АСТАНАДАҒЫ «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ»: БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

Әсем Ташмаганбетова-САЙТ

Әсем Ташмағанбетова,

Астана қаласы Т. Айбергенов атындағы

№16 жалпы орта білім беретін мектептің

қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

 

Қазақстанның білім беру саласындағы стратегиялық бастамаларды іске асыратын еліміздегі жетекші қала Астанада балалардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету, оқу мен білімге қызығу мәдениетін қалыптастыру және педагог кәсібінің мәртебесін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл процестер мемлекеттің ұзақ мерзімді әлеуметтік саясатында маңызды орын алады және қала тұрғындарының білімге ұмтылуын, шығармашылық ынта-ықыласын арттыруға бағытталған әртүрлі іс-шаралардан көрінеді.

Соңғы жылдар аралығында білім беру саласын дамыту бағытында ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл кезең еліміздің білім жүйесін жаңғыртуда маңызды белес ретінде ерекшеленіп, оқу сапасын арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру, педагог мәртебесін көтеру және заманауи технологияларды енгізу секілді негізгі бағыттарды қамтыды. Астана – осы бастамалардың алдыңғы қатарында тұрған қала ретінде көптеген пилоттық жобалар мен жаңа реформалардың жүзеге асу алаңына айналды.

Білім беру инфрақұрылымын дамыту соңғы жылдары басым бағыттардың бірі болды. Қалада жаңа мектептер салынып, пайдалануға берілді, бұл өз кезегінде оқушы орындарының тапшылығын азайтып, үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұрыннан жұмыс істеп тұрған білім беру ұйымдары да кезең-кезеңімен жаңғыртылып, олардың материалдық-техникалық базасы күшейтілді. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – “Келешек мектептері” ұлттық жобасы. Қазақстан Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Келешек мектептері” (Future Schools) ұлттық жобасы білім беру инфрақұрылымын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған ірі бағдарлама болып табылады.

Қазақстандағы білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған ауқымды ұлттық жобаның негізгі мақсаты – елдің барлық өңірінде балаларға сапалы әрі қолжетімді білім беру үшін жаңа форматтағы мектептер салу және білім беру стандарттарын жаңарту болып табылады. Жоба тек ғимарат тұрғызумен шектелмей, оқыту әдістемесін, мектеп ішіндегі ортаны және басқару жүйесін толық жаңартуды көздейді. Соңғы деректерге сәйкес, 2023-2025 жылдар аралығында Қазақстан бойынша осы жоба аясында 217 жаңа форматтағы мектеп салынды, олар 460 мыңнан астам оқушыға арналған . Бұл – елдегі мектеп тапшылығын азайтып қана қоймай, үш ауысымды және апатты мектеп мәселесін шешуге мүмкіндік берген маңызды қадам. Жобаның басты ерекшелігі – барлық мектептер бірыңғай стандарт бойынша салынып, заманауи талаптарға толық сәйкес жабдықталуында. Мысалы, жаңа мектептердің аумағы бұрынғы типтік мектептерге қарағанда 15-20 пайызға кең, ал техникалық жабдықталуы бірнеше есе жоғары.

Оқушыларға заманауи, қолайлы, қауіпсіз және дамытушы орта ұсынатын білім беру ұйымдарында жаңа форматтағы оқыту тәжірибесін инновациялық әдістермен жүргізу көзделген. Мұнда цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып, интерактивті тақталар мен заманауи оқу платформалары енгізілген. Оқушылардың жеке қабілеттерін дамытуға, шығармашылық және сыни ойлау дағдыларын қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Жобалық және зерттеу әдістеріне негізделген оқыту жүйесі оқушыларды тек білім алушы емес, өздігінен ізденуші тұлға ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Астанада мұндай мектептердің саны артып, олар қаладағы білім беру сапасының жаңа деңгейін айқындап отыр.

Елордадағы “Келешек мектептері” тек саны жағынан ғана емес, сапасы жағынан да ерекшеленеді. Бұл мектептердің қаланың урбанистік дамуына әсерін атап өту маңызды. Жаңа білім ошақтары көбіне халық тығыз қоныстанған жаңа тұрғын аудандарда салынып жатыр. Бұл тек білім беру мәселесін шешіп қана қоймай, сол аудандардың әлеуметтік инфрақұрылымын қалыптастырады. Яғни мектептер тұрғындар үшін орталық нүктеге айналып, айналасында балабақша, спорт алаңдары, қоғамдық кеңістіктер дамиды.

Аталған мектептерде оқу процесі дәстүрлі форматтан гөрі интерактивті және тәжірибелік бағытта ұйымдастырылады. Оқушылар жобалық жұмыстармен айналысып, зерттеу жүргізуге, өз идеяларын іске асыруға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып, электронды платформалар мен заманауи оқу құралдары енгізілген. Мұның барлығы оқушылардың сыни ойлау, шығармашылық және технологиялық дағдыларын дамытуға бағытталған.

Жоба аясында мектеп басқару жүйесі де жаңартылып жатыр. Арнайы дайындықтан өткен жаңа буын мамандар жұмысқа тартылып, оқу орындарын тиімді басқару мәселесіне көңіл бөлінуде. Ең алдымен, «Келешек мектептері» жас мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы болып саналады. Университетті жаңа бітірген педагогтар дәстүрлі мектептерге қарағанда, бұл білім ошақтарында өздерін еркінірек көрсетіп, жаңа әдістерді батыл енгізе алады. Себебі бұл мектептердің басты қағидаты – инновация мен жаңашылдық. Жас мұғалімдер цифрлық технологияларды жақсы меңгергендіктен, олар интерактивті платформалармен, онлайн ресурстармен және заманауи оқыту әдістерімен тиімді жұмыс істей алады. «Келешек мектептерінде» жас мамандарға шығармашылық еркіндік те беріледі. Олар дәстүрлі сабақ үлгісінен шығып, жобалық оқыту, топтық жұмыс, зерттеу әдістерін кеңінен қолдана алады. Бұл өз кезегінде оқушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, мұғалімнің де кәсіби дамуына серпін береді. Жас ұстаздар түрлі білім беру жобаларына қатысып, авторлық бағдарламалар жасап, өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

Сонымен бірге, «Келешек мектептері» жас мұғалімдерді тек сабақ беруші ретінде емес, заманауи білім беру көшбасшысы ретінде қалыптастыруды көздейді. Олар цифрлық сауаттылығы жоғары, үнемі ізденісте жүретін, оқушылармен тең дәрежеде қарым-қатынас орната алатын маман болуы тиіс. Бұл – бүгінгі білім беру жүйесіне қойылатын жаңа талап негізінде  мектептердің тек білім беру емес, сонымен қатар заманауи басқару мәдениеті қалыптасқан орталыққа айналуына ықпал етеді.

Өткен 2025 жыл білім беру саласы үшін ерекше жыл болды. “Жайлы мектеп” және “Келешек мектептері” ұлттық жобалары аясында бірнеше жаңа білім беру ұйымдары пайдалануға берілді. Олардың қатарында №110 мектеп (Нұра ауданы, Жағалау маңы), №115 мектеп (Нұра ауданы, SAT City тұрғын кешені), №117 мектеп (Greenline ауданы, Хан Шатыр маңы), №114 мектеп (Алматы ауданы, Ш.Құдайбердіұлы мен І.Жансүгіров көшелері қиылысы), №113 мектеп (Сарайшық ауданы, Шәмші Қалдаяқов көшесі 38), №116 мектеп (Сарайшық ауданы, М.Төлебаев даңғылы мен Бурабай көшесі), сондай-ақ, №119 мектеп (Байқоңыр ауданы, А.Иманов және Егемен Қазақстан көшелері маңы) бар. Аталған мектептердің барлығы заманауи талаптарға сай салынған: олар кең әрі жарық сыныптармен, STEM және IT бағытындағы арнайы кабинеттермен, робототехника зертханаларымен жабдықталған, сондай-ақ инклюзивті білім беру ортасын қамтамасыз ететін лифтілер мен арнайы кабинеттер қарастырылған. Сонымен қатар, бұл мектептер жоғары сыйымдылыққа ие болып, екі ауысымдық оқытуға бейімделген, қауіпсіздік жүйелері толық орнатылған және спорт, өнер, шығармашылық бағыттағы инфрақұрылыммен қамтылған. Тоқталып өткен мектеп жобаларының маңызды ерекшелігі – оларда инклюзивті орта жасалғаны. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында мектептер бейімделіп, арнайы мамандар саны арттырылуда. Психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеттері ашылып, түзету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар білім алуда тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге және әр баланың әлеуетін толық ашуға бағытталған. Бұл – білім беру тең мүмкіндіктерінің бірден-бір кепілі.

Сонымен қатар, «Келешек мектептері» жобасы баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа білім философиясын енгізіп отырғанын айтуға болады. Бұл мектептерде оқушы тек білім алушы емес, өз ойын ашық жеткізе алатын, жобалар жасап, зерттеу жүргізетін белсенді тұлға ретінде қалыптасады. Мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас та серіктестік сипатқа ауысып келеді.

Тағы бір маңызды аспект – оқу ордасының психологиялық жайлылығы. Жаңа мектептерде кең дәліздер, демалыс аймақтары, коворкинг кеңістіктер қарастырылған. Бұл оқушылардың мектепті тек сабақ өтетін орын емес, еркін дамитын орта ретінде қабылдауына ықпал етеді. Мұндай тәсіл білім сапасына тікелей әсер ететіні де дәлелденіп отыр.

Астанада бұл жобаның жүзеге асуы цифрлық білім беру мәдениетін қалыптастырумен де тығыз байланысты. Интерактивті тақталар, онлайн платформалар, цифрлық ресурстар оқыту процесін жеңілдетіп қана қоймай, оқушыларды заманауи технологияларды дұрыс қолдануға үйретеді. Бұл – болашақта цифрлық экономикаға бейімделген ұрпақ қалыптастырудың негізі.

Сонымен бірге, «Келешек мектептері» аясында қосымша білім беру мүмкіндіктері кеңейіп отыр. Оқушылар мектеп қабырғасында-ақ робототехника, бағдарламалау, өнер, спорт сияқты бағыттармен терең айналыса алады. Бұл ата-аналар үшін де тиімді, себебі балалар қосымша орталықтарға бармай-ақ, барлық мүмкіндікті бір жерде пайдаланады.

Тағы бір назар аударарлық тұс – экологиялық және қауіпсіздік стандарттары. Жаңа мектептер энергия үнемдейтін технологиялармен, заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Бұл балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады. «Келешек мектептері» тек жаңа ғимараттар ғана емес, олар – білім беру жүйесінің жаңа мәдениетін қалыптастыратын, оқушы, мұғалім және қоғам арасындағы байланысты жаңартатын кешенді ұлттық жоба.

2026 жылы қалада 12 жаңа мектептің құрылысы жоспарланып отыр, бұл білім беру орталарының санын әрі қарай арттырады және тұрғындардың қажеттілігін қанағаттандырады.

Балалардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мектептерде санитарлық талаптар күшейтіліп, бейнебақылау жүйелері жетілдірілді. Оқушылардың денсаулығын сақтау мақсатында медициналық және психологиялық қызметтердің жұмысы жанданды. Әсіресе бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту жүйесі кеңейтіліп, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл шаралар білім беру ортасының қауіпсіз әрі қолайлы болуына негіз қалайды.

Соңғы жылдары білім беру жүйесін цифрландыру үдерісі де қарқынды дамып келеді. Электронды күнделік пен бағалау жүйелері жетілдіріліп, онлайн білім беру платформалары кеңінен қолданылуда. Сонымен қатар, жасанды интеллект элементтерін енгізу, білім беру деректерін талдау жүйелерін қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мұндай жаңашылдықтар оқу процесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, білім сапасын объективті бағалауға мүмкіндік береді. Астана қаласы бұл тұрғыда цифрлық білім беру технологияларын енгізуде көшбасшы өңірлердің бірі саналады.

2026 жылдан бастап іске асырылып жатқан “Қазақстан балалары” бағдарламасы білім беру саласындағы жаңа кезеңді айқындайды. Бұл бағдарлама балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психологиялық қолдау көрсету және отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту секілді маңызды бағыттарды қамтиды. Астана қаласында бұл бастама аясында мектеп психологтарының жұмысы күшейтіліп, буллингтің алдын алу шаралары енгізілуде. Сонымен қатар, ата-аналармен тығыз байланыс орнатуға бағытталған түрлі кездесулер мен оқыту бағдарламалары ұйымдастырылып, балалардың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік жасалуда.

Білім беру саласында ғылым мен инновацияға басымдық беру де соңғы жылдардың негізгі үрдістерінің бірі болып отыр. Астанада оқушылар арасында ғылыми жобалар байқаулары, пәндік олимпиадалар, робототехника және IT бағытындағы жарыстар жиі өткізіледі. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың зерттеушілік қабілетін дамытып, олардың ғылымға деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар, оқушылардың стартап жобаларын қолдау бағытында да түрлі бағдарламалар іске асырылуда.

Жалпы алғанда, соңғы уақытта елордамыз білім беру саласын дамыту бағытында жүзеге асырылған шаралар кешенді әрі жүйелі сипатқа ие болды. Осы жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде білімнің, дамудың және оқуға деген ынтаның орталығына айналды. Жаңа мектептердің ашылуы, педагог мәртебесінің артуы, цифрлық технологиялардың енгізілуі және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қаладағы білім беру жүйесінің сапалы дамуына негіз қалады. Бұл бастамалар жас ұрпақтың сапалы білім алуына кең мүмкіндік беруде.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *