АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫ (Ғылыми-танымдық эссе)

УАЛИХАН КАЛИЖАНсайт сурет

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»,
ҰҒА академигі, жазушы

 

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ АБАЙ

 

Өз заманының озық ойлы адамы ретінде Абай өркениетті елдер әдебиеті мен мәдениетін таныды. Танып қана қоймай, надандық, мешеулік қапасында қалған халқының болашағын ойлады. Өлең-білімге, ғылымға шақырды. Әрі қазақтың болашағына үмітпен қарады.

Әрине, ол үміт, бостандық жолы болатын.

Өзінің егемендігін жариялап, тәуелсіз ел атанған Қазақстан Абай арманына жетті. Тәуелсіздікпен бірге абайтанудыңжаңа арналары дүр көтерілді. Қалай болғанда да, Коммунистік жүйенің идеологиялық қыспағында қалған әдебиет те, мәдениет те жаңа биікке көтерілді. Айта кетелік, 1957 жылы М.Әуезовтің жетекшілігімен Абай Құнанбаев шығармаларының толық екітомдық кітабы жарық көрген болатын.

1995 жылы, ұлы ақынның туғанына 150 жыл толуы қарсаңында ғылыми байламы берік хакім Абайдың екі томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Оның алдында «Абай» энциклопедиясы шыққан болатын.

Ұлы Абай шығармашылығы мен тұлғасымемлекеттік қана емес, жұмыр жер үстіндегі мемлекеттердің рухани құндылығына айналды.

Абай тойыәлем тойы ретінде қабылданды. ЮНЕСКО шешімімен Абай тойы әлемдік деңгейде тойланды. Ғылыми-конференциялар өтті. Әлем сахналарында Абай өлеңі оқылды, әндері шырқалды.

Абай даралығы мен даналығы Шыңғыстаудан шығып, Шығысты да, Батысты да, Еуропаны да бағындырды. Өйткені Абай сөзі, Абай өлеңі барлық халықтың жүрегіне жетті.

Абай – қазақты, қазақАбайды әлемдік өркениет биігіне алып шықты.

1995 жылы Абай шығармашылығынажасалған зерттеу кітаптарымен монографияларға көз жүгіртіп көрелікші.

Рабиға Сыздықова, академик, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты«Абайдың сөз өрнегі», академик Сейіт Қасқабасов «Абай және фольклор», Қайым Мұхамедханұлы«Абай мұрагерлері», академик Ғарифолла Есім «Хакім Абай», Мекемтас Мырзахметұлы «Абайды оқы» тақырыбы сынды кітаптарды атауға болады.

Сондай-ақ Жұмағали Ысмағұловтың «Абай» даналық дәрістері, Ш.Елеукеновтің «Абайдың эпистолярлық романы» туралы зерттеуі– тәуелсіздік жылдарында жазылған сүбелі еңбектердің бірі. Академик Зәки Ахметовтің «Асыл сөз арнасы» кітабы да «Абайдың» поэтикалық сырлы әлемінашқан ғылыми-танымдық кітап болды.

1995 жылы Абайдың 150 жылдық торқалы тойы,ҰҒА салтанатты сессиясының жеке күн тәртібіне қойылды. Онда академик, ғалым Серік Қирабаев баяндама жасады. Сол кездегі Мемлекет басшысы «Абай туралы сөз» деген тақырыпта сөз сөйледі.

Академик Сейіт Қасқабасов Абай Құнанбайұлының туғанына 165 жыл толуына орай «Тәуелсіздік және абайтану» атты ғылыми-практикалық конференцияда: «Абай және тәуелсіздік – іргелі тақырып. Жіті зер салсақ, Абай мен тәуелсіздік үйлескен, үндескен егіз ұғым десе болады»,–деген еді.

Шынында, солай ғой. Енді, ғылымда, абайтануда ерекше орны бар ғалымдар лабораториясына үңіліп қаралық. Сонда Абайдың даналығын, ойшылдығын, жаңашылдығын тани түсеміз ғой деп ойлаймын.

Сын сардары, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Смайылұлы Қирабаев ұлы Абайдың туғанына 150 жылдығына ҰҒА-ның арнайы өткізген жалпы сессиясында жасаған баяндамасы «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет» деп аталған болатын. 2001 жылы С.Қирабаевтың «Ғылым» баспасынан осы аттас кітабы жарық көрді.

С.Қирабаев адамзат баласына ортақ, дүниежүзілік мәдениет болатынын айта отырып, «Абай – қазақ халқының осы топқа қосқан ұлы ақыны, классигі» деп есептейді. Ол өз сөзін Н.В.Гогольдің Пушкин туралы сөзімен түйіндейді. Өйткені Гоголь «Пушкин есімін атағанда, орыстың ұлттық ақыны туралы ой келеді» деп жазған еді. Және «Пушкин поэзиясынан орыс табиғаты, орыстың жан-дүниесі, орыс тілі, орыс мінезі соншалықты таза, әбден аршылған әсемдікпен көрінеді. Оны тек оптикалық шынының көтеріңкі бетіндегі тегіс сәулесімен ғана салыстыруға ғана болады», – деп қадап айтқан. Академик С.Қирабаев та осы теңеуді қазақтың ұлы ақыны Абайға арнап айтылған сияқтыдейді.

Көрнекті ғалым, Абайдың қазақ әдебиетіндегі орнын ұлттық әдебиеттің болмысынан іздейді.

«Ол (Абай – У.Қ.) шындықтың ақыны болып туды,–дейді С.Қирабаев. – Солай өмір сүрді». … Қазақтың ұлттық табиғатына тән шындық мөлдіреп көз алдыңа келеді. Ұлы суреткер есебінде Абай көркем бейнелеудің жаңа жолын тапты. Сонымен Абай тапқан жаңа жол қандай? Міне, осы сұраққа жауап табу үшін ғалымның ой жолдарын табуға тырысасың.

1.Оның (Абайдың – У.Қ.) өлеңдері өзінің қарапайымдылығымен, табиғатымен құйылып, ойға, сезімге ұялайды. Сондықтан ол қазақ әдебиетіндегі тұңғыш ұлы суреткер саналады.

2.Жазу өнерінің қарапайымдылығы мен табиғилығын Абай қазақ поэзиясының ұлттық сипатына айналдырды.

…Жаңа ой, жаңа сөзге лайық стильде жаңарып, өзгеше көркемдік қуатқа ие болады. Ондағы тіл байлығы, суреттеу құралдарының әр алуан түрлері, теңеулер мен метафора, күштеусіз төгіліп, ұйқасып тұрған тармақтар, ішкі үйлесімдер қазақтың сөз өнерін әсемдік әлемінің биігіне көтереді. Осымен Абай қазақ сөзін ұстартып, әдеби тілдің негізін салды.

Абайдың даналығы неде? Зерттеуші мұны Абайдың заманынан оза шауып, «халықты жарыққа сүйрегенінен» көреді. Ақынның белсенді поэзиясын академик С.Қирабаев: «Ол – қазақ әдебиетінде әйелдердің тағдырына бірінші көңіл бөлген ақын», деген сөздерімен көрсетеді.

Ғалым, академик С.Қирабаев Абай болмысын оның өскен ортасынан, қалыптасқан заман шеңберінен іздейді. Іздеп қана қоймай, оны табады. Ойлы сөз бен жарасымды пікір айтады. Қаралық. «Абайдың өмір сүрген ортасы дәстүрге бай емес еді. Оның көргені, естігені – халық әдебиеті, бай фольклор, жеке ақындар шығармашылығы болды.

… Абай жасынан сөз сырын жақсы білді. .. Көшпелі қазақ ауылынан шықпай-ақ, сонау Шыңғыстауда жатып, өз бетімен білім алып, қазақ даласына дүниежүзілік мәдениеттің шырағын жаққан Абайдың осы еңбектерін үлкен азаматтық ерлік демеске бола ма?

Әрине, мұндай сындарлы, дәйекті сөзге кім тоқтамайды. Абай феноменін ашу үшін ғалым оның ұлттық болмысына жүгінеді. Қазақ үшін Абай өмірі, Абай поэзиясы несімен қымбат? Теріпқаралық:

1.Оның замандастарына, болашақ ұрпаққа арнаған өсиеті бұрынғылар айтпаған сөз болғандықтан емес, ақынның өз заманының шындығын өзі жинақтай, қорыта білуімен, жұртқа оны бұрынғыдан басқаша, өзгеше көркемдік қуатпен жеткізе білу өнерімен қымбат.

Ол қазағын, елін сүйді.

2.Оның өлеңдерінде адамгершілік мұрат тұтқан адамның сезім күйін бейнелеген лирика мен ұнамсыздықты сынаған сатира араласып жатады.

3.Ол қоғамдық ойды оятты, оны тәрбиелеуші болды, адамдықтың жаңа нормаларын өмірге батыл кіргізуді талап етті. Оның әкенің ұлы болмай, адамның ұлы болу жайындағы ойы да осыдан туған.

…Мұның бәрінің негізінде адамның рухани азаттыққа ұмтылу идеясы жатыр.

Иә, рухани азаттыққа жеткен адам ғана қоршаған ортаның қатал заңдарына қарамастан, еркіндік биігінде өмір сүреді. Абайдың өзі айтқандай, «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алыстым», «Мен бір жұмбақ адаммын» деп ұрпаққа арыз айтып, өсиет айтып кетті деп ойлаймын.

Серік Қирабаев: «Абай беймезгіл заманда өмір сүрді. Оның идеясы, ізденісі қараңғы қазақ қауымы үшін түсініксіз болды.

Ақынның прогресшіл көзқарасы қараңғы, надан ортада кері әсерін туғызды. Оны «орысшыл» санады.

…Ақынның жер ауып келген революционерлермен достығы жергілікті әкімшілікті оған қарсы қойды. Абайдың үйі тінтіліп, өзіне қастандық жасалды. Бірақ Абай өзі іздеп тапқанәділдік жолынан қайтқан жоқ.

…Абайда көшпелі қазақ өмірінің ащы сабағы мен дүниені шалған қыранның қырағы көзі бар.

…Абай творчествосы – қазақ халқының – бүкіл даланың эпосындай елестейді. Абай – халқының, оның ұлттық өмірінің символы.

Расында, сын сардары, ұстазымыз С.Қирабаев жазғандай, жаңа заман жастарына Абайға, жалпы қазаққа ұлттық патриотизм, ұлттық махаббат, ұлттың бас ұстазы тұрғысында қарағанда ғана, біз өзіміздің кім екенімізді, ұлттық рухымызды тани аламыз. Рухы мықты елжаһандану заманының барлық қитұрқы, ұлтсыздану сынды кеселдерінен аулақ болады.

Абай философиясы, Абай ойы, Абай рухы бізге осы жолдыкөрсетіп тұр.

***

Мекемтас Мырзахметұлы – көрнекті абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Ғалым ағамыздың Алматыда, 1993 жылы «Рауан» баспасында «Абайдың адамгершілік мұраттары» атты кітабы жарық көрді.

Мекемтас Мырзахметов бұл мақаласында өзекті мәселені алға тартады. Ол Абай мұраларының рухани көзі туралы толғақты сөз айтады. «Абайдың әдеби мұрасын ғылыми негізде тереңірек зерттеп, айқынырақ тану үшін шешімді аса қажет проблема болса да, әлі күнге қолға алынбай келеді, – дейді ол. – Мұның басты себебі Абайдың қолжазбалары мен пайдаланған еңбектерінің, замандастары хатқа түсірген естеліктерінің толық сақталмауында жатыр».

Мекемтас Мырзахметов осы олқылықтың орнын жанама деректерден іздейді. Оны Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, «Қабус-наме» (ХІІ), Жүсіп Қарабағи (ХVІІ) шығармаларын дерекөз ретінде пайдалануды ұсынады. Өйткені Абай осындай ұлы тұлғаларды оқыған, таныған және өз дүниетанымына арқау еткен деп біледі. Міне, осы тақырыпты болашақта терең талдауды ұсынады. Өйткені Абай осындай ұлы тұлғаларды оқыған, таныған және өз дүниетанымына арқау еткен деп біледі.

Абайдың:

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім, – деген өлең сөздерінен ақын дүниетанымының рухани көздерін көреді.

Бұл – Батыс пен Шығыс, Шығыс пен Батыс. Осы ретте Мекемтас Мырзахметов профессор Ғ.Сағдидің пікіріне сүйенеді. Олфилософияға, даналыққа зор мән берген.«Абай Әл-Фараби, Ибн-Синаларілімімен таныс болумен бірге осы ғақлиялар кітаптарынан да мағлұматы бар еді»,–деп жазған болатын.

Адамның өзін танымақтық тұжырымдамасы Әл-Фараби дүниетанымымен ұқсас деген ой айтады зерттеуші.

Ғалымның пікірінше, осы «өзін танымақтық» тұжырымдамасын кейінИбн Сина, Ибн-Баджа, Ә.Науаи, Дауани Ғүламаһи, Жүсіп Қарабағилар жалғастырған.

«Жан қуаты», «Өзін танымақтық» ойлау дүниесі Әл-Фараби мен Абайда тереңнен қозғалған деген ойға тоқтайды Мекемтас Мырзахметов.

Абайдың 7, 17, 27, 38, 43-қарасөздеріндегі ой иірімдері Әл-Фарабидің философиялық тұжырымдарымен ұқсас.Әрине, мұны да осылай қабылдау қажет пе, қажет емес пе? Мұны фарабитанушылар терең зерттеп, пікір айтады.

Негізі, өркениет ізі Шығыста да, Батыста да философиялық ой мәселесі ретінде қолданылады. Одан Абай өзіне тән, жүрегіне жақын, ұлтына қажет ойларды алуы да мүмкін. Осы ретте ғалым Абай хакімнің өз сөзіне жүгінеді. 17-қарасөзінде, ақын қайрат, жүрек туралы пікір білдіргенде, «Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым» –дейді. Және әлдебір кітапқа сілтеме жасайды Абай. «Кітаптың айтқаны осы» дейді. Ол қай кітап? Мекемтас Мырзахметов мұны Әл-Фараби еңбегі болар деп меңзейді. Оны дәлелдеу үшін Әл-Фарабидің «Ізгі қаланың тұрғындары» деген еңбегіне сілтеме жасайды.

Әл-Фараби: «Жүрек– басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес». Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы М.Мырзахметов Әл-Фарабидің«Камили Инсани» ұғымын кемел адам тұрғысында қабылдауды алға тартады.

М.Мырзахметов Әл-Фарабидің «Табиғат ғылымдарының негіздері (космогония) еңбегінде «Сезімдер дегеніміз – хауасы хамса, бес сезім мүшелері» дейді. Мұны ол Абайдың 27, 38-қарасөздеріндегі «Алла деген сөз жеңіл» өлең жолдарынан іздейді. Әл-Фараби: «Тәңірі әуелі жансыз дүниені, өсімдіктерді, жан-жануарларды, соңыра ақыл иесі адамдарды жаратты» десе,Абай: «Жансыз жаратқандарынан пайда алатын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандардан пайда алатын ақылды инсанды жаратыпты»– дейді.

Қорыта айтсақ, Абай ілімінің бір парасы Аристотельдің «Жан туралы», Әл-Фарабидің «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы» туралы трактаттарымен үндесіп жатыр.

Хош делік. Енді бір сөзінде Мекемтас Мырзахметов ағамыз «Құдатғу білік» пен Абай дүниетанымының үндестігіне үңіледі.

Атақты «Құдатғу біліктің» авторы Жүсіп Баласағұн екенін оқырман жақсы білсе керек.

«Бақытқа жеткізуші білік» деп аталатын бұл кітаппен Абайдың таныс болуы шек келтірмейтін. Абайдың інісі Шәкәрімнің (Мұтылғанның) жазбаша дерегі бар. Тағы бір дәлел ретінде Мекемтас Мырзахметов Абай мен «Құдатғұ біліктегі» «сарт» деген сөздің этимологиясы туралы пікірін алға тартады. Мұтылған (Шәкәрім) «сарт» деген ат ең ескі шежіре кітап – «Құдатғу білікте» бар. Олкітап 1070 жылға жақындағанда жазылған.

Абай «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген өлеңінде:

Бет көргенде шырайың сондай жақсы,

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың,– дейді.

Жүсіп Баласағұнның «Құдатғұ білік» ілімі ХІ ғасырға дейінгі түркі тілі халықтарының қоғамдық ой санасында орын алған рухани құбылыстарды тұтас қамтыған энциклопедиялық қуатқа ие болған көркем туындысы»–деп есептейді Мекемтас Мырзахметов.

Кітаптың Каир, Вена, Намангандықдеп аталатын үш нұсқасы сақталған.

М.Мырзахметов:«Құдатғу білік» пен Абай шығармаларында шығу төркіні мораль философиясына алғанынтерең сабақтастықтар барлығын:

Жуанмәрттілік, толық адам, бенделіктіңкәмелеттігі, Хаһим,Мұлахаза, ғылымды жіктеу жүйесі мен жар таңдау жайы сияқты танымал тума пікірлер желісімен тауып, оған атақты деректер тобын көптеп ұшырата аламыз.

… «Құдатғу білік» ХІ ғасырда өмір сүрген түркі тайпаларының бәріне түсінікті әдеби тіл негізінде жазылуы себепті, ол – бауырлас халықтардың бәріне ортақ мұра.

Мекемтас Мырзахметов: Науаи мен Абай дүниетанымындағы ұқсастықтармен бірге олардың көзқарастары екі түрлі», дейді.

Науаи – дүниеге «тәңірлік», рухтық тұрғыдан келсе, Абай танымы материалистік негізге келіп тіреледі».

Мекемтас Мырзахметовтің жазуына қарағанда, Абай Бабыр мен Мұхаммед Хайдар Дулатидың шығармаларын пайдаланған. Әсіресе Абай «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» мақалада келтірілген деректер осыны айғақтаса керек. «Бабырнамада солай жазылған» деген Абай сөзі –мұның айқын дәлелі. Жүсіп Баласағұни сөз өнерін қасиет деп біледі.

Түркі сөзі тым асау тау киіктей,

Үйретсем де келеді бір илікпей.

Әлпештедім сәбише, көңіл бердім.

Еркелетем кетер деп жеміс бермей…

Абай жазады:

Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның өзін ойып, көңілін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан, сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

Ғұламаһи Дауани деген кім? Ол –ХІ ғасырда өмір сүрген,Хорасан өңірінде дүниеге келген ғұлама адам. Адам жанының өмір сүру әдеттерінің ақ жолы туралы өлең  жазған адам.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары И.Ю.Краековский, А.А.Семенов, Ғ.Сағди, Б.Ғафуров сынды шығыстанушы ғалымдар оның еңбектері туралы айта бастаған. Ал Абай болса ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан оның ілімін білген. Бұған ақынның:

Сөзіне қарай кісіні ал,

Кісіге қарап сөз алма.

Шын сөз қайсы біле алмай,

Әр нәрседен құр қалма.

Мұны жазған білген құл,

Ғұламаһи Дауани

Солай депті ол шыншыл…

Мекемтас Мырзахметов: Абайдың атақты «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде арнайы тілге алынатын Ғұламаһи Дауани деп ғалымның көпшілікке таралып кеткен лақап аты бойынша атап отыр. Оның ресми шын аты Джалал-ад-Дин –Мұхаммед бен Асхад ус Сиддики ад-Дауани.

Ғұламаһи Дауани Хорасандағы Казерун (қазіргі Иранның батыс жағы) уәлаятына қарасты дауаниқыстағында 1427 жылы дүниеге келген. 1502 жылы Шираз қаласында қайтыс болған.

…Қазы болған. Шираздағы атақты медреселердің бірінде мүдәрисшілдікке(профессорлық лауазым) ауысып, ұстаздық жолына түседі.

…Англияның Британия музейінің 1922 жылы шығарған парсы тіліндегі еңбектердің аса көлемді библиографиясында Ғұламаһи Дауанидің оннан астам еңбегінің аты аталады.

…Абайдың «Мұны жазған құл, Ғұлмаһи Дауани» деп нақтылы көрсетіп отырған ой ортақтығы бар пікір оралымдары да осы(Дауанидің – У.Қ.) «Жалали этикасында» жатыр.

Иә, ғалым ойы тереңнен шығып, Абай даналығының қайнар көздерін ашуымен қымбат.

Дауани айтады: «Әділет абсолюттік түрде билік құрса, басқа дағдылардың бәрі оған қызметші, егер әділетжетілу мендамудың жиынтығы болса, зұлымдық –оның керісінше көрінісі немесе кемшілік атаулыныңқордасы.

Абай жазады: «Рас болса, һәммаға бірдей рас болсын, алалаған рас бола ма?»

Атақтығалым Мекемтас Мырзахметовтің Абай хакімнің өмір жолы мен өлеңдерінің үйлесіп, үндесіп, оның ілімінің тереңдігін біліп,Абайға деген махаббаты тереңдей түседі.

Абай туралы Мекемтас Мырзахметовтің зерттеулерін оқыған сайын, жүрек сарайың кеңиді. Ғалымға деген рахметің артады.

 

Қайым Мұхамедханов.

АБАЙ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ АҚЫНДАР

Абайтану ғылымында ерекше орны бар тұлға – Қайым Мұхамедханов.

Бүкіл өмір жолын абайтануға арнап, сол үшін кезінде репрессияға ұшырап, қамалып, кейін ақталып шыққан бірегей ғалым.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.1951 жылы Қ.Мұхамедханов «Абайдың әдеби мектебі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған болатын. 2005 жылы «Алаш» баспасында ғалымның көптомдық шығармалар жинағы жарияланды. «Абай төңірегіндегі ақындар» осы басылым бойынша талданып отыр.

Қандай да ақын болмасын оның төңірегін, ақындық мектебінен шыққан адамдар туралы айтпай, оның өзін де дұрыс бағалай алмайсың. Абайдың алдындағы Шығыс пен Батыс ғұламалары туралы біраз зерттеу туралы біршама дерек туралы ғалымдар, ойшылдар болмысы туралы әңгімеленді. Ал абайтанудың білгірі ҚайымМұхамедхановтың зерттеулерінен Абай төңірегіндегі ақындар туралы жүрекке жақын, көңілге ыстық есімдер туралы оқып, зердең ашылады екен. Атақты ғалым былай деп ескертеді: «Абай төңірегіндегі ақындар дегенде біз қазақтың көркем жазба әдебиетіндегі ақын деген ұғымда қараймыз».

Міне, осылай ол ХХ ғасырдағы Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сынды ақындарды «Абай дәстүрін ілгері дамытушылар болды, сөздерін Абай шәкірті санады», – деп атап өтеді.

Қайым Мұхамедханов Абай поэзиясы ауыз әдебиетінің дәстүрін, көркемдік әдістерін пайдалана отырып, оны жаңа көркемдік биікке көтергенін атап өтеді. Және Абайды, әлеуметтік тұрғыдан қараған ағартушы деп бағалайды.

Ол Абайдың мақал-мәтелдер туралы айтқан сын-ескертпелерін бұрын соңды болмаған үрдіс деп ой түйеді.

«Абай поэзиясы – ақындықтың теңдесі жоқ үлгісі. Қазақ даласындағы алып бір мектебі болды»,–деген ғалым ойы шүбәсіз шындық.

Абайдың ұлт ұстазы болғаны да, шәкірт тәрбиелеген ақындық мектебі болғаны да рас. Ғалым осыған орай қалың көпшілікке Абай қалыптастырған ақындық мектептен шыққан шәкірттер туралы кең мағлұмат береді. Оларкімдер?

Автор ең алдымен Абайдың өз балалары Әбдірахман, Күлбадан Мағауияқызын атайды. Қайым Мұхамедханов мынандай бір қызық дерек келтіреді. Ол Абай бауырында өскен Уәсилә Мағауияқызының естелігі. Онда Уәсила: «Әкем балаларды жеті, сегізге шығарында оқуға беретін, ер балалармен қабат қыздарды да оқытатын. Мен де сегіз жасқа шығарымда оқыдым. Ол кезде молда балаларға дін оқуын оқытатын, қазақ тілінде кітап жоқ болатын».

Осы дерек соңына қарай қызық ақпаратқа айналады. Әкесі молдаға бір қолжазба беріп, соны көшіріп, балаларға таратуды табыстайды. Ол – Абайдың «Ғаһлиясы» екен. Атасын әке деп өскен Уәсила жазады… «Бұл жаңа кітаптың тілі ұғымды, өзі түсінікті, ыңғай ақыл айтып отыратын жақсы кітап болды. Кейіннен байқасам, сол кітап әкемнің «Ғақлия» атты қарасөзбен жазылған кітабы екен. Біздің молдадан бұл кітапты естіген басқа молдаларда келіп көшіріп алып, өз шәкірттеріне оқытып жүрді».

Құнды дерек пе? Әрине, өте құнды.

Көп шәкіртінің бірі – Абайдың немере інісі Кәкітай. Сол Кәкітай: «Абайдың насихаттап көп тыңдап, қасында болған жігіттер өзгелерден бір түрлі, медреседен оқыған ғылым жолындағы кісі сықылды, әр нәрсенің жөнін біліп, жаман-жақсыны көп айырып, надандықтан шығып қалушы еді»,–деп естелік қалдырған.

Мақалада жоғарыда айтылған өз балалары Ақылбай, Мағауия, немере інісі Кәкітай, досы Мұқа, Әсет, Әлмағамбет, Мұхаметжан, Әріп, Имам-базар, Баймағамбет Абай шығармашылығын насихаттаған шәкірттері болып табылады.

Абай шәкірттерінің ішінде Баймағамбет есімі ерекше аталады. Өйткені ол «қазақ ертегілерін аса көп білетін, аса ұғымтал, өте зерек адам болады».

Абай оны ешқашан қасынан тастамай ертіп жүреді, досы болған.

Сайып келгенде, Баймағамбет ғалым ойынша, «ол Абайдан естіген әңгімесін елге жаяды». Осылай бірте-бірте Абай шәкірттері топтасады. Скрипкашы Мұқа, домбырашы Әлмағамбет, Мұхаметжан Абай әндерін, Татьянаның әнін халық арасына кеңінен таратады.

Әлмағамбет (1870–1931)әнші, тобықты руынан шыққан Ол Ақылбай мен Әбдірахманғаскрипка, гармон, домбыра үйретеді.

Мұхаметжан Майбасарұлы «Абайдың немере інісі болған: Әбіш (Әбдірахман – 1865–1895) «Абайдың зор үміт күткен ақылдыбаласы» болды. Ол Петерборда оқыды. Әбіш скрипкада ойнады, нотаны да білген. Абайдың тағы бір шәкірті, топай руынан шыққан – Бейсембай Жәнібекұлы. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын халыққа жеткізген, баспа жүзін көрген жыр-нұсқасы осы Бейсембай Жәнібекұлынікі, – дейдіҚайым Мұхамедханов.

Абай:

Құлақтан кіріп бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй, – деген өлең жолдарын осындай шәкірттеріне арнап айтқандай көрінеді.

Ұлы Абайдың әнші шәкірттерінің атын ғалым жіпке тізеді. Олар – Мұқа Әділханов (1851–1927) әнші ақын Әсет Найманбаев (1864–1923), Бейсембай Жәнібеков (1858–1917), Әлмағамбет Сексембаев (1869–1930), Мұхаметжан Майбасаров «1852–1917).

Абай әндері осы әнші, сауатты адамдар арқылы қазақ даласына жетті. «Абайдың әндерін»… бізге жеткізіп кеткендер де –Абайдың осы әнші шәкірттері». Қайым Мұхамедханов Абай шығармаларын халыққа жеткізген шәкірттерінің қатарына қолжазба арқылы таратушы Мүрсейіт Бікібаласын, Махмұт Мұхаметкәрім, Самарбай сияқты Абай ауылы молдаларыныңатын құрметпен атайды. Ол Абай шәкірттерін екі топқа бөледі. Біріншісі өз жандарынан өлең жазбайды. Абай шығармаларын насихаттайды.

Екінші топ, Абай шығармаларымен бірге өз өлеңдерін де халыққа таратады.

Қайым Мұхамедхановтың бұл мақаласынан заманына қарай ой айтқан, Абай шығармашылығын халыққа жеткізген шәкірттеріне деген үлкен сүйіспеншілікті көреміз.

***

Қазақ әдебиетінің тарихында эстет, академик жазушы Ғабит Мүсіреповтің есімі ерекше аталады. Ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ол қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны» туралы мақала жариялады. Бұл мақаладағы ойлар мен пайымдар әлі күнге өзінің өзектілігін жойған жоқ. Бұл мақала Ғабеңнің 1970 жылы шыққан «Суреткер парызы» атты кітапқа осы тақырыппен жарияланды.

Осы мақалаға қысқаша түсінік бере кеткен жөн ғой деп ойладым. Одан бері бірнеше ұрпақ алмасты. Қоғамдық формация өзгерді. Бірақ халықтың Абайға деген сүйіспеншілігі азайып көрген емес.

«Алыстыболжаған терең ойдың, үлкен сарынның ақыны Абай алды-артын шолып, қазақ халқының жалғыз әдебиеті емес, бүкіл рухани мәдениетінің келешегіне жөн сілтеп кетті», депжазды ол.

Расында, Ғабең бұл мақаласын ғылыми-танымдық тұрғыда жазған. Абайдың ұлылығын дөп басады. Оны саралап, бағамдап береді. Назар аударалық.Әрі ақын, әрі азамат Абай ешбір ойды екшемей-елемей ала да салмаған». Осы ой арқылы Ғабит Мүсірепов Абай орыс, Шығыс, Батыс, Еуропа әдебиетінен алған, ұққан нәрселерін жүрек елегінен өткізіп, қазаққа қажет жерін алып, оны өзіндік қалыптан шығарған деген ой туады.

«Бұл жолда Абай жалғыз еді», – деген сөзі соны нақтылайды, соны айқындайды. Абайдың «Ауыз әдебиетке жақын жағдайдан есейген реалистік поэзияға бір-ақ қарғу –революциялық адам!»–деп бағалауы сол 1945 жыл үшін Ғабең тарапынан да ерлік болғанын атап өткен жөн болар.

Ғабең Абайға дейінгі поэзияда тақырыпқа құралған өлең болмағанын көрсетеді. Ол қазақ поэзиясына сатира жанрын алып келді. Сол тұстағы кейбір әдебиетшілердің «Абай еліктеп жазған» деген пікірлеріне тойтарыс береді. Абайда еліктеу де жоқ, «қарыз алу да жоқ», табыну да жоқ, поэзияның өмірдегі орнын сол Пушкин, Лермонтовша ұғыну бар», – деген сөзісол кезеңде мірдің оғындай болғанын бүгінгі заманда біліп түйсініп отырмыз.

ЯғниҒабит Мүсіреповтің пікірінше ұлы ақындарда үндестік бар.

Ғабит Мүсірепов:«Бүгінгі Қазақстан ақын-жазушылары орыс классиктерінен үйренумен бірге Абайдан да үйренді. Абайдың қасиеті – өткен заманның ақыны емес, бүгінгі қазақ ақындарымен іргелес, бағыттас ақын. Абайдың әдебиеттегі өсиеті – шындық, шеберлік, адам баласына ортақ гуманизм, еліңді, отаныңды сүю, не артқа тартып жатса, сонымен аянбай алысу, құртқанша алысу».

Бүгінгі тәуелсіздік заманының 34 жылын өткізіп жатқан егемен елүшін, тілсіздікпен, ұлтсыздықпен, имансыздықпен күресу бірегей мақсат емес пе? Яғни Абай айтатын күрес әлі тоқтамай жүріп жатыр. Абайды ұғынсақ, Абайша күрессек, біздің алдымызда іргелі өркениет жолы тұр. Сонда ғана тәуелсіздік туы мәңгілік желбірейтін болады.

Ойды ой жетелейді.Абайға назар аударалық:

Күңгірт көңілім сырласар,

Сұрғылт тартқан бейуаққа.

Төмен қарап мұңдасар,

Ой жіберіп әр жаққа.

Бұл сөз– бүгінгі жастарға айтылған сөз. Жай сөз емес, өсиет сөз! Қасиетті сөз! Қастерлі сөз.

«Абай… ел алдындағы тас кедергіні жұлып тастады,–дейді Ғабең.

Бұл –ойланарлық, ғибрат сөз.

Ақыр заман жастары,

Қосылмас ешбір бастары… –деп күңіренген ғой хакім Абай.

Қазіргі жаһандану заманында ұлттық құндылықтар ыдырай бастаған сәтте Абайды оқиық, Абайша ойланайық!

***

Серік Негимов– филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Абай ғибратнамасы

Көрнекті ғалым Серік Негимовтің бұл кітабы 2023 жылы жарияланған.

Ғылыми-танымдық кітап Абайдың қағидаттары, қарасөздерінің жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан, сондай-ақ рухани-адамгершілік, ұлттық құндылықтар тұрғысынан талдауға арналған.

…Абайдың қағидаттарын:

1.Көркемдік-философиялық

2.Әлеуметтік-тұрмыстық

3.Ел басқару, билік айту, кесім шығару

4.Этикалық

5.Ғылыми

6.Гуманистік тақырыптарға жіктеп көрсету.

Тұтастай алғанда, Абай қағидаттарының (тағылымдарының) мазмұн, мәніне орай мынадай ауқымдық мәселелер мәнісі зерделенеді: тарихи сана, ұлттық тіл, дәстүр, мәдениет, мінез, ілім-білім, ғылым, күй, өнер, кәсіп, еңбек, жаратылыс, махаббат, ар-ұят, әділет,жастық, махаббат, ар-ұлт, әділет, жастық қарттық, қоғам, ел, халық, заман, хуснизән (жақсы һәм көркем ой), хақиқат, рестық, ұстаздық, шәкірттік, дәулет, байлық, мансап, уайым, қайғы, ашу, қанағат, рақым, т.с.с.

Иә, Серік Негимов осылай ғылыми-танымдық кітаптың мазмұны мен мүддесін айқындап алады да, талдау-ойды осы мәселелердің Абай еңбектеріндегі бейнеленуімен бір тұтастықта қарастырады.

Кітапты іргелі төрт тарауға бөледі. Бірінші тарауы «Мінез–сауыт», екіншісі«Сөз келісі», үшіншісі «Ар ойла», төртіншісі«Шын ақыл» деп аталады. Осылай формалық ерекшелікті пайдалана отырып, автор Абай ақынның рухани әлеміне, көркем ойдың кестесіне үңіледі.

«Мінез–сауыт» тарауы авторлық ремеркадан басталады. 1977 жылы Серік Ғабеңмен –Ғабит Мүсіреповпен кездейсоқ кездесіп қалады. Әңгіме Абайдың «Шырылдауық шегіртке» дейтін өлеңі туралы, Ғабит Мүсірепов айтқан ойдың тылсым қасиетінен басталып кетеді.

Шырылдауық шегіртке,

Ыршып жүріп ән салған.

Көгалды қуып, гөлайттап,

Қызықпен жүріп жазды алған.

Ғабең осы шумақтағы «жазды алған» деген тіркеске ғылыми мән берілмей жүргенін ескертеді.

Әрине, Абай шегірткенің сайранды өмірі мен соңынан келетін суықты ескеріп, құмырысқа секілді еңбектенбей жүрген күй-келбетін, қазақтың керімсал өмірін көреді. Міне, осыны мысалға ала отырып, Серік бүгінгі заманның «сұрқы» туралы ой таратады. «Қағазбастылық, мәжілісқұмарлық, көзбояушылық, мансапқорлық, негізсіз мақтаңгөйлік –бүгінгі заманның кейпі. Яғни заман өзгерген, қазақы психологияда ерекше өзгеріс жоқ. Демек Абай философиясы әлі де қажет, әлі де өміршең.

«Единица– жақсысы» деген Абай өлеңінің бір тіркесіп алып, автор Абай поэзиясы мен ғақлияларындағы ғибратты ойларды, Әл-Фараби философиясының үндес екеніне назар аударады. «Қайырымды қала» трактатында интеллектілік қасиеттерді, Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасымен байланыстыра қарастырады.

Көп шуылдақ не табар,

Билемесе бірКемел, – деген шумақтағы «бір кемел» ол тұспалдап айтқан ұлт қайраткері дегенді меңзейді. Бальзактың «Нөлге» ұқсайтын адамдар болады» деген сөзін, Шәкәрімнің «Көп те болсаң, шөп халық», деген қанатты сөзін халық тарихындағы тұлғалармен салыстырады. Халық единица сынды кемел тұлғаларды ерекше бағалап, құрмет тұтқан Ы.Алтынсарин, Ә.Бөкейхан, Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп, Қажымұқан, Сәкен Сейфуллинсынды тұлғалар ұлттың образына айналған кесек тұлғалар, кемел тұлғалар.

«Бақпен асқан патшадан,

Мимен асқан қара артық»,– деген өлең шумақтарынан профессор Серік Негимов Абайдың халықтық сипатын көреді.

Серік Негимов: «Абайдың ойы, жүрегі, көңілі, тілегі, мұраты – халықтық. Ол – ұлт жүрегі. Ол ұлт, халық, тарих, заман атынан сөйлейді. Әр нәрсенің, әр құбылыстың, әр оқиғаның себебі мен салдарын, сырын, құбылысын, негізін айқындауға шебер».

Міне, осы жолдардан соң Серік Негимов тарихтан параллель іздейді. А.Линкольн, Геродот айтқан сөздерден,Хадистегі пікірлерден мысал келтіреді. Мақал-мәтелдерге сүйенеді.

Бақпен асқан патшадан,

Мимен асқан қара артық.

Сақалын сатқан кәріден,

Еңбегін сатқан бала артық,–деп айтқан Абай философиясы – халық философиясы.

«Мақтанасың біреуге мақтасын деп,«Мінез деген –сауыт», «Өзін танымақтық», «Жалыны қайтар дененің», «Ынталы жүрек, шын көңіл», «Ата тегі», «Әрбір хақиқатқа тырысып, ыждаһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айырылма!» деп аталатын тақырыпшалар арқылы Серік Негимов хакім Абайдың дүниетанымындағы әлемдік өркениет қалыптастырған даналық пен халықтық даналықтың ұштасып жататынын айғақтайтын сандаған мысал келтіреді. Яғни Серік Негимов Абайды әлемдік, жалпыадамзаттық құндылықтар биігінен көреді және оны ойлы сөзбен өрнектейді.

«Сөз келісі» тарауындада Серік Негимов осы үрдісті жалғастыра отырып, Абайдың рухани биіктігін, «Рухсақшысы» және ұлттық қорғаны тұрғысынан зерделейді. Және мұның бәрі мемлекет, адамзат тағдырындағы қалыптасқан қасиеттер тұрғысынан талданады. Қасіретті қаңтар трагедиясы Қазақстанда 1 млн кедейдің бар екені Мемлекет басшысы тарапынан айтылды. «Жаңа Қазақстанды құру жолындағы табыстар мен іркілістердің болуы, адамзат өркениеті жолындағы айғақ жолдың адымына байланысты екенін автор Теодор Рузвельттің тағдырымен байланыстыра қарастырады. Мәселен, 1902 жылы 2 қазанда шахтерлар жаппай ереуілге шығады. Сонда АҚШ Президенті Т.Рузвельт Ақүйдегі мәжілісте «Өзімшілдік, қаһар көрсетпей, ереуілшілерді масқараламай, қоғам тілегін ескеріп,ортақ тіл табысып, аштық пен аязға ұрынбайық, адамдарды кәнәламайық»–деп, ситуацияны жеңілдетуді ғана айтты. Содан соң толқу бірден тыйылады. Иә, Рузвельттің сөзі әрекеттің, парасаттың тілі еді. Ел басқару, көш бастау, тұлға атанудың шарттары осылай болса керек-ті.

Осыған орай Серік Негимов Абайдың 38-ші сөзінің қыр-сырына үңіледі.

Серік Негимов: «Демек ел басқару өнерінде мемлекетке, халыққа болашаққа ұлағатты басты тұлға лидер-стратег ұлттың моральдық, этикалық, әлеуметтік – саяси құндылықтарын болмысына сіңіріп, қайраткерлік, саясаткерлік, тәлімгерлік өлшеусіз еңбегін, тұлғалық асыл қасиеттерін елінің, жерінің өркендеуіне қызмет етуге бағытталуға тиіс».

«Кісіге біліміне қарай болыстық қыл» Серік Негимов ұлы Абайдың осы сөзінен бүгінгі күннің саясатымен қоса, Үндінің көнеден қалған жәдігері «Панчатантрадағы» сөзге жүгінеді. Бес бәйітте мынандай сөздер бар. «Опасызға көрсеткен құрмет, жаманға еткен жақсылық, санасызға берген тәрбие, сенімсізге айтқан сыр –осының бәрі босқа кеткен пайдасыз еңбек».

Міне, осы ойлар Абай шығармашылығында басқа қырынан көрінеді.

Күшік асырап, ит еттім,

Ол балтырымды қанатты.

Біреуге мылтық үйреттім,

Ол – мерген болды, мені атты.

Серік Негимов ортағасырлық қыпшақ ақыны Сайф-и Сараи, Мәшһүр Жүсіп, Жүсіпбек Аймауытов сынды ұлт қайраткерлерінің осындай өзектес ойларымен Абайдың Мәңгілік ел өркендеуінің ұлы жолы Абай ілімінен басталғанын алға тартады.

«Сіз – жалын шоқ, біз –бір май» немесе «Жан мен тән» туралы бөлімінде Серік Негимов «Абайдың ақындық болмысы, «Жан мен тәннің бір-бірімен тастүйін тұтастығынан іздейді. Ол «жан мен тәнді баурап сөйлеу – ақындық даналықтың ақиқат көрінісі» деп есептейді. Оған нақтымысалдар келтіреді.

«Атымды адам қойған соң…»

«Жақсылық ұзақ тұрмайды, жамандық әр кез тозбайды» бөлімінде«мыңмен жалғыз алысқан» Абайдың күрделі тағдыры сөз етіледі.

Мен көрдім дүние деген иттің көтін,

Жеп жүр ғой біреуінің бірі етін.

Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,

Көбінің сырты бүтін, іші түтін.

Өз сөздерін дәйектеу үшін ол Абайды 1998 жылы Орыс сенатына орыс тілінде жазған шағым хатына жүгінеді.

Серік Негимов тарихи фактілерді сөйлете отырып, Абай хакімнің жеке басындағы оқиғалардызаманмен үйлестіре қарап, келелі ой айтады.

Семей оязы Навроцкий Семей облысының әскери губернаторына жазған №48 рапортында «25 апрельде, күндізгі сағат 12-де келіп, сол болыстың қырғызы Ибраһим Құнанбаевтың қыстауында да, сондай-ақ оның өзінің және балалары Мағауия мен Тұрағұл Ибрагимовтердің толып жатқан сандықтарынан, үй-жайларынан табылған барлық хат-қағаздарды тартып алдым», – деген зұлмат жолдар бар. Яғни аты қазақ даласына белгілі Абайдың өзін патша жендеттері тінтіп, зорлық-зомбылық көрсеткен ғой.

Серік Негимов: «Абайдың отаршылдық сойқан саясаттың, жай тасындай оғат жарлықтың құрбанына айналуы, сұмдық масқаралануы, қолжазбаларының тұтқындалуы – бір басының яки әулетінің ғана емес, ұлтқа, ұрпаққа, төл тарихқа жасалған алапат қиянат.

Рас, ғалым айтқандай, құрдымға жұтылған қымбат қолжазба мұралардың өкініші өшпейді.

Профессор Серік Негимов «Сөздің келісі»тарауында Абай өлеңдерінің көркемдік әлемін ашуға тырысады. Көркемдік, мәдени-стилистикалық ізденістердің сырын ашады.

«Ар ойла»,«Шын ақыл» деген бөлімдердегі таратушылар арқылы Серік Негимов, Абай өлеңдерінің жолдарында тұрған ойлы ойдан философиялық түйін іздейді. Оларды әлемдік өркениет жолымен бір үйлесімде қарастырады. Осылай Абай өлеңдерінің хикметін, ұлттық-рухани және заман, дінтазалығы мен жан тазалығының бірлік түйінін іздестіреді. Ашығырақ айтар болсам, Абай өлеңдерінің сырлы әлемін әр қырынан алып, «танымдық» сұрыптаудан өткізеді. Дәл кітаптың құндылығы да осында жатыр. Бұл ғалымның басты мақсаты болып табылады. Профессордың өз сөзіне жүгінелік.

Серік Негимов:«Абай поэзиясының полисматикалық, полиграфиялық, стилистикалық сипаттары әр алуандылығымен, ауқымдылығымен айрықшаланады. Адам қолданысындағы бір сөздің өзі әрқырлылығымен, астарлы мағыналығымен, өлшеусіз ішкі ағыс-толқындарымен өзгешеленеді. Кемел көзқарас, көркемдік тәжірибе, ұшқыр қиял, философиялық-психологиялық мазмұны, қуатты энергия тудыратын эмоциялықсерпіліс, төтенше тапқырлық, суреткерлік шеберлік – Абай поэзиясының басты сипаты. Сонымен, Серік Негимовтің, «Абай ғибратнамасы» атты еңбегіұлы ақынымызды тануға қосылған, абайтануға қосылған құнды еңбек деп бағалаймыз.

 

 

 

«Абай феномені»

Шәкір Ибраев–филология ғылымдарының докторы, профессор.Ол –ғылымда ізін айқын көрсетіп жүрген ғалым, ұстаз. Институт директоры, университет ректоры, Түркі академиясының президенті сынды іргелі қызметтер атқарып, ғылым мен білімді ұштастырып жүрген заманауи ғалым.

 

 

Ғалымның зерттеу кітабы – абайтануға қосылған сүбелі еңбек. Бұл кітап 2021 жылы Астанада, «Алашорда» қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрген.

Жоғарыда аталған еңбегінде Шәкір Ибраев абайтанудың саяси, әлеуметтік, теориялық және әдістемелік ұстанымдарымен бірге дерекнамалық айғақтардың сырын ашады.

Өзі айтқандай, «Абай» шығармашылығын кеңес дәуіріндегі әдебиеттанудың теориялық және әдістемелік ұстанымдарымен салыстыра отырып, зерделеу мақсаты қойылады. Бұл аталған зерттеудің жаңашылдығын, идеологиялық тұғырнамадан алшақталған жаңа көзқарасты көрсетеді. Автор «Құбылыс өзгерсе,кескін де өзгереді. Демек кескін – құбылыс сипатының көрінісі» –деп есептейді. Тұтастай алғанда Шәкір Ибраевтың зерттеуобъектісі – Абай. Сондықтан да ғалым Абай өлеңдерінің құрылымдық жүйесін ғылыми тұрғыда түсіндіруге тырысады. Мәтінге арқа сүйей отырып, Шәкір Ибраев Абай шығармашылығындағы мәтін мен ой жүйе тұтастығын зерттеудің негізгі нысанасынаалады.

Шәкір Ибраев:«Қазіргі абайтануға бұл таным аса қажет. Себебі біздің қоғамға, өмірге, дінге, идеологияға көзқарасымыз өзгерді. Санамызда қалыптасқан Абай да өзгеруі керек. «Абай емес, біз өзгеруге тиіспіз».

Иә, Шәкір Ибраев Абай дүниетанымын, шығармашылығын төрт бағытта қарастырады. Ол қандай бағыттар?

1.Мәтін және оның тұтастығынан туындайтын діңгекті идея мәні.

2.Мәтіндегі ақпараттың мәнін ашатын мәтіннен тыс факторлар.

3.Мәтіндегі ақпараттың мегомендік сипаты.

4.Қоғамдық сана мен шығармашылық сананыңбайланысы.

Міне, осы бағыттарды зерттеу объектісіне айналдырған профессор Шәкір ИбраевАбай шығармашылығын мәтін-мәлімет, көркем эстетикалық жүйе, тұтас идея мен қабылданған ұстаным тұрғысынан қарастырады. Яғни автор Абай шығармашылығына заман, қоғам, адам, сана және рухани кемелдік тұрғысынан қарайды.

Автор Абайдың ақындықты әдебиет үшін, болмаса атақ-абырой, мал таппақ тұрғысынанқарамағанын, әлеуметтік ортаның тығырыққа тірелген болашақсыз жолын көрген соң, адамзаттың құндылыққа негізделген ой-санасының шыдамсыз безбенге түскен күйзелісі, сүйініші, өкініші, үміті сияқты ұғымдар жандүниесін торлаған соң, өлең болып құйылғанын аңғарады.

«Бұл – ақын өмір сүрген заманның картинасы. Ол картинаның ішінен Абай өзіне орын таппаған», –деп ой түйеді ғалым. Дегенмен, бұл сөздердің астарынан Абай өлеңдерінен сол орнынтаппаған Абайды емес, соны көріп жүрегі қан жылаған «мені де», «оны да» «өзгені де» көруге болады. Бұл – әрине, Абай феномені.

«Абайдың ақындық тұлғасы» бөлімінде Шәкір Ибраев ақын шығармашылығының хронологиясына мән береді. Және ақын өлеңдерінің эволюциялық өсуі көркемдік, тарихикалық, әсемдік-эстетикалық өлшеммен бағаланады. «Анықтап айтайық, – деп жазады профессор– Абайды қинаған, қайғыртқан, оның «ауыр ойды көтеріп аудырған жан болуына және «тіл өнерінің дертіне» ұшырауына елінің тағдыры, азып-тозған халі, одан шығудың жолы себеп болды.

Профессор Шәкір Ибраев «ақын мен социум», әлеуметтік ортаға тәуелділік тұрғысынан ақынды бағаламау керектігіне назар аударады. Мұның шындыққа үйлесімі бар ма? Әрине, ғалым ойынша Абай әлеуметтік жағдайға да, күнкөріс есебінде де бола алмайды. Олруханижағынан да, байлық жағынан да ешкімге тәуелді емес. Ол өлеңнің көркемдігіне, өлеңнің бейнелілігіне, өлеңнің тілдік құбылысына ғана – тәуелді. Сондықтан да ғалым сөзіне иланасың, құрметтейсің. Шәкір Ибраев: «Абайдың ой еркіндігі, шығармашылығының еш нәрсеге тәуелсіз болмауы – шын мәнінде феномендік құбылыс. Абайдыңойы да, шығармашылығы да – қайталанбайтын, сол дәуірде, сол жағдайда жүзеге асқан реалды шындық. Бұл жағдай Абай шығармашылығының идеялығынан да, құрылымдық түзілісінен де көрініс тапқан. Абайдың алаңдайтын бір ғана мәселесі бар. Ол –қазақ жұртының тағдыры.

Сөз өтпейтін қоғамның өзіне жақтас бола алмайтынын, ақынды түсінетін және ардақтайтын қауқарының жоқтығын аңғарған Абай өзін ақын ретінде көрсетуді, атын шығаруды, өнерімен өзгелерді таңғалдырып, мақтан тұтуды мақсат етпеген.

Иә, Шәкір Ибраев 1933 жылы М.Әуезов жариялаған Абай өміріне зерттеуге қатысты өз пікірін білдіреді. «Және оны кеңестік идеология атқа қонбай тұрған кезде жарыққа шығып үлгергендіктен, Абай өмірінің дерегі бұрмаланбаған деуге болады»,–деп ой түйеді. Ал М.Әуезов қалай жазып еді? Қаперге түсірейік.

М.Әуезов: «40 жастан асқан соңғы Абай, бізге бір Абай емес, екі Абай болып кетеді. Біреуі: өмірге үйлескісі келмей, заманнан, ортасынан озып шығып, сыншы, ұстаз, ақылшы, ақын, данышпан болуға айналған Абай да, екіншісі: күндегі өмірдің бетімен елдің сөзін ұстап, бұрынғыша партия тартыстың, билік, әкімшіліктің жолындағы ру басшы, ел меңгеруші Абай.

Абайдыңішінде екі тарау жол шығады. Бір жүрек екіге бөлініп, жыртылып айырылады. Заманнан ақыл сезімі артып, басы озған трагедиясы (қайғысы) туады. Сол қайғысы сыртқа шығатын бір жол болу керек. Абайдың сыртқы өмірі жеміссіз, ажарсыз, мағынасыз болса, соған өз ішінен болып жатқан қарсылық бар. Ойына жиылған ұлы зар,үлкен мұң, көп арман бар. Осының бәрін сыртқы көзге көрсетіп, іштегі арман нәрсе ақындық болады.Өлең болады. Сонымен, 84–85-жылдардан бері қарай Абайдың ақындығы басталады.

Міне, Әуезов таныған, таңсық болған Абай осы. Осы ойларды бекемдеп алып, Шәкір өз тұжырымдамасын құрады. Олар не?

1.Абай – біздің рухани құндылығымызды замана контексінде қайта жинақтап отыратын тұлға.

2.Әлеуметтік ортаның жанға жақпайтын алуантүрлі кемшілігі және одан ақын жанының жаралануы – дертке айналып, өлеңге құйылады.

3.Әлеуметтік ортаның бітпейтін тартысы, әуре тіршіліктің мағынасыздығы, адамдар қарым-қатынасының әділетсіз адал еместігі Абайдың ақындық жолды таңдауына ықпал еткені – психологиялық таңдау.

4.Абайдың қоғамдық қабілетіне қалыптасқан жүйе толып жатқан қайшылықты ұғымдарымен сәйкес келмеді.

5.Оның (Абайдың – У.Қ.) әдебиет алаңындағы қызметі концептуалды дүниеге айналды. Ендітұрақты тұғырнамалық көзқарасқа және көркемдік принциптерге негізделген құрылымдық жүйе өмірге келді.

6.Көпшіліктің ақын сөзін өзі оқып-түсініп, одан қорытынды шығарып түзелгенінен гөрі, оған қоғамды басқару тетіктері арқылы әрекет етудің тиімділігін Абай тәжірибеден көрген, басынан өткерген.

  1. Шығармашылық үдерістің бейсанадан келетін сыры саналы түрде бақылауға көнбейтін, адамның іші сезіну, күйзелу, интуициялық түйсінуден құралып, ақиқатпен астасып кететін табиғаты Абайдың өлең жазу кезіндегі ахуалынан хабар береді.

8.Абай санасы дәуірмен, қоғаммен, халық тағдырымен, өткен өмірімен және болашақпен диалогке түседі. Нәтижесі көңіл көншітпейді.

9.Таңдау мен іріктеу іс жүзінде Абайдың тұлғалық және адамдық болмысының нәтижесі екені даусыз. Абайдың қолына қалам алу себебі – өз өмірі, тағдыры, әлеуметтік ортасының айықпас кеселінің және айтпасқа болмайтын ішке сыймаған сөз дерті дедік.

Міне, Шәкір Ибраев адамтанудың теориялық-психологиялық іліміндегі сан түрлі ғалымның пікірлерін таразы басына салып, оны Абай ақындығынан тауып, осындай қорытындыға келеді.

«Абайдың ақындық сөзі» бөлімінен Шәкір Ибраев жоғарыдағы ойларының Абай өлеңдеріндегі орны туралы қызықтыра әңгімелейді.

Мәтін – тіл – идея, дәстүр, ұлттың мәдени коды, бәрі-бәрі қосыла келіп Абай поэзиясының сырын ашады. Абай шығармашылығындағы экзистенциялық ой, көркем талғамның кілті болып табылады.

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап», – деген шумақтарда ақынның сол сезімі мен үміті қатар көрінеді.

«Абай феномені» зерттеу кітабының бір тақырыбы екінші, үшінші, жетінші тақырыптарымен ішкі байланыста өрбіп отырады. Соның бәрі Абай феноменін тануға жол ашады.

«Бір идея, екі тақырып, Абайдың қазақтың әдеби тілін жасаудағы рөлі туралы болса, Абай өлеңдеріндегі автор және оқырман бейнесі» бөлімінде, ақынның шығармашылық санасына талдау жасалады. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, жоқ-барды, ертегіні термек үшін», –деген Абай өлеңінің терең философиялық мәнінен ғалым Абайдың оқырманы әлі идеалды қоғамда өмір сүріп жатқан жоқ деген ойға келеді. «Бар үміталда» дейді. Бұдан Абайдың заманынан асып туған ақын ғана емес, ойшыл, дана, ғұлама екенін аңғарамыз.

Әр заман, әр қоғам Абайдан өзінің қоғамдық гуманистік ой-санасына сай ілім іздейді. Демек Абай феномені осында. Абай – мәңгілікқазына. Ұлттың рухани азығы. Ғалым Шәкір Ибраевтың ғылыми-танымдық зерттеуі Абайды бүгінгі заманымен жақындастырады. Жылдар өткенімен Абай ұлтының рухани көсемі ғана емес, ұлттық код болып жасай береді. Абай поэзиясы жасай береді. Өлмейді, өшпейді.

***

Ұлы ақын Абайдың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында ақын тіліндегі көнерген сөздер мен мағынасы күңгірт тартқан қолданыстардыңэтимологиясы анықталған құнды еңбек жарық көрді.

Абай тіліндегі архаизмдердің тұңғыш тарихи-салыстырмалы сөздік түріндегі монографияның авторлары – академик ғалым, белгілі лингвист, профессор Шерубай Құрманбайұлы мен жас зерттеуші, түркітанушы, PhD доктор Мәрлен Әділов.

«Абай тілі: көне сөздер мен сирек қолданыстар» деп аталатын бұл еңбекте Абай шығармаларындағы ақын дәуірі үшін қалыпты қолданыс саналғанымен, қазіргі әдеби тіл тұрғысынан қарағанда көне сөздер мен сирек қолданыстар ретінде танылатын сөздер мен сөз тіркестерінің, қосымшалардың байырғы лексика-грамматикалық мағынасы тілдің тарихи даму барысында болатын өзгерістермен тығыз байланыста қарастырылады. Олар – ескіліктер мен қазіргі тілде белсенді қолданылмайтын ақын шығармаларындағы архаизмдер, мағыналық жағынан өзгерген сөздер, сирек жұмсалатын төл сөздер мен кірме элементтер және көне грамматикалық формалар. Ақын тіліндегі 300-ден астам көне сөз бен сирек қолданыстардың түпкі мағынасы мен этимологиясы тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде талданады. Диахрондық зерттеу барысында көне әрі орта ғасыр жазба ескерткіштері мен қазіргі түрік тілдері сөздіктері пайдаланылады. Абайдағы лексикалық ерекшеліктер Шәкәрім тілімен де салыстырылып көрсетіледі.

Көнерген сөздер мен сирек қолданыстар ішіндеалқау «мақтау», аңсау «шөлдеу», аран «нәпсі», ары «шаршау», әйләу «істеу», әрнешік «әртүрлі»; әурілді «өзгерді»; бақыр «мыс тиын», барша/баршын «жібек түрі», беркіну «бекіну», беркіту «бекіту», бос «тегін», бұл «мата», бұлан «ірі аң», бұлау «ақша жұмсау», бұлдау «сату», білән/бірлән «мен/бен»; гүзәл «әдемі», ғапыл қалу «қапы қалу», дағар «қап, дорба», дабыс «дауыс», езгү «ізгі», еріштіру «таласу», есірік «мас», жандық «ұсақ мал», жақ «садақ», жарылғау «жарылқау», жолғасу «жолығу», жыға «тәж», жітік «кедей», инану «нану, сену», инаныш «сенім»; кезнеу «қысылу», күн (ел-күн) «ел», күсу «безу, қашу», кібік «секілді», кімі «кейбірі», кісе «белдік қалташасы», қарақ «көз», қараша «бұқара халық», қарашы «ханға бағынышты қызметкер, уәзір», қару «күш», қарындас «туыс, бауыр», қиқу «шу», қолқа «өтініш», құлдану «қолдану», қыршын «жас», қырым «алыс», мұқым «бүкіл», нажағай «найзағай», нәме «хат», нешік «не, қалай», ноқай «ит»; олу «болу»: құдрет олуда, мүбада олса; сауқат «сыйлық», сәңа «саған», соңыра «сосын», сиқат «денсаулық», сүру «жағу», там «үй», тәте «әке», телі «ақымақ», торғын, торқа «жібек», тұғралы «туралы», тұғры «тура», түзік «түзу», ұғыл «ұл», ұжымақ «жұмақ», ұсау «ұқсау», үшбу «осы» мысалдары бар.

Көрсетілген мысалдардың кейбірі Абай тілі сөздігі мен Қазақ тілінің түсіндірме сөздіктерінде тіркелмегенін қаперге алсақ,аталған еңбек 1968 жылы шыққан Абай сөздігін толықтыруға және лексикография саласына қосылған үлес деп қарастыруға болады.

Тіл – жанды құбылыс. Ол заман мен уақытына қарай жаңарып, дамып отырады. Бүгінгі қазақтың тілін 18–19 ғасырдағы қазақ тыңдаған болса, біздің көптеген жаңа сөзімізді ұқпас еді. Тіпті өткен ғасырдың көп сөзін түсінбей жататын сәттеріміз жоқ емес. Сондықтан авторлардың мақсаты тіл маманы ретінде қазақтың әдеби тілінің даму үрдісін көрсету, өйткені ғасыр аралығындағы айырмашылықты көрсету үшін сол кезеңнің ең ірі тұлғасы Абай тілін негізге алу керек.

Абайдың шығармаларын оқыған адам көне түркі тілін немесе жалпы түркі тілдерінің элементтерін көріп, байқайды. Абай Құнанбайұлының шығармалары бұған дейін де теориялық және практикалық тұрғыдан жақсы зерттеліп келді. Ал бұл еңбектің ерекшелігі – Абайдың тілі Күлтегін ескерткіштерінен бастап әлемде тараған 30 шақты түркі тілімен салыстырылып зерттелген. Ақын тіліндегі 300-ден астам көне сөз бен сирек қолданыстардың түпкі мағынасы мен этимологиясы тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде талданған. Көне және орта ғасыр жазба жәдігерлердің лексикасымен салыстыру арқылы ақынның көп сөзді көнеше жазғаны аңғарылды. Мәселен, қазір әдеби тіл бойынша естідім десек, Абай есіттім деп жазған, осы күні бір буынды тұлғаға ауысқан бұлт сөзінбүкіл шығармаларында түркі тілдеріндегідей бұлұт деп жазған. «Ұл»-ды ұғыл деп тіркесе, «мен» шылауы орнына бірлән формасын қолданған. «Жолығу» сөзін жолғасу деп айтуы қате емес, мұның бәрі көне ескерткіштердегідей жазылған. Ақынның еңбегінде «және» шылауы бүгінгі мағынада емес, тек бұрынғы әрі алғашқы «тағы» мағынасында кездеседі. Абай мен Шәкәрімдегі құлдану етістігінің қате емес екенін, қайта оның қазіргі тілдегі қолданудан көне екендігі дәлелденеді. Сондықтан үш тараудан тұратын көлемді еңбекті абайтануға, Абай мұрасын тілдік жағынан тануға қосылған үлкен үлес деп бағалаймыз.

І тарау «Көне фонетикалық тұлғалар» деп аталып, оған келесідей тараушалар кірген:

  1. «Сөз ортасында «г/ғ» дыбысының сақталып жазылуы»,мысалдар:ұғыл, тұғры, тұғралы, йығырма, суғару.
  2. «Cөз соңында «к/қ» дыбысының сақталуы», мәселен: түзік, ұлық, өлік.
  3. «Қазақ әдеби тілінен өзгеше әрі көне түрінде қолданылған басқа да фонетикалық формалар», осы тараушада төмендегі мысалдар қарастырылған: адақтау, азмұз, айлану, ашау, ашапішу, беркіну, беркіту, біротала, бұ, бұлыт, дабыс, дозақ, досшар, дүзу, езгү, еркейту, есіту, жармысы, жарылғау, жарысы, жаудырау, жолғасу, инану, кезегендік, қайғұ, қары (кәрі), қаш (қас), қу (аққу), құлдану, құры (құр сөз), қышлақ (қыстау), мұту (ұмыт), нажағай, олу (болу), соңыра, сүру (жағу), сықылды, сыр жалаңаш, тәңрі, тоқсан (желтоқсан), тофрақ, турасында, тұл бой, түленше, ұжымақ, ұсау, шиттей, шүйінші, ылай, ылау.
  4. «Араб, парсы лексикасының қазіргі әдеби тілдің нормаларынан тыс тұлғада қолданылуы», мысалдар: абұйыр, айбаттау, амантау, асық, әжеттес, әз тұту, әм, баралау, бейіл, бейіс, бұл (пұл), бұлдау, дұспан, еннатайына кәлкәусар, қаса, пышана, сұңғат, шылдахана, ылаж, ырза, ырас, ыуайым.
  5. «Араб, парсы кірме сөздердің әдеби тілдегіден өзгеше әрі бастапқы формасына жақын түрінде қолданылуы»: алал (адал), бенде (пенде), бихабар (бейхабар), ғафыл қалма (қапы қалма), ежтиһат (ыждағат), дүзаһ (тозақ), йар (жар), қайла (айла), мағлұм (мәлім), махрұм (мақұрым), мақсұд (мақсат), мәужүт (бар нәрсе), меһрибан (мейірман), миһнат (бейнет), молла (молда), мү’мин (момын мұсылман), мұқым (барлық), наме (нама), паруардигәр (құдай), руза (ораза), сиқат (денсаулық), сідет (ауыртпалық), тағриф (жөн сілтеуші), таслим (тәсілім), таһқиқ (анық), хақ (ақы), хафа (қапа), хисап (есеп), хүкімші (үкім беруші), һауа (ауа), шаһбаз (сабаз).
  6. «Абай шығармаларындағы орыс тілінен енген сөздердің жазылу мәселесі»тараушасында талданған мысалдар: абразавание, адвакат, Анагин, Афлатұн, бакалшік, бияншік, ваенной, винават, дазнание, дұхтар, закүншік, занимайса, кароннай, көйт, ләфке, мәліш, мілйон, пошал, праматой, Сакрат, сaлдaт, самародной, сияз, сомалау, ыстаршын ысдраваймыслящий, ісшөт.

«Көне қосымшалардың қолданылуы деп аталатын II тарауда Абай шығармаларында кездесетін көне жұрнақтар мен жалғаулардың тарихы қарастырылған, соның ішінде:

-мыш (айтылмыш, жазылмыш);

-мыс(қалмысы);

-ажақ (алажақ, бережақ);

-асы (бересі, аласы);

-арман (аларман);

-аған (кезеген, кезегендік)

-тұғын(айтатұғын, баратұғын, т.б.)

-тұрған (бұл екеуі қосылып тұра тұрған нәрсе)

-дүр (Кiмде-кiм жaқсыдүр жaмaндүр ғибадат қылып жүрсе; Білмейдүр жүрек, сезедүр / Мүтәкәллимин мантикин / Бекер босқа езедур, т.б.)

-дылар(Бәлки хисапқа алмадылар)

-cелер (болып кетселер де керек)

-ның үшін(аның үшін, әнің үшін, оның үшін)

-дағы/-тағы(кешеді-дағы, екен-дағы, болад-тағы)

-дек (лағилдек «лағылдай», әлифдек «әліптей»)

-менен (бір нұсқада ғана жазылған: қылықменен, мінезменен, итқорлықменен, білместікменен, сөзменен (қолжазбада)

-ла/-ле(ғибратлану, мұңласқанда)

-a (гузәлләра «гүзәлдарға», сәңа «саған»)

-а біл- (қыла білмейді, асырай білесің бе) секілді Абай тіліне тән қосымшалардың қолдану себептері анықталған.

Кітаптың III тарауы «Архаизмдер мен пассив сөздер» деп аталады

Мұнда көнерген сөздер төмендегі тәртіппен зерттелген:

  1. «Тілде жеке қолданылмайтын және түпкі мағынасы ұмытылған көнерген сөздер» тараушасына алқау, аран, арулау, әйләу, әурілу, бүлдірге, бірлән, білән, гүзәл, еке, еріштіре алмау, жай тасы, жәду, инану, инаныш, күсу, кібік, қырым, нешік, ніл, үшбу, ұлысархаизмдері кіреді.
  2. «Мағынасы немесе түп-төркіні белгісіз жекелеген сөздерге» айдындыру, аршопке, бадалық, бұлау, денеу, кезнеу, сүру, дөң айналу, жалаңқая, жеміт, көміш, қатыбас, құрысқақ, өлекшін, серменде, сүрмеге, таусыншық, ұшпа секілді этимологиясы мен семантикасы анықталмаған атаулар жатқызылады.
  3. «Тарихи сөздер» тараушасында ақын шығармаларында кездесетін барымта, бек, елубасы, жақ (садақ), жатақ, қарашы, қараша,т.б. историзмдердің тарихи-салыстырмалы анализдері көрсетіледі.
  4. «Абай шығармаларындағы түпкі мағынасы түсінікті, бірақ қолданыстан шығып қалған немесе шығып жатқан лексикаға» алқын, арыды, аяқ (ыдыс), әлпеншек, бек (тым), дағар, дағара, елі, ермен, есірік, жазу (күнәлі болу), жазық, жай (найзағай), заңғар, илану, кемік, кенде, керім, қарақ, қол (әскер), қышқыру, қорыды, оңды, от (шөп), өңге, өре, саяқ, соны, сонырқау, там, тұрғы, ықтырма, ыра сияқты қазіргі күні белсенді жұмсалмайтын сөздер енеді.
  5. «Абай қолданған этнографиялық ұғымдар мен атаулардың» ішінде дәндәку, жарғақ, көпшік, күләпара, кісе, мықшима, пұшпақ, пыстан, саң, шидем, т.б. сөздердің түп-төркіні анықталады.
  6. «Көне немесе бастапқы мағынасында сақталған сөздертараушасында» аңдау (түсіну), аңсау (шөлдеу), бағу (қарау, көру), бос (тегін), ену (жерге аспаннан түсу),ер жету (бойжету), ертең (таң), ет (дене), жарлық (өсиет), жасаулы (қарулы), кемкетік (кедей), көлік (ат), күзету (бағу), кімі (кейбірі), қару (күш), қарындас (туыс), қашыру (кетіру), қиын (мол), сағыну (ойлау), салу (тастау), тамыр (дос), терек (ағаш), тон (киім), түгіл (емес), тірілік (өмір), қатын (ару, ханым) сияқты осы күні өзге мағынасына ауысқан, бірақ ақын тілінде ескі семасында жұмсалған лексемалар талданған.

Сайып келгенде, Абай шығармалары жинақтарынан (арасында Шәкәрімнен де мысалдар қамтылған), өлең үлгілерінен, қолжазбалардан 300-ден астам көнерген сөз бен сирек қолданыстар және әдеби тілден өзгеше лексика-грамматикалық формалар теріліп жиналады.

Ақын тіліндегі мұндай қолданыстардың алфавиттік реті бойынша тізімі келтіріліп, әрқайсысына лексика-семантикалық, грамматика-этимологиялық талдаулар жасалды. Талданған лексика мен грамматикалық қолданыстардың түркі тілдері сөздіктері және көне, орта ғасыр жазба мұралары деректері негізінде негізгі мағынасы мен түпкі этимологиясы салыстырылып көрсетіледі. Әдеби тілден өзгеше лексика-грамматикалық қолданыстардың бастапқы нұсқасы мен формасы ажыратылды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *