Өмірге өлең боп байланам…

Әлібек Азамат-сайтка

Азамат ӘЛІБЕК,
1999 жылы Түркістан облысы Кентау
қаласында туған. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Филология факультетінде білімін жетілдірді.
Респуликалық, облыстық жыр мүшәйраларының жүлдегері.

 

РОМАНС

Сөнбейді деп сенімнің шырағданы,
Кім алдады?
Иә, рас кінәм бары…
Сағынышым айналып сандыраққа,
Көз ұшында сәттердің мұнарлауы.

Заңдылық па екі әлем тоғыспауы?
Бәлкім бізді көрінбес тор ұстады.
Періштем деп атауға серт бермеймін,
Пендешілік еткен жоқ періште әлі.

Құлазып ой, тоңып тән, құрып сүлдер,
Бәлкім бізді айырды күдікшілдер.
Менің жаным бірге ұшып кететіндей,
Үп еткенде шашыңнан үмітсіз жел.

Солғандай-ақ жүректің гүл күлтесі,
Сонсоң мида Мәжнүннің күңгірт есі.
Кездестірер әйтеуір «Мың бір түнім»,
«Мың бір күнім» немесе
«Мың бір кешім»…

 

НҮКТЕ

Біз нүктеміз.
Мен де нүкте.
Сен нүкте.
Табысқанбыз жүрек іңкәр ендікте.
Жұлдыз ғұмыр ағып түсер жалт етіп,
Жер бетіне сүю үшін келдік пе?!

Сүю – шіркін, шексіз бақыт, ғазал мұң,
Ғазал мұңға боялды анық көз алдым.
Соңғы жұлдыз құлағанша мен сені,
Сүйіп өтем, айналайын, ажарлым.

Мақпал түнге жасырғандай мың сырды,
Көкке сыңар жұлдыздарға ұмсындым.
Кеудемізде жұлдыз-жүрек соғардай,
Аспан жаққа шақырады тылсым бір.

Сені іздедім, бағытымнан жаңылдым,
Шырағданым жұлдызды аспан, лағыл-мұң.
Жолықтың сен, жылдар бойы күткенім,
Жұлдызға іңкәр жүрегіммен сағындым.

Сағыныштың дариясын кештім жүз,
Жолды өткердім, жылды өткердім аңсаумен.
Жанарыңда жымыңдайды қос жұлдыз,
Жалыныңа жанымды өрте, жан сәулем.

Жұлдызқанат армандарым бүрледі,
Жұлдызқанат армандарың бүрледі.
Екеумізге ынтық көзбен қарайды,
Алматының таулары мен гүлдері.

Көк жүзінде моншақтайын шашылған,
Аққан жұлдыз – жанарыңнан нұрды үзу.
Сертім осы, алыстама қасымнан,
Менің асқақ ғұмырымның жұлдызы.

Үміттерге жалғап алсақ құс жолын,
Күдіктердің кісендейміз күш-қолын.
Күллі ғалам күзетеді мен болып,
Жанарыңнан жұлдыз ағып түспеуін.

Мың бояулы, мұнаралы шаһардан,
Сені тастап жат өлкеге кете алман.
Біз жай ғана жұлдыз-жүрек адамбыз,
Бір нүктеден бір нүктеге бет алған.

 

АЛМАТЫ. МЕН. СЕН

Алматы.
Мен және сен.
Сәуір.
Сирень.
Жалғыздығың жаныма ауыр тиген,
Жалғыздығым жаныңа ауыр тиген,
Сенің мөлдірлігіңді жаным сүйген.

Алматы.
Көктем кеші.
Саялы бақ,
Екеумізге құшағын жаяды бақ.
Өлең жазғым келеді өзің жайлы,
Өмір сүргім келеді баяны ұзақ.

Бізден де ертең қалады-ау,
шалық-ғұмыр,
Өмір заңы – аңсау мен зарықтыру.
Маңдайыңнан өпкен сәт ерке жаңбыр,
Мен деп ойла ақ таңның жарық нұрын.

Сағыныштан бейнемді құрап ап әр,
Қарашығың моншаққа тұна қалар.
Сен мұңая көрмеші, сен мұңайсаң,
Өксіп-өксіп Алматы жылап алар.

Алатаудың аспанын бұлап жасқа,
Кетіп барам мен елге мұнарлы, асқақ.
Жолсерігім: сен жайлы ой, сен жайлы өлең,
Жанымды ұғар ешкім жоқ бұдан басқа.

Алматының көз жасы мұң боп ағар,
Көрген түстей өтуде күн кереғар.
Бәлкім, жүрек ынтызар бұл қалаға,
Мені әйтеуір тартатын бірдеңе бар.

Бақыт толы сәттерім өтті қанша,
Жүрегімді қалдырып кеттім алшақ.
Саған барар жалғыз жол – ұлы іңкәрлік,
Саған мені бастайды – шексіз аңсар.

Жолығысып қалармыз келесі күз,
Жолайрықта қоштастық неге осы біз?
Көп дерегі жанардан жас боп аққан,
Көктөбені кезіп жүр елесіміз.

Алматы.
Көктем кеші.
Мамыр.
Сирень.
Менің мөлдір жырымды жаның сүйген.
Жалғыздық қой жаныңа ауыр тиген,
Жалғыздық қой жаныма ауыр тиген.
Сол қиын…

 

ЕРЕЖЕ

Сен кеткенде…
Үзілді, рас, жанарымда жәудір мұң,
Аңсарымды қай нүктеде қалдырдың?
Қуысында сақталмадық кеуденің,
Уысында кете бардық тағдырдың.

Өкінішті-ақ, ара ақыры мұз болып,
Көңіл тағы сарғаяды күзге еріп.
Құлап кеттік көңілсіздеу ғасырға,
Кешір құдай, кешір тағы бізді өмір!

О, неғылған керітартпа заман бұл,
Тебірене оқыр едім саған жыр.
Түстерімді өзің жорып беруші ең,
Жорылмайтын түстей болдың маған бір.

Қайтем енді кезеңге елтіп, жоққа арбап,
Өмір деген – мәнді естелік, тәтті арман.
Біз ешкімді кінәлаған емеспіз,
Жадымызда сағыныш пен сәт қалған:

– Үп еткенге үміт шырақ сөне ме?
– Сен жайлы ойға шарасызбын о, неге?
– Жапыраққа өкпеңді айтқың келе ме?
– Күнтізбеңе өткен қайтып келе ме?

Санам іші бітпейтұғын сан сұрақ,
Жандауысым сан сұраққа жаншылар.
Ережеге бағынбасақ жарар ед(і),
Терезеге үңілмесін тамшылар.

Сен жанымның жазылмайтын
бүршігі ең,
Бәлкім содан ғұмыр емес мұң сүрем.
Күз жыласа жыры болар ақынның,
Қыз жыласа ғалам қоса күрсінер.

Сен білсең ғой.
Кездім сосын түнекті,
Жалғыздыққа жұтылумен түн өтті.
Аспан тектес қайғымызды ұмытып,
Жұбатам деп аласұрдым жүректі.

Жазмыш құрғыр, бұл – Тәңірдің жазуы,
Оған сенің жазығың жоқ, жазығың…
Ұялымнан естілердей наз үнің,
Қандай күйді кештің екен, нәзігім?
Мен кеткенде…

 

ҮМІТ

Күз кешегі керуені көктемнің,
Жапырақтар сағыныштың үлгісі.
Өлең сенің жан-дүниеңдей мөп-мөлдір,
Жаңбыр сенің көз жасыңның құрбысы.

Жауса жаңбыр, жылағаны ол аспанның,
Жұбатайық жапырақты, тамшыны.
Тіршіліктің бәрі күзден басталды,
Жаз – ертегі.
Күз – ғашықтар маусымы.

Мәнін күзден іздейміз кеп жалғанның,
Сен келдің де аяулы еттің тағдырды.
Мөлдір моншақ кірпігіңнен тамған мұң,
Жақсы көрем көз жасыңдай жаңбырды.

Таптым сені жұлдыз жарық кезеңнен,
Сүттей аппақ үмітімнің сыйы едің.
Саған ғашық жан едім мен ежелден,
Күзді сен деп, сені күз деп сүйемін.

Жан-дертімді өзің келіп жазғасын,
Жүрек қалай жапырақтай жылайды?
Құлатпайық күз моншағын, көз жасын,
Жылатпайық жүректегі Құдайды…

Жауса жаңбыр, жылағаны ол аспанның,
Жұбатайық жапырақты, тамшыны.
Тіршіліктің бәрі күзден басталды,
Жаз – махаббат…
Күз – сағыныш маусымы.

 

КҮЗГІ ИНСТИНКТ

Жапырақ – дос.
Күз – мұңдас.
Қазан – құрбым,
Жаңбыр – мөлдір тамшысы ғазал мұңның.
Гүлдер – нәзік жанымның жұпары ғой,
Күлтесіне жиналған тозаң құрғыр.

Қолшатырлар.
Саябақ.
Сыршыл қала,
Ең аяулы үр әуен тырсыл ғана.
Тұнжыр аспан астында тұнық өмір,
Қайшылықтар жымдасқан
тылсым ғалам.

Тынымсыз жел еркіне жүз билеткен,
Қанатын көктем сүйіп, күз күйреткен.
Құстар менің тәуелсіз көршілерім,
Туған жерден сәлемін үзбей кеткен.

Жұлдыз ақсын, бұлт көшсін, жай құласын,
Жалт қарауға шыдамай қаймығасың.
Шашылады моншақтай жапырақтар,
Жасырады, дүние-ай, қай күнәсін?

Қайтқан құстар бақ дерсің орнамаған,
Жапырақтар хат дерсің жолдамаған.
Балконымның алдында селдір ағаш,
Қол қусырып қарап тұр ол да маған.

Тамсанғанын сеземін ай алыстан,
Ой түбінен іздеймін баяғы ұшпақ.
Жаутаңдайды әлдекім айна алдында,
Жанарынан таныдым.
Аянышты-ақ.

Көлеңкелер әлдене күбірлейді,
Бейне күн де іңірге күлімдейді.
Тым құрыса жазмышты жазар кезде,
Құдай неге маңдайға үңілмейді?

Бәлкім бәрі басқаша болар ма еді…

 

МҰҢ

«Құшағында жаз қалды қоңыр түннің…»
                                     Есенғали Раушанов

 

Дәл осылай,
Жаз да өтті, баянсыз тамыз бітті,
Өртке тиген тәніндей көбелектің.
О, неге күзге мұнша жан үздікті,
Бейғам көңіл неліктен елең еттің?

Кешкен сезім, өткен сәт кімге аяулы,
Кетеміз бе ап-ауыр мұң арқалап?
Қала жатыр күрсініп мың бояулы,
«Қош» айтысып достарға сыңар қанат.

Кім ойлаған бітер деп бәрі бұлай,
Жүректерді қайтеміз алып-ұшқан?
Аңсадым ғой, қарашы, жарығым-ай,
Не бар басқа, арайлы сағыныштан!?

Шаршадым ғой, сарғая жолға қарап,
Жақын едік, «ең жақын жатқа айналдық».
Екеумізге арналған жолдаманы ап,
Бірімізді-біріміз таппай қалдық.

Жолымызды мың күдік шырмап алды,
Жанымызды қинайды зарық-өмір.
Сен бақытты болсын деп бұл ғаламды,
Сағынышқа бояймын сары-қоңыр.

Күзден кейін бір өмір басталардай.
Ұнатасың, күтесің неге күзді?
Жаздан кейін бұл қала бос қалардай,
Бейғам көңіл неліктен елегізді?..

 

ТЫЛСЫМ ТҮН

Сол бір түн.
Шексіздік.
Айнала.
Жалғыздық.
Гөзәл.
Сәт.
Қараңғы.
Өмірге Өлең боп байланам,
Сонан соң батырам қарамды.

Жылуын сездіріп Ай ғана,
Құс жолы бұрымын таранды.
Күнәм мен күмәнді ой ғана,
Мысықша тырнайды жарамды.

Досым көп аянбас көмегін,
Жауым көп ізімді аңдыған.
Сол түннің жоғалтып дерегін,
Көзімді тарс жұмып қалғығам.

Бақыттың заһарын жұтып қап,
Күнәмді әлемге жаярмын,
Сол бір түр бетімнен қытықтап,
Елесің оятты.
Ояумын.

Көргенше өлердей асығам,
Жұп қылмас тағдырға қырсығып.
Күнәмді әлемге жасырам (?)
Менсіз де тазармас тіршілік…

Үміт – ол желге ұшар үлпілдек,
Тәңірден сен жайлы сұрағам.
Айнаға қараймын күлкім кеп,
Әлемді арылтып күнәдан.

Күнәсіз демеңдер, күнәм бар,
Күмәншіл іңірде күйреген.
Балауса сезімге құмарлар,
Сол түнгі жұлдыздай сиреген.

Сүймесін дедің бе?..
«О, жынды…»
Өзіңнен өзгені бақылап.
Сол бір түн соқыр ғып көзімді –
Сен неге ояттың?
«Ақымақ…»

 

АҢСАР

Білем, күнім, бір тылсым үміт барын,
Ұмытпадым, жалғыздың ұғып хәлін.
Желдей тонап жүр ме әлде есіл күндер,
Жанымның жапырақтай сынықтарын?

Қауырсыным қайғыдан көп өртенді,
Дертті жанға: ой – жегі, өлең – шерлі.
Кінәлі кім?
Адассақ, араша кім?
Күннен қалай жасырам көлеңкемді?

Шексіз сауал, мөлдір мұң, кіл үнсіздік,
Безіп кеткім келген.
(Хош, жұғымсызбын!)
Ең қиыны – «Кешір…» деу,
«Сүйемін…» деу,
Сезімсіз өмір сүру – ұғымсыздық.

Назына елтіп біз күткен қарашаның,
(Аңсарым – сенің нәзік алақаның).
Тым аяулы, тым аңғал қос жанарың,
Сөрелерден іздейді «А» қатарын.

Қағаз кейпім қол созар өзің жаққа,
Сағыныштан сарғайды ол өзің жоқта.
Ұсындым мен армансыз кезімді оққа,
Түсірдім мен алғаусыз сезімді отқа.

Соның бәрі баянсыз кезең үшін,
Байқаймысың, түнекті кезеді шу.
Ауырлығын сезіндім күрсінудің,
Езілгенін жүректің сеземісің?

Құшақтап ал, саусағың дірілдесе,
(Бәрі жақсы, әлдене күбірлесем).
Кірпігіңнен үзілген моншақты аяп,
Жасың тамған өлеңде ғұмыр кешем.
Қайтейін…

 

ИЛЛЮЗИЯ

Бүгін тағы ой кездім, көз ілмедім,
Жанымды ұғар дейсің жақыным қай?
Кеуде ішінде тұншыққан сезімдерім,
Бөлме ішінде шыңғырған ақылымдай.

Шаршаймын кейде барлық кідірістен,
Жалығамын тоқтаусыз жүгірістен.
Өмір жолы – күтпеген кездесулер,
Себепсіз қоштасулар, түңілістер…

Мұңлығындай ғасырдың күйген кезім,
Ешкім аяқ баспаған бір мекенге,
Шығып кеткім келеді үйден безіп,
Жан әйнегін аяймын кірлетем деп.

Иллюзия – бақыт пен сордың мәні,
Мұңнан да ауыр санаға жат ұғымдар.
Құдайға апаратын жолдың бәрі,
Жүрек деп аталатын шақырымдар.

 

КАТАРСИС

Түндерге жырын, күндізге сырын,
Айтар үкімін қай бір қу?
Өмір дегенің жұлдызды өшіру,
Жапырақ етті қайғырту.

Жылылық сезіп тоңған аяқпен,
Жолдарға төсеп от басу.
Ақын дегенің оңбаған атпен,
Тағдырға қарсы соттасу.

Тәңірді кейде елемей мүлдем,
Тәкаппарсынып жақ ашпау.
Адам дегенің телегеймін деп,
Ақиқат үшін адаспау.

Сапырып ішіп сусынның бәрін,
Сарқылды – уақыт, бой – күнә.
Өлім дейтұғын бір сұмның барын,
Сарша күз айтып қойды ма?

 

ЭЙФОРИЯ

Жан қиналар кезеңді елемей көп,
Ғұмыр кешіп келеміз сағынышпен,
Саңылауын сананың көлегейлеп.

Сығалайды ессіздік, бозбала мұң,
Түйсігімде бір шаттық кемсең қағар,
Бейуақытта жоғалта жаздағаным.

Қай тарапты бетке алсам жарық әр шам?
Мені бәлкім жолымнан адастырды,
Жалғыздарды Құдай деп таныған шақ.

Жұпар иісі гүлдердің елтеді кіл,
Ауық-ауық күрсінем даланы аңсап,
Айықпайтын кеудемнің дерті еді бұл.

Қайырылмас бағзы миф, өткен аңыз,
Жұмақ-тамұқ, ақ-қара… жаға жыртып,
Көбелектей күйгелек боп барамыз.

Азғын ойлар ұйқымды көп ұрлайды.
Бәрі де енді басталды…
Сүйемін мен ертегіні
өмір мен өлім жайлы.
Ақиқатты сүйемін Тәңір жайлы!..

 

VA-BANK

Себеп іздеп арамызды жалғайтын,
Жүрген шығар сағынышың сарғайтып.
Жастығыңа сіңіп қалған жасыңды,
Қапелімде құрғатармын мен қайтіп?

Дала мынау даналық пен ой кезген,
Ойлы адамға бақыт бөтен, қайғы өзге.
«Ғашықтарды Тәңір сүйер» дейтін-ді,
Біз құдайдан алыстадық қай кезде?

Күнделікті сабылыстан қол үзіп,
Өзің жақтан қол бұлғайды көп үзік.
Өтті ғұмыр мәңгі аңсайтын түстей боп,
Кеттік қалай?
Бітті неге?
Со, қызық…

Куә соның барлығына кәрі аспан,
(Көл боп тұнған өксігіңді толастат.)
Қарашығың талғанынша қарарсың,
Жүріп өткен жолдарыма адасқақ.

Бұлдырайды шерге айналған сол бейне,
Жалған үміт, арзан уақыт емдей ме?
Жалғыз қалсаң егілерсің сен үнсіз,
Жалғыз қалсам күліп те алам мен кейде.

Өзің түгіл есіміңді құрметтеп,
сүйер едім…
Сүю бізді жынды еткен.
Жалықтық па?
Ең аяулы сәттерді,
Арашалап ала алмадық дүрмектен.

Мейлі бәрі керісінше, дұрысы,
Жазығың жоқ, жазарым көп мұң үшін.
Кешір жүрек, кешір кезең сезімсіз,
Естеліктер құрысын ба?
Құрысын!
Мейлі бәрі керісінше… (дұрысы)

 

САҒЫНЫШ

Хат алдайды әр түндегі,
Сәт арбайды бәлкім мені.
Тоңдырды әлсіз жанымызды,
Қарашаның салқын демі?

Алшақ жүріп, шаршап жүріп
күн кешермін…
Тоңсам жылыт!
Көнбейді екен тағдыр-ерке,
Сөнбейді екен аңсарлы-үміт.

Көңілдер-ай, суып кеткен,
Сенімдер-ай, сынып кеткен.
Сағынышқа өртеу үшін,
Қоштасарда «Ұмыт» — деп пе ең?

Жүрекке еніп лағылдай мұң,
Бір жоғалсам, табылмаймын.
Сені солай іздемеймін,
Сені солай сағынбаймын.

Түсініксіз хәлімді осы,
Ұғынар тек мамыр кеші.
Есіңе алып, хабарласшы,
«Сағындым ғой, Жаным!» — деші.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *