ҰЛЫ ЖУСАН
Көкбөрі Мүбарак ҚИЗАТҰЛЫ,
Алтайдың Көктоғай ауданының Оспан батыр шоқысы деген жерінде туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Тарих, Археология және Этнология факультетінің түлегі.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Жаңа аймаққа бір қауым қоныс аударудан бұрын, ол жерге әлдеқашан қоныстанып үлгеретіндердің кім екенін білесіз бе? Әрине, олардың бірінші түрі – қарақшылар, екінші бір түрі – ғашықтар.
***
Баркөл өңірін мен «қара топырақпен құрсанған қара жер» ретінде елестете алмай отырмын. Ол бір жап-жасыл жүрек сияқты, менің кеудемнің астындағы қуысқа сыймай, сыртқа қарай бұлқынып атылып шығып кетердей болып тұрады. Сол жасыл жүрегімді «Баркөлім!» деп сүйсініп ұстағым келеді. Баркөлге тамшылаған – Соғыс салған аталарымның қаны ол топырақты ұсақ әңгіме етуімен жол қоймады, ол топырақ менен кесек әңгіме тіледі.
Алтай десе, Баркөл десе, өзара тұтасқан екі тамырым солқылдап, ащы у көкірегіме құйылып, мұнартқан тарихтың арасынан көкбозатыма мініп баяу жол тауып келе жатамын.
Сен өзің «дың-дың» еткен мұңды ырғақ пен назды толқынысқа байланған ішегі ауық-ауық тоқтап қалып, күйі араға бір топ секунд салып барып жалғасатын бүгінгі жетігеннің емес, ескі Ғұнның қара шашы иығын жауып арқасы мен құйрығын көлегейлеген қуатты әрі зор қызы саусағымен іліп күй тартқан жетігенінің үнін – Менің жан әлемімнің бір бөлмесіне отырып тыңдап көрші!
«Дың-ң-ң!…»… Бірде судың шала естілген нәзік сылдыры… Бірде қоңыраудың айқын шыға алмай қалып тұтыққан үні…
Одан кейін «ы-ы-а—а-а…» деп су астындағы перінің су сыртындағы дүниеге естіртпек болған нәзіктеніп басталған, кейін зорайған, ұзыннан-ұзаққа созылған айхайын тыңдап, мен басқа дүниеге ауысып кеткен сияқтымын. Сонымен көкірегімді тыныштандырып, жетігеннің Ғұндар қолданған ең ескі ішегін бір түртіп қоям да, құмығып отыра кетем. Әрі қарай күй де жалғаспаған. Өйткені, мен жан әлемімнің терең мұздығына түсіп кеткенмін.
***
– А-ха-хай, бұл Баркөл ме? Бұрымын тарқатып жіберіп, қалың өскен қолаң шашы желбіреген ақ құлашты қыз айхайлап жіберді, аты да оның Аққұлаш еді.
– Иә, иә, қарғам-ау!
Жігіт тебіреніп тыңдады.
– Құлашым-ау, ұлашым-ау, аппақ құлашың-ай, қаздай ғана қырағысың-ай!
Жігіт қыздың бетінен сүйіп алды да, бойына жігіттік оты кіндігінің астын шымырлатып барып кең жайылып, тұла бойын ыстық бу ұрған буындармен буып, мызғатып тастап, өзі сөйлей алмай, қызды құшағына қатты қысып мелшиіп тұрып қалды. Қыз да сезе қойды. Жігіттің бойында булыққан будың ағынына қарай пайда болған бу қыздың да бойынан түрлене шығып, сол нәзік бу қыздың бетінің бояуын тіпті қызарта түсіп, екеуі бір-бірінің отына соғылғысы келіп, сәл есеңгіреп тұрып, бір-бірін құшақтап қалып, үнсіздік оларды үрлей түсіп, қыздың демі жігітің жүрегін көсеп-көсеп қойды.
Уа, Баркөл сенде бұдан артық бақыт болар ма еді?… Құшағыңда құшақтары жазылмай тұрған кімдер екен бұл екеуі, ей, Баркөлім, менің ұйығым?
Бүгін де кешегіден қалған жұмақ тамшылары менің төбеме тамшылап тұр. Әлсін-әлі қағып алып, алақаныма түскенін жұтып қоя жаздаймын.
Құшағына уыздай үлбіретіп қысқан іңкәр жүректі кеудесіне тарс жабыстырып алған жігіт әрең босатты. Бал татыған ернінен сүйді, қыз да жұтынып тілінен мейізін берген.
***
1864 жыл. Осы күн тарихтың есінен кетпейді. Сол жылы көктеген ағаштардың кейбірі әлі бар. Сол жылы жолаушының қолымен ақ байланған иенде өскен жалғыз ағаш бүгінгі күні әулие ағашқа айналып, күн сайын діңі қалыңдап, жапырақ толы бұтақтардан көтерген тәжілі шоғы үлкейген.
«Апырым-ай!» деп сол ағаштың басына, қуысындағы ұяның қалдықтарына, діңіне жақындап, төмен жағынан өрген қызыл құмырсқа мен өсімдік биттеріне, жабысқан құс саңғырықтарына қараймын.
Мен бұл ағашты айналып жүрмін.
Сол кезде қасыма екі қыз бен жігіт келді де, ақбоздан тіктіріп киім киген екен. Жаныма барған сайын жақындап келеді.
– Армысыздар, ғашықтар?
– Ар ма, тарихтың қонақ жігіті?
– Құдай деп. Өздеріңіздің мән-жайларыңызды білуге болама?
– Біз Жанай, Жалтыр, Ырыс, Шегір деген 4 аталы Сарбас деген ел едік. Келіншегімнің сүйегі Шеруші деген ел еді. Осы араға, осы нулы әулие ағашқа ат арытып ақтық байлайық деп едік. Біз осыдан 17 жыл бұрын, осы араға қашып келіп мекендеген бір жұп ғашық едік.
– Табаны күректей 17 жыл?
– Уақыт біздің бетімізді шимайлады. Әжім деген де жақсы екен. Өткен күнге ризашылық білдіріп, осы әжімімнің арасын мұртыммен қосып сипалап шығамын.
– … … …
Мен жауап қата алмаймын. Жүрегім суға мойнын сұққан үйрекше күмп-күмп еткен лүпілмен жауап қатып жатыр.
– Тарихтың сырлы қонағы! Біздің жылға, біздің Баркөлге келгеніңе рахмет!
Міне, мынау менің келіншегім – Аққұлаш.
Құшақтап, оң қолымен келіншегінің арқасын бір рет сипап қойды. Әйел жымиды.
– Амансызба апа?
– Аманмын, қарағым. Қош келдің!
– Пейілдеріңізге рахмет!
Тарихтың мұңлы күйі ақшыл аспанның үстіне ақ бұлтты толтыра тиеп, тым ақырын ырғақпен жылжытып өткізіп жатыр. Аққұбаланған түсі көзге көрінетін жел шұбырып өтіп жатыр. Ақ селеулер бозаңытып, жерден сілкіне көтеріліп, жел ырғағымен «шөп биін» жұлқына билейді.
Жасы ұлғая бастаған қос ғашық аппақ бөзден тігілген маталарына оранып, жалғыз ағашты өңірден кетпей әлі тұр. Олардың әлі де маған айтатыны бар сияқты.
Құлағыма ызыңдап, жүректі суыра тартатын қурайдың сызылған үні Ғұн жетігенінің үнін қақ жарып, бұзып шығып осы біз үшеуіміз тұрған тарихқа араласты. Ол екеуі де, мен де «мына дыбыс қайдан шығыр жатыр?» деп елеңітіп, жан-жағымызға, ақ шүйке бұлтқа толған ақ түсті аспанға, ең соңында төбемізден шыркөбелек айналған әуеннің бағыты бойынша, әулие ағаштың ақырын ғана сылдырап барып тоқтаған астыңғы бұтағының ұшындағы бұталардың қозғалысына қарап тұрдық.
– Салық көбейіп, озбырлық та үдеп тұрды.
Өр Алтайға сұғынып кіріп, тынымсыз қимыл жасаған Дөрбіттерге ерегесіп шыққан Ізқұтты сияқты батырымыздың оқиғасының өзі аянышты. Білесің бе, осыдан 25 жыл бұрын, Қосбұлақ жайлауында Жанбаланың ұлы Ізқұтты батыр тіккен киіз үй қурап қар астында қалыпты да, өзін Дөрбіт жасақтары Иман, Құбанбай деген екі жолдасымен бірге ұстап Қобдаға апарып өлтіріп тастапты. Келесі жылы жұрт батырдың қураған киіз үйінің қалдықтарын, ырсиып тұрған уық, шаңырақ пен тілінген, құс саңғып езген туырлығын көріп, сол жер осы кезде Қуүй атанып кетті.
Оның өлімінен 15 жыл бұрын, будда жолы үшін өздерін құрбан етуге дайын, өңшең тақырбастанып келген 4 мың адамдық дөрбіт жасағы Қарасеңгір тауындағы елге шабуыл жасап, Беген байдың ауылын қырғынға ұшыратты. Ізқұтты батыр қол бастап сол жаудың бетін қайтарып, кейін шекараға барып қазаққа қалқан болып жатып алған.
Біздің қосылуымызға екі жақтың адамдары да көнбеді. Анам ер мінезді өжет, есті адам еді. Ерлермен қатар жүріп ат баптайтын. Маған жаратқан бір атын түнде ұрлап мінгізіп:
– Сүйгеніңді ал да кет. Ақ батамды бердім. Қызды алу үшін, малының буына көзі қарайған озбыр бай біздей кедейдің ұлының көзіне қорғасын құйып тыныш таптырар. Ал, мынау шұбарың – Жетегіңе алатын қосар атың. Шабысы мына күрең қасқаңнан кем емес. Атың болдырғанда ауыстырып мінерсің.
– Ана, айналып кетейін!
– Кет, балам, жөнел енді. Айналып тұратын кез емес,– деп атымның жамбасына бишікпен тартып қалды. Жарап тұрған ат анама бір жалт қарады да, бір лықып алып, жортақтап жөней берген…
– Асыл анам-ай, түбі сізді де алып қайтармын. Қош болың-ы-ыз!…– О дүниедегі әкең тілеулес болғай! Желеп-жебегей! (күбірледі)
Анам ақ кимешегімен, кесек денесімен сопиып қала берді.
Ай жанып тұрған түн еді. Шағанғол өзенінің бойы сабағы басына өрмелеген тоғайға толған. Шағанғолдың ағаштарының ішінде жасырынып тұрып, аяулымды күтіп алдым…
– Есіл ерім-ай, тұлпарыңды қатырып жеткен бетің осы болды ма?
Бас салып құшақ айқастырғанбыз.
– Сүйенішім! (Жып-жылы сөз еді)
Осы сөзін естігенімде, мен өзімнің өте маңызды, қабырғасы биік сүйеніш екенімді аңғардым. Бүкіл әлемнің құздан да зәулім жасыл арқасы қисайып келіп, менің арқама сүйеніп тұрғандай. Сол құздан қисайғанында аққан мөлдір бұлақтар қыз моншағындай сауылдап екеумізді дір-дір еткізеді.
Қарсы алдымызда сонадайдан құйрығына жел сүйретіп бір қарақұс маңдайымызға дейін ұшқан беті жақындап келіп, бұрқан желді қанатынан сілкіп шығарып, екеуміз де шошып көзімізді жұмып алғанда, қара құс тік көтеріліп төбемізден өрлеп ұша жөнелген.
– Төбемізге тырнағы тиіп кетпеді ме?
– Көзіңді әлі де жұм. Жел сусылы басылғанша ашпа!
_ … … …
– Қарақұс кетті ме?
– Кетті. Енді ашсаң болады.
– Қарақұстың қарсы алдымызға дейін ұшып келіп, одан кейін төбемізге көтеріліп кетуі тегін емес. Құдай бізге үлкен мейірім төгіп тұр.
Құшағыма қысылып қалған қыз:
– Анаңыздың батасы қабыл болған шығар?…!
Қарақұсты анаңыздың қара күшке толы қауқарлы батасы дейік.
– Дейік, жаным!
Қобырап тұрған маңдай шашын қайырып иіскелеппін.
***
Осындай көлбеген деректен бүгін мен де қалжырап отырмын.
Баркөл қауымының аңыз-хикаяларын тыңдап, күйлеріне жүрек тербей отырып, құлағыма «һұһа-һулеген» қаһарлы жолбарыстың жиркенішті үні де жеткен. «Неге?» дедіңіз бе?
– Бұрын сен үшін әсерлі дауыс болған жолбарыстың үні бұл жолы неліктен жиркенішті болды екен?
– Қу-медиенге атының шылбыры мен бір жұп шыбын жанын сүйрете жеткен жандар үшін жолбарыс ең жеккөрінішті аюан болды.
– Қай жағынан?
– Алтайдан аттанып, «елсіз бір бөктерді мекен етеміз» деп шешкен біз секілді қос ғашықтар екен. Азаматы «елік пе, қарақұйрық па, иенде құлағын қалқайтқан бір қара көрдім. Дызылдап көшкен сағымның арасында жақсы көрінбей тұр. Мен атып келейін. Әйтпесе, аштан өлерміз. Осы төбенің басында көзіме көрініп қарайып отыра тұр» деген.
Қыз:
– Мырзам, әлімнің құрып, тілім таңдайыма жабысып қалғанын көріп отырсың. Бір шара су ұстатып кетші қайдан болсада тауып.
– Сені онда қуысқа түсіріп кетейін. Бейтаныс жер, жол торыған қарақшылардың көзі сені шалып қалар. Анау қоңыр аң да сезік алып қашып кетер. Ең жақсысы төбеңді көрсетпей, төбеден түсіп, мен көрсеткен жерде аялдап күт.
– Жарайды, жаным, пырағым!
Қыздың беті талыққан адамның емес, өмірге жаңа келетін адам құсап аяқ астынан албырай жөнелген. Бетіне жігіт бір таңғалып қарады да, су ішіп алған адамдай қызарып, шөлі қанып толқып тұрғандай бейнеге аңырып, «Су іздейін!» деп тымағының артын байлап алып жүріп кетті.
Жігіт бөктерден бөктерге өтіп айналып жүріп, әрең су тауып, ойы жарының аяқ астынан албыраған өңінде болып торсықты алуды ұмытып кетіпті де, суды төгіп алармын деп шараға құйған күйі, шараны бір қолына ұстап, атын жетектеп жаяулап тартты.
Қайта келгенінде қолындағы өмір суы атаукере болып жерге төгілді. Салып ұрып айхайлап жетіп келді. Ғашығын жақын маңдағы қопаның бірін мекен еткен жолбарыс жеп қойып, бұрымы, етікке сұғулы аяғы ғана қалғанын көрген жігіт, елге апат келерде іңірге күреңітіп асығып құлаған күндей болып, жартылай қаңқаға айналып қалған қыздың үстіне түршігіп құлады да, қанды дененің қалдығын ұстауға сескеніп, тұрып кетіп ебіл-дебіл жылады. Қанжарын суырып алып, төңіректеп жүріп жолбарыс іздеді. Ештеңе табылмады.
Ақыры, Алтайға қайтуға бет жоқ. Қанжарын сілкіп-сілкіп неше күн бойы қопаны қарап жүріп, бір жолбарыс тауып өлтіріп, жыртқыштың қанын ұрттап кегін басыпты да, осы өңірде тұратын жергілікті Жағышындардың (Ойрат руы) малын ұрлап қашып бара жатқан бір топ ұрының артына түсіп, тоқтамай шығысқа қарай жүре беріп, Торғауыттар мен Шахарлар тұратын Алаша деп аталатын ала құм басқан өңірден шығып, ақырында сол елге сіңіп кетіпті. Әр жолы будда жосыны бойынша обаға қалың Ойрат тізерлегенде, бұл тізерлемейді екен. Тіп-тік қарап тұратын болған.
Кейін көп буддистың ішінде жалғыз жүре алмайтынын біліп, өзі жолбарыс соққан Баркөлге неше рет барып, сол жердің тау-тасына жасырынып жазадан қашқан және бұлаңшылық еткен бірнеше қазақты тауып алып, оларды ертіп Алашаның құмына апарыпты. Алашаның құмы деп жүргені осы ұшы-қиырсыз Құбы құмының бір жақ шеті екенін кейін білдім. Олар Алаша жерінде жергілікті Ойраттан қыз алып, әйелдеріне өз дінінің жосындарын үйретіп, ұрпақтарының тілі Ойратқа ауып кеткенімен, діні бөлек болып бір шағын елге айналып кетіпті.
– Бұл сияқты істер Баркөлге алғаш келген қазақтардың басында бірнеше дүркін қайталанған дедіңіз бе?
– Менен бұрын да бірнеше рет қайталанған дәл осындай қызын жолбарыс жеген адамдардың ісі.
– Өзіңіз алғаш Шіңгілдің ың-жыңсыз таңында аттанған күнді айта отырыңыз.
– Сен айтқандай ың-жыңсыз таң толық қылаң бермеген, әлі де қараңғылықтағы кез еді. Шағанғол өзенінен өткел тауып өткенде, судың беті қаракөзденіп дірілдеп, үзеңгіден асып құйылып жатқан. Қап-қара көздің ішінде еді.
Сол кезден кейін ғана таң ағара бастаған. Көп өтпей сыртылдаған жауын жауып, бұлыңғыр тұман түсіп, келергі күніміздің не боларын білмей дал болдық.
Тек баяу көңіл-күймен сырғып бара жатқан біздер атымыздың соншама қатты жүріспен кетіп бара жатқанын білмей қалдық.
***
Келесі күні Арманты тауынан өткенде, ат үстінде ырғалып келе жатқан Аққұлаштың артқы алқапқа қарағысы келгенін аңғарып, тірегі қатарласа келіп бауырына тартыпты оны. Екеуі бір шоқының үстіне шыққанда, арайлы таңның үстінде тұр еді… Жас жігіт толқып:
– Пешенемізге не жазғанын көреміз,– дескен.– Бірақ, артымызға қарамайық!
Қыздың қайғысы моншақтап, көзінде тұрды сыңғырлап. Үздіккен жас моншағын уыстап далаға шашып жіберген де қайратты ері Берке еді. Дүріл ұялаған қабырғасы мен дүбір жинаған тұяғымен шөптерді қыршынынан жанши береді арғымақтары жылжи түсіп. Аққұлаштың үздіккен жас моншағы Беркеден жасырылып он бес рет жерге шашылғанда, он бес мезгіл өтіп, алғаш рет айбынды таудың қолатындағы нуға ат тұмсығы жақындап, күн тіпті алауыртып салған… Анау қарақұйрықтың ізі, міне бұл бөрінің…
Тостағанына Берке мөлтек су алып беріп жатқанында, ышқыныс туды:
– Берке, Берке! Аһ!
– Аққұлаш, не іс?
– Ат тұяғы жатыр мұнда?
– Қорықпа, моншағым! Қарақшы болмаса, мүмкін бел-белестердің әрі жағында ел бар шығар…
– … … …
– Ішпей тұрайыншы… Атыңа мінші Берке…
– Менің артымнан он қадам алыс ер. Мен нуды айнала жүріп шығайын.
Арғымақтарын баяу сылдырлатып жүріп келеді. Қыз арғымағының мойнына тағылған, бірақ әлдеқашан сақтық үшін елден қашарда-ақ үзіп алған қоңырауларын ойлап, онысын қалтасының сыртынан баяу мытып басып қойғаны бар.
– Ғаһ-һ-һ… ах-хе…
Күрең қасқа ат осқырынып, тік шапшыды… Ілесе үрккен қоңырының екіпінінен қыз құлап қала жаздады ма бір? Шұбар ат ғана өзіндей шұбартқан аюанға сақтық танытып үрке қарап тұр.
Жер беті көгала … Қызыл шабыр қан… Жұлық-жұлық киім… Мүмкін бұл көріністің ішінде – Әлде бір жанның топыраққа сіңіп тасаланып үлгерген ащы өксігі, сол өксігін тербелткен жасы көрінбей тұрған болар. Ол енді өз мөлтеңін оңайға көрсетпек емес… Көз жасы қашан да тасаланғыш…
Жолбарыс жеген адамның қалдық орны осы болғаны ғой. Жан түршігеді… Жұлық-жұлық көк киімнің жерге ұйпаланғанда топыраққа жұққан табы, көгерген, тұмантқан аспанның әлі де жылжып өтіп болмай жатқаны… Адам қаны… Басқа ештеңе жоқ…
Осы сәттен кейін аялдауға да үлгермей, жастар тауды бөктерлей жортақтады. Бөрі соқпақтарды кесіп өтіп, бекіністей көрінген, төбе тұсының артында үңгірі бар шоқының бір бетіне келіп бой тасалаған. Іңір өз бояуын ертіп келе жатқан.
Қамырықты болсада, сұлу екенін пәш ете беретін кеш жүрекке алғау түсіргендей. Берке бұл төбеден күллі алап көрінетінін байқаған. Айнала түгел қоңыр, қызғылт, сары түстермен араласқан мұңлық әрі сырбаз өңірге оранып тұр.
Берке бірқанша рет жортуылдап, барлық маңайды шолып өткенінде танығаны – Осы шоқының алдын орап өтіп жататын аттылардың жолының сорабы бар екен. Қаңғалақ арбаның іздері де андыздап ұшырасады.
Төңірек мүлги бастады. Аққұлаш өзін жалғыз қалғандай сезді. Жүрегіне қуат тілеп, шоқының артқы қырындағы үңгірше тұрақта батар күннің тұсын күн батпай тұрып бағдарлап отыра кетіп, күбірлеп дұға етпек.
Дұғасын жасады. Манаураған жат әлем алғаш рет бұлардың құшағына тығыла түскендей. Іңір бояуы осы табиғи тұрақтың ернеуіндегі жартастарға салбырап алқызыл бұлттардай ілініп-тілініп қалған. Кезінде бай әкесіне Бұлғыннан келген бір Торғауыт аңшысы жолбарыс терісін тарту еткен еді. Сол тарғыл жолбарыстың бедерін еске алғанында іңірдің айшықты бояулары жолбарыс өрнегін жасап әбігерленіп жатқандай болған.
Әке қайда? Ана қайда? Қыз көз жасын сығымдап барып, аппақ бір бояу тауып содан қуат алып, сол бояудың қуатымен көз жасын сілкіп тастап, қабағын сол ақшыл мұздай бояуға төсеген.
Беркенің келуін күтті. Ол бұйрық етпей жат аумақта түтін шығарып, шәйнек ысытуға да жол жоқ. Деседе, еңкіштеп, алғаш рет осы аумақта зерлі шалбарын бүгіп, ұсақ отын тере бастады. Көзі алдымен шалбарының әсем зеріне түсті иіліп жатып… Қыз осы кезеңдерде көйлегін шешіп, жортуылы басталған дызылдаған жаңа өмір үшін шалбар кие тұрмаудан басқа амалы жоқ. Анасын еске алды…
– Менің өжет қызым, құлаштым, ер балаларымнан артық өсіп келесің. Жортуылға лайықтап дайындайтын қаракөктің тұқымдары киетін әсем шалбар сенде де болсын.
– Көйлектерім жетпей ме, ана?
– Қаздай мамырлап былқылдап басам десең көйлегің көп қой, құлыным! Бұл ерлерше жортып жатсаң керек болады.
Сол кезде кеш еді. Осы шалбар алғаш тігіліп жатқан. Ойласа, сол кезде анасы түсінде көрді ме, түйсігі сезді ме, ер мінезді қызының осындай талғам жасайтынын алдын-ала ұғып, жортуылға сай киімдерін ертеден дайындап беріпті.
Қалт етіп есін жинап, кеңсірігін тартқанда өз мұрнына шөп-топырақ, хош ауаның иісінен тыс, өзінің опасының исі де қосанжарлап жеткен.
Бұл демек, Баркөл. Атақты қарақшы Қу Қодырай дегеннің де қашқан жері осы болса керек.
– Баркөл деген барса келмес бір түкпірге кетіпті, әлгі қу Қодырай деген құйыршық,– деп ел айтысатын.
– Сол Баркөл дегені алыс та жер емес болуы мүмкін,– делінетін тағы бір қияқ мұртты қонақтың сөзінде.
– Адам жіберіп ұстатамыз ба қайтеміз? Иенде жүріп әккіленген сұм адамдарымызды қаңғытып мерт етіп кете ме?
Қыз сонда шәй үстінде қияқ мұртты кісінің мұртын жаттап қалған.
Қыз бүйілердің, жыланның келуінен абайлап, жас топырақтың иісіне азынаулақ елітіп шөмшегін жинап қойған соң, өзінің басына аттың ерін жастап, тоқымын, пішпегін айналасына жайып қойды. Бұл уақытта қалбаңдап іңірдің тоғысқан қызыл, қара бояуларының ішінде қара бояуымен таласып үркектеп отырған тазалықтан қызара түскен қызыл бояулы жүрегінің тұсына Берке келді.
– Бұл Баркөл ме?
Жігіт тебіреніп тыңдады.
– Иә!
Жігіт жымиып, аздан кейін ыржиған.
Құшағына уыздай үлбіретіп, іңкәр жүректі ысытып басуда. Бас салып құшақтаған күйі төсеніштің үстіне алып ұрып құлады. Ішінің ыстығы удай қызартқан ернінен шөмеле арасынан шөп суырғандай, қыз көмейінің қуысына қарай тартынған қызыл тілін суырып әкеліп сүйді. Қыз да жұтынып өлердей… Жазға қарай пысқан бір-бірінің мейізі бал татиды.
Лезде кеудесінен дүркіреп көтерілген сезімдермен бірге бас көтеріп, аяғын бір-біріне үйкеп етігін теуіп шешіп, қызды қайта еңкейіп құшқаны сол, бір қыдыру өте сүйікті арпалыстан соң есін жинап, жанына қатарласып жатып, бір тал шөптің сабағын суырып алып:
– Бұл біздің тұрағымыз,– дегендей болды немесе ештеңе демеді ме?
Кім білсін, әйтеу осы тарих ұмытқан сәтті мен тырмалап ашып жатырмын. Олардың көз алдында тұнған іңір менің де жүрегіме қайта оралғанына қуанышты. Менің ескі тарихты елестетуім бойынша сол кезде күн батып келе жатқан, қыздың төсі жігіт қолымен ашылғанда, іңірдің қызыл тұмсық бояуы қыз емшегінің ұшын қып-қызыл етіп еме бастаған…
Сол бір сол іңір – Аяулы іңір. Мен алғаш рет Баркөл топырағына бауыр басып қоныстанғандай күйді кейіпкерімнен бұрын кешіп рахатқа бөленіп отырмын.
Сол бір сол аяулы іңірдің жетегі тарқала бере, бұл шоқының арғы бетіндегі қасқа жолдан абыр-сабыр етіп, жалғыз тайды қосарына алған тымақты, бірақ бетін бүркеп алған жүргіншіні көрді бұлар.
Берке алыстан атпен орағытып барды да, қанжарын сайлап, жүргіншінің ту сыртын айналып тоқтап сәлем берді.
– Армысың! (Үні екпінді шыққан шығар)
Анау сәл тұнжырап тұрды да, бетіндегі тұмшасын сыпырған.
– Арыма балам, бар бол! Сен қу жүгірмекті қай сұрқай жел айдап әкелді мұнда?
– Қодырай аға?
Жігіт алақайлап жортақтап жетті де, айран-асыр құшақтасудың кезегіне ауысты. Қодырай аға тебіреніп күліп жүр. Шоқтай қызыл беттері ажарланып, көңілді терінің асты сұспен астасып алған.
– Ей, жүгірмек, қашып-пысып қыз ертіп келдіңбе?
Аққұлаш тау үстіндегі қуыстан тығылып қарап отыр. Басында кездігін суырып алып дайындалып отыр еді «мына қарақшы құзғын еріме қас қылмасын» деп.
Қодырай жымыңдап, көзінің қанішер оты жыпсиған сайын тұңғиықтанып, ат үстінде мелшиген қарақшы шалқайып, сақалын сипалаған күйі:
– Қалай таптың бұл жерді?
– Иә, Құдай бұйырды.
– Кеше ғана желкілдеп аузыңнан апаңның сүті арылмаушы еді. Енді бүгін, эх, жазған-ай!
Қодырай сақалын жалғасты сипалап тұрды.
Қамшысын ерінің қасына бүктеп:
– Ал, кімнің қызы?
Жігіт айтсам ба, айтпасам ба екен деп аз тосылды.
– Әй, кімнің?
– Ақораздың.
– Не дейді, сол қу томардың ба?
Қодырайдың көз суы шарасында толқып, қанында қарайған бір әуестік биледі.
– Қызында мін жоқ қой, аға. Әкесі жолымызды кескен соң, бір түнде уағдаласып, Шұбаркөлден осылай жол тарттық емес пе?!
Үнсіз қалды Қодырай. Бір ауық мелшиуден соң, арт жағындағы іңірдің балқыған қызыл-қара дейтін екі бояуға толтырылған тегешінен сары мойнын көтеріп:
– Тәңірі жар болсын, құдай өзі бақ берсін,– деп бет сипады.
– Әумин,– деп бұл қосыла бет сипаған.
– Бұл маңайдың ойпаңын кейде жолбарыс торуылдап жүреді, абайлау керек. Екі рет өзін көрдім, мен секілді иенде жүрген бір пақыр ма, оны кім біліпті, жаным ашып өлтірмедім. Өйткені, бірнешеу емес, жалғыз өзі екен осы өңірдегі көп қопада.
– Аға?
– Ау, айта ғой!
– Біз оның қаскүнемдігін көрдік. Бір адамды жолбарыс жеп кетіпті ана сары адырдың бауырында.
Қодырай оның саусағы нұсқаған жаққа қарап үнсіз ойға кетті.
– Адыр мен сай-саланың бәрін ақтарып адақтап шығушы едім. Сол араға жолым түспепті соңғы күндері.
Берке оның тағы да басының артқы алқабында тұрған іңірдің балқыған бояуынан мойнын қозғауын күтіп қарап тұрды.
– Э-эй, құрысын! Бұл даланың адамы мен аңында да сиық қалмай бара жатқан болды ғой!
Эх, жолбарысқа есесі кеткендер ебін тауып есесін қайырар, ал енді бізге тисе аямасыпыз. Осыған дейінгісін кешейік!
Бұлар күлтелі жүйріктерімен осы таудың артына түсіп, қиыршық жолдарымен тауды неше айналып тұраққа жеткенде Аққұлаш оған иіліп сәлем жасаған.
Әкесіне араз болса да, қызына кең.
Қамшысымен өз етігін сарт еткізіп бір ұрып барып, мұрнымен қоңқ ете түсіп:
– Әкең мені Дөрбітке де, Ұранқайға, жер қайысқан қазақтың өз ішіне де барымтаға жұмсап мал олжалатып, бізді кейде қалмақша киіндіріп, қасыма бір топ жігіт қосып, қиырдағы өзінің есесі кеткен ауылдарды да шаптырды. «Қалмақ тиіпті» деп ол істің көбі жабық күйінде қала берді. Тек соңғы бірнешеуі ашылып қалып, қаптап жеткен билердің сотында «осының себепсіз ұрынып жүрген өз қылығы ғана» деп мені күйелеп еді. Тағдыр басқа салған соң «елсізге кетем» деп осылай келдім. Ауылыңның бір емес, төрт жігітін қосып ұрып түсіріп кеттім. Сүйегіміз бір болмаса да, көз көріп жақын болып кеткен соң қанын мойныма жүктемедім, қолым батпады, жай ғана құлатқаным сол еді. Үрім-бұтақты болыңдар, уыздай саған өкпем жоқ, қызым!
– Рахмет аға, ниетіңізге!
Байыппен иіліп қадірлеп, сыйлап жатқан аяулы бүлдіршін қызға батырдың көңілі жібіп:
– Мына бауырымның етегін мықтап ұстаған екенсің, ештеңеден аянба. Мұның тегін мен білгенде – Шөлде қанаты талмай күн бойы қалықтап тұратын қайсар құс сияқты ерлер көп шығатын асыл сүйек. Ауылдарыңдағы жалғыз жәдікті шалдарың сидырмаған соң, сендей жастары келсе күтіп алып бағып-қағып, соларға сыйлы ақсақал болып, биік кісілігімді көрсетейін деп жүрмін.
Жастар ұялып, қыз өз әкесі Ақораз байдың ұрынған ісі үшін қымсынып қалды.
– Біздің нағашы жақтан Қотырақ батыр шықты ғой. Менің атымды Қотырақ деп қойса батыр болар едім. Әкем нашар адам болды ма, білмедім, құлағына қай жел «осылай қой!» деп сыбырлады екен?! Атымды Қодырай деп қойып, содан бері құтырынып мал бұлап, белдескеннің белін бүгіп жүрмін,– деп сығырая қарағанда бәрі дуылдай күліп, қарақшы атанған Қодырай енді екі жастың көзінде батыр, ендігі арқасүйер болып танылып, батыр кең ауызымен «уп!» деп шәй жұтты.
Таң күдір жолмен басталды. Әуелі, батыр күдір жолмен күдірлетіп келіп, «ерулігім» деп қақпанмен ұстаған қара құйрықтың етін тастап кетті. Түс ауғанда «жалғыз қалса шошынар» деп қызды да тастамай қосып ертіп, батыр өз тұрағын тамашалатты. Қабанның азу тістерінен әшекейлеп батыр үлкен өмілдірік жасап шығарған екен:
– Әсілі мұны әкең Ақораздың алдына айбат жегіп атымның мойнына салып шығайын деп едім, сені көріп ойымнан қайтқандай болдым. Баркөлдің нағыз өзі бұл емес балаларым. Сәл қашықта Баркөл деген сұлу көл, ернеуінде аса шұрайлы Балқаш деген балықсып жатқан сазы бар. Бұлағы, құйқалы жайлауы қандай! Мына келген жерлерің, менің де отырған жерім – Адамның емес, өткенде айтқан кәрі жолбарыстың жар дегенде жалғыз мекені ғана ғой (қарқылдап күлді).
– Енді… Енді біз сол жайлаулардың бір пұшпағын алуымыз керек. Ал, ол жерлер ме, ол жерді мың қаралы Жағышын мекендеп отыр, саны аз. Бірақ, біздердің санымыз тіпті аз. Бұлардың көбі енді бір кезде Еділден ауып келгені бар, бұрыннан тұрып жатқаны бар.
Осы бірнешеуіміз ғана екен деп ойламаңдар осы жерде, қуыс-қуыста тығылған ғашық-машұғы бар, барымташысы бар… Осы бөктерлерден жиып келіп қарасаң он алты~он жетідей қазақ болады екенбіз. Міне, осылай балаларым. Шіңгілдің суынан, өздеріңнің Сарытоғайларыңның бергі тұсынан қашқан қазақтың балалары мен қыздары, батырлары деуге болады оларды. Бәрін де тағдыр қиын жағдайда айдап әкелгендер, ештеңеден тайынбайды.
– Енді онда қалай істесек болады, аға? Жиналып көсегемізді көгертіп отыратын жерді Ойраттар бізге береме?
– Ім…м… Сол қиын.
– Онда?…
Батыр ойланғандай болған.
– Ол үшін, біз мұны ақылдасып қойдық. Бірнеше батырымен сыйласып, араласып жүрмін осы елдің. Бірақ, төресіне енді бас сұғамыз.
– Сонда?
– Жер сұраймыз. «Сыйласып отырамыз» дейміз. Қашанғы қараңғы қуыс, қу-медиендегі тастарды паналап өмір сүреміз?… Өткенде жырынды бір қазақ Алтайдан алып қашып келе жатқан келіншегін жолбарыс жеп қойған соң, осы өңірдің әрі жақ-бері жағын тінтіп жүріп 7~8 жігіт тауып алып, солардың басын құрап, мал қуалаған басқа жақтың Ойраттарының соңынан еріп, солармен ағайын болып, Алаша деген аймаққа барып «мұсылман қалмақ» атанып кетіпті. Естіген шығарсыңдар?
– Естідік,– десіп бас изеді екеуі де.
– Менің келгеніме де жыл тола қойған жоқ. Өздерің де арғы-бергі жайдан хабардарсыңдар.
***
Бұрқылдатып шәй қайнатып, ет кептіріп, қоңыр түтіні қоңырсыған алакеуім өмір басталып, бұлар Баркөлдік атана бастағанына 6 күн толғанда тұрақтарды бақылауға 3 азамат қалдырылды да, қалған 9 еркек, 7 ұрғашы нәсілі сайланып жергілікті Жағышын төресінің алдына аттанды.
Еміреніп танысу, жиылу…
– Өзімнің Сарбасыма бір қара қосылыпты ғой,– деп қарқылдай күліп қуанған, өзі Сарбас болып келетін Алғадай балуан келіні Аққұлашқа қамқорлық ниетін аямай келеді.
– Рахмет, мырза қайын ағам менің,– дегісі келген Аққұлаш жолы келіндікке түсіп тұрған соң, ұялып айта алмай, атының басын тежеңкіреп жүріп, қайын ағасына «басын иіп» көрсету арқылы алғысын жаудырған.
Балқаш сазына енгенде, көркі көз сүрінетін аумақтың үстінде, кеш бояуымен таласа-тармаса қанатының өрнегін таластырған көбелектердің андыз шеруінен де ләззат тапқан Аққұлаш ат үстінде беті бозарып, қиылып қараған күйі алыстан Жағышын төресінің ордасына көз жүгіртті. Сатыр-сұтыр қарсылаған Жағышындар тас бетіндегі арқардай зырғып келіп, алдын-ала уағдаласқан қазақтарды қошаметпен құшақтап, аз топтың төресі ретінде бірнеше кісіге ғана өз төрелерімен кезігуге рұқсат етпек. Қодырай тентек, Алғадай балуан және Адар атты бұлардың ішінде жүрген Алтайдың Көкмоншағы (тываның бір руы) бірге енді ордаға. Бөгенет, Қарашы, Көлең, Қаракөкенай, Сарғаш деген Жағышынның ұсақ руларының өкілдері уаңның екі жағына жайғасқан. Адар Жағышын төресі Кішікпен ұзақ сөйлессе де, бұлардың көзіне оның менсінбей қараған жанары, мысқыл күлкілері тым шіркін-ай болмаған қатынасты сездіретіндей еді.
– Ха-һақ-ха-ха…
Адар болса мысқылдай, біресе қарқылдай күлген Кішік төренің алдында түксиіп, еңкіш тартты. Адардың ернін жымырып ұрлана тістеніп қалғанын Алғадай балуанның көзі шалған. Жайсыздық тапты.
Адар осы топпен осы ортадан шығып бара жатып, жүре сөйлеп күбірледі:
– Былай шыққан соң айтайын.
Олар төреге ілтипат жасап, рұқсат сұрап ордадан шығып бара жатыр еді. Төренің сілтенген қолымен бірге орда есігі ашылып, Жағышындар бұларды шығарып салды. Үшеуі отыз белді асып желдірмелетіп бері шыққанда, боз атына қамшы салған Адар қалған 16 адамнан ұзап барып, артына бұрылып кілт тоқтап:
– Шарилж! Шарилж! – деп айхайлап жіберді.
– Шарилж! Оның тілінде бұл – Жусан!Жусан! Блесіңдер ғой жусанды!
– Иә,– десіп шұрқыраған топ түк түсінбей дал.
– Міне, осы жусанды айтып отыр Жағышын төресі.
– Не деді сонда ол?, – Алғадай балуан екпіндеп келіп, өң тоқтатып қарап.
Адар сәл сабырға ауысып, қамшысын көкке сілтеп:
– Ол айтады «Шарилж – Бол хасагы өвс юм», «Шарилж – Хасагтікі ғой! » деп мысқылдады. Жусан – қазақтың шөбі дегені. «Егер осы маңайда жусанмен көмкерілген қандай бір қоныс болса, ол сендердің иеліктеріңде болсын! » дейді. Ал, «басқа жасыл майсамен төңкеріліп тұрған жер мәңгі бақи Ойраттың игілігіне тиеселі» деді.
– Мына нояның қағынған екен.
Алғадай балуан ызаланбай тұрмады.
– Енді қайтеміз?
Ап-арық, өңі түсіңкі болып көрініп тұратын Мәулітбек үн қатты.
– Бірақ, (Адар саңқылдап) ежелден құйқалы тауда, айна көлде жусанмен көмкерілген жайлау, сай-шатқал дегенің жоқ қой. Болса да алыс шөлейттерде сіресіп тұр.
– Уа, халайық, менің ақылым мынау (Қодырай тентек қамшысын өре көтеріп), бұл уаң ойына келгенін айтып отыр. Дегенмен, дала заңы бойынша ойына келгенін айтқан уаң оны орындай да біледі. (аз-кем ойланып) Меніңше, (қамшысын қайта шошайтып) төренің дегенін істейік. Ойы үшін омақастырамыз. Ең алдыңғы келгендеріңе 4-5 жылдың жүзі болды. Әр қуысты паналап, су ағарды сағалап өмір кешіп келесіңдер. Кейбіреуің анау-мынаумен ағайыншыласып алдарыңа сиыр салдыңдар. Жалпы қанша сиыр бар бәріңде? Есептейікші.
– Үш.
– Ана тұрақтарды бақылауға кеткен Шабданның 4 сиыры бар, өзі бай.
Қалғандары қосыла күлді.
– Біреу.
– Менде бұзаулы сиыр.
– Халайық!(Қодырай тағы өрекпіп) 10 сиыр бар, тайынша-торпағымен, мүмкін Шабдан деген жаңағы жігіттің бұзаулары да болуы керек. Бәрін 10 делік жарайды, ендеше бүгіннен бастап… Бүгіннен бастап… (дауысы әуеде билеп тұр) Бүгіннен соң бәрің малдарыңды сортаңға жайып ғана өмір кешкендеріңді доғарасыңдар. Біз құйқалы жайлаулардан біреуін алуымыз керек қалайда. Шашырап жүріп марқадам таппаспыз. Күн бұлай болып тұрмайды, бірде мәнжу, бірде басқа келіп әр жерде тасқа сүйеніп тұрғаныңды сайғақтай шауып құртып тастаса не істей аларсың, түге? Бір қауым ел боп ұйыссақ, артымыздан босып жеткен түрлі мүсәпір бауырларды қарсы алып, іргесін ырып отырып кеңейтіп отыратын тегеурін болуы керек бізде. Біз қазақ ғана емес, мына тұрған Адар, сенің Көкмоншағың, Қызылсоян, Қарасояның келсе де, ойдан-қырдан басқа қауым баласы келседе құшақ жая алатын болуымыз керек. Уа, түге, сол үшін мені анықтап тыңдаңдар, көкейге сақтап. Темірлік деген жота бар, содан әрі асса құйқалы Кішіктің ең ғажап отты-сулы жері тұр. Сол Темірлікке ұйлығайық бәріміз, сол Темірліктің маңайындағы жусаны қалың сортаңға малыңды жай да, түнінде қарап, аңдып малыңды сол төре иелігіндегі жайлаудың әр пұшпағына қуалап тезектет. Айдап салып, уағында тезектетіп қайтарып алып тұр. Уаңның айпараланса кәрі қатты, абайлап істейік. Әрқандай шөптің тұқымы сиырдың тезегінде оңай таралады. Мына масқаралаған төрені солай қоқшитармыз. Иә, ол айтса айтқандай, жусан – Біздің қазақтың шөбі. Оның иісі мұрнымызға сіңіп қалған. Бәріңнің мұрныңа оның иісі атын атаған сәтте-ақ бұрқырап жайыла бастайды. Өйткені, біз мұны Алтайдың әр қыстауы мен күзеуі, сақпанында шапанымызға орап иіскеп өскенбіз…
Жұрт жапырлай барып тарасып, ертесі бір рулы ел болып Темірлікке келіп шатырларын тіккен.
– Күндердің зымырағанын біз білсек те, табын, азабын сезбеспіз,– деседі ескі тарихтан бой көрсеткен, жүзі күнге құлазып сарғая түскен Берке.
***
Деседе, дүние қарбалас болып жатқанымен, жаңа тұрақ басындағы ақ төбеде Берке мен Аққұлаш бір-біріне сүйеніп ұзақ отырды. Өздерінен басқа тағы алты жұп ғашық бар екенін олар өткен жиын кезінде білді. Міне, олар да осы алқаптың таңдаулы пұшпақтарына мосын тіреп, қазанын асуда. Кешкі ала шабыр түтін бұлардың жүрегін жағалап, түтіні көзді алып ашытар сәтте, жігіт түтінше созалаңдаған Аққұлаштың тоқпақтай бұрымын ұзақ иіскеді-ай!… Манаурап тұрып иіскеді. Күнді қалғытып тұрып иіскеген.
Ертесі сиыр жайды екеуі. Дала көктозаңданып тұр. Далаға тебіреніп қарай береді, көзі бір талмайды.
Түс ауа ақ тастың түбінде екеуі бір-біріне сүйеніп отырды. Қыз түрегеліп кетіп қалып, жігіт бір қарады да қойды. Сәлден кейін табанын ырғаң-ырғаң басып тас шөлмек сияқты тасты кеседей еппен көтеріп қыз келе жатқанда, жігіт қайталап қарады да, жай күлімсіреп қойған.
Мойнын қытықтап, бұлақ суынан небәрі жалғыз тамшыны ойық қуысы бар тасқа бөлеп әкеліп Беркенің желкесіне төңкерген Аққұлаштың қылығы аса кешірімге ие еді. Бұрқылдап тұрған таңның сары шұғылалы саурасы… Қазандай жер… Сағым жалап, желге қоразданған биік шөптері бұлғаң-бұлғаң еткен сәукелелі төбелер… Үрген ит үні… Қиялдағыдай шынайы ауыл қалыптаса бастағанша… Бастағанша… Қалыптасқанша… Үздігіп жалғасып келеді оларды айналып осы көріністер… Тұп-тұнық қызыл тұман да ирелеңдеп билеп өтеді кейде. Оларға қызықтап қарайсың. Жұтынған табиғаттың салқынына қарсы кешеден бері өңірде жусан иісі бүкіл даланың аранына толтырылып, балымен жер үстін қарықтырып тұр. Жусанның күшті иісіне қарыққан қос жұптың кеужірінің арасы одан сайын ашылып, екеуі шалқалап, қыз өзінің аппақ көйлегімен, оның сыртынан киген қызыл жібек камзолының сөлкебайларын сипалап, омырау тұсын бір қолымен басқан күйі, жігіт те қатарласып жатып ұзақ тыныстап демін алды. Бұл дала Баркөл деп аталады. Даланың жазылмай қалған ақтаңдақ беттерін дала желі шұбырта ашып парақтап, сол иістен пайда болған жазулар шыбын-шіркейлерді жұпарының буына мас қылып, Жусанның жұпарынан шайқалып көтерілген шыбындар әуеге даланың парағына қонып жатқан жазулардай бір көтеріліп, бір төмендейді екен.
Қыз еш себепсіз бірнеше жусанды үйіп, құрғақ жерге әкеліп үстіне тамызды да, жігіттің жанына жата қалды. Жусанның жұпарын шайқап ұшқан усыз түтін білінбей көшіп, сарайды ашып, біресе қос аққу адамның көзін шұбартып, тотыдай даланы әбігерге салып бүкіл даланың жұпар шайқағыш қазанын өз иісімен айналдырып тұр.
– Сенің шашың ең жақсы өскен жусандардан өрілгендей әсем!
– Иә, ол күллі «қазақтың шөбі», Ойрат төресі айтқандайын, батырым. Ал, мен саған ғана тиеселі жусан болам.
Жігіт оңға бір аунап қыздың бетіне телміріп қарап тұрды да иіскелеп көрді. Жанына қосылған жусанның түтіні шұбырып жетіп, қыз иісі мен жусан иісі қыз бетіне телмірген жігіттің кеңсірігін орап өткенде, жігіт түшкірерін, мұрнын қатты бір тартарын білмей, сол иіс тығылған мұрнын қыздың мұрнының түбіне әкеліп үйкеп, қыздың қытығы келіп күлміңдеп, екеуі жырғап бақытқа батты. Осы даланың дәл қазіргі уақыты осылай өтіп жатты. Ол екеуінің үстінен шымырлата иіскеген даладағы құпия әлди… Май тоңғысыз ыстық балтырдың бетінде жігіт қолымен сипалғандағы бедер… Жеңіл бүлделі, үлделі көйлек… Түз бетінен жаңа ғана атқып шыққан қызыл тұманның соңынан түсіп жөңкіліп жүрген бозғылт ақ мұнарды дала өзі шешіп лақтырып тастағандай ғайып болды да, оған сәйкес Аққұлаштың бірнеше лыпасы сиырыла бастаған… Осы ақ күннің ләзатті уытты салмағынан екі бекзат жүректің денесі ауырлаған сайын ауырлап, әсте естен шығара алмақ емес… Қанды…
Бұлар ғана емес, басқа да алты ғашық бар ғой! Ол екеуі өздеріне ұқсас алты ғашық жайлы көбірек айтып, ол әңгімені айта-айта жауыр қылды… Олар да осылай елігіп сүйінер… Алты жұп көктеммен бірге түлежіп, сұлулары белін талдырған аңғардың алты батыры түс әлетінде де бір мезет ұйықтап жатқан болар. Бұл осындай өмірмен басталған Баркөл еді.
Ай, Аққұлаш, саған қол артқандай олардың ері де мамығына солай қол артар. Беркеш, сен момақан, қоңыр қазыңды қалай билеп-төстейсің? Қалай шымырлата құшағыңнан өксітіп шығарасың? Оларда да солай болуы мүмкін бе екен?!… Міне, осыдан соң, алты жұп қаздың сыңқылымен бұл жусандар өзін адамша сезініп, толғанып, тебіреніп тұр емес пе?!
***
Сиырды аз қазақ кезектесіп жусанды бетке жайып, күндіз қырға жайған сиырын оңтайлы шақта ойға суыт айдап түсіп, Қодырай ер белгілеп берген, кейін Батыр-Аша атанып кеткен құйқалы жайлауға осы сиырларды тезектетіп қайтарып отырды. Шағын ауылдың дүркін-дүркін жалғасқан өнімді ісі осы болды. Сиырлар жусанды жей жүріп тұқымын да бірге жұтып қояды. Сиырдың жұмырынан өткен тұқымдар кейін сиырдың жапасында сақталып, қазақ күбір деп атайтын қиқоңыздар оның жапасын бөлшектеп домалақтап, оны домалатып топыраққа көміп тастайды. Домалақтың ішінде тыңайтқышы да бірге жүретіндіктен, тұқым кеуіп кетпей, қопсыған қорекке бай топырақтың құшағына түседі. Көп ұзамай сол жерден жаңа жусан өсіп шығып, бір күндері оны тағы да сиыр жейді.
***
Соңғы кездері бір суыт хабар жеткен. Қопадағы жолбарыс бір ғашық жарды о дүниеге аттандырып салған. Рухын мазасыздықта қалдырып, тәнін боршалаған.
Олардың жер жағдайын білмейтін, ауып келгеніне көп болмаған ғашықтардың бірі екені бұларға аян. Жарынан айырылған жігіт бұлардың қатарына қосылса да құса жеп, биік белегірдегі шоқ қара ағаштың түбінде отырып, сол күрең төбемен бірге күреңітіп, ақырында сол төбенің басында күреңіткен күйі дәл алдында қарсы қарап тұрған о дүниенің бетіне жөнеп кетті. Бұл бір айнадай ғұмыр болды.
Бұл дүниеде шағылысып тұрған жаны о дүниенің бетіне шағылысып, оның рухының бекзат сәулесі солай көшіп кетіп адамдарға таптырмай қалды. Шарт сынған Қодырай қанды ауыз жолбарыстың неше күн бойы ізіне түсіп жүріп, өшіксе де атпай, қақпан құрып аулап, терісін Құмыл жамбылындағы Мәнжу төресіне сыйлады. Төре алдына бес бұзаулы сиыр, үш жорға ат жетектетіп ауылына қайтарып жіберді оны. Қодырай бұзаулы сиырдың бірін саудагер сартқа беріп, үш арба үзім-қарбызды аз топтың алдына әкеліп әкел төкті. Ғашығынан айырылған жігіттің азапты оқиғасынан соң Аққұлаш мандытып нәр татудан қалған еді, бүгін үзімдердің шетінен аздап үзіп жеді. Жолбарыс ауланып тыныш тапқан соң, әйтеуір Аққұлаштың жүрегі аздап сейілгендей болды ма мұңнан?!… Сол сәтте саусақпен үзген үзімді ауызына салған күйі сәл ойланып отырды.
Далаға бейбіт нұр түсіп, көпшілік шарықтап тұрған төбеге қарады… Даланың жылтылдақ нұры жапырлап қонып, дірдектеп қозғалып, бұлар тағы бір қайтара басын аспанға көтеріп қарады… Осы аралықта үзімге бірнеше ара қонып үлгеріпті…
Бұл тарихи сәттің бетін ақ тозаңын сүйреткен сұлу жел келіп бір сипап жаба берген. Бұл көрініс осылай жабылып қалды.
***
Жігіттер Батыр-Ашада қаулай бастаған жусандардың жаңа тобын көзіне шалдықтырды. Жусанды жерге қайырған сиырларын түнінде ұрланып Ойраттың көркем жайлауларына айдап апарып тезектетіп тұрғалы алғашқы өскен жусандардың тобы осы еді. Осы сәт көп өтпей анау сонылы қоныстардың бірнеше тарауы қазаққа қарайтынын білдірсе керек. Ойраттар иелеп алған жердің көбі бос жатады, ұланғайыр даладағы саны мыңға да жетпейді. Осы қуаныштың түнінде жігіттер қарақұйрықтың етін қақтап жеп, ортаға от жағып, жағалай тізіліп, шерте білетіндері ортадағы жалғыз домбыраны кезектесіп шертіп, Қаражорғаға биледі. Ортаға ғашықтардың бір жұбы шығарылып, бірі қолдарына қанат жасап бүркіт болады, ал екіншісі – жемі. Бүркіттің шүйіріліп, жемі болатын түлкіні басқандығын, онымен алысқандығын екі адам би ойнақ қылып, соңында бүркіт биын билеп жатқан кезде, Аққұлаш Беркенің бүйірін түртіп қалды, «біз де бір өнер көрсетпейміз бе?» дегені. Жымиған. Берке осы жерде сыбызғы үнімен өзінің бұған дейінгі тұншыққан толғаныстарына булығып қалған тұңғыш күйін тартты. Күй – «Жарын ажал тартып алған жалғыз жігіт» деп аталады. Өткендегі құса екеуінің кеңірдегін бірдей кернеп, үлкен тілекпен шығарылған күйініш пен сүйініштің тозаңды бұрқағы далада қалқып жүрген инеліктің де бауырын ырғақпен тербей жөнелді. Бұл бір сауралы саздың төресі еді. Осы кеште Баркөлдің айналасындағы басқа құм-қыраттарда ішінара қазақтардың бұларға қосылмай шашырап мекендеп жүргені әңгіме болып айтылды.
Шытыр-шытыр жұтынған ошақ оты бұл ғасырға тән еместей, келесі ғасырларға тиеселі болып кете беретіндей. Осы үмітке көзі шырмалған Қодырайдың жанары ошақ отының алауына қызарып, алау болса оның қараған көзіне бола тіпті мастанып, шытырлап жана түсуде… Өзегі лүпілдеп жанған оттың тебіреністі әннің ортасына шоқтан шашу шашып жатқанын Аққұлаш түсінер ме, тымқұрыса Берке түсінер ме, бұл отырғандардың ішінен кім оттың өзіне тән әлдиімен санаса алды?
***
Екеуі сиыр қайырмақтап кетті. Таңның бір жаңасы. Елес те жаңа болуға тиісті… Күніне сәл жаңаланып өзгешелеу қызарған реңмен толқындап балықтай атылып шыққан толғатқан күн адамдардың күбірлеп айтқан дұғаларын бетіне сағыздай жабыстырып, жер қырын айналып Тәңіріге мінәжат етіп баяу жылжып бара жатқан. Күн де тақуа.
Жарының тоқпақтай қалың, тымсақ терісіндей бүрлі, түрлі-түрлі көздердің жанып тұрған қызғаныштарының тұнбасын жағып, дүниедегі көздердің қызықтауын арасына қосып өргендей жылтыр, тарпаңның жалындай айшықталып тұрған бұрымын сипап, күллі дүниеге үлкен қанағат еткен Берке сол отырған күйінде қара шаштың аппақ болып ағарып қалғанын байқады. Жүрегі де сәл тоңази түсіп, бозарып, бұл екеуі қас-қағымда жылдардың дүркіреп өтіп, жаңа адамдармен сан мәрте құшақ айқастырып, қауышып жүріп қартайып кеткен шағын өз көздерімен көріп, сезінді.
Бұл кезде жүректі ең кеңейтіп жіберетін бір айтулы әңгіме – Батыр-Ашаның күллі құйқалы шөбінің ара-арасын жусан торлап, бұдан басқа бірнеше ұлы сайларға да жусан тамыры орнығып, «Жусан – Қазақтың шөбі. Жусаны мол өскен жерден қоныс берем» деп кекеткен ойрат төресінің амалсыздан осы жерлерді сыйға тартып кеткен ісіне осы қос жүрек әсерленді.
Осы жерден батысқа қарай жүргенде кезігетін Боғда тауында атақты Бөке батыр қазақтың әр руынан құралған жайлы қоныс іздеген елді бастап, мыңдаған түтін болып қоныстанып жатқаны ұлы жырға айналды. Батыстағы Тарбағатай аймағында ұлықтардан езгі көрген ол жақтың бір бөлім Найман, Уақ, Керейі де Еренқабырғаны бауырлап, Бөкеге қара тартып келе жатты. Бұл ит басына іркіт төгілген берекелі 1883 жыл еді. Әр ауылдың қасқасы мен қайсары Шонжы қаласындағы Бөке батырға сәлем беріп шұбаған жылдар да алыс-алыс аймақтардан аптығып жеткен сиырдың айраны мен сүті бір-бірінің ыдысын аралап, бұрынғы осы жердің аспанынан көрінетін сарғылтым күн де қаймақ тектес болып сәл ағарып, сүт бұлттардың бетінде, қақ төбеңе келіп қалқып тұрды. Еріккен балалар көзін сығырайтып, шалқасынан жатып, төбедегі сарғайып, көлбеп көрінген күннің дөңгелек ақшыл бояуына саусақ малып жатқан. «Бұлғын-Сусар» күйінің осы жылдары өте көп тартылғанын жұрт жақсы біледі. Алтайдан Боғдаға келіп лықсыған елдің қатарына Қодырай жанына төрт серігін ертіп арнайы барып қайтты. Бұл кезде ел ішінде көптеген әбден қартаң тарта бастаған шалдардың жаңа жерге ие болған соң, жүрегі тұлпардікіндей атқалақтап жастық шағында өтелмеген өршіл мақсаттары жүзіне еніп, алауыртып тұра берген шағы еді сол кісілердің.
Қодырай жергілікті Жағышыннан алған жұбайын қасына ерткен жоқ, жалғыз жүруге әдет қылған ер бұл жолы қалайша екен, екінші рет Бөке батырға сәлем бере барғанда Берке мен Аққұлаш екеуін ғана ертіп:
– Жас күніміздегідей қоңыраулатайық,– деп қабан тісті өмілдірік, қоңыраулы күміс ер салып, Шонжы қаласының іргесіндегі шилеуіт жерде құрған Бөкенің боз ордасына келіп сәлем берді.
Бір аралықта сыртқа шығып өткен-кеткеннің сәлемін алып, жетектегі мал мен тұрған малды көздеп қараған Қодырай Бөкенің ұлы Рабайдың жолбарыс терісінен тігілген тоны мен Бөкенің тұлпарының жолбарыс терісінен жасалған пішпегін көріп қатты бір қайраттанды. Бөкені осы елдің иесі, сайланатын ханы ретінде елестетті. Бөкеге сыйлаған құндыз терілерін батыр жылы қабылдап, екінші рет ат арытып келіп отырған Қодырайға сол жерде ұсталарына арнайы жаздырып, «Бөкеден Қодекеңе құт қосылсын!» деп жазылған алтын сапты, қазтамақ өрнекті селебе сыйлаған.
Бөке ордада өзі қабылдап отырған көп кісімен бірге бір ауық кең тыныс алып, мынау үш қонағының бірі болған Беркеге атан құндыздың тісінде ғана қыстырулы болатын, өте сирек ұшырайтын «азу жақұт» деп аталатын су ішін жарық ететін гауһарды бергенде, орда ішіндегі адамдардың көңілі сағымдай төңкеріліп, үнсіз қалуға әрең шыдап тұрған.
Бөке батырдың ұйғаруымен, Қодыраймен бірге Жәнтекей руынан Жамысбай, Сыдық, Жәдік руынан Сабырбай, Қайырбай, Сарбас руынан Шүленбай бастаған 170 түтін, 1200 адам шығысты бетке алып жылжып көшіп отырып, Баркөлдің ой мен қыратының ең құтты түкпірлерін басып қалғанда, ай сайын, жыл сайын, олардың үстіне Алтай мен Боғдадан, Еренқабырғадан мыңдап ағылған ел бүкіл Тәңіртаудың солтүстік қатпарында ұйлығып, сеңдей соғылысқан қазақ ауылдарының айбары жел соқтырып, Баркөлдегі Ойраттың енді ғана мыңнан аса бастаған шағын елі Қалқа жаққа өтіп қыстап, олардың көбі сол бойы Қобда аймағына қоныс аударып кетті. «Жусан – Қазақтың шөбі» деп мысқылға басқан, жусаны көп өскен шөлейттерден болмаса, жасыл жайлаудан қоныс бергісі келмеген Жағышын төресінің мастанған сөзі ауаға бу болып көтерілді де, сол беті келмеске кетті.
Қайырбай, Шүленбай бастаған кісілермен бірге бүгін Қодырай, Берке, Аққұлаш 19 жыл бойы еткен еңбегімен қалыптастырып, алғаш ел болып иелікке алған таудың шет жағындағы жусанды жайлауларды аралаған.
Аққұлаш апаның жаулығының түбінен шығып тұрған ішінара ақ түсе бастаған бұрымының ұшы күнге шағылысып селдір қағады. Шөптердің күміске айналған түрі дерсің!
Балалары ат құлағында ойнап, жаңа қосылған елге жер мен суды таныстырып қызмет қылып жүр.
Аққұлаш киіз үйдің табалдырығынан аттап, алғаш жұрт алдында ұзақ тебіреніп күлімсіреді… Ақ шағи сәулелер жүзін, езуін шыр айналып ойнап бүлдір қақты.
Тағы да сонадайдан ағаруға ұмтылған бұрымы күнге шағылысып селдір қағады.
Айтпай кетуге болмайды. Қайырбай мырзаның бөркіне қайдан түскені белгісіз жусан бүршігінің қадалып тұрғанын көрді Аққұлаш апамыз. Ол қазірден бастап Аққұлаш апа. Оны «Әз апаң» деп жасы кішілер айта бастаса да болады.
***
Қодырай тентек өзі Ойраттан қыз алған соң, қайын жұртының күнделікті отырған жеріне бара жатқанда, елінің көбі Қобдаға көшіп кетіп, өздері соңынан қозғалған елуге таяу Жағышынның уаңы мен жайсаңдары бұл елден жырылып, шығыстағы Шүлентау мен Бисантаудың арасындағы Сүбей өңіріне аққудай сап түзеп «Есің барда елің тап. Өзіміздің Ежен жақтағы ортамызға қарай тартайық» деп бөлініп кеткен еді ғой. «Кішік уаң Қобдадан бері айналып көшіп бара жатқан жолда, Баркөлдің құмды даласында қайтыс болып, Жағышындар оған қазіргі Шалаоба атанған жерінің маңынан асығыс оба тұрғызып, оны бітірмей шала қалдырып кеткен» деседі білермен тарих.
***
Бұл кезде Баркөлге келгеннен кейінгі 34 жылда аппақ бұрым сол қалпы ұштанбай, сәл ғана жіңішкеріп сақталып тұрған Аққұлаштың бұрымын оң қолымен баяу сипап, қатарласып отырған қартаң Берке далаға аңырған күйі еріксіз ойға шомып, Өзі ең алғаш келгендегі таңғажайып әлем болып алдынан шыққан Баркөлдің топырағын осы қазір табанымен басып, жамбасына төсеп отырып, ішін қобыздың сарыны толғай тартып, қаннен-қаперсіз ықыласты күйге кіріп кеткен. Аққұлаш апаның аппақ бұрымы күнге шағылысып селдір қағады.
Сол кезде жұпары ең әсерлі жусанның біреуін иіліп жерден алып Беркеге ұсынды. Берке Аққұлаштың жаулығының ұшын сиырып, маңдайына жүгіртіп бүрлі жусан сабағын қадаған. Сыртынан көріп тұрған зәңгілер, би-төре, ер азаматтар тебіреніп, мәз болысып, қайран қалысты. Бұл олардың табаны күректей 30 жылдан астам уақыт жасап келе жатқан дағдыға айналған өшпес сыйлы әдеттері. Жаулығының ішіне түймей, әдейі жіберіп қойған Аққұлаш апаның сол аппақ бұрымы күнге шағылысып селдір қағады. Ақ кіргеннен бері үнемі селдір қағады…
– Осымен жусан жайлы қос ғашықтың әңгімесі тамам,– деді Берке соңғы рет оңашада Аққұлаш апаның қолын ұстап отырып. Салбырап ілініп тұрған білте шамның жарығы үй ішінде ұялаған тыныштыққа түсіп тұрған. Екі қарт жұпты шыркөбелек айналып, білдіртпей билеп жүрген кешкі мезгілдің адам мінезіндей құбылған бояуларының тебіренісі артты.
Сол түні жастыққа бас қойған Әз апаң ұйқыға ене бере, қабағының сыртын бір ақ сәуле ұйтқып келіп жұмғанда, «Жусан – Қазақтың шөбі» деген Ойрат төресінің жалғыз ауыз сөзін есіне келтірді. Осы ой, осы сөз іргесінде жатқан күйеуінің санасына көшіп, ол да бір секунд өтер-өтпес сәттен кейін, «Жусан – Қазақтың шөбі» деген Ойрат төресінің жалғыз ауыз сөзін еске алды.
(Соңы)
2017 жылы сәуірден бастап, онлайн поэзия, проза сабақханаларын ашып, қазірге дейін жүздеген шәкірт тәрбиелеген. 2018-2020 жылдары Алматыда шағын импорттық орталық, сонымен бірге AixEx бизнес кешенінде ағылшын тілі, домбыра курстарын ұйымдастырған. 2019-2023 жылдары дәрі-дәрмек жеткізетін логистикалық орталықпен бірлесе жұмыс істеді. 2024 жылдан бері шығармашылығын негізгі кәсіп етіп, жүйелі түрде табыс табатын кәсіби жазушы.
2020-2021 жылдары «Аққудың иісі»,«Арманға жылқы жерлеу», «Қарлығаштар еліндегі құлазу»қатарлы 18 жыр жинағы «Ақмешіт» баспасынан бір тізбекпен жарық көрген.
2022 жылы «Кетенің кіндік тарихы» атты Кіші Жүздегі Кете руының тарих-шежіресі туралы кітабі шықса, 2024 жылы Қаңлы өркениеті және Шумер мифологиясы туралы «Қаған» кітабы жарық көріп, 2025 жылы «Меңді жүрек» прозалық жинағы мемлекеттік тапсырыспен басылып шықты. Университет қабырғаларына оқулық ретінде таратылған «Қазақ тілінің қантамыры» атты лингвистикалық кітабының мұқабасы биыл жыл басында шұғыла шашты. Автордың «Жылқы сөздігі» атты этнографиялық еңбегі баспадан жарық көру алдында.
2021 жылы 29 маусымда бір топ өлеңі Румыниядағы «ALECLA» журналында жарық көрді. 2023 жылдың жазында Түркістанда өткен «Елім-ай» поэзия байқауының жеңімпазы болып, 1 миллион теңгені қанжығаласа, сол жылдың күзінде Ақтөбеде өткен республикалық «Әдебиет. Рух. Қоғам» байқауында «Көкшұбар аттың иісі» атты әңгімесімен Проза аталымы бойынша гран-при иегері атанып, 1 миллион теңгені қанжығалады. 2025 жылы Жезқазғанда өткен, Кетбұға бидің 840 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық ақындар мүшәйрасының гран-при иегері болып, тағы 1 миллион теңгені қанжығалады.
