ОТБАСЫЛЫҚ САЯСАТ: ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ТЕҢДІК ЖОЛЫ

САБЫРБЕК ОЛЖАБАЙ-САЙТ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Құрметті журналисі

 

Отбасылық саясат, отбасылық құндылықтарды нығайту, гендерлік теңдік және демографиялық саясат – қазіргі қоғамның тұрақты дамуы үшін өзара тығыз байланысты, кешенді түрде қарастырылатын маңызды бағыттар. Бұл тақырыптар тек әлеуметтік саясаттың құрамдас бөлігі ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің болашағын айқындайтын негізгі факторлардың бірі болып табылады. Отбасы – қоғамның ең кіші әрі ең маңызды ұясы ретінде адамгершілік, мәдени және рухани құндылықтардың сақталуы мен ұрпақтан ұрпаққа берілуін қамтамасыз етеді.

Біріншіден, отбасылық саясат – мемлекет тарапынан отбасы институтын қолдауға бағытталған шаралар жүйесі. Оның негізгі мақсаты – отбасылардың әл-ауқатын арттыру, бала тәрбиесіне қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік осал топтарды қорғау және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету. Қазақстанда соңғы жылдары отбасылық саясатты жетілдіруге бағытталған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мәселен, көпбалалы отбасыларды қолдау, ана мен баланы қорғау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік төлемдерді арттыру сияқты шаралар халықтың өмір сапасын жақсартуға ықпал етуде. Сонымен қатар, жастардың отбасын құруға деген ынтасын арттыру үшін арнайы жобалар мен жеңілдіктер қарастырылуда.

Отбасылық құндылықтарды нығайту – кез келген қоғамның мәдени және рухани тұрақтылығының негізі. Қазіргі жаһандану жағдайында дәстүрлі құндылықтардың әлсіреу қаупі бар. Сондықтан ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып, отбасы институтын күшейту маңызды. Қазақ қоғамында отбасы әрдайым үлкен құрметке ие болған. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға қамқорлық, туыстық байланысты сақтау – бұл халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтары. Бүгінде осы дәстүрлерді заманауи талаптармен үйлестіре отырып дамыту қажет. Мектептерде, жоғары оқу орындарында және бұқаралық ақпарат құралдарында отбасылық тәрбие мәселелерін кеңінен насихаттау арқылы жастардың санасына дұрыс құндылықтарды сіңіруге болады.

Жалпы, отбасылық мәселе күрделі де жауапты. Қазір қоғамда отбасында кім басшы деген өткір сұрақ тұр. Өйткені, бүгінде кейбір ауылдарда жұмыстың жоқтығынан ер азаматтар үйлерінде отыр. Оларға балаға қарау міндеті жүктелген. Бірақ, еркектер бұл міндетті де ойдағыдай атқара алмайды. Өйткені, олардың үй шаруаларына икемдері жоқ. Баланың тамағын беру, жаялығын ауыстыру еркекке қол емес. Олар мұны бүлдіреді. Кешке үйге келген әйелдері айра-жайра болып жатқан үйді, қораны көріп, бұрқан-тарқан ашуланады.

–Осы сенің-ақ қолыңнан түк келмейді. Жұрттың еркегін қарашы, даланың жұмысын да, үйдің жұмысын да бір өзі қатырады. Ал, сен болсаң, суға түскен тауықтай болып сүмірейіп жүресің де қоясың. Сендей еркекті лайдан да жасап аламын. Сенен гөрі ешкім артық. Бүйтіп байлы болғанша, жесір жүргенім жақсы,–деп айқаптағы жынын шақыратын әйелдер қазақ қоғамында жоқ деп айта алмаймыз.

Көріп те жүрміз, күйеуіне кек сақтап жүрген келіншектер көп. Солардың дені жұмыссыздықтан, еркектің болбырлығынан, тіпті зиянды әдеттерден.

Отбасы институтын күшейтудің ең қарапайым да төте жолы теңгермешілікті жою, яғни жалпыға бірдей еңбек қоғамын дамыту. Бүгінде зауыт, фабрикалардан бастап шағын бірлестіктерге дейін жекенің қолында. Олар жұмысқа таныс-тамырларын, ағайындарын, одан артылса алақанға салып ақша бергендерді ғана жұмысқа қабылдайды. Мектептің еден жуатын жұмысына бұрын екі жүз теңге беріп кіретін еді, бүгінде оның ставкасы миллион теңгеге көтеріліпті. Қарапайым еден жуушы осынша теңге беріп жұмысқа тұрса, мұғалімдік қызметке қанша беретінін өзіңіз-ақ есептей беріңіз. Сондықтан бүгінгі биліктің алдындағы  ең маңызды шаруа жемқорлықты, тамыр-таныстықты, жершілдікті жою. Қанша жерден айқайлап айтқанымызбен, рушылдық, жершілдік тыйылмай тұр. Біз бір қаланың әкімін білеміз. Айналасына кілең руластарын жинап алған. Бұл жөнінде республикалық газетке сын мақала жарияланды да.

Қарап отырсаңыз, отбасылық құндылықтарға осының өзі ықпал етеді. Әлгінің алдына барған кім болмасын, маңдайы тасқа тиіп қайтпайды ма? Еркектің сүрінгеніне әйелі:

–Жұрттың еркегі сияқты бір тірлікті тындырып келе алмайсың,–деп тауы шағылып келген күйеуін тағы жер қылады.

Бұдан шығудың жолы кәне? Оны сіз де білесіз, біз де білеміз. Өкімет ең әуелі жұмыссыздықты жою керек. Қазір телеарнаны қосып қалсаң, газеттерді ашып қалсаң «ойбай, не дейсің, пәлен жұмыс орны ашылды» деген сүйінші хабар толып жүр. Бұл шындыққа қаншалықты жақын? Пәленбай жұмыс орны ашылса, қос дипломы бар Сәрсенбай жекенің үйін сылап жүр? Сейсенбай неге базарда өрік сатып отыр?

Міне, ұстаздардың мектепте балаларға әке туралы әңгіме айтарда ойланар тұсы осы. Үйінде шешесі әкесін күн сайын жерлеп отырған балаға әке туралы әңгіме айта аласыз ба? Сондықтан ұстаздар қауымы оқушыларға отбасындағы әкенің ролі туралы күн сайын түсінікті тілмен әңгіме айтып отырулары тиіс. Бұл тәрбие сабағында бола ма, басқа да жағдайда бола ма, енді мұны мұғалімнің еншісіне қалдырамыз.

Осы ретте мектептерде «Әкелер мектебі» деген ашылғаны еске түседі. Олар балаларға әкенің отбасындағы орнын қай деңгейде насихаттап жүр? Міне, мәселе осында. Біз әкімдікті жиі жағалайтын бірер шалды білеміз. Олардың оқушылар алдындағы «дәрістерін» де тыңдағанбыз. Сонда олар не дейді?  Әуелі бипазданып, өзінің мына қоғамда өзіндік орны бар екенін балаларға, сосын ұстаздарға білдіріп алу үшін бір замандарда атқарған қызметтерін тізбектеп шығады. Әкесі жұмыс таппай, әйеліне жалтақтап отырған отбасының баласы бұдан қандай тәрбие алады?

Иә, әркімге өз әкесі қымбат. Одан жақын адамы да жоқ. Ал, мына кісі «бұрын мен анау болғанмын, мынау болғанмын» деп езіп тұр. Мұндайда бала санасы күйремейді ме?» Менің әкем мына кісі сияқты неге бастық болмайды?» деп әкесін іштей болса да жақсы көрмей қалмай ма? Осыдан соң ол ойлана келе қоғамдағы әділетсіздікті сезіне бастайды. Өйткені, оның әкесі де жоғары оқу орнын тауысқан. Жақсы жұмыс таба алмай жүргенін әке аузынан күнде естиді. «Мына әлемде әділдік жоқ екен ғой» деп тұнжырайды. Осыдан барып, бала психологиясы бұзылады. Ол көше балаларына қосылып, ұрлық жасайды. Үй тонайды. Мұның соңы түрме.

Біз «бұзақы балалар қайдан шығады?» деп айналамыздағы келеңсіздіктермен күнделікті бетпе-бет келіп жүрсек те осы сауалға жауапты айдан іздейміз? Сөйтіп, көзге көрінбейтін әлдекімдерге барлық жауапкершілікті артып қойып, өзіміз сүттен ақ, судан таза болып шыға келеміз. Жоқ, бұған бәріміз кінәліміз. Ең әуелі жалған ақпарат беріп, қоғам қағанағы қарқ, сағанағы сарқ өмір сүріп жатыр деп қазы-қарта, жал-жая жеп отырғандар кінәлі. Солардың жеген қазысын жетім бала жесе ауызын жырып кетеді ме? Кетпейді. Бірақ, жетімнің аузына қазы жетпейді. Өйткені, мына заманда кедей мен бай арасы әлдеқашан алшақтап кеткен. Бір жылдары мемлекетіміз бай мен кедей арасын жақындатамыз деген болатын. Осы сөз сөз күйінде қалды. Дубайдан даңғайыр үй алып жүргендер таңертеңгі шайын қара нанмен жеп кететін оқушылардың қайғысын қайдан ұқсын?

Біз де бала болдық. Мектепке бардық. Таңертең ерте тұрып, анамыз сауып бас жібін ағытқан сиырды падаға қосып келетінбіз. Кешке мал қораны тазалап қою да бізге жүктелетін. Кейде жалқаулығымыз ұстап ойнап кетсек, шешелеріміз шақырып: «осыдан әкең келсін!» десе-ақ болды, ойынды жиып қойып зып беріп қораға кіріп кететінбіз.

  • Әкең келе жатыр!

Бұл сөз бізге Жаратушының өзі келе жатқандай әсер ететін. Бір ауыз сөз! Қандай құдіретті еді десеңші! Бүгінде «әкең келе жатыр» десең, біз сияқты бүгежіктеп алға түсіп жүре беретін бала таппайсыз. Бұған да себеп жоқ емес. Өйткені, заманның талабы, өркениеттің өресі деп  өз санамызды өзіміз улап жатырмыз. Қазақ «аюға намаз үйреткен таяқ» деп текке айтты ғой деймісіз?  Батыстың үлгісі, ананың үлгісі, мынаның үлгісі деп көрінгеннің қаңсығын өзімізге тықпақтай беруге болмайды. Бізге керегі бабалардан қалған сара жол. Тура да таза жол. Өркениет қанша алға жылжығанымен, ұлттық тәрбие өзегіне өрт қоюға болмайды. Әр ұлт өз ата-баба дәстүрін сақтағанда ғана ұлт болып қалады. Ал, ананың қаңсығын, мынаның таңсығың өзімізге тықпалай берсек, ұлт болудан қаламыз. Тәрбиеге заманауи талаптар тұрғысынан қарау деген біреудің қоқысын қабылдау емес. Ол жақсыдан үйрену, жаманнан жирену тұрғысынан бағаланады.

Гендерлік теңдік – қоғамның дамуы үшін маңызды шарттардың бірі. Бұл ұғым ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін білдіреді. Гендерлік теңдік тек әйелдердің құқықтарын қорғау ғана емес, сонымен қатар ерлердің де қоғамдағы рөлін әділ бағалауды қамтиды. Гендерлік саясатты дамыту бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Әйелдердің саяси және экономикалық өмірге қатысуы артып келеді. Мемлекеттік қызметте, бизнесте, білім беру мен ғылым саласында әйелдердің үлесі жоғары. Сонымен қатар, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мақсатында заңнамалық негіздер жетілдіріліп, түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Дегенмен, гендерлік теңдік мәселесінде әлі де шешімін қажет ететін мәселелер бар. Мысалы, әйелдердің жалақысының ерлерге қарағанда төмен болуы, кейбір салаларда мансаптық өсу мүмкіндіктерінің шектеулігі сияқты проблемалар кездеседі. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі де қоғамда өзекті болып отыр. Бұл мәселелерді шешу үшін кешенді шаралар қажет: құқықтық қорғауды күшейту, қоғамда гендерлік мәдениетті қалыптастыру, білім беру арқылы сана-сезімді өзгерту.

Иә, қоғамда отбасылық зорлық-зомбылық деген мәселе бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан да отбасылық, тұрмыстық  зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы заң да шығарылды. Бірақ, заң басқа да, қоғам басқа. Әдетте әйелдер отбасылық жағдайларға алаңдап, жұмыстан ерте кетуге асығады. Асығыс адамның жұмысы шала болуы заңдылық. Сондықтан мұндай жағдайда оларға жауапты жұмыс тапсыра алмайды. Бізде үй-жайды ұмытып, қызмет қуып кеткен келіншектер бар. Олар үйлерінде күтуші, аспаз, мейірбике, тіпті адвокат та ұстайды. Түннің бңр уағында үйіне келетін әйел баласына қандай тәрбие береді? Қазақ әйелді соншалықты сыйлаған, қызды төрге отырғызға халық. Әлі де солай. Бірақ, гендерлік, теңдік саясаты деп әйелді түннің әлдебір уақытына дейін жұмыста ұстауға болмайды ғой.

Бізде қала басқарған, аудан басқарған нәзік жандылар жеткілікті. Жұмыстарын жаман да істеген жоқ. Дегенмен, солардың бірқатары иыққа түскен салмақтың тым ауыр болғандығынан да жұмыстарын өз еріктерімен босатып берді. Енді ағарту саласында, ғылым жолында тамаша табыстарға жетіп жүрген әйелдер, қыз-келіншектер болса, оларға әрине, даңғыл жол керек деп айта алар едік.

Демографиялық саясат – халық санының өсуі, оның құрылымы мен сапасын реттеуге бағытталған мемлекеттік саясат. Бұл бағытта туу көрсеткішін арттыру, өлім-жітімді азайту, көші-қон процестерін тиімді басқару маңызды рөл атқарады. Қазақстан үшін демографиялық саясаттың маңызы ерекше, себебі халық санының тұрақты өсуі елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары елімізде туу көрсеткіші біршама артқанымен, өңірлер арасындағы демографиялық айырмашылықтар сақталуда.

Иә, еліміз үшін халық санының өсуі үлкен мәнге ие. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын үлкен мемлекет. Осы алып еліміздің әрбір сүйем жерін көздің қарашығындай қорғау басты міндетіміз. Ал, оны кім қорғайды? Әрине, өзіміз! Сондықтан да бала туу көрсеткіші жыл сайын емес, күн сайын арта түсуі керек. Балаларымыз сарбаз болуы керек. Еңбекқор болулары керек. Бос жатқан даңғайыр жерімізді өзіміз игеруіміз керек. Басқаның қолына бергенмен, қадірін түсінбейді. Пайдаланып болған соң бүлдіріп кетулері де мүмкін.

Бізде бала туу көрсеткіші неге төмен? Келіншектер екі-үш баламен неге шектеледі? Мұның астары  көп. Бүгінде бала күтімімен үйде отырған келіншектерге мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мардымсыз. Баланың тамағына, киіміне теңге жеткізе алмай келіншек тағы бала тууға ықыласты болады ма? Әрине, жоқ. Сондықтан, мемлекетіміздің ендігі бір көңіл бөлетін тұсы осы. Туу көрсеткіші артсын десек, қазақтар өз жерінде көп болсын десек, балалы келіншектерге мемлекет тарапынан көмек жеткілікті болуы керек.

Демографиялық саясаттың тиімділігі көбінесе отбасылық саясатпен тығыз байланысты. Егер отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетілсе, олардың бала тууға деген ынтасы артады. Мысалы, бала күтімі бойынша төлемдер, балабақшамен қамтамасыз ету, медициналық қызметтердің қолжетімділігі – бұл факторлар халықтың демографиялық мінез-құлқына әсер етеді. Сонымен қатар, жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуы мен тұрғын үй мәселесінің шешілуі де бала туу көрсеткішінің өсуіне ықпал етеді.

Қазіргі қоғамда урбанизация үдерісі де демографиялық саясатқа әсер етуде. Ауылдан қалаға көшу, жастардың ірі мегаполистерге шоғырлануы – бұл үрдістер отбасы құрылымының өзгеруіне әкелуде. Бұрын көпбалалы отбасылар басым болса, қазір шағын отбасылар көбейіп келеді. Бұл өз кезегінде демографиялық көрсеткіштерге әсер етеді. Сондықтан өңірлік даму саясатын жетілдіру, ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын арттыру маңызды.

Отбасылық саясат, гендерлік теңдік және демографиялық саясат бір-бірімен тығыз байланысты кешенді жүйе ретінде қарастырылуы тиіс. Мысалы, гендерлік теңдік қамтамасыз етілмейінше, әйелдердің еңбек нарығына толыққанды қатысуы қиын, ал бұл өз кезегінде отбасының экономикалық жағдайына әсер етеді. Сол сияқты, отбасылық құндылықтар әлсіресе, демографиялық көрсеткіштер төмендеуі мүмкін. Сондықтан бұл бағыттарды біртұтас саясат ретінде дамыту қажет.

Болашақта аталған салаларды дамыту үшін бірнеше маңызды бағыттарға назар аудару қажет. Біріншіден, отбасыларды әлеуметтік қолдаудың тиімді механизмдерін жетілдіру керек. Екіншіден, білім беру жүйесінде отбасылық құндылықтарды насихаттауға ерекше көңіл бөлу қажет. Үшіншіден, гендерлік теңдік мәселесінде нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін заңнамалық және институционалдық шараларды күшейту қажет. Төртіншіден, демографиялық саясатты өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып жүзеге асыру маңызды.

Иә, теңдік жолы – Тәуелсіздік жолы. Біз армандаған жол. Өз қолымыз өз аузымызға жетті деген сөз. Бірақ, сол өз аузымызға жеткен қолдың бірі қысқа, бірі ұзын болуы келіспейді. Біз тең қоғам, ашық қоғам құрамыз деп жүрген халықпыз. Мұндай қоғам құрамыз десек, жемқорлықты, парақорлықты, рушылықты, бұрушылықты, басқа да шылықтарды жоюымыз керек.

Қорытындылай келе, отбасы – қоғамның тірегі, ал оны қолдау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Отбасылық саясатты дамыту, отбасылық құндылықтарды нығайту, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және тиімді демографиялық саясат жүргізу – елдің тұрақты дамуы мен болашағының кепілі. Бұл бағыттарда жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізілген жағдайда ғана қоғамда үйлесімділік пен тұрақтылық орнайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *