СПИНОЗА (Поэма)
Ардақ НҰРҒАЗЫ,
ақын, драматург, сыншы. 1972 жылы Қытай халық республикасында туған. 2006-2008 жылдары «Шетел әдебиеті» газетінің бас редакторы, «Жалын» журналында редактор, «Алматы Ақшамы» газетінде журналист, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының әдеби бөлімінде редактор болып жұмыс істеген.
МЕНІҢ СПИНОЗАМ
Менің шығармашылығымда нақты тұлғаларға қатысты өлең көп емес. Соның бірі «Қорқыт» (2015 ж.) поэмасы. Екіншісі араға он жыл салып жазылған «Спинозa» поэмам. Нақты адамға қатысты жазудың өзіндік салмағы болады. Бастысы аталған тұлғаның жұртқа белгілі, тұрақтасқан түсініктерді дерек сипатта берумен қатар, тасадағы болмысты да ескеруің керек. Олар біртұтас күй ретінде қаралуы тиіс. Көп жағдайда осы тасада тұрған бөлекті игеру, оны өз деңгейінде жеткізу үлкен шығармашылық қуат пен шеберлікті, нәзік ізденісті қажет етеді.
Түркілік аңыз бен мифтен тұратын Қорқыт образы маған бала кезімнен таныс. Жалпы түркі халықтары ақындары, оның ішінде қазақ ақындары Қорқыт тақырыбына көп қызығушылық танытқан. Ол шығармалар негізінен реалистік бағытта жазылған. Негізі миф пен аңыздың табиғатын реалистік стиль аша алмайды. Олардың образдау жүйесі, ішкі иірімі ұқсамайды. Мен Қорқытты модернистік дүниетанымның аясында жаздым. Қорқытты «мен» тұрғысынан образдадым. Бұған салыстырғанда Спинозада қабатталған диалог жүйесі бар. Анық болмағанымен, шығарма «мен» және «сен» деген байланыс торында тұр. Оның өзіндік себебі бар. Қорқыт белгілі тұрғыдан айтқанда «менімен» бір тұлға, санамның бір бөлшегі деуге жақын болмыс. Оны солай игеруге толық мүмкіндік бар. Ал Спиноза болса, философ және Голландиялық, батыс философиясының өкілі. Оның дүниетанымының өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Егер, оны Қорқытша образдасақ, авторлық дүниетаным басымдық алып, кейіпкерге тән қасиеттер көрнекіленбей қалуы мүмкін. Бұл парықты ойланбай болмайды. Бұл түйін анық болмаса, шығарманың тасадағы рухани күйінің нақты қозғалысын, қыры-сырын ашу кедергіге ұшырайды. Сондықтан «Спиноза»-ны бірнеше сипаты бар шартты диалог түріне қою әлде қайда дұрыс шешім.
Поэманың негізгі бөлегі осы диалогтан тұрады. Бірақ, бұл екі тұлғаның өзара диалогы немесе Спинозаның монологы емес. Қайта қазақ ақынының қаламынан туған Спинозаға байланысты ішкі үн. Мұнда қазақ ақынына және Спинозаға тән екі жақтылы қасиет бар. Бұлар мәтінде ұқсамаған із (Trace) сипатында өмір сүреді. Бірақ, біртұтас күйде. Солай болуға тиіс. Ақын ретінде менің түсінігімде Спинозa десе, ойыма алдымен оның отаны Голландия, голландиялық май бояулы суретшілердің картинасы және қызғалдақ (tulip) түседі. Қазақстан мен Голландияны байланыстырып тұрған да осы қызғалдақтар (tulips). Көктем айының екі аптасында қазақ даласын жапқан жабайы қызғалдақтар теңіз сияқты толқиды. Поэма май бояулы картинаға қатысты тармақтармен басталып, соңы қызғалдақты даламен аяқталады.
Поэманың осы бөлегінің жазылу мәнері ерекше. Мәтінтану тұрғысынан оған жан-жақтылы үңілуге болады. Айталық, Жаратушы адам баласын топырақтан жаратып, жан берер алдында тәнді итке қаратып қойғаны туралы аңыз, байырғы Грекия философтарының афаризмі, діндегі Тозақ туралы түсіндірме, т.б. бар. Оларды бөліп-жарып емес, біртұтас күйінде түсіну керек. Осы бөлектің мені ерекше қызықтыратыны, ондағы көптік сипаты бар «дауыстардың» болғаны. Shakes peare-де «Life’s but a walking shadow… it is a tale told by an idiot, full of sound and fury, signifying nothing» (Macbeth, Act V, Scene V) деген сөз бар. Бірақ, ол дауыстарда мән-мағына жоқ емес, бар. Спиноза осы дауыстарды түсіндіргісі келген тұлға. Түсіндіру үшін әуелі оны тыңдап, ести білуің керек. Мен сол дауыстарды жазғым келді. Мен оларды өзім қалағандай жақсы жаздым, деп ойлаймын. Себебі, ол дауыстар менің санамда отыз жылдан артық өмір сүрді.
1990 жылы қараша айында, мен Т.С.Элиоттың «The Waste Land» поэмасының қытай тіліндегі аудармасын оқыдым. Осы шығармаға қатысты деректе, поэманың алғашқы атауы «Ұқсамаған дауыспен сақшы қорытындысын оқу» (He Do the Police in Different Voices) деп аталады. Өзіңіз көз алдыңызға келтіріңізші: «The Waste Land» поэмасын әр түрлі дауыспен сақшылар оқып жатқан сәттің көрінісін. Поэманы осы атау тұрғысында түсіну әлдеқайда көп ұғым береді. Кейін мендегі осы дауысқа Спинозаның дауысы қосылды. Спиноза өз ілімінде нақты затты (Substance), табиғатты (Natura), Ұлы Жаратушыны (Deus sive Natura) біртұтас күйінде түсінген дұрыс, оны оқып, білу керек, деген ой айтады. Ендеше Спинозаның да естіген, құлақ түрген үні бар, деген сөз. Соны жеткізе білуіміз керек. Мен соны, сол әуенді жазғым келді. Поэмадағы үн бір жақты үн емес, әртүрлі, көпдауысты үн. Өзара ұштаспайтын, бірікпейтін үндердің де басқа мағынада үндесетін тұсы болады. Айталық симфониялық әуен осындай қасиеттерді тоғыстырады.
Тағы бір айта кетуге тиісті түйін, поэманы жазып жатқан шағымда тосыннан қазақстандық белгілі өнер адамы Секен Тұрысбековтың сұхбатын естіп қалдым. Онда музыканыт «Көңіл толқыны» (Wave of Emotions) шығармасының тағдырлы шығарма екенін ауызға алады. Бұл менің ойыма өткен бір шақта болған оқиғаны салды.
1994 жылы Қытайдың Күйтін қаласында музыкалық мектеп оқушы қабылдайды. Сонда қабылдау емтиханына елуден артық талапкер қатысады. Солардың қатарында 34 талапкер «өзі тағдаған шығармасын орындау» басқышында, Секен Тұрысбековтың осы «Көңіл толқыны» (Wave of Emotions) шығармасын таңдап, орындаған екен. Жұрттың бәрі уағдаласып алғандай осы шығарманы таңдаған ғой. Поэмада аталған музыкалық шығарманың кездесуінің себебі де менің санамда қалып қойған осы оқиғамен байланысты.
Менің түсінігімде поэзия мен музыка тығыз байланысқан, қабаттасқан. Басқаша айтқанда олар образды әуен. Спиноза мына әлемнен сондай үнді, әуенді тыңдағаны анық.
СПИНОЗА
Есікті қаққан едім,
Ешкім ашпады.
Аржағынан дабырласып сөйлесіп жатқан
Дауысты естідім.
Құлақ қойып тыңдамасыма қояр емес.
Тап бір өзіңнің ішкі дүниеңнің үнінен
Бас тарта алмайтының сияқты:
«Бет алды шимайлай берме,
Бояуы артық болып кетпесін.
Іреңдер қабаттасса,
Жағаға малтап шыға алмай қалады.
Түн ұзақ.
Дауылда, далада билеп жүргендер
Кімдер?
Жалаулаған шырақты өшірмеуге тырысып
Қалқалағаныңмен
Қолың діріл қағады.
Әлгі иттің, иттің тұмсығы
Тиіп кеткен жоқ па?
Тап бір қараңғы тар көшеде
темір шынжыр сүйретіп
Дымы құрыған жан сияқты.
Анасының құшағында жылу бар ма?
Не деген түгеп бермейтін баспалдақ
Аз отырып демін алса дұрыс болар еді.
Ай толған түні
Қаңырап бос қалған базардан
жалғыз қайтып келеді.
Малта тастар арасынан ол
Біреуін таңдап қолына алды
Өзімен тілдесіп тұр.
Алаңда тұрған Ахиллестің тас мүсінін
Біреулер қаумалап көтеріп алып кетті
Орнында гранит тұғыр ғана қалды.
Барын салып бет алды шимайлап жатыр
Шимайлап-шимайлап өзіңді
жоғалтып жібере алмайсың.
Ит үргенде оянып кетті,
Қайтып ұйықтай алмаса,
Үрген иттен көрмейтін шығар.
Лифтте ұшырасқан бейнені ол
Өмір бойы ұмыта алған жоқ.
Бұлбұл немесе бұлбұлдың үні
Түннің тағы бір атауы.
Отшашу ілезде аяқталады, дейді.
Оның бүкіл ғұмыры,
Қысқа да, ұзақ та емес
Сол бір сәттік отшашудан тұрады.
Ауланы жабайы шөп басып кеткен,
Келген-кеткендердің ізі байқалмайды,
Ескі үйде жаңғырық ғана қалған.
Кімнің жарасынан тамған тамшы,
Күллі теңізді әпсәтте қызартып жіберді.
Ұялғанда жерге кіріп кетердей
қиналған жанның,
Бетінде де қызыл алау ойнайды.
Теңізден соққан дауыл
қашан тынар екен?
Жас қайыңның жапырағы желде
тынымсыз сыбырласады,
Екі адам көлеңкесінде өздерін
күн көзінен жасырып отыр.
Ол неге өзіне шеңбер сызып алып
Содан аттап шыққысы келмейді?
Көл бетінде толқындар бірін-бірі
жұтып жатыр
Көшеде қайшалысқан адамдар сияқты.
Кілтті жоғалтып алып,
Барлық жерден іздеп таппай қойды.
Кілт шынымен бар ма, өзі?
Жалғыз аяқ жол жатыр
Аржағында қарауытқан тоғай.
Аяқталмаған картинадан
көз алмай қарап тұр.
Өзенді ешкім де бір жолда
екі рет кеше алмайды.
Тас түскен жеріне ауыр.
Теңізде алып акула алдынан шыға келді
Ұйқыда бір аунап түскен ол
Айналасын қарманып
маскасын іздеп жатыр.
Ілулі тұрған бір пар киіміне қарап тұр,
Ақиқат ішінде ме, әлде сыртында ма?
Әлдеқайда өзен тасуда.
Махаббат деген жерге не жазамыз?
Жұрттан бөлініп өз алдына жалғыз
кетіп бара жатқанда
Ол шаттанып бара ма,
әлде мұңайып бара жатыр ма?
Оң бетіне шапалақ тисе, не істейді?
Үнсіз қала ма, әлде…
Жығылып жатқан адамды сүйеп жатыр.
Түсінде ескі үйдің ауласында
тас орындықта отыр.
«Көңіл толқынын»* ерте де, жай емес,
Дәл сол күні тыңдағаны дұрыс сияқты.
Гүлді бас жағына қоямыз ба,
Әлде аяқ жағына қоямыз ба?
Ақырғы сәтте кім келіп
маңдайынан иіскесін?
Қайталанбайтын кеште
Өзіңді қайталап, тағы жоғалтып
алып тұрсың,
Кімнің құлағыңа сыбырлағаны
есіңде ме?
Бәрін ұмытып қалған шығар?
Ақ қағаздың бетінде қарауытып
Уақыттың су жаңа қалдырған ізі жатыр
Іздің кейбірі терең, кейбірі таяз.
Иен алаңда айналсоқтап
жалғыз жылқы жүр,
Қырманнан шыққан шабытты әуеннен
Тас тұяқтың ұзаққа кеткен
тықыры естіледі.
Тас құдықтың түбінде
Қарауытқан кімнің бейнесі?
Ақ парақ пен жазуы бар қағаздар
араласып, шашылып кетті.
Көзін тарыс жұмып алған біреу
Отты қос қолымен қақпақыл етіп жатыр.
Түсінде ме, өңінде ме?
Қарша бораған тастар,
Қасіреттің тәніне жым-жылас
қана батып кетуде.
Аялдамада түсіп қалған кім?
Жұлдызды аспаннан жыртып
алған парақты біреу
Жұмарлап-жұмарлап,
Қоқыс салатын шарбаққа
қарай лақтырып жіберді.
Малтаған сайын,
Өзеннің жағасы кері шегініп
бара жатқан сияқты.
Оның қолындағы жіпті,
Кім жұлып алып шүйкелеп,
шатыстырып тастады?
Үлпілдек ақ қарға басылған
іздің дауысы бар да,
Өзі көрінбейді
Тағы бір рет қайтып орала ма, жоқ па?
Өзіне емес, сөз теңізіне үңіліп тұр.
Көшеде қайшалысқан көп
адамның біреуінің соңынан,
Қарауытып көлеңке еріп барады.
Тап солай, өзіңді, үнді естіп тұрсың, деп
Оған ескерту керек пе?
Әлдекімнің қараңғыда лақтырған
тасы тиіп кетіп жүрмесін.
Күңгірт бөлмеде
Алаулап жалғыз тал шырақ
қана жанып тұр.
Тозақта есік жоқ, деп
сыбырлаған кім өзі?
Есік ашылып-жабылып тұрғанымен
Оның сол жақта біржола
қалатын түрі бар.
Қоңыраудың үні, қараңғылық, түн…
Аңызды жел айдап кетті,
Қызғалдақпен көмкерілген
дала теңіз сияқты толқиды…
Мен бар батылдығымды жиып, тас түйін
Есікті тағы бір рет қақтым.
Есік ашқан кісі күлімсірей тіл қатты:
Сіз іздеген адрес мұнда емес,
Ана есікте, – деп,
Ту сыртымдағы бөлмені меңзеді.
ІҢІР
Бұл іңір
Мен білетін іңірден басқашарақ.
Мен білетін іңірде
Әкем сыртта, қоражақта
мал жайлап жүретін.
Қас қарайған
Шешем тамақ пісіріп, отбасында
әбігер болатын шақ.
Әпкем шам жанып тұрған
терезеден көрініп тұратын.
Ол әлдебір үй жұмысымен әбігер.
Әкемнің дауысы естілер еді,
Қарауытқан шарбақ пен
ағаштардың ар жағынан.
Кеше ғана туған бұзауды енесінен
айырып байлау керек.
(Ол шешемнің тапсырмасы)
Бұзау жанасып еміп қоймау керек.
Ақ күшік әлдеқайдан сылаң
етіп жетіп келеді.
Қараңғылықтан
«мен мұндамын» дегендей.
Қолыңды иіскейді, бойыңа асыла кетеді
Жұлдыз санап, аспанда жамырап
жана бастаған түн шырақтарына
телміріп тұрғаныңда.
Мазаңды алады.
Ол Жолдыаяқ қой, Жолдыаяқ
Қайбір жақтан асығыс оралған.
Әкемнің дауысын естіп
қора жаққа кеткенімен,
Сол минутта қайтып оралады.
Алды-артыңды орап, дәл бір сен қалап
шақырып алғандай арсалаң қағады.
«Маған қатысты әлденені
ұмытқан жоқсың ба?
Әлде мен қателесіп тұрмын ба» дегендей.
Оң-солыңа шығып шиырлайды.
Іргедегі көршінің бағынан асып,
шұрқырап ұшқан бір үйір торғай
Сау етіп жетіп келер еді.
Үй алдындағы жылауық
талға сүңгіп кетеді.
Ағаш басы бір сілкініп алады да,
ештеңе болмағандай жым бола қалады.
Әлдеқайда қараңғыдан мысықтың
мияуы естіледі.
Керіліп, созылып, бір есінеп алып,
Жарық түсіп тұрған есікке
қарай беттеген.
Көше жақтан біреулердің
күңгірлеген дауысы шығады.
Тастақ жолды тықырлатып бара жатқан
тағалы тұяқтың дүбірі ол.
Ұзақта, тым ұзақтан үрген иттің
дауысы естіледі сонда:
Еміс-еміс, самарқау, сараң, ерінген…
– Балам-ау, не қылып тұрсың мұнда? – деп әкең шыға келеді қараңғыдан.
Қолғабын шешіп, үстінің шаңын қағып, назары басқа жақта тұрса да,
Дәл саған сұрау қойып тұрғаны.
Шешеңнің дауысы естіледі сонда,
асқа шақырған.
Ізінше әпкең терезеден сығалайды –
жарықтан қараңғыға
«Бұлар қайда жүр? Барып шақыру керек пе? Жоқ?», — дегендей.
Сонда ғана сен үйге шынымен ораласың
Әлгіндегі ойнаған ойының
қиялынан босанып.
– Жүр, — деп әкең үйге беттегенде,
соңынан ересің.
– Осы Жүкей қайда? – деп ақыры сен де
біреуді есіңе алып, іздейсің.
Саған керек ол, ол қарындасың.
Бұл іңір, жұлдызды аспан,
отбасы, әке мен шеше.
Жартылай ашылған есіктен
төгілген шырақтың нұры…
Ал, бүгін іңір басқаша,
Бұл алыста қалған сол іңірдің жалғасы.
ҮН
Бір ән құлағымның түбінен
кетпей қойды,
Қай жерде, қай кезде
Естігенім есімде жоқ.
Мың жыл бұрын немесе одан да
алыс бір шақта,
Құлағыма талып жеткен үн.
Бақ ішінде немесе ат үстінде
Кенет назарым бөлінген жаққа
қарап қалып,
Естіп қалған үн сияқты.
Мен сол аттының назарында,
Қалықтап жеткен ақырғы
үні сияқтымын.
Мен сол аттының өзімін –
Қалықтап жеткен.
ҚАРА ТАЯҚ
Есіктің алдына шығып
Сәл тұрып едім.
Төбемнен бір топ құс ұшып өтті.
Қандай торғайлар екенін
ажырата алмай қалдым.
Құсты емес, көлеңкелерін көрдім.
Көлеңкелер бірін-бірі қуып барады,
Елестер, өң мен түстей
Оң-солыңнан бір елі қалмайды.
Құстар алыстап кетті,
Көлеңкелері ғана қалып қойғандай.
Қарлығып қалған адам, қарлы далада
Көзін аша алмай тұрған тәрізді.
Қартайған шешемнің бейнесі
Көз алдыма келді.
Қара таяғына сүйеніп,
қарауытып, қалжырап
Шаршап, күтіп қарап тұрған.
ОЮ-ӨРНЕГІ БАР БАЛТА
Қақпа алдынан өтіп бара жатып едім,
Аула ішінде бірнеше адамның
шүйіркелесіп тұрғанын байқадым.
Бұрылып барып, сәлем беруге
тура келді.
Орталарындағы көрші,
жасы үлкен отағасы
Кішкентай орындықта отыр.
Пышақ қайрап жатыр.
Қасында тұрған екі жігіттің
біреуі дәл құрдасы.
Енді біреуі олардан сәл жастау,
Мен құралыптас жігіт.
Ол әлденені айтып жайраңдап
күліп тұр.
Отағасы басын көтеріп қарамағанымен
«Тыңдап отырмын» деген пішінде
пышағын қайрап жатыр.
Мен ұсынған қолды алды да,
басын көтеріп бір қарап қойып
Жұмысын жалғастыра берді.
Менің назарым оның
қолындағы пышаққа,
Пышақтың сабындағы оюға түсті.
Мен көрмеген, әлдебір көгілдір
мүйізге зерлеп ойған.
Таңбалы өрнек.
«Соғыстың аяғы не болар екен?» —
деді құрдасына,
Жоғарыдан қарап.
Әлгі тынбай сөйлеп тұрған жігіт
іркіліп қалды.
Біздің бәріміздің назарымыздың өзіне аударылғанын сезсе де,
Ол басын көтерген жоқ.
«Әй, ұзаққа барады-ау» — деді өз сөзіне
өзі жауап берген құрдасы.
«Орыстар алжасты, америкалықтардың күткені де осы шығар,
Қытайлар жымысқы саясатын
жүргізіп жатыр ғой», — деп ол
пышақты құрдасына ұсынды.
Анау оны қолына алып,
алақанына салып, қылауын
сынап көрді.
Пышақтың жүзі пышақтай
пышақ (лыпылдап) тұрған сияқты.
«Қазір жұрт пышақ қайраудан
қалды!», — деді құрдасы,
«Бәрін механикаға
тапсырады да отырады.
Жақсы қайралған пышақ
көрмейтін болдық»
Мен пышақтың сабындағы
өрнекке қызығып тұрмын.
«Ауғанстаннан қайтқанда,
алып келген олжам осы пышақ,
Майданда жатқан өліктің
біреуінің белінен шешіп алғанмын.
Аз қайрасаң болды,
ұстарадай лыпылдап кетеді».
Оқталып, пышақты сұрап алып,
оюды көргім-ақ келген.
Ізінше ол ойдан айнып қалдым.
Қолым кенеттен терлеп кетті ме,
әлде басқа ма
Әлгінде қол берген көршімнің
қолынан жұқты ма,
Білмей қалдым.
«Қайрауы жетті, механика
бұлай өткізе алмайды.
Ол пышақты өткір қылудың орнына,
мың салсаң бір батпайтын,
Балтаның жүзі сияқты дойыр
қылып шығарады».
Көз алдыма отынды мылжалап,
әр жаққа ұшырып шауып
жатқан балта келді.
«Әй, соғыс бүгін-ертең аяқтамайды».
Құрдасы пышақты иесіне
қайтарып берді.
Мен бұрылып жолыма түстім.
«Бір балтам бар еді, соны қайрап
берсең қайтеді?» — деген сөзді естідім.
Көз алдыма сабында зерлі
әшекей-өрнегі бар балта келді:
Былшылдатып, езіп шауып жатқан.
КӨГІЛДІР ТҮТІН
(Ермұрат Зейіпқанға)
Тағы бір рет қайтып оралдым, осында.
Бұл менің ауылым.
Шығып тұрмын үй қасындағы төбеге
Бала кезімде шығатын.
Бұл ар жақтағы қожыр таулардың етегі
Ғасырлардың құрдасы
Нұх заманында тулаған нар
толқындардың куәсі.
Жатыр әне тар шатқал,
Талды тоғаймен бүркенген.
Тау өзені күркірейді, бір тынбайды.
Шапқылаған ақ маржан тамшылар,
Қойтастардың бетінде асыр салады.
Өзеннен су алып арғы бетке
көтеріліп бара жатқан
Кім екен ол?
Бір кезден қалып қойған
Әпкем яки жеңгемнің елесі емес пе?
Әкпішін бір иығынан екінші
иығына ауыстырып,
Соңында келе жатқан маған:
«жүрсейші» деп қарап тұрған.
Қарағанды беттен жосып үйірлі
жылқы түсіп келеді.
Жылқышы соңында,
желдеп дөң басында тұр.
Сайда тас ошақ, көтерілген
көк түтін, киіз үй…
Қол бұлғап шақырып тұрған,
бірақ не дегені естілмейтін.
Өткен күндер сияқты.
Тұнық, көгілдір аспанда андыздаған
ақша бұлттар үнсіз ғана,
Мың құбылып, жылыстап барады.
