М. ӘУЕЗОВТІҢ «АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАН-ЭПОПЕЯСЫДАҒЫ АБАЙДЫҢ АДАМИ ҚАСИЕТТЕРІ

Нақыпбек Садуақасов+++

Нақыпбек Садуақасов,

заңгер-құқықтанушы, публицист

 

 

«Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады».

Абай

 

Кемеңгер әдеби суреткер Мұхтар Әуезов жазған «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ әдебиетінің ең ұлы туындысы және ХХ ғасырдың әлемдік көркем прозасының ең маңызды жетістіктерінің бірі. Роман қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың өмірі туралы барынша толықтай және тартымды да әсерлі баяндап қана қоймай, XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының қоғамдық, саяси және рухани өмірінің кең панорамасын ұсынады. Бұл шығарманың тарихи, мәдени және қоғамдық маңызы мейілінше зор, өйткені сол кезеңдегі қазақ халқының өмірін, оның дәстүрлерін, әлеуметтік қатынастарын, рухани құндылықтары мен тарихи өзгерістерін көрсетеді. Ол халықтың тарихын, мәдениетін, философиясын және ұлттық сипатын бойына сіңірген дала өмірінің нағыз көркем энциклопедиясына айналды.

«Абай жолы» романының тарихи маңызы оның бүкіл дәуірдің көркем бейнесіне айналуында, халықтың тарихи жадының сақталуына ықпал етуінде және Абай тұлғасының ұлылығын ашып, әлемдік әдебиетті көрнекті туындымен байытуында жатыр. Роман қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен рухани құндылықтары туралы білімнің маңызды көзі болып қала береді. Шығарманың басты өзегі — Абайдың өмір жолы: оның жетілуі, рухани қалыптасуы және ұлы ақын, ағартушы және қоғам қайраткеріне айналуы болып табылады. Алайда, роман әдеттегі өмірбаянға қарағанда мейілінше ауқымды. Абайдың тағдыры автор үшін қазақ қоғамында болып жатқан аса маңызды процестердің бетін ашу құралына айналады. Сюжеттің негізі — екі әлемнің қарама — қайшылығы. Бір жағынан, ескі феодалдық-патриархалдық тәртіп руларалық қатыгез де құйтұрқы күреске, кең етек алған әділетсіздік пен қатары қалың көпшілікті батпандай басып жатқан надандыққа негізделген. Екінші жағынан — Абайдың  биік адамитабиғатынан, сәулелі рухани болмысынан бастау алып, білім мен адамгершілік қасиеттеріне бет бұрған жаңашыл ортаның ізгілік пен игілікке саналы түрде ұмтылуы.

Роман барысында Абай өмірді жіті түсінудің кедергісі мен қиындығы мейілінше көп жолынан өтеді. Бала кезінде ол қоғамдық қатынастардың қатыгездігін, үстемшіл билердің, соттардың әділетсіздігін және ықпалды тараптардың арасындағы билік үшін құйтырқы әрекеттері мен айлалы тартысты байқайды. Бірте-бірте ол адамның шынайы құндылығы байлық пен шығу тегімен емес, оның ақыл-ойымен, адамгершілігімен және халыққа қызмет етуімен анықталады деген сенімге келеді. Осылайша, романның мәні — білім, мәдениет және әділеттілік арқылы қоғамды өзгертуге ұмтылатын шыншыл тұлғаның рухани жолын бейнелеу. Жазушы тарихтың күрделі кезеңін көрсетеді, онда қоғамдағы дәстүрлі тәсіл біртіндеп жаңа әлеуметтік құбылыстар мен идеяларға ұласады. Осының арқасында роман тек көркем шығарма ғана емес, сонымен бірге өз уақытының маңызды тарихи дәлелді айнасыболып табылады. Романда әлеуметтік әділетсіздік мәселесі ерекше орын алады. Автор Даркембай, Базаралы және көптегенкедей еңбеккерлердің өкілдерінің бейнелері арқылы қарапайым халықтың нашар хал-ахуалы мен мүшкілжағдайын көрсетеді. Өмірдің ауыртпалығын көріп, қиындықтан қиналып, жүдеп-жадаған жұртызғарлы бай және ықпалды шенділердің озбырлығынанзардап шегеді. Олардың тағдырлары арқылы зардапты кедейлік, опасыз заңсыздық және адамдардың мүмкіндіктерін тежейтін әлеуметтік теңсіздік мәселелері айқын ашылады. Абай көпшіліккедейлердіңауыр тұрмыстық жағдайын күнделікті көріп, олардың шынайы жанашыры, шын мәніндегі қорғаушысына айналады. Ол дау-жанжалға, ушыққан арпалысқа бой бергентоптарды татуластыруға, әділ шешімдер қабылдауға және қиын жағдайға тап болғандарға көмектесуге тырысады. Оның қызметі нағыз көшбасшы билікті өз пайдасы үшін пайдаланбай, қоғамның мүддесіне қызмет етуі керек екенін көрсетеді. Сондықтан роман әділеттілік, теңдік және адамның қадір-қасиетін құрметтеу идеяларын растайтын шығарма ретінде үлкен әлеуметтік мәнге ие.

