ЖЫҢҒЫЛ ТАЯҚ (Әңгіме)

МАМАДИЯР ЖАКЫП-сайтка

Мамадияр ЖАҚЫП,
1938 жылы Арыс ауданы Байырқұм ауылында туған. ҚазМУ-ды бітірген, журналист. Еңбек жолын 1960 жылы «Семей таңы» газетінен бастаған. 1988 жылдан «Социалистік Қазақстан», (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет етіп келеді. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1982, 1996, 2005), «Құрмет» орденінің иегері. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының құрметті азаматы.

 

 

Кеш дейтіндей де тым кеш емес еді, әлі  автобустар жүріп жатқан кез. Ал таксиің таң атқанша жүреді ғой. Бәлкім,қалталары жұқарғаны да шығар, үш шал автобусқа мінуді ұйғарды. Оның үстіне баратын жерлері де алыс емес, тым асығып та бара жатқан жоқ, қайта бұған дейінгі көңілді әңгімелерін де жалғастырғаны жөн-ақ. Үшеуінің де  қалтасында тегін жүретін «оңай» кәртішкелері бар. Көп күттірмей автобус та келді. Өздері сияқты қалталары таксиді көтермейтін қауым өкілдері көліктің ішін толтырған екен, бос орындар көрінбеді.

– Үлкен кісілерге орын беріңіздер,  –  деген дауыс шықты.

– Бұл шалдар кештетіп қыдырғанша, үйлерінде отырмай ма? Желігіп жүрген шалдар түрегеп те тұратын шығар, –  деп күлді бір-бірімен үйіріліңкіреп топ құрап тұрғандардың біреуі.

– Әй, айналайын, сенен орын да, жөн де сұраған ешкім жоқ, жайыңа отырсайшы! –  деді үш шалдың ішіндегі пәкене бойлы Бақтыбай жылдам жауап қатып.

– Жайыңа отыр дейді. Ал отырмадық. Сонда не істейсіңдер? –  Әлгі сөздің иесі тобынан жарылып, жаңа кіргендерге қарай жүрді.

– Қой, айналайын, бұл атаң сөздің ретіне қарай айта салды ғой, көңіліңе алма, –  деп үш шалдың енді бірі Жоламан арашаға түскендей сөйледі. –  Болмайтын нәрсеге дауласпаңдар.

– Әй, Жолеке, сен жұмсартпа! Сонда бұлардың ақымақтығына үндемей қоя салуымыз керек пе? –  деп Бақаң өрекпіді. –  Бұл иттер өстіп құтыра бере ме?!

– Еще ақымақ дейді, еще құтырған иттер дейді. Мен бұл шалға көрсетейін кімнің құтырғанын! –  Әлгі неме Бақтыбайдың жағасынан ұстады. –  Кім құтырған ит?!

Дауға үшінші шал Мәукен араласты. Ол анау белсенділеу жігіттің Бақтыбайдың жағасындағы қолын қаттырақ қағып жіберді. Анау кәдімгідей ауырсынғандай қолын босатса да, бажылдап сөйлеуін тоқтатпай, өзінің серіктерін әрекетке де шақырды.

– Мынаусы еще қол жұмсайды, неғып тұрсыңдар-ей!

Топ орындарынан көтеріліп, шалдарға қарай қозғалды. Көлікте шу басталды.

– Что вы делаете?! –  деді орыстілділері.

– Оу, ағайындар, бұларың не?–  деп бір орта жастағы қазақ араға түсті. –  Басқалардан ұят емес пе? Қойыңыздар! Әй, жігіттер, сендерге не болған аталарыңмен жағаласып?! Құдайдан қорықпайсыңдар ма?

Автобус тоқтап, жүргізуші де келді.

– Неге тәртіп бұзып, шулап жатырсыңдар? Қоймасаңдар, бәріңді түгел тура полицияның үйіне апарып тапсырам! –  деді ол. Сөйтсе де ешкімнің жауабын күтпей, қайта орнына отырып, көлігін жүргізді.

– Әй, ағайындар, үлкендерің үлкендіктеріңді білдіріп, ал жастар үлкендерді сыйлап, сабырға келіңдер, –  деді әлгіндегі араға түскен азамат. –  Қарап тұрған мына жұрттан ұят-ты. Қазақтың шалдары мен жастарының ғайбаттасқанына күледі ғой олар. Намысты ойласаңдаршы!

– Аталар, мына орынға отырыңыздар! –  деп бір-екі адам орындарын босатты.

– Рақмет, айналайындар! Біз отырмаймыз, келесі аялдамадан түсеміз, –  деді Жоламан шал оларға ризашылық көңілін білдіріп. –  Өркендерің өссін!

Жолекеңнің бұл сөзі басқалардан гөрі анау дәукес топқа әсер еткендей, олар өзара күжіктесіп, ақыры сыртқа шығуға бейімделе бастады.

Әлгі сабырға шақырған азамат әлде бір абыржығандай кейіппен Мәукеңе жақындап, сыбырлай сөйледі.

– Мыналар да түспек, сіздерге тиіспек-ау, байқаңыздаршы. Бұлар –  бұзақы топ.

– Ескерткеніңізге рақмет, бауырым. Қайтеміз, көре жатамыз да.

Шынында да солай болып шықты. Түскеннен кейін-ақ олар алдарын кескестеді. Жастар –  төртеу, шалдар –  үшеу.

– Иә, ақсақалдар, қалай қарай жүресіздер, шығарып салайық, –  деді сол баяғы белсенділеуі сөз бастап.

– Әй, шырағым, сендер бізге тиіспесеңдерші. Күштерің тасып бара жатса, өздеріңдей жастар бар емес пе?

Мұны айтқан Мәукен шал.

– Тиіскен біз емес, өздерің! Ақымақ дедіңдер ме, құтырған ит дедіңдер ме, ал өзің менің қолымды қатты қақтың. Тіпті осыларың үшін жауап бермейсіңдер ме?

– Әй, жігіттер, әкелеріңдей, аталарыңдай адамдармыз. Артық кетсек, бізді кешіріңдер…

– Әй, Жолеке, осы неге сен бұл бұзақыларға жалынасың?! Өлтірсе –  өлерміз. Бұл жосықсыздардан кешірім сұрама! –   деп Бақтыбай Жоламанға ренжіді.

