ТҰЛПАРДЫҢ ТҰҚЫМЫ (Әңгіме)
Тұрсынбек ТОКИН,
Қазақстан-Грузия Жазушылар одағының құрметті жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Атақты атбегі Мұқан ақсақалдың әулетіне күрең тұлпардың келуі, бүкіл ауылдың абыройын өсіргендей болды. Ертеде кәнігі атбегі Мұқан ақсақал қандай жылқы болмасын бір көргеннен-ақ, оның жаратылысын, қасиетін, бүге-шүгесіне дейін талдап айтып беретін сыншы болса керек. Жылқының мән-жайын жетік білетін сыншы болғандықтан күреңнің тұқымын құлын кезінде қатты ұнатып, оның иесіне, қоярда-қоймай жүріп, бағасын артығымен төлеп, енесімен қосып әкелген екен. Әкелгеннен кейін, жас құлынның енесін сауғызбай жеке күтіп, баптаумен өсірді. Ерекше күтіммен арда еміп өскен, күрең құлын жақсы жетіліп, байтал кезінен бастап, талай бәйгеге қатысып, жүлдеге ие болды. Мұқан ақсақалдың мақсаты күрең байталдың арқасында атақ-абыройға ие болғалы, енді жүйрік айғыр тауып, күрең байталдың тұқымын одан әрі жақсарту. Алға қойған мақсатын орындау үшін байыз таппай, талай ел-жұртты араласа да, көңіліне ұнаған айғыр кездеспеді. Ақыры сонау Түркімен еліндегі өзімен әскерде бірге болған досы Мұратқа хабарласып, айға жақын жүріп, күрең байталды ақалтеке тұқымды жүйрік айғырдың үйіріне қосып қайтты. Осынша ұзақ сапар жол жүріп, Түркімен елінен аман-сау оралғалы, Күрең байтал еркек құлын туса екен деп армандаған Алладан тілеген тілегі қабыл болып, Күрең байтал еркек құлын туғанда бәйбішесі ұл туғандай қуанған ақкөңіл,жайсаң мінез атбегі бүкіл ауылды шақырып, құдайы берді.
Атақты күреңнің он бірінші тұқымы күрең қасқа арғымақты Мұқан ақсақалдың немересі Сәбит ерекше күтіммен баптап, тойға дайындауда. Сол күні аяқ астынан көрші ауылда ауырып қалған құдасының ауылына барып, көңіл сұрап қайтып келе жатқанда бір шоқ тобылғы түбінен тұра қашқан түлкіні қуа жөнеліп, енді жете бергенде, аттың аяғы суырдың ініне кіріп кетіп, мұрттай ұшып, ат-матымен домалап кетеді. Қас қылғандай аяғын үзеңгіден шығарып үлгере алмай, ес-түссіз жатқанда, сол жерде қой бағып жүрген бала көріп, зәре құты қалмай, ауылға қарай тұра шауып, жайсыз хабарды жеткізеді. Аяқ астынан у-шу болған ауыл жұрты тез арада машинамен барып, ессіз жатқан Сәбит пен мертігіп жатқан Күреңді машинаға тиеп ауылға жеткізді.
Сәбит үйге келуін келгенмен, тілдесуге шамасы келмей, екі көзі алақтап, ерні жыбырлап мазасыздана берді. Бірдеңе айтқысы келгендей, қайта-қайта ұрты томпайып, ұмсынғанымен үні шықпайды. Кім білсін әлі де кәмелетке толмаған екі кішкене қыздың зар жылауы жанына батты ма? Болмаса тууға ай-күні жақындап қалған әйелінің көз-жасы ма? Болмаса артында қалып бара жатқан күрең бие мен күрең тайды ойлады ма? Көзі жасаурап, қиналып жатып көз жұмды. Осы сәтте әкесінің үстіне шыңғыра құлаған кішкене қыз Ұлжан:
– Әке, әкетайым, кетпеші, кетпеші, көзіңді ашшы, менен кейін ұл болады деуші едің. Мамамның босануын күтпедің бе? – деп зар жылаған Ұлжанды ел зорға айырып алды.
Әуелде Мұқан ақсақалдың өзінен бастап, ұлы Жалғасбек те, немересі Сәбит те әулеттің жалғызбасты ұрпақтары екен. Өмірінде жалғыздық жанына батқан Сәбит екінші қызы Ұлжан дүниеге келгенде ауылдың үлкені Қапан ақсақалды шақыртып, қыздың атын Ұлжан қойғызып, құдайы берген көрінеді. Ұлжанды кішкентайынан ұл балаша киіндіріп, атқа үйретіп , әкесі еркелетіп – Ұлжаным, Ұл патшам деп қайда барса да жанынан қалдырмаған. Тәжірибиесі мол, атбегі әкенің тәрбиесін көріп өскен ерке қыз жастайынан ат құлағында ойнайтын болды. Анда-санда әкесімен бірге Кәрім нағашысының жуас тор байталына отырып, Құмдыкөлдің жағасына барып, әртүрлі жаттығу өткізіп қайтатын. Торбайтал Ұлжанға қатты ұнады. Біріншіден, жуас әрі жатаған және басы күрең тұлпардың басындай қатты емес қалай бұрсаң да оңай бұрылады, өте көнбіс. Торбайталдың жуастығының арқасында әуелі жаттығуды теңге алудан бастады. Бірнеше күрделі жаттығулар жасап, Торбайталдың бүйіріне кенеше жабысып, шауып келе жатқанда, әкесі қойған белгілерді бірінен-соң бірін,көп жаттығудың арқасында, оп-оңай қағып түсіретін болды. Қызының батылдығы, ептілігі, атбегі әкеге қатты ұнады. Әркез жаттығудан оралған сайын – «менің қызым атақты шабандоз болады» деп қайсар мінез қызының ерекше батылдығына қатты риза болатын. Дегенмен әлі де буыны қата қоймаған жас қызға алғашқыда, атпен шауып жүріп, жаттығу жасау оңай болған жоқ. Талай жығылып, бірнеше қауіптен аман қалды. Бірде еті қызып алған Торбайталмен Құмтөбенің үстінен құйғыта шауып келе жатқанда, аяқ астынан пыр етіп, ұшқан құстан Торбайтал үркіп, жалт бергенде омақаса құлап басы құмға кіріп кетіп, бір ажалдан аман қалды. Зәре-құты қалмаған әке сол күннен бастап, жаттығуды тоқтатпақшы болғанда, ерке қызын көндіре алмай қойды.
– Мені қыз бала деп асықты да ойнатпай қойдыңдар. Енді Торбайталмен жаттығуды тоқтататын болсаңдар, онда үйден біржола кетемін, – деп ылаң салғанда әкесі амалсыз көнді.
Ұлжанның әуелдегі ермегі асық ойыны еді. Бірақ асық үшін балалармен жиі төбелесіп келетіні үй ішіне ұнамады. Әсіресе соңғы төбелес оған қатты әсер етті. Соңғы төбелестің басталуына себеп болған көршісі Аманжол деген бала еді. Ол да бір үйдің жалғызы. Әжесінің бауырында өскен ерке бала өзін басқа балалардан артық санап айтқанын істетпей қоймайтын. Бұл жолы қыздан екінші рет ұтылып, үйіне асықсыз қайтуға намыстанған Аманжол – асығымды қайтар деп Ұлжанға дүрсе бас салды. Өзінен жасқа жақын кіші баланың дүрсе бас салғанына қайсар мінез, ерке қыз көнсін бе? Шартпа-шұрт төбелес басталды да кетті. Ұлжанның қанша дегенмен жасқа жақын үлкендігі бар. Қарсыласын аяқтан шалып құлатты да төмпештей бастады. Аманжол құлап жатса да, болар емес, қолындағы қыса ұстаған сақасымен беттен қатты сілтегенде Ұлжанның мұрныынан қан саулап қоя берді. Мұрнының қанағанына қарамастан бұл да оны бас-көзге аямай соққылады. Екеуінің төбелесіне қызыға қарап тұрған балаларға:
– Әй, неге қарап тұрсыңдар? Неге айырмайсыңдар? – деп, дүкенші әйел Сағила келіп айырмағандатөбелес немен тынарын кім білсін.
Сол төбелестен Ұлжанның беті көгеріп, мұрны ісіп кетті. Ал бірнеше соққы алған Аманжол үйден шыға алмай ұзақ жатты. Соңғы төбелестен кейін, Ұлжан асық ойнауды біржола өзі қойды. Әрі бұған 10 жастан асқанда Күрең таймен бәйгеге қатысасың деген әкесінің уәдесі де себеп болды.
Асықты қойғаннан кейін, Ұлжанның бар еңбегі Күреңтай еді. Сабақтан келісімен Күреңтайдың мойнынан құшып, онымен сөйлесу әдетіне айналды. Оған жем-шөбін үзбей беріп жүріп, іштегі сырын айтып Күреңтаймен әңгімелесіп отырады. Күреңтай да Ұлжанның өзіне деген шексіз ықыласын сезетін сияқты. Ол үйден шықса болды, оқыранып, екі құлағын қайшылап, тыпырши бастайды. Сондай сәтте Ұлжан да шіркін-ай әттең тілің жоқ сонда да мені жиі сағынатыныңды сеземін деп мойнынан құшқанда Күреңтай да жауап қатқандай басын жиі-жиі шұлғып қояды.
Зымыраған уақыт, көп ұзамай атбегі Сәбиттің қырқы да болды. Қырқына жиналған ағайын жұрт босануға ай-күні жақын қалған әйелі Бәтимаға «ұл ту, ұл ту» деп баталарын беріп аттануда. Ақыры ел тілегі қабыл болып, он шақты күннен кейін Бәтима аман-сау босанып ұл туды. Атбегі Сәбиттің өзі бақилық болғанымен, өмір бойғы аңсап өткен арманы орындалғанда үй іші де, жақын ағайын-жұрт та шексіз қуанышқа бөленіп, ағыл-тегіл той жасады. Аудан орталық мешітінен имам шақыртып, үш күнге созылған той балаға ат қоюмен ұласты. Тойға жиналған ағайын-жұрт балаға ат қоюда әркім өз пікірін айтып, даурығуда. Біреулер ұлдың атын Құдайберген, Тәңірберген, Аллаберген қойайық дегенде, жастар жағы қарсы болып:
– Ескі замандағы есімдерден гөрі қазіргі заманға лайық, Арман, Жалғас, Азамат қойайық дегенде көпшілік жастар жағын қолдады. Бірақ бағанадан бері жұрттың пікірін үнсіз тыңдап отырған имам даурығып кеткен жұртты сабырға шақырып – Мен де ойыма оралған бір есімді ортаға салғым келіп отыр. Рұқсат болса айтайын дегенде:
– Иә, айтыңыз, айтыңыз, айтыңыз, – деп, жұрттың ықыласы бірден имамға ауды.
– Айтайын дегенім марқұм Сәбиттің бабалары қашаннан ел-жұртқа танымал әйгілі атбегі ғой. Сондықтан баланың атын Алланың ризашылығымен Атабек қойайық дегенде жұрт шуласа қол соғып, бәрекелді Атабек, Атабек деп қуана қоштады. Көптің қалауымен азан шақырып, нәресте аты Атабек болды.
Атбегінің қайтқанына да үш жыл өтті. Ұлжан он үшке толды, Күреңтай бесті ат болды. Күреңтай қанша дегенмен тұлпардың тұқымы ғой. Есейе келе оның түр-тұрпаты да, қылығы да күрт өзгерді. Ауылдың жылқыларымен салыстырғанда, мүлдем ерекше. Аққудай иілген мойыны, жібектей майда жалы, жіңішке сирақтары биік шоқтығынан бастап, сауырына дейін керіле-созылған қайқы белі бәрі-бәрі қосылып, ерекше сұлулығымен көз сүйсіндіреді. Оның осындай ерекше сұлулығына байланысты болар, есейе келе, Күреңтайдың аты өзгеріп, Күреңбел атанып кетті.
Маусым айы басталғалы ел іші ауданның елу жылдық тойына дайындалуда. Бұл тойға жақын маңайдағы аудандардан, облыстардан келушілер көп болады деген қауесет тарағалы аудан жұрты тойға зор дайындықпенкірісті.
Ұлжан күндегі әдетімен өзен жиеніндегі арқандаулы Күреңбелді кештете үйге әкеп жайғастырып жатқанда, Кәрім нағашысы келді. Қасында мектеп директоры Жақып бар. Екеуінің келген себебі, алдағы той жайында Ұлжанмен ақылдаспақшы. Кәрім аға да, мектеп директоры Жақып та ерке қыз Ұлжанды ренжітіп алмас үшін, әуелі әңгімені жайлап, Күреңбелдің өзінен бастады. Үлкен кісілердің екеуі де ауылда өскендіктен, жылқы жағдайын жақсы білетін болған соң, өздерінің көрген-білген тәжірбиелері бойынша бәйге алдында атты қалай жаратып, қалай баптау керегін айта келіп, Кәрім аға әңгімесін Ұлжанға аударды.
–Ұлжан, айналайын, ел-жұрт ауданымыздың елу жылдық тойына жаппай дайындалып жатқанда біз де қарап қалмайық деп өзіңмен ақылдасуға келдік. Біздің ауылдан бұл тойға спорттың алты түрінен жастар қатыспақшы: теңге ілу, бәйге, аударыспақ, тоғызқұмалақ, қазақша күрес. Тоғызқұмалаққа Жақып ағаң өзі шығады, ал асық ойынына өзіңмен төбелескен Аманжол мен Серік, қазақша күреске Нұркен ақсақалдың немересі жас палуан Мәжит шығады. Ал Күреңбелмен бәйгеге қолының қаруы бар Жақып ағаның ұлы Рәшит шығады. Оның жасы он үште болғанымен қолы қарулы. Турникке ойнап, үзбей тартылғанда оған ешкім тең келе алмайды. Күреңбелдің арыны қатты екенін өзің білесің. Еті қызып алған Күреңбелдің басына ие бола алмай, талай жығылдың. Әсіресе соңғы рет Қапан ақсақалдың сексен жылдық тойында сөреге бірінші болып жетіп, тоқтата алмай қатты құлағаның есіңде шығар.
– Сол жығылғаннан жарақат алып, қаншама бейнет көрдің. Енді саған Күреңбелмен бәйгеге шығуға болмайды. Екі үлкен кісінің айтқанына Ұлжан бірден келісіп:
–Өзім де Күреңбелмен Рашид шықса екен деп сіздерге де, оған да жолықсам деп жүр едім. Дұрыс болды. Нағашысы Ұлжанның бірден келіскеніне разы бола отырып теңге ілу ойынын ары қарай жалғастыра беруге кеңес берді. «Торбайтал құлындағалы жаттығуды тоқтатқаныңа көп уақыт өтті. Сондықтан бұл тойға жақсы дайындықпен бару үшін, Торбайтал сияқты жуас жылқы табуымыз керек. Ұлжан нағашысының сөзін аяқтатпай жатып-ақ, ерке мінезіне басып, той басталуға аз уақыт қалды ғой. Тездетіп жақсы ат табыңыздаршы», – деді. Нағашысы ерке жиенінің көңілін жықпай, іздейміз, іздейміз деп уәде беріп кетті.
Кәрім ағаның ат тауып беремін деген уәдесіне екі күн өтті. Тойдың басталуына он шақты күн қалды. Күнде сағат санаумен тағаты таусылған ерке қыз көп ойланбастан әкесінің көрші ауылда тұратын досы Кәдір ағаның қара жорға атын сұрамақшы болып, түс кезінде ешкімге айтпастан жолға шықты. Небәрі 7-8 шақырым қашықтағы ауылға жаяулап кештете жетті. Таланына қарай, Кәдір аға үйінде екен. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, Ұлжан әдейі келген шаруасын айтып, Қара жорғаны тойға бере тұруын сұрады. Кәдір аға тойға өзім де баруым керек, бере алмаймын деп кесіп айтты. Ұлжан әдейі Қара жорғамен тойға барсам деген арманмен, жаяулап-жалпылап келгенін айтып қояр емес.
– Ағатай, бұрын әкеме келіп-кетіп жүргеніңізде мені дүкенге Қара жорғамен жұмсайтын едіңіздер. Қара жорға маған қатты ұнады. Мініске өте жайлы, жуас. Орнына Күреңбиені бере тұрайық деп жалынғанмен, көндіре алмады. Ерке қыз әдейі келген шаруасы орындалмаған соң, дайын шайға да қарамастан, шығып кетті. Кәдір аға соңынан ере шығып:
– Ұлжан, айналайын, күн кешкіріп барады, апарып салайық дегенге көнбей, тағы да біреуге жолығуым керек, – деп, бұрылмастан кетіп қалды. Күннің кешкіріп қалғанына қарамастан, өзен жағасымен жағалап жүріп келеді. Шөлдесе су бар, шаршаса өзен жағасына демалып отыруға да жайлы. Шыққан бетте тез-тез жүрумен, орта жолға да жетіп қалды. Күн қарайып бара жатқан соң, арагідік жүгіріп те алады. Бірден қатты жүріп, әрі жиі жүгіргендіктен, тез ентігіп қалды. Ентігін баспақшы болып, шөптесін жерге жайғаса бергенде, өзен жиегіндегі қарайған затты көріп, қорыққаннан тал арасына тығылып қайта қарады. Су жиегіндегі қарайып тұрған зат қозғалмайды. Бұл не екен?
Ұлжан ұшты-күйлі жоқ болып кеткенге, анасы да, әпкесі де зәре-құты қалмай, қорыққаннан Кәрім ағаға хабарласып, ауыл іші аяқ астынан у-шу болды да қалды. Жайсыз хабарды естіп, асыға жеткен Кәрім ағаның қасында мектеп директоры Жақып аға да бар екен. Екеуі де келген бойда: «Не болды? Қашан кетті? Ренжітіп алған жоқсыңдар ма?» – деп, бірден сұрақтың астына ала бастады. Анасы да, әпкесі де оған кім тиюші еді, ренжіткеніміз жоқ, баяғы еркелігі ғой деп, ағынан жарылуда. Мән-жайды білгеннен кейін, Жақып аға жанашырлық танытып:
– Құдай-ай, әуелде шамадан тыс еркелетіп жіберу қате болды ғой. Алланың жаратуымен дүниеге келген қыз баланы тым еркелетіп, есейгенге дейін ұл қып өсіру, баланың психологиясына да, болашағына да кері әсер ететінін білмегендік. Титтейінен өзін-өзі ұлмын деп, жалған мінез танытып, өтірік айтып өскен баланың жүйке жүйесі де жұқарып, болмашыға тез ашуланады. Мектепте кейбір балалар оған «сен ұл емессің, қызсың»деп тиіскенде балалармен талай төбелескеніне куә болдым. Енді есейе келе, еркелігін қойғанмен, бойына сіңген жалғандық пен өтірікті қою қиын. Қашаннан келе жатқан дана халқымыздың «Ауру қалсе да, әдет қалмайды»-деген мақалы тегін айтылмаған ғой. Енді Ұлжан он үшке толды. Аман-сау келсе, қыз балаша киіндіріп, өз қатарлас қыз балалармен бірге ойнап, бірге жүруіне жағдай жасау керек, – деп кеңес берді.
Ұлжан қарайған заттан қорқып, тал ішінде жасырынып біраз тұрды. Қарайған зат қозғалар емес. Тұра-тұра батылдық жасап, жақындай түседі. Бір-екі қадам жасап, жақындаған сайын, қарайған зат үлкейіп бара жатқан сияқты. Уақыт кешкіріп барады, әбден төзім таусылып, жақындағанда барып аңғарды. Үстінде бүркеншік шатыры бар шағын қайық екен.
Е, бұл жақын жердегі селолардан келіп жүрген балықшылардың қайығы екен ғой. Әкесінің көзі тірісінде бұл балықшылар анда-санда үйге балық әкеп тұратыны есіне түсті. Ұлжан көп ойланбастан, талға байлаулы тұрған қайықтың арқанын шешіп, бірден отырып алды. Әттең, қайықтың ескегі жоқ екен. Сонда да өзеннің баяу ағыныменен жетіп қаламын деген үмітпен, суды қолымен есіп, баяу жылжи берді. Көп ұзамай-ақ арт жақтан, мотоциклдың жарығы көрініп, мотордың үні естілді. Даурыға сөйлеген балықшылар қайықтың орнында жоқ екенін көріп, бірден айқайға басты. Артынша мылтық атылып, ит үрді. Тәжірибесі мол балықшылар, ескексіз қайықтың көп ұзай қоймайтнын біліп, ұрының ізін суытпай ұстамақшы болып, өзен жиегімен жылжи бергенде, су бетінде қарауытып көрінген қайықты көре салып:
– Стой, стой! – деп, мылтық атып, шуласа айқайлағанда, зәресі ұшқан Ұлжан қайықты тастай салып, суға қойып кетті. Суға сүңгіген бойда құлаштай жүзіп, қарсы беттегі жиекке қуғыншылардың қолына түспей тез жету. Құдай сақтап мылтық атылған сайын, жиектегі қамысқоға арасына жетісімен жағаға шыққан бойда, ашық даланы бетке алып, ауылға қарай зымырап келеді. Қараңғы түннің арқасында ажал оғынан аман қалғанына қуанғандай тоқтаусыз жүгіруде. Үрей мен қорқыныштан қуғыншылар келіп қалатындай, шаршаса да тоқтар емес. Қанша жүгіргені белгісіз, ауылдың жарығы көрінген кезде, тоқтап демалғысы келгенмен, өзін-өзі қайрап:тоқтама, тоқтама деп жүгіргенде әбден қалжырап, басы айналып, тәлтіректеп барып, құлап кетті. Әбден шаршап құлағанда, ауылдан өріске шығатын малдың сүрлеуіне кеп құлаған екен.
Жаздың қысқа түні, осынша қауіп-қатерді өзімен бірге ала кеткендей, таңның жарығы да көрінді. Қашан да тыныш ұйқыдан оянған ауылдың, бейбіт өмірі, таңмен қоса басталып, маң-маң басқан сиырлар өріске бет алып келеді. Мал соңында итін ерткен бақташы Шәкір. Сиырлар күндегі әдетімен сүрлеу жолмен келе жатып, бірдеңеден үркіп тоқтап қалды. Ит те шабаланып үре бастады. Бақташы бұл не екен деп келсе, су батпаққа малшынған жасөспірім баланың денесін көріп, шошып кетті. Бір қырын жатқан денеде жан жоқ сияқты ештеңені сезбейді. Құдай-ау, осы кешеден бері ауылдың іздеп жатқан Ұлжан емес пе екен? Аттан түсіп, басын көтергенде, Ұлжанды бірден таныды. Апырмай тірі болса жарар еді деп, қайта-қайта былқ-сылқ еткен денені шайқай бергенде ауыр күрсінді. Тірі екен ғой деп қуанғаннан, енді не істерін білмей сасқалақтап, жан-жағына қарағанда, өзеннен бері қарай бөгеттен өтіп келе жатқан үш аяқты мотоциклді көрісімен, атына міне салып, тұра шапты. Құдай-ау, осы келе жатқан өзіміздің балықшы Зәведей болмаса кетті. Шауып келе жатып:«Заведей, Заведей!»– деп айқайлап келеді.
Шіркін, Заведей-ай, сенің осындайда, қиналғанда кездесе қалатының жақсы-ау. Шынында Заведей осы өзен бойындағы екі ауылға да өзінің жақсы қасиеті мен жақсылығының арқасында үлкен абыройға ие болған адам. Отыз жыл бұрын Заведейдің анасы Вера апай фельдшер боп, екі ауылға да қызметке келген болатын. Өзімен бірге ала келген 5-6 жасар ұл мен қызын қазақ мектебіне беріп, қазақша тәрбиелеп өсірді. Қызы Галя математика пәнінің мұғалімі болды. Жұрт оны өз атымен атамай қазақша Ғалия деп кетті. Ғалия кейін өзімен бірге қызметтес қазақ жігітіне ерге шықты. Ал, ұлы Заведей мамандығы бойынша механик болғанымен, кейін жүре-жүре балық шаруашылығымен айналысып кетті. Аналары дүниеден ерте өткенмен, жақсы ананың тәрбиесін көрген ұл мен қыз өздерінің бауырмалдығымен ел ішінде үлкен сый-құрметке ие болды. Заведейдің өз аты Андрей болғанмен, жұрт оны әкесінің атымен Заведей деп кетті. Заведей қай жерде жүрсе де, қай жерде болса да, біреуге жақсылық істеуге әрқашан да дайын. Осындай жақсылықтың бірі аяқ-астынан болды. Абайсызда мотоциклі аударылып, қатты жарақат алып, басын, сол жақ қолын таңғызып дәрігерден енді шыға бергенде өзен жағасында ойнап жүрген екі кішкене қыз суға батып кетіпті дегенді ести сала, бірден жетіп келіп, жарақатына қарамастан, суға сүңгіп екеуін де алып шықты. Екінші қызды судан шығару оңай болмады. Шаршағанына қарамастан, суға қайта-қайта сүңгіп, оны да су түбінен алып шықты. Шалажансар қыздың кеудесіне толып кеткен суды шығаруда көп әрекет жасап тірілтіп алды. Екінші ерлігі тағы да күтпеген жерде болды. Күз айының аяқ кезі еді. Таң қараңғысында мотоциклмен өзенді жағалап келе жатқанда, екі атты жетегінде екі жылқы бар жолмен жүрмей, далаға қарай қашып бара жатқанда, біреуінің жетегіндегі бие бұлқына жұлқынып, кісінеген сайын бұларды ұрылар шығар деген күдікпен соңдарынан қуып берді. Жақындап келгенде досы Сәбиттің Күрең биесін бірден танып: «Сендер кімсіңдер? Мына жылқыларды қайда апара жатырсыңдар?»-деп мылтығын кезеніп айқайлағанда, ұрылар жетегіндегі жылқыларды тастай салып, тұра қашты. Күрең бие де, қасындағы жылқы да босасымен өздерінің үйреншікті аулаларына аман-сау келді. Айта берсе Заведейдің елге істеген жақсылықтары жетерлік. Ел ішінде болып тұратын өлім-жітімнен де басқадан да қалған емес.
Екпіндете жеткен Шәкірді Заведей бірден танып: «Өй, не болды саған? Таң атпай бүкіл даланы шулатып»,
–Ойбой, Заведей, тез-тез соңымнан ер, анау жерде сенің досың Сәбиттің қызы Ұлжан өлейін деп жатыр. Тезірек ауылға жеткізу керек, – деді. Бәрі де Ұлжан жатқан жерге асыға жетті. Су батпаққа малшынып жатқан денені көріп, Заведейдің қасындағы жиені Саша:
– Ох, осы болдығой қайықты ұрлаған, – дей бергенде, Заведей жиеніне ұрысып тастады да:
–Недеген балалық, бәрі де еркеліктің кесірі ғой. Бізге кездесіп қалған сәтте Заведей аға мен Сәбиттің қызы Ұлжанмынғой деп айқай салса өзіміз де үйіне апарып салатын едікқой. Әй, балалық-ай. Мейлі енді Құдай сақтап, бір қауіптен аман қалды. Біз де аманбыз. Егер оған оқ тиіп өліп қалғанда, біздің де жағдайымыз қалай болар еді. Аллаға мың алғыс, арты жақсылық болсын. Шәкір де сөзге араласып, Құдай сақтап ажал оғынан аман қалған екен. Енді аман-сау тұрғанда, тезірек үйіне жеткізейік, – дей бергенде:
– Әй, сенде ес бас бар ма? Мына күйінде үйіне апармақшымысың? Қызының мына түрін көріп, Бәтима тірідей өлмей ме? Онсыз да Сәбиттей азаматтан айырылып, көрген қайғысы аз ба? Заведей қандай іс болса да, билеп-төстеп басқарып кететін әдетіне басып, Шәкірге бірден тапсырма берді. Сен қазір Бәтимаға барып айт: «Ұлжан аман-есен, кешке келеді. Көрші ауылда достарында қонақта екен де. Сен келгенше сиырларды мен қарай тұрайын, тез бар!» – деді. Шәкір ауылға кете бергенде, Заведей соңынан қайта айқайлап:
– Әй, үйіңнен балаға айран, сүт ала келуді ұмытпа. Шәкір кеткеннен кейін, жиені Сашаға да тапсырма берді. Сен үйге барып, қарындасың Машаның халатын, көйлегін алып кел және кепкен балықпен қоса, жас балықты да ала келуді ұмытпа деді. Олар кеткеннен кейін Заведей Ұлжанның аузына су тамызып, бетін жуып, жан шақыртты:
– Әй, балалық-ай! Недеген әурешілік! Осынша жұртты дүрліктіріп, әйтеуір Құдай сақтады-ау. Құдайдың бар екенін ұмытпайық деп, өз көңілін өзі жұбатқандай болды. Ауылға кеткендер тез арада оралды. Бұл кезде Ұлжан да есін жиып, оянған еді. Ол ас ішіп, әлденгеннен кейін, Өзенге суға түсіп, киімін ауыстырып болған соң, үшеуі кештете ауылға келді. Бұлар келгенде әдейі күтіп тұрғандай, Қара жорғаны жетектеп, Кәдір аға да келді. Ол кісі келісімен, Ұлжаннан кешірім сұрап:
–Айналайын-ай, әкең Сәбиттің көзін көрген адаммын ғой. Талай жақсылығын да көрдім. Өлді екен деп, жақсы кісінің жақсылығын ұмытуға бола ма? Сені ата-анаң Алладан тілек тілеп, атыңды Ұлжан қойып, ер балаша тәрбиелеп өсіргенде, жолың жеңіл болып, інілі болдың. Маған әкемнің досы ғой деп Қара жорғаны сұрап келгенде, сені ренжітіп жібергенім, дұрыс болмады. Енді ешкімнен ештеңе сұрама. Қара жорғаны мініп тойға бар. Өзім де мына көк дөненмен тойға барып, сенің тойда жеңіске жетуіңе тілекші болып отырамын деп батасын беріп кетті.
Аудан орталығынан небәрі он екі шақырым қашықтықтағы Достық ауылы да тойға дайындық үстінде. Спорттың бес түрінен қатысатын, жастарды тойға дайындау міндетін өзіне алған Кәрім аға да, мектеп директоры Жақып та қатысушылардың дайындығын жіті қадағалап, жаттықтыра бастады. Олар күнделікті әдетпен Ұлжанды Қара жорғамен, Рашидты Күреңбелмен Құмтөбенің басына апарып, жаттықтырып отырды. Үзбей жаттығудың арқасында, Рашид арыны қатты Күреңбелдің басына емін-еркін ие бола бастады. Ұлжан болса да мініске жуас Қара жорғамен жаттығуын сәтті бастады. Алғашындай торбайталдай емес, Қаражорғамен жаттығу қиынырақ болғанмен жастай ат құлағында ойнап өскен қыз тез жаттықты. Ол шауып келе жатып, қойған белгілерді біріненсоң бірін оңай қағып түсіре бергенде, ширақ қимылды талдырмаш қыздың шапшаңдығы екеуіне де қатты ұнады. Ұлжан мен Рашидтың дайындығына көңілдері толған Кәрім аға мен Жақып аға келесі күні асық ойынына қатысатын Аманжол мен Серіктің ойынын көріп жақсы баға берді. Әсіресе Серіктің ойыны екеуіне де ұнады. Серік аяғының кемістігіне қарамастан, балдағына сүйене тұрып, сақаны атқанда, қаз-қатар тізілген асықтарды шетінен бірінен-соң бірін ұшырып түсіре берді. Екі баланың ойындары көңілінен шыққан соң, үлкен кісілер той болатын күні жақсы ұйықтап, жақсы демалыңдар деп басқа қатысушыларға да тапсырма беріп кетті.
Бүгін Тойтөбенің басында қарақұрым халық. Машинамен де, атпен де келіп жатқан жұртта есеп жоқ. «Тойдың болғанынан болары қызық» дегендей, жағалай тігілген аппақ киіз үйлермен, бірін-бірі қуалай жайғасқан ақ шатырлар Тойтөбенің үстін нұршуаққа бөлеп жібергендей. Жан-жақтан келіп жатқан ақындар да, әншілер де бір-бірімен шуласа сәлемдесуде. Ер кісілердің көбі шеткеректе ат байлайтын жерде топтасқан. Олар сайгүліктерге қызыға қарап, әркім өз пікірін айтып, тамашалауда. Тойға ерекше күтіммен бапталып, жаратылып келген жүйріктер бәйгеге түсетінін сезгендей, құлақтарын қайшылап, көздері жарқырап, бір орында тұра алмай тыпыршиды. Оларға қараған сайын, сахнаның төріндегі балет бишілері сияқты сұлулығымен көз сүйсіндіреді. Сайгүлікті тамашалап тұрған жұрттың көңілі Көкқасқа айғыр келгенде, бірден соған ауды. Көкқасқаның иесі жасы алпыстардан асқан, Мақат деген үлкен кісі – мамандығы мал дәрігер болғандықтан, басқа малмен айналыспай, бірыңғай жылқы өсіріп, бас-аяғы 6-7 жылда бір үйірге жеткізді. Бір үйір жылқыдан еркектерін жеке шығарып, құнан кезінен бастап, бәйгеге қосқанда солардың ішінен Көкқасқа мен Шұбарқұнан кезек-кезек бәйгеге ие болды. Өкінішке орай Шұбарқұнан бір түнде жоқ боп кеткелі, Көкқасқа соңғы 4-5 жылда үзбей бәйгеге ие болып келді. Соңғы жылдары ел арасына атағы кең тараған Көкқасқаның жанкүйерлері қасына жиналып, тағы да дабырласып, әркім өз бағасын беруде. Олар Көкқасқаны мақтаған сайын, ертегі-аңыздардағы тұлпарлардай аспандата мақтап, жерге түсірер емес. Мақтауын келістіріп, даурыққан жанкүйерлердің сөздерін естіп тұрған екі қария:
– Ойхой, шіркін-ай, жылқымен қоса жаратылған қазағым-ай. Көкқасқаның мақтауын аспаннан бірақ шығарды-ау. Енді тіл-көзден аман болып, бүгінгі бәйгеге ие болса екен. Екінші қария өкінішпен: Шіркін-ай, атбегі Сәбит те Күреңайғыр да опат болғалы, Күреңнің қалған тайтулақтары жетіліп, бәйгеге қосатын кез болды-ғой. Бүгінгі үлкен бәйгеге келсе екен деді. Осыны айта берген кезде даурыққан жұрт «Күреңбел, Күреңбел» деп шулап қоя берді. Күреңбелді жетектеп, Кәрім аға, Жақып аға ұлы Рашид, Ұлжан төртеуі ат байлайтын жерге жақындай бергенде ауылдастар да, жанкүйерлер де алдарынан шуралыса қарсы алды. Екі жақ ауылдан жиналған жанкүйерлер Көкқасқа менен Күреңбелді бір-бірімен салыстырып, өздерінше бағалауда. Екі тұлпардың да түр-тұрпаты мүлдем бөлек. Бір-біріне ұқсамайды.
Көкқасқа Күреңбелге қарағанда, шымыр денелі, аяқтарының тізеден жоғарғы жағы бұлшықетті. Қол батпайтын тығыз мойыны, қалың жалы, алқалы омырауы бәрі қосылып ерекше күш-жігердің иесі екендігін бірден аңғартқандай. Жанкүйерлердің айтуына қарағанда омыраулы Көкқасқа шауып келе жатқанда, жолдағының бәрін жыпыра жойып келе жатқандай әсер қалдырады дейді. Көкқасқа тек қана бәйгеге емес, ертедегі батырлардың жаугершілікте мінетін тұлпарына ұқсайды дейді.
Теңге ілу ойыны басталғалы Ұлжанның анасы бастаған жанашырлар, оның шығуын тағатсыздана күтуде. Төзімді тауысып жетінші кезекпен қаражорғаны жайқалтып Ұлжан шыққанда: Иә, Алла, иә, Алла! – деп тілек тілеуде.
Әдеттегідей аттың бүйіріне кенеше жабысып жолдағы кедергілердің бәрін де шапшаңдықпен ептілікпен бір сәтте қағып түсірді. Басқа ауданнан келген жанкүйерлер Ұлжанның шапшаңдығына таңғалып не деген ғажап, не деген шапшаңдық, не деген ептілік деп қайран болуда. Қызының мұндай жетістікке жеткенін бұрын көрмеген анасы қуанғаннан қызын жаттықтырып еңбек еткен Кәрім ағасына да, мектеп директоры Жақыпқа да, атбегі Сәбиттің досы Заведейге де, Кәдір ағағада да көз жасын төгіп тұрып рақметін айтты. Ұлжанға риза болған жастар жағы да «Жарайсың,Ұлжан! Жаса, жаса!» деп шуласа қошеметтеді.
Тойға келгендердің көбі атжарыс өтіп жатқан жерге топтасқан. Әр ауданнан келген жұрт бәйгеге қосқан жүйріктерінің тілеуін тілеп, өздері де атпен қоса шапқандай болып айқайға басқанда у-шудан құлақ тұнады. Соңғы екі айналым қалғанда көкқасқа топтан суырыла шығып ұзай берді. Көп кешікпей ізінше қаракер ат та, Күреңбел де қатарласа шықты. Қатар шыққан екеу бір-бірімен қалыспай үздік-создық болып келе жатқанда Рашид Күреңбелдің басын тарта бермей бос жібергенде бірден ұзай берді. Соңғы айналымда қоңырау соғысымен-ақ Рашид Күреңбелдің басын біржола бос жіберді. Басы еркіне тиген Күреңбел құйғыта шабумен Көкқасқаға жақындап қалды. Күреңбел жақындаған сайын шабандоз артына жалтақ-жалтақ қараумен қамшыны басқан үстіне басуда. Сөреге жақындағанда екі тұлпар қатарласа жетті. Керме жіпті жарты денесімен алға өткен Күреңбел омыраумен ала кетті. Осы оқиғадан кейін жанкүйерлер арасында дау-дамай басталып, арты төбелеске айналды.
Көкқасқаның жанкүйерлері төрешілерді қоршап алған. Олар: «Екі ат та қатар келді. Бәйге екеуіне бірдей берілуі керек!» – деп дау шығарғанда бас төреші көнбеді. Ат иесі Мақаттың ұлы Байжан өзінің дөрекі мінезіне басып айтқанына көнбеген төрешіні бір соққанда талдырып түсірді. Көзәйнегі күл-талқан болып, құлап жатқан төрешіні тәртіп сақшылары келген бойда тұрғызып алып, Байжанды тұтқынға алуға әрекет қылғанда әкесі Мақатқа тартқан ірі жігіт полицейлермен арпалысумен қол жұмсап, біреуін жарақаттады. Бұрын дүкенші әйелді сабап, үш жыл түрмеде отырып келген бұзақы полицейлерге де дес берер емес. Тағы да көмекке полицейлер келіп, оны машинаға отырғызып алып кетті. Ақыры төрешілер дұрыс шешім шығарып, бәйгені Күреңбелге берді. Осынша у-шумен басталған той біреуге бақ, біреуге қайғы әкелгендей еді. Осы оқиғадан кейін көкқасқаның жанкүйерлері салдары суға кеткендей болып тарап жатқанда Күреңбелдің ауылынан келген жанашырлар бірін-бірі жеңіспен құттықтауда. Екі қария машинаға отырып жатып: «Шіркін-ай, жеңіске жету оңай ма?! Алла артының жақсылығын берсін!» деп беттерін сипап кете берді.
