ЖУСАН ТҮСТЕС БІР ҚҰЛЫН КІСІНЕЙДІ
Дүйсенәлі Әлімақын,
1989 жылы Шыңжаңның, Іле өңірінде туған. Ақын, журналист, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Қараша құстар ғазалы», «Жанарымда түн сөйлейді» жыр жинақтарының авторы. Оның өлеңдері Грекияда жарық көрген халықаралық антологияға енген. «Алтын тобылғы» әдеби байқауының жеңмпазы. «Болашақ» бағдарламасымен Джордж Вашингтон университетінде білім алған. 2025 жылы АҚШ кітапханалары мен архивтеріндегі зерттеулеріне негізделген «Америка ашқан қазақтар» атты кітабы жарыққа шыққан.
БАЛБАЛ
Қараймын ұзақ көз салып,
Мынау бір балбал тастарға.
Шертеді күйін ғасырдың,
Айтады дәтін аспанға.
Ең соңғы жеткен жері осы,
Кең дала төсін мекендеп.
Іздеймін ойдан елесін,
Қайсы бір бабам екен деп.
Бар ма еді менде құдірет,
Жіберер тасты сөйлетіп.
Тұр ма екен олар кім білсін?
Даласын әнмен тербетіп.
Осылай үнсіз тұрғалы,
Арада қанша жыл өткен?
Сарбазы шығар Қас-Сақтың,
Шекара, шепті күзеткен.
Батыры болар түменнің,
Намыстан кеткен өртеніп.
Ақыны ма екен бір елдің?
Тәңіріге тұрған шер төгіп.
Біреудің жалғыз ұлы ма?
Жалғызды жауы ұсатпақ.
Төлеген бе екен жол бойы,
Арманын өлген құшақтап.
О, балбал бабам, бас ием,
Тас өрнек тоның тозбасын.
Бойыңа сіңір ғасыр мен
Тағдырдың тарғыл көз жасын.
***
Көрінеді бұл өмір бір белең боп,
Көбелек мұң көлбеңдеп күнде келмек.
Ұйықтап жатқан ұлтымның үмітіндей,
Іргемде түн ұйықтайды ирелеңдеп.
Ұйқышыл түн ойдағы тымықты ішіп,
Кер далаға көктемгі бұлт түсіп.
Табақтай бой таңғы күн көтерілді,
Жотасын жылқылардың сүйіп-құшып.
Өлеңді ойдың аппақ құсы дейді,
Күні сөнген кеңістік кішірейді.
Астанадан көрінген ай бетінде,
Жусан түстес бір құлын кісінейді.
Алаш ие аспаным жалғыз қалып,
Қызыл жалқын сәулені таң қызғанып.
Бақыт сұрап жалыққан халық сынды,
Уақыт жылап жатады жалғыз қалып.
***
Жүрегім тепкіленген,
Екі кеш арасында.
Қоштасып кеттім елмен,
Іленің жағасында.
Білмеймін нені іздеймін,
Қай арман жетелеген.
Жусаннан аласамын,
Биікпін бетегеден.
Ұлы сөз тұрды ойымда,
Айта алмай қор боламын.
Желкелеп сұр уайым да,
Үмітке алданамын.
Шығарып салды мені,
Туған жер асқар белі.
Өксіді жан, жүрегім,
Бір үміт бастар мені.
Көңілге мұң салады,
Алғашқы «от басуым».
Еліңмен қоштасуың,
Өзіңмен қоштасуың.
Бөрінің жолда азығы,
Дұрыс қой осы бағыт.
Іленің асау суы,
Көз жасым қосып ағып.
Есен бол, есті жұртым,
Жырыммен тербетермін.
Еділім сен шығарсың,
Қазтуған мен бе екенмін?!
Сауық боп сайранды елге,
Қосылған сан дүбірге.
Жастығым қалған жерде,
Жүрегім қалды бірге.
ТЕАТР
Өкпелі шығар көбелек күзге,
Мезгілден бұрын қар түсті алаңға.
Театр көріп не керек бізге?
Адамның бәрі әртіс заманда.
Сахнам – өмір, ән салып өтем,
Көңілге қашан ғажап тұнады?
Жыр жазып неге шаршадым екен?
Онсыз да ақын қазақтың бәрі.
Гомері болған, Дантесі болған,
Халықтың ойы сезімі емес пе?!
Теңізді аңсап, қайтесің, айнам,
Өмірдің өзі теңіз емес пе?!
Сәтсіз үміттей сына көрмеші,
Жүрекке өсір ғұмырдың гүлін.
Айна алдында көп тұра бермеші,
Ұрлайды айна жүзіңнің нұрын.
Өрмелеп мен де шыңға жетермін,
Арғымақ – арман асқағым үшін.
Ескі бір жолды құрбан етермін,
Жаңа жол үнсіз басталу үшін.
Мезгілсіз тағы қар түсті алаңға,
Көбелек-күздің ұятын көміп.
Адамның бәрі әртіс заманда,
Қайтеміз, қалқам, театр көріп?!
Маздатып жырын кеудемде,
Жетелеп кетті мені өмір.
Мен алғаш сені көргенде,
Бұдан да нұрлы еді өмір.
Отыңа түсіп күйгенде,
Жанарым жоқ боп кеткені.
Мен алғаш сені сүйгенде,
Бұдан да ернім отты еді.
Қасыңа жақын келгенде,
Айтылып тұрды көзіңде ой.
Мен сені алғаш көргенде,
Бұдан да тарпаң едім ғой.
Жаныма жарқын гүл берген,
Шақырып шексіз әлемің.
Мен алғаш сені сүйгенде,
Бұдан да мөлдір, пәк едім.
ҚАЗАҚ
Заман зілді қорғасын
көмейімде кілкіген,
Мен күрсінсем, өткен бір
ғасыр үшін күрсінем.
Іздеймін кеп жоғымды
ызғар желдің өтінен,
Уақыт-шалдың сынынан
аман-есен өтіп ем.
Дауыл десім жасқады
қылыштарды, найзаны,
Тұлпар мініп өстім мен, күнді
өңгеріп, айды алып…
Мен кешірсем, кешірем
жауымды да, досты да,
Асқақ ұран тастадым
ала аспанның астына.
Империяны шошытты
тұлпарымның дүбірі,
Маңдайыма нұр шашты
алып күннің жылуы.
Қағазға емес, ойымды
тасқа жаздым таңбалап,
Еркіндікті сүйдім мен
алыс-алыс жол қарап.
Кегім қайнап тұрады
қылышымның жүзінде,
Бақыт жыры жазылған
ұлтымның көзінде.
Ту ұстадым қашанда
дала заңын, ой заңын,
Сөзбен ғана бекіді
менің әрбір байламым.
Қобыз қандай мұңлы еді,
далам қандай кең еді,
Сол қобыздың тілінде күй
ойнаған мен едім.
Бақыт егіз болсын деп
бәрін бастан ойладым,
Домбыраның төсіне
егіз шек жалғадым.
Салтанатын асырып, алпыс
атан артқанмын,
Жұмақ іздеп, жер шалып,
«күн түбіне жортқанымын».
Ат үстінде ойланып,
ат үстінде қалғыдым,
Күнге қарап ұлиды,
бөрі мінез тағдырым.
Тарғалаңды сәттерде Тәңірі
сыйын нәсіп қып,
Құшағында тербелдім кең
даланы бесік қып.
Арал болып тартылдым,
Жайық болып тасимын,
Айды көрсем қол жайып,
күнді көрсем бас идім.
Қан майданды ұрыста
ханның сөзін айтармын,
Еркіндіктен жаралдым,
еркіндікке қайтармын.
МЕН. ОЛ
Қоштасып қайтып барады ол,
Жүрегі – көктем, жаны – қыс.
Оны ертіп кетті қара жол,
Мені ертіп кетті сағыныш.
Сағыныш хатым сарғайды,
Жанымды біреу ұққан ба?!
Сырымды айтты ол жайлы,
Қараша қайтқан құстарға.
Сөзіме менің бүлініп,
Самарқау жаны жүдеген.
Оны ертіп кетті бір үміт,
Мені ертіп кетті бір өлең.
Өртеді, мұңы өртеді,
Жыраққа тастап барлығын.
Оны ертіп кетті ертеңі,
Мені ертіп кетті тағдырым.
ВИРЖИНИЯ. ЖАЗ. ПЕЙЗАЖ
Шағи аспан жанарында
жүйрік жұлдыз жорғалап,
Көктен түскен нар сәулеге
шомылады жар қабақ.
Дәптеріме жазған жырдай
намаздыгер шағында,
Кенже ұлымның бесігіне
ай қонады қорғалап.
Қыдырады қонағымдай
сай-саланы түн өрлеп,
Мезгілсіздеу келген мұңды
жіберсе екен шідерлеп.
Жаздың таңы… жылқышы
күн көтерілді тағына,
Шашасына шық жабысқан
жылқыларды түгендеп.
Пай, пай, шіркін жануарлар
рухқа шөлдеген,
Алты ай шапса, арымаған,
тебінгісі терлеген.
Кешегі өткен кейіс күннің
кермек дәмін татқызып,
Көбелектер ұшып жатыр көз
алдымнан көлденең.
Сүйектері қаусап тұрған қарт
ғасырға сөзім ем,
Мен кезіксем сендерге енді
Есіл ой боп кезігем.
Сонда ғажап көрінер ә,
сұлу болар дүние,
Өмір сені көрсем егер
сол адамның көзімен.
ТҮНГІ ТЕРГЕЛУ
Күз жылатты бақтағы гүлді әдемі,
Қандай сиқыр байлаған мұнда мені?!
«Әй, бала, жалғызсың ба?»,
– деді мезгіл,
Қателесті, қасымда түн бар еді.
Мен күлдім, қарсы алдымда
айнам күлді.
Бетіме әкеп басады тайған нұрды.
«Ғашықсың ба?», – деп сұрады
жапырақтар,
– Япыр-ай, әулие ме, қайдан білді?
Көз алдымда құбылып түнгі сурет,
Арғымағы үміттің жүр кісінеп.
– «Бүгін қайда барасың?»,
– деді жолдар,
Сен жаққа барарымды білгісі кеп.
Түн үнсіз… Жоқ, айналам
дүбірлі елдей,
Барады жымысқы жыл сырын бермей.
«Әй, ит-ай, сүйесің ғой», – деді желдер,
«Иә», – дедім басқа сөзге тілім келмей.
Бұл шаһардың мөлдіреген жанарын,
Саған жүзік етейін бе, қарағым?!
Жапырақтың ғұмырындай қысқарған,
Желмен ұшып бара жатыр жаз әнім.
Бұл шаһардың таусылмайтын
жолдарын,
Саған арман етейін бе, ардағым?!
«Бұдан басқа жол бар,
– дейді, – даңғылдау»,
«Сенен өзге жан бар»,
– дейді, нанбадым.
Бұл шаһардың қызыл-жасыл гүлдерін,
Саған сыйлау үшін ғана үзгемін.
Бұдан басқа жол бар десе, жүрмедім,
Сенен өзге жан бар десе, сүймедім.
Бұл шаһардың қызығы мен сайранын,
(Күрең күздің қоржынына байладым).
Қайтқан құстарға зар айтты төбемде,
Сен қайдасың, айтшы, өзім қайдамын?!
ТАҢҒЫ ТҮС
Ол бір ғажап таңда көрген түс еді,
Көл жағалай қонған ауыл, құс елі.
Содан бері батқан қызыл күн көрсем,
Қыз Жібектің беті есіме түседі.
Арлыларды әлі жетіп даттаған,
Күншілдіктің күркесіне тоқтаған.
Сүйір тілдер сүйреңдесе алдымнан,
Бекежанның жебесі ме деп қалам.
Иығымнан басады кеп зілдей мұң,
Қара ниет демей оны кім деймін?
Бір мұңлы әуез естіледі аулақтан,
Алты қаз ба, Төлеген бе, білмеймін?..
ПАРАДОКС
Шаттығыңды күліп тұрған Күндеймін,
Жоқ күніңді жұлдызы
өлген Түндеймін.
Сені аяйтын Мен бар екем жалғанда,
Мені аяйтын кім бар еді, білмеймін…
Енді ешқашан жығылмас ем, сүйесең.
Жанарыма жалғыз рет түне, Сен.
Сені ойлайтын батыл
Жүрек менде бар,
Мені ойлайтын Жүрек кімде жүр екен?
Тағат таппай көңіл құрғыр желіккен,
Сені іздейді көшелерден, көліктен.
Саған раушан ұсынатын мен бармын,
Маған ешкім гүл бермейді неліктен?
Көз алдыңда бар ма жарқын елесім…
Мен туралы не білесің, Сен, осы?
Саған арнап қарға сонет жазамын,
Маған ешкім жыр жазбайды О, несі?
