ТАБИҒАТПЕН ТІЛДЕСКЕН СУРЕТКЕР (Н. Қапалбекұлы шығармаларының көркемдік көкжиегі хақында)

Қазақ әдебиеті – әр дәуір сайын жаңғырып, оқырман көкжиегін кеңейтіп отыратын тірі организм іспетті. Әр кезең әдеби кеңістікке жаңа толқын, тың сарын, соны леп алып келеді. Бұл үдеріс қаламгерлер тағдырынан да айқын көрінеді. Бірі әдебиет айдынына ерте араласып, ұзақ уақыттан кейін ғана лайықты бағасын алса, енді бірі кеш келіп, қысқа мерзім ішінде оқырман жүрегінен орын тауып жатады. Алайда мәселе қаламгердің қашан танылғанында емес, оның әдебиет тарихында қалай сақталатынында, яғни көркемдік әлемінің өміршеңдігі мен идеялық салмағында жатыр.

Нағашыбек
Қапалбекұлы

Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі қазақ оқырманы жақсы білетін есімдердің бірі – Нағашыбек Қапалбекұлы. Қаламгердің шығармашылық болмысы, ең алдымен, оның прозалық туындыларынан, атап айтқанда көркем әңгімелері мен хикаяттарынан айқын аңғарылады. Жазушының бұл жанрлардағы ізденістері ұлттық әдебиеттегі шағын проза дәстүрін жаңа мазмұнмен толықтыра отырып, адам болмысының күрделі иірімдерін ашуға бағытталған. Оның шығармаларында характер жасау, психологиялық талдау, ішкі монолог секілді көркемдік тәсілдер ұтымды қолданылып, оқырманды терең ойға жетелейді.

Жетпістің бел ортасына келген қаламгердің шығармашылық белсенділігі де ерекше назар аудартады. Көп жағдайда бұл кезең қаламгерлер үшін толысу мен тоқырау шегінің арасы болса, Нағашыбек Қапалбекұлы үшін керісінше, жаңа ізденістер мен тың тақырыптарға бет бұрған кемел шақ іспетті. Ол әлі күнге дейін қаламын қолдан түсірмей, уақыт тынысын дөп басатын өзекті мәселелерді көтеріп, мезгіл-мезгіл баспасөз беттерінде жарияланып келеді.

Бұл құбылыс жазушының шығармашылық эволюциясын ғана емес, сонымен қатар оның әдебиет алдындағы жауапкершілігін де танытады. Қаламгер туындыларының өзегінде заман шындығы, адам тағдыры, қоғам мен тұлға арасындағы күрделі қарым-қатынас секілді мәңгілік тақырыптар тоғысып, көркемдік шешімін табады. Сондықтан да Нағашыбек Қапалбекұлының шығармашылығы қазіргі қазақ прозасындағы өзіндік орны бар, әдеби үдерісте салмақты қолтаңба қалдырған құбылыс ретінде бағалануға лайық.

Нағашыбек Қапалбекұлының 2025 жылы «Жамбыл» баспасынан жарық көрген «Сакура гүлдегенде» атты повестер мен әңгімелер жинағы – қаламгердің шығармашылық ізденісінің жаңа белесін танытатын, көркемдік қуаты мен идеялық салмағы үйлесім тапқан туынды. Бұл жинаққа енген шығармалар мазмұндық тұрғыдан алуан түрлі болғанымен, оларды біріктіретін ортақ желі – адам тағдыры, тарихи жад және уақыт пен кеңістік аясындағы рухани ізденіс.

Жинақтағы «Сакура гүлдегенде», «Күн бетінде секпіл бар», «Жер жүрегі» атты повестер мен «Қара шаңырақ», «Беторамал», «Соғымбасы», «Пандемия» сынды әңгімелер қаламгердің жанрлық мүмкіндіктерді еркін меңгергенін аңғартады. Әсіресе повесть жанрында автор кең тынысты баяндау арқылы оқиға мен характерді терең ашуға ұмтылса, әңгімелерінде ықшамдылық пен астарлы ойға басымдық береді. Бұл – жазушының композициялық құрылымды шебер игергенін, әр жанрдың табиғатына сай көркемдік тәсілдерді дәл қолдана білетінін көрсетеді.

Аталған шығармаларда тарихи тақырып пен заманауи шындық өзара сабақтастықта көрініс табады. Қаламгер бір жағынан өткеннің көмескі тартқан беттерін көркемдік қиялмен жаңғыртса, екінші жағынан бүгінгі күннің өзекті мәселелерін көтеру арқылы уақыт тынысын дөп басады. Мұндай синтез автордың дүниетаным кеңдігін, тарихи сана мен қазіргі болмысты ұштастыра алу қабілетін айғақтайды.

Ендеше, осы жинаққа енген шығармаларды жеке-жеке талдап, олардың идеялық-көркемдік ерекшеліктеріне, образдар жүйесіне, тілдік-стильдік өрнегіне тоқталу – жазушының шығармашылық лабораториясын тереңірек тануға мүмкіндік береді.

Қазіргі қазақ әдебиеті кеңістігінде жан дүниені тербейтін мөлдір прозаның сиреп бара жатқаны жасырын емес. Табиғатпен тілдескен суретті баяндаулар, адам жүрегінің нәзік иірімдерін дәл ұстайтын психологиялық прозаның көрінісі бұрынғыдай көп кездесе бермейді. Дегенмен осындай рухани жұтаңдықтың арасында адамды бірден жетелеп әкететін, ішкі әлемді жаңғыртып, тазартып жіберетін шығармалар да бар. Белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Сакура гүлдегенде» атты повесі – қазақ прозасындағы осындай сирек туындылардың бірі. Жазушы бұл шығармасында қазақ жігіті мен жапон қызының арасындағы лирикалық әрі трагедиялық махаббат тарихын көркемдікпен қиюластыра отырып, оқырманға тек сезім емес, бүкіл адамдық болмыстың терең қатпарларын ұсынады.

Повестің сюжеттік желісі жас жігіт Бектас бейнесі арқылы басталады. Университеттің екінші курсында өз армандарын енді ғана қалыптастырып, үлкен өмірге қадам басып келе жатқан шағында оның қолына әскерге шақыру қағазы тиеді. Студенттік өмірдің еркін де сергек күндерінен бір-ақ сәтте әскери бөлімнің қатаң тәртібі мен темірдей тәртіп үстемдік еткен жаңа әлемге түсуі – шығарманың алғашқы беттерінен-ақ оқырманды сюжет иіріміне тез тартып әкетеді. Автор алғашқы сөйлемдерден-ақ оқырманды Бектаспен бірге жолға шығарып, оның жан дүниесіндегі толқуды, белгісіздік сезімін, жаңа ортаға бейімделу қиындықтарын табиғи әрі нанымды береді.

Әскер өмірінің сұрқай да бірсарынды күндері, уақыттың баяу жылжуы, сарбаздық тәртіптің жанды шаршататын күйі шығарманың реалистік сарынын күшейтеді. Жазушы бұл тұстарды артық бояусыз, көркемдеу үшін қасақана әсірелеусіз бейнелейді. Әскердегі өмірдің ауырлығы – адам рухын толық тұмшалап тастайтын түнек емес, керісінше, адамның ішкі әлемін тыңнан танытатын, оның жанын шыңдайтын сынақ ретінде көрінеді. Осындай біркелкі күндердің арасында да адам жүрегінде нәзік сезімге, жылылыққа, мейірімге деген шөл ешқашан өшпейтінін автор ерекше байқатады.

Бектасқа сол нәзік сезімнің сәулесі оның сирек берілетін демалыстарының бірінде жарқ етіп жолығады. Вера есімді жапон қызы – көптің арасынан бірден көзге түсетін, Бектас өміріне күтпеген реңк сыйлаған ерекше жан. Оның пайда болуы – оқырман үшін де, кейіпкер үшін де түн ортасындағы айдай тылсым, тосын құбылыс. Вераның бойындағы табиғилық, мейірім, сыпайылық, жұмсақ мінез – жапон мәдениетіне тән үйлесім мен ішкі тәртіпті еске түсіреді. Автор оның бейнесін сомдағанда жапон табиғатының нәзік эстетикасы, сакура гүлінің қысқа ғұмырлы көркемдігі, шығыс мәдениетіне тән ұстамдылық қатар сезіледі. Қазіргі прозада сирек кездесетін пәк тазалық пен шынайы нәзіктік Вераның болмысында айқын ашылады.

Бектас үшін Вера – алыстан жарқ етіп көрінген жарық сәуле секілді. Ол қыздың қарапайым бір күлкісінде, жұмсақ үнінде, ұяң қимылында жүрекке жылу сыйлайтын бір тылсым тазалық бар. Кейіпкерлер арасындағы сезімнің тууы жазушы тарапынан әсірелеуге, жасанды романтикалауға құрылған емес. Керісінше, бәрі табиғи, өмірдің өз ырғағымен баяу өрбиді. Жылы әңгімеден басталған жақындық бірте-бірте терең сезімге ұласып, олардың тағдырларын көзге көрінбес жіптей жалғай түскендей болады.

Шығармадағы ең көркем эпизодтардың бірі – Вераның Бектаспен бірге өзінің атасы мен әжесіне баруы. Бұл көрініс – екі әлемнің, екі мәдениеттің, екі ұрпақтың тоғысқан тұсы. Жапон қариясының өмір тарихында туған жерге деген сағыныш, алыста қалған өткенге деген ішкі өкініш пен арман аралас сынған тағдырдың үзіктері жатыр. Маңдайы күнге күйген, бірақ жүрегі мейірімге толы қарияның туған жерін аңсауы, мұхиттың желіне туған даласының иісін телуі – автордың лирикалық-психологиялық шеберлігін жарқырата көрсететін көріністер.

Қарияның тегі – зиялы, тағдыры – күрделі, мінезі – байыпты. Ол өз болмысымен Бектасқа жақындық тудырып, оның жүрегіне терең әсер етеді. Бұл жерде жазушы кездейсоқ таныстықтың арғы жағында екі халықтың рухани жақындығы, адамзаттық ортақ құндылықтар жатқанын нәзік штрихтармен жеткізеді. Автордың басты идеясы – адам жүрегіндегі мейірім мен жан тазалығы ұлттық шекараға бағынбайтын, бір халықты екіншісінен бөліп-жармайтын әмбебап рухани құндылықтар екендігі.

Екі мәдениет өкілдерінің бір-бірін түсінісуі, жақындасуы, ортақ сезім арқылы байланысты табуы – шығарманың негізгі көркемдік өзегі. Осы бір эпизодтар арқылы жазушы махаббаттың шынайы табиғатын, оның сыртқы жағдайлардан биік тұратынын, адам жанын тазартып, байытып, жұмсартып жіберетін құдіретін әсерлі бейнелейді.

Сакура гүлі повестің негізгі эстетикалық өзегіне айналып, бүкіл шығарманың поэтикалық тынысын анықтайтын символдық күшке ие болады. Вера өз жүрегіндегі нәзік әрі қорғансыз сезімді дәл осы сакурамен салыстырады. Шығыс поэзиясында ғасырлар бойы махаббаттың, өтпелі сұлулықтың, өмірдің қысқа ғұмырының нышанына айналған сакура – автордың қолында көркем әрі көпқабатты метафора ретінде жаңа мән табады.

Сакура – көктемнің алғашқы лебімен бірге әп-сәтте гүлдеп, көз алдында құлпырып, сол сұлулығын тым аз уақытқа ғана сыйлайтын өсімдік. Оның гүлдеген сәті – адам өміріндегі қайталанбас бақыт мезеті секілді: қысқа, нәзік, алдамшы да шынайы. Сол сәт өткен соң, оның жұпар иісі мен әппақ гүлдері ғана жүректе сақталып қалады. Автор осы бір деталь арқылы жастықтың өткіншілігін, адамның ең бағалы сезімдерінің дәл сол қас-қағым сәттерде ғана өзін толық танытатынын, ал уақыт оны мейлінше жылдам алып қашатынын көрсетеді. Сакураның табиғи нәзіктігі Вера бейнесіндегі рухани жібектей жұмсақтықпен үйлесіп, Бектас жүрегінде өмір бойы өшпес із қалдырады.

Повестің драмалық өзегі Бектас ең ауыр шешім қабылдауға мәжбүр болған тұста тереңдейді. Қазақы тәрбиенің қалың бұйдасында өскен, ата-ананың аманатына қылдай қиянат жасамайтын, ел алдындағы жауапкершілікті жоғары қоятын Бектас үшін махаббат тек жеке сезім ғана емес – үлкен таңдаудың, тіпті өмірлік сынның өзегіне айналады. Верамен бірге кету – өзге елдің тұрмысына бейімделу, бөтен жұртқа сіңу, ата-анасының үмітін ақтай алмай қалу деген қорқыныш оның жанын жегідей жейді. «Ана сөзінен аспау», «елдің аманатына қиянат жасамау» секілді түпкілікті түсініктер Бектас үшін сезімнен де жоғары, оны тұлға ретінде қалыптастырған рухани ұстындар. Осы екі әлем – махаббат пен борыш, сезім мен тәрбие, жүрек пен ақыл – бір-бірімен қақтығысқанда Бектас жанын қинаған күйді бастан кешеді.

Сезім күреске түсіп, борыш салмағы басым түседі. Жүрегін жаралап болса да, Бектас өз махаббатын құрбан етуге бел буады. Ол мұны ақылдың жеңісі деп ойлағанымен, уақыт өте келе оның бұл шешімі өмір бойына жазылмайтын өкініштің ізіне айналары сөзсіз еді. Бұл – шығармадағы ең психологиялық өткір тұс. Адамның ішкі арпалысын автор аса тереңдікпен, өмірдің өзінен алынған шынайылықпен бейнелейді.

Шығарманың соңғы бөлігінде жазушы уақыт пердесін кенет түріп, оқырманды жылдар өтсе де жүректегі жара жазылмайтынын көрсететін жаңа кеңістікке жетелейді. Жасы жетпістен асқан шағында Бектас тосын хабарға тап болады. Жапониядан келген кәсіпкер оған Вераның өмір бойы сақтап келген ескі суреті мен хатын табыстайды. Осы сәт – бүкіл шығарманың эмоционалдық шарықтау нүктесі. Суретке қарап тұрған қарт Бектас – бір уақытта қартайған да, бірақ жүрегінде сол баяғы он тоғыз жасар Бектас күйінде қалған адам.

Хат арқылы оқырман Вераның тағдырына қайта үңіледі. Ол ешқашан тұрмысқа шықпаған, жүрегіндегі Бектасты өзгемен алмастырмаған, махаббатты өмірінің жалғыз жарығы ретінде сақтап өткен жан екені белгілі болады. Ғылымға деген арманын – Тынық мұхиты астын зерттеу мақсатындағы жұмысты – жүзеге асырып, табысты кәсіпкерге айналғанымен, жүрегіндегі мұңды ешкімге ашпаған. Өмір бойы жүрегінде сақтаған жалғыз сурет – ол екеуі өрік ағашының арасында түскен сол бір жастық шақтың ескерткіші. Бұл сурет Вера үшін де, Бектас үшін де уақыт тоқтаған сәттің, мәңгілікке айналған сезімнің белгісі.

Осы тұста автордың баяндау шеберлігі айқын сезіледі. Бектас хатты оқығаннан кейінгі күйді жазушы артық бояусыз, бірақ жүрекке ауыр тиетін нәзік психологиялық көркемдікпен береді. Оның жүрегіндегі дүлей толқын, Вераны көргісі келгенімен, оның жадында дәл сол жастық шағындағы қалпы сақталғанын бұзғысы келмейтін сезім, адам табиғатын терең түсінуден туған көркем шешім.

Бектас Жапонияға бармайды. Бұл – оның ішкі мәдениетіне, өмір бойы аялап сақтаған бағасына сай шешім. Ол Вераға қартаяған, уақыттан шаршаған бейнесін көрсеткісі келмейді. Оның соңғы үнсіздігі – махаббатқа деген ең биік құрмет, сезім әлеміндегі ең таза қоштасу. Махаббат бар, сағыныш бар, бірақ өмір қосуға мүмкіндік бермеген. Екі жүректің мәңгілік шеріне айналады.

Шығарманың финалдық эпизоды – Вераның қазасы туралы қаралы хабар. Бұл көрініс повестің эмоционалдық және драмалық шырқау шегі болып табылады. Әңгіме басталған сәттен бері нәзік те мөлдір сезімімен оқырманды баурап келген Вераның тағдыры осылай аяқталған кезде, оқырман да, кейіпкер Бектас та бойын белгісіз бір мұң, орындалмаған арманның салмағы басқан қимастық билейді. Автордың бұл шешімі кездейсоқ емес – ол махаббаттың табиғатын, оның мәңгілікке ұласатын, бірақ кейде өмірмен табыспай қалатын парадоксын терең ашу үшін керек.

Махаббат кейде екі адамды табыстырып, тағдырды бір арнаға тоғыстырса, кейде керісінше, оларды алшақтатып, әрқайсын өз жолымен алып кетеді. Бірақ қандай жағдайда да, нағыз махаббат жүректің түкпірінде өшпейтін, уақыт пен қашықтыққа тәуелсіз, ең таза энергия ретінде қалады. Вераның қазасы туралы сәт – осы мәңгілік сезімнің трагедиялық ақиқатын көрсететін, оқырманды терең ойға қалдыратын сәт.

Повестің финалы жабық емес, ашық сипатта аяқталады. Автор Бектас тағдырын нақты шешіммен түйіндеп тастамайды. Керісінше, оқырманға ойлануға, әркімнің өз жүрек тәжірибесімен бағалауына мүмкіндік береді. Жасы ұлғайған, өмірінің көп белестерінен өткен Бектас үшін Вераның бейнесі – тек өткен шақтағы естелік емес, оның барлық ғұмырын бағыттаған рухани символға айналады. Өрік гүлдеген күндері екеуі бірге түскен сол жалғыз сурет Бектас жанында өмір бойы сақталған, уақыт өшіре алмаған ең қымбат рухани мұра секілді. Сол суреттегі Вераның жымиысы, оның көзіндегі тазалық – Бектас үшін де, оқырман үшін де мәңгіліктің белгісі.

«Сакура гүлдегенде» – бүгінгі таңда киноөндірісінің де, драматургияның да талаптарына сай келетін, экранда да, сахнада да көркем беруге ыңғайлы шығармалардың бірі. Шығармада махаббаттың нәзік психологиясы, ұлт пен мәдениеттің бір-бірімен үндесуі, адам бойындағы жауапкершілік пен жеке сезім арасындағы күрделі таңдаулар өте шебер бейнеленген. Автор екі халықтың – қазақ пен жапонның рухани жақындығын, дүниетанымындағы үндестікті ұсақ-түйек көріністер арқылы білдіріп отырады. Вераның мінезіндегі ұстамдылық, Бектас бойындағы тәрбиеге деген адалдық, екі елдің табиғат бейнесіндегі ұқсастықтар – барлығы нәзік көркемдікпен өрілген.

Нағашыбек Қапалбекұлының тілдік шеберлігі шығарманың құндылығын айрықша арттырып тұр. Ол артық сөзбен боямайды, бірақ аз сөздің өзіне терең мазмұн сыйғызып, кейіпкердің жан дүниесін нәзік психологиялық детальдер арқылы ашып береді. Табиғат суреттері – сакураның гүлдеуі, теңіз желінің лебі, өрік ағаштарының арасындағы жарық – адам сезімімен астасып, шығарманың көркемдік атмосферасын толықтырады. Автор сөзінің салмағы дәлдік пен мәнерлілікке құрылған, бұл шығарманың көркемдік деңгейін биікке көтереді.

«Сакура гүлдегенде» – тек ғашықтық хикаясы ғана емес, адам жанының ең терең иірімдерін, уақытпен өлшенетін сезімнің шынайы табиғатын көрсеткен көркем туынды. Сакураның бір сәттік гүлдеуі – өмірдің қас-қағым сәттері, жастықтың, махаббаттың қысқа да қуанышты мезеттері, бірақ дәл сол қысқа сәттің адам жүрегінде өмір бойы сақталатыны – шығарманың басты идеясы.

«Күн бетінде сепкіл бар» атты шығарма – атауының өзінен-ақ терең философиялық астар аңғарылатын, адам өмірінің күрделі табиғатын нәзік бейнелейтін көркем туынды. Күн – әдетте мінсіздік пен жарықтың символы ретінде қабылданса, оның «бетінде сепкілдің» болуы өмірдің де дәл солай мінсіз еместігін, әрбір жарқыраған шындықтың тасасында көлеңке мен кемшілік қатар жүретінін меңзегендей. Осы тұрғыдан алғанда, повесть атауы шығарманың идеялық өзегін алдын ала айқындап, оқырманды ойға жетелейді.

Көлемі жағынан повесть болғанымен, бұл туындының мазмұндық салмағы мен көтерген жүгі романға бергісіз. Жазушы алғашқы сөйлемнен-ақ оқырманын баурап алып, шығарманың ішкі әлеміне жетелеп енгізеді. Әрбір сөйлем, әрбір деталь ойластырылып берілгендей әсер қалдырады. Оқиға желісі бір қарағанда қарапайым ауыл тіршілігінің аясында өрбігенімен, оның астарында терең әлеуметтік, психологиялық, тіпті философиялық мәселелер қозғалады. Бұл – қаламгер шеберлігінің айқын көрінісі.

Автор ауыл өмірін бейнелеуде ерекше бір шынайылыққа сүйенеді. Күнделікті тұрмыс, адамдар арасындағы қарым-қатынас, табиғат көріністері – барлығы да боямасыз, табиғи қалпында суреттеледі. Бірақ сол қарапайым көріністердің өзінен үлкен мән, терең мағына табуға болады. Жазушының тілдік шеберлігі де осы тұста айқын сезіледі: ол артық әшекейге ұрынбай, керісінше, ұлттық бояуға бай, бейнелі әрі әсерлі сөздерді орнымен қолдана отырып, оқырманға әсер етудің ерекше жолын табады.

Шығармадағы диалогтар – оның ең күшті тұстарының бірі. Кейіпкерлердің өзара әңгімелері арқылы олардың мінезі, дүниетанымы, ішкі жан дүниесі ашылады. Бұл диалогтар жасандылықтан ада, өмірдің өзінен алынғандай табиғи. Сол себепті оқырман кейіпкерлердің сөзінен өзіне таныс адамдарды, өз ортасын көргендей әсер алады. Бірде жеңіл әзілмен езу тартқызса, енді бірде жүрекке салмақ түсіріп, мұңға батырады. Осындай қарама-қайшы сезімдердің алмасуы шығарманың эмоциялық әсерін күшейте түседі.

Басты кейіпкер Нағымбектің бейнесі – повестің идеялық әрі көркемдік өзегі. Оның тағдыры арқылы жазушы адам өмірінің күрделілігін, тағдырдың тосын сынақтарын, ішкі қайшылықтар мен рухани ізденістерді көрсетеді. Нағымбек – тек жеке бір кейіпкер емес, ол – белгілі бір дәуірдің, қоғамның жиынтық бейнесі іспетті. Оның басынан өткен оқиғалар, қабылдаған шешімдері, ішкі толғаныстары оқырманды терең ойға жетелейді. Әсіресе оның өмір жолындағы қиындықтар мен таңдаулар әр адамға таныс сезімдерді оятып, өзіндік ой түюге мүмкіндік береді.

Нағымбектің тағдырындағы күрделілік – өмірдің шынайы көрінісі. Ол тек жеңістер мен жетістіктерден тұрмайды, сонымен қатар күйзеліс, өкініш, үміт пен сенім секілді қарама-қайшы сезімдермен өріледі. Жазушы осының бәрін шебер үйлестіре отырып, адам болмысының терең қырларын ашады. Оқырман кейіпкермен бірге қуанып, бірге мұңайып, оның ішкі әлеміне үңіледі. Бұл – шығарманың басты құндылығының бірі.

Жалпы алғанда, «Күн бетінде сепкіл бар» – адам өмірінің сан алуан қырын шынайы бейнелеген, оқырманға ой салатын, рухани тұрғыдан байытатын шығарма. Ол тек бір оқиғаны баяндап қана қоймай, адам болмысы, тағдыр, өмірдің мәні туралы терең толғанысқа жетелейді. Шығарма оқырманын селқос қалдырмайды, қайта оны өз өміріне, өз таңдауларына сын көзбен қарауға итермелейді.

Осы туынды арқылы автор бізге өмірдің тек жарық пен қуаныштан тұрмайтынын, оның ішінде қайшылықтар мен кемшіліктер де бар екенін көрсетеді. Бірақ дәл сол «сепкілдер» өмірдің шынайылығын, оның ерекше сұлулығын айқындай түседі. Сондықтан да бұл шығарма өзінің көркемдік қуатымен, терең мазмұнымен оқырман жүрегінен орын алып, ұзақ уақыт бойы ой салатын құнды туынды ретінде бағаланады.

«Жер жүрегі» повесі – адам жанының ең нәзік, ең күрделі иірімдерін қозғайтын, терең психологиялық талдауға құрылған салмақты туынды. Шығарма атауының өзі көп мағынаны астарлап тұрғандай: «жер» – тіршіліктің бастауы, адамзаттың мекені, ал «жүрек» – сол тіршіліктің ішкі қуаты, сезім мен рухтың орталығы. Осы екі ұғымды біріктіру арқылы автор адам өмірінің табиғатпен, уақытпен және тағдырмен ажырамас байланысын көрсетіп, оқырманды терең философиялық ойға жетелейді.

Повесть құрылымы жағынан да, мазмұны жағынан да ерекше әсер қалдырады. Алғашқы сөйлемнен бастап-ақ оқырманды селт еткізетін тосын интрига ұсынылады: «Сіздің үш ай ғана өміріңіз қалды!…». Бұл бір ғана сөйлем бүкіл шығарманың драмалық арқауын айқындап береді. Өмірдің шектеулі екендігін осындай нақты, қатал формада жеткізу – кейіпкер үшін де, оқырман үшін де ауыр соққы. Осы сәттен бастап шығармада уақыт ұғымы мүлде басқа сипатқа ие болады: әрбір минут, әрбір сәт бағалы, әрбір ой мен әрекет мағыналы бола түседі. Автор дәл осы тәсіл арқылы өмірдің өткіншілігін, адамның өз ғұмырына деген жауапкершілігін терең сезіндіреді.

Шығармада адам денсаулығына немқұрайлы қарамау мәселесі айқын көрініс табады. Дегенмен автор бұл ойды тікелей насихаттап, ашық үгіт түрінде ұсынбайды. Керісінше, кейіпкердің өмір жолы, оның кеш түсінген қателіктері мен өкініштері арқылы астарлы түрде жеткізеді. Бұл – көркем әдебиетке тән нәзік тәсіл. Оқырман дайын қорытындыны алмайды, қайта кейіпкер тағдырына үңіле отырып, өзі ой түйеді. Осы тұрғыдан алғанда, повестің тәрбиелік мәні ерекше терең.

Басты кейіпкер – Ғалымжан Жартыбаевич – күрделі психологиялық бейне. Ол – сырт көзге қалыпты өмір сүріп жүрген, бірақ ішкі әлемінде сан түрлі қайшылықтар мен толғаныстарды бастан кешіретін адам. Ауыр диагнозды естіген сәттен бастап оның жан дүниесінде түбегейлі өзгеріс орын алады. Бұрын мән бермеген дүниелерге жаңаша қарай бастайды, өткен өміріне есеп береді, жіберген қателіктерін таразылайды. Оның ой ағымы, ішкі монологтары арқылы автор адам психологиясының терең қабаттарын ашады. Оқырман кейіпкердің қорқынышын да, үмітін де, өкінішін де бірге сезінеді.

Ғалымжан Жартыбаевичтің тағдыры – тек жеке адамның емес, жалпы адамзатқа тән ортақ мәселенің көрінісі. Адам көбіне өмірдің қадірін оны жоғалту қаупі төнгенде ғана түсінеді. Повесте осы шындық өте әсерлі жеткізілген. Кейіпкердің уақытпен арпалысы, әр сәтті бағалауға тырысуы, өмірге деген құштарлығы – бәрі де оқырман жүрегіне жол табады.

Шығармадағы ең әсерлі, ең драмалық сәттердің бірі – кейіпкердің ем іздеп, үмітпен Сеулге аттануы. Бұл – оның соңғы үміті, соңғы мүмкіндігі. Ұшақтағы сапар – тек географиялық қозғалыс емес, ол – өмір мен өлімнің арасындағы өткел іспетті. Алайда дәл сол «жеті қат көкте» оның өмірінің үзілуі – шығарманың трагедиялық шарықтау шегі. Бұл көрініс ерекше символикалық мәнге ие: адам қанша тырысса да, кейбір тағдырлық сәттер оның еркінен тыс болады. Осы арқылы автор өмірдің әділетсіз көрінетін, бірақ шынайы заңдылықтарын көрсетеді.

Повестің жанрлық сипатына келсек, оны драмалық бағыттағы шығарма ретінде бағалау өте орынды. Мұнда сыртқы әрекеттен гөрі ішкі тартыс басым. Кейіпкердің жан дүниесіндегі күрес, үміт пен үрейдің, сенім мен күмәннің арпалысы – шығарманың негізгі өзегін құрайды. Бұл ішкі драматизм оқырманды терең әсерге бөлеп, шығармаға эмоционалдық күш береді.

Сонымен қатар, автордың тілдік шеберлігі де ерекше атап өтуге тұрарлық. Шығарма тілі қарапайым әрі түсінікті болғанымен, астарында үлкен мағына жатыр. Артық сөзге ұрынбай, дәл әрі әсерлі жеткізу – қаламгердің кәсіби шеберлігін көрсетеді. Әрбір сөйлем кейіпкердің ішкі күйімен үндесіп, шығарманың жалпы атмосферасын күшейтіп отырады.

«Жер жүрегі» – оқырманын бейжай қалдырмайтын, терең ойға жетелейтін, өмірдің мәнін қайта қарауға мәжбүрлейтін шығарма. Ол тек бір адамның тағдырын баяндамайды, ол – уақыттың қадірі, денсаулықтың маңызы, адам өмірінің өткіншілігі туралы үлкен философиялық толғаныс. Мұндай туындылар оқырманның жан дүниесіне әсер етіп қана қоймай, оның өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Сондықтан да бұл повесть өзінің мазмұндық тереңдігімен, психологиялық шынайылығымен және драмалық қуатымен әдебиеттегі құнды шығармалардың қатарынан орын алуға лайық.

Нағашыбек Қапалбекұлының «Қарашаңырақ» атты әңгімесі – ұлттық болмыс пен дәстүр сабақтастығын, көшпелі өркениеттен тамыр тартқан дала заңын, қазақы тіршіліктің қатал да қайсар сипатын терең бейнелейтін көркем туынды. Бұл шығармада автор тек бір ауылдың өмірін суреттеп қана қоймай, тұтас ұлттың тарихи жадын, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерін және сол дәстүрлерді сақтап келген буынның рухани келбетін көркемдік тұрғыдан қайта жаңғыртады.

Әңгіменің атауының өзі – ерекше символдық мәнге ие. «Қарашаңырақ» ұғымы қазақ дүниетанымында әулеттің, ұрпақ жалғастығының, ата-баба рухының киелі ордасы ретінде қабылданады. Демек, шығарма атауы арқылы автор ұлттық тұтастықтың, рухани тамырдың үзілмеуі мәселесін алдыңғы қатарға шығарады. Бұл – тек отбасы туралы емес, тұтас халықтың болашағы мен өткенінің арасындағы алтын көпірді бейнелейтін концептуалдық символ.

Шығармада ерекше ілтипатпен суреттелетін бейне – қазақтың көнекөз қариялары. Автордың: «Қайран, қасиетті қара шалдарым, көкіректері қазынаға толы қарттарым…» деген тебіренісі – жай ғана сағыныш емес, ұлттық рухқа тағзым. Бұл жерде жазушы қарияларды тек жасы үлкен адамдар ретінде емес, халықтың тарихи жадын, өмірлік тәжірибесін, рухани кодын сақтаушы тұлғалар ретінде көрсетеді. Олардың қаталдығы – қатыгездік емес, тәртіп пен өмір заңынан туындаған қажеттілік. Дала заңымен шыңдалған бұл буын ұлттың табиғи сұрыпталу арқылы сақталып қалуына ықпал еткенін автор астарлы түрде жеткізеді.

Әңгімедегі көркемдік кеңістік – алыстағы қазақ ауылы. Бұл кеңістік тек географиялық мекен емес, ол – ұлттық болмыстың, дәстүрлі өмір салтының шынайы сақталған ортасы. Автор ауыл өмірін идеализацияламай, оның шынайы, кейде қатал қырларын да көрсетеді. Бұл – реалистік прозаның басты ерекшелігі. Ауылдағы тіршілік – табиғатпен етене, заңымен қатал, бірақ рухани тұрғыдан таза әлем.

Шығармадағы ең әсерлі эпизодтардың бірі – көкпар көрінісі. Бұл тұс – әңгіменің динамикалық әрі символдық жүктемесі ең ауыр бөліктерінің бірі. Көкпар – жай ғана ойын емес, ол – ерлік пен ептіліктің, батылдық пен намыстың, өмір мен өлімнің шегінде өтетін ұлттық ритуалдық сипаттағы әрекет. Автор бала кезіндегі естелікті қайта жаңғырта отырып, оқырманды сол кезеңнің атмосферасына енгізеді.

Қалжан мен Әбдіғани шабандоздардың бейнесі – эпикалық пафоспен берілген. Олардың: «аттың үзеңгісіне аяқтарын шірене тіреп, қамшыларын ауыздарына тістеп, ат бауырына жантая…» көкпар тартуы – бұл тек физикалық әрекет емес, нағыз батырлықтың, еркін рухтың көрінісі. Бұл жерде автор гипербола мен метафоралық бейнелеуді шебер қолдана отырып, шабандоздарды аңыз кейіпкерлеріне дейін көтереді.

Алайда осы асқақ көріністің трагедиялық шешімі бар. Әбдіғани шабандоздың көкпар үстінде қаза табуы – шығармадағы кульминациялық сәт. Бұл эпизод өмірдің қаталдығын, дала заңының ымырасыздығын айқын көрсетеді. Мұнда романтикалық пафос пен трагедиялық шындық астасып жатыр. Яғни, батырлық пен өлім, ерлік пен құрбандық қатар жүреді. Бұл – қазақ дүниетанымындағы тағдырға мойынсұну мен ерлік рухының синтезі.

Автор осы бір көрініс арқылы өткен мен бүгіннің арасындағы айырмашылықты да аңғартады. Бұрынғы дала өмірінде адам табиғатпен бетпе-бет келіп, өмір үшін күрессе, бүгінгі қоғамда бұл қасиеттер біртіндеп әлсіреп бара жатқандай әсер қалдырады. Сондықтан шығармада ностальгиялық сарын басым. Бірақ бұл – жай ғана өткенді аңсау емес, бүгінгі ұрпаққа ой салу, ұлттық құндылықтарды қайта бағамдауға шақыру.

Жалпы алғанда, «Қарашаңырақ» – ұлттық болмыстың, тарихи жадтың, дәстүр мен замана қайшылығының көркем шежіресі. Бұл шығармада автор реализм мен символизмді ұштастыра отырып, қазақ қоғамының рухани эволюциясын терең бейнелейді. Қарашаңырақ – тек өткеннің белгісі емес, ол – бүгін мен болашақты жалғап тұрған рухани өзек. Ал сол өзектің беріктігі – ұлттың өміршеңдігінің басты кепілі.

Нағашыбек Қапалбекұлының «Беторамал» атты әңгімесі – қазіргі қазақ прозасындағы әлеуметтік-психологиялық тереңдігімен, символдық астарымен және адам болмысының трагедиялық иірімдерін ашудағы көркемдік қуатымен ерекшеленетін туындылардың бірі. Бұл шығарма жеке адамның тағдырын арқау ете отырып, тұтас қоғамның рухани дағдарысын, адамгершілік құндылықтардың құлдырауын және уақыт озған сайын өзгеріске түскен моральдық нормалардың бет-бейнесін айқын көрсетеді.

Әңгіменің атауының өзі – көпқабатты семантикаға ие көркемдік белгі. «Беторамал» ұғымы қазақы дүниетанымда тек тұрмыстық зат емес, ол – адамның өмірінің соңғы кезеңін, ақтық сапар алдындағы қоштасуды білдіретін символдық мәнге ие. Осы тұрғыдан алғанда, шығарма атауы бүкіл мәтіннің идеялық-көркемдік жүгін көтеріп тұрған метафоралық кілт іспетті. Автор бұл символ арқылы өмірдің өткіншілігін, адамның фәнидегі ғұмырының шектеулілігін және сол өмірде жасаған әрекеттерінің қайтарымсыз салдарын меңзейді.

Шығарманың өзегінде кәрілік трагедиясы, өкініш пен өксік, ата-ана мен ұрпақ арасындағы рухани байланыстың үзілуі, ар-ожданның жұтаңдануы секілді мәңгілік тақырыптар тоғысады. Автор басты кейіпкер Хамит Бектасовтың жан әлемін психологиялық талдау арқылы аша отырып, оның өмір жолындағы қателіктерінің ақырғы нәтижесін – жалғыздық пен рухани күйреуді көрсетеді. Бұл – характер эволюциясының трагедиялық сипаты. Кейіпкердің: «Бәріне өзім кінәлімін… әттең, шіркін, өмірімді қайта бастасам ғой…» деген ішкі монологы – оның бүкіл өмірінің философиялық қорытындысы, кешегі мен бүгінгінің арасындағы қайшылықты сезінуден туған ащы өкініш.

Композициялық тұрғыдан алғанда, әңгіме шегініс (ретроспекция), ішкі монолог, диалог және авторлық баяндау тәсілдерінің синтезі арқылы өрбиді. Автор студент Қанағаттың көзімен баяндау арқылы екі түрлі уақыт кеңістігін – өткен мен бүгінді – қатар қабыстырады. Бұл – шығармадағы хронотоптың күрделілігін танытатын маңызды көркемдік тәсіл. Әңгіме басындағы: «Сенімен амандасайын деп арнайы келдім. Ішім толған шер мен зар…» деген сөз бен соңындағы: «Мынау сол жыртысым…» деген түйін – тұтас композициялық шеңберді құрап, адам өмірінің басталуы мен аяқталуы арасындағы символикалық байланысты айқындайды. Бұл жерде жазушы өмірдің циклдік табиғатын, адам тағдырының шектеулі шеңберін көркемдік тұрғыдан шебер бейнелеген.

Басты кейіпкер Хамит Бектасов – тек жеке тұлға ғана емес, тұтас бір дәуірдің жиынтық образы. Ол – кеңестік кезеңде мансап пен биліктің биігіне көтерілген, қоғамда беделі болған, бірақ сол жолда рухани құндылықтарды екінші орынға ысырып қойған адам. Автор оның бейнесін асқақтан құлдырауға дейінгі траекторияда көрсетіп, классикалық трагедиялық кейіпкердің моделін жасайды. Бір кездегі даңқ пен салтанаттың бүгінгі күні өкініш пен күйзеліске айналуы – өмірдің ирониялық, тіпті фаталистік сипатын танытады.

Әңгімеде көтерілген ең өзекті мәселелердің бірі – ұрпақтар сабақтастығының үзілуі және ата-анаға деген құрметтің әлсіреуі. Кейіпкердің: «Кәужіреп құр сүйегі қаңсыған, қақсаған тірі өлік мен сілімтік кімге керекпін?.. Өз қанымнан туғандар тас жүрек, қатыгез боп кетіпті…» деген сөздері – тек бір адамның жан айқайы емес, қазіргі қоғамдағы моральдық дағдарыстың көрінісі. Мұнда автор әлеуметтік-психологиялық проблеманы жеке трагедия арқылы жалпылама деңгейге көтереді.

Сонымен қатар шығармада діни сана мен шынайы адамгершілік арасындағы қайшылық өткір қойылады. Бектасовтың баласының сырттай діндар болып көрінгенімен, әке алдындағы парызын орындамауы – бүгінгі қоғамдағы формализм мен екіжүзділіктің айқын белгісі. Бұл – автордың әлеуметтік сыншылдығын танытатын маңызды деталь. Яғни, сыртқы діншілдік пен ішкі рухани тазалықтың арасындағы алшақтық шығармада астарлы түрде, бірақ өте әсерлі берілген.

Жалпы алғанда, «Беторамал» – тек бір кейіпкердің тағдыры емес, қазіргі қоғамда кең етек алып бара жатқан әлеуметтік құбылыстың көркем хроникасы. Қарттар үйінің көбеюі, ұрпақтың ата-анадан алыстауы, материалдық құндылықтардың рухани дүниеден басым түсуі – осының бәрі шығармада жинақталып, Бектасов образы арқылы типтік деңгейге көтерілген. Бұл – типтендіру әдісінің сәтті жүзеге асқанын көрсетеді.

«Беторамал» – адамгершілік құндылықтардың құлдырауын терең философиялық деңгейде пайымдаған, ұлттық дүниетаным мен замана шындығын шебер ұштастырған, символдық және психологиялық астары бай шығарма. Ол – бүгінгі қоғамның рухани ахуалын айна-қатесіз бейнелейтін, оқырманды ойландырумен қатар, ар-ождан таразысына жүгінуге мәжбүр ететін көркем туынды.

Ал «Соғымбасы» әңгімесі оқырман үшін өте қызықты деп айтуға толықтай негіз бар. Бұл әңгіме – сырттай қарағанда ауылдағы қарапайым бір соғымбасы басындағы басқосуды суреттейтіндей көрінгенімен, ішкі мазмұны жағынан адам ғұмырының өткіншілігін, достықтың құндылығын, заман өзгерісімен бірге өзгерген қоғам кескінін терең толғайтын күрделі туынды.

Шығармада баяндаушы Асан көптен көріспеген құрдастары – Атамқұл, Маралбай және Алпысбаевтың шақыруымен ауылға келіп, соғымбасы дастарханына қатысады. Бұл басқосу – жай ғана қонақтық емес, бір буынның өткен өміріне есеп беруі, жастық шақпен қоштасуы іспетті рухани кеңістік ретінде көрінеді. Дастархан басындағы бата, құран оқу, ет тарту секілді дәстүрлік рәсімдер арқылы автор ұлттық болмыстың сақталған белгілерін танытады.

Әуелгі әңгімелер жеңіл әзіл, естелік, өткен күндерді сағыну сипатында өрбиді. Құрдастар өздерінің өмір жолын еске алып, әрқайсысы өз тағдырынан сыр шертеді. Бірі – ұзақ жыл шопыр болғанын, бірі – палуандық дәуренін, енді бірі – білім қуған кезеңін айтып, өмірдің әр алуан жолмен өткенін аңғартады. Осы тұста кейіпкерлердің мінез ерекшеліктері де айқындала түседі: Алпысбаевтың кекесінге бейім, ащы тілді болмысы, Маралбайдың іштей салмақты, бірақ қызба мінезі, Атамқұлдың аңқылдақ, бірақ жүрегі жаралы жан екені табиғи диалогтар арқылы ашылады.

Уақыт өткен сайын әңгіме арнасы тереңдей түсіп, тек жеке естеліктермен шектелмей, қоғамдық мәселелерге ойысады. Қарттардың сөзінен қазіргі ауыл өмірінің күрделі келбеті көрінеді: нашақорлықтың етек алуы, ұрлықтың көбеюі, жастардың азғындауы, жат діни ағымдардың таралуы сияқты өткір мәселелер қозғалады. Автор бұл құбылыстарды тікелей айыптап қана қоймай, оны жаһандану үдерісімен байланыстыра отырып, ұлттық құндылықтардың әлсіреуін астарлы түрде көрсетеді. Осы арқылы шығарма әлеуметтік сын сипатына ие болады.

Сонымен қатар, туындыда ұрпақтар арасындағы алшақтық мәселесі де терең көрініс табады. Балалары шетелде жүріп, ата-анасының қадірін білмей кеткен адамдар туралы әңгіме – бүгінгі қоғамдағы рухани дағдарыстың айқын белгісі ретінде беріледі. Бұл эпизодтар арқылы автор оқырманды ойлануға жетелейді: материалдық жетістік пен рухани құндылықтың арақатынасы қандай болуы тиіс?

Шығармадағы ең әсерлі тұстардың бірі – Атамқұлдың достарына деген өкпе-назы. Оның қызының тойына ешқайсысының келмегенін айтып, жылап жіберуі – сырттай қарағанда болмашы реніш сияқты көрінгенімен, шын мәнінде бұл – жылдар бойы жиналған ішкі жалғыздықтың, көңілдегі мұңның сыртқа шығуы. Осы сәтте баяндаушының да жан дүниесі қозғалып, ол өз әрекетіне сын көзбен қарай бастайды. Бұл эпизод достықтың уақыт сынына түскендегі шынайы болмысын ашады.

Ішімдік әсерімен кейіпкерлердің шынайы табиғаты одан әрі ашылып, ақырында кикілжіңге ұласады. Алпысбаев пен Маралбай арасындағы жанжал – тек жеке адамдардың қақтығысы емес, мінез бен тағдырдың, ішкі кернеудің сыртқа шығуының көрінісі. Төбелестің орын алуы шығарманың шарықтау шегі ретінде қызмет етіп, адам табиғатындағы қайшылықтарды айқын көрсетеді: бір жағынан – достық, екінші жағынан – пендешілік.

Әңгіменің соңғы бөлігінде баяндаушының өзен жағасындағы ойлары ерекше философиялық тереңдікке ие. Мұз болып қатқан өзен – уақыттың символы іспетті. Бір кезде асыр салып ойнаған балалық шақтың орнына бүгінгі қариялық келгенін сезіну – өмірдің өткіншілігін түйсінудің көрінісі. Осы тұста кейіпкер өмірдің мәні, уақыттың қадірі, ажал туралы ойға шомып, бүкіл өткен ғұмысына іштей есеп береді.

Шығарма – қарапайым ауыл көрінісі арқылы тұтас бір буынның тағдырын, қоғамдағы өзгерістерді және адам жанының күрделі табиғатын бейнелеген туынды. Автор күнделікті тұрмыстық жағдайларды шебер пайдалана отырып, терең философиялық ой айтады. Әңгіме оқырманды өмірдің мәні, достықтың қадірі, уақыттың шектеулілігі туралы толғануға жетелейді.

Нағашыбек Қапалбекұлының «Пандемия» атты әңгімесі – шағын көлеміне қарамастан, замана шындығын терең философиялық астармен бейнелеген, оқырман санасына салмақты ой тастайтын туынды. Бұл шығарма – барша адамзат бастан өткерген індет кезеңінің көркем шежіресі ғана емес, сол ауыр уақыттағы адам мінезі мен қоғамдық санадағы өзгерістерді ашып көрсететін әлеуметтік-психологиялық проза үлгісі.

Әңгіменің тақырыптық өзегі – пандемия кезеңіндегі адам өмірінің нәзіктігі, тіршіліктің өткіншілігі және жауапкершілік мәселесі. Жазушы нақты тарихи кезеңді негізге ала отырып, оны көркемдік жинақтау арқылы жалпыадамзаттық деңгейдегі ой-толғамға ұластырады. Бетперде киіп, бір-бірімен еркін тілдесе алмай қалған қоғам бейнесі – тек сыртқы жағдайдың көрінісі ғана емес, адамдар арасындағы рухани алшақтықтың да символы іспетті.

Шығармадағы негізгі оқиға аурухана палатасында өрбиді. Бұл кеңістік – шектеулі, тұйық, бірақ сонымен бірге терең философиялық мәнге ие хронотоп. Екі кереуетте қатар жатқан науқастардың диалогы арқылы автор адам жанының күйзелісін, үміт пен үрейдің арпалысын шынайы суреттейді. Әсіресе кейіпкерлердің бір-бірімен тілдесуі – қазақы болмысқа тән қарапайымдылық пен жанашырлықтың көрінісі. Осындай шағын кеңістікте үлкен өмірдің мәні ашылады.

Сапар мен Мақсат бейнелері – бір-біріне қарама-қарсы қойылған, бірақ тағдыр тоғыстырған кейіпкерлер. Мақсат – өмірге құштар, алға қойған армандары көп, тіршілікке бейім жан ретінде көрінеді. Алайда оның тағдырындағы басты қайшылық – жауапсыздық пен немқұрайлық. Ел ішінде тарап жатқан індетті елемей, той жасау сияқты әрекеттері – оның жеке басының ғана емес, тұтас қоғамдағы жеңілтектік пен салғырттықтың көрінісі. Бұл – типтік образ жасауға негіз болған әлеуметтік құбылыс.

Мақсаттың қаза болуы – әңгіменің трагедиялық кульминациясы. Оның дәрігерлерге барын беруге даяр болуы – адам баласының өлім алдында дәрменсіз екенін, материалдық құндылықтардың шектеулі екенін көрсетеді. Яғни, бұл жерде автор өмірдің ең басты ақиқатын – адамның тағдыр алдындағы әлсіздігін алға тартады. Кейіпкердің өлімі – кездейсоқтық емес, оның бұрынғы әрекеттерінің заңды салдары ретінде беріледі.

Сапар образы арқылы жазушы шығармаға философиялық тереңдік дарытады. Аурудан айығып шыққан кейіпкердің өмірге деген көзқарасы өзгереді. Ол: «бұл өмірде ештеңенің жауабы болмай қалмайды» деген тұжырымға келеді. Бұл – шығарманың идеялық түйіні, авторлық концепцияның көрінісі. Мұнда себеп-салдар байланысы, моральдық жауапкершілік мәселесі анық байқалады.

Әңгімедегі Кетік Кәтіштің аяқ астынан жол апатынан қаза табуы – композициялық тұрғыдан қосымша, бірақ мағыналық тұрғыдан маңызды деталь. Бұл эпизод арқылы автор әділеттің кешіксе де орнайтынын, өмірде жасалған әрбір әрекеттің өз қайтарымы болатынын меңзейді. Яғни, шығармада тағдыр, жазмыш, карма секілді философиялық категориялар астарлы түрде көрініс табады.

Жалпы алғанда, «Пандемия» әңгімесі – індетті елемеген, жауапкершіліктен қашқан адамдардың трагедиясын ғана емес, бүкіл қоғамның рухани сынақтан өткен кезеңін бейнелейтін шығарма. Жазушы көркемдік иірімдер, психологиялық талдау, символдық детальдар арқылы оқырманды терең ойға жетелейді. Финалдың ашық әрі ой салатын сипатта аяқталуы – шығарманың әсерін күшейтіп, оқырманды өз өміріне, өз әрекеттеріне сын көзбен қарауға итермелейді.

Осылайша, «Пандемия» – уақыт шындығын көркемдік сүзгіден өткізіп, адамзатқа ортақ моральдық сабақ ұсынған, шағын формадағы үлкен мазмұнды туынды.

Осы орайда терең мағына мен ерекше эмоция сыйлай алатын «Миллионер» әңгімесі туралы да пікірімді назарларыңызға ұсынсам. Н. Қапалбекұлының «Миллионер» атты әңгімесі – өмірдің шынайы болмысын, рухани құндылықтар мен материалдық байлықтың арасындағы мәңгілік тартысты ерекше суреттеген туынды. Бұл шығарма тек бір адамның тағдырын емес, тұтас дәуірдің рухани кескінін көрсетеді.

«Миллионер» әңгімесінің өзегі – байлық пен билік жолындағы адам тағдырының күрделілігі, рухани және материалдық құндылықтардың шектескен тұсындағы адасушылық. Автор көркемдік құралдар арқылы бүгінгі қоғамның ішкі күйзелісін, адамдық болмыстың құнсыздану үрдісін терең сезіммен бейнелейді. Шығарманың басты идеясы – «барлық нәрсенің өзегінде адамгершілік тұруы керек» деген гуманистік ұстанымға негізделген.

Әңгіме басында оқырман жылы, таныс ауыл атмосферасына енеді. Топар ауылы – уақыт пен естеліктің, сағыныш пен тазалықтың мекені. Басты кейіпкер, университет ректоры Бақытжанның туған ауылына оралуы – тек географиялық сапар емес, рухани ізденіс, адамдық түп-тамырын іздеу сапары. Бұл бейне – қазіргі урбанизацияланған қоғамдағы рухани бос кеңістіктен шаршаған, өзімен және өмірмен үйлесім тапқысы келген адамның символы.

Бақытжан – білімді, сабырлы, өз жолын тапқан зиялы адам. Бірақ оның ішкі әлемі тыныш емес. Ол қала мен мансаптың ортасында жүріп, адамдық жылылықтан айырылғанын сезеді. Сондықтан ауылға келуі – рухани тазаруға деген ұмтылыс.

Ал Сапар – ауылдың адал перзенті, қарапайым мінезді, өмірге шынайы көзбен қарайтын жан. Оның бейнесі арқылы автор ауыл тіршілігінің тазалығын, адамдық қарапайымдылықтың биіктігін көрсетеді. Сапар – бүгінгі өзгермелі қоғамда өзін жоғалтпаған санаулы бейнелердің бірі.

Бірақ әңгіменің ең күрделі тұлғасы – Миша (Михаил). Ол – бұрынғы дәулетті, беделді адам, бүгінде тағдырдың соққысынан күйреген, жалғыз қалған тұлға. Миша – бір дәуірдің күйреуінің символы. Кеңес дәуірінің күйреуімен бірге өзінің тіршілік мағынасын жоғалтқан, жаңа қоғамның талаптарына бейімделе алмаған адам бейнесі арқылы жазушы посткеңестік тұлғаның трагедиясын ашады. Оның өмір жолы – «бәрі бар, бірақ ештеңесі жоқ» деген ішкі қайшылықтың көрінісі. Байлық пен даңқтың баянсыздығы, рухани бос кеңістік, жалғыздық – Миша тағдырының өзегі.

Нағашыбек Қапалбекұлының баяндау мәнерінде автобиографиялық шынайылық пен философиялық тереңдік қатар өріледі. Табиғат көріністері – орман, тоғай, көл, өзен – тек фон емес, кейіпкерлердің рухани жағдайының метафорасы. Мәселен, көл мен орман бейнесі – адам жанының айнасы, тазалық пен былғаныштың, өмір мен өлімнің, тыныштық пен күйзелістің арасындағы контраст.

«Миллионердің» ауылда, жалғыз, құжатсыз мал бағып жүруі – үлкен драмалық парадокс. Бұл – өмірдің ирониясы ғана емес, философиялық астары терең шындық. Материалдық байлыққа мас болған адам түптің түбінде рухани кедейлікке ұшырайды. Миша тірі, бірақ өмір сүріп жатқан жоқ. Оның адамдық болмысы жойылған, өз аты мен өткенін жоғалтқан. Бұл – рухани өлімнің көрінісі.

Шығармада жеке тағдырлар арқылы кең әлеуметтік шындық бейнеленеді. Сапарға берілген көл мен тоғай – кезінде ортақ меншікте болған халық игілігі. Бірақ нарық заманы келгенде ол байлық жеке адамдардың қолына өтіп, әділдік ұғымы көмескіленді. Бұл – тәуелсіздік кезеңіндегі қоғамның моральдық-экономикалық дағдарысын айқын бейнелейтін көрініс.

Миша мен Володия арасындағы оқиға – адам бойындағы қызғаныш, сатқындық, өзімшілдік секілді рухани кеселдердің трагедиялық салдарын көрсетеді. Достық пен адалдықтың құны азайған, адам бір сәттік пайда үшін өз рухын сатып жіберетін қоғам – шығарманың басты нысанасы. Автордың «нағыз жау – іштегі қызғаныш» деген түйіні – адамзатқа ортақ мәңгілік сабақ.

Нағашыбек Қапалбекұлының «Миллионер» әңгімесі – қазақ прозасында рухани және әлеуметтік тақырыптарды астастыра алған, көркемдік қуаты жоғары шығарма. Мұнда жазушы өмірдің ащы шындығын боямасыз көрсетіп, оқырманды өз жүрегіне үңілуге мәжбүр етеді. Әңгіме оқырманды бейжай қалдырмайды. Әр жолында қоғамның көлеңкелі тұсы мен адамның ішкі әлеміндегі дағдарыс қатар суреттеледі.

Автордың үлкен шеберлігі – өмірлік материалды көркем философия деңгейіне көтеруінде. Ол оқырманға:«Байлық бәрін емес, бәрекелдіні сатып ала алады. Ал адалдық – өлмейтін рух» деген мәңгілік ақиқатты жеткізеді.

Бұл шығарма – рухани құндылықтардың құлдырауына қарсы үн, адамдық ардың мәңгі өлмейтіндігін дәлелдейтін көркем шежіре. Нағашыбек Қапалбекұлы өз әңгімесі арқылы оқырманға тек өмірді көруге емес, оны сезінуге үйретеді.

Қорыта айтқанда, Нағашыбек Қапалбекұлының «Сакура гүлдегенде» жинағына енген әңгімелер мен повестер – қазіргі қазақ прозасының идеялық-көркемдік деңгейін айқындайтын, уақыт пен қоғам шындығын терең бейнелеген салмақты туындылар. Бұл жинақта қаламгер жеке адам тағдырын ғана емес, тұтас ұлттың рухани ахуалын, тарихи жадын, бүгінгі болмысын кең ауқымда саралайды. Әр шығарма – бір-бірімен өзектесіп жатқан үлкен философиялық жүйенің бөлшегі іспетті.

Жазушының шығармашылық ерекшелігі – қарапайым өмір құбылыстарын терең әлеуметтік және моральдық мәселелермен сабақтастыра білуінде. «Беторамалдағы» кәрілік трагедиясы мен адамгершілік құндылықтардың құлдырауы, «Қарашаңырақтағы» ұлттық дәстүр мен дала заңына деген сағыныш, «Пандемиядағы» замана сынағы мен жауапкершілік мәселесі – барлығы да бір арнаға тоғысып, адам болмысының күрделі табиғатын ашуға қызмет етеді. Бұл – автордың типтендіру, символдау, психологиялық талдау секілді көркемдік әдістерді шебер меңгергенін көрсетеді.

Аталған шығармаларда уақыт ұғымы ерекше мәнге ие. Өткен мен бүгін, дәстүр мен жаңашылдық, руханият пен материалдық құндылықтар арасындағы қайшылықтар кейіпкерлер тағдыры арқылы көркем шешімін табады. Автор адам өмірін белгілі бір кезеңмен шектемей, оны тұтас бір эволюциялық үдеріс ретінде қарастырады. Осы арқылы оқырманды тек бақылаушы емес, ойланушы, пайымдаушы деңгейіне көтереді.

Сонымен бірге, жазушы тілдік-стильдік тұрғыдан да өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді. Оның баяндау мәнері шынайылық пен бейнелілікті ұштастырып, оқырманды оқиға желісіне еркін жетелейді. Көркем детальдар, символдық образдар, ішкі монологтар мен диалогтар – барлығы да шығарманың идеялық мазмұнын тереңдете түседі. Әсіресе астарлы ой мен ишараға құрылған тұстар оқырманды мәтінмен бірге ой кешуге жетелейді.

Нағашыбек Қапалбекұлының бұл жинағы – тек көркем туындылар жиынтығы ғана емес, бүгінгі қоғамға қойылған рухани диагноз деуге болады. Мұнда адамгершілік, ар-ождан, жауапкершілік, ұлттық құндылықтар секілді мәңгілік ұғымдар қайта таразыланып, жаңа заман контексінде бағаланады. Жазушы оқырманға дайын жауап ұсынбайды, керісінше, сұрақ қояды, ойландырады, толғандырады.

Сондықтан «Сакура гүлдегенде» жинағы – қазақ әдебиетінің қазіргі кезеңіндегі маңызды көркемдік құбылыстардың бірі. Ол – оқырманын бейжай қалдырмайтын, санасына сәуле түсіретін, жүрегіне салмақ салатын туындылар топтамасы. Мұндай шығармалар әдебиеттің басты миссиясын – адамды рухани тұрғыдан жетілдіру, қоғамды ойландыру қызметін толық атқарып отыр.

 

Қанат АЛТЫНБЕК,
жазушы, зерттеуші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

ҚР Ұлттық кітапханасының Ғалым хатшысы.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *