КІШКЕНТАЙ ЖҮРЕК (Әңгіме)

Алтыншаш Жақиянова-сайт

Алтыншаш Жақиянова,
жазушы

 

Сол бір жылдың қысы мамыражай, жылы болды. Жауған қар да «түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» дегендей, күн көтерілгенде еріп, әр жердің қара топырақтары көрініп қалып жатты.

Ананың алаңы – ішіндегі тұңғыш сәбиінің амандығы. Аман-есен өмірге алып келудің қамы. Айы-күні таяғалы тіпті уайымы көбейіп кетті. Ол да «қашанғы жата берем, уақытым таяды ғой» дегендей, түрткілеп, белгі беріп қояды.

Сая көбінде үйінде жалғыз, күйеуі ертеңгісін ерте жұмысқа кетеді. Қай жерде жүргені, қашан келетіні де белгісіз. Бастығы қайда жұмсайды, сонда кете береді. Кейде түннің бір уағында да келетін кездері бар. Сол кезде босанып қалсам қайтем, – деп алаңдаған Сая басқа қалада тұратын әке-шешесіне баруды жөн көрді. Күйеуі де солай ұйғарғасын жолға дайындалды.

Сая біртоға, елпілдеп-желпілдеген мінезі жоқ, барынша адал. Қулық-сұмдық дегенді білмейді. Өтірік айтатын адамдарды түсінбейді де, кешірмейді де. Көп ешкіммен арқын-жарқын араласа да бермейді. Жоғары оқу орнын ойдағыдай бітіріп, қызметін істеп, тұрмысқа да кешірек шықты. Ештеңеден тарлық көрген жоқ, ішем дегенін ішті, кием дегенін киді. Шешесі де, әкесі де «бір тал қыз» ғой деп, бетінен қаққан емес.

Әке-шешесіне баруға асықпай дайындалып, заттарын жинап жүрді.

«Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, жұмыстарымен олар өздері келе қалды. Әкесінің дайын көлігімен баратынына да қуанды. Қызының мұндай шешімін естіп, шешесі Толқын тіпті қуанып кетті.

Толқын Саяның анасы, жасы біразға келсе де, оны алпыста деп ешкім ойламайды, жүрісі, қимылы ширақ, бір жерге баруға алып-ұшып тұрады. Достары, таныстары көп, елмен араласқанды жақсы көреді.

Бір шай ішіп алып, артын жинап-теріп, заттарын бір түгендеп шықты да, үшеуі, іштегі сәбимен төртеуі көлікке отырды. Алпысты алқымдап қалған бурыл шашты, ат жақты, бөкен қабақты Айбар көлікті барынша жайлы айдап келеді. Өйткені, жолдың кедір-бұдыр жеріне келгенде, қабағын кіржің еткізген қызының түрін айнадан көріп отыр. Аңқылдап қалған Толқынның ойына ештеңе кіріп-шығар емес. Әңгімені соғып отыр: «Өзіміз жақ дұрыс қой, бәрі таниды бізді. Жағдайыңды толық жасайды. Тіпті бас дәрігерге де айтып қоямын!» деп желпініп қояды.

Жолда Сая дүкендерге соғып, болашақ сәбидің керек-жарағын алатынын айтты. «Ойбүй», деп ойлады, Айбар ішінен. Бұлар базарға кірді дегенше, базар жабылғанда бір-ақ шығады, немесе, ақшалары біткенше сауда жасайтын болды-ау, – деп, амал жоқ қызының көңілі үшін келісім беріп, көлік ішінде қала берді.

Базарға кірген екеуі расында да ұзақ жүрді. Баланың керек-жарақтары бітіп бола ма?! Орап алып шығатын алқызыл көрпе-«конверт», бірнеше ит көйлек, ползункилер, басына киетін қалың-жұқа шапка, бетін тырнап алмау үшін қолына кигізіп қоятын қолғаптар, жұп-жұмсақ жаялықтар, өзіне де қажетті дүниелер, әйтеуір, талай нәрсе алынды. Шомылдырғанда орайтын арнайы жұмсақ аппақ орамалды қызығып кетіп Толқынның өзі болашақ сәбиге арнап сатып алды. Онысына өзінің жүрегі елжіреп, бетіне тигізіп, сипап қояды. Арнайы жаялықтар салатын екі үлкен сөмкені көтеріп сыртқа шыққанда, қыстың қысқа күні едәуір еңкейіп қалған еді.

Көлікке келгенде қараса, Айбар машинаны қыздырып алып, ұйықтап кетіпті.

Жолда Толқынның ойына өз шешесінің алыс болғаны, енесінің бала дүниеге келмейінше бір шүберек сатып алмайтыны, жалпы ешнәрсе дайындатпайтыны есіне түсті. «Аман болса, шүберек табылады, алдын ала дайындап қажет емес» дейтін апасы Құрман қарт. Әйелдер босанатын үйден шығып келгенде, қырық күн бойы қойдың майымен майлайтын жаялық іздеп, жан-жағына қарағыштаған келінін байқаған апасы ең тәуір көретін таза крипдешин көйлегінің етегін дар еткізіп жыртып жіберіп, «осы жақсы болады, май сіңірмейді» деп, өзі майлап, орап, қазықтай қып қолына беретін. Толқын келесі балаларын да сол «апасының етегіне» орап, майлап жүрді. «Е, жарықтық апам-ай!» – деп, күрсініп қойды арасында. Дауысы сыртқа шығып кеткен болу керек, «Не дейсіз, мама?» деді Сая елең етіп. «Жай» дей салды Толқын, оны айтса, қызының түсінбесін білді. Қазіргі жастардың бәрі солай ғой, өз білгендерімен жүреді деді ішінен.

Баяу жүріспен келесі қалада тұратын үйлеріне қас қарая жетті. Келе тамақ қамына кіріскен Толқын әні-міне дегенше дайын қылды. Ұшып жүріп, дастарқанға барын қойды. Жолды, базардағы көп жүрісті көтере алмай қалды ма, Сая ауырыңқырап отырды. Қызы тамақ ішіп алған соң, ары-бері интернет қопарды. Ашылып ештеңе айтпайды. Не іздеп жатқанын да Толқын сезіп отыр. Қызының аман-есен босануын тілеп, іштей Жаратқанға жалбарынып қояды.

Бір ұйықтап алса да, жақсы болып қалар ма еді, ұйықтай да алмады. Ауырыңқырап тұрғанын айтты. Онсыз да түртіп қалса, ұшып кетейін деп, елеңдеп отырған шешесі жедел жәрдем шақыра бастады. Киімдерін жинап болам дегенше, есіктің қоңырауы шыр ете қалды.

—  Келді! – деді Толқын абыр-сабыр болып.

– Бірнәрсеңді ұмытып кетпе, жарайды, ұмытсаң да апарып берем ғой, – дейді, аяқ-қолы жерге тимей, біресе есікке, біресе қызының жинап қойған заттарына жүгіріп. Қайтсін енді, жар дегенде жалғыз қызы дүниеге бала әкелейін деп жатса. Оның үстіне, тұмсасы. Әлі жас, ештеңені түсіне  бермейді. Жедел жәрдемнің артынан күйеуінің көлігіне отырып өзі де жетті.

Ішке кіргізбейді. Еш дыбыс жоқ, күтіп отыр. «Адамнан адам шығуы оңай ғой дейсің бе?» деп қояды күбірлеп. Ойына өзінің алғашқы балаға аяғы ауыр кезі түсті.

  • Бала екенмін ғой, деп ойлады…

…Қақап тұрған ақпан айы бітісімен, наурыздың ортасы ауа бастағанда жас келін болып былтыр жазда түскен Толқын енесіне құлақ қағыс қып, қыңқылдай бастады.

  • Апа-ау, әке-шешемді де қатты сағындым, бір көріп қайтайыншы, сіз рұқсат етсеңіз. Балалы болғаннан кейін шыға алмай қалам ғой, түсініңізші, апа! – дейді сексендегі апасына.
  • Ия, қарағым, түсініп отырмын, күн әлі жыли да қойған жоқ, жол алыс. Алдымен аман-есен босанып алсаңшы, – деп, алдына басын қойып, шашынан сипап отырып:
  • Мен жіберермін-ау, оны ағаңнан сұра! Үйдің қожайыны сол ғой, ертең маған ренжіп жүрер, «неге аяғы ауыр келінді төркініне жібердің?» — деп. Ағаң біледі, – деді апасы сөздің тоқетері осы дегендей.

«Аға» деп тұрғаны жолдасының әкесі. Түрі сұстылау, үндемейтін кісі  болғанымен балаға да, басқаға да зілі жоқ жан. Толқын ағасына айтуға бата алмай жүргенде, тағы бір апта өтті. Бір күні бар күшін жинап, жұмыстан келгенде, шайын құйып беріп отырып, тәуекел деп ойын айтып салды.

  • Жалғыз өзің қалай барасың, балам-ау, айы-күнің жетіп отыр, жолдасың болса, жұмыста. Бәріміз де жұмыстамыз. Кім апарады сені?!
  • Өзім бара беремін, аға! Ешкім жұмысынан қалмай-ақ қойсын!
  • Мейлің, қарағым, қоймадың ғой, құдаларға не бетімізді айтамыз, жалғыз жібергендерің не? — дейді ғой.

Сонымен бір-екі күннің ішінде Толқын азын-аулақ сәлем-сауқытпен жолға шығып кетті. Үстіне әкесінің аулаған түлкісі жағасына салынған жұқалтаң пальтоны киіп, қол сөмкесін алды. Таң қараңғысында Аягөзге баратын ПАЗик автобусқа отырды. Ауданнан қалаға дейін жол қашық, әрі кедір-бұдыр. Селкілдетіп келеді. Бекер-ақ шыққан екенмін, үлкендердің айтқанын орындай салуым керек еді, – деп те ойлады.

Бірақ бәрі кеш. Ішін құшақтап отырып, әйтеуір түс ауа қалаға жетті-ау. Не пойызға алып қойған билеті жоқ. (Ол кезде сондай еді ғой, барып алатын билетті). Вокзалдың кассасына билет алуға кезекке тұрды. Ығы-жығы халық. Бір кезде бір әйел айқай салды: Көрмей тұрсыңдар ма, мына аяғы ауыр әйелді қысып тастадыңдар ғой, жіберсеңдерші, кезексіз-ақ алсын, өлтіресіңдер ме, қайтесіңдер?!

Сөйтті де өзі жеңінен ұстап, кассаның алдына әкелді. Билетті алып кетіп бара жатып естігені, «Біз үшін туатындай…» – деп қалды бір егде әйел. Толқын үндемей кете берді.

Не керек, еліне аман-есен жетіп, арқа-жарқа болып, демалып, күтініп, ет жеп, сорпа ішіп дегендей, аунап-қунап, бір апта өткен соң, қайтуға жиналды. Үйіндегілер, жеңгелері мен әпкелері «қала сал, осында босан, жете алмай жолда босанып қаласың, масқара боп», – деп, қорқыта бастады.

– Жоқ, апам қалып қалма, алғашқы немереміз ғой, ертерек келетін бол! – деген. Қалуға болмайды, олар күтіп отыр, — деп бой бермей жолға жиналады.

Ертең кетіп қаласың ғой, бүгін мауқымды басып, қасыңда жатайыншы, құлыным-ау, – деп, Толқынның шешесі төсекті қасына салдырып, қатар жатты.

  • Тоғыз бала тапқан анаңмын ғой, кәне, көрейінші қалай жатыр екен деп, қызының ішін сипалап көрді де, «аппақ бір ұл жатыр ғой» деді. Міне, тегін УЗИ. Ол кезде УЗИ деген мүлдем жоқ қой.
  • Қойшы, апа, – деп қымсынып, Толқын оң жағына аунап кетті.
  • Жарайды, барған соң, аман-сау жеткеніңді айтып, хабарыңды бер. Біз алаңдаймыз ғой.

Сонымен не керек, Қызылордадан пойызға отырып, Алматыға келіп, Алматыдан Аягөзге билет алды.

Аягөз вокзалына түсісімен «Тарбағатайға жол жоқ екен, жолда су тасқыны болып жатыр» деген жайсыз хабар естіді. Аяғы ауыр әйел сасқалақтап, сол жерде Тарбағатайға қайтатын әйелдермен танысып, бірге Жалғызтөбеге жетті. Түннің бір уағы. Бір қонақ үй тауып, үш-төрт әйел соған қонып шықты. Сол жерден телефон шалып, Жалғызтөбе арқылы баратынын жолдасына хабарлады. Таң қараңғысында ұзын автобусқа отырып, жердің түбіндегі ауылына қарай жол тартты. Босанып қалам-ау деген ойына келмейді. Дәрігер солай деген әлі он күн бар… оның санасында осы ғана. Сол күні түске таман жолдың бойынан Айбар күтіп алды. Аяғына қонышы ұзын рәзіңке етік киіп алыпты. Жердің миы шығып жатқан балшық, бірақ күн ызғары қайтпаған. Пальтосының алды ашық, түйме салуға жетпейді. «Қарыныңды жапсаңшы», – деп қояды күйеуі жаны ашып.

Аман-есен келгеніне үй ішіндегілер, әсіресе, апасы қатты қуанды. Дереу қазанға ет салып, нан илей бастады. Оны жаю өзінің парызы екенін біліп, Толқын оқтауды ала бергенде, белі ауырып кеткендей болды. Оны байқап қалған апасы: әкел, мен жаяйын, деп еді, Толқын бере қоймады. Ет жеп болып, бәрі дем алуға орындарына кетті.

Түнгі он екіде ішінің ауырып, белі айнала бастағанын сезді. Үлкендерді жинап, жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жол тартты…

 

  • Апа! Ойланып кетіпсіз ғой, — деді іштен шыққан дәрігер қыз. Толқын саңқ ете қалған дауыстан шошынып, атып тұрды.
  • Не болды, не болып жатыр?! – деді жалма-жан.

Көңілі алаң, қызы аман-есен болса екен деп тіледі. Аллаға жалбарынды. Мына қыз неге үндемей тұр дегенше болған жоқ, бірнеше минуттан кейін, «қыз!» деп, айқайлап, баланың дәрігері шықты, телефонына нәрестені суретке түсіріп алыпты. Көзін ашып, жан-жағына – жарық дүниеге байыппен қарап жатыр, бірнәрсе сұрап жатқан тәрізді. Толқын қуанғанынан жүрегі жарыла жаздап, қалтасындағы барын ақтарып бере салды. Балаға жақсылап қарауын өтінді.

Қызыңыздың жағдайы жақсы дегеннен кейін барып, көңілі орнына түсіп, енді кішкентайды сұрай бастады. Тіпті жақсы көріп кеткен сияқты, кішкентай адамды. Көргісі келе ме, қалай?! «Жаным!» деп қояды ішінен елжіреп.

Міне, осылай бір апта жатып, үйге шықты. Шығарудың өзі бір салтанат! Саяның күйеуі, қайнағасы мен абысыны қара ДЖИПпен келіп, шығарып алды. Толқын мен Айбар да осында. Баланы орап алып шыққандардың бәрін қарық қылып, салют атып, шар жарып, жылтырақ шашып деген сияқты қуанышты әрекеттер бірінен кейін бірі жасалып жатты. Осының бәрі кішкентай ғана нәрестенің дүниеге келуінің құрметі. Күйеу баланың екі езуі екі құлағында.

Құдалар – бәрі үйге келіп, дайын дастарқаннан тамақтанып алғаннан кейін:

  • Үйде Саяға қарайтын ешкім жоқ, мама, мен жұмыстамын, қырқынан шыққанша сіздерде бола берсін! – деген күйеу баласының сөзіне шынымен қуанған Толқын дереу келісе кетті.

Қызының, «кішкентай жүректің» осында болатынына шынымен қуанып жүр.

Сая бір жұмыстарымен шығып кеткенде, кішкентай нәресте нағашы апасында қалады. Оны жылатпай ұстап отыру апасы үшін үлкен міндет.

Байқатпай иіскеп қояды. Кімнен тығылып иіскеп тұрғанын өзі де білмейді. Жұпар иісі мұрынды жарардай. Кішкентай қара көздері мөлдіреп, қарайды. «Таниды!» деді апасы.

 

Ол өте нәзік, кішкентай. Жуындыру да қорқынышты, қолынан түсіріп алатындай қорқады. Бірақ бар өнерін салады апасы. Түнде қыңқылдай бастаса, басқа бөлмеде жатса да, шешесінен бұрын жанына жетеді. Күннен-күнге жақсы көріп барады. Ертең үйлеріне кетіп қалғанда сағынатынын әлден-ақ сезініп отыр.

Түскі ас үстінде Сая есіне әлдене түскендей, «сәбиге ат қоймаймыз ба?» дегені. Толқын да, Айбар да күліп жіберді.

  • Біз де соны айтайын деп отыр едік, тамақ ішіп болған соң, атасы азан шақырып, атын қойсын! Мен қазір жеті шелпек пісіріп, көршілерімді шақыра қояйын, – деді Толқын.

Сонымен сәбиге азан шақырып, ат қойылып, сол күннен бастап «Ақбала» деген атқа ие болды. «Ақбала» деп, ішінен қайталап қойды. Күнде суға түсіріп, майлап-сылап, апасы тіпті бауыр басып қалған еді. Әрі-бері жүрістен шаршаған күйеу баласы бір ай өткенде «қайта-қайта келіп, екі ортада шаршап кеттім, енді әйелім мен қызымды үйге алып кете берейін» деп, өтініп болмаған соң, амал жоқ, кісінің баласы, рұқсатын берді. Барлық нәрсесін жинасып, қызын көлікке жайғастырып, Ақбаланы өзі түйе жүн салып арнайы тігіп берген қызыл көрпесіне орап, Саяның алдына берді. Байқап жүруін, баланы тоңдырып алмауын әбден тапсырды. Көлік жүріп кеткенде жүрек тұсы шым ете қалды. «Кішкентай жүрек» бар қызықты алып кеткендей, Айбар екеуі үйге де кіргісі келмей, далада, солардың кеткен жолына қарап, біраз тұрып қалды. Желтоқсанның ызғарлы түні салқын. Амалсыз ішке кірді. Екеуінде де үн жоқ. Үй бос қалған сияқты. Бұрын қалай өмір сүргенбіз деп ойлады. Жатса да, тұрса да көз алдында «кішкентай жүрек». Құдіретіңнен айналайын, сонша тәтті болармысың, кішкентай сәбиім! – деп жүріп, Толқын сәби жатқан бөлмені жинап, ретке келтірді. Жатқан жастығын, жаялықтарын иіскеп қояды. Қолына кигізетін қолғабы жастықтың астында қалып қойыпты. Бетіне тигізіп, елтіп, иіскеп жүрді біразға дейін.

Арада үш күн өтер-өтпесте «кішкентай жүректі» сағынып, Айбар мен Толқын қызының есігін қағып тұрды. Сая да әке-шешесінің келгеніне қуанып қалды. Тәжірибесі аз, көп нәрсені біле бермейтіні белгілі. Ақбала ұйықтап жатыр екен.

  • Бесікке жатқан бала таза, ұйқысы тыныш болады, өзіңе де жақсы, біз бесікті алып келдік, жабдығының бәрін жаңадан тігіп әкелдім, – деді Толқын.
  • Ой, мама, қазір ешкім бесікке салмайды ғой, елден ұят емес пе?
  • Ұяты несі, бәрің де осы әкең жатқан бесікте жатып өстіңдер ғой. Бұл көк бесік – қасиетті бесік, өте жайлы. Сенбесең, жатқызып көрші. Алпыс жыл бұрын әкеңе үлкен атамыз арнайы ұстаға жасатқан екен. Бұған кім жатпады. Әкеңнен кейінгі бауырларының бәрі. Олардың балалары, түгелі жатты, бәрі аман-есен өсті. Екі ағаң да, олардың балалары да, өзің де осы көк бесікте өстіңдер.
  • Жарайды, көреміз, – дей салды Сая көңілі үшін.

Кешке жұмыстан келген Асқарға бесікке салу туралы әңгіме ұнаған жоқ.

  • Қойыңыздаршы, баланы байлап тастаған деген немене ол, обал емес пе?!
  • Қазір шомылдырғаннан кейін жатқызып көрейік, бесік дайындаған бар еңбегімді зая кетірмеңдер, – деді Толқын жай ғана назын айтып.

Кешкісін жаялықтарының бәрін дайындап, майлайтын майына дейін жылытып қасына қойып, баланы тұзды суға жуындырып алды. Майлап, созып, дереу дайын бесікке сала қойды Толқын. Сәби қыңқ деген жоқ, біраз еміп алды да, бір жайлылықты сезініп, тәтті ұйқыға кетті.

Ертеңгісін ертелеу оянып алған Толқын қалай болды екен деп те алаңдады. Оянып, күйеуіне шай қойып жүрген қызынан сұрады.

  • Сол жатқаннан әлі ұйықтап жатыр, мама, жаңа оятып емізіп алдым, – деп қызы мәз, күйеу бала да риза.
  • Әне, айттым ғой сендерге, бұл қасиетті бесік, – деп, Толқын да еңбегі еш кетпегеніне қатты қуанды. Көп желпіне бермейтін Айбар да бұл әңгімеге араласып:
  • Маған арнайы атам шеберге тапсырыс беріп жасатқан бесік қой бұл,  – деді.

Міне, осылай «кішкентай жүрек» бесікке үйреніп-ақ кетті. Ұйқысы келіп быжылдап кеткенде бесікке сала қойса, екі қолын екі жағына түзу қойып, «о, жаттым-ау әйтеуір» дегендей, ұйқыға кетеді.

Қырқынан шығатын күн де жетті. Сол кезеңде Асқар командировкаға кететін болды. Оны күтсе, қырқынан шығаратын уақыт өтіп кетеді. «Өздерің өткізе беріңдер» – деп, рұқсатын берген соң, екі ағасы мен жақын-жуықтарын шақырып, Сая дастарқан жасады. Әке-шешесі де осында келген болатын. Бір ағасына сәбидің қырқын шашын алдырып, бір ағасына қолы шебер болсын деп ырымдап тырнағын алғызды. Келген қонақтардың ішінде мамасының жамағайыны болып келетін Гүлнар атты келіншек майлап-сылап, шомылдырып, бәрі жабылып тілек айта отырып қырық қасық су құйып, оның ішіне күміс тиын салып, тағы бір әке жағының жақындары Айгүл атты әйел бесікке салу рәсімін жасады. Кішкентай балалар «тыштыма» жинап, мәз-мәйрам. Ән-жырға, әзіл-қалжыңға бөленген шағын шілдехана түннің бір уағына дейін созылды. Бесікке салуды көптен көрмегендерін айтып, риза болып жатыр келгендер.

Міне, «кішкентай жүрек» осылай қырқынан шықты. Ол бұл күні де жақсы ұйықтады.

Күндер осылай өтіп жатты. Ақбала жайлап өсіп келеді. Апасы мен атасын жазбай таниды. Жылыұшырап, қуанып күледі. Өзі бір ерекше сүйкімді қыз. Қағілез болады деп қояды апасы.

Енді күнде емес, күн аралатып түсіретін болды суға. Баланың бала болуы оңай ма? Кейде жылайды, іші ауырып шырылдап кетеді. Мына жерім ауырып тұр деп айта алмайды, шырылдап жылай береді. Ондайда апасының жаны қоса шығып кетердей: осы бала ауырғанша, өзім ауырғаным жақсырақ болар еді, – дейді шын жаны ашып. Әйтеуір білген ырым-сырымын жасап жатқаны. Адыраспанмен аластап, маңдайына күйе жағып, әлек боп жүргені. Бесікке әбден үйренген Ақбала шырылдап кеткенде, бесікке салғанда жаны жай табады. «Бөле мені!» дегендей екі қолын жанына қойып, «Уһ» деп дыбыс шығарған да күні болған. Бесікті дайындаудың өзі апасы үшін бір мәртебе. Бір тарыдай нәрсе сәбиінің денесіне батпасын деп, сипап отырып, асықпай жасайды.

Бесіктен шешкенде тоңбасын деп, жұқалап қана жүн салып, жеп-жеңіл жұқа матадан кеудеше тігіп берді. Бесіктен керіліп-созылып, жып-жылы болып оянған баланы дереу жылы жаялыққа орай салып, осы кеудешені кигізіп қояды. Осынау кіп-кішкентай жүрек егде жасқа келіп қалған Толқынның санасын жаулап алғандай, көрмесе кәдімгідей сағынады, алаңдайды. Есіл-дерті сол жақта. Қалаға жиі келіп жүргенінің біреуін айтып, біреуін айтпай жүрсе де, ұлдары сезіп жүргендей. «Тағы келіп қайтыпсыздар ғой, бізге неге соқпадыңыздар?!» дегенде Толқын да, Айбар да ыңғайсызданып-ақ қалады. «Сендердің балаларың үлкен ғой, мыналар әлі жас, баласы кішкентай, аздап көмектесеміз» деп түсіндірген болады. Дегенмен жиі келетінін өздері де сезіп жүр.

Бесікті тербеп отырып, «Бесік жырын» айтады. Елең етіп тыңдап, сол әлдимен ұйықтайды. Санасында саңылау, бойында бір қасиет бар деп ойлайды апасы. Өнерге жақын болар, бәлкім!

Осындай тәтті қиялмен қалғып кеткен екен, ұйықтап жатқан сәбидің шықылықтап күлгенінен оянып кетті. Алғашында түсінбей, селт етіп қарады да, артынша тез есіне түсіп, «шалықтап жатыр, періштелері күлдіріп жатыр ғой» деп, сәбиге сүйсіне қарап қойды.

Таза ауада жақсы ұйықтайды. Арбасына жатқызып күн жылымық тартқалы далаға жиі шығарып жүр. Шыға салып, ұйықтап қалады. Екі-үш сағат ұйықтайтын да кезі бар. Өте қабаттап қалың кигенді ұнатпайды. Оған ұнайтыны жұмсақ та жеңіл, апасының тіккен көрпесі.

Мамырлап мамыр айы да келді. Әр қылығына масайрап күндердің зуылдап өтіп жатқанын да, «кішкентай жүректің» бес айға толғанын да байқамай қалды. Аяғымен жер тіреп, ептеп басатын болды. Қылығы күннен-күнге шығып, тіпті тәтті болып барады. Бар жұмысты ысырып қойып, қолдары қалт еткенде атасы мен апасы Ақбалаға келеді. Оларға жердің тайғанағы да, боран, жауын-шашыны да бөгет бола алмайды. Бірінші кезекте «кішкентай жүрек». Кейде ұлының үйіне қонып қалғанда, биік үйдің терезесінен қарап, басқаларға білдірмей: «Әнебір көп үйлердің ішінде менің «кішкентай жүрегім» бар деп, іштей сағынып та, қуанып та қалады. Ертеңгі оны көретін күнге асығады. Ол да кіргеннен біле қояды, киіндіруді де күтпей, далаға апар деп ұмтылады. Көңілін қимай, далаға апарып, қыдыртып, бірнеше сағаттан кейін бір-ақ оралады. Шықылықтап күліп, қылық шығарып, кетерде қабағын түйіп, жібермей қояды. Ұйықтаған соң ғана болмаса, оған дейін шығуға рұқсат жоқ.

Жастыққа сүйеніп, ептеп отыра бастады. Далаға шығарып, көгалдың үстінде жалаңаяқ көтеріп тұрса, өзі жүгіріп бара жатқандай «зытады» кеп. «Міне, өзім жүгіріп барам ғой, көрдіңдер ме?» дегендей құлақтары қалқиып, қарап тұрғандарға бұрылып тұрып, мақтанып қарайды.

Алты айға толған күнін әкесі кафеде атап өтті. Сол күні апасы алғаш қызыл ала қыздың көйлегін сыйға тартты. Оны кигізіп, айнаға қаратқанда ол «әйәй» деп қатты қуанған болатын.

Ең сүйікті адамдарымен ең алғаш кафеде отырған оған да ұнаған болу керек. Сәкіге қойылған үстелді жағалап, үстел үстін қолымен шапаттап, мәз болды да қалды. Маусым айы, күн жылы. Табиғат тамылжып тұр. Аспанда бір түйір бұлт жоқ. Жерге төсеніш төсеп жата кеткің-ақ келеді.

Бұған да жетті. Ертесіне бәрі саяжай жаққа барып демалуды ұйғарды. Күннің көзіне жылынып тұрған шелектегі суды көргені сол, қолын созып ұмтыла берген соң, Сая шешіндірді де, қызын судың ішіне сала қойды. Суға түсуді қатты жақсы көретін ол шапаттап бір мәз болсын. Тіпті шыққысы келмейді. Алдап-сулап әрең шығарып алған Сая киіндіріп көгалға төсеніш төсеп, үстіне қоя берді. Бұл кең жерді, таза ауаны Ақбала қатты ұнатты. Жерде жатып, жылжуды үйренді. Таза ауада тіпті бала жақсы ұйықтайды ғой. Тамаққа да тәбеті шауып, нағашы ағаларының балаларымен ойнап бір масайрап қалды. Жаңа піскен өріктен де жеп, бітіріп қойып, қайта сұрады.

Текемет жайылған, көрпешелер төселген тапшанда бәрі самауырдың шайын ішіп, отқа піскен тамақ жеп, піскен өріктерді талдан сілкіп түсіріп, жәшіктерге теріп салып жүрген немерелеріне қарап Толқын «Тәуба!» деп қойды ішінен.

Қалаға бір келгенде атасы мен апасы тамақ ішкенде отыратын балаларға арналған үстел әкеп берді. «Қуанса, бала қуансын» деген, өзіне арнап әкелгенін сезінген Ақбала екі қолын шапаттап, көздері жайнап, қатты қуанды. Ешкімге тәуелді болмай, өзім жеке отырып тамақ жейтін болдым-ау дер еді, тілі бар болса. Бірақ соны айта алмаса да, көзімен ұқтырды.

Мың түрлі қылық ашып, Ақбала қыркүйекте тоғыз айға толды. Бөлме-бөлмеде еңбектеп, жортып жүр. Тым ерке. Ойыншықтарын жақсы көреді, маңына жинап қойғанды ұнатады. Келген сайын бір ойыншық, қуыршақ алып келетін апасын да тым жақсы көреді. Әр әкелген нәрсеге қуана біледі.

Атасының үйіне келсе, кеткісі келмей қалатыны бар. Қолын бұлғап әке-шешесіне «кете беріңдер, мен осы жерде, таза ауада қаламын» дегендей қылық көрсетеді. Жақсы көргенді бала да біледі, өзінің жайы қай жерде болатынын олар да сезеді екен ғой. Ақбала анасы заттарының бәрін жинап, «ал кетеміз!» дегенде жүгіріп барып төрдегі төсекке жата салып, кішкентай қолдарын сермеп, қоштаса бастайды. Бұл қылығына апасы қатты риза.

Тіпті тастап кетсе, қала беретін де түрі бар. Бірақ қалдырмайды ғой…

Толқынның ойына ата-енесінің қолында өскен үлкен ұлы түсті. Бұларға келгісі келмейтін. Бір күні жаңадан шана сатып алып, «жүр, үйге барайық, саған жаңа шана сатып алдық, өте әдемі» деп қызықтырса да, барғысы келмей: «Бұл жақта да шанам бар» деп, ескі, тозығы жеткен шанасын айтып, теріс бұрылып кететін еді.

 

  • Осында келсем, уақытында асымды ішіп, жуынып-шайынып жақсы болып қаламын. Үйде Ақбала шай ішкізбейді, түк істей алмаймын, – дейді Сая кейде шешесіне шағынып.
  • Е, балам-ай, сендердің күндерің жақсы ғой. Арқан-арқан кір жуып, даладан отын әкеп, от жағып, үйіңді жылытып, самауыр қойып жатқан жоқсыңдар! Менің шешем марқұм тоғыз баланы қалай өсірді екен?! Арқан-арқан апта сайын кір жуатын, баланың жаялығын айтпағанда. Таң атпай тұрып, үйге бір құшақ отын кіргізіп, от жағып, үйді жылытып барып, бізді бұрқылдап самауырда қайнап тұрған шайға оятатын. Пеште сүт пісулі, тамақ істеулі. Шешем марқұм үлгермеймін деп айтпаушы еді. Даладағы малды жайғау, сиыр сауу былай тұрсын, бізді киіндіріп, шашымызды өріп сабаққа жібереді ғой.

Сенің өзіңді қалай өсірдім, Шығыстың боранды күндері қанша өртеп жақсақ та, үй жылынбайтын. Сен ол кезде қырқыңнан да шыққан жоқсың, ағаң жүрмейді, араларың өте жиі. Екі жүрмейтін баланы суық үйде қалай баққанымды сен қайдан білесің? Памперс деген жоқ ол кезде, кірді қолмен жуамыз, жуған жаялықтар кеппейді. Бойымыз жылынбай, қабат-қабат киіммен жүреміз. Сенің жаялығыңды ауыстырам дегенше, тісің тісіңе тимей, еріндерің көгеріп, қалшылдап қалатынсың. Сол жылы көмір өте нашар болды. Өзіміз бір немістің үйінде пәтерде тұрамыз. Тәуба де! – деп, қызын өткен күнді еске салу арқылы тәубаға шақырды.

  • Ия, сенің басыңда өз үйің, астыңда көлігің, жылы төсегің, отың жағулы, кірің жуулы, сүтің сауулы, наның пісулі – одан артық не керек. Керек затыңды тіпті үйіңе әкеп береді.

Сая ойланып қалды.

Ақбала он бір айында жүре бастады. Ата-анасына қуаныш сыйлаған алғашқы қадамы басталды! Жүргеніне өзі де мәз.

Кішкентай кілемге отырып, салған төсектің төсенішіне жармасып отырып алып, сүйре деп тұрмай қоятын әдеті бар. Тіпті тазикке отырғызып сүйре дейтінді де шығарды. Сосын атасы картон жәшікке дөңгелек салып, үйге кіріп келгенде, одан бақытты жан жоқ еді. Атасы машина мінгізгендей болды. Көрпеше төселген «бортына» отырып алады, сүйресең, қуанып, шықылықтап күліп мәз болады. Біршама сөздер біледі. Тілі ерте шығады-ау, біраз сөздер біледі, — деп ойлады апасы. Дені сау, ұйқысы тыныш. Ол ұйықтағанда шыбынның ызыңы естілердей үнсіздік орнайды. Аяғының ұшымен жүреді бәрі. Ұялы телефонның бәрін өшіріледі. Есіктің қоңырауы ажыратылады. Ол ұйықтап жатқанда бұл үйге адам кіру мүмкін де емес, келген адам далада тұрып қалуы мүмкін. Бір жаққа баратын болса да, төсектен жұлып алып, киіндіре салып, жолға шыққан емес. Ұйықтайтын уақыты да бұзылып көрмепті. Сәбилердің ұйқысы бұзылмау керек деген қағиданы жақсы ұстанады шешесі. Ол төсектен құлап кететін болса, тау құлап кеткендей, үйде азан-қазан жүгіріс болады. Жан-жағының бәріне жастық қойып, қайта-қайта қарап отырады Сая да, Асқар да.

Осы кезде Толқынның ойына тағы да балаларының кішкентай кезі түсті.

Жас кезі, 23-24 жас арасы. Ауылдың шет жағында бір қарт әйелдің қоржын тамында пәтер жалдап тұрып жатқан кезі. Ауылға қызықты кинолар келеді. Бұлардың да әдемі киініп алып, елмен бірге қызықты киноларға барғысы келеді. Бірде балаларды ұйықтатып тастап, (ең кішкентайы бесікте) жолдасымен бірге киноға келеді. Клуб та жап-жақын жер емес. Кезекке тұрып билет алып, ішке кіргеннен кейін киноның қызығына кірген адам бәрін ұмытып кетпей ме?! Кино бітті деген жазу шыққанда, балаларын ұйықтатып, сыртынан жауып кеткені есіне жаңа түскендей, күйеуі екеуі үйге қарай асығады. Кино тым ұзақ болды, оянып кетпеді ме екен деген күдікпен жаны жай таппай келеді. Үйге жақындаған сайын есі шығып, әрнені ойлап, дегбірлері қашып кеткен. Күйеуі сыр бермей келе жатқаны болмаса, оның да ойы он саққа бөлініп, жүгіріп-жүгіріп қояды. Толқын қолы дірілдеп, есіктің кілтін жайлап аша бастады. Асыққанда ол да ашыла қоймайтын сияқты көрінді. Құрсын, бұдан кейін балаларды иен тастап ешқайда бармаймын деп өзіне-өзі іштей серт берді.

Кіргенде тып-тыныш ұйықтап жатқан балаларын көргенде, көңілі орнына түсіп, қара сорпа болған маңдайын орамалмен сүртті. «Не деген ақымақ едім», – деді іштей. Тәуба, Аллаға мың да бір шүкір. Оянып кетіп, жылап қалса қайтер едім, ортаншысы төсектен құлап қалса, не болады?! – деп, зәресі қалмай, ақылы енді кіргендей, тәубасына бір келгені бар. Періштелері қорғап қалған ғой, – деп, өзін-өзі ұзақ жұбатты. Бірақ одан кейін де бір қайталады. Жұмысқа шықпақ болып, декреттік демалыстан кейін жұмыс орнына барып сөйлесуге кеткенде, кішісін бесікке таңып, ұйықтатып кетті. «Оянса, тербет» деп үлкеніне қатты тапсырды. Жұмысқа шығатын болып, бір ай істесем де, балаларыма киім болсын деп келісіп, үйге асығып қайтып келгенде кіші ұлының бесіктен басы салбырап жатқанын көрді. Төсекке шығып алып, секіріп, айта алмай «ы, ы» деп тұрған үш жастағы үлкен ұлын көріп, дереу жүгіріп келіп, бесіктің белбеуін шешкенде, көкпеңбек боп кеткен бала әрең тыныс алып жатты. Сәл болмағанда ауа жетпей, өліп кетуі мүмкін еді ғой. «Құдай сақтап қалды мені, құдай сақтап қалды!» – деп, айқай салып жылап, үйді басына көшірді. Бұл жылаумен бірге іштегі бар күйзелісін, шерін шығарып жатқандай еді. Үлкен ұлы інісінің басын көтеріп, қайта жастыққа салуға шамасы келмеген секілді. Бір сұмдықты сезіп, төсекке шығып секіріп, әлі тілі шықпаған бала ымдап көрсете берді.

Осыларды ойласа, Толқынның жүрегі ауырып кетеді. Әттең, шешесінің алыста екені есіне түсіп, қамығады. Ал, мен қызыма жақынмын ғой. Қарап бер десе қашпайын, – деп бекінді.

 

***

 

Қапалақтап қар жауып тұр. Ертең Ақбаланың бір жасқа толатын күні! Ақбаланың да, әке-шешесінің де қуанышында шек жоқ, ата-апасы да балаша қуануда. Атасы жалтыраған жап-жаңа 200 теңгеліктен «Ақбала» деп жазды қызыл пүлішпен қапталған фанерге. Ол тіпті көздің жауын алады. Апасы бастан-аяқ қазақша киім тікті. Билейтін музыкалы қуыршағы тағы бар. Әке-шешесі өзі отырып жүргізетін қып-қызыл машина сыйлады. Оған аулада қызықпаған бала жоқ. Машинаның артынан шұбап, бір сипап көргендеріне мәз боп жүргені.

Саяның дайындығы тіпті ерекше. Ілетін баннер, аяғының астына төсейтін «ақ жол» төсеніш. Той бастар, бомбенерки, т.б. дүниенің шарын үрлеп, мейрамхананың бір қабырғасын толтырды.

Тойға жақын-жуықтар жиналды. Тұсау кесу рәсімі басталды. Ақбаланың тұсауын өнер адамының біріне кескізіп, бері қарай тәй-тәй бастырып, тұсау кесу өлеңімен ақ жайманың үстімен жүргізіп әкеп, алдын ала қойылып қойған заттарды таңдау басталды. Ақбала ақ жібекпен жүріп келіп, жайлап отырды да, қайсысын таңдауды біраз ойланды. Қайсысын таңдасам екен деп, қарап отыр. Елдің айқай-шуы, қуанышы оған да әсер етіп, көздері бал-бұл жайнайды. Балалар туралы кітап, жиырма мыңдық бүтін ақша, домбыра, көліктің кілті, апасы әкелген билейтін қуыршақ, т.б. бәріне бір-бір қарап алды да, домбыраға қол созды. Осыным дұрыс болды-ау дегендей, шешесіне қарап қойып, екі қолып шапалақтап, өзі қоса қуанды.

  • Өнерлі бол, ботам!
  • Талабыңа жет!
  • Атақты домбырашы бол!
  • Нағашыңа тартқан әртіс бол! – деген қуанышты тілектер жан жақтан естіліп, у да, шу болды да кетті. Толқын жерден көтеріп алып, бетінен сүйіп тұрып:
  • Күнім менің, бір жасың құтты болсын! Талабыңа нұр жаусын! деді шын ниетімен риза болып.

Анасы да, өзі де аппақ көйлек киіп алған Ақбала күндегіден де сүйкімді болып кеткендей.

Толқын апасы бір жерге сүрініп қалмасын деп, бір сәтке де жанынан шығарған жоқ.

Бір жасқа толуға арналған тұсаукесер той өте қызықты, сән-салтанатты өтті. Келген екі жақтың құдалары ән тыңдап, жарасымды әзіл-қалжың, ақжарма тілек айтып, суретке түсіп көңілді тарады.

Бір жастағы Ақбаланың сол күнгі қылықтары, туған күнінің қуанышын сезінуі ерекше еді. Кейбір балалар тұсауын кесерде жылап, қонақтардың есін шығарып, үйді басына көшіріп жатады ғой. Бұл осының бәрі болу керек екенін алдын ала білетіндей, бала да болса, өзі үлес қосып жүргендей көрінді. Үстіндегі ақ шатырдай әдемі ақ көйлегін былғамай, ақ үлпілдек жүні бар ақ топлиін бабымен аялап басады. Басындағы ақ үкілі ободогы да жарасып кеткен. Суретке де күлімсіреп, әдемі түскен.

Ақбала кішкентайынан құстарға, жан-жануарға, күшік-мысықтарға құмар. Анасымен далаға шыққан сайын кептерлер мен торғайларға жем бергенді ұнатады. Олар да бұдан қашпай, қасына үймелеп алады. Қуыршақтарын да өте аялап ұстайды. Мысық сувенирді «фым-фым мияу» деп атады. Тілінің келгені сол. Бертін, тілі шыққанда қуыршақтарының бәріне ат қойып шығатын.

«Қызыл телпек», «Мақтақыз», қазақша киімі бар қуыршағына «Қамажай», орыс қуыршағына «Маша», т.б.

Олармен ойнауы да, тізіп қойып, кішкентай жастықтарын салып, жатқызып, үстін жауып, біраздан кейін тұрғызып «тамақ беруі» – бәрі-бәрі қызық болатын. Оларға сөйлеп отырып, анасының өзіне айтқан сөздерін айтқанда, «Мамам маған сөйтіп айтады ғой» деп, өзі күліп жіберетін.

Баланың ойлау қабілетін, миын дамытатын ойыншықтарды көп әпереді. Оның бәрін әп-сәтте құрап үйреніп алады. Ерінбей құрақ құрайтын апасы сияқты сол құрап ойнайтын конструкторлардың бәрін құрап болмай, тамаққа келмейтін. Суретті картиналарды бояғанды жақсы көреді. Бірақ сол қолымен ұстайтыны апасын ойландырады. Солақай болғалы тұр-ау, бірақ солақайларды зорлап, оңқай жасауға болмайды деуші еді ғой деп, әрі-сәрі күй кешеді.

Өзінің екінші ұлын солақай болып кетпесін деп, тамақ ішерде сол қолын байлап қоятыны есіне түсті. Соған әдеттеніп кеткен баласы, тамаққа отырғанда, «Мама, қолымды байла» деп сол қолын ұсынып тұратын. Ол сонымен оңқай болып, үйреніп кетті. Ақбаланың қолын байлауға ата-анасының құлқы жоқ.

Ақбала екіге таяп қалған кез. Аяқ астынан Сая жұмысын жалғастырмақ болып, әке-шешесінің үйіне келді. Асқар болса қалада бұрынғыша жұмысын істей береді. Мұны күтпеген Толқын мен Айбар абдырап қалса да, бір бөлмені түгелдей босатып, Сая мен Ақбаланы орналастырды. Бұлар Ақбаланың жанында болатынына қатты қуанып жүр. Ол былдырлап неше түрліні айтады. Жартылай көшіріп әкелген Асқар Ақбала қызының төсегін де ұмытпапты. Әрине, бұл үйде баланың төсегі табылмайды, басқасының бәрі бар ғой. Бөлмені тазалап жуып шыққан Толқын адыраспанмен аластауды да ұмытқан жоқ. Ертесін ерте Сая тұрмыс құрмай тұрғанда қатарынан 5-6 жыл жұмыс істеген қызметіне кетті. Декреттік демалысын баланың үш жасына дейін жалғастыруына болатын еді. Ақшадан қысылды ма екен деген де ой келді Толқынға. Бірақ үндеген жоқ. Өйткені Ақбала жанында.

Анасына әбден бауыр басқан, ерке Ақбаланы қарай алам ба деген ой Толқынды түнімен мазалап шықты. Бірақ өзіне сенімді сияқты болды. Анасы жұмысқа кетті. Сәби ұйықтап жатыр. Құлағы сол бөлмеге түрулі. Есікті ашып қарағысы келді. Бала жататын төсекте емес, анасымен бірге жатқан екен. Тәтті ұйқысына қызығып қарап тұрғаны сол ұйқыға сергек Ақбала көзін ашты да, дереу анасын іздеді. Ол солай үйренген. Енді қайттім деді апасы абыржып.

  • Міне, мен бармын ғой, қарашы, апаң қасыңда! – дегені сол еді, ойбайға салып, анасын іздей бастады. Ештеңеге көнбейді. Әкелген ойыншықтардың бәрін лақтырды. Толқын шынымен сасқалақтап, не істерін білмей тұрғанда қызы телефон шалды. Телефоннан анасының бейнесін көрген Ақбала одан сайын жылады.
  • Қоймаса, алып кел, – деді қызы. Мұны не қылады, жұмысына кедергі қылып. Бірнәрсе қып жұбатармын, омыраудан да таяуда әрең шығарған еді ғой, еметін емес, неменеге апарамын, – деген сияқты ойлармен арпалысып жүріп, көтеріп, ойнатып, әйтеуір, кішкене жұбатқан болды. Ортаға үлкен түйе жүн көрпені жайып, үстіне ойыншықтарды шашып, қалағанын әперіп, бір әлек болды да қалды. Күнделікті шаруасы жайына қалды. Кәмпит жеуге болмайтынын білсе де, бір жылтыр қағазы әдемі кәмпит көрсетті. Жат та жабысып, оны алып жеп алды да, қайта сұрады. Осы мүмкіндікті пайдалануды бала екеш бала да біліп тұрғанын қарашы. «Бала – тамыршы», – деуші еді, әулие екен ғой апамыз! Жақсы көретін адамдары айтқанын істейтінін әбден біліп алған екен-ау, мына «тамыршы»! – деп ойлап қойды Толқын ішінен.

Апасы бесікте жатқан бала қыңқылдап оянғанда, «қыңқ» етсе бітті жанына жетіп бармаңдар деп үйреткен. Расында кішкене қыңқылдайды да, «мені ешкім керек етпейді екен ғой, онанша ұйықтайын», – дегендей ары қарай ұйқысын жалғастыра беретінін Толқын өзінің үш баласын өсірген тәжірибесінен біледі. Бұл да менің тамырымды басып тұрғанын қарашы. Мені қанша жақсы көрсе де, анасын іздейді екен ғой. Бірге ұйықтап, иісі сіңіп, әбден бауыр басып алған бала оңайлықпен ажырасын ба? Көзінде «Мамам қайда?» деген сұрақ. Толқын жаны ашып кетіп, киіндіріп, Айбарға көлікті қыздыруын өтінді. «Мамаңа барамыз! Сосын кетесің үйіңе» дегенді естігенде, Ақбаланың секіріп, қуанғанын көрсең. Анасындай бола алмаймыз ғой, әрине, құдайым сәбилерді анасынан айырмасын! – деп ойлап келе жатып, қызының жұмыс орнына да жетіп келді.

Машинадан түсіп жатқанын терезеден көріп отырған Сая астыңғы қабатқа түсіп, алдарынан шықты. Ақбала анасының басқыштан түсіп келе жатқанын көріп, «Мама!» деп жүгіре жөнелді. Екеуінің қауышқанының өзі бір кино ғой. «Қызым, Ақбөпем» деген Сая да екі-үш сағаттың ішінде сағынып-ақ қалған екен.

Көлікке сол отырғаннан өз үйлеріне біржола кетеміз деп ойлаған болу керек, Ақбала есік алдына тоқтағанда, бір ауыз сөзімен наразылығын білдіріп қалды. «Мына үйге тағы келдік пе, ой, апа…» дегені. Қыран-топан күлкі. Ішке кіріп, атасы қызық көріп, қайта сұрады: «Ақбала, сен жаңа не дедің?»

  • Ой, құдайым-ай, мына үйге қайта келдік қой?! – деп, қолымен осы үйдің еденін нұсқап-нұсқап нығарлап сөйледі. Сөзі қатты анық болмаса да, ойын тамаша жеткізіп тұр.

Ақбаланың омыраудан шыққаны да бір үлкен оқиға. Ащы жаққанға да, ешнәрсеге көнбеген сәби, анасы әбден түсіндіріп айтқанда, болмайтынын ұғынып, емгісі келгенде, ауызын басып, егіле жылап жүріп, қиналса да, түсініп, осылай шыққан екен. Ақылыңнан айналайын, ақылды ғой менің балам, – деді естігенде апасы.

Осылай бір айдан аса уақыт өтті. Біршама үйреніп қалды, түсте Айбар Саяны алып келеді, тамағын ішіп болған соң, ұйықтатып кетіп жүр. Режимі бұзылмау керек. Бір күні өзі де қоса ұйықтап кеткен болу керек, атып тұрып, жұмыстан қалдым-ау, – деп, әкесінің машинасына отыра салып, жұмысына кетеді. Кешкісін ауырыңқырап қайтты. Толқын алаңдап, кешігіп қалып, жұмыста сөз естіп қалды ма? – деп те ойлайды. Бірақ қызы ештеңе айтпайды. Ауырып, ыстығы көтеріліп, жатып қалды. Дереу жедел жәрдем шақырды. Түпкі бөлмеде дәрігер қарап жатқанда кедергі жасамасын деп, Ақбаланы ойнатуға ас бөлмеге алып кеткен Толқынның құлағы әлденені шалып қалды.

  • Неше ай болды? – дейді дәрігер.
  • Үш ай, – дейді Сая.

Ойында ештеңе жоқ, баланы көтерген бойда Толқын ашық тұрған бөлмеге келеді.

  • Мамамдар білмейді, – деп күлді Сая.
  • Нені? – деді Толқын, бір жағы шошына.
  • А, сіз білмеуші ме едіңіз, қызыңыз тағы бір сәби әкеледі! – деп, саңқ ете қалды ақ халат киген аққұбаша келген қыз.
  • А-а, е, жақсы болған екен! – деп, Толқын да қуанышын жасыра алмай, абдырап қалды.

Сол екі ортада күйеу бала да келе қалып, бұлар қалаға біржола қайтпақ болды. Декреттік демалысын жалғастырмақ. Бұлардың не білгендері бар екенін қайдан білсін, тағы да Ақбаланы сағынатынын ойлап, кішкене көңіл күйі өзгере қалды. Артынша жаңағы жақсы жаңалық есіне түсіп, бойын қуаныш кернеді.

«Кішкентай жүрекпен» тағы да қимай қоштасып, Толқын Айбар екеуі шошайып қала берді. Олар жатқан бөлме үңірейіп тұрғандай. Көпке дейін Ақбаланың қылығын айтып, күліп, бір мәз боп алады:

Бір күні анасы түстік үзіліске келгенде көңілденген Ақбала төсегінің үстінде секіріп тұрып: «Бақа, бақа, бааааақ!

Кетпе, мама, жаттт!

Жвая ват, жвая ват,……» деп көп қайталады. Сендер мынаған не үйреткенсіңдер? – деп, Сая күлді. Сол сөздің не екенін Толқын әлі білмейді. Бала ғой, қызық, тілі келгенін айта береді.

Айтқан сөзіңді тез қағып алып, артынша қайталап айтатын. Әннің де әуенін ыңылдап екідегі бала айтып жүреді. Мұны апасы жақсылыққа жориды. Тегін бала болмайды деп ойлайды. Тілі анық болмаса да, былдырлап сөйлеп жүргені бір қызық. Қасықпен тамақты бірінің артынан бірін бере қалсаң, «нығыждама» дейтіні бар. Естігені ғой.

«Бартолита қораз» мультфилімін қойғызып, соның ішіндегі жан-жануарлардың дауысын салып, дауысын дұрыс таба алмаған әтешке кәдімгідей күйініп, ең соңында өз дауысын тапқанына сүйініп, қол шапалақтайды. Небір құрайтын ойыншықтардан биік-биік пирамида жасайды. Бір көргенін еш ұмытпайды.

Екі жарым жасынан бастап үйлеріне жақын жердегі балалар бақшасына барды. Көпке дейін үйрене алмай, ол жақта ұйықтай алмай, тамақтарын да жемей жүрді.

Сөйтіп жүргенде бұл жаз Ақбаланың өміріне де, ата-анасына да бір жақсы жаңалық әкелген жаз болды. Ақбала інілі болды! Анасы ауруханаға кеткенде, апасы қарады. Балабақшаға бауыр басып кете алмай жүргенде анасының қасынан кеткені Ақбалаға ауырлау тиді. Мамам қашан келеді? – деп, көп сұрайды. Апасы жағдайын жасап, ертегі айтып, «мамаң кішкентай ләлә әкеледі, той жасаймыз» деп, қуансын, алдансын деп, неше түрлі әңгіме айтады. «Бесік жырын» тыңдап жатып, ыңылдап өзі қоса айтады да, ұйықтап қалады.

Үйге кішкентай сәби келгенде Ақбаланың психологиясында бір өзгеріс пайда болғаны көпе-көрнеу байқалып тұрды. Бөпені ысырып қойып, анасының қойнына өзі жатып алатын болды. Оны шомылдырып, сылап-сипап жатқанда да, «мен де шомылайыншы» дегенді шығарды. Біразға дейін үйрене алмай, ел көзін ала бере итеріңкіреп қойып жүрді. Бала ғой, ақылы кіргенде жақсы көріп кетеді, барлық жағдай өзіне жасалып, көңілдің бәрі өзіне ғана бөлінгенге үйреніп кеткен. Енді үйіне кеше ғана келген бір кішкентай балаға бәрінің ықыласы ойысып кетіп, елдің бәрінің назары соған ауғанына қызғаныштық танытып тұрғанын түсінуге болады, – деп апасы бәрібір Ақбаланың сөзін сөйлеп тұратын.

  • Апа, – деді, бір күні апасының құлағына сыбырлап, – Әлиханды сендер алып кетіңдерші, сонда мамам мені ғана еркелетеді ғой демесі бар ма?!

— Сіз келсеңіз қатты еркелеп кетеді дегенді шығарды Сая. Ақбаланың апасын арқаланатыны рас. Бар өнерін көрсетіп, билеп, өлең айтып, елдің назарын өзіне аударғысы келіп тұрады. Апасы әрбір ісіне көңіл бөледі, мақтайды, білмегенін үйретеді, қыдыртады. Қолына ілінген жақсы нәрсесін Ақбаланың қолына ұстатады. Сосын неге жаман көрсін апасын. Атасын да жақсы көреді, соңынан кірсе, келмей қалды ма екен деп іздейді.

Үшке таяған кезде «Әліппе» кітабындағы әріптің таңбаларымен қойылған суреттің бәрін тауып, шамасының келгенінше атап шығады. Қандай жаңа ән шықса, соны телефоннан тауып, қойғызады. Соған билейді. «Жылтыр көйлек», үнді әуені «Жми-жми, ача ача», т.б

Ақбаланың үш жасы өзінің үйінде тойланды. Анасы неше түрін пісіріп, мол дастарқан жасап, барын қойып, құндақтағы сәбимен – төртеуі ғана атап өтті. Дастарқанның да, қабырға түгел әшекейдің де, түрлі-түсті шардың да Ақбалаға қажеті шамалы болып отырғанын алысқа қыдырап кеткен апасының іші сезді. Көңілсіздеу отырған немересін көріп, бізді іздеп отыр-ау, оған атасы мен апасы ғана жетпей тұр, жаным-ай! – деп, дәл осы кезде төркініне кете қалғанына өкінді. Бірақ бармасқа болмады ғой. Туған әпкесі жетпіске толып жатса…

Бірақ ол жақтан Ақбалаға арнап ең үлкен дүкенге арнайы барып, әдемі, көкпеңбек етегі желбіреген, сәнді бантигі бар көйлек сатып алды. Қасында үлкен көзі бар «Лола» деген қуыршақ. Пойыздан түсісімен атасы мен апасы бірден осында тартты. Құйып қойғандай көк көйлекті, көзі танадай әдемі қуыршақты көргенде Ақбаланың көзі жайнап сала берді. Оларды былай қоя салып екеуін алма кезек құшақтап, беттерінен сүюді де ұмытқан жоқ.

  • Апа, ата, рақмет! – деп, қолын кеудесіне қойып, басын иіп, алғысын білдірді. Бұл қылығына дән риза болған бұлар, Ақбаладан туған күніне келе алмағаны үшін кешірім сұрады.
  • Сендерді көп күттім ғой, ұйықтайтын уақытқа дейін күттім, – деді.
  • Білдім ғой, жаным-ау! Осы ең әдемі көйлек пен әдемі қуыршақты көп іздеп жүріп қалдым емес пе?! – дейді апасы.
  • Бүгін сенің қасыңа жатайыншы, апа, сағынып кеттім!
  • Жарайды, дегенің болсын!

Төсегін көтеріп әкеп, апасының қасына жатты. Әбден сағынып қалыпты. Қайта-қайта құшақтай береді. Арқасын сипап жатып, бесік жырын айтып жатқанда, «апа, кетіп қалмаңдаршы» деп өтініш білдірді.

  • Кетпеймін, қозым, ұйықтай қой! – дерін десе де, үнемі уәдесінде тұра алмайтыны жанына батты. Кетіп қалғаннан кейін ол қатты іздейді екен. Тіпті егіліп жылап алады дейді. «Апамдар неге кетіп қала береді, мен оларды жақсы көрем ғой, осында неге тұра бермейді» дейді екен. Баламысың деген… апасының үйі-жайы бар екенін, оның да өзіндік шаруасы болатынын қайдан білсін кішкентай балақан.

Жалпы, Ақбала көпшілікті жақсы көреді. Апасы есіктен кіріп келгендегі тыпырлап, шешінгенше шыдамай, құшақтай алады.

  • Қоя тұр, балам, қолымды жуып алайын, даладан келдім ғой, – дегенде барып,
  • Ия, апа, қолыңды жуып ал, сабындап жу, сосын мына орамалға сүрт, – деп, тазалықты жақсы көретін Ақбала өзі бастап кетеді.

 

Осы кейінгі кезде Ақбаланың ақылы кіріп: Әлихан менің бауырым, ол жақсы, алып кетпей-ақ қойшы, апа, өзім бағамын, – дейтін болыпты. Оны бесікте жатып жыласа, тербетеді. Сылдырмақ сылдырлатып, жұбатады.

Бір күні апасы өз ойын алаңынан жалықты ма деп Ақбаланы келесі арт жақтағы аулаға ойнатып алып барды. Сол кезде сөйлеп қалған бір қыз жандарына келіп, танысқысы келетінін айтты. Оның да аты «Ақбала» екен. Аттас болғаны ұнады ма, әлде сол қызды шынымен жақсы көріп қалды ма, екеуі тез тіл табысып, ойнап кетті. Ол бұған би билеуді үйретті. Бір кезде оны анасы шақырып, қоштасып, үйіне қарай жүгіріп кетті. Ертесіне де, одан кейін де шығып, ол қызды қайта кезіктіре алмады. «Апа, сол аулаға барайықшы!» деп, көпке дейін іздеп жүрді.

Сол кезде «Балқия» деген өлең хит болып, елдің бәрі айтып жүрген кез еді. Ақбала бір-екі естігенде-ақ жаттап алған. Мәнерін келтіріп, өте әдемі орындайды. Әнді орындаушыны да біледі. Апасы ұмытып қалып, Бабай-Қорған ба десе, жоқ, апа, «Ұлан Ғасыр» ғой, — деп, жөндеп қояды ынта-шынтасымен.

Бір күні аталарының үйіне қыдырып келгенде, ішінді Ұлан Ғасыр «Балқияны» айтатын концерт келетін болыпты. Ондай жақсы нөмірді соңына таман қоятыны белгілі ғой. Концерттің басынан аяғына дейін шыдап, сол әнші шыққанда сахнаға қоса шығып, сол орындаушы жігітпен бірге тұрып өлең айтты. Елдің бәрі қол соғып, бір тамаша көңіл күймен үйге қайтты. «Мен сөйтіп айттым ғой» деп масаттанып, қайтарда көліктің ішінде де емін-еркін әндете жөнелетін.

 

«Алло» деген Ерке Есмахан айтатын өлеңді үтір-нүктесіне дейін қалдырмай айтып береді. Әнді бұзбай айтады.

Балабақшада мынау қасымдағы баланікі, мынау Айдардікі, мынау Гүләйімнің тақпағы деп, бүкіл жаңа жылға арналған ертеңгіліктің тақпақтарын айтып, аяғында, «Осымен ертеңгілігіміз аяқталды», – деп, басын иіп, сәлемін жасап, бір-ақ аяқтайтын. Тәрбиешісі дән риза болып: «Басқа балалар өз тақпақтарын жаттай алмай кібіртіктеп қалса, «апай, мен айта салайыншы» — деп, қолын көтеріп тұрады Ақбала, бәрінікін жаттап алған» – дейді. Оны естігенде апасының жүрегі жарылып кете жаздап қуанды, достарына айтып мақтанды.

  • Апа, есік алдына ойнауға шыққанда маған бір қыздар орысша сөйлейді, мен оларға қазақша жауап бердім, олар түсінеді екен, – деп келді бір күні даладан.
  • Өзіме тартқан құлыным-ау, тамыры таза қазақша байланған ботам, тілін, Отанын сүйіп өсетін, намысқой, ерекше бала боп өседі бұл, – деп, апасы тіпті желпініп кетті.

 

Бір күні ұйғыр достарының үйінде қонақта отырғанда Ақбала анасына телефон шалдырып, сөйлесе қалды. «Мынау апамдар бағана шығып еді ғой, машинамен, неге әлі келмей жатыр, – деп, алаңдап отыр. Олар келгенше босағадағы шкафта отыра берем», — деп түспей отыр деп, Сая ұялы телефонды қызына бере қойды.

  • Апа, қайдасыңдар, мен сендерді күтіп отырмын, тез келіңдерші!
  • Ботатайым, біз Имамдунның үйіндеміз, біраздан кейін барамыз.
  • Ой, апа, мимо дома не істеп жүрсіңдер, кірмейсіңдер ме дегені…

Ішегі қатып күлген бұлар «Құлыным күтіп қалды ғой, қайтайық» — деп, тез жинала бастады.

 

Жаздың жайма-шуақ күндерінің бірінде түнделетіп Сая балаларын алып, әке-шешесіне бірнеше күнге қыдырып келді. Түнделетіп әкеп тастамасам, ертең жұмыс қой деп, кеш келгендеріне ақталғандай болған күйеу балалары тамақ ішіп болған соң қайтып кетті.

Ақбаланың қуанышында шек жоқ, кіргеннен апасын құшақтап, бетінен сүйіп, өзі де бетін сүйгізіп, аузын жаппай әңгімесін айтып қарық болды да қалды.

  • Апа, білесің бе, жолда келе жатып, небір ақымақтарды көрдік қой, бізге қарап жарығын жағып қояды да, түк көрсетпей, «өшір» деп әкем белгі берсе, өшірмейді, ақымақ екен өздері деп қояды екпіндеп.
  • Қой, үлкен адамдарды ақымақ деуге бола ма, кім айтты саған оларды ақымақ деп, ұят болады олай айтпа!
  • Апа, оны папам айтты, «мыналар таза ақымақ екен ғой» – деп ыза болды. Мен өзім де алдыңғы орындықта отырып көрдім ғой, олардың жап-жарық жарығынан көзімді аша алмай қалдым, сосын көзімді жұмып алдым. Ал, папам да мен сияқты көзін жұмып алса, көлікті қайтіп жүргізеді?! – деп, бой бермей, өзінің сөзін дәлелдеуге тырысты. Ия, алдыңғы жақта өзінің арнайы орындығында отырған немересіне де әсер етіп, жайсыздық тудырған жүргізушілерді апасы да іштей ұнатпай қалды. Әкесі жүргізуші болған соң ба, Ақбала жол бойындағы жол жүру таяқшаларындағы ережелердің барлығын біледі. Жолда ақымақтар көп болды, апа, бірақ осы жақта жоқ екен, – деп, қашанда апасы мен атасы мекендеген қаланы мақтай жөнелетін әдетіне басты.Ең жақсы жер – осы жер, бұл жерде атамдар бар, ауасы тап-таза, бөлмелері кең, ұйықтағанда жақсы ұйықтаймын. Далаға шығып ойнағанда, бір нәрсем далада қалып қалды ма деп қорықпайсың, даланың бәрі өзіміздің аула, қанша ойнаймыз десек те өз еркіміз. Өзіміз кіріп-шыға аламыз. Ойнайтын құмымыз бар. Мен құмды жақсы көрем, – деп, айтып бола бергені сол, бір жұмыстарымен гаражға кеткен атасы кіріп келді. Қолында кішкентай сүп-сүйкімді бала күшігі бар. Басында байқамай, атасының келгеніне қуанып тұрған Ақбала күшікті көргенде, тіпті есі шығып кетті.Ой, қандай әдемі, маған берші, ата, рақмет саған! Ой, ой! Қандай сүйкімді. Менің күшігім болсыншы! Мама, өтінем, алып кетейікші, өзім-ақ қараймынға басты. Күшікті бауырына басып, қатты ұнатып қалғанын сезген апасы дереу даладағы жылып тұрған суларды тазикке құйып, кір сабынмен әбден сабындап, артынан шампуньмен жуындырып алды. Қоңыр күшік, тіпті құлпырып кетті. Жүні жұп-жұмсақ, жылтырап тұр. Расында адам қызығардай. Ақбала үйді ұмытты. Сол күшіктің қасында, апасы далаға кең қып жайып қойған текеметтің үстінде ойнап отыр. Күшікті бауырынан да қызғана бастады. Бұл менікі, атам маған әкелді ғой.Ата, бұл күшікке мен ат қояйыншы, – деді жүгіріп кеп. Бауырының атын атасы азан шақырып қойғанда көргенін есіне сақтап қалған болу керек. Бәрімізді жинап: «Қараңдар, мен күшікке ат қояйын деп жатырмын, — деді де, күшіктің құлағына «Сенің атың – Қоңыртай» деп, үш рет айқайламасы бар ма! – Қоңыр ғой, ия, апа?! – дейді апасына қарап, бұным дұрыс па дегендей. Мұны күтпеген үй ішіндегілер:Әрине, әрине, дұрыс! – деп, қол шапалақтап жіберді.

Қоңыртайына арнайы ыдыс дайындап, оған сүт құйып, ішіне нан турап берді. Ол жеп алды.

Сенің де қарның ашты ғой, ішке кіріп сен де тамақ ішіп ал, қазір күшікпен ойнауға шамаң келмей қалады , – деген жөн сөзге тоқтап, тамағын ішіп алып, қайта шықты. Ол кезде атасы әдемілеп Қоңыртайға ұя жасап жатты. Ұя біткенше Ақбала қарап жүрді. Атасы ұяның төбесіне көкпеңбек оракалмен «Қоңыртай» деп жазып қойды. Оған Ақбала секіріп қуанды. Ішіне жұмсақтап кішкентай кілемше төседі. Әбден шаршаған болу керек жайлы ұяға кірісімен қоңыр күшік ұйықтап қалды. Осы кезде Ақбала да ұйқыға кеткен еді.

  • Жақсы болды ғой, ұя жасағандарың, болмаса, Ақбала бірге алып жатам деп, әлек болар еді, – деді Сая әкесіне ризашылығын білдіріп.
  • Бәрін қойшы, мұны енді алып кетем деп қиғылық салады ғой, оны ойладыңдар ма? – деді апасы.
  • Ой, сол да уайым болды ма, жиі-жиі апарып тұрамыз, сендердің үйлерің тар, үйге кіргізуге болмайды, далаға қойсақ, жоғалып кетеді ғой, – десек түсінеді, Ақбала ақылды ғой, – деді атасы.

Қоңыр күшік пайда болғалы Ақбаланың мінезі күрт өзгерді. Мейірімді, жоқтан өзгеге жыламайтын, бауырына қамқор, жүрегі бір қуанышты сезіп, жанары жарқылдап, жүзі бал-бұл жайнап, ұйықтап жатып та күлімсіреп жататын болды.

Атасы уәдесінде тұрып, Ақбала сағынып жүрген шығар деп, жәшікке салып Қоңыртайды алып барды. Қатты сағынып қалыпты. Атасына рақметін жаудырды. Жәшіктен шығарып алып, үлкендер шай ішіп отырғанда, апарып, диванның алдына жерге төсек салып жатқызып қойыпты. Ол аяқтарын созып, көсіліп рақаттанып ұйықтап жатыр. Әбден жуындырып әкелгеніне қуанған Толқын: Білдім ғой мен, осылай бас салатынын, — деп айтқанмен де, ит баласын үйге кіргізуге болмайтынын біледі. Оянысымен қайта жәшігіне салды.

Кішкентай Әлихан оны желкесінен ұстап, көтеріп алады, ол не біледі, ойыншық екен деп ойлап жүрген шығар. Оны көргенде Ақбала шырылдап қоя береді. – Жібер, жібер, Әлихан, ауырады ғой. Ол жылайды қазір, жіберші, өзіме бер, – деп жалынады.

Осылай апарып жүрді де, кейін өсіңкіреп кеткесін апармайтын болды. Бірақ күшігімді сағындым дегенде апасы телефонмен көрсетіп жүрді.

Ой, Қоңыртайым-ау, өсіп кетіпсің ғой, кішкентааай боп менің алақаныма ғана сыюшы едің ғой, қалай үлкейіп кеткенсің?! – дейді, ол бір түсінетіндей. Дегенмен анда-санда келгенде ойнап, бірге жүгіріп, сықылықтап күліп, қарық боп қалады.

«Кішкентай ғана жүрегімнің» жүрегі де нәзік-ау деп ойлады апасы.

 

Р.S

 

Бүгін Ақбаланың жеке концерті болады, мама, сіздерді арнайы шақырып отыр, барасыздар ма?! – деген Саяның жарқын-жарқын шыққан дауысы тым көңілді естілді.Әрине, қызым-ау, неге бармаймын, міндетті түрде барамын! – деді Толқын орнынан жеңіл көтеріліп. – Арманына жеткен алтыным-ау, өзі телефон шалып, сізге бірінші айтып тұрмын, — деп еді кеше. Барамын, көремін! Көптен күткен қуанышын неге бөліспеске! – деп, қарт әже тіпті толқып кетті. Қуаныштың жасын қолындағы бет орамалымен сүртіп қояды.Кішкентайынан бойына сіңген, қанымен келген өнер ақыры, міне, жарқ етіп жарып шықты. Аңқылдаған алтын құлыным, өнерің үстем болсын, сенің биігіңді көрсем деуші едім, енді арманым жоқ, тәубе, тәубе! Е, Аллам, қазір алсаң да ризамын! Ақбаламды тіл-көзден сақтай көр! – деп, қарт әже асыға басып, үйінің есігінен шығып келе жатты.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *