ЖАС ҚАЛАМГЕРДІҢ «РОЯЛЬ» ПЕРНЕСІ
(Жас қаламгер Мұхаммед-Қанапия Шарханның
«Рояль» кітабы хақында)
Бүгінде қазақ әдебиетінің табалдырығын имене емес, сеніммен аттап, өз үнін қалыптастыруға талпынып
жүрген жас қаламгерлер аз емес. Соңғы жылдары әдеби ортаға жаңа есімдердің көптеп келуі де заңды құбылыс. Бірде жазушы әрі әдебиеттанушы Нұрдәулет Ақыш ағамен әңгімелесіп отырып: «Біздің буынның әдебиетке көптеп келуіне кеңестік кезеңдегідей қатал әрі әділ сынның азайып кетуі де әсер еткен жоқ па?» деген ойымды айтқаным бар. Аға жымиып қана қойды. Сол үнсіз жымиыстың өзінен келісімнің табын аңғарғандай болғанмын.

Шынында да, біздің толқын әдебиетке келген тұста сынның салмағы жеңілдеп, талаптың таразысы бұрын-ғыдай қатаң тартыла бермейтін кезең қалыптасты. Бұрынғы буын қа-ламгерлерінің де жас авторларға деген
қатқыл көзқарасы біршама жұмсарғандай көрінді. Мұның жақсы жағы да болды. Жас жазушылардың шығармалары еркін жарияланып, алғашқы кітаптарының жарық көруіне мүмкіндік туды. Алайда әдебиеттің табиғаты қашанда талғам мен талапқа сүйенетіндіктен, сынның орны ешқашан бос қалмауы керек.
Мен сөз етпек отырған қаламгер – қатарласым, қаламдас досым Шоқан. Шын есімі – Мұхаммед-Қанапия. Біз
он жылға жуық уақыттан бері араласқұралас болып келеміз. Арман қуып Алматыға келген шақта әл-Фараби
атындағы Қазақ ұлттық университетінде бір топта білім алдық. Сол студенттік жылдардан бастап оның шы-ғармашылық ізденісіне куә болып келемін.
Шоқан біздің ортаға ең алдымен айтыскер ақын ретінде танылды. Алайда оның жазба поэзиясы маған әрдайым ерекше әсер ететін. Оқиғаға құрылған кейбір өлеңдерін сүйсіне оқып қана қоймай, жаттап та алған кездерім болды. Оның жырларынан табиғи дарын-ның, Тәңір берген таланттың лебі анық сезілетін. Өлеңдегі бейнелілік, ой тереңдігі мен сезім шынайылығы оны өз қатарластарынан даралап тұратын.
Уақыт өте келе Шоқан поэзиядан прозаға қарай ойыса бастады. Сол кезде мен оған: «Прозаға асықпай-ақ қойсаң қайтеді? Сенен мықты ақын шығатын сияқты. Проза жазатындар табылар, ал табиғи ақындық талант сирек қой», – дегенім есімде. Бұл, әрине, оның поэзиясына деген жоғары бағамнан туған пікір еді. Өйткені мен оның ақындық қуатын ерекше бағалайтынмын.
Дегенмен шығармашылық жол әркімнің өз таңдауы. Бүгінде Шоқан проза жанрында да өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, әдеби ортаға таныла бастаған қаламгерлердің қатарына қосылды. Соның айғағындай болып жуырда жазушы Бейбіт Сарыбайдың алғысөзімен жарық көрген «Рояль» атты прозалық жинағы оқырманға жол тартты. Бұл кітап – автордың проза әлеміндегі ізденісін, көркемдік ұстанымын және шығармашылық өсу жолын бағамдауға мүмкіндік беретін еңбек.
Шоқан екеуміздің өмірге де, өнерге де деген көзқарасымыз көбіне қабыса бермейді. Тіпті кей тұста екі бөлек арнада жатқандай әсер қалдырады. Дегенмен шығармашылық ортадағы достықтың құндылығы да осында бол-са керек. Бір-біріңмен толық келісу міндет емес, бастысы – өзара құрмет пен шығармашылыққа деген адалдық.
Шоқанның бойынан мен әрдайым байқайтын бір қасиет – риторикалық шеберлік. Ол әңгіме үстінде тосылып
қалмайды, кез келген пікірге лезде жауап тауып, қарымта сөзді дәл уақытында қайтарады. Кейде бәріміздің басымыздан өтетін жағдай, көкейіңде тұрған ойды дер кезінде айта алмай қалып, арада біраз уақыт өткен соң «әттеген-ай, сол кезде осыны неге айтпадым екен?» деп өкінесің.
Ал Шоқанда мұндай өкінішті сирек кездестіресің. Оның ойы мен сөзі қатар жүретіндей көрінеді. Табан астында тауып айту, ұтымды теңеу мен орынды мысалды дер кезінде қолдану – оның табиғатына тән қасиет.
Екеуміз де Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында қызмет етеміз. Алғашында бір бөлімде жұмыс істедік. Әдетте шығармашылық ортада қандай да бір жетістік болса, оны атап өту дәстүрі қалыптасқан ғой. Бір мақалаң жарық көрсе де, достарға шай беріп, қуанышты бөлісіп жатамыз. Өзім де сондай сәттерде әріптестерімді жиі шақырып тұратынмын.
Бір күні жас зерттеуші, әріптесіміз Ертайдың көлемді ғылыми мақаласы жарияланды. Жұмыс арасында әзілдеп:
«Ертай, мақалаңды қашан жуасың?» – дедім. Сонда ол еш қысылмастан: «Қанат, сен шашпасың ғой. Ал мен ұсақ-түйек нәрсені жуа бермеймін», – деп жауап қатты. Әзіл аралас айтылған сөз болса да, астарында белгілі бір ұстаным жатқандай көрінді. Мен де ойланып қалдым. Біздің осы әңгімемізді тыңдап отырған Шоқан көп кідірмей: «Қанеке, құзғын басып жейді, қыран шашып жейді», – деп көзін қысып қойды. Шындығында, бұл қазақ арасында бұрын-нан айтылатын сөз. Бірақ дәл сол сәтте менің есіме түспегені рас. Ал Шоқан оны әңгіменің өзегіне дәл келтіріп, орынды қолдана білді. Кейін Ертай бәрімізді кітапхананың асханасына бас-тап барып, мақаласының жарық көруін атап өткен еді.
Сырт көзге қарапайым көрінетін осындай шағын оқиғалардың өзі Шоқанның мінезі мен болмысын аңғар-
тады. Ол сөздің мәнін түсінеді, оның салмағын сезінеді және қажет тұста ұтымды пайдалана біледі. Жазушы
үшін бұл аз қасиет емес. Өйткені көр-кем проза ең алдымен сөзді меңгеруден басталады. Ал сөздің қуатын сезінетін адам ғана оқырманның санасына әсер ете алатын шығарма тудыра алады.
Енді Шоқанның «Рояль» атты прозалық жинағына тоқталайық. Кітаптың алғашқы беттерінен-ақ авторлық
баяндаудың ерекшелігі бірден аңғары-лады. Жинаққа енген әңгімелердің басым бөлігінде оқиғалар автордың өз ортасымен, өз тәжірибесімен және өз бақылауларымен сабақтасып жатады. Кейіпкерлердің тағдыры мен оқиғалардың өрбуінен жазушының жеке өмірлік әсерлері мен естеліктерінің ізі сезіліп тұрады. Осы тұрғыдан келгенде кітаптағы көптеген шығармалар мемуарлық прозаға жақындай түсетіндей әсер қалдырады.
Шынын айту керек, алғашқы әңгімелерді оқып отырып, «мемуар жазуға әлі ертерек емес пе екен?» деген
ойдың да қылаң бергені рас. Өйткені мемуарлық шығармалар көбіне өмірдің ұзақ жолынан өтіп, уақыт сүзгі-сінен өткен тәжірибенің қорытындысы ретінде қабылданады. Ал жас қаламгердің өткенге жиі оралуы кей жағ-дайда оқырманға тосындау көрінуі мүмкін.
Алайда кітаппен тереңірек танысқан сайын бұл күдіктің де сейіле бас-тағанын аңғардым. Себебі автор өз өмірінен алынған көріністерді жалаң естелік ретінде емес, белгілі бір ой мен пайымның өзегіне айналдыруға талпынады. Әңгімелердің әрқайсысында оқырманды ойландыратын, кейде өмірге басқа қырынан қарауға жетелейтін түйін бар. Шоқан үшін оқиға-ның өзі емес, сол оқиғадан туындайтын ішкі мағына маңыздырақ секілді көрінеді. Жинақтың тағы бір ерекшелігі – шығармалардың көлемдік ықшамдығы. Әңгімелердің дені шағын формада жазылған. Бұл автордың ойын шашыратпай, нақты бір оқиға мен сезім төңірегінде жинақтай білуге ұмтылғанын көрсетеді. Кітапты қолға алған оқырман бір аялдамадан келесі аялдамаға жеткенше немесе күнделікті күй-бең тіршіліктің арасындағы аз ғана бос уақытында бір әңгімені толық оқып
шыға алады. Қазіргі ақпарат тасқыны мен уақыт тапшылығы белең алған кезеңде мұндай ықшам форма оқыр-ман үшін аса қолайлы.
Бүгінгі әдеби үдерісте жас оқырманның назарын кітапқа аудару оңай міндет емес. Осы тұрғыдан қарағанда «Рояльдың» өз аудитория-сын қалыптастыра бастағаны байқалады. Әсіресе жасөспірімдер мен жас-
тар арасында кітаптың белгілі болуы – автордың өз замандастарының көңіл күйін, дүниетанымын және толғанысын дәл тани алғанының белгісі. Жинақ оқырман тарапынан өзіндік бағасын алып, әдеби ортада біртіндеп тал-қылана бастауы да осының айғағы.
Әрине, бұл кітапты қазақ прозасына жаңа бағыт әкелген ірі құбылыс деуден аулақпын. Дегенмен «Рояль» –
өз буынының тынысын, замандаста-рының болмысын және автордың жеке шығармашылық ізденісін таныта-тын еңбек. Сондықтан оны жас қаламгердің әдебиеттегі алғашқы қадам-дарының бірі ғана емес, болашақта қай бағытқа бет алатынын аңғартатын маңызды шығармашылық белес ре-тінде де қарастыруға болады.
Жинақтағы шығармалардың ішінде менің көңіліме ерекше қонғандары – «Лилли гүлі», «Мылқау жүрек» және «Сайтан аулаушылар» әңгімелері болды. Бұл туындыларда автордың көркемдік ізденісі мен жазушы-лық қарымы анық байқалады. Әсіре-се кейіпкерлер жүйесін құруда Шоқанның өзіндік ұстанымы бар екені осы әңгімелерден сезіледі. Әңгімелердегі әрбір кейіпкер оқиғаның сәні үшін ғана енгізілмей, белгілі бір идеялық жүк арқалап тұр. Олардың мінезі, әрекеті мен ішкі толғаныстары шығарманың негізгі ойымен сабақтасып, тұтас көр-кем әлем қалыптастырады.
Аталған әңгімелерде ой тереңдігі мен тіл көркемдігі өзара үйлесім тапқан. Автор кейіпкерлердің жан дүние-сін ашуға ұмтылып қана қоймай, оқырманды да сол психологиялық кеңіс-тікке жетелейді. Соның ішінде «Мылқау жүрек» әңгімесі ерекше әсер қалдырды. Шығармадағы психология-лық иірімдер мен кейіпкердің ішкі күйзелісін бейнелеудегі дәлдік адамды еріксіз ойға батырады. Кейбір тұстарда оқырман оқиғаны сырттай бақылаушы емес, кейіпкердің жан әле-міне бірге үңілуші ретінде сезінеді. Бұл – жазушы үшін оңай келмейтін жетістік.
Әрине, кез келген кітаптың шынайы бағасын уақыт пен оқырман береді. Сыншының пікірі мен оқырманның талғамы әрдайым бір арнадан табыла бермейтіні әдебиет тарихынан белгілі. Кейде мамандар назар аудар-маған шығарма көпшіліктің жүрегіне жол тауып жатады, ал кейде сыншылар жоғары бағалаған еңбек кең оқырман қауымға аса әсер етпеуі мүмкін. Сондықтан әдеби туындының ғұмырын айқындайтын ең басты өлшемнің бірі – оқырман ықыласы.
«Рояльды» қолға алған әрбір оқырман бұл кітапқа да, оның авторына да өз бағасын беретіні сөзсіз. Мен үшін бұл жинақ – жас жазушының алғашқы ізденістерін ғана емес, оның шығармашылық әлеуетін де аңғарта-тын еңбек. Әлем әдебиетінен нәр алып, өз буынының болмысын шығармала-рына арқау етіп жүрген ақын әрі жазушы Шоқаннан алдағы уақытта бұдан да тереңірек, көркемдік тұрғыдан кемелірек дүниелер күтеміз. Өйткені таланттың басты ерекшелігі – тоқмейілсімей, үнемі ізденіс үстінде болу.
Қалай болғанда да, «Рояль» жас қаламгердің әдебиеттегі өзіндік үнін танытқан жинақ ретінде назар ауда-
руға лайық. Ал оның авторына шығар-машылық қуат, көркемдік ізденістен туған жаңа табыстар мен оқырман ықыласын тілейміз. Қаламың мұқалмасын, Шоқан досым!
Қанат АЛТЫНБЕК,
жазушы, зерттеуші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР Ұлттық кітапханасының Ғалым хатшысы.
