бәрі хақиқат-ау, бірақ патшаға жазылар хатта бір нәрсе ескерілгені жөн.

Әуелі айтайын, егер сіздердің талап-тілектеріңіз қатталған хат озбыр патшаға жетсе,  ол арза-қапылдарыңызды қабыл алып, бірден райынан қайтады дегенге мен сенбаймін. Мен жарлыққа қарсы сіздердің жақтаушыларыңыз болсам да, айтайын, патша мен Ташкент губернаторы шаһардағы жүз елу мың халық түгел көтерілсе де, айылын жимайды. Үйткені олардың қолдарында қарулы жасақтары,  мылтықты солдаттары бар. Бұдан бөлек шаһардағы горнизонда алпысқа жуық пулемет, қырық зеңбірек бар. Оған облыс орталықтарында тұрған арнайы әскерлерді тағы қосыңыздар. Бұлар аздық етсе, губернатор кез келген сәтте ішкі Ресейден қосымша күш алдыра алады…

– Уай, мынау не деп тұр?!

– Нағыз қорқақтың сөзі ғой мынау.

– Жетесізді нардан жұлып алып, ортадан қуайық дереу!

–Мұсылманға жанашырмын дей ме, тағы арсыз. Сөзі жанашырдікі емес, сатқынның ләмі екен, – десіп әп-сәтте гуілдескен қауым Сералының сөзін бөліп, өзіне кінә артты.

Сералы саспады. Әр жерден шыққан дауыстарды үнсіз тыңдап, қозғалақтап толқыған халыққа екі қолын тағы көтеріп, сабыр сақтаңдар дегендей белгі білдірді. Нөпір бір сәт тыншыды.

– Жұртым, мен ешуақытта мұсылманға опасыздық жасаман. Айтпағым, губернатор мен патшаның күшін ескертіп, сіздерді қорқыту емес, алмағайып қырғаннан сақтау. Менің де патшамен күрескім бар. Бірақ жалаң қол, қарусыз тұрыппен не ұшпаққа жетпекпіз. Қазір баяғы найза-қылыштың, айбалта-найзаның күні өткенін әмбеңіз білесіздер. Орыс отарындағы мұсылманнан басқа барлық ел озық қаруға қол жеткізген. Ал бізді патша озбырлары замандық қарудан алыстатып, әскерден шеттетіп, құры аяқ, құры қолды құлға, қалағанына жұмсайтын малайға айналдырып қойған. Енді батыстағы майданға және түксіз аттандырып, соғыс құлына тағы айналдырмақшы.

Жарандар! Осы жолы бір ес жиыңдаршы. Майданға жігіт бермейміз деп, патшаға хат жазған жөн делік. Бірақ, тағы айтайын, патша бұған назар да аудармайды. Қайта күшпен болса да, дегеніне жетеді. Осы жерде мұсылман үшін бір пайдалы нәрсе бар. Патшаға жазған хаттың мәнін өзгертейік. Мейлі, майданға жігіт берейік дейік те, бір шартты қатар қояйық. Шартта біздің жігіттерді құлдар мен тұтқындар атқаратын майданның қара жұмысына емес, жаумен соғысатын әскер қатарына ал дейік. Алдымен жігіттерді әскери дайындықтан өткізіп, қаруды пайдалануды үйретсін. Содан соң Ресейдің толық құқылы азаматы ретінде майданға салсын. Әгәрәки патша осы уәжімізге көнсе, мұсылман баласы замандық қаруды қалай пайдаланудың әдісін игереді, соғыстың тәсілін меңгереді. Ал шын соғысқа қатысып, қару ұстауға әбден үйренген мұндай жастар келешекке  әмбе мұсылманға аса қажет. Дәл осы жолы біз жастарымызға әскер тәртібін үйретіп алуға күш салмасақ, басқа уақытта отаршылдар мұсылманға ешқашан қару ұстатпайды. Ұстатпақ былай тұрсын, жарлығына қарсы шыққанымыз үшін шетімізден қырып салары хақ.

Жарандар! Жаулаушы елдің озбырларынан не нәрсені де күтуге болады. Патша жарлығын бекерге шығармайды. Мұсылмандар қарсы болды екен деп, бұйрығынан бас тартпайды. Өйтсе, жарлық шығармас-ты. Сол үшін де біз одан жаңа мен айтқан өтінімді сұрап көрейік. Сұрап қоймай, арзамыздан нәтиже шығармақты ақылдасайық. Алдымен өтінішімізге губернаторды көндірейік. Губернатор мұсылмандар  сұранысына иілсе, ақ патшаға өзі-ақ хат жазар. Патша губернаторға құлақ асары кәдік, ал қара халықтың мұң-зарына, өтінім-тілегіне ешуақытта көңіл салмайды. Содан да, ақ патшаға тікелей хат жазу – ақылға сыйымсыз һәм ондай хатты оның қолына тигізбейді де…

Бір мақсатты көздеген көпшілікте ес қалмайды, бір қызып кетсе, жөн ойды талқыға салуға дес бермейді. Қолың топ Сералының сөзін тағы үзді:

– Біз соғысқа жігіт жібермейміз деп жатсақ, мына білгіш не сандырақтап тұр?!

– Ей, түс нардан! Орысқа жақтас сендей кәпіршіл сатқынның уағыз-өсиеті түкке де қажетсіз!

– Патша, күбірнәтірға жалына-жалына болғанбыз. Енді күш көрсетіп барып,  беттерін қайтармақ ләзім.

– Һа, мұның дұрыс гәп.

Сералы қолын тағы жоғары көтеріп, гуілдескендерді тыныштандырмаққа әрекеттенді. Бірақ оның ләбізін құптамаған және ылғи күдік-күмәнға толы айқай мен уәжге басқан көпшілік басыла қоймады. Осы кезде бағаналы бері үнсіз тұрған Махмұтқожа лып етіп, Сералының алдына шықты. Назалы топтың неше күннен бергі көсемі сол ғой. Оның сөйлейтінін білген шуылдақ қауым ілезде жым болды. Көпшіліктің өзіне көрсеткен ілтипатына қанаттанып кетті ме, ол маңғаздана сөйледі:

– Біз Сералымен көптен бері доспыз. Өзі өте білімді, орыс саясатын, мұсылман елінің тауарихын жетік білетін кісі. Ләкін бұ жолы ол қиыс пікір айтты. Хатты алдымен губернаторға жазайық дейді. Губернатор оны патшаға жеткізеді дейді. Сералыдай ақылды адамның бұлай сөйлеуі – тым ағат. Үйткені губернатор бізбен пәтуаға келіп, өтінім-арзамызды патшаға жеткізер болса, одан мұсылмандар ықырарына көнейік деп мәмле сұраса, алдымен Николай өзіне сөгіс тигізеді – құзырындағы тобырды жөнге сала алмасаң, несіне губернатор тағында отырсың деп. Біз патшаға хат жазғанда, үшбу сәлеміміз тура оның қолына тиетіндей ахуалды ойлап қойғанбыз. Хат патшаға жеткенше де һәм жеткен уақытта да, біз тыншымай осылайша көтеріле, қарсылық таныта, беруге тиіспіз. Патша біздің хатымызды оқымай тұрып та, оқып отырып та, күллі Азияның көтеріліп жатқанын естісе, сонда ғана ойланып, пікірімізбен келісері хақ.

– Келіспесе ше?! – деді Сералы қатқыл үнмен.

– Келіседі. Келіспегенде қайда барады.

– Махмұтқожа, терең ойлайтын жігіт едің ғой. Патша қара мұсылманмен санасады дегенді қай ойыңмен айтып тұрсың. Күні ертең ол басыңа әскер төндірсе, не ғамал қылмақсың?

– Жат елдермен соғысып, қиын күш кешкен патшаның өз елі ішіндегі халыққа әскер төндіруге қайылы қайдан болсын, Сералы.

–Байқаймын, Сералының ойламайтыны көп екен-ау, – деді Махмұтқожаның қасындағы жүзі суық, тарамыс кісі.

– Жә, жан-жаққа тарта бермей, жөнге келіңдер,– деді көркем жүзді қария.

Көпшілік әлгі екеуінің пікірін қостап, тағы шуласты. Құлақтарын қос алақанымен жапқан Әбсамат теріс бұрылды да, Мамажанға сыбырлады:

– Мына қауым қос сарттың ығына жығылып кетті-ау. Ешкімге өзін өткізе алмаған Сералыға жаным ашып тұр.

– Бұлар кімдер? – деп сұрады Мамажан Әбсамат қолдарын құлақтарынан түсірген кезде.

– Бағанадан тыным таппай сөйлеген – өзің сырттай білетін жәдідші әрі сарт-өзбектің көсемі Махмұтқожа Бехбуди. Анау сәлделі – Мінәуәр қары. Екеуінің қасындағы Шорсу биі Бекмырза. Тәшкендегі қазақтардың жарамдысы да, сөз бастары да – сол. Одан арғыларын айтсам…

Осы мезет шайхананың кіре берісінде иін тіресе топтанғандардың үрейлі  гуілдері естілді. Мамажан артына бұрылса, жиналғандар бір-бірін қысып, екі бөлініп жатыр екен. Арғы жақтан иықтарына шошайтып мылтық ілген бірталай салтатты көрінді. Салтаттылар кимелеп жарып, тура нар алдына келіп тоқтады. Сірә, әскерилердің басшысы болса керек, беліне ілген қылышы атының сауырына салбыраған, өзгелерден ерен киімді, сұсты жүзді біреуі қамшысының ұшымен фуражкасының маңдай тұсын жоғары бір көтеріп қойды да, нар үстіндегілерге гүж етті:

– Бұл не жиын?!

Әлгінде ғана екпіндей сөйлеген нардағылардан да, кезектесе даурығысқан төмендегі қалың топтан да бір сәт үн шықпай, тынып қалды. Әскербасы екінші сөзін алдыңғысынан зорайтып, ышқына дауыс көтерді:

– Бұл не жиын деп тұрмын? Бұлай жиналып, патша жарлығына қарсылық танытуға кім құқық берді, сендерге?! Әлде шеттеріңнен сотталып, болмаса каторгаға айдалайын дедіңдер ме?! Қане, айтыңдар, жиынды кім ұйымдастырып, кім басқарып жүр?! Махмұт қожа Бехбуди, Мінәуәр Әбдірашидханов, Бекмырза Айтбаев дегендер қайсыларың? Сералы Лапин деген де келіпті ғой осында, ол кім?

– Сұрағаның – бізбіз,– деді Махмұтқожа. – Біз Николай патшаның жиырма бесінші июнь күнгі жарлығына қатысты бейбіт жиын өткізуге жиналдық. Қара халық ол жарлықпен келіспейді. Соны патша ағзамға хат арқылы жеткізуді ойлап, қол жинап тұрмыз.

– Не-е-е-ме-не-е… Ей, сен, мисыз неме! Мына жабайыларыңмен патшаға ақыл айтпақсың ба?!

– Патшаға ақыл емес, өтінім айтамыз.

Тым дөрекі әрі бейауыз әскербасы жаңағыдан да бетер құтырынып, шаптықты:

– Нұқыл надандар, көрсоқыр мешеулер! Патша жарлығы сендерге ойыншық па?! Оған қарсы тұруға, оны түзетуге шамамыз жетеді деп ойлайсыңдар ма?! Әлде орысша үйренгендеріңді, орысша сөйлегендеріңді малданып, патшаға кеңес беруге жарап қалдық деп ойлайсыңдар ма?!

– Кешіріңіз, біз кіммен сөйлесіп тұрмыз? – деді Сералы.

Әскербасының көзі бұрынғыдан да шақшиып, аузынан көбігі шашырады:

– Оның қажеті қанша саған?! Сендер сияқты әр жерден жиналған кезбе тобыр еместігіміз – формамыздан көрініп тұрған жоқ па. Жә, сұраған екенсің, айтайын. Мен – губернатор кеңсесі жанындағы құпия істермен айналысатын жандармерия ротасының штаб капитаны Селезневпын. Қасымдағы есаул Жаргонов. Қалғандары жандармдар, Ташкент горнизонының солдаттары. Енді былай: тап қазір бәрің бұл жерден құрыңдар! Бұдан былай жиналсаңдар, ескертусіз күш қолданамыз. Ешкім патша жарлығын талқыға салмасын, тіпті ол туралы сөз де қозғалмайтын болсын! Ертең әрқайсысың өз тұратын көшелеріңнің, мәхәллаларыңның басқармаларына барып, майданға алынуы тиіс жігіттеріңнің тізімін беріңдер! Сөз осымен бітті!

Қалың мұсылман бұ жолы да іштен тынып, сілейіп тұрды. Ең ақыры өзара күбірлескен, жөткірінген дыбыс та шықпады. Тіпті орысша түсінбейтіндер де анау штаб-капитанының не айтқанын іштей түсінгендей. Осы сәт қарулы топтың басшысының құлағына арттағы есаул бірдеңе деп сыбырлады. Штаб-капитан басын шұлғы да, тағы нар үстіндегілерге қадалды:

– Жаңа мен аттарын атаған кісілер кімдер? Өз аяқтарыңмен алдыма жақындаңдар!

Ол жақтан ешкім жылжи қоймады. Әскербасы және айқайлады. Сералы жан-жағына қарап алды да, қасындағылардың қимылдамасын білді ме, нардан секіріп түсті.

– Сен сұраған Сералы Лапин менмін.

– Басқаларың қайда?

– Сен айтқандарды мен танымаймын.

Штаб-капитаны есаулға иек қақты. Онысы артындағы біреуге басымен ишара жасады. Сол-ақ екен, арғы жақтан арық денелі, қатқан қайыстай ұзынша келген бір сатр штаб-капитанға жүгіріп келіп, қолын қусырды. Оған қожайыны бұйырды:

– Осы жиынды ұйымдастырып жүрген басшылардың бәрін аттарын атап, жағаларынан тартып, алдыма әкел!

