САҒЫНДЫМ ЖҮЗГЕН КҮНДІ ҚАРСЫ АҒЫСҚА…
Мінуар ӘКІМХАНОВ,
ақын. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
«Райымбек аймағына сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері.
Райымбек ауданының Құрметті азаматы.
КӨҢІЛГЕ ҚОНА КЕТКЕН
(Мұхтар Шахановқа)
Демедім сұм ажалдан құтқара алам,
Озыпсың бұл өмірден Мұхтар ағам.
Азаматы сен едің қазағымның,
Бойына қасиеті жұққан адам.
Көңілге қона кеткен батыл ойың,
Көтерді қазағыңның абыройын.
Кеудені қарып өткен өкініш сол,
Тойланбай 85 жас қалды тойың.
Айттың да айтарыңды дер кезінде,
Жарқылдап жүрдің дәйім ел көзінде.
Жақсы ағалар жайында сыр шертуші ең,
Айналдың естелікке енді өзің де.
Сөзіңе ұйыттың да жұрттың бәрін,
Атандың жас шағыңнан ұтқыр дарын.
Аламан жарыстарда оза шауып,
Ешкімге дес бермеді жыр тұлпарын.
Ауыр дерт кімді болсын жеңбей тынбас,
Көз жұмдың арманыңа жетпей тұтас.
Қабырғалы қазағың бар кезінде,
Өр даңқың аласарып кетпейді рас!
Аяулы қазақ сүйген ана тілдің,
Қашанда қамқоршысы бола білдің.
Халықтың қамын жеген сен секілді,
Жарқырап көрінеді жолы әділдің.
Барсаң да ат арытып қайсы ауылға,
Төрін берді ел, өзіңдей қайсар ұлға.
Әуелеген әуенге ұластырып,
Білемін жыр жазбадың қанша аруға.
Ұқыптап ұстап ылғи жыр кеніңді,
Қуанттың ойлы өлеңмен жылда еліңді.
Кешегі Желтоқсанда кім білмейді,
Қасқайып ортасында жүргеніңді.
Дегендей қадірімді алсын біліп,
Сен кеттің келмеске аттың басын бұрып.
Кеш білдім қасиетіңді қалды міне,
Көзімнің шеңберіне жасым тұрып.
Жасыңнан бойыңа көп жұғыпты арман,
Жан едің не керегін ұғып болған.
Қазаққа қатер төнсе атқа қондың,
Емессің ез біреудей бұғып қалған.
Отырғам жоқ шындықтан мен бір тайқып,
Жылынбас сен дегенде көңіл қайтып.
Кешегі Желтоқсанның зобалаңын,
Кеткенсің Кремльдың төрінде айтып.
Қолдағы жоғалтқандай қымбатымды,
Елжіреп еске аламын күнде атыңды.
Жалтақтап, қарайлаймын жан-жағыма,
Сөзіңді естісем деп бір татымды.
КЕТКЕНДЕЙ ҰЙҚЫСЫНАН ЕНДІ ОЯНЫП
Дүние дүр сілкінді, көктем келді,
Жылылық жуасытты өктем желді.
Болжамым дұрыс болар көп ұзамай,
Қаулайды қалың жуа бөктерге енді.
Көктемнің жылынады жан нұрына,
Қара жер шөл қандырар жаңбырына.
Көрсетіп көркемдігін көзімізге,
Кетті ғой, таумен дала жаңғырып, ә.
Жер дүние жасылданды дүр сілкініп,
Жаңбырын төгіп өтті, бұлт күрсініп.
Жуаси қалды міне, тау бораны,
Тұратын бәрінен де мықтысынып.
Қарашы айналаңа тауға бір кеп,
Жайыпты жапырағын талда бүрлеп.
Биіккке шығарыңда терлей қалсаң,
Жылы жел сергітеді, қаулап үрлеп.
Алыпты жасыл түске жер боянып,
Қуатын ішке бүкті желде аянып.
Әнеки, көктем келіп тасыды өзен,
Кеткенде ұйқысынан енді оянып.
КЕСІРЛІ КЕЛІНШЕК
Әлде неден үркектер, тым жеріншек,
Жандай емес, жүрісте мүлде еріншек.
Жан-жағына паң қарап көшеде әне,
Ит жетелеп келеді бір келіншек.
Жолында тұрмаған соң дара бөгет,
Сариды әр ағашқа қара төбет.
Келіншек гүлді алаңға бастады оны,
Бау-бақты дегендейін аралап өт.
Ит пе деп, шынжырланған, сырт жобалап,
Байқұсқа дей көрмеңіз тіпті обал-ақ.
Бағуы да бабында секілді өзі,
Үстінен түсетіндей бит домалап.
Көрсе де келіншекті тым кесірлі,
Бір адам сөз айтпады бір кесімді.
Әр бұтаға тұмсығын тыққан иттің,
Шұбырған сілекейі гүлге сіңді.
Сыртқы елдің ит қыдыртқан бұл ісіне,
Кедергі келтірердей жұмысы не?
Осы ойға беки қалған келіншек мәз,
Төбеттің қорбаңдаған жүрісіне.
Аршып бір алу үшін ой қауызын,
Сірә да, қажет пе еді толғау ұзын.
Қалаға кеп қыдырған қазақ шалға,
Ит арс етті, дүрдитіп дорба ауызын.
Жағдайдың көзге ұрса да ауыр қалпы,
Ойламан ұласар деп дауылға арты.
Қапыда иті қапқан келіншекке,
Мынадай сөз арнады ауыл қарты.
Өзіңе назарымды қалт бұрғаным,
Болмасын құлақ түптен қатты ұрғаным,
Кездейсоқ ұшырасқан қазақ келін,
Жөн болмады итіңе қаптырғаның.
Ойымды айтар болсам мен төтелеп,
Бер демен, жыртығымды демде төлеп.
Қатты сөз айтпақ түгіл, сүйсінер ем,
Балаңды жүрсең егер, сен жетелеп.
Құт көрген орыс тілді, өзге іргені,
Келіншек ауыл шалын көзге ілмеді.
Қарт қанша жылы сөйлеп жатқанымен,
Сылқымның құлағына сөз кірмеді.
Ой түйіп, осы ма еді жерің жеткен,
Десеңдағы жыр-сырың жеңіл неткен!?
Дәл қазір қазақ аз ба Алматыда,
Өз қағынан өздері жеріп кеткен.
Бойдағы жұқарса да төзім біткен,
Жан емен, жамандыққа көзін тіккен.
Қаланың орыстілді кей қазағы,
Сауатты адам санайды өзін тіптен.
Мен ақын болмасам да сыршыл тіпті,
Көп ойлар көкірегімен ыршып шықты,
Қазақ тіл мемлекеттік деңгейде емес,
Жасырып қалам қалай бұл шындықты?!
САҒЫНДЫМ
Сағындым, туған ауыл сар күзіңді,
Сағындым, аяулы ана ақ жүзіңді.
Әрдайым әзілімен қарсы алатын,
Сағындым, ерке-назды балдызымды.
Азамат болсаң да әзір өрелі өскен,
Сағындым, бала құрдас төбелескен.
Өреден құрт ұрласақ ұрыспайтын,
Сағындым, ақ әжені көген ескен.
Сүйетін әзіл-оспақ тапқанды тез,
Сағындым, жеңгелерді тарпаң мінез.
Арман боп, қолын бұлғап алыс қалған,
Сағындым, асау күнді ақпанды кез.
Сағындым, аталарды күміс самай,
Кеңейген әңгіме естіп тыныс талай.
Сағындым, құрбы қызды бұлданатын,
Кей-кезде ұсынған бір гүлді ұстамай.
Қызықты ұмыттырмас дара құнды,
Сағындым, ойын қуған бала күнді.
Сағындым, әжемді де батпақ кешсем,
Тазалап бере салған балағымды.
Кетсең де қайратты кез қанша алысқа,
Сағындым, жүзген күнді қарсы ағысқа.
Ауылдың келгенді озып бата берген,
Сағындым, қариясын тай жарыста.
Болды деп бар ғұмыры келте неткен,
Сағынам, бауырымды ерте кеткен.
Сені де сағынамын нағашы ата,
Мойнына мінгізіп-ап еркелеткен.
Жанымның болатындай шын-ақ емі,
Сағындым, ақын досты жыры әдемі.
Танытқан кісілігін, кішілігін,
Сағындым, қарындасты жылы әдебі.
Әуелі ақыл-білім сіңсін бойға,
Бастаған сөйтіп мені қисынды ойға.
Көркіне көрген сәтте көз тоятын,
Сағындым, ақ сары қыз жүрсің қайда?!
БІЛІМДІНІҢ БІРІ БОЛҒАН
(Әбітай Әденовке)
Жүрегі сыртқаттанса жыр емдеген,
Жан едің, «жауға» намыс жібермеген.
Түбінде көкірегімнің түнеп қалды,
Тәтті үнің, қатар басып жүрем деген.
Өнерді биік қойған күнкөрістен,
Дос едік, талай тәтті сыр бөліскен.
Сыйласып, сыр алысып, тату жүрдік,
Емеспіз жүз шайысып, біз керіскен.
Бірі едің мақтан тұтар өр тұлғаның,
Газетте өтті еңбек пен көп жылдарың,
Тойлауға алпысыңды аз қалғанда,
Өкініш болды-ау, сенің көз жұмғаның!
О, тәңір, пенделікті кешесің бе?
Көз жас тұр өкініштің кесесінде.
Ой-қуып, сайран салған Нарынқолдың,
Әбітай, ізің жатыр көшесінде.
Болғансың құрдасым да, сырласым да,
Жүруші ең әзіл айтып кіл қасымда.
Жан-жақты біліміңді білдіретін,
Бар еді батыл ойлар бір басыңда.
Кей-кейде сөйлеп кетсең көңілденіп,
Жүретін асыл-арман сөзіңде еріп.
Нық басып осы күнге жетсең егер,
Сексенді қалар еді көзің көріп.
Еске алдым өтіп кеткен сол бір кезді,
Қаламгер болдың анық өткір сөзді.
Білемін, тіпті сені жақтырмайтын,
Жандарды ойы таяз секпіл көзді.
Кемімес қанша жылдар өтсін бағаң,
Қайсар ең қайғы ұрғанда морт сынбаған.
Отырып оңашада бір бөлмеде,
Шерткенің есімде әлі көп сыр маған.
Даусымды естімейсің бұл күнде рас,
Ой-қырын өміріңнің білдім тұтас.
«Сен жайлы жазам деуші ең бір хикая»,
Соны ойлап көздеріме іркілді жас.
Газетте табыстырды тағдыр бізді,
Жігерлі жігіт едің жарқын жүзді.
Қайсыбір қатігездің кесірінен,
Басыңнан көп өткердің салқын күзді.
Танытып қиын іске төзімділік,
Күткенсің бұл өмірде көп ізгілік,
Шындықты жазып өттің жалтақтамай,
Қашан да тудырмайтын сөзің күдік.
Болғанмен көп шығармаң жұртқа ұнардай,
Кей жанға кеттің мәнін ұқтыра алмай.
Бүгінгі еңбектерден өзің жазған,
Таппадым хикаятты ұтқыр ондай!
Тірліктен емес тегі аз түйгенім,
Өмірін талайлардың жас қиды өлім.
Жан-жарың, бала-шағаң, қабыл көрсін,
Бұл менің рухыңа басты игенім.