Романдағы ең маңызды орынды адам және оның мақсаты туралы философиялық ой-толғамдар алады. Абай әр адамның басты мақсаты  үнемі рухани жетілуге, жан-жақты кемелденуге ұмтылуы керек екеніне сенімді. Оның бейнесі арқылы М. Әуезов терең білімді, адамгершілік тазалықты және белсенді азаматтық ұстанымды үйлестіре алатын адамның идеалын көрсетеді. Ақынның тағдыры арқылы автор қазақ даласының қоғамдық құрылымының ерекшеліктерін, шиеленсті рулық қатынастарды, билер мен сұлтандардың қызметін, Ресей империясының өлке өміріне әсерін, сондай-ақ жаңа қоғамдық көзқарастарды қалыптастыру үдерісін ашады. Көптеген оқиғалар мен кейіпкерлердің нақты тарихи негізі бұл шығармаға ерекше сенімділік береді. Романның маңыздылығы -Абайды ұлттық қаһарман ретінде сомдау және халықтың рухани көшбасшысы кейпінде бейнесін жасау. М. Әуезов ұлы ақынның кұрделі өмір жолын ғана емес, оның жаңашыл және өрлеу үстіндегі ауқымды дүниетанымының қалыптасу процесін де көрсетеді. Абай кемісітігі мол мешел қоғамға әділдік, білім және адамгершілікті жетілдіру үшін күрескер. Оның ой-пайымдары сол кездегі қоғамда тамырын терең жайған надандыққа (Абай:«Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын? Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын?!»; Осыдан әрі қарай жақша ішінде Абайдың өлеңдері мен Қара сөздерінен үзінділер ұсынылады), үстемдік еткен қатыгездікке және жаппай сипат алған әлеуметтік теңсіздікке қарсы. Шығарма шындықты бейнелеудің ауқымдылығымен, психологиялық талдаудың тереңдігімен, тілдің байлығымен және кейіпкерлердің алуантүрлі әсерлі әрекет-қылықтарымен ерекшеленеді. Жазушы қазақ қоғамының түрлі әлеуметтік топтарын сипаттайтын бейнелердің тұтас галереясын құра алды. Құнанбай, Дәркембай, Базаралы, Зере, Ұлжан және басқа да кейіпкерлердің бейнелері ерекше толыққанды суреттелген: олар арқылы дәуірдің өзіндік ерекшеліктері мен қоғамдық әрқилы қайшылықтары айқындалған.

«Абай жолы» – көрнекті көркем шығарма ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының өмірін терең де анық сипатаған тарихи-философиялық және этикалық зерттеу. Абай тағдыры арқылы жазушы қоғамдық дамудың күрделі процестерін, адамның рухани ізденістерін және қазіргі әлемде өзектілігін жоғалпаған адамгершілік, ақыл-парасат, өнегепроблемаларына жіті көңіл бөледі. Шығарма тарихи роман шеңберінен әлдеқайда ауқымды, сондықтан оның қозғайтын күрделі мақсат-мәселелері – өмірдің сәні мен мәні, адамның мақсаты мен жақсыаты, әділеттілік пен теңсіздік, жақсылық пен жамандық жәнеқоғам алдындағы жауапкершілік туралы ойтолғауларға саяды. Бұл тарихи үдерістің қайнаған ортасында оң өзгерістердің қажеттілігін мен игіліктілігін түсінетін Абай тұр («Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге.»). Ол басынын батпандаған надандық және кеселді әдет-ғұрыптардың, тұрлаусыз ескіліктің шырмауынан шыға алмайтын, жемісті жаңалыққа қарсы қауымы басымқоғам дами алмайтынын түсінеді де, сондықтан да, білім, мәдениет және адамгершілікті жетілдіру арқылы халықтың рухани жаңаруына жол табуға тырысады («Замана өзгеруімен қағидалар да өзгерер»; «Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек.»).

Абай философиясы – шынайы терең де толық жетілу жеке тұлғаның ішкі игілікті дамуынан басталады деген сенімге негізделген («Адам баласының ең жаманы-талапсыз».). Сондықтан оның әділ күресі тек әлеуметтік келеңсіздіктерге ғана емес, сонымен бірге адамның рухани шектеулеріне де тікелей бағытталған. Бұл романның орталық философиялық идеяларының бірі: халықтың тағдыры оның адамгершілік, парасаттылық және білім мен ғылымидаму деңгейіне байланысты. Шығарманың ең маңызды философиялық мәселесі — жеке тұлға мен қоғамның өзара байланысы. Абай үнемі өзін қоршаған ортаның қарсылығына тап болады («Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!»). Оның әділеттілікке, ағартушылыққа және гуманизмге деген ұмтылысы көбінесе ру басылары мен тіпті дәстүрлі өмір салтына үйренген қарапайым адамдардың түсінбеушілігін тудырады. Жазушы өз заманынан озық туған ойшылдың прогрессивті ұстанымының драмасын көрсетеді. Абай бұхара халыққа ұтымды да игілікті өзгерістердің қажеттілігін түсінеді, алайда қоғам жаңашылдықтарды қабылдауға дайын болмайды. Дегенмен, ол өзінің сенімінен бас тартпайды және халыққа қызмет етуді жалғастырады. Осылайша, қаламгер қоғамның тарихи дамуына әсер ете алатын адамның жоғары адамгершілік миссиясы туралы идеяны растайды.

Шығармада этикалық мәселелер де басты орын алады. Романның ауқымындағы кез-келген қақтығыс моральдық негізге ие. Автор жақсылық пен жамандықтың күресін қиялға сүйенген қарама-қайшылық ретінде емес, адамдардың өміріндегі күнделікті шындық құбылыстарыретінде көрсетеді. Абай жоғары моральдық қағидаттардың иесі. Ол адамның ар-ұжданы, адалдығы және басқа адамдар алдындағы жауапкершілік сезімін басшылыққа алуы керек екеніне сенімді («Ант ішіп, күнде берген жаны құрысын, Арын сатып тіленген малы құрысын. Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілмен қулық сауған заңы құрысын.»). Оның моральдық идеалы шығу тегі мен әлеуметтік жағдайына қарамастан жаны таза, адал адамның қадір-қасиетін құрметтеуге негізделген. Абай бейнесі арқылы автор жеке тұлғаны адамгершілікпен жетілдіру қоғамның үйлесімді дамуының қажетті шарты екенін көрсетеді.                       Романның негізгі философиялық-этикалық принципі — гуманизм. Абай адамға, оның рухани өсу мен адамгершілікке сай жаңару қабілетіне сенеді. Ол әр адамды құрмет пен түсіністікке лайық ерекше тұлға ретінде қарастырады. Абайдың гуманизмі оның кедей, қорланған және қорғаусыз қалғанадамдарғадеген аяушылық сезімі мен адами түзу көзқарасынан көрінеді («Адасып, алаңдама, жол таба алмай, Берірек түзу жолға шық, қамалмай.»). Ол әділетсіздіктің құрбаны болған адамдарға көмектесуге тырысады және зорлық-зомбылық пен адамның қадір-қасиетін қорлаудың кез-келген түрін айыптайды.

Романныңнегізгі идеяларының бірі — білімнің қоғамды жетілдіруші күші туралы ой. Абай көптеген қоғамдық келеңсіздіктердің себебі надандық екеніне сенімді. Сондықтан ол халықты оқуға, ой-өрісін кеңейтуге және сыни ойлауды дамытуға шақырады («Түбінде баянды еңбек егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған. Би болған, болыс болған өнер емес, Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.»). Ол әлемдік өркениеттің ең жақсы жетістіктерін өз халқының ұлттық дәстүрлерімен үйлестіруге тырысады. Бұл Абайдың дүниетанымының негізінде жатқан мәдени философиясын көрсетеді. Ол үшін білім – бұл білім алудың тәсілі ғана емес, адам мен қоғамды адамгершілікпен жетілдіру құралы.

Романның оқиғалары XIX ғасырға жататынына қарамастан, оның философиялық және моральдық мәселелері бүгінгі күнге дейін өзекті болып қала береді. Әділеттілік, білімнің шапағатын тарату, жеке тұлғаның қоғам алдындағы жауапкершілігі, мәдени құндылықтарды сақтау және қандай да болмасын қоғами құбылыстарды адамгершілік санатынан талдау және дұрыс таңдау жасау қажеттілігі мәселелері адамзатты толғандырады. Абай романда тарихи тұлға ретінде ғана емес, рухани ізденістің, адамгершілік табандылықтың және адамдарға қызмет етудің символы ретінде де әрекет етеді. Сондықтан оның бейнесі оқырмандардың жаңа буындары үшін маңыздылығын сақтайды.

«Абай жолы» романының тарихи-философиялық және этикалық мәні тарихтың бетбұрыс кезеңіндегі халық пен тұлғаның тағдырын терең түсінуде жатыр. Абай бейнесі арқылы М. Әуезов адам өмірінің маңызды мәселелерін ашады: ақиқатты іздеу, әділдік үшін күрес, білімнің маңызы, адамгершілік жауапкершілік және адамның рухани жетілуі. Роман мәдениеттің, білімнің және жоғары моральдық қағидалардың дамуынсыз шынайы прогресс мүмкін емес деген ойды алға тартады. Сондықтан да «Абай жолы» қазақ әдебиетінің көрнекті ескерткіші ғана емес, сонымен қатар мәңгілік гуманистік және адамгершілік құндылықтарға ие әлемдік маңызы бар туынды болып қала береді. Көркем тұрғыдан алғанда, роман әдебиеттің аса көрнекті жетістігі болып табылады. Ол кең эпикалық ауқыммен, терең психологизммен, жарқын және көп қырлы кейіпкерлермен, шындықтың шынайы бейнесімен, бай және мәнерлі тілімен ерекшеленеді. Шығарманың негізгі идеясы-гуманистік мұраттарды бекіту, халықты ағарту қажеттілігі, надандықпен, озбырлықпен және әлеуметтік әділетсіздікпен күресу. Абай бейнесі арқылы М. Әуезов халықтың рухани күшін, оның әділдікке, білімге және мәдени дамуға деген ұмтылысын көрсетті.

«Абай жолы» шығармасы – ұлы ақынның толыққанды өмірбаяны ғана емес, бүкіл дәуірдің ауқымды бейнесі. М. Әуезов қазақ халқының тарихы, мәдениеті, дәстүрлері мен рухани құндылықтары бейнеленген туынды жасады. Абайдың жекелеген тұлғасы – гуманизм, ағарту және халыққа қызмет ету мұраттарын даралайды, бұл романды бүгінгі күнге дейін өзекті етеді. Романның әлемдік танылуы оның жүзден аса тілдерге аударылуымен және танымал жазушылар мен зерттеушілердің жоғары бағасымен расталады. Француз жазушысы Луи Арагон «Абай жолы» әдеби туыдыны «ХХ ғасырдың ең үздік шығармаларының бірі» деп атап, оның көркемдік күші мен жалпыадамзаттық маңызын атап өтті.

Сонымен, М.Әуезовтың аса құнды әдеби озық шығармасы «Абай жолы» роман-эпопеясын бар ынтасын салып, ыждағаттылықпен оқып шығу әр қазақтың азаматтық парызы.

 

 

 

М.ӘУЕЗОВТІҢ «АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАН-ЭПОПЕЯСЫНДАҒЫ

ДӘРКЕМБАЙ БЕЙНЕСІ

 

“Атадан жақсы ұл туса – елінің зоры болады”

Қазыбек би

 

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы тек ұлы ақын Абай өмір жолын суреттейтін шығарма ғана емес, сонымен бірге XIX ғасырдағы қазақ қоғамының кең көлемді көркем сипаты болып табылады. Жазушы Абай тағдыры арқылы қазақ даласындағы өзгерістерді, ескі мен жаңаның тартысын, халықтың тұрмысын, ой-санасын мейілінше “анық та қанық” көрсетеді.

XIX ғасырдағы Қазақстанның басты ерекшелігі қазақ жерінің Ресей империясының қыспақты ықпалына толықтай енуі болды. Патша үкіметі қазақ даласын басқару жүйесін өзгертіп, хандық билікті жойды. 1822 жылғы «Сібір қырғыздары (қазақтары — Н.С.) туралы жарғы» және 1824 жылғы реформалар арқылы қазақ қоғамындағы дәстүрлі басқару жүйесі әлсірей бастады. Оның орнына округ, болыс, ауыл сияқты әкімшілік жүйелер енгізілді. Бұл өзгерістер қазақ халқының саяси дербестігін шектеп, отарлық басқарудың орнығуына жол ашты.Сол ғасырдағы қазақ даласы патриархалдық-феодалдық қатынастар үстем болған кезең еді. Осы кезеңдегі қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы да едәуір өзгерістерге ұшырады. Дәстүрлі ортада сұлтандар, билер, батырлар, байлар және қарапайым халық арасындағы қарым-қатынас маңызды орын алды. Билер ел ішіндегі дау-жанжалды шешіп, әділдік өлшемі ретінде танылса, батырлар халықтың қорғаны болды.

Алайда патша әкімшілігінің жаңа тәртібі кейбір жергілікті билеушілердің беделін арттырып, халық пен билік арасындағы алшақтықты күшейтті. Романда бұл жағдай ру тартыстары, бай мен кедей арасындағы айырмашылық, ел билеушілерінің өрескел бассыздық әрекеттері арқылы көрініс табады. Құнанбай бастаған аға сұлтандар, болыстар мен билер өз билігін сақтауға барынша тырысады. Құнанбай бейнесі арқылы М.Әуезов сол заманның қатал билік жүйесін, ел басқарудағы ескі де шалағай ұстанымдарды көрсетеді.Романдағы XIX ғасырдың маңызды сипаты әлеуметтік теңсіздік. Қарапайым халықтың қиын тірлігі мен мұқтаж өмірі, ұдайы әділетсіздікке ұшырауы, байлардың қатыгез үстемдігі анық суреттеледі. Дәркембай, Базаралы сияқты халық өкілдері арқылы жазушы еңбекші елдің ашық пікірін, шырғалаң ойға толы мұңын, көкейтесті арманын жеткізеді. Олар әділет іздеген, халықтың шындығын айтатын тұлғалар.

Бұл кейіпкерлер арқылы автор қарапайым адамның да тарихи өзгерістерге ықпал ететін күш екенін айқынаңғартады. XIX ғасыр қазақ қоғамында рухани ізденістер күшейген кезең болды. Абайдың келбет-бітімі осы өзгерістің жарқын символы ретінде кескінделеді. Ол халықты игілікті білімге, озық ғылымға, әлемдік мәдениетке шақыра отыра, надандықты, алауыздықты, әділетсіздікті сынайды да адамгершілік пен білімді жоғары қояды.«Абай жолы» романында XIX ғасыр қарама-қайшылыққа толы, әлеуметтік дүрбелең дәуір ретінде шынайы бейнеленеді. Бір жағынан, ескі феодалдық тәртіп, рулық тартыс, әлеуметтік теңсіздік бар болса, екінші жағынан, жаңа, ілгерішіл көзқарас ұстанған ойлы адамдардың озат білім мен шынайы әділет жолы іздеген тұлғалардың қалыптасуы байқалады. Солардың алдыңғы қатарындағылардың бірі ретінде қарапайым шаруа Дәркембай бейнесі ерекше орын алады. Ол шығармадағы ауыр өмірдің әр қилы қыспағына қанық қалың еңбекшілердің өкілі ғана емес, жазушының өзінің халықшылдық, әділетшілдік пен адамгершілік ұстанымдарын айқындайтын көркем суреттелген маңызды тұлғалардың бірі.

Дәркембай арқылы автор ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздікті, кедей елдің сан алуан қиыншылықты тұрмысын, еңбекші халықтың ішкі күшін және санасының ояну үдерісін көрсетеді.Дәркембай маңғазданып, “кеудесін керіп” тұратын тәкаппар малы мыңғыраған бай, ел билеуші би немесе қазақ қоғамындағы ғасырлар бойы билік жүргізген ақсүйек әулеті төре емес, ол тек екі қолы мен өз күш-қуатына сенетін қарапайым адал еңбек адамы, кедей шаруа. Оның өмірі халықтың басым көпшілігінің ауыр тұрмысымен, күнделікті күйзелісі жанды жегідей жейтін жоқшылықпен, әр күн сайын қайталанатын аласапыран тіршілік күресімен байланысты. Бірақ, М. Әуезов Дәркембайды өмір тауқыметін тартқандықтан мойыған, жігері сынған әлсіз, қорғансыз адам ретінде көрсетпейді. Керісінше, оның бойынан мұқалмас қайсарлық, ісіне адалдық, басын игізбейтін намыс, әділдікке сенім сияқты қасиеттерді танытады:

“– Бөжеке, кiбiртiктей-кiбiртiктей болдық қой. Тура баспастан баяқ болған соң иыққа ит те, құс та шығады ғой! Тек қана «шөк-шөк» дей бермей, осы бiздi де ел қылатын, ер қылатын ақыл айтшы!” — дейді Дәркембай Жігітек руының ірісі Бөжейге қарап.Дәркембай ел ішіндегі зорлық-зомбылықты, бай-болыстардың қарапайым халыққа жасаған қысымын түсінеді. Қоғамда билік көбіне ауқатты адамдардың қолында болды. Байлар мен үстем топтар өз есеп-түсімін ғана ойлап, ықпалын пайдаланып, кедейлердің жағдайын қиындатты. Осындай ортада Дәркембай сияқты адамдардың өмірі қиянат пен теңсіздікке қарсы күреспен өтті:

“…Бетi қан, омырауы мен сырты қан болған Қараша, Дәркембайлар тiлiн тартпай, барлық қарғыстың бәрiн Құнанбайдың дәл өзiне арнап, айғайлап айтып жатыр. Бiрақ көптiң шуының iшiнде ол сөздер Құнанбай құлағына жеткен жоқ.” Дәркембай әділетсіздікке немқұрайды қарамайды. Оның ойлау жүйесінде халықтың мұңы бірінші орында тұрады.

Ол өз турашыл пікірін бүкпей, шындықты бетке айтатын адам. Дәркембайдың батылдығы күш көрсету емес, ақиқатты қорғау батылдығы.

Байдалы: “ – Өй, Сүйiндiк, сен ақылды мұна Дәркембайдан сұрасаң етпей ме? Еркектiң сөзi мына кедейде жатыр ғой, мынау ер кедейде!”Ол еңбекті адамның негізгі құндылығы деп түсінеді. Байлықты атадан қалған артықшылықпен емес, маңдайтермен келген дүние деп қабылдайды:

«….Бұл жатақта Дәркембай да барды Абай бiлмейтiн. – Жатақтың iшiнде сен де бар ма едiң, Дәркембай? Бұндай айыңды мен неғып бiлмедiм? – дедi. Дәркембай басында үндемей отырып барып сөз қатты. Сенiң бiлмегенiң, мен жаңа кеп қосылып отырмын. – Ендiгi қалған тiрлiкте мекенiм, жұртым осы ел! – деп бастап, бiрталай ұзақ сөйлеп кеттi. Осында отырған қырық үйлi жоқ-жiтiктi сұрасаң, менiң теңтұсым екен… …Бұндағы туысым дейтiнiм – осы отырған қырық үйлiнiң бәрi. Атасы туыс емес, тiрлiгi туыс. Көрген көресi, кешкен соры менiмен туысқандар өңшең.»Дәркембай жеке басының пайдасы емес, көптің жағдайын ойлайды:

“….Берер пұлы, ішкізер асы, кигізер киімі болмаса да, бар жатақтың басына көтерген, әкесіндей көрген, асыл қарты Дәркембай еді.”Осы тұрғыдан ол романдағы халықтың ақыл-ойын, арманын жеткізуші кейіпкер деңгейіне көтеріледі:

«… Дәркембай екi мықты мырзаның сығымында отырса да, Құнанбайдың сыртынан соңғы сөзiн қатты айтып қалды. – Кеше құдiретiңдi аға-сұлтан боп жүргiзiпең. Ендi, Құнанбай, қажы боп алып, жүргiзем деп барады екенсiң. Бiлдiм, құдай жолы емес… Тағы да Құнанбайлық жолыңды жоқтап барады екенсiң ғой. Өлтiрт, талат мына бөлтiрiктерiңе! – дедi.»Дәркембай мен Абайдың қарым-қатынасы романның маңызды идеялық өзегінің бірі. Бұл байланыс арқылы жазушы Абайдың халықпен жақындығын, оның дүниетанымындағы өзгерістерді, әділет жолындағы күресін көрсетеді. Абай халық арасынан шыққан адамдардың тағдырын түсінуге ұмтылады. Абай ел ішіндегі ескі феодалдық салтқа, зорлық-зомбылыққа қарсы тұрған, халықтың мұң-мұқтажын түсінуге ұмтылған ойшыл ақын. Оның тұлғасының қалыптасуына қоршаған ортасы, кездескен адамдары да үлкен әсер етеді. Дәркембай Абайдың халық арасындағы ең жақын, сенімді адамдарының бірі.

Осы арқылы М.Әуезов Абайдың шынайы халық өкілдерін тани білгенін көрсетеді. Дәркембайдың қилы-қилы қиындыққа толы өмірі қарапайым халықтың ауыр тұрмысын бейнелейтін көрініс. Ол кедей ортадан шыққанымен, рухани жағынан биік тұлға ретінде танылады. Дәркембай әділетсіздікке төзбейді, әлсізге жаны ашыды, шындықты ашық айта алады. Оның бойындағы батылдық пен адалдық Абайға жақын. Сондықтан Абай оны әлеуметтік жағдайына қарап емес, адамдық болмысына қарап бағалайды. Ал Дәркембай Абайдың халыққа жақын екенін ішімен сезінеді, көзімен көреді:

“…Жұт деген жоқшылық, қысталаң, апат деген осындай боп қаққасына келгенде, Абай ел тiрлiгiнiң барлық қайғылы сорын көрдi.”

…Абай шаруасын сұраған соң Дәркембай іркілген жоқ.

– Шырағым Абай, қарындасқа қайырымы бар бала деп естушем. Сондықтан кеп отырмын. Болмаса, ана Тәкежандай десем, келмес ем. Басыма күн туып кеп тұрмын.

…Абай Дәркембайдың осы арғы сөздерiн тоқтатып, тез байлау жасап, Ерболға қарап:

– Ербол, жылы киiн де, ат қамiн! Дәркембай, ерiңдер мынаның қасына! Осы арада назық алып кетiңдер! Дiлдә, тұр! – деп, Абай келiншегiне бұйрық етiп: — мына кiсiлер ашықпастай қылып, ет, азық әзiрлете бер! – дедi…”Абай мен Дәркембайдың қарым-қатынасы ақынның халыққа бет бұруының елеулі белгісі. Абай жас кезінен-ақ ел ішіндегі теңсіздікті көріп өседі. Ол әкесінің билік жүргізу тәсілдеріне, ру тартысына, байлардың озбырлығына біртіндеп сын көзбен қарай бастайды. Осы жолда Дәркембай сияқты қарапайым адамдармен араласуы оның көзқарасын тереңдетеді. Дәркембай арқылы Абай халықтың шынайы арманын, әділдікке деген сарқылмас талабын түсінеді.Романда Дәркембай Абайға тек қарапайым адам ретінде емес, өмір тәжірибесі мол, халықтың үнін жеткізуші тұлға ретінде көрінеді. Ол Абайдың ойына үлкен әсер етеді, ақынның ел тағдыры туралы толғанысын күшейтеді. Абай Дәркембайдың бойынан халықтың ақылын, сабырын, төзімін және күрескерлік рухын көреді.Бұл екі кейіпкердің қарым-қатынасында өзара құрмет ерекше байқалады. Дәркембай Абайды байдың баласы ретінде ғана қабылдамайды, оның халық жағында екенін түсінеді.

Ал Абай Дәркембайды қарапайым кедей деп төмен санамайды. Керісінше, оның адамдық қасиеттерін жоғары бағалайды. Осы арқылы М.Әуезов шығармада әлеуметтік айырмашылықтан жоғары тұратын адамгершілік құндылықтарды көрсетеді.Дәркембай бейнесі арқылы жазушы XIX ғасырдағы қазақ қоғамындағы халықтың мұқтажға тәуелді қиын жағдайын көрсетеді. Ол езілген елдің үнін жеткізуші, әділетсіздікке қарсы тұрған кесек тұлға. Абайдың Дәркембаймен жақындығы оның ақындық және азаматтық тұлғасының қалыптасуындағы маңызды кезең болып табылады. Егер Абай тек жан-жақты білімді, терең ойшыл адам ретінде ғана емес, халықтың қамын ойлаған тұлға ретінде танылса, оған Дәркембай сияқты адамдармен араласуы үлкен ықпал етеді.Абай үшін халық тек басқарылатын көпшілік емес, ақыл-ойы, рухани күші бар үлкен құндылық. Дәркембай осы халықтық қасиеттің айқын көрінісі. Оның қарапайым өмірі мен терең ойы Абайға ел тағдырын түсінуге жол ашады. Сондықтан олардың қарым-қатынасы екі адамның қарапайым достығы ғана емес, ақын мен халық арасындағы рухани байланыстың символы.

Жазушы Абай мен Дәркембай арасындағы қарым-қатынас арқылы үлкен идеяны ашады. Дәркембай халықтың адалдығын, еңбекқорлығын, әділетке ұмтылысын танытатын бейне болса, Абай сол халықтың мұңын түсініп, оның рухани мұратын биікке көтерген тұлға. Олардың байланысы — адамдық қасиет, әділдік, халықпен бірлік сияқты мәңгілік құндылықтарды көрсетеді. Дәркембай Абайдың рухани әлемін байытқан, оның халықтық бағыттағы ойларын тереңдеткен маңызды кейіпкерлердің бірі болып қала береді.Абай мен Дәркембай екі түрлі әлеуметтік ортадан шыққанымен, рухани жағынан жақын тұлғалар. Абай ауқымды да терең білім иесі, парсатты ойшыл ақын. Дәркембай өмір тәжірибесі мол, қарапайым халық өкілі:

«…– Е-е-е! Күштiлер ненi айтады? Күшсiзге еткен зорлығын айтады. Күшсiз ненi айтады? Күштiден көрген қорлығын айтады! – деп топшылағанда, Абай Дәркембай ойының сергектiгiне таңдана қарады.»Екі тұлғаны байланыстыратын ортақ нәрсе – әділдікке ұмтылу, халықтың болашағын ойлау:

Абай: «… – Сона бiр кезде, жатаққа кеп қосылғаныңды айтқанда, менiң осы күнге шейiн, көкейiмнен кетпестей бiр шын сөздi сөйлеп ең, Дәркембай. «Күйi бiрдiң – күнi бiр. Туысым – аталасым емес, өзiммен мұңы бiр, бейнетi бiр жатақтар» деп ең.»Дәркембай Абай үшін халықтың шынайы да ащы үнін жеткізетін еркін рухты тұлға. Оның сөздері арқылы Абай ел ішіндегі шын жағдайды тереңірек таниды:

…Абай Дәркембайдың сөзiнен аса қатты ойға қалып… – Дәркембай-ай! Жоқшылық пен жаманшылық ел iшiн кеулеген ғой. Сенiң көзiңдi, қыран көзiндей қырағы етiп, сол ашқан екен. Қазақтың сусылдаған дiлмары, су төгiлмес жорғасы, қызыл тiлден май тамызғаны неме керек! Шешендiк күшi шындық қой. Сенiң шоқтай күйдiрiп түсер жаңағы шыныңа қай Құнанбай, қай Сүйiндiк жауап айта алар едi. Жетесiнде азаматтық асылы бар жан болса, «бәрiн үйiп-төгiп, бiр Дәркембай жеңдi» демес пе едi! Мойын бұрғызбай, бұрап соқты дер едi! Өз көзiң ашылумен бiрге, менiң де көзiмдi қоса ашып отырсың десем керек қой! – дедi.Дәркембай байлығы жоқ болса да, адамдық қадірі мол, қарапайым болғанымен, ойы терең, халық мұңын арқалаған тұлға.

Абай баласымен сырласқанда: “ — Оның жақсы екен, Әбішім… Ал Дәркембаймен сөйлескенің, тіпті, дұрыс. Сен екеуміз кітаптан оқып білгеннің көбін, Дәркембай өмірден бақылап білген…”М. Әуезов Дәркембай тағдыры арқылы халықтың бойындағы рухани күшті, қарапайым елдің өмірін көрсетеді. Дәркембай – жеке адамның ғана бейнесі емес, ол халықтың жинақталған бейнесі. Дүние-мүлікі жоқ болса да, адамдық қадірі мол, сырт көзге қарапайым болғанымен, ойы терең, қиындықтарға мойымай халық мұңын сабырлық таныта арқалаған тұлға. Ол жоқшылықты көрген, әділетсіздікті сезінген, бірақ адамдық қасиетін жоғалтпаған, романдағы қарапайым адамның биік рухын танытатын кейіпкер.

Қоғамдық тірлік қанша қиын болса да, халық арасынан ақылды, әділ, намысты адамдар шығатынын дәлелдейді. Дәркембайдың шығармадағы қызметі Абайдың халықпен байланысын ашу және әлеуметтік шындықты тереңдету. Егер Құнанбайлар дәуірдің ескі билік жүйесін танытса, Дәркембай жаңа қоғамдық ойдың, халықтық әділеттің белгісі. Сондықтан ол Абайдың халық қамын ойлаған пайымына жақын. «Абай жолы» романындағы Дәркембай бейнесі еңбекші халықтың айнымас адалдығын, мойымас төзімін, мұқалмас қайсарлығын және әділетке деген бек сенімін бейнелейтін көркем тұлға. М.Әуезов Дәркембай арқылы қазақ қоғамындағы әлеуметтік қайшылықтарды көрсетіп қана қоймай, халықтың рухани биіктігін танытады. Ол Абай ішкі ұстаным-пайымына жақын, романның халықтық сипатын мейілінше негіздейтін маңызды образдардың бірі.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *