ЖҰМАБАЙ ШАШТАЙҰЛЫ ПРОЗАСЫНДАҒЫ КҮЙ САРЫНЫ
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
әдебиеттанушы,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ
(1950-2024)
Жазушы шығармаларындағы кейіпкерлердің төркінін кейде автордың сыр-сұхбаттарынан аңдап қаласың. Қазіргі қазақ прозасының көрнекті өкілі Жұмабай Шаштайұлы да бір сыр-сұхбатында туындыларында суреттелетін жылқышы, қойшы шал бейнесінің түп-төркіні күйші, ұзақ жылдар мал баққан өз әкесінің тұлғасынан бастау алатынын айтып қалған. Шынында, автордың өзге шығармаларын былай қойып,«Қоңыр» әңгімесі мен «Шал мен жылқы» хикятын оқығанда,осы бір жайға көзің анық жете түседі.
Автор әңгімесі сыр-сұхбатта былай өрбиді: 1979 жылы оқу бітіргенімде диплом жетекшім Рымғали Нұрғалиевке «Біздің ауылда қойшылардың слеты болып жатыр, соған ертіп барсам қалай қарайсыз?» – деген едім, ол кісі бірден келісіп, қасына атақты әнші Жәнібек Кәрменовті ертіп алды. Ауылда анамның шайын ішіп, жүз шақырым қашықтықтағы қойлы ауылға аттандық. Ескілікті әңгімеге төгілген шешен Жәнібек сөздері жүрек қозғайтындай тебіреніске толы, арасында шырқатып әнге басып та қояды. Бір кезде ұйықтап кетіп оянған ол менің әкеме телміре қадалып барып: «Аға, мен өледі екенмін», – деді. Онысын және бірнеше мәрте тынбай қайталап: «Ақ боз атпен шауып бара жатып, мұрттай ұшып түстім», – деп сөзін ары қарай жалғады. Сонда әкем: «Ақ боз атқа мінгенің жақсы екен. Құлағаның бекер болыпты, – деді жанашыр ыңғайда жұмсақ тіл қатып. Айнала тым-тырыс. – Ақ боз атқа ердің ері ғана мінеді, ердің ері ғана шабады. Анау-мынау емес, ақбоз аттан ердің-ері ғана құлайды», – деді ақыры сөзінің қорытындысында. Ертеңіне әкем домбыра тартқанда, Жәнібек басқа әңгімелердің бәрінен тиылып, қасынан үйіріліп шықпай көп күй шерткізді. Сол жылдың күзіне қарай Рымғалиға арнайы сәлем бере кіргенде: «Сен әкене емес, шешеңе тартыпсың», – деді бірден. Әкеммен де, анаммен бір рет қана жүздесіп тұрып бұлайша кесіп-пішіп айтқанына таң қалдым да қойдым. Менің бүкіл темпераментімді жіктеп, танып айырып айтқанына таңқалмасқа амалың, кәне. Кек сақтай бермейтін кейбір мінездерім анама келетінін өзім де ептеп сезетінмін, ал әкем жарықтық ол жағынан қаттылау. Ешкімді басынан асырмауға тырысатын. Рымғали әр кездескен сайын: «Сен көп нәрсені іздеме. Жазатын дүниеңнің бәрін сол шалдың бойынан табасың, одан артық саған не керек», – дейтін. Осы жасқа келгенде ойлап қарап отырсам, Рыкең өте көреген кісі екен. Тақырып таңдаудың эстетикасы мен теориясын оған және барудың рет-тәртібін дәл де шебер нұсқап кеткен екен жарықтық. (Жұмабай Шаштайұлы: Оқырмансыз әдебиет те, жазушы да – жетім. Сұхбаттасқан Мөлдір Райымбекова. «Қазақ әдебиеті» газеті, 14.07. 2020.)
Жазушының қай туындысын алсаң да, кейіпкерлері жалаңқат емес, терең астарлы, көп қырлы болып бейнеленеді. «Қоңыр» әңгімесіндегі Қанақожа шал, мәселен,ішкі-сыртқы бітімімен, жүріс-қозғалысымен, тіпті кемпіріне оқшырая қарап, әр түрлі мінез көрсетуімен көз алдыңа келеді. Ішін алдыртпайтын біртоға, бірақ не нәрсеге болса да, сергек қарап, өз ойымен терең барлап, ой түйетін сарабдал, сыншы. Жан дүниесінде мұң, сыз бар. Бірақ соның өзін ашып айтпай жауар бұлттай түйіле түседі.Автор оны әңгіменің алғашқы сөйлемінде-ақ аңғартады.
«Немере iнiсi қайтыс болғалы қатты шөгiп-шөжiген Қанақожа бүкжиiп, бiр уыс болып төрде отыр. Ынта-зейiнi құраққа ауған кемпiрiнiң қалпындағы iш пыстырар бейғамдыққа таңырқағандай көзiн ойнақшыта төңкергенде нұры қашқан қарашықтарының жиектерiне жалқындаған сәуле үйiрiлдi. Адырайған шеке тамырынан қан зор қысыммен жүретiндей бiлеуленiп кеттi».
Шалдың жан дүниесінде қозғау бар. Бебеу қағады. Әзір тоқталар, тыйыла алар емес. Немере інісі Сейіткерім тілі байланар алдында үзіп-жұлып «Көке, Нәрiкбайдың зарын тартыңызшы» деп еді-ау. Сонда «сандырақтап барады-ау» деп топшылаған.Бебеулеген Нәрікбайдың зары ешкімге жақ ашып айтпағанішкі алапат күйініші еді ғой. Кіндігінен жалғыз ғана қыз өріп, ұл сүймеген қайғысын, зарын осы күйге сыйдырған. Сейіткерімнің әкесі Нұрберген зарлы сарынды жақтырмай, аза бойы қаза болатын. «Әй, мұның ақыры жаман болады, тiлеуiң алдыңда, сабыр етсеңшi» дейтін.Сөйткен Сейіткерімді баласынан бір кемкөрмеп еді. Қолында өсті ғой, алданышы, сүйеніші, үміті болатын. Енді, міне, артына тастап кетті. Ара-арасында кемпірінің бүгжеңдеген тірлігіне одырая қарайды. Бұдан жасырған бір сыры бар тәрізді. Бағдат қызының мына тұрған қаладан бір айдан бері хабарсыздығына қитықты. Оның үстіне әлгінде қаладан келген балғың жігіт, кейін білді құрдасы Шәріпбайдың баласы екен, төбеден жай түскенлей етіп: «Ата, сізді көп күй біледі дейді, соны жазып алайын деп едім» деген. «Шырағым, сенiң күйiң тұрмақ, бiр басымды жер-суға сыйғыза алмай жүрмiн», – деген бұл. Қанақожаның басындағы осындай қат-қабат жағдайды автор барынша түйдектетіп, қоюлатып береді. Кемпірімен арадағы құбылып отыратын оқыс мінез көріністері шалдың образын нақтыландыра, айшықтандыра түскен.
«Сұраулы жүзбен бiр сәт ежiрейе қарап, әлденеден жерiнгендей қабағын шытты. «Құрағыңмен қоса құрып кеткiр» деп, айта жаздап барып тыйылды. «Жалғыз қызы Бағдаттың бiрдеңесiне жаратам ба деген үмiтi шығар жазғанның. Бұл қатын деген шiркiн қарап отыра алмайды екен ғой» деп бiр қойды iштей. «Әлгi қыз қайда кеттi? Төрт жұмадан берi мына тұрған қаладан бiр келiп кетпегенi несi? Әй, жарығым Сейiткерiм-ай! Кәрi қойдың жасындай жасым қалғанда жер сипатып кеткенiң болмады-ау!»
Шағын әңгімеде уақыт пен кеңістік те шынайы беріледі.
«Шалқалап туған ай сынық сүйем. Қойнау-қойнауына көлеңкенi молынан тықсырып, тау қарауытады. Мың-сан шоқ жұлдыздар шымырлаған теңiз бетiнде өшпей жанып тұрғанына мәз сияқты жымың-жымың етедi. Қанақожа күздiң осынау жайлы түнiне ықылас қоймағанымен, серпiлтiп, сергiтетiн таза ауада көп бөгелдi. Терiскейден соққан сары жел iштен шыққан жалынды басатындай салқын».
«Орнынан сүйретiле көтерiлiп, есiкке таман барып сәл iркiлдi, бүкiл денесiмен бұрылып, кемпiрiне аңтарыла қарады. Бiр нүктеге тас болып қадалған қосағының қалшиған қалпы жат, суық. Қанақожа сыртқа шықты. Күн Суықтөбенiң оң қапталын иектеп қалыпты».
Автор табиғат, мезгіл көріністерін кейіпкердің жан дүниесінің қозғалысымен шебер астастырған. Әңгімеден үлкен прозаға тән байсалдылық аңғарылады. «Еншiлестiң күйiгi жалғыз саған түсiп пәле болды ғой бұл. Түк болмағандай жүр ғой әне келiнiң жайраң қағып. Не көрiндi сонша?!» деп әлгінде кемпірі шабақтап өткен. «Мына мыстан не дейдi? Сейiткерiмнiң күйiгi маған түспегенде кiмге түседi? Әкесi де, шешесi де мен емес пе ем, бiлсе?! Жайраңдайтын келiн жайраңдай берсiн» деп бұл іштей түйілген. Кейіпкердің жан сыры тереңде. «Мына мыстан не дейді?» дейтін кеудесін жарып өткен түйткіл де табиғи. Ашып айтпағанмен, кіндіктен тараған жалғыз ұлдың болмауы қартайғанда айықпас қасіретке айналған. Бұл да қазақы болмыстың бір көрінісі. Өзге ұлттың өкілі болса, бұған соншалықты мән бермеуі мүмкін. Ал Қанақожа үшін жүрек түкпіріндегі сыздаған жара.
Түнде түс көріп, ұйқысы бұзылған. Әлдебір саз құлағына келген. Таңды атыра алмай біраз дөңбекшіп жатып, тағы көзі ілініп кетіпті.
«- Әй, неғып тұрсың? Ерте күндi кеш қылатын болдың ғой.
Ту сыртынан үн қатқан кемпiрiне: «бұл да маған пәле болды ғой» дедi. Бiр кезде апыл-ғұпыл жүрiп, үйге кiрдi. Есiктiң көзiнде аңырып тұрып қалғанкемпiрiне де бөгелмедi. Не iстемекшi болып едiм дегендей қақ ортада селтиiп тұрып барып, домбыраға қол созды. Iлгектен шығара алмай әлектенiп жатқанда:
— Оны не iстейсiң, — деген кемпiрiне одырая қарады.
— Не iстеушi едiм, Нәрiкбайдың зарын тартамын!
— Нәрiкбай дегенiң кiм тағы?
— Менмiн, — деп, айғайлап жiбердi.
Кемпiрi кенет домбыраны жұлып алып, қолына ұстатты да, «Ал тартшы, тартқыш болсаң» дегендей арқасын қабырғаға сүйеп тұрып қалды. Қанақожа әлденеден қолайсызданғанымен: «Осының түлей шалыстанған тұрысы-ай» деп қынжылып та қойды. «Бәрi құрып кетсiншi» дедi де аттап-пұттап барып төрге жайғасып, домбырасын оңтайлап ұстады. Дың-дың дыбыстарға елiтiп, ырғалып тербеле құлақ күйiн ұзақ келтiрдi. Кемпiрiн көзiнiң астымен бiр сүзiп өтiп, шiркiннiң мұндай кездегi санасыздау пошымына ашуы келгендей шанақты үстi-үстiне қағып-қағып жiбердi. Ендi болмаса шанақ шытынап қақ айрылып кететiндей ащы саз домбыраның жоғарғы сағағында бебеу қақты. Саусақтары перненi қуалай келiп, төменгi тұста маймаңдай жорғалағанда шыңылдаған нәзiк әуен қоңыр қою дыбысқа бiртiндеп ұласты. Қанақожаның бидай өңдi ажары ашаң тартып, қоңыр көзiнiң қарашықтары дегбiрсiз ойнақшып, арагiдiк бiр нүктеге кәдiк қадалатындай. Оң жағына шынтақтай жайғасқан ол әр түрлi саздың ырқымен бiр еңкейiп, бiр шалқайғанда иегiндегi шоқша сақалынан болымсыз дiрiл бiлiнедi. Анда-санда көзiн кең ашқанда қызыл жиектенген шарасында кiсi дәт қылып қарай алмайтын айбын бар. Санасында iлiк-шатыс бiрдеңелердiң сұлбасы бiр көрiнiп, бiр ғайып болады. Кенет биiк шоқының құлдилаған еңiсi, құз шыңырауда ирелеңдеп аққан бұлақ, самал желге қоғадай жапырылған көгорай шалғын, обадай шошайған алтыаяқ, елтiрi бөрiктi қисайта киiп қалғып-мүлгiп кетiп бара жатқан әлдекiм, бәрiнiң көшi-қоны түзуленiп, көз алдынан тiзбектеле өте бастады. Екпiндi қоңыр сазды мезетiнде байсалды байыпқа көшiрiп, байырқамастан баяу шерттi. Сәт сайын қосамжарласқан шiңкiлдек дыбыс жүйкесiн жұлқып-жұлқып өтетiндей Қанақожаның денесi солқ-солқ етедi. Домбыраның қылша мойнын дедектетiп, секектетпей тыңнан тағы бiр әуез iздеген Қанақожа көзiн тарс жұмып алды. Осы жерден қайыру керек деген iшкi тоқтамына көнбеген шымырлаған үн бастапқы қоңыр сазға құйылыс тауып барып тынды.
Қанақожа бүктүскен қалпында ұзақ отырды. Бiр кезде басын еппен көтергенде, жаулығының ұшымен көзiн басып, тұншыға жылап отырған кемпiрiн көрдi. «О, тоба, менiң тартқан шалдыр-шатпағымның күшi кемпiрдi жылатуға жеткенi ме? Осыны әлгi Шәрiпбайдың әртiс баласы көрсе оңды-ақ болар едi-ау» дедi. «Сейiткерiм жарығым-ау, Нәрiкбайдың зарын емес, өзiмнiң зарымды тартып отырмын саған» дедi. Кемпiрi жаққа көз қиығын тастап: «Жыла, жылай түс. Қатын деген халық кеулiндегiсiн жыласа да сыртқа шығара алады. Еркек жазған жылайын десе қатын емес, жыламайын десе күйiк жеп барады» деп ойлады».
Автордың кейіпкері өмірдегідей күрделі, қайшылықты, һәм табиғи. Жазушының даралық қолтаңбасы да осында-ау дейміз. Кейіпкерімен біте қайнасып кетеді. Кейіпкерінің ауасымен тыныстап, көзімен төңіректі шолады. Ішіндегі бүкіл ділін, өмірге көзқарасын кейіпкеріне толайым аударып береді.Әңгімеде күй сарыны барынша шынайы суреттелген.Күйдің дүниеге келу өрісі келісті өрілген. Күй – Қанақожа ішкі әлемінің, шындығының бұлықсып сыртқа шығуы. Бүп-бүтін дүниеге жарым көңілмен, беймаза көңілмен қарайды. Мына жарық дүниені – жаратылысты жеке адам жеке қабылдауымен, жеке көзімен көреді екен ғой. Біреу үшін бүп-бүтін дүние, біреу үшін жарымжан. Жеке адамның басындағы сезім, көңіл-күй қайталанбайды. Адам – индивид, көшірмесі жоқ жеке тұлға. Әрбір адам – ұлттық характер, қайталанбас болмыс. Ж. Шаштайұлының тұлға концепциясы осыған саяды.
«Шал мен жылқы» хикаятында шал образы тереңдейтүскен. Хикаяттағы Қосшыбай шал мен әңгімедегі Қанақожа жақын туыстас образдар. Қосшыбай да кіді, жайдақ су тәрізді ашылып-шашылып сөйлей бермейді. Сөзге сараң, бірақ ойы терең, сыншыл. Ол да бүгінгі тірліктің жайларына көңілі толмай сызданады. Жалпы, жазушы шығармаларында сыншыл көзқарас, өткен мен бүгінді байланыстыра, салыстыра қарау басым. Үш ұл қалада. Әрқайсысы өзімен-өзі. Ешқайсысы шалдың жайын ойлар емес. Үлкейді-ау, жылқы бағу да оңай емес, қасында біреуі болуы керек-ау – ешқайсысының қаперінде жоқ.Кенже ұлы әскерден келгенде үміттенген.
«Кiшi ұлы Әнуар әскерден оралып, ыстық-суығы әбден басылды-ау дегенде қасқа атты алдына көлденең тосты.
— Балам, мынау елге аман-есен оралғаныңа атағаным, ат қып мiнем дейсiң бе, жоқ, құс боп ұшқың келе ме, әйтеуiр, не қылсаң да өзiң бiл.
Көп ашылып-жарылмайтын әкесiнiң бұл бейiлiне разы боп кеткен ұлының қара торы, жұқа өңi алабұрта жөнелдi. Табалдырыққа жайымен жайғасып алып, қасқа тайға iшiп-жеп қараған әкесiне бiр, қалғып-мүлгiп монтаны тұрған жануарға бiр қарап, жұтына түстi. Шыбындаған тайдың тынымсыз шыпылдаған құйрығы етiн осып, шымылдатқанын елемеген Әнуар жұнттай жұмыр бiтiмiне сүйсiнiп, қасынан үйiрiлiп шықпай:
-Көке, шынымен күзеген жоқсыз ба? – дедi.
Баласының сұрағына iшi жылып сала берген шал «Бәсе, көрген-баққаны мал емес пе едi» деп ойлады.
-Жаралғаннан солай. Тұяқтарына қарамайсың ба, тура қолмен құйғандай. Далиған омырауына қарашы, атты кiсi еркiн өтiп кететiндей кең. Тағы өзi барып тұрған бұзық. Қашса, тура бар ма, атқа жеткiзбейдi. — Құдды немересiнiң қылығын әңгiме қылып, етжүрегi елжiреп кеткендей шалдың дөп-дөңгелек шырайы әлденеше құбылды. Әңгiме өзi туралы екенiн сезгендей басын кегжең еткiзе жұлып алған қасқа тай Әнуарға бұрылып, тұмсығымен бiр түртiп қалды да, бастапқы қалпына көштi. Тайдың мiнезi әбден өзiне сыралғы болғандықтан ба, шал жымиып қана қойды.
— Көке, мен мұны ауылға әр келген сайын мiнiп, тауға шығып тұрамын, — дедi бiр өңкей тiкiрейген жалды құлатып жатып. Шошына селт ете түскен шал Әнуарға одырая қарап, қатты да қалды. Түк сезбеген күйi ол тайды төңiректеп әлi жүр. «Құдайдың ұрғаны-ы, бұл да далабезер болмақ па? Жетпiстегi әкесi желкiлдеп тұр дей ме екен?»
Шағын көріністен көп сыр аңғарылады. Өзімшіл ұл әке көңілін сезініп тұрған жоқ. Сезінейін де демейді.Эпизодта жылқы малының шал көзімен берілетін сипаты, келісімі табиғи өрілген. Қыс қатты, әрі жаз қуаңшылық болып, төңіректе тебіндеп жейтін шөп қалмай, ұзап кеткен үйірдің соңынан із шала шыққан шалдың түйсінуімен жер ыңғайы, құбылған ауа райының барысы,былайғы жұрт біле бермейтін Қамбар ата тұқымының қасиеті мен ерекшелігі хикаятта шынайы суреттеледі. Әлбетте, жануар болмысының суреттелуінде авторлық дүниетанымның бірінші кезекте орын алатыны белгілі. Бұл ретте жазушы дүниетанымы кең, білгені мол. Кәнігі жылқышының кейпіне енеді.
«Буырылға үйренген жылқылардың Қайыптан бiр-ақ шыққанын естiгенде: «Бiреу-мiреу айдады-ау, әйтпесе бiр жақтағы Қайыпта несi бар?» деп шалдың ойы сан-саққа жүгiрдi. Күш қайта бастаған соң кежегесi кейiн тартты ма, әне-мiне көздеп қайтам деп жүрiп, күздi де өткiзiп алды. Төске түнi бойы жаңбыр жауып, арты қарлы боранға айналғанда: «Төменгi жаққа бiржола қар түскен шығар?» деп ұйғарған. Сөйтсе, онда да тура осындағыдай болыпты. «Басқалары күнiн көрер-ау, әлгi күрең байталдың ұсқыны нашар едi, қайтер екен бишара» деп уәйiмдей бастады».
Бір қарағанда, қысты аяғымен өткізетін жылқыны бағу қиын емес тәрізді көрінер. Бірақ шындығы сол ма? «Мал баққанға бітеді» дегендей, автор ата кәсіптің жеңіл еместігін алдыңа тосады. Түзде, ат үстінде ой серігі басым Қосшыбай образы дара қалпында сомдалады.
«…Сондай күндердiң бiрiнде ертеңгiсiн келсе – кешегi орнында жылқы үштi-күйлi жоқ. Тепсең жер көртышқанның iндерiндей үйме-жүйме де, шыққан iз бiреу-ақ. «Бұл не сұмдығың?» деп қатты састы. Күнбатыстан соққан жел өңменнен өтердей суық. Түйетайлы сай мен ой-шұңқырдың бәрiн аузы-мұрнын толтыра асып-төгiлген оппа қардың жиек-жиектене қабыршықтанған мың сан түрлi бедерлi өрнегiне қанша алданбайын десе де, көзi амалсыз түсе бердi. Беткей-беткейдегi бетеге мен жусан жазмышқа құлдық ұрғандай қалт-құлт етiп бiр уыс, бiр уыс болып бүрiседi. Бiр тұяқтың шеңбер шаршысына дөп келетiн iзбен сонда көп жүрiп едi. «Апыр-ай, бiр кәдiк болды-ау» дегендi iштей әлсiн-әлi қайталай берген. Бiр белдi асып, ойпаңға түскенде тарам-тарам жосыған көп iз алдынан жамырап шыға келдi. Таң қалмасқа шарасы қайсы. Айналасын жал-қырат қаумалаған кең қолтықты жазықта пырдай болып жатқан жылқы ұшыраса кеткенде сыздап қобалжыған көңiлi бiрден жай тапты. Жылқылар елеңдесiп бастарын жұлып-жұлып алды. «Құзғындатып тағы жеттi ме» деген сыңайда одырайыса қарасып, қаудиған үрпиiңкi денелерiн бiр-бiр сiлкiп, жер тебуге қайтадан қызу кiрiсiп кеттi. Жайылған тұстары құмырсқаның илеуiндей үйме-жүйме, қардан аршылған жерлерi сау тамтығы жоқ таздың басындай шұрық тесiк. Дәл сонда қандай күй кешкенiн кiм бiлсiн, қазiр шалдың төбе құйқасы өз-өзiнен шымырлап, тұла бойын қалтыратқан дiрiл жүгiрiп өттi. Осы жасқа дейiн көңiлiнде түйткiл секiлдi нәрсенiң көбi болды ғой. Жалғанда жақсы көретiн дүниесiнен бiрақ бұлайша ажырап, алыста қалғандай сезiнбептi өзiн. «Әлгi айғырдың қоқаң-соқаңы көп болғанымен, шындап келгенде он биенi шығаруға шамасы келе қояр ма екен? Әй, қайдан…» Жөнi жоқ жерде сестенiп, шенiне жан баласын жуытқысы келмейтiн құр көкiректiгiн жақтырмайтыны рас. Он қаралы жылқыны сөйтсе де, бiрiншi құдайға, екiншi соған тапсырғанда: не бопты, атасы айғыр ғой, шағын жылқының шашауын шығара қоймас» деп ұйғарған. «Ойпырай-а, Қайыпқа қалай барды екен, бiр бәлеге кез болып қалмаса жарар едi де».
Жылқышы шалдың көңілі осылай толқиды. Табиғи, шынайы өрбіген эпизодты жазу үшін, шындығында, бастан өткерген өмір тәжірибесі керек. Қалай дегенде, білмеген жартылыстың сырын ойша, шығармашылық қиялмен өрбітемін деу алысқа апармайды. Жазушы Ж. Шаштайұлының артықшылығы да осында. Шығарма ситуациясын жанамалай болсын басынан өткерген. Өрістегі мал жайын, тебіндегі жылқы сырын жақсы біледі. Сондықтан да мезгіл-мекен шындығы, қарлы борандағы үйір әрекеті шынайы көрініс табады. Бұл ыңғайда жазушы қаламы жіті, қырағы, бейнелі. Әрбір детальге дейін қалт жібермей, кәдеге жаратады. Әйгілі әдебиеттанушы Рымғали Нұрғалидың сөзі қайтадан еске түседі. Автордың боз бала, жігіт шағында мал баққаны, ішкі сырын алдырта бермейтін тұңғиық сырлы, табиғатынаан күйші әке жанында болуы – шығармашылығына мол олжа әкелген. Шындығында, Қосшыбайдың образынан әке тұлғасы аңғарылады. Әңгімедегі Қанақожа мен хикаяттағы Қосшыбайдың туыстас шығып жататыны сондықтан. Бірақ автор образды түрлі ситуацияда әр қилы дамытады.
Жазушы Қосшыбай образы арқылы әулеттің бастан кешкен қиын тағдырын сипаттайды. 30-жылдардың ашарлығын, бір әулеттің күйреп түсуін бейнелейді. Сонда да бұл әулеттен домбыра сазы үзілмеп еді-ау. Ұрадағы соңғы қап бидайды әлдекім ұрлап әкетіп, ағасының әйелі – жеңгесі шаптығып, сол жылы күйеуінен, үш бірдей баласынан айырылған анасын тілдегенде, күйініп кеткен Бөлеген ағасы домбыраны қолға алған. Ішкі ашуы мен дәрменсіз күйін, тағдырына налуын домбыра сазымен сыртқы шығарған.
«- Барсын, атасына нәлет, содан-ақ көрдiм, — дедi де бұрыштағы домбырасына қол созды. Бұрауына келiп тұрған болса керек, ащы-ащы дыбыстарды үстемелетiп жiбердi. Ыңыранған баяу саз тамылжыған тәттi әуезге ұласқанда шешесi де, Қосшыбай да елтiп кеткендей тым-тырыс. Домбырасын оңтайына алып, құнжың қаққан Бөлеген өзiн бүтiндей оқшаулап, дүниеден қара жанына жарқын сарыннан ғана демеу табатындай тым бейiлдi. Күйлi-мұңлы әуен жаңадан соғылған дуал тамның ылғалына сiңiп, одан сайын жұмсарып шығып, құлаққа жағымды естiледi. Осы кезде Қосшыбай анасы жаққа назарын ерiксiз бұрды. Әр адымын санап, кербез басатын бiр кездегi тәкаппар, сән-салтанаты келiстi бәйбiшеге шешесi мүлде ұқсамайды. Опалаң-топалаңы шыққан мына үйдiң кiр-қоқысынан бойын аулақ салып, өлсем – отырған орным киелi дейтiн көзжұмбайлыққа көшкенiнен ғана бұрыннан бойында қалған кесектiк байқалатын тәрiздi. Көкайыл келiннен бетi қайтып, қайраны таусылып, бiржола қарекетсiз қалған ұлынан түңiлiп бiткен шешесiнiң қой көзiнен тiршiлiкке деген жылт еткен ынтызар нұр бiлiнбейдi. Тырсия керiлiп тұратын кимешегiнiң жақтары сөлпiлдеп бос қалыпты. Түсi оңып кеткен өрнек кестелерiне дейiн айырып болмайтындай – баттасқан кiр. Арып-ашып, азып-тоза бастаған анасының ұсқыны Қосшыбайдың жүрегiн сыздата ауыртып өттi.
-Апа, аға, мен Iлеге мал айдасып барып қайтып келейiн, оған дейiн күндерiңiздi көре тұрыңыздар.
Шешесi үн қатпады. Тартып отырған домбырасын кiлт доғарған Бөлеген iнiсiне таңырқағандай бағжия қарап, қабағына кiрбiң үйiре құнжиып, домбырасын қырғызшалап ашумен ұрғылай бастады. Жылауық үннен шекесi шыңылдап кеткен Қосшыбай одан әрi тұра беруге дәтi жетпей сыртқа атып шықты».
Сол жолы Қосшыбай қайтып оралғанда, ағасы да, шешесі де аштықтан әлсіреп қалған. Ағасы көз алдында жан тәсілім етеді. Өлімші халге жеткен анасын арқалап, кеудеде жан тұрғанда, жанұшырыпқырғыз аспақшы болады. Автор осы аралықта өмір үшін арпалысқан кейіпкер әрекетін бейнелейді. Денесінен әл кеткен шешені арқалап жүру оңай емес. Сонда да ол жанкештілікке салып, соңғы күшіне дейін алға жылжып келеді. Қосшыбайдың аласапыран жан дүниесі мен алға ұмтылысы, шешесінің ара-арасында есі кіргенде, айтатын үздік-создық сандырағы ситуация шындығын нақтыландыра түскен. Ақыры атамекен – тасқораға жеткенде шешесі үзілді.
Ат үстіндегі жылқышы шал өмірі осылай қиыр-шиыр. Жеке бастың тағдыры арқылы халық басына түскен нәубет шындығы өткір бейнеленеді. Бала мен ана арасындағы психологиялық ауыр күй кім-кімді де күрсінтпей қоймайды. Бүгінгі өмір пейіш қой. Шал балаларының қазіргі тірлігіне көңілі тоймайды. Міне, қыстың қақаған суығында кенже баласы үйленем деп әлек. Барлығының көз тіккені шалдың үйір жылқысы. Ашуға булыққан шал жылқыларды қайырып әкелмек болып түзге шыққан. Ысқырық аязда із шалып жылқыларына барған. Ала жаздай жаңбыр жаумай, күйіп кеткен даладан нәр таппаған жылқылар шығандап кетіпті. Қанша жерден шаршап-шалдығып барғанмен, қайыру бермеді. Келесі күні үйіне әзер жеткен. Үрпиіскен кемпірі, балалары күтіп отыр екен. Қайыру бермеген жылқыларға енді машинамен барып атып әкелмекші…
Хикаятта өткен өмір мен бүгінгі уақыт салыстырыла беріледі. Шал көңілінде олқысыну бар. Дырдай ұлдары бейнет шеккісі келмейді. Оңайға жүгіреді. Бәрі оңай орындалса дейді. Шалға олардың тірлігі түсініксіз. «Бейнет түбі – зейнет» деген халық даналығы қайда?! Жеңіл жолмен келген табыс түбі опа бере ме?
Шығармада көңіл аударарлық тағы бірнеше ерекшелік байқалады. Соның бірі –туынды реализмін жер-су атауларының бекітуі. «Қоңыр» әңгімесінде Суықтөбе, Майтөбе, Бесқоныс секілдітаныс жер-су атаулары кезіксе, «Шал мен жылқы» хикаятында Бурыл, Қайып, Байқоңыр, Самсы, Күшiкбай сайы, Шолаққарғалы өзенi, Ұзынағаш өзенi, Орыс бұлағы, Дәржi сайы, Аюке, Белғақ, Мосқопа, Жетпiсалты деген атаулар жалғасын табады. Екіншіден, жазушы сюжеттің табиғи өрбуіне, образдың әрекеті мен психологиясына, тіпті сөз қолданысына дейінавтор айрықша көңіл бөліп, мысқалдай жасандылықтың енбеуіне күш салады. Нәтижесінде әр сәттегі шалдың психологиялық сипаттамасы мен диалогі, әрекеті образдысалмақтандырып, соны қырынан аша түскен. Жинақтала келе әр алуан көңіл-күй мен ұйтқыған жан құбылысы күрделі, һәм қайшылықты, тіпті кейде өзіне де түсініксіз, дес бермейтін бірбет, өр жан иесін тұлғалайды. Автордың жазу мәнері де осында –соқталы қаһарманның қайталанбайтын ішкі рухын аша білуінде дейміз. Қажетті тұста оңтайымен қолданылған алапат күй сарыны кейіпкердің ішкі әлемін шырайландыра түскен.