Аялдамадағы адамдар көлікке мінді, енді ешкім жоқ. Ал өздерін әкелген автобус әлі жүрмей тұр. Сірә, әлгі көлік ішінде арашашы болған азамат оны тоқтатып тұр-ау. Ал мыналар соның кетуін күтендей. Солай да екен, автобус қозғалысымен әлгі топтың белсендісі Бақаңа тұра ұмтылды. Анау аралас жекпе-жекте қарсыласының мойнын төмен басып, тұмсығын тіземен тебетін әдісті қолданып та үлгеріп, шалды бүре түскен. Ойланып жататын уақыт жоқ, Мәукен сол  Бақаңның үстіне мініп үлгерген кеспелтек денелі немені қолындағы таяғымен бар пәрменімен салып өтті. Баж еткен дауыс шықты. Осы сәтте Мәукен өзіне бөлінген басқа бір жосықсыздың барлығын аңғарды. Ол алдымен таяққа жармасып, оны тартып алғысы келіп еді, біржағы оның білекке ілген бауы бар, сонан  соң екінші қолымен де қарманып, Мәукен шал құралынан айрыла қоймады. Қайта, әлгі неме басқа бір әрекетке көшпек болып, таяғын босатқан сәтте, аяйтын да, аянатын да не қалды, ол сол таяқпен басты көздеп сілтеп  жіберді. Ал анау басын жасқап үлгерсе де, таяқ оң қолға және оң иыққа  жақсы-ақ тиді-ау, тайқып шыға берді.

Басқа жаққа назар аударуға енді ғана мұршасы келген Мәукең әлгінде өзінің таяғынан талаурап қалған немені Бақтыбай тепкілеп жатқанын көрді. Ал сорайған Жоламан қорбалаңдап, «Қойсайшы-ей, қойсайшы-ей» деп бір кішірек жігітке жалынып, бас сауғалап жүр екен, Мәукең анау бұзақының сыртынан барып, бұл жолы басты көздеуге қолы бармай, аяғы да жетер деп, сирағынан салып жіберді. Анау неме бақырып, шойнаң етіп отыра кетті. Мәукен шалдың енді бір аңғарғаны сол бұзықтардың төртіншісімен әлгінде автобус ішінде арашасы болған азамат  ұстасып жүр. Егер  ол бос болып,  мыналармен бірге  өздеріне тиіскенде, қайтер еді? Дәл қазір мыналардың ішінде өзінің жыңғыл таяғының дәмін татпаған сол ғана. Мәукең солай қарай беттеді.

Бірақ ол ойын жүзеге асыра алмады. Аяқ астынан полиция мәшинесі айқайлап жетіп, ішінен бірнеше адам сау етіп жерге түсті.

Сірә, оларды әлгінде біраз жүрмей кідірген автобус жүргізушісі шақырған-ау.

– Тоқтаңдар! Не боп жатыр?!

Мәшиненің айқайынан кейін онсыз да бәрі тоқтаған.

– Кім кімге тиісті? –  деді полицейлердің үлкені.

– Міне, мына бір жатқан неме менің мұрнымды бұзды, тісімді сындырды, –  деп Жоламан жылдамдық танытып, алдымен шағынды. –  Бұл иттерді аяусыз жазалау керек!

Аналардың да белсендісі тіл қатты.

– Мені анаусы сойылмен соқты, онан соң мынаусы ішімнен тепті, –  деді ол ыңырсып. –  Тұра алмаймын…

– Сендей атаңа нәлетке бұл аз, –  деді Бақтыбай шал әлі де ентігін баса алмай. – Сендей иттерді сою керек.

– Ақсақал, ақсақал, сабыр, сабыр, ашуға бармаңыз…

– Егер мына Мәукең оны таяқпен ұрып тоқтатпағанда, менің мойнымды үзер еді, –  деді Бақаң. – Тізесімен тепкен тұмсық –  мынау. Қан жоса. Сендер келмегенде, оның жазасын өзім-ақ берер ем…

– Сонда кімді кім ұрған?  Жастар үлкендерді ме, жоқ үлкендер жастарды ма?

– Олар бізге тиіскен соң, біз амалсыз қорғаныс әрекетке көштік. Үшеуіне менің таяғым тиді-ау. Төртіншісіне үлгермедім –  өздерің келіп  қалдыңдар.

Мұны айтқан Мәукен шал.

– Сонда: аналардың үшеуі, сіздерден екеу таяқ жепті, еселеріңізді жібермепсіздер, –  деді полицейлердің жетекшісі сөзіне әзіл қосып. –  Молодец, ақсақалдар.

– Мұны әзілге айналдырмайық, алдымен шындыққа жетейік, –  деді әлгінде араға түскен азамат. – Тиіскен –  солар, айыпты –  солар. Мен қақтығысты басынан көрдім. Автобуста тиісті. Осы кісілер түскен аялдамадан бұларға тиісу үшін олар да түсті. Бұл кісілер тек қорғанды.

– Онда әңгіме былай: барлықтарыңыз да бөлімшеге жүресіздер. Сонда кімнің айыпты екенін айқындаймыз, –  деді полиция адамы. –  Куәгер ретінде сіз де жүресіз.

– Барғанда, мен мына ағаларыма қиянат жасалмасын деп қана барам…

– Әй, айналайындар, алдымен бізді анау емханаларыңа апарыңдар, мынау жарамызды таңып берсін, ем жасасын! –  Жоламан шал тұмсығын полиция адамы мұрнының алдына тосты. –  Үйімізге соғысқа қатысқандай, қызыл ала қан болып бармайық.

Сол емханасына да, полиция бөлімшесіне де барғандары, әсіресе, шалдарды әбден шаршатып, айтарлықтай сансыратқан. Біразы –  орынсыз жүріс. Әсіресе полиция бөлімшесіндегі әне бір тергеуші Мәукеннің зықысын алды. Болмайтын нәрсені сұрайды. Ақырында «заттық дәлел» ретінде таяғыңызды алып қаламыз дегенде, шыдамы таусылып, дауысын көтерген.

– Әй, туысқан, бұл таяқ менің сүйеніп жүретін құралым. Үйіме мені сен арқалап апармайсың, осы таяққа сүйеніп барам. Көп сандалма!

Түсініктеме жазыңдар деп тағы да біраз әуреледі.

– Әй, айналайындар, мына уақытқа қарасаңдаршы, түн жарым! Ертең-ақ жазып әкелейік, –  деді Бақаң.

– Жоқ, болмайды! Қазір жазасыздар.

– Енді мен бүгін жазбаймын! –  деді Мәукен шал. –  Құдіретің жетсе, осындағы бір түрмеңе қамарсың.

– Сіздерді ешкім қамайын деп отырған жоқ…

– Жазып бере салайық та, –  деді Жоламан шал.

– Жазып бер, осында қонып шық! Ал менің уақытым жоқ. Бұларда да бір сөз ұғатындары бар шығар. Ертең соларымен сөйлесерміз. –  Мәукең тергеушіге бұрылды. –  Ал, туысқан,  ана бұзақылар туралы мәліметтерді кейін өзіңнен алам. Олардың біреулері жауапкершіліктен шет қалса, ренжісеміз. Бұл іске ақпарат құралдары да араласады.

Ақыры бұлар түсініктемені ертең әкелуге тоқтасты.

– Аға, сіз журналист Мұсаев емеспісіз? –  деді сыртқа шыққан соң әлгінде өздеріне арашашы болған азамат.

– Иә, солмын.

– Оқып жүрдік қой. Бұрын көрмеген соң, бірден танымадық. Ал енді мыналардың біреуінің әкесі мықтылардан. Қолы ұзын. Байқаңыздар.

– Ескерткеніңе рақмет. Кейін әңгімелесе жатармыз. Бүгін кеш. –  Мәукен оған визиткасын ұсынды. –  Хабарласуды ұмытпа.

Уақыт біраз болып қалса да, шалдар бірге отырып, шәй ішуді ұйғарды. Әдеттегідей отырыс Мәукеңнің үйінде өтті. Әжептәуір үрейленіп қалған кемпірлер де келді.

– Бұларың не? –  деді алдымен Мәукеңнің бәйбішесі Айбарша. –  Бала-шағаның үрейін алып… Жастармен төбелескендерің не?

– Айеке, сен бізге ұрыспа! Біз бүгін үлкен шаруа тындырдық. Жүгенсіз кеткен бір бұзықтарды тәубесіне келтірдік. Ал енді, Айеке, сенің мына шалың бар ғой, нағыз ер еркек екен. Жалғыз өзі үш бұзақыны сұлатып салды ғой қолындағы таяғымен. Әй, Мәуке, қайда сол таяқ?  Әкелші, мен сол құдіретті таяқты сүйейін. –  Шынында Бақтыбай ауыз үйден Мәукеннің таяғын алып келіп, қайта сөйлеп кетті. –  Бұл алтын таяқ қой! Осы таяқ болмағанда, біз сол  тентектерден оңбай таяқ жеп, бәлкім, осы үйде отырмай, ауруханада жатар ма  едік, кім білсін. Мәуке, бұл өзі қандай ағаш?

– Кәдімгі жыңғыл ғой.

– Айналайын қазақтың қасиетті жыңғылы! Біз саған қарыздармыз! –  Бақаң оны жоғары көтеріп, еппен сүйді. – Сен бізді ғана емес, қазақты да қорғадың.

– Байғұс-ау, сен өзің не бітірдің? –  деді сол Бақтыбайдың кемпірі Мәрзия.

– Сенің жаман шалың да есесін жіберген жоқ! –  деді Бақаң шалқи сөйледі. –  Мен солардың атаманымен айқастым. Рас, ол жас  неме алғашында менің мойнымды бұрап, жығып салып, ұра бастап еді, бір уақытта «ойбай!» деп менің үстімнен ауып түсті ғой. Сөйтсем, оған Мәукеңнің жыңғыл таяғы тиген екен. Одан кейін ол итті несіне аяйын, ішінен бір-екі рет теуіп, ішегін шығара жаздағанда, «көкетай, ұрмашы» дегіздім емес пе?!

– Сен ше? –  деді Жоламанның бәйбішесі Жұпар олардың сол ерлігінен үлес алғысы келгендей шалына қарап.

– Қой, біз ұрғанымызды айта бермейік. Оның ертең өзімізге қырсығы тиюі мүмкін, –  деп ақталды Жолекең. –  Біреуінің омыртқасын сындыра жаздап, біреуінің мойнын үзе жаздап, тағы біреуінің аяғын сындырғандаймыз. Соны кінә етіп тақса, қайтеміз?!

– Сірә, Жолеке, әне бір кішкентай баладан қашқаның үшін саған ешкім кінә таға қоймас, –  деді Бақаң. –  Ал мені анау  иттің ішіне теуіп, оның ішегін  үзіпсің деп кінәласа, оны қуана қабылдаймын. Біз, жетесіз иттерге қарсы тұрдық. Қорғанып қана қойғанымыз жоқ, ол иттерді жазаладық та!

– Жарайды, бүгінге осы мақтанғанымыз да жетер, енді демалғанымыз жөн шығар. Ертең  сағат он бірде түсініктемелерімізді тапсырамыз.

Мәукеңнің бұлай тоқтамды сөз айтуы –  оның аналардан үш-төрт айлық үлкендігі бар, олар мұны тыңдайды. Тәртіп солай.

Сол түсініктемені жазу да Мәукеңнің біраз уақытын алды. Тіпті жатқанша да біраз түртіп тастаған. Сонан соң, ерте тұрып, әжептәуір отырды. Бұл өзі бір жағы мақалаға да ұқсап кеткендей-ау. Анау тергеуші де соны айтқан.

– Сіз мақала жазып әкеліпсіз ғой.

– Енді қолдан келгені сол.

– Шешім де шығарыпсыз. Ал үкімді сот шығарады.

– Менен түсініктеме жазу жөнінен емтихан алма. Бәлкім ертең осы екеуіміздің әңгімеміз туралы да жазармыз…

– Иә, сіз журналист екенсіз ғой. Ардагер журналист! Бірақ, жазам деп қорқытпаңыз. Оныңыз құқық қорғау адамдарына қысымшылық ретінде қабылдануы мүмкін…

– Қорқу-қорықпау өз шаруаң, ал менің өз пікірімді айтуға ешкім тосқауыл жасай алмайды.

Бұлардың әңгімесі ұзаққа созылмады. Оны түсіністік деуге де,  артық дауға бармады деуге де болар. Бірақ Мәукең сол мекеменің бір басшысына жолығып, жағдайды түсіндіруді жөн көрген. Үлесіне басшының орынбасары тиді. Жүзінде жылылық бар екен, соны жоғалтпай сөйлесті.

– Бұл іс аяқсыз қалмаса деймін. Маған ғана емес, бұл іс қазаққа, қазақтың дәстүріне қатысты. Балалар шалдарды сабағысы келеді. Мұндайды кім естіген?! Қайда кетіп барамыз. Ұлтымыз өше ме? Дәстүріміз өлген бе? Ондай ел кімге керек?..

– Бақылаймын, аға. Бізден бұралаңсыз өтеді. Аржағын қадағаларсыз. Хабарласып тұрамыз ғой.

Жалпы бұдан кейін хабарласқандар көбейді. Алдымен Айбардың әкесі хабарласты. Айбарымыз кешегі бұзақылар тобының белсендісі, атаманы екен.

– Менің сізбен сөйлескім келеді, –  деді ол аса бір байыпты байсалдылықпен. – Мен кешегі мазаларыңызды алған балалардың бірінің әкесімін. Алдымен сол балалардың әбес істері үшін өздеріңізден кешірім сұраймын. Алдыңа жығылса, әкеңнің құнын кеш деген бар, алдыңызға жығылмақ оймен хабарласып отырмын. Қабылдасаңыз, қай жерге шақырсаңыз да барамын…

– Кешірім сұрағаныңа рақмет. Бірақ менің  өздеріңмен кездесуге зауқым соғып тұрған жоқ. Арамызда  не әңгіме болуы мүмкін? Ал кінәласуды ұнатпаймын. Ондаймен айналысатын орындар бар ғой… Солар байыбына жетер.

Хабарласушы бірақ райынан қайтпайтынын  аңғартты.

– Ойыңызды  түсінем ғой. Сөйтсе де, анау жолдастарыңызбен бір оңашалау жайлы жерде шәй ішіп отырып әңгімелессек деп едім. Қазақпыз ғой…

– Оңған қазақ емеспіз-ау…

– Енді бір жағымыз оңбай жатса, екінші жағымыз түзетсе дейміз де, аға. Түсіністікпен қарайықшы… Өзіңізде де бала бар шығар…

– Осындай әрекетке барса, сол балаларымдытүрмеге өзім апарып жаптырар едім…

– Қатал екенсіз.

– Қаталдықты кім біледі, ұятым бар.

– Кешіріңіз, ең болмаса, бір-бірімізді көріп, кім екенімізді білу үшін де бір сәтке жолығуға болмас па?..

Бір жағы оны көруге қызығушылық та болды ма, Мәукен шалдың кездескісі де келді.

– Онда, былай етейік. Менің үйіме жақын Ганди паркіне кел. Жамбыл мен Гагариннің қиылысында. Батыс жағында шағын дөңгелек алаң бар. Адам аз жер…

Мәукен үйінен кідірмей шықса да, ол бұрын келіпті. Барынша ілтипат білдіріп кездесті. Ұсынған қолына қос қолдап жармасты.

– Байқаймын, менің аты-жөніме қанық сияқтысың, сөйтсе де мағлұмат алмасайық, –  Мәукен визиткасын ұсынды. Ондағы ойы –  оның да визиткасын алу еді. Ол оп-оңай жүзеге асты.

– Сіз жайында бұрын да естігенмін ғой, бірақ мынадай жағдайда жолығам деп ойламап едім…

– Артық әңгіменің керегі жоқ, нақтысына көшейік, –  деді Мәукен орындыққа отырмай түрегеп тұрып. –  Мен қанқұмар да, қатыгез де адам емеспін. Қалай да өш алуды да ойлап жүргенім жоқ. Содан да келісімге келу мәселесін де сөз етпейік.  Әділдікке жүгінейік. Сірә,  бұл сол балалардың өздеріне пайдалы шығар. Адамдар азғындаған екен, сөзін сот айтсын. Балаларының аталарының жағасынан алғаны қазақтың өлгені шығар. Сол мақұлықтарды ақтап, яғни оларға кешірім жасап, мен қазақты бауыздауға қатысым жоқ.

– Мен де сол балаларды ақтайын деп отырғаным жоқ. Солардың қасиетсіз ісі үшін сізден, сіздің достарыңыздан кешірім сұрауға келіп тұрмын. Құрғақ қасық ауыз жыртады болмас үшін мына бір ырымды қабылдасаңыз…

Ол қалтасынан конверт шығарып, өзіне ұсынды.

– Мен ол конвертке сыймаймын-ау… – Мәукен әлгі алған визиткасына қарап, оның атын атады. – Құрақбай, сен мені де, қазақты да тым қорлама.

Ұсынғаны қабылданбай, созылған қолдың ауада қалқып қалғаны қиын екен. Оны сол Құрақбай да, тіпті Мәукеннің өзі де қатты сезінген. Амал жоқ, бұл олардың кім екендіктерін де аңғартқандай еді. Осындай қолайсыздықтан Құрақбайдың сөзі алып шықты.

– Аға,кеше жосықсыздарды жазаға тартқан мынау таяғыңыз ба? –  деді ол назарды соған аудартып.

– Иә. Басқадай амал болмады.

– Осы таяқпен мені де жотамнан бір осып өтсеңіз, әділдік болар еді.

– Соны түсінген адамды ұрған қиянат болар. Бұл таяқ қиянатқа бармайды.

Дегенде, Мәукен шал Құрақбайдың әлгі сөзіне тұшынды. Конверттен гөрі осы таяқтың салмақтырақ екенін аңғартып отыр.

– Сізді әурелегенім үшін кешіріңіз, аға. Тағдыр жақындатқанда, арқаланып-ақ жүретін адам екенсіз, қайтейік, тағдыр оны бізге жазбапты.

Ол қолын ұсынды. Конвертсіз. Мәукен қолын қысты.

Достардан алғашқылардың бірі болып Төкен хабарласты.

– Оу, Мәукен, хал қалай?

– Қалыпты.

– Енді бұл қазақ хал сұрағаннан кейін, соны міндетсініп, бұйымтайын айтады. Сен өзің жастармен айқасып, біразын таяққа жығыпсың ғой, саған мұндай батырлық кімнен дарыған? Тегіңде батырлар бар ма еді? –  Құрдастығын алға тосып,ол біраз жерге барды. –  Енді сол сенің таяғыңа жығылғандардың біреуі анау біздің Жұрын көкеміздің жиені болып шықты ғой. Сол кісі: «Мәкең сенің досың емес пе еді, сөзің өтсе, айтсай! –  дейді. –  Мәкеңнің өзі таяқ жемепті, сол істі созбай-ақ, қазақы жолмен қысқарта салса, қайтеді? Ақсақалдар келіссе, қалғанын анау орындармен келісе жатар едік. Мәкеңнің өзіне сый-сыяпатымыз болады» дейді. «Айтайын» дедім.

– Әй, Төке, сендердің сол менен  таяқ жеген жиендерің бүкіл қазақты, ішінде сен де барсың, мен де бармын, ұрып жықты ғой. Сол қазаққа жаның ашымай ма?

– Жарайды, Мәке. Сөзім өтпеді дермін.

Өкпесін аңғартады. Анау жексұрындарын айыптамайды, сені айыптайды бұл қазақтар!

Сол Төкеннің әңгімесінің бітуін күтіп тұрғандай, астанадан Мырзантай хабарласты.  Әй бір жігіттің шын мәніндегі сұлтаны! Болдым, толдым деп кішкентай кеуде көтеру жоқ, депутат емес-ау, сол баяғы совхоздың бас маманы, онан парторгі кезіндегі кішіпейілділігінен айнымаған күйі. Алматыға келсе, қат-қабат шаруасынан бір үзіліс тауып, амандасуға келуді парыз санайды. Өзіне ешқандай кіріптарлығы да жоқ. Жерлестік дегенде, бұрын оны білмей келіп, сол азаматтық биікке өзі көтерілген соң ғана, жігіт болса, осындай-ақ болсын деп  бір-екі мақала жазғаны бар. Қаншама уақыт өтсе де, сыйластыққа сызат түспеген.

– Мәке аға! Мырзантайың! Амандықты білу үшін арнайы барып сәлем  берем ғой. Әзірге сол әдеттен айныған жоқпын. Бұл жолы басқа бір жай килігіп тұр. Бір коллегам өтініш айтады, оған басқалар өтініш айтса керек: Мәукеңе бір жас балалар тиіссе керек, соларды бір жолға кешіре салса дейді. Ол не жай?

– Біз жетпіс бестен асқан үш шал едік. Бір бұзықтар тиісті. Екі шал таяқ жеді. Мен аманмын. Соларды кешірейін бе, Мырзан?

– Атамаңыз!

Иә, Мырзантай солай деді.

Мәлғаждар көкесі, академик, әңгімесін орағытып бастады:

– Анау Сұлтан сұрады: «Анау  Мәукен інің сенің сөзіңді тыңдай ма?» деді. «Тыңдайды» дедім. «Онда оған айт: бір жолға балалардың бір балалығын кешіре салсын да» деді. «Айтайын» дедім.

– Сонда, бір бұзақы топтың мені және өзіңіз білетін менің достарым Бақтыбай мен Жоламанды сабанын жөн санайсыз ба?

– Қойшы-ы!

– Ал мен жөн санамаймын.

Осы тақылеттес әңгімелер біразға созылған. Садық, Жұмаш, Өтеген, Әмірбек, Хамит… Сірә, Мәукен Мұсаевтың сыйлас-достарын әжептәуір зерттеген-ау. Бәлкім, бұл тізімге кірген біраз адам өзіне  хабарласпаған да шығар.

Оларды қойшы, өзіне қаттырақ тигені –  Жоламанның әңгімесі. Өзі ғана емес, аналар Бақтыбай мен Жоламанды да айналдырыпты. Бақтыбай  райынан қайтпаған. Ал, Жоламан…

– Осы, Мәке, осы бір дауды қойсақ қайтеді? –  деді.

– Сені қаттырақ ұрмағаны үшін бе?

– Енді ұрса, ауырған жер жазылды. Оның үстіне біраз таныс адамдар өтініш айтады…

– Олар сені ұрғандарға іштарта ма? Солардың сөзін қайтіп тыңдайсың?

– Енді өйтіп қазбалай берсек, әрине, жастардың әрекеті ақылға сыймайды. Оларды  ешкім ақтамайды. Сол өтініш айтатындар да…

– Әй, Жолеке, мен таяқ жегенім жоқ, бірақ сол иттердің менің екі досыма, қазақтың болмысына қол көтергенін кешпеймін. Өзің арызыңды қайтып алуыңа болады. Ал мен сол мақұлықтарды жазалау жағындамын. Ең болмаса, басқаларға сабақ үшін. Сені жұмсағандарға айт: анау Мәукен адам сыйлаудан қалыпты, көнбейді де. Сонда олар сенің бейшаралығыңа өкпелемейді.

– Сен, Мәке, өйтпесейші…

– Менің  әңгімем таусылды, –  деді Мәукен шал.

Бірақ басқалармен әңгімесі әлі таусылмапты. Күтпегені –  әлгі бұзақылардың адвокаты. Сөзінде зіл бар. Сескендірмек.

– Мен сізбен  алдымен өзіңіздің пайдаңыз үшін сөйлеспекпін.

– Алдымен аты-жөніңді айтшы.

– Оның не қажеті бар?

– Анау малғұндарды қандай малғұндар қорғамақ екенін білгеніміз жөн-ау.

– Мұндай сөзіңіз үшін жауап беретініңізді білесіз бе?

– Әй, айналайын, қолыңнан келсе, аспаныңды тастап жібер.

Сірә, қалайда сөйлесу және біраз қорқыту, қалайда ымыраға келуге мәжбүрлеу жөнінде нұсқау алған-ау,  әлгіндей қатқылдау сөзден кейін де ол әңгімесін жалғастырды.

– Жарайды, аты-жөнім –  Досан Жапаров. Сіздің пайдаңыз дегенде,менің қорғалушыларым қандай жаза алған күнде де, сіз де жазасыз қалмайсыз-ау –  үш адамды қатты жарақаттағансыз. Олар емделіп жатыр.

– Ал мен оларды жеңілдеу жазаладым ба деп өкініп жүрмін.

– Өйтіп кекетпеңіз. Заңның алдында жұрттың бәрі бірдей. Біреуді, ол кім болса да, жарақаттаған екенсіз, жауап бересіз…

– Сонда сол иттердің өздерінің атасындай жазықсыз адамдарды талағанына мен бейжай қарап тұруым керек пе, сеніңше?

– Әңгімені ұзаққа созбайық: тоқ етері –  екі жақтың келісімімен істі тоқтатар болсақ, сізге де айып тағылмайды.

– Сонда сенде, сені жағалағандарда ұят дегеннен жұғын қалмаған ба?

– Сіздің жасыңызды ескеріп, жақсылық жасайық десек, оны түсінбейсіз…

– Сендейлер жүргенде заман қайтіп оңсын! –  Мәукен шал, жиіркенгендей бетін тыжырайтты. – Қазақтың сорысыңдар ғой. Қазақ өлмей қайтсін!

Адвокат одан әрі дауласуға бармады. Мына шал, қорықпақ түгілі сескенетін түрі жоқ.

Мұндай әңгімелер кейінірек Мәукеңді жалықтыра бастағандай да еді. «Әй, қойыңдаршы!» дегенге де барған. Соның өзін олар әрқалай бағалаған. Біреулері оны біржола қатыгездікке бекінген екен деп те ұқты.

Дегенде, ол бұл әңгімелерден адамдардың тым ұсақтап кеткендерін аңғарған. Ластау нәрселерге де беделін салады. Қаймықпайды. Ұятын жоғалтудан қорықпайды. Содан шошынған. Соңғы кезде сол анау бұзақы мақұлықтардың жан шошырлық әрекеттерінен гөрі әжептәуір аты бар біреулердің соларға ара түскені қинаған. Қазақ,  қайда барасың?!

Адамдардың ұсақтығынан шаршады. Тіпті осында менің нем бер еді деп, жол ортада тастай да салғысы келген сәт болды-ау. Бірақ онда анау ұсақтардың дегені болып, өзіне күлетіндей көрініп, аяғына жеткізуге тоқтаған.

Қарап тұрсаң, бәрі де ап-айқын. Іс неге осынша созылады? Әлі де сотқа өтпепті. Әнеугі полициядағы  жүзі жылы жігітке де бір жолығып, осы жайын сұраған.

– Сірә, олар сізден аса алмай жүр-ау, –  деп күлген ол.

– Аса алмайтын несі бар, заң бар емес пе?

– Бар ғой. Сол заңда бір қылмысты әртүрлі жазалауға  болады: қатаңдауы, жұмсақтауы бар. Жұмсақтауын беруге –  сізден аса алмайды, газетке жазып, масқара етеді деп қорқады.  Қатаңдауын беруге әлгі бұзақылардың қорғаушылары да осал емес. Сөйтіп қиналып жатқан шығар…

Арада біраз күн өткен соң, істің сотқа өткенін біліп, сол сотына да барған. Бұл өзі заңға да томпақтау. Оны сотқа  ықпал жасады деп пайымдауға болатын көрінеді.  Жасын сыйлады ма, жолын сыйлады ма, өзінің кім екенін біліп тұрып, қабылдады. Жылы амандасты.

– Журналистермен кездескенде, ойыма Нури Муфтах оралады, –  деді ол.

– Замандас едік қой, жақсы араластық, бірге де жүрдік…

– Солай ма?! Біз ол жайында аңыз-әңгіме ғана естідік. Заңды заңгерлерден жақсы біледі екен дейді жұрт.

– Тірі болғанда, өзіңе соны жұмсар едік қой, –  деді Мәукең.

– Өзіңізді де түсінеміз ғой…

– Түсінгенде, жасымыздың да біразға келіп қалғаны ма, мен өзі осы істен қатты шаршадым. Ең  алдымен осы жұрттың әңгімесінен. Соләңгімеден қашып, қаладан кетіп, біраз күн ауылға барып демалсам деймін. Мына сотыңа қатыса алмаймын-ау…

– Іспен танысып жатырмын, –  деді сот. – Сіздің түсініктемеңізді де оқыдым.  Ашыныңқырап жазыпсыз. Қайтеміз… Заман өзгерді. Дәстүрімізді сыйлаудан да қалып барамыз. Әрине, бәрін заманға жабуға  болмайды. Бәрін салмақтап, заңға жүгінеміз ғой.

– Қатты не жеңіл жазалаңдар деп отырғаным жоқ, –  деді Мәукен шал. –  Әділі керек қой,

Сот орнынан тұрды.

– Сол әділіне барамыз, –  деді ол күлімсіреп тұрып. –  Ал анау демалу жайы өзіңіздің шаруаңыз. Айтқан жерден аулақ, ауырып қалсаңыз да сотқа қатыса алмас едіңіз ғой.  Жақсылап демалыңыз, аға. Мүмкін кейін кездесерміз, Нұри Муфтах туралы әңгіме айтарсыз.

Ол қолын ұсынды. Алақаны жып-жылы сияқты.

Бұл кездесуден біртүрлі жеңілденіп шықты. Енді көңілді жаншитын әңгімелерден құтылатындай көрінген.  Соңғы кезде тым кінәмшіл болып кеттім бе деген ой да қажай берген. Кешегі заман, кешегі қауым жоқ. Үлкенмін ғой деп ересегің тартынбайды, жаспын деп қымсынып жатқан оларың жоқ. Әркім өз дегенімен жүреді. Ал ауылда жұғын қалған ғой. Ең болмаса, сиреңкіреп қалған шалдармен бірге біраз күн ажық-күжік әңгімелесіп, преферансты ермек қылған да артық ойдан арылтатындай. Мынау  сот дегені біткеннен кейін бір-ақ келмек. Ауылда Жұмашы бар, барлық жағдайды жасайды.

Үйге келген соң, Бақтыбаймен хабарласты.

– Оу, Бақа, мен ертең ауылға жүрем. Шаршадым. Азырақ демалып қайтам.

– Анау сотымыз бар емес пе?

– Бар болғанда, қатысу міндетті емес сияқты. Сөйлеу керек болып жатса, өзің сөйлерсің мені қорғап…

– Сені қорғайтындай, саған айып тағып, оларды жын ұрған ба? Анау ақымақ адвокаттікі далбаса ғой. Ал сөйлеу қажет болса, соны да айтам…

– Бақа, дегенде, сен тым қатты кетпе. Бұл шалдар беймаза екен деп ойламасын да. Онсыз да біраз өрекпідік. Жолекеңе де айтып қой, аналарға ара түсіп құдай ұрмасын. Ол өзі менімен әңгімелесуден қашқалақтап жүр.

… Үш шал. Көбіне бірге жүреді. Сонысын басқалар әңгіме қылады. Қызығады. Расында өздері де көптің бірі емес. Өз орындары бар адамдар. Бірі –  белгілі қаламгер, екіншісі –  профессор, үшіншісі –  кезінде басшы да болған, сөзіне жұрт тоқтаған азамат. Үшеуінің мінезі үш түрлі. Келіспей де жататыны бар. Сөйтсе де тез табысады. Сірә, бірінде жоғы екіншісінен табылып, кемдіктерін толтырып, бір тұтасқа айналғанда, басқалар қызыққандай бір тұлға пайда болғандай көрінер еді. Жұрт бұларды айырмайды да. Той-томалақ, кештерге бірге шақырады. Олардың достығын сылайды. Туыс-жақындары да, оларды бірдей көреді. Сол ортақ өмірге өздері де бейімделгендей, бір-бірлерінің ойларын да айтпай ұғады. Бақтыбай дос Мәукеңнің демалып қайтпақ ойының түп-тамырын бірден түсінген. Оны әркімнің әңгімелері мазалап, шаршатқанын аңғарып та жүрген.

– Барып, демалып қайт, –  деді Бақаң.

Мәукең ертесіне жүріп кеткен.

Бұл адамды қойсайшы, арада апта өткенде, ол ауылдың бейқам өмірінен жалығып, қаланың аласапыран өмірін сағына бастаған. Басқасын айтпағанда, үш шал әр аптада бір рет бірге сыртқа шығып, қаланың өздеріне ыстық көрінетін аймақтарын аралар еді. Онан кейін  аптасына бір күн бөлетін преферанс ермектері бар. Онан соң осы үш шалға жұрт та құмар: тойларды былай қойғанда, мәдени шараларға, кездесулерге, кештерге шақырады. Ауылда оның бірі жоқ. Өмірден сырт қалғандайсың.

Сөйтсе де  қаладан хабарсыз емес. Балалардың хабарласуы өз алдына, анау Бақтыбайдың өзі де жиі сөйлесіп, есеп беріп отырады. Тіпті оған да өзінің жоқтығы әжептәуір бататындай. Сот өткеннен кейін-ақ, енді сенің мазаңды алатын мәселе жоқ, қайтсайшы дегенді айтқан. Сол сот демекші, Бақаңның сөз саптасына қарғанда, ол да ойдағыдай өткен сыңайлы. Екі жақ та разы көрінеді. Екі жақ дегенде, бір жақтың туын Бақтыбай шал көтеріп жүр: «Біз кекшіл, қатыгез емеспіз ғой» деген сөзіне қарағанда, ана жаққа шамалы жеңілдік жасалған-ау.

Сол Бақаң ғана емес, балалар да, тіпті кемпірі де өзінің қайтқанын қалайтындай көрінген соң, ауылдағылардың әлі біраз демалмайсың ба дегеніне қарамай, жолға  шыққан. Қарт көңіл ғой, балалар да сағынып қалғандай. Алдымен  Айбарша бәйбішесі таңдандырды. Біртүрлі көңілді. Өзін тым сағынып, келгеніне қуанып тұр дейтін де емес, жастық шақтың алып-ұшпа сезімдерінің келмеске кеткені белгілі. Басқа бір жай. Не?

– Мына таяғың әдемі екен ғой, –  деді бәйбішесі қолына қарап.

Мәукеңнің бір ермегі бар –  ауылға барғанда бір таяқ жасап әкеледі. Ол тұт ағашынан, жай талдан, сондай-ақ жиде ағаштан, жыңғылдан болар –  әйтеуір біреуін алып келеді. Кейде алдыртады да. Сөйтіп үйде біраз таяқ жиналып та қалады. Біразын достарына да үлестіреді. Соның ішінде жыңғылдан, жиде ағаштан жасалғандарын «сатады». Сатқанда, бұл таяқтар мықтылығымен қаруға парапар, ал қаруды жақынға, достарға сыйламайды деген уәж алға тосылады. Сатқанда, сол алғандар ырымын жасайды: біреулер екі жүз теңге, бес жүз теңге, мың теңге беріп жатады. Рас, анау Сәкеннің досынан ескерткіш қой деп, бес мың теңге бергенінен кейін сол таяқтардың бағасы өскен. Ал өзінің таяқ ұстауы –  негізінен әдеті. Әнебір жылы аяғын ауыртып алып, сонда біраз уақыт таяқпен жүріп, оның аяғы әдетке  айналған. Енді таяқты тастамайды, қайда барса да алып жүреді. Әсіресе, кешкі серуенде оны серіктей көреді.

Иә, бұл жолы да тағы біреуін жасап алып келіпті. Қызыл жыңғыл. Сірә, көбірек іздеп таңдаған-ау –  түп-түзу, бұтақтардың буынтақтарының орны да жоқ. Жылқының майымен көп сылған-ау, қызыл қоңыр түсі ашылып, көз тартады.

– Атасы, ұрыспайсың ба? –  деді кемпірі.

– Не үшін?

– Сенің рұқсатыңсыз анау жыңғыл таяғыңды біреуге сыйлап жібердім. Орнына мына жаңа әдемісін жасапсың ғой, соған қуанып тұрмын…

– Ол таяқты сыйламас керек еді ғой. Ұрысқа да қатысы бар…

– Ырымын жасап, «саттым» ғой…

– Кімге?

– Әнеугі күні өздеріңмен дауласқан бұзық балалардың бірінің әкесіне. Өзіңе де жолыққан екен ғой…

– Енді бұған араласып нең бар?

– Араласқанда, қатты өтініп болмады. Сол бұзық балаларға соттан кейін хабарласты. Телефоныңды өзің беріпсің ғой. Өзіңді сұрады. Ауылға кеткен дедім. Одан кейін кешірім сұрай отырып, біраз әңгіме айтты. Өзі бір өте биязы, мәдениетті сөйлейді екен,  мұндай адамның баласы бұзық болады деп ойлау да қиын-ау. Сен туралы, сенімен қалай әңгімелескені туралытебіреніп айтқанын есітіп, шалымды жаңадан танығандай болдым ғой. Сонан соң таяқ туралы әңгімеге көшті. Сол таяғыңды алып кетпей, үйде қалдырғаныңды білген соң, соны сыйлауды қатты қиылып сұрады. Ағаңның өзінен сұрамайсың ба десем, «Апа-ау, ол кісі «жоқ» деп қалса, бұл қасиетті мүлік менің қолыма түспейді ғой. Ал мен оны төріме іліп қоймақпын: маған да сабақ, балама да сабақ» деді. Өздерің айтатындай, «Мұндай қару іспеттес нәрсені сыйламайды ғой» десем, «Ырымын жасап, «сатып алам ғой» деп, тағы да алдымды орады. Енді де қасарыса беруге дәтім де шыдамады…

Бұлардың әңгімесін сол Мәукеңнің келуін күтіп жүрген Жоламанның телефоны бұзды. Даусы әдеттегіден көңілдірек.

– Кеп қалдың ба?

– Енді өздеріңмен сөйлесіп отырған соң, сірә, келіп қалғанмын-ау.

– Ел аман, жұрт тыныш болар.

– Солай.

– Мұнда біз де аманбыз. Анау  сот ойдағыдай өтті. Енді ол сенің арқаң, сенің беделің ғой. Бұзықтарға жазасын берсе, солардан жапа шекті деп, Бақаң екеумізге материалдық өтем де төледі. Компенсация. Әжептәуір. Бөлісеміз ғой. Сенің келуіңді күтіп жүрміз…

– Жоқ, Жолеке, бөлісуге болмайды, –  деді Мәукең. – Бұзылған тұмсықтар –  сендердікі. Мен оған ортақтаспаймын. Дегенде, бұл өзі ескеретін жай екен: оқтын-оқтын тұмсықтарыңды қанатып, оған өтем алып тұрсаңдар, жаман болмас…

– Әу, Мәуке, сен қалжыңды қой, өзіңді сағынып та қалдық. Бүгін кешке біздің үйде болайық.

– Анық сағынсаңдар, сол сағынған адамға бармайсыңдар ма, бізге келіңдер, –  деді Мәукең. –  Мына Айекең менің әкелгенімді сендерге апара ма? Осында келіп жеңдер…

Әдетіне басып, Мәукең әңгімені аяқтатпай, телефонның тұтқасын орнына қойды. Бұған Жолекең де көндіккен, өкпелемейді. Өзінің ұзақ та артық сөйлейтінін біледі.

– Қонаққа дайындығың бар ма? –  деді Мәукең.

– Не дайындық керек, бір тамақ бәрімізге жетеді ғой, –  десе де ол бәйбішесінің тағы бір а         йтпағы барлығын аңғарды.

– Атасы, тағы бір нәрсе айтсам, ұрыспайсың ба? –  деді кемпірі.

– Тағы не нәрсе?

– Енді оған да мен айыпты емеспін, –  деп кемпірі ақтала сөйледі. –  Таяқты алған соң, ырым үшін деп, қалтасынан бір конвертті алып ұсынды. Көзінше санауды ыңғайсыз көріп, конвертті ашқам жоқ. Кеткен соң  ашып қарасам, құдай-ау, он бес мың!

– Енді олар бай адамдар ғой.

– Атасы-ау, теңге емес, доллар ғой!

– Оны әнеугі күні сот болмай жатып маған да ұсынған. Алған жоқ едім. Енді сот өткен соң, сол  соттың шешімін солай бағаласа, бұл өздерінің өлшемі шығар…

Кемпірі неге алдың деп өзіне ұрсар деп күтсе керек. Енді олай болмаған соң, не істерін білмей, есі шықты. Шалын құшақтай алды.

– Енді мұны не істейміз?..

– Керегіңе жұмса. Сен біреуден тартып алған жоқсың, сұрап алған жоқсың.

Кемпірі шалын тағы құшақтады.

– Бұл сенің беделің ғой, атасы-ау!

– Жарайды. Дастарқаныңды даярласай. Кешке аналар келеді ғой.

– Дайын, –  деді кемпірі.

Бұл әңгіме сол дастарқан үстінде де жалғасты. Жоламан мен Бақтыбай тарапынан. Сөзді Жолекең бастады.

– Әй, Мәуке дос! Сен әнеугі күнгі сойқанда бізді батырларша қорғадың. Анау алтын таяғыңмен! Сен болмасаң, біздің күніміз не болар еді! Аман қалар ма едік, кім білсін. Сенің сол батырлығың біз үшін шексіз қымбат. Бірақ мұны басқалар бағалай білмеуі мүмкін. Ал біз бағалаймыз. Сол сотта, әлгінде өзіңе айтқандай, мына Бақаң екеумізге жапа шектіңдер деп, компенсация берді, ал саған –  жоқ. Бұл –  әділетсіздік. Сол әділетсіздікті түзеу  үшін Бақаң екеуміз алғанымызды қостық та, теңдей үшке бөліп, бір бөлігін өзіңе беруді жөн санадық –  666 мың. Мен мұны Айекеңе тапсырам.

Ол орнынан тұрды.

– Тоқта! –  деді Мәукен. –  Ниеттеріңе рақмет. Нағыз достық көңіл. Ризамыз. Бірақ біз де құр қол қалғанымыз жоқ. Жаңа өзің «алтын» деп әспеттеген таяғымызды бір жеке музей қояр да қоймай сұрап алып, оған қомақты қаржы берді. Нақты көлемі –  құпия. Егер сендерге өтем бермегенде, біз де бөлісер едік. Ал алғандарың игілікке жарасын.

Аналар мұны алмаудың жай сылтауы деп біраз дауласты. Әңгімеге Айбарша араласып, шындыққа куәлік етті. Дегенде, олардың көңілінде күдік қалған.

– Ал енді достар, біраз шаршадық қой, енді бір еркін демалайықшы!

Бұл тостың сөзі емес еді. Мәукен екі досын ортаға шақырып, кемпірлерінің, балаларының алдында, үш шал бір-бірін көптен көрмегендей ұзақ құшақтасты.

– Сірә, біз әлі керекпіз-ау, –  деді Мәукең.

– Әсіресе,  сен, –  деді Жоламан.

– Сенің анау жыңғыл таяғың да керек, –  деді Бақтыбай.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *