ҒЫЛЫМНАН ТАПҚАН БАҚЫТЫН…
Ғабдул-Сәбит Юсупов,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Кемел Тоқаев атындағы детектив жанрының Республикалық конкурстарының бірнеше дүркін жүлдегері, Қаратал ауданының құрметті азаматы.
ЖЕТІСУДЫҢ ЖАЙСАҢ ЖАНДАРЫ…
Жер жәннаты – Жетісу жері – қазақ елінің алтын қазына – бренді десек, еш артық айтқандық емес. Оның ішінде айбынды да, айдынды Алакөл аймағының орыны ерекше.
Осы орайда, өзінің туып — өскен қасиетті жері — Алакөл туралы батыл да, ақиық ақын ағамыз Сәкен Иманасов мынандай өлең жолдарын арнаған:
Таудан төмен құлап таңда,
Ақтың елді аралай.
Кішігірім бұлақтарға,
Құрақ, талға қарамай.
Алакөлдің бақша-бағы,
Ауызын ашып ақ таңда,
Айдынында ақ шабағы,
Асыр салып жатқанда.
Күтіп алып қырдағы елі,
Құтты өзенім-қойны асыл.
Жағаңда сан тұрған еді,
Қызығыңа тоймас ұл…
Енді бұл ерекше өңірдің қожайыны — адамдарының тыныс — тірліктерін тілге тиек етіп, аз-кем шолу жасасақ…
Елге есімі әйгілі меценат Бауыржан Оспанов, зейнеттегі педогог, қазір ауылшаруашылығы саласының кәсіпкерлері Кастай Төлегенүлы, Мақан Оспанов, Төлеухан Төлегенов, балық шаруашылығының майталман маманы, жоғары білімді экономист – кәсіпкер – меценат Жәйіл Абдрахманов өзінің адал еңбегінің арқасында, «Құрмет» Орденімен, тағы басқа көптеген төсбелгілермен марапатталған. «Ат тұяғын — тай басар» демекші, Жәкеңнің тұңғыш ұлы, техника ғылымдарының кандидаты Асқын Абдрахманов газ-мұнай саласының университетін Москвадан қызыл дипломмен аяқтап, қазір мамандығы бойынша жемісті еңбек етуде.
Ел Президентінен бастап, мүйізі қарағайдай Министрлер, ғалымдар мен инженерлер, тіпті, аспан әлемін шарлаған космонавттардың барлығының жетістіктері — «ұстаз» атты қасиетті де, мәртебелі мамандық иелерінің алдын көріп, солардың берген білімі мен тәлім-тәрбиесінің мәуелі жемісі.
Алакөл аудан бойынша, Қазақ ССР-не еңбегі сіңген 4 мұғалім: Болысбек Оспанов пен Күлімхан Наурызова, Гүлжиһан Темірғалиева, Николай Межинский. СССР халық ағарту ісінің озаттары да төртеу: З. Өмірова, Е. Хамзанов, Гүлжиһан Темірғалиева және И.М. Гноевых. Ленин, «Құрмет белгісі» және Еңбек Қызыл Ту Орден иегерлері: А. Ысмайылов, М. Мыңбаев, Б. Жақыпбекова, майдангер ұстаз Ә.Тиірменов, К. Шәріпова, Н. Межинский және Р. Қуатов, тағы да басқа көптеген ұстаздар қандай құрметке болса да лайық ұстаздар.
Ақын-жазушылардан: ақиық ақын, қоғам қайраткері Сәкен Иманасов, Қастек Баянбаев, Әнуар Әлімжанов, Тоқтар Бейісқұлов, Валентина Зайцева, Тұрсынбек Жабаев, танымал ақын, қоғам қайраткері Ахмет Кендірбек өз шығармашылық еңбектерімен елге танымал тұлғалар.
Енді негізгі тақырыпқа кезек берсек, өзімнің туып-өскен ауылымнан түлеп ұшқан сыныптас досым — ғалым-инженер, профессор, техника ғылымының докторы, академик Өмірсерік Жортуылұлы Жортуылов туралы сөз қозғасақ…
ҒЫЛЫМДЫ ӨМІРІНЕ СЕРІК ЕТКЕН…
«Ғылымы жоқ елдің болашағы да жоқ»
(Ахмет Байтұрсынов)

Өмісерік ЖОРТУЫЛОВ – техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылық ғылым Академиясының Академигі, Қазақ Ауылшаруашылығын механикаландыру ғылыми — өндірістік орталығының ауылшаруашылық техникаларын сынау, жем—шөп дайындау жұмыстарын механикаландыру зертханасының меңгерушісі. Ауылшаруашылығы Қоғамдық академиясының корреспондент – мүшесі. Жаңа техникалары үшін Мәскеудегі ХШЖК – нің (ВДНХ) күміс және қола медальдарымен және «КСРО өнертапқышы» белгісімен марапатталған. 135 ғылыми еңбегі жарық көрген, 35 КСРО авторлық куәліктердің, ҚР патенттерінің авторы. Оның жетекшілігімен 2 докторлық және 7 кандидаттық диссертация қорғалған.
Өмірсерік Жортуылұлы Қазақ ауылшаруашылығы институтына 1965 — жылы түсіп, 1970 — жылы қызыл дипломмен тәмамдаған. 1983 — жылы Ауылшаруашылығы саласының техника ғылымының кандидаты атағын, 1995 – жылы докторлық диссертациясын қорғаған.
Алтын ұя – мекенім…
Қайда жүрсең ата мекен,
Көкейіңде жатады екен.
Күннің өзі ұясына,
Қимай оны батады екен…
(«Атамекен» ән жолдарынан)
… Жер — су, мекен, қаншама қазба байлықтың бәрін адам баласы үшін қойынында сақтап жатқан, жарықтық — жер шарының әлем картасында кішкентай ғана ноқат болып түскен ата мекенім — айдынды Алакөл аймағы – ай, десеңші! «Әркімнің туып — өскен жері – Мысыр шаһары» демекші, сол айбынды Алакөлдің Бұлақты (бұрынғы Обуховка) ауылының толарсақтан келетін қою шаңын бұрқырата кешіп жүрген қызықты күндеріміз-ай, шіркін!
Жер тамның көлеңкесінде екіленіп, рахаттана ләңгі теуіп, Сабырбай, Жұрқабай, Бейсенбай, Атамбай аталар үй салғандағы ойған құдықтарының лай суына ақ таңертеңнен ұзақ түскеннен, түс мезгілінің күннің шыжыған ыстығында тісіміз тісімізге тимей жаурап, асыр сала ойнақтай жүгірген қайран балалық шағымыз-ай…Тезірек үйдегі аналарымыз бен апаларымыздың айранға шылап қойған талқанын қомағайлана асауға асыға шапқан балдай балалық шақтың байқатпай, аққан жұлдыздай зу етіп өте шығатынын кім білген, құдіреті күшті Құдайым — ау…
Алтын ұя – мектепке «тарыдай болып» кіргеніміз күні кеше ғана сияқты еді, он бір жыл шәкірттік қимас, тәтті тірлігіміз аяқталып, енді міне, сол ыстық ұядан «таудай болып» ұшып шығатын уақыт туып үлгеріпті…
…1965 — жылдың, ағаштары жасыл жапырақ жайып, ойды да, қырды да қызылды — жасылды гүлге бөлеген, табиғат — ана түрлене сұлуланып, әдемілік әлемі мен кестелі өрнектің үйлесімін тал бойына молынан жиған жан жадыратар жазы.
Айбынды да, айдынды көл — Алакөлдің атымен аталған ауданның Бұлақты ауылындағы (бұрынғы Обуховка ауылы) соғыс және еңбек ардагері, ел — жұртқа сыйлы, мейірімді, майдангер азамат — Нұрғалиев Жортуыл ағаның ат шаптырым ауласынан көңілді музыка мен жастардың жарыса шырқаған, бірде көңілді, бірде жүректі тербеген мұңлы ән әуендері кешкі тынық ауамен көк жүзіне жайымен өрлеп, жымың қаққан жұлдыздардың тылсым әлеміне сіңіп жоғалып жатыр. Жастар тап бүгінгі күні шырқамай қайтсін, билемей қалай шыдасын! Мектеп атты қасиетті де, киелі шаңырақа тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан, он бір жыл мектеп партасында бірге отырып, білім нәрімен суарылған достардың қоштасу кеші өтіп жатса… Күйтабақ дамылсыз айналып, дауысы күміс қоңыраудай сыңғырлаған Робертино Лореттидің шарықтата шырқаған «Мама», «Уточка и мак» әндеріне қыз-жігіт боп жұптасып, сезімге беріле, жәйімен ғана танго билесе, «Каникулы любви», үндінің: «Жими-жими-жими, ача – ача — ача» деп төгілген музыкасының қан қыздырар әуеніне, жастар емес пе, қызбаланып, шалт қимылмен, тойған лақша ойнақтай билеп жүр. Міне, «Вальс королі» атағын халықтың өзі берген, жастың да кәрінің де сүйіктісіне айналған Шәмші Қалдаяқов ағамыздың «Арыс жағасында», «Бақыт құшағында», «Сырласу вальсі» сынды әндерінің жүректі жаулаған сазды да, сиқырлы әуеніне елітіп, шыр айнала билеген жастар үнсіз ғана, бір нәзік сезімге бөленіп, белгісіз мұң құшағына еніп кеткен.
Түн жамылып келеміз, айсыз ашық аспан,
Төбемізде жұлдыздар үнсіз жымыңдасқан.
Бара жатқан зымырап байқалмайды уақыт,
Бұл не деген қуаныш, бұл не деген бақыт…
Армандары асқар Алатаудай биік, Алакөлдің жағаға ұрған жал-жал толқынындай жастық жігерлері бойларын кернеген бұлар жиырма сегіз еді. Тап осы сәттің таусылмасын қалап, қол алысып, қоштасуға асықпай, қимас сезімге бөленген сол жиырма сегіз бірдей жас өреннің алдыларында өмірдің даңғыл жолдары да, сан салалы соқпақтары да, бұралаң бұрылыстары мен өткел бермес асулары да мол екендігі айдай анық-ты…
Сол армандары асқақ, талаптары таудай өреннің бірі де, бірегейі – өзімнің ауылдас қана емес, сыныптас досым Өмірсерік Жортуылов. Мектеп табалдырығын аттағаннан кілең «бес» деген бағамен оқып, алтын ұя – мектепті бітірерде «Алтын медальға» ұсынылған түлек.
«Уақыт» атты еш тоқтамға бағынбайтын, сынап сынды зырылдаған өлшем неткен жүйрік десеңші! Сол бір қимас сәттің сағындырып, көзден бұлбұл ұшып, ғайып болғанына биыл алпыс бір жыл толып үлгеріпті — ау! Бұл дегенің — бір адам өмірінің орташа жасы! Ия, бәрі-бәрі күні кеше ғана болғандай, көз алдымда сайрап тұр…
ЕҢБЕКТЕН, ІЗДЕНУДЕН ЖАЛЫҚПАҒАН…
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен еңбегің екі жақтап!
(Абай хакім)
1972 — жылы Отан алдындағы әскери борышын, аға лейтенант дәрежесінде өтеп келгеннен бастап, Өмірсерік Жортуылұлының еңбек жолы Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми зерттеу институтымен тікелей байланысты. Ол инженер-конструктор, аспирант, кіші, аға ғылыми қызметкерлер, ауыл шаруашылық техникасын сынау орталығының бастығы, жайылымдарды жақсарту және жем-шөп дайындау зертханаларының меңгерушісі лауазымдарында қызмет атқарды. Талмай талпыну, терең ізденіс пен ерен еңбекқорлық қасиеттер әке қанымен бірге бойына берік қалыптасқан Өмекеңнің сол қасиеттерінің жемісі – 1983 –жылы «Ауылшаруашылығы өндірісін механикаландыру» мамандығы бойынша кандидаттық атағын қорғады. Ал, 1995 — жылы докторлық диссертациясын қорғап, 2001 жылы оған профессор атағы берілді. Докторлық диссертациясының тақырыбы – «Мәдени жайылымды қоршауға арналған жасалымгерлікті негіздеу және оның техникалық құралдарын жасау». Ө. Жортуыловтың ғылыми зерттеу жұмыстары табиғи жәйілімдерді жақсарту, жабайы шөп тұқымдарын себу, қоршау және осы жерлерде жайылым ауыстыру жұмыстарын пайдалану арқылы олардың тозып, айналымнан шығып қалуын тоқтатуға бағытталған. Ғалым осы еңбектерінде аталмыш проблемаларды шешудің ғылыми — әдістемелік негізі қаланып, оларды өндіріске пайдалану жолдары, жайылымды қоршаудың оңтайлы технологиясы мен техникалық жабдықтары негізделді және осы машиналардың негізгі параметрлері анықталды. Жыйылымды сыммен және тормен қоршауды орнататын 7 қондырғыдан тұратын машиналар жинақтары жасалды. Қазақтың машина сынау станциясында бұрғылау қондырғысы, шұңқыр қазғыш, сымдардан тор жасайтын МИСИ — 8 машина, бағана орнататын және торды бағана араларына тартатын машиналары мемлекеттік сынақтардан өтіп, өндіріске еңгізілді. Осы жасалған жаңа техникалар үшін, ол Кеңес одағы халық жетістіктері көрмесінің күміс және қола медальдарымен, «ҚСРО өнертапқышы» белгісімен марапатталды. Профессор Өмірсерік Жортуылов қазақ еліндегі мал азығын жинау және дайындау саласындағы ірі ғалымдардың бірі ғана емес, бірегейі. Ол жабайы өсетін өсімдіктердің тұқымын жинайтын машиналардың, жем-шөпті орама және түк түрінде тығыздап жинайтын техникалық құралдарында қолданылатын ерекше жаңа механизмдерін зерттеп, негіздейтін ғылыми мектебін құрды. Өмекең шәкірттерімен бірігіп, ауылшаруашылығы машиналарының мынандай түрлерін жасап шығарды: Өсімдіктердің тұқымы мен жапырақтарын жинайтын машина, жоңышқа жапырақтарын кептіргіш, КС-2,1Ж бір білікті шөп шапқыш; ПР – 400 В және ПР – 400 ВИ орама жинағыш-тығыздағыш; ПТ-160 шөпті түктеп тығыздағыш; КП — 3,0 шөп шапқыш — жаныштағыш, КАП — 4,0 шөп шапқыш агрегаты. Негізгі машиналар мен қондырғылар алдын — ала қабылдау сынақтарынан өтіп, ауыл шаруашылығы саласына енгізіліп жатыр. Машиналардың ерекшеліктері: КП-3,0 шөп шапқыш — жаныштағышы, КС-2,1Ж бірбілікті шөп шапқыш және КАП-4,0 шөпшапқыш агрегаты екі бір білікті шөп шапқыш мөдулінен тұратын кесу пышақтарды жылжытатын шатуны жоқ жаңа беріліс механизмімен жабдықталған. Соның арқасында, олар шөпті таза, сапалы шабады, шөпшапқыштың сенімді жұмыс істеуі артады. Сонғы екі шөпшапқыштар рельефтің тегіс емес, еңісті табиғи шөп шалғынында қолдануға болады.ПТ-160 және Пр-400В орама жинағыш — тығыздағыштар үйкелістен тозып тез істен шығатын детальдарсыз жаңа шөп жинайтын механизмімен жабдықталған. ПТ-160 шөп тығыздағыш техникасы ауыл шаруашылығында, ертеректен бері қолданылып келе жатқан, Қырғызстанда жасап шығарылған түктегіштің жетілген түрі. Мұнда құрылысы қарапайымдандырылған жаңа тісті өзгерткіш қолданылған, ал ПР – 400 ВИ тығыздағышы шөп турайтын механизмімен жабдықталған. Осындай негізгі машиналар мен қондырғылардың жаңалықтары ҚР инновациялық патенттерімен қорғалған.
Өмірсерік Жортуылұлының ерекше өнертабыстары: параллель орнатылған бірнеше білікті айналдыратын және айналмалы қозғалысты түзу қозғалыска өзгертетін механизмдер ҚР №649,1273 патенттерімен қорғалған. Ойлап табылған жаңа механизмдер ауылшаруашылығы машиналарының көптеген түрлерінде пайдаланылуда. Соның нәтижесінде, қозғалыс механизмдерінің пайдалы әсер коэфициентін 1,5 — 1,7 есеге дейін жоғарылатуға, сол арқылы технологиялық процесстерге жұмсалатын энергия шығынды да 1,5 — 1,7 есеге азайтуга мүмкіндік туды.
Доктор Жортуыловтың жетекшілігімен мал азығын дайындайтын машиналар жасауға бірнеше жобалар іске асырылды. Осы атқарылған қыруар істерінің арасында ол 210-нан астам ғылыми еңбек жазды, оның ішінде 3 кітап және 50-ден астам ҚСРО авторлық куәліктері мен ҚР алдын-ала және инновациялық патенттері.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген дұрыс бір түсінік бар. Өмірсерік Жортуылұлы ғалым дайындауға, шәкірттерінің білім дәрежесін жетілдіруге зор көңіл болып отыр. Оның жетекшілік етуімен 2 докторлық диссертация, 1 PhD докторлық, 7 кандидаттық диссертациялар қорғалды, 3 магистр дайындалды. 15 жыл бойы (1995-2010 ж.ж.) КазАШМӘҒЗИ — на қарасты диссертациялық Кеңестің мүшесі ретінде үлкен жұмыстар атқарды.
Өмекең бірнеше халықаралық ғылыми — тәжірибелік конференциялардың жұмысына қатысып, белсене ат салысу арқылы білімін, еңбек тәжрибесін байытуға да уақыт таба білетін — ді. Мәселен, 1999 жылы Израил мемлекетінде ауылшаруашылығын механикаландыру саласындағы халықаралық курста оқып, өзінің білімін жетілдірді.
Профессор Өмірсерік Жортуылұлының ғылыми — зерттеу жұмыстарының нәтижесі — практикалық жағынан өте құнды және өндірісте кеңінен қолданыс тауып отыр.
«Еңбек ет те, міндет ет» дейді атам қазақ. Бірақ, Өмекең атқарған қыруар еңбегін міндет етіп, атаққұмар әлдебіреулер сияқты, «Бәке», «Сәке» деп, тамыр -таныстарды жағалауды өзінің Азаматтығына ар санайды. Ешқашан емексіп, сый құрмет дәметкен де, сұраған да емес. Ол 1997-1998 жылдары техниканы дамытуға қосқан ерекше еңбегі үшін тағайындалған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері атанды.Ұзақ жылдардағы адал еңбегі және ауыл шаруашылығына жаңа технология мен техниканы жетілдіріп, өндіріске енгізуге лайықты үлес қосқаны үшін «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалін алды. Болды! Басқа марапат жоқ!
Қазіргі кезде жайылым жерлерді жақсарту және жем -шөп дайындау зертханасында бас ғылыми қызметкер болып істейтін академик Жортуылов әрдайым творчестволық ізденіс үстінде, 1 PhD докторанттың және 3 магистрант-тардың ғылыми жетекшісі. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыты: жоғары сапалы мал азығын дайындау технологияларының үрдістерін атқаруға арналған машиналардың оңтайлы параметрлерін негіздеу. Орта белінен шабылған жоңышқа жапырақтарын тығыздап, орамаға тайлау, синтетикалық пленкамен орап жоғары сапалы пішендеме дайындайтын, шөп тұкымын, жапырағын тарап жинайтын машиналардың, жоғары сапалы шөп ұнын және олардан түйіршік азық жасайтын техникалық жабдықтардың тәжірибелік жаңа үлгілерін жасау және одан әрі жетілдіре түсу болып табылады…
…Осы орайда, аталмыш очерк авторының ҚР — ның ауылшаруашылық Министрлігі басшылығына айтар ерекше даты бар! Ондағы ауыздарын айға білейтін шікірейген шенеуніктер «жыламаған балаға емшек бермейді» тәмсілін берік ұстайды — ау, шамасы! Өмірсерік Жортуылұлының барлық саналы ғұмырын Қазақстан ауылшаруашылығы саласы мен ғылымына, ғалым даярлау, білімді де, білікті маман тәрбиелеу ісіне қосқан зор үлесін білмейді деймісіз. Елге пәлендей еңбегі сіңбеген, бірақ: «Бәке», «Сәкелеп» жүгіріп, ебін тапқандардың жоғары марапат алып, желдей есіп жүргенін көріп отырмыз…
Апырай, бұған не дерсің! Не айтса да, жеріне жеткізе, алмас кездіктей кесіп айтатын Шер — ағам – Шерхан Мұртаза айтпақшы «бір кем дүние…!»
ТЕКТІДЕН ТЕКТІ ТУАР…
Қазақ аталарымыз баяғыда: «Тектіден текті туар, тегіне тартып» деген орынды тәмсілді айтып кеткен емес пе?! Сол айтқандай, Өмірсерік досымның жоғары адамгершілігі, адам баласына деген мейірімі, іскерлігі, ізденімпаз – білімділігі мен ерен еңбекқорлық қабілеттері-оған аспаннан кездейсоқ түсіп қалған қасиеттер дейсіз бе?! «Жоқтан – бар болмайды, бар қасиет жоғалып кетпейді» деген аксиоманы өзіміз физика пәнінен дәріс берген Жомарт Ихсанов ағайымыздың ауызынан естіп, ойға тоқыдық емес пе?! Ендеше, «Өмекеңе жоғарыда айтылған асыл қасиеттер, оның сұңғыла әкесі — Жортуыл Нұрғалиұлының қаны арқылы дарыған» деген анықтаманы жасқанбай айта аламыз. Жортуыл әкейдің, дүниенің астан кестеңін шығарған «ашаршылық» атты топалаңды, бейбіт заман кезінде көрген, майдан даласында ажалмен айқасып, ерлік жасай жүріп, қанына сіңірген ерекшеліктер – оның тұла бойы тұңғышы – Өмірсерікке әкесінің қаны, яғни ғылыми тілмен айтқанда – гендік қасиеттері арқылы берілген» демеске әддің (шараң) қайсы?!

Жортуыл НҰРҒАЛИЕВ
Олай болса, ендігі сөздің кезегін – асыл әкенің барлық асыл қасиеттерін тұла бойына сіңіріп өскен, оның өмірінің жалғасы, қазіргі таңда, әулеттің сенімді, берік тірегі болып отырған Өмірсеріктің, Отан соғысының майдангері, асқар таудай әкесі — Нұрғалиұлы Жортуыл жайында өрбітсек…
Жортуыл ағаның өмірдерегі:
Ж. Нұрғалиев — жер жәннаты — Жетісу өлкесінің Алматы облысы Алакөл ауданы Жалғызағаш ауылында 1915 – жылдың 2 — қаңтарында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. КПСС мүшесі, партиялық стажы 1942 жылдың мамыр айынан басталады. Партбилет №07373245.
Білімі — орта. Алакөл ауданы Жайпақ ауылының Сталин атындағы жеті жылдық мектебін сырттай оқып,1947-жылы бітірген. Осы ауданның орталығы Үшарал ауылында алты айлық колхоз бухгалтерлерін дайындайтын курсын бітірген.
ЛКСМ Орталық комитеті жанындағы Алматы қаласындағы 6 айлық насихатшы курсын 1937 — жылы тәмамдаған.
Бір жылдық колхоз төрағаларын қайта даярлау курсын Талгар – ауыл шаруашылығы техникумынан1952 – жылы үздік бітіріп, колхоздың өндіріс ұйымының технигі мамандығын алып шыққан. №22-куәлігі.Орта деңгейлі ауыл шаруашылығы колхоздарының төрағасын дайындайтын үш жылдық мектепте сырттай оқып, (1953-1956 – жылдар) кіші агроном мамандығын алып шыққан. Диплом №158594.
Еңбек жолы:
- 1930 жылдың тамыз айынан 1931 жылдың қаңтар айына дейн Ынталы колхозының бухгалтері;
- 1931 жылдың ақпанынан 1933 жылдың тамыз айына дейін Жайпак ауылдық советінің хатшысы;
- 1933 жылдың тамыз айынан 1934 жылдың май айына дейін Социалды колхозының төрағасы;
- 1934 жылдың май айынан 1937 жыылдың сәуір айына дейін Бірлік колхозының бухгалтері;
- 1937 жылдың сәуір айынан 1938 жылдың тамыз айына дейін Алакөл аудандық комсомол комитетінің тұрақты насихаттаушысы;
6. 1938 жылдың тамыз айынан 1940 жылдың май айына дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің аудандық жер бөлімінің нұсқаушысы – есепшісі
- 1940 жылдың май айынан 1945 жылдың май айына дейін Совет Армиясында әскери қызмет;
- 1945 жылдың май айынан 1946 жылдың наурыз айына дейін Қазақстан КП(б) Алакөл аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы;
- 1946 жылдың наурыз айынан 1951 жылдың қараша айына дейін Ынталы колхозының төрағасы;
- 1951 жылдың қараша айынан 1952 жылдың қазан айына дейін колхоз төрағалдарын қайта даярлау мектебінің сырттай бөлім оқушысы – Алматы облысы, Іле ауданы Талгар станциясы.
- 1952 жылдың қазан айынан 1955 жылдың қыркүйек айына дейін Сталин колхозының төрағасы;
- 1955 жылдың қазан айынан 1956 жылдың қазан айына дейін Сталин колхозының МТФ меңгерушісі;
- 1956 май -1956 қыркүйек – Орта деңгейлі ауыл шаруашылығы колхоздарының төрағаларын дайындайтын үш жылдық сырттай оқу мектебі;
- 1956 қараша-1957 наурыз – Алакөл аудандық қаржы бөлімінің салық инспекторы;
- 1957 наурыз -1958 қазан – «Красное знамя» колхозының мал шаруашылығы жөніндегі төрағасының орынбасары;
- 1958 желтоқсан-1960 сәуір — Сталин атындағы колхоздың бастауыш партия ұйымының хатшысы;
- 1960 сәуір -1962 жылдың шілде айына дейін Бескөл ауылдық кеңесінің төрағасы;
- 1962 жылдың тамыз айынан Бескөл қой совхозы бөлімше меңгерушісі;
Әскери және саяси қызметтері:
1940 — тамыз -1941 қарашасы аралығында Иран ислам Мемлекетінде Совет Армиясы құрамында әскери қызмет.
1942 – жылдың сәуір айында Лисечанск -Ворошилоград
бағытындағы майданға кірді. Харьков, Ростов, Солтүстік Кавказ майдандарындағы жан алысып, жан беріскен соғыстарға қатысқан. 1945 — жылы Керчь майданындағы шайқаста ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт емделуден соң, сол жылдың сәуір айында туған жерге оралған.
1952-1953 – жылдар аралығында КОПК Өлкелік Комитеті Пленумының мүшелігіне кандидат. 1954 -1955 – жылдары Аудандық партия Комитетінің Пленум мүшесі.
Мемлекеттік марапаттары:
Қызыл Жұлдыз Ордені – 1.10.1943.
2 дәрежелі Отан соғысы Ордені 5.11.1953.
Медальдары: «Батылдық үшін» — 10.11.1942.
1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін 9.05.1945.
1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін 6.06.1945.
Тың жерлерді игергені үшін – 20.10.1956.
«Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске жиырма жыл» мерекелік медалі – 1965 — жыл, мамыр.
Әскери шені аға сержант, ПТР командирі.
Отбасы: Әйелі Теңізбаева Зәмкен 1928 жылы туған;
Мекен жайы: Алматы облысы, Алакөл ауданы, Обуховка (қазіргі Бұлақты) ауылы, Мир көшесі 14 үй.
ЕРЕУІЛ АТҚА ЕР САЛМАЙ…
…Жер жәннаты — Жетісу өңіріндегі Кеңес Одағының Батырлары: Матай Баисов, Иван Васильевич Косенков, Есмұрат Сиқымов, Нұрсұлтан Есеболатов, Григорий Михеевич Безродных тағы да басқа от кешіп, туған Отанын қорғаған майдангерлердің қатарында, айдынды Алакөл топырағының төл баласы, Жортуыл Нұрғалиевтың есімі зор құрметпен аталады. Сұрапыл соғыс салған ауыр жарақатқа қарамастан, елге оралысымен бейбіт еңбек майданына қызу араласып кетеді. Шелектеп тер төге еңбек етуі арқылы еліне сыйлы, халқына қалаулы болған Жортуыл ағаның майдангерлік өмірін білмек үшін, сәл шегініс жасайық…
Ауыл шаруашылығы Министрлігінің Алакөл аудандық жер бөлімінде нұсқаушы – есепші лауазымында еңбек етіп жүрген Ж. Нұрғалиев 1940 жылдың мамыр айында, міндетті әскери борышын атқару үшін Кеңес Армиясы қатарына шақырылды. Әрине, ол өзінің туып — өскен жерінен әскери борышын өтеуге кетіп бара жатып, бір жылдан соң жойқын соғыстың басталатындығын, сол соғыстан туған жерге бес жылдан соң бірақ оралатындығын білген жоқ еді.
Міндетті әскери борышын ол Иран жерінде өтеді.
Өзіміз білетіндей, 1941 жылдың маусым айының 22-ші жұлдызында фашистік Германия тыныш жатқан Кеңес Одағы еліне еш себепсіз басып кірді.
«Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Егескен жауын қашырмай,
Ерлердің ісі бітер ме…?!» депжырлаған Махамбет батырша, қазақ жауынгері Жортуыл Нұрғалиев алғаш рет 1942 – жылдың сәуір айында Лисечанск-Ворошиловград бағытындағы майданға кірді. Бұдан кейін Харьков және Дондағы Ростов түбіндегі ұрыстарда шайқасты. Соғыс дегенің кинодан көргендей ме, Жөкең қаншама қанды көйлек майдандастарынан айырылды. Ауылдан бірге аттанып, астыдан ызғар өткен, төбеден ажал оғы нөсерлі жаңбыр суындай сорғалаған окоп түбінде тәуліктеп бірге жатып, бір жапырақ қара нанды қақ бөлісіп жеп, құты түбіндегі соңғы суды бөлісіп ішкен талай достары опат болды. Сол абзал достарының кегін қайтаруға өзіне ант берген жауынегер Нұрғалиев талай рет жау шабуылын қайтару ұрыстарында майдангер достарына ерліктің үлгісін көрсеттті. Талай рет майдандастарын шабуылға бастап шығып, «қазақ» деген батыр халық екенін басқа ұлт өкілдерінің алдында айқын дәлелдеп берді. Өліммен де бетпе бет келген жайды сан рет бастан өткерді. Әйтеуір, әлі тататын дәмі бар екен…
…Атақты Солтүстік Кавказ майданы. Гвардиялық танк батальоны құрамындағы аға сержант Жортуыл Нұрғалиев қызмет ететін гвардиялық атқыштар ротасы қалаға таяу шағын станция маңындағы ауқымды шоқыда қорғаныс шебін ұстап жатқан. Жау таң бозынан бері, бекініске де қолайлы, тұтқиылдан қарсы шабуыл жасауға да ыңғайлы, стратегиялық маңызы бар осы бекіністі алмаққа неше рет шабуыл жасағанымен, ротаның жауынгерлерінің қатты қарсылығына жолығып, тұмсықтары тасқа тірелген еді. Артилерияның қолдауымен жасаған жаяу әскер шабуылынан ештеңе шықпаған жау жаралы қасқырша ызаланып, түске таман танк шабуылын бастады. Фашистердің «тигр» атты бес бірдей ауыр танкісі қоңызша қаптап, ажал оғын дүркін-дүркін бүркіген бойы зырқырап келеді. Сол «қоңыздардың» қалқасымен шабуылға шыққан жау автоматшыларының қарша боратқан оғынан бас көтеру мүмкін болмай қалды. Енді болмаса, екілене ентелеген дұшпан біздің қорғаныс окоптарымызға жетіп, өздерінің арам ойлы жоспарын іске асырмақшы! Осы қарбалас сәтте, енді сәл кешіксе, бәрі кеш болатынын бағамдап үлгерген Жортуыл: «қатқаңның қу басы өтесің!» деп, тісін шықырлата кіжінген бойы окоптан басын қылтита көтерді. Алдыңғы екі танк граната лақтыратын қашықтыққа жақын қалыпты! Ауыр танкілерге қолдану үшін төрт гранатаны қосып буған жарылғышын оң қолына алып, жау танкісіне лақтыруға ыңғайлана берді. Сол арада құлақ түбінен: «Аға сержант Нұрғалиев, сол қапталдағы «қоңызды» маған қалдыр. Оң жақтағы танк сенікі!» деген взвод командирі капитан Керімбековтың әмірлі даусы саңқ ете қалды. «Құп болады!» деп, айтып үлгерген Алакөлдің жаужүрек жауынгері қарымды оң қолын жоғары көтере беріп, болат серіппеше сермеп қалды. Сол сәтте дәл тұмсықтан тиген соққыдан жаудың танкісі лап ете түсіп, қызыл жалынға оранды. Артынша взвод командирінің дәл көздеген танкісі, іле-шала үшінші бір «қоңыз» да отша лаулап жана бастады. Жаудың әккі командирлері, өздерінің үш бірдей «тигрінің» жарылғанын көріп, жүйкесі сыр берді ме, жоқ әлде дзоттан дүрбімен бақылап отырған жоғарыдағы «дәу» командирлерінен сондай бұйрық түсті ме, қалған екі танкіге жан керек екен, бұрылып алып, кейін қашты. Капитан Керімбековтың әлігіндегі жаудың шабуыл бастаушы танкісін Жортуыл Нұрғалиевтың «иелігіне» меншіктеп беруінің өзіндік сыры бар – тын. Өйткені, жаттығу кездерінде Жортуылдың қарулы қолдары, жеңіл ғана емес, бумаланған ауыр гранаталарды асықша атып, дәл тигізе алатындығына көзі жеткен болатын. Осыдан үш күн бұрынғы жау шабуылында да аға сержант Нұрғалиев дұшпанның бір «жолбарысын» жалындатып, «ыстық көрпеге» — отқа орап жіберген еді.Танк шабуылы да сәтсіз аяқталып, жаралы қасқырша ызаланған фашистер әуе шабуылын бастап кетті.
Жағалай қазылған біздің окоптардың әр жерінен «воздух» «воздух» деген взвод командирлерінің әмірлі дауыстары естіліп, жауынгерлер окоп түбіне жапатармағай етпеттерінен түсіп, жата – жата қалысты. Неше шабуылдап, тек шығын арқалап, нәтиже шығара алмағандарына ашынғандығы сондай, айналасы үш-төрт шақырымнан аспайтын біздің жауынгерлер шеп құрып жатқан қорғаныс төбесіне төрт бірдей жау самолеттері шүйлігіп кеп берді. Айналаны қолқаны қапқан көк түтін басып, бомбының қопарған жал-жал қою топырағы көкке ұшып, еш нәрсе көрінбейтін аласапыран басталып кетті. Жау бомбысының төмен қарай сорғалаған кездегі ащы дыбыстан құлақ жарғағы жарылып кетердей шыңылдап, ми айналып, аузыңа түсердей бір сұмдық сәт. Сондай жан алысып, жан беріскен шайқас үстінде жау самолетінің кезекті бір бомбасы ысқырып келіп, аға сержант Жортуыл Нұрғалиев бұқпантайлап жатқан окоптың дәл жанына түсті…
«Адам болсын, басқа болсын, әйтеуір, дүниеде асылдар аз, жалқы болады» деген ел арасында бір түсінік бар емес пе?! Бір атадан жауынгер Жортуыл Нұрғалиев еркек кіндіктен жалғыз болатын. Құдіреті күшті Құдайымның: «Нұрғали әулетінің аты өшпесін, артында ұрпақ қалсын» деген қайырымы болар, сұрапыл соғыстағы бомбылаудан денесінің сау тамтығы қалмай жарақаттанғанымен, жүрегіндегі шыбын жаны ұшып кетпей, әйтеуір, аман қалыпты. Жарты жылдай Ресейдің әскери госпиталында емделіп, жарақаты жазылар — жазылмас, сұранып жүріп қайтадан майдан даласына аттанды…
«Өлімнен қорықпаған батыл, батыр адамнан ажалдың өзі сескенеді» деген шын сөз болар, қазақтың қайсар, жаужүрек жауынгері Жортуыл Нұрғалиев, жарақатын жалап-жалап сауығып, жорыққа қайта аттанатын арлан бөріше, қайтадан қатарға қосылып отырды. Тамань жарты аралын фашистерден азат ету үшін жан алысып, жан беріскен сұрапыл айқастарға қатысып, ерліктің көкесін көрсетті. Осы кезде бүкіл Кавказ майданы бойынша біздің әскерлер жаппай шабуылға шыққан болатын. Аға сержант Ж. Нұрғалиев теңізшілер десантының құрамында Азов теңізіндегі Керчь мойнағындағы жарық дүниені астан-кестең еткен аса қатты шайқастарға қатысты. Осы бағытта екі айдай табан тірескен ауыр ұрыстар жүрді. Бұл соғыста жауынгер Жортуыл Нұрғалиев ауыр жараланып, үш ай госпитальда жатып емделді. Алайда: «Сұм фашистік Германияның күл-талқан болып күйрей жеңіліп, Берлиннің Рейхстагында біздің қасиетті қызыл Туымыздың желбірегенін көрсем» деген арманы орындалмай қалды. Ол арманына ауыр жарақаты мұрша бермей, 1945-жылдың сәуір айында сүйікті Отаны – Қазақстанның бір пұшпағы – айбынды да, айдынды Алакөліне гвардия аға сержанты Жортуыл Нұрғалиевтың кең кеудесі толы, жеңіс жырын шерткендей сыңғырлаған Орден, Медальдары бек жарасып, мерейі үстем болып оралды.
…Арада дәл үш апта уақыт өткенде, Москвадан атақты диктор Левитанның: «Фашистік Германия күл-талқан болып жеңіліп, Рейхстаг төбесіне Советтер Одағының Қызыл Туы желбіреді» деген қуанышты хабары ТАСС арқылы жарияланды. Тәуба, «Соғыс аяқталды! Біз жеңдік!» деген хабар Жөкеңнің санасында жаңғырығып, жанарынан аққан ыстық жасы омырауына ағыл-тегіл болып сорғалады. Жеңістің — Ұлы Жеңіс қуанышының көз жасы! Дәл осы сәтте қазақтың хас батыр — жаужүрек жауынгері – аға сержант Жортуыл Нұрғалиевтың көз алдынан қан — қасап майдан даласында сүйегі қалған, бір жапырақ қара нанды бөлісіп жеп, құтыдағы алюмин татыған суды бір жұтымнан кезектесіп ішкен орысы, татары, қазақ, украины мен өзбек, қырғызы бар достарының аяулы бейнесі кино лентасындай көлбеп, жәйімен жылжып өте берді. Жанарының ыстық жасы тоқталмай, сорғалап аққан күйі «Уф-ф-ф!» деп, кеуде кере, өзегін өрт шалғандай, ауыр күрсінді.
Соғыс аяқталды. Бейбіт өмір басталды. Отан қорғауға аттанған алакөлдіктердің көпшілігі қайтып оралмады…
БЕЙБІТ ЕҢБЕК МАЙДАНЫ…
Құдай – ау, атың өшкір соғыс кезіндегі ылаңның зардабы оңай ғана өше қойсын ба?! Ел-жұрт қара нанның өзін жанұядағы адам басына шаққандағы норма бойынша, кәртішкемен, ала таңнан өшіретке тұрып алған заман-ғой! Соғыс кезінде, ауылдағы Базарбек, Нұрғали, Сабырбай, Жотабай сияқты қариялар бастаған Злия, Нұрғайша, Ғиззатбану, Ақжан, Күлән, Нұрхан апалар, буыны қатпаған оқушылар, жас қыз — келіншектер күндіз колхоз алқабы мен қырманда білек сыбана еңбек еткен еді. Кешкі ас — қара нан мен қара шайларын іше салып, түн жарымына шейін, байпақ тігіп, жылы кеудеше тоқып, қолдағы бар жылы киімдерді, майданға жөнелтумен болды. Колхоздың азды-көпті қорынан азық-түлік жинап, тағы да сол майдан даласына жіберді. Бірақ, жеңіс сағаты туғанда, қарапайым халық: «тәуба, ең бастысы — біз жеңдік. Енді, бұйырса, ел-жұрттың тұрмыс–жағдайы түзеліп, аста төк күнге де жетерміз!-деп, шүкіршілік ететін. Сол үкілі үмітімен, жас демей, кәрі демей, күндіз-түні етек-жеңді түріп тастап, тер төге, ерінбестен, еселеп еңбек еткен еді. Тәуба, аудандық партия комитеті осы тұста жеңіс солдаты, коммунист Жортуыл Нұрғалиевты (1945 жылдың мамыр айында) Қазақстан КП(б) Алакөл аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы етіп тағайындады.
…Таусылып бітпейтін шаруалармен аудандағы колхоз біткенді кезек — кезек аралап жүрген майдангер жас жігіт — аудандық партия комитетінің білдей жауапты қызметкері – Жортуыл Нұрғалиев Бірлік ауылына келді. Көгілдір көктемнің алтын күні — жер бетіндегі өзекті жанға да, малға да жайлы шуағын шашып, көңілді алабұртып, әлдебір жақсылық әкелетін сияқты ма, қалай өзі… Сондай бір көтеріңкі көңілмен колхоз кеңсесіндегі шаруасын тәмамдап, енді аудан орталығына кетуге бет алған Жортуылды осы Бірлік ауылының жергілікті тұрғыны, осы шаруашылықтың іргесін сонау басынан бастап қаласқан, елге сыйлы, абыройлы ақсақал Әңгібайдың бір ауыз сөзі тоқтатты.
- Балам, ақ таңертеңнен бері осында жүрсің. Қарның да әбден ашқан шығар? Жүр, түскі асыңды біздің үйден, апаңның қолынан ішіп кет – деп, қонақжайлық танытты.
-Жақсы, аға, қарынымның бақаша шулап тұрғанын сезіп қалған екенсіз, рахмет – деген Жортуыл, ақсақалға еріп оның «қоржын бас» аталатын шағын шаңырағына келді.
-Үйіміз тарлау болғанымен, көңіліміз кең… – Ақсақал екеуі төрдегі әртүрлі оюмен өрнектелген сырмақтың үстіне салынған әдемі құрақ көрпенің үстіне жайғасқаны сол еді… Үйдің ішіне әлдеқайдан бір нұрлы шуақ төгіліп кеткендей, ерекше бір күйге түсті. Көңіл көкжиегі көкке көтеріліп кеткендей ме, әйтеуір бір жанға жайлы сезімге бөлене қалғандай жайлылықты сезінді. Сонда барып байқады: үйге сұңғақ бойлы, ақшулаң өңіне мойылдай қара көздері ерекше сұлулық сыйлап тұрған, аққу мойынды әдемі қыз кірген екен. Қызғылт түсті оюмен өрнектелген көкшіл қамзол киген арудың қыпша белі тұсынан, тізесінен төмен қарай құлаған, хас палуанның білегіндей жуан қара бұрымы қандай жарасымды! Пах-пах, неткен сұлулық — тамаша көрініс!
Алма мойынына ұласқан иығындағы, өзінің өңіндей — жаңа ғана жауған аппақ қардай орамалын ұсына беріп:
-Ағатай, қол шайыңыз – деп, оймақтай ғана, жалтыраған сары жез легенді Жөкеңнің алдына тосты. Артынша, сол ізетті қимылды әкесіне жасап, иығындағы сүлгісін ұсынды.
Салынған әдемі суреттей мына көріністен көңілі толқып, жүрегі қабынан шығып кетердей тулап кеткен майдангер жігіт жаз дидарлы жайдары жүзді қыздың бетінен жанарын дереу тайдырып әкетті. Өзі күтпеген сиқырлы көріністен көздері бұлдырап, есін жиюға мүлдем мұршасы болмай, сасқалақтап, үнсіз ойланып қалған Жөкеңді, қыздың күміс қоңыраудай сыңғырлаған жанға жайлы дауысы елең еткізді:
-Суып қалмасын, тамақ алыңыздар… – Жігіт үстел үстіне ет толған табақ қойылғанын енді ғана көрді…
«Осынша әсем ән іспетті жарасымды дауыс, сурет сынды әдемі жүзді көрініспен ұштасқан сұлулыққа елтіп, есін жия алмаған Жортуыл тамақты іше салысымен, шайға қарамай, «түскі астан соң өткізетін жиналысым бар еді…» деген сылтаумен, тез арада жирен қасқасына мініп, аттанып кетті.
Өзі аттануын аттанды – ау, бірақ, қазақтың жаужүрек жауынгерінің, қаншама рет жауыз жауларымен, тіпті, көрнеу ажалмен бетпе — бет келген кезде, бір селт етіп, қобалжып көрмеген құрыштай мықты жүрегі Зәмкен атты арудың әдемілік әлемінің, алтын күн сәулесіндей мейірім шуағының, ақылы мен зор адамгершілігі алдында әлсіз болып шықты…
«БІЗДЕ ДӘРІГЕР БІР ҚЫЗ БАР…»
…Сәби кезінен алғыр, зерек болып өскен Зәмкен қыз мектепке «тарыдай» болып кіріп, сол білім ордасын (7-сыныбын) «таудай» болып бітіріп шығады. Сол жылы ағынды Ақсу ауданындағы педогогикалық училищеге түсіп, жеделдете оқыту тәртібімен ойдағыдай тәмамдайды. Бала кезден «доқтыр болам» деп армандаған жас қыз шырайлы Шымкент облысыың Ленгір қаласындағы медициналық училищеге қиналмай түсіп, оны да жеделдете оқу тәртібімен 1944 — жылы қызыл дипломмен аяқтайды. Қай жерде болмасын, жаңашылдықпен, ізденісте жүретін, сәби кезден арман еткен мамандығын адал атқарған ақ желеңді абзал жан – Зәмкен Әңгібайқызы – үш бірдей – Бірлік, Жайпақ, Ынталы ауылдарының фельдшері болып еңбек етті. Гиппократ антын берік сақтап, жүрек қалауымен таңдаған мамандығын адал атқарған білікті жас маман – Зәмкен өте ауыр халде, «әлдеқалай жағдай болады» деп қорқынышпен келген қаншама аурулардың шыбын жанын көрнеу ажалдан, әрине, бір Алланың қолдауымен, арашалап алып қалу үшін жанын аямай арпалысты. Үш ауылдың ортасында күн демей, түн демей шапқылап жүрген ол (дәрігерлер жетіспеген кез ғой), тіпті, аудандық ауруханада бірнеше рет ота жасауға да қатысқаны бар. Ота жасаушы дәрігер операциясының сәтімен аяқталуы – мейірбикенің көмегіне тікелей байланысты екендігін, әрине, біреулер білсе, басқалар біле бермейді…

Өмірсеріктің әкесі мен анасы.
Осындай мейірімділікпен, жансебілдік, жауапкершілік жүгін терең түсіне білген ерен еңбегі үшін бар-жоғы бір жарым жылдай уақыт ішінде, Зәмкен шешей, аудандағы жоғары басшылық тарапынан Алғыс хат, Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Алайда, сол көптеген марапаттардан гөрі фельдшер Зәмкен Әңгібайқызына сырқатынан сауығып тұрған жанның жанарлары жасаурап: «Сізге көп — көп рахмет! Жаныңыз жамандық көрмесін. Болашақта балалы – шағалы болыңыз» деп, шын көңілмен айтқан алғысы қымбат-ты.
«Бала — шаға» демекші, әлі жиырма жасқа тола қоймаған өзі сұлу, жаны одан да сұлу қыздың махабат жарықтықтың ыстық отына шарпылған хикаясы бір романға жүк боларлық. Бір жерлес қыздың үйлену тойынан соң, үйіне шығарып салған жүзінен мейірім оты күн шуағындай шашырап тұрған, бойы аласа болғанымен, сыпайы, майдангер жас жігіт көңіл білдірген. Ол — әрине, өзіңіз білетін, осы романның бір кейіпкері Жортуыл Нұрғалиұлы еді. Жас қыз сыпайылық білдіргені болмаса, әрине, әлі тұрмысқа шығу ойында жоқ болатын. Жігіт жүрек сырын ақтарып, өлеңмен өрілген махаббат хаттарын қанша жолдаса да, Зәмкен сұлу: «Маған майдангер, сыпайы жігіт сөз айтты» деп, бірден құлап түсетін жеңілтек қыздардай емес қой, «уақыт көрсетеді» уәжімен қашқақтап, біршама уақыт жүрді. Тағы бір кезекті кездесу сәтінде Жортуыл жанға жайлы майда қоңыр дауысымен:
Бізде дәрігер бір қыз бар,
Десе болар жұлдыз бар.
Ол жоқ жерде жүрегім,
Бірде жалын, бірде ызғар — деп, әндетіп қоя беріп, осы бір шумақтан кейін іркіліп тұрып қалған. Жанға жайлы болғанымен, мұң аралас, жүректің нәзік қылын тербейтін ән әуеніне сүйсіне әсерленіп кеткен қыз: «Жортуыл аға, жаңағы әсем әніңізді әрі қарай жалғастырыңызшы» деп, өтініш білдірді. Әннің екінші шумағын айтып, ең соңғы шумағына көшкенде, жүрегі лүпіл қағып, шынайы сезімінен толқыған дауысы дірілдей шыққан жігіт:
Ақтарып жан сырымды,
Айтпақ едім шынымды.
Батылым бармай, қыз өзі,
Қашан ұғар мұңымды… – деп аяқтап, өзі терең ой құшағына еніп кетті. Қыз да мұңайып, жанарлары ыстық жасқа толып, үн — түнсіз отырып қалды…
…Сонымен, арада ай жарым уақыт шамасы өткенде, «ел сенімін ақтаған жігітті — қыз жақтаған…» демекші, бірін — бірі құлай сүйген екі жас, жасыл жапырақтары жайқалған жадыралы жаз айы өтіп, қоңыр күз түскен шақта, яғни 1945 — жылы сәтімен үйленіп, шаңырақ көтерген. Кейіннен Жортуыл: «Мен Зәмкен сұлуымның нәзік жүрегін «Дәрігер қыз» әнінің әуенімен жаулап, өзіме қаратып алғанмын» деп, достары арасында әзілдей күлісіп жүрген еді…
…Өмірге Адамның (перзент-сәбидің) өмірге келуі — бір Алланың әмірімен жасалғанымен, сол абзал іс Ана арқылы, оның: «Жарық дүниеге адам әкелсем» деген ізгі ниетінің нәтижесінде орындалады. Сондай абзал да, аяулы жанның бірі де, бірегейі – сәл кейінірек өсіп — өніп, бақ қонған Нұрғали әулетінің келіні – Зәмкен атты әппақ сүйкімді қыз.
Жақсылық атаулыны ертерек айтуды жақсы көретін өзім құрметті патша көңіл оқырмандарға қос ғашықтан әрине, Алланың әмірімен өрбіген ұрпақтар туралы жағымды жаңалықты алдын-ала, тезірек жеткізгім келіп отырғаны…
«Ат аунаған жерде түк қалар» деп қазақ аталарымыз айтқандай, қос ғашықтың адал да, пәк махаббаттарының айқын белгісіндей болып,тұла бойы тұңғыштары-Өмірсерік, шаңырақ көтергеннен бір жылдан соң, яғни 1946 — жылдың көгілдір көктемінің сәуір айында жарық дүниеге келді. Міне, осы тұңғышы туғанда, Жөкеңнің қос иығы селкілдеп, тоқтай алмай ұзақ жылаған екен. Жыламай енді қайтсін-әй, аспаннан «бомба» аталған тажал ысқырып түсіп, жер-ананың астын үстіне шығарып, жерден фашист – иттердің танкісі мен автомат оғы, нөсер жауғандай бытырлатып, мыңдаған достарының өмірін қыршыннан қиып кетсе…
Тәуба, кие қонған, қасиетті Есіркеп баба рухының тілеуі ме, жоқ әлде, атадан жалқы – жалғыз туған Нұрғали әкейдің ұрпағы үзілмесін деген құдіреті күшті Құдайдың бұйрығы болар, жарылған бомбаның жал-жал топырағының астына тірідей көміліп қалған Жөкеңнің шыбын жанының кеудесінен ұшып кетпей, әупіріммен тірі қалғаны…
Арада үш жыл өткенде, Тоқтасын атты алтын асықтай ұл, одан соң, яғни 1952 – жылы жұдырықтай ғана, сары гүл сынды сары қызы – Алмагүл туды іңгәлап. Екі жыл аралатып, 1954 — жылы Серікжан жарық дүниенің есігін ашты. Тағы екі жылдан соң, 1956-жылы ұлдары — Берікжан туды. Одан соң 1958 – жылы, құдай оңдап, Ондасын атты ұл дүние есігін ашты. Оның артынан 1963-жылы, қол басындай ғана, айдай сұлу – Айгүл туды. Құдіреті күшті Құдайым берейін десе, тақыр жерден де, жақсылықты аямай бере салады екен, 1967-жылы «жарық дүние, мен келдім, қане, аш есігіңді» дегендей, ащы дауысымен қайраттана айқайлаған қара ұл – Қайрат өмірге келді. Құдая тәуба, бергеніңе шүкір…! Қыз туса да, ұл туса да, «шүкіршілік» айтатын қазақпыз ғой… Бұл ұлдың есімін «Қайрат» деп кездейсоқ атамаған екен. Кәмелетке толып, Отан алдындағы әскери міндетін өткеру үшін, интернационалдық борышын атқаруға Ауған жеріне аттанды. Соғыс болып жатқан елде тыныштық қайдан бола қойсын, оқ пен оттың ортасына қойды да кетті. Қайраттың қайраты, міне осы қан майданда анық көрінді. Қаншама рет ажал мен өмір күресінде үстем шыққан қара баламыз, «қазақ» атты ұлы ұлттың құдіретін, басқа ұлт өкілдеріне айқындап, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Бұл қаһармандық, жанқияр батырлығы үшін ССРО қорғаныс Министрінің бұйрығымен, қазақ жауынгері Қайрат Жортуылұлы Нұрғалиев Қызыл Жұлдыз Орденімен марапатталды.
Міне, майдангер әке – Жортуыл Нұрғалиевтен кейін, бұл мәртебелі, бәсі жоғары атаққа, оның кенже ұлы – рухы жоғары, қайтпас, қайратты ұлы – Қайрат ие болды!
Сонымен, енді апайтөс майдангер, қаһарман батыр — Жортуыл әкейдің бейбіт өмірдегі берекелі еңбек жолын, жәйімен баяндауды әрі қарай жалғастыралық…
Саяси қызметте өзін мықты саясаткер, елдің тілін таба білетін, ұйымдастыру қабілетінің мол, майдан қиындығын көп көріп, әбден шыңдалған жауынгер екендігіне көздері жеткен аудан басшылығы оны 1946 жылдың наурыз айында шаруашылығы шатқаяқтап тұрған Ынталы колхозын көтеру үшін, осы колхоздың төрағасы лауазымына бекітті.
1946 жылдың наурызынан 1951 жылдың қараша айына дейін Ынталы колхозын басқарған Жөкең бес жыл ішінде колхозды аудан шаруашылықтарының ең алдына шығарды.
От-жалын кешіп, оқ көрген Жортуыл әкейдің бейбіт еңбектегі ерлік сынды істері үшін басшылық тарапынан алған сансыз көп марапаттарын жоғары атап кеткендіктен, оны қайталаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп, қазақ аталарымыз айтпақшы, осындай рухы жоғары, мейірім шуағы мол, еңбек десе, барын салатын асыл жандардан туған ұрпақтың жаман болуға қақысы қайдан болсын-ау! Майдангер, еңбеккер әкейдің ұл-қыздарының барлығы жоғары білім алып, олардың әрқайсы алған мамандықтары бойынша, атақ — абыроймен еңбек етіп жүр. Өмір заңы бойынша, барлығы өз сыңарын тауып, ұрпақ сүйіп, оларға тәлімді тәрбие беруде. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма?!» деген орынды тәмсілді атам қазақ осындайдан айтқан-ау, сірә…
Осы жерде, патша көңіл оқырмандардың ойында: «ғылым жолын қуған басты кейіпкер – Өмірсерік Жортуылұлының ұрпақтары жайында бір ауыз сөз айтылмады ғой?» деген орынды сұрақ тұрары анық. Ол заңдылы да! Жазылмады емес, айтылды да, жазылды да… Өмірсерік досым Рысқайша атты сыныптас қызға үйленіп, ұлағатты ұл-қыз сүйіп, Өмекең олардан туған, рухы жоғары, білімді де, білікті немерелерді оқытып, тәлімді тәрбие беріп отырғаны да жазылды. Алайда, Рысқайша аса ырымшыл ма: «Сәбит, тіл-көз деген болады. Менің ата-анам жайында, өзім мен бала-шағам туралы ештеңе жазба, өшіріп таста!» деген бұйрық сынды ескертуінен соң, ол жазбамды компьютер бетінен қимай -қимай жойып жіберуге тура келді. Өте өкінішті…!
Алайда, Өмірсерік досымның айтуы бойынша, оның Индира есімді қызы мен күйеу баласы Елужаннан көрген Алиша, Тамила атты айдай әсем немерелері өсіп жатқанын, Индирадан кейін дүниеге келген Азамат атты ұлы бар екендігін қайтадан компьютер бетіне түсіруге тура келді. Аман-сау болыңдар, айналайындар..!
…Міне, ғылымды өміріне серік еткен досым – сертіне сенімді, білімді де, білікті, жанкешті патриот – техника ғылымының докторы, айбынды академик, пайымды профессор, даңғайыр ғалым – Өмірсерік Жортуылұлы 80 деген жастың сеңгіріне шығып отыр.
Шыққан сеңгірлі шыңың аласармай, Аллам денсаулық беріп, Жәкем — Жамбыл атамыз құсап, жүз жасыңда да, шаршамай-талмай, сүйікті ісіңді жалғастыра бер, аяулы да, қадірлі досым — Өмеке!