Әлгі тәшкендік жылдам екен. Екі секіріп нар үстіне шықты.

– Патшаға ең қас, мұсылмандарды есіртіп, айнытып жүрген Бехбуди деген – осы,– деп алдымен Махмұтқожаның жағасына жармасып, оны нардан тартып түсірді. – Бұл – біріншісі. Екіншісі – мынау, Минәуір қары. Үшіншісі – Бекмырза, ол мынау. Төртіншісі – міне, ол да алдыңызда, тақсыр…

Қауым қарап тұр, әлгі сарт аналардан кейін бесіншісі, алтыншысы деп біраз кісілерді нардан жұлып түсірді. Тұрпаты қандай келіссіз болса, реңі де сондай сүйкімсіз оның әрекетіне қаны қайнаған Мамажан: «Әй, оңбаған, өз туыстарыңды неге сатып тұрсың?!» деп айқайлап жібергенін өзі де байқамай қалды. Жұрт та жарылуға шақ тұр екен. Мұның айқайынан кейін әлгіні балағаттаған, боқтаған дауыстар әр жерден көтеріліп, жамырасып кетті.

– Бұ сұмырай неше күннен біздің жиынға қатысушы еді. Сатқын екен ғой, кәззәп,– деді Әбсамат.

– Танитын ба едіңіз?

–Танымағанда ше, осы тұстан төрт-бес үй кейін тұратын Насыр сарт қой, Мамажан.

– Шуламаңдар, бұзақылар! – деп гүр еткен әскербасының өктем үні жұрт дабырын басып кетті. – Айнала қайта тынышталғанда ол және гүжілге басты: – Енді кімде-кім Насырды қаралайтын болса, мына бұзақыларды жақтап, дауыс көтеретін болса, еш аямаймын. Мен сендерге бағана тараңдар деп бұйырғам. Неге тұрсыңдар қақшиып?! Қане, кетіңдер! Тағы үш рет ескертемін. Егер тарамасаңдар, губернатор Ерофеевтың пәрменіне сай бағынбағандарды жазалауға қақылымен.

Селезневтің тура қасында тұрған кісілер біртіндеп кейін ысырылды. Оны көрген штаб-капитаны жұрт тарай бастады деп ойлады ма, өз серіктеріне алдындағы Сералы бастаған топты байлап, қамауға алуға бұйырды:

– Мыналарды байлап, алдарыңа салып айдаңдар, абақтыға! Бұлар бостандықта болса, қара тобырды қайта жинап, тағы бүлік бастап жүрер…

Аттарынан ілезде түскен жеті-сегіз солдат Сералы-Махмұтқожа тобын байлауға кірісті. Сералы өзіне таяған солдаттың көкірегінен итеріп жіберіп, шалқасынан түсірді. Екіншісімен алыса кетіп, оны атып ұрды. Сөйтті де, Селезневқа айқайлады:

– Бізді байлап-матауға, абақтыға жабуға қандай қақың бар?! Заң бойынша біз түркістандықтар, Ресейдің өз құқы өзіне жететін азаматымыз. Біз соғыс бастаған жоқпыз, халық талабын патшаға жеткізу үшін бейбіт жиынға жиналған топпыз. Мұндай топты қамауға кім саған ерік берді?!   Қане, өзің доғар, бекерге басынуыңды! Мен күллі Түркістанға, Петерборга белгілі жоғары санатты адвокатпын. Осы қылығыңды губернаторға шағым ғып жазып, өзіңді жауапқа тартқыза аламын.

– Қысқарт, далбасаңды! Мен сені қамау түгілі, атуға да қақылымын. Есаул, хорунжий… солдаттар! Неге мелшиіп тұрсыңдар! Жабылыңдар мыналарға! Біреуі қарсылық етсе, аямай сабаңдар, ұрыңдар, тіпті, атып та тастаңдар!

Осы бұйрықтан кейін аттан түскен солдаттардың саны артты. Бәрі бірдей Сералы тобына жабылды. Махмұтқожа мен Мінәуәрға екі солдаттан жабылып, әп-сәтте жерге жықты. Бекмырза қарияны бір-ақ солдат қолдарын артқа қайырып, демде байлап қойды. Қанша солдат жабылып жатса да, бой бермеген тек Сералы болды. Оның қатты қасарысқанына жынданған бір солдат мылтық дүмімен шекесіне бір қойды. Есеңгіреген Сералы жерге жалп етті. Оған жаны ашыған Әбсамат жұртты көмекке шақыра ақырды:

– Уа, мұсылмандар! Небәрі отыз-қырық кәпірге есемізді жіберіп, кеудемізді бастырып тұра береміз бе?! Ылғи жақсыларымызды байлап жатқанда бұ не тұрыс өзі?! Намыс қайда?! Қане, жабылыңдар, кәпірлерге!

Әбсаматтың жан шырқарауы айналадағыларға қатты әсер еткені соншалық, көпшілік бірден ду етіп, солдаттарға жабыла кетті. «Уа, әруақ!» деп айқайлаған бір қазақ жігіт беліндегі кабурасына қол сала берген Селезневты аттан жұлып түсірді. Содан қай солдатқа қанша мұсылманның жабылғаны, әскерилердің қалай қарсылық көрсеткені белгісіз, айнала шаң-дұң дыбысқа толып, шайхана ауласы да, сырты да арпалысқа ұласты да кетті. Сірә, солдаттар қорғанды, болмаса әлдекімдерді атты, екі-үш рет атылған мылтық дауысы шайхана төңірегін дірілдетті. Алайда одан ыққан, қорыққан жұрт болмады. Біреулері айқайлап, біреулері ақырып, тура бір қан майданға түскендей арпалысып жатыр.

Мамажан айналасына қараса, семіз Әбсамат хорунжийді мыжып ұстап тұр екен. Екі-үш қазақ мықты құшақтан құтыла алмай тыпырлаған хорунжийді сабап жатыр. Сонша соққы қойсын ба, әп-сәтте анау пәлекеттің тілі салақтап, екі көзі жұмылды. Әбсамат осы кезде оны лақтырып жіберді. Хорунжий сорлының ессіз денесі ары-бері сапырылысқандардың аяқ астында қалды.

Әр тұста таяқ жеген солдаттар «мамалап» өкіруде. Олардың жалынышына қарайтын ташкенттіктер жоқ. Әрқайсысы жерге домалаған әскерилерді бір теуіп қалуға ұмтылып, өшігіп барады. Мамажан төңіректегі  қым-қиғаш арпалысқа қарап тұрған. Аяғының арт жағынан біреу құшақтай алғанда, селт етіп, шоршып түсті. Шоршып түскенде, ұстаған адамнан құтылмаққа әрекеттенген. Бірақ аяғына шырмалған қолдар босатпады. Жан-жағындағы иін тірескен адамдарға сүйеніп, артына қарады. Сөйтсе, аяғына жабысып алған Селезнев екен. Оның екі қолы мұның санында, екі тізесі жерде. Ар жақтағылар құйрығынан теуіп, арқасынан соққылап, төмпештеп жатыр. Штаб-капитан болса: «Помилуйте, помилуйте… Гражданье… Господа мусульмане… Я ведь приказ выполнил» деп шыңғыруда.

Оны сабағандардың бір-екі соққысы Мамажанға да тиіп кетті. Бұлай тұра берсе, көздеріне қан біткен көпшілік өзін де мыжып кетуге дайын екенін біліп, жанұшыра кейін серпілді. Жандәрмен бұлқынып, арғы шетіндегі бос жерге барып тұрды. Бұл жерде тағы бір сұмдық нәрсені көрді. Он шақты адам өлімші боп таяқ жеген Насырды сүйреп әкелді де, мойнына арқан салып, нар үстінде көлденең жатқан ағашқа оны асты да қойды. Асылған адам жаман болады екен. Насырдың алдымен көздері төңкерілді, одан соң аузы қисайып, онсыз да ләпәтсіз реңі ібілістің кейпіне түскендей, сұмдық қорқынышты түрге енді. Жаны шығар кезде салаңдаған күйі ары-бері бұлқынды да, сиіп жіберді, сідігі екі балағынан біразға дейін сорғалап тұрды.

Мамажанның денесі дір етті. Көзін жұмып, бар сұмдықтан алыстамақ ниетпен, азан-қазаны шыққан шайхана ауласынан кетпекке ұмтылды. Бірақ әлі ығы-жығы болып, тайталасқа түскен адамдар арасынан өте алмады. Сосын кері қайтты. Нар түбіне жеткенде Сералымен бетпе-бет ұшырасты. Ол жарылған шекесін ақ орамалмен таңып алыпты.

– Ой, Мамажан, сен де осында ма едің? – деді ол таңырқап.

– Бағана Әбсаматпен келгенмін. Сіздің де, басқалардың да сөздерін түгел есіттім.

– Жә, бар мәселе жайында кейінірек сөйлесерміз. Ал қазір мына қырғынды тоқтату керек. Қап, қызбалыққа салынған бауырлар ақырын ойламады-ау. Бұның соңы үлкен қантөгіске апарады… Жә, ол жайында да кейін…

Ол нар үстіне қарғып шықты да, бар даусымен айқай салды:

–Ағайындар! Мұсылман бауырлар! Дереу тоқтатыңдар ұрысты! Оу, айналайындар-ау, не істеп қойғандарыңды білесіңдер ме…

Бір шеттен Махмұтқожа мен Мінәуәр, Бекмырза пайда бола кетті. Олар да көпшіліктен арпалысты тоқтатуды өтініп, кезектесе айқайлады. Селді де тоқтататын бөгет бар. Сол тәрізді ессіз топтың да бір кезде ес жиып, сабаға түсетін кезі бар. Әлде, көсемдердің сөзі құлақтарына кірді, әлде, жағаласқан жауды түгел жайпап, айыздары қанды, әйтеуір, не болса да, бір кезде жұлқынып шыққан көпшілік тезге түсті.

Кез келген жан ашу үстінде істеген ісіне кейін өкінеді. Орыс әскерилерін түгелімен сілейткен мұсылмандар да сондай кепке түсті ме, кім білсін, байыз тапқан соң жерде домалағандарға үнсіз қарап, бірауық үнсіздік кешті. Десе де, көбісінің жүздерінде қайтқан кектің қуанышты табы сезіліп тұр. Селезнев әлі тірі екен. Ыңырси қозғалақтап қояды. Бір ол емес, бірталай солдатта жан бар екен. Біреулері бастарын, біреулері денелерін ауырсына ұстап, көтеріле бастады. Жансыз, қимылсыз жатқандары қаншама. Бес-алты солдаттың түріне адам қарағысыз. Тағы соншасының бастары мыжылған, қол-аяқтары артқа бұралған.

– Оу, жұртым, не істеп қойдық… – Махмұтқожа сөзін үзіп, айналаға алақтады. – Мұның түбі – үлкен ойран. Сәл сабыр сақтағанымызда болар ма еді… Иә, бүгінгі қылығымызды губернатор кеңсесіндегілер ешқашан кешпейді. Талайымызды соттап, талайымызды итжеккенге айдары кәдік.

– Ой-бүй, енді оңбаспыз, енді оңбаспыз, – деп күңіренді Мінәуәр қары да. – Тып-тыныш жиынымыздың үстіне бұ пәлекеттер қайдан келе қалды.

–Сен екеуің неменеге сонша қара аспанды бастарыңа төңкеріп кеттіңдер. Білсеңдер, осындай қорқақтығымыздың кесірінен ғой, талайдан бері орыстың бізді басынып келе жатқаны. Баяғыдай емес, қазір арамызда орыспен ақыл-білім теңестірген оқығандарымыз көп. Мына тұрған жұрттың да көзі ашылған, кеуделерінде отаршылдарға деген намыстары өршіген. Осындайлар тұрғанда губернатордан үркіп, неге қорқамыз. Қорқа-қорқа болдық қой. Біз бүгін ашумен орыстың біразын өлтіріппіз, біразын жарақаттаппыз. Әлбетте, мұндай іс – үлкен күнә. Бірақ отаршылдар талайдан бері біздің ата-бабаларымыздың қаншасын нақақ қырды. Замандастарымыздың да неше мыңының түбіне жетті. Жерімізді тартып алып қорлады, таза суымыздың басына отырып алып, қалдық ішкізді. Біздің өн бойымызда оларға деген кек қатқан, сол кектің бір ұшқыны бүгін лап етті. Енді кері қайтар жол жоқ, – деді Бекмырза.

– Сонда не қылмақпыз? – деді шарасыз хәлден әлі ажырамаған Махмұтқожа.

– Мүддеміз жолында, намысымыз жолында күресті одан ары жалғастырудан басқа амал жоқ енді. Кеше Шымкент, Түркістан жақтан біраз кісілер келген маған. Солар айтты, ол жақта да қара қазақ дүрлігіп жатыр деп. Қазақ даласына қосылып, күллі Түркістан да көтерілсе патша, губернаторға не айла қалмақ. Қойған шартымызға амалсыз көнер.

– Уа, жарандар,– деді Сералы сөз алып.– Не айтсақ та, не мәселені талқыласақ та, біз бүгін отаршылдарға қарсы бас көтеруді бастадық. Губернатор ішкі Ресейден қосымша күш алдырмаса да, ертеңнен бастап Түркістан әскери округіне қарасты әскерлерімен бізді жазалауды бастайды. Өйткені отаршылдарда «жергілікті жабайылар қолынан мерт болған әрбір солдат үшін, мың бұратананы опат қылу түкке тұрмайды» деген ертеден келе жатқан қағида-ұран бар. Біз бүгін тек жәй солдатты, қатардағы полицияны соққан жоқпыз, ерекше бөлім саналатын жандармерия ротасын сілейтіп салдық. Бұнымызды губернатор ешқашан кешпек емес. Сондықтан да, патшаға ешқандай хаттың да, губернаторға ешбір өтініштің де ендігі пайдасы жоқ. Одан да ортақ штаб құрып, өзімізді қорғаудың амалын жасап, жауды қарсы алуға дайындалайық.

Бұдан кейін де көп адам сөйледі. Әркім әр түрлі пікір айтты. Ақыры бәрі Сералының кесімін жөн десіп, қолда бар қарулармен қаруланып, губернатор әскері тарапынан шабуыл бола қалған жағдайда лайықты қарсыласуға дайындалатын боп келісті. Штаб Әбсаматтың осы шайханасы болсын деп шешілді. Оған қоса, штабтағы бүгінгі әскерден олжаға түскен мылтықтармен қаруланған алпыс жігіт тұрақты күзететін болды. Әбсаматтың өзі де белсенділік танытып, штаб адамдарына күнде тегін ауқат үлестіріп, көтерілісшілерге мылтық-оқ сатып алуға пұл беретінін айтты.

Жиын соңында көпшілік Сералыны штаб бастығы етіп сайлады. Ол өлген және ауыр жарақаты бар солдаттарды арбаларға тиетіп, жүре алатындарының алдына салып берді. Жаралы есаул Жаргонов пен штаб-капитаны Селезневты кепілдік үшін шайханаға алып қалды. Кешірек мұнда Шайхантәуір һәм Бесағаш мәхәллаларынан кісілер келіп, ол жақта жиналғандарға да губернатор әскерінің бөлімдері барып, қылыш жұмсап, оқ атып, таратып жібергенін, бірнеше кісіні қамауға алғанын, қалғандарының Сералы тобына қосылатынын айтты. Сералы мен Әбсаматтың жанынан қалмай, бар іске куә болған Мамажан, бүгінгі күн алдағы уақытта Ташкентте болатын зор дүрбелеңнің алды екенін анық түсінді.

 

IV

 

Түркістан жерін патша отаршылдары жаулағалы бұл өлкеге жиырма бір кісі қожайындық, яғни губернаторлық жасапты. Жоқ, алғашқы үш қожайын губернатор болмаған. Түркістан алғашқы жауланған жылдары облыс атанып, әлгі үш кісі облыс бастығы делінген. Екінші Александр патшаның 1867 жылғы 11-шілде күні шығарған жарлығына орай Түркістан генерал-губернаторлығы құрылған. Губернатор тағына бірінші отырған – генерал фон Кауфман. 1881 жылдың наурыз айында миына қан құйылып, сал ауруына ұшыраған, содан айықпас дерттен көз жұмған сол Кауфманнан бері, бүгінгі қожайын, дәлірек айтқанда, қожайынның міндетін атқарушы инфентария генаралы Михаил Родионович Ерофеевке дейінгі аралықта – Колпаковский, Черняев, Розенбах, Вревский, Духовский, Иванов, Тевяшев, Захаров, Субботич, Мациевский, Гродеков, Мищенко, Самсонов, Покотило, Леш, Мартсон деген шендері генерал он алты кісі өлке губернаторы болған.  Он алтының ішінде бастық тағында бір айдан алты айға дейін ғана отырғандары да бар. Бұл уақытта Ресейде үш-ақ император ауысқан. Түркістанды Черняев жаулағанда тақта орыстар «Азат етуші» деп дәріптеген Екінші Александр отырған. Одан кейін исі Ресей «бітімгерші» деп мәпелеген үшінші Александр тақты иеленген. Оның орнын 1894 жылдың 20 қазанында Екінші Николай басқан. Екінші Николайды жақтырмайтындар «қанішер» дейді. Патшаның сөзін сөйлемейтін, қызметін, саясатын сынап-мінеп жазатын газеттер де солай жазады.

Бірақ соңғы кезде Ташкентте көбейе бастаған, әр мекеме, әр ұйымда бас көтеріп, қылаң беріп жүрген эсерлер, меньшевиктер, социал-демократтар, большевиктер сияқты партиялардың үгіттеріне ергендер Николайды «қанішер» ныспыланғанымен, Ресейдің билік басындағылары  үшін – «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» ағзам патша. Ал Түркістан иесінің тағына уақытша жайғасқан, қызмет тілімен айтқанда, қожайынның міндетін атқарушы, келешекте генерал-губернатор лауазымын түпкілікті алуды ойлайтын Михаил Ерофеев үшін – Екінші Николай ағзамнан да жоғарырақ, тіпті, Құдайға қолы бір елі жетпей тұрған көктегі пенде. Одан қалды, тек Құдайдың пәрменін орындайтын, әмірін жердегілерге жеткізетін Жебірейіл періште тұрыпты.

Ол бүгін тым ашулы. Анығы, бірнеше күннен бері түркістандықтардың әрекетінен пайда болып, кеудесін бұған ыза мен ашу кешеден бері тым асқынған. Осы ашудың жетегіне ергені соншалық, кешеден бері қандай жағдайда да, оның қас-қабағына қарап, үнемі аялап отыратын, өзі Ташкенттегі орыс қатындарының ең сұлуы санайтын әйелі Марусяға да қаттырақ сөйлеп, көңілін қалдырған.

Азанда қабағынан қар жауып, бетінен зәрі, жүзінен қаһар төгіліп, ат шаптырым кабинетіне кіріп келгенде, ұзын үстелдің екі жағын ала жайғасқан қарауындағы жиырма шақты ұлық орындарынан ұшып тұрды. Әрқайсысы жамырай амандасып, бастарын иді. Қолындағы папкасын алдына лақтырып, биік креслоға ауыр жайғасқасын, отты көздерін  канцелярия меңгерушісіне қадады:

–Баянда!

Тәпелтек бойлы семіз Ефремов тәртіп бойынша үстел басындағылардың кімдер екенін тақылдап айта бастады:

–Жоғары мәртебелі инфентария генералы! Алдыңызға сіздің бұйрығыңызбен Ташкент қаласының бастығы Павловский, Түркістан жандармериясы бастығы Кунусов, полиция бастығы Жигин, әскери округ қолбасшысының орынбасары-штаб бастығы генерал Якутский, қалалық дума жетекшісі Егоров, Сырдария, Ферғана облыстарының әскери губернаторлары Галкин, Иванов…

–Жетер! – деп үстелді алақанымен қойып қалды Ерофеев: – Қалған мырзаларды сен айтпай-ақ білем. Қазір әдеттегідей сыпайыланып, қызмет тәртібін орындап тұратын кез емес. Жиналғандар кезектесіп, өлкедегі іске асып жатқан оқиғаларды баяндасын! Алдымен, қорғау бөлімінің бастығы Шведюк мырза, сіз сөйлеңіз!

Шведюктің жады мықты екен. Қағазға қарамай сампылдады:

–Патшаның 25 июньдегі жарлығы бұратаналардың құлағына тиісімен, жасырмай айтсам, бүкіл Түркістан дүрлігуге түсті. Алдында бұратаналардың бұлайша көтеріліп кететінін ешқайсымыз ойлаған жоқпыз. Жарлықты жер-жердегі уезд бастықтары, көше басқармалары, болыстар мен старшындар қала, ауыл-қышлақ тұрғындарына жеткізіп, майданға алынатын жігіттердің тізімін жасауға кіріскенде-ақ, қара халық дүрк көтеріліп, қарсы бола бастады. Басында қалалық, уездік өкілдерін, полицияларды көшелерге, ауыл-ауылдарға жіберіп, тұрғындарға жарлық мәнін түсіндіруге тырысып едік, ашулы жұрт ешқайсысын тыңдамай қойды. Кейінгі күндері бұратаналар құтырынып, талай рет барған уәкілдерді, полицияларды ұрып-соғып, аттарын тартып алып, жаяу қайтарыпты. Соңғы кезде олардың тіпті өршеленгендері әр жерде байқалды. Мәселен, шілденің төртінде Ходжендте, он бірінде Жызақта, он үшінде Ташкентте, он төртінде Әндіжанда сұмдық оқиғалар орын алды:

Бағаналы бері терісіне сыймай отырған Ерофеев зірк етіп, оның сөзін үзді:

–Сіз, Шведюк мырза, жандармерия бастығы айтуы тиіс деректерді тізіп кеттіңіз. Бұл мәліметтер бізге қашаннан мәлім. Сіздің бөліміңіздің міндеті – бұрын бір орысқа қол көтермек түгіл, тіке қарауға қаймығатын ынжық мұсылмандардың табан астында қайдан батыр боп шыға келгенін, оларды мұндай жүгенсіз басбұзарлыққа ұйымдастырып, көтеріп жүргендердің кімдер екенін анықтау емес пе. Осы бағытта не тындырдыңыз? Соны баяндаңыз!

–Ай…иә… губернатор мырза… – деп күмілжіді қатты сасқан Шведюк. – Бар мәліметті айтып болғасын, соған көшпек едім. Ташкенттегі бүлікті ұйымдастырушылар киргиз оқығандары арасында адвокат Сералы Лапин,  реформист атанған Көлбай Төгісов және панисламист Бекмырза Айтбаев. Бұларға Махмұтқожа Бехбуди, Мінәуәр Әбдірашидханов сияқты сарт жәдідшілері қосылған. Жызақтағы бүлікті бастап жүргендер де – Оңалбаев, Құрамысов тәрізді киргиздар. Ходжент пен Әндіжандағы басбұзарларға Ергешов, Тоқпанов, Ходжаев, Фазылов тәрізді орысша оқығандар жетекшілік еткен.

–Атаған кісілеріңіздің мекен-жайларын, бүлікті қандай жолмен ұйымдастырғанын, жалпы жұмыс тәсілдерінің қыр-сырын анықтадыңыздар ма?

–Бүлікшілер ұйымдаса бастағаннан-ақ араларына ұлты азияттық  жансыздарымызды жіберіп, барлық құпияларын, әрекеттерін біліп отырдық. Жалпы, жаңа аталғандардың барлығы Ресей мүдесіне қарсы жұмыс жасайтын исламистер ретінде біздің бөлімнің есебінде бұрыннан тұрғандар және бұлардың арасында өзгелерге қарағанда киргиздар басым. Бірақ сіздің тарапыңыздан нақты бір бұйрық болмағасын, бұларға қатысты қатаң жазаға бармай отырмыз.

–Сіз бүлікті ұйымдастырушылардың атын атап, түсін түстеп, атқарған жұмыстарын нақтылап берсеңіз болды, қатаң жазаны басқа бөлімдер іске асырады. Ондайлардың тізімі дайын ба? Онда отырыңыз. Жандармерия бастығы! Соңғы он күн ішінде бүлікшілердің не бүлдіргенін айтыңыз!

Кунусов осы күнге дейін губернатор кеңсесі бас көтерген мұсылмандарға нақты да қатаң шара қолданбай, шыдамдық танытып отырғанына өкініп, күңірене сөйледі. «Ташкентте көтеріліске дайындық жүргізуге жиналған үш шайхана мен алты мешіт-медреседегі мұсылмандарды жөн сөзге көндіріп, бейбіт жолмен таратуға барған әскерлер қатты қарсылыққа тап болған. Қарсылық арты үлкен жанжалға ұласып, мыңдап топтанған мұсылмандар солдат-полицияларға шабуылдап, ұрып-соққан. Соғылғандар арасында өлгендер де бар. Ферғана, Ходженд, Жизақтағы ахуал да осындай. Жетісуда бүлік барынша өрши түсуде. Сырдария облысының бірнеше уездерінде жарлықпен келіспеген қкиргиздарды  Мошқал, Наурызбай, Тәттібай сияқты болыстар көтеріліске дайындап, әзірдің өзінде зор қылмысқа баруда. Губернатор кеңсесі бұлай сабырлық таныта берсе, түктің мәнісін түсінбейтін бұратаналар есіріп, ойларына келгенін істемек. Кімнің құзырында екендіктерін ұмытып, жабайылықтарына баспақ. Қайдағы бір мақұлық тектес киргиз, сарт, тәжік, қарақырғызға патша жарлығын түсіндіруге, сөйтіп олармен ымыраға келу не керек. Орыс арқасында тойынған, тыныштықта тұрған, содан істер істері табылмағасын, құтырған иттей иесіне шабуға әрекеттенген, әрекеттеніп қоймай, тісін батырған, қауып аяғын жұлған азияттарды тәубесіне тез арада келтірмек хақ. Қара мұсылманды жөн айтып, ақылға шақыру – уақытты зая кетіру. Тілі жоқ хайуан да таяқ пен өлімнен сескенеді. Бүлікшілерді тек осы екі тәсілмен ғана тұқыртпақ ләзім».

Екі иығы селкілдеп екіленген Кунусовтың пікірі осындай қатыгездік ниеттермен астасты. Оның ішкі қыжылы мен қаһары ыза-ашуын одан сайын күшейтіп жіберді ме, анау сөзін бітіргенде губернатор орнынан атып тұрды:

–Сіз айтқан ұсыныстарды мен әу баста-ақ қолданғым келген. Алайда, білесіздер ғой, Түркістан өлкесі тікелей император ағзамның қарауында болғанымен, әскери іс-қимыл бойынша соғыс министрінің құзырында. Соған байланысты патша мен министрдің шешімінсіз ешқандай қимылға бара алмадым. Бес күн бұрын император ағзамға, әскери министр Шувалов мырзаға Түркістандағы барлық ахуалды айтып, телеграмма жолдағанмын. Телеграммада өлкеге әскери жағдай енгізуді сұрағам. Кеше патша атынан ұсынысымды қолдаған жауап келді. Бүгіннен бастап, күллі Түркістанға соғыс жағдайын енгіземіз. Шектен шыққан азияттардың әуселесін енді көрейін. Бәлкім, шетінен азап кешуге, өлім құшуға асығып отырған шығар. Иә, мұны жиын соңында кеңірек талқылаймыз. Әзір губернатор іс басқарушысының, қала бастығының есебін тыңдалық.

Іс басқарушы екі-үш атасынан бері орысқа айналған, арғы түбі швед пе, дат па, өзі білмейтін Карниз Игольстримович Ольсен. Екі жасар баланың құшағы еркін орайтын шыбықтай белді, сырықтай арық, шалбарының белбеу тұсына белдік шақ келмегесін жіңішке жіп байлап алатын, жібінің екі ұшы екі ауынан төмен салбырап тұратын, онысын еш әбес көрмейтін Карниздің осынау сиықсыз да етсіз тұрқына азияттықтарға деген өшпенділік қай уақытта сіңгені беймәлім, әйтеуір, мұсылман десе, адамдікі деуге ғана тұрарлық алақандай бет-әлпеті тыжырынып, Құдай мына дүниені көрсінші деп жарата салған тышқандікіндей кішкене екі көзі шатынап шыға келеді. Губернатор атын атағанда қағазына шұқшиды. Қағазындағы дерек бойынша, Түркістан өлкесіне қарасты бес облыста отыз үш уезд бар екен. Отыз үш уездің әрқайсысы 19-дан 47-ге дейін жететін болыстықтарға бөлінген. Облыс, уезд орталықтары саналатын қалалардың, облыстықтардың аумағы, халық және ауыл-қышлақтар саны әрқилы. Патша жарлығына орай әскери министрлік шығарған бұйрық бойынша, Түркістан өлкесінен майдандағы қара жұмысқа 18 бен 43 жас аралығындағы 220 мың жігіт алынуы шарт. Майданға алынатындарды аттандыру екі кезеңге бөлінген. Бұйрықта 5-ші сентябрь мен 31 ноябрь арасын қамтитын бірінші кезеңде – 19 бен 31 жас аралығындағыларды, 1-ші декабрь мен 31 январ арасында жүргізілетін екінші кезеңде – 32 мен 43 жастағыларды аттандыру көзделген.

Бүгінге дейін Түркістан өлкесі бойынша майданға аттандырылатын 220 мың азаматтың тізімдері қатталып, кеңсеге түсуі қажет-ті. Алайда жер-жердегі орын алған бұзақылықтар бұған жол бермеді. Соған қарамастан, ұлы Ресейге қызмет етуге жан-тәнімен берілген аймақ-аймақтағы болыс-старшындар қарап жатпай, әзіргі күнге 133 мың жігіттің тізімін жасап, кеңсеге өткізген. Әлбетте, мұндай кемшілік, яғни губернаторлық тарапынан патша жарлығының  тез арада және шұғыл орындалмауы өлке басшылары үшін өрескел ұят.

Кунусовтың сөзінің астарынан өзінің  намысына тиетін пиғылды байқап қалды ма, әлде, ақылсынған адамды жақтырмайтын өзімшілдігі ұстап кетті ме, Ерофеев тағы шарт кетті:

–Іс басқарушы мырза! Мен сізден мәліметті есеп сұрадым. Сіз болсаңыз, құяды бір әскери министрдің өзі сықылды баршамызды кінәлауға бет алып кеттіңіз. Губернаторлықтың іс-жоспарында, әскери міндеттемелерінде сіздің шаруаңыз болмасын. Сіздің шаруаңыз – қағаз кеміру, іске асқан дерек-мәліметтерді қағазға түсіру. Қала бастығы! Сіздің есебіңіз…

Қала бастығы Павловский мұсылмандар тұратын ескі Ташкенттің ежелден – Шайхантәуір, Көкше, Бесағаш, Сибзар болып, төрт орам-бөлікке бөлінетінін, осы төртеуінде бір жүз елу бір мәхәлла, төрт жүз он үш көше барлығын баяндады да, аталмыш мәселеге байланысты атқарылған істерге көшті. Жарлық барлық орам-бөлік, мәхәлла, көше басқармаларына уақытында таратылған. Мән-жайы дер кезінде түсіндірілген. Шаһарішілік осындай ұсақ басқармалардың басқарушыларының дені мұсылмандар болғандықтан, майданға жіберілетін адамдардың тізімі уақытылы орындалмай жатыр. Себебі түсінікті. Басқарушылардың көпшілігі бүлік бастаушыларды қолдап кеткен. Сонда да болса, қалада төрт мыңға жуық жігіттің тізімі бекітілген. Бірақ өздері майданға баратындардың тізіміне кіргенін есіткен, білген соң қашуға әрекеттенген, болмаса бүлікшілер қатарына қосылған өлкенің бар тарапындағы азаматтар тәрізді, әлгі төрт мыңның дерлігі қарсыластар жағына шығып кеткен. Арнайы бұйрық болмағасын, тізімге кіргендерді бірден ұстап, майданға аттандырғанша бір жерге жинастырып отыруға мүмкіндік жоқ. Сондықтан да, қолда тек тізім бар, ал адам жоқ.

Мәліметін осылай қысқа қайырған Павловский сөзінің соңын губернаторға бір жағы өтініш, бір жағы кеңес сықылды ұсыныс айтты:

–Қымбатты Михаил Родионович! Жаңа Карниз Игольстромович айтқандай, мұсылмандар арасында бізге жақтас болыс-старшындар, мәхәлла-көше басқарушылары көп. Ташкентте сондай басқарушылардың көрсетуімен тізімге алынған азияттарды ұстап, қашан батысқа жөнелткенімізше қамап ұстайық. Оларды қамайтын орындарды да оңай табамыз. Мысалы, терезелері биік, іштері кең мешіттер, жан-жағы жабық базарлар уақытша қамау орындарына әбден ылайық. Осы жайын губернатор кеңесінде бір талқылауға салсаңыз.

Ерофеев Шведюк пен Ольсенге қарап, сұқ саусағын шошайтты да, мысқылдай тіл қатты:

–Сіздер, өздеріңізге қатыссыз мәселелерді көтергенше, осындай ұнамды ұсыныс айтсаңыздар ғой, білікті кеңсе қызметкерлері саналар едіңіздер. – Осыны айтқанда анау екеуін көпшіліктің көзінше мұқатқанына разы болғандай кейіппен түсі сәл жылытты. Артынша қайта қатуланды. – Әркімнің есеп-пікірін тыңдаудан келер пайда жоқ. Айналадағы ахуал бәрімізге айқын. Енді ертең атқарар нақты жоспарларды түзуге кірісейік. Оның алдында өлкедегі әскери қуатымыздың қаншалықты дәрежеде тұрғанын генерал Якутскийдің аузынан естиік.

Қарасұр жүзін қанша кескілесең де қан шықпайтындай аса қатқыл келбетті Якутскийдің даусы да жағымсыз. Азия даласында қазақтар осырақ қоңыз деп атайтын түрі жиіркенішті қап-қара мақұлық бар. Абайламай басып қалсаң, маңқа адамның ашуындай құлаққа түрпі тиетін дыбыс шығарады. Якутскийдің даусы да соған ұқсас. Тағы тоқтамай, барлық сандарды мүдірмей, жатқа айтты. Мәліметінше, бүгінде Жетісу облысындағы горнизондарды есептемегенде Түркістан әскери округінде 55 атты жүздік, 67 рота, 7 атқыштар батереясы, 2 зеңбірекшілер, 3 пулеметшілер ротасы, 2100 жандарм, 4015 полиция бар. Бұлар төрт облысқа бөлінген. Әскерлер мен ішкі тәртіпті қадағалайтын қызметкерлердің дені Ташкент пен Ферғанада шоғырланған. Ташкентте 27 атты жүздік, 30 жаяу әскерлер ротасы, 3 атқыштар батереясы және 40 зеңбірек, 58 пулеметпен қаруланған екі рота тұр. Соғыс бола қалған жағдайда Ташкенттегі гарнизондардың оқ-дәрі қоры 5 тәулік бойы тынбай жүргізілетін шайқасқа жеткілікті. Бұл – орасан әл-қуат. Алайда облыс, уезд орталықтарындағы гарнизондардың қуаты бұдан әлдеқайда кем әрі оқ-дәрі қоры да аз. Дегенмен ауыл-қышлактардағы мылтық десе жаны қалмайтын мұсылмандардың басына қара бұлт үйіруге әлдері жетеді.

Якутский мәліметін осымен тәмәмдады. Сөз қайта губернаторға тиіп, ол Ташкент қаласы мен облыстардағы бүлікшілерді басуға қанша әскерден бөлу керектігі жайын ортаға салды. Ерофеев өлке қожайыны әрі Түркістан әскери округінің қолбасшысы. Бұл жерде өзі және орынбасары Якутскийден артық әскери шешім шығаратын ешкім жоқ. Жиналғандар бұ мәселеде оның айтқанына бас шұлғудан артыққа бармады. Патша келісімінен кейін өлкеде қандай әскери қимыл жасаймын десе де, қолын қағып, бетінен алар ешкім жоқ. Ол екі күн бұрын дайындаған жоспарын жайып салды:

–Ташкенттегі бүлікшілерді басуға 15 атты жүздік, 16 жаяу әскерлер ротасы, 30 пулеметті бір батарея, оларға қоса, жандармерия, полиция жеке құрамдары түгел жұмылдырылсын! Шаһарда жүргізілетін жазалау операциясына генерал Якутский басшылық жасайды. Округ орталығындағы қалған әскерлер облыс-уездерге аттансын! Атап айтқанда, Жызаққа 3 жүздік, 5 жаяу әскер, 5 пулемет, 5 зеңбіректі арнайы рота, Ходжендке 3 жүздік, 5 жаяу әскер, 7 пулемет, 7 зеңбіректі рота, Самарқанға 1 жүздік, 5 жаяу әскер, 5 пулемет, 6 зеңбіректі рота, қалғандары Шымкент, Түркістан жаққа аттандырылсын! Аймақтардағы әскери қимылдарға облыс бастықтары жауапты. Ферғанадағы, Закаспийдегі тәртіпсіздікті басу – Скоболев гарнизонының бастығы Осипов мырзаға жүктеледі!

Тағы бір маңызды нәрсе –  мұсылмандар арасынан бізге қызмет жасайтын тыңшы-жансыздарды көбірек тартыңдар! Олар өз іштерінен тіл, түр, өмірлік ұстаным жағынан айырмасы бар ұлттарға бөлінеді. Оларды қазір біріктіріп тұрған – Алласы бір, Пайғамбары ортақ ислам діні ғана. Сіздер тыңшы-жансыздар арқылы сартты киргизға, киргизды сартқа, тәжікті қарақырғызға, қарақырғызды  түрікпенге айдап, ішінен ірітіңдер! Ресей ниетіне жақтас болыс-старшындарға сый-сияпат үлестіріңіздер! Өздеріңіз жаңа айтқандарыңыздай, мұсылмандар ішінен қай жағынан да авангардтық рөлді киргиздар атқарады. Олар басқа азиялықтарға қарағанда алғырлау. Бізге қатерлі жау осылардың арасынан көбірек шығады. Сондықтан да, ақшаға жақын, мінез-құлқы айнымалы сарт-соғдылықтарды соларға қарсы пайдаланудың жолын қарастырып бағыңыздар!

Бұл – бір. Екінші, ең басты міндет – қарсыласқандарға еш аяушылық болмасын! Бүлікшілердің аса қауіпті деп табылғандары ұсталған жерде сотсыз, тергеусіз атылсын! Олардан кейінгі кінәлі деп табылғандар 10-15 жылға каторгаға айдалсын! Каторгаға айдау жазасын жергілікті прокурорлар мен соттар тағайындасын! Азияттарды осылай қорқытып-үркітіп алған соң, жас жігіттерін қойларша көгендеп, майданға жөнелтеміз. Естеріңізде болсын, мырзалар! Азияда бірде-бір мұсылман тірі қалмаса да, патша жарлығы, менің бұйрығым орындалатын болсын! Ал енді іске сәт, мырзалар! Әрқайсыларыңыз ахуалды маған күнбе-күн хабарлап тұрыңыздар!

Дәл осы Ерофеев патшаның жиырма бесінші июніндегі жарлығы шығардан төрт күн бұрын, яғни 21 июнь күнгі губернатор кеңесінде: «Бұратаналар біздің офицерлер мен шенеуніктерімізді, мырза-бастықтарымызды көргенде тізе бүгіп, иіліп тағзым етуге міндетті. Олар екінші сұрыптағы, ақыл-ойы, сана-пайымы бізден әлдеқайда төмен халық болғасын, осылай қорлануға лайық. Қарны тойғанына мәз болып, кеуделеріне нан піскен саудагерлерін тонаңдар, көпес-базаршыларын сабаңдар, молда-имамдарын шыбықтаңдар, ақылсынғандарын таяқтаңдар! Міне, осылайша, орыс ұлығы тұрмақ, қатардағы мұжықты көрсе де, безек қағып, еңкейіп-тоңқаятын жағдайға келтіріңдер!» деп құзырындағыларға бұйырған.

Қол астындағылар мұсылмандарды бұндай жағдайға түсіріп үлгермеді. Үлгерер ме еді, егер патшаның әлгіндей жарлығы шығып, қалың бұқара дүрлігіп, орыс ұлықтары сасқан үйректей артқа шегіншектеп қалмағанда. Ерофеев сонда іске аспаған бұйрығын осы жолы одан мың есе арттырып, исі мұсылманның жанын шырқыратып, үн шығарғанының тілін кесіп, бас көтергенінің мойнын жұлып, қан қасапқа салмақшы…

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *