«ДҮНИЕ ШЫР АЙНАЛДЫ ЖАНАРЫМНАН»

Жанболат сайт сурет

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ,

Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Осы әңгімені бастар алдында оған ең алғаш қозғау салып, түрткі болған мына бір жай еріксіз еске түседі. 1980 жылдың қаңтар айы еді. Ресейдегі Псков облысының Великие Луки қаласында жас журналистердің Бүкілодақтық семинар­кеңесі өтетін болды да, біз соған келдік. Ұлы Жеңістің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл жиналыстың күн тәртібіндегі мәселелері талқыланып болған соң, қалалык комсомол комитеті семинар­кеңеске қатысушыларды өз төңірегіндегі тарихи орындармен таныстыру шараларына көшті. Сондағы ең алғаш бас сұққанымыз – Александр Матросов атындағы комсомолдық әскери даңқ музейі еді.

Сабалақ ОРАЗАЛИНОВ

(1925-1986)

 

Аталмыш тәрбие орнының нақ осы жерде жасақталып ашылуының өзіндік сыры бар. Неге десеңіз, Ұлы Отан соғысы тарихындағы талай тамаша ерліктің бәрінен асып түсетін, оққа тосылған от жүрек аңызы міне, осынау аймақта, Великие Луки қаласынан 70 шақырым жердегі Чернушки деревнясында өмірге келген болатын. Матросов есімі бұл жердегілерге сондықтан да ыстық, сондықтан да қастерлі.

Ерлік қалай болды?

Бұл әрине бұрыннан айтылып, қойылып келе жатқан сұрақ. Оның үстіне оған қажетті жауап қазір біздегі сол оқиғаны баяндайтын кітаптар мен естеліктерде, кинофильмдерде жеткілікті айтылған. Десек те мына музейде олардан өзгешелеу, әлі де болса ешкімнің назарына іліге қоймаған көптеген қызық деректер бар сияқты. Санасында сәулесі бар жанның көре білген көзіне олардың әрқайсысы­ақ мен мұндалап атой салып тұрғандай. Соның алғашқысы ретінде: «Ұлы Отан соғысы жылдарында Матросовқа дейін жау амбразурасын денесімен жауып, шабуылға жол ашқан жауынгерлеріміз болды ма?» – деген сауалға жауап берерлік фактілерді айтуға болар еді. Экскурсоводтың сөз арасында келтіре кеткен мысалдары мен қабырғаға көрнекі етіп жазылған архив мәліметтеріне қарағанда, жоғарыдағыдай ерлік үлгісі Кеңес Армиясының әскери бөлімдерінде 1943 жылдың 23 ақпанынан көп уақыт бұрын­ақ басталған екен. Соның ең алғашқысы кіші политрук Александр Панкратовтың жанқиярлық ісі. 1941 жылдың 24 тамызында ол Новгород іргесіндегі Кириллов монастырі үшін болған шайқаста жау дзотын кеудесімен жауып, достарының өмірін сақтап қалған. Міне, ерліктің түп­тамыры қайда жатыр?! Ал содан екі жыл өткен соң барып оны Александр Матросов қайталаған. Бұл – бір.

Біздің екінші назар аударған нәрсеміз: «Ұрпаққа ұран болған осы ұлы ерлікті қанша адам қайталаған? Солардың нақты санын білуге болмас па екен?» – деген ой еді. Музей залдарын аралай келе оған да жауап таптық. Зерттеуші мамандарымыз алғашында мұндай батырлықтың үлгісін көрсеткен жандар 290 жауынгер деген шешімге келіпті. Уақыт өте келе КСРО Қорғаныс министрлігінің архивінен тағы да 10 қаһарманның фамилиясы табылған. Ал қазір Матросовтың ерлігін қайталаған Отан солдаттарының жалпы саны 318­ге жетіп отыр. Содан кейін ерекше атап айтар тағы бір жай бар. Ол жоғарыдағы қаһармандар ішінен іріктеп отырып әр ұлт жауынгерлері туралы да жеке­жеке мәлімет алғандығымыз. Әрине олар жайында бұрын естіген, оқыған жандар бар шығар. Солай бола тұрса да барлық дерек бір жерге жинастырылған бұл музейден оқырмандарға қажет екі нәрсені – өзіміздің қазақ бауырларымыз бен есімдері әлі көп ешкімге таныс емес социалистік елдер армиясы жауынгерлерінің аты­жөнін айта кеткендіктің еш артықтығы жоқ сияқты. Себебі, бұл бүгінгі жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятады, оқырмандардың бұрынғы түсінігіне түсінік қосып, оны одан әрі байытады әрі Матросов ерлігінің жалпыхалықтық сипатқа қалай ие болғандығына анық көз жеткізеді.

«…Ұлы Отан соғысы тарихында Александр Матросовтың ерлігін 19 ұлттың өкілі қайталап, өздерін өшпес даңқа бөледі».

«…Жау амбразурасының аузын кеудесімен жауып, оқ нөсерін тоқтатқан қаһармандардың қатарында көптеген қазақ ұландары да болды. Олар – Сұлтан Баймағамбетов, Боран Нысанбаев, Жанғазы Молдағалиев, Сүндетқали Есқалиев, Ақәділ Суханбаев, Жұман Қарақұлов және Сабалақ Оразалинов».

«…Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқ кезі мен одан бергі империалистік державалардың агрессиялық жанжалдарын басу жолындағы күресте социалистік елдер армияларының ішінен де матросовша ерлік көрсеткендер кездесті. Мәселен, болгар Георгий Христов, югослав Никола Николов, корей Кван Сун Бок пен вьетнам жігіті Чан­Кы агрессорлардың оқ нүктелерін денесімен бөгеді».

Деректер осылай деп сыр шертеді. Бірінен­бірі өткен тың да қызық фактілермен оқып танысып, керектісін жазып алдық­ау деп бола бергенімізде музей меңгерушісі Валентина Ивановна Зандер жиналған көпшілікке олардың ешқайсысы бұрын­соңды естіп білмеген таңғажайып оқиғаны айтты.

– Сіздер Матросов ерлігін қайталаған Отан солдаттарының бәрі қаза тапты деп ойлайтын

шығарсыздар? – деп бастады ол кісі өз ойын жұмбақтай сөйлеп.

– Әрине,– дедік біз оған еш ойланбастан. – От бүркіп, өлім құсқан пулемет аузынан кім тірі қалушы еді?

– Қателесесіздер! Оққа тосылған отжүрек иелерінің ішінде тірі қалған қаһармандарымыз да бар.

– Қалай?

– Оған мына жақтағы құжаттармен танысқанда көз жеткізесіздер.

Осы сөздерді айтқан Валентина Ивановна бізді ең шеткі қабырғадағы стендке қарай бастап алып жүрді. Онда үш­төрт адамның суреті тұр екен. Бәріміз жапырлай үңіліп қарап жатырмыз. Алғашқысының астына: «Кеңес Одағының Батыры Владимир Петрович Майборский. 1944 жылы

Ивано­-Франковский облысына қарасты Черемхов селосы үшін болған шайқаста жау амбразурасын кеудесімен жауып тірі қалған. Қазір ол Хмельницкий облысының Белогор ауданындағы Зиньки селосында тұрады»,– деп жазылыпты. Одан кейін екінші болып Товье Райз есімді адамның суреті бәрімізге күлімсірей қарайды. Анықтама жазудан біз бұл кісінің Мәскеуде екенін білдік. Осы стендтен орын алған тағы бір адам – Петр Куликовтың тағдыры да жоғарыдағы қаһармандарға өте ұқсас. Дзотты жою кезінде отыз жерден оқ тиіп қансыраған оны жолдастары өлдіге санаған. Бірақ дәрігерлер майдангерді ажал аузынан аман алып калыпты. Қазір ол Краснояр өлкесінде тұратын болып шықты. Енді мына қызыққа қараңыз! Жоғарыдағы жайларға асықпай зер салып келе жатып, рет санымен санағанда төртінші болып тұрған жанның суретіне көзіміз түскенде жүрегіміз солқ ете түскендей әсерде қалдық. Бізді таңғалдырған нәрсе – көпшілікке қасқая қараған шалғы мұртты, зор мүсінді қазақ шалы емес, оның жанындағы: «Сабалақ Оразалинов, 1944 жылдың 18 қарашасы күні Балтық жағалауындағы Саарема түбегінде А.Матросовтың ерлігін қайталаған қаһарман. Қазір ол Қазақ КСР­інің астанасы Алматыда еңбек етеді», – деген түсініктеме жазу болды.

«Бұл не ғажайып?» – дедік біз жоғарыдағы сөйлемдерді оқып бола беріп: «Шын ба, жоқ әлде өтірік пе? Мұны бұрын қалай білмегенбіз, естімегенбіз? Қаһарман тірі дейді. Алматыда тұрады, жұмыс істейді дейді. Ендеше, осыдан барысымен белгісіз батырды іздестіріп, қалай болғанда да оған жолығу керек. Сонда бәрі де анықталмақ, белгілі болмақ».

Великие Луки қаласынан біз міне, осындай «олжамен» оралдық. Ол – сондағы Александр Матросов атындағы комсомолдық әскери даңқ музейінжайларға қанығып қана қоймай, сонымен бірге, жау дзотын кеудесімен жауып тірі қалған қазақ жауынгерінің де аты­жөнін, қайда тұратынын білуіміз еді. Бірақ соның өзінде көңіл шіркін бір орнында тұрмайды, елегізеді, ойдан ой туындатады. Ұстараның жүзінде аунаған бір үміт пен бір күдікке толы сезімнің жетегінде жүру тіптен қиын екен. Кеудедегі қоздаған қойдай болып көбейіп, ұлғайған жоғарыдағыдай ойлар қолдағы деректі анықтағанша, оған іздеу салып кіріскенше бізге маза бермей­ақ қойды. Ақырында одан тек әлгі белгісіз батырды астанадағы Әуезов аудандык әскери комиссариатынан анықтап, солар берген үй телефонының нөмірі арқылы өзімен жеке сөйлесіп, кездесетін болып уәделескеннен кейін ғана арылдық.

Кейіпкерімізбен кездесуге барардағы алғашқы сапарымыз әлі күнге дейін есімізде. Қаңтардын кыршаңқы аязы киғылық салып тұрған қыс күндерінің бірі еді. Өзінің өгіз аяң жүрісімен іш пыстырған 43­ші автобус қаланың ана шеті мен мына шетіне бір жарым сағаттай жол жүріп әзер жетті­ау әйтеуір. Жұмағали Саин атындағы көшедегі қажетті аялдамадан түскен соң іздеп келе жатқан үйімізді табу онша қиынға түскен жоқ. Есікті етжеңді келген қарт ана ашып, аз­кем аңтарылып, кенет есіне әлденелерді түсіргендей болып: «Мана бір әзірде телефон соққан баламысың?» – деді.

– Иә, апай.

– Ойбу, қап… Босқа әуре болдың­ау шырағым. Әлгі отағасымыз, біздің үйдегі шалды айтам да, өзіңе уәде беріп кездесемін деп­ақ тосып отыр еді. Қырсыққанда кешкі кезекшіліктегі адам ауырып қалыпты да, жұмыстағылар соның орнына оны қоярда­қоймай шақырып алып кетті.

– Атай қайда жұмыс істеуші еді?

– Күзетші. Екінші теміржол вокзалында. Сондағы жүк қоймасын сұрасаң болды, бәрі айтып жөн сілтеп жібереді.

…Арада екі сағаттай уақыт өтті. Біз бұл мезетте теміржол вокзалына да жеттік, жүк қоймасын да таптық, ең бастысы өзіміз іздеген адаммен де жолықтық. Енді, міне, ол кісімен үкінің

ұясындай күзетші будкасында электр шәугімдегі бұрқ­-сарқ қайнаған шайды ортаға алып, шүңкілдесе әңгімелесіп отырмыз. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше», – дейді халқымыз. Сол сөз қарсы алдымыздағы алпамса денелі, салдыр­күлдір сөзді, мәрт мінезді қартқа арналып айтылғандай. Өйткені, Сабалақ атай ешкімді жатырқамайтын, аузын ашса, көмейі көрінетін аңқылдақ жан болып шықты. Соның нәтижесінде кейіпкерімізбен тез тіл табыстық, амандық­ саулық сұрасқан алғашқы сөздерден кейін бірден негізгі әңгіме желісіне көштік. Ол кісі – айтушы, біз – тыңдаушы. Кәрі көкіректен күмбірлей шыққан үнге құлақ тосамыз, көз алдымызға отызыншы жылдардағы өмір суреттері келеді. Алыстағы Көксала өңірі… Шекара тынышсыз… Соған қарамастан артельдік бірлестік құрып тырбанған шағын ауыл адамдары… Бірақ оны бір түнде бандылар шауып кетті де елдің тіршілігі мықтап тұралады. Не істеу керек? Есі кеткен жұрт ашаршылық пен жұт қаупінен құтылу үшін теміржол бойы – Түрксібті жағалауды жөн көрген. Сөйткен де Аякөз бекетіне қарай үдере көшіп, дүрк көтерілген. Аспан мен жерді отқа ораған аптапты жаз еді. Жаяу­жалпы шұбаған көпшілік көңілсіз. Олар алдан соққан аңызақтан дымдары құрып, бір жүріп, бір тоқтайды. Солардың соңында артына жалтақ­жалтақ қараған жасөспірім келе жатты. Ол – он жастағы Сабалақ есімді жетім бала болатын.

Мына бір сәт оның мәңгі есінде. Оны ол кейін есейгенде де ұмытқан жок. Қазір жасы жер ортасына келсе де жадынан сызып тастай алмайды. Көксаладан арып ашып жеткен жұрт теміржол бойына іліккенде олардың ішіндегі панасыз балаларды өкімет өз қамқорлығына алды. Оқытты, өсірді, тәрбиеледі. Оларға бақытты балалық шақ енді басталған сияқты болып көрінді. Ойлап қараса, бәрі де қызық, бәрі де мұңсыз­қамсыз тіршілік. Дегенмен, сонда Сабалақ әлі де көп қиыншылықтарға кезігетінін, алдағы тағдырының талай өмір талқысына түсетінін сезіп білді ме екен сірә? Әй, қайдам? Оны дәл қазір тап басып айту қиын. Бірақ сол кездегі білетіні, көз жеткізгені бір нәрсе еді. Ол – жастайынан жетім қалған өзін енді қасиетті Отан ананың бауырына басып тартқандығы, пансионаттан әке орнына әке, шеше орнына шеше боларлық мінезімен мұның кеудесіне үміт отын ұялатқан жаны ізгі жандарды тапқандығы. «Бұдан артық ештеңенің керегі жоқ,– деп ойлайтын сонда ерте есейген бала көңілі. – Хат біліп, қара танысам болды, қатарымнан қалмасам болды.» Өстіп жүріп оқу бітірді. Өзіне қиын кезде пана болған пансионатпен қош айтысып, Аякөз депосына жұмысқа орналасты. Жарыс десе жанын салатын әрі қандай жүмыс болмасын оның қабырғасын сындыратын қажыр­қайратқа толы албырт кезі ғой, ештеңеден жасқанбады, қорғалақтап бой тасаламады. Табиғат берген бұла күшпен қиындық қайда болса сол жерден табылып, адал еңбек етті.

– Егер соғыс болмағанда ғой….

Әңгіме иесі осы бір сөздерді өзегін өртерлік өкінішпен, күйінішпен айтты. Иә, соғыс болмағанда Сабалақ өз бақытын еңбектен табатын еді. Оған оның 1940 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша ел аузына ілігіп, стахановшы атанғаны анық дәлел. Ал, 1941 жылы…

Ұлы Отан соғысы басталғанда ол он жеті жаста болатын. Репродуктордан: «22 маусым күні таңғы сағат 4­те… неміс­фашист басқыншылары… біздің қасиетті шекарамызға», деген хабар сағат сайын қайталанып жатқанда жас жігіттің денесі мұздады, буындары калтырап, көз алды тұманданды. «Жетімдерге пана болған Отан­ана! Қиын кезде сен бізге құшағыңды аштың, бауырыңа бастың. Ешкімнен кем қылмай тәрбиелеп өсірдің, қатарға қостың. Өз қолымыз өз аузымызға жеткенде сол қамқорлықтың өтеуін қайтарсақ, сеніміңнен шықсақ деп талпынушы ек. Оны енді мына суық хабар бұзды. Сын сағаты соққанда сонау кездегі ашаршылықтан аман қалған жан сенің жолыңа садаға болсын».

Осы оймен әскери комиссариатқа келген, өтініш берген. «Көп ұзамай майданға жүрермін», –деп те ойлаған. Бірақ ол үміті ақталмады, хабарды бүгін­ертеңмен ұзақ күтуге тура келді. «Бұл қалай?»– деп барғанында ондағылар: Жассың әлі»,– деп бір қайтарды. Содан кейін: «Мұнда да жұмыс істейтін адам керек, депода машинист мамандар жетіспей жатыр»,– деп тағы уәж айтты.

Ақыры 1942 жылғы қыс күндерінің бірінде теміржолдағы аяздан сынған семафор әйнегін сала алмай жатқан бұған вокзал кезекшісі келіп, әскери комиссариаттың шақыру қағазын табыс етті.

– Менің соғысқа барар кезге дейінгі өмір жолымды сұрасаң осы, қарағым.

Қарт майдангер жоғарыдағы сөздерді айтты да жанындағы бұрқ­сарқ қайнаған электр шәйнекке қол созды. Кесесіне шәй құйып алып ұзақ сораптады. Бұл мезетте біз: «Ал одан кейін ше?» – деген әуесқой сұраққа бой ұра жаздап барып әзер қалдық. Оны айтпаған себебіміз, әңгіме иесінің көз жанарынан: «Бұдан арғысы белгілі емес пе, соғысқа бардық, шайқасқа кірдік, «көппен көрген ұлы той» дегендей бар қиындыққа көндігіп жүріп жаттық», – деген сөзді оқып аңғаруымыз еді. Майдангердің бет әлпетінен мұны сездік, білдік. Сөйтсек те бізді осы сәтте: «Ал, сол уақытта сіздің қазір бәрімізге белгілі болып отырған, батыл қадамға баруыңызға себеп болған, өзіңіз сияқты денесімен пулемет аузын жапқан Александр Матросов ерлігінен хабарыңыз болды ма?» – деген ой мазаламай қойған жоқ.

– Соғыс кезінде,– деді бұған сәл кідіріп барып жауап қатқан Сабалақ атай. – Ерлік, оның түрлері сағат сайын жасалынып жататын. Соның бәрі бізге өз уақытына қарай хабарланатын, насихатталатын. Мәселен мен шайқасқа кірген 1942 жылы бізге көбінесе 50 танкіге қарсы шыққан 28 батырды мысалға алып жиі әңгіме өткізілетін. Содан аз уақыт өткен соң неміс тұтқынында сыр ашпаған Зоя Космедемьянскаяның ерлігі өмірге келді. Оққа тосылған от жүрек иесі – Александр Матросовтың патриоттық қимылын 1943 жылдың көктемінде естідік. Сондағы айтқан жауынгер жолдастарымның пікірлері әлі күнге жадымнан шықпайды. Біреулері (олардың ішінде мен де бармын): «Батылды­лықтың, жанкешті қаһармандықтың мұндай да түрі болады екен­ау», – деп таңқалды. Екіншілері: «Қайдағы бір қаңғыған оқтан қаза тапқанша осылай істеген де дұрыс сияқты», – деген пікірге келді. Несіне жасырайык, шырағым, адам болған соң әрқилы ойлы, ала­құла мінезді жандар да кездеседі ғой. Ондай пиғылдағылар жоғарыдағы хабарды естігенде: «Ал, сонда не бітті? Өлді де қалды. Соның бәрі жарық дүниенің бір күнгі қызығына жете ме? – дегенге дейін барды. Мұндай жандарды сол кезде: «Неге бүйтіп айттың?» – деп жазғыруға әбден болатын еді. Бірақ не үшін, өз ойын ашық айтқандығы үшін бе? Жоқ. Қайта оларды тәрбиелеу, Матросов ерлігінің түп­тамыры қайда жатқандығын дәлелдеу, сөйтіп барып пендешілік пиғылдағы болатын секемшілдік атты қауіпті ауруды сенім деген рухани ұлы күшпен алмастыру керек емес пе?! Командирлер мен саяси қызметкерлер жауынгерлермен өткізілген әңгімелерде бұл мәселеге міне, осы тұрғыдан келген болатын сонда. Осының нәтижесінде пулемет аузын денесімен жапқан жанның жанкешті қимылын бұрынғыдан да терең түсінгенбіз.

– Сіздің сондай оқиға менің басымнан да өтуі мүмкін­ау, маған да тап келеді­ау деп ойлаған кездеріңіз болды ма?

– Е, жоға. Бәрі де кездейсоқтықтан, тапсырманы орындау керек деген бұйрықтан басталды емес пе.

– Енді соған тоқталсаңыз…

– Сәл шыда, бала. Өзім де соны айтайын деп келе жатырмын.

…1944 жылдың 18 қарашасында Ленинград бағытындағы 482­ші атқыштар полкінің ефрейтор Сабалақ Оразалинов қызмет ететін 8­ші ротасы Балтық жағалауындағы Саарема түбегіне келіп орналасты. Бұл жер шабуылдаушы армиямыздың ең бір қиын шайқас шебі еді. Ағаш пен бұтасы жоқ жалаңаш жазық арқылы жалтаң жонға өту тіптен қиямет болатын. Атакаға көтерілген жауынгерлерге снаряд, пулемет оқтары жаңбырша жауып тұрды. Аға лейтенант Климовтың жауынгерлері жағдайдың өте ауыр екендігіне қарамастан алға жылжуға тырысты, шабуылды тоқтатпауға бекінді. Бірақ фашистердің өздеріне тұстас дзоты ешкімді де бас көтертпеді.

Енді оны жоймай, ілгері қозғалудың өзі мүмкін болмай қалды. Міне, Сабалақ та, оның қарулас достары да көріп жатыр, командирдің бұйрығынан алға озған жауынгер жау пулеметіне жетпей оққа ұшты. Одан соң екіншісі кетті, орта жолдан асты­ау дегенде ол да қимылсыз қалды. Осы кезде рота командирі Климовтың өзін шақырып жатқанын естіді.

– Ефрейтор Оразалинов! Амбразураны жою керек, – деді жүзі қап­қара боп түтігіп кеткен аға лейтенант окоптармен бұқпантайлап жеткен оған.

Бәрі де түсінікті. Соғыстағы командир бұйрығы сөзбұйдаға салынбайды, талқыланбайды, тек орындалады. Сабалақ жағдайды айтпай­ақ біліп тұр, қалайда тәуекелге бел бууы керек. Өйткені, жау пулеметі қаруластарының қатарын сәт санап сиретіп барады. Әйтеуір біреу өзін оққа байлап болса да амбразураның үнін өшіруге тиіс. Уақыт оздыру – өзіңді де, жолдастарыңды да ажалға берумен бірдей деген сөз.

– Не айтасың? – деді беліне екі гранатаны кысты­рып алға қарай жылжуға ыңғайланған Сабалаққа Климов. Командир үнінде шарасыздық, он екіде бір гүлі ашылмаған жиырма жасар жас жігітті қимағандық бар. – Тілегіңді, өтінішіңді айтсаңшы…

– Ештеңе де айтпаймын, жолдас аға лейтенант! Жетіммін… Балалар үйінде өстім… Туған елімде жалғыз інім қалып еді… Егер олай­бұлай болып кетсем, соған хабар берерсіз.

Осы сөздерді үзіп­үзіп сөйлеген Сабалақ командир қолына ішінде адрес жазылған қағазы бар гильзаны ұстатты. Байқайды, Климовтың ойы да онға бөлініп тұрған сияқты, не істерін білмегендей мұның иығына қолын салды. Шамасы, көңілін ауларлық жылы лебіз айтқысы келетін тәрізді. Бірақ айта алмады. Осыны сезген Сабалақтың жүрегі шым ете түсті де алға қарай сызып берді.

Бұл еңбектеп келе жатқанда алдын­ала келісілген уәде бойынша арт жағынан жалған «ура» естілді. Біздің әскерлер шабуылға көтерілді екен деп ойлап калған жау пулеметшісі мұны нысанаға алғанды қойып, окоп жиегін сипай атты. Осы мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуға тырысқан ол алға қарай құйын­перін боп зырқырады дейсің. «Оқ нөсері енді… енді маған… иә, маған бұрылды. Жау алданғанын сезіп қалды»,– деп келе жатып етбетінен түсті. Байқайды, жаңағы жүгірісте біраз жер ұтып тастаған сияқты. Демін басып бола бергенде жолдастары жағынан тағы да жалған «ура» естілді. Бірақ бұл жолы оған жау пулеметшісі алданбады, қайта Сабалақ жасырынған жерге оқ нөсерін шүмектетіп төкті де тұрды. «Не істеймін?» – деп ойлады ол: «Не істеймін? Неліктен шабуыл жеңіліске ұшырамақ? Неліктен аяздан беттері домбығып кеткен анау жауынгер достарым фашист пулеметшісінің нысанасына айналмақ? Жоқ!» Өз арын өзі жазғырған жаңағыдай сауалдағы белгісіз бір күш сол сәтте орнынан ытқытып жіберді. Еңбектеу… Бой тасалау… Шұңқырдан шұңқырға секіру… Өстіп келе жатқанда сол жақ иығының, тыз ете түскенін, оқ тигенін сезді. Сонда ол: «Бұл ештеңе емес, оң қолға тимегеніне шүкір. Әйтпегенде гранатты қайтіп лақтырамын?» – деп ойлады ішінен. Көп ұзамады, қара саны қан қақсап қоя берді, денесіне екінші оқ кеп қадалды. Бұл Сабалақтын, амбразураға алғашқы гранатты лақтыру сәтімен тұспа­тұс келген еді. Мүлт жіберіпті. Оқ қайта борады. Жарақатының жанға батқанына қарамай соңғысын лақтырды. Гүрс еткен жарылыстан жау пулеметшісі жараланды ма, жоқ әлде есеңгіреп қалды ма дзоттың үні өшті. «Нысананы жойдым. Тапсырманы орындадым. Командир мұны білді ме екен?» – деп артына бұрылғанында атакаға көтерілген қаруластарының баудай түсіп қырылып жатқанын көріп өз көзіне өзі сенбеді. Сөйтсе, фашист пулеметшісіне қайтадан жан бітіп, амбразура аузы ажал оғын тағы да лақылдатып құса бастапты. «Бітті», – деді сол сәтте қаны басына шапши көтерілген ол: «Гранат жоқ, бітті. Еңбек еш болды деген осы. Қайта оралып келгенше қай заман. Одан да…» Алғашқы екі жарақаттан әлсірегендік болар, басы айналып, жүрегі лоблыды. Көз алдына окоптағы бүкіл сенімі өзіне телініп отырған жауынгерлер елестеді. Жер бауырлап жатып, шешуші қадамды енді тек өзі ғана жасауға тиіс екенін ойлады. Ақыры бір шешімге келгендей болды. «Өстіп жатып өліп кетсем… Одан да… Тәуекел!..» Шайқалақтап тұра келгені есінде, оқ шашып жатқан ұяға қарай жанұшыра жүгіргені есінде, оны кеудесімен жаба құлағаны, денесін ыстық істік темірлердің піскілей кеміріп жей бастағаны да жадында. Ал одан арғысы… иә, одан арғысы бұлдыр бір дүние… Білмейді.

– Шайқас алаңындағы көп өліктен айырмам жоқ менің тірі екенімді кім көрді? Жүрегімнің болар­болмас қана соғып жатқанын кім білді, тауып алған жандар мені госпитальға қалай әкелді? Мұның бәрінен хабарсызбын, тек дәрігерлердін, айтуынша кірпігім он бес күннен соң ғана қимылдапты, соны білемін. Медсестралар оның өзін де екі айдан кейін таскерең болған құлағыма айғайлап жатып әрең түсіндірді. Өйткені, мен амбразураны жапқан кезде кеудеме келіп қадалған пулемет оқтарының етімді, сүйегімді талқандап, ондағы қан тамырларын қырқып, күйдіріп кеткендіктен, әрі жүйкеге көп күш түскендіктен адамға тән есту, көру, тілдесу сияқты сезім мүшелерінің бәрінен айырылған едім. Дегенмен, көрер қызығымның көбі алда екен. Уақыт өте бәрі де біртіндеп өз орнына келе бастады. Бірақ бұл айтуға ғана жеңіл шырағым, ал ол дәрігерлер үшін оңайға түскен жоқ. Ақ желеңді абзал жандардың Ленинград, Мәскеу, Новосибирь госпитальдарындағы ажалға ара тұрған қимыл­әрекеттері маған екінші өмір сыйлады. Олардың түн ұйқысын төрт бөліп төккен терінің нәтижесінде алдымен құлағым еститін болды, содан кейін көзім көре бастады. Бір жыл өткенде барып тұтығып болса да сөйлей алатын халге жеттім. Сол сияқты сарыжамбас қылған төсек тұтқынынан босап, қаз­қаз басқан сәбидей қабырға жағалап жүре бастаған қуанышты күн де жадымда. Өйткені, өзіме­өзім келіп, аяғымнан тік тұрған кезім соғыс әлдеқашан бітіп, бүкіл ел Жеңіс мейрамының бір жылдығын тойлап жатқан уақытпен тұспа­тұс келген еді.

…1946 жылғы күз күндерінің бірі болатын. Новосибирь жақтан сар желіп келе жатқан жүк пойызы Рубцовск, Семей, Жаңғызтөбені басып өтіп, Аякөз станциясына тоқтағанда одан көнетоз гимнастеркалы жас жігіт түсті. Түсті де әлдекімді тосқандай жан­жағына елегізе ұзақ көз тікті. Бірақ перрондағы арлы­берлі сапырылысқан жұрттың арасынан мұны шырамытып мойын бұрған да, оны күтіп алған да ешкім болған жоқ. Осындай боларын бұл госпитальдан шығып, жолда келе жатқанда­ақ білген, сезген. Сөйтсе де өзінің балалық шағы өткен, оқып білім алған, еңбек жолын бастаған жерге табаны тигенде әйтеуір бір жүзтаныс адамды кездестірсем, оны туған әкемдей не ағамдай көріп құшақ жая көрісіп, мауқымды бассам деп аңсауы заңды еді. Өкінішке орай дәл сол сәтте өзін білетін ешкім кездеспеді. Сонда да болса деп вокзал басында көп тұрды. Ақыры ол депо маңдайшасындағы «Аякөз» деген сөзге көзі түскенде соны жүрегі дүрсілдеп тұрып оқып, соны көңіліне медеу тұтты. «Армысың, атамекен, бармысың кешегі менің балалар үйіндегі тағдырластарым! Мен міне, аман­есен келдім!» – деп туған жерге іштей күбірлеп сәлем берді. Сөйтті де басқа барар, аялдар жерінің жоғын біліп, қаланың Сергиополь жақ бөлігіндегі бір кездегі өзіне етене таныс депо жұмысшылары тұратын бараққа тартты.

Көп ұзамай жұмысқа да шыққан, өзінің осыдан бес жыл бұрынғы бейбіт кәсібіне қайтадан кіріскен. Бірақ күш­қайрат деген бұрынғыдай болмай шықты, денсаулығы кәдімгідей­ақ сыр бере бастады. Мұны деподағы адамдар да білді. Байқайды, Сабалақ бұрынғы Сабалақ емес. Себебін сұрады. Бұл 1944 жылдың қарашасында жау пулеметін кеудесімен жапқанын, өлім аузынан қалғанын айтпады. Жасырды. Тек: «Жараландым, сонда қан көп кетіп еді, денемдегі әлсіздік соның әсерінен шығар», – деді де қойды. Ел оған сенген, сонда да болса деп оңалып кеткенше жеңіл жұмыс істеуіне ақыл­кеңес берген. Жас жігіт мұны қорлық, қатардан қалғандыққа санаған, бірақ лаж жоқ көнуіне тура келген. Күндер… айлар зулап етіп жатты. Ол енді деподағы жеңіл жұмысқа да жарамай, жатып қалатынды шығарды. Осындай кезде күні кешегі ешкімге де дес бермес қара күшінің қайда кеткенін ойлап қатты күйінді, жасының отызға жетпей жатып жарымжан болғанына капаланды. Өзін осынша мүгедек еткен қу соғысқа лағынет айта жүріп дәрігерге барғанында: «Өмір сүргің келсе ауыр жүк көтермейтін жеңіл қол жұмысы бар мамандықты таңда, ауа райы жылы аймаққа көш, дәрігердің ұдайы бақылауында болатын әскери госпиталь орналасқан қалаға қоныс аудар, бізде ондай мүмкіндік жоқ», – деген сөзді естіді. «Бұл жерде қимайтын нем бар?» – деп ойлаған сонда ол әлгі ақыл­кеңестен кейін: «Жер басып жүрсем екі қолға бір жұмыс қай жерден болсын табылмай қоймас. Тәуекел. Көшсем көшейін». Сөйткен де жолдорбасын арқалап Алматыға қарай тартқан.

Бұл 1952 жылдың жазы еді. Астанаға келісімен шай өлшеу зауытына жұмысқа орналасты. Көп кешікпей Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған әскери госпиталь мұны арнайы комиссиядан өткізіп, тұрақты дәрігерлік бақылауға алды. Үйленіп, бала­шағалы болды. Қысы жұмсақ, жазы ыстық Алматының ауа райы оны уақыт санап ширата берді, майдангер бұрынғыға қарағанда өзін сергек сезіне бастады. Арада бес жыл өткенде бұрынғы жарақаттары көп мазаламайтындығына қарап қатарға қосылғанын сезді.

Сабалақ ата астанадағы шай өлшеу зауытында жұмыс істеген жылдары өзін нағыз еңбеккер ретінде танытты. Оған оның осы ұжымда табан аудармай 25 жыл жұмыс істегенін, сол уақыт ішінде қарт майдангердің суреті Құрмет тақтасынан түспегенін айтсақ та жеткілікті. Зауыт еңбеккерлері осы бір ақжарқын жанның сонау сұрапыл кезеңдегі ерлік ісін білмейтін, әйтсе де оның бейбіт күндегі турашыл мінезін, қажырлы қимылын ерекше бағалайтын. Сондықтан да көп құрметіне бөленген от 1965­1969 жылдар аралығында қатарынан екі рет Алматы қалалық Кеңесіне депутат болып сайланды. 1973 жылы социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Қазір Сабалақ атай құрметті еңбек демалысында. Ол 8 ұл мен кыз өсіріп тәрбиелеп отырған үлгілі семья басшысы.

…Қарт майдангер басынан кешкен жайды айтып бітіргенде түнгі сағат он бірге таяп қалған еді. Екеуара әңгімелесіп отырып уақыттың қалай тез өткенін байқамай да қалыппыз. Күзетші будкасының ішін құлаққа ұрған танадай тыныштық жайлады. Біз бірауық өз ойымызбен өзіміз болып кеттік. Дәл осы сәтте есіме жазушы Михаил Шолоховтың «Адам тағдыры» атты әңгімесі түсті. Көз алдыма ондағы бас­ты кейіпкер Иван Соколовтың ауыр да азапты өмір жолы, соған қарамастан оның қиындыққа бой ұсынбаған өршіл бейнесі елес берді. Шартты түрде болса да ойша салыстырып көріңізші, құрметті оқырман! Жазушының оптимистік қиялы сомдаған кітап кейіпкері және өмірдегі белгісіз батыр…

Ойымды Сабалақ атаның үні үзді.

– Ал, қарағым, – деді ол кісі жөткірініп қойып, – сен үйіңе қайт. Қаланың тәртібін білесің, енді кешіксең жаяу қаласың. Сондықтан соңғы айналым жасап жатқан мына автобус, троллейбустардың біріне үлгер де жетер жеріңе жетіп ал. Қөңіліңді күпті еткен сұрақтарың болса онда ертең үйге кел, сол жерде отырып тағы да әңгімелесейік. Жарай ма?

– Жарайды.

…Қайтып келемін. Троллейбус ішінде жүргінші аз. Салондағы бос орындықтарға еркін жайғасқан олар: «Мінер көлікке міндік. Енді асығыс жоқ», – дегендей қамсыз отыр. Тек мен ғана мазасызбын. Ойымда әлі де шешуі табылмаған көп сұрақ тұрғандай. Рас, іздеген адамымызды таптық, оны көзбе­көз көрдік, әңгімелестік. Мұнымен барлық іс бітті деу­ге бола ма? Жоқ. Басқасын былай қойғанда кез келген жан бізге: «Бұл ерліктің ұмыт болып келгендігі, неше жылдан бері ескерілмеуі қалай?» – деп сауал қоя қалса оған не деп жауап берер едік. Одан кейін: «Осы ерлікті көрген, оған куәгер болған біреу бар ма, сол шайқастағы өзіміз сөз етіп отырған оқиға құжат жүзінде дәлелденген бе?», – деген қосымша сұрақтың да өз­өзінен туындары, бізден жауап талап етері анық. Бірақ белгілі себеп болмаса Великие Луки қаласының музейіндегі тірі қалған матросовшылар суреті, ондағы анықтама жазулар жұртшылыққа тектен­тек көрсетілмейді ғой деген ой жоғарыдағы пікірлерге қарсы шыққандай. Ақырында ертең мен тағы да Сабалақ атайға баруға, ол кісіден осы жайларды егжей­тегжейлі сұрауға бекіндім.

– Кеш жарық!

– Ешкің арық… Төрге қарай өте бер бала!

– Не істеп жатырсыз ақсақал?

– Ой, тәйірі­ай, доп үрлеп отырмын да.

Қарттың бұл жауабына күлкім келді. Осыны сезді ғой деймін ақсақал ақтала сөйледі.

– Доп ойнайтын мен емес, әне, анау медальдардың иесі. Мен тек оның жанкүйер көмекшісімін. Түсіндің бе? Ол жаттығуға кеткенде спорт киімдерін, қажетті құралжабдықтарын ықтияттап тұрып дайындап қоямын. Қазір де соның қамымен отырмын.

Осы сәтте менің көзім қабырғадағы түрлі­түсті лента­ларға ілінген медальдарға, фотосуреттерге түсті. Оның көбінде алматылық «Динамо» су добы командасының қарсыластар қақпасына шабуылы, олардың жеңімпаздар тұғырында тұрған қуанышты сәттері бейнеленіпті. «Спорт тақырыбындағы мына суреттердің Сабалақ атай үйіне қаншалықты қатысы бар?» – деп ойлағанмын. Сөйткенше болған жоқ, қабырғадағы қаптаған фото арасынан «Динамо» су добы командасындағы жалғыз қазақ жігіті, осы ұжымның белді ойыншысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Асқар Оразалиновты көріп қалдым.

– Бұл жігіт сіздің балаңыз екен ғой.

– Иә!

Өз перзентінің есімін көпшіліктің білетінін, құрметтейтінін естігенде қарт әке көңілденіп сала берді. Ол кісінің сөзінен спортшы ұлына деген мақтаныш, ризашылық лебі сезілді. Өстіп отырып кешегі әңгімені қайтадан жалғастыруды, ондағы көңілді күпті еткен сұрақтарға нақты жауап алуды да ұмытқамыз жоқ.

– Оның бәрін мынадан табасың.

Сабалақ атай осылай деді де менің алдыма үлкен бір папканы әкеліп қойды. Рет­ретімен жинастырылған құжаттарды алып қарай бастадым. Байқаймын, олардың алғашқыларының өзінен­ақ кешегі сауалдарға толық түсінік берерлік деректер табыла бастағандай. Енді соларға сөз берелік.

Қатардағы қазақ жауынгерлерінің қиын сәтте көрсеткен қаһармандық қимылын көрген қаруластары баршылық екен. Соның бірі – қызыл әскер Алексей Кузнецов. Ол Отан солдаты Жеңіс күнін көре алды ма, қазір, мынау жалпақ әлемде бар ма, жоқ па білмейміз. Білетініміз – сол асыл азаматтың Сабалақ Оразалиновтың ерлігін көзбен көріп, оны ізін суытпай 8­ші армиялық газетке хабар етіп қалдырып кеткендігі. Уақыт табынан сарғайған мақала сөйлемдері былай деп сыр шертеді.

«Екеуміз ротаға бір күнде келіп едік. Қиян­кескі шайқаста онымен бірге болып көрмегенмен, көп ұзамай жауынгерлер осы бір алып денелі, сұлу мұртты жігітті жақсы көріп кетті. Ол қазақ халқының перзенті еді. Аты­жөні Сабалақ Оразалинов болатын. Бірақ рота оны адалдығына, елгезектігіне орай біздің Розалиныч дейтін.

Комсомол мүшесі еді. Шешуші айқастың бірі болатын. Біздің артиллерия Эстонияны жаудан азат етудің ақырғы айқасын бастады. Зеңбіректер дұшпанды оқтың астына алып жатқанда біз жау шебіне жақындап үлгердік. Рота командирі Климов дүрбімен алға ұзақ көз тікті. Ақырында ол қолын төмен түсірді де үстіндегі шинелін шеше бастады. Бұл қимылды жауынгерлер түсіне қойды. Қазір шабуыл басталмақ. Мен пулеметімді ыңғайлырақ етіп ұстадым. Сол сәтте белгісіз бір күш алға итермелегендей болды. Оң жағымнан да, сол жағымнан да өре тұра келген жолдастарымды көрдім. Рота шабуылға шықты.

…Жау оғы жауынгерлерді жапырып жыға бастады. Немістер уақыт өткен сайын беттетпеуге айналды. Жерге жабысып көп жаттық. Кенет алдыңғы жақтан бір алып дене қараң етті. Осы кезде мен анық көрдім: біздің Розалиныч ұшып тұрды да тас кесектей болып жауып тұрған оққа қарсы ұмтылды.

Жау пулеметі қақалып үнсіз қалды. Өз басым ештеңенің байыбына бара алмай қалдым. Бір ғана түйсік көңілге ұялады: Сабалақ Оразалинов жүздеген жауынгердің өмірін сақтап қалды. Сол үшін жас жанын пида етті. Осы кезде үні өшкен дзотқа алғашқылардың бірі болып жеткен сержант Дятков болды. Ол батырдың денесіне еңкейе үңілді де айғай салды:

– Жолдастар! Немістер біздің Розалинычты өлтірді! Азғындарды аямайык, алға!

Біз ыза кернеген жойқын кимылмен ілгері жаққа лап қойдық. Рота жау шебін штурммен алды. Жауды алды­артына қаратпай түре қуып жүре бердік. Қашан ақырғы фашисті ашық теңізге айдап тастағанша тоқтамадық. Сол жолғы шабуыл жолының бәрінде біз келбетті де көңілді жас ұланды, қазақ халқының, қайсар ұлы Сабалақ Оразалиновты есімізден шығарған жоқпыз. Оны өзімізбен қатар басып келе жатқандай сезіндік. Өйткені, ол өмірін қиса да өшпес ерлік қалдырып кетті. Қызыл әскер Алексей Кузнецов (8­ші армияның «Ленинский путь» газеті, 6 желтоқсан, 1944 жыл)».

Бұл – бір құжат. Екінші деректі Николай Кондратьев деген жауынгер журналист қалдырған. Ол Сабалақ Оразалиновтың ерлігін 1944 жылдың қарашасында өздерінің 131­ші атқыштар дивизиясында шығып тұратын «За Отчизну» газетіне жазған екен. Мақаланың мазмұны, болған оқиға біз өзіміз жоғарыда сөз еткен 8­ші армиялық газеттегі Алексей Кузнецов баяндаған жайға ұқсас. Сондықтан келесі дерекке сөз берелік.

Дзот аузын денесімен жауып тірі қалған кейіпкері­міздің ерлігін дәлелдейтін үшінші құжат мынадай. 1944 жылғы Эстония жеріндегі болған шайқасқа қатысушы, запастағы генерал­майор Т. М. Зубов арада көп мезгіл өткен соң өзінің қаруластарымен бірге қиян­кескі ұрыс өткен орын – Саарема түбегінде болады. Сол жерде олар Александр Матросовтың ерлігін кайталаған қазақ Сабалақ Оразалиновты еске түсіреді. Т.М.Зубов сапардан оралысымен есімін әлі көп ешкім білмейтін ерлік иесі жайлы «Известия» газетіне хат жолдайды. Ол мақала жарыққа шыққанда мұны Сабалақ атай кездейсоқ көріп қалып оқиды да генералға өзінің тірі екенін, ауыр жараланып, өлім аузынан қалғанын, қазір Алматы қаласында тұратынын хабарлайды. Кейін «Известия» бұл тақырыпқа қайта айналып соққан. Т.М. Зубов пен С. Оразалиновтың бірін­бірі іздеп тапкандығы жөнінде газет тілшісі Евгений Кригер 1965 жылдың 29 наурызында «Өлімнен де күштілер» атты мақала жазған. Сол сол­ақ екен бұрынғы 8­ші армияның 131­ші дивизиясындағы 482­ші полктың ардагерлері жер­жерден оған үн қосады, Алматыға хат жолдайды. Сабалақ атайды Эстониядағы Саарема түбегіндегі орналасқан Каймыри ауданына кездесуге шақырады. Олар уақыт санап 1944 жылғы шайқастағы өздерінің есінде қалған жайларымен батыр ерлігін одан әрі тірілте, толықтыра түседі. Ондай естеліктер көп. Соның ішінде екі адамның хаты ерекше сыр шертеді дер едік біз. Оның бірі – 482­ші полктағы санитарлық взводтың бұрынғы командирі, медициналық қызметтің отставкадағы аға лейтенанты, пулемет аузын денесімен жапқан жауынгерге ең алғаш көмек көрсеткен А. Афанасьева­Пушкова.

«Біздің шабуылдағы бөлімшелеріміз алға кеткен еді,– деген Ленинград қаласында тұратын ол кісі өз естелігінде: – Мен санитарлармен бірге фашистік дзотқа жақындап келдім. Міне, осы жерде біз дұшпан пулеметінің аузын өз денесімен жауып құлап жатқан кеңес солдатын көрдік. Мен оған жүгіріп барып басын сүйедім, сол жақ иығын оқ шұрқ тесік қып паршалап кетіпті. Сол аяғы қара санынан қақ бөлінген. Денесінің әр жерінен қан шүмектеп ағып жатыр. Жүрегін тыңдадым, әлсіз лүпіл естіледі. Мұны сезісімен апыл­ғұпыл жарасын байлап, дәрі ектім де қасымдағы қыздарға: «Мына жауынгерді дереу санбатқа жеткізейік. Мүмкін құтқарып қалармыз дедім». А. Афанасьева­Пушкова осылай десе Ұлы Отан соғысының ардагері, қазір «Лениздаттың» бас редакторы, жазушы Д. Хренков: «Соғыс жылдары мен 8­ші армияның «Ленинский путь» газетінің редакциясында жұмыс істедім. Сол кезде 482­ші полкта сізбен кездескен едік. Кейін 1944 жылы қарашада өз газетімнің бетінде сізді «жерледім». Ол кезде дивизиядағылар дзоттың аузын денесімен жауып, жауынгерге жол ашқан сізді қаза таптыға санады. Осылай деп дивизияның «За Отчизну» газеті де мақала басты. Ол газетке сіз туралы менің досым Николай Кондратьев жазған еді. Енді міне, өзіңіздің тірі екеніңізді «Известиядағы», «Өлімнен де күштілер» деген мақаладан оқып, естіп біліп хат жазып отырмын. Біз міндетті түрде кездесуіміз керек. Еске алатын жайттар көп. Кездесеміз, ғажайып ерлік иесі»,– деп тебірене хат жолдайды.

Иә, көптен күткен күн де келді. 1981 жылы 5 мамырда бір полкта қызмет еткен майдангерлер Эстонияда кездесті. Онда айтылмаған сыр қалмады, каруластары Сабалақ атайды ортаға алып көпке дейін жібермеді. Артынша 482­ші полк ардагерлерінің бәрін Таллиндегі Бүкілодақтық «Зерде» вахтасының ашылу салтанатына шақырды. Сол жерде қарт майдангерлер өз батырын маршал И. X. Баграмянмен таныстырды. Бұрынғы Прибалтика майданы қолбасшыларының бірі болған ол кісі С. Оразалиновтың ерлігін естіп, риза болды, қолын қысып тұрып оның ұзақ өмір сүруіне тілектестік білдірді. Сөз орайында мынадай хабарды да айта кетейік. Генерал­майор Т. М. Зубов, майдангер Д. Хренков, тағы басқа да көптеген жандардың белгісіз батыр ерлігін қалпына келтіру жолындағы, оны іс жүзінде дәлелдеудегі ізденістері босқа кетпеді. Бұған қосымша бұрынғы 131­ші дивизия ардагерлер Кеңесінің Подольскідегі КСРО Қорғаныс министрлігі архивіне хат жолдап сұрау салуымен ол жерден С. Оразалинов жайында жаңа деректер табылды. Соның нәтижесінде Ұлы Отан соғысындағы Қара теңізден Мурманскіге дейінгі аралықтағы мыңдаған шақырымға созылған алып шайқас театрының, жойқын ұрыс баталиясының шағын бір отты нүктесінде жасалған ерлік көп уақыт өткен соң барып өмірден өзінің лайықты орнын алды. Оны 1974 жылы Москвадан шықкан «Ленин орденді Ленинград әскери округінің тарихы» кітабының 423­ші бетіндегі және 1941­1945 жылдардағы Александр Матросов ерлігін қайталаған қаһармандардың толық тізімін берген (мұнда ол 312­ші болып тұр) «Өшпес ерлікке жасалған қадам» атты кітаптағы анықтамалардан анық байқауға болады. Жоғарыдағы кітаптардын, екеуінде де: «1944 жылдың 18 қарашасы күні 131­ші атқыштар дивизиясының 482­ші полкіндегі 8­ротасының ефрейторы, 20 жасар қазақ – комсомолец Сабалақ Оразалинов Сааремада өшпес ерлік жасады. Эстонияның Каймыри ауданына батальон шабуылға шыққанда жау пулеметі беттетпей қойды. Аға лейтенант Климовтың ротасы қиын жағдайға килікті. Осы кезде ефрейтор Сабалақ Оразалинов алға ұмтылып, екі рет ауыр жараланды. Соған қарамастан ол шешуші қадам жасады. Дзоттың аузын денесімен жауып, жауынгерлерге жол ашты. Тірі қалды»,– делінген.

…Ол кісімен, яғни, кейіпкерімізбен кездесіп, жүздесіп, әңгімелескеннен кейін де біраз уақыт өткен. Бір күні неге екенін қайдам Сабалақ атайды тағы да көргім келіп кетті. Жұмыстан шыққан соң кештетіп отырып екінші Алматы вокзалына тарттым. Ақсақал сол баяғы орнында, үкінің үясындай күзетші будкасының алдында отыр екен. Қауқылдай амандасып қарсы алды. Екеуміз ананы­мынаны сөз етіп көп әңгімелестік. Бір таңғалатыным – ол кісіні қашан, қай жерде көрсең де сол қалпы, бәз­баяғы мінезі, сөзінен аумайтындығы. Қарапайым, кішіпейіл. Ойындағысын жасырмайды, ашық айтып салады. Сөйтеді де қарсы алдыңда қасқайып отыра береді. Осыны көргенде, сезгенде мен өткен кездесуде естіген мына бір жайды есіме алдым. Бұдан он жыл шамасы бұрын далада ойнап жүрген баласы Асқар үйге жүгіріп келіп әкесіне: «Әке, елдің бәрі сені батыр дейді. Батыр болсаң неге орденің, атағың жок. Ал, ана Валераның әкесінде ол бар. Кеудесінде сықап тұр. Оны саған неге бермеген?– деп сұрақ қояды. Мұны естіген Сабалақ атай ұлына сонда былай деген: «Балам, саған менің орденім, атағым керек пе, жоқ әлде мына мен, яғни алдыңда тірі жүрген әкең керек пе? Соғысқа атымды шығарайын деп барғаным жоқ, елді, жерді қорғауға бардым. Ерлік жасайын деп жасағаным жоқ, Отан алдындағы парызымды өтедім, солдаттық міндет – бұйрықты орындадым. Ажалдан аман қалдым. Маған сол да жетеді. Мұны кім қалай ойлайды, өздері білсін. Түсінікті ме енді саған балам?!»

Қазір міне Сабалақ атайдың жанында отырған мен әке мен бала арасында болған сол сөзді есіме алдым. Ал ол кісі болса мұны сезер емес, сөз желісін басқа жақтан ағытып отыр. Ой­қырға кезіп кеткен қиял тізгінін қайырып, кәрі көкіректен күмбірлей шыққан үнге құлақ тосгым. «Тағдырға айтар өкпем жоқ, – дейді қарт майдангер: – Шүкір, бәріне ризамын. Құдайдан кезінде мен не тілемедім? Бәрін тіледім. Соның көбі орындалды. Кейінгі арманым – артымда ұрпақ қалдыру еді. Ол тілегіме де қол жеткіздім. Бұл күнде сегіз балам бар. Бәрін өсірдім, оқыттым. Қазір олар өздері қалаған өмір­жолының иелері. Үлкенім Мәуен – мұғалима. Қаладағы 112­ші мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Одан кейінгі ұлым Дәурен – жоғары білімді мал дәрігері. Қазір ол Гурьев облысының Ембі ауданында, қызмет істеп жүр. Сапарғалиым да мал дәрігері, республикалық «Зооветснаб» мекемесінде жұмыс істейді. Бейбітжан мен Қатанай техникум бітірді. Қаниша болса астанадағы медицина институтының төртінші курс студенті. Асқар – спортшы, «Динамо» су добы командасының мүшесі».

Ымырт үйіріліп келеді…

Вокзал жанынан қабырғасында «Алматы–Мәскеу» деген жазуы бар жетінші пойыз желіп өтті…

…Оған назар аударып жатқан Сабалақ атай жоқ. Аякөз депосында істеген кезінде басынан өткен оқиға жайлы қызықты бір әңгіме желісін бастады.

Мен кұлағым қалқайып тыңдап отырмын…

1984 жыл.

Авторлық анықтама. Сабалақ Оразалинов 1986 жылы тамызда Алматы қаласында қайтыс болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *