Құдияр БІЛӘЛ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері
Жалғасы…
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Махаббаттың шарабын ішіп рахатқа батқан» деген хикметінде:
«Махаббаттың шарабын ішіп рахатқа батқан,
Дуананың мақамына кірді достар.
Аш пен тоғын, пайда-зиян еш білмеген,
Сауық-сайран, қызықпен жүрді, достар», — дейді.
Сопының бір аты — дуана. Біздің дуана туралы түсінігіміз «Өзің дуанасың, кімге пір боласың» дегенге саяды. Демек дуана, мейлі ол тақуа болсын, оның біз үшін қайыр сұрап, есік қағып жүрген жоқ-жітік адамнан еш айырмасы жоқ. Себебі ол, қалай әспеттесек те, дуана.
Біз дуананы аңыз, ертегілер арқылы да білеміз. Рас, ол дуаналар әулие сипатты болып келетін. Қай-қайсысының да басында сәлде, қолдарында аса таяқ. Мінгендері — есек. Алайда олар бізге тек аңыз, ертегілерде ғана әулие. Ал өмірде — дуана.
Бүгінгі күннің есегі — автобус. Әлгі дуаналар да, дуаналық кейіпке түскен қара халық та негізінен сол автобуспен жүреді. Алайда тұрмыс-тіршілігі ең төменгі сатыдағы халықтың осы екі өкіліне Яссауи бабамыз екі түрлі баға береді. Әуелі дуаналарға қарата: «Махаббаттың шарабын ішіп рахатқа батқан, дуананың мақамына кірді достар», десе, тұрмысы төмен кедей адамдарға, тек оларға ғана емес, жалпы көпшілік қауымға: «Аш пен тоғын, пайда-зиян еш білмеген, сауық-сайран, қызықпенен жүрді, достар», — дейді.
Енді байыптап көрелік. Бар өмірі осындай ләззатты жағдайда өтіп жатқан, біз мүсіркей қарайтын дуана, сол өмір салтынан бас тартуы мүмкін бе? Жауап айқын. Әсте мүмкін емес. Бізге айқын емесі, олар ішетін «Махаббат шарабының» қандай шарап екендігі. Жалпы сондай шарап бар ма өзі? Бар болса, қай жерде?
Ол жерді Яссауи бабамыз «Дуананың мақамы» дейді. Дуананың мақамы — оның өмір салты. Егер сол өмір салтын қабыл алсаң, әр басқан қадамың бір жұтым шарапқа баланады. Ұғынықтылық үшін көшеде аунап жатқан алқашты дуана десек, жазатайым соның қолына бір шөлмек шарап түссе, сол шарапты әр жұтқан сайын әлгі байғұс жүзі қалай шырайланса, тап сол сияқты махаббат шарабын ішкен дуана да рахатқа батады. Оның қандай рахат екенін сезіну үшін, егер әлгі бір шыны шарапқа зордан қол жеткізген алқаш дуана шарабынан өмірінде бір рет дәм татса бар ғой, ол сол сәтте-ақ алқаштығынан арылып, дуаналық жолға түсер еді. Сол кездегі әлгі алқаш көңіл ауанын түйсіну үшін кім де болсын біз жоғарыда келтірген Омар Хайямның екі шумақ өлеңін қайта оқуы керек.
Аш пен тоғын, пайда-зиянын еш білмейтін өзімізге келейік. Біздің өмір шынында да сауық-сайран. Жасыратыны жоқ, өміріміздің дені тоймен өтіп жатыр. Соған орай біздің бір-бірімізге айтар жүрекжарды тілегіміз: «Той көріңдер!» дегенге саяды.
Құдайшылығына келсек, «Той көр!» деген жақсы тілек. Байыбына барсақ, мәселе тойда емес, сол тойды біздің қалай өткізетіндігімізде. Той — біз үшін қызық, сауық-сайран. Сауық-сайран болған соң оның дінсіз қауым тойынан еш айырмашылығы жоқ. Рас, қай тойда да жақсы тілектер айтылады. Алайда ол тілектер батаны алмастыра алмайды. Демек біз пайда мен зиянды ажырата алмаймыз. Соған орай біздің тойға дуаналар бас сұқпайды. Оның үстіне оларды біз де қажет етпейміз. Соған орай Яссауи бабамыз бізге қарата: «Аш пен тоғын, пайда-зиян еш білмеген,
Сауық-сайран қызықпен жүрді, достар», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Махаббаттың шарабын ішіп рахатқа батқан» деген хикметінде:
«Сауық-сайран құрғандарға дүние харам,
Ел-жұрт, дүние-мүліктен кешті тәмам.
Таң сәріден Хаққа сыйынып жылар дәйім,
Одан кейін сауық-сайран салды, достар», — дейді
Басы ашық жәйт. Жер — біздің мекеніміз емес. Біз мұнда жер аударылып келгенбіз. Мәселені осы тұрғыда саралағанда мына дүниенің бізге харам екендігі мәлім болады. Харам болатыны, біз жәннаттықпыз.
Жерге түстік. Жәннаттық кейіптен арылғанбыз. Соған орай бізде адал-арам деген түсінік жоқ. Сондықтан не жеп, не ішсек те бойға сіңімді. Бізді тап осы қалпымызда жәннат есігінен де сығалатпайды. Себебі, ол жер тыныс-тіршілігі біздің жан-дүние қалауымызбен үйлеспейді. Нақтыласақ, ол жер адал асын біздің ағзамыз көтермейді.
Мынандай бір тәмсіл бар. Өмір бойы күл-қоқыс арасында өмір кешкен бір адам иіссу сататын дүкенге бас сұққан кезде, талып қалады. Жұрт әлгінің басын сүйеп бәйек болғанда, мән-жайды түсіне қалған бір ғұлама оған өзгелерге байқатпай малдың тезегін иіскетіп, есін жиғызады. Тап сол сияқты біз үшін де жер исі жұпар аңқиды. Ал тағамы — бал татиды. Шынтуайтына келгенде, жерге тән нәрсенің бәрі жер аударылғандарға арналған азық-түлік. Біз құмарлана жұтатын ауасы да сондай. Сол үшін де Яссауи бабамыз: «Сауық-сайран құрғандарға дүние харам», — дейді.
Біз осыған дейінгі жазбамызда сауық-сайран құратындарды екіге бөліп қарастырғанбыз. Оның бірі — осы әлемге бауыр басқандар, екіншісі — махаббат шарабын ішкендер. Сол махаббат шарабын ішкендер үшін дүние харам. Рас, мына дүниеде ол шарапты ішпегендер үшін де харам етілген нәрселер бар. Олар — мұсылмандар үшін харам. Мұсылмандар шариғатты сол үшін ұстанады. Соған орай шариғат тыйым салмаған ас-су — хәлал. Біз үшін хәлал. Ал махаббат шарабын ішкендер үшін бәрі харам. Сол үшін де Яссауи бабамыз: «Ел-жұрт, дүние-мүліктен кешті тәмам», — дейді. Міне, содан кейін барып олар: «Таң сәріден Хаққа сыйынып жылар дәйім».
Рас, біз де жылаймыз. Біз де Хаққа сыйынамыз. Таң сәріде біз де намазға жығыламыз. Сонда айырмашылық неде? Айырмашылық — біздің жер басып жүргендігімізде. Жер басқан соң, біздің қорегіміз де жерде. Ал ол — харам.
Жерден көштік. Өз негізімізге қосылдық. Ол негіз — рухани әлем. Қалай рухани әлемге өттік, біз иман келтірген кәлима шаhадаттағы Пайғамбарымыздың (сғс) құлдық (әбдіhу) қызметі көрініс берді. Сол-ақ екен, ақиқат айқындалды. Біз солмыз. Нақтыласақ, біз сол гауhар иесіміз. Аллаға жақын — сол гауhар. Бұл жәйт Құран Кәрімде: «Біз сендерге күре тамырларыңнан да жақынбыз», — делінеді.
Байыбына барсақ, сол гауhар үшін мына әлем харам болады. Ал өзін танымаған, сол өзінен алыс адамдар үшін — хәлал.
Жалпы біз дінді сол гауhарға қауышу үшін ұстанамыз. Пірге де сол үшін қол береміз. Себебі, ол қол үстінде Алланың құдырет қолы тұрады. Сол қол біздің күнәмізді төгеді. Сол қол бізді рухани әлемге өткізеді. Сол қол бізді Пайғамбарымыз (сғс) нұрымен қауыштырады. Сол нұрдың бір тамшысы — біздегі гауhар. Айна да сол. Соған орай Алла да сол айнада көрініс береді. Яссауи бабамыз сол сәтті: «Одан кейін сауық-сайран салды, достар», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Махаббаттың шарабын ішіп рахатқа батқан» деген хикметінде:
«Сауық-сайран құрған ғашық өзін білмес,
Ессіз жүріп дүние малын қолға алмас.
Жүз мың адам тақсыр десе мақтана алмас,
Дүние теуіп сауық-сайран салды, достар», — дейді.
Осы өмірімізде қанша рет сауық-сайран құрдық. Сол сауық-сайрандар өміріміздің мәні іспетті. Еске түскенде еріксіз жымиясың. Сол бір думанды кезді сағына еске аласың.
Мұндай сауық-сайрандар сіз бен бізге тән. Ал Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған сауық-сайран мүлде басқа. Басқа болатыны: «Сауық-сайран құрған ғашық өзін білмес». Ол неге өзін білмейді? Себебі, ғашық.
Рас, біз де ғашықпыз. Нақтыласақ, біз өмірге ғашықпыз. Сол өмірді мәнді еткен бір асыл жанға ғашықпыз. Қайсы бірін айтарсың, бізді өзіне ғашық еткен, біздің жанымызды баураған жәйттарды санап түгесе алмайсың.
Ал сауық-сайран құрған ғашықтар болса, соның бәрін тәркі етеді. Олар тіпті «Ессіз жүріп дүние малын қолға алмас». Сондай-ақ: «Жүз мың адам тақсыр десе мақтана алмас». Себебі, ол себепті жоғарыда айттық. Демек ғашықтық, біз көз сүзген дүние «әшекей-үшекейлерінің» бәрінен үстем.
Бұл тұрғыда Жалаладдин Руми хазреті: «Уақыт шеңберінен шық та ғашықтық шеңберіне кір», — дейді.
Сонда біз ғашықтық шеңберіне қалай кіреміз? Жауап айқын. Оп-оңай. Ол үшін ихсанды ұстансаң жетіп жатыр. Ихсан — сопылық жол. Ғылыми тілде «тасаввуф» деп аталады. Бұл орайда Ибраhим хазреті «Тасаввуф шумақтарында»: «Тасаввуф — көңіл шамының жарығын иләһи нұрлармен жағу. Өйткені, ғашықтық отына орануды — тасаввуф дейді,» — деп, ғашықтар жолына анықтама береді.
Міне, осы жолды біздің ата-бабаларымыз ұстанған. Бұл тұрғыда Әбубәкір Кердері ақын:
«Сопылық деген ауыр жол ұстап жүрсең тәуір жол
Сопылықты іздесең оқыған терең ғалым бол
Атқан оққа төзгендей Қара тастай қалың бол
Бұрынғының сопысы дүниені қуып кетпеген
Пірлерінің алдынан көлденең кесіп өтпеген
Аллаға ғашық дос болған
Шайтанменен қас болған
Бір қасық ішкен қара су он күніне ас болған», — дейді.
Тап осындай сопыларға қарата Яссауи бабамыз: «Дүние теуіп сауық-сайран салды, достар», — деген.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Махаббаттың шарабын ішіп рахатқа батқан» деген хикметінде:
«Дүние таппай сауық-сайран құрған адам,
Хақты айтпай, Хақ жолынан сыртта қалған.
Дәруішпін дер дүниеқоңыз жаны жалған,
Дүние үшін сауық-сайран құрды, достар», — дейді.
Дүние тауып сауық- сайран құр, дүние таппай сауық-сайран құр — екеуінен де қайыр жоқ. Ахиретте қайыр жоқ. Бұл дүниеде, ол — көңіл қуанышы. Бақуатты өмір өлшемі. Егер байыбына барсақ, қай сауық-сайран да шайтанның құрулы торы. Алайда сауық-сайранның да сауық сайраны бар. Оның жоғарғы деңгейі — бекзаттық; орташасы — мәдениеттілік; қарабайыры — сіз-біздік; төменгі деңгейі — ішіп-жеу; соңғы шегі — шайтандық. Біз осы соңғы шектегі сауық-сайранды онша қош көре бермейміз. Солай бола тұра, біз жоғарыда тілге тиек еткен сауық-сайран жасаушылардың қай-қайсысы да сол өздерінің өлшем деңгейінде осы соңғы шекке бір кіріп шығады. Сондықтан да олардың бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ. Тек өлшем әрқилы. Әдеп те, мәдениет те, адамгершілік те, сыйластық та, құрмет те, кісілік те, кішілік те, махаббат та, зинақорлық та сол өлшемнің ішінде. Ол өлшем, біз тіршілік етіп жатқан дүниенің ішінде тұрады. Соған орай Яссауи бабамыз: «Дүние таппай сауық-сайран құрған адам», — дейді.
Байыбына барсақ, Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған дүние — мына әлем де, сол әлемге тән дүние-мүлік те емес. Ол — о дүние де емес. Біз таппай жүрген дүние — Алланың аманаты. Біздегі гауhар. Бағасы жоқ ұлы құндылық сол.
Ол құндылықты (дүниені) таппағандардың «Хақты айтпай, Хақ жолынан сыртта қалғаны», қалған. Солай бола тұра олар арасындағы баз біреулер «Дәруішпін дер». Алайда олар да «дүниеқоңыз жаны жалған». Жалған болатыны, танымайсың. Сенің білетінің — тән. Жан да сол тәнмен бітеқайнасып кеткен. Яссауи бабамыз соларға қарата: «Дүние үшін сауық-сайран құрды, достар», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Махаббаттың шарабын ішіп рахатқа батқан» деген хикметінде:
«Естен танбай сауық-сайран құрып болмас,
Жаратқан иеден оған иман болмас.
Бойсұнса да көңілі таза болмас,
Арсыздықпен сауық-сайран құрды, достар», — дейді.
Біз білетін сауық-сайранның да соңғы шегі — естен тану. Біз сол естен танған кездерімізді қимастықпен еске аламыз. Байыбына барсақ, естен тану — өзіңді жоғалту. Сонда біз қандай кездерде өзімізді жоғалтамыз? Дұрыс. Мас болған кезде. Рас, біреуге ғашық болған кезде, мол қазына-байлыққа қол жеткізгенде, сұлулыққа көз суарғанда, тіпті қатты қорыққан кезде де өзімізді жоғалтамыз. Бізге қуаныш пен қайғы да сол деңгейде әсер ете алады. Алайда бұл естен танып, өзіңді жоғалтудың қай-қайсысы да сауық-сайран құруға негіз бола алмайды. Соған орай Яссауи бабамыз: «Естен танбай сауық-сайран құрып болмас», — дейді.
Сонда Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған естен тану — қай естен тану? Бұл тұрғыда Жалаладдин Руми хазреті: «Сірә ұйықтасақ, Оған ғашықтығымыздан есімізден танамыз, біз Онымен маспыз (ынтықпыз). Ояу болсақ, Ол жазған дастандағы қаншама сырларға тап боламыз», — дейді.
Байыбына барсақ, «Ол жазған дастан» — мына әлем. Соған орай біз кез келген жаратылыстан Хақты көруге тиіспіз. Ол көруді Мәжнүн басындағы мына жәйттан сезінуге болады:
Ләйліге ғашық Мәжнүн көшедегі қаңғыбас итті ұстап алып жуындырып, жүндерін тарап, тамақтандырып сылап-сыйпаумен әуре болып жатқанын көрген өткінші біреу: «Лас итке сонша құрмет көрсеткенің не азамат басыңмен?!»,-деп жер-жебіріне жетіп сөге бастайды. Сонда Мәжнүн: «Менің ғашығымның көшесіндегі барлық зат мен үшін ыстық, қәдірлі. Үйіне жақын жердегі шаңды басқан иттің табанында сүйер едім…»,-деген екен.
Мәжнүн басындағы осы хәлге орай Абдулқадир Гейлани хазреті: «Мәжнүннің көзі мен көңілі Ләйлаға деген ғашықтықтың күштілігінен барлық әлемдерді көрмейтін болды. Құлағы да Ләйладан басқа сөзді естімейтін болды», — дейді.
Ал біз бүкіл әлемнің тыныс-тіршілігін естиміз, сезінеміз, соған орай әрқилы көңіл ауанына берілеміз. Тіпті есімізден танамыз.
Яссауи бабамыз осы естен тануға қарата:
«Жаратқан иеден оған иман болмас,
Бойсұнса да көңілі таза болмас,
Арсыздықпен сауық-сайран құрды, достар», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Махаббаттың шарабын ішіп рахатқа батқан» деген хикметінде:
«Уа, осындай надандардан үміт қылма,
Қайыр-шапағат алармын деп жүгіріп жүрме.
Нәпсісі ұлық, шариғаты бұзық әкім білме,
Шайтан малғұн ноқта салмай мінді, достар», — дейді.
Яссауи бабамыз мына жалған өмірде арсыздықпен сауық-сайран құрғандарға қарата: «Уа, осындай надандардан үміт қылма», — дейді. Әлгілер соңынан: «Қайыр-шапағат алармын деп жүгіріп жүрме», — деп те нақтылай түседі. Себебі, олардың: «нәпсісі ұлық, шариғаты бұзық».
Сонда арсыздықпен сауық-сайран құрып жүргендер кімдер? Яссауи бабамыз оларды: «нәпсісі ұлық, шариғаты бұзық» дейді.
Әуелі нәпсісі ұлық жандардың кімдер екенін байыптап көрелік. Басы ашық жәйт. Олар сауық-сайран иелері. Ал қай сауық-сайран да адам көңілін көтеруге негізделген. Сол көтерілген көңіл — нәпсіге тән.
Бұл тұрғыда Жалаладдин Руми хазреті: «Нәпсіңнің қалаулары сені күн астынан қараңғы және суық жерге алып барады,
Бірақ сен Ғашықтармен сұхбаттасып, содан қуат ал, сенен рухани жоғары адамдармен бірге өсіп өн», — десе, Хазреті Омар: «Адамның жаһилі, ахыретін басқаның дүниесі үшін сатқаны», — дейді.
Солай бола тұра адам баласы нәпсі қалауын қанағаттандыру үшін тіршілік етеді. Себебі, нәпсі — өзі.
Сол нәпсі иесіне қарата Абдулқадыр Жейлани хазреті: «Жүрегіңнен дүние қайғысын шығар, өйткені жақында ол жерден айырыласың», — дейді.
Алайда жүректен дүние қайғысын шығару оңай емес. Себебі, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Шайтан малғұн ноқта салмай мінді, достар».
Сонымен сауық-сайраншылар тізгіні шайтан қолында екендігі мәлім болды. Біз соны білдік. Бұл аз жеңіс емес. Ал осы жеңісіміз баянды болуы үшін бізге сол нәпсісі ұлық, шариғаты бұзық адамдардан аулақ болу керек. Ол аулақ болу, Жалаладдин Руми хазреті айтпақшы:
«Хақ достарына кереғар мінезді, қатты жүректі адамдармен бірге болу – сөйлесу былай тұрсын, оларды көрмеу және олардан аулақ болу дүниедегі барша байлыққа бара-бар».
Ал оларды көрмеу, тек тариқатқа қадам басқанда ғана жүзеге асады. Себебі, нәпсісі ұлықтардың шариғаты бұзық.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Махаббаттың шарабын ішіп рахатқа батқан» деген хикметінде:
«Естен танбай сайран салса Алла безер,
Дауысынан жер тебіреніп тартады азар.
Дұға қылам: көрсетпесін оған дидар,
Діннен безіп сауық-сайран құрды, достар», — дейді.
Сайран салудың мән-жайынан ептеп хабарымыз бар. Алайда сол өзіміз бастан кешкен сауық-сайранды өміріміздегі елеулі бір сәттер деп қана білеміз. Шынтуайтына келгенде, адам баласының барша өмірі сауық-сайран. Себебі, бұл өмір естен тануға құрылмаған. Соған орай Яссауи бабамыз: «Естен танбай сайран салса Алла безер», — дейді.
Сонымен, өмір — сайран. Сайран болған соң ол жерден Алла безер. Ал Алласыз жерде шайтан өрнек салады. Демек, қай сауық-сайранға да шайтан иелік етеді. Соған орай Яссауи бабамыз айтпақшы сайран салушылар «Даусынан жер тебіреніп тартады азар».
Сонымен, өмір — сайран. Сайран болған соң ол жерден Алла безер. Ал Алласыз жерде шайтан өрнек салады. Демек, қай сауық-сайранға да шайтан иелік етеді. Соған орай Яссауи бабамыз айтпақшы, сайран салушылар «Даусынан жер тебіреніп тартады азар».
Сонда жер басып жүрген пенделер тура жолды қалай таппақ? Бұл орайда Жалаладдин Руми хазреті:
«Мүмкіндіктен айырылмай, күмәнданбай, бұл фәни дүниенің алдамшылығынан құтылған, өзін толықтай Хақ Тағалаға тәсілім еткен кәміл адамдардың етегінен ұста. Сонда ғана ақырзаманның, мына бұзылған дүниенің азғындығынан құтыласың», — дейді.
Естен танғандар, сол құтылғандар. Рас, олар да жер басып жүр. Бірақ Алламен бірге. Бұл тұрғыда Мұса Мырза хазреті: «Нағыз мықтылық — осы алай-дүлей дүниеде және мыңдаған жұмыстар ішінде Хақ Тағаламен бірге бола білу», — дейді.
Сонда олар қалайша Алла Тағаламен бірге болып жүр? Жауап айқын. Себебі олар, хазреті Руми айтпақшы, Хақ Тағалаға тәсілім еткен адамдардың етегінен ұстады. Ал ол адамдар тұрғысында хазреті Руми бүй дейді:
«Аллаһ Тағала пайғамбарлар мен Пірлерді әлемге рахмет етіп дүниеге жіберген. Сол үшін халыққа жалықпастан насихат етеді. Бұл насихаттарға құлақ аспай, қабылдамағандар үшін «Уа, Раббым! Сен оларды ая, рахмет есігін оларға жаппа!» — деп жалбарынады».
Рас, Алла Тағала рахмет есігін соңғы сәтке дейін жаппайды. Байыбына барсақ, әр адамның басына келер өлім уақыты — оның соңғы сәті. Алайда бар өмірін сауық-сайранға арнағандар (материяға байланғандар) соңғы сәтте де Аллаға бет бұрмайды. Міне, соларға қарата Яссауи бабамыз «Дұға қылам: көрсетпесін оған дидар», — дейді. Себебі олар «Діннен безіп сауық-сайран құрды, достар».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Махаббаттың шарабын ішіп рахатқа батқан» деген хикметінде:
«Дуаналық жеңіп шықпай сауық құрар,
Хақ, Мұстафа, шәриярдан безіп жүрер,
Бастан-аяқ күнәлары әзір тұрар,
Күнә тілеп сауық-сайран құрды, достар», — дейді.
Өмір текетірес. Оны білеміз. Алайда ол текетірес біз ойлаған текетірес емес. Біз ойлаған, біз білетін және сол білгенімізді өмірдің мәні деп білетін текетіресіміз, шынтуайтына келгенде, тектірес емес, олар бір-бірімен үндескен, бірінен қашсаң, екіншісі өзіне баураған, сол өзіне баураған екіншісі сен қашқан біріншінің шындықпен бүркелген, түптеп келгенде бір бағыт, бір мақсаттағы жол екендігін біз ешқашан білген емеспіз. Соған орай біз тіршілік етіп жатқан мына жалған өмір, сол жалғандығын текетірес арқылы жасырып, бізді ұдайы өзіне баураумен келеді. Баураумен келетіні, бізге қарама-қайшылықты, текетіресті көрінетін мына өмір, байыбына барсақ, біз сүріп жатқан өмірдің тек жалған жағында ғана көрініс береді. Сонда оның несі текетірес?! Текетірес болу үшін, текетірес таразының бір жағында туруы керек те, екінші жағында шынайы өмір соған бәсекелес болуы керек. Мәселеге осы тұрғыда назар аударғанда, біз тіршілік етіп жатқан мына жалған өмірде текетірестің болуы мүмкін емес. Соған орай бізге қарама қайшылықты көрінетін: жақсылық пен жамандықтың; адал мен арамның; өтірік пен шындықтың; дос пен қастың бір-бірінен ешқандай да айырашылығы жоқ. Соған орай Яссауи бабамыз: «Дуаналық жеңіп шықпай сауық құрар», — дейді. Байыбына барсақ, біз сүріп жатқан өмірдің текетіресі — осы дуаналық. Себебі, дуаналық — шынайы өмірді күйттеуге негізделген. Ал біз оны өз өміріміздің текетіресі, біз таңдауға тиіс жолдың бірі деп ешқашан ойлаған емеспіз. Ал оны ойламағандар, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Хақ, Мұстафа, шәриярдан безіп жүрер», — дейді. Себебі олар мына текетіресті өмірдің біз таңдаған жағында жоқ.
Сөз басына қайта келейік. Өмір текетірес. Оны білеміз. Білген соң да өмірімізді мәнді де, сәнді етіп өткізуге тырысудамыз. Алдымыздан текетіресті жолайрықтары кездессе, ұдайы оң бағытқа қарай бет бұрамыз. Имандылық та, дін де, салауатты өмір де осы оң жақта. Алайда біз таңдаған тура жол, осы оң жақтағы өмір — жалғанның ішінде. Соған орай Яссауи бабамыз соларға қарата: «Бастан-аяқ күнәлары әзір тұрар», — дейді.
Сауық-сайранды өмір мәніне назар аударып көрелік. Рас, сауық- сайран туралы түсінік әрқилы. Шынтуайтына келгенде, адам өміріндегі қуанышты сәттердің бәрі: жүзіңдегі шырай да, езуіңдегі күлкі де, бір сөзбен айтқанда, мына жалған өмірдің әр сәті — сауық-сайран. Соған орай Яссауи бабамыз: «Күнә тілеп сауық-сайран құрды, достар», — дейді.
Сөз басына қайта келейік. Өмір текетірес. Білдік, өмірдің текетірес екенін. Білген соң бағамдасақ, біз мәңгілік өмірімізді жалғанға алмастырыппыз. Алайда бұл алмастыру — барша адам баласына тән. Себебі, өмір сол. Одан басқа өмір жоқ. Осы жерде Алланың шексіз құдырет иесі екендігі көрініс береді. Алайда біз ол құдыретке, Алланың ол белгілеріне мән бермейміз.
Айналамызға көз салайық. Жер де, күн де, табиғат та барша жаратылысқа ортақ. Тіпті жұтқан ауасы, ішкен суына дейін бірдей. Бірақ бір жаратылыс екіншісіне ұқсамайды. Біз сүріп жатқан өмір де тап осы тәрізді. Бір өмір, бірақ адамдар әрқилы. Сол әрқилы адамдар ішіндегі мұсылмандарға қарата Жалаладдин Руми хазреті бүй дейді:
«Қызықтыратын жерлерге барма, Хақиқи сапар осы жерде,
Ұлық сапар сен тұрған жерден басталады.
Сен өз алдыңа бір үлкен әлемсің.
Сенде керек нәрсенің бәрі бар,
Сыр да сенсің, бірақ ол ашық.
Жан дүниеңді күйзелістен құтқаратын емді сырттан іздеме,
Сен өзің дәрісің, өз қайғыңның дауасы да өзіңсің».
Біз тілге тиек етіп отырған шынайы өмір осы.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Махаббаттың шарабын ішіп рахатқа батқан» деген хикметін:
«Құл Қожа Ахмет, сауық-сайран әркімге жоқ,
Мазақпенен сайран салса кірер тамұқ.
Бұл сұмдық сыр айтылса көңілім жабық,
Хақты тауып сауық-сайран құрды, достар», — деп түйіндейді.
Байыбына барсақ, Яссауи бабамыздың біз тілге тиек еткен осы хикметінде өз мәнін ішіне бүккен талай құпияның беті ашылады. Рас, ол құпиялардың қай-қайсысын да қабыл алу өте ауыр. Тіпті кейбір жәйттарға назар аударғанда барша өміріңді босқа өткізгендей сезінесің. Сондай көңіл ауаны барша адам баласына тән екенін ойлағанда бар ғой, бір орныңда байыз тауып отыра алмай кетесің. Алайда мұндай сезімге аталмыш хикметті қабыл алған кезде ғана бой алдырасың. Өкінішке қарай, оны қабыл алушылар қатары қай кезде де көп болмаған. Себебі…
Себеп көп. Ең басты себеп: «сауық-сайран әркімге жоқ». Сондықтан ол сауық-сайранға Алла Тағала тура жолға салғандар ғана қол жеткізеді.
Шынтуайтына келгенде, біз «құпиясын ішіне бүккен» деп отырған хикметте ешқандай құпия жоқ. Яссауи бабамыз бізге тек Хақ жолын ашып көрсетуде. Ақиқат, тура жол сол. Біздің басқа бағытқа бұрылып кеткеніміз сонша, өзіміз бүркеген сол ақиқаттың беті ашылғанда, оған тосырқай қараймыз. Өзіміз таңдаған жолдан кері қайтқымыз келмейді. Ал Ұлы ұстаз болса, біз түскен жол сауық-сайранының апатқа ұрындыратынын ашық айтады. Сол айтылған ашық әңгіме — хикмет құпиясы. Яссауи бабамыз: «Мазақпенен сайран салса кірер тамұқ», — дегенді соған орай айтады.
Бұл — сыр. «Сұмдық сыр». Осы сыр беті хикмет арқылы ашылуда. Алайда қабыл алмаған көңілі жабықтар өздері таңдаған жолды қолай көрсе, хикмет мәнін ұққандар, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Хақты тауып сауық-сайран құрды, достар».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Шариғаттың шарттарын білген ғашық» деген хикметінде:
«Шариғаттың шарттарын білген ғашық,
Тариқаттың жол-жосығын білер, достар.
Тариқаттың бар жұмысын ада қылған,
Хақиқаттың дариясына батар, достар», — дейді.
Сопылық жол: шариғат; тариқат; мағрифат; ақиқат. Осылардың ішінде бізге белгілісі — шариғат. Дінге бет бұрған адамның бәрі осы шариғатты ұстанады. «Ұстанады» дегенді сөздің ретіне қарай айттық. Болмаса, шариғатты толықтай ұстанып жүрген діндәр аз. Ал діндәр емес, бірақ өздерін мұсылман санатына қосатындар шариғатты мүлде ұстанбайды десе де болады.
Байыбына барсақ, шариғат — мұсылманның қорғаны. Ұғынықтылық үшін иманды шамның тұтанған пілтесі десек, шариғат соның шынысы. Ол әрі қорған, әрі шамның жарық болуының кепілі. Соған орай біз дінді сол шариғат деп түсінеміз. Яссауи бабамыз сондықтан да: «Шариғаттың шарттарын білген ғашық, тариқаттың жол-жосығын білер, достар», — дейді.
Мән берер жәйт. Шариғаттың шарттары — тұтас бір ғылым. Ол ғылымды діни тілде фих дейді. Міне осы фихты жетік білген ғашық — тариқат есігін ашады.
Рас, фих — қанатын кеңге жайған ғылым. Ол — исламның негізі. Соған орай барлық діни оқу орындарында фих ілімі жан-жақты оқытылады. Бұл тұрғыда есімдері ел аузында жүрген қаншама айтулы ғалымдар бар. Жалпы қай діндәр да шариғатқа жетік. Бірақ ғашық емес. Ғашық болмағандықтан олар тариқаттың жол-жосығын білмейді. Яссауи бабамыз соған орай: «Шариғаттың шарттарын білген ғашық, тариқаттың жол-жосығын білер, достар», — дейді.
Мән берер жәйт. «Шариғаттың шарттарын білген ғашық» — тариқатқа өткен адам. Себебі, ғашықтық тариқатқа тән. «Тариқатқа өткен» деген сөздің мәнін ұғыну үшін шариғатты — Тынық мұхиты деп қабылдайық. Ал Атлант мұхитын тариқат делік. Біз екі мұхиттың беттескен кезін білеміз. Бірақ екі мұхит бір-бірімен араласпайды. Соған орай Тынық мұхит балығы Атлант мұхитына өте алмайды. Тап сол сияқты шариғат пен тариқат та бір-бірімен беттесіп тұрады. Бірақ Тынық мұхит «балығы» Атлант мұхитын бар деп білмейді. Себебі, көрмейді.
Атлант мұхитының (тариқаттың) ерекшелігі, ол жерден Үнді мұхиты (мағрифат) та, сондай-ақ, Солтүстік мұзды мұхиты (ақиқат) та көрініп тұрады. Алайда оған, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Тариқаттың бар жұмысын ада қылған» сопы ғана өте алады. Міне, сол сопы «Хақиқаттың дариясына батар, достар». Себебі — ғашық. Иә, сол: «Шариғаттың шарттарын білген ғашық».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Шариғаттың шарттарын білген ғашық» деген хикметінде:
«Дидарын көріп болмас күн-түн ұйып,
Пәк ғашықты қолға алмай болмас жүріп.
Хақиқат дариясының қатері көп,
Көзімді ілмей дидарын көрдім, достар», — дейді.
Дінге бет бұрдық. Намазға да жығылдық. Оразаға да берікпіз. Нәсіп болып, қажылыққа да бардық. Жүріс-тұрысымызды да ислам қағидаттарына үйлестірдік. Демек, кәміл инсанбыз. Алайда Яссауи бабамыз тап біз сияқты «кәміл инсанға» қарата: «Дидарын көріп болмас күн-түн ұйып», — дейді.
Егер өзіміздің кәміл инсандық түсінігіміз тұрғысында сараласақ, Аллаға «күн-түн ұйып», құлшылық ету — нағыз тақуалық. Соған орай біз өзіміздің кәміл инсандығымызға «күн-түн ұюды» қосқан жоқпыз. Қоссақ, өзімізді тақуа сезінер едік. Ал тақуалық — әулиелерге тән. Сондықтан да біз өзімізді әулиелер санатына қоспаймыз. Шынтуайтына келгенде, әулиеліктің өзі діни айналымнан шығып қалған. Себебі, қай діндәр да, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Дидарын көріп болмас күн-түн ұйып».
Сонда Алла Тағалаға «күн-түн ұйып», ғибадат жасап жатқан діндәрлар не себепті Жаратушы Ие «дидарын көріп болмас?».
Жауап айқын. Себебі, біз діннің негізгі үш ұстынының бірі — Ихсанды ұстанбайтын болдық. Ихсан тіпті медресе, өзге де әлемдік діни оқу орындары бағдарламаларынан да шет қалды. Нәтижесінде, ол оқу орындарын түгескендер мен олар шәкірттері Алла Тағалаға «күн-түн ұйып», ғибадат жасаса да дидар көруден мақұрым қалды. Тіпті олар дидар көруді мақсат та етпейді. Рас, ниет етіледі. Ол ниет — Алла ризашылығын табу.
Қарапайым түсінік. Алла сені, сен Алланы көрмесең, сенің «күн-түн ұйып» жасаған ғибадатыңа Алла риза бола ма? Бұл тұрғыда Яссауи бабамыз: «Пәк ғашықты қолға алмай болмас жүріп», — дейді.
Сонда «пәк ғашық» кім? Жауап айқын. Ол — сопы. Сопы: Иманда (ақидада) — Матуриді, Исламда (амалда) — Әбу Ханифаны, Ихсанда (тариқат) — Пірді өзіне ұстаз тұтады. Солар жолын ұстанады. Біз тілге тиек етіп жүрген дәстүрлі дін осы.
Солай бола тұра Яссауи бабамыз: «Хақиқат дариясының қатері көп», — дейді. Сонда ол қандай қатер?
Ұғынықтылық үшін, өткенде де айтқанымыздай, ақиқатты — Солтүстік мұзды мұхиты делік. Тек шариғатты ұстанатын діндәр ол жерде бір сәт те тұра алмайды. Шынында да Солтүстік мұзды мұхитына қадам басқан қай адам да бірден қатып қалады. Қатпау үшін, арнайы киім керек. Ол киім, діни тілде тариқат делінеді. Тариқатқа өту — Пірге қол беру арқылы жүзеге асады. Ал Пірге қол берген сопы, өзін жоқ етеді. Егер өзіңді бармын деп сезінсең, бірден қатып қаласың. Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған қатер сол.
Бұл тұрғыда Жалаладдин Руми хазреті: «Теңізге қауышқан өзеннің өзендік міндеті бітіп, қосылған теңізінің бір бөлігіне айналады. Жеген нанымыз бойымызға еріп, денеміздің бір бөлігіне сіңіп кетеді. Сүйген адам да сүйіспеншілігінің дәрежесіне қарай сүйіктісіне сіңіп, өз болмысынан кешеді», — дейді.
Міне, осы хәлде кім де болсын Яссауи бабамыз сынды: «Көзімді ілмей дидарын көрдім, достар», — дей алады.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Шариғаттың шарттарын білген ғашық» деген хикметінде:
«Ей, ғашық, бұл дүниеде мехнат тартқыл,
Сол тартқан жапаларды рахат білгіл.
Зікір салған жеріңе басыңды ұрғыл,
Басын тіккен мұратына жетер, достар, — дейді.
Біз қариялардан бата алайық, не бір-бірімізге тілек айтайық, сол бата-тілектердің қай-қайсысында да жақсы сөз айтуға тырысамыз. Себебі: «Жақсы сөз — жарым ырыс». Бұл тұрғыда хадисте де: «Жақсы сөз айт, немесе үндеме», — делінеді. Солай бола тұра Яссауи бабамыз: «Ей, ғашық, бұл дүниеде мехнат тартқыл», — дейді.
Енді байыптап көрелік. «Мехнат тартқыл» деген жақсы сөз бе, жоқ әлде біздің бата-тілектеріміз жақсы сөз бе, қайсысына құлақ асқан жөн? Құдайшылығына келсек, біздің жақсы сөзден тұратын сөздік қорымыздың ішінде «мехнат тартқыл» деген «тілек» кездеспейді. Себебі, ол енді біздің түсінікте қарғысқа жақын сөз. Қарғысқа жақын болатыны, ол сөзді біздің нәпсіміз қабыл алмайды. Бізге ұнамдысы — бата-тілек. Тіпті біз ол бата-тілекті: «Бұл дүниеде де жақсылық бер, о дүниеде де жақсылық бер. От азабынан сақта» деген аятпен де көркемдеп қоямыз.
Осы жерде кілтипан бар. Ол кілтипан — біздің жақсы сөзді түсінбейтіндігімізде. Біз негізінен нәпсіміз қалаған сөзді жақсы сөз деп қабылдаймыз. Бұл тұрғыда Абулқадир Жейлани хазреті: «Ей, ұлым! Нәпсіңнің азғындауына көмектескендермен жолдас болма», — дейді.
Тағы бір ескерер жәйт, Құран аятында қаперге алынатын жақсылық та нәпсі қалауы емес. Жалаладдин Руми хазреті айтпақшы: «Егер дария кеменің астында болса, оған сүйеу болады. Бірақ толқын кеменің ішіне кіре бастаса, оны батырады. Адам да дүние дариясында жүзген кеме іспеттес».
Демек, біздің нәпсіміз қалаған жақсы сөз кемені суға батырады.
Шынтуайтына келгенде, Құран аятында қаперге алынатын жақсылықты Яссауи бабамыз хикметіндегі «мехнат тартқыл» деп түсінген жөн. Соған орай Ұлы ұстаз: «Сол тартқан жапаларды рахат білгіл», — дейді.
Сонда ол қандай рахат? Бұл тұрғыда Ибраhим Адхам хазреті бүй дейді:
«Олар дүниеге таласып жатқанда, сен ақыреттік іспен айналысқайсың.
Көпшілігі сыртқы бейнесіне мән беріп жатқанда, сен ішкі жан дүниеңді ретке келтіргейсің.
Өздеріне зәулім сарайлар салдырып жатқанда, өзіңді қабір үшін дайындағайсың.
Олар бір-бірлеріне жағымпаздану үшін қызмет етіп жатқанда, сен Алла жолында қызметте болғайсың.
Бір-бірлерінің кемшіліктерін іздеп жатқанда, сен өз кемшілігіңді іздегейсің».
Егер мән берсек, біз айтатын бата-тілектің бәрі Ибраhим Адхам хазретінің сөзіне керағар болып шығады. Себебі біз ғашық емеспіз. Яссауи бабамыз болса бұл дүниеде мехнат тартатындарға қарата айтқан хикметін «Ей, ғашық» деп бастайды.
Әрине, ғашықтық жол оңай емес. Сондықтан ол жолға түскен жанның мехнат тартары күмәнсіз. Алайда ол мехнаттың өзіндік ләззаты бар. Ол ләззат тариқат тілінде шарапқа баланады. Яссауи бабамыздың: «Сол тартқан жапаларды рахат білгіл, зікір салған жеріңе басыңды ұрғыл», — деуі сондықтан.
Міне, осы жолға «Басын тіккен мұратына жетер, достар».
***
Қожа Ахмет Ясауи бабамыз өзінің «Шариғаттың шарттарын білген ғашық» деген хикметінде:
«Бұл жолдардың азабы: қайғы, мехнат,
Мехнат тартып жапа шеккен көрер рахат.
Таң сәріден зар жылаған табар бақыт,
«Аh-уh» деумен бұл дүниеден өтер, достар», — дейді.
Жалпы қай жолдың да өзіне тән қуанышы мен мехнаты бар. Ол жолдар әрқилы. Бір сөзбен айтсақ, олар — өмір жолы. Біз дінге сол мехнатты жолымызды жеңілдетуге септігі тиер ме екен деп бет бұрамыз. Сондықтан біз ұстанған дінде қайғы да, мехнат та жоқ. Алайда Яссауи бабамыз: «Бұл жолдардың азабы: қайғы, мехнат», — дейді.
Сонда ол қандай жол? Жауап айқын. Ол — сопылық жол. Ибраhим хазреті айтпақшы: «Сопылық – бір тамшы сияқты болған сопының терең дарияға айналуы».
Бұл тұрғыда Имам Ғазали: «Тамшының бақыты теңіз ішінде өлуі», — дейді.
Теңіз — руханият. Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған қайғы мен мехнат — сол тамшының өлімі. Тамшы — біздің нәпсіміз. Біз осы жол үстінде мехнат тартып жапа шексек — рахатқа қауышамыз. Ол — жан рахаты. Соған орай Ұлы ұстаз: «Таң сәріден зар жылаған табар бақыт», — дейді.
Басы ашық жәйт. Жылайтын жан. Біз: «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады», — дегенді соған орай айтамыз.
Рас, дінге бет бұрмаған адамдар да жылайды. Ол жас нәпсі қалауы болғанымен, негізі — рухта тұрады. Әруақты сыйлау мәселесі соған орай айтылады.
Алайда екі жылаудың өзіндік айырмашылығы бар. Материялды жылау — жанға салмақ түсіреді. Соған орай жылаған жан жүрегі қайғы мен шерге толады.
Ал рухани жылаған жан — «табар бақыт». Сол бақыт иелері — сопылар. Бұл тұрғыда Ғазали хазреті: «Сопылардың жолы ең сенімді жол. Олар ең бір пәк жандар. Дүниенің барлық ойшылдарының ойын, ғалымдарының білімін, даналардың данышпандығын, ғалымдардың ілімін бір жерге жинаса да сопының жолынан артық жол табалмас. Себебі сопы ілімі Пайғамбардан (сғс) бастау алады», — дейді.
Сондықтан да олар, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Аh-уh» деумен бұл дүниеден өтер, достар».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Шариғаттың шарттарын білген ғашық» деген хикметінде:
«Шын ділімен жылағандар дидар көргей,
Субхан ием дидарын сыйға бергей.
Сапар шекпе жол мәнісін түсінбей,
Жолға түскен мұратына жетер, достар», — дейді.
Діл — болмыс. Болмыс, ол біздің жан дүниеміз. Соған орай біздің жан қалауымыз біздің материялдық іс-әрекетімізден көрініс береді. Алайда негіз бір болғанымен, адамдар әрқилы. Демек бізге тән болмыс өзінің әу бастағы негізінен ажыраған. Мәселеге осы тұрғыда назар аударғанда, біздің жалған болмыс иесі екендігіміз мәлім болады.
Ол жалған болмыс — мына жалған өмірге тән. Оның өзі бізді «ұлттарға, руларға бөлдік» деп келетін Құран аятына негізделген. Соған орай ұлттық болмыс қалыптасады. Біз солмыз.
Мән берер жәйт. Біз әуелі мұсылманбыз ба, жоқ әлде қазақпыз ба? Жауап айқын. Кім қай болмысты иелік етсе, ол — сол. Бұл сауал жауабының әрқилы болып келетіні сондықтан.
Ұғынықтылық үшін болмысты адами және ұлттық деп екіге бөліп қарастырайық. Шынтуайтына келгенде, біз бұл екеуін бір ұғым деп білеміз. Алайда олай емес. Байыбына барсақ, адами болмыс — біздің негізіміз. Біз сол болмыс иесі болған кезде барлық адамға бірдей көзқараспен қарай аламыз. Мұсылмандық сол. Ал ұлттық болмыс иелері болса, мәселеге өз ұлты мүддесі тұрғысынан назар салады. Дінді де сол ұлттық болмыс таным деңгейінде қабылдайды. Оның намаз, өзге де діни ғибадат үстінде жыламайтыны сондықтан. Соған орай Яссауи бабамыз: «Шын ділімен жылағандар дидар көргей», — дейді.
Сол шын жылағандарға Алла Тағала өз дидарын сыйға береді. Демек, Ұлы ұстаз айтпақшы: «Сапар шекпе жол мәнісін түсінбей».
Сапар — біз түскен дін жолы. Мұндай жол ислам дінінде — 73. Соған орай Яссауи бабамыз: «Жолға түскен мұратына жетер, достар», — дейді.
Мән берер жәйт. Ұлы ұстаз ислам дінінің басқа бағытқа бұрылып кеткен 72 тармағын жол санатына қоспайды.
Мұратқа жеткізетін жол — «Әһлу суннет уәл-жамағат» деп аталады. Әһлу сүннет уәл-жамағаттың қазақша мағынасы – «сүннет халқы және жамағат». Яғни сүннетті ұстану – Хазіреті Мұхаммед пайғамбарымыздың д(сғс) жүрген жолын ұстануды білдіреді. Сондықтан да Таптук Әміре хазреті айтпақшы: «Жолмен жүр, жолдан шықпа».
Ол жол: Иман, Ислам, Ихсан. Осы үшеуін тең ұстаған мұсылман адам ғашықтар жолына түседі. Бұл тұрғыда Жалаладдин Руми хазреті бүй дейді:
«Бәрі саған бір нәрсе көрсеткісі келеді,
Қарға сені бос қалған амбарға алып барады, Ал тотықұс болса қантқа алып барады. Тек ғашықтар ғана сені Аллаға алып барады.
Құдияр БІЛӘЛ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері
Жалғасы…
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Сүннет емес, кәпірге де берсе азар,
Көңілі қатты, діл азардан құдай безер.
Ондай құлға Алланың азабы даяр,
Даналардан бұл сөзді естіп айттым, міне», — дейді.
Сіз бен біз мұсылманбыз. Оның үстіне қазақпыз. Бір-бірімізді одан әрі жақын тұтар болсақ, руласпыз, аталаспыз, туыспыз, бауырмыз. Демек, татумыз. Сонда татулықтың кілті неде?
Дұрыс. Мұсылмандықта. Құран аятына жүгінсек: «Мүминдер туыс». Сонда бірге туған ағайындар арасының өзі шәлкем- шалыс келіп жатқанда, исі мұсылман бір-біріне қалайша туыс болмақ? Егер осы сауалға жауап тапсақ, онда Яссауи бабамыздың «Сүннет емес, кәпірге де берсе азар», — деген хикметінің мәні ашылады.
Әуелі ағайын арасының не себепті шәлкем-шалыс болатындығына назар аударайық. Екі жақ көлденең тартатын себеп-салдар біз қойған сауалға жауап бере алмайды. Екі жақтың біреуі дұрыс болған күннің өзінде де оның дұрыстығын Яссауи бабамыз хикметі таразысына тартсақ, бұрыс болып шығады. Неге? Себебі, ағайын арасындағы дау-дамайда мұсылмандық қаперге алынбайды. Рулас, аталас, туыс, бауырлар арасында туындайтын жанжал кезінде де біздің мұсылман екендігіміз есімізден шығады. «Қазақпыз ғой» деп бір мәмілеге келгендей болған кезде де мұсылман екендігімізді тілге тиек етпейміз. Біздің басымыздың піспейтіндігі сондықтан.
Басы ашық жәйт. Біз әуелі мұсылманбыз. Одан кейін барып қазақпыз. Мүминдер соған орай туыс болады. Егер қазақтығымызды мұсылмандықтың алдына шығарсақ, онда әр қазақ бір-бір дінді ұстанып, әрқайсысы өз құдайларын алға шығарар еді. Ал ол құдайлардың басы ешқашан бір жерде тоғыспайды. Демек, мұсылмандық алға шықпаса, ұлт та болмайды.
Кәпірге келейік. Байыбына барсақ, ол ұлыстардың бізге сорпасы да қосылмайды. Сол сорпасы қосылмайтын ұлыс, ұлт өкілдерімен біз бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатырмыз. Себебі, мұсылманбыз. Егер мұсылман болсаң, онда Яссауи бабамыз сынды: «Сүннет емес, кәпірге де берсе азар» де. Егер ағайыныңмен, не өзге біреумен шәлкем-шалыс келсең, онда мұсылмандығыңда кәкір бар. Кінәрат дінде емес, сенің мұсылмандығыңда.
Сол кәкір көңілді қатайтып тұр. Ал ол көңіл мұсылманға тән емес. Ол көңілді өзімізше әспеттеп ұлттық намыс деңгейіне дейін көтерейік. Бірақ қалай дәріптесек те бізді өрекпіткен көңіл ауаны мұсылмандықтың алдына шыққан кезде, Яссауи бабамыз айтпақшы, көңілі қатты, діл азардан құдай безеді. Құдайсыз қалған соң белгілі ғой: «Ондай құлға Алланың азабы даяр».
Сондықтан сіз бен бізді мұсылман қылған Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын!
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Сүннеттерін бекем ұстап үмбет болдым,
Жер астына жалғыз кіріп нұрға толдым.
Сопылардың мақамына жақын болдым,
Нәпсіні көңіл найзасымен шаныштым міне», — дейді.
Басы ашық жәйт. Жер бетіндегі барша мұсылман Пайғамбарымыздың (сғс) үмбеті. Себебі, мұсылман. Демек, үмбет пен мұсылман бір ұғым. Алайда біз Пайғамбарымыздың. (сғс) үмбеті екендігімізді қаперге ала бермейміз. Міне осы қаперге алмау, бізді Пайғамбарымыз (сғс) сүннетін тәркі етуге алып келді. Тіпті біз сапар кезінде сүннет намаздарын оқымайтын болдық. Ал Яссауи бабамыз айтпақшы, үмбет болу үшін сүннеттерді бекем ұстамақ ләзім.
Байыбына барсақ, сүннет — дін. Себебі, Пайғамбарымыз (сғс) бен дінді бөле жара қарастыруға болмайды. Соған орай әр мұсылманнан дін көрініс береуі тиіс. Әрине, егер ол мұсылман Пайғамбарымыз (сғс) сүннетін ұстанатын болса.
Сүннет — Пайғамбарымызға (сғс) тән амалдар. Амал ғана емес, бүткіл болмысы: жүріс-тұрысы; ұстанған өмір салты; ішіп-жеуі; киім үлгісі; әдебі; адамдармен мәмілесі; мінез-құлқы; отбасылық ұстанымы; адами қасиеттері…
Осылай жалғастыра беруге болады. Ал біз Пайғамбарымыздың (сғс) осы тақылеттес сүннеттерін қаншалықты ұстанып жүрміз? Жалпы ұстанып жүрміз бе? Яссауи бабамыз болса: «Сүннеттерін бекем ұстап үмбет болдым», — дейді. Демек, үмбет болу үшін Пайғамбарымыз (сғс) сүннетін бекем ұстануымыз керек екен. Яссауи бабамыз ол бекемге 63 жаста жер астына кіруді де жатқызыпты. Бұл тұрғыда ұлы ұстаздың өзі: «Жер астына жалғыз кіріп нұрға толдым», — дейді.
Байыбына барсақ, нұр — пайғамбарлық болмыс. Біз оған өзіміз емес, Пайғамбарымыз (сғс) арқылы қол жеткіземіз. Қол жеткізгенде, біз ол болмысқа Пайғамбарымыз (сғс) сүннетін бекем ұстану арқылы енеміз. Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған «Сопылар мақамы» сол.
Жалпы нұрланып жүру мұсылмандардың бәріне тән. Егер ол адам мұсылмандық пен сүннетті бір ұғым деп қабылдаса. Бұл — бір.
Екіншіден, ол мұсылман сүннетке керағар келетін іс-әрекетке бармаса.
Өзімізге келейік. Егер мұсылмандықты Пайғамбарымыз (сғс) сүннетімен бір ұғым деп қабылдасақ, онда біздің діннен қаншалықты алшақтап кеткеніміз мәлім болады. Көпшіліктің дінге бет бұрғандарға тосырқай қарайтыны сондықтан. Өзгелер тосырқамау үшін дінге бет бұрған әлгі адам Яссауи бабамыз сынды: «Нәпсіні көңіл найзасымен шаныштым міне», — дей алуы керек.
Көңіл — ішкі әлем. Соған орай хакім Абай:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі», — дейді.
Іштегі кірді қашыру «Сопылық мақам» арқылы жүзеге асады. Демек, нәпсіні көңіл найзасымен шаншитын да солар.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып деген хикметінде:
«Нәпсім мені жолдан бұрып қор етеді,
Телміртіп халайыққа зар етеді.
Зікір салдырмай, шайтанға «жар» етеді,
Дайынмын деп нәпсі басын жаныштым міне», — дейді.
Басы ашық жәйт. Нәпсі — бізбіз. Нақтыласақ, біздің жаратылыстық болмысымыз. Бір сөзбен айтқанда, бізге тән нәрсенің бәрі — нәпсі. Соған орай біз нәпсі қалауын қанағаттандыру үшін тіршілік етеміз. Тіпті діни ғибадатты да сол үшін жасаймыз. Себебі біз — солмыз. Алайда нәпсі — адам емес. Демек ол біз емес. Сонда біз қайдамыз?
Ұғынықтылық үшін Яссауи бабамыз хикметінің алғашқы жолына қайта назар аударайық. Ұлы ұстаз өз хикметінде: «Нәпсім мені жолдан бұрып қор етеді», — дейді. Бұл жерде назар аударатын басты жәйт, Яссауи бабамыз «Нәпсім мені» деу арқылы өзін нәпсіден ажыратып тұр. Осылайша өзін нәпсіден ажыратып алғаннан кейін өзін жолдан бұрып қор еткен, нәпсі жайын күйттеу үшін тіршілік қамымен зар еткен, зікір салдырмай шайтанға «жар» еткен сол нәпсі екендігін айғақтайды. Осы айғақтау, яғни, өзін нәпсіден ажырату соңы нәпсі басын жаншуға ұласады. Ал біз осылайша нәпсі басын жаныштай аламыз ба? Жауап айқын. Жаныштай алмаймыз. Себебі нәпсі өлсе, біз де бірге өлеміз. Бұл тұрғыда хакім Абай:
«Мені» мен «менікінің» айрылғанын,
«Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес», — дейді.
Рас, хакім Абай танымында жан өлмейді. Себебі Абай атамыз тәнді меніңкі деп тұр. Ал біздің нәпсімен бірге өлетініміз, жанның өзі нәпсіге айналып кеткен. Шынтуайтына келгенде, нәпсі жанды мойындауы керек. Ол өзінің жанға (Аллаға) тәуелді екендігіне көз жеткізуі тиіс. Ол үшін Яссауи бабамыз сынды: «Дайынмын деп нәпсі басын жаныштым міне», — дей алуымыз керек.
Қарапайым түсінік. Сіз бен біз өмір кешудеміз. Біз сияқты өзге адамдар да өмір кешуде. Міне осы адамдардың бәрі нәпсі иелері. Солай бола тұра олардың ешқайсысында нәпсі деген ұғым да, түсінік те жоқ. Соған орай біз қай іс-әрекетімізді де мынау өзім үшін, ал мынау нәпсім үшін дей алмаймыз. Біз бәрін де тек өзіміз үшін жасаймыз. Сол өзім — нәпсі.
Бастапқы сауалға қайта келейік. Сонда біз қайдамыз? Байыбына барсақ, біз де солмыз. Тек өзімізді танымай жатырмыз дә. Танығандар — мұсылман. Себебі олар өзін таниды. Ал өзін танығандар, Алланы таниды.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Жер бетіндегі барша адам Аллаға арқасын беріп тұрады делік. Ал өмір болса оларды алға жетелейді. Жетелеуші — нәпсі. Міне, осылардың ішінде жүзін Аллаға бұрушылар бар. Солар Яссауи бабамыз сынды: «Дайынмын деп нәпсі басын жаныштым міне», — деушілер. Олар өзін, яғни нәпсіні жеңгендер. Біз солмыз.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметін былайша түйіндейді:
«Құл Қожа Ахмет, надандықпен өмірің өтті,
Қасіретпен тізе, көзден қуат кетті.
Қайғы менен өкініштің уақыты өтті,
Амалым жоқ, керуен болып көштім міне».
Байыбына барсақ, өмір жаспен өлшенбейді. Өмірдің алдында уақыт та дәрменсіз. Адам баласына тиесілі өмір — қас ғамым сәт. Сол қас қағым сәтке біз өз жанымызды құрбан етеміз. Яссауи бабамыз ол өмірді надандыққа балайды. Мәселе сенің өз өміріңді қалай өткізгеніңде емес, тіпті бар өміріңді бақытқа шомып өткіз. Барлық арман-тілегіңе де қол жеткіз. Бірақ соның бәрі надандыққа тән өмір салты екенін біл. Сен ол надандық құрсауынан ешқашан босаған емессің.
Соңғы сәт. Перде көтерілді. Көзің ашылды. Бірақ күресуге дәрмен жоқ. Дәрмен жоқ болатыны, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Қасіретпен тізе, көзден қуат кетті». Өкініштен пайда жоқ. Себебі: «Қайғы менен өкініштің уақыты өтті». Алайда өкінішті жан бір сен емес. Соған орай: «Амалым жоқ, керуен болып көштім міне», — дейсің.
Керуен — сен өмір сүрген дәуір. Сені өзіне баураған қоғам. Сен күйлеген заман. Заманды тілге тиек еткен соң хакім Абайдың «Тотықұс түсті көбелек» атты өлеңін келтіре кетейік:
«Тотықұс түсті көбелек
Жаз сайларда гулемек.
Бәйшешек солмақ, күйремек,
Көбелек өлмек, сиремек.
Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек,
Харекет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек».
Өмір осы. Надандықпен өткен өмір. Оның не себепті надандық болатындығына әуелі хакім Абайдың біз тілге тиек етіп отырған өлеңі мәніне назар аудару арқылы көз жеткізейік.
Иә, «Әркімді заман сүйремек». Бұл — өз заманына байланған әр адамға тән өмір салты. Біз надандықпен өткізген өмір сол. Алайда сол өмір салтына бағынбайтын да адамдар бар. Хакім Абай ол адамдардың кімдер екендігін ашып айтпай, тек: «Заманды қай жан билемек?», — десе де сөз соңын:
«Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек», — деп түйіндейді.
Байыбына барсақ, заманға күйлейтін жаман — барша адам баласы. Себебі, өмір — сол. Одан өзге өмір жоқ. Мына дүние есігін аштың ба, өз заманыңа күйлеп өмір кешесің. Яссауи бабамыз соған орай: «Надандықпен өмірің өтті», — дейді.
Сонда сіз бен біз, жалпы адам баласы сүрген өмір не себепті надандыққа телініп отыр? Бұл сауал жауабы біз осыған дейін тілге тиек еткен: «Нәпсім мені жолдан бұрып қор етеді», — деген хикметте тұр. Демек надандық өмір — нәпсіге тән. Ол өмірден бізге ешқандай қайыр болмайтыны сондықтан.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Әулиелер айтқан уәде келер болғай» деген хикметінде:
«Әулиелер айтқан уәде келер болғай,
Қияметтің күні жуық болды, достар.
Ақылды құлдың болғанын білер болғай,
Ел-жұрттан мейір, шапағат кетті, достар», — дейді.
Аталарымыз: «Жаманның сандырағы келеді» депті. Соған орай жаманның аузынан шыққан сөзге де мән берген. Себебі, сөзде қуат, күш бар. Ал жаманның аузынан оңды сөз шықпайды. Ол ылғи жаманшылық шақырады. Оның жаман болатыны, тірлігінің оңғарылмайтыны сондықтан.
Жаманды жайына қалдырайық. Жақсыға келейік. Жақсыдан кенде емеспіз, ал әулиелер жоққа тән. Егер жаманның сандырағы алдымыздан шығып жатса, әулиелердің аузынан шыққан уәденің сөзсіз жүзеге асатындығына ешкім де шүбә келтірмес. Соған орай Яссауи бабамыздың өзі: «Әулиелер айтқан уәде келер болғай», — дейді.
Сонда ол қандай уәде? Оны біз тілге тиек етіп отырған хикметтің келесі жолынан аңғарамыз. Ұлы ұстаз өз хикметінде: «Қияметтің күні жуық болды, достар», — дейді.
Бұл — Яссауи бабамыз заманында айтылған уәде. Егер қияметтің күні сол кезде жуық қалса, бұл күнде біздің жағалауға таяп қалғандығымыз күмәнсіз.
Алайда біз алаңсызбыз. Неге алаңсызбыз? Себебі, қиямет қайым жағалауында болуға тиіс барша келеңсіздіктер біздің өмір салтымызға айналып кеткен. Шамалалы әсірелеп айтсақ, біз отпен тыныс алудамыз. Соған орай біз айналамызға от бүркіп тұрамыз. Қияметтің оты.
Оттың мағынасы кең. Ол — бүгінгі барлық келеңсіздіктер. Рас, біз оған үйренгенбіз. Тіпті біз ол «отты» сезінбейміз де. Яссауи бабамыз: «Ел-жұрттан мейір, шапағат кетті, достар», — десе, біз ол мейір, шапағатты бар деп те білмейміз. Себебі, иә, қиямет жағалауындамыз.
Басы ашық жәйт. Қияметті адам баласы өзі жасайды. Себебі, қиямет қайым біз өн бойымыздан адамдық қасиет түгесілген кезде болады. Біз жағалауға жақындаған сайын сол қасиеттерден арыла береміз.
Бұл күнде қоғам да, заман да, адам да күн санап емес, сағат санап өзгеруде. Оның солай болуы заңдылық. Себебі ол «Әулиелер айтқан уәде».
Бұл күн бір пәсте болған жоқ. Біз оған біртіндеп жеттік. «Біртіндеп» деген сөзге мән берейік. Біз бұрын қандай едік? Қазір қандаймыз? «Біртіндеп» деп біз осы екі аралықты айтып отырмыз.
Рас, біз бүгінгі заманауи ғылыми техникалық жетістіктерге біртіндеп қол жеткіздік. Бірақ Яссауи бабамыз айтпақшы: «Ел-жұрттан мейір, шапағат кетті достар».
Ал ол мейір, шапағат қалай келді, қалай кетті? Жауап айқын. Біз ислам дінін қабыл алған кезде — келді, біз діннен қол үзген кезде — кетті. Бірақ оның солай екендігін ұғынып жатқан адам аз. Себебі, жағалаудамыз.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Әулиелер айтқан уәде келер болғай» деген хикметінде:
«Үлкен, кіші адамдардан әдеп кетті,
Қыз, келіншек, нәзік жаннан ұят кетті.
«Ұят барда иман бар» деп Расул айтты,
Арсыз қауым бүлдіріп бітті, достар», — дейді.
Қарапайым түсінік. Жаңбырдың астында қалсаң, су боласың. Қазан-ошақтың маңына жақындасаң, күйе жұқтырасың. Тап осы сияқты әр себептің бір салдары бар. Яссауи бабамыз тілге тиек еткен келеңсіздіктердің басты себебі — қиямет қайымның жақын қалғандығы. Ал ол — әулиелер айтқан уәде. Сол уәдеге орай «Үлкен, кіші адамдардан әдеп кетті».
Егер мәніне терең бойламасаң, әдеп пен мәдениет бір ұғым сияқты әсер қалдырады. Шынтуайтына келгенде, мәдениет — әдепті бүркеп тұр. Нақтыласақ, мәдениет — әдепті жоққа шығаратын басты құрал. Алайда оның солай екендігін ешкімге ұғындыра алмайсың.
Ұғынықтылық үшін әдеп пен мәдениетті шендестірейік. Мәселен, балет — мәдени жетістігіміздің шыңы. Алайда ашық-шашық жүру — әдепсіздік. Сол сияқты діни киім үлгісі — әдеп те, заманауи киім үлгісі — мәдениет.
Біз өзіміздің әдептен қаншалықты алшақтап кеткенімізді мүлде сезіне алмаймыз. Ал адам баласы діннен намаз, одан өзге де ғибадаттарды жасамағандығы үшін емес, әдептен аттағандықтан шығады. Мәселен, кинотеатрға бару, ресторандарда көңіл көтеру, ер мен әйелдердің аралас-құралас жүре беруі — мәдениет те, ал сол және осы тақылеттес өзге де мәдени жетістіктерден бас тарту — әдеп.
Біз мәдениетті жоққа шығарғалы отырған жоқпыз. Тек үлкен, кіші адамдардан әдептің қалай кеткендігіне мән беріп отырмыз.
Сонымен, әдеп кетті. Сол әдеппен бірге, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Қыз, келіншек, нәзік жаннан ұят кетті». Ұятпен бірге иман кетті. Хадисте айтылатынындай: «Ұят барда иман бар» еді. Нәтижесінде: «Арсыз қауым бүлдіріп бітті, достар».
Байыбына барсақ, әдеп — ұлттық мәдениет. Болмыс та, мінез де сол. Ал біз тілге тиек етіп отырған өркениеттік мәдениет — сыртқы күш. Ол күш ұлтты өзгеріске түсіреді. Өзіне баурайды, әдептен арылтады. Нәтижесін жоғарыда айттық.
Ұғынықтылық үшін айтайық. КСРО құрамында болған мемлекеттер халқында ортақ мәдениет болды. Сол мәдениет совет халқын қалыптастырды. Дін мүлде ұмытылды. Дінмен бірге әдеп те кетті делік. Сонда совет халқы әдепсіз болды ма?
Құдайшылығын айтайық. Совет халқында әдеп болған жоқ. Себебі, әдеп — ұлтқа тән. Ал совет халқы ұлт емес. Сондықтан оларда әдепті тәрбие алмастырды. Соған орай оқыған, тәрбиелі адамдар мәдениеті қалыптасты. Бұл мәдениет өркениеттік даму жолына түскен халықтардың бәріне тән. Сол халықтар сұранысы — бүгінгі мәдениет.
Рас, қай мәдениеттің де өзіне тән әдебі бар. «Сахна әдебі» деген сияқты. Бүгінгі күні біз сол әдептен де ажырап қалдық.
Сөз басына қайта ойысайық. Сонымен, қазанға жақындасаң, күйесі жұғатынын білдік. Ал қиямет қайымға жақындасақ не болады? Не болатынын Яссауи бабамыз санамалап берді. Бірінші — әдеп кетті; екінші — ұят кетті; үшінші — иман кетті; төртінші — арсыз қауым пайда болды. Бүлдірушілер солар. Біз де сол қауыммен біргеміз. Бірге болған соң, әрине, «күйесі» жұғады. Әзірге күйе. Сол қауымға айналған кезде қиямет қайым болады. Сондықтан кімнің де болсын «күйеден» аулақ болғаны жөн
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Әулиелер айтқан уәде келер болғай» деген хикметінде:
«Мұсылман мұсылманға болды қатал,
Нақақ істеп Хақ жұмысын бұзды батыл.
Мүрит пірге жылы жүзбен болмай жақын,
Ғажап сұмдық замана болды, достар» — дейді.
Атам қазақ: «Жау жоқ деме жар астында», — депті. Байыбына барсақ, жар астында жау бар-ау деп қауіптену үшін, әлгі жар өз құпиясын ішіне бүккен болуы керек. Демек ол жар жолаушы үшін қауіпті. Егер осы мақалдың рухани мәніне үңілсек, барша адам жолаушы. Ал жар — өз нәпсісі. Соған орай біздің аталарымыз ол «жар» астында жау бар екендігін білген соң айтады.
Мұсылманға келейік. Жар астында жау барын ол да біледі. Ол жау әлгі мақалды тура мағынасында қабылдағанда да, сондай-ақ рухани мәніне назар аударғанда да көрініс береді. Себебі: «Мұсылман мұсылманға болды қатал». Егер екі мұсылманның өзі бір-біріне көз алартса, онда айналаның бәрі жау деп біл. Жардың бар, жоғы есеп емес. Есеп болмайтыны, мұсылманның өзі «Нақақ істеп Хақ жұмысын бұзды батыл».
Сонда ол нені нақақ істеді? Жауап айқын. Мұсылмандықты. Байыбына барсақ, әлемді иман құтқаруы тиіс. Иман — Хақ жұмысы. Алла Тағала сол өз жұмысын мұсылмандарға табыс етті. Сол үшін Пайғамбарлар жіберді. Иманды дін арқылы қалыптастырды. Соңғы Пайғамбар (сғс) арқылы өз дінін толықтырды. Бұл — Хақ жұмысы. Мұсылмандар болса сол жұмысты (мұсылмандықты) бұзды батыл. Нәтижесінде: «Мұсылман мұсылманға болды қатал». Біздің дінге бет бұрғандарға тосырқай қарайтынымыз сондықтан.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Сахабалар — мұсылман. Біз де мұсылманбыз. Әлhамдулиллә! Қалай ойлайсыз, сіз бен біздің мұсылмандығымыздың сахабалар мұсылмандығынан айырмашылығы бар ма? Өзімізді сахабалармен шендестірмей, Яссауи бабамыз дәуірін-ақ тілге тиек етелікші. Ұлы ұстаз: «Мұсылман мұсылманға болды қатал», — дейді. Біз ше, біз не дейміз? Жауап айқын. Біз: «Мұсылман мұсылманды өлтіріп жүр» дейміз.
Байыбына барсақ, екі мұсылманның бір біріне қаталдығы — діннен ауытқушылық. Ал өлтіруі — шектен шыққандық. Сол шектен шыққандар мұсылмандықты бұзушылар. Жар астына жасырынған жау да солар.
«Жардың» мағынасы кең. Ол — әлемдік деңгейде мұсылмандар «құқығының шектелуі»; ол — негізсіз жасалған жиhат; ол — Сирия; ол — Ауғанстан; ол — Палестина; ол — ислам атын жамылған жат діни ағымдар; ол — діни ғибадат жасамайтындар; ол — ішкілік ішетіндер; ол — нашақорлар; ол — жезөкшелер; ол — ұры-қарылар; ол — террористер; ол…
Осылай жалғастыра беруге болады. Тіпті мүриттің өзі піріне жылы жүзбен қарамайтын болды. Бір сөзбен айтқанда: «Ғажап сұмдық замана болды, достар».
Бұл күнде мұсылмандарға тас атушылар не себепті көбейіп кетті? Себебі… Иә, кінә өзімізде. Бізде емес. Соны бұзушыларда. Ендеше, солардан аулақ болайық, достар!
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Әулиелер айтқан уәде келер болғай» деген хикметінде:
«Ел, дүние, халқымызда қайырым жоқ,
Патша менен уәзірлерде әділет жоқ.
Дәруіштердің дұғасында қасиет жоқ,
Түрлі бәле халық үстіне жауды, достар», — дейді.
Біз бұрын қандай едік? Бұрын болғанда, қылышынан қан тамған КСРО кезінде де қазақтығымызды жоғалта қойған жоқ болатынбыз. Ауылдағы әр қазақ үйінің есігі досқа да, дұшпанға да ашық болатын. Дұшпанды сөздің ретіне қарай айттық. Болмаса ол кезде дұшпан деген ұғым жоқ. Дұшпан да, жау да сыртта. Ел іші тыныш. Теледидар да қулық-сұмдықтан ада. Төтеннен келетін бәле де, жәле де, өлім де, жітім де жоқ. Мамыражай бір заман. Ал пейіл, қазақтың пейілі, ондай пейілді сөзбен айтып жеткізе алмайсың.
Соның бәрі күні кеше ғана болып еді. Бұл күнде бүткіл бәле жердің бетіне шықты. Теледидар жаңалығын естісең, жаның түршігеді. Әлем болса демін ішіне тартып тұр. Бір сөзбен айтқанда: «Ел, дүние, халқымызда қайырым жоқ». Тегіс безбүйрек. Ал билік, билікте әділет жоқ. Патша менен уәзірлер бұрын қандай болса, қазір де сондай. Тек патша — президент, ал уәзірлер — министр делінеді. Сондай-ақ дәруіштердің дұғасында да қасиет жоқ. Қасиет жоқ болатыны, дәруіштің өзі жоқ. Олар да басқа атауды иеленген. Нәтижесінде: «Түрлі бәле халық үстіне жауды, достар».
Сонда ол қандай бәле? Алайда біз ол бәлелерді бар деп білмейміз. Біздің көзімізге ол бәлелер көрінбейді. Болмаса ол бәлелер біздің төбемізден жаңбыр сынды жауып тұр. Ел, дүние, халықта қайыр болмайтыны, патша менен уәзірлерде әділет болмайтыны, дәруіштердің дұғасында қасиеттің жоқ болатыны сондықтан.
Ұғынықтылық үшін әлгі бәлені шайтан делік. Ал шайтан — біздің қас жауымыз. Ал сіз бен біз сол шайтаннан сақтанып жүрміз бе? Сол ата жауымыз біздің тіршілігімізге, өмір салтымызға, ішіп-жемімізге араласа ма?
Жауап айқын. Араласады. Жалпы біз шайтанмен бірге тіршілік етеміз. Тіпті намазды да сонымен бірге оқимыз. Себебі, біз өзі солмыз. Төбемізден жаңбыр болып жауып тұрған да сол.
Ал біз ол шайтанға қалайша ерік бердік? Оп-оңай. Біз көзімізді, құлағымызды, тілімізді, тамағымызды, ортамызды, тыныс-тіршілігімізді ешқашан шайтаннан тыйған емеспіз. Ол — күнәға қараған көзден, өсекті естіген құлақтан, Алланы қаперге алмаған тілден, арам тамақтан, шариғатқа сай келмейтін ортадан, қоғамнан, бір сөбен айтқанда, есіктен де, тесіктен де кіріп, біздің өн бойымызды, айналамызды, бала-шағамызды түгел жайлап алды. Біз үйден де, түзден де, оңымыздан да, солымыздан да, тіпті көзімізді ашсақ болды, шайтанды көреміз. Бірақ біз оның шайтан екендігіне тіпті бас та қатырған емеспіз.
Айнаға қараңыз. Кімді көріп тұрсыз? Бала-шағаңызға, дос-жараныңызға назар салыңыз. Кімдерді көріп тұрсыз? Далаға, көшеге шығыңыз, теледидарға, әлеуметтік желіге көз жүгіртіңіз. Не көрдіңіз? Халық үстіне жауған түрлі бәлені көре алдыңыз ба? Алайда ол жай көзге көрінбейді. Көретін — иман. Сол иман жүректің көзін ашады. Соған орай хакім Абай:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі», — дейді.
Білген жөн. Іштегі кір — шайтан. Халық үстінде жауып тұрған түрлі бәле де сол. Ал ол әулиелер айтқан уәде.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Әулиелер айтқан уәде келер болғай» деген хикметін былайша түйіндейді:
«Ақырзаман ғалымы залым болды,
Ізгі тілегін үзбеген ғалым болды.
Алланы айтқан дәруіштің жолы болды,
Ғажап сұмдық замана болды, достар.
Қиямет күн жақындады, қалғаны жоқ,
Құл Ахмет сөзінде жалғаны жоқ,
Өзін өзі көтеріп мақтаған жоқ,
Насихатын халыққа айтып кетті, достар».
Ғалым мен залым. Негізінде екеуі де ғалым. Бірақ біреуі ізгілікке, екіншісі зұлымдыққа қызмет етеді. Ақырзаман ғалымының залым болатыны, ақырзаманның өзі зұлымдыққа құрылған. Ал ғалым — сол ақырзаман қызметкері. Сондықтан ол ғалымнан ізгілік күтуге болмайды. Солай бола тұра сол залымның жолы ұдайы оңғарылумен келеді. Бүгінгі «ақырзаман айшықтары» да соның еңбегі. Ол «айшықтар» қатарында заманауи озық технология жетістіктері де бар. Алайда біз олардың «ақырзаман айшықтары» екендігіне мүлде бас қатырмаймыз.
«Ақырзаман айшықтарын» күнделікті тұтынып отырған біз: «Осы заманауи технология жетістіктерін пайдаланбаған ата-бабаларымыз қалай күн кешті екен-ей?!» деп қоямыз.
Сонда «ақырзаман айшықтарын» қолданысқа алып келген ғалымдарда не жазық бар? Олар не себепті залым болды?
Рас, адам баласын қырып-жоятын сан қилы қару түрлерін шығару да солардың еңбегі. Бірақ еңбектері Нобель сыйлығымен бағаланған ғалымдарды қалайша залым дей аламыз? Әлде олар ақырзаман ғалымдары емес пе?
Басы ашық жәйт. Ізгі тілегін үзбегендерден басқасының бәрі ақырзаман ғалымдары. Сонда ізгі тілегін үзбеген ғалымдар кімдер?
Жауап айқын. Олар — Аллатанушылар. Алайда олар діндәр емес. Тіпті кейбіреулері діни ғибадатты жасамауы да мүмкін. Алайда олардың еңбектері — ғибадат. Біз соларға қарата: «Ғалымның хаты өлмейді» деп те қоямыз. Дініміз де ондай ғалымдарды жоғары бағалайды. Бұл орайда Баязид Бистами хазреті: «Нағыз ғалым дегеніміз — қалаған кезінде, жаттап сақтап әуре болмай ақ, Құдайдан тікелей білім ала алатын жан. Міне, осы — иләhи ілім», — дейді.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Барлық ғылым Аллатануға қызмет етеді. Алайда біз салалық ғылымдардың қай-қайсысын да діннен бөлек қарастырамыз. Тіпті ол ғылымдардың дінге сорпасы да қосылмайды деп білеміз. Осы таным — ғылымға қойылған перде. Барлық ақырзаман ғалымдары осы перденің бергі жағын шиырлайды. Соған орай ғылыми жаңалықтардың бәріне өздері иелік етеді. Әлгі жаңалыққа өз есімдерін қояды. Ақырзаман кезінде тек сол есімдер салтанат құрады. Ал олар ашқан жаңалықтар өмірдің мәніне айналады. Ал Алла, Жаратушы Иеміз, мүлде санадан өшеді. Өшіруші — әлгі ғалымдар. Олардың залым болатыны сондықтан.
Ізгі тілегін үзбеген ғалымдарға келейік. Бұлар — перденің арғы жағына назар салғандар. Ол ғалымдар тізбегінің басында біздің Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз тұр. Одан өзге әзірге аттары белгілі өзге отыз әл-Фарабилерді де сол тізімге қосуға болады. Солар ашқан жаңалықтарды одан әрі жаңғыртушылар да сол тізімде. Жалпы барша мұсылман ғалымдарды сол тізімге қосуға болады.
Дәруіштер де тап осы ғалымдар тәрізді. Бүгінгі күннің дәруіштері — әлемге мәшhр діни оқу орындарын түгескен дін ғұламалары. Олар өздерін дәруіштен жоғары қояды. Бірақ дұғаларында қуат жоқ. Ал Алланы айтқан дәруіштер басқа. Рас, қай діндәр да Алланы айтады. Бірақ біреуі — кітаппен, екіншісі — жүрекпен айтады. Жолы оңғарылған осы екіншілер.
Иә:
«Қиямет күн жақындады, қалғаны жоқ,
Құл Ахмет сөзінде жалғаны жоқ,
Өзін өзі көтеріп мақтаған жоқ,
Насихатын халыққа айтып кетті, достар.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Жаратқан бір құдайдың жолын іздеп» деген хикметінде:
«Жаратқан бір құдайдың жолын іздеп,
Шайтан малғұн жолынан қайтқын, достар.
Ықыласпен махаббат шарабын ішіп,
Жан мен ділдің Хақ зікірін айтқын, достар», — дейді.
Өмір — жол. Біз жол үстіндеміз. Әркімнің өзі таңдаған жолы бар. Басын ашып айтайық. Ол жолдың ешқайсысы Құдайға алып бармайды. Себебі біз өз жолымызға Құдайды іздеп түскен емеспіз. Ал Құдай жолы өзге. Бұл тұрғыда Баязид Бистами хазреті:
«Ақиқатты іздегенімен табылмайды. Бірақ, тапқандар іздегендер», — дейді.
Сонда Алланы іздегендер неге таппайды? Себебі олар Алланы өз жолынан іздейді. Ал ол жолда, жоғарыда да айттық, Алла жоқ.
Өз жолымызға келейік. Артымызға көз салайық. Құдайсыз өткен өмір. «Жаратқан бір құдайдың жолын іздеп», жан-жағымызға алақтай назар салдық. Байыбына барсақ, құдай жолына түсу үшін біз әуелі шайтан малғұн жолынан қайтуға тиіс екенбіз. Негізінен біздің өз жолымыз сол. Діни оқу орнын түгескен діндәр болсаң да сол жолдасың. Себебі сен медресе есігін Құдайды емес, білімді іздеп аштың. Сол білім иесі бүгінгі сен. Ал Құдайдың жолына сен сол білімді жоқ еткен кезде түсесің. Ол білім барша адам баласына тән. Оның діни білім болуы шарт емес. Сол «білім» бізді Құдай жолынан тосып тұрады. Себебі ол білім біздің болмысымызды (ділімізді) қалыптастырады. Ең басты ескерер жәйт, біз ол білімді өз жолымыздан тапқанбыз.
Құдайдың жолына келейік. Ол — мәзhаб. Ақидада (сенімде) — Матуриди; фихта (амалда) Әбу Ханифа; ихсанда (тарихатта) — Пірге қол беру. Осы үшеуінің біреуі кем болса, сен жүрген жолда кәкір бар. Сол кәкір сенің нәпсіңді ұдайы алға шығарып тұрады. Соған орай сенің ғибадатың сол нәпсіні қанағаттандыруға құрылады. Ең бастысы, сол кәкір — сені бар етіп тұр. Шынтуайтына келгенде, бар — Алла.
Біз қабыл ала бермейтін ихсана (пірге) келейік. Ихсан — Алланың сені, не сенің Алланы көруің. Ал пір — Аллаға жетіскен адам. Бұл тұрғыда Баязид Бистами хазреті былай дейді:
«Аллаһтың әулие құлдарын сүй! Сонда олар да сені сүйеді. Олардың көңілінен шығуға тырыс! Өйткені, Аллаһ Тағала ол адамдардың жүрегіне күн сайын 360 рет назар салады. Назар салған кезде сені де сол жерде көрсін».
Егер ихсанды (пірді) тәркі етсек, біз жасаған ғибадат Алладан тыс болады. Себебі сен — өз жолыңдасың. Ал ол — шайтанның жолы. Соған орай Яссауи бабамыз: «Шайтан малғұн жолынан қайтқын, достар», — дейді. Қайтқандарға «Махаббат шарабынан» дәм тату нәсіп болады. «Махаббат шарабы» — зікір. Сондықтан да Яссауи бабамыз айтқандай: «Жан мен ділдің Хақ зікірін айтқын, достар.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Жаратқан бір құдайдың жолын іздеп» деген хикметінде:
«Хақ зікірін айтып ішкен жами шарап,
Жол үстінде ғазиз басың болар топырақ.
Алла жолында хәлі — харап, бауыры — кәуәп,
Жан мен ділде Хақ зікірін айтқын, достар», — дейді.
Зікір — Алланы еске алу. Әуелі осы еске алу мәнін түсініп алайық. Мәселен, сіз бен біз азды-көпті ғұмыр кештік. Сол ғұмырымызда өмірдің не бір белестерінен өттік. Сан қилы оқиғаларды бастан кештік. Байыбына барсақ, сол әр оқиғаның өз кейіпкерлері бар. Сол кейіпкерлермен кездесу, өткен оқиғаны еске алу — жаныңды жадыратады. Сондай оқиғалардың ең бастысы — кластастар мен курстастар кездесуі.
Адам өмірінде одан өзге де айшықты кездер бар. Сол айшықты сәттердің қай-қайсысын да еске алу — жаныңды шуаққа бөлеп, езуіңе еріксіз күлкі үйіреді. Бізге тән «зікір»сол.
Зікір болған соң, әрине, шарап дәмін татуға тура келеді. Бұл тұрғыда Қадыр ағамыз өзінің «Студент» деген өлеңінде:
«Содан кейін әлгіні ащысынбай,
Жұтып-жұтып жіберіп тұщы судай,
Туған жерге ұзатып тұрғандары
Бірін-бірі
Бір елдің басшысындай», — дейді.
Сіз бен біз еске алатын қай оқиғаның да соңы осы ыңғайда аяқталады. Бұл — шынайы зікірдің біздің санамызда қалған жаңғырығы. Шынтуайтына келгенде, адам баласының әрқилы ішімдіктер мен есірткі заттарға үйірсек болатындығы сондықтан. Жанының байыз таппауынан. Ал ол аңсарды басатын жер бетінде шарап жоқ. Оның үстіне біз ол кәусар бастауы басынан ұзап кеткенбіз. Сондықтан ол аңсар аты біздің тілімізге ешқашан оралмайды. Оралғанымен есімізге түспейді. Себебі, зікір салмаймыз. Егер зікір салсақ бар ғой, онда жами шарап дәмін татар едік. Себебі ол — Хақ зікірі.
Хақ зікірі — Алланы еске алу. Рас, сіз бен біз Алланы еске ала алмаймыз. Еске алатындай, Алла біздің кластасымыз емес. Ол — Жаратушы Ие.
Жаратушы қаперге алынған соң, біздің жан иесі екендігіміз мәлім болады. Соған орай біз зікір кезінде тәнді жаннан ажыратамыз. Осы ажырату — жанға зікір салуға мүмкіндік ашады. Еске алу сол. Зікір кезінде жан Алламен кездескен сәтін еске алады.
Өмір — жол. Біз өткенді еске алып, ойнақ салдық. Ол біздің өмір жолымыз, қимас сәттеріміз. Алайда сол «Жол үстінде ғазиз басың болар топырақ». Ал Алла жолындағылардың: «хәлі — харап, бауыры — кәуәп».
Зікір салудамыз. Жан — Алланы еске алуда. Ал тіл — таңдайға жабысып қалған. «Алла!», «Алла!…» Зікір осы.
Зікір мәніне ойысайық. Әр адамның азан шақырып қойған өз есімі бар (Азан әрқилылығына көңіл аудармай-ақ қоялық). Мәселен, сіздің өз есіміңіз бар. Сонымен қатар, сіз біреуге — әке, біреуге — баласыз. Біреуге — ұстаз, біреуге — шәкіртсіз. Сондай-ақ бір кәсіп иесісіз. Соған орай баз біреулер сізді осы қосалқы аттардың бірімен атауы да мүмкін. Алайда сол қосалқы атаулардың бәрі сіздің есіміңізге телініп тұр. Тап сол сияқты Алланың барлық 99 есімі мен олардың қасиеттері Алла атауының ішінде тұрады. Соған орай біз «Алла» зікірін салғанда Алланың өзге есімдері қасиеттері де біздің жанымызды баурайды. Олар өздерінің бар екендіктерінен хабар береді. Сол «хабар» — хәліңді — харап, бауырыңды — кәуәп етеді. Шарап та сол.
Ендеше: «Жан мен ділде Хақ зікірін айтқын, достар».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Жаратқан бір құдайдың жолын іздеп» деген хикметінде:
«Аруақтарға басым қойып зар илесем,
Сопылармен зікір айтуға жарай берсем.
Зікір айтып сол сұхбатта дүрлер терсем,
Жан мен ділде Хақ зікірін айтқын, достар», — дейді.
Иә, жылау соңы — зар илеу. Рас, жылаудың да жылауы бар. Сол жылаудың жоғарғы шыңы — зар илеу.
Зар илеу — бір жағы дәрменсіздік. Дәрменсіз адам «тал» қармайды. Тура әлгі суға кеткен адам тәрізді.
«Суға кеткен — тал қармайды». Оны білеміз. Ал дінге бет бұрғандар, дінге бет бұрғандар емес, сопылар — зар илейді. Себебі, құрдымға кетіп бара жатыр. Құрдым, әсірелеп айтсақ — өмір өзен құятын тозақтық мекен. Барша адам баласы өмірінің соңы — сол жер. Ол жер діни тілде «Барзақ әлемі» деп аталады. Рас, ол жердің өзі екіге бөлінеді. Бірі — жәннаттық, екіншісі — тозақтық. Жәннаттықтар — «тал» қармағандар.
Біз тілге тиек етіп отырған «талдың» мағынасы кең. Ол — біз жасаған діни ғибадат; ол — біз жасаған сауапты істер; ол — біздің бойымыздағы адами қасиеттер; ол — біз түгескен оқу орындары; ол — біздің кіршіксіз таза жүрегіміз; ол — біздің атақ-абыройымыз; ол…
Осылай жалғастыра беруге болады. Бірақ бұлардың бір де біреуінен қайыр жоқ. Сопылар соны білгендіктен зар илейді. Соған орай Яссау бабамыз да: «Аруақтарға басым қойып зар илесем», — дейді.
Біз өмірді өзенге баладық. Рас, өмірді бізге дейін де өзенге балаушылар болған. Бірақ сол өзеннен шыққысы келіп тал қармаған ешкім жоқ. Себебі, біз ол «талды» жоққа шығардық. Біз жоққа шығарған ол «талдың» аты — аруақ.
Аруақ — рухани әлем; аруақ — Алланың әскері; аруақ — материялды әлемнің негізі; аруақ — діни тілдегі ихсан…
Ихсан — Алланың бізді, біздің Алланы көруіміз. Демек Алла бізді аруақ әлемінде көреді екен. Ал аруақ әлеміне тән нәрсенің бәрі Алланыңкі. Ал біз қармаған «талдар» — біздікі. Ол «талдар» иесі біз. Оның қабыл болмайтыны сондықтан. Себебі, ол амал, іс-әрекеттеріміздің ешқайсысы Аллаға жеткен емес. Жету үшін Яссауи бабамыз сынды: «Аруақтарға басым қойып зар илесем», — деуіміз керек. Сондай-ақ, зар илеумен қатар, сопылармен бірге зікір салған жөн. Себебі, «аруаққа басын қоятындар» тек солар. Егер тере алсаң, дүр де сол жерде. Дүр — Алла тарапынан шашылатын гауhар.
Міне, осы жағдаяттардың бәрін көріп-біліп отырған Яссауи бабамыз: «Жан мен ділде Хақ зікірін айтқын, достар», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Жаратқан бір құдайдың жолын іздеп» деген хикметінде:
«Бойұсынбай жалғанды жалпағынан басып жүрсем,
Өлгенде тар лахатта жаны күйер.
Алла, Расул «Дінің не?» деп айбат қылар,
Жан мен ділде Хақ зікірін айтқын, достар.
Мәңкүр-Нәңкүр «Раббың кім? деп сұраққа алғай,
Қанша зарласаң да айтқаннан пайда болмас,
Е, сорлылар, сонда хәлің нешік болғай,
Жан мен ділде Хақ зікірін айтқын, достар», — дейді.
Барша адам баласының арманы — жалғанды жалпағынан басу. Бұл — мемлекеттерге де тән арман. Сонда жалғанды жалпағынан басудың несі сөкет? Әлде жақсы өмірге ұмтылу — дінімізге қиғаш келе ме? Болмаса, бай, бақуатты өмір сүруге дініміз ұрықсат етпей ме? Егер ұрықсат етсе, онда Яссауи бабамыз оларға қарата не себепті «Өлгенде тар лахатта жаны күйер» дейді?!
Бұл сауалға жауап бермес бұрын, әуелі жалғанды жалпағынан басатын кімдер екендігіне назар аударайық. Біз оларды негізінен мейманасы тасыған бай-бағландар деп білеміз. Басы ашық жәйт. Бұл жаңсақ пікір. Жаңсақ болатыны, жер бетінде Сүлеймен пайғамбардай мейманасы тасыған адам жоққа тән. Сондай-ақ Ибраhим пайғамбар дәулеті де бүгінгі миллионерлерден асып түспесе, кем болмаған. Біз ұстанып жүрген мәзhаб негізін қалаған Әбу Ханифа хазреті де дәулетті адамдар санатында болған. Алайда қос пайғамбар мен ұлы ұстаз да өз байлықтарына иелік етпеген. Себебі, исламдық танымда жанның да, тәннің де, сондай-ақ дүние-мүліктің де иесі — Алла. Соған орай біз Алла мүлкін пайдаланғанымыз үшін зекетін шығарамыз. Зекеттің мәні — дүние-мүлікті пәктеу.
Жә, ол бөлек әңгіме. Сонда жалғанды жалпағынан басып жүрген кімдер? Бұл сауал жауабы Яссауи бабамыздың біз тілге тиек еткен хикметінің алғашқы жолында тұр. Нақтыласақ, олардың кімдер екенін «Бойұсынбай» деген бір ауыз сөзден аңғаруға болады. Шынтуайтына келгенде, жалғанды жалпағынан басатын солар.
Мән берер жәйт. Әңгіме кәпірлер туралы емес. Демек, жалғанды жалпағынан басып жүргендер де біздер. Олардың қатарында бай-бағландар да, оқыған-тоқыған да, кедей-кепшік те бар.
Солай-ақ болсын. Жалғанды жалпағынан басып жүргендердің кімдер екендігін елдің бәрі біледі. Ал енді зиялы қауым мен сығарға биті жоқ кедей кепшіктер де жалғанды жалпағынан басып жүр деу, қисынға келмейтін тәрізді.
Шынымен солай ма? Байыптап көрелік. Әуелі сауал. Сіз бен біз Алла Тағалаға бой ұсынамыз ба? Бойұсыну — Алланың, Пайғамбарымыздың (сғс) істе дегенін істеп, істеме дегенінен тыйылу.
Шынтуайтына келгенде, тахуа болып кеткен ешкім жоқ. Пендешілік бәрімізде де бар. Алайда асыл дінімізден айни қойған жоқпыз. Оның үстіне заң да, заман да басқа. Бізді сахабалар дәуірімен салыстыруға әсте болмайды. Демек біз жалғанды жалпағынан басушылар санатынан емеспіз.
Сонда кінәрат неде? Жауап айқын. Ол — бойұсынбауда. Бойұсынбау — аруақты мойындамау. Аруақты мойындағандар — руханиятта, мойындамағандар — жер бетінде жүреді. Жалғанды жалпағынан басып жүретіндер солар.
Ұғынықтылық үшін «жалған» сөзіне мән беру керек. Байыбына барсақ, жалған — жоқ деген ұғымды білдіреді. Сонда ол жоқты басып жүретіндер кімдер? Негізінде, материялистер. Сондықтан кім де болсын бойұсынудың — ақида екендігіне мән бергені жөн. Ихсан да, дәстүрлі дін де сол. Ал оны мойындамағандар жайының қалай болатындығы Яссауи бабамыз хикметінде жан-жақты айтылған. Ендеше біз тілге тиек еткен Ұлы ұстаз хикметіне тағы бір назар аударайық:
«Бойұсынбай жалғанды жалпағынан басып жүрсем,
Өлгенде тар лахатта жаны күйер.
Алла, Расул «Дінің не?» деп айбат қылар,
Жан мен ділде Хақ зікірін айтқын, достар.
Мәңкүр-Нәңкүр «Раббың кім? деп сұраққа алғай,
Қанша зарласаң да айтқаннан пайда болмас,
Е, сорлылар, сонда хәлің нешік болғай,
Жан мен ділде Хақ зікірін айтқын, достар».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Жаратқан бір құдайдың жолын іздеп» деген хикметінде:
«Алла деген қант пен бал пайда қылды,
Ақыретте Алламенен мәміле қылды.
Мойынсұнған шын ғашықты дана қылды,
Жан мен ділде Хақ зікірін айтқын, достар», — дейді.
Адам — Алланың халифасы. Соған орай Алла халифасының құзыреті мен оған берілген мүмкіндікті ешнәрсемен салыстыруға болмайды. Ол — айна. Алланың айнасы. Сондай-ақ — «Мүмин (мұсылман) — мүминнің айнасы». Осы екі айнада да тек Алла көрініс береді. Егер мүмин болсаң.
Рас, біз де мүминбіз. Алайда біз өзгеден өзімізді көре алмаймыз. Себебі, бармыз. Бар болған соң біз айнадан да тек өзімізді көреміз.
Шынтуайтына келгенде бар — Алла. Ал мына әлем — Алланың айнасы. Соған орай кез келген жаратылыстан Алла көрініс береді. Ол көрініс беру діни тілде Ихсан делінеді. Егер біз ихсанды қабыл алғанда бар ғой, онда барша жаратылыстан Алла Тағаланы біз де көрер едік. Бір бірімізге біз де айна болар едік. Сол кезде біз де «қант» пен «балды» пайда қыла алар едік.
Пайда қылу — жарату. Ол жаратуға біз «айна» болған кезде қол жеткіземіз. Себебі, айнада біз емес, Алла көрініс береді. Жарататын сол.
Мүминдер ақыретте Алламен мәміле қылады. Біз Алламен бұл дүниеде де мәміле қыла аламыз. Ол мәміле — намаз үстінде жүзеге асады. Рас, егер ол намазды сен емес, Ол оқыса. Ол — Алла. Ал сен — айнасың. Бұл тұрғыда хакім Абай:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі», — дейді.
Осы кеудесі хикмет — мойынсұнған адам. Соған орай Яссауи бабамыз: «Мойынсұнған шын ғашықты дана қылды», — дейді.
Мойынсұну — өзіңді жоқ ете алу. Ол жоқ ету — ихсан арқылы жүзеге асады. Ихсан — сенің Алланы, не Алланың сені көруі. Бұл көрулер тек рухани әлемде ғана жүзеге асады. Ол әлемге өту бұрын пайғамбарлар арқылы жүзеге асса, қазір ол міндетті Пірлер атқарады. Біз Пірге сол үшін қол береміз. Сол Пірге қол бергендерге қарата Яссауи бабамыз: «Жан мен ділде Хақ зікірін айтқын, достар», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Жаратқан бір құдайдың жолын іздеп» деген хикметінде:
«Ессіз ғалым бойұсынбай жолда қалар,
Оқып ұқпай дүние малын қолға алар.
Менмендіктен есіл өмірін зая қылар,
Жан мен ділде Хақ зікірін айтқын достар», — дейді.
Басын ашып алайық. Жолда қалатын ессіз ғалым кім? Яссауи бабамыз ол ғалым қақында: «Оқып ұқпай дүние малын қолға алар», — депті. Ал айналамызда «дүние малын» қолға алып жүрген ғалымдар өте көп. Олар бұрын да аз болмаған. Ең өкініштісі, соларға үміт артып, соңына ерген халықты теріс бағытқа бұрып әкеткен де солар. Олар Яссауи бабамыз хикметтерін оқығанымен, ұқпайды. Ұғу үшін, бойұсыну керек. Байыбына барсақ, олар жолда бойұсынбағаны үшін қалып отыр.
Рас, ессіз ғалымның бәрі Аллаға бойұсынады. Діни ғибадатты да кінәратсыз жасайды. Тақуалықтарында да мін жоқ. Тіпті араларында мешітке түнеп, мешіттен шықпайтындары да аз емес. Қолдарында құран, көздерінде жас. Қажы да солар. Өздерінің түгеспеген оқу орындары жоқ. Қай шариғи мәселеге де ағып тұр. Шынтуайтына келгенде, ислам әлемінде оларға жететін ғалым жоқ. Бірақ, ессіз.
Сол ессіз ғалымдар 73 тармаққа бөлінетін ислам дінінің жаhаннамға бет алған 72-сінің де басында тұр. Олардың қай-қайсысы да Яссауи бабамыз айтпақшы: «Менмендікпен есіл өмірін зая қылар».
Иә, бар кінәрат осы менмендікте. Менмендік — қай ғалымның да көзін тұндырады. Соған орай ол ғалымдар тізімі басында Ібіліс тұр. Ібіліс тілге тиек етілген соң ол ғалымдарға тән ортақ кінәрат — рухани әлемді мойындамау екендігі мәлім болады.
Материялды әлем мен рухани әлем сыры Құран Кәрімде Мұса (ғс) мен Қызыр (ғс) кездесуі барысында ашылады. Мұса (ғс) пайғамбар бола тұра рухани әлем ішіне бүккен құпия мәніне бойлай алмайды. Алайда сол әлем есігін ашқан Қызырды (ғс) мойындайды. Ал біз тілге тиек етіп отырған Ібіліс бастаған ессіз ғалымдар ол әлемді мүлде бар деп білмейді. Олардың «дүние малын» қолға алатындықтары сондықтан.
Байыбына барсақ, «дүние малы» — бүткіл материялды әлем. Осы әлемде атқарған барлық іс-әрекетің — ессіздікке жатады. Себебі, соңы — құрдым. Соған орай Яссауи бабамыз: «Жан мен ділде Хақ зікірін айтқын, достар», — дейді.
Құдайшылығына келсек, сіз бен біздің зікір салмайтынымыз өзімізге аян. Сонда не істемек ләзім? Жауап айқын. Ессіз ғалымдар соңына салпақтап ере бермей, ата-баба жолына, дәстүрлі дінге, аруақ әлеміне бет бұрсақ жетіп жатыр. Сол кезде біздің бала-шаға қамы үшін басқан әр қадамымыз, барша іс-әрекетіміз, тіпті алған тынысымызға дейін зікір орнына жүреді. Ендеше, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Жан мен ділде Хақ зікірін айтқын, достар».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Жаратқан бір құдайдың жолын іздеп» деген хикметін:
«Құл Қожа Ахмет, олай десең, аларсың Хақтан үлес,
Баязиттей нәпсіңмен күн-түн күрес.
Ей, бейхабар, үмбет болсаң болғыл ашық,
Жан мен ділде Хақ зікірін айтқын, достар», — деп түйіндейді.
Яссауи бабамыз хикметіне назар салсақ, Ұлы ұстаздың «Жаратқан бір құдайдың жолын іздеп» шарқ ұрғанын көресің. Сол іздеу нәтижесінде «Даналық кітабы» өмірге келді. Ұлы ұстаз осы кітабын жазу барысында ислам дінінің ішкі мәніне үңілді. Оның сыртқы формалық көрінісін дін деп қабылдайтындар мен дін руханиятынан нәр алғандардың жаны мен ділін бір-бірімен шендестіре отырып, Құран аяттары мен Пайғамбарымыз (сғс) хадистерінің мәнін ашты. Ал біз сол мәнді көпшілікке ұғынықты тілде жеткізуге тырысып бақтық. Алайда Яссауи бабамыз тағлымына өз ұстанымын көлденең қоюшылар да бой көрсетуде.
Айтпағымыз, сол өздерін тура жолдамыз деп санайтындар, Яссауи бабамыз сынды «Жаратқан бір құдайдың жолын іздеп» көрді ме екен?! Көрсе, 73-ке бөлінген ислам діні тармағының қанша есігін ашты? Әлде алғашқы ашылған есік ұстаздары уағызынан шыға алмай қалды ма? Егер кім де болсын басын қандай бәйгеге тігіп отырғанын сезінсе, Яссауи бабамыздың «Жан мен ділде Хақ зікірін айтқын, достар», — деген хикметі мәніне бойлар еді. Себебі Ұлы ұстаздың өзі: «Құл Қожа Ахмет, олай десең, аларсың Хақтан үлес», — дейді. Ал өзге 72 тармақта ондай үлес жоқ.
Рас, өз нәпсісімен барша мұсылман күреседі. Солай бола тұра Яссауи бабамыз: «Баязиттей нәпсіңмен күн-түн күрес», — дейді. Ал Баязит Бистами хазреттің өзі: «Алланы мен жақсы көремін деп ойлайтын едім,
Расында Ол мені жақсы көреді екен», — десе, Жалаладдин Руми хазреті: «Баязиттің иманы мен сенімі менің көңілім мен жанымда иманға деген шексіз қалау, ынтықтық пен сағыныш тудырады», — деп ұлы ғұламаның шынайы бағасын береді. Міне, нәпсімен күрес нәтижесі.
Яссауи бабамыз өзгелерге «Ей, бейхабар» деп қайырылады. Ол бейхабарлар, адасқан өзге 72 тармақ есігін ашқандар. Соларға қарата тағы да: «Үмбет болсаң болғыл ашық», — дейді.
Иә, болғыл ашық. Өзіңді жасырма. Үйіріңе қосыл. Яссауи бабамыз соларға қарата: «Жан мен ділде Хақ зікірін айтқын, достар», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Дидар үшін жанды құрбан қылмайынша» деген хикметінде:
«Дидар үшін жанды құрбан қылмайынша,
Исмаилдай дидар үшін арман етпен, достар.
Жаннан кешіп тариқатқа кірмейінше,
Ғашықпын деп жалған уәде қылма, достар», — дейді.
Рас, құрбандыққа шынайы ғашықтар ғана бара алады. Себебі, өмірдің мәні сол ғашықтықта тұрады. Бұл — материялды әлемге тән ғашықтық. Алайда біз ғашықтықты тілге тиек еткенде негізінен екі жас арасындағы махаббатты қаперге аламыз. Соған орай әлгі ғашықтар бірінің өз сүйгені үшін құрбандыққа баруын қалыпты жағдай деп қабылдаймыз. Тіпті сондай ғашықтар өмірі қиса-дастандарға арқау болып жатады. Біз солар махаббатын өзгелерге үлгі етеміз.
Тағы бір құрбандық түрі бар. Ол — ананың баласы үшін басын бәйгеге тігуі. Жалпы қай ана да баласы үшін өзін құрбан ете алады. Шынтуайтына келгенде, ондай құрбандыққа жан-жануарлар да бара алады.
Тап сол сияқты біз Отан үшін де өзімізді құрбан ете аламыз. Идея үшін, абыройына кір жұқтырмау үшін де жанын құрбан ететіндер бар.
Осы тақылеттес құрбандықтар ішінде, біздің айтпағымыз — Алланың дидары үшін құрбандыққа бару.
Сіз бен біз, жалпы адам баласы, біз тілге тиек еткен жоғарыдағы құрбандықтардың қай-қайсысынан да бас тартпауы мүмкін, бірақ дидар үшін жанын қия қоюы неғайбыл. Себебі дидар — біздің жанымыздан қымбат емес. Ол тіпті біз құлай берілген идеядан да, жеке бас абыройымыздан да қымбат емес. Ананың балаға, біздің Отанға деген махаббатымызды тілге тиек етпей-ақ қоялық.
Міне, осындай сана, осындай түсініктегі бізге қарата Яссауи бабамыз:
«Дидар үшін жанды құрбан қылмайынша,
Исмаилдай дидар үшін арман етпен, достар», — дейді.
Дінге келейік. Дінге емес, діндәрларға. Себебі, Алланың ризашылығы үшін өзін құрбандыққа шалып жіберетін діндәрлар да бар. Шынтуайтына келгенде, мұндай құрбандықтың Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған құрбандыққа сорпасы да қосылмайды. Себебі, өзін өзі өлтіру — ислам дініне жат. Оның үстіне біз жоғарыда тілге тиек еткен құрбандықтар мен өзін өзі өлтірудің мәні бір емес. Соған орай айтарымыз, өзін өзі өлтіру — құрбандық орнына жүрмейді.
Исмаилға келейік. Құрбандық шалуға байланысты Ибраhим пайғамбар басынан өткен тарихи оқиғаны бәріміз білеміз. Әке баласын құрбандыққа шалмақ. Осы жерде құрбандық мәні ашылады. Байыбына барсақ, бала — өзіңнен қымбат. Соған орай сен құрбандыққа бара аласың. Ал балаңды құрбандыққа шалу үшін, құрбандық иесі балаңнан да қымбат болуы тиіс. Иман сол. Соған барған адамды біз «Кәміл инсан» дейміз. Әрине, оған жол ашқан — Ибраhим пайғамбар. Біз сол сауапқа бір қойды құрбандыққа шалу арқылы жете аламыз.
Ибраhим пайғамбар жайы белгілі болды. Ол баласынан Жаратушы Иені жоғары қоя алды. Ал Исмаил ше? Осы жерде құрбандықта қалау болмайтыны мәлім болады. Соған орай Яссауи бабамыз: «Исмаилдай дидар ұшін арман етпен, достар», — дейді. Алайда арман етпесе де дидарды сол құрбандық көреді.
Енді негізгі мәнге келейік. Ол мән Яссауи бабамыздың:
«Жаннан кешіп тариқатқа кірмейінше,
Ғашықпын деп жалған уәде қылма, достар», — деген хикметінде тұр.
Байыбына барсақ, «жаннан кешіп», тариқатқа кірген әр адам Исмаил сынды өзін құрбан етеді. Егер олай етпесең, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Ғашықпын деп жалған уәде қылма, достар».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Дидар үшін жанды құрбан қылмайынша» деген хикметінде:
«Ғашықтық қиын жұмыс білсең мұны,
Мехнатпен жаратушы сынар сені.
Реніш, азаппенен бірге болсаң күні-түні,
Көңілді тәңіріден өзгеге бөлме, достар», — дейді.
Ғашықтық жолы қиын. Қиын болатыны, сені өзіне тартқан, сенің жаныңды баураған, сенің жаныңның қалауы өзгеде тұрады. Ол өзге — сенен үстем.
Біз әлі Алланы қаперге алған жоқпыз. Ғашықтықты материялдық тұрғыда саралағанның өзінде оның саған тигізер әсерін: қайғысы мен қуанышын, азабы мен ләззатын сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Бұл жолда сен сиқырлы саздың, кестелі сөздің, тіпті құстың да тілін түсінесің. Ғашықтықтың кесел екенін де білесің. Төсек тартып жатып та қаласың.
Мұның бәрі ғашығың сынағына дейінгі кеп. Ал ғашығың әлгі аңыздағыдай «Анаңның жүрегін әкел» десе ше?!
Біз бұл аңызды ғашықтық жолының қиыншылыққа толы екендігін сезінуіміз үшін қаперге алдық. Ал Аллаға ғашықтық сынағы одан да қатал. Ол сынақ дені біздің Алланы қаншалықты танитындығымыз деңгейінде өтеді.
Біз танитындығымыз дедік. Ал ғашық болсақ, ол сынақ үстемелене түседі. Егер танымасақ, онда мына дүниеде жолымыз оңғарылады. Мәселен Перғаун ұзақ жылдық ғұмырында бірде бір рет ауырмаған. Мұсылмандар болса жеңіл-желпі болса да жылына бір рет ауырып отырады.
Ауырады демекші, Пайғамбарымыз (сғс) заманында күйеуінің жыл бойы ауырмағанынан секем алған бір әйел ажырасу ниетімен күйеуін Пайғамбарымызға (сғс) алып бармақ болады. Алайда жол үстінде күйеуі сүрініп кетіп, тұмсығымен жер сүзе құлайды. Күйеуінің қан жоса болған түріне қарап риза болған әлгі әйел: «Алланың бізге деген көзі тура екен,» — деп, сол жерден кері бұрылып, үйлеріне қайтады.
Рас, Алла Тағала әр адамға өзі көтеретіндей сынақ береді. Алайда сынақтың ауырын пайғамбарлар мен әулие әмбиелер көреді. Бір сөзбен айтқанда, Аллаға ғашық адамдар сынақтан көз ашпайды. Егер ондай сынақтар сіз бен біз сияқты қарапайым адамдарға келсе, олар ғашықтықты былай қойып, діннен шығып кетеді. Солай бола тұра кейде қарапайым адамдар басына да ауыр сынақтар келіп жатады. Оны Алланың сол жандарға деген рахымы деп қабылдаған жөн. Ал ол рахымды қабыл алу тетігі — сабыр.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Сахабалар әлгіндей сынақтар арасы ұзап кетсе: «Алла назарынан тыс қалдық» деп, қайғыратын болған. Себебі, сынақ — Алла ғашықтары тыныс алатын ауа. Олар басынан біздің ұғымымыздағы ауыртпалықтар кетсе, тыныстары тарылып, ауа қармап қалатын болған. Сынақтың Алланың рахымы болатыны сондықтан. Егер қабыл алсаң, қай сынақтың да өзіне тән ләззаты бар. Соған орай денесін құрт жеп жатқан Айюб пайғамбар, жерге түсіп кеткен құртты қайта көтеріп қоятын болған.
Бір әулие өзін қасқыр жеп жатса да әлгі қасқырдың басынан сипап жатыпты деседі. Сондай-ақ қайнап тұрған майға шыжғырылып жатқан Аллаға ғашық жанның сол бір адам төзгісіз азаптан ләззатты күй кешетінін біз қабылдай алмаймыз. Себебі, өзіміз Аллаға ғашық емеспіз. Болмаса Алла Тағала өз сүйіктілерін сынақпен болса да азаптамайды. Мәселе оны біздің қалай қабылдауымызда.
Қабылдау демекші, Айюб пайғамбар әлгіндей ләззатты жағдай үстінде өзін жеп жатқан құрттарға қамқорлық көрсеткендігіне, сондай-ақ Алланың аса ауыр сынағына шыдамдылық танытып жатқандығына қайран қалған халықтың жанашырлық пейілдеріне орай көңілінен өзіне ризашылық сезімін өткізген екен. Сол кезде бір құрт Алланың рахымынан тыс бір тістегенде шыңғырып жіберген көрінеді.
Ғашықтық пен Алла рахымының мәні осы. Соған орай Яссауи бабамыз:
«Реніш, азаппенен бірге болсаң күні-түні,
Көңілді тәңіріден өзгеге бөлме, достар», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Дидар үшін жанды құрбан қылмайынша» деген хикметінде:
«Менмендіктен тариқатқа кірмеді олар,
Жаннан кешпей жолға қадам баспады олар.
Нәпсін тыймай Хақ жолында болмады олар,
Жалқаулармен сапарға шықпа, достар», — дейді.
Тариқатқа (сопылық жолға) түсушілер қай кезде де көп болмаған. Рас, дәруіштердің дәретсіз жер баспайтын тахуа жандар екенін ешкім де жоққа шығармайды. Бірақ ол жолға түсуге құлықсыз. Құлықсыз болатыны, өзіне деген сенім аз. Осы өзіне деген сенімсіздік, жүре келе сопыларға деген сенімсіздікке алмасып кетті. Соған орай тақуа діндәрларға қарата топырақ шашу белең алды. Осы үрдіс күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Біз көпшіліктің тариқатқа кірмеуінің бір ғана себебін көлденең тарттық. Шынтуайтына келгенде, ол себептерді санасаң, саусағың жетпейді. Әйтеуір кім де болсын сопыларға кінә артуға бейім тұрады. Себебі, ол себепті Яссауи бабамыз тілімен айтсақ: «Менмендікпен тариқатқа кірмеді олар».
Байыбына барсақ, ол менмендікке бой алдырушылар басында Ібіліс тұр. Кезінде Ібіліс те тариқатқа кірмеген. Нәтижесін бәріміз білеміз.
Осы жерде тариқатқа қалай кірудің мәні ашылады. Ол — Пірге қол беру. Ібіліс болса, Адам атамызға пайғамбар болса да қол бермеді. Жалпы әр дәуірде келген пайғамбарлардың сол кезең діндәрлары мен билік иелері тарапынан мойындалмауы, тура осы тәрізді. Олардың да Ібілістен еш айырмашылығы жоқ. Тек себептер әрқилы. Алайда, негізі — менмендік.
Ал ол менмендікке кімдер барады? Байыбына барсақ, қай менмен адамның да өзіне тән, тек өзі ғана иелік ететін бір артықшылығы бар. Ібілістегі ол «артықшылық» — оттан жаратылуы еді. Ал өзгелердегі ол артықшылықтарды санап түгесе алмайсың. Ол — білім, ол — билік, ол — байлық, ол — абырой, ол — тек, ол — нәпсі…
Шынтуайтына келгенде, қай менмендік те нәпсіден бастау алады. Тәкәппарлық та сол нәпсіге тән. Бұл тұрғыда Яссауи бабамыз: «Нәпсін тыймай Хақ жолында болмады олар», — дейді.
Кезінде пайғамбарларды мойындамаған осы нәпсі сол пайғамбарлар жолын жалғастырушы пірлерге тіпті мұрын шүйіре қарайды. Себебі…
Ол себепті айттық. Алайда тағы бір мәселеге назар аударған жөн. Ол — мына өмір. Өмір емес, жалған. Ұғынықтылық үшін өмірді мұхитқа телиік. Біз осы дүние есігін ашқан сәттен бастап, сол мұхитқа сүңгиміз. Кім неғұрлым тереңге сүңгиді, соның мына өмірдегі жолы оңғарылады. Қай адам бойындағы менмендік те осы тереңдікпен өлшенеді. Сондықтан да олар әлгі мұхит бетінде қалқып жүрген пайғамбарларға, тариқат жолындағыларға пысқырып та қарамайды. Сондықтан да пайғамбарларға негізінен мұхит тереңіне бойлай алмаған кедей-кепшіктер ереді. Кедейліктің пайғамбарларға, әулие әмбиелерге тән болатыны сондықтан.
Яссауи бабамыз мұхит тереңіне бойлағандарды жалқауларға балайды. Соған орай: «Жалқаулармен сапарға шықпа, достар», — дейді. Сапарға шықсаң, мұхит иріміне жұтыласың. Сондықтан тариқат жолына түстің бе, ескі достардан ажырауға тура келеді. Себебі, ол себеп Яссауи бабамыздың біз тілге тиек етіп отырған хикметінде тұр. Ендеше сөз соңын да сол хикметпен түйіндейік:
«Менмендіктен тариқатқа кірмеді олар,
Жаннан кешпей жолға қадам баспады олар.
Нәпсін тыймай Хақ жолында болмады олар,
Жалқаулармен сапарға шықпа, достар».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Дидар үшін жанды құрбан қылмайынша» деген хикметінде:
«Ғашықтық жолы құр тілмен бола қоймас,
Мұнда жылап, ақыретте күліп болмас.
Күллі реңі запырандай солмақ болмас,
Мұндай болмай ғашықпын деп айтпа, достар», — дейді.
Тән бөлек, жан бөлек. Оны білеміз. Алайда біз оның аражігін ажыратқан емеспіз. Себебі біз ол екеуін бір ұғым ретінде қабылдаймыз. Шынтуайтына келгенде бұл — материялистік таным. Адам баласының барлық қателігі (адасушылығы) осы жерден бастау алады.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Мәселен талай жас бір-біріне «Сүйемін», «Ғашықпын», «Сенсіз өмір сүре алмаймын» дегенімен, бақытты отбасын құра алмай, ажырасып кетіп жатады. Себебі, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Ғашықтық жолы құр тілмен бола қоймас». Демек, тіл біздің адами болмысымызды жеткізуге дәрменсіз. Дәрменсіз болған соң, әрине, оған сенім артуға болмайды. Біздің уәдеде тұра бермейтініміз сондықтан. Уәде ғана емес, біз қай істе де негізінен тіл арқылы пәтуәласамыз. Ол пәтуә — діни тұрғыда құжат орнына жүретін. Бұрын жүретін. Соған орай біз уәденің Құдай аты екенін білетінбіз. Қазір біз ондай уәделерге сенім арта бермейміз. Себебі, аузымыз күйген. Осы жерде мұсылмандықтың өзіне сенім азайғанын ағаруға болады. Себебі, мұсылмандық та, иман да дек тілімізде ғана қалып тұр. Ал тілдегі иман жүректі тербей алмайды. Ұғынықтылық үшін айтсақ, біз өзге бірнеше тіл білгенімізбен сол ұлттың өкілі бола алмаймыз. Себебі ол тілдер жүрекке өтпегендіктен біздің болмысымызға тән емес. Сол сияқты қанша жерден жылап-сықтап Аллаға құлшылық жасағаныңмен, ахиретте тап солайша жылай алмайсың. Себебі, ол жылауды мына дүниеде жаның сезінбеген.
Бәрімізге белгілі, ауру адамның реңі солғын болады. Төсек тартып жатқан адамнан ет қашады. Міне осындай табиғи жағдайда жан мен тән тұтасады. Біздің «Ер арыса — әруақ» дейтініміз сондықтан. Осы тұтасуға Яссауи бабамыз: «Күллі реңі запырандай солмақ болмас», — деп баға береді. Және де: «Мұндай болмай ғашықпын деп айтпа, достар», — дейді.
Біздің де айтпағымыз сол.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Дидар үшін жанды құрбан қылмайынша» деген хикметінде:
«Ұстаздарға қызмет қыл еркіңменен,
Күнәлі ол өз бетіммен келдім деген.
Жақсы білсең тариқаттың қатері бар,
Қаламасаң осы жолға түспе, достар.
Ұстаздарға қызмет қылсаң нәпсіге апат,
Наданға тиме: бұл жолдарда қылмас тағат.
Адал құлдар бұл жолдарды білер рахат,
Өлмей тұрып Хақ дидарын көрем деме, достар», — дейді.
Бәріміз де ұстаз алдын көргенбіз. Көбісінің есімі жадымыздан шыққан. Рас, ұстаздың да ұстазы бар. Сол ұстаздар қызметінде жүре алсақ, көңіліміз марқайып-ақ қалады. Сондай сәттерде ұстаз алдындағы бір борышың өтелгендей күй кешетінің күмәнсіз. Алайда шәкірттік пейіліңді танытатын ондай сәттің орайы ұдайы келе бермейді. Сондықтанда ұстазға көрсетілетін ондай қызмет Яссауи бабамыз айтқан «Ұстаздарға қызмет қыл еркіңменен» деген қызмет түріне кірмейді. Себебі, біз тілге тиек еткен «орайы келген» қызмет өмірде ілуде бір рет қана қайталануы мүмкін. Ал «еркіңменен» жасалатын қызмет — тұрақты жүзеге асады. Ол — ұстаз бен шәкірт арасындағы үйлесім; ол — өмір салты; ол — шәкірттің тынысы. Осы тыныс — шәкірт қызметі.
Байыбына барсақ, бұл — рухани қызмет. Сондықтан ондай қызметті материялдық тұрғыда ешқандай шәкірт атқара алмайды. Себебі, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Күнәлі ол өз бетіммен келдім деген».
Күнәлі болатыны, рухани ұстаз (пір) алдына ешқандай шәкірт өз бетімен бармайды. Ол — Алла қалауы. Соған орай ұстазға жасаған қызметтің өзі ғибадат орнына жүреді.
Бәрімізге белгілі. Тариқат — рухани әлем. Қазақы ұғымда — әруақ әлемі. Соған орай Ұлы ұстаз: «Жақсы білсең тариқаттың қатері бар», — дейді. Бұл қатер қазақы түсінікте «Әруақ кешпейді» делінеді. Сондықтан тариқат жолында жүрген жандармен ойнап болмайды. Сенің ағаттығыңды олар кешкенімен, әруақ кешпейді. Яссауи бабамыздың «Тариқаттың қатері бар» деуі сондықтан. Соған орай ұлы ұстаз: «Қаламасаң осы жолға түспе, достар», — дейді.
Сөз басында: «Ұстаздар қызметінде жүре алсақ, көңіліміз марқайып-ақ қалады», — дедік. Бұл — материялды түсінік. Алайда бұл түсінік тариқатқа жүрмейді. Жүрмейтіні, ұстазға көрсетілетін материялдық түсініктегі қызметте жанымыз марқаяды. Шынтуайтына келгенде, ол марқайған жан емес, нәпсі. Ал Яссауи бабамыз болса: «Ұстаздарға қызмет қылсаң нәпсіге апат», — дейді. Осы жерде қызмет жасаушының шәкірт емес, ұстаз екендігі мәлім болады.
Рас, сен ұстазға (пір) қол бердің. Сол қол беру арқылы нәпсіге апат есігін аштың. Ендігі жерде сен — сен емессің. Сенің қай қызметіңде де ұстазың көрініс береді. Себебі, ол қызметтердің ешқайсысы да саған тән емес. Ол қызметтің қай-қайсысы да нәпсіге апат. Алайда саған сол қызметтерді жаса деп жатқан да ешкім жоқ. Бірақ жасайсың. Қызмет — пірдікі, ләззат — сеніңкі. Солай бола тұра, Яссауи бабамыз айтпақшы: «Наданға тиме: бұл жолдарда қылмас тағат». Тағат қылмайтыны, олар ондай қызметтерден ұстаз шапағатын сезіне алмайды. Сезіне алмаған соң өзін құлдықта жүргендей көреді. Өзін ғана емес, өзгелерді де құлға балайды.
Яссауи бабамыз ұстаз қызметінде жүргендерді «Адал құлдар» дейді. Бұл жол рахатын білетіндер де сол адал құлдар. Ал ол жол рахатын нәпсіні өлтірмейінше біле алмайсың. Соған орай Ұлы ұстаз: «Өлмей тұрып Хақ дидарын көрем деме, достар», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Дидар үшін жанды құрбан қылмайынша» деген хикметінде:
«Дүние-мүлікті тәрк етпей көрмес дидар,
Дидар көрем деген ғашық жанын қинар.
Ондай ғашық ақырында көрер дидар,
Дидар көрмей Алла сырын шашпа, достар», — дейді.
Байыбына барсақ, «дүние-мүлік» — бір ұғым. Ол — біздің өміріміздің мәні мен сәні. Алайда адамның бәрі дүние-мүліктің құлы емес. Бірақ одан дүние-мүлікке құл емес адамдар оны тәрк етті деген ұғым тумайды. Екеуінің айыршашылығы, құл емес иелігінде дүние-мүлік бар. Ал тәрк еткен адам одан ада.
Тәрк ету — кедейлік емес. Ол — дүниеден баз кешу де емес. Алайда дүние-мүлікті тәрк етуді осылай түсінетіндер де бар. Түсініп қана қоймай, өз өмірін сондай «дәруіштікке» құратындар да аз емес. Солай бола тұра олар дидар көретіндер санатына жатпайды.
Ұғынықтылық үшін дүние мен мүлікті екі бөлек қарастырайық. Сонымен, дүние — осы әлем де, мүлік — біз қол жеткізген иелік. Дидар көретіндер — осы екеуін де тәрк еткендер. Ал жоғарыда біз тілге тиек еткен «дәруіштер» — тек мүліктен бас тартқандар. Солай бола тұра Яссауи бабамыз «Дүние-мүлікті тәрк етпей көрмес дидар» дегенде осы екеуін бір ұғым ретінде қарастырады. Себебі, кім де болсын мына әлемді тәрк етпейінше дидар көре алмайды.
Сонда мына әлемді қалай тәрк етеміз? Оп-оңай. Ол үшін тариқатқа өтсең жетіп жатыр. Себебі, тариқат — рухани әлем. Алла да сол әлемде. Алайда ол әлемге аяқ басқанның бәрі Алла дидарын көре қоюы неғайбыл. Соған орай Яссауи бабамыз: «Дидар көрем деген ғашық жанын қинар», — дейді.
Рас, біздің де жанымыз қиналады. Алайда ол қиналу Аллаға деген ғашықтықтан емес. Біздікі дүние қайғысы. Рас, дүние қайғысының мағынасы кең. Бірақ ол қандай қайғы болса да түптеп келгенде материялдық түсінік-пайым деңгейінен әрі аспайды. Аллаға деген ғашықтығымыз да сол деңгейде. Ал Алла дидарын көрер ғашықтың жөні басқа.
Мынандай бір тәмсіл бар. Бірде Мәжнүн сансырап келе жатып, намаз оқып отырған бір діни ғұламаның алдын кесіп өтеді. Намазын аяқтаған әлгі ғұлама Мәжнүнге: «Алдымды неге кесесің?» — деп дүрсе қоя береді. Сонда Мәжнүн: «Менің ақыл-есімнің бәрі Ләйліде болғандықтан сізді көрген жоқпын. Ал сіз Алланың алдында отырып мені қалай көрдіңіз?» — дейді.
Міне, Аллаға деген материялды ғашықтық пен рухани ғашықтықтың мәні осы жерде ашылады. Байыбына барсақ, дүние-мүлікті тәрк ету — Мәжнүнге тән. Ғашық жаны қинауға түскен де сол. Соған орай дидар көру де Мәжнүнге нәсіп болды. Ол Алла дидарын Ләйлі жүзінен көрді. Солай бола тұра бетпе-бет көрген кезде Ләйліге мойын бұрған жоқ. Себебі, Мәжнүн ғашық болған Ләйлі басқа болатын. Яссауи бабамыз бұл тұрғыда: «Дидар көрмей Алла сырын шашпа, достар», — дейді.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Бүкіл жаратылыс сырын ішіне бүгіп тұр. Ол сыр — Алланың дидары. Кім көрді — сол Мәжнүн. Ғашықтық та соған тән. Сондықтан дидар көрмей дін мәнін ұғына алмайсың. Себебі, ол — сыр. Демек, шашпа.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Дидар үшін жанды құрбан қылмайынша» деген хикметін:
«Құл Қожа Ахмет, бастан кешпей пәтуа қылма,
Халық ішінде ғашықпын деп ауызға алма.
Ғашықтық ұлы іс-дүр ғапыл қалма,
Ғапыл болып Хақ дидарын көрме, достар», — деп түйіндейді.
Бәріміз білеміз. «Соқыр — көргенінен жазбайды». Ол соқырды өзге әңгіме де, өзге әлем де қызықтырмайды. Оның білетіні — өзінің көргені. Ақиқат сол. Ол өз әңгімесін тек сол көргені тұрғысында өрбітеді. Мәселе оның не көргенінде емес, ақиқатта. Ол сол өзі көрген ақиқаттан ешқашан айнымайды. Пәтуа сол. Соған орай Яссауи бабамыз да: «Құл Қожа Ахмет, бастан кешпей пәтуа қылма», — дейді.
Сонда ол не пәтуа? Байыбына барсақ, Яссауи бабамыз хикметтерінің бәрі пәтуа. Бір сөзі де жалған емес. Себебі, бастан кешкен. Соған орай қай хикметінде де көргенінен жазбайды. Ал ол көрудің басында — дидар тұр. Алайда жанды құрбан қылмайынша ол дидарды көре алмайсың. Көретіндер — ғашықтар. Бұл тұрғыда хазреті Руми: «Ғашық болу — Аллаға жету», — дейді.
Рас, барлық діндәр Алла дидарына ғашық. Алайда ол ғашықтар Алла дидарын арғы әлемде көретіндіктеріне үміт артады. Олардың Алла дидарына ғашық екенін халық та біледі. Себебі олар: «Алла дидарын көруді нәсіп ете көр», — деп ұдайы дұға жасаумен жүреді. Сондай-ақ олар «Жәннатқа барсақ екен» деген арман-тілектерін де өз дұғаларына қосуды ұмытпайды. Сондай «ғашықтарға» қарата хазреті Руми: «Сен ғашықтықтың өзін сұра, ғашықтық туралы сұрама», — десе, Яссауи бабамыз: «Халық ішінде ғашықпын деп ауызға алма», — дейді. Себебі сенің ғашықтығың Алла дидарын көрсем деген ғашықтық емес, көрген ғашықтық. Егер ол ғашықтық әшкере болса, мына әлемді өртеп жібереді. Ол ғашықтықтан «Өртеніп кететін болдым-ау» деп тозақ шошиды. Соған орай Ұлы ұстаз: «Ғашықтық ұлы іс-дүр ғапыл қалма», — дейді.
Алайда Шамсиддин Тибризи хазреті айтпақшы: «Егер сенің жаның, басқа жанға тәслім болуға дайын болмаса, ғашықпын деп ешкімге айтпа».
Себебі, ол себепті Ғазали хазреті былайша түсіндіреді: «Дүниеде мағрифаттың дәмін тата алмаған адам ақыретте Аллаһтың дидарын көрудің дәмін ала алмайды. Адам баласы дүниеде тауып, ақысын өтей алмаған бір нәрсеге ақыретте ие бола алмайды».
Ие болатындар — өз жанын өзге жанға тәсілім еткендер. Ғашық болатын да солар. Ол ғашықтық сапарының алғашқы қадамы — шариғат, келесі — тариқат, одан кейін — мағрифат, шыңы — ақиқат. Сол биікке көтерілгенде, бұл тұрғыда Жалаладдин Руми хазреті: «Ғашықтық келіп қан сияқты тамырларыма, теріме толды. Мені менен алып, болмысымды сүйіктіммен толтырды. Бойымның барлық жағын досым баурап алды. Менің өзімнен қалғаны — тек есімім, қалғанының бәрі Ол…» — дейді.
Міне, ғапыл қалмау жемісі осы. Дидар үшін жаның құрбан болғанда, сен — Ол боласың. Яссауи бабамыздың да айтпағы сол.
Құдияр БІЛӘЛ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Ғаріп, пақыр, жетімдерді Расул білді,
Сол кеште Миғраж шығып, дидар көрді.
Қайтып түсіп, ғаріп, пақыр халін білді,
Ғаріптердің жайын ұғып келдім, міне», — дейді.
Ғаріп, пақыр, жетімдерді біз де білеміз. Оларға біз де жанашырлық танытамыз. Садақамызды беріп, жетімдердің басынан сипаймыз. Олар мемлекет тарапынан да қамқорлық көреді.
Жалпы ғаріп те, пақыр да, жетімдер де бір тектес адамдар. Сондай-ақ олар тілге тиек етілгенде ұлты, ұстанатын діні қаперге алынбайды. Жетім — қай жерде де жетім. Ғаріп пен пақыр да сондай.
Біз: «Мұсылман солар» десек, онымыз материялдық тұрғыда саралағанда еш қисынға келмейді. Рас, пақырлық — Пайғамбарлар мақтанышы. Солай бола тұра ол, сондай-ақ ғаріптік пен жетім де иман өлшемі емес.
Әйтсе де Яссауи бабамыз: «Ғаріп, пақыр, жетімдерді Расул білді», дейді.
Біздің түсінігімізде ғаріптік пен пақырлық — кембағалдық. Соған орай пақырлық ахиретте бізге қарғыс айтады. Себебі біз пақырлықты қабыл алмадық. Пақырлықты бойымызға ар көрдік. Біз ұдайы пақырлықтан шығуға талпындық. Материялдық түсінік танымы бізді соған мәжбүр етті. Шынтуайтына келгенде, мұсылман адам ғаріп те, пақыр да болмайды. Жетімдік те мұсылманға жат.
Байыбына барсақ, Аллаға ғашық адам — ғаріп. Ол мына материялды әлем игіліктеріне пысқырып та қарамайды. Пақыр да солай. Ол да ешқандай дүние-мүлікке иелік етпейді. Ал жетім — мүлде тұлдыр. Оны мына материялды әлемде өзіне баурайтын ештеңе жоқ. Олар — руханиятқа байланған адамдар. Расул (сғс) жанынан табылатындар да, Алланың дидарын көретіндер де солар. Яссауи бабамыз сондықтан да: «Сол кеште Миғраж шығып, дидар көрді», — дейді.
Байыбына барсақ, ғаріптік, пақырлық, жетімдік — Миғраж оқиғасымен бір ұғым ретінде айтылып тұр. Демек, бұл үшеуі — дидар көрудің негізі. Оның негіз болатынын Пайғамбарымыздың (сғс) өзі Миғраж кезінде көріп, білді. Яссауи бабамыз рухына сол кезде назар салды. Тозақтықтарды да өз көзімен көрді. Жалпы Миғраж оқиғасы материялдық түсінік бойынша қас-қағым сәтте өтсе де біз төменде тілге тиек ететін пайғамбарлар өмірін қамтитын кітабтарда Расул (сғс) Миғраж кезінде 27 жыл өмір кешті делінеді. Арада өткен сол 27 жыл Пайғамбарымыздың (сғс) ғаріп, пақырларға деген көзқарасын Миғраждан келгеннен кейін де өзгерте алмайды. Яссауи бабамыз соған орай: «Қайтып түсіп, ғаріп, пақыр халін білді», — дейді. Сондай-ақ өзі де: «Ғаріптердің жайын ұғып кедім, міне», — деп, сол үшеуін хикметінің негізі етіп алады. Себебі олар бағасы жерде де, көкте де бірдей. Олар — барлық жерде. Олар — барлық уақытта Пайғамбарымызбен (сғс) бірге.
Осы жерде кванттық физика мүмкіндігіне ерік берген жөн. Материялдық таным негізінің өзінде адам бір мезгілде әлемнің барлық жерінде бола алады. Ал адам рухы — Пайғамбарымыз (сғс) нұрының бір тамшысы. Сол «тамшы» руханиятқа қосылғанда, өз негізімен үндеседі. Ол үндесу нәтижесін Пайғамбарымыз (сғс) Миғраж кезінде көрді. Сол көруді Яссауи бабамыз: «Ғаріп, пақыр, жетімдерді Расул білді», — дейді.
Бір сөзбен айтқанда, ғаріп, пақыр, жетімдер — мұсылмандар. Біз тек ғаріптіктің жайын ұғына алмай жүрміз. Ал оның жайы — пақырлық пен жетімдік.
Жетім — рух. Оның жетім екенін Расулдан (сғс) басқа білген адам жоқ. Ғаріп пен пақыр — өзін таныған, яғни әлгі жетімді таныған адам. Сол адам оқыған намаз — Миғраж. Хәл — мұсылманға тән әлем. Ғаріптердің жайы осы.
Жалпы Миғраж оқиғасы туралы мағлұматтарды көптеген діни кітаптардан табуға болады. Олар: “Қысасул-әнбийа”, “Тәжул-қысас”, “Нәдирул-миғраж”, “Мәғәрижун-нубууәт”, “Усулул-миғраж” және т.б. Айтылған кітаптарда оқиғаның қандай болғандығын хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өз сөзімен былайша баяндалады:
«Жәбірейіл (ғ.с.) маған бурақ (пырақ) деген жануарды жәннаттан алып келді. Пырақ есектен биік, қашырдан аласа, қадамын көз ұшы жететін жерге тастайтын жүйрік жануар екен. Оған мініп, Жәбірейіл (ғ.с.) екеуміз Бәйтул-Мақдиске келдік. Мұнда бізді дүниеден өткен 124 мың пайғамбар күтіп алды. Барлығымен көрісіп, мешітке кіріп, бірге намаз оқыдық. Намаз оқып болған соң баршасы мені миғражға шығарып салды.
Бірінші қабат
Мен пыраққа мініп, жер бетінен көкке көтерілдім. Жәбірейіл (ғ.с.) қасымда болды. Аспанның бірінші қабатына жеттік. Жәбірейіл (ғ.с.) оның күзетші періштесіне: “Қақпаны аш!” – деп бұйырды.
– Қасыңдағы жолдасың кім? – деп сұрады періште.
– Бұл – Алланың хабибі, соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.), – деп жауап берді.
– Мұхаммедтің пайғамбарлық дәуірі басталды ма? – деп таңғалып сұрады періште.
– Иә! – деп жауап қайырды Жәбірейіл (ғ.с.).
– Қош келдің, Мұхаммед!, – деп сүйіне қақпаны ашып, пайғамбарды (с.ғ.с) қарсы алды ол.
Бірінші болып алдымыздан Адам (ғ.с.) шықты. Мен оған сәлем бердім. Ол маған: “Ей қадірлі перзентім, қош келдің”, – деп ақ батасын берді. Адамның (ғ.с.) оң мен сол жағында есік бар екен. Оң жағына қарап күледі де, сол жағына қарап көзіне жас алады екен. Оң жағындағы жәннат есігі. Ол жәннатқа кіретін ұрпақтарының хал-жағдайын көріп, сүйісінетін еді. Сол жағындағы тозақ есігі. Ол тозақтағы ұрпақтарының тартатын азабына қайғыратын.
Осыдан кейін Нұх (ғ.с.) пайғамбармен жолығып, оның да батасын алдым. Нұх пен Адамның (ғ.с.) бірге болуы жайдан-жай емес. Адам ата жер жүзінде жаратылған бірінші адам болса, Нұх (ғ.с.) дүние жүзін су басып, барша жан иелері қайтыс болғаннан кейінгі тірі қалған халықтың атасы саналып келеді.
Алла күн мен айды және шексіз жұлдыздарды жақыннан көруді маған нәсіп етті. Сансыз періштелер Алланы дәріптеп, мадақ айтып жүргенін көрдім.
Періштелердің бір тобы сапқа тізіліп, тік тұрып, Алланы ұлықтап жатыр екен. Мен Жәбірейілден: “Бұлар не істеп тұр?” – деп сұрадым. Ол маған: “Бұлар Жаратушы Иесіне ғибадат етіп тұр. Аспан жаратылғаннан қиямет күніне дейін осылай тұрып, құлшылық етеді. Бұлардың ғибадаты осылайша өтеді”, – деп жауап берді. Мен де үмбетіме осы ғибадатты сұрадым. Алла тағала сөзімді жерде қалдырмай, үмбетіме намаз ішінде қиямда тұруды парыз етті.
Содан соң, дүниеден өтіп, түрлі азаптарға салынған күнәһарлар тобын көрдім. Жәбірейілден: “Бұлар кімдер?” – деп сұрадым. Ол: “Бұлар кісі өлтірген, әке-шешесін қорлаған, араққа салынған, өсек, өтірік, жала сөздер айтқан, Алланың әміріне құлақ қоймаған адамдар және басқалар”, – деп егжей-тегжейін баяндап берді.
Бірінші аспанды еркін араладым. Аспан көркем әрі су сияқты көкпеңбек екен. Бірінші аспан мен екінші аспан арасындағы қашықтық бес жүз жылдық жол. Қалыңдығы да сонша екен.
Екінші қабат
Ол жерден аттанып аспанның екінші қабатына жеттік. Оның есігінің қасында да жоғарыдағыдай сұрақ-жауап болды. Рұқсат алып, ішке кірдік.
Хазіреті Яхья мен Иса (ғ.с.) пайғамбарлар осында екен. Олармен кездесіп, баталарын алдым.
Бұл екі пайғамбардың тағдыры бір-біріне ұқсас секілді. Сондықтан болар, Алла тағала бұларды бір мекенге орналастырған.
Зәкәрия (ғ.с.) пайғамбар қартайған шақта ұлы Яхья дүниеге келген. Адамның табиғи жаратылысы бойынша, ердің жасы ұлғайып яки әйелінің жасы өтіп немесе бедеу болса, олар бала көрмеуі тиіс. Бірақ құдіреті күшті Алла жоқтан бар етеді. Яхья да Алланың қалауымен дүниеге келді. Бұл туралы Құран Кәрімде: “(Зәкәрия): Ей, Раббым! Маған кәрілік жеткен, әйелім бедеу болса, қалайша менен перзент болмақ? – деді. Алла: “Осылайша, Алла қалағанын істейді”– деді”.
Яхья үлкейіп, ер жетті. Пайғамбар болды. Зәкәрия (ғ.с.) Құдайға әдемі құлшылық жасайтын еді. Өкінішке орай, жас Яхья (ғ.с.) кәпірлер қолынан қаза тапты.
Иса (ғ.с.) Алланың құдіретімен әрі қалауымен әкесіз дүниеге келді. Негізінде, бала табу үшін үйлену, ерлі-зайыпты болу қажет. Содан соң Алланың қалауымен перзентті болады. Исаның анасы Мәриямның қасына періште келіп: “Қорықпа! Алла мені саған сүйінші хабар жеткізуім үшін жіберді. Жақында сен перзент сүйесің. Оның есімі Мәриям ұлы Иса болмақ”, – деді. Иса қауымын хақ жолға шақыра бастады. Кәпірлер оған қарсы шығып, жан түршігерлік қиындықтар көрсетті. Алла тағала өз елшісі Исаны (ғ.с.) кәпірлерден құтқарып, аспанға көтеріп әкетті.
Қиямет күніне дейін төрт пайғамбар тірі жүреді деп айтады. Екеуі аспанда, екеуі жерде. Аспандағылар: Ыдырыс пен Иса (ғ.с.) пайғамбарлар. Жердегілер: Қыдыр мен Ілияс (ғ.с.) пайғамбарлар.
Осы аспанды аралап жүргенде, Мүнкир-Нәкир атты екі періштені көрдім. Бұл періштелер жерленген мәйіттің қабіріне кіріп, олардан сұрақ-жауап алады екен. Қастарына барып, сәлем бердім. Олар мені жақсы қарсы алды. Мен оларға: “Қабірде жатқан мәйіттен қалай сұрақ-жауап аласыңдар?” – деп сұрадым. Олар: “Адамдар мәйітті қабірге қойып кеткеннен соң, алдына кіріп: “Раббың кім, пайғамбарың кім, дінің не?” – деп сұрақ береміз. Шын мұсылман сұрағымызға: “Раббым – Алла, пайғамбарым – Мұхаммед (с.ғ.с.), дінім – Ислам”, – деп қиналмай жауап береді. Оның жауабына қанығып, қайтып кетеміз. Пасық, екі жүзді мұнафық және кәпірлер сұрағымызға дұрыс жауап бере алмайды. Сондықтан оларды азапқа саламыз”, – деп түсіндірді.
Үшінші қабат
Аспанның үшінші қабатына келдік. Ондағы сақшы періште де: “Қош келдің, Мұхаммед! – деп бізді қуана қарсы алды.
Мұнда жетпіс мың періштенің “Сүбхаанә зиль-мүлки уәль-мәләкуут, сүбхаанәль-мәликиль-хаййиль-ләзии ләә ямуут” (яғни, Алла барлық айып және мін-кемшіліктерден пәк. Ол – барлық мүліктің әрі құдіреттің иесі. Және Алла барлық айып және мін-кемшіліктерден пәк. Ол – шынайы патша. Ол тірі, ешуақытта өлмейді), деп тәсбих айтып жатқанын көрдім.
Бұл жерден өтіп, сапарымды жалғастырдым. Сол кезде бастарын сәждеге қойып, Аллаға тәсбих айтып жатқан періштелерді көрдім. Оларға сәлем бердім. Олар бастарын сәждеден көтеріп, сәлеміме «әлейк» айтты да, қайтып сәждеге жығылды. Мен Жәбірейілден: “Үшінші аспандағылардың ғибадаты осы екен ғой?”, – деп сұрадым. Ол маған: “Иә, Алладан бұл ғибадатты сіз де сұрасаңыз болады”, – деді. Солай істедім. Алла тағала дұғамды қабыл етіп, намаздың әр рәкатында екі рет сәжде жасауды маған парыз етті. Намаздың әр ракатында екі сәжде жасаудың тарихи қайнары осыған саяды.
Үшінші қабатта Жүсіп, Дәуіт және Сүлеймен пайғамбарлармен (ғ.с.) кездесіп, сөйлестік. Олар (ғ.с.) да тілегін айтып, құттықтады. Мен Жүсіптің (ғ.с.) көркіне және оның ерекше көркем мінез-құлықты екеніне куә болдым.
Жүсіп (ғ.с.) – Жақып (ғ.с.) пайғамбардың баласы. Алла тағала Жүсіптің пайғамбар болатынын бала кезінде-ақ оған білдірген. Ол ұйқысынан оянып, көрген түсін әкесіне айту үшін келіп:
«Әке, мен он бір жұлдыздың, күннің және айдың маған сәжде жасап тұрғанын көрдім” – деді.
Дәуіт (ғ.с.) әрі пайғамбар, әрі патша еді. Ол Исрайыл қауымының басын қосып, оны қуатты мемлекетке айналдырды. Алла тағаланың бұйрығымен ол Исрайыл жерінде “Бәйтул-Мақдис” ғибадатханасын салды. Ислам діні келгеннен кейін ол Ақса мешітіне айналды. Мұхаммед (с.ғ.с.) миғражға сол жерден көтерілді.
Дәуіт (ғ.с.) тірі жанға қиянаты жоқ, әділ патша болатын. Өзінің қателігін байқаған сәтте, дереу Аллаға жалбарынып, кешірім тілей отырып, әрбір ісін Алланың атымен бастайтын. Ол мансап қуып, билік көксемесе де, Алла оған пайғамбарлықпен қоса патшалықты сыйлады.
Дәуіттің (ғ.с.) жалғыз ұлы Сүлейменнің (ғ.с.) бойына Алла ерекше қасиеттер дарытты. Ол өте зерек, парасатты, табиғаттың сыры мен жануарлардың тілін жақсы білетін. Бұл туралы Алла тағала: “Сүлеймен (пайғамбарлықта да, ілімде де, патшалықта да) әкесі Дәуітке мұрагер болды”– деп хабар береді.
Төртінші қабат
Төртінші қабатқа беттедік. Қақпаның сақшысынан кіруге рұқсат алып, мұндағы сапарымызды бастадық. Бұл жерде тізе бүгіп, тәсбих айтып, Аллаға құлшылық жасап отырған бір топ періштелерді көрдім. Мен Жәбірейілден: “Бұлар Аллаға ғибадат етіп отыр ма?”, – деп сұрадым. Ол маған: “Иә, осы аспан жаратылғаннан бері мұндағы періштелер осылайша құлшылық етеді, бұл ғибадатты сіз де Алладан сұраңыз”, – деді. Шын ниет етіп, Жаратушы Иемнен осы ғибадатты сұрадым. Ниетім Аллаға жетіп, намаздың соңындағы “қағдайи ахир” (соңғы отырыс) амалы парыз етілді.
Төртінші аспанда Ыдырыс (ғ.с.) пайғамбармен кездестім. Ол да ашық жүзбен қарсы алып, батасын берді.
«Ыдырыс” деген арабша сөздің түбірінде дәріс, сабақ, оқу деген мағыналар бар. Бұл пайғамбар білімге жақын болғандықтан, көп сабақ оқып, сабақ бергендіктен, Алла оны “Ыдырыс” деп атады. Ол астрология білімін игерген, жазу-сызуды, күмісті пайдалануды, соғыс құралдарын жасауды, киім тігуді жақсы білген.
Қауымын иманға шақырып, Алланың разылығын тапты. Көп құлшылық жасады. Алла тағалаға дұға етіп: “Ей, Алла! Сенің айтқаныңдай ғибадат етіп келемін. Сенен екі нәрсені сұраймын. Біріншіден, Әзірейіл періште жанымды бір сәтке алса, өлімнің азабын татсам. Екіншіден, көкке көтеріліп, Сен жаратқан тозақты және жәннатты көрсем. Сонда Өзіңе ғана құлшылық етуге деген құштарлығым көбейсе”, – деді. Әзірейіл оның жанын алды. Ыдырыс (ғ.с.) өлімнің ащы дәмін татты.
Пайғамбардың екінші тілегі де орындалды. Ыдырыс (ғ.с.) көкке көтеріліп, тозақты көрді. Кейін жәннатқа кірді. Біраздан соң Әзірейіл одан жәннаттан шығуды сұрады. Ыдырыс (ғ.с.) шығуға көнбей: “Шықсам, Алланың үкіміне қарсы шыққан боламын. Өйткені, Алла тағала: “Әркім өлімді татады” – деген. Мен оны көрдім. Және Алла тағала: “Сендерден (тозақ басына) бармай қалатын ешкім болмайды. Мұның өзі Раббыңның өзгермес үкімі” – деді. Мен тозақтың қасына келдім, оны көрдім. Және Алла тағала: “Олар онда (жәннатта) мәңгі қалып, одан ауысуды қаламайды” – дейді. Мен жәннатқа кірдім. Бұл жерден басқа жерге ауысуды қаламаймын”, – деп жұмақта қалып қойған екен.
Миғраж түнінде Мұхаммед (с.ғ.с.) Ыдырысқа (ғ.с.): “Сен Алланың сыйлы әрі сүйікті пайғамбарысың. Өйткені, менен бұрын жәннатқа кіріп, оның нығметтерін көруді саған нәсіп етті. Сен жайлы Алла тағала: “Біз оны жоғары мәртебеге көтердік” – деп хабар берді”, – деді. Сонда Ыдырыс (ғ.с.): “Олай емес. Мен жәннаттың сыртындағы бақшаға ғана кірдім. Жәннаттың есігін ғана көрдім. Ол есікте: “Мұхаммед және оның үмбетінен бұрын ешкім жәннатқа кіре алмайды”, – деген жазуды оқыдым”, – деді.
Аспанның төртінші қабатында тақта отырған суық жүзді үлкен бір періштені көрдім. Жәбірейіл (ғ.с.) оны маған: “Ол дүние ләззатын бұзып, жамағаттан айыратын, үйлерді тоздырып, зираттарға өмір бағыштайтын, сәбилерді жетім, қыз-келіншектерді жесір қалдыратын барлық мақұлықтардың жанын алушы Әзірейіл”, – деп таныстырды.
Оның жүзінде күлкі белгісін байқамайсың. Мен барып сәлем бердім. Бірақ сәлемім жауапсыз қалды. Алла тағала оған: “Хақтың хабибі, халықтың ардақтысының сәлемін қабыл ал!” – деп бұйырды. Періште дереу төмен түсіп, пайғамбарымызды (с.ғ.с.) құшақтап: “Расында, Раббымыз сізді қадірлі, үмбетіңізді құрметті етіп жаратты”, – деп жылы қарсы алды. Жәбірейіл (ғ.с.) маған: “Иә, Расулулла! Өлім періштесі сізден басқа ешкімге орнынан тұрып, мұншалық қошемет көрсетпеген болатын”, – деді.
Мен оған: “Ей, бауырым Әзірейіл! Сен адамдардың жанын қалай аласың?”, – деп сұрадым. Ол: “Несібесі таусылып, ажалы жеткен адамдарға жан алушы көмекші періштелерді жіберіп отырамын. Әрбір иманды ізгі адамның алдына алты жүз рахмет періштесі, әрбір имансыз жаман адамның алдына сонша азап періштесін жіберемін. Олар өлім төсегінде жатқан пенденің жанын терден, жүйкеден, еттен, қаннан ажыратып алады. Жанның шығуы тырнақ ұшынан басталып, тізеге жетеді. Аздап дем беріледі. Кейін жанталасу қайта басталып, жан кіндікке келеді, сосын жан алқымға жетіп, ғарғара сәті басталады.
Періштелер жақсы адамдардың жанын қылды майдан ажыратып алғандай, жеңіл алып, оны «иллийин» деген орынға алып барып қояды. “Иллийин” – жәннаттың бір бау-бақшасы. Онда ізгі пенделердің жандары сақталады.
Періштелер жаман адамның жанын ағашты тамырымен суырып немесе қойдың үстіне жабысқан тікенекті жұлып алғандай, денесінен қинап алады да, «сижжин» деген жерге алып кетеді. “Сижжин” – тозақтың бетіне жабылған бір тас. Ол тастың көптеген тесіктері бар. Кәпір, мұнапық, залым және бұзық жандар сол тесіктен тозаққа лақтырылады.
Төртінші аспанда орналасқан “Бәйтул-мәъмур” атты аспан періштелерінің қасиетті үйіне жеттік. Жер жүзінде мұсылмандардың ең қасиетті үйі Мекке қаласындағы Кағба саналса, ал аспан әлемінде – осы үй екен. Күнде бұл үйде жетпіс мың періште тәуеп етеді, бір рет тәуап еткен періштенің қиямет күніне дейін екінші тәуапқа кезегі жетпейді екен. Жәбірейіл (ғ.с.) мені қолымнан ұстап, Бәйтул-мәъмурға алып кірді де, маған: “Уа, Алланың хабибі! Жер бетінде сіз барлық пайғамбарларға имам болып намаз оқып бердіңіз. Енді мұнда жеті аспан періштелерінің баршасына имам болып, екі ракат намаз оқып берсеңіз”, – деп өтініш білдірді. Мен Жәбірейіл бауырымның өтінішін қабыл алып, имам болып намаз оқып бердім. Мұндай көп жамағатты көрмеген едім. Сонда менен “менің үмбетімнің де осыған ұқсас жамағаты болса еді” деген ой кетпей қойды. Осы сәт Алла көңілімдегіні біліп: “Ей, хабибім Мұхаммед, бұл сияқты жамағатты сенің үмбетіңде де бар қыламын. Ол – жұма намазына қатысқан жамағат. Бәйтул-мәъмурда оқылған намаздардың сауабын оларға да жазамын”, – деді.
Бесінші қабат
Одан да жоғары көтеріліп, аспанның бесінші қабатына жеттік. Мұнда да рұқсат сұрап, ішке кірдік. Бұл жерде де Аллаға тәсбих айтып, құлшылық жасап жүрген періштелер көп екен.
Мұнда Һарун (ғ.с.) пайғамбарға жолықтым. Һарун (ғ.с.) көп жақсы баталар беріп, аса құрмет көрсетті. Һарун (ғ.с.) Мұсаның (ғ.с.) бауыры болып келеді. Мұсаның (ғ.с.) пайғамбарлық қызметі өте ұлы да маңызды еді. Ол Раббысынан жәрдем сұрады. Алла тағала оның дұғасын қабыл етіп, оған көмек беру үшін Һарунның баратынын айтып: “Сен де, сенің бауырың (Һарун) да мұғжизаларымды алып барыңдар. Мені еске алуда селқостық жасамаңдар. Екеуің Перғауынға барып, онымен сыпайы сөйлесіп көріңдер. Ол тым асқақтап кетті. Мүмкін ол насихат тыңдар, әйтпесе, қорқар” – деді. Сол тапсырманы орындаған Һарун осы еді.
Сабырлылық жағынан ғибратты өмірі дастанға айналған Аййуб (ғ.с.) пайғамбар да хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға тағзым етті. Онымен пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осында ұшырасты. Аййуб (ғ.с.): “Уа, Расулулла, Алла сіздің сабырлылық сипатыңыздан маған аз ғана берген”, – деп өзіне қарағанда, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) аса төзімділігін мойындады.
Алла Аййубты ауыр сынақпен сынап еді. Ол байлығынан, жора-жолдастарынан, әйел, бала-шағаларынан айырылып, соңында ауыр кеселге шалдықты. Еті арылып, сүйегі қалды, құрт бүкіл денесін жеп бітірді. Әйтсе де, Аййуб (ғ.с.) Аллаға тәкбір айтып, шүкір етті. Иманнан ауытқымады.
Бесінші аспанда бір қауымды көрдім. Беттері қап-қара, нұрсыз, қайғылы, қорқынышқа толы. Азап періштелері оларды шыбықпен ұрып қуып жүр, заққұм атты от пен ірің аралас тағамды ауыздарына құйып тұр. Мен Жәбірейіл бауырымнан: “Бұлар кімдер?” – деп сұрадым. Ол маған: “Дүниеде Алланың берген ризық-несібесін басқалармен бөліспеген, малынан зекет шығармаған пенделер. Ондай адамдарды аспандағы періштелер Алланың күнәһар сараң дұшпаны деп әлемге жар салады. Ал малынан зекет бергендерге Алла разы болып, аспандағы періштелер оларды Алланың иманды, жомарт досы деп атайды.
Бұл туралы Алла тағала: “Қазыналарыңды Құдай жолынан аямаңдар, өз қолдарыңды өздерің байлап (сараңдық жасап), бастарыңды қатерге тікпеңдер. Жақсылық жасаңдар. Ізгі жандарды Тәңірі шын дос тұтады” – дейді.
Алтыншы қабат
Одан шығып, аспанның алтыншы қабатына жеттік. Қақпа алдындағы сақшы періште де мені көріп, қуана күтіп алды. Мұнда да Аллаға тәсбих айтып, құлшылық жасап, жалбарынып жатқан көптеген періштелерді және түрлі ғажайыптарды көрдік.
Алтыншы қабатта Мұса (ғ.с.) пайғамбарға жолықтым. Ол да игі тілек тілеп, бата берді. Құранның көптеген аяттары мен сүрелерінде Мұса және оның қауымы туралы түрлі мысалдар келген. Олар біз үшін үлгі-өнеге болу қажет.
Перғауын Мұсаға (ғ.с.) қарсы қолынан келген зұлымдықтарды жасады. Мұғжиза көрсе де жүрегі жұмсармады. Керісінше, залым патша Перғауын иманға келген кісілерді өліммен қорқытып, көздерін жоюға асықты. Мұса пайғамбар мен Исрайыл ұрпақтарының арасында біраз келіспеушіліктер болып өткен. Олар берілген нығметтерге шүкір етудің орнына қанағатсыздық танытып, шыдамсыздыққа бой алдырды. Алайда Мұса (ғ.с.) өз қауымын жақсы білетін. Миғраж кешінде Мұса (ғ.с.) діни үгіт-насихат пен рухани тәрбие жолындағы өзінің жинаған мол тәжрибесімен бөлісті.
Мұсаға (ғ.с.) берілген миғраж оқиғасы ерекше өткен. Ілгеріде Алла тағала Мұсаға (ғ.с.) “Кітап иесі” боласың” деген еді. Перғауын теңізге батып кетті. Оның азабынан құтылған мүминдер тыныс-тіршіліктерін амандықта жалғастыра бастады. Сонда Мұса (ғ.с.) Алладан сол кітапты түсірші деп сұрады. Ол қырық күн Тур тауына барып, Аллаға құлшылық етіп, қасиетті Тәурат кітабын қабылдап алатын болды. Осы уақытты Мұсаның (ғ.с.) миғражымен байланыстырады.
Алла тағала тарапынан Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбетіне бұйырылған елу уақыт намаздың бес уақытқа қысқартылып, оларға жеңілдік жасалуына Мұса (ғ.с.) себепші болды.
Үтір намазы да мұсылман үмбетіне осы жерде үәжіп болған екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жәбірейілдің (ғ.с.) мақамына жеткен кезде, періште оған: “Иә, Расулулла, қазір менің мақамымда тұрсыз. Сондықтан бір ракат намаз оқыңыз, сөйтіп Алла бұл жерді бұдан да мүбәрак еткей”, – деді. Мұхаммед (с.ғ.с.) бір ракат намаз оқыды, көңіліне “бір ракат та намаз болушы ма еді” деген ой келді де, артынан тағы бір ракат қосып, екі ракатқа толықтырды. Алла тағаладан: “Иә, Мұхаммед! Сенің ғибадатың бізге ұнады, соның үшін тағы бір ракат қос. Оны біздің әміріміз деп білгейсің”, – деп бұйырды. Үшінші ракатты оқып, рукұғқа еңкейгенде Құнут деген періште: “Иә, Алланың хабибі! Құнут дұғасы арқылы маған ұлық дәреже берілді, сіз де осы дұғаны оқып, сыйлық ретінде қабыл етіңіз”, – деп ұсыныс тастады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны да қабыл алды. Намазды оқып болған соң, Жәбірейіл (ғ.с.) маған: “Осы намазды берік ұстаңыз, мұнда талай жасырын сыр жатыр”, – деді.
Жетінші қабат
Аспанның ең соңғы қабатына да келдік. Мұнда да таусылмас керемет мұғжизалар бар екен. Онда бара жатып, кенет мұрнымызға хош иіс келді. Оның адамға жаққаны соншалық, жұта бергің келеді. Жәбірейілден: «Бұл не?» – деп сұрадым. Ол: «Сегіз жәннаттың иісі», – деп жауап берді. Алла тағала: «Кімде-кім Маған және пайғамбарыма иман келтіріп, ешкімді серік қоспаса, ізгі ғамал жасаса, сол пендеге жәннатыма кіру нәсіп болады», – деп хабар берді.
Жетінші аспанда Ибраһимды (оған Алланың сәлемі болсын) көріп, қасына барып, оған сәлем бердім. Сәлеміме жауап алып: «Қадірлі перзентім, қош келдің», – деп қуанышпен қарсы алды. Осыдан кейін біз ары өтіп, Сидратул – мунтәһәға да жеттік, ол Алланың құдіретіне белгі болардай, жемісті үлкен ағаш екен. «Сидратул – мұнтәһә» сөзі «шекараның соңы» деген ұғымды береді. Ибн Аббас (оған Алла разы болсын): «Пайғамбарлар, періштелер және ғалымдардың білім – ғылым өрісі де осында келіп бітеді»,– деген. Кейбіреулер: «Алланың ең ардақты пенделері шахидтердің рухтары осында келіп тоқтайды, одан ары өте алмайды», – дейді. Жәбірейіл періштенің мақамы да осында екен. Осы күнге дейін бұл жерден ары қарай пайғамбарлар және періштелерден ешкім өтпеген.
Жәбірейіл періште Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екеуіміздің де шекарамыз бар. Менің шекарам осы арада бітеді. Бұдан ассам, біткенім. Ал, сен Алланың мейманысың, Алла тағала сені өзіне шақырған. Сен адамзатқа жіберілген рахмет алып келуші пайғамбарсың. Мұнан ары өзің барғайсың»,- деп қоштасты.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол арадан әрі қарай қаншалықты дәреже көтерілгені, қалай көтерілгені сыр боп қалған.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарының жалғасы жайында: «Ғарышқа өттім. Алла тағала маған: «Ей, Мұхаммед, менімен сөйлес!» – деді. Мен: «Ей, тәңірім Алла! Тілім, жан-тәнім және мал-дәулетіммен жасалатын ғибадаттарымның баршасы сен үшін», – дедім. Сонда Алла тағала: «Ей, Алланың елшісі, саған сәлем мен Алланың рахметі және берекеті болсын!” – деді. Мен: «Сәлем бізге және Алланың ізгі пенделеріне болсын», – дедім.
Мұндағы бетпе-бет сөйлесуден кейін ұлы ғарышта – аспанның жоғарғы қабатында періштелер бір ауыздан танымал сөзді оқыды: «Алланың барлығы мен бірлігіне, хазіреті Мұхаммед Алланың пендесі және елшісі екендігіне куәлік береміз», – деді.
Біз әр намазда арабша оқып жүрген «әт-тәхийат» дұғасы осы, ол Алла Тағала мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) миғражда сөйлесуінен келіп шыққан дұға. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) миғраж түнінде «үмметім, үмметім» деп көзіне жас алып, өзіне ілескен барлық мұсылмандар үшін көп дұға-тілектер жасады, оларды ғапу етуді сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Тәңірім, мені миғраж мұғжизасымен нығметтендірдің. Үмметіме де осындай бір нығмет сұраймын», – деді. Хақ тағала: «Намаз-мүминдердің миғражы», – деп Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы хабармен қуантты.
Миғраж түнінде пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш сый жасалды.
«Бақара» сүресінің соңғы екі («Әәмәнәр-расул”) аяты уахи етілді.
Қиямет күні Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметін шапағат ету құқығы берілді.
Бес уақыт намаз парыз етілді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Мәдинаға Расул барып, болды ғаріп,
Ғаріптікте азап тартып, сүйді жанып.
Жапа тартып, жаратқанға келгені анық,
Ғаріп болып ауыр жолды бастым, міне», — дейді.
Ғаріптік — Пайғамбарымыздың (сғс) жолы. Ғаріптің іші де ғаріп, сырты да ғаріп. Біздің білетініміз — сыртқы көрініс. Біз әлгі ғаріптің ішін де сол көрініспен өлшейміз. Ал оның екеуі де материялдық таным. Сол таным шынайы ғаріптікке ұдайы перде болып тұрады. Ұғынықтылық үшін біз шынайы ғаріптікті сол перденің арғы жағы, ал өзіміз таныған ғаріптікті перденің бергі жағы деп қабылдайық.
Өзімізге, яғни, бергі жаққа келейік. Біз өз түсінігіміздегі ғаріпті ешқашан тақуа, ғұлама, әулие деп білмейміз. Соған орай пақыр адамды да осы ғаріптің қасына қосамыз. Себебі олар — кембағал, мүсәпір, бейшара, байғұс, өмірде жолы болмаған адамдар. Олардың сыртқы көрінісі қалай ұсқынсыз болса, ішкі әлемі де сондай. Бізді олардың осы ғаріптікке қалай түскендігі шіли алаңдата қоймайды. Олар ғаріп пе, болды. Сол жетеді.
Бұл тұрғыда Зүннун Мысыри хазреті бүй дейді: «Бір күні үстіне ескі, жамау киім киген бір жігітті көрдім. Нәпсім одан жиіркенгенімен, жүрегім оның әулиелігін сезіп тұрды. Нәпсім мен жүрегімнің арасында қалып, ойлана бастаған кезде ол жігіт, сырымды сезіп маған қарап: «Ей, Зүннун! Маған, киімімнің ескілігін көру үшін қарама! Маржан қабықтың ішінде болады» — деді де, ғайып болып кетті».
Таң қалатын жәйт. Тап осы сияқты көп жұрт мұрын шүйіре қарайтын ғаріптер арасынан шыққан кейбіреулер дін жолына түсіп, өздерін көз алдымызда тақуалар санатына қоса бастады. Тіпті өзгелерден оқшауланып, сәлде-шапанмен жүретін болды. Сопылар да солар. Тіпті өздері ғаріптіктерін, пақырлықтарын мақтан тұтады.
Мақтан тұтатын жөні бар. Себебі олар перденің арғы бетіндегі шынайы ғаріптікке өтті. Ал ол ғаріптікке Яссауи бабамыз: «Мәдинаға Расул барып, болды ғаріп», — деп баға береді.
Имам Зүhри сахаба Әбу hурайрадан жеткізген хадисте былай дейді:
«Дүниедегі төрт ғаріп нәрсе:
Залымның ішіндегі (яғни, жадындағы) Құран.
Елді-мекендегі намаз оқылмайтын мешіт.
Үйдегі оқылмай тұрған Құран кітабы.
Азғын қауым арасындағы ізгі сүйер адам».
Байыбына барсақ, бұл төртеуі де перденің бергі бетіндегі ғаріптер. Перденің бергі бетінде біз таныған кембағал ғаріптер ғана емес, біз де бармыз. Себебі ол — біз тіршілік етіп жатқан материялды әлем. Сол әлемде біз әспеттейтін, біз ардақ тұтатын, біз оны өзгелерге үлгі ететін, біз де солардай болсақ-ау деп армандайтын қарилар (Құранды жаттағандар) бар. Міне, сол қариларға жатталған Құран — ғаріп. Себебі ол қарилар перденің бергі бетінде.
Екінші ғаріпке келейік. Ол — елді-мекендегі намаз оқылмайтын мешіт. Құранда да, мешітте де айып жоқ. Айып — әлгі елді-мекендегі адамдарда. Себебі ол елді-мекен тұрғындары да перденің бергі бетінде.
Үшінші ғаріп — үйде оқылмай тұрған Құран. Сауатымыз жоқ болған соң оқылмай тұрған Құран ғаріп санатына жатпайды. Гәп — бізде. Құран — перденің арғы бетіндегілерге тән. Ал біз бергі беттеміз. Сондықтан да бергі беттегі Құранның бәрі ғаріп.
Төртінші — азғын қауым арасындағы ізгі сүйер адам ғаріп. Ол — перденің арғы бетінде өмір кешуі тиіс адамның біздің арамызда жүруі. Ғаріп сол. Ол ғаріпті біз жоғарыда да тілге тиек еттік.
Енді Яссауи бабамыздың: «Мәдинаға Расул барып, болды ғаріп», — деген хикметі мәніне назар аударайық.
Бір нәрсе айқын. Пайғамбарымыз (қсғс) барлық уақытта перденің арғы бетінде өмір кешті. Дін де сол жақта. Яссауи бабамыз ол жаққа «Ғаріптік» деп атау беріп отыр. Міне, сол Ғаріптік Пайғамбарымызбен (сғс) бірге Мәдинаға келді. Соған орай Мәдина халқы түгелдей перденің арғы бетіне өтті.
Ұғынықтылық үшін тағы бір хадисті тілге тиек етелік. Бұл бізге, яғни, перденің бергі бетіндегілерге қарата айтылған хадис. Пайғамбарымыз (сғс) былай дейді:
«Бұл дүниеде ғаріп, немесе жолаушы сияқты бол және өзіңді өлген, қабірдегі адам деп сана!»
Пайғамбарымыз (сғс) тілге тиек етіп отырған ғаріптікті біз ұната қоймаймыз. Себебі біздің кембағал, мүсәпір болғымыз келмейді. Жарайды, бай-ақ болайық. Бірақ ғаріппіз. Бұл — мұсылмандық. Себебі өзімізге берілген дүние-мүлікке иелік еткен жоқпыз. Оның үстіне ол дүние-мүліктің зекетін бердік. Екінші қадам. Ол — жолаушы іспеттес болу. Өзімізді қалай жолаушы сезіндік, мына әлемнен бірден ажырадық. Үшінші қадам. Өзімізді өлген, қабірдегі адам санатына қостық. Бұл — перденің арғы бетіне өту. Шын ғаріп сол.
Яссауи бабамыз Пайғамбарымызды (сғс): «Ғаріптікте азап тартып, сүйді жанып», — дейді. Себебі бұл – Расулдың (сғс) пайғамбарлық жолы; Халықты дінге шақыру жолы; Ғаріптікті насиқаттау жолы. Ал ол жол Аллаға алып барады. Әрине, ауыр жол. Яссауи бабамыз сондықтан да: «Жапа тартып, Жаратқанға келгені анық», — дейді. Соған орай өзі де: «Ғаріп болып ауыр жолды бастым, міне», — деп, бізді де сол жолға түсуге шақырады. Ендеше біз де: «Ғаріп болып ауыр жолды бастым, міне», — делік.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Ақылға ерсең ғаріптерді мейріммен сүй,
Мұстафадай елді кезіп, жетімді жи,
Дүниеқоңыз, пасықтардан бойыңды тый,
Бойым тыйып дариядай тастым, міне», — дейді.
Қай сүюдің де негізінде махаббат тұрады. Соған орай махаббат ақылға ерік бере бермейді. Сондықтан да біз көбіне көзсіз сүюге бой алдырамыз.
Көзсіз сүю — ақыл-естен айырылу. Ондай ғашықтық Мәжнүндерге тән. Мәжнүндіктің екі сипаты бар. Бірі — материялды, екіншісі — рухани. Аты айтып тұрғандай бірі — тән, екіншісі — жан ғашықтығы. Көзсіз ғашықтық — екеуіне де тән. Көрді — ғашық болды. Шынтуайтына келгенде ол ғашығының кім екенін де білмейді. Білмеген соң, әрине, танымайды. Бұл танымау қазақы ұғымда: «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» — дегенге саяды. Бұндай сүю соңы — өкінішке ұласады. Өкінішке ұласпағандар — қосылмағандар. Алайда біз осы қосылмағандар махаббатын дәріптеумен келеміз. Жастарымызды теріс бағытқа бұрып жіберген осы махаббат. Шынтуайтына келгенде ол махаббат та емес. Жай бір өткінші сезім.
Тануға келейік. Ол тану біздің ұлттық дәстүрімізде қызға құда түсу арқылы жүзеге асады. Соған орай атам қазақ: «Шешесін көріп, қызын ал», — дейді. Себебі шешесін таниды. Осы тану — екі жас шаңырағының шайқалмауына негіз болады. Сүю сол.
Бұл — жанның сүюі. Біз ата-анамызды да, бала-шағамызды да осылай сүйеміз. Егер тани алсақ, Пайғамбарымызды (сғс) да, Алланы да осылай сүйер едік. Соған орай Яссауи бабамыз: «Ақылға ерсең ғаріптерді мейріммен сүй», — дейді.
Басы ашық жәйт. Ғаріптерді танымасаң сүймейсің. Ал тану үшін көзге емес, ақылға еру керек. Демек көз, яғни, материя — алдамшы. Осы жерде көзсіз ғашық болудың рухани мәні ашылады. Бұл — Мәжнүннің Аллаға ғашықтығы. Көз — материя, ол — Ләйлі. Ал көзсіздік — Ләйлі арқылы көрініс берген Алланың Жамалы.
Тап осы сияқты ғаріптерден Алланың Жамалын көргенде, оларды мейріммен сүйесің. Мейрім — махаббатқа тән. Демек ол сүю де Мәжнүн сүюі тақылеттес. Бұл тұрғыды хакім Абай:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті», — дейді.
Ғаріптерді осылайша мейріммен сүюдің соңы «Мұстафадай елді кезіп, жетімді жиюға ұласады.
Сонда жетім кім? Байыбына барсақ, әке-шешесінен айырылған сәби жетім; қатары жоқ қарт жетім; оқылмаған Құран жетім; жамағаты жоқ мешіт жетім; ең бастысы — жан жетім.
Қай жан да әу баста мұсылман еді. Соған орай Әлмисақта Алламен тілдескен. Сол Алланы таныған жанды біз жетім еттік. Пайғамбарымыз (сғс) сол жанды өз Иесіне қайта қайтаруда. Соған орай Яссауи бабамыз: «Мұстафадай елді кезіп, жетімді жи», — дейді.
Бәрімізге белгілі. Біз жалғанда тіршілік етудеміз. Жалған болатыны — өткінші. Осы жалғанның бір аты — дүние. Байыбына барсақ, мұсылман мен кәпір осы екі атаудан-ақ ажырайды. Жалған — мұсылмандарға, дүние — кәпірлерге тән. Соған орай мұсылмандар дүниені боққа балап: «Дүниебоқ», — деп қояды. Ал сол боқты дүние көретіндер — қоңыздар. Боқты домалатып бара жатқан кәдімгі қоңыз. Яссауи бабамыз: «Бойыңды тый», — деп отырған дүниеқоңыз бен пасықтардың сол қоңыздан еш айырмасы жоқ.
Егер біз де дүниеден жалғанға өтсек (танысақ), онда Яссауи бабамыз сынды: «Бойым тыйып дариядай тастым, міне», — дейміз.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Ділім қатты, тілім ащы, өзім залым,
Құран оқып бойұсынбас жалған ғалым.
Жаным құрбан, аямаймын жоқ-дүр малым,
Хақтан қорқып отқа түспей күйдім, міне», — дейді.
Діл — біздің болмысымыз. Ал ол болмыста мейір-шапағаттан белгі жоқ. Соған орай жүрегіміз тастай. Жүрегіміз тастай болған соң, тіліміз — у. Бір сөзбен айтсақ, залымбыз.
Бұл — материялды әлемге байланған мұсылманның бейнесі. Ал оны ғалымдығы да, оқыған құраны да тура жолға сала алмайды. Себебі бәрі жалған.
Яссауи бабамыз осылай десе де өзін халықтан бөлмейді. Соған орай: «Ділім қатты, тілім ащы, өзім залым», — дейді. Бұл — өзін таныған адамның аузынан шыққан сөз. Өзін таныған адам Яссауи бабамыз сынды: «Хақтан қорқып отқа түспей күйдім, міне», — дейтіндігі күмәнсіз. Ол үшін, иә, өзін тану керек. Ал хадисте айтылатынындай: «Өзіңді танысаң, Алланы танисың».
Ұғынықтылық үшін өзімізге қарата сауал қоялық. Сонымен, не себепті біздің діліміз қатты, тіліміз ащы, өзіміз залымбыз? Сондай-ақ, құран оқысақ та не себепті бойұсынбаймыз?
Біздің көзқарасымыз бойынша, адамдар әрқилы. Соған орай біреудің ділі қатты, біреудің иі жұмсақ, біреу қытымыр, біреу жайсаң. Жалпы қанша адам болса, олардың болмыс-бітімі де сонша. Олар бір-бірімен мәмілелескен кезде бәрінің тілінен у тамады деу, де қисынсыз. Сондай-ақ, жұрттың бәрінің залым болуы да мүмкін емес. Құранға келсек, өзімізді ғалымдар санатына қоспасақ та, мұсылман баласы болған соң бір-екі аят болса да оқитынымыз кәдік. Сол құран оқу — Аллаға бойұсынғандығымыздың кепілі.
Біз өзімізді осылай танимыз. Бірақ бұл тану Алланы тануға негіз бола алмайды. Демек, өзіміздің өзімізді тануымызда кәкір бар. Ал ол қандай кәкір?
Басы ашық жәйт. Мына әлемде Алла жоқ. Біз сол Алласыз әлемде өмір кешеміз. Соған орай бізде де Алла жоқ. Діліміздің қатты болатыны сондықтан. Сондай-ақ біздің аузымыздан шыққан қай сөз де бізді тура жолға бастамайды. Дін жолында жүрсек те. Ғылымның шыңына шықсақ та. Сыпайы, мәдениетті болсақ та. Демек, аузымыздан шыққан әр сөз ащы. Енді осы адамды залым демегенде, кім дейміз? Ал залым адамның құран оқуы, тіпті ақылға сыймайды.
Міне, осындай залым қауымға кезінде Пайғамбарымыз (сғс) келгені тәрізді бізге Яссауи бабамыз келді. Келді де Расулдың (сғс): «Өзіңді танысаң, Алланы танисың», — деген хадисін қайта жаңғыртты. Қалай жаңғыртты, біз өзімізді таныдық. Бақсақ, біз — біз емес екенбіз. Біз — рухпыз. Біз сол өзімізді тапқан кезде, тән бізге қызмет етті. Ал ол тән — бұрынғы біз едік.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Біз — адамбыз. Сол адам — туды, яғни, мына өмірге келді. Өмірге келген соң біз бір-бір есім иелендік. Тән иелері — солар. Біз сол тән иелеріне қарата: «Қашан адам боласың?» — деп қоямыз. Себебі — мұсылман сол. Қалғандары — есім иесіне тән. Ол қалғандар — сенің мына өмірде қол жеткізген атақ-абыройың, шен-шекпенің, қызметің, байлығың, бала-шағаң, діни ғибадатың, оқыған намазың, жаттаған құраның…
Өзіңді таныған, яғни, адам болған кезде, соның бәрі жалған екендігіне көз жеткізесің. Көз жеткізген соң Яссауи бабамызша: «Жаным құрбан, аямаймын жоқ-дүр малым», — дейсің. Сондай-ақ өткен өміріңе (залым кезіңе) көз жібергенде, Яссауи бабамыздың: «Хақтан қорқып отқа түспей күйдім, міне», — деген хикметінің мәнін түсінесің.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Алпыс үшке жасым жетті, өттім ғапыл,
Хақ әмірін бекем тұтпай болдым жаhил.
Ораза, намаз қаза қылып болдым кәпір,
Иман іздеп жақсыларға жеттім, міне», — дейді.
Алпыс үш — Пайғамбар (сғс) жасы. Сол жасқа біз де жеттік. Оған дейін өткізген өмірімізге өкпе артпай-ақ қоялық. Ал енді мына келіп жеткен алпыс үш — мұсылман екендігімізді әйгілейтін жас. Оның солай екендігін тамыр-таныстың бәрі құлағдар етуде. Ол құттықтауды біз де құп көріп қоямыз. Бірақ мұсылман екендігімізден келген алыс үш жастан басқа бір белгі жоқ. Бар өміріміз ғапылдықпен өтті. Оның ғапылдықпен өткендігін мына келіп жеткен алпыс үш жас еске салып тұр. Байыбына барсақ, оның өзі Пайғамбарымыз (сғс) шапағаты.
Қош, сонымен алпыс үш жас есік қақты. Бұл жасқа әркім әрқалай жетті. Өткен өмір тұрғысында хакім Абай бүй дейді:
«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын…»
Жасыратыны жоқ, біздің де өміріміз осы ыңғайда өтті. Жарайды, мұсылмандық әдеп-ғұрып, ғибадатқа сай-ақ өтсін. Алайда Яссауи бабамыз біз өткізген ол өмірді ғапылдыққа балайды. Ғапылдық — босқа өткен өмір.
Сонда ол өмірдің несі ғапыл? Қателік қай жерде? Бұл — өзімізге қарата қойылған сауал. Бақсақ, қателіктен көз сүрінеді. Хакім Абай айтқандай: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық. Ал оны қателіксіз өмір деп айта алмайсың. Бірақ дінге бет бұрғандар өмірін ғапылдыққа жатқызуға келмейді. Себебі бізде де солар қатарына қосылсақ деген ой бар. Алайда Яссауи бабамыз олар өмірін де дінсіздікке балайды. Соған орай: «Хақ әмірін бекем тұтпай болдым жаhил», — дейді. Жаhилдер — дінсіз қауым. Демек біз сол қауым санатындамыз. Бұл тұрғыда Ұлы ұстаз: «Ораза, намаз қаза қылып болдым кәпір», — деп, одан әрі нақтылай түседі. Демек, біз оқыған, бізді қойшы, әлгі діндәр оқыған намаз да қаза намаз санатында. Тұтқан оразасы да сондай. Қаза болған соң есепке алынбайды. Есеп өз алдына, тіпті мұсылман санатына қосылмайды. Бұл орайда біздің ата-бабаларымыз да: «Баламды оқытамын деп, кәпір қылып алдым», — деген. Нақтыласақ, сол оқығандар — біз. Ал ол оқудың қандай оқу екендігінің пәлендей парқы жоқ. Себебі қай оқу да өз тәлімгерлерін Алладан алшақтатады. Діни оқу да.
Рас, заманауи оқу орындары діннен іргесін аулақ салған. Сондықтан ол оқу орындарына өкпе жоқ. Бар гәп — медреселерде. Одан зорғылары да осы қатарда. Аталарымыз: «Баламды оқытамын деп, кәпір қылып алдым», — дегенді осы діни оқу орындарына қарата айтып отыр. Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған кәпір де солар.
Сонда олар кім? Басы ашық жәйт. Бәрі діндар. Шетінен ғұлама. Әлгі медреселерде де, одан зорғыларында да мін жоқ. Тек жалғыз-ақ кінәрат бар. Ол кінәрат — олардың бәрі Пайғамбарымыз (сғс) айтқан 73 тармаққа бөлінген мұсылмандардың теріс бағытқа бұрылып кеткен 72-сінің қатарына барып қосылатындығында. Ал тура жалғыз жолдағылар тұрғысында Яссауи бабамыз: «Иман іздеп жақсыларға жеттім, міне», — дейді.
Сол жақсылар біздің ата-бабамыз, Яссауи бабамыздың өзі.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Уа, дариға, махаббат шарабының дәмін татпай,
Қатын-бала, үй-мүліктен түгел қашпай,
Қылмыс, күнә айыбын мұнда шашпай,
Шайтанға еріп, жан берерде састым, міне», — дейді.
Махаббат шарабының дәмі. Ол қандай дәм? Ол дәмді біз де ептеп білеміз. Кезінде сол шарап буына елтіп, шалқып жүргенбіз.
Есейдік. Талғам өзгерді. Өмір — өз шарабын ұсынды. Ол шараптардың да дәмі әрқилы. Кім қай дәмге махаббат қойса — соның құлы. Ол — билік; ол — байлық; ол — қыз-қырқын; ол — атақ; ол — отбасы; ол…
Осылай жалғастыра беруге болады. Бізді өзіне баураған осы махаббат шараптарының мәнін ұғыну үшін біз әлгі «шараптарды» шөлмекке телмірген алқаштың шарабына балайық. Сол алқаш бір жұтым шарап үшін қандай қадамға болсын бара алады. Құмар ойынына бой алдырғандар, есірткіге еліргендер махаббаты да осы тақылеттес.
Ал олар ондай қадамға не себепті барады? Себебі ол — махаббат шарабы. Ол шарап дәмін тағы бір рет тату… Ол хәлді тек әлгі махаббат иелері ғана біледі.
Міне осы хәлді материялдық тұрғыда біз де ептеп түсіне аламыз. Ал Яссауи бабамыз айтқан «Махаббат шарабының дәмі» біз үшін жұмбақ. Рас, ол шарапты кейде жәннаттағы шарап-ау деп ойлап та қоямыз. Алайда Ұлы ұстаз ол шарап дәмін осы өмірде татпағанына өкініш білдіруде. Нақтыласақ, біздің татпағанымызға өкініш білдіруде. Егер татсақ бар ғой, онда Яссауи бабамыз айтқандай, сол жолда «Қатын-бала, үй-мүліктен түгел қашпай» тұра алмайды екенбіз.
Сонда ол қандай шарап? Жауапқа асықпайық. Әуелі өзіміз білетін, өзімізді баураған махаббат шарабы мәніне үңіліп көрейік. Біз ол шарап дәмін әрқилы дедік. Сол әрқилы шарап дәмінің біреуі бізді де баурады. Біз сол шарап буына елтіп, өмірімізді өткіздік. Яссауи бабамыз сол өмірді қылмыс пен күнәға балап: «Шайтанға еріп, жан берерде састым, міне», — дейді. Демек, біз татқан махаббат дәмі — шайтанның торы.
Сонда Яссауи бабамыз тілге тиек еткен, бізге татуға нәсіп болмаған «Махаббат шарабы» — қандай шарап? Ол шарапқа қалай қол жеткізуге болады?
Басы ашық жәйт. Ол шарап дәмін тек мұсылмандар ғана татады. Өлген соң емес, тура осы әлемде, ислам дінін қабыл алған сәттен бастап татады. Сол дәмге мас болады, сол жолда дүние-мүлкін, қатын-баласын тәркі етеді. Алайда біз ондай мұсылманды көре қойғанымыз жоқ. Себебі ол «Махаббат шарабы», хадисте айтылатынындай, 73 тармаққа бөлінген мұсылмандардың тура жолдағы тек біреуіне ғана нәсіп болады. Жасаған діни ғибадатына мас болып жүретін солар. Ал олар татқан «Махаббат шарабының» дәміне жер бетіндегі біз еліткен шарап дәмінің ешқайсысы тең келе алмайды. Егер ол шарап дәмін күл-қоқыста аунап жатқан алқаш бір рет татса, сол күні намаз оқып, тақуа болып кетер еді. Себебі ол — бұл әлемдік дәм емес. Оған рухани әлеммен үндескен мұсылмандар ғана қол жеткізе алады. Ол — Яссауи бабамыз әлемі.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Иманыма қол ұрып, қайғы салды,
Пірмұған әзір бол деп апиын алды.
Шайтандығым бар күнәсімен кете барды,
«Бихамдиллә» нұрлы иман аштым, міне», — дейді.
Бұл — өзін-өзі тапқан адамның сөзі. Тауып берген — Пірмұған. Бұл тұрғыда Нақшбанди хазреті: «Сүйінші!
Сені бір Пірге жіберсе, Алланың сені жақсы көргені деп біл», — дейді.
Шынында да егер ол Пірмұғанға бет бұрмағанда, бар өмірі ғапылдықпен өтер еді. Себебі шайтан иманына қол сала бастаған болатын. Оның қол сала бастағаны «Пірмұған әзір бол деп апиын алғаннан» кейін мәлім болды. Болмаса ол (біз) өз өміріне бек риза еді. Өзін діндәр сезінетін. Намазын қаза қылған емес. Тіпті өзгелерге ақыл айтатын. Дінге шақыратын. Діннен алыс жүргендерге мүсіркей қарайтын.
Енді өткеніне назар салса, бәрі бекер екен. Бекер болатыны, өмір бойы шайтанның жетегінде жүріпті. Шайтан бұның иманына қол ұрып, намазға жығыпты. Соған орай намазын шайтанмен бірге оқыпты. Бұл орайда Нақшбанди хазреті:
«Жейтін тамақ, ас немқұрайлықпен, ашумен және ынтасыз әзірленген болса, онда қайыр, берекет жоқ. Өйткені, оған нәпсі мен шайтан араласқан болып, оны жеген адамда фәйз бен шаттықты бұзатын кері нәтиже пайда болады», — десе, Имам Ғазали: «Намаз оқымаған кәпір болмайды,
бірақ кәпірлер намаз оқымайды», — дейді.
Сонда шайтан сіз бен біздің иманымызға қалайша қол ұрады? Қол ұру деген, біздің иманымыз шайтан билігінде деген сөз. Иман билігі шайтанға өткен соң, біз жасаған ғибадатта қайыр болмайтыны бесенеден белгілі. Сонда ол иман шайтан қолына қалай өтті? Жауап айқын. Ол иман әу бастан шайтан қолында болатын. Бұл тұрғыда Шейх Абадали хазреті: «Мұсылман болып туу мен мұсылман болудан өткен нығмет, мұсылман болып қалу», — дейді.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Сіз бен біз мұсылманбыз. Әлмисақтан мұсылман. Анау Алланы мойындамайтын кәпір де біз сияқты мұсылман. Себебі оның рухы да Әлмисақта Аллаға уәде берген. Бүгінгі күні екеуміздің өмірсалтымыз бірдей. Ол да, біз де адал мен арамды ажыратпаймыз. Тойымыз — той, күлкіміз — күлкі. Алайда біз өзіміздің мұсылман екендігімізге бек сенімдіміз. Біздегі иман — сол. Бұл тұрғыда Нежіп Фазыл хазреті: «Өліден хабар келді, тірі оқып түсінбейді.
Сұрасаң барлығы мұсылман, намазы жоқ шүкір етпейді», — дейді.
Енді осы иманға шайтан қол сала алмайды деп ойлауға бола ма? Сол иманмен ораза ұстап, намаз оқысақ, шайтан бізден қашып кете ме? Сонда ол шайтанды бізден қашыратын қандай күш? Ораза ма, намаз ба? Жоқ әлде мешіт бе? Мекке ме, Мәдина ма? Әлде біз қайта-қайта барып жүрген қажылық па?
Байыбына барсақ, біз жасап жүрген ғибадаттар мен біз тізіп шыққан киелі орындардың бәріне шайтан қол ұрып қойған. Ашамын десе — ашады, жабамын десе — жабады. Шайтан (Тажал) билігі бүткіл әлемді ұршықша иіріп отырғанда, біздегі әлгі кәпірдің Әлмисақтағы иманындай иманымыз сол күшке қарсы тұра ала ма?
Қарсы тұра ма, тұрмай ма, оған бас қатырып отырған адам жоқ. Бүткіл әлем мұсылмандары дінді осылай ұстанады. Тек Пайғамбарымыз (сғс) заманында басқаша болатын. Ол кезде кәпірлер әлгі Әлмисақтағы имандарын қайта жағу үшін Пайғамбарымыз (сғс) алдына келіп, қол беретін. Сол кезде әлгі өлі, ұмытылған, шайтан иелігіндегі иман қайта жанатын. Яссауи бабамыз: «Пірмұған әзір бол деп апиын алды», — дегенде, сол иман шырағын жақты дегенді ишарат етіп тұр. Бұл орайда Нақшбанди хазреті: «Пір — емшіге ұқсайды, кеселіне қарай дәрі береді», — дейді.
Апиын — сол дәрі. Жалпы біз иман қуатын өзіміз білетін сол апиынмен ғана өлшей аламыз. Ал ол апиын қуатына жер бетіндегі бірде бір есірткі заты шендесе алмайды. Соған орай Ұлы ұстаз: «Әзір бол», — дейді. Себебі сен иман шырағы жанған сәттен бастап бірден басқа әлемге өтесің. Оразаның да, намаздың да апиындық ләззатын аласың. Жоқшылықтың, кедейліктің, мүсәпірліктің, аурудың мәнін ұғасың. Көз алдыңда шайтансыз әлем пердесі көтеріледі. Соған орай Яссауи бабамыз: «Шайтандығым бар күнәсімен кете барды», — дейді.
Шайтан кетті. Шайтанмен бірге біздегі иман да кетті. Біздің кеудемізде Әлмисақтағы иман қайта жанды. Соған орай Яссауи бабамыз: «Бихамдиллә» нұрлы иман аштым, міне», — дейді. Жалпы Хасан Сезаи хазреті айтпақшы: «Бұл есіктен тәубемен кіргеннің өткеніне қарамайды». Соған орай Шәйхы Ибраhим хазреті:
«Тасаввуф — топырақ пен судан тұратын фәни киімнен, қапастан құтылу. Осылайша тап-таза жаратылыс ретінде Аллаһ Тағаланың нұрына айналу деген сөз», — десе, Шамс Тибризи хазреті: «Хикметке толы кеудеңдегі жасырын аралды тапқанда ғана күллі ғалам табаныңа бас ұрар», — дейді.
Яссауи бабамыздың да айтпағы осы.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Пірмұған қызметінде зыр жүгірдім,
Жұмыс қылып, көзімді ілмей әзір тұрдым.
Медет қылды: әзәзілді қуалап ұрдым,
Одан кейін қанат қағып ұштым, міне», — дейді.
Басы ашық жәйт. Пірмұған қызметі — Аллалық қызмет. Сол қызметті біз өз қызметіміз деп білдік. Бұл тұрғыда Яссауи бабамыз:
«Мүршидтерге қызмет қылсаң, нәпсің өлер,
Тегі надан бұл жолдарды қылмас тағат.
Садық құлдар бұл жолдарда білер рахат,
Тірі өлмей, дидар талап қылма достар!” — дейді.
Рас, біздің бұрынғы қызметіміз де өз қызметіміз болатын. Сонда айырмашылық неде?
Айырмашылық — аспан мен жердей. Байыбына барсақ, біз бұрын Аллаға қарсы жұмыс жасайтынбыз. Себебі біздің бүткіл өмірсалтымыз Аллаға қарсы жұмыс жасауға бағытталған. Олай болатыны, біз ұдайы шайтан жетегінде жүрдік. Ал шайтан — адамға қас дұшпан. Соған орай Әзиз Махмуд Худай хазреті бүй дейді:
«Турасынан жүріп көр бұл жолдардың,
Еріп көр артынан ұлы құлдардың!
Зынданы дүр бұл дүние момын құлдардың,
Зындандағы құлға оңай айланбас!».
Ұғынықтылық үшін өз өмірімізді не себепті «Бұрынғы» және «Кейінгі» деп екіге жарғандығымыздың басын ашып алайық. Бұрынғы — Пірмұған қызметіне келмеген кез. Кейінгі — Пірмұған қызметіне келген кез. Сонда айырмашылық неде?
Айырмашылық — өзімізді тануымызда. Танытқан — Пірмұған. Өзімізді қалай таныдық, Пірмұған қызметін атқара бастадық. Ал ол, жоғарыда да айттық, Аллалық қызмет. Демек Пірмұған — Алланың жердегі өкілі. Біз өкілі дедік. Шынтуайтына келгенде ол — орынбасары. Біз сол орынбасар қызметіндеміз. Бұл орайда Мұхиддин ибн Араби хазреті: «Алланы табу оңай, Аллаға жеткен адамды табу өте қиын», — деген.
Бұрынғы кезге келейік. Шайтан жетегінде жүрген кез. Әлгі «Жас шағыңда жігіттер ойна да күл, бұл дүние көзді ашып, жұмғандай-ақ» деген әнді сол кезде айтқанбыз. Демек ол кезде өмірдің мәні ойнау мен күлу болды. Жас кезде солай болды дейікші. Алайда біз ойнап-күлуді ешқашан тоқтатқан емеспіз. «Қартайып, қайғы ойлаған» (Абай) кезде де ойнап-күлдік. Ойнап-күлуге шамамыз келмей қалса, сол ойнап-күлгендерді тамашаладық. Адам баласы көңіл-күйлерін көтеретін сарайлар салдық. Сарайға жете алмасақ, сол ортаға теледидар арқылы қосылдық.
Енді сауал. Біз не үшін соншалықты мәз болдық? Біз не үшін жер тепкілеп биледік? Біз не үшін жетісіп күлдік? Біз сол көңілімізді көтеретін ойын-сауықтарды не үшін өнерге баладық? Біз не үшін сол өнер ордаларын аштық? Біз не үшін сол өнер иелерін жұлдызға баладық?
Жауапқа асықпайық. Әуелі биге келейік. Басы ашық жәйт. Адам баласы ерекше шаттанған кезде ғана билейді. Көңілі көтерілгенде ән салады. Біз осы екі жағдайда да Алладан алыс тұрамыз. Музыканың харамға баланатыны сондықтан. Рас, әннің де естісі мен есері бар. Есерін білдік. Естісі қайсы? Ол — ұлттық және классикалық әуендер. Себебі олар біздің жанымызды баурайды. Ал есерлері — қоздыратын. Ән жаныңды баурағанда жанарыңнан бір шық жас тамады. Ол — жанның жасы. Біз болсақ оны өнер құдыретіне балаймыз. Жан — әуен боп мұң шағады. Кеудеңде «Мен бармын» деп атой салады. Әрқилы әрекетке көшеді. Бір сәт ұлттық нақышқа алмасып, қаныңда ойнақ салады. Ал ол әуен: «Мен сендерді бір-бірлеріңді тану үшін ұлтқа, руға бөлдім», — дегенге саятын аят. Оның есті болатыны сондықтан. Алайда оны ұғып жатқан адам аз. Аз болатыны, әлгі есті әуенді шайтани даңғаза музыка өзіне ілестіріп алып кетеді. Сол кезде біздің де екі иығымыз қозғалақтап билей бастаймыз. Бұл орайда Руми хазреті:
«Ей көңіл, жалғыз отырып Раббыңа жылап отыратындардан бол, бірақ басқаның жылауына себепші болма», — дейді.
Жарайды, дүниенің бәрі ойын-сауықтан тұрмайды. Білім бар, ғылым бар, әрқилы кәсіптік салалар бар. Сол салаларда абырой биігіне көтерілген адамдар бар. Ал оларды шайтан жетегінде дей алмайсың. Рас, олар да діннен алыс. Бірақ шайтан жетегінде емес. Осылай десек, сіз соған сенесіз бе? Әрине, сенесіз. Себебі біз бәріміз бір адамбыз. Шынында да осы бізден Алла Тағала бір адам жасаса, сол адамды Алланың жердегі орынбасары дей аламыз ба? Жә, ол адамды тағы да әспеттейік. Әспеттегенде, ол адамды діндар, намазхан етіп шығарайық. Ал намазхан адамның шайтаннан алыс болатындығы күмәнсіз.
Ал ол шайтаннан не себепті алыс болады? Намаз оқығаны үшін бе? Әлде қажылыққа барғандығынан ба? Рас, біз ораза ұстаған кезде шайтаннан алыс боламыз. Себебі ол кезде шайтан бұғаттаулы болады. Одан кейін, одан кейін біз шайтанмен бірге жүреміз. Намазды да шайтанмен бірге оқимыз. Себебі ол — біздің қанымызда. Қанымыздағы шайтанның аты — ханнәс.
Кейінгі қызметке келейік. Пірмұғанның қызметіне. Бұл жерде шайтан жоқ. Себебі сіз тәнде емес, жандасыз. Шайтан — тәнде. Сіз қалыптасыз (жүректе). Жүрек — Аллалық мекен. Ол — Арш. Мүминнің жүрегі — Алланың аршы. Әсірелеп айтсақ, тән мен жүрек арасында кеден бар. Кеденші — Пірмұған. Нақтыласақ, Алланың орынбасары сол. Егер Яссауи бабамыз айтқандай Пірмұған қызметінде зыр жүгірсек, онда Пірмұған медетімен әзәзілді қуалап ұрасың. Қызмет — сол. Арғы жақтан, бергі жаққа қызмет етесің. Сол кезде жүрегің — Аллада, қолың — істе болады.
Бұл сөзге де тәпсір керек. Сен — көппен біргесің, бірақ ол жерде жоқсың. Сені шайтаннан аласталған адамдар ғана көреді. Себебі сен бар жерде шайтан болмайды. Соған орай Яссауи бабамыз: «Одан кейін қанат қағып ұштым, міне», — дейді.
Сөз соңын хазреті Шамсиддин Тибризидің мына сөздерімен түйіндейік: «Рахмет есіктері үнемі ашық, сенің есігің ашық па?»
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Пақыр мен жетім болсын шат-шадыман,
Мойныңда болсын тұзақ, ғазиз жаның болсын құрбан.
Туыс тапсаң, жан-тәніңмен қылғыл мейман,
Хақтан естіп бұл сөздерді айттым, міне», — дейді.
Байыбына барсақ, пақыр да, жетім де бізбіз. Нақтыласақ, өзіңсің. Рас, егер өзіңді танысаң. Танымасаң, ол екеуі де бөгде біреу. Алайда сол бөгде біреудің өзіне пақыр деп назар аударсаң, Алла Тағала сол үшін саған рахым есігін ашады. Сондықтан да Халид Бағдади хазреті айтпақшы: «Мүмин бауырыңның аш, пақыр екенін көре тұра, әуестігің үшін мал шашып рахаттанба».
Себебі сол пақыр сенсің. Соған орай Ғазали хазреті: «Пақырларға үнемі кішпейілділікпен қарауға тырыс», — дейді.
Егер қарамасақ ше? Тағы да хазреті Ғазалиға жүгінелік. Бұл тұрғыда Ұлы Имам бүй дейді:
«Өзіңнен төмен адамдарды көрсең, мақтанып, оларды төмен санама! Сен олардың орнында, олар да сенің орныңда болуы мүмкін еді. Міне осыны ойлап, пақырлармен жолдас бол».
Жетімдер тағдыры да осы тәрізді. Айналамызда жетімдер аз емес. Бірақ біз назар салмаймыз. Жетімханалар, жетімдер тағдыры бізді мүлде алаңдатпайды. Сіз бен біздің немқұрайдылығымызға байланысты шетел асып кеткен жетімдер де аз емес. Олар тілін де, ділін де, дінін де өзгерткендер санатында. Ал олар Алланың алдына барғанда мұң шақпайды деймісің? Сол кезде біз солар айыптауынан шет қала аламыз ба? Бұл орайда хазреті Фәридуддин Аттар бүй дейді:
«Жетімдердің хал-жағдайын сұрасаң, Аллаһ сені азиз етеді. Өйткені, жетімнің бір сәттік жылағаны, ғарышты күңірентуге жетеді. Жетімді жылатқан залым тозақ отына отын болады. Науқас жетімді қуантқан адам өзіне жұмақтың есігін ашады».
Рас, ол пақырлар мен жетімдер тағдырына жауапты адамдар бар. Оның үстіне олар мемлекет қамқорлығында. Ал ол қандай қамқорлық?
Ол — біздің өз жанымызға жасаған қамқорлығымыз тәрізді. Егер бейнелеп айтсақ, мемлекет — біздің тәніміз де, жетім — біздің жанымыз. Сырттағы пақырлар мен жетімдердің тағдыры — біздің өз бойымыздағы пақырлық пен жетімдіктің материялды көрінісі. Екеуіне де назар аударсаң, қамқорлық танытсаң, Алла рахымының есігі ашылады.
Байыбына барсақ, біз де жетімді саудалаушылар санатындамыз. Жоғарыда да айттық. Жетім — біздің жанымыз. Иесі — тән. Біз солмыз. Егер біз Яссауи бабамыз айтқандай: «Пақыр мен жетім болсын шат-шадыман» десек, онда өзімізді тануға ден қоюымыз керек. Ал өзіміз — сол жетім.
Қарапайым түсінік. Тән өлгенде, жан бостандыққа шығады. Соған орай хадисте: «Өлмей тұрып өліңдер», — делінеді.
Сонда біз қалай өлеміз? Басы ашық жәйт. Өлетін — тән. Ал жан — мәңгілік. Сондықтан ол өлім қайта туу арқылы жүзеге асады. Туатын — Пірмұған. Пір өзіне қол берген адамды руханиятта қайта туады. Анасымен табысқан жетімнің шат-шадыман болатыны сондықтан.
Тұзаққа келейік. Тұзақ — өлім. Ажалы жеткен күні дүниеден озатынын барша адам біледі. Бірақ ол күннің қашан келетінін ешкім білмейді. Егер білсе, мәселен, бір айдан кейін, не болмаса, бір күннен кейін дүниеден озатынын білсе, ол күндердің әр сәті әлгі бейбақ үшін асыл қазынаға айналар еді. Шынтуайтына келгенде, ажал бізден бір сәт те алыстап кеткен емес. Ол — біздің мойнымыздағы тұзақ. Оның кез-келген сәтте тартылуы мүмкін. Сол мүмкінді білген адам — мұсылман. Сол ақиқат алдында — біздің жанымыз құрбан. Себебі ол — Хақпен қауышу.
Өмірдің мәні — Хақты тану. Ол үшін өзіңді танымақ керек. Өзіміз — рух. Туыс сол. Соған орай Яссауи бабамыз: «Туыс тапсаң, жан-тәніңмен қылғыл мейман», — дейді.
Мейман — уақыты шектеулі қонақ. Мойнында тұзағы бар қонақ. Сол қонақ — сіз бен біз
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Ғаріп, пақыр, жетімдерді әркім сұрар,
Разы болар ол пендеден Пәруардигар.
Ей, бейхабар, сені ол себепсіз-ақ өзі асырар,
Хақ Мұстафа уағызымен айттым, міне», — дейді.
Әуелі бір мәселенің басын ашып алайық. Сонда ғаріп, пақыр, жетімдерді сұрайтын «әркім» кім? Біз бе?
Байыбына барсақ, Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған «әркім» — екінің бірі емес. Ол — ғаріп, пақыр, жетімдерді ұдайы назарында ұстайтын Алланың ерекше жаратылған құлдары да емес. Ол — әркім, яғни кездескен жанның бәрі.
Аталмыш хикметтің екінші жолына назар аударайық. Онда: «Разы болар ол пендеден Пәруардигар», — делінеді. Тағы да сауал. Сонда Алла ризашылығына бөленетін «ол пенде» кім? Ғаріп, пақыр, жетімдерді сұрайтын «әркім» бе? Егер «әркім» болса, онда Ұлы ұстаз «ол пенде» демей, «олар» деуі керек еді. Тіпті «әркімдерден» десе де болады.
Демек, «әркім» біз емес. Олар таңдаулылар да емес. Себебі біз ғаріп, пақыр, жетімдерді Алла ризашылығына бөленетіндей деңгейде мүсіркей қоймаймыз. Соған орай олар жағдайын ұдайы сұрап та қарық қылмаймыз. Біз тіпті ол ғаріп, пақыр, жетімдерді бар деп те білмейміз. Себебі олар біздің түсінігіміздегі ғаріп, пақыр, жетімдер емес. Олар — әулиелер. Әрқайсысы әулие. Соған орай Яссауи бабамыз: «Разы болар ол пендеден Пәруардигар», — дейді. Ал ол пенделер — ғаріп, пақыр, жетімдер. Олар тұрғысында Лұқпан Хәкім: «Балам! Алланың әулие достарымен бірге бол және олардың сұхбатынан қалмауға тырыс! Өйткені, Аллаһ Тағала жаңбырмен топыраққа нәр бергені сияқты, хикмет нұрымен жүрекке нәр береді», — дейді.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Ғаріп, пақыр, жетімдер әр заманда әрқалай болған. Олар барлық уақытта өз заманы, өз қоғамынан шетқақпай көрген.
Өзімізге келейік. Бүгінгі күні басыңа тақия кисең — ғаріпсің; шашыңды алдырып тастасаң — пақырсың; сәлде-шапан кисең — жетімсің. Бұл — сыртқы формалық көрініс. Енді бұған әлгілердің діни ұстанымын, кәсібін, қаржылық мүмкіндігін, оған бәрінің де өмірге риза кейпін қосыңыз.
Шынтуайтына келсек, бұларды біз де, қоғам да қабылдай қоймайды. Олар барлық жерде шетқақпай көреді. Оларды тек «әркімдер» ғана бағалайды. Әркімдер — періштелер. Оларды көрген қай періште де: «Бұлар қай әулиелер?» — деп сұрайды. Әулиелер тұрғысында Баязид Бистами хазреті: «Аллаһтың әулие құлдарын сүй! Сонда олар да сені сүйеді. Олардың көңілінен шығуға тырыс! Өйткені, Аллаһ Тағала ол адамдардың жүрегіне күн сайын 360 рет назар салады. Назар салған кезде сені де сол жерде көрсін», — дейді.
Бейхабарға келсек, ол — сіз бен біз. Соған орай Яссауи бабамыз бізге қарата: «Ей, бейхабар, сені ол себепсіз-ақ өзі асырар», — дейді. Себебі мына әлем — солар бар болған соң тұр. Бұл — Пайғамбарымыздан (сғс) жеткен хабар.
Рас, ғаріптік, пақырлық, жетімдік — жұрттың бәріне нәсіп бола бермейді. Алайда жетімнің басынан сипап қоюға болады. Сол адамға да Алла рахымының есігі ашылады. Бұл тұрғыда Хасан әл-Басри: «Момын мұсылмандардан болған достарыңның санын көбейт, себебі оларға қиямет күні саған шапағат ету құқығы беріледі», — дейді. Ендеше сол рахымнан құр қалмайық.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Жеті жаста Арыстан бабқа қылдым салам,
Мұстафаның аманатын бер деп маған.
Сол мезетте мың бір зікір еттім тамам,
Нәпсім тыйып, Аллаға бет бұрдым, міне», — дейді.
Арыстан баб пен Яссауи бабамыздың жолығуы — тарихи оқиға. Рас, бұл тұрғыда әрқилы аңыздар бар. Ол аңыздарға біреу сенер, біреу сенбес, мәселе онда емес, бар гәп — осы хикметте. Ал ол — шүбәсіз.
Басы ашық жәйт. Бұл аңыз-әфсәнадағы басты ұлылық — Яссауи бабамызда тұр. Арыстан бабтың да, құрманың да мәні Яссауи бабамыз арқылы ашылады. Егер Яссауи бабамыз болмаса, Арыстан баб та, құрма да ұмыт болар еді. Бұл — бір.
Екіншіден, Арыстан бапты Яссауи бабамыз таниды. Жеті жасында. Осы жерде құпия сыр бар. Ол — Арыстан бабтың жасы және жеті жасар баланың өзіне тиесілі аманатты сұрауы. Байыбына барсақ, бұл аралықта уақыт жоқ. Бізге аңыз боп жеткен оқиға қас-қағым сәтте өтеді. Ол — жәй ғана уақыттың алмасуы. Бұл тұрғыда Фари ад-Дин Аттар хазреті: «Алдарыңнан есік ашылсын десеңіз сол есіктің алдынан кетпе. Ол есік сенің алдыңда жабылмайды, тек өзің жауып тастайсың», — дейді.
Біздікі — материялды өлшем. Руханиятта уақыт алшақтығы туралы ұғым жоқ. Қай адам да туған кезде бар болмайды. Ол — әу бастан бар. Оған дәлел — Әлмисақ уәдесі. Руханиятта уақыт алшақтығы туралы ұғымның болмайтындығына дәлел — Пайғамбарымыз (сғс) миғражы. Соған орай Пайғамбарымыз (сғс) қалауымен перде көтерілді де Арыстан баб өзіне табысталған аманатты Яссауи бабамызға табыс етті. Рас, кері қайту мүмкіндігі шектеулі болатын. Ол жәйт Яссауи бабамызға да аян болатын. Аян болатыны, ол — Миғраж оқиғасына қатысты құпиясын ішіне бүккен сыр. Бұл тұрғыда хазреті Руми: «Уақыт шеңберінен шық та, ғашықтық шеңберіне кір», — дейді.
Құрмаға келейік. Ол — дін. Нақтыласақ, діннің рухы. Мәні. Нәрі. Дін рухсыз да өрістейді, дамиды. Сән-салтанаты артады. Ол дінге сол дәуір билігі ұдайы қолдау білдіріп отырады. Сол дінді халық тұтынады. Медреселер сол дінді насиқаттайды. Сол діннің білгір ғұламалары төрден орын алады. Барлық уақытта солай болып келді. Алайда ол дін емес. Себебі — құрмасы жоқ.
Зікір — Аллаға мадақ. Зікір — Алламен үндесу. Зікір — материялды әлемді тәркі ету. Соған орай хадисте: «Раббыны зікір еткен мен зікір етпеген, өлі мен тіріге ұқсайды», — делінеді. Дін де солай. Байыбына барсақ, өлі, рухсыз дінді тірілткен — құрма. Сол құрма — нәпсіні тыйды. Сол құрма — Аллаға бет бұрғызды.
Дін — сол.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып деген хикметінде:
«Инна фатахнаны» оқып мағына білдім,
Нұрын төкті: естен танып, дидар көрдім.
Молдам ұрып, — тыныш, — деді, көз жазбадым,
Басым қатып, мең-зең болып тұрдым, міне», — дейді.
«Инна фатахна» — «Фатх» сүресі осылай басталады. Мағынасы: «Сөзсіз сені ашық жеңіске ие қылдық». Пайғамбарымызға (сғс) қарата айтылған осы аятты әр мұсылман өзіне қабылдаса, қабылдай отырып мағынасын білсе, онда ол жан да Яссауи бабамыз сынды: «Нұрын төкті: естен танып, дидар көрдім», — дер еді. Бұл сүре бойынша мұсылмандарға жаңа есіктер ашылды. Күнәлары жарылқанып, жамандықтары жойылды. Ең бастысы, осы сүре негізінде Сопылық мектеп қалыптасты. Мүминдер күнәсының жарылқануы осы сүренің 10-ыншы аяты арқылы бекітілді. Онда: (Мұхаммед сғс)»Саған биғат қылғандар (қол бергендер), әрине Аллаға қол берген болады. Алланың құдырет қолы олардың қолдарының үстінде…» — делінеді.
Байыбына барсақ, Яссауи бабамыз үшін «Фатх» сүресінің мағынасы Арыстан бабтан өз аманатын алғаннан кейін барып ашылады. Ол аманат — құрма. Арыстан баб өз қызметін орындағаннан кейін бірден көз жұмады. Бұл тұрғыда Яссауи бабамыздың өзі:
«Құрма беріп, басым сипап назар салды,
Бір сәтте о дүниеге сапар салды.
Қоштасып бұл әлеммен кете барды,
Мектеп көріп, қайнап толып тастым, міне», — дейді.
Басы ашық жәйт. Арыстан баб — Яссауи бабамыздың ұстазы. Себебі Яссауи бабамызға руханият есігі сол кісі арқылы ашылды. Ол — қол беру арқылы жүзеге асты. Яссауи бабамыз қолын алған Арыстан баб қолы үстінде құрма ұсынған Пайғамбарымыз (сғс) қолы, оның үстінде Алланың Құдырет қолы тұрды. Соған орай Ұлы ұстаз: «Мектеп көріп, қайнап толып тастым, міне», — дейді. Ол — рухани мектеп. Соған орай Яссауи бабамыз: «Мектеп оқып» демей, «Мектеп көріп», — дейді. «Сопы — көргенін, молда — оқығанын айтады», — делінетіндігі де сондықтан.
Руханият есігі қалай ашылды, Яссауи бабамызға «Фатх» сүресінің мағынасы мәлім болды. Болмаса ол сүрені молдалардың бәрі оқиды, бірақ ешқайсысы да Пірге қол беруді ниет етпейді. Ниет етпеген соң, әрине, аят мәні ашылмайды. Рас, әлгі сүре негізінде мұсылмандардың жарылқанатынын бәрі де айтады, бірақ ешқайсысы Яссауи бабамызша: «Нұрын төкті: естен танып, дидар көрдім», — дей алмайды. Солай дегендерді өз дәуірінің «молдалары ұрып, — тыныш, — деді». Соған орай Яссауи бабамыз сынды біз де: «Басым қатып, мең-зең болып тұрдым, міне», — деуге мәжбүрміз.
Себебі бұл — мәңгілік текетірес.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Ей, надан, мағына осы» деп айтты, білдім,
Одан кейін шөлдер кезіп қияқ жедім.
Қуат берді, әзәзілді ұстап міндім,
Салмақ салып, белін басып, жаныштым, міне», — дейді.
Байыбына барсақ, Яссауи бабамыз: «Ей, надан, мағына осы», — деп бізге қарата айтып тұр. Ал өзі оның солай екенін біледі. Қалай білді, мына қызылды-жасылды өмірді тәркі етті. Енді сол жолға бізді де шақыруда. Ал тілге тиек етіп отырған шөл — Алланың жолы. Қияқ — саған тиесілі несібе. Сен оны қияқ деме, соны қанағат тұт, шайтан әдемі көрсеткен мына дүниенің әшекей-үшекейіне көз сүзбе. Егер солай етсең, онда сен де Яссауи бабамыз сынды: «Қуат берді, әзәзілді ұстап міндім», — дейсің.
Сонда ол қандай қуат? Әуелі ол қуаттың бастау көзіне назар салайық. Ол — «Фатх» сүресі. Рас, ол сүрені біз бұрын да оқығанбыз. Алайда мәніне бойлаған емеспіз. Бойласақ, Яссауи бабамыз бізге қарата: «Ей, надан, мағына осы», — деп айтпаған болар еді. Демек, бізге аталмыш сүре мағынасын ашып берген Яссауи бабамыздың өзі.
Сонда ол мағына қалай ашылды? Жауап айқын. Біз «Фатх» сүресі аяты мәнімен үндестік. Үндестірген — Яссауи бабамыздың өзі.
Ал ол қандай үндестік? Басы ашық жәйт. Біз — мұсылманбыз. Ал Құран — біз үшін тура жол. Ендеше сол тура жолды ұстан. Ал ол жол Аллаға, Пайғамбарымызға (сғс) иман келтіруден бастау алады. Ол иман «Фатх» сүресінің 10-шы аяты арқылы бекітілген. Онда: (Мұхаммед сғс)»Саған биғат қылғандар (қол бергендер), әрине Аллаға қол берген болады. Алланың құдырет қолы олардың қолдарының үстінде…» делінген. Демек бізге де Пірге қол бермек ләзім. Сонда шайтан, шайтан ғана емес, мына әлем бізге қызмет етеді. Құл — қожайынға айналады.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Зікір салып, мүсәпір-дуана болдым,
Хақтан өзге бір сөз де сөйлемес болдым.
От іздеген көбелектей шәкірт болдым,
Шоқ болып, күйіп-жанып ұштым, міне», — дейді.
Иә, біз мүсәпір туралы да, дуана туралы да ептеп білеміз. Сол білгеніміз бойынша мүсәпірді — кембағал, ал дуананы — қайыршы санатына қоссақ, онымыз сопылық танымға үйлеспейді. Дей тұрғанмен мына өмірде мүсәпірлік пен дуаналық кейіпке түскен адамдар аз емес. Рас, олардың дені дінді ұстана бермейді. Алайда мүсәпір, әрі дуана екендігі шүбәсіз. Шынтуайтына келгенде біз Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған мүсәпір мен дуананы да солар санатындағы бейшара жандар қатарына қосамыз. Сондықтан құбылаға бет бұрған қай діндәр да дуана болуға құлықты емес. Солай бола тұра Яссауи бабамыз: «Зікір салып, мүсәпір-дуана болдым», — дейді.
Байыбына барсақ, Яссауи бабамыз хикметіндегі мүсәпір мен дуананың да кембағал жандар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Кембағал болған соң, мүсәпірдің — шарасыз, ал дуананың — жоқ-жітік жан екендігі мәлім болады. Демек ол екеуі бір ұғым. Құдайшылығына келсек, мүсәпір де, дуана да бір адамға қарата айтылатын мағыналас сөзер. Соған орай бейшара сөзі сол шарасыз адамға қарата айтылады. Мүсәпір де сол. Ал мүсәпірдің соңы — дуаналық.
Біз өз түсінігіміздегі мүсәпірлік пен сопылық танымдағы мүсәпір-дуаналықты бір-бірімен шамалы шендестірдік. Әзірге екі ұғым-түсінік бір-бірінен ажырай қойған жоқ. Ажырау үшін Яссауи тағлымы мәніне үңілейік.
Сонымен біз екі түсінікте де мүсәпір-дуананы шарасыз жан санатына қостық. Шынтуайтына келгенде, адам баласының бәрі шарасыз. Демек, бейшара. Бейшара болған соң, әрине, мүсәпір.
Кімнің де болсын бейшара болатыны, ол — Алласыз шарасыз. Соған орай өзінің шарасыз екенін білген адам ғана Алланы таниды. Нақтыласақ, Алламен үндескен адам ғана өзінің шарасыз екенін біледі. Байыбына барсақ, ол иелік ететін барлық шара — Алладан. Құдайсыз қурайдың да сынбайтыны сондықтан.
Шараның мағынасы кең. Ол — жолы оңғарылған адамның барлық жетістігі. Ол жетістіктердің өзі сан қилы. Біз соларға қол жеткізе алмағандарды бейшаралар санатына қосамыз. Ал Яссауи тағлымында өзінің мүсәпір-дуана екенін білген адам бейшара.
Яссауи бабамызға қайта жүгінейік. Ұлы ұстаз өзінің мүсәпір-дуана екенін қалай білді? Жауап айқын. Зікір салған соң білді. Себебі, Ахмет әр-Рифай хазреті айтпақшы: «Аллаһты үнемі зікір еткендер – Аллаһпен тату болып, Оған қауышқан жандар».
Бұл тұрғыда Мұса Мырза хазреті: «Зікірдің рухани халін сақтағандарда дүние уайымы, қайғысы, тіпті, қажеттен тыс дүние қуанышы да болмайды», — дейді.
Демек зікір салған адам материялды әлемнен ажырап, өзін жоқ ете алады. Өзін жоқ еткен адам, әрине, Яссауи бабамыз сынды: «Хақтан өзге бір сөз де сөйлемес болдым», — дейді.
Байыбына барсақ, «От іздеген көбелектей» болған да сол зікір салушы шәкірт. Ал ұстазсыз шәкірт болмайды. Ұстаз — Пір. Сол Пірге қалай шәкірт болдың, сол сәтте Яссауи бабамыз сынды: «Шоқ болып, күйіп-жанып ұштым, міне», — дейсің.
Ал енді осындай хәлге қол жеткізген адамда дүние қайғысы бола ма? Әрине, болмайды. Байыбына барсақ, Мұса Мырза хазреті айтпақшы: «Барлық қателіктеріміз, қапыда қалып күнәға түсуіміз, рухани әурешілдігіміз зікірден ұзақ болған сәттерде болады».
Ендеше зікір салайық.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде: «Жалған атақтан арылып, сәби болдым,
Алла атын айта-айта ғашық болдым.
Аллаға бар жаныммен адал болдым,
«Фана фи Алла» мақамына салдым, міне», — дейді.
Иә, мына дүние есігін ашқан кезде адам баласының бәрі сәби болған. Алайда сәбилік кезең артта қалды. Өмірге қадам бастық. Өзімізді қалыптастырдық. Енді өзіміз бен әлгі сәбиді шендестірейік. Қайсысы таза, қайсысы пәк? Қайсысы Аллаға жақын?
Жауап айқын. Жауап айқын болғандықтан да ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:
«Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Мына өмірден хабарсыз, жаңа туған», — дейді.
Рас, қартайған адам да бір сәби. Дұрысы — алжыған адам. Алайда ол «сәби» арқасында өмір жүгі бар. Ол одан арылған емес. Арылмағандықтан да сол «жүкке» жауапты.
Өзімізді жұбату үшін сол «жүкті» екіге бөліп қарастырайық. Оның бірі — сауапты амалдар, екіншісі — жасаған күнәларымыз. Егер өз-өзімізге есеп берсек, сауапты істеріміз басым. Тіпті жүрегіміздің таза екендігіне бек сенімдіміз.
Жарайды. Солай-ақ болсын. Демек, алжыған әлгі шал арқасындағы жүктің бәрі Алла алдында оны ұшпаққа шығаратын сауапты істер. Сондықтан да ол жүк емес, иман.
Осы жерде кілтипан бар. Кілтипан болатыны, иман — жүректе, ал күнә — арқада болады. Ол күнә Құран тілінде отынға баланады. Әбу Ләhаб қатынының тозаққа отын арқалап кіретіндігі сондықтан.
Әлгі «жүкке» қайта келейік. Арқамыздағы жүкке. Біз оның сауапты амалдар екендігіне сеніп-ақ қалғанбыз. Енді аңғарсақ, «отын» тәрізді. Тәрізді емес, соның өзі. Яссауи бабамыз сондықтан да: «Жалған атақтан арылып, сәби болдым», — дейді.
Ұғынықтылық үшін сөз басына қайта ойысайық. Ойысқанда, үлкен өмірге қадам басқан өзіміз бен әлгі сәбиді шендестірейік. Қайсысы таза, қайсысы пәк? Құдайшылығына келсек, ол екеуін шендестіруге болмайды. Өмір есігін ашқан адам арқасында «жүк» болмаса да шендестіруге болмайды. Себебі, сол адамның өзі «жүк». Сол тұрысында күнәhар. Себебі ол адам сол тұрысында Алла Тағаланың барлық игілігін пайдаланып тұр. Ол игіліктерді санамаламай-ақ қоялық. Болмаса, ол — сен жұтқан ауа; ішкен бір жұтым су; аяғыңның астындағы жер; төбеңдегі күн; тау-тас; орман-тоғай; аң-құс… Бұған өзіңнің ішкі ағзаларыңдағы «өзінен-өзі» болып жатқан зат алмасу, одан да өзге біз білетін, білмейтін іс-әрекеттері қоссақ, арқамыздағы «жүк» салмағы арта түседі.
Ал ол «жүктен» арылу үшін оның Иесін мойындау ләзім. Мойындау — дін арқылы жүзеге асады. Біз дінді сол үшін ұстанамыз.
Сонымен діндәрмыз. Қалай дінге бет бұрдық, жүгіміз одан бетер арта түсті. Себебі, сәби бола алмадық. Сәби болмаған соң осыған дейінгі жалған атақтарымыз қатарына намазхан, қажы, ғұлама, тақуа деген тәрізді жаңа дәрежелер келіп қосылды. Біз соларды иелік еттік. Ал ол — жүк.
Шынтуайтына келгенде, біз сол «жүктен» арылғанда сәби боламыз. Ал ол сәбилік, Яссауи бабамыз айтқандай: «Алла атын айта-айта ғашық болу» арқылы жүзеге асады. Алла атын ұдайы айту — зікір. Ал Аллаға адалдық — ешқандай «жүкті» иеленбеу. Сол кезде Яссауи бабамыз сынды «Фана фи Алла» мақамына қол жеткізесің. Жоқ болып кету дегеніміз сол. Сәби болу да сол.
Құдияр БІЛӘЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
«Ей, ынсапсыз, дүние — жалған, Хаққа қайтқын,
Пенде болсаң, Хақ зікірін жатпай айтқын,
Пірмұғанның қызметінде «Ләббай!» — айтқын,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Ынсапсыз — барша пенде. Пенде — нәпсі иесі. Біз солмыз. Бұл тұрғыда Шәкәрім атамыз: «Нәпсі үйінде байланып Ынсап жатыр» — дейді. Демек ынсапсыздық — біздің болмысымыз. Сонда біз өз болмысымыздан қалай қайтпақпыз?
Бұл сауалға жауап жоқ. Себебі бүкіл материялды әлем сол болмыс қалауына орай құрылған. Ал оған тоқтау салу — бүкіл қоғамдық, өркениеттік дамуға қарсы шыққанмен бірдей. Сондықтан да біз дамыған үстіне дами береміз. Сол даму — ынсапсыздық.
Егер шындық бетіне осылай тура қарасақ, онда ынсапсыздықтан ешкім де бас тартпайды. Соған орай ынсапсыздыққа басқаша анықтама беріледі. Ол анықтама — тойымсыз, мешкей, көрсеқызар дегенге келеді. Ал мұндай келеңсіздіктер барша адамға тән емес. Сондықтан ондай кем-кетіктерді қоғам болып тәрбиелеуге болады.
Біз сол тәрбие үстіндеміз. Ал ол мәңгілік тәрбие. Тәрбие емес, күрес. Саясат та, әдебиет те, мәдениет те сол күрес тәсілдері. Нәтижесі — бүгінгі біз.
Адам баласы бүгін қандай болса, барлық уақытта сондай болған. Демек әлгі тәсілдердің ешқайсысы да адам баласы ынсабына әсер ете алмады. Рас, тойымсыздыққа, мешкейлікке, көрсеқызарлыққа соққы берілді. Бірақ түбегейлі жоя алған жоқ. Егер ол жойылса, адам баласының өзі жойылып кетер еді. Себебі ынсапсыздық — адам баласын іс-әрекетке түсіретін қозғаушы күш. Ол біздің жаратылыстық негізіміз, пенделік болмысымыз. Ол — нәпсі қалауы. Ал нәпсі — бізбіз. Алайда ол нәпсі қызметі тек мына жалған өмірге ғана негізделген. Соған орай Яссауи бабамыз: «Ей, ынсапсыз», — деп бізді өзіне қаратып алып: «Дүние — жалған, Хаққа қайтқын», — дейді.
Ұлы ұстаздың жалғанды қаперге алуы — нәпсіге (сіз бен бізге) өз миссиясының аяқталғандығын ұқтыру. «Хаққа қайтқын» деуі сондықтан.
Сонда біз Хаққа қалай қайтамыз? Жалпы біз Хаққа қаласақ та, қаламасақ та қайтамыз. Себебі бізде Алланың аманаты бар. Бізге ол аманат уақытша берілген. Ол аманаттың аты — рух. Сол рух Әлмисақта Алламен тілдесіп, иман келтірген. Аманатқа адалдық танытатынына ант берген. Алайда дүние есігін ашқан сәтте-ақ сол уәдесін ұмытып кетті.
Байыбына барсақ, аманат — бізбіз де, соны иеленіп кеткен — нәпсі. Біз болсақ өзіміздің емес, сол нәпсінің тілеуін тілеумен жүрміз.
Бір жәйттың басын аша кетейік. Пайғамбарымыздың (сғс) пайғамбарлығын мойындап, иман келтіргендер мұсылман атанды, ал Пайғамбарымызды (сғс) көріп, сөйлессе де Пайғамбар деп мойындамағандар — мүшіріктер (кәпірлер) делінді. Сонымен қатар, мұсылмандар қатарына қосыла тұра, өз нәпсілерін өлтіре алмағандар — мұнафық болды.
Мұнафық — уәдеде тұрмайды. Ол — әлмисақ уәдесі. Мұнафық — аманатқа қиянат жасайды. Аманат бүгінгі күні нәпсі иеленіп алған рух. Мұнафық — өтірік айтады. Кей кезде емес, барлық уақытта өтірік айтады. Аузынан шыққан сөздің бәрі өтірік. Себебі сөйлеуші ол емес, рух.
Солай бола тұра біз мұнафықтарды тек Пайғамбарымыз (сғс) заманында өмір сүрген адамдар деп ойлаймыз. Бүгінгі екіжүзділік танытып жүргендерді мұнафықтар қатарына қосқымыз келмейді. Болмаса ынсапсыз нәпсі иесі мен мұнафықтың пәлендей айырмасы жоқ. Олар екі жақта да биге шыққысы келеді. Қай-қайсысының да Хаққа қайтқысы жоқ. Қайтқысы келсе, нәпсісін өлтірер еді. Біз болсақ оны тәрбиелеумен әлекпіз. Ал ол ешуақытта тәрбиеге көнбейді. Соған орай хазреті Жалаладдин Руми бүй дейді: «Тәнді шектен тыс баптама! Өйткені, ол – соңында топыраққа берілетін бір құрбан. Сен негізінде көңілді өсір! Ұлылыққа барып, абыройға бөленетін – сол».
Алайда біз өзімізді танымайынша хазреті Руми айтқан көңілді танымаймыз. Себебі көңіл — нәпсіге де тән. Соған орай ол бірде — көке көтеріледі, бірде — төмен құлдырайды. Шынтуайтына келгенде бұл көңіл ауаны жай бір алдамшы көрініс. Бұл тұрғыда хазреті Руми былай дейді:
«Қағазға қайғылы бір адамның суретін салсаң, сол сурет пен қағаз қайғыдан да, қуаныштан да бейхабар. Сурет сырттай қарағанда қайғылы, бірақ суреттің де, қағаздың да қайғыдан хабары жоқ. Суретте күліп тұрған адамның да күліп тұрғанынан хабары жоқ».
Біз солмыз. Соған орай біздің бір атымыз — пенде. Пенде — Адам емес. Адамға — рух, пендеге — нәпсі тән. Соған орай пендедегі мақсат — рухқа қосылу. Бұл тұрғыда хазреті Руми:
«Сен адам кейпінде тұрғанда өз үстіңдегі күлкілерді көтере біл. Сабырлықпен ел ішінде жүріп нәпсіңмен күресе бер. Пәк Аруақ болғанда бұл жерден тез кет!» — дейді.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кейде бір қорқыныш-үрей төндіру, таршылық жасау, мал-жандарыңа кемшілік келтіру, өнімдеріңді азайту арқылы Біз сендерді сынға аламыз. Осындай тауқымет келген шақта: Біз Алланың пендесіміз және оның алдына қайтып, барамыз»,–деп сабыр сақтаушыларды (ей, Мұхаммед!) сен қуандыр. Алланың рақымы мен ықыласына лайықты жандар – солар, тура жолдан аумайтындар да солар», — дейді.
Міне, осы пенделерге қарата Яссауи бабамыз: «Пенде болсаң, Хақ зікірін жатпай айтқын», — деп, оларды «Пірмұғанның қызметінде «Ләббай!» — деуге шақырады.
Бұл «Ләббай» — Пірге қол беріп, тариқатқа өту. Ал ол деген Ибраhим хазреті айтқандай: «Тасаввуф — топырақ пен судан тұратын фәни киімнен, қапастан құтылу. Осылайша тап-таза жаратылыс ретінде Аллаһ Тағаланың нұрына айналу деген сөз.”
Бұл тұрғыда Құран Кәрімде былай делінген: «Алайда, істеген күнәсіне шынайы өкініп, Аллаға бойұсынуға қайтса (тәубеге келсе) әрі иманға келсе және ізгі амал жасаса, олар басқа. Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Алла – өте Кешірімді (Ғафур), ерекше Мейірімді (Рахим)» («Әл-Фурқан», сүресі, 70-аят).
Иә, Хасан Сезаи хазреті айтпақшы: «Бұл есіктен тәубемен кіргеннің өткеніне қарамайды». Пірмұғанның қызметінде «Ләббай» айтқанның бәрі анадан жаңа туғандай күнәдан пәк болады. Себебі руханият — пәк әлем. Ол бір тұзды алқап сияқты. Соған орай ол алқапқа түсіп кеткен есек те тұзға айналады. Ендеше сен де тұз бол. Сол кезде Яссауи бабамыз: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
«Алла-hу деп жоғал, жүрек-бауырың күйсін,
Түнде тұрып, тағат қылғын, Тәңір сүйсін.
Одан кейін хас ұлықтар әмірін қылсын,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
«Алла-hу» — зікір. Егер байыбына барсақ, «hу» — біз шығарған дем. Жоғалу — сол. Дем — өмір. Ол — Алла. Біз Алламен бар болып, Алламен жоқ боламыз. Жүрек-бауыр — Алламен бетпе бет келгенде күйеді. Ол күю — дем Аллаға алмасқанда болады. «Алла-hу» — сол.
Бұл тұрғыда хазреті Руми: «Негізінде , әр сәт – жаныңның бір бөлігі, өлім хәлінде. Әр сәт – жан беру уақыты және әр бір сәт өміріңнің бітуі», — десе, хазреті Ғазали: «Әр демнің қадірін біл және бұл фәни өмірге ертең-ақ өлетіндей қара», — дейді.
Алайда Яссауи бабамыздың өзі:
«Алла деген жаның күйіп, отың шықсын,
«hу» дегенде сүйегіңнің бәрі жансын,
Бауырың ісіп, өкпең тесіліп еріп ақсын,
Ақпайды ол, Пір қызметін қылмайынша», — деп, мәселе мәнін Пірге әкеліп тірейді.
Сіз бен біз де мұсылманбыз. Біз де өз хәлімізше Алла дейміз. Бірақ Алла деп қанша рет айтсақ та шіли әсерлене қоймаймыз. Жанымыз, өкпе-бауырымыз күйіп, сол күйік соңы отқа ұласып кетеді-ау деген ұғым мүлде жоқ. Соған орай біз мұны негізінен көркем шығармаларға тән әсірелеу деп қабылдаймыз. Өздерін діндәр санатына қосатындар да осы ыңғайдағы әңгіме шеңберінен шыға қоймайды. Себебі Пір қызметі бізге тән емес. Біз тіпті оның қандай қызмет екенін де білмейміз. Білмейтініміз, біз қай нәрсені де өз хәліміз деңгейінде топшылаймыз. Шылтуайтына келгенде, біздікі хәл де емес.
Хәл — көкірек көз әлемі. Ал ол — рухани әлем. Сол әлемге өтсең, Пір қызметі көрініс береді. Өзің де сол әлем ішінде тұрасың. Пір әлемі ішінде. Бұл — әуелгі қызмет. Сол әлем ішінде тұрып «hу» деп зікір саласың. «hу»-ды сен емес, жан айтады. Сол кезде ішкі әлем отқа оранады. Мұндай сезім материялды әлемге де тән. Сол сезім ақын тілінде: «Жаным ысып, жалын құшып тұрдым мен», — делінеді. Сол сезім рухани хәлде әсер еткенде «Бауырың ісіп, өкпең тесіліп еріп ағады». Себебі Алламен бетпе бет тұрсың. Қызбен бетпе бет келгенде жалын құшсаң, Хақ Жамалын көргенде, әрине, жаның күйіп, сүйегіңнің бәрі жанады.
Алайда аман қалдың. Сол хәлден оралған сопының осы тақылеттес әңгімелеріне біз бас шұлғи бермейміз. Себебі — дін-аман. Осы дін-амандық — Пір қызметі. Себебі біз Алла алдында Пір әлемінде тұрамыз. Зікірді де сол болып саламыз. Ал Ол (Пір) — Аллалық қызметте тұрады. Пір қызметі — Аллалық қызмет. Соған орай Яссауи бабамыз: «Ақпайды ол Пір қызметін қылмайынша», — дейді.
Жалпы Пір қызметінің мағынасы кең. Пір қызметі — Пірге қызмет емес. Ол бөлек әңгіме. Пір мүридтерінің өзі «Бәлагардан» делінеді. Бәлагардан — бәлені қайтарушы.
Қай бәле де көмес әлемге тән. Көмес әлем қызметі, жалпы қай қызмет те періштелер арқылы жүзеге асады. Сопылар зікір салғанда сол әлем іс-әрекетіне араласады. Жаманшылықтың бетін қайырады. Жақсылықтың жаршысы болады. Өзі емес, демі араласады. Ол демнің аты — «hу». Ал «hу» — Алла. Аллалық қызмет — Пірде. Ол қызметті Қағбаны жеті рет айналған қажылар да атқарып қайтады. Қағбаны айналған адам, әлем шығыршығын да қоса айналдырады.
Мәселен бір әйел күбі пісіп жатыр делік. Егер біз күбі піскен адамды бұрын көрмесек, әлгі әйелді жынды дер едік. Алайда сол «жынды» әйел өз еңбегінің нәтижесінде сүттен майды айырды. Тап сол сияқты адамның жаратылысы да күбі іспеттес. Егер оны ұдайы «піссең», пісу — зікір арқылы жүзеге асады. Көз алдыңызға зікір салып шайқатылып отырған адамды елестетіп көріңіз. Ал оның «піспегі» — Алланың есімі. Пісуші — Пір. Өзі — күбі. Күбіден не шығуы мүмкін екенін өзіңіз бажайлай беріңіз.
Осындай жәйтты басынан кешкен аталарымыз бір-біріне елеусіз ғана: «Хәлің қалай?», — деп қояды. Ол деген: «Бүгін күбіңнен не шығара алдың?» — дегенге саяды. Хәлден хабарымыз жоқ біз ол хәл сұрасуды қал сұрасу деп білеміз. Ал ол — материялды түсінік.
Түнде тұруға келейік. Рас тәхажуд намазын діндәрлардың дені оқиды. Бірақ тағат қылмайды. Тағат — сабыр сақтау. Ол сабыр — әлгі намазбен шектелмейді. Соған орай Яссауи бабамыз: «Одан кейін хас ұлықтар әмірін қылсын», — дейді. Ол әмір — зікір салу. Соған орай намаздан кейін зікір басталады. Міне сол жанды Тәңір сүйеді. Бұл тұрғыда Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деген:
«Кемшіліктен пәк Ұлы Алла Тағала әр түннің соңғы үштен бір бөлігі қалған кезде, дүние аспанына «Алланың рақымы, мейірімі) түседі де айтады: «Кімде-кім Маған дұға етсе, дұғасына жауап беремін. Кімде-кім Менен сұраса, сұрағанын беремін. Кімде-кім Менен жарылқау тілесе, Мен оны кешіремін». (имам Мүсілім жеткізген).
Егер осылай етсең, Яссауи бабамыз: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
«Сахарда тұр, сияқтанып сабылған көш,
Ғашық болсаң, Исмайылдай жаныңнан кеш,
Тәңірінің әміріне таңылғанда ес,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Иә, аракідік біз де сахарда тұрамыз. Аракідік болатыны, ол біздің өмірсалтымыз емес. Сондықтан да өз көңіл ауанымызға қарай кейде тұрып, кейде тұрмаймыз. Ал сабылған көш үстіндегі адамда ондай қалау жоқ. Ол көш ұдайы жол үстінде. Сондықтан ол көш адамдары үшін сахарда тұру үйреншікті жәйт.
Бұл тұрғыда менің Құлүмбет бабам:
«Сахар тұрып hу десең,
hу-ың жетер ғарышқа,
Қияметтің күнінде
Барша түсер жарысқа,
Қатарыңнан қалыспа,
Сахар тұрып hу дегіл!» — дейді.
Біз бұрын көшіп-қонып жүретінбіз. Табиғатпен үндесе өмір сүретінбіз. Соған орай ұшқан құстың да, жүгірген аңның да тілін түсінетінбіз. Жер де, су да бізге тіл қататын. Бәрі бізге тілеулес еді. Бәрі бізге қызмет көрсететін. Себебі біз жолаушы едік. Ал жолаушының несібесі — жолда. Иесі — Алла.
Бұл — бұрынғы таным. Нақтыласақ, сабылған көш мүшелеріне тән таным. Соған орай біз де: «Ер азығы мен, бөрі азығы жолда», — деп қоятынбыз.
Біздің ата-бабаларымызға тән сол таным тұрғысында Хазреті Бахауддин Нақышбанди бүй дейді:
«Пірім бұйырған жолда ұзақ уақыт жұмыс істедім. Барлық қызметтерді атқардым. Мен жолдан өтіп бара жатқанымда Аллаһтың қандай да бір жаратылысы алдында тоқтап, алдымен оның өтіп кетуін күтетін халге келдім. Бұл халім жеті жыл жалғасты. Осы қызметімнің өтеуі ретінде олардың ыңырсыған аянышты дауыстар шығарып, Хақ Тағалаға жалбарынғандарын сезетін халге келдім».
Біз қазір өзгердік. Көшпенділік тарих қойнауына кетті. Сол көшпенділікпен дәстүрлі дін де бірге кетті. Дін ғана емес, діл де, тіл де, ұлттық болмыс та бірге кетті.
Ал біз ол кезге қалай ораламыз? Көшпенділікке емес, сол мінезге, сол болмысқа, діндәрлыққа, қазақылыққа.
Жауап айқын. Ол үшін сахарда тұрсаң жетіп жатыр. Сахарда тұру — Аллаға ғашықтықтың белгісі. Ол ғашықтық жайлы Хазреті Жалаладдин Руми былай дейді:
«Иләһи ғашықтық пен ынтықтық мүминді сергек ұстайды. Дүниелік пен әуесқой ғашықтықтар адамды ақымақ әрі жынды қылады. Ғашықтық — су мен топырақтан жаратылған адамның жануы және талпынуы. Ол тамырда қанның айналуы, яғни өмірдің жалғасуы емес, қайта көңілдің ғашықтықпен өртенуі. Маңыздысы міне осы».
Соған орай Яссауи бабамыз: Ғашық болсаң, Исмайылдай жаныңнан кеш», — дейді.
Исмайыл — пайғамбар. Ибраhим пайғамбардың баласы. Өзін Алла жолында құрбандыққа шалуға тәслім болған жан. Ғашықтық сол.
Бізге ондай болу… Алайда хәкім Абай:
«Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз…» — дейді.
Демек, сүю — ғылымға жол ашып тұр. Ал ол ғашықтыққа ұласса, өмірдің мәніне айналса, онда өзің сол боласың. Өзіңді (Мен-ді) жоғалтасың. Құрбандық сол. Мәжнүн болу да осы тақылеттес.
Қарапайым түсінік. Ішкілікке салынып кеткен адамдар бізге таңсық емес. Олардың ішінде ақыл-есінен ажырай қоймағандар ғана ақылға құлақ асады. Ал сол жолда бәрін тәркі етіп, көшеде түнеп жүргендерге сөз өтпейді. Міне, нағыз «тақуалар» солар. Тек өзге жол өкілі. Яссауи бабамыз айтқан: «Тәңірінің әміріне таңылғанда ес» — кім де болсын сол биікке көтеріледі. Егер «Тәңірінің әмірі» орнына өз қалауымызды, өзіміздің ғашығымыздың атын қойсақ, Ұлы ұстаз хикметінің мәні ашылады.
Мына әлемде бір жұтым шарапқа есін жоғалтқандарды «алқаш» десек, сопылар да рухани әлем «шарабының» құрбандары. Сол «шарап» дәмін татқан Омар Хайям бүй дейді:
«Маскүнем, арам дей бер, өзіме аян,
Маскүнем, сараң дей бер, өзіме аян.
Сыртымнан, сырым білмей, сын тақпа тек,
Жақсы де, жаман дей бер, өзіме аян».
Міне осылайша «Тәңірінің әміріне таңылғанда ес» Яссауи бабамыз: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
«Риязат тарт, жанды қина, жас шығындап,
Бұл майданға барыңды бер басты бұлғап,
Бал орнына заққұм шайна, тас тығындап,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Риязат — азапты, бейнетті құлшылық. Яссауи бабамыз бізге жаныңды қинап, жасыңды төгіп, сол құлшылықты жаса дейді.
Бұл — ұмыт болған құлшылық. Рас, Яссауи бабамыз сол құлшылықты қайта жаңғыртты. Алайда ол құлшылық бүгінгі күнге жеткен жоқ. Сондықтан да біз азапты, бейнетті құлшылықты қабылдай алмаймыз.
Пайғамбарымыз (сғс): «Мұсылманға қандай да бір қайғы, қасірет, ауру, қиыншылық, зиян келсе, тіпті кірген тікенмен де Алла оның күнәларын кешіреді,» — деген.
Бұл — біздің түсінігіміздегі жаманшылықтың жақсылыққа айналуы. Риязат тарту да тура осы тәрізді. Ғибадат үстінде жаныңды қина, қайыры — сауап. Сауап өз алдына, сол ғибадатта ләззат бар. Себебі риязаттың бәрі нәпсіге қарсы жасалады. Нәпсі ауыртпалығы үстемеленген сайын рух шаттыққа бөленеді. Өлгенде — бостандыққа шығады.
Сахаба Сағыд бірде Алла Елшісіне былай деп сұрақ қояды: «Уа, Расулалла! Жан баласының пешенесіне жазылған сынақтың ең ауыры кімге түседі?», — деп сұрадым. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Пайғамбарларға һәм оларға ұқсағандарға (әулиелер, салиқалы пенделер)», — деп жауап берді (имам Тирмизи, ибн Мәжә).
Демек сынақ — Алланың сүйіктілеріне тән екен. Себебі ол — жан қалауы. Пәк рухтың тынысы мен азығы. Егер әлгі сынақтар ойын-күлкіге, той-думанға ұласса, онда сынақ иелерінің қай-қайсысы да құсалықтан азып-тозып кетер еді.
Қарапайым түсінік. Діндәрлар шарапханаларда бой көрсетпейді. Сондай-ақ сол ыңғайдағы көңіл көтеретін жерлерге де бас сұға бермейді. Тап сол сияқты діннен алыс адамдар да мешіт жамағатымен бірге отыра алмайды. Өз орталары болмаса, екі жақтың да тынысы тарылады.
Ғибадат та осы тәрізді. Риязат тартатындар да Алланың сүйіктілері. Тіпті намаз оқудан Пайғамбарымыздың (сғс) аяғы ісіп кететін болған. Себебі ол — майдан. Майданда аянып қалу жоқ. Сондықтан да Яссауи бабамыз айтқандай: «Барыңды бер басты бұлғап».
Басты бұлғау — зікір. Ал біз зікір сала қоймаймыз. Себебі зікірде жан қиналады. Біздің жанымыз. Ал біздегі жан — нәпсіге тән. Сондықтан ол жан риязатты қош көрмейді. Біздің өзге ғибадаттарымыз да жанымызға ләззат сыйлайды. Рухымызға емес, жанымызға. Ал ол жан иесі кім екенін жоғарыда айттық. Біз кейде өз ғибадатымыздан алған сол нәпсі ләззатын тақуалыққа балайтынымыз бар.
Шынтуайтына келгенде, ғибадат ол емес. Ғибадат, Яссауи бабамыз айтқандай: «Бал орнына зақұм шайнау».
Зақұм — тозақтың түбінде өсетін ағаш. Жемісі — шайтанның басы іспеттес. Ал енді шайна.
Байыбына келсек, мына өмірде бал жеп жүргендер, сол зақұм ағашын шайнауда. Ал сенің сол балды тәркі етуің, зақұм ағашын шайнауың. Біз ол ағашты осы өмірде өсірдік. Күнәмен суардық. Араммен баптадық. Бұл күнде жемісін теріп жеп жүрміз. Ол — біз үшін бал. Егер сол балдан бас тартсаң, Яссауи бабамыз: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
«Илл-Аллаға» ышығыңды жария қыл,
«Әнә әл-Хақ» деп, бол Мансұрдай Жарыңа құл,
Жылап алып, көз жасыңды дария қыл,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Ишқ — Аллаға деген махаббат. Соған орай Хазреті Жалаладдин Руми: «Уақыт шеңберінен шық та, ғашықтық шеңберіне кір», — десе, Яссауи бабамыздың өзі: «Ғашық болсаң, ишқ жолында жоқ бол», — дейді.
Ишқ — адам жанын баураған алау сезім. Құсалық десе де болады. Нақтыласақ, ол — рух. Тек соның өзіне ғана тән сипат. Соған орай: «Ишқы жоқтың — жаны жоқ, жаны жоқтың — иманы жоқ», — делінеді.
Байыбына барсақ, рух бізге берілген аманат. Ол — Аллалық сипатқа ие гауhар. Біз оны өз тәнімізде тұмшалап ұстадық. Ұстап қана қойған жоқпыз, оны өз қалауымызға орай пайдаландық. Бұл жәйт барлық адамға тән.
Дінге бет бұрдық. Алланы таныдық. Соған орай діни ғибадат жасай бастадық. Бірақ бізде Аллаға деген ишқ жоқ. Себебі біз Оны сыртта деп білеміз. Оның үстіне Алланы «іздеп» жүрген рух емес, нәпсі, яғни, біз. Ал ишқ рух нәпсіден арылған кезде көрініс береді. Соған орай Хазреті Руми: «Ишқ нәпсісіне хәкім болған жігіттердің ісі», — дейді.
Нәпсі бізге қай кезде бағынады? Біздің жүрегіміз қай кезде жалын атады? Бұл екі сауалдың жауабы бір. Нәпсі жүрек ишығына өртенген кезде жоқ болады. Жүрек сол кезде жалын атады. Бұл тұрғыда Бахауддин Нақышбанди Хазреті:
«Жүрегіңді ишқ (Аллаға рухани махаббат) базары қыл, темірдің тазаруы отпен болады», — дейді. Осы тазару болған кезде Мансұр Халлаж сынды: «Әнә әл-Хақ», — дейсің.
Әнә әл-Хақ» (Хақ — ол менмін) деген ұғымды береді. Мансұрдың «Әнә әл-Хақ»-ы кезінде осы ұғымда қабыл алынды. Соған орай жазым етті. Ал Яссауи бабамыз болса: «Әнә әл-Хақ» деп, бол Мансұрдай Жарыңа құл», — дейді.
Байбына барсақ, «Хақ — ол менмін» деп өзін жоқ еткен адам ғана айта алады. Ал жоқ болу — құлға тән. Ол құл — пайғамбарлық қызмет. Бүткіл әлем сол қызметті пайдалануда. Ал ол — жоқтық. Тек жоқтық қана Алламен бетпе бет келеді. Соған орай Хазреті Насими:
«Әл-Халлаждай дарға батыл баратын,
Кәне, қандай Хақ иесі дара тұр?
Хақты көріп Нұр дидары ашылған,
Кәне, Хаққа шыныменен ғашық жар?” — дейді.
Мансұр Халлаж хақында имам Раббани «Мәктубат» кітабының екінші том қырық төртінші хатында былай деген: «Ондай ұлық жандардың (Барлық нәрсе Алла) деуі: өзге ештеңе жоқ, тек Алла ғана бар дегені. Мәселен, Халлажы Мансұр «әнә әл-Хақ (Хақ ол менмін)» деді. Бұнысымен мен Хақтың өзімін, Хақ Тағала маған дарыды, мен сонымен бірігіп кеттім дегісі келген жоқ. Бұлай айтқан адам кәпір болып, өлім жазасына кесілуі тиіс. Ол айтқан сөздің мәні (Мен тіптен жоқ екенмін, Хақ Тағала ғана бар) дегендік. Міне, сопылар (әулиелер) барлық нәрсені Хақ Тағаланың есімдерінің және сипаттарының көрінісі, олардың айнаға түскен сұлбасы ретінде қабылдайды. Өзінің оған барып қосылғанын, затында өзгеріс болғанын айтпайды. Мысалы, адамның көлеңкесі өзінен шығады. Көлеңке сол кісімен біріккен, дәл өзі немесе ол төмендеп сол көлеңкенің кейпін алған деген секілді сөздер айтылмайды. Ол адам өз болмысын сақтайды. Көлеңке соның бір көрінісі ғана. Бұл адамды қатты жақсы көрген жан көлеңкені еш көрмейді. Оның өзінен басқа ешнәрсе де көрмейді. Көлеңке соның дәл өзі деуі мүмкін. Яғни, көлеңке жоқ, тек сол адамның өзі бар дейді. Бұдан мынаны түсінеміз, сопылар заттар Хақ Тағаладан пайда болған, Хақ Тағаланың өзі емес дейді. Олай болса, сопылардың (Барлық нәрсе сол (Алла)) дегені (Барлық нәрсе содан) деген сөз. Ахиндер де осылай дейді, екі жақтың арасында айырмашылық жоқ. Тек мынадай айырмашылық бар, сопылар зат Хақтың көрінісі дейді. Ғалымдар бұны айтпай тартынады. Затпен бірлесу, заттың ішіне кіріп кету деп ұғынылмасын деп бұл сөзді айтпайды».
Алайда рухани әлем бір мұхит. Оның көкжиегі өте кең. Соған орай дәрежелер де әрқилы. Сондықтан Хазреті Румидың: «Егер Халлаж мені мен Раббым арасындағы көріністен хабардар болғанда, ол мені таспен атып өлтірер еді», — деген сөзін де көкейге түйіп қойған жөн.
Жылау — барлық ғашық иелеріне тән. Алайда Хазреті Суфиян Сәури айтпақшы: «Жылаудың он түрі бар. Бұлардың тоғызы рия. Біреуі ғана Аллаһ үшін. Міне, осы Аллаһ үшін жылау – жылына бір рет болса да құлдың жәһаннамнан құтылуына, иншаллаһ, себеп болады».
Рас, біз де жылаймыз. Кейде намаз үстінде де жылаймыз. Аллаға жалбарынып алақан жайған кезде, тіпті көз жасымыз төгіліп кетеді. Алайда ол жылау негізінен Аллаға ғашықтықтан емес, өмір соқпақтары тауқыметінен екенін өзіміз ғана білеміз. Жалпы біздің жағдайымыз тордағы тоғайға ұқсайды. Тор — өз тәніміз. Ал тән қалауы — тор ішіне шашылған тары. Тары — мына әлемге тән. Біз соны жеп аламыз да, сол тарыдан келген пәлекетке налып, жылаймыз. Содан арылта көр деп Алла Тағалаға жалбарынып, құлшылық жасаймыз. Бірақ пәлекетті айтамыз да торды қаперге алмаймыз. Болмаса басымызға келген бәле үшін емес, хазреті Руми айтпақшы: «Алла үшін төгілген көз жасы, жүрекке дәрет алдырады». Яссауи бабамыз сол жас иесіне қарата: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
Ай, бейхабар, ғафыл ұйқы — зайғыдасың,
Дүние тілеп күндіз-түні қайғырасың,
Тағат қылшы, бос сөздерден айны да шын!
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Бейхабар — біз. Сонда біз неден бейхабармыз? О дүниеден бе? Жоқ әлде шайтаннан ба? Әлде дүниенің өте шығатынын білмейміз бе? Болмаса ғылым-білімнен хабарымыз жоқ па? Сонда бейхабар мәнін қалай түсінсек болады? Мүмкін Алланың бар екендігінен бейхабар шығармыз?! Әлде Ұлы ұстаз тозақ пен жәннатты қаперге алып тұр ма екен?! Мүмкін бейхабарлық дінге қатысты шығар?! Қалай десек те Яссауи бабамыз біздің бейхабар екендігімізге бек сенімді.
Алайда біз бейхар емеспіз. Біз бейхабар болуымыз мүмкін-ау деп жоғарыда тілге тиек еткен мәселелердің бәрін жақсы білеміз. О дүниені білетініміз, әруақтарға бағыштап құран оқимыз. Қорымдарға да барып тұрамыз. Сондай-ақ шайтаннан да, жәннат пен тозақтан да хабарымыз бар. Бұлар тұрғысында молдалардың бәрі көсілтіп уағыз айтады. Ұстамасақ та дінді де ептеп білеміз. Алланы да танимыз. Таныған соң да ораза ұстаймыз. Солай бола тұра біз ғафыл ұйқыдамыз.
Ғафыл — уайымсыз ұйқы. Рас, кей кезде ұйқымыздың қашатыны бар. Тіпті кірпігіңнің ілінуі мұң болады. Ол енді — уайымнан. Себебі ол уайым — біздің өміріміздің мәні. Біз сол уайым басымызға келмес үшін өмір сүреміз. Соған орай бір бірімізге «Ұйқымыз тыныш болсын!» деп тілек тілейміз.
Бейхабарлық сол. Егер біздің басымызға уайым келмесе, онда біз ешуақытта әлгі ғафыл ұйқыдан ажырамас едік. Онда да біздікі дүние уайымы. Қайғымыз да сол.
Соны білген Яссауи бабамыз: «Тағат қылшы, бос сөздерден айны да шын!» — дейді.
Ал тағат қылдық. Ол тағат қылу — әлгі уайым-қайғыдан арылу. Қалай арыласың, шынайы өмір көрініс береді. Сол кезде бар өміріңнің бейхабарлықпен өткеніне көзің жетеді. Мәселен біз өлімнен бейхабар екенбіз. Біз жасы келген адамның емес, ажалы жеткен адамның өлетінін білмейді екенбіз. Білмегендіктен де өлімді бір ай өмірі қалған адамдай сезіне алмаймыз. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыздың (сғс): «Егер жан-жануарлар өлетінін сендер сияқты білгенде, онда жеуге ет таппай қалар едіңдер», — дегенге саятын хадисі бар.
Егер біз өлімді солай қабылдасақ, онда мына өмірге бет бұрмас едік. Бұл — біздің бейхабарлығымыз.
Қалай бейхабар екенімізді білдік, шайтан көрініс берді. Байыбына барсақ, бізді мына дүниеге байлаған қызылды-жасылды әшекей-үшекейдің бәрі шайтан. Ал «әшекей-үшекейді» санап тауса алмайсың. Сол «әшекей-үшекейлерді» біз жәннатқа балаппыз. Тіпті жәннат нығметтерін де сонымен өлшеппіз. Соған орай жезөкшелер мен хор қыздарын бір ұғымға айналдырып жіберіппіз. Тозақ туралы түсінік те солай. Оған түсетін біз емес, өзге біреулер тәрізді. Тіпті тозаққа өзіміз түссек те, тозақтық іс-әрекеттерден тартына қояйық деген ой бізде мүлде жоқ. Бұл да бейхабарлық. Бейхабар болған соң ешнәрседен қорықпаймыз. Ал ол — имансыздық.
Имансыздық — ауыр үкім. Алайда біз өзімізді мұсылман санатына қосамыз. Демек біздің иманымызда кәкір бар. Ол кәкір — тілдегі иман. Жан болса бейхабар. Сондықтан ол тозақтан шошынбайды. Оған керағар біз осы әлем пәлекеттерінен қорқамыз. Бір сөзбен айтқанда, кім неге сенсе, өзі — сол. Осы жерде біздің Алланы танымайтынымыз мәлім болады. Себебі біз өзімізді Алланың халифасымын, орынбасарымын деп сезінбейміз. Сезінбегендіктен де өзімізде Аллалық мүмкіндік бар екендігінен бейхабармыз.
Неге бейхабармыз? Себебі бізді бос сөздер тұмшалап тастаған. Ал ол сөздің бәрі өтірік. Сөз ғана емес, жасап жатқан ғибадатың да өтірік. Өтірік болатыны, өзің өтіріксің. Сол өтірік — өзіңді танытпай тұр; Сол өтіріктен ғафыл ұйқыға кеттің; Сол өтірік — о дүниені ойлантпайды. Себебі ол — ақиқат. Ал ол ақиқат өлген кезде көрініс береді. Соған орай хадисте: «Өлмей тұрып өліңдер» делінеді. Тағат қылып, бос сөздерден айну — сол. Егер солай етсең, онда Яссауи бабамыз: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың «Кепіл болам» атты хикметінің соңғы екі шумағында:
«Тағат қылсаң — тас төсекпен қалсаң жолда,
Бітіміңді Хақ ұсынған салсаң жолға,
Өлеріңде толық иман алсаң қолға,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Құл Қожа Ахмет, өзіңе қыл насихатты,
Халықты айтып, өзіңді ұмытып, басың қатты.
Тауың — ауыр, қылмысың — зор, тасың — қатты,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Тағат қылу — тағдырға иман. Егер басымызға келген жақсылықты да, жамандықты да иманға телісек, тағат сол. Сондай жағдайда тағат қыла алсаң, Алла көрініс береді. Аталарымыз айтқан қайғысыз қара су мәнін сол кезде түсінесің.
Тағат пен сабырды — бір ұғым десе де болады. Сыртқы көріністе солай. Шынтуайтына келгенде, тағат — тағдыр. Тас төсек — тағдыр тауқыметі. Соған тағат ету, қалыпты жәйт. Тағат иесіне қалыпты жәйт. Өзгеге ол — сабыр сақтау. Біз негізінен басымызға түскен өтпелі ауыртпалықтарға сабыр сақтаймыз. Оның өзі жоғарғы иман көрінісі. Ал тағат — тас төсекті сол қалпы қабыл алу. Тас төсек — сенің өмір жолың. Тағат сол.
Ал оған кім шыдас береді? Шыдас берген адам — тақуа. Тақуа — бітімін Хақ ұсынған жолға салған адам. Сонда Хақ ұсынған жол — қандай жол?
Ол — тас төсекті жол. Ал бітім — Аллалық болмыс. Нақтыласақ, өз болмысымыз. Ол бітімге нәпсі әсер ете алмайды.
Ұғынықтылық үшін Ибраhим Әдhам басынан өткен мына бір оқиғаны қаперге алайық.
Ибраhим Әдhам патша болып тұрған кезде, оның төсек-орнын жинастырып жүрген бір жалшысы: «Патша төсегіне жатқан қандай болады екен», — деген оймен, өз құмарлығын баса алмай, салулы төсекке бір аунап тұрады. Алайда ол ісі әшкере болып, жазаға тартылады. Әлгіні патша алдына алып келіп, дүре соғады. Дүре соққан сайын жалшы бір күліп, бір жылайды. Ибраhим Әдhам одан күлу себебін сұрағанда, ол: «Мен мына төсекке бір рет жатамын деп осыншалықты жапа шектім. Сол үшін таяқ жеудемін. Таяқ жаныма батқанда жылаймын. Ал күнде жатып жүрген сіздің жағдайыңыз Алла алдына барғанда қандай болатынын ойлағанда, күлемін», — дейді.
Осы тақылеттес оқиғалар Ибраhим Әдhамға әсер етіп, ол патшалығын тастап, дәруіш болып кетеді. Бітімін Хақ ұсынған жолға салу дегеніміз осы. Ендігі оның өмір жолы — тас төсек. Ол жолға түскен соң тағат қылуға тура келеді. Өлеріңде қолға алар толық иман сол. Ал таяқ жеген жалшының жазаға мойынсұнуы — сабырлылық.
Яссауи бабамыз осылай дей тұра, сөз соңын:
«Құл Қожа Ахмет, өзіңе қыл насихатты,
Халықты айтып, өзіңді ұмытып, басың қатты», — деп түйіндейді.
Байыбына барсақ, Яссауи бабамыз бен халықты бөле қарастыруға болмайды. Өзі, ол — халық. Соған орай өзіне не тілесе, халыққа да сол тілеу айтылуда. Бас қату — соның айғағы. Ал тау — артылған жүк. Халықтың жүгі. Қылмыс та халыққа тән. Маңдайға тиер тастың қатты болатыны сондықтан.
Ұлы ұстаз осылай дей тұра: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді. Бұл — өзіне берілген кепілдік. Ал өзі — халық. Демек, Яссау бабамыз шапаны етегінен ұстағандардың бәрі Хақ дидарын көретіндігі шүбәсіз.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Опасыз фәни» атты хикметінде:
«Опасыз фәни — бұл жалған
Жұтады жуан-жұқаны.
Малыңа сенбе құлданған,
Қурайдың ол бір бұтағы», — дейді.
Мына дүние — жалған. Оны білеміз. Біле тұра сол жалғаннан ажырағымыз келмейді. Ажырағымыз келмейтіні, біздің қалауымыз — сол жалған жемістері. Ал ол «жемістер» сан қилы. Тіпті оларды санап түгесе алмайсың.
Рас, ол «жемістердің» жақсысы да, жаманы да, ащысы да, тұщысы да бар. Біздің түсінігімізде солай. Ол «жемістер» — өмір дәмі. Иесі біз. Алайда, оңды «жеміс» жегендер — оңшылдар. Ал теріс ыңғайдағы «жемісті» жегендер — солшылдар. Нақтыласақ, оңшылдар — сауап иелері де, солшылдар — күнәhарлар.
Біз өзіміз сүріп жатқан өмірге, мына материялды әлемге осылай баға береміз. Ал Яссауи бабамыз болса, бұл әлемнің барлық «жемісін», яғни, өмірдің өзін: «Опасыз», — дейді. Опасыз деп біз жаманға, ащыға, күнәға балаған «жемістерді» емес, біздің сауапқа, игілікке балаған барлық іс-әрекеттерімізді, яғни, біздің өз өмірімізде жұлған, жеген, пайдаланған, сол арқылы абырой биігіне көтерілген барлық «жемістерімізді»: «Опасыз», — деп, белінен бір-ақ сызады. Опасыз болатыны: «Жұтады жуан-жұқаны».
Жуан мен жұқаның мағынасы кең. Жуан — игілер. Опасыз жалғанның игілері. Оларды біздің түсінігіміздегі сауап иелері, яғни, оңшылдар десе болады. Ал жұқалар — жоқ-жітік, кедей-кепшік, ұры-қары, бір сөзбен айтқанда — солшылдар, яғни күнәhарлар.
Күнәhарлар жайы белгілі. Үміт — жуандарда. Себебі оларда мал бар. Мал — олар иелігіндегі игілік. Ол — садақа; ол — сауапты істер; ол — алған білім; ол — атқарған қызмет; ол — атақ-абыройың; ол — жасаған ғибадатың… Осылай жалғастыра беруге болады. Алайда Яссауи бабамыз соған «Сенбе» деп тұр. Себебі олар біздің игілігіміз емес, біз солардың құлымыз. Сондықтан оларда баға жоқ. Бағасыз болатыны: «Қурайдың ол бір бұтағы».
Байыбына барсақ, қурайдың бұтағы түгілі, өзінде қадір жоқ. Сонда біздің бар өміріміздің бағасы — қурайдың бұтағына телінді. Оның үстіне бұл — оңшылдар өмірі. Демек, жалғаннан қайыр жоқ. Қайыр жоқ болатыны, жалған — ұйқыдағы адамның түсі тәрізді.
Мынандай бір тәмсіл бар. Бірде Харон Рашид ай далада ұйықтап жатқан бір дәруіштің үстінен түседі. Әлгімен тілдеспекке оятқанда, ол: «Ой, қадірменді падишах, мені бекер ояттыңыз ғой. Түсімде патша болып, жұрттың бәрін зыр жүгіртіп жүр екенмін», — дегенде, Харон Рашид: «Оянған кезде жоқ болып кететін патшалықты несіне әңгіме қылып тұрсың», — дейді. Сонда дәруіш: «Менің патшалығым — көзім ашылғанда жоқ болса, сіздікі — көзіңіз жұмылғанда жоқ болып кетеді. Екеуінде пәлендей айырмашылық жоқ-ау», — деп өз жөніне кеткен екен.
Сол айтпақшы, жалғандағы өмір мен ұйқыдағы адамның түсі арасында да ешқандай айырмашылық жоқ. Соған орай Хазреті Әли: «Адам баласы ұйқыда, өлген кезде оянады», — деген. Бұл тұрғыда хадисте: «Өлмей тұрып өліңдер» делінеді.
Ал өлдік. Қалай өлдік, Яссауи бабамыз айтқан: «Опасыз фәни — бұл жалған», — деген хикметінің мәні ашылды. Себебі біз жалғаннан, жалған бізден бөлек тұр. Енді аңғарсақ, біз өзімізге емес, жалғанға қызмет етіппіз.
Аллаға шүкір! Біз соны білдік. Себебі өлмей тұрып өлдік. Өлу — қайта туу. Қайта туу — арғы әлемде жүзеге асады. Ол әлемнің аты — руханият. Руханиятта күпірлік жоқ. Ол — күнәдан пәк әлем. Ол жерде тек жәннаттық адамдар өмір кешеді. Ол жерде ұрыс-керіс, дау-дамай, өсек-өтірік деген атымен жоқ. Ол жер адамдарының бәрі бақытты. Сіз сол жердесіз. Себебі өліп қалғансыз.
Шынтуайтына келгенде, өлген — нәпсі. Қурайдың бір бұтағын малданып жүрген сол. Сол нәпсі Яссауи бабамыздың осы хикметіне құлақ асса, соған сенсе, сол сенімін Ұлы ұстазға білдірсе (Ол білдіру Пірге қол беру арқылы жүзеге асады), өледі. Мұсылман — сол.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Опасыз фәни» атты хикметінде:
«Қай жаққа кетті аттанып,
Пікір қыл, сонау көп халық?
Жетеді қуып ат-табыт,
Кигізіп жеңсіз лыпаны», — дейді.
Иә, осы азды-көпті ғұмырымызда талай адамның жаназасына қатыстық. Қаншама жақындарымызды ақтық сапарға шығарып салдық. Тамыр-таныстар, қызметтестер, сыныптастар, ауылдастар өз алдына. Ел алдында жүрген белгілі тұлғалар қабіріне де топырақ салыстық. Беріліп жатқан аста есеп жоқ. Бірінің қырқына, екіншісінің жылына қатысудамыз. Аяғымыз жетпеген жерге телефон шаламыз. Әйтеуір тоқтаусыз кетіп жатқан бір адам. Егер өмірден озған өзіміз білетін марқұмдар есебін алсақ, қарадай шошыр едік.
Бірақ біз шошымаймыз. Тіпті қаза үстінде де әзілге ерік береміз. Бізді өлілер емес, тірілер тағдыры көбірек мазалайды. Себебі біз өлген адамдардың бәрін бір адам сияқты көреміз. Олар тірілер сияқты сараланбайды. Оларға жақсы-жаман, бай-кедей деп баға да берілмейді. Атқарған қызметтері де қаперге алынбайды. Тіпті өлген кезде аттары да аталмайды. Марқұм, не сүйек дейміз. Сосын кім болса да «Жақсы адам еді» деп қоямыз.
Бұл — бүгінгі кейіп. Ал бұрын, біз бұрын өлінің де, тірінің де бағасын білетінбіз. Соған орай дүниеден озған марқұмға қарата, Яссауи бабамызша: «Қай жаққа кетті аттанып?» — деп қоятынбыз. Ал бұл сауал астарында иман тұр. Өлген адамның иманы. Ол иман бізге өлгеннен кейін де өмір бар екендігін аңғартуда. Соны білгендіктен де біз марқұмның қай жаққа кеткендігіне алаңдаулымыз. Сол алаңдау негізінде Яссауи бабамыз: «Пікір қыл», — дейді. Сол пікір қылуға орай марқұмға зират таңдалады. Бірінші қаперге алынатыны, ата-баба қорымы. Себебі біз ата-бабамыз иманына шүбә келтірмейміз. Шүбә келтірмегендіктен де сол әруақты ата-бабаларымыздың өз ұрпағын шетқақпай қылмайтындығына үміт артамыз. Бұл — жалпы қарапайым халық басындағы жәйт.
Тұлғаларға келейік. Олар қай кезде де ел назарында. Сондықтан олардың айтулы әулиелердің аяқ жағында жатқандығын жөн көреміз. Осы жерде Әзірет Сұлтан кесенесі маңында жерленген хандарымыз, батыр, билерімізді қаперге алсақ болады. Бұл — сол дәуір халқына сай иман өлшемі. Бір жағы — ақида. Соған орай біз әулиелер шапағатына үміт артамыз. Оның үстіне ол кезде әр ауыл сайын бір-бір Ишан болатын. Тіпті қорымдарға дейін Ишандар атымен аталатын. Біз дүниеден озған марқұмдарды солар әруағына табыстайтынбыз. Сондықтан да олардың қай жаққа кеткендеріне шіли алаңдай қоймайтынбыз.
Бүгінгі күні де алаңдай қоймаймыз. Алаңдамайтынымыз, біз олардың қай жаққа кеткендігіне тіпті бас та қатырмаймыз. Сондықтан да біз үшін өлген адамның бәрі бірдей. Тіпті ол марқұмдардың қай дінді ұстанғаны бізді онша қызықтыра қоймайды. Соған орай мазар да таңдалмайды. Қай жерден топырақ бұйырады, сол жерге жерлей салады.
Бұл — иман өлшемі емес. Соған орай біз жеке адамдар мазарын сәулет өнері туындысына айналдыра бастадық. Қорым бастарында бой көрсете бастаған әрқилы ескерткіштер, еңселі кесенелер иман өлшемі сияқты әсер қалдыра бастады. Бүгінгі пікір соның төңірегінде өрбиді.
Өзімізге келейік. Өзіміз, ол — бүгінгі тірілер. Алайда Яссауи бабамыз айтпақшы:
«Жетеді қуып ат-табыт,
Кигізіп жеңсіз лыпаны».
Жеңсіз лыпа — біздің ахиреттік киіміміз. Ал біз сол күнге дайынбыз ба?
Рас, әйтеуір бір күні дүниеден озатынымызды білеміз. Бірақ қай жаққа кететінімізді білмейміз. Ол кетудің бір өлшемі — қорым. Біз тірі кезде де сол қорымдамыз. Сондықтан кім де болсын өз «қорымына» бажайлап бір назар салып қойғаны жөн.
Ал әзірге хакім Абай айтпақшы: «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел. Алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер. Кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Опасыз фәни» атты хикметінде:
«Аңдыма дүние қапысын,
Тірлік қыл Тәңір қақы үшін.
Жей көрме жанның ақысын,
Қылкөпір ертең тұтады», — дейді.
Яссауи бабамыз осылай десе де біздің дүние қапысын аңдымайтын кезіміз жоқ. Дүние қапысын аңду — біздің ең бір бақытты сәттеріміздің бірі. Себебі ол — біздің ісіміз оңғарылатын кез. Біз сол қапысын тапқан кезде — жұмысқа тұрамыз; қапысын тапқан кезде — үйленеміз; қапысын тапқан кезде — үйлі боламыз; қапысын тапқан кезде — қызмет ауыстырамыз. Соған орай тірлігі оңғарылмай жүрген өзгелерге: «Қапысын тапсайшы», — деп ақыл айтамыз. Ал Яссауи бабамыз болса: «Аңдыма дүние қапысын», — дейді.
Ал аңдымадық. Қалай аңдымадық, дүние өз мәнін жоғалтты. Себебі біз оның орнына Тәңір қақы үшін тірлік қыла бастадық.
Тәңір қақы — тек иманды іс. Рас, ислам парыздарының бәрі иманды іс санатына жатады. Бірақ олар Тәңір қақысы емес, әмір. Ол — міндет; ол — ғибадат; ол — құлшылық; ол — амал. Ол амалдарда Алла ризашылығы бар. Дін сол.
Ал Тәңір қақысы, ол — тірлік. Ол — өмірсалты. Мұсылманға тән өмірсалты. Біз ол өмірсалтына дүние қапысын тәркі еткенде қол жеткіземіз.
Тәңір қақы — біздің рухымыз. Біз ол үшін ешқашан тірлік қылған емеспіз. Егер өзімізді өзіміз танысақ, өзімізді өзіміз ұлықтасақ, сол жанның азығын берсек, онда Тәңір қақы үшін тірлік қылған боламыз. Себебі ол — бізге берілген аманат. Ал аманатты сол алған саф қалпында Иесіне қайтару, Тәңір қақы.
Байыбына барсақ, Тәңір қақы — біздің қақымыз. Алайда біз ешқашан өз қақымыз үшін қызмет еткен емеспіз. Біздің қызметіміз — нәпсі қалауы. Ал ол дүние қапысын аңдуға құрылған. Бұл тұрғыда біз қол жеткізген барлық жетістіктер — жанның ақысы. Біз оны дүние қапысына пайдаландық. Бізді сол үшін «Қылкөпір ертең тұтады».
Жанның ақысын жеу, жетімнің ақысын жегенмен бірдей. Себебі нағыз жетім — жан. Біз оның басынан ешқашан сипаған емеспіз. Біз оны ұдайы аш қалдырдық. Бірақ соның игілігін пайдаландық. Ал ол Аллалық игілік. Тәңір қақы.
Жалпы бізге Алла Тағала тарапынан берілгеннің бәрі Тәңір қақы. Көру, есту, сөйлеу сияқты Аллалық сипаттар мен ақыл-ес те Тәңір қақы. Бізді қоршаған табиғат, тау-тас, орман-тоғай, тіпті жұтқан ауаға дейін Тәңір қақына жатады. Алайда соның бәрі Тәңір қақы екен-ау деп тірлік қылып жатқан адам аз. Сондай-ақ біз күнделікті тұтынып жатқан риздық-несібелер де Тәңір қақысы. Сондықтан біз нанды өзіміз үшін, ал қиқымын Тәңір қақысы үшін жейміз. Табақты жалап қою да сол тәрізді. Бір жұтым суда да Тәңір қақысы тұрады.
Сол Тәңір қақысының иесі — біздің жанымыз. Ал жанымыздың қақы — Тәңір қақы. Яссауи бабамыз соған орай: «Жей көрме жанның ақысын», — дейді. Себебі сұрауы бар. Сондықтан кімнің де болсын Ұлы ұстаз хикметінен тағлым алғаны жөн.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Опасыз фәни» атты хикметінде:
«Ұл-қызың, досың жорықтас,
Ешбірі жебеп жарытпас.
Жігерлен, сілкін, ғаріп бас,
Ғұмырың желдей зытады», — дейді.
Біздің өміріміздің мәні — отбасымыз. Сондай-ақ дос-жарандарымыз да біз үшін қымбат. Біз солармен бірге өмір кешеміз. Қуанышта да, қайғыда да біргеміз. Егер ол екеуі болмаса, онда өмір өз мәнін жоғалтады.
Алайда осы екеуінің де алдына түсетін құндылық бар. Ол — иман. Яссауи бабамыз: «Ешбірі жебеп жарытпас»,- дегенді соған орай айтып отыр. Себебі ұл-қызымыз да, дос-жаран да бізбен бірге арғы әлем босағасын аттай алмайды. Аттайтын тек иман.
Иман — жалпы ұғым. Қалған іс-әрекеттеріміз сол иманға орай жүзеге асады. Ол — біздің өмірсалтымыз; ол — ғибадат; ол — әдеп; ол — Пайғамбарымызға (сғс) деген махаббат…
Бірде хазреті Омар (р.а.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Уа, Алла елшісі! Сізді, өзімді қоспағанда, барлығынан артық жақсы көремін»,-дейді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жоқ, менің жаным иелігінде болған Алламен ант етемін, өз жаныңнан да артық мені жақсы көрмейінше болмайды»,-деді. Мұнан кейін Омар (р.а.): «Уаллаһи, енді сізді жанымнан да артық жақсы көремін»,-дейді. Бұған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, Омар! Міне, енді толық болды», — деп иманы кемелдікке жеткенін айтқан екен. Кемел иманның кілті – екі дүние сұлтаны Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өзімізден, ата-анамыздан және бала-шағамыздан артық жақсы көру. Басқаша айтқанда, әз-Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) барлығынан артық жақсы көрмейінше ата-анамызды да, бала-шағамызды да лайықты түрде құрметтеп жақсы көре алмаймыз.
Пайғамбарымызға (сғс) деген осы махаббат өз отбасыңа, дос-жараныңа да әсер етеді. Себебі ол — опасыз фәнидің керағар жағы. Осы керағар жағына өтпейінше Пайғамбарымызды (сғс) өз отбасыңды былай қойғанда, өзге фәнилік құндылықтардың да алдына шығара алмайсың. Шығардым деу, бос сөз. Яссауи бабамыз: «Жігерлен, сілкін, ғаріп бас», — дегенде сол рухани әлемді қаперге алып тұр. Ал ол — мәңгілік әлем. Негізі — Пайғамбарымыздың (сғс) нұры. Ал біздің жанымыз сол нұрдың бір тамшысы. Біз соны білген кезде Пайғамбарымызды (сғс) материялдық құндылықтардың алдына шығарамыз.
Яссауи бабамыздың айтпағы да осы.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Опасыз фәни» хикметін былайша түйіндейді:
«Құл Қожа Ахмет, тағат қыл,
Ғұмырыңды қай жан санап тұр?
Топырақ пен судан жаратты —
Топырақ қайта жұтады».
Тағат туралы осыған дейін де айтқанбыз. Тағат — иман; тағат — сынақ; тағат — ауыртпалық; тағат — тағдыр. Тағдыр болған соң — иман. Оның иман екенін білген жандар Яссауи бабамыз сынды: «Құл Қожа Ахмет, тағат қыл», — дейді.
Бұл сөзді сырт көзге мейманасы тасып жүргендей көрінетін Абай атамыз да айтқан. Хакім Абай бүй дейді:
«Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!..»
Абай атамыз да соқтықпалы, соқпақсыз жерде өссе де тағдырына налымай, тағат қылып тұр. Сондай-ақ мыңмен жалғыз алысуды да тағдыр ісі деп біледі. Сүрген өмірі сондай кезеңге тап келген соң, бізге де: «Кінә қойма!» — деп қояды. Болмаса Абай атамыздың да «Іші толған у мен өрт, сырты дүрдей».
Яссауи бабамыздың өмір жолы осы тақылеттес. Соған орай: «Ғұмырыңды қай жан санап тұр?» — дейді. Бұл сөз бар өмірінің осылай өткенін айғақтайды.
Енді байыптап көрелік. Абай атамыз айтпақшы, сыртың дүрдей болғанымен, ішің тола у мен өрт болса, сол да өмір ме? Адам баласы қалайша соған тағат қылмақ? Ол деген сабырыңды сынайтын басқа келетін уақытша бір сынақ болса бір сәрі. Ал бар өміріңнің у мен өрт болуы… Айтарға сөз жоқ.
Шынтуайтына келгенде, тағат та сынақ сияқты өтпелі. Сондықтан тағат қылу мен сабыр сақтаудың мәні бір. Ұлы адамдарға мәні бір.
Рас, тағыры ауыр адамдар болады. Сырт көзге олар да тағат қылып жүргендей көрінеді. Алайда олардың ешқайсысы да өз өмірлеріне ризашылық танытпайды. Соған орай олар өмірлері көнбістікпен, не болмаса, налумен өтеді.
Біз жоғарыда ұлы адамбар үшін тағат ету мен сабыр сақтау бір ұғым дедік. Нақтыласақ, иманды адамдар үшін бір ұғым. Бұл тұрғыда Яссауи бабамыз:
«Топырақ пен судан жаратты —
Топырақ қайта жұтады», — десе, хакім Абай:
«Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ», — дейді.
Демек, өмір — өтпелі, жалған. Соған орай олар тағат пен сабыр сақтаудың мәнін бір деп түсінеді. Егер Яссауи бабамыз хикметін қабыл алсақ, біз де солай түсінеміз.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Даналық кітабын» былай деп бастайды:
«Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып,
Шәкірттерге дүр мен гауhар шаштым, міне.
Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,
Мен «Дәптер сәни» сөзін аштым, міне».
Сөз басы – «Бисмиллә». Бисмиллә айтылған соң, Рахман мен Рахимнің қоса айтылатыны күмәнсіз. Демек хикмет аса қамқор, ерекше мейрімді Алланың атымен басталып тұр. Бұл деген, хикмет мәні Алланың қамқорлығы мен мейріміне тұнып тұр деген сөз. Сондай-ақ, хикмет мағынасы Құран екендігін де айғақтайды. Яссауи бабамыз соған орай: «Шәкірттерге дүр мен гауhар шаштым, міне», — дейді.
Байыбына барсақ, Ұлы ұстаз хикметінің «Бисмилләмен» ашылуында өзіндік мән бар. Дмек, хикмет сыры Алла есімінсіз ашылмайды. Соған орай Алла есімін, яғни, «Бисмилләні» сіз бен біз де айттық. Алайда хикмет мәнін ұғып жатқанымыз шамалы. Себебі «Бисмиллә» — рухани әлемге тән сөз. Ал біз ол әлем табалдырығын аттай қойған жоқпыз. Сондықтан «Бисмилләні» осы жалған әлемде қанша рет айтсаң да ол сырын ішіне бүккен ақиқат әлемінің есігін ашпайды. Сондай-ақ ол сөзде Алла есімінің қасиеті де болмайды. Сондықтан Яссауи бабамыз хикметін қанша оқысаң да әлгі «Бисмилләны» Алласыз оқығандай күй кешесің. Ал Алла сол «Бисмилләның» ішінде тұр. Хикмет те соның ішінде.
Сонда ол есік қалай ашылады? Оп-оңай. Ол үшін әуелі «Қуылған шайтаннан Аллаға сыйыну» дұғасын оқу керек. Ол дұға: «Әғу-зу бил-лә-hи мин-әш-шай-то нер-рожим».
Иә, сол дұға. Біз бұл дұғаны Құранның әр аятын оқитын кезде «Бисмилләның» алдында айтамыз. Демек, Яссауи бабамыз хикметі мәні де Құран.
Байыбына барсақ, біз қуылған шайтаннан Аллаға сыйынғанда, мына әлемнен шығамыз. Себебі осы дұғаның өзінен-ақ мәлім болып тұрғанындай, біз тіршілік етіп жатқан осы материялды әлем — шайтанға тән. Шайтан әлемі болғандықтан жер беті Алла есімін көтере алмайды. Сондықтан жер бетін әуелі шайтаннан тазартып, сол тазарған әлемге өткен соң Алланың есімін айтып, Құранымызды оқып, ғибадатымызды жасай береміз. Яссауи бабамыз хикметі де сондай ғибадат. Сондықтан да ол — «Дәптер сәни».
«Дәптер сәни» — оқулық. Соған орай Яссауи бабамыз: «Шәкірттерге дүр мен гауhар шаштым, міне», — дейді. Сонымен қатар ол — «Екінші кітәп». Бірінші — Құран Кәрім.
Назар аударар жәйт. «Даналық кітабы» қалай ашылды? Бұл тұрғыда Яссауи бабамыз:
«Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,
Мен «Дәптер сәни» сөзін аштым, міне», — дейді.
Біз сыдыртып оқып шыққан хикметтің өмірге қалай келгендігіне тағы бір назар аударайық. Бақсақ, Яссауи бабамыз ол үшін «Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтыпты». Ал бірінші кітәп (Құран Кәрім) қалай жазылып (түсіп) еді? Пайғамбарымыз (сғс) Құран түскен соңғы 23 жылында қалай өмір кешті? Басынан қандай оқиғалар өтті? Оны ұғыну үшін Яссауи бабамыз хикметін тағы бір қаперге алайық:
«Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,
Мен «Дәптер сәни» сөзін аштым, міне».
Ұғынықтылық үшін «Дәптер сәнидың» орнына «Құран Кәрім» десең жетіп жатыр. Сондықтан да бұл — «Екінші кітәп». Мағынасы — Құран.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Даналық кітабындағы» «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Сөзді айттым кімдерге де етсе талап,
Ашық сөйлеп жақын жанды жанға балап.
Ғаріп, пақыр, жетімдердің басын сипап,
Діні қатты халайықтан қаштым, міне», — дейді.
Сөз айтылды. Даналық сөз. Алайда бабамыз хикметі кімдерге де дүр, гауhар болып шашылса да оны тек талап етушілер ғана қабыл алды. Олар — жанға баланған жақын жандар. Демек, кім де болсын жанға баланбайынша жақын тұтылмайды екен. Егер жанға баланбаса, онда қанша жерден ашық сөйлесең де ол сөз жүректерге жетпейді. Жетпейді емес, өтпейді. Себебі жан — рухани әлем. Жетім де сол. Соған орай Яссауи бабамыз: «Ғаріп, пақыр, жетімдердің басын сипап», — дейді.
Жетім сөзінің мәнін ұғыну үшін Мұқағали Мақатаевқа сөз берейік. Ақиық ақын бүй дейді:
«…Біздер –
Жетімдерміз,
Жетімдерміз.
Ақпанның,
Аяз қардың өтіндеміз.
Мына сараң өмірден сауға сұрап,
Тіршіліктің мазасын кетіргеміз…
…Доп қылып жердің шарын өтудеміз.
Бостан-босқа өлмейміз,
Өкінбеңіз…
Босағасын паналап талайлардың,
Талайлардың басынан секіргеміз…
…Өмірге келу де егіз, кету де егіз.
Сүреңсіз өтуде жаз, өтуде күз.
Жалғанда өлім барда – жетімдер бар,
Сондықтан мәңгілікке бекінгеміз.
…Ұрылар да емеспіз, қарылар да!
Қарғыс таңба біздерден арылар ма?!
Жылынамыз бір ауыз жақсы сөзге,
Қарғыс аяз біздерді қарығанда.
Жасамаймыз қиянат жаны барға.
Жаны бар жан, бірақ та табылар да,
Жетім көңіл жақсыға жарыған ба?!
…Бізге жат – өлі кімдер,
Тірі кімдер…
Жиылып, Жер шарының жетімдері,
Алдында Ақиқаттың бірігіңдер!..»
Ақын өлеңіне арқау болған жетімдер тағдырын біз де ептеп білеміз. Ал Яссауи бабамыз басынан сипаған жетімдердің — рухы жетім. Олар өздерінің жетім екенін білгендер. Мұсылман солар. Білмегендер — діні қатты халайық. Ұлы ұстаз: «Қаштым, міне», — деп соларға қарата айтып отыр.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Адам баласы жан мен тәннен тұрады. Алайда біз ол екеуін бір ұғым деп қабылдаймыз. Сол бір ұғым — сіз бен біз.
Сонымен біз тудық. Туа сала ата-анамыз қамқорлығына шомдық. Өстік-өндік, оқыдық-тоқыдық, жетілдік. Мемлекет қамқорлығының игілігін көрдік. Ауырсақ — емделдік. Егер байыбына барсақ, біз бастан кешкен осы тақылеттес өмір жолының барлығы материялдық қалауға негізделген. Соған орай біз өмір бойы тән игілігі үшін қызмет еттік. Оның үстіне біз тіршілік етіп жатқан қоғамдық жүйе де тек тәнге қызмет көрсетеді. Рас, біз руханиятқа да мән береміз. Біз сол өзіміз мән берген руханиятты (кітап, білім, өнер…) жан азығы деп қабылдаймыз. Сол азықты қабыл алғанда жанымыз жай табады. Біз руханиятты осы ыңғайда түсінеміз. Діни ғибадатты да осы түсінік ыңғайына орай жасаймыз. Міне осы біз — Яссауи бабамыз қашқан «Діні қатты халайық» санатына жатамыз. Себебі біздер жетімнің басынан сипамайтын, тіпті жетімдерді бар деп те білмейтін тасжүректерміз. Ал ол жетім — біздің жанымыз.
Яссауи бабамыз сол ғаріп, пақыр, жетімнің басынан сипады. Ол сипау — осы хикмет. Жанның азығы да осы. Құран, діни ғибадаттар да жанның азығы. Алайда ол ғибадаттарды да жан жасауы керек дә. Ал ол ғибадатты жан емес, діні қаттылар жасап келді.
Ендеше діні қатты сол халайықтан біз де қашайық. Жанымызды Яссауи бабамыз хикметтерімен азықтандырайық!
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» дейтін хикметінде:
«Қайда жүрсең көңіл жұмсақ, сыпайы болғыл,
Көре қалсаң мүсәпірді сырлас болғыл.
Махшар күні Тәңірге жақын болғыл,
Менменсінген халайықтан қаштым, міне», — дейді.
Басы ашық жәйт. Көңіл жұмсақ болмаса, сыпайы бола алмайсың. Көңіл жұмсақтығынсыз сыпайы болып көріну, ол әншейін бір сыртқы форма. Жалпы тәннің өзі форма. Көңіл — рух. Сондықтан тән ешқашан жұмсақ бола алмайды. Алайда біз тән мен рухты бір ұғымға балаймыз. Соған орай сыртқы сыпайылықтың өзі мәдениет өлшемі болып табылады. Сонымен қатар ол сыпайылықты қалыптастыратын өзіндік мектептер бар. Сол мектептер сырты сыпайы робот адамдарды жасап шығарады. Біз көріп жүрген сыпайы адамдар солар.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Мәселен, шәкірт — ұстазының алдында сыпайы; ұстаз — бастығының алдында сыпайы; бастық — биліктің алдында сыпайы; ал билік сыпайылығы — ережемен бекітілген. Жалпы халық сыпайылығы — мәдени қалыппен өлшенеді. Ол қалыпқа сыймағандар заңмен жазаланады. Бір сөзбен айтқанда, біздегі сыпайылық — бақылауда тұратын сыпайылық. Енді осы адам қайда жүрсе де сыпайы бола ала ма? Яссауи бабамыз болса: «Қайда жүрсең көңіл жұмсақ, сыпайы болғыл», — дейді.
Яссауи бабамыз айтқан «Қайда жүрсең» дегенді біз өзімізше бақылауы жоқ жер деп ойлайық. Сонда біздің сыпайылығымыз көлік жүргізушінің бақылау камерасы алдындағы сыпайылығы сияқты екендігі мәлім болады. Себебі ол сыпайылық біздің болмысымыз емес. Ол жәй әншейін форма. Егер біз бір-біріміздің шын бейнемізді көрсек бар ғой… Иә, қарадай шошыр едік.
Яссауи бабамыз әлгі сыпайы адамға: «Көре қалсаң мүсәпірді сырлас болғыл», — дейді. Ал біз ол мүсәпірді көрген емеспіз. Айналамыздың бәрі мүсәпір. Бірақ біз көрмейміз. Себебі көңіліміз жұмсақ сыпайы емеспіз. Егер солай еткенде Махшар күні Тәңірге жақын болар едік.
Байыбына барсақ, сыпайылыққа да, мүсәпірмен сырлас болуға да, Тәңірге жақындауға да негіз болып тұрған — көңіл жұмсақтығы екен. Ал көңіл — материя емес. Ол — рух. Біз сол рухты иемденушілерміз. Иемденуші — материялистер. Соған орай Яссауи бабамыз: «Менменсіген халайықтан қаштым, міне», — дейді.
Ендеше біз де қашайық. Сол кезде Ұлы ұстаз хикметінің мәні ашылады. Жалпы ол мән де емес, ақиқат. Ақиқат — біздің жаратылысымыз. Көңілі жұмсақ та, сыпайы да, мүсәпірмен сырлас, Тәңірге жақын болатын да біз. Мұсылман да солар. Ол үшін өз рухыңды менменсіген халайықтан аршып алсаң жетіп жатыр.
Мынандай бір тәмсіл бар. Патша мен сол заманның Пірі арасында жер бетінде кімдер сыпайы, кімдер иманды деген сауал төңірегінде талас туындап қалады. Патша өз қызметкерлерін сыпайы, әрі иманды деп білсе, Пір: «Ондай мінез тек сопыларға тән», — дейді. Патша: «Оны қалай дәлелдейсің?» — дегенде, Пір: «Сіз өз қызметкерлеріңізді қонаққа шақырыңыз. Алдарына ас қойып, қолдарына бір метрлік қасық беріңіз де, оларға: «Тамақты қасық сабының бас жағынан ұстап ішіңдер» деп әмір етіңіз», — дейді. Патша солай етеді. Әлгілер болса қасықты ауыздарына жеткізе алмай, бәрі де аш қалады. Кезек сопыларға келгенде, олар бір-бірін тамақтандырып, бәрі де тойып алады.
Патша мен Пір арасындағы әңгіме әлі күнге дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ. Қасық — біздің қолымыз. Ал ол біздің өз аузымызға жақын. Көңіл — пәктік. Пәктік сәбиге тән. Оның қолы — анасы. Пір де ана. Пірге қол берсең, сол қол үстінде Алланың құдырет қолы тұрады. Қасық сол.
Адам баласының өмірі осы екі «қасық» арасында өтеді. Бір қасық иесі — менменсіген халық, екіншісі — Алла. Соған орай Яссауи бабамыз: «Менменсіген халайықтан қаштым, міне», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып» деген хикметінде:
«Үмбет болсаң, ғаріптерге жақын болғыл,
Аят, хадис айтқандарға құлақ салғыл.
Ырзық берсе, тағдырға қанағат қылғыл,
Қанағат етіп сауық шарабын іштім, міне», — дейді.
Ғаріптер — тақуа жандар. Алайда олардың тақуа екендігін көп жұрт біле қоймайды. Танымағандықтан да ғаріптікті — мүсәпірлік деп біледі. Мәселен сондай жандарға қарата: «Олар бір ғаріп жандар», — десек, олардың кембағал жандар екендігі айқындала түседі. Мұндай түсінік қай мұсылманға да тән. Соған орай Яссауи бабамыз: «Үмбет болсаң, ғаріптерге жақын болғыл», — дейді. Демек, барша мұсылманға үмбет болу нәсіп бола бермейді екен. Үмбет — ғаріптерге жақын жан. Ғаріптер — тақуалар. Тақуалар — Құран аятынан мәлім болғанындай — көмеске (руханиятқа) иман келтіргендер. Сондай-ақ Құран аятында: «Міне осы Кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші», — делінеді.
Құран аятында да Яссауи бабамыз сияқты мұсылмандар қаперге алынбайды. Сонда мұсылман кім, ғаріп кім, тақуа кім?
Мұсылман — жалпы атау. Ислам дінін қабылдаған адамдарды мұсылман дейміз. Алайда мұсылманның бәрі тақуа емес. Соған орай мұсылмандар арасынан да тозаққа түсетіндер баршылық. Құранның тақуалар үшін тура жол болатыны сондықтан. Оның үстіне мұнафықтар да (екіжүзділер) мұсылмандар санатына жатады. Біз тек олардың кімдер екенін ажырата алмаймыз. Ажырата алмайтынымыз, оларды бар деп білмейміз. Бар деп білмейтініміз, жер бетіндегі мұсылмандардың бәрі бірыңғай. Рас, шамалы өзгешелулер бар. Алайда олардың кімдер екендігі баршаға мәлім. Атап айтсақ: ғаріптер, тақуалар. Бір сөзбен айтсақ — сопылар.
Үмбетке келейік. Үмбет те мұсылмандар арасынан іріктеліп шығады. Яссауи бабамыз соған орай «Үмбет болсаң» дейді. Бұл іріктеуден мұсылмандар арасында үмбет еместері де бар екендігі мәлім болады. Байыбына барсақ, Ұлы ұстаз өз хикметін соларға арнап тұр.
Ұғынықтылық үшін Яссауи бабамыздың осы біз тілге тиек етіп отырған хикметін өз тілімізде тәпсірлейтін болсақ, онда былай дер едік: «Оу, ағайын! Егер ата-бабамыз сияқты дәстүрлі дінді ұстанатын болсақ (олардың бәрі сүннетпен жүрген), онда Аллаға жақын боламыз. Себебі біздің ата-бабаларымыз ғаріп, тақуа (сопы) болған».
Ғаріптік — руханият. Діни тілде — тариқат делінеді. Тариқатты ұста (жақын бол) алайда: «Аят, хадис айтқандарға құлақ салғыл». Яссауи бабамыз осылай дейді. Бұл — шариғат. Ал «Ырзық берсе, тағдырға қанағат қылғыл» дегені — иман.
Ал біз Ұлы ұстаздың осы айтқандарын орындап жүрміз бе? Біз кім, тақуа кім? Мұсылман кім, сопы кім? Жалпы, үмбет кім?
Көшеде біз және Пайғамбарымыз (сғс) сүннетіне сай сәлде-шапан киген бір адам келе жатыр делік. Сыртымыздан қарап тұрған адам қайсымызды мұсылман деп біледі? Оны қойшы, Пайғамбарымыз (сғс) қайсымызды үмбетім деуі мүмкін? Жалпы екеуінің қайсысы тақуа деуге келеді?
Жауапсыз сауалдар. Жоқ, жауап бар. Ол жауапты сіз бен біз және өзге де діндәрлар айтады. Ол жауап Құран аяты арқылы беріледі. Бұл тұрғыда: «Алла Тағала сендердің киімдеріңе емес, жүректеріңе қарайды», — дегенге саятын аят бар. Біз де сол аятты қаперге аламыз. Алайда Алла назар салатын жүректің руханият (әруақ әлемі) екендігіне мән бермейміз. Сондай-ақ біз өзіміз жүрек айнасының көрінісіміз. Жүрегімізде не болса, біз солмыз.
Қанағатқа келейік. Қанағат — әр адамға Алла Тағала тарапынан жіберілетін риздық-несібе. Сол риздық-несібеге шүкіршілік етсең, қанағат сол. Алайда Алла Тағала қанағат еткенге де, қанағат етпегенге де үстемелеп бере береді. Қанағат еткенге беретіні, олар өте аз. Сондықтан оларға қанағат еткен сайын Алланың берері үстемелене түседі. Бір жағы ол — сауаптың материялдық көрінісі. Ал қанағатсыздық — күнә. Байыбына барсақ, ол деген Алла мүмкіндігіне шек қою деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, Алла әлсіз, Алла өзі жаратқан пенделер ахуалынан хабарсыз дегенге келеді. Соған орай Алла Тағаланың бергенін місе тұтпайды. Қанағатсыздық сол. Түп негізі — Алланы танымау. Алла Тағала пенделердің Алланы осылайша тану-танымауына орай біреуге көп, екіншіге одан да көп береді. Өте көп берілгендер — үмітсіздер. Яссауи бабамыздың: «Қанағат етіп сауық шарабын іштім, міне», — деуі сондықтан.
Құдияр БІЛӘЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінің келесі шумағында:
«Кіргіз сахар Хақ есімін әр деміңе,
Аллаhу деп, отқа қурыл, зарла егіле.
Қайрат құрын мықтап байла жан беліне,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Дем — өмір. Ал өмір — Алла құзырында. Демек біздің Алладан тыс қалған кезіміз жоқ. Алайда оны ұғып жатқан адам аз. Соған орай біз демді, яғни ауаны табиғатқа теліп қойғанбыз. Қалай табиғатқа телідік, өзімізді Алладан бөліп алдық. Осы ой бізді табиғатқа тәуелді етті. Сол тәуелділік, табиғатты тәңірге айналдырды. Ғылым болса сол тәңірлікті негіздеп берді. Дінге бет бұру үшін бізге әуелі сол тәңірлік санадан арылу керек. Ол үшін: «Кіргіз сахар Хақ есімін әр деміңе».
Яссауи бабамыз осылай дейді. Бұл тұрғыда хадис шарифте: «Раббыны зікір еткен мен зікір етпеген, өлі мен тіріге ұқсайды», — делінеді. Хақ есімін демге кіргізу — зікір арқылы жүзеге асады. Біз солай еткен кезде тірілеміз. Қалай тірілдік, әр жұтқан дем мәні ашыла бастайды. Оны алған сол деміміздің өзінен аңғаруға болады. Біз «өлі» кезде жұтқан ауада қадір болмайды. Тіпті оны шығарып беріп отырған «табиғат құдайды» да ешкім қаперіне алмайды. Демнің (hу) Алла есімі екендігін қалай білдік, біз оны сахар кезінде Хақ есімін зікір ету арқылы білдік, бірден дем Иесін тани түстік. Бұл тану, хадисте айтылғанындай, тірілу арқылы жүзеге асты. Міне осы кезде Ұлы ұстаз айтқандай: «Аллаhу деп, отқа қуырыл, зарла егіле».
Ұғынықтылық үшін айтайық. Біз ауаның негізі табиғат деп білген кезде өлі болдық. Соған орай біз жұтқан ауамыздан ләззат ала алмадық. Қанша жерден «табиғат», «табиғат» десек те сол кездегі көңіл ауаны бізді зар еңіретіп, отқа қуырылғандай сезімге бөлей алмады. Тіпті ауаның ішкі ағзаларымыздағы іс-әрекеттерін бүге-шегесіне дейін зерттеген ғылым да, оның жетістіктері де бізге әсер ете қойған жоқ. Оның ешқайсысы да біздің жұтқан ауаға деген құрметімізді арттырған жоқ. Тек «Аллаhу» деген зікір ғана көзімізге жас алдырып, «отқа қуырылу» ләззатына бөледі.
Отқа қуырылу — материялды түсінік емес. Оның ұшқынын ғашықтық арқылы түйсінуге болады. Ол да осы әлемдік ғашықтық. Соның өзі жаныңды байыз таптырмай, өкпе-бауырыңды өртеп жібереді. Қайғы да солай. Ал Яссауи бабамыз айтқан «отқа қуырылу» кезінде осы екі сезім де қабат өріледі. Бірінші — ғашықтықтан, екінші — сол ғашықтықты тәркі еткен өкініштен. Осы сезім (зікір) үстінде Ұлы ұстаз айтпақшы: «Қайрат құрын мықтап байла жан беліне». Бұл — өзіңді өзің тануың. Осы тану — жұтқан әр демнің ішкі ағзадағы мәнін ашады. Байбына барсақ, ол мән ғылым емес, Аллалық әмір. Жүзеге асырушы — өзің (рух).
Сонымен демнің мәнін біршама түсінгендей болдық. Соған орай дем салу мәніне де назар аудара кетейік. Бір адамның (молданың) екінші адамға (сырқатқа) құран аятын оқып дем салған кездінде, кәлам (Алланың сөзі) демге (hу-ға, яғни Хақтың өзіне) ілесіп сыртқа шығады. Сол дем кімге де болсын шипа болады. Бұл тұрғыда Ақтамберді жырау:
«Бала берсе тезінен, –
Пірлердің бітсе демінен,
Шілтеннің тиіп шылауы,
Артылып туса өзімнен!” — десе, Яссауи бабамыз өз демін таныған сол дем салушы адамға қарата: Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
«Адhам құсап ақиқаттың жүзін өпкін,
Желік, менмен, байлық үйін бұзып өткін.
Махаббаттың дариясынан жүзіп өткін,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Өз патшалығын тәркі еткен Ибраhим Адhамның өмір жолы барша дәруіштерге өнеге. Алайда дүниені тәркі еткеннің бәрі ақиқаттың жүзін өбе бермейді. Себебі дүниеден өзіңнің арылуың мен жүректің арылуы бір емес. Жүрекке нәпсі билік жасаған кезде, ақиқат бүркеледі. Байыбына барсақ, нәпсі — сен, ақиқат — өзің. Бұл екеуі ұдайы тұтасып тұрады. Соған орай ақиқатта жүрмін деп ойлайтын кей дәруіштердің өзі нәпсі жетегінде кетіп қалады. Өз Пірінен қол үзіп кететіндер де солар.
Біз нәпсіні — «Сен», ақиқатты — «Өзің» деп шартты түрде атадық. Мәселен, Ибраhим Адhам патша болды. Яссауи бабамыз Адhамның патшалық құрған дәуірін «ақиқаттың жүзін өпкен» кезге жатқызбайды. Себебі ол кезде Адhам жоқ еді. Оны нәпсі билейтін. Ол нәпсіні біз «Сен» деп атадық. Оның «Өзің» емес, нәпсі (Сен) болатыны, ол Алланы танымайды. Өзін мұсылман санатына қосса да Алланы танымайды. Бес уақыт намазын қаза қылмай, көпшілікпен бірге жұма намазына барып жүрсе де Алланы танымайды.
Жалпы адам баласының бәрі солай. Сен Ибраhим Адhам сынды бір елдің патшасы болмасаң да, өз әлеміңнің патшасысың. Ал ол — нәпсілік әлем. Сенің барлық арман-тілектерің сол әлемді (патшалықты) безендіреді. Сен барлық діни ғибадаттарды да сол патшалықтың жолы оңғарылуы үшін жасайсың. Адhам өзінің бар патшалығын тәркі ете алса, сен әлгі қиялыңдағы патшалықтан ажырағың келмейді. Болашақта мына сыртқы нәпсі әлемі, сол сенің, сенің ғана емес, әр адамның қиялындағы әлгі ауани патшалықты ақиқатқа айналдырып береді. Әр адам сол өз «патшалығында» өмір кешеді. Ал ол әлемде Алла жоқ. Шынтуайтына келгенде, біз ол ауани әлемді «ақиқатқа» айналдырғаннан кейін барып ол әлемде Алланың жоқ екендігі мәлім болды. Болмаса біз өмір сүріп жатқан әлемде де Алла әу бастан жоқ. Яссауи бабамыз соған орай: «Адhам құсап ақиқаттың жүзін өпкін», — дейді.
Сонда Адhам тапқан ақиқат қайда? Жауап айқын. Біз оны «Өзің» деп атадық. Соған орай хадис шарифте: «Өзіңді танысаң, Алланы танисың», — делінеді.
Сонда біз өзімізді қалай танимыз? Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз (сғс): «Өлмей тұрып өліңдер», — дейді. Байыбына барсақ, өлмей тұрып өлу — нәпсінің өлімі. Нәпсі өлген кезде Ол (Өзің) алға шығады.
Біз Ол мен Өзің-ді қабат атадық. Себебі «Ол» — Алла да, «Өзің» — сен. Бұл енді басқа сен. Ол мен Өз-дің қабат аталуы, өлген адам барлық уақытта Алламен бірге болады. Ал Ол (Өз) не істесе де Алладан тыс болмайды. Мұсылман — сол. Ұлы ұстаз оны «Ақиқаттың жүзін өбу деп атайды.
Алайда оған қол жеткізу оңай емес. Сондықтан да Яссауи бабамыз: Желік, менмен, байлық үйін бұзып өткін», — дейді. Ал ол үй — біз тәркі етуге тиіс патшалық. Ол «үйге» ең кедей адам да иелік етеді. Алайда біз оны тастап шыға алмаймыз. Себебі ол — біздің өміріміз. Аталарымыз айтып кеткен «Жалған» — сол. Ал оны ақиқатқа айналдыру — өз қолымызда. Ол үшін «Адhам құсап ақиқаттың жүзін өбіп, желік, менмен, байлық үйін бұзып өтсең», жетіп жатыр.
Яссауи бабамыз бұған қоса: «Махаббаттың дариясынан жүзіп өткін», — дейді. Бәріміз білеміз, махаббат — ұлы сезім, сонымен бірге — машақат. Осы өмірдің өзінде солай. Ақиқатқа қол жеткізу (өбу) де солай. Соған орай «махаббат дариясынан» жүзіп өту жұрттың бәріне нәсіп бола бермейді. Көп адам «дарияның» өзін қызықтап кетеді. Егер өтсең, Яссауи бабамыз сол өткендерге қарата: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде бүй дейді:
«Аулақта бол менмендердің аранынан,
Жасыңды төк гүл сияқты сабағы қан.
Тынбай ішкін махаббаттың шарабынан,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам».
Байыбына барсақ, Яссауи бабамыз «Аулақта бол» деп отырған «Менмендер» жеке адам емес. Ол — мына әлем; сіз бен біз тіршілік етіп отырған мына қоғам; ол — біздің отбасымыз; ол — біздің дос-жаранымыз; ол…
Осылардың қай-қайсысы да сені жұтып жібереді. Себебі ол — аран. Менмендердің араны. Сондықтан тойымсыз. Ол аран — жұтқыншақ емес, көз. Көзге сен ғана емес, бүкіл әлем жұтылып кетеді.
Жалпы адам баласының мына дүниеге араны ашылып келеді. Сондықтан да ол көзіне түскеннің бәрін талғаусыз жұта береді. Біз ол жұтуды көкжиегіміздің кеңеюіне балаймыз. Сол кеңею бізді қалыптастырады. Біздің атымыз — Менмендер.
Менмендер — осы өмірдің адамдары. Олардың бәрі бірыңғай жаман деген ойдан аулақ болу керек. Олардың ішінде де ұлылар толып жатыр. Енді бәрін жіліктеп сараламай-ақ қоялық. Әр адамның өз ортасына, мына қоғамға, ондағы адамдарға көзқарасы қандай болса, «Менмендер» де тура сондай. Алайда олардың қатарына өзіміз де қосыламыз.
Енді нақтылайық. Яссауи бабамыз олардың өзінен емес, «Аранынан» аулақ бол» дейді. Себебі ол аран — мына материялды әлемге қарай ашылған. Соған орай біз барлық нәрсені өз қалауымызға орай жақсы көреміз. Әке-шешеңді, бала-шағаңды, мал-мүлкіңді, тіпті Отаныңды да өз қалауыңа орай жақсы көресің. Сен оларды жақсы көру, сүю, емірену арқылы өзіңді ләззаттандырасың. Ал ол — аран. Менмендердің араны.
Хакім Абайға жүгінелік. Абай атамыз өзінің «Ескендір» поэмасында бүй дейді:
— Бұл – адам көз сүйегі, – деді ханға.
Тоя ма адам көзі мың мен санға?
Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,
Өлсе тояр, көзіне құм құйғанда.
Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,
Алған сайын дүниеге тоя ма екен?
Қанша тірі жүрсе де, өлген күні
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен…»
Сонымен, Яссауи бабамыз айтқан аулақ болатын жер — барлық көз бірдей болатын жер екен. Ал біз оған өлген күні қол жеткізеді екенбіз. Жан тәннен шыққан кезде емес, нәпсіміз өлген күні. Сол кезде, яғни, әлгі «Менмендер» ортасынан ажыраған кезде «Жасыңды төк гүл сияқты сабағы қан».
Шынтуайтына келгенде, Яссауи бабамыз айтқан бұл жас, біз дүние есігін ашқан кезде төгіледі. Біздің мына өмірге жылап келетініміз сондықтан. Себебі біз де гүл сияқты сабағымыздан үзілдік. Кіндігіміз кесілді. Қалай кесілді, біз бірден араны ашылған «Менмендер әлеміне» кіріп келдік. Ол әлемде үзілген гүл сабағынан аққан қанды ешкім аңғармайды. Үзілген гүлдің өзін не себепті құрбан еткенін де ешкім түсінбейді. Ал ол «зарды» Хазреті Руми сыбызғының үні арқылы береді. Өз негізінен (қамыстан кесілген) сыбызғы қалай зар илесе, тап солай үзілген гүл сабағынан да қан тамшылайды. Тек «Үзілген әлемге» бауыр басып қалатындар — адамдар ғана. Менмендер солар. Ал ол Менмендерге махаббат шарабы ешқашан нәсіп болмайды. Олар ол шарап дәмінің қандай болатындығын да сезіне алмайды. Сезіне алмағандықтан да Омар Хайям рубайларын осы әлем шарабына балады. Мастықты да солай түсінді. Болмаса Омар Хайямдыкі де Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған «Махаббаттың шарабы» болатын.
Сонда ол қандай шарап? Оның қандай шарап екенін білу үшін, Яссауи бабамыз айтқандай: «Аулақ бол менмендердің аранынан, Жасыңды төк гүл сияқты сабағы қан».
Ал болдық. Айтудың оңайы-ай! Байыбына барсақ, бұл кері қайту — қайта туғанмен бірдей. Бұл тууды Пірлер жүзеге асырады. Біз өз әлемімізді (Менмендер аранын) тәркі еткенімізде, Пірдің әлемінде туамыз. Ал ол — рухани әлем. Біздің кіндігіміз кесілген, гүлдің сабағы үзілген әлем. Ол — махаббат әлемі; ол — ғашықтар әлемі; ол — ақиқат әлемі. Сол әлемге өткенде сабағынан үзілмеген гүлдің үнін сабағынан үзілген гүлдің зарынан ажыратасың; сол кезде қамыстың Аллаға мадақ айтқан сыбдырына (зікіріне) қосыла алмай қалған сыбызғының зарлы үнін түсінесің. Оның өз негізіне деген махаббаты жаныңды баурайды. Үздіккен сыбызғы үні… Оған керағар мына әлем… Елірген халық…
Егер осы айтылғандарды көріп, сезіне алсаң, онда Яссауи бабамыз: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
«Ей, достарым, фәни ғой бұл қылышы қан,
Жылап жүріп шыққан дұрыс уысынан.
Шарап ішің махаббаттың ыдысынан,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам» — дейді.
Иә, бұл — фәни. «Жер жүзіндегі барлық жандылар фәни (өткінші). Рахман сүресі, 26-аят. Қазақша атауы — жалған. Анықтамасы — қылышы қан. Демек фәни алдында кім де болсын дәрменсіз. Себебі ол жерде әділеттілік жоқ. Жоқ болатыны, әділеттілік қылышпен орнамайды. Жалпы қылыш ешуақытта нан турау үшін көтерілмейді. Рас, кей кезде әділеттілік үшін де көтеріледі. Алайда ол фәни ішіндегі әділеттілік. Демек ол қылыш қандай мақсатта көтерілсе де жүзінен қан ағып тұрады. Соған орай біз әділеттік мәнін түсіне алмаймыз. Себебі ол біз өмір сүріп жатқан әлемде жоқ. Бұл тұрғыда айтулы ақын Серік Ақсұңқарұлы бүй дейді:
«Фәнидің көріп періштесі мен сайтанын,
Шалықтап жүріп, шартарабымды шайқадым.
Таңданып мұнда несіне жүрмін, алданып,
Жаһанда жалғыз қалыппын — жаңа байқадым…»
Ұғынықтылық үшін айтайық. Бір адам өз қылмысына орай өмір бойы түрмеге қамалды делік. Біз оған: «Сотталғаның дұрыс болды. Енді әділеттікке қол жеткізетін болдың. Түрме — әділеттілер мекені ғой», — дей аламыз ба? Жалпы осылай десек, біреу илана ма?
Иланады. Біз иландық. Біз сол түрме ішінде әділетті қоғам орнаттық. Мемлекеттерді түздік. Шекараларды бекемдедік. Адамдар құқығын конститутциямен бекіттік. Құқықтық жүйе қалыптастырдық. Демократияға бет бұрдық. Бәрі — әділеттілік үшін. Бірақ қоғам ішіндегі адамдардың да, тіпті мемлекеттердің де басы пісе бермейді. Себебі фәнидің ішіндеміз. Ал фәнидің қолында жүзінен қан аққан қылыш бар.
Неге қылыш бар? Себебі фәнидің шынайы аты — түрме. Ол түрменің аты — Жер. Біз — жераударылғандармыз.
Алайда оны ұғынып жатқан адам аз. Соған орай адам баласы жер бетіне түскелі бері әділетті қоғам орнатуға талпынумен келеді. Ал ол қоғам жер бетінде ешқашан болған емес. Алайда ол қоғам уысынан жылап жүріп шыққандар бар. Олар — мына әлемнің қылышы қан фәни екенін білгендер. Ал оның солай екенін ешкім де өздігінен білмейді. Пайғамбарлар соны білдіру үшін келеді. Пірлердікі де сол мақсат. Соны білгендерді біз мұсылман дейміз.
Адам баласы мына әлемді фәни, жалған деп танымайынша одан шығуға мүдделілік танытпайды. Біз одан шығуға емес, соған дендеп енуге құмбылмыз. Біз соған тәрбиеленгенбіз. Біз өмір сүріп жатқан қоғам да, біз түзген мемлекеттер де соған негізделген. Біз алған тәрбие, білім, ғылым бізді осы өмірге бейімдейді. Ата-анамыз, ұстаздарымыз осы жолда бар өмірлерін сарп етеді.
Міне осылар — мына фәнидің уысы. Яссауи бабамыз сондықтан да: «Жылап жүріп шыққан дұрыс уысынан», — дейді.
Әрине, мына әлемде күліп, шаттанып, масаттанып, күпініп, пісіп, ісіп-кеуіп жүргендер одан ешқашан шықпайды. «Кедейлік — Алланың рахымы» делінетіні сондықтан. Соған орай Пайғамбарлар маңына әуелгі кезде тек кедей-кепшіктер бас қосады. Сол сияқты сопылар да жоқ-жітіктер. Бұлар — Алланың қалауымен мына әлем уысына ілікпей қалғандар. Жалпы Алла тарапынан келетін барлық сынақтар мына әлем уысын ашуға қызмет етеді. Бірақ біз оны ешқашан қабыл алмаймыз. Қабыл алсақ, жылар едік.
Жыласақ, мына әлем уысынан шығуға жол ашылар еді. Яссауи бабамыз сол жолға түскендерге қарата: «Шарап ішің махаббаттың ыдысынан», — дейді.
Махаббаттың ыдысы — жүрек. Адам кеудесінде ондай бес «ыдыс» бар. Олар: қалб (жүрек), рух, сыр, хафи, ақпа. Осы бесеуіне «Алла», «hу» деп зікір салсаң, бес ыдысың да толады. Бұл тұрғыда Омар Хайям:
«Шөліркеп шарап ішсең, данамен іш,
Немесе гүл майысқан баламен іш.
Аздап іш, анда-санда, тығылып іш
Мас болмай, мылжың болмай, шамамен іш», — дейді.
Мұндағы дана — Пір, бала — пәктік, тазалық. Әуелі шарап дәмін ал. Соған орай аздап іш. Оңаша зікір сал (тығылып іш). Алайда зікіріңе сеніп қалма ( мылжың болмай шамаңмен іш).
Сол көңіл досқа барғандарға қарата Яссауи бабамыз: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
«Күндіз-түні тек Алла-лау міндеттерің,
Түнде ұйықтамай қанды жұту — індет керім.
Сен тәрік қыл фәни-дүрмек құрметтерін,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Міндет — дағды. Қалыптасқан өмір салты. Мәселен, біз таңертең ұйқыдан оянғанда беті-қолымызды жууға міндеттіміз. Сондай-ақ намаз оқудың алдында дәрет алуға міндеттіміз. Сол сияқты жол үсті кездескен таныстарға, ағайын-туысқа сәлем беруге міндеттіміз. Біз бұлардың бәрін міндет мәнін түйсіну үшін қаперге алудамыз.
Рас, біз осы тақылеттес міндеттерді атқара аламыз. Ал енді күндіз-түні тек Алла-лау, бұл енді әсте де мүмкін емес. Алайда бұл тұрғыда «Мен жындар мен адамдарды өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым», — деген аят бар. Бұл аят мәні де: «Күндіз-түні тек Алла-лау міндеттерің», — дегенге саяды.
Сонда біз күндіз-түні қалайша Аллаламақпыз?
Байбына барсақ, ол Алла-лау — тілмен емес, жүрекпен атқарылады. Ал жүрек — Аллалық мекен. Тек соған үндес. Ол үндесу — зікір арқылы жүзеге асады. Бұл тұрғыда Ұлы ұстаздың өзі:
«Құл һу Алла» Сұбхан сөзі – қамшы-дағы,
Ораза, намаз, тәхлил, тәсбих – жаршылары.
Пірмұғандар тәліптердің шамшырағы,
Жетегіңе ал, жолыңа сал, Әнтәл Һәди», — дейді.
Пірмұған жетегіне алып, тура жолға салғандар — сопылар. Сопылар туралы Имам Фахриддин Рази хазреті бүй дейді: «Сопылар әрдайым Алламен болатын адамдар. Олар жан дүниесін денесінің қалауларынан тазалады. Жүректерін Алланың зікіріне байлады, және дайым Алла Тағалаға болған әдепті ұстанады».
Демек күндіз-түні тек Алла-лау сопыларға тән екен. Сондықтан да Баязид Бистами айтпақшы: «Алла құлын жақсы көрсе, оның жүрегін Өзіне қарай бұрады».
Ал біз неге Алла-лай алмаймыз? Бұл сауал жауабын Мұса Мырза хазреті беріпті. Келтіре кетейік: «Барлық қателіктеріміз, қапыда қалып күнәға түсуіміз, рухани әурешілдігіміз зікірден ұзақ болған сәттерде болады».
Жарайды. Алла-лау мәнін біршама түсінгендей болдық. Бірақ «Түнде ұйықтамай қанды жұтудың» қандай «індет керім» екенін қабыл алу қиын. Байыбына барсақ, індет — ауру. Ауру болғанда да керім ауру. Сол ауру «зардабынан» түнде ұйықтамай, қан жұтасың.
Егер бұл керім ауру болмағанда, кім де болсын таңға жетпей үзіліп кетер еді. Шынында да қан жұтып жатқан адамның таңға жете қоюы неғайбыл. Алайда ол індетпен Алла-лаған адамдар ауруда. Ал олар Ахмет әр-Рифай хазреті айтпақшы: «Аллаһты үнемі зікір еткендер – Аллаһпен тату болып, Оған қауышқан жандар».
Жалпы қан жұтқандар — қусырылып отырады. Оған түн қатуды қоссақ, Алла-лағандар бейнесі көрініс береді. Оның үстіне ол адамдар фәни-дүрмек құрметтерін тәрік қылғандар. Тәрік қылу — бас тарту емес, дүниеге мойын бұрмау. Ал мойын — жоқ нәрсеге бұрылмайды. Ол түн қатып, қан жұтып, індет керім ләззатына шомады. Яссауи бабамыз сол адамға қарата: «Хақ дидарын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
«Бол қашанда Пірмұғанның назарында,
Өзіңді сат мағрифат базарында.
Шарабыңды іш, зікіріңді қаза қылма,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Пір назарында болу — барша пірәдардың арманы. Сондықтан да қай пірәдар болсын Пір назарына түсуге тырысып бағады. Сірә «Атың шықпаса, жер өрте», — деген мәтел соған орай айтылса керек. Себебі кім де болсын жер өртеу арқылы атын шығарғанымен, абырой биігіне көтеріле алмайды. Қайта елден оқшауланып, кімге де болсын көзтүрткі болуы мүмкін. Жалпы бұлайша ат шығарудың қаншалықты қажеттілігі бар? Ал атың шыға қойсын. Алайда жер өртегеннің несі мақтаныш?
Байыбына барсақ, жер өртеу — бір ғана мақсат үшін қажет. Ол — Пір назарына түсу. Жай ғана түсу емес, Яссауи бабамыз айтқандай, «Қашанда Пірмұғанның назарында болу». Ал Пір назарына түсу үшін жер өртеген пірәдар, қашан да оқшауланып тұрады. Соған орай барлық пірәдардың «жер өртеуіне» тура келеді. Ал ол «жер өртеудің» мағынасы кең. Негізінен пірәдарлар (Пірге қол берген мүридтер) өзін өртейді. Ол өртеудің де мағынасы кең. Біреу — зікірмен өртеледі, екіншісі — қызметпен, үшіншісі — мырзалығымен, төртіншісі — махаббатымен, бесіншісі — құрбан болуымен, алтыншысы — тақуалығымен…
Осылай жалғастыра беруге болады. Осы айтқандардың ешқайсысына да ыңғайы келмейтін қопал пірәдарлар да болады. Олар Пірлерін ұзақтан сырттай көргеніне мәз болып, соған шүкіршілік етіп жүреді. Бірақ Піріне деген махаббаты жүрегін күн санап керней бастайды. Сол махаббат кемеріне келген кезде жерді ғана емес, жанап кеткен нәрсенің бәрін өртей бастайды. Ол өртеудің де мағынасы кең. Не керек, пірәдар жүрегіндегі алау — Пір назарын өзіне бұрады. Ал ол Хақ назары. Бұл тұрғыда Баязид Бистами хазреті бүй дейді:
«Аллаһтың әулие құлдарын сүй! Сонда олар да сені сүйеді. Олардың көңілінен шығуға тырыс! Өйткені, Аллаһ Тағала ол адамдардың жүрегіне күн сайын 360 рет назар салады. Назар салған кезде сені де сол жерде көрсін!».
Солай бола тұра біз де Алла назарында болуға үміттіміз. Бірақ Пірдің көзіне түсуді қалай қоймаймыз. Қалауды былай қойғанда, Пірге қол бере қояйық деп жүрген біз жоқ. Солай бола тұра Алла назарына түсуге үміттіміз. Бірақ ол үміт бізді соншалықты бір алау сезімге бөлей қойған жоқ. Сондықтан да жер өртеуге онша құлықты емеспіз. Сондай-ақ өзіміз де өртенбейміз. Себебі ішімізді кернеп бара жатқан ондай алу жоқ. Рас, намаз оқимыз. Өзге де діни ғибадаттар жасаймыз. Мешітке де бас сұғып қоямыз. Бірақ жер өртеу ойымызға да кіріп шықпайды.
Неге кіріп шықпайды? Біздің бір Аллаға деген махаббатымыз, қайдағы бір оқымаған, сауатсыз, надан пірәдардың Піріне деген махаббаты деңгейіне не себепті көтеріле алмайды?!
Байыбына барсақ, бізге қарағанда атеистер мен қылмыскерлер жақсы. Атеистер өз идеяларының салтанат құруы үшін қандай құрбандыққа да бара алады. Олар жер өртеуді былай қойғанда, бүкіл жер шарын өртеп жіберуге пейіл. Қылмыскерлер де солай. Оларды былай қойғанда, қызмет баспалдағымен өсуді қалаған қозы қарын шенеуніктер де бастығының көзіне түсу үшін не бір құйтырқы іс-әрекеттерге бара алады. Шынтуайтына келгенде оларға тән «махаббаттың» ешқайсысы да қарапайым пірәдардың өз Піріне деген құрметінің қолына су құюға да жарамайды. Яссауи бабамыз соған орай: «Бол қашанда Пірмұғанның назарында», — дейді.
Міне, сол пірәдар өзін «Мағрифат базарында» сата алады. Себебі «жер өртеген». Ал біз… Рас біз де сата аламыз. Себебі біздің де жиған-тергеніміз бар. Енді қалай десек те, намаз оқығанымыз, ораза ұстағанымыз, қажылыққа барғанымыз рас. Біз оның бәрін бір Алланың ризашылығы үшін жасадық. Сондықтан Алламен есептесуге құқылымыз. Демек біз сауданы Алламен жасаймыз.
Мынандай бір тәмсіл бар. Ілгергі бір дәуірде бар өмірін құлшылыққа арнаған бір тақуа жан өткен екен. Әлгі тақуа 500 жыл өмір кешіпті. Алла Тағала да оған бар мүмкіншілікті жасаған екен. Құлшылық жасайтын жеріне бір түп анар ағашын өсіріп, оның жанынан бұлақ ағызып қойыпты. Әлгі тақуа анармен жүрегін жалғап, бұлақ суына шөлін қандырған соң ғибадатына кіріседі екен. Алла Тағала оның қалауымен жанын да намаз үстінде алыпты. Оған риза болған Алла Тағала әлгі тақуаға: «Менің рахым-кеңшілігіммен жәннатқа кір», — десе, әлгі: «Жоқ, мені жәннатқа өз ғибадатыммен кіргіз», — депті. Сонда Алла Тағала оны қайта алдырып, 500 жылдық ғибадатын таразының бір басына, ал екінші басына оның бір көзін тартқанда, таразы басы теңеліпті. Алла Тағала оған: «Жасаған бар ғибадатың менің саған көрсін деп берген көзіңнің тек біреуінің ғана қызметіне тең келді. Қалған дене мүшелеріңнің саған жасаған қызметі ақысын немен өтейсің?» — дегенде, әлгі бейбақ: «Жаздым-жаңылдым», — деп, өз ағаттығы үшін кешірім сұраған екен.
Демек, біз де өз ғибадатымызбен Алламен саудаласуға қауқарсыз екенбіз. Алайда ол «сауда» міндетті түрде болады. Яссауи бабамыз соған орай: «Өзіңді сат мағрифат базарында», — дейді.
Мағрифат — Пайғамбарымыз (сғс) әлемі. Ол жер «базарында» тек Пайғамбарымыз (сғс) нұры ғана қабыл алынады. Ал ол нұр — сенсің. Сен — сол әлемнің бір бөлшегісің. Сен жер бетінде жүргенде сабағынан қан аққан үзілген гүл едің. Сен хазреті Румидың өз негізінен ажырап, зар илеген сыбызғысы едің. Сен — Алланың аманаты едің. Сен — әлмисақтағы уәде иесі едің. Сен — соны білдің. Сен — өзіңді таныдың. Сен сол дүр-гауhарды мағрифат базарына алып келіп тұрсың.
Осы жерде кілтипан бар. Сен ол «мағрифат базарына» өз ақылыңмен, алған біліміңмен, жасаған ғибадатыңмен ешқашан жете алмайсың. Сен ол жерге осы иелік еткен нәрселерді тәркі еткенде жетесің. Себебі оның бәрі сені әлгі 500 жыл құлшылық жасаған тақуаның ғибадаты сияқты бүркеп тұрады. Сен соларды тәркі еткен кезде Өзіңді (нәпсіңді) өлтіресің. Нәпсі өлімі сені Ол етеді. Ал Ол — сенің Пірің. Соған орай Яссауи бабамыз: «Бол қашанда Пірмұғанның назарында», — дейді.
Шарап — зікір. Зікір салуды Яссауи бабамыз парыздық деңгейге көтереді. Сондықтан да: «Зікіріңді қаза қылма», солай етсең: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
«Йә, Рәббана, заләмна», — деп нала қылсаң,
Жан-жағыңа жанарыңнан қан ағызсаң,
Хақ зікірін серік тұтса санаңыз сан,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
«Йә, Рәббана, зәләмна», — Құран аяты. Мағынасы: «Йә, Раббымыз, біз өз-өзімізге зұлымдық қылдық».
Иә, біз өз-өзімізге, бір-бірімізге, бала-шағамызға, ата-анамызға, туған-туысқа, дос-жаранға, бір сөзбен айтқанда, айналамыздың бәріне зұлымдық қылдық. Себебі бізден (нәпсіден) тек жаманшылық шығады. Өйткені біз барша жаманшылықты, жауыздықты, қулық пен сұмдықты, адам баласының қиялына да келмейтін шайтандықты ізгілікке айналдырып алғанбыз. Біз ол жаманшылықтарды бір-бірімізге бата, тілек ретінде айтамыз. Біз аузымыздан шыққан әр сөздің, әр ізгі-тілектің келесі адамға қарғыс болып баратындығына әсте де бас қатырмаймыз.
Жә, осы жерден сәл іркіліп, айтылған сөз мәніне үңіліп көрелік. Ұғынықтылық үшін кез келген жанның туғаннан бастап қалыптасқан өмір жолына назар аударайық.
Сонымен тудық. Ата-анамыз, туған-туыс, ата-анамыздың дос-жараны бізге тілек арнады. Ол тілектер: «Бақытты болсын», «Бай болсын», «Қатарының алды болсын», «Білікті маман иесі болсын…» дегенге саяды.
Біз бұл тілектердің барлығын қарғысқа баладық. Себебі біздің өмір жолымыз сол тілектер негізінде түзілді. Біздің өміріміз — сол бата-тілектер.
Ал енді айналамызға назар салайық. Сол бата-тілектер арқылы біз қандай адамдарды, қандай қоғамды қалыптастырдық? Адам баласының арман-тілектері арқылы бой түзеп, қалыптасқан мемлекеттер, біздің ақыл-ойымыз, ғылым-біліміміз арқылы қол жеткізген заманауи технология жетістіктері қандай?
Жауап айқын. Бәрі керемет. Бүгін, осы өмірде керемет. Ал Құран аятына жүгінсек, оның бәрі өз-өзімізге жасаған зұлымдық.
Неге зұлымдық? Мәселен, біз бір-бірімізге бақыт тіледік. Сол бақытқа қол жеткізу үшін жанталасып бақтық. Әлі де жанталасудамыз. Мақсатымыз, өз халқын бақытты еткен мемлекеттер қатарына қосылу. Байыбына барсақ, осы жанталасудың бәрі адам баласын Алладан алшақтата түседі. Байлық та солай. Қатарының алды болу — дінсіздіктің шыңына шық дегенге саяды. Білім мен ғылым да сондай. Заманауи технология жетістігі түгелдей Алланы жоққа шығаруға қызмет етеді. Солай бола тұра барлық мүлік иесі — Алла. Соған орай біз пайдаланып жүрген барлық заманауи технология — әруақ арқылы Алламен байланыста тұрады. Оны кімнің жасағандығында тұрған дәнеңе жоқ. Сондықтан да біз (мұсылмандар) әлгі озық технологиялар жетістігін пайдаланғанда Аллаға мадақ айтамыз. Ал Аллаға емес, әлгі технологияға сенім артатындар үшін Алла Тағала сол мүлік иесі Өзі екендігін әлгі технология арқылы да білдіріп отырады. Бірақ оны Алланың «білдіруі» екенін ұғынып жатқан адам аз.
Ұғынғандар — мұсылмандар. «Йә, Раббымыз, біз өз-өзімізге зұлымдық қылдық», — деушілер де солар. Егер солай десең, онда «Жан-жағыңа жанарыңнан қан ағыз». Егер қан ағыза алмасақ, онда біздің мұсылмандығымызда кәкір бар. Ол кәкір бүгін ғана емес, кешегі күні де болған. Яссауи бабамыз соған орай жоғарыда біз тілге тиек еткен Құран аятын қаперімізге салып отыр.
Неге салып отыр? Себебі біз өз-өзімізді зұлымдық қылушылар санатына қоспайтын болдық. Қоспаған соң, әрине, жанарымыздан қан түгілі жас та шықпайды. Біз тіпті мұсылмандардың өркениет көшінен қалып қойғандығына налитын болдық.
Яссауи бабамыз кезінде де біз осындай күйді бастан кешкенбіз. Сол кезде Ұлы ұстаз «Кепіл болам» атты хикметін жария еткен болатын. Сол-ақ екен біз әлгі аят мәнін ұғынып, қайта бой түзедік. Тап сол сияқты бүгін де Яссауи бабамыз хикметтеріне (Ихсанға) бет бұрудамыз. Соған орай айтылар бата-тілектерге де ата-бабаларымыз сынды «Құдай қаласа» деген Аллалық қалауды да қосатын болдық. Сол қалау — бізге Тәуелсіздікті алып келді. Демек, айтылған тілектер шайтанның емес, періштенің құлағына шалынатын болды.
Бұл — ниеттің өзгеруі. Бұл — адам баласының бір-біріне жасап жатқан зұлымдығына налу. Бұл — Қазақстан мемлекеті ұстанып отырған бүгінгі саясат. Бұл — Яссауи бабамыздың: «Жан-жағыңа жанарыңнан қан ағызсаң», — деген хикметінің қабыл болуы. Ендігі қалғаны — Хақ зікірін санамызға түбегейлі орнықтыру. Міне, сол кезде бізге Яссауи бабамыз: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
«Сен — көбелек, ал ақиқат — жайнаған шам,
Өзіңді отқа ұр, сол асыл дерт — пайдаға алсаң,
Дүкенің құр зікір етіп қайда барсаң,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Бәріміздің де түбіміз ауыл. Соған орай пілтелі шамды да, сол шам жарығына ұмтылған көбелекті де жақсы білеміз. Отқа ұмытылған көбелек ессіздігіне тәнті болғандықтан, оларды соқыр көбелекке балайтынбыз. Енді аңғарсақ, нағыз көзі бар көбелек солар екен. Көзсіз болса, отқа ұмтылып несі бар?! Кездейсоқ түсті дейтін емес, шам жағылса болды, бәрі де қараңғылық қойнауынан шығып, жарыққа ұмтылады. Жарыққа емес, отқа. Ажалына.
Яссауи бабамыз болса, сол шамды ақиқатқа балайды. Соған орай оны «Жайнаған шам» дейді. Егер сол «жайнаған шамға» қарыла алсаң, бақыт сол. Қарылу емес, өртенсең, жоқ болсаң. Асыл дерт — сол. Онда да егер пайдалана алсаң.
Сонда оның несі асыл дерт?! «Жайнаған шам» деп қанша жерден әспеттесек те, өзіңді отқа ұрудың несі бақыт?!
Оның бақыт екенін ұғыну үшін көбелек өмірдің мәніне үңілген жөн. Көбелек — жарыққа ұмтылушылар. Сол жолда өздерін құрбан етуге пейіл. Ал өмір — қараңғылық. Оның қараңғы екендігі шам жағылғанда мәлім болды. Сол жарық көбелектің тыншын алды. Ол бұрынғыша өмір сүре алмайтынын білген кезде, нақтыласақ, алау отқа болған ғашықтықтан өзін отқа лақтырды. Қалай лақтырды, сол сәтте-ақ жанып кетті.
Әлгі көбелек тағдыры екі ұдай пікір қалыптастырады. Біріншісі — ажал — айла таптырмас, екіншісі — ақиқатпен қауышу. Өмірден озған адамның бәріне осы екі бағаның бірі беріледі.
Ажалдың айла таптырмайтынын бәріміз білеміз. Ал ақиқатпен қауышуды, біз оны қабылдай алмаймыз. Сондықтан да біз отқа түскен көбелекті жанып кетті дейміз. Шынтуайтына келгенде, ол өзі от болды. Ақиқат сол.
Өзімізге келейік. Алла — ақиқат. Дін — шам. Мұсылмандар шам жарығын пайдаланып, ғибадат жасауда. Бірақ ешқайсысының отқа түскісі жоқ. Бәрі де шам жарығын (дінді) місе тұтуда. Соны ұстанғанына мәз. Шынтуайтына келгенде, дінді ұстанған адам өлуі тиіс. Мұсылман сол. Ол үшін отқа түспек керек. Бұл түсу хадис тілінде: «Өлмей тұрып өліңдер» делінеді.
Өлдің — көбелек болдың. Отқа түскен көбелек. Сен — алаусың, сен — отсың, сен — нұрсың, сен — ақиқатсың. Нақтыласақ, мұсылмансың.
Мұсылман — өзгелерге жарығы түсетін адам. Ал біз болсақ, шам айналасында қалып қойдық. Егер біз жайнаған шамның өзі болғанда, қайда барсақ та «Зікір дүкенін» құруға қабылетті болар едік. Яссауи бабамыз сол адамға қарата: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
«Махаббаттың майданында басты ойнатсаң,
Кірпігіңнің әр талына жас байлатсаң,
Дидар тілеп, «hу-hу-hу» деп тас қайнатсаң,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Басты ойнату — зікір. Бастың бұлғақтауы, не төбеге қарап шыр айналуы, бұдан өзге де әрқилы қозғалыстар — барша тариқатқа тән. Жалпы зікір салушылардың өзін жоғалтып алуы — заңдылық. Себебі олар зікір үстінде «Махаббат майданына» енеді.
Бізде махаббат туралы біршама түсінік бар. Бала махаббатты да білеміз. Махаббаттың негізі — ғашықтық. Ғашық болған адам ғана махаббат әлеміне енеді.
Әзірге әлем дейік. Өз әлеміміз. Ол — махаббат әлемі. Ол әлемде сені мен ғашығыңнан басқа ешкім жоқ. Қалған өмір сыртта. Сені сырттағы өмір қызықтырмайды. Ол өмір тоқтап қалған. Себебі сен махаббат әлемінің ішіндесің. Талай ғашық осы әлем ішінде өз өмірлерін тұйықтаған. Кейбіреулер өмірі әнге, хиса-дастандарға арқау болған.
Сонымен «Махаббат әлемі» туралы шамалы түсінік қалыптастырдық. Енді ол әлемді шамалы кеңітейік. Ол үшін әлемді майданға алмастырайық.
Сонымен біз майдан даласындамыз. Расул Ғамзатовтың «Тырналар» өлеңін кезінде өзімше еркін аударып көріп едім. Бүгін сол аудармам кәдеге жарағалы тұр. Келтіре кетейік:
«Қан майданнан оралмаған солдаттар,
Кейде маған өлмегендей көрінер.
Қабірінде жатпаған соң кім жоқтар,
Құсқа айналып кеткен сынды ол ерлер.
Ақ тырна боп елге ұшып кеткенде,
Кім оларды күтіп алар гүл сыйлап?!
Туған жердің төбесінен өткенде,
Бізге белгі беретіндей қиқулап».
Жалпы ұққанымыз, майданға бас сұққандардың қай-қайсы да, өлісі де, тірісі де даңқ тұғырына көтеріледі екен. Осы өмірде, Алласыз әлемнің өзінде. Ал Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған «Махаббат майданы», бұл енді шынайы майдан. Ол майданға «Кірпігінің әр талына жас байлатқандар» ғана ене алады. Көзінде жас, тілінде ғашығы есімі. Зікір — сол ғашықты еске алу. Соған орай «hу-hу-hу» деген сайын әр демінен жалын атады. Сол жалынан көз жасына бөккен тас қайнайды.
Бұл хәл тұрғысында Яссауи бабамыздың өзі бүй дейді:
«Ғашық отын құпия ұстап, сыр қылып сақтадым,
Жанымды күйдіріп, жүрек бауырымды кәуап етті,
Пірден медет болмаса енді маған,
Бұл дерт бізді шексіз ойсыратып кетті, достар».
Біз ғашықтықты, махаббат әлемін бір-бірімен шендестіргенімізбен, тек Яссауи бабамыздың «Махаббат майданын» ғана шынайы деп таныдық.
Неге шынайы? Мәселен ен далада тілі таңдайына жабысып, шөлдеп келе жатқан бір адам дарбыз (қарбыз) жегісі келіп, сол дарбызды (қарбызды) көз алдына елестетті делік. Мәселе мәнін ұғыну үшін біз де сол дарбызды (қарбызды) көз алдымызға елестетіп көрелік. Сонда біз ол дарбызды (қарбызды) қалай елестетеміз? Байыбына барсақ, біздің көз алдымызға әлгі дарбыздың (қарбыздың) шынайы қалпы, жаратылыстық негізі көрініс береді. Біздің көз алдымызға елес берген дарбызға (қарбызға) сын да, мін де айтылмайды. Себебі ол — дарбыз (қарбыз). Жаратылысы солай. Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған «Махаббат майданы» — осы біздің көз алдымызға елес берген дарбыз (қарбыз).
Енді әлгі дарбызды (қарбызды) өңімізде жейік. Қанша адам жесе, сонша пікір. Ол пікірлер: «Дәмсіздеу екен», «Әлі пісе қоймапты», «Дәріні көп беріп жіберіпті…» Осылай жалғастыра беруге болады. Міне осы дарбызға (қарбызға) берілген баға — осы дүниедегі жалған «Махаббат майдандары». Жалпы «Махаббат майдандары» ғана емес, мына әлемнің өзі жалған. Себебі — дарбыз емес. Біз көретін, біз сезетін, біз тұтынатын, біз бағалайтын барлық затта осындай екі мән бар. Соған орай дарбызды (қарбызды) көргендер — Алланы көреді. Ал оған қатысты әңгімелер — ол енді біз өмір сүріп жатқан әлем. Ал ол әлемде Алла жоқ. Дін де, мешіт те жоқ. Бәрі — жалған. Соған орай Яссауи бабамыз:
«Махаббаттың майданында басты ойнатсаң,
Кірпігіңнің әр талына жас байлатсаң,
Дидар тілеп, «hу-hу-hу» деп тас қайнатсаң,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
«Сен қорғап жат ерендердің астанасын,
Сахар тұрып, шар зарб ұрып бастағасын,
Жаныңнан без, ұрғандай боп тасқа басың,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Ерендер — озықтар. Іріктеліп шыққандар. Сахар тұрып «Шар зарб ұру» зікірін салатындар да солар. Бұл — шар тараптан келетін шайтанға қарсы басты төрт жаққа бұлғап отырып салатын зікір.
Сонымен зікір үстіндесің. Аузыңда Алла. Басың төрт жаққа қарай кезек-кезек бұлғақтайды. Көрген адам жынды дейді де қояды.
Бұл тұрғыда хазреті Руми: «Жынды деген атаққа ие болмайынша мұсылман болмайсың!” — дейді.
Сенде шынында да ес жоқ. Еліріп алғансың. Себебі ерендердің астанасын қорғау үстіндесің. Жаннан безгенің сонша, маңдайың тасқа тисе де тоқтар емессің.
Ал бұл не күш, не қуат?! Байыбына барсақ, саған тән қуат емес. Себебі сенде ол қуатты иелік ететін ес жоқ. Ес — ақыл. Ал сенің мына іс-әрекетің ақылдан тыс. Ақылдан тыс болған соң, бұл әлемдік емес.
Бұл орайда хазреті Руми бүй дейді: «Ақылыңды сат та жындылықты сатып ал.”
Сен қазір сол хәлдесің. Тас болса, сенің алдыңа көлденең қойылған кедергілер. Ол тасқа сен басыңды күнде ұрасың. Алайда оның тас екенін біліп жатқан адам аз.
Байыбына барсақ, біз мына дүние есігін аттағалы маңдайымызды тасқа ұрумен келеміз. Алайда басым тасқа ұрылды-ау деп жаннан безіп жатқан адам жоқ. Қайта сол тасқа басын жарғандар бар арман-тілектері орындалғандар санатына қосылуда.
Сонда ол қандай тас? Шынтуайтына келгенде, ол тас емес, шайтанның қақпалары. Біз мына дүниеге келген (туған) сәтте, әлгі тасқа басымыз соғылады. Жылайтынымыз сондықтан. Алайда сол соғу — дүние есігін ашады. Біз ішке ендік. Бұдан кейінгі тастар (есіктер) өзіміздің, ата-анамыздың, дос-жарандардың, туған-туыстың, мемлекеттің көмегімен оп-оңай ашыла береді. Ол есіктер (тастар) қазіргі біздің түсінігіміздегі жақсылыққа, не жаманшылыққа қарай ашылса да бір-бірінен пәлендей айырмасы жоқ. Себебі екеуі де бізді Алладан алшақтата түседі. Әр ашылған есік (тас), ол қай бағытта ашылса да, біз бен Алла арасына перде болып тұтылады.
Маңдайымыз тасқа тиді. Бұл тас — есік емес. Ол — осы өмірдегі Алланың сынағы. Біз сол кезде ес жиямыз. Ақылға келеміз. Ақылға келген соң, әрине, Алланы іздей бастаймыз. Мешітке барамыз, намазға жығыламыз. Біз мұндай қадамға әлгі есікті (тасты) ашу үшін де барамыз. Байыбына барсақ, бұл екі діндәрлықтың бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Себебі адам баласы бұл екі жағдайда да жаннан безбейді. Алайда жол іздей бастайды. Ал ол жол алда емес, артта. Оның артта екенін түйсіну үшін кім де болсын тас мәнін ұғуы тиіс.
Сонымен кері қайттық. Қалай кері қайттық, ерендер астанасы көрініс берді. Біз енді сол әлем тілеулесіне айналдық, яғни ерендер астанасын қорғап жаттық. Ол қорғау — шар зарб ұру зікіріне ұласты. Басымыз оңға, солға, алға, артқа бұлғақтай бастады. Бұл бұлғақтау мәнін түсінген сайын еліре түстік. Сол еліру — бізді ақыл-естен ажыратты. Өзімізді жоғалттық. Қалай жоғалттық, ерендер қатарына барып қосылдық.
Зікірге келейік. Енді байқасақ, төрт құбыламыз есігі де ашық. Бірде біреуінде тас жоқ. Бәрін өзіміз ашқанбыз. Кешегі күні бірге жүрген шайтандар төрт жағымыздан да анталап тұр. Сен оларды өз өміріңнің мәні деп білген кезде шайтан деп таныған емессің. Ал олар барлық жерде. Сен соларды өзіңнен, өзіңнің жақындарыңнан аршып алу үшін жанталасасың. Жаныңнан безесің. Міне, сол кезде Яссауи бабамыз: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
«Топырақ бол, нәпсі азаптан сынсын да әрман
Халық ішінде рәсуә бол, күлсін — Жалған!
Шын жүрекпен жылай көр тек, білсін де Аллаң,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
«Топырақ болудың» мәні терең. Топырақ — біздің негізіміз. Ал оның Алла алдындағы дәрежесі өте жоғары. Біз солмыз. Нақтыласақ, топырақ болған кезде сол биікке көтерілеміз. Себебі топырақта Алланың назары, әрі қалауы бар. Осы назар мен қалау, біздің тәнімізді рухымызбен үйлестіріп тұр.
Мынандай бір аңыздан жеткен ақиқат бойынша Ұлық Алла әуелде адамды жаратпақ жоспарын бәріне жария қылыпты. Сонда: «Адамды менен жаратса екен», — деп тау, тас, от, алтын, су, аспан, жел бәрі таласқан екен дейді. Кілең мықтыларды көріп топырақ: «Мендей қадірсіз заттан АДАМдай ұлық затты жарата қоймас», — деп, шет қалыпты. Сонда Ұлық Алла бәрінің бойынан мін тауып, жаратпай тастапты. Сосын жерге қарап:
– Адам тәнін сенен жаратамын, сен – кішіпейілсің. Менің ең жақсы көретін мінез-құлқым осы. Бүкіл тіршілік иесі саған тәуелді болады. Мінезің ауыр, сабырлы. Қойның толған береке. Алтын-күміс, ас-ауқат түгел дерлік сенен өніп шығады. Күллі мақұлық нәжісін саған төксе де, сен одан хош иісті гүл шығарасың. Лас су жерге сіңіп, тәтті бұлаққа айналады. Жасаған жақсылығыңды міндетсіну сенде жоқ. Адам сенен жаралып, өлген соң саған оралады. Адам ұрпағы тірісінде неғұрлым саған ұқсаса, соғұрлым менің алдымда қадірлі болады, – дейді.
Міне, сондықтан да біз топырақ болған кезде нәпсіні өлтіреміз. Осы топырақ болу, бізді әуелгі негізімізге қосады. Бұл топырақ болу — материялды әлемге тән. Нақтыласақ, сопыларға (тақуаларға) тән. Негізінде, мұсылмандарға тән. Алайда адам жаратылысы топырақ болуды қош көре бермейді. Қош көрмейтін адам емес, нәпсі. Дегенмен біз солмыз. Сондықтан да біз ұдайы жоғары өрлеуге құштармыз. Ал ол өрлеу шыңы — құдай болу.
Иә, біз өз әлеміміздің құдайымыз. Құл-құтан болсақ та құдаймыз. Сол құдайлық біздің шекемізді тыржитады да жүреді. Біздің бар өміріміз кіжінумен өтеді. Біз ешнәрсеге риза болмаймыз. Біз ешқашан тоймаймыз. Себебі ешнәрсе біздің құдайлық қалауымыздай болмайды. Бұл жәйт біз кедей емес, бай болсақ та, тіпті патша болсақ та қайталанады. Жер бетінде мамыражай, бейбіт заманның ешуақытта орнамағаны сондықтан.
Енді осы шекесі тыржиып жүрген адам басқа құдайға бас ие ме? Сол құдайға табынып, ғибадат жасай ма? Жасайды. Бірақ ол құдайға емес, өз құдайына жасайды. Топырақ болмаған адамның бәрі өзі сенген, өз ішіндегі құдайға табынады. Ол құдайдың аты — «Бар» деген түсінік. Ал ол құдай сен бар болып тұрған кезде бар болады да тұрады. Егер топырақ болсаң, шын Құдай көрініс береді. Топырақ болған кезде, сен жоқ боласың. Сол кезде сендегі жалған құдайдың рөлін ойнап тұрған нәпсі өледі.
Топырақ болу — қор болу емес. Жоқ болған адам қор болмайды. Жалпы оған ешнәрсе жұқпайды. Сондықтан да еш қысылмай «Халық ішінде рәсуә бол, күлсін — Жалған!»
Рәсуә болу — айнаға айналу. Сонда рәсуә болатын сен емес, саған қарайтындар. Ал ол тұтас халық. Халық қана емес, мына әлем. Ол әлемнің аты — Жалған. Демек саған саусақ шошайтып күлгеннің бәрі жалған.
Олар күледі, сен жылайсың. «Шын жүрекпен жылай көр тек, білсін де Аллаң». Солай етсең Яссауи бабамыз: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
«Рахым жаусын, дария қыл көз жасыңды,
Ғаріп болып жолда жатып қозға сырды, —
Тәңір сенен керек қылмас өзге асылды,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Алла бізге қай кезде рахым қылады? Жалпы біздің Алла рахымынан тыс қалған кезіміз жоқ. Біз барлық кезде, барлық уақытта Алла рахымының ішінде тұрамыз. Бірақ оны сезініп жатқан адам аз. Сезінсек, жылар едік.
Қарапайым түсінік. Жаңбыр — Алланың рахымы. Сол рахымды жер қабыл алады. Нәтиежесі — көз алдымызда.
Біздің де табиғаттан жаңбыр күтетініміз бар. Ол жаңбыр негізінде көктемде күтіледі. Себебі біз көктемде жаңбыр жауатынын білеміз. Бұл — табиғатқа деген сенім. Алайда жаңбыр жаумайтын да кез болады. Көктем болса да. Сол кезде жаңбыр иесінің көктем емес екені еске түседі. Соған орай тасаттықтар беріледі.
Міне, тап сол сияқты, біздің жанарымыздан аққан көз жасы — біз берген тасаттық. Егер ол көз жасы дария болып төгілсе, Алла да өз рахымын жаудырады.
Алайда біз жылау үшін Алла рахымынан тыс қалғандығымызды білуге тиіспіз. Әлгі көктемде жаңбыр жаумағаны сияқты.
Ал оны біз қалай білеміз? Байыбына барсақ, Алла Тағала оны бізге ұдайы білдіріп отырады. Ол білдірудің өзі табиғи тұрғыда және де әрқилы сынақтар арқылы жүзеге асады. Алайда біз оның екеуін де мойындамаймыз. Мойындамайтынымыз, әлгі «сынақтарды» Алланың рахымы деп білмейміз.
Мынандай бір тәмсіл бар. Бірде Дәуіт пайғамбардың алдынан Әзірейіл періште шыға келеді. Жан алғыш періштенің аяқ астынан шыға келгенінен тіксініп қалған Дәуіт пайғамбар одан: «Досым-ау, бұл суыт жүрісіңнің мәнісі не?» — деп сұрайды. Сонда Әзірейіл періште: «Уақыт болды. Аманатты тапсырыңыз», — дейді. Дәуіт (ғс): «Достым-ау, ескертпей келгенің қалай?» — деп өкпе артқандай болады. Бұған Әзірейіл періште: «Сізге ескертілген. Жасыңыз ұлғайды. Күшіңіз кеміді. Ажарыңыз солды. Сақал-шашыңызға ақ түсті», — деп жауап қатады. Сөзден тосылған, әрі тамағы құрғап кеткен Дәуіт пайғамбар: «Тамағымды жібітетін су ішуге кеңшілік жаса», — дейді. Әзірейіл болса: «Жер бетіндегі риздық-несібеңіз таусылған», — деп жауап қатады. Дәуіт (ғс): «Онда екі бас намаз оқып алайын», — дегенде, Әзірейіл періште: «Ғибадаттың да уақыты біткен», — деп оған да ұрықсат етпейді.
Ал бізбен Әзірейіл періште мұндай мәміле қылмайды. Ажалымыз жеткен күні Алла құзырына аттанып кете барамыз. Ал одан кейінгі жылаудан еш қайыр жоқ. Жыласаң, осы өмірде жыла. Алайда қартайғандығы үшін көзіне жас алып жүрген адамды біз кездестірген емеспіз. Себебі біз қарттықты, өтіп жатқан уақытты Алланың ескертуі деп ойлаған емеспіз. Хәкім Абайға жүгінелік:
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың – ашыған у, ойың – кермек.
Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп, болады ермек?
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек…»
Біз де өзгердік. Өзгерткен — өмір. Аз ба, көп пе, жасаған осы ғұмырымызда бәрін көрдік. Алайда сол көргендеріміздің бірде біреуін Алланың рахымына, не ескертуіне, не сынағына балаған емеспіз. Баласақ — жылар едік. Жыламаған соң Алланың рахымынан мақұрым қалдық.
Байыбына барсақ, бізге берілген адамдық болмыс, ақыл-ес — Алланың рахымы; денсаулық, адами қасиеттер — Алланың рахымы; ата-ана, бала-шаға — Алланың рахымы; дос-жаран да сондай; Отан да Алланың рахымы; жұтқан ауа, бізді қоршап тұрған табиғат та, ішкі ағзаларымызда өздігінен болып жатқандай көрінетін зат алмасу іс-әрекеттері де Алланың рахымы. Жалпы біздің Алла рахымынан тыс қалған кезіміз жоқ. Бірақ оған ешуақытта мән берген емеспіз. Біз оларға, сол Алланың рахымдары өз жолынан «жаңылған» кездерде мән береміз. Мән бергенде де оларды табиғи заңдылықтарға балаймыз. Алайда сол «заңдылықтарды» Алланың белгісі деп те қабылдайтын кездеріміз бар. Біздің иманға келуіміз сол. Бірақ ол иман біздің жанарымызға жас үйірмейді. Рас, кей ауыр сынақтар жанымызды күйзелтеді. Соған орай кейде намаз оқып, мешітке де бас сұғып жатамыз. Солай бола тұра ол сынақтарды Алланың рахымы деп білмейміз. Біз үшін Алланың рахымы — жұлдызымыз оңынан туған сәттер. Мейманамыз тасып жүрген кездер.
Солай-ақ болсын. Бірақ біз сол кезде неге көзімізге жас алмаймыз. Яссауи бабамыз болса, сол рахым жауып тұрған кезде: «Дария қыл көз жасыңды» дейді. Демек біздің түсінігімізде бір кәкір бар.
Ал ол не кәкір? Мән берсек, біздің Алла рахымын қабыл алатын ыдысымыз таза емес. Ол ыдыс — жүрек; ол ыдыс — асқазан; ол ыдыс — біздің көзіміз, құлағымыз, аяқ-қолымыз; ол ыдыс — біздің өзіміз. Біздің Алла рахымын сезіне алмайтынымыз сондықтан.
Жалпы адам баласы не жесе, не көрсе, не ішсе, не естісе, нені сезініп, нені түйсінсе, өзі де — сол. Ал біз дінсізденген заманның өкіліміз. Біз өскен орта, қоғам сондай. Демек «ыдысымыз» таза емес. Соған орай біз қабыл алған Алланың рахымы біздің «ыдысымызға» түсе сала-ақ арамданып кетеді.
Ыдысқа шамалы түсінік бере кетелік. Мәселен ағаштан ойып итаяқ жасайық. Ол итаяқпен итке тамақ бере қойған жоқпыз. Таза кезінде өзіміз ас құйып ішіп алайық десек, адал ас итаяққа құйылысымен бірден арамданады. Себебі негізі арам. Гаршок та сол сияқты. Дүкеннен жап-жаңа гаршок сатып алғаныңмен әлгіге құйылған адал ас бірден арамданады.Себебі ыдысы арам. Сондықтан кімге де болсын ең әуелі өз ыдысын тазалағаны ләзім.
Бұлай тазалану — Пайғамбарымыз (сғс) сүннеті. Пайғамбарымыз (сғс) да алғашқы Құран аяты түскенге дейін Қира тауындағы үңгірде оқшауланған. Сондай-ақ Әнас ибн Мәлик былай дейді: «Расулулла бала кезінде ойнап жүргенде Жәбірейіл келіп, оны ұстап жерге жатқызды да, кеудесін жарып, жүрегінен ұйыған қан алды. Сосын Пайғамбарға (ﷺ): «Шайтанның сендегі нәсібі, міне, мынау», — дейді. Іле жүрегін алтын ыдыстың ішіндегі зәмзәм суымен жуып, қайта орнына қойды».
Осы ыңғайдағы тазалану Пайғамбарлықты қабыл алған кезде және Миғражға көтерілер тұста қайталанған делінеді. Соған орай біз де қырық күн шілдеге түсеміз. Жалпы қырық санының қадірлі болатыны сондықтан. Ең бастысы, Пірге қол беру арқылы өз ыдысымызды тазалаймыз. Оған негіз: «Саған баят жасағандар (қол бергендер) қолы үстінде Алланың құдырет қолы болды» дегенге саятын аят. Ол «қол» — рухани әлем. Біздің ыдысымызды тазалайтын да сол.
Сонымен ыдысымыз тазарды. Бұл тазаруға орай Яссауи бабамыз: «Тәңір сенен керек қылмас өзге асылды», — дейді.
Ал енді жыла. Дария қыл көз жасыңды. Ғаріп болып жолда жатып қозға сырды. Жолда түне. Аллаға барар жолда. Дүние машақатынан арылып, ғаріп бол. Міне сол кезде Яссауи бабамыз: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кімдер үшін келді Расул?» атты хикметінде:
«Расул қадірін ойладың ба тереңірек,
Сүннетіне бойладың ба әдебі көп,
Расул үшін көрдің бе бір зар еңіреп,
Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — дейді.
Сіз бен біз мұсылманбыз. Солай бола тұра Яссауи бабамыз «Расул қадірін ойладың ба тереңірек» деген хикметін бізге қарата айтып отыр деп ойлаған да емеспіз. Біз түгілі ол сөзді өздерін діндәр санатына қосатындардың өзі қабылдай қоюы неғайбыл. Қабылдай қоймайтыны, біз Яссауи бабамыз дәуіріндегідей діннің негізгі мәнінен ажырап қалдық. Соған орай дін біздің өмірсалтымыз емес, тек құлшылық, ғибадат деген түсінік қалыптасты. Сол-ақ екен біз діннен, дін бізден бөлінді. Бөлінген соң, біздің өмірсалтымыз басқа бағытқа бұрылып кетті. Бұл — бүгінгі көрініс.
Кешегі күнге келейік. Яссауи бабамыз заманына. Себебі Ұлы ұстаз «Расул қадірін ойладың ба тереңірек» деп сол дәуір адамдарына қарата айтқан болатын. Ал ол дәуір дін-мұсылманның аман кезі. Біз солай ойлаймыз. Алайда Ұлы ұстаз көңілінде күмән бар. Демек ол кез қауымы да тап бүгінгі біздің кейпімізді киіп тұр. Ол кейіп — діннің сыртқы формалық көрінісі. Ал ол — қауіпті көрініс. Бүгінгіден де қауіпті. Бүгін мұсылман мен кәпірдің ажыраған кезі ғой. Ол кезде бәрі бір шекпеннің ішінде жасырын тұрды. Соған орай біздің ата-бабаларымыз өмірсалтына айналып кеткендей көрінетін дін халықтың жанын баурай алмады. Соған орай Пайғамбарымыздың (сғс) сүннеттік киім үлгісі ұлттық киім ретінде қабыл алынды. Шапанға, тақияға ұлттық ою-өрнектің салына бастауы сондықтан.
Міне, осы кезде Яссауи бабамыз: «Расул қадірін ойладың ба тереңірек», — деп тіл қатты. Ал ол қандай қадір еді?
Басы ашық жәйт. Дін мен Расул (сғс) егіз ұғым. Дін емес, Расул (сғс) иманның кепілі. Кәлима шаhадаттың сыңары. Тағы тереңдейік. Ол — рухыңның нұры. Ол — Аллалық болмыс. Ол — сен. Сен — Ол.
Егер Яссауи бабамыз айтқандай, осылай тереңірек ойласақ, ойлап қана қоймай соны қабыл алсақ, біз бүгінгі, ата-бабаларымыз сол кездегі болмысынан, өмірсалтынан ажырар ма еді?
Сонымен, Расул қадіріне тереңірек ой жіберіп көріп едік, дін өз мәнін қайта тапты. Сол-ақ екен Яссауи бабамыз: «Сүннетіне бойладың ба әдебі көп», — деп қайта тіл қатты.
Ал бойладық. Қалай бойладық, ішіміз де, сыртымыз да нұрланып шыға келді. «Мүминдер туыс қой» деген хадис мәнін де сол кезде түсіндік. Себебі Пайғамбарымыз (сғс) сүннеті барша мұсылмандарды сыртқы көріністе де, ішкі әдепте де бір атаның баласындай етіп, жарастырып жіберді. Демек біз де Пайғамбарымыздың (сғс) әдебі көп сүннетіне бойлап көрелік. Олар:
Көп сөйлемейтін.
Жаман сөз айтпайтын.
Өзгелермен ерегіспейтін.
Сөзі мен ісі сай келетін.
Әрқашан ойланып жүретін.
Берген уәдесіне берік болатын.
Салақтықты жаны қаламайтын.
Ешкімнің кемшілігін іздемейтін.
Сыпайы және кішіпейіл болатын.
Туған-туыстарын құрмет тұтатын.
Адал болған азықты алып жейтін.
Ретсіз не болса, соны сөйлемейтін.
Әрдайым байсалдылық танытатын.
Дүние істеріне бола ашуланбайтын.
Көрші ақысына қатты көңіл бөлетін.
Жүрегі өте жұмсақ, сезімтал болатын.
Күмәнді нәрселерден өте сақ болатын.
Баршаның қайғы-қамына ортақтасатын.
Пайдасыз нәрселермен еш айналыспайтын.
Көңілі ұнатпаған мәселеде үнсіз қалатын.
Кімге болса да бірінші болып сәлем беретін.
Кешірімділігі соншалықты – кек сақтамайтын.
Адамдардың әрдайым табысқа жетуін тілейтін.
Әркіммен ақылы мен түйсігіне қарай сөйлесетін.
Сөйлегенінен гөрі ой үстінде жүруі көп болатын.
Жеке басы үшін ашуланып, өзгеден өш алмайтын.
Айыбы мен кемшіліктері үшін ешкімді кекетпейтін.
Адамдардың қасынан ақырын және күлімдеп өтетін.
Сөйлеген кезде айналасындағыларды баурап алатын.
Өзгелер үшін жақсылық әкелмейтін сөзді айтпайтын.
Жүзінен әрдайым нұр төгіліп, жайдары болып жүретін.
Әдетте, жаман сөздерді аузына алмайтын.
Сөйлеген кезде кем сөйлеп немесе артық сөз айтпайтын.
Үй иесі рұқсат бермейінше, табалдырығынан аттамайтын.
Шындық пен адалдыққа келгенде, алдына жан салмайтын.
Киім кигенде мақтаншақтыққа жол бермей, орташа киінетін.
Шаш пен сақалдың үрпиіп, шатасып тұрғанын құптамайтын.
Ешкімнің бетіне келіп немесе артынан айыптап кінә артпайтын.
Сөйлесіп тұрған кезде жүзін басқа жаққа бұрып алып кетпейтін.
Жетімдердің басынан сипап, оларға қамқор болуды бұйыратын.
Кез-келген мәжіліске қатысқанда жеке дара бөлініп отырмайтын.
Киімнің әдемі киілуін әмір етіп, масқаралыққа түсуін ұнатпайтын.
Есігін қағып жәрдем сұрай келген кісінің бетін қағып қайтармайтын.
Балалардың бақытты болуын тілеп, оларды қарғауға тыйым салатын.
Ар-ұяттың күштілігінен қатты дауыспен күлмейтін, тек күлімдейтін.
Адамзаттың ардақтысы болса да, ел қатарлы қарапайым өмір сүретін.
Сөйлеген сөздері тізілген моншақтай тартымды, әрі берекетті болатын.
Кедейлердің жабырқау көңілдерін көтеріп, оларға мейірбандық танытатын.
Сауда-саттықта әдептілігі сондай – ел оны сенімді («әл-Әмин») деп сипаттайтын.
Адамдардың ең жомарты болса да, оның жомарттығы оразада тіптен арта түсетін.
Кедейлермен қатар отырып тамақтанатыны сондай – олардан ерекшеленіп тұрмайтын.
Ізін басқан достарына: «Бұл дүниеде бір бейшарадай, яғни жолаушы секілді бол!» – дейтін.
Күнә не, сауап не, әмір не, тыйым не екенін білмейтін адамдардың жағдайына қайғыратын.
Өзіне дұшпандық жасағандарды кешіріп қана қоймай, оларға құрмет пен мәрхамат танытатын.
Қиыншылыққа немесе әлдеқандай жағдайға түскен кезде әдепсіздікке салынып ашуланбайтын.
Қасында отырып ең соңынан сөйлеген кісілердің өзін бірінші кісіні тыңдағандай мұқиятпен тыңдайтын.
Адамзат баласының ең мәртебелісі болса да, достарына: «Мені Алланың құлы, әрі елшісі деп атаңыздар», — дейтін.
Әйел заты адамдық қасиеттен айрылып қорланған дәуірде: «Жәннат аналардың аяғының астында», — деп, оларға құрмет көрсетілуін айтып, дәрежелерін көтеретін.
Ол әрдайым таңертең үйінен шығарда: «Иә, Раббым! Тура жолдан адасудан және адастырылудан, алданудан және алдандырылудан, хақсыздық етуден және хақсыздыққа бас ұрудан, құрметсіздік етуден және құрметсіздік етілуден саған сыйынамын», — дейтін.
Өзімізге тағы бір назар салайық. Ішіміз де, сыртымыз да нұрланып тұр. Нұрландырып тұрған Пайғамбарымыз (сғс) сүннеті. Сол-ақ екен Яссауи бабамыздың: «Расул үшін көрдің бе бір зар еңіреп», — деген хикметі де жанарымызға жас үйіре бастады.
Иә, біз жылайтын болдық. Жылатқан — Расул (сғс). Біз бұрын, яғни, дін мен Пайғамбарымызды (сғс), жан мен тәнді, Нұр мен Алланы бір ұғым деп қабылдамайтын кезде жыламайтынбыз. Бақсақ, ол кезде діннің ішкі ирімдерімен үндесе алмайды екенбіз. Бізді ол ирімдерге қосқан Расул (сғс). Нақтыласақ, Яссауи бабамыз. Соған орай біз де Яссауи бабамызша: «Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — деп қоямыз.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кімдер үшін келді Расул?» атты хикметінде:
«Білсең етті, — сағадат-дүр ол Мұстафа,
Ұқсаң, шіркін, ғанибет-дүр ол Мұстафа.
Әттең, өкініш, ғинаят-дүр ол Мұстафа! —
Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — дейді.
Сағадат — парсы тілінде бақыт деген мағына береді. Бақыт — барша адам баласының қол жеткізуге талпынған арманы. Біздің Сағадат пен Бақытты кісі есімі деңгейіне дейін көтеруіміз сондықтан. Бірақ қай тілде атасақ та ол сөз мәнін жете түсінбейді екенбіз. Түсінбегендіктен де біз мына өмірдің жанымызды шаттыққа бөлеген қызылды-жасылды сәттерін бақытқа баладық. Байыбына барсақ, мына өмірдің қызылды-жасылды сәттері тасыған өзеннің көпіршігі тәрізді уақытша ғана алдамшы бір көрініс екен. Алайда сол «көпіршіктің» біздің жанымызды шаттыққа бөлеуі, бұл енді нағыз қасірет. Себебі жанның қалауы ол емес. Ал шаттанған жан — өзгеріске түскен жан.
Алайда біздің өмірімізде әлгіндей «көпіршікті» жағдайлар өте көп. Біз оларды өз өміріміздің ең бір бақытты сәттері деп бағалаймыз. Біздің түсінігіміздегі «сағадат» — сол.
Яссауи бабамыз болса: «Білсең етті, — сағадат-дүр ол Мұстафа», — дейді. Мұстафа — Пайғамбарымыз Мұхамметке (сғс) телініп айтылатын есімінің бірі. Мағынасы — таңдаулы (избранный), ең таза, өзгеден басым дегенге келеді. Алайда бүгінгі мұсылмандардың: «Менің бақытым Мұстафа», — дей қоюлары неғайбыл. Ол сөзді Яссауи бабамыз заманындағы мұсылмандар да айта қоймаған. Соған орай Ұлы ұстаз: «Білсең етті», — дейді. Сол білгеннің бірі — Мұқағали Мақатаев. Соған орай қазақтың ақиық ақыны бүй дейді:
«Лə Иллаһа Иллалла, мұсылманмын.
Пайғамбарым (с.ғ.с) жебейді қысылған күн.
Алса алсын Тағалам ала берсін.
Жүрегімнен Алла атын ұшырған күн».
Біздің өміріміздегі шуақты кезеңді бейнелейтін «Ғанибет» деген де сөз бар. Соған орай жанымыз шаттыққа бөленгенде еркімізден тыс: «Не деген ғанибет!» — деп қоямыз. Алайда Мұстафа есімі аталғанда әлгіндей сезімге бөлене қоймаймыз. Яссауи бабамыз соны білгендіктен де: «Ұқсаң, шіркін, ғанибет-дүр ол Мұстафа», — дейді. Егер сезіне алсақ, «Ұқсаң, шіркін» деген сөз алауынан жүрегіміз өртеніп кетер еді.
Яссауи бабамыз бізге Мұстафаны таныту барысында бір сөзінен екіншісін асыра түседі. Пайғамбарымыз (сғс) есімін айшықтайтын сондай сөздің бірі — ғинаят.
Ғинаят — қайрымды, жомарт деген мағынаны береді. Мұстафа болса, сол ғинаят иесі.
Біз өз өмірімізде де қайрымды, жомарт адамдарды көп көрдік. Рас, олар қайрымды, жомарт болатын. Бірақ иесі емес. Соны білмегенге өкініш болсын. Бұған қоса Яссауи бабамызша: «Әттең!» — деп қоямыз.
Яссауи бабамыз Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (сғс) тән сағадат, ғанибет, ғинаят сынды арда қасиеттерді бізге «Білсең етті», «Ұқсаң, шіркін», «Әттең, өкініш» дей келе, сөз соңын: «Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — дейді.
Егер білсек, әлгі сөздер мәні бізге де ашылар еді. Рас, ол сөздер мәні бізге жат емес. Бірақ біз ол сөздерді Пайғамбарымыздан (сғс) тыс қабыл алдық. Соған орай әлгі «тысты» өз болмысымыздың құрамдас бөлшегі еттік. Бұл тұрғыда Абдулқадир Жейлани хазреті: «Ей, ұлым! Құранмен амал ету сені Құранның мәртебесіне көтереді. Сол биікке отырғызады. Ал, Сүннетпен амал ету, сені Аллаһтың Расулына (с.ғ.с.) жақындатады», — дейді. Ал біз амал еткен нәрсе бізді Алладан да, Пайғамбарымыздан (сғс) да алшақтатты. Яссауи бабамыздың: «Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — деуі сондықтан.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз біз тілге тиек етіп отырған «Кімдер үшін келді Расул?» атты хикметін былайша түйіндейді:
«Құл Қожа Ахмет, қылды сені жат күш қапа,
«Қылғай опа үмбеттерім жаққыш жапа», –
Үмбеттерге осылай деді хақ Мұстафа,
Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?»
Діни тұрғыда саралағанда Яссауи бабамыз заманы мен бүгінгі күннің пәлендей айырмашылығы жоқ. Дінге деген халықтың сенімі бүгінгі күні қандай болса, ол кезде де сондай. Алайда ол кездегілер сыртқы формалық тұрғыда түгелдей діндәр сияқты көрінетін. Ал байыбына барсақ, олардың бізден түк те айырмашылығы жоқ. Дегенмен біздің діннен алыс екендігіміз заманауи киім үлгіміз бен жүріс-тұрысымыздан-ақ көрініп тұр. Ал ол кездегілердікі көрінбейді. Өздеріне, сондай-ақ өз дәуірінің дін ғұламаларына көрінбейді. Ал Яссауи бабамыз үшін әлгі діндәрлардың бәрі жалаңаш жүрген тәрізді. Оларды «жалаңаштаған» — жат күш. Ұлы ұстазды қапа қылатын сол жат күш.
Ал сол жат күш бізді қапа қыла ма? Біз өзі ол «күшті» жат деп білеміз бе? Байыбына барсақ, ол күш бізге заман болып келді, ол күш бізге қоғам болып келді, ол күш бізге мәдениет болып келді, ол күш бізге білім болып келі. Ең қауіптісі — ол күш бізге дін болып келді.
Біз ол күштердің ешқайсысын да жатсынған жоқпыз. Біз сол күштер әкелген «игіліктердің» бәрін де қабыл алдық. Ол қабыл алу хакім Абай өлеңінде былайша көрініс берді:
«Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек».
Біз өз заманымызға иленген ұрпақпыз. Себебі қарсы тұра алмай сол заман ыңғайына жығылдық. Хакім Абайша айтсақ, күйледік.
Ал Яссауи бабамыз болса өз заманы ыңғайына бой алдыра бастаған барша мұсылмандар иманын сақтап қалды. Себебі жат күшке қарсы тұра алды. Бұл тұрғыда Пайғамбарымызға (сғс) арқа сүйеді. Сол-ақ екен хақ Мұстафа: «Қылғай опа үмбеттерім жаққыш жапа», — деп дұға жасады. Ол дұға Яссауи бабамыз аузымен қайта жаңғырды. Сол-ақ екен Расул (сғс) көрініс бере бастады. Ол — Пайғамбарымыз (сғс) сүннеті болып оралды; ол — Пайғамбарымыздың (сғс) көркем мінезі болып қайта оралды; ол — мұсылмандардың әдебі болып қайта оралды; ол — Пайғамбарымыздың (сғс) туған күнін ұлықтайтын Мәуліт болып қайта оралды; ол — ұлттық болмысы жаттана бастаған бізді қайта қазақ етті. Барша мұсылмандарды осылайша заман илеуінен аман алып қалған Ұлы ұстаз оларға қарата: «Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — деп қойды.
Сол сауал енді бізге қойылып отыр.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметін былай деп бастайды:
«Әуелі — hу, ақыры — hу деп, өзіңнен кет,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам.
Хақ жолына кемел жан боп төзіммен жет,
Хақ жамалын көрсетпесе, кепіл болам».
Сіз бен біз мұсылманбыз. Анау да, мынау да мұсылман. Өздерінше тақуасынып жүргендер де баршылық. Әлеуметтік желі бетінде діндәрлар уағызына көз сүрінеді. Дінге жаңадан бет бұра бастағандар қай діндәр уағызына құлақ түрерін білмей, әрі-сәрі күй кешеді. Соларға айтарымыз, егер әлгілердің ішінде біреу суырылып шығып: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — десе, сол ұстаздың етегінен ұста. Ол ұстаз Алланы арғы әлемде емес, осы дүниеде көрсетуге кепіл болсын. Ол үшін не істеу қажеттілігін де бізге міндеттесін. Соны жасай алмасақ — бізге серт, Алланы көрсете алмаса — оған серт.
Осындай келісімге Яссауи бабамыз басын тігуде. Соған орай «Кепіл болам» деген сөзді Алла алдында айтып отыр. Ал біз біреуге кепіл бола аламыз ба? Алланың алдында емес, осы өмірдегі іс-әрекетіне, уәдеде тұратындығына, алдап кетпейтіндігіне, пендешілікке бой алдырмайтындығына, діни ғибадатты бір Алланың ризашылығы үшін жасайтындығына сенім білдіре аламыз ба?
Бұл сенім байыбына бару үшін оның мәнін Антпен бекітейік. Ант та әрқилы. Президенттер анты; министрлер анты; депутаттар анты; дәрігерлер анты… Осылай жалғастыра беруге болады. Рас, біздің есімізден шыға бастаған тағы бір Ант түрі бар. Ол Ант — кешегі КСРО мемлекетіне тән болатын. Тарқатып айтсақ: пионерлер анты; комсомолдар анты; коммунистер анты.
Біз тізбектеп шыққан «Анттардың» ішінде берген антына бекем болғандар — КСРО мектебінің түлектері. Егер КСРО-ны дін деп қабылдайтын болсақ, кез келген парторг, не коммунистік партияның хатшысы: «Хақ Жамалын көрсетпесе кепіл боламын», — деп айта алады. Себебі олар өздеріне сенімді еді. Сол сенімдері арқасында олар Бар Құдайды жоқ ете алды. Олар дінді ұстанғанда тап сол сияқты Құдайды көзімізге көрсетер еді.
Сонда қаптаған дін ғұламалары Алланы көрсетуге кепілдік бере алмай тұрғанда, қайдағы бір діннен безгендер бізге Құдайды қалайша көрсете қоймақ? Жауап айқын. Себебі олар өздерін жоқ ете алды.
Ұғынықтылық үшін, коммунистер сенім артқан идеяны Құдай деп қабыл алсақ, олар сол құдайы үшін құрбандыққа бара алды. Рас, біздің діндәрлар да Алла үшін құрбандыққа бара алады. Бірақ екі құрбандық мәні бір емес. Діндәрлар өз құрбандықтары барысында Алла атынан өзгелерге қиянат жасайды. Ең сорақысы — өзін жарып жібереді. Ал коммунистер өзін жоқ етеді. Иедея (құдай) бар, өзі — жоқ. Ол жоқ болу да «тақуалықтарына» орай әрқилы болып келеді. Мәселен олар идея (құдай) үшін өзінің басын жұтатын сынақтарға бара алады. Бұл — адам баласы өзін материялды тұрғыда жоқ ете алуы.
Осы жоқтық руханиятқа да тән. Ол үшін Яссауи бабамыз айтқандай: «Әуелі — hу, ақыры — hу деп, өзіңнен кет». Себебі «hу» — зікір. Ал өзің — материя. «hу» — сені материядан алып шығатын зікір. Егер сол зікірді ұдайы салатын болсаң, салғанда да тілмен емес, жүрекпен салсаң, біртін-біртін өзіңді жоқ ете бастайсың. Сен жоқ болған сайын Бар алға шығады. Бар — Алла. Сол кезде «Әуелі hу» — сені материядан ажыратады. Ал «ақыры hу» — сені Аллаға қосады. Себебі «hу»-дың өзі Алламен тұтасып тұр. Біз соған орай Аллаға бет бұрған кезде «Алла+hу акбар» деп жатамыз. Осы тұтасуды өз көзімен көріп тұрғандықтан да Яссауи бабамыз: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл боламын», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз біз тілге тиек етіп отырған «Кепіл болам» атты хикметінің келесі шумағында:
«Лә иләhа илл-Алла-лап зарлы түнің
Өткей; жәрдем бер кім айтса Хақ зікірін.
Пірмұғанға қызмет қылсын бар бітімің,
Хақ Жамалын көрсетпесе кепіл болам», — дейді.
Егер «Хақ жолына кемел жан боп төзіммен жетсең», сондай-ақ түнімен Алланы зікір етсең, онда Яссауи бабамыз айтпақшы Алланың Жамалын көретінің кәміл. Себебі бұл — тариқат жолы. Иесі — Пір. Ұлы ұстаздың өзі. Демек Ол Хақ Жамалын көрсетуге кепіл болсын десең, онда «Пірмұғанға қызмет қылсын бар бітімің».
Байыбына барсақ, «hу» деп басталған зікір «Лә иләhа илл-Алла»-ға жетті. Бұл тұрғыда Яссауи бабамыздың өзі «Лә-лә» дедім — Алла болдым», — деген.
Сол зікірді біз де салдық. Тілмен емес, жүрекпен салдық. Ал жүрек Аллалық мекен. Біз де сол жердеміз. Соған орай зікір бізді өз негізімізге қосты. Біздің негізіміз — Аллалық болмыс. Сол болмысқа қосылған кезде көз жасыңды тыйя алмайсың. Бар күнәң жанарыңнан жас болып ағады. Ондай «зарлы түн» қайталанған сайын өзің де пәктене түсесің. Пәктенген соң өзге зікір салушылар үнін ести бастайсың. Ал ол зікірді бүткіл жаратылыс айтады. Соған орай Яссауи бабамыз: «Жәрдем бер кім айтса Хақ зікірін», — дейді.
Сонымен зікір салу арқылы бірталай дәрежеге қол жеткіздік. Соған орай бүкіл жаратылыстың: тау-тастың; аң-құстың; өзен-судың тілін білдік. Біз тіпті Алла деп зікір салғандарға ғана емес, дін-мұсылманға зәбір көрсетушілердің өзіне мейрім танытатын болдық.
Осы жерде қауіп бар. Басты қауіп — зікірдің өзі. Себебі біз Аллаға қол жеткіздік. Қол жеткізіп қана қоймай, Алланы меншіктеп алдық.
Міне осы ой бізді Алладан бөлді. Қалай бөлді, билік шайтан қолына өтті. Сол-ақ екен, сиқырлы әлем қойнауына сүңгідік те кеттік. Ал ол — шайтан әлемі. Кереметтері де ешқашан түгесілмейді. Пірінен қол үзген мүриттер сол «кереметтердің» ішінде жүреді. Бұл тұрғыда хакім Абай:
«Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес», — дейді.
Байыбына барсақ, Абай атамыз айтқан «Ынталы жүрек, шын көңіл» өз Піріңе болу керек. Яссауи бабамыз соған орай: «Пірмұғанға қызмет қылсын бар бітімің», — дейді.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Зікір сеніңкі емес. Зікір — Алла есімі. Сен оған өзіңді жоқ ету арқылы қосыласың. Ал сенің өзіңді жоқ етуге шамаң жоқ. Алайда өзін жоқ еткен адамдар бар. Соның бірі — сенің Пірің. Соған орай сен зікірді сол болып саласың. Міне осы зікір сені жоғарғы дәрежеге көтереді. Себебі сен зікірді Яссауи бабамыздың: «Алла деген жаның күйіп, отың шықсын, «hу» дегенде сүйегіңнің бәрі жансын, бауырың ісіп, өкпең тесіліп еріп ақсын», — дегеніндей етіп жасай алдың. Алайда зікір ләззатына бөленгендіктен Ұлы ұстаздың одан кейінгі: «Ақпайды ол Пір қызметін қылмайынша», — деген хикметін ұмыттың. Соған орай Яссауи бабамыз біз тілге тиек етіп отырған хикметінде де: «Пірмұғанға қызмет қылсын бар бітімің», — дейді.
Бітім — өзің. Қызмет — өзіңді Ол ету. Ол — Пірің. Алла да сол. Яссауи бабамыз сен солай еткен кезде: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде одан әрі бүй дейді:
«Лә иләhа илл-Алланы» тіліңе сал,
Діліңе сал, әр тыныста нұрын ашар;
Сол Пірмұған назар бұрса түріңе сәл —
Хақ Жамалын көрсетпесе кепіл болам».
Сонымен зікір үстіндеміз. Тілімізбен Алладан басқаны жоқ еттік. Бұл — жария зікір. Енді сол зікірді діліңе сал. Бұл — құпия зікір. Мәні құпия. Көрінісі — жария. Барлық тариқат осы мәнде үндеседі. Зікір жанды баурағанда әр тыныс, әр дем (hу) Аллаға айналады. Сол кезде әр сәт сайын өліп-тіріліп отырасың.
Байыбына барсақ, адам баласы тек Алламен бірге болған кезде ғана тірі болады. Мәселен, біз кеше тірі едік. Себебі кеше Алламен бірге едік. Бүгін де тіріміз. Себебі бүгін де Алламен біргеміз. Ертеңгі күні өлі, не тірі болатынымызды бір Алла біледі. Неге Алла біледі? Себебі біз тірі болуымыз үшін Алла бізбен бірге болуы керек. Ал Алла бізбен қай уақытта бірге болады? Міне, осы сауал жауабы зікір үстінде мәлім болады.
Сонымен зікір үстіндеміз. Алла бізбен бірге. Ол біздің жанымызға бір жұтым ауа болып қуат берді. Өмір — сол. Біз өмірді Алла бізбен бірге болған кезде сүреміз. Тыныс шығардық (hу). Біз Алласыз қалдық. Байыбына барсақ, дем шыққан сәт — өткен шақ. Ол сәттің кешегі күннен еш айырмасы жоқ. Себебі екеуі де қайтып келмейді. Ал жұтатын ауамыз — келер шақ еншісінде. Ол ауаның ертеңгі күн жұтуымыз, не жұтпауымыз мүмкін аудан еш айырмасы жоқ. Демек, біз демімізді шығарған сәтте өлі боламыз.
Бұл — зікір үстіндегі хәл. Бірде — күлесің, бірде — жылайсың. Енді өліп-тіріліп жатқаныңды көріп тұрсаң, Алламен ғана бар болып тұратыныңды білсең, «Алла», «Алла» деп зар илемегенде қайтесің? Сен ғана емес, бүткіл жаратылыс сол зікірді салып тұр. Олардың бар болуы — Алланың бар екендігінің дәлелі. Егер Алла болмаса сен де, ол да, анау да, мынау да, тіпті барлығы бір пәсте жоқ болып кетеді. Оның солай болатынын зікір үстінде көріп отырасың. Соған орай қай сопының да қолы істе болғанымен, жүрегі Алламен бірге болады. Сондықтан да оларда «ширк» деген ұғым болмайды. Себебі олар қай заттан да тек Алланы көреді.
Ал Алла бұларды көре ме? Көреді. Ол сәтті Яссауи бабамыз: «Сол Пірмұған назар бұрса түріңе сәл», — дейді. Хақ назары сол. Сол екендігін Ұлы ұстаз: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — деп айғақтай түседі.
Зікір мәнін шамалы сезіну үшін бүгінгі сөз соңын өзімнің бабам Құлүмбет (Құл Мұхаммед) Ишанның «САХАР ТҰРЫП hУ ДЕГИЛ» атты толғауымен түйіндегенді жөн көрдім:
Бисмилла — істің басы — дур,
Айтбағандар асы — дүр.
Шайтан — пенде қасы — дүр,
Сахар тұрып hу! Дегил!
Сахар тұрып тахарат қыл,
Құдайыңа ғибадат қыл,
Күнаңа куфарат қыл.
Сахар тұрып hу! дегил!
Сахар тұрып қыл намаз,
Қудайыңа айт,раз.
Көріңе болар ол сыраж.
Сахар тұрып hу! дегил!
Сахарда оқы сажданы,
Құдадан тіле хажатни,
Дозақтан берер нажатны,
Сахар тұрып hу дегил!
Сахар тұрып, бол қайым,
Ғибадатты қыл дайым,
Күнаңды кешер Құдайың,
Сахар тұрып hу дегил.
Сахар тұрып жыла зар,
Жыламақты қылма ар,
Күнаңды кешер Паруардигар,
Сахар тұрып hу дегил.
Қараңғы кеште мехнат қыл,
Нәпсіңізге захмат қыл,
Көріңізде рахат қыл,
Сахар тұрып hу дегил.
Сахарда айтсаң бір Алла,
Айтқандай болар мың Алла,
Жүзің жарық болар таңла,
Сахар тұрып hу дегил!
Аллаға қыл ғибадат,
Тағатын қыл хийадат,
Аллаға қылма қианат,
Сахар тұрып hу дегил.
Алланың қыл парызын,
Мойныңнан құтқар қарызын,
Қабыл болғай арызың,
Сахар тұрып hу дегил!
Сахарда айтқыл истиғифар,
Барында жаның істеп қал,
Нәпсіңізді күштеп қал,
Сахар тұрып hу дегил.
Сахар уақыты болғанда,
Нида айлар харуслар,
Сонда жақсы тұруслар,
Рахмет бабы ашылып,
Нурға толар ыдыслар,
Сахар тұрып hу дегил.
Сахарда зікір айтқанға,
Періште айтар қосылып,
Рахмет қылар бір Алла,
Иманын тасар жош ұрып,
Сауабыңды көп қылып,
Күнәңді қояр өшіріп,
Сахар тұрып hу дегил.
Сахар тұрып hу десең,
hу — ың жетер ғарышқа,
Қиаметтің күнінде
Барша түсер жарысқа,
Қатарыңнан қалыспа.
Сахар тұрып hу дегил!
Ата — анаң каян кетті,
Енді наубат сенге жетті,
Өзінің білген пікірін айтты,
Сахар тұрып, hу дегил!
Сахар уақыты тұрыңдар,
Қызыметке бел буыңдар,
Күнахыңды жуыңдар,
Сахар тұрып hу дегил!
Сахар тұрып hу ! дегін!
Күнаңізден бол фарығ,
Көріңізді қыл жарық,
Күнәңізді кешер Ол Халык,
Сахар тұрып hу, дегил!
Сахар тұрып жыласаң,
Күнаң барша өтелер,
Ғарышқа ісің жетелер,
Шайтан лағын аетелер.
Сахар тұрып hу дегил!
Ай Кұл Ахмед таубе қыл,
Жасыңны білмен неше жыл,
Кетеріңнің пікірін қыл,
Сахар тұрып, hу дегил!
Көзімізге бергил жас,
Көңілімді қылма тас,
Дәргағыңа ұрдым бас,
Сахар тұрып, hу дегил!
Күнамды кеш, иа, Ғаффар!
Айыбымды жап, иа, Саттар!
Мен ғаріпте не гап бар?
Сахар тұрып, hу дегил!
Күнаміз таудан ауыр, кішкене емес,
Құдайым ғафу қылса, ештеме емес,
Лә иләhә илла Алла! — деген пенде,
Тозаққа еш уақытта түскен емес.
Сахар тұрып, hу дегил!
Хорасан баба затымыз,
Кұдай қабыл қылмаса,
Неге жетер датымыз.
Кұл Мұхаммед атымыз,
Сахар тұрып, hу дегил!
Пайғамбардың (сас) қыл сүннетін,
Басыңнан атқар міндетін.
Шапағат қылар сонда үмбетін,
Сахар тұрып, hу дегил!
Шапағат қыл, Пайғамбар (сас),
Үмүтсіз бомас айтқанлар,
Үмүті жоқ жолдан тайғанлар,
Сахар тұрып, hу дегил!
Парыз бен сүннатты тастама,
Көңіл қойма басқаға,
Қызымет қылмай қақсама,
Сахар тұрып, hу дегил!
Тастама ойдан өлімді,
Жарық қыл деп тіле көріңді,
Бәріңде барар жеріңді,
Сахар тұрып, hу дегил!
Қызымет қылсаң жетерсің,
Иманыңмен кетерсің,
Қызыметсіз болсаң азап етерсің,
Сахар тұрып, hу дегил!
Күнадан бойын аулақ сал,
Сауабыңды тастама,
Мынауыңды бүит дейтін,
Емессіңдер жас бала.
Дүниеден жалған өткен соң,
Ішетұғын алдыңда бар асхана,
Сахар тұрып, hу дегил!
Ей Қул Ахмет жылағыл,
Сахар тұрмақлы қоймағыл,
Дүниеге көңіл бұрмағыл,
Сахар тұрып, hу дегил!
Бір әулие өтіпті
Аты оның Бахырған,
Сөз айтыпты талай нақылдан.
Өз қамын өзі қылыпты,
Ешкімді жоқ шақырған.
Сендерде сондай боласың,
Жүрмесңдер ғафылдан,
Сахар тұрып, hу дегил!
Ол да біздей адам дур,
Қызыметі жоқ надан — дур,
Хайуаннан балки жаман -дур,
Сахар тұрып, hу дегеил!
Насихатты көп айтқан,
Жанның қамын жеп айтқан,
Күні — түні қызмет қып,
Сауап ісін көбейткен,
Сахар тұрып, hу дегеил!
Құдайдан қорқып жылаған,
Көзінің жасын бұлаған,
Иман бер деп сұраған,
Сахар тұрып, hу дегил!
Сөзі қалды артына,
Насихатты қылды халқына,
Қызымет керек жалпыңа,
Сахар тұрып, hу дегил!
Бақырған деген әулие,
Жанының қамын ойлаған,
Қанша сауап қылса да
Сауапқа, жүда, тоймагюған.
Қанша тарлық көрсе де
Қызыметін Алла қоймаған,
Сахар тұрып, hу дегил!
Бізде сондай болсақ деп,
Әулиенің қыл қылысын.
Қызыметті жақсы қылсаңдар —
Әулиенің бірісің.
Қызыметті жақсы қылыңдар,
Бір күн бітер тынысың.
Иманды боп кетсеңдер,
Өзіңнің болар ырысың.
Дүниеден жалған кеткен соң,
Дүниеге жоқ келісің,
Сахар тұрып, hу дегил!
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде:
«Тақты тепкен Адhамдардың жет соңынан,
Кімді көрсең: «Қызыр — ол», — деп өп қолынан.
Сахарда тұр, жанарыңнан төк толы қан,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Егер бұл хикмет мәніне терең бойламай, қазақша ұғымға салсақ: «Сопы бол, сопы болсаң, Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дегенге саяды. Себебі Ұлы ұстаз «Жет соңынан» деп отырған Адhамдар да, кімді көрсе: «Қызыр ол» дейтіндер де, сахар тұрып жанарынан толы қан ағызатындар да сопылар. Ал сопылық — Яссауи бабамыздың өз жолы. Соған орай ұқсап бақ деп отырған таңдаулылары да — Өзі. Сондықтан да бізге: «Яссауи жолын ұстан. Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — десек жарасады.
Бұл тұрғыда Фахриддин Рази хазреті: «Сопылар әрдайым Алламен болатын адамдар. Олар жан дүниесін денесінің қалауларынан тазалады. Жүректерін Алланың зікіріне байлады, және дайым Алла Тағалаға болған әдепті ұстанады», — дейді.
Фахриддин Рази хазреттің сопыларға берген анықтамасы — әрдайым Алламен болатын адамдар. Сонда «Әрдайым Алламен болатын адамдар» дегенді қалай түсінеміз? Ол үшін Яссауи бабамыздың: «Тақты тепкен Адhамдардың жет соңынан», — деген хикметіне назар аударайық.
Бәрімізге белгілі, Ибраhим Адhам өз патшалығын тәркі етіп, дәруіштік жолға түскен бірден бір тақ иесі. Сол Адhам тақ үстінде отырғанда ұдайы Алламен бола алды ма? Жалпы оның Алламен бірге болуға уақты болды ма?
Рас, ғибадат үстінде Алламен бірге болады. Бос сөз. Кім де болсын ғибадат кезінде өзімен өзі болады. Патша — патшалығымен, қойшы — қойымен, бизнесмен — өз кәсібімен, молда — өз ғибадатымен бірге болады. Кім — кіммен болса, сол үшін дұға жасайды. Ал Алламен болғың келсе, кіммен болсаң, соны тәркі ет. Одан кейін, Ұлы ұстаз айтқандай: «Сахарда тұр, жанарыңнан төк толы хан».
Байыбына барсақ, егер Алладан өзгемен бірге болсаң, ол үшін жанарыңнан хан төге алмайсың. Себебі ол ғибадат орнына жүрмейді.
«Кіммен болсаң» дегенге шамалы түсінік бере кетейік. Егер мән берсек, қай адамды да мына өмірде ұстап тұрған құндылықтар бар. Қанша адам болса — ол құндылық сонша. Сол құндылықтар біз бен Алла алдындағы перделер. Ол «пердеге» ақша, қызмет, билік, бала-шаға, әке-шешені былай қойғанда, алған білімің, соның ішінде діни білімің де кіреді. Соны білген Ибраhим Адhам өз патшалығын тәркі етті. Қалай тәркі етті, «Әрдайым Алламен болатын адамдар» қатарына барып қосылды. Ал сіз бен бізді солар қатарына қоспай ұстап тұрған не нәрсе? Сіз содан қол үзе аласыз ба?
Ұғынықтылық үшін айтайық. Қол үзу — бас тарту емес. Тек сол нәрседен өзіңді босат. Соның орнына Алланы қоя біл. Сонда ұдайы Алламен бірге боласың. Сол кезде кімді көрсең де «Қызыр — ол» деп қолын өбесің.
Бұл түсінік бізде бұрыннан бар. Біз тек қырықтың бірін қызырға балайтынбыз. Ал Адhамдар қатарына қосылсаң, қарсы жолыққан адамның бәрі Қызырға айналып кетеді. Себебі кім кіммен болса, сол болады. Сіз бен бізге Қызырдың жолықпайтыны сондықтан.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінің келесі шумағында:
«Алла деген пенделердің қолы болғын,
Сапар шексе, топырақ сыйпат жолы болғын,
Ғашықтардың жанып-өшкен күлі болғын,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Демек бізге Яссауи бабамыз айтқандарын орындау үшін сол «Алла» деген пенделермен бірге болу керек. Олармен бірге болмасаң, Ұлы ұстаз айтқандарын орындай алмайсың. Орындамаған соң, әрине, Яссауи бабамыз кепілдігіне үміт артудың өзі артық.
Сонда «Алла» дейтін пенделер кімдер? Жауап айқын. Ол — біз, яғни, мұсылмандар. Соған орай Яссауи бабамыз хикметіне құлақ асқан бір дәруіш бізге келіп: «Сіздің Аллаға созған қолыңыз болайын», «Сіздің Алла үшін басқан жолыңыздың топырағы болайын», «Сіздің Аллаға ғашықтықтан жанып-өшкен күліңіз болайын», — десе, сіз соған өзіңізді лайықты көресіз бе?
Жауап беруге асықпайық. Себебі біз ол жолды тәркі еткенбіз. Сонымен қатар ол жолдың қайтадан салтанат құруын қаламаймыз. Қаламағандықтан да Яссауи бабамыз хикметі мәніне бойлағымыз келмейді. Бойлағымыз келмейтіні, біздің өз дініміз бар. Заманға ыңғайланған дін. Сәлде-шапансыз, кимешексіз, сақалсыз, тақиясыз дін. Аптасына бір рет намаз оқитын дін. Тіпті намаз оқымайтын дін. Ішуге, билеуге, күйлеуге бола беретін дін. Тап осы жәйт мұсылман мемлекеттерінің барлығында да қайталануда. Олардыкі тіпті бізден де сорақы. Себебі біз мұсылмандықтың шеңберіне сыйя беретін бейәдеп іс-әрекеттерімізді заманауи ашық-шашық күйімізде жасасақ, олар мұсылмандық кейіптегі киім үлгісін киіп, тақуасынып жүріп жасауда. Сондықтан да олар киімі сүннет орнына жүрмейді. Олардыкі — ұлттық киім.
Яссауи бабамыз заманы да тап осылай болатын. Сол кезде Ұлы ұстаз барша мұсылмандарға қарата: «Алла деген пенделердің қолы болғын», — деп тіл қатты. Сонда Алла деген пенделердің қолы қандай болмақ? Байыбына барсақ, ол қол — арам нәрсе ұстамайды; арам ғана емес, Алланың аты аталмайынша ешнәрсе ұстамайды; ол қол — күнә істерге созылмайды; ол қол — жең ішіне жасырылады; ол қол — бөгде адамның назарын өзіне аудармайды; ол қол — тек адал асқа созылады; ол қол — ешкімге қиянат жасамайды; ол қол…
Осылай жалғастыра беруге болады. Жалпы біз қол тазалығын түсінген халықпыз. Соған орай діни жоралғылар кезінде «Менің қолым емес…» деп қоямыз.
Неге олай дейміз? Себебі біз өзіміздің Алла деген пенделердің қолы бола алмағанымызды білеміз. Нақтыласақ, бұрын білетін едік. Қазір шайтанданған қолдар алға шықты. Ойын-тойдың сәні — сол қолдар; Бет ашатын да, тұсау кесетін де, бата беретін де, пара беретін де, пара алатын да, өлтіретін де, көметін де сол қолдар; біз өбуге таласатын да сол қолдар. Ал ол — Алла дейтіндердің қолы емес.
Топыраққа келейік. Яссауи бабамыз: «Сапар шексе, топырақ сыйпат жолы болғын», — дейді. Біз енді Ұлы ұстаздың бұл айтқанын орындадық. Біз әлгі «Қол» иелері сапар шексе, жайылып жастық, иіліп төсек болдық. Біз жасаған қошаметтің қасында топырақ сыйпат әулиелер далада қалды. Алайда ол құрметтің Алла деген пенделерге жасалуы керектігі біздің ойымызға да кіріп шыққан жоқ.
Иә, біз Алла деген пенделерге жасалар құрметті өзгелерге көрсеттік. Соларды үлгі еттік, соларды төрге оздырдық. Әлі күнге солай. Тек олар үшін «Ғашықтардың жанып-өшкен күлі» бола алмадық. Себебі біздікі ғашықтық емес. Бұл тұрғыда Яссауи бабамыз: «Жаннан кешпей «hу-hу» деген бәрі жалған, Жалтақтардан сөз сұрама жолда қалған», — дейді.
Иә, біз жолда қалдық. Біз ғана емес, барша мұсылман қауымы жолда қалды. Ғашықтардың күлі болу бізге бұйырмады. Себебі…
Бір ғана себеп бар. Ол — Алла деген пенделермен бірге болмау.
Рас, жоғарыда да айттық, біз де Алла дейміз. Алла деу — зікір. Алайда Абу Хасан Харақани хазреті: «Сен Алланы зікір еткенде, саған басқаны есіңе түсіргенмен дос болма», — дейді. Ал біздің ондай достарымыз өте көп. Көптігі сонша, бізге олар Алланың өзін ұмыттырып жіберді.
Ал Мұса Мырза хазреті айтпақшы: «Зікірдің рухани халін сақтағандарда дүние уайымы, қайғысы, тіпті, қажеттен тыс дүние қуанышы да болмайды».
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінде одан әрі:
«Сен Хақты сүй зәкір болып, шәкір болып,
Нәпсі көзін ой сахарда, аh ұр келіп,
Дүниені қой Баязиттей пақыр болып,
Хақ жамалын көрсетпесе кепіл болам», — дейді.
Зәкір (закр) — араб сөзі. Мағынасы: ес, сана, ақыл, еске алушы дегенге келеді. Шәкір де араб сөзі. Мағынасы: игі, асыл, мейірбан, сыйлаушы, құрметтеуші дегенге саяды.
Сонда Яссауи бабамыз өз хикметінде: «Сен Алланы ес, сана, ақылмен сүй, Оған — игі-мейірбандықпен, сый-құрметпен кел», — демек. Ол дәуір мұсылмандары Зәкірдің де, Шәкірдің де мағыналарына қанық болған. Демек біз ислам дінін қабыл алған кезде Хақты сүйе алғанбыз. Алайда жүре келе Зәкір де, Шәкір де тап бүгінгідей өз мағынасын жоғалтқан кісі есіміне айналып кетті.
Иә, тек кісі есімі. Ал Ұлы ұстаз болса сол сөз мәнін қайта жаңғыртып тұр. Демек Алланы тілмен емес, ес, сана, ақылмен сүй. Бұл сүю — танымға жатады. Діни тілге ауыстырсақ — ақида. «Өзіңді танысаң, Алланы танисың» деген хадис мәні де осы жерде ашылады. Соған орай Ихсан да көрініс береді. Міне осы жүйелі білім соңы — Хақты сүюге ұласады.
Сондай-ақ шәкір бол. Демек шәкір сөзінің мәніне үңіл. Аллалық сипатты таны. Алланың игілігіне, асылдығына, мейірбандығына Өзі болып жауап қайтар. Бұл да ақида. Жалпы Алланы Зәкір болып, Шәкір болып сүйе алсақ, иманымыз кәміл болмақ. Ал Хақты сүю — иманнан. Сол иман — нәпсі көзін оюға алып барады. Нәпсі көзі — Алланы көрмейді. Сондықтан ол көзді оймақ ләзім. Ол көздің ойылатын кезі — сахар уақыты. Сол кезде аh ұр.
Менің бабам Құлүмбет ишан айтқандай:
«Сахар тұрып жыла зар,
Жыламақты қылма ар,
Күнәңді кешер Пәруардигар,
Сахар тұрып һу! дегіл!»
Жалпы зікір — нәпсіні өлтіреді. Соған орай Мұхаммед Сағи әл Хусейни хазреті: «Кәміл болғың келсе, күнбағыстай бол.
Түнде зікірмен,
Күндіз зәкірмен бол», — дейді.
Қалай болғанда да хазреті Мұса Мырза айтқандай: «Жаратушымыздың ризашылығы жолында таң сәрілерді намаз, зікір, дұғалармен безендірейік».
Ұғынықтылық үшін айтайық. Нәпсі — біз. Жалпы біз соның игілігі үшін өмір сүреміз. Біз армандайтын жан тыныштығы — сол нәпсінің қалауы. Енді осылайша әлдилеп, әспеттеп, төбесінен құс ұшырмай отырған нәпсінің көзін қалайша ойып алмақпыз?! Яссауи бабамыз хикметіне құлақ ассақ, ол ою — сахар уақытында жүзеге аспақ екен.
Сахар уақыты — ұйқының бал-шырын кезі. Міне сен сол кезде тұр. Ол тұруға Хақты зәкір болып, шәкір болып сүйгендер ғана қол жеткізе алады. Осы сүю ғашықтыққа ұласса, нәпсінің көзі ойылады.
Алайда хазреті Хасан Басри айтпақшы: «Сендер жүректеріңді асқан абайлықпен бақылап отырыңдар. Оны үнемі Аллаһты зікір етумен жаңартып отырыңдар. Өйткені, жүрек өте тез арада тат ұстайды. Нәпсілеріңді тізгіндеңдер. Өйткені, ол — өте азғын. Егер сендер нәпсілеріңнің жаман қалауларына бөгет болмасаңдар, ол бір күні сендерді қорқынышты шыңырауға құлатады».
Егер нәпсі көзін оя алсақ, онда дүниені қойған Баязиттей пақыр болу бізге де нәсіп болады. Сонда Яссауи бабамыз бізге үлгі етіп отырған Баязит кім?
Баязит Бистами — нақышбанди тариқаты пірлерінің бірі. Ал тариқат — рухани әлем. Ол жерде барлық тариқаттар тұтасып кетеді. Ұлы ұстаздың хазреті Баязитті қаперге алып жатқандығы сондықтан.
Бұл тұрғыда Хазреті Жалаладдин Руми: «Баязиттің иманы мен сенімі менің көңілім мен жанымда иманға деген шексіз қалау, ынтықтық пен сағыныш тудырады», — десе, Баязит Бистамидың өзі: «Аллаһтың әулие құлдарын сүй! Сонда олар да сені сүйеді. Олардың көңілінен шығуға тырыс! Өйткені, Аллаһ Тағала ол адамдардың жүрегіне күн сайын 360 рет назар салады. Назар салған кезде сені де сол жерде көрсін!» — дейді.
Ендеше біз де жер бетіндегі барша әулие-әмбилерді ардақ тұтайық. Бәлкім сол кезде Яссауи бабамыз: «Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», – дер.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кепіл болам» атты хикметінің келесі шумағында:
«Әр деміңде Жаратқанды талап қылсаң,
Тұлпар болып сахарларда жарап тұрсаң,
Олла-билла, боқ дүниені талақ қылсаң,
Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — дейді.
Жалпы демді талап қылу ешкімнің ойына кіріп те шықпайды. Дем — ол дем. Ауа. Адам баласында ауаға деген мұқтаждық жоқ. Сондықтан да біз әр демнен Жаратқанды көре алмаймыз. Болмаса адам баласы бір күнде орташа есеппен алғанда 22 мың рет дем алады. Әр дем барысында 4,5-5 литр оттегін пайдаланады. Сол ауаның адам өмірінде алатын орны туралы Әбіш Кекілбаев ағамыз бүй депті:
«Сәби жұтса — жайраңдайды, күледі,
Ару жұтса — албырайды гүл өңі.
Кәрі жұтса — қарт денесі жайылып,
Жай табады ентіктірген жүрегі.
Таңдамайды ол лашық пен сарайды,
Алаламай бәріне де тарайды.
Әуен қосты ол сандуғаштың әніне,
Жұпар қосты ол қызғалдақтың әріне,
Шіркін, бақыт о да жұпар ауадай
Дүниенің түгел жетсе бәріне!»
Алайда Әбіш ағамыз бақытты ауадан бөлек қарастырып тұр. Ол орынды да. Себебі ешкім де жұтқан ауасын бақытқа баламайды. Бақытқа баламайтыны, қадірі жоқ.
Неге қадірі жоқ? Себебі біз әр демде Жаратқанды талап қылмаймыз. Тіпті дем мен Алланың бір ұғым екендігіне бас та қатырмаймыз. Сондай-ақ біз жұтқан әр демнің біздің ағзамыздағы Аллалық қызметіне де мән бермейміз. Болмаса адам ағзасындағы зат алмасу үдерісі жайдан-жай, өздігінен жүріп жатқан кездейсоқ бір әрекет емес. Терең заңдылыққа құрылған әлем. Мысалы, секунт сайын тегіннен-тегін жұтып жүргендей көрінетін ауамыз өкпе деген әлемге енісімен-ақ қызыл қан түйіршіктері жасушаларының, яғни эритроцидтердің көмегімен ағзаның барлық түкпір-түкпіріне дереу жетіп барады. Сол ауаның 25%-ы миды нәрлендіреді. Ал қайтар жолда көмірқышқыл газын алмастырып алып, өкпедегі қалдық газдарды жинақтаған қалпы сыртқа алып шығады. Егер әлгі газдар ағзада сәл аялдап қалса, айналасын улай бастайды. Бір сөзбен айтқанда, гемоглобиннен ажыраған оттегі капиллярлар қабырғасы арқылы ұлпаға (ткань) жеткеннен кейін ол жердегі пайдалы заттармен өзара әсерге түсіп, оны тотықтандырады. Аталған химиялық реакция барысында энергия бөлініп шығады. Міне, осы пайда болған қуат-энергияның көмегімен біз мына өмірдегі түрлі іс-әрекеттерімізді жүзеге асырамыз. Егер осы үдерістердің тым болмағанда біреуінде сәл ғана ақау пайда болса, біз бірден тұншыға бастаймыз.
Бір өкініштісі, біз тілге тиек еткен ғылыми тұжырымдарды зерттеген ғалымдардың өзі ауа мен Алланы байланыстыра алмайды. Себебі материялдық тұрғыда саралағанда бұл үдерістердің ешқайсысына да Алланың қатысы жоқ. Солай бола тұра Яссауи бабамыз: «Әр деміңде Жаратқанды талап қыл», — дейді. Талап қылу, байыбына барсақ, Аллаға мұқтаж екеніңді біл деген ұғымды беріп тұр. Бұл ұғым иесі «Біздің ағзамызда жүріп жатқан үдерістердің тым болмағанда біреуінде сәл ақау пайда болса, біз бірден тұншыға бастаймыз» деген ғылыми танымға бас шұлғи қоймайды. Себебі әр демнің Алладан келіп тұрғанын көріп тұр.
Иә, кім нені көрсе, соған сенеді. Соған орай Яссауи бабамыз Аллаға, ал біз ғылымға сенеміз. Аллаға сенген адам сахар тұрып, Жаратушы Иеге мінәжат қылады. Рас, жайсыз түс көргенде, не тірлігіміз оңғарылмай қалған кезде ол мінәжатты біз де қыламыз. Бірақ біздің бойымызда бұл жарыста өзгелерді шаң қаптырып кететін тұлпарлық қасиет жоқ. Шынтуайтына келгенде, тұлпарлық қасиет сахар тұруды жарыс деп білетіндерге тән. Ұлы ұстаз тек сондай жандарға ғана кепіл болады.
Олла-билла! Бұл — ант. Яссауи бабамыз: «Олла-билла, боқ дүниені талақ қылсаң, Хақ Жамалын көрсетпесе, кепіл болам», — деп ант ішіп тұр.
Талақтың мәні — бас тарту. Алланы кепіл қыла тұрып бас тарту. Бас тартқанда да үзілді-кесілді бас тарту.
Рас, қызылды-жасылды дүниеден ешкім де бас тартпайды. Бас тартпақ түгілі, жас та, кәрі де мына дүние қызығына тоймай кетеді. Сонда кімдер бас тартады? Жауап айқын. Олар — мына дүниенің «боқ» екендігіне көз жеткізгендер.
Хакім Абайға жүгінелік:
«Адам — бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі — ол баяғы.
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!»
Біз соңына түскен дүниенің Алла алдында ешқандай да қадірі жоқтығын біле жүрейік деген мақсатпен сөз соңын мына бір ғибратты әңгімемен түйіндейік.
ҒИБРАТ
Бір күні Нұх Пайғамбар (ас) қабірдің басында жылап жатқан бір әйелге кезігіпті. Ол әйелден: «Не үшін жылап жатырсын?» — деп сұрапты.
Әйел: Баламның өліміне күйініп жылап жатырмын. Ол жастай өмірден өтті.
Нұх Пайғамбар(ас): Балаңның жасы қаншада еді?
Әйел: 300-жаста ғана еді.
Нұх Пайғамбар(ас) ол әйелдің қайғысын жеңілдету мақсатында: Өмір сүру жасы 60-тан аспайтын үмбетте өмір сүргеніңде не істер едің? — деді.
Әйел: Сонда 60 жыл ғана өмір сүретін үмбет те болады ма?
Нұх Пайғамбар(ас): Иә, әлбетте!
Әйел: Ол үмбеттің ішінде, сол қысқа уақытта Аллаға қарсы келетіндер болады ма?
Нұх Пайғамбар(ас): Иә, бәлкім көпшілігі Аллаға қарсы келеді.
Әйел: Сол санаулы күнде дүниені жақсы көріп алданады ма?
Нұх Пайғамбар(ас): Иә, олардың көбінің бірден-бір мақсаты дүниені жақсы көру және сол үшін өмір сүреді, ал азы ғана ақыретті ойлайды.
Әйел: Олар сол болмашы дүние үшін таласып жанжалдасады ма?
Нұх Пайғамбар(ас): Таласып жанжалдасу былай тұрсын, сол дүние үшін бір-бірімен соғысады.
Әйел: Және сол қысқа өмірде үй-жай салады ма?
Нұх Пайғамбар(ас): Үй салу былай тұрсын, жүздеген жылдарға шыдайтын сарайлар салады. Сосынол сарайларда тұрмастан өліп кетеді.
Әйел: Егер мен сол үмбетте өмір сүргенімде, мына ағаштың (талдың) астында Аллаһ Тағала разылығы үшін сәжде жасаумен өмірімді өткізер едім деген екен.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу әләйһи уә сәлләм) былай дейді: «Аллаһ Тағала алпыс жас өмір берген құлының ешбір сылтауын қабыл етпейді». (Бухари)
Құдияр БІЛӘЛ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың «Уа, Жаратқан» атты хикметіне назар аударып көрелік. Ұлы ғұлама сөз басын:
«Уа, жаратқан!
Хақ есігін аш алыстан,
Мен бір жемтік, жеді нәпсім — аш арыстан.
Күнәм шексіз, бақытсыздық батпағынан
Шығара гөр мен бейбақты қасарысқан», — деп бастайды.
Бұл — Хаққа бет бұрған әр пенденің аузынан шығар сөз. Алайда дінге бет бұрып, намазға жығылғандардың қай-қайсысы да Жаратушы Иесіне қарата бұлайша сөз арнамайды. Қайта Аллаға бет бұрғандар өздерінің намазға жығылғандарын міндетси бастайды. Өздерін ә дегеннен-ақ құтылушылар санатына қосатындықтан өзге «дінсіздерге» жоғарыдан назар салады. Себебі, олар өздері үшін Хақ есігінің ашылғандығына бек сенімді болады. Ол сенімділігін: «Сен Аллаға қарай бір қадам бассаң, Алла саған қарай он қадам жасайды» дегенге саятын хадиспен бекемдеп те қояды. Ал Яссауи бабамыз болса: «Хақ есігін аш алыстан», — дейді. Демек, ашылу-ашылмауы күмәнді ол есік жақын маңда емес. Әуелі оған жету керек. Жеткен күннің өзінде ол есік ашыла қойса, ғибадат одан кейін жасалады. Сондықтан біз малданып жүрген бер жақтағы намаздан қайыр жоқ.
Неге қайыр жоқ. Себебі біз Хаққа бет бұрған жоқпыз. Хаққа бет бұру — иманмен өлшенеді. Осы жерде: «Олар мұсылман болды. Бірақ иман келтірген жоқ» дегенге саятын аятты қаперге алған жөн. Ал ол аят мәнін Яссауи бабамыз: «Мен бір жемтік» деу арқылы пайымдатады.
Байыбына барсақ, жемтік — өзге біреудің азығы. Демек, азық етуші оның иесі. Ол сол ие құзырынан шықпайынша Хаққа бет бұра алмайды.
Жарайды бұрсын. Бірақ оның құлшылық етіп жатқаны — Алла емес. Ол — өз иесінің бейнесі. Ширк сол. Бұл тұрғыда Хазреті Руми: «Нәпсі бір пұт. Қалған пұттар содан туылды», — дейді.
Жалпы ширк сыртта болмайды. Сырттағының бәрі — Алланыңкі. Ал іштегі — сеніңкі. Қай ширкті де сен өзің түзесің. Сен емес, нақтыласақ, иең түзеді.
Сонда ол ие кім? Яссауи бабамыз ол иені аш арыстанға балайды. Соған орай: «Жеді нәпсім — аш арыстан», — дейді.
Нәпсіні біз де білеміз. Жалпы оны дінге бет бұрған адамның бәрі біледі. Соған орай кім де болсын сол нәпсісін жеңгендіктен Аллаға бет бұрады.
Біз солай ойлаймыз. Ал Яссауи бабамыз ойы бізге керағар. Соған орай нәпсі шылауында жүрген кезді «Күнәм шексіз» дейді. Демек сіз бен біз малданып жүрген бүкіл ғибадатымыз күнә. Ғибадат қана емес, өзіміз, айналамыз, біз тіршілік етіп жатқан орта, бір сөзбен айтқанда, біздің табанымыз тиіп тұрған жер — «бақытсыздық батпағы». Ал ол өз ішіміздегі, өз нәпсіміз батпағы. Сыртта кінәрат жоқ. Жалпы біз сыртты өз ішімізбен көреміз. Сондықтан да адам баласы сыртты әрқалай көріп, әрқалай бағалайды.
Ұғынықтылық үшін нәпсінің кім екендігінің басын ашып алайық. Басы ашық жәйт. Ол — біздің өзіміз. Біз, яғни жан, рух, дүние есігін ашқан (туған) сәттен бастап нәпсіге айналады. Және де сол сәттен (туғаннан) бастап оның өн бойында (қанында) шайтан да тіршілік етеді. Соған орай нәпсі мен шайтан тұтасып кетеді. Сіз бен біз солмыз. Соған орай Яссауи бабамыз: «Нәпсі, шайтан — жүргізеді жарлық маған», — дейді.
Жалпы нәпсінің мынандай жеті дәрежесі бар. Адам баласы өз қалауына орай осы нәпсі санатының бірінде жүреді. Сонымен:
1). Нафсул ‘аммара — бұйырушы нафсі немесе пенделік жан, бұл тәнді қанағаттандыруға, әрдайым төменгі дәрежедегі шахуаттарға итермелейтін, рухты ақиқаттан алыс, қалың перделермен тұмшалған, оның ішкі басиретін өшіретін күштің көзі.
2).Нафс-ул лаууама — бұл нафсі жасаған жамандықтарын сезінетін, ғафлетте екендігіне өкінетін, әрдайым өзін-өзі сынайтын, қалбтың нұрынан хабар ала бастаған рух. Жамандықты жаман екендігін біле тұрса да, әрі қарай жалғастыруда. Бұған іштей өкініш білдіреді.
3).Нафс-ул мулхима — бұл нафсі жақсы мен жаманды ажырату қабілетіне ие, шабытқа бөленген жан. Аллаһтың көмегі арқасында одан басқа нәрселерден алыстап, құдайлық шабыттарды ала бастайды.
4).Нафс-ул мутма’инна — қалбтың нұрымен сомдалып, жаман мінез, әдеттерден арылып, көркем ахлақ иесіне айналған рух, тыныштанған жан. Толық иман дәрежесіне ие.
5).Нафс-ур радиййа — бұл халдегі рух өз қалауымен емес, тек қана Алланың қалауын басты нысан ретінде таниды. Риза мақамына ұласқан, нәпсіден толық арылған, кемелдіктің фана (Тәңірге еру, Онда «жоқ» болу) мақамына қарай беттеген рух, қанағаттанған жан. Хақ ал йақин мәртебесіне жеткен адам.
6).Нафс-ул мардиййа — өз-өзіне разы болған рух, түсініскен жан. Терең ойлы, рақымды, жомарт, адамды тек Аллаһ үшін сүйетін, өзін-өзі меңгерген, Аллаһтың құтына қауышқан, рухани шабыты арқылы Оның сипаттарын танып, көре алатын адам.
7).Нафс-ул камила (софия ) — кемелдікке жеткен, басқаларды да кемелдікке жеткізе алатын адамның рухы.
Имам Раббани: «Нәпсі мұтмайннәға дейінгі жасалған құлшылықтар шынайы емес, еліктеушілік. Нәпсі мұтмайннә нәпсісінде бұлар еліктеушіліктен шынайылыққа айналады», — дейді.
Соны білген Яссауи бабамыз: «Уа, Жаратқан! Хақ есігін аш алыстан», — деп зар илейді. Соған орай Хазреті Руми айтпақшы: «Сен адам кейпінде тұрғанда өз үстіңдегі күлкілерді көтере біл. Сабырлықпен ел ішінде жүріп нәпсіңмен күресе бер. Пәк Аруақ болғанда бұл жерден тез кет!»
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Уа, Жаратқан» атты хикметінде бүй дейді:
«Дүние — нәпсі, соны іздеген соры қалың
Иттей болдым, сүйек тастар жолыма кім?
Қара басты! — Хақ жолынан мен адастым,
Қайда барам, ей, достарым, не қыламын?»
Жалпы адамның өзі қандай болса, дүние сондай. Ал дүние болса — базар. Алланың базары. Не қалайсың, бәрі сонда. Бұл өзі бір жағы ақида. Матуриди ақидасы. «Алла жаратады, пенде кәсіп қылады» дегенге саяды. Ал Яссауи танымында — нәпсі.
Неге нәпсі? Себебі, өзіміз солмыз. Сол болған соң бір жағы — шайтанбыз. Енді осы танымнан кейін дүниеге қайта назар салайық. Не көрдік, не білдік, не таныдық? Кімге сендік, кімнің соңынан ердік, неге қол жеткіздік?
Бұл сауалдар жауабы да әрқилы. Себебі, өзіміз әрқилымыз. Сол әрқилылардың ішінде біз дүниенің нәпсі екенін қабыл алғандар санатындамыз. Соны қалай қабыл алдық, Яссауи бабамыз айтқан иттігіміз көрініс берді. Сол-ақ екен, біздің әлдеқандай көріп жүрген жетістігіміздің бәрі итке тасталған сүйек екендігі мәлім болды. Сол мәлім болған сәттің анықтамасы Яссауи тілінде: «Қара басты» делінеді. Қара басқан соң, әрине: «Хақ жолынан мен адастым» дейсің.
Адасқан адам жол іздейді. Жоқ, әуелі өзінің адасқанын әйгілеп, жар салады. Яссауи бабамыз хикметінде айтылатын ол жар: «Қайда барам, ей, достарым, не қыламын?».
Бұл — маңдайы тасқа тигенін білген барша мұсылмандар аузымен айтылған сауал. Сол сауал бүгінгі күні тағы қайталанып отыр. Қайталану себебі, Шәкәрім атамыз айтпақшы:
«Бас көзiмен қарасаң, нәпсi – жалған,
Бiр сұлу қыз сықылды жұрт таңданған.
Анық ақыл көзiмен қарағанда,
Өзiн берер қалыңға ол қызды алған».
Біз тілге тиек етіп отырған хикметтің келесі шумағын оқылық:
«Нәпсі, шайтан жүргізеді жарлық маған,
Бір пенде жоқ соған құл боп шалдықпаған.
Пендең сорлы — танымаған оң мен солды,
Уа, дариға, қасіреттен қаңғып барам».
Егер байыбына барсақ, осы бір шумақ өлеңнен Алланың хикметі көрініс береді. Ол көрініс — дүниенің құбылып тұратындығы. Құбылғанда, жер бетінде қанша адам бар, ол соншалықты түрге бөленеді. Түрге бөленеді деген дәл анықтама емес. Нақтыласақ, жер бетінде қанша адам болса, әлем де соншама. Сондықтан да әр адам ол әлемнен өз іздегенін табады. Бәрінен бұрын ол іздеу — әмір арқылы жүзеге асады. Әмір беруші — шайтан. Соған орай Яссауи бабамыз: «Бір пенде жоқ соған құл боп шалдықпаған», — дейді. Біз «Ол әлемнен кім нені іздесе, соны табады» дедік. Әр адам көкейіндегі арман — сол іздеу.
Бұл жәйт хадисте: «Өзіңді танысаң, Алланы танисың» делінеді. Ал біз өзімізді таныған емеспіз. Сондықтан біз ден қойған әлемде Алла жоқ. Соған орай Яссауи бабамыз: «Уа, дариға, қасіреттен қаңғып барам», — дейді.
Бұл — бүгінгі біздің сөз. Нақтыласақ, өзін таныған адамның сөзі. Қалай таныдық, шынайы әлем көрініс берді. Алла да сол әлемде екен.
Иә, ол әлем қақпасы діни тілде Ихсан деп аталады. Ал қақпа иесі — Яссауи. Бұл тұрғыда Әбу Осман әл-Мағриби хазреті: «Мүрит нәпсіқұмарлықты тастап, Аллаһқа ғибадатқа және мойынсұнуға бет бұруы қажет. «Сәфәр дәр уатан» сөзінің мақсаты — бір елден екінші бір елге бару емес, адамның ішкі жан дүниесіндегі Аллаһқа (жәллә жәләлүһү) қауышуы. Мүрит Пір (кәміл мүршид) тапқан кезде сырттай сапарды тастап, іштей сапарды бастайды», — дейді. Шынайы әлем сол.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың «Уа, Жаратқан» атты хикметіндегі жекелеген ой ұшқындарына назар аударайық. Мәселен Хазрет Сұлтан: «Пендең сорлы — танымаған оң мен солды», — дейді.
Сонда ол оң мен солда қандай мән бар? Рас, оң мен солымызды екі періште бақылауда. Оны білеміз. Жоқ, білмейді екенбіз. Білмеген соң да сорлымыз. Болмаса ол екі періште — Алланың көзі. Ол «көз» діни тілде Ихсан делінеді. Демек оң мен солды танымау — Ихсанды тәркі етуден бастау алады. Ихсанға тереңдеп бойлаған сайын оң мен сол мәні ашыла түседі. Осылай індете келе, ең соңында оның Яссауи бабамыздың өзі екендігіне көз жеткіземіз.
Бұл тұрғыда Сұлтанмахмұт Торайғыров та:
«Пірді сағынам үйреткен құдай жолын,
Надандарға танытқан оң мен солын…»- деген.
Оң мен сол туралы шамалы түсінік қалыптасқаннан кейін оңның — сауапқа, солдың — күнәға жетелейтінін пайымдай бастадық. Егер байыбына барсақ, мына дүние есігін ашқан адамда оң деген түсінік жоқ. Себебі жер — күнә әлемі. Онда оңшылдарға орын жоқ. Соған орай біздің оңымыз да солға айналып кеткен. Сондықтан оң жаққа тән діни ғибадаттарымыздың өзі бізге күнә ретінде жазылады. Яссауи бабамыз соған орай: «Пендең сорлы — танымаған оң мен солды», — дейді.
Адам баласы миының сол жағы ғана жұмыс жасайтынын бұл күнде ғалымдар дәлелдеп отыр. Ол — заңдылық. Себебі біздер материялистерміз. Ал Құран, «Бақара» сүресінің алғашқы аятында айтылатынындай, тақуалар үшін түскен. Тақулар — ғайыпқа иман келтіретіндер. Ал ғайып — рухани әлем. Оңшылдар да солар. Жерден табаны ажырамаған пенде оқыған құранның күнә болатыны сондықтан. Бұл ұғым хадис тілінде: «Азаптың ең ауырын молдалар тартады» делінеді.
Имам Ғазали хазреттері:
«Адам алейһиссалам жаратылып, белі сипалған кезде түйіршіктер күйінде нәсілі шықты. Бір бөлігі оң жағына, бір бөлігі сол жағына қойылды. Аллаһу тағала: «Міне, осы оң жақтағылар, жәннаттықтардың амалын жасайтындықтан, жәннаттық болғандар. Олардың амалдарынан маған ешқандай пайда мен зиян жоқ. Мына сол жақтағылар, тозақтықтардың амалын жасайтындықтан, тозақтық болғандар. Олардан да маған ешқандай пайда мен зиян жоқ» деді», — деп, оң жақтағылар мен солдың жақтағылардың әу баста ажыратылып қойғандығына назар аударады. Соған орай кім де болсын өзінің қай жақтағылар іс-әрекетін жасап жүргендігіне мән беруі тиіс. Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Оң жақтағылар, олардың кімдер екенін білесіңдер ме? (Олар – амал дәптерін оң жағынан алатындар, бұл қандай бақыт!) Сол жақтағылар, олардың кімдер екенін білесіңдер ме? (Олар – амал дәптерін сол жағынан алатындар, бұл неткен бейбақтық!)», — дейді. «Уақиға» сүресі, 8-9-аяттар).
Сондай-ақ Айша анамыз (р.а.): «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дәрет алғанда, шаш тарағанда, аяқ киім кигенде, жалпы барлық (жақсы) істерінде оң жақтан бастағанды ұнататын еді», – деген (Бұхари, либәс 38; Муслим, таһарат 66).
Басы ашық жәйт. Сол жақтағылар Алланы көрмейді. Біз оларды материялистер дедік. Атеистер де солар. Соған орай олар Алланың жер бетінде жоқ екендігін дәлелдеп те қойған. Солай бола тұра біз де сол жақта табандап тұрып алдық. Мешіттер салдық. Не керек, оң жақты бар деп білмедік. Ол білмеу Хазреті Әли дүниеден озғаннан кейін-ақ бастау алды. Сол кезден оң жақтағылар қуғынға түсті. Сол жақтағылар болса, оларды бар деп те білген жоқ.
Жалпы пайғамбарлар солды оң ету үшін келеді. Ол міндет дін ғұламаларына да тән. Яссауи бабамыздың: «Пендең сорлы — танымаған оң мен солды», — деуі сондықтан.
Байыбына барсақ, Қожа Ахмет бабамыздың хикметтері оң мен солын таныған әр мұсылманның зары. Соған орай «Уа, дариға, қасіреттен қаңғып барам», — деп біз айтып отырмыз. Яссауи бабамыз өзін бізден бөліп қарамайды. Ол — біз боп тіл қатады. Опынады, зар илейді.
Құран Кәрімде Алла тағаланың жындар мен адам баласын Өзіне құлшылық ету үшін жаратқандығы туралы аят бар. Егер байбына барсақ, біз жасадық деп жүрген діни ғибадаттар аталмыш аят мәнімен үйлеспейді. Неге үйлеспейді? Себебі, ол аят оңшылдарға арналған. Оңшылдардың барлық іс-әрекеті, тіпті алған деміне дейін ғибадат орнына жүреді. Олай болатыны, олар сол жағын да оңға алмастыра алғандар, яғни, олардың солы да оң.
Ал біз сол жағымызды оң жаққа қалай ауыстырамыз? Оп-оңай. Ол үшін кәлима шаhадатты, яғни, «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұғаммед оның құлы, әрі елшісі» деп жүрекпен айта алсақ болды. Сол кезде адам өзгеріске түседі. Ең бастысы — өтірік айтпайды. Себебі өтірік — сол жақтағыларға тән. Олардың ауыз-екі айтқан сөзі өтірік емес, бар сөзі өтірік. Олай болатыны, олар тіршілік етіп жатқан әлемнің өзі өтірік. Шын әлем — өз ішіңде. Оң жақ сол.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз біз тілге тиек етіп отырған «Уа, Жаратқан» атты хикметінде: «Жүзім — қара, басып өткен ізім қара», — дейді.
Ал біз не дейміз? Дінге бет бұра бастағандар не дейді? Намазқандар ше? Сирия асып кеткендер қай түсінікте? Жалпы бұл күнде өз басын осыншалықты жерге ұратын мұсылман бар ма?
Рас, «Күнәhар пендеміз» дегенді діндәрлардың дені айтады. Өзгелерге діни тағлым беретін де солар. Алайда бұл тұрғыда Абдулқадир Жейлани хазреті: «Алдымен өз нәпсіңе ие бол. Өз нәпсіңе пайдалы бол және өз нәпсіңді тура жолға сал. Сосын басқалардың нәпсісімен шұғылдан», — десе, Абдуррахман Ауф хазреті: «Біз, хайырдың ең хайырлысын, нәпсінің ұнатпаған қиын әмірлерінде таптық», — дейді.
Байыбына барсақ, «Күнәhар пендемін» деу өзіңді айыптау емес. Ол — адам баласының жаратылысы. Соған орай «Адамбыз ғой», не болмаса, «Күнәhар пендеміз ғой» деудің арасында еш айырмашылық жоқ. Сондықтан сіз бен біз қанша жерден діндәр болып көрінсек те Яссауи бабамыз сынды: «Жүзім қара, басып өткен ізім қара», — деп айта алмаймыз. Олай деп тек, Абдулқадир Жейлани хазреті айтпақшы, «өз нәпсісін тура жолға салғандар» ғана айта алады. Ал ол Абдуррахман Ауф хазреті айтқандай: «Нәпсінің ұнатпаған қиын әмірлері».
Бүгінгі күн. Ихсанды тілге тиек етіп, Яссауи тағлымына назар аудара бастадық. Сол-ақ екен Ұлы ұстаз бізге қарата: «Жүзім қара, басып өткен ізім қара», — деп тіл қатты.
Байыбына барсақ, бұл — тарихтың қайталануы. Ұғынықтылық үшін айтсақ, Яссауи — айна. Біз сол айнадан өз жүзімізді, басып өткен ізімізді көрдік. Дұрысы, айнаға назар салғандар көрді. Қалай көрді, Қожа Ахмет бабамыздың: «Қай түріммен көрінемін, мен — қарабет», — деген хикметі тілдеріне оралды.
Шынтуайтына келгенде, мұсылман — сол қара бет. Нақтыласақ, біз назар салып тұрған адам мұсылман. Қара бет — біз. Біз одан өзімізді көріп тұрмыз. Осы жерде: «Мүмин — мүминнің айнасы» деген хадисті қаперге алған жөн.
Яссауи бабамызға келейік. Арқасында — халқы. Бәрі мұсылман. Тура бүгінгі біз сияқты. Хазреті Сұлтан соларға өз биігінен назар салып тұр. Қалай назар салды: «Жүзім қара, басып өткен ізім қара», — деп зар иледі. Себебі, Ұлы ұстаз өзін халықтан бөлген жоқ. Сол жылаған қалпы:
«Күнәм — ауыр, не бетім бар Досқа қарар? —
Сансыз тәубе жеңілдетпес масқара бар.
Құл Қожа Ахмет жылап келді, ал панаңа,
Назарың сал, жерім бар ма басқа барар?!» — деп Алла құзырына кірді. Айнада көрініс берген қара беттер де бірге енді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың біз мәніне үңілген «Жылап дұға қылам саған» деп |аталатын хикметінің алғашқы шумағында Ұлы ұстаз бүй дейді:
«Рахымыңнан мен ғаріпті шет қалдырма,
Тынбай мезгіл жылап дұға қылам саған.
Ояу болам боялғанша ақ таң нұрға,
Жұмбай көзді жылап дұға қылам саған».
Рас, дінге бет бұрған, дінге бет бұрған демей-ақ қоялықшы, жалпы адам баласына жылау таңсық емес. Алайда жылаудың да жылауы бар. Біз көбіне кеудеміз шерге толғанда жылаймыз. Шер — негізінен қайғы. Нақтыласақ, ол — осы өмір қайғысы. Біз ахирет қайғысын шерге жатқызбаймыз. Сондықтан тозақтың өзі біздің жанарымызға жас үйіре алмайды.
Суфиян Сәури хазреті діни ғибадат үстінде жылайтындардың өзіне қарата: «Жылаудың он түрі бар. Бұлардың тоғызы рия (көзбояушылық). Біреуі ғана Алла үшін. Міне, осы Алла үшін жылау – жылына бір рет болса да құлдың жәһаннамнан құтылуына, иншаллаһ, себеп болады», — депті.
Біз кейде қуаныштан да жылаймыз. Сағынсақ та жанарымыз шықтанады. Соған орай атам қазақ:
«Бiреу бiлмегендi, бiреу бiлер,
Бiреу жылайтынға, бiреу күлер», — деген.
Бұл тұрғыда хакім Абай да:
«Көзіме жас бер, жылайын,
Шыдам бер, сабыр қылайын.
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап сынайын», — дейді.
Абай атамыз өлеңінің дінге қатысы жоқ. Хакім жүрегін баураған — сағыныш. Бірақ жылай алмайды. Біз жылар едік. Жалпы біз қайғыға да, қуанышқа да жылай береміз. Бұл тұрғыда Стивен Кинг: «Күннің немесе түннің қай мезгілінде болса да, міндетті түрде төгілуге тиісті жастар болады. Сондықтан өз-өзіңізді іштей жей бермеңіз, жылап алыңыз. Жеңілдеп қаласыз», — депті. Біз оны Стивен Кинг айтпаса білеміз. Білмейтініміз, Яссауи бабамыздың не себепті жылап дұға қылатындығы. Себебі, Ұлы ұстаз жылауы біз білетін жылау түріне ұқсамайды. Ол — сырттан келетін жас. Ол — хакім Абай сұраған жас. Иесі — Алла. Абай атамыздың: «Көзіме жас бер», — деуі сондықтан.
Жалпы қалай десек те хазреті Руми айтпақшы: «Ішіңдегі кірді тазалайтын су емес, көз жасың».
Соған орай Яссауи бабамыз: «Тынбай мезгіл жылап дұға қылам саған», — дейді. Ол дұға «боялғанша ақ таң нұрға» ұласады. Жылап дұға жасаудағы мақсат — Алла Тағала рахымынан шет қалмау. Сол үшін: «Жұмбай көзді жылап дұға қылам саған», — дейді.
Яссауи бабамызға тән жылау түрі — көзді жұмбау. Бұл — біз жоғарыда тілге тиек еткен жылау түрлерінің бір де біреуіне ұқсамайды. Қалған жылаудың бәрінде көз жұмылады. Ал көзді жұмбай жылауда, жас сорғалап ағады да тұрады. Кеудеңе өксік тығылады. Иғың селкілдейді. Ол — Аллалық жас. Жанарыңнан сол жас төгілген кезде өзің де Алланың алдында тұрасың. Сондықтан хазреті Руми айтпақшы: «Жүсіп (ас) секілді әдемі бола алмасаң, онда Жақып (ас) секілді жылауды үйрен».
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз біз тілге тиек етіп отырған «Жылап дұға қылам саған» атты хикметінде:
«Дәргейіңе келдім, міне, белім байлап,
Жүрек, бауырым өртке толып, жаным қайнап.
Орны толмас өкініш салып қанымда ойнақ,
Ықыласпен жылап дұға қылам саған», — дейді.
Бұл Ұлы ұстаздың Алла алдына барғаннан кейінгі жылауы. Өзі қасірет қайғысын жамылған. Соған орай белін байлаған.
Қайғы жұтқан адамдар белін байлау қазақ дәстүрінде бар. Алайда ол белбеу санаулы күндерден кейін қай қайғы иесінің де белінен алынады. Себебі уақыт өткен сайын қайғы да сейіледі.
Рас, сейілмейтін де қайғы бар. Яссауи бабамыздыкі сол қайғы. Сол қайғыдан жаны қайнап, жүрек, бауыры өртке толып, орны толмас өкініш қанында ойнақ салады. Солай бола тұра Алла Тағалаға ықыласпен жылап, дұға қылады.
Байыбына барсақ, Жаратушы Иемізге деген шексіз махаббат иесі ғана ықыласпен жылай алады. Шын жылау сол. Қазақ атамыз соған орай: «Шын жыласа соқыр көзден де жас шығады», — десе, Шах Машрап хазреті:
«Кімде-кім жылауда болса, хақ қабыл қылған пенде дүр.
Кімде-кім жылаусыз болса, қабыл қылмаған пенде дүр.
Кімде-кім жылауда болса, тірі дүр.
Кімде-кім жылаусыз болса, өлі дүр.
Жылауменен тапты Машрап мағрифаттың көшесін,
Қол жайып, сен жыла, ей, дұға егесі!» — дейді.
Жалпы адам баласы Алла құзырында тұрған кезде ғана ықыласпен жылай алады. Себебі, жоғарыда да айтқанымыздай, ол жылауда махаббат бар. Біз сол жылау арқылы Алла ризашылығына шомып, мархабатына бөленеміз. Ең бастысы, өз қалауымызға қол жеткіземіз. Ол қалау — Алланың назары.
Ұғылықтылық үшін айтайық. Біз үшін ананың өз перзентіне деген махаббатына ешнәрсе шендесе алмайды. Солай бола тұра:
«Жыламаған балаға,
Емшек бермейді», — деп қоямыз. Емшек — нәрестеге тән қалау. Нәресте сол қалауына қол жеткізу үшін жылайды. Ол жылау біз білетін жылаудың ешқайсысына ұқсамайды. Ықыласпен жылау дегеніміз сол.
Ол жылаудың қайтарымы да махаббатқа тұнып тұр. Соған орай хадис шарифте: «Баласы жылау себебімен түнде ұйықтай алмаған әйелге жиырма құл азат еткен сауап беріледі», — делінеді.
Алайда нәрестеге қарағанда Яссауи бабамыз жылауы басым. Көп болса қараусыз қалған сәбидің жылай-жылай өкпесі өшер, ал Ұлы ұстаздың жүрек, бауыры өртке толып, жаны қайнап, орны толмас өкініш қанында ойнақ салуда. Себебі, ол себеп хикметтің келесі шумағында былайша көрініс береді:
«Жастық-бақта күте алмаппын көңіл гүлін,
Қарттық шақта сөндіріппін өмір нұрын.
Дін жолында жеңілдер ме менің жүгім? —
Иә, Құдірет, жылап дұға қылам саған».
Байыбына барсақ, жастығы да, қарттығы да босқа өткен адам бұлай жылай алмайды. Жылайтын — махаббат иесі. Ол Алла Тағала үшін нәресте сынды. Алайда аталарымыз айтпақшы:
«Баласы жыламаса,
Анасы жұбатпайды».
Яссауи бабамыз сол үшін жылауда. Нақтыласақ, біз үшін жылауда. Өмірді босқа өткізген күнәhар бізбіз. Солай бола тұра біз де дінге бет бұрғансынып, тіпті тақуасынып жылап та қоямыз. Алайда бұл тұрғыда хакім Абай: «Егер менің ішімді жарып өрсең, жылауыңды тоқтатып, шошыр едің», — дейді.
Жалпы Яссауи бабамызша тек пайғамбарлар ғана жылаған. Өз Пайғамбарымыз (сғс) да өмірден «Үмбетім, үмбетім» деп өткен. Тіпті сол жолда перзентін де құрбан еткен. Ол махаббат алауын біз сезіне алмаймыз. Сезінсек, біздің де жүрек, бауырымыз өртке толып, жанымыз қайнап, орны толмас өкініш қанымызда ойнақ салар еді. Алайда біз үшін құрбандыққа барған жан бар. Ол — Яссауи бабамыз.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз біз тілге тиек етіп отырған өзінің «Жылап дұға қылам саған» атты хикметін былайша түйіндейді:
«Құл Қожа Ахмет нәпсі — шыңнан асты жәйлап,
Фәна филлаh мақамына басты байлап,
Жүрек, бауырым аласұрып тасты қайнап,
Осы күймен жылап дұға қылам саған».
Иә, хазреті Руми айтпақшы: «Әр жылаудың соңы күлу, ағын су қайда барса, сол жер көгереді, көзде жас болса рахмет келеді».
Жылаудың, жылағанда да жүрек, бауыр өртке толып, жаны қайнап, орны толмас өкініш қанында ойнақ салудың соңы — нәпсінің шыңнан асуына алып келді. Ол асудың аты — Фәна Филлаh.
Бұл тұрғыда хазреті Руми: «Хақ Тағала осы дүниеде сенен бірнеше тамшы көз жасын алады, есесіне саған қаншама жәннат кәусарларын сыйлайды. Ол сенен ынтықтық пен ауыртпашылыққа толы өкініштер мен жалбарынышты алады, әрбір өкініш пен жалбарыныштың есесіне жүздеген жоғары мәртебе мен қол жетпейтін дәрежелер береді», — дейді.
Әуелі хазреті Руми тілге тиек еткен «бірнеше тамшы» көз жасына назар аударайық. Ал ол Алла үшін өте бағалы тамшылар. Демек, ол тамшылар қайнар көзі бұл әлемдік емес. Бұл әлемдік ол — материялды жылау. Ол жылау мәнін Қадыр ағамыздың мына өлеңінен де аңғаруға болады. Оқып көрелік:
«Адам күліп тумайды, туа сала күлмейді.
Үйренеді күлуді, бірақ күліп өлмейді.
Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,
Және жылап өледі, өзгені де жылатып.
Жылайтыны туарда – жамандар бар қинайтын,
Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын».
Ал Қожа Ахмет бабамызға тән көз жасының әр тамшысы бір-бір дәреже. Егер бейнелеп айтсақ, арғы әлемдегі «сауда базарында» қолдануға балатын гауhар. Солай бола тұра, ол гауhар құндылығының өзі бірінен бірі өтеді. Ең жоғарғысы — осы көз жасы арқылы нәсіп болатын гауhар. Өзгелері, әрқилы сауапты істер. Алайда рухани көз жасының өзі әр түрлі болып келеді. Әрқалай болатыны, әр діндәр өз биігі деңгейінде жылайды.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Фана фил шайх — тариқат; фана фил расул — мағрифат; фана филлаh — ақиқат.
Тариқатқа өткен (фана фил шайх) Пір мүриттері ұстаздарына махаббат қойса, кездескен сәтте көздеріне жас алып жатады. Оның өзі әрқалай көріністе әсер етеді. Оны әр мүрит өз халіне орай сезінеді. Әрқалай жиындарда біреуінің жылап, екіншісінің күліп отыратыны сондықтан.
Келесі мақам — фана фил расул. Соған орай кей пірәдәрлар Мәуліт оқылған кезде жылайды. Рас, олар өз Пірлерін көрген кезде де жылайды. Алайда олар ондай жылау кезінде Пірлері бейнесінен Пайғамбарды (сғс) көреді.
Фана филлаh мақамында — Алла көрініс береді. Яссауи бабамыз тілге тиек етіп отырған мақам осы. Құран оқылғанда, намаз үстінде жылайтындар да осы мақамға қол жеткізгендер.
Жалпы кім қай деңгейде тұрса, Пірді сол деңгейде көреді. Материялистердің көруі тіпті бөлек. Соған орай жылау да көп адамға нәсіп бола бермейді. Болмаса хазреті Руми айтпақшы: «Алла үшін төгілген көз жасы, жүрекке дәрет алдырады». Ендеше ұдайы дәретпен жүрейік!
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Үмбет туралы» хикметінде бүй дейді:
«Әл кәззабу лә уммәтм!» — деді Расул жұпар леп,
Жалғаншылар қауымын
үмбет демес Мұхаммет».
Бұл тұрғыда біз кезінде:
«Пайғамбар махаббаты үмбетінде,
Ондай мейірім жоқ мүлде жер бетінде.
Бізді сүйсе, біз де Оны шексіз сүйдік,
О, Хазірет (с.ғ.с), бізді əркез үмбетім де», — деген едік.
Жалпы кәлима шаhадат айтып, Алла мен Пайғамбарға (сғс) иман келтірген мұсылманның бәрі Пайғамбарымыз (сғс) үмбеті. Солай бола тұра Яссауи бабамыз: «Жалғаншылар қауымын үмбет демес Мұхаммет», — дейді. Сонда жалғаншы еместер кімдер? Бұл сауал жауабын аталмыш хикметтің екінші шумағынан табамыз. Оқып көрелік:
«Тура жүрген құлдарын
Хақтың іздеп дидарын,
Шын жолдағы ұлдарын
үмбетім дер Мұхаммет».
Сонымен Пайғамбарымыздың (сғс) кімдерді үмбетім дейтіні мәлім болды. Алайда 73 тармаққа бөлінген мұсылман қауымының барлығы да өздерін тура жолдамыз деп біледі. Солай бола тұра біз үшін шынайы жол — әhлі сүннет уәл жамағат. Яссауи бабамыздың да, бүгінгі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының да ұстанып отырған жолы осы. Сіз бен біз де сол жолдамыз. Алайда әhлі сүннет уәл жамағатының мына 10 белгісі өз бойымыздан табылар ма екен, байқап көрелік:
Намазды жамағатпен оқуға тырысу.
Сахабалардың ешбірін жамандамау, себепсіз күнәхар деп айтпау.
Өзінің мұсылман патшасына қару алып қарсы шықпау.
Өз иманына күмән келтірмеу.
Жақсылық та, жамандық та Алладан деп білу.
Құдайдың жолында жүргеннен соң Құдайдың разылығы мен құлшылығына артық сөз айтпау.
Құдайға сенгендерді күнә жасауымен діннен шықпайды деп білу.
Ауылдасының жаназасына бару.
Сапарда да, үйде де мәсіге масих тартуды дұрыс санау.
Күнәлі болсын, тақуа болсын барлық адамға ұйып намаз оқуды дұрыс санау. («Мифтахуль маса иль» және «Масабихуль дәлә иль» кітаптарынан?).
Ұстаңыз, ұстанбаңыз, егер осы 10 белгіні дұрыс деп тапсаңыз, онда тура жолдасыз. Демек, сіз бен біз Пайғамбар (сғс) үмбетіміз.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Үмбет туралы» хикметін одан әрі былай жалғастырады:
«Әркім жүріп үмбетше,
Расул ісін үлгі етсе,
Шапағат күн шын жетсе,
мақұрым қоймас Мұхаммет».
Байыбына барсақ, мұсылман болудың мәні — Пайғамбарымызға (сғс) үмбет болу екен. «Тура жүрген құлдар» да, «Шын жолдағы ұлдар» да солар екен. Бәрі тақуа. Мақсаттары — Алланың дидары. Біз оларды әhлі сүннет уәл жамағат дедік. Оларға тән 10 белгіні де атап өттік. Бұл тұрғыда Имам әш-Шатыби хазреті: «Сопылар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне арқа сүйейді. Және олар әhлі сүннет уәл жамағат ішіндегі ерекше адамдар», — дейді.
Соған орай Яссауи бабамыз өз хикметінде үмбет мәнін одан әрі аша түсіпті. Бақсақ, үмбетше жүру — Расул ісін үлгі ету екен. Ал ол үлгі, діни тілде «Сүннет» деп аталады.
Сондықтан да Ұлы ұстаз:
«Тәңір-Тағала міндетін,
Расул Алла сүннетін
Иланбаған үмбетін
Үмбет демес Мұхаммет», — дейді.
Қазақшалап айтсақ, сүннет дегеніміз — Пайғамбарымызға (сғс) ұқсау. Дін — сол. Соған орай хадисте: «Кімге ұқсасаң, ахиретте сол қауыммен бірге тірілесің», — делінеді. Сондықтан біздің киім киісімізден де, жүріс-тұрысымыздан да мұсылмандық көрініс беріп тұру керек. Ал оның жарқын үлгісі — Пайғамбарымыз (сғс).
Бұл тұрғыда Абдулқадир Жейлани хазреті: «Ей, ұлым! Құранмен амал ету сені Құранның мәртебесіне көтереді. Сол биікке отырғызады. Ал, Сүннетпен амал ету, сені Аллаһтың Расулына (с.ғ.с.) жақындатады. Сөйтіп Расулұллаһтың (с.ғ.с.) рухани жәрдемімен Аллаһ достарының жүректерінің маңынан бір сәтте айырылмайсың. Аллаһ достарының жүректерін нұрландыратын да сол», — дейді.
Егер мән берсек, арабтардың ұлттық киімі және Пайғамбарымызға (сғс) тән сүннет киімдері бар. Екеуі бір емес. Алайда оны діндәрлардың өзі ажырата бермейді. Себебі, Пайғамбарымыз (сғс) ислам дінін алып келгенге дейін қалай киінсе, кейін де солай киінді. Демек, мұсылмандарға тән киім үлгісі жоқ.
Жасыратыны жоқ. Көп діндәр осы түсінікте. Оның үстіне олар «Алла Тағала сендердің киімдеріңе емес, жүректеріңе қарайды» дегенге саятын аятты басшылыққа алады.
Міне, осы түсінік жалпы сүннет амалдарының өркен жаюына көлеңке түсірді. Соған орай дін өз жолынан жаңылды. Сол кезде Яссауи бабамыз өз биігінен: «Расул Алла сүннетін, ұстанбаған үмбетін
Үмбет демес Мұхаммет», — деп тіл қатты.
Сол сөзді біз бүгінгі күні қайта жаңғыртып тұрмыз. Байыбына барсақ, Пайғамбарымызға (сғс) тән сүннеттік киім үлгісінде Алланың назары тұрады. Біз соған ниет етеміз. Сыртқы форма — адам ниетінің көрінісі. Соған орай ұзын ақ көйлек киіп алса да орамал таққан араб пен сәлде киген адам бір емес. Біз олардың бірін — араб, екіншісін — мұсылман деп танимыз. Егер әлгі мұсылман шапан киіп алса, құрметіміз одан сайын арта түседі. Себебі, ол да сүннет. Мәсі де солай. Жалпы мұсылмандарға тән киім үлгісі осылай түзілді. Біз оны қалай шештік, діннен де алшақтай бастадық. Өзге сүннет амалдарына да мән бермейтін болдық. Тіпті сапар кездерінде сүннет намаздарын тәркі ете бастадық. Соған орай Имам Ғазали хазреті: «Сапар уақытында сүннет намаздарыңды тастамаңдар, себебі сапарыңның пайдасынан сүннет намазын тастағаныңның зияны көбірек болады», дейді.
Жасыратыны жоқ, бұл күнде сәлде-шапанды, сондай-ақ мәсі киіп, аса таяқ ұстауды тек сопылардың еншісіне қалдырдық. Пайғамбарымыз (сғс) сүннетіне деген құрметтің төмендегені сонша, әлгі сопыларға жұрттың дені шошына қарайды. Олардың сауатсыздығын шетелден білім алған дін ғұламалары күлкіге айналдырады. Алайда күні кешеге дейін бүткіл қазақтың тап солардай болғанын ешкім де қаперіне алмайды. Егер қаперге алса, ол сопылар да, біздің ата-бабаларымыз да Зұлпыхар хазреті сынды:
«Өлім періштесі келіп миымызды тексеріп қарағанда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ілімімен толып тұрғанын көрсін. Қалбымызды тексеріп көргенде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) махаббатымен толып-тасып тұрғанын көрсін. Дене-ағзамызды назар салғанда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетімен әшекейленгенін көрсін. Әзірейіл (ғ.с) Алла тағаланың дәрғаһына барғанда осы үш нәрсені айтуды нәсіп етсін. Я Алла, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) ұқсаған сурет алып келдім. О, Алла, біз сурет алып келдік, өзің Хақиқатқа айналдыр», — дер еді.
Ал «Алла Тағала сендердің киімдеріңе емес, жүректеріңе қарайды» дегенге саятын аятқа келсек, киім — материя, жүрек — руханият. Соған орай Жаратушы Иеміз сыртқы формаға емес, әруақ әлеміне назар салады. Сүннет — сол әлемнің киімі. Жалпы ол мұсылмандар үшін тұтас ұғым. Сондықтан біз де Қашаған Күржұманұлы айқандай:
«Аллалаған Пір өткен,
Туына жұртын түнеткен.
Жария зікір, таспих,
Мешіттің ішін гүл еткен.
Хақ Расулдың сүннетін,
Қожа Ахметтің міндетін,
Өшіре көрмең жүректен», — деп қоямыз.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Үмбет туралы» хикметінің келесі шумағында бүй дейді:
«Үмбетпін деп сөйлесең, бұйрыққа бас имесең,
Үмітсізсің онда сен — хал сұрамас Мұхаммет».
Жалпы қай мұсылман да өзін Пайғамбарымыз (сғс) үмбеті санатына қосады. Себебі, Пайғамбарымыз сғс) кімді «Үмбетім» десе, сол адам құтылды? Сонда үмбет кім? Осыған дейін айтқанымыздай, Яссауи бабамыз Пайғамбарымыз (сғс) үмбеті санатына Хақтың дидарын іздеп тура жүрген, шын жолдағы ұлдарын жатқызады. Біз шын жолдың қай жол екенін де біршама сөз еттік. Зерделей келе ол жолдың Пайғамбарымыз (сғс) сүннетімен көмкерілгендігіне көз жеткіздік. Ендеше сол жолмен жүр!
Бұл — бұйрық. Діни тілде «Парыз» делінеді. Соған орай Ұлы ұстаз: «Бұйрыққа бас имесең, үмітсізсің онда» дейді. Байыбына барсақ, Яссауи бабамыз қаперге алып отырған «бұйрық» — сүннет амалдары. Солай бола сүннетің өзі парызбен шендесіп тұр. Шендесетіні, Хазреті Сұлтан парыз бен сүннет амалады аражігін ажыратпай бір ұғым ретінде қарастырып тұр.
Дін сол. Егер оны бөлшектесең, сүннет, мұстахап амалдары өз мәнін жоғалтады. Қалай өз мәнін жоғалтады, олар діни ғибадат ретінде айналыстан шыға бастайды. Яссауи бабамыз тілімен ғана үмбетпін дейтін сондайларға қарата «Үмітсізсің онда сен — хал сұрамас Мұхаммет» дейді.
Ұғынықтылық үшін өзімізге, өзімізді қойшы, мешітке кіріп-шығып жүргендерге, оларға да емес, әлеуметтік желі беттерінде діни уағыз айтып жүргендерге назар салайықшы. Солар өн бойынан Пайғамбарымыз (сғс) киім үлгісі көрініс береді ме?! Әрине, бермейді. Сол сияқты біз көшедегі адамдарды да сыртқы формасына қарай қай дін өкілі екенін ажырата алмаймыз. Бұл — сүннетті тәркі етудің көрінісі. Ал оның соңы — үмітсіздік.
Сондықтан да Яссауи бабамыз өз хикметінде үмбет пен сүннетті бір ұғым деп біледі. Соған орай: «Әркім жүріп үмбетше, Расул ісін үлгі етсе», — дейді.
Ондай жандар бар. Сопылар солар. Олар діннің, Пайғамбарымыздың (сғс) сыртқы формалық көрінісі. Соған орай хадисте: «Кім де кім менің сүннетімді тірілтсе, сол мені жақсы көрді. Ал кім, мені жақсы көрсе — менімен бірге жұмақта болады», — делінеді. Себебі, Пайғамбарымыз (сғс) айтқандай: «Бұл кезде дінді ұстану — қолыңа шоқ ұстап тұрғанмен бірдей».
Сопыларды биліктің де, қоғамдық ортаның да, тіпті туған-туыстарының да ұната бермейтіні сондықтан. Себебі біз діннің өзгеріске түскенін, оның қоғамға, заманға бейімделгенін қалаймыз. Діннің демей-ақ, соны ұстанатын мұсылмандардың делікші. Өзіміз байқамағанмен осы жерде дін мен оны ұстанатын мұсылман арасы ажырайды. Себебі біз заманға үйлеспегендіктен сүннеттік киім үлгісін, тек оны ғана емес, қоғам талабына сәйкес келмейтін өзге де діни жоралғыларды тәркі еттік. Сол-ақ екен барлық жерде жаңа тұрпаттағы мұсылмандар көрініс бере бастады. Ал байырғы мұсылмандар (сопылар) тығылатын жер таппай қалды. Бүкіл құзырлы мекемелер солар төбесінде төніп тұр. Алайда олар қолдарындағы «шоқты» тастамақ емес.
Жарайды, сопыларды жөніне қалдырайық. Біз олардай бола алмадық. Және де болғымыз да келмейді. Алайда біз де үмбетпіз. Дұрысы, үмбет болғымыз келеді. Ол үшін «Бабалар сөзіндегі» «Хазрет Әлі хиссасында» айтылатынындай:
«Қылғайсыз маған шапағат, хақ Сәруары (с.ғ.с),
Сізден медет тілейді жанның бәрі.
Құр тілменен айтамыз үмбетпіз деп,
Мен ғаріп барша жанның күнәһары», — де.
Бұл — тәубе. Ал тәубеге келген мұсылман Пайғамбарымыз (сғс) шапағатынан құр қалмайды
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Үмбет туралы» хикметін былайша түйіндейді:
«Халың мүшкіл тап сонда, жан шырағын жақшы онда,
Рәсуа болар мақшарда, демесе үмбет — Мұхаммет».
Байыбына барсақ, Пайғамбарымызға (сғс) үмбет болу мұсылмандықтан биік тұр. Нақтыласақ, жалған мұсылмандықтан. Соған орай Ұлы ұстаз: «Жалғаншылар қауымын үмбет демес Мұхаммет», — дейді.
Сонда ол жалғаншылар кім? Яссауи бабамыз пайымдауынша, олар — жан шырағы сөніп қалғандар. Халы мүшкіл солар. Себебі, Алланы танымайды. Ол мүшкілдік мына дүние есігін ашқан адамдардың бәріне тән. Адам баласы сол мүшкілдіктен арылу үшін ислам дінін қабылдайды. Солай бола тұра Яссауи бабамыз сол мұсылмандардың өзіне қарата: «Жан шырағын жақшы онда», — дейді. Себебі, қай мұсылман да жан шырағы жанбайынша Алланы тани алмайды. Тани алмайтыны, Алла Тағала тек көкірек көзіне ғана көрініс береді. Ал ол көз — жанда. Тек шырағы сөніп тұр. Пайғамбарлар міндеті — сол шырақты жағу. Ол міндет бүгінгі күні Пірлер еншісінде. Бұл тұрғыда хакім Абай:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі», — дейді.
Жүрек көзінің ашылуын біз де руханиятқа телиміз. Алайда біздің танымымыздағы руханият та материялдық болмыс. Өкінішке қарай біз барлық қажеттілігімізді сол жерден аламыз. Адам баласы иелік еткен білім де, дін де, мәдениет ошақтары да сол жерде. Соған қол жеткізгендер — біздің мақтаныштарымыз. Алайда Ұлы ұстаз сол жерден тағлым алған мұсылмандарға қарата: «Рәсуа болар мақшарда, демесе үммет — Мұхаммет», — дейді.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Сіз бен бізді Президент танымайды. Сол сияқты Президентті біз де танымаймыз. Танымаған соң жоғарғы билікке қарата аузымызға не келсе, соны айтамыз. Алайда біздің сөз ол жаққа жетпейді. Жетпейтінін білгендіктен де біз өршелене түсеміз. Қорқу деген атымен жоқ.
Енді Президентті танитын, оған жақын жүрген адамдарға келейік. Солар біздің аузымыздан шыққан сөзді Президентке қарата айта ала ма? Жауап айқын. Айта алмайды. Президенттен қатты қорқатындар да солар. Бетпе бет келгенде бәрі де пышақтың жүзінде отырғандай болады.
Тап сол сияқты Алладан Оған ең жақын адамдар қатты қорқады. Күндіз-түні ғибадат жасайтындар да солар. Себебі, олар Алланы, Алла оларды таниды.
Ал біз… Біз Президентке қарата шаптығып жүргендер тәріздіміз. Егер Президент «Махшар майданын» түзер болса, тегіс сотталамыз.
Алланың кеңшілігі де тап осы сияқты. Сондықтан да Яссауи бабамыз:
«Үмбет дейді Мұхаммет, ақырыңды ойлас, Құл Ахмет,
Болғанда ертең қиямет мақұрым қоймас Мұхаммет», — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кімдер үшін келді Расул?» атты хикметін:
«Қан ағызды көзінен ол кімдер үшін?
Барды — талақ, өзін кәуап қылды ел үшін,
Үмбет болсаң, үлгеріп же бұл жемісін,
Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — деп бастайды.
Байыбына барсақ, Ұлы ұстаз «Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — деген сауалды тегін қойып отырған жоқ. Егер осы сауал жауабын таба алсақ, онда Пайғамбарымыздың (сғс) кімдер үшін көзінен қан ағызғандығы да белгілі болады. Біз ол сауалдарға жауап тапқанымызбен Пайғамбарымыздың (сғс) не себепті көзінен қан ағызғандығы мәніне бойлай алмаймыз.
Рас, алғашқы сауалдар жауабы келесі жолдарда тұр. Соған орай Яссауи бабамыз: «Барды — талақ, өзін кәуап қылды ел үшін», — дейді.
Алайда ел — жалпы ұғым. Ал үмбет — мұсылман қауымы. Солай бола тұра Ұлы ұстаз: «Үмбет болсаң, үлгеріп же бұл жемісін», — дейді. Демек, үмбет болудың өзі барша мұсылмандарға нәсіп бола бермейді екен.
Солай бола тұра біз барлық мұсылманды Пайғамбарымыз (сғс) үмбеті деп қабылдаймыз. Осы қабылдау Пайғамбарымыздың (сғс) шынайы бейнесін бүркеп тұр. Яссауи бабамыздың: «Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — деуі сондықтан.
Рас, Пайғамбарымыз (сғс) өмір тарихын барша мұсылман біледі. Алайда ол — материялды таным. Соған орай біз Яссауи бабамыз сауалына материялды түсінік деңгейінде жауап береміз. Ал ол жауап Расулдың (сғс) не себепті көзінен қан ағызып, кімдер үшін барды — талақ, өзін кәуап қылғандығына жауап бере алмайды. Берілген жауап — Пайғамбарымыздың (сғс) рухани әлемін ашпайды. Себебі, ол әлем кілті тариқатсыз ашылмайды.
Бұл тұрғыда Хазреті Руми: «Аллаһ Тағала пайғамбарлар мен Пірлерді әлемге рахмет етіп жіберген. Сол үшін халыққа жалықпастан насихат етеді. Бұл насихаттарға құлақ аспай, қабылдамағандар үшін «Уа, Раббым! Сен оларды ая, рахмет есігін оларға жаппа!» — деп жалбарынады», — дейді.
Бәрімізге белгілі. Тариқат — сопылық таным. Соған орай Имам Ғазали: «Тариқат – Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айнасынан шыққан Нұр», — дейді. Тарқатып айтар болсақ, шариғат — материялды әлемге, тариқат — рухани әлемге, мағрифат — Пайғамбарымызға, ал ақиқат — Аллаға тән әлем.
Сонда олар қандай әлем? Бұл тұрғыда Шәді Төре бүй дейді:
«Әлемнен он сегіз мың әуел бұрын,
Жаратты Пайғамбардың Алла нұрын.
«Әууәлу мә халақаллаһу нури»,- деген,
Хақында дәлел болды хадис мұның!
Аспан — Жер, Аршы — Күрсі, Лаухы — Қалам,
Сидра мен Жәннат — Тозақ бәрі тәмам:
Сол Нұрдың себебімен пайда болды!
Жаралған он сегіз мың барша ғалам!»
Бұл орайда Жабир бин Абдуллаһ сахаба бір куні: «Уа, Расулалла! Алла Тағала ең әуелі нені жаратты?» деп сұрағанда: Пайғамбарымыз: «Бәрінен бұрын сенің пайғамбарыңның, яғни менің нұрымды өз нұрынан жаратты. Ол кезде лаух, калем, жұмақ, тозақ, періште, көк пен жер, күн, ай, адамдар мен жындар жоқ болатын» деп жауап береді.
Сондай-ақ Адам атамыз жаратылғаннан кейін оның екі қасының арасына Расулдың (сғс) нұры қойылады. Адам атамыз рухы соған орай денесіне жайғасқаннан кейін маңдайында Шолпан жұлдыз сияқты жарқырап тұрған бір нұр бар екенін сезеді. Періштелердің де өзін сол нұр үшін құрмет тұтатынын білгендіктен Алла Тағаладан: «Сол нұрды мен де көрсем бола ма?», — деп сұрайды. Сол кезде Алла Тағала Пайғамбарымыз (сғс) нұрын Адам атамыздың екі бас бармағына қондырады. Сол-ақ екен Адам атамыз екі бас бармағын сүйіп, көзіне тәу етеді. Соған орай Пайғамбарымыз (сғс) үмбеттері де Азан шақырылған кезде Расул (сғс) есімі аталған сайын, сондай-ақ Құран аяттарында Пайғамбарымыз (сғс) есімі кездескен кезде екі бас бармақтарын сүйіп, көздеріне тәу етеді.
Сондай-ақ Адам атамыз жаратылғаннан кейін Хақ Тағаланың өзіне «Абу Мұхаммед, яғни Мұхаммедтің әкесі» дегенін сезінген соң: «О, Раббым! Маған неге Әбу Мұхаммед» дедің?» — деп сұрағанда Алла Тағала: «Ей, Адам! Басыңды көтер» дейді. Адам атамыз басын көтеріп қараған кезде Аршы үстінен нұрмен жазылған «Ахмет» деген есімді көріп: «Уа, Раббым! Бұл кім?» — деп сұрайды. Алла Тағала: «Бұл сенің тегіңнен шығатын пайғамбар. Оның есімі көктерде Ахмет, ал жерде Мұхаммед. Егер ол болмағанда сені де, жер мен көкті де жаратпас едім» — дейді.
Міне, соған орай Яссауи бабамыз: «Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — деп сауал тастайды.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кімдер үшін келді Расул?» атты хикметінің келесі шумағында:
«Көрмедің бе, жылай-жылай көзі іскенін,
Жұлынды үзген зіл салмаққа төзіскенін,
Сонда жөн боп көріне ме өз істерің,
Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — дейді.
Біз Пайғамбарымызға (сғс) тән жылау мәнін қабылдай да, түсіне де алмаймыз. Сондай-ақ жұлынды үзген зіл салмақтың қандай салмақ екенін де білмейміз. Білсек өз ісімізді жөн көрмес едік. Байыбына барсақ, Яссауи бабамыз қаперге алып отырған «өз ісіміз» — мұсылмандардың өмір сүру салты. Ол салт кеше де солай болған, бүгін де солай. Біз мұсылмандарға тән деп білетін сол өмір салты Пайғамбарымызды (сғс) ауыр азапқа салады. Расулға (сғс) жұлынды үзген зіл салмақты біз түсіріп тұрмыз. Біз бар деп те білмейтін, бірақ басымызға төніп тұрған қара түнек уайымы жылаудан көз ашпаған Пайғамбарымыз (сғс) көзінен қанын ағызып, ісіреді. Өзін отқа салып, кәуап қылады. Барды — талақ еткізеді. Ол бар — біз қызығына тоймай жүрген мына әлем.
Алайда біз Расулды (сғс) қалай танымасақ, Яссауи бабамызды да тап солай танымай тұрмыз. Болмаса, Пайғамбарымыз (сғс) басындағы жәйт, Ұлы ұстаз басында да сол қалпы қайталанып тұр. Жылай-жылай көзден қан ағызу, барды — талақ, өзін кәуап қылу — Яссауи бабамыздың да басып өткен жолы. Тіпті мына әлемді тәркі ету соңы — қылеуетке ұласты.
Бірақ біз селт еткен жоқпыз. Біздің селт етпегенімізге қайран қалған Ұлы ұстаз:
«Сонда жөн боп көріне ме өз істерің,
Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — дейді.
Ұғынықтылық үшін өзімізді бір ауық Яссауи бабамыз заманында өмір сүріп жатырмыз деп ойлайық. Ал ол — дін-мұсылманның аман кезі. Байыбына барсақ, аман кезі емес, өз істерінің жөн боп көрініп тұрған кезі. Соған орай жаны күйген Ұлы ұстаз: «Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — дейді.
Бүгінге келейік. Бізге де өз ісіміз жөн көрінеді. Жөн көрінетіні, «Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — деген Ұлы ұстаз хикметі мәніне бойлаған емеспіз. Себебі ол мән — тариқатсыз ашылмайды. Біз тариқатты тәркі еткендіктен Расул (сғс) руханиятына бойлаған емеспіз. Бойламағандықтан да Пайғамбарымызды (сғс) тек материялды тұрғыда ғана танимыз.
Соған орай: «Аллаһтың елшісі туылған күні Кисра сарайының он төрт ұстыны құлады. Мәжусилердің (отқа табынушылар) өмірі өшпеген оттары сөніп, Сауа көлі суалды. Бүкіл әлем ұзақтан бері сағына күткен Мұхаммед (саллаллаһу ъалайһи уа сәлләм) дүниеге келеді», — деп қоямыз.
Алайда мұндай оқиғалардың не себепті болып жатқанына жете мән бермейміз. Рас, біз осы және осы тақылеттес оқиғалардың бәрі Пайғамбарымыздың (сғс) өмірге келу құрметіне орай болды деп қабылдаймыз. Бірақ, Пайғамбарымызға (сғс) пайғамбарлықтың 40 жастан кейін келгендігін де ұмытпағанымыз жөн. Алайда: «Мұхаммед (сғс) туғаннан пайғамбар, тек ол кісі пайғамбарлық қызметіне 40 жастан кейін кірісті» деп те қоямыз.
Байыбына барсақ, Мұхаммед (сғс) туған кезден емес, әлем жаратылған кезден бастап пайғамбар. Соған орай Алла Тағала: «Сен болмасаң мына әлемді жаратпас едім», — деген. Алайда Пайғамбарымыздың (сғс) әлем жаратылғаннан бергі қызметі «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның құлы, әрі елшісі» деген кәлима шаhадаттағы құлдық қызметке жатады. Расул Нұры да сол. Сол Нұрға иелік еткендіктен де пайғамбарлар пайғамбар болды. Жер бетіне келген 124 мың пайғамбардың бәрі де өз үмбетіне: «Соңғы кезеңде сол Нұр иесінің өзі келеді», — деп кетті. Соған орай пайғамбарлардың өзі: «Пайғамбар болғанша, сол ақырзаман пайғамбарының үмбеті болсам ғой»,- деп армандап өтті.
Сондай-ақ Алла Тағала
Адам атаны Меккедегі Джидда тауына, Хауа ананы Үндістан жеріне түсіреді. Адам атамыз қаншама жыл жылап-сықтап дұға жасаса да дұғасы қабыл болмай, Хауа анамызды кездестіре алмайды. Ең соңында: «Менің өз ұрпағым Мұхаммедтің құрметіне дұғамды қабыл ет» дегеде, тілегі қабыл болып, (кейбір деректерде 40 жылдан соң) Арапат маңында кездеседі.
Тап сол сияқты барлық пайғамбарлар өздері мұғжизаларында Нұр мүмкіндігін пайдаланып отырған. Ол мүмкіндік — құл қызметі. Соған орай бүкіл жаратылыс Пайғамбарымызға (сғс) таспих айтып тұрады. Соның бір көрінісі — Расул (сғс) дүниеге келген кезде болған оқиғалар.
Міне, осы жәйттың бәрін жан-дүниесінен өткізген Яссауи бабамыз: «Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — дейді.
***
Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өзінің «Кімдер үшін келді Расул» атты хикметінің келесі шумағында:
«Ей, достарым, үмбет қайда білер мұны,
Табар шексіз нығмет, пайда жігерліні,
Соны ұққанның қияметте күлер күні,
Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — дейді.
Біз тілге тиек етіп отырған хикмет тақырыбының өзінен-ақ аңғарылып тұрғанындай, Расулдың (сғс) кімдер үшін келгенін екінің бірі пайымдай алмайды. Екінің бірі емес, ол танымға барша үмбет түгелдей қол жеткізе бермейді. Соған орай Ұлы ұстаз: «Ей, достарым, үмбет қайда білер мұны», — дейді де, ол білетіндерді «Жігерлілер» санатына қосады. Қиямет күні жұлдызы оңынан туып, күні күлімдеп шығатындар да сол «Жігерлілер» екен.
Байыбына барсақ, Расулды (сғс) танып-білу — барлық ғибадаттан жоғары тұр. Себебі, ол таным — тариқатқа тән. Ал тариқатта өзің ғибадатқа айналып кетесің. Себебі, Хазреті Ғазали айтпақшы: «Тариқат — Пайғамбарымыз (сғс) айнасынан шыққан Нұр». Соған орай Хазреті Руми: «Мен Таңдаулы болған Пайғамбар (с.ғ.с) жолының тозаңымын», — дейді.
Сол «тозаңды» Яссауи бабамыз «Жігерлілер» деп атайды. Ал ол «Жігерлілердің» қияметте жолы ашық. Олар төбесіндегі күннің өзі күлім қағады. Себебі, жалғыз-ақ себеп бар, ол — әлгі «Жігерлілердің» Расулдың (сғс) не себепті келгендігін білуінде.
Ал ол «жігерлілер» Расулдың (сғс) не себепті келгенін қалай білді? Жауап айқын. Оп-оңай. Олар тариқатты қабыл алды да, Имам Ғазали айтқан «Пайғамбарымыз (сғс) айнасынан шыққан Нұрға» қосылды. Ол әлем діни тілде — мағрифат деп аталады. Сол әлем табалдырығын қалай аттадың, Расулдың (сғс) құлдық қызметі көрініс береді.
Шынында да ол әлемге тек «Жігерлілер» ғана қол жеткізеді. Көп сопылар тариқаттың «әшекей-үшекейлерін» көңілдеріне медеу тұтып, сол жерде қалып қояды. Ал «Жігерлілер» — Пайғамбарымызбен (сғс) бірге тыныстайды.
Бүткіл жаратылыстың Аллаға тасбих айтып, ғибадат жасап тұрғанын көреді. Сондай-ақ адамның жаратылысын таниды. Әр адамнан Пайғамбарымыздың (сғс) Нұрын, ол Нұрдан Алланы көреді. Қалай көреді, бүткіл жаратылыс өз әсемдігімен, өз табиғи-болмысымен, әмірге құлдық ұрған қызметімен айшықталады. Сол кезде кәпірге де азар беруге болмайтыны мәлім болады. Бұл таным қазақы түсінікте «Әруағын сыйлау» деп аталады.
Міне, Расул (сғс) адам баласына осы танымды ұғындыру үшін келді. Соған орай Ол ислам дінін қабылдау үшін өз алдына келген адамның рухын өзінің негізіне қосып берумен болды. Олар (сахабалар) өз негізіне қалай қосылды, табиғат тылсымымен үндесіп, бүткіл ғайып әлем құпиясын өз көздерімен көрді. Пайғамбарымызды (сғс) өлтіремін деп келген Хазреті Омар Расулдың (сғс) бір назарынан кейін-ақ тілін кәлимаға келтірді. Бір назармен адамзаттың абзалына айналды.
Қаперге алатын жәйт. Сахабалар дінді тариқат арқылы қабылдады. Олар өз биігіне ғибадаттары арқылы емес, Расул (сғс) әруағына (мағрифатқа) үндесу арқылы қол жеткізді. Өзге мұсылмандар ол биікке шариғат арқылы қадам жасайды. Сондықтан да олар қай ұстаздың, қай ғұламаның етегінен ұстаса да сахабалар деңгейіне жете алмайды. Себебі сахабалар Расулмен (сғс) бірге тұр. Бұл тұрғыда Имам Раббани хазреті бүй дейді:
«Пайғамбарларға тәсілім болу, солардың көрсеткен жолымен жүру адамдарды ең жоғарғы деңгейге көтереді. Жүректерін тазартқан адамдардың көрсеткен жолымен жүру адамдарды ең ұлық деңгейлерге көтереді. Хәзіреті Әбу Бакр Сыддық, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) артынан еруменен, Алланың досына бағынышты болуменен Алланың әмірлеріне тәсілім болуыменен, Аллаға құл болу бақытына ұмтылды. Соныменен Ол, Аллаға сенгендердің, иман келтіргендердің ішіндегі ең абзалы болды. Ал қарғысқа ұшыраған Әбу Жаһил, Аллаға бой ұсыну әмірлеріне, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әмірлеріне бой ұсыну, тәсілім болу мүмкіншілігін, өзінің нәпсісінің қалауларына айырбастағаны үшін, Алланың қарғысына ұшырағандардың ішіндегі ең наданы болды».
Яссауи бабамыз: «Кімдер үшін келді Расул — білдіңіз бе?» — дегенде, шексіз нығмет, пайда табатын «Жігерліні» қаперге алады. Соны ұққан, сол «Жігерлілер» қатарына қосылғандардың тура сахабалар тәрізді жолдары оңғарылатынын паш етіп, «Қияметте күлер күні» дейді.
Ал біз сол «Жігерлілер» қатарына қалай қосыламыз? Ол үшін Расулдың (сғс) кімдер үшін келгенін білуіміз керек. Білсек, «Жігерлілерді» танимыз. Таныған соң солар соңына ілессең жетіп жатыр. Бұл тұрғыда Сағди Ширази хазреті бүй дейді:
«Асхабы кәһфтің иті ізгілермен бірге болғандықтан үлкен абыройға қол жеткізді. Аты Құран Кәрімде және тарихта қалды. Лут Пайғамбардың әйелі болса, пасықтармен бірге болғандығы үшін күпірлікке тап болды».