КЕРІМБАЙ БОЛЫС (Әңгімелер)
Мамытбек ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

***
– Іссапармен қайда бардың? – деді Баукең сәлемімді алысымен.
– Жамбыл облысына.
– Менің облысыма барыпсың ғой. Не таптың? Кейінгілерге тағлым боларлықтай оқиғаға кезіге алдың ба, кезіге алмадың ба?
– Кезіге алдым.
– Онда бүгін сені тыңдайын. Сөйле.
– Айшабибі күмбезі маңындағы ауылда жеті атасынан бері билік тізгінін ұстап келе жатқан Бұралқы болыстың өрен-жаранының, әсіресе немересі Керімбайдың ерлікке, ізгілікке толы оқиғалары мені таңғалдырып, тебірентті.
– Сені таңғалдырып, тебіренткен оқиғаларға жеке тоқтал.
– Бұралқы болыс қартайып, күннен-күнге жүріп-тұруы қиындай түскен соң, «орныма кімді сайлаймыз? Кім лайық?» деп ақсақалдар ойға көсеммен ақылдасады. Әркім өз қалауын айтып, бір тоқтамға келе алмайды.
– Менің ойым, болыстыққа анасы ерте қайтыс болып, өзімнің қолымда өскен жиенім Үмбет лайықты. Келешегінен үміт күттірердей көзінің оты бар, – дейді Бұралқы. Сонымен не керек, жұрт ың-шыңсыз Үмбетті болыс сайлайды.
– Қарағым ел билеуде тәжірибең әлі аз. Сондықтан ірі, түйіні қиын дау-жанжалды шешерде менімен ақылдасып шеш, – деп Бұралқы ақсақал ескертеді.
Күндер өтіп жатады. Үмбеттің дүркіреп аты шығады. Әр ауылда, әр руда дау-жанжал, ұрыс-керіс туып жатады. Олардың ірілерін үйлестіріп шешкелі дауласкерлер Бұралқыға барып, ақылдасып шешеді. Өстіп шештік деп оны Үмбетке ескертіп айтады.
– Е, ақылдасып шешсеңдер жарайды, – дейді Үмбет болыс.
Ауылында Тәңірберген дегеннің төрт ұлының жақсы, жүйрік аты болады.
– Атты бізге беріңдер, жекжат болайық. Әйтпесе сатыңдар, – дейді Үмбет. Аналар көнбейді. Көнбеген соң болыс күшпен тартып алады.
Кезекті бір үлкен жиында ол әлдеқашан бітіп, тынып кеткен ескі дауды қайта қозғайды.
– Үмбетжан-ау, болысеке-ау, бұл дау Бұралқы ақсақалдың келісімімен біржолата бітіп кеткен еді ғой. Оны кезінде өзіңе құлаққағыс та еткенбіз. Енді несіне қайта қозғайсыз? – деген үлкен кісіге Үмбет қарсы сөз айтып, жұрттың бәріне естірте:
– Аузы сасық шалдың айтқаны қашанғы бола береді, – дейді.
Көптің арасында отырған, бойы екі метрден асатын, шойыннан құйғандай алып денелі, жасы отыздың ішінде дерлік Керімбай ашудан тұлабойы тітіркеніп, түктері тікірейіп, көздері қанталап, сұлу өңі адам танымастай өзгеріп, орнынан атып түрегелген бойда төрдегі Үмбеттің қасына жетіп барады.
– Сен не дедің? Қайтала! – дейді қатты дауыстай әмір етіп. Үмбет үндей алмай қалады.
– Сенің жазаң – өлім.
Екі жігіттің сүйемелдеуімен Бұралқы ақсақал сәлдесін алып, мойнына орап, жақындай бере Керімбайды құшақтап:
– Қой, қарағым, қой. Осы ашуыңды маған қи. Кімнің кінәлі, кімнің кінәлі емесін Алла өзі біліп, өзі жазалайды, – дейді немересі Керімбайды еркіне жібермей.
– Ата, мұндай сөзді естігенше өлген артық. Сізден өте алмадым. Қойдым, – дейді де ол жігіттеріне қарап:
– Сендер үлкен ұлым Оспанға хабар беріңдер. Үмбет бүгін түнде өліп, ертеңгі таң шапағын көрмейтін болсын. Егер бұл тапсырмамды орындамаса, әкем бар демесін, көзіме көрінбесін, – дейді.
Оспан балуан денелі, күреске түсіп, қарсыласын жеңіп жүрген бала жігіт. Ол әке тапсырмасын орындауды жолдастарына жүктейді. Сол түні Үмбетті төрт жігіт төрт жағынан әрең көтеретін таспен бастырып, өлтіреді. Мұны естігенде:
– Туу, қандай қатыгездік, – деп мен шошып кеттім.
– Бұл қатыгездік емес, өз заманының талабына сай – қаталдық. Онсыз ел ішінде тәртіп орнай ма? Ақылды адам әруақытта өзін де, өзгелерді де дұрыс түсініп, дұрыс шешім қабылдай біледі, қабылдай білуі тиіс Ойы, бойы жетпейтін нәрсеге ұмтылып, таласпайды, – деді Баукең өз пікірімен бөлісіп. – Сөзіңді жалғастыр.
– Сот Үмбетті таспен бастырып өлтірген Тәңірбергеннің балалары деп тауып, төртеуін де итжеккенге айдатады. Уақтысында Үмбет әлгі сөзді айтса айтқан шығар. Сол үшін Керімбайың оны өлім жазасына кескені артық сияқты, – деген маған Баукең:
– Оттапсың! – деді қаһар төге қарап. – Үмбетке жаның ашымай-ақ қойсын. Ол жетесіз, көргенсіз. Керімбайдың кесімі нағыз ел билейтін адамның кесімі, нағыз ел билейтін адамның мінезі. Түсіндің бе?
– Түсіндім.
– Сөзіңді жалғастыр.
– Үмбеттің орнына Керімбай болыс болады. Аз уақыттың ішінде-ақ атағы аспандап кетеді. Бірде Ботакөз деген кісінің келіні тоқтысын жоғалтып таба алмайды. Біреулер оны Керімбайдың жігіттері отқа қақтап жеп қойды дегенді айтады. Түс мезгілінде келіншек Керімбайдың үйіне барыпты. Барса, Керекең шай ішіп отыр екен.
– Кел, қарағым, төрлет. – Ішке кіруге ұялып, босағада тұрған күйі:
– Менің тоқтымды сіздің жігіттеріңіз отқа қақтап жеп қойыпты, – дейді.
– Ә, тоқтыңыздың бір мәнісі болар. Жолыңыз түсіп кеп қалған екенсіз, төрлетіңіз, – деп төріне отырғызып, шай беріп сыйлайды.
– Енді мен қайтайын.
– Қайтсаңыз, анау түйе қазықта байлаулы тұр. Тоқтыңыздың қайырымына соны ботасымен алыңыз, – дейді.
Келіншек далаға шығып, түйені жетектеп кетуге ұялады.
– Ал, алыңыз, Керекең айтты. Ол кісі екі сөйлемейді, – дейді Керімбайдың жігіттері. Сол келіншектің кемпір болған шағында:
– Өйбүй, ұяттағы-ай. Қара басып, боталы түйені жетектеп қайттым ғой, – деген сөзін өз аузынан естідім, – деп күлді Жүнісбек қария.
Сол кезде бүкіл әулиеата аумағында отыз екі болыс болыпты. Ол болыстардың барлығы Керімбай болысқа кеп ақылдасады екен. Ауылының адамдары:
Керімбай менің атам ту ұстаған,
Қолымен алтын, күміс уыстаған.
Бір өзі он дуанды билесе де,
Ешқашан ағайынмен суыспаған, – деген тәрізді өлең шумақтарын шығарған.
Керімбайға басқа болыстардың ауылдарынан да адамдар келіп, дау-дамайын айтатын көрінеді.
– Әй, мынау Пәленше болыс шешетін дау ғой демей,
«е, жарайды, ақыр келіп қалыпсың» деп дауын шешіп, болысына «менің билігімді өзгертпе» деп сәлем айтады.
Баяғы Құлагердің өлетін Сағынайдың асын естуіңіз бар шығар?
– Иә, естуім бар.
– Сағынайдың баласы паң Нұрмағамбет асқа жиналған үш жүздің игі жақсыларының бірі – Керімбай болысты ерекше құрметтеп, сый-сияпаттап күтіпті. Еліне қайтарында құндыз бөрік кигізіп, иығына оқалы шапан жабады, алдына түйе салып, жүйрік ат мінгізеді. Басқа көңілі сүйген болыстарға да тиесілі құрметін жасайды.
Керімбай жолдастарымен бір жерге қонып, бір жерге түстеніп дегендей ай жүріп еліне жетеді. Сонда қасындағы болыстардың бірі:
Әй, біз аулымызға немізді айтамыз? Барлық сый-сияпатты
Керекең көрді дейміз бе? – дегенде, екінші болыс:
– Шамамда сенің басың жөнді істемейді-ау. Керекеңе ілесіп барып келдік дегеніміздің өзі үлкен мәртебе ғой, – депті.
– Бұл сөз басқа болыстардың деңгейімен салыстырғанда Керекеңнің деңгейінің биік екенін әйгілеп тұр емес пе? Мұны неге айтып отырмын. Айту себебім, Керекең аса қасиетті, киелі кісі болған Аталас ағайыным ғой. Ол кісінің біраз оқиғасын әкемнен естігенім де бар. Сөзіңді бөлгенім үшін ғафу өтінем.
– Бірде Керімбай жігіттерімен арнайы шақырған Арқадағы Бұзау болыстың ауылына бара жатады. Таластың теріскейінде Үшарал дейтін елді мекен арқылы жол қалың қамысты жағалай Арқаға қарай шығып кетеді. Жұрт жолбарыстан қорқып, ол жолмен жүрмей, күншілік алыс, айналма жолмен жүргенді қалайтын көрінеді.
Керімбай қырық нөкерімен төте жолмен тарта береді.
– Ой, Кереке, төте жолмен жүру қауіпті. Ну қамыстың арасында талай адамды мерт еткен жолбарыс бар, – деген ескертпелерді елемейді.
Бір бұрылыста жиырма қадамдай қашықтан басына сәлде ораған, қарт кісінің келе жатқанын көріп, Керімбай атынан түседі. Ана кісі де сол қимылды қайталайды. Екеуі бір-біріне қарай жаяу жүріп барып, құшақтаса көрісіп, біраз әңгімелеседі.
Әлден соң қоштасып, өз жөндеріне кетеді. Нөкерлерінің бірі:
– Кереке, қаңғып жүрген бір шалды сонша құрметтеп, атыңыздан түсіп, жаяу барып сәлем бергеніңіз қалай? – дейді. Екінші нөкері:
– Шалдың не қасиеті бар? Шүкір, сіз бүкіл Әулиеатаға белгілі Керекеңсіз. Алла тағалаға жалынып-жалбарынудың арқасында ұл сұрағанға ұл, қыз сұрағанға қыз беріп келе жатқан өзіңіз де әулиесіз. Неге аттан түсіп, жиырма қадамдай жаяу бардыңыз? – дегенде:
– Е, ей, сендер не білесіңдер. Байқвдыңдар ма, байқамадыңдар ма, ол кісіні бұлт күннен көлегейлеп, екі үзеңгісімен екі жолбарыс алысып, ойнап келе жатты ғой, – депті.
– Оны біз көрмедік қой.
– Ол жұрттың бәріне көріне бермейді.
Тағы бір бұрылыста ну қамыс арасынан ыңыранып жолбарыс шыға келеді. Керекең аспай-саспай:
– Тәйт күшік! Тәйт! – дегенде, атылғалы тұрған жолбарыс кілт бұрылып, кетіп қалады.
…Шу өңірінде Жантөбетов деген ақын болыпты. Жасы қырыққа таяса да үйленбеген, жағдайы, аты жоқ. Бір күні Керімбайдың үйіне барады.
– Кереке, қасиетіңізден дәметіп келдім. Маған бір шипа жасамасаңыз, халім нашар, – дейді жағдайын айтып.
Табан астында үлкен ұлы Жамашты шақырып:
– Бәйгеден жүлде алып жүрген жүйрігіңді мына кісіге сыйла, үйленуіне жетерлік қаржы бер, – дейді.
– Бұл Керекеңнің адамдар қолынан келгенше кембағалдарға көмектесуі керек деген өсиеті ғой, – деді Баукең тағы басын изей, өз пікірімен бөлісіп.
– Әулиеатаның бір жігіті Қарағандының түрмесінен босап шығады. Аулына қайтуға не ақшасы, не жөнді киімі жоқ, есі ауып, қайда барарын білмей көшеде қаңғып қалады.
Базарда қайыр тілеп, тамағын асырап біраз жүріп қалады. Өлетін болдым-ау дегенде бес-алты адам жаяу, біреуі атта өзара әңгімелесіп кетіп барады. Бұл алдарына барып жата кетеді.
– Ау, көкелер, мен Әулиеатадан айдалып келіп едім. Түрмеден шыққаныма үш күн. Қаңғып жүрмін. Ауылыма жетуге не ақшам, не киімім жоқ. Тыржалаңашпын. Пойызға мінгелі екі-үш рет ұмтылып едім, жолсерік түсіріп кетті.
Аттың үстіндегі жігіт:
– Әулиеатаның қай пұшпағынансың? Керімбай болысты білесің бе? – дейді.
– Ой, көке, не дейсіз? Мен Керекеңнің туысқанымын.
– Әй, бауырлар! – Ат үстіндегі жігіт басынан телпегін алып, оған қалтасынан уыстап ақша салып. – Сендер де салыңдар, – дейді.
Бәрі оның айтқанын орындайды. Бір жігітіне:
– Сен бүгін мына кісіні үйіңде қонақ ет, жақсылап жуындыр. Содан кейін пойызға отырғызып, жолсерікке табыстап айт:
– Әулиеатаға жеткен соң, пойыздан түсіресің. Қайтып келгеннен кейін түсірген, түсірмегеніңді сенен сұраймыз дегін. Мен кезінде Керімбай болыстың шарапатын көргенмін. – дейді.
Әлгі бейшара ауылына аман-есен жетіп:
– Мені Керімбайдың аруағы қолдады, – деп есі шыға қуаныпты.
Жапар деген Керімбайдан жасы үлкен кісінің асыл тұқымды үйір жылқысын айдатып алып, сойдыртып жібереді. Қасындағы адамдар:
– Жәке, Керімбайдан жасыңыз үлкен. Бұл оның сізді басынғаны ғой. Ең болмаса, барып боқтамайсыз ба? – дейді қайрап.
– Ой, ол адам жейді, бармаймын, – дегеніне қарамай әлгілер
қоймай көндіріп, құлап қалмау үшін тартпасын мықтап тартып, ерге отырғызып, Керімбайға жібереді.
– Жапар келе жатыр, – деген хабарды естіген Керімбай «жасы үлкен ағам ғой» деп алдынан шығып, сәлем берейін десе:
– Әй, Керімбай, сен адам жейсің, адам жейсің, – деп ары-бері шауып, қайтып кетіпті.
– Қорыққан ғой, – деп мен күлдім.
– Әрине қорыққан.
Керекеңнің бұл секілді оқиғалары көп. Өздерінде мал базары жоқ болғандықтан алыс ауылдағылар Әулиеата базарына малдарын айдап әкелеуге мәжбүр.
– Жеріңіздің үстінен өткеніміз үшін мынау сіздің сыбағаңыз, – деп міндетті түрде жылқы, түйе береді.
Керекең болыстықтан босаған уақытта да жігіттерін:
– Ана байлардың ішінде қызметшілеріне жөндеп қарамайтыны бар ма? Бар болса, кімдер? – деп анықтап, оларды тәубесіне келтіреді екен. Қайсыбір кедей кепшіктер:
– Еңбегіміз еленбейді. Көрген күніміз күн емес, – деп Керімбайға шағымданып барса, Керекең баймен сөйлеседі. Бай, кінәсін мойындап, малшыларына көмектесетінін айтып, уәдесін береді. Бірақ оны орындамайды.
Мұны естіген Керімбай жігіттерін жұмсап, байдың екі үйір жылқысын айдатып алады.
– Жау шапты, – деп жылқышылар байға барады.
– Жау кім?
– Керімбайдың жігіттері.
– Ой, Керімбайдың жігіттері айдап кетсе, бой бермейді-ау, – деп
бай не істеу керегін ойластырады.
Керімбай олжа жылқының бір үйірін сойдырып, бір үйірін базарға сатқызып, етін, ақшасын байдың малшыларына, қойшы-қолаңына, сол ауылдағы жетім-жесір, кембағал жандарға таратады. Бай зорлық-зомбылық көрдім деп арызданып, түк бітіре алмайды. Мұны естіп-білгендер Керімбайдан қорқып:
– Кереке, Кереке, – деуге мәжбүр болады.
Тараз қаласының саудасы күннен күнге қыза түседі. Жаңадан келген саудагер ешкімнің рұқсатынсыз ағаштан екі магазин салдырады.
– Бұл жердің Керімбай болыс деген егесі бар. Рұқсат алдың ба? Рұқсат алмасаң, шатақ шығады, – дейді көрші магазин сатушылары.
– Жоқ. Мен ол кісімен қалай сөйлесуді өзім білем.
Ертесіне келсе, екі магазині жоқ, орны тып-типыл. Саудагер анаған, мынаған жүгінеді. Әкімге барады.
– Кімнен көресің?
– Керімбай болыстың адамдары «ай сайын мұнша салық төлейсің» деді. Келіспедім. Мен солардан көремін.
– Ей, сен Керімбайдың кім екенін білесің бе? Ол қасиетті, киелі кісі. Сондай кісіге сыртынан жала жауып жүрсің., – дейді де оны қамап тастайды. Бір-екі аптадан кейін зорға дегенде тар қапастан шығып:
– Қанша салық салса да төлейін. Керімбайға айтыңдаршы? – дейді таныс сатушыларға. Олар «айтайық» деседі. Ертеңіне келсе, екі магазин орнында тұр, ешқандай бүлінбеген. Саудагер сататын бұйымдарын әкелгелі ауылына барып:
– Осындай Тараздың Керімбай деген дәуі бар екен. Әбден боқтадым, – депті.
Ауылдастары: «Көзінше боқтадың ба?» – десе:
– О-ой, көзінше боқтап өле алмай жүрмін бе? Сыртынан боқтадым, депті. Жұрт қаарқылдап күліпті.
…Керекең шебер ұстаға соқтырған әдемі ақ үйде отырады екен. Ол үйді жұрт ақ сарай дейтін көрінеді. Күні бойы сәлемшілер тізбегі үзілмейді. Туған-туыстардың, таныстардың бәрі палау, ет жеп, шай, қымыз ішіп, қисса, әңгіме тыңдайды. Мұны естіген сәлемшілер саны күннен күнге көбейе береді. Келушілердің көптігінен қайсыбіреулері үшінші, төртінші күні ғана ішке кіре алатын болған. Керекеңнің ауылы күнде осылай той-думанмен, ағайындардың басын қосумен өтеді.
Әулиеата өңіріндегі болыстардың бәрі бастықтарымен ақылдасқаны өз алдына Керімбаймен де ақылдасып отырады екен. Мұны жұртшылық арасына тараған:
Менің бабам Керекең бүйдейтұғын,
Бір өзі он дуанды билейтұғын.
Екі дуан керісіп келіспесе,
Керекеңе барайық, жүр дейтұғын. – деген өлең шумағынан да аңғаруға болады .
– Мына болыстықтың деңгейі биік, өресі кең емес екен, Мен мұны бекер иемденіппін. Жасым болса, келді. Қажылыққа барып, қайта алсам келермін, қайта алмасам сол жақта қалармын деп Жүніс баласын, тағы бір жігітті ертіп, жолға шығады. Жолда, паромға мінер кезде ауырады. Паром жүргізушісі «ауру» деп алмайды. Содан түйе жалдайды. Суға батпас үшін түйенің жан-жағына қамыс байлап, арқанмен мықтап таңады.
Айдан астам жол жүреді. Бір күні:
– Жеттік, ата, міне қағбаның қасында тұрмыз, – дегенде Керімбай жан тәслім етіпті. Жүніс алтын беріп, арулап жерлейді.
Керекеңнің қырқына жұрт жиналғанда бір қария сөз сөйлейді.
– Уа, халайық, мен Керімбайдың аруағының арқасында дүниеге келген адаммын. Менің әкем Керімбайды сүйеніш көріп алты рет төсек жаңғыртыпты. Ешқайсысынан перзент болмапты. Жетінші рет үйленіп, көлеңкесі түсіп, бір шипасы тиер деген үмітпен Керекеңнің ауылына көшіп келеді. Көшіп келгеннен кейін әйелі екіқабат болады.Ай-күніне жетіп, босана алмай шыңғырып, қиналып жатқанда әкем:
– Е, аруағыңнан айналайын Керімбай, сені паналап келіп едім ғой. Енді тағдырым не болды? – деп еңіреп жылап жібергенде, бала шыр етіп жерге ь шипасы қандай екенін осыдан-ақ біле беріңіздер.Менің бұл кісілердің әулетіне ерекше құрметпен қарайтын себебім содан.
Керімбайдың асын берердің алдында ақылдасуға шақырылған үш жүздің игі жақсыларының:
– Пәлен мал соясыңдар, пәлен үй тігесіңдер, пәлен атқа бәйге бересіңдер, – деген шешімін естіген Керекеңнің балалары:
– Біз осы аталған дүниеге тағы осынша дүние қостық, – депті.
– Елге қадірі бар ердің жүгін ел көтеретінін Керекеңнің балалары біліп айтып отыр ғой. Алланың рахымы түссін оларға, – деді Баукең өз ризалығын білдіріп.
КЕРІМБАЙ БОЛЫСТЫҢ НЕМЕРЕ ҚЫЗЫ
– Керімбай болысқа тартқан ұлдары бар ма екен? – деді Баукең ерекше қызығушылық танытып.
– Бар екен. Ұлдары бірінен бірі өткен алып тұлғалы, бойлары биік, реңді, елге сыйлы азаматтар болыпты. Кәмпескіге ілігіп, қуғын- сүргінге ұшырап, қайсыбірі итжеккенге айдалып, ақыры жоқ болыпты. Керімбай болыстың немере қызы Раушанның аты осы уақытқа дейін ел аузында аңыз боп айтылып келеді екен.
– Ел аузына іліксе ол тегін қыз емес. Естіп-білгендеріңді сен асығып- аптықпай, рет-ретімен айт, мен сөзіңді бөлмей тыңдаймын. Келістік пе?
– Келістік.
– Ендеше баста.
Қазір сізге айтар оқиғаны мен Раушанның қайынсіңлісі –Шәкен анадан естідім. Күйеуінің соғыста ерлікпен қайтыс болғаны тураы қаралы хабар алып, жиырма төрт жасында үш баламен жесір атанған Раушан тағдырдың тосын ауыртпалығына төзіп бақты, – деп бастады сөзін Шәкен ана. – Жеңіс қуанышын тойлағанына төрт жыл өткенде, олжоқшылық заманға қарамай, ата-бабамыздың ежелгі дәстүрі бойынша әкесі мен күйеуінің аруағына арнап, ас бермек болды. Ол үшін алдымен күріш табуы керек екен.
Күздің алғашқы күндерінің бірінде колхоз басқарма төрағасынан екі өгіз жегілген тақтай қорабы бар арбаны сұрап алып, Айшабибі күмбезі маңына жақын ауылдағы күріш өсіретін кәрістерге барады. Он қапшық күрішті арбаға тиеп, кері қайтады.
Ертеңгіліктей емес, таудың басындағы қардың еруіне байланысты Аса өзенінің суы арнадан асып, сонаумен сонауға дейін жайылып кетіпті. Екі өгіз өзеннің ортасына жете бере, жүрмей тоқтап қалады. Амал жоқ, Раушан етігін шешіп арба үстіне қалдырып, көйлегінің етегін кеудесіне дейін түріп, суға түседі. «Өзіңе осы керек» деп мысқылдай күліп, денесінің тітіркенгенін де елемей, екі өгізді жетелейді. Арба орнынан қозғалмайды.
Раушан мына қырсыққа шыдай алмай, соғысты бастаған Гитлерді қарғап-сілеп, айқайлап жылайды. Көмекке келер біреу-міреу көрінер ме деп жан-жағына алақтап қарайды. Ешкім көрінбейді. Жылағаннан түк өнбейтінін білген ол қайратына мініп, не істеу керегін ойластыра бастайды. Көйлегін шешіп, арбақорабына лақтырысымен суға сүңгіп, арбаның алдыңғы екі дөңгелегіне бұжыр тастардың кептеліп тұрып қалғанын көреді. Оларды алып тастамай арба алға жылжымайтынын түсінген Раушансуға қайта сүңгіп, жолды тастардан аршып, екі өгізді қайта жетелейді. Біраз жылжып, арба тағы тоқтайды. Раушан суға қайта сүңгиді. Өлдім-талдым дегенде өзеннен өтеді. Етігін, көйлегін киіп, тісі тісіне тимейымырт үйіріліп, қараңғылық қоюлана түскенде Раушан арбаға жегілген өгізді жетектеп, біздің үйге келді. Әкем алдынан жүгіре шығып, арбаны аулаға кіргізіп, қалш-қалш етіп тоңған Раушанға:
– Үйге бар, тез! – деп тағы бірдемелерді айтып, қуып жіберді де, өзі екі өгізді арбадан шығарып, қораға қамады.
Менің шешем де, Раушан да Шымырдың қызы еді. Екеуі құшақтасып, жылап көрісті. Үйдің ортасындағы темір пешке көмір салып қойған едік.
Аса өзенінен біздің үйге жеткенше Раушан жеңешемнің аяғының қызарғаны кетпепті. Мен етігін шешіп, шұлғауын жуғалы дәлізге апарып қойдым.
– Аяғым отқа қақтаулы сияқты. Ішімдегі ыстығым түгел сыртқа шығып кеткен бе, қайдам. Мұздай суға бір емес бірнеше рет сүңгідім, – деді Раушан ортадағы темір пешке төне түсіп.
Анам Раушанның аяғының астына көрпеше төсеп, шынтағына жастық қойып, өзін пешке жақындатып, барын алға ұсынып, қазанға ет салып, бәйек болды.
Содан Раушан ауруға ұшырады. Мен ол кісіні қайда барсам да өзіммен бірге ала кетіп жүрдім. Жаңақорған, Сарыағаш, Мерке шипажайларында бірге демалдық.
Өзі бойы мен көлденеңі бірдей ірі кісі еді. Ваннаның астауына енгенде, судың бәрі сыртқа ағып кететін. Мен көкірегіне шелекпен су шашатынмын. Ол кісіге дүкеннің киімі шақ келмегендіктен өзімнің тігін машинаммен көйлек-көншегін, іш киімін тігіп беретінмін. Көйлегіне жеті-сегіз метр мата бір-ақ кететін. Мен тіккен бұйымдарды біресе қуанып, біресе жылап киіп алатын.
Раушан әнші еді. Оның салған әндері керемет болатын. Жанынан өлең де шығара беретін. Бірде бір әйел екеуі киноға бармақ болғанда мектептен оралған баласы Смағұл:
– Апа, қайда барасыз? – дейді.
– Киноға барамын.
– Апа, бармай-ақ қойыңызшы? Мен өскеннен кейін киноға өзім арқалап апарамын.
– Смағұлым әлгіндей дегенде жүрегім езіліп, аяғымның басына түскендей болды. Қасымдағы әйелге:
– Сен жүре бер, соңыңнан қуып жетем, – дедім. Сол бармағаннан бармадым, Шәкен-ау – дейтін.
Смағұл уәдесінде тұрып, анасын апармаған жері жоқ.
– Сахнаның алды, астың дәмдісі менікі. Смағұлым жұмыстан келісімен қолымды, аяғымды уқалайды . Одан шаршаса, қатынына уқалатады. Алматыдан артистер келсе, үйімде қонақ болып,әндерін, әңгімелерін тыңдап, бір жасап қаламын, Бұл, айналайын, Смағұлымның арқасы, – деп Раушан ұлына шексіз ризалық көңіл күйін білдіретін.
– Неғып қайындарыңыздың біріне тиіп алмадыңыз, апа? Өзіңіз әншісіз, ақынсыз, сондай әдемісіз, – деді бірде Смағұлым.
– Өзіңнің «концертке бармай-ақ қойыңызшы?» деген бір ауыз өтінішің ғой мені тоқтамға келтірген, – деп едім, ол ойланып, үндемей қалды. Осындай ұл берген Аллаға алғыс айтып, тәубә деймін.
Шәкен-ау, сенен несіне жасырайын, бірде колхозымыздың басқарма төрағасы, қайным сөз айтты.
– Шын жаның ашыса, шын ағайын болсаң, маған жәрдем бер, – дедім бетін қайтарып.
Раушан жеңгемнің жақсылығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Адамгершілік шарапатының құдіреттілігі сондай біз бірге туғандай боп кеттік.
Мінезі жаз күніндей жайдары, әулетіміздің ұйтқысы еді.«Пәленше қайда, Түгенше қайда?» деп ағайынды түгендеп, дастарқанын жайып, аналық ақылын айтып отыратын. Жастай жесір қалып, үш перзенті жолына жастық шағын да, күш-қуатын да құрбан етті.
Арада жылдар өтіп жатты. Смағұл баласы ауырып қалғанда:
– Жаратқан ием,
Ай-күннің сәулесімен,
Әжелердің ақ сәлдесімен,
Қорғай гөр Смағұлымды.
Биік тауларыңмен,
Мәуелі бауларыңмен,
Қолдай гөр Смағұлымды.
Сұқтанған көзден сақта,
Шірік сөзден сақта
Күншіл езден сақта, – деп Аллаға жалынып-жалбарынғаны есімнен шығар емес…
…Күн жұма еді. Телефон шылдырлады. Тұтқаны көтердім. Раушан жеңгем. Аман-саулық біліскен соң:
– Жас уағымызда төркіннің қадірін білмеппіз. Балалы-шағалы, отбасылы болғаннан кейін асығып-үсігіп, өзімізбен өзіміз боп жүре беріппіз. Солай төркініңнің бар-жоғы байқалмайды екен. Қартайғанда әркімге төркін керек көрінеді. Әпке деп іздеп кеп тұрған бауырдан қалай айналмайсың. Бауырға зар ғып қойған сұм заманның, сұм соғыстың зардабы өтті ғой, – дей келіп:
– Шәкенжан, (мені Шәкенжан дейтін) Айшабибі әулиеге барайық деп отырмыз. Мұқаш екеуің келіңдерші? (Күйеуімнің аты Мұхиддин еді, жұрт Мұқаш деп кеткен). Екеуіңді Айшабибіге ала кетейін.
– Жарайды, – деп айтқан жеріне бардық. Мұның алдында баласы Смағұлдың Байзақ ауданына әкім боп сайланғанымен арнайы құттықтағанбыз.
Жүк машинасына семіз боз биені тиеп қойыпты. Байзақ ауданы мешітінің молдасы, тағы бес-алты кісі бар бес-алты машинамен Айшабибіге бардық. Машиналарымызды ар жағындағы қырдың қасына қойып, молдаға құран оқытып, Раушан боз биені құдайыға сойдырды.
Құбылаға қарап, кәлима айтып, Аллаға өзінше мінәжат етті. «Бұл кісі енді не істер екен?» деген ойда бәріміз аңтарылып, үнсіз тұрып қалдық.
Раушан шашы аппақ қудай, дәу, семіз кісідей емес, ширақ қимылдап, басындағы орамалын жұлып ап (арнайы орамал ала келуді ұмытқан-ау), мойнына сап, бір байлап, Айшабибінің босағасын құшақтап:
– Е, Алла, ұлымды әуелі өзіңе тапсырдым. Қашанда жар болып, бізге, ел-жұртыма, бүкіл адам баласына береке-бірлік, тыныштық бере гөр. Сұм соғыстың аты біржолата өшсін, ешкім маған ұқсап бауырсыз, байсыз зарлап жыламасын. Шіркін, бозбиені құдайы деп шалдырған кезімде атымды атап, әпке деген бір бауырымның қасымда болмағаны-ай. Қайтейін, жалғыздық жаныма батты. Қайран аруақты, қасиетті Керімбай бабамның ауылы, қайран Билікөл, Берікқара, барлық уақытта бізге қорған, қоныс болған, ардақты жердің аруағы мен қадір-қасиеті, еңсесі биік Қаратау мен айбынды Алатау, жалғызым Смағұлымды қолдап, қорғап, желеп, жебей көріңдерші. Ана тілін қастерлеген әулие ана Айшабибі, қорғай гөр құлынымды. Үстіне шыбын қондырма, шаң жұқтырма.
Айтпаған сөзі жоқ. Өзі әнші, ақын, көпті көрген, көп азап шеккен ана ғой. Шемен боп қатқан шерін сыртқа шығарып, ботадай боздады.
– Халқымнан мен садаға, құлынымнан мен садаға.
Көзінен жас сорғалап ағып жатыр. Бәріміз қосыла жылап тұрмыз. Жыламау мүмкін емес. Сөзінің арасында өзінің 24 жасында жесір қалғанын да айтып егілді.
Шәкен ана мұңлы сезімге толы сөзін ары қарай созғысы келмей, қабағын шытып, үнсіз қалды. Мен өзімді толғатқан сұрақты қойдым.
– Раушанның күйеуі соғысқа дейін кім болып істеген еді?
– Колхоз басқарма төрағасы еді. Милицияның бір дөрекі бастығының заңға қайшы ісін бетіне басқаны үшін сотталатын қауіп төнгендіктен (ол кез ұр да жық заман еді ғой), түрмеге түсуді ар көріп, өзі сұранып майданға кетті. Содан оралмады.
АСЫЛ ЕРДІҢ ТҰЯҒЫ
– Енді Раушан ананың ұлы Смағұлдың айтқандарын тыңдағыңыз келе ме?
– Тыңдағым келеді.
– Бойы екі метрге жуық, кең жауырынды, қыр мұрынды жігітағасы Смағұл:
– Үшнші сыныпта оқып жүрген кезім, – деп өткен өмірін еске ала сөйледі. – Мектептен үйге келсем, бір әйел қасында, анам көйлегінің қыртысын жазғалы су бүркіп, сылап-сипап отыр.
– Апа, қайда барасыз?
– Киноға.
– Бармаңыз. – Маған анам киноға барса, ол кісіні біреу біржола алып кететіндей сезілді.
– Апа, бармаңыз. Мен үлкейіп өсем. Сізге киноны да, концертті де үйге әкеп көретем.
– Үйдің іші ыстық, баламның басы ауырады, – деп анам көктемде өзі сақтап жүрген киз үйді аулаға тігіп, мені әлпештеп төрге жатқызатын. Кішкентайымнан «осы балам адам болады, мені осы асырайды» дейтін маған үміт артып.
Мен қазақша да, орысша да қолыма түскен кітапты оқи беретінмін. Қариялармен де жиі араласатынмын.
…Анам таң қылаң бергеннен 5-6 шақырым шалғай жердегі жұмысқа кетіп, түнде бір арқа отын арқалап келеді. Оны жағып, тамақ пісіріп, тозған киім-кешекті жамап, түннің бір уағында жатады.
Ауылымызда Бекмембет Абдуллаев деген ағайынымыз бар еді. _Өзі оқыған кісі, елге, бізге жаны ашитын. Маңдайымыздан сипап:
– Қарақтарым, амал жоқ, шыдаңдар, егін орағы жақын қалды. Масақ теріп, күн көріп кетесіңдер, – дейтін. Ол кісінің сол сөзін көңлімізге әжептеуір медеу тұтатынбыз.
Масақ теретін күн де жетті-ау. Атқа мінген қарауыл алыстан қарап тұрады. Соншалықты оңбағандығы, дорбамыз масаққа толды-ау деген кезде шауып кеп, бізді сабап, тергенімізді тартып алады.
Қарауылдың қамшысынан қорқып қаша бергенімізде жалаңаяқ табанымызға тікен кіріп, қан ағып, жүре алмай қалатынбыз. Мұндай жағдай талай рет қайталанды. Жылап-еңіреп Бекмембет ағайынымызға баратынбыз. Ол кісі қарауылға ұрсатын. Колхоз басқарма төрағасына:
– Әй, ана шолақ белсендіңе неғып қой демейсің? Мына ел аштан өле ме? Сендердің масақта не жұмыстарың бар? Неге балалардың еңбектеніп терген масағын тартып аласыңдар?! – дейді ыза болып.
Ертеңіне біз қайта масақ теруге барамыз. Бармайық десек, ашпыз. Қарауыл қай жағымыздан келіп қалар екен деп жалтақтап, алақтаумен боламыз.
– Төрағаға айттым, енді сендерге қарауыл тимейді, – деген Бекмембет ағайынымыздың сөзіне сеніңкіремейміз. Көзге түспес үшін масақты еңбектеп жүріп тереміз. Алыстан біреу-міреу көрінсе, саршұнақ тышқанға ұқсап, жата-жата қаламыз. Әлгі көрінбей кеткен соң, қайта масақ теруге кірісеміз. Кейде Құдай жарылқап, комбайннан төгіліп қалған бидайға кезігіп, апыл-құпыл қимылдап, өлген-тірілгенімізге қарамай дорбамызға салысымен үйге қарай зытамыз.
Соғыстың аса ауыр, азапты жылдарының өзінде анам елге қамқоршы болды. Ауылымыздағы жесір әйелдерді жігерлендіріп, қайраттандырудан шаршамайтын. Кейде олар рақметін айтып, қолынан сүйгісі келетін.
– Әй, қойыңдар, қолымнан сүйіп мені патша дейсіңдер ме? Рақмет айтсаңдар да жетеді. Жұртқа істеген жақсылықтарың сол болсын, кішкентайларыңа абай болыңдар, жөндеп тәрбиелеңдер, – дейтін.
Тамақ тапшы. Қатырма нанды қатырып, кептіріп қояды да, сүтті қайнатып, үстіне екі-үш қасық сары май салып, бізге береді. Содан кешке дейін тамақ ішпейміз.
Бір күні анам «еш болмаса жүгері егейік» деді. Ауылдан он бес шақырымдай шалғайдан жер алып, жүгері екті. Жұмысқа жұмыс жамалды. Егіске қарамаса, мал жеп, не собығын біреулер қайырып алып кететін қауіп төнді. Амал жоқ, анам екеуіміз жүгерінің басына барып қонатын болдық. Түн суық.
Жүгеріні жалғыз біз емес, басқалар да екті. Оны суғару оңайға түспеді. Кезекке тұрамыз. Біздің кезек келгенде, арығымыздан су ақпай қалды. Себебін іздеп бара жатсақ, Кавказдан көшіп келген қарашай шал жығып алыпты. Ол екі-үш күн бұрын өзінің кезегі бойынша жүгерісін суғарып алған еді. Оны місе тұтпай, енді біздің суымызға жармасыпты.
– Сіздің мұныңыз қалай? – деген анамды көкірегінен итеріп, «жаныңды жаһаннамға жіберем» деген сөз айтты. Анам әлгіні жерден тік көтеріп ап, батпаққа атып ұрды, алқымынан қысып, тұншықтыра бастады. Бір уақытта шал:
– Қойдым, кешіре гөр, кешір, – деді тағы бірдеңелерді қырылдай айтып.
– Енді суды жықсаң, ажалың менен! – Шалды батпаққа атып ұрған анам көзіме алып адам боп көрінді.
Суға қанган жүгері бітік өсті. Бес қап өнім алдық. Пиясы сиырымызға азық болды.
Анам кейде:
– Бұрын үйіміздің сыртқы есігінің тұтқасына шөп қыстырып, базарға, магазинге, ауылдастарымызға қыдырып кете беретінбіз. Құлып дейтінді білмейтінбіз. Ол кездегі адамдар бір бірінің инесін де алмайтын. Халқымыз сондай адал, бейбіт-берекелі, ынтымақты халық еді, – деп түрлі естеліктер айтатын.
– Студент кезіңіздегі өміріңізбен таныстырыңызшы?
– Алматыдағы Дене тәрбиелеу институтының студенті кезімде дөкейлердің балаларымен бірге оқыдым. Олар өздерінше топ құрды. Негізгі кәсібі – біреудің ақшасын тартып алу. Мен ә дегенде бөлініп кете алмай, олармен бірге жүрдім. Өз жанымнан бір тиын шығармадым. Шығарарлық жағдайым белгілі. Оларды теріс жолдан сақтандырып, дұрыс бағыт сілтеуге талпындым, қолға түсіп қалмаулары үшін әрекеттендім.
Тепсе темір үзетін жігіттер ақша алып келеді. Оны қалай жұмсауды мен басқардым. «Мұным қалай? Балалығым-шалалығым ертең басыма бәле боп тимей ме?» деп те қауіптендім. Бір күні:
– Жігіттер, бұл тірлік қылмысты тірлік. !шіп алсаңдар ит болып кетесіңдер. Мұны қойыңдар, – деген едім, біреуі:
– Қойыңдар дейсің бе?! – деді зілді үнмен.
– Иә. – Сол сәттен арамызда кикілжің басталды. Олардың менің ақылымды да, ұйымдастырушылық қабілетімді де қажет етпейтінін сездім. «Ертең бір нәрсеге ұрынсам, анамның халі қалай болады?» деп жиі ойланатын болдым.
Анам маған ұрыспайтын. «Қарағым, мен өмірімді сенің тізгініңе байладым. Сен үшін өмір сүріп жүрмін. Ертеңгі күні жерге қарап, далада қаңғып қалмайын. Баяғыда ақсақалдар жиналып: «24 жастасың, күйеуге ти», – дегенде бекер тілін алмаған екем. Барар жерім, басар тауым қалмай, сандалып, сормаңдай атанбайын», – дейтін. Содан арақ ішсем де, біреумен төбелессем де, не саябақта қыдырып жүрсем де анамның әлгі сөздері құлағыма сыбырлап тұрғандай сезілетін. Қызбалықпен сәл артық кетіп бара жатсам, анам елестеп, кілт сабама түсетінмін. Ол кісі маған бірде бір рет «біреудің бірдеңесін ал, өйт, бүйт» деген емес.
Анамның көріпкелдігі де бар еді. Қазіргі Алматының орталық стадионы ол кезде жаңа ірге көтерген болатын. Біз, студенттер оның қара жұмысына жегілдік. Еңбегімізге аздаған тиын-тебен аламыз. Соған мәзбіз.
Стадион төбесі биік еді. Сол биікте курстасым екеуміз болмашы нәрсеге таласып, төбелесіп қалдық. Бір кезде умар-жұмар төменге қарай зымырадық. Мен оның үстіне құладым. Курстасымның аяғы сынып, менің басым жарылды. Ауылдағы анам сол күні түс көріпті. Бір кісі:
– Смағұлға бірдеме болды. Бар, ол қиналып жатыр, – депті. Ертеңіне анам қойын сойып, етін арқалап, аулымыздың Алматыда тұратын бір адамының үйіне барыпты. Мен ауруханада жатқанмын. Анамның келгенін естіп, ауруханадан қашып шықтым да, ештеңе болмағандай күлімдеп, анама бардым. Етті асап жеп, сорпа ішіп, рахаттанып қалдым. Анам қанша өтініп сұраса да, қайғырып жүрер деп шынымды айтпадым.
– Құдайға мың шүкір, әйтеуір аман екенсің, – деді анам ары қарай қазбаламай.
Қазақ өмірдің барлық қалтарыс-бұлтарысынан ой түйе білген философ халық қой. Мысалы, «Әкелі жетім арсыз жетім, аналы жетім арлы жетім» дегені қандай даналық?! Бұл мақалды естіген күннен бастап мен анамды бұрынғыдан да жақсы көре түстім.
Соғыс кесірінен үлкендермен бірге балалар да көп қиындық көрді. Қайсыбірі ауруға ұшырап, қайтыс боп кетті, қайсыбірі аурушыл боп қалды.
Құдайға шүкір, сіз Алланың, қала берді анаңыздың қамқорлығы арқасында
аман-есен ержеттіңіз. Сол ержеткеннен кейінгі өміріңіз қалай қалыптасты?
– Мектепті бітірген соң Алматыдағы дене тәрбиелеу мәдениеті институтында оқыдым. Оны бітіріп, мектепте дене тәрбиесінен мұғалім боп істедім. Көпшілік арасында: «Атақты Керімбай атасының атын немере қызы Раушаннан туған жиені, Сыйқым Смағұл шығарады деген сөз тарай бастады. Сол сөзді шындыққы айналдырып, бір мың тоғыз жүз жетпіс бірінші жылы Керімбай бабамның аруағын ардақтап, биіктігі тоғыз жарым метр күмбез тұрғыздым.
Көп ұзамай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы боп сайландым. Кешке үйге келгенімде: «Бұл саған жүктелген үлкен сенім, үлкен құрмет. Адал қызмет ет. Елмен аралас-құралас. Үлкендердің сөзін тыңда, құрмет тұт, өнеге ал. Солай өзіңді өзің тәрбиеле, қарағым, – деді анам.
Бірде Жуалы ауданына іссапармен барғанымда:
– Керімбайдай жақсының тұқымы екенсің, қарағым, – деп қариялар кезекпен үйлеріне шақырып, қонақ етті. Өзім жап-жаспын, төрге отыруға ұялам.
– Ой, сен ұялма. Керекеңнің тұқымысың ғой, – дейді бәрі.
– Керекең жарықтық ар-намыстың кісісі еді. Елге сіңірген еңбегі көп, – деп бірінен кейін бірі неше түрлі оқиғаларын айтып, мені қатты қуантты. Бір қария бізге құда екен. Сол кісі:
– Бұл аптада мына ауылда, келесі аптада ана ауылда қонақ боласың, – деп тізім де жасап қойыпты. Оған менің уақытым жоқ қой. Ол кездегі қариялардың табиғаты мүлде бөлек, пейілдері даладай кең, көңілдері көл-дария еді.
…Ой құшағында жүргенімде ауданымызға Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Тимофей Егорович Севрюков сайлаушылармен кездесуге келді. Қасына ерген ешкім жоқ. «Көзге түсетін жерім осы» деп сөзге жазылдым. Сөзімді он бес минутке шақтап, мұқият дайындалдым.
Бір жазғанымды қайта көшіріп, қайта өңдеп жаздым. Дауыстап, мәнерлеп оқып жаттықтым. Ұйықтап жатқанымда біреу түртіп қалып оятса, атып тұрып, жазып алған сөзімді жатқа айтып беретіндей халге жеттім. Қай тұста кідіру, қай тұста тыңдаушылар көңіл күйін байқау үшін жұртқа қарау керек екенін де ескердім. Кездесуде жазып алған сөзімді мәнерлеп оқып шықтым. Төралқадағы орныма келе бергенімде, Тимофей Егорович тік көтеріліп, мені құшақтап:
– Жақсы сөйледің, даусың да тамаша екен. Қуаныштымын, – деді.
– Өз түсінігім бойынша сөзімді әсемдеп әрлемей, қарапайым өреде сөйлеген тәріздімін, – деп едім:
– Дұрыс, сізді біз өз қамқорлығымызға аламыз, – деп қолымды құшырлана қысты.
Сол кездесуден кейін мені Алматыдағы жоғары партия мектебіне алдырды. Алғаш телефон арқылы әңгімелесіп тұрдық. Кейін өзім қызмет орнына барып та сөйлесіп жүрдім. Тимофей Егорович:
– Оқу қалай болып жатыр? Ерінбей ізден. Сен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болуың ке1рек, – деді бірде. Көп ұзамай ол кісі Қазақстан Орталық партия Комитетінің хатшысы болды.
БірдеТимофей Егорович Севрюковқа:
– Сіз басшыларымыздың бірісіз. Балалардың терген масағын тартып алып, өздерін сабаңдар деген астыртын тапсырма болған ба еді? Естуімше, мұндай келеңсіз жағдай барлық жерде орын алыпты, – дегенімде:
– Ол жергілікті жерлердегі оңбағандардың істеп жүргендері шығар. Әйтпесе, ондай тапсырма болған емес, – деді Тимофей Егорович.
Мен жоғары партия мектебін бітіргенімше, ол кісіқайта оралмас сапарға аттанып кетті.
Тимофей Егоровичпен таныс-біліс болғаным өзіме таяқ боп тиді. Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшылары алдына бір шаруамен бара қалсам:
– Севрюковыңа бар, – дейтінді шығарды. Мұны өсекшілердің сөз тасығыш «қайраткерлік» еңбегінің жемісі деп білдім.
Қызмет бабымен біраз шетелде болыпсыз ғой?
– Иә, болдым. Израильға делегацияны басқарып барғанымда, өркениетті елдің әлеуметтік жағдайына көбірек көңіл бөлдім. Қарамағында 200 сиыры бар бір еврейдің жекеменшік сиыр фермасының жағдайымен таныстым. Театрда сахна айналады ғой. Соған ұқсас шеңбер ақырын айнала береді. Сиырлар алдындағы бір астаудан су ішіп, бір астаудан шөп, жемшөпжейді. Одан кейін жуып, тазартылған сиырдың емшегіне шлангі арқылы сауатын аппарат кигізіледі. Шеңбер бір айналып шыққанынша барлық сиыр сауылып бітеді.
Тағы сүйсінерлігі, әр сиырдан 40 литрден сүт сауылады екен. Сауылып болған соң сиырлар шеңберден шығарылып, ағашпен қоршалған жайылымға жіберіледі. Содан олар айналып, жайылып жүреді.Қалағанынша тоқтап аунайды, су ішеді. Ең соңында бастапқы орнына барады. Жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Оны бір-ақ адам атқарады.
Әлгі фермердің үйіне де бардым. Тірлігі – ақылды адамның тірлігі. Ол:
– 200 сиырды қалай бағып-қағу әдісі мен технологиясын өзім ойлап таптым, – деді. Шіркін, бұл мүмкіндікті бізде де қолданар ма едік деген ойға берілдім. Өкініштісі, ол кезде біз ондай жаңалықты игеруге дайын емес едік.
…Америкаға сапар шеккенімде де көп ой түйіп қайттым. Ол жеке тақырып. Сәті түскенде, айтып берем. Қазір Америка азаматтығын алғандардың бауырластықтарына, тәртіптілігіне қысқаша тоқталайын. Нью-Йоркті аралап жүрмін. Көшеде негр полицей тұр. Жұрт ары-бері өтіп жатыр. Әлгі полицей таяғын сілтеп қалса, жолдың арғы жағындағылар да, бергі жағындағылар да тоқтай қалады. Американдықтар тәртіпке бір кісідей бағынады екен.
Біздің кейбір бас асауларымыз полицейдің сілтеген таяғына да, шалған ысқырығына да құлақ аспай, көшенің ар жақ, бер жағына жүгіріп өте береді ғой. Бізде жол апатының көп болатыны тәртіпті сақтай бермейтінімізден-ау деп мойындадым…
Үлкен саябаққа кірер тұста тағы бір дәу негр полицей тұр. Екі иығы менің екі иығымнан биік. Желке жағынан барып, иығымды иығыммен өлшестіре беріп едім, ол маған ашулы кейіпте жалт қарады. Ізінше өзімді өзімен салыстырып тұрғанымды түсініп, «сен де осал емессің» дегендей бас бармағын көрсетіп, күлді.
Атамзаманда қарсы кездесе қалған қыздарды, келіншектерді американдық солдаттардың ұстап алып, сүюге құқылы болғанын кітаптан оқыған едім. Соңғы кезде ол дәстүр ұмытылған. Соны еске түсіргелі жақындай берген бойжеткенді ұстап алдым да, бас салып сүйе бастадым. Ол ойбай сап, бақырып жылап, әлек. Жұрттың бәрі мені жындыға балап, шуылдап тұр. Араша түскелі ана жақтан офицерлер жүгіріп жетіп, бірдеме деп жатыр. Мен:
– Сендер өз дәстүріңді ұмытқансыңдар ма? Атамзаманда бастарыңнан осындай жағдай өткен, – деп мән-жайды түсіндірген едім, бәрі аха-ха-халап күліп мәз болды.
Бір такси жүргізуші түрік жігіті:
– Біз күнде әртүрлі жандарға қызмет көрсетеміз. Сіз маған ерекше ұнадыңыз. Қайдан келдіңіз? – деді.
– Қазақ елінен.
– Қасыңызға кімді ертсеңіз де еркіңіз. Ақша алмаймын. Сізге түнгі Нью-Йоркті аралатып таныстырам, – деді. Алматылық Мүслім Дайырбекұлын іздеп тауып, ертіп алдым. Қаланы армансыз араладық.
Келесі күні машина жөндейтін әрі май құятын шеберхана жанынан өтіп бара жатыр едік, иесі бізді көріп қап, балаша қуанды. Дастарқан жайып, мәре-сәре болды да қалды. Таныстық. Ол азербайжан екен. Америкаға келерден бұрын Баку қалалық партия комитетінің хатшысы болып істепті.
Мүслім қолын ары-бері қозғап отырған. Бір кезде маған жымия қарап:
– Сағат қанша болды? – деді. Мен қалтама қолымды салып, сағатымды іздеп таппадым.
– Бұл қалай? Алдында ғана қалтамнан алып көріп, қайта орнына салып қойған едім ғой. Сағатыма жан бітіп кетті ме? – деп аң-таңмын.
– Қай жерге түсіргенің есіңде жоқ па? – деді Мүслім күліп, сағатымды қалтасынан алып беріп. Ештеңеге ақылым жетпей, аң-таңмын. «Апырмай-ай» деп дастарқан иесі де таңғалды.
– Соғысып жатқан шешендерге қандай жәрдем беріп жатырсыздар? Біз, мұсылмандар, айлығымыздың отыз пайызын үзбей жіберудеміз, – деді американдық азербайжан.
– Біздің бүгінгі таңдағы жағдайымыз онша емес. Шешендерге бірлі-жарым қалтасы қалыңдарымыз ғана көмектескендей, – дедік.
Қыдырып жүріп, татарлардың ресторанын ұшырастырдық. Ойпырма-ай, олар бізді бас сап құшақтап, бетімізден сүйіп:
– Кәне, төрлетіңдер, еркін жайғасыңдар, – десіп бәйек болды.
– Біз жаңа ғана тамақтандық, әуре болмаңыздар, – дегенімізге қарамай, олар өз қалауларынша әрекет етті.
– Әңгімелеріңізді айтыңыздаршы, жағдайларыңызды білгіміз келеді. Кейде елімізді сағынғанда Нью-Йорекке сыймай кетеміз, – деп сұрақты үйіп-төкті.
Үлкен қаланың келесі бір ауданындағы ресторанға енген едік, иесі Украинадан барған еврей кісі екен.
– Менің елімнен келген құрметті қонақтарым екенсіздер.Қалаған тамақтарыңызға тапсырыс беріңіздер. Сіздерден көк тиын алмаймын, –
деді жаны қалмай, есі шыға қуанып.
Біз бір жағынан жаны жомарт жақсы жандармен кездескенімізге, екінші жағынан Америкадағы еркіндікке, демократияға шын көңілден риза болып сүйсіндік.
Әкім кезімде шамалы сырқаттанып қалып, неміс әйелге желке-жотамды он күндей сылатып-сипатып, уқалатқан едім. Сол әйел айтқан әңгіме американдардың сый-құрметінен кейін еріксіз есіме түсті.
– Соғыс кезі. Бізді Волга бойынан Қазақстанға көшірді. Анамыздан екі қыз, бір ұл едік. Жолда жау біз мінген поезды бомбылап, он жасар ұлдан көз жазып қалдық, – деді әлгі әйел, – Оны пәлен жыл сұрау сап жүріп Германияның Дрезден қаласынан таптық. Кейін іздеп бардық. Үйленіпті. Күйеуге шыққан қызы бөлек тұрады екен. Бізбен таныстырғалы оларды шақырды. Екеуі келді.
– Сендерді ескермеппіз, тамақты өзімізге ғана шақтап әзірлеген едік, – деді інімнің жұбайы қызы мен күйеу баласына.
– Біз тамақтанып келдік, аш емеспіз, – десті ол екеуі . Келіннің сөзі маған ерсі естілді. Ең құрығанда ауыз тиіңдер де демеді. Біз тамақ ішкен құрлы болмадық.
Ертеңгілік інімнен басқалары жұмыстарына кетті.
– Кішкентай кезімде тәтті тамақ пісіруші едіңіз. Оның аты қандай еді? – деді інім. Ананы айтып, мынаны айтып, ақырында борщ болуы керек дедім.
Көшенің арғы бетінде магазин бар екен. Капуста, қызылша, сәбіз сатып әкеп, бір кострюльді толтырып борщ жасадым. Исі аңқып, бәрімізге әдемі әсер сыйлады.
Кешке келінім жұмыстан келіп:
– Міне, сендер қандайсыңдар?! Қалай өмір сүруді білмейсіңдер. Ақылсызсыңдар, үнемшіл емессіңдер! Мына кострюльді толтырып борщ істегендерің не?! Осыдан кейін қайтіп кедей болмайсыңдар. Енді бізді де кедей етпексіңдер ме?! Қара басып көрші магазиннің сатушысына «бұларға ештеңе сатпа» деп ескертіп айтуды ұмытыппын,– деп жұлынды кеп, жұлынды.
– Әй, сабырға кел. Біз өз ақшамызға алдық, – деп едім, жұлқынғанын қоя қойды. Ол капуста, қызылша, сәбізді оның атына жаздырып алған екен деп ойлапты. Өздерінің сатушымен сондай келісімі бар көрінді. Көршілердің алған заттарына төлейтін ақшасы болмай қалса, қарыз ретінде сатушы дәптеріне жазып қояды екен.
Облыстық атқару комитетінің төрағасы Аққозиев обком пская атындағы колхозда жұмыс жоқ. Елдің бәрі көшеде арақ ішіп, сандалы жүр. Елі ел емес екен», – деп сөйледі. Мен намыстанып:
– Сіз елді жамандамаңыз. Көп болса бос жүрген оншақты адам шығар. Ел оған кінәлі емес, – деп едім:
– Немене, ол сенің ауылың ба еді? – деді.
– Иә, менің ауылым.
– Ауылың болса, бармайсың ба? Жөндемейсің бе?
– Барсам, барармын. – Сол сөзім күш алып, мені аулыма колхоз басқарма төрағасы етіп жіберді. Бірінші күн анам:
– Қызметті Ошақты, Сыйқым, Шымыр ағайындармен теңдей бөліс. Өкпелемеңдер деп айтып, жағдайды түсіндіріп қой, – деді. Мен дәл солай еттім. Анамның бұл ақылының жұмысыма пайдасы көптиді.
Жұмыссыз жүрген ауылымның балаларын жұмысқа алғанымда:
– Қарағым, онсыз да күніңді көресің. Аналық тілегім, «сендерге жақсылық жасадым» деп олардың бірдемесін алушы болма. Оңай олжаға қызықпа, дүниеқоңыздықтан іргеңді аулақ сал, – деді анам ұйқыдан оянғанымда.
– Сіз айтпасаңыз да ешкімнен ештеңе алмаймын, апа.
– Кім біледі. «Періште алтын көрсе жолдан шығады» дегеннің кері келіп жүрмегей.
Бір күні кабинетіме қайынатам енді.
– Әй, Смағұл, саған айтар сөзім бар.
– Е, айтыңыз.
Ол кісі бухгалтерияда істейтін. Жасы жеткендердің уақтылы зейнетақы алуын ұйымдастырушы еді.Зейнетке жасы жеткендер аудан орталығына қайта-қайта барып, бірнеше күн кезек күтіп әуре болмас үшін ол штатты өзім ашқанмын.
– Өтініш білдірген адамның барлық құжатын жинаңыз да, орталықтан оның зейнетақысының мөлшерін біліп кеп, өзіне қолын қойдырыңыз, – дегем. Біздің бұл бастамамызды басқа шаруашылықтар да қолдап, жүзеге асырды.
Қайынатам:
– Мына жұмысты бүйту керек, ана жұмысты өйту керек. Мына маманды, ана маманды орнынан алған дұрыс, – деді. Біздің ауылда құмды жақсы жер бар. Ол жерге қарбыз егетіндер – гректер.
– Бір гектар жер сенің шай пұлыңды, анау-мынауыңды ажыратып тұрады. Гректерге тиме.
– Бар айтар ақылыңыз осы-ақ па? Сіздің мына ақылыңызға дейін әлгі гректерді аулымызда қалдырайын деп отыр едім. Енді қалдырмаймын. Сіз бұдан былай маған мұндай ақылмен келмеңіз. Мен сіз арқылы колхозды басқарғанша, өз еркіммен орынды босатуым керек. Ертең бір жаққа қыдыра қалсаңыз, «ой, ол кісі келгенше» деп мен жолыңызды тосып, қарап отыруым қажет пе? Бұлай болмайды. Көңліңізге алсаңыз да, алмасаңыз да айтырым осы, – деп едім, кішкене ашуланды. Содан ол кісі бір жылдай өкпелеп, үйімнен шай ішпей жүрді. Қайда барады, кейін қатесін түсінді.
Анама да:
– Апа, мен сізге күнде не істегенімді мәлімдеп тұрамын. Сонда өз сөзімді өзім құлағыммен естіп, қай жерде қателескенімді сезем. Істеген ісімді ортаға салмасам, кемшілігімді сезбеймін ғой. Сіз тыңдап болып:
– Әй, мынаны былай істеуің керек еді десеңіз, қарсылығым жоқ, – дегем.
Бір жас жігітпен аудандық комсомол комитетінде бірге істеген едім. Іскер болатын. Кейін жұмысы қожырай бастады. Әйелі анама түнде қымыз, шұбат әкеп беріп кетеді екен. Оны мен білмеймін. Ол маған да бір сыйлық жасауға оқталып, батпапты.
Бір күні ауылдың қариялары жиналып:
– Ана жігіт бүйтіп жатыр, үйтіп жатыр, – десті. Тексеріп қарасам, шынында да жұмысында олқылықтар орын алулы. Олар аса үлкен де емес. екінің басында кездесетін кемшілік. Орнынан алайын деген ойым болған жоқ, бір тәубесіне келтіріп қояйын деген ниетпен ескерту жасадым. Ол кіші-гірім қателігінен тез арылды.
Жақсы көретін ағайындар да келеді.
– Қарағым-ау, тым құрса, бізге бірдеме жазып берсеңш? Хал-ахуал қиндау. Қой етін, құмшекер, күріш жазып бер, – деушілер де жетерлік. Қоймада бәрі бар.
Жазып берсең, ешкім саған мұның қалай демейді. Олар тағы тегін алмайды, ақшасын төлеп алады. Әрі мен де далаға беріп жатқан жоқпын ғой.
Ауыл өз алдына, ауданнан, облыстан таныстар келеді. Қалыптасқан ереже, облыстан келетіндер ақша төлемей кетіп қалады. Олар үшін өзім төлеймін. Алдарына барғанымда:
– Ой, айналайын, Смағұл, – деп жақын тартып тұрады.
– Смағұл, Смағұл дейсіздер. Мейрамханаға барайын десем, ақшам жоқ. Айлығымды сіздерге жұмсап бітірдім. Колхоздың бухгалтеріне қолқа салуға болмайды. Есептегі нәрсе. Оның бәрі ертеңгі кұні алдыңнан шығады, –деймін әзілдеп.
Он жыл басқарма төрағасы боп істеген кезімде әр тапсырманың соңынан қалмай орындалуын қадағалап жүрудің арқасында артта қалған колхозды алдыңғы қатарға шығардым. Ең жұмыстың қиыны– колхоздың басқарма төрағасы, совхоздың директоры болу дер едім. Ол кәдімгі құлдың жұмысы тәрізді. Жоспар орындалуы керек, орындалмаса айқай-шу. Бар қажыр-қайратың, ақыл-ойың, ұйымдастырушылық қабілетің, тәжірибең жоспарды орындауға жұмсалады. Бұл аздай кім болса сол ақша сұрап келеді. Бермесең, ренжиді, қайсыбірі боқтайды. Сұрағанын бере берсең нең қалады. Амал жоқ, әрқайсысының көңлін тауып, шығарып салуың керек. Асығып тұрсаң да, бес-алты минут уақытыңды бөліп, жағдайды түсіндіруің қажет. Тағы мұның қиындығы – жыл он екі ай қайталанып жататын жағдай.
Бірде, «апа, жұмыс ауыр, шаршадым» деп едім:
– Сен шаршама, шаршадым деме, – деді анам.
– Неге?
– Олай десең, ата-бабаңа сөз келтіресің. Мен жым болдым.
– Тәжірибеңіз бар ғой. Сіздіңше, басшы адам қандай болу керек?
– Ең басты қасиеті – шыдамды болғаны абзал. Мысал келтірейін.. Туыс жігіт жұрт көзінше мені боқтады. Оны қаматып жіберуіме болар еді. Олай етсем, оңбай қателескенім. «Пәленшені қаматты, бұл жауыз, ешкімді аямайды» деп басқалар ызалана қарсылық білдіріп, одан сайын жағдай ұшыға түсуі мүмкін.
Әртүрлі ойға баттым. Мен де боқтасам ба екен? Онда одан қандай артықшылығым болады, қайта оның деңгейіне түсем ғой. Тез шешімге келіп:
– Ей, батыр, боқтап тұрған әкең саған да туыс. Оған сенің жаның ашымаса, кімнің жаны ашиды? Менің анам сенің де анаң. Ол кісі есі бар, қасиетті кісі. Бір күні аузы-басың қисайып жүрмесін, – дедім. Туыс жігіт не айтарын білмей абдырап қалып, тілге келмей бұрылып кетті.
Мен кек сақтамадым. Кейін ол қатесін түсініп, кешірім сұрады.
Екінші, басшы адам ешқашан жалған сөйлемеуі керек. Бір өтірігі әшкерленді ме, бітті,жұрт алдында оның қадір-қасиеті жоғалады. Уәде бердің бе, орында. Орындай алмасаң, көпшілік алдына шығып, себебін айтып түсіндір.
Үшінші, әділетті болғаны жөн. «Қолыңнан келіп тұрғанда сен маған ана қызметті, мына қызметті бермедің» деп талай бауырым өкпеледі. Егер сол қызметті берсем, оны өз деңгейінде істей алмас еді. Себебі, ол біріншіден, маған сенеді, екіншіден, қабілет-қарымы онша емес.
Өзіммен бірге оқыған, менен екі жас үлкендігі бар бригадир боп жүргентуыс жігітті бас инженер еттім, Айтқаны болып тұрды. Жұрт:
– Екі күннің бірінде арақ ішеді, – деп сөз ете бастады. Жұмыс орнынан іздеп таппай, үйіне барсам, мас, төсегінде жатыр.
– Ей, бұл не жатыс? Қайда ана техника? Ол неге жүрмейді?
– Қосалқы бөлшектер жоқ.
– Жоқ болса, маған келіп айтпайсың ба? Бірге іздеп тауып, оны жүргізбейміз бе? Арақ ішіп, мас болып жатқан саған біреу әкеп бере ме? – десем, қолын сілтейді.Орнына басқа адамды қойдым. Оған рақмет, шын пейілімен жанын салып жұмыс істеді.
Бас агрономымда «өнер» көрсетті. Астық орағы қызған шақ. Гектарынан 45 центнерден өнімалып, оны тасымалдауға машина жетіспей, ойымыз он саққа бөлініп, әбіржіген кезіміз.
– Экспедиторімеқосалқы бөлшектерді, бас агрономыма тыңайтқышты мына машинамен әкеліңдер, – десем, бас агрономым:
– Екі жұмысты бір машинамен бітіру деген қандай тірлік? – дегені.
– Сен не далбасалап тұрсың? Бір машинамен екі емес, он жұмысты бітіруге болады. Жауапкершілікті мойындамасаң, орынды босат, – дедім де, бұйрық беріп, орнынан алдым. Әке-шешесі де, өзі де ренжіді. Ренжісе, көшке берген тайлағын қайтып алсын.
Төртінші, басшы адам кешірімді болу керек. Кеудеме тас байладым дегенше, іс жүрмейді. Тас байлаудың мүлде керегі жоқ, оның зияны көп. Біз малды жазда құмға айдаймыз. Күн қызғанда құм да қызады. Саздау жерлері бар. Зоотехнигім. «Бір табын қара малды құмда қыстатайық», деп қоймады.
– Әй, батыр,қара мал қысқа шыдамайды, – деген едім:
– Менің зоотехник болып істегеніме бес жыл. Білімді маманмын. Осы жолы тәжірибе жасап көрейік, – деп өршеленді. Мен:
– Ойлан, байқа, – дедім.
Арада біраз уақыт өтті. Есеп-қисабымен таныссам, 30 бас қара мал өліпті.
– Әй, мынауың не сұмдық? – деп дереу басқарма мүшелерін шақырдым.
– Не болды, айт.
– Осылай, қара басты.
– Мен саған көптің көзінше айтпап па едім. Қазір милицияға хабарлап, ісіңді сотқа өткізем. Көрдіңдер ме, ұсыныс жасағанда он рет таразылап ұсыныс жасаңдар. Мынау не масқара! – дедім ашуланып. Басқарма мүшелері көпшілікпен сөйлесіп, бір-бір танадан қосатын болып, оны соттан аман алып қалды
Байзақ ауданына әкім болғанымда, анама сәлем берушілер көбейді. Мен:
– Апа, сәлемшілер өтініш айтады. Содан кейін сіз маған бірдеңе дейсіз. Оны мен орындай алмасам, өкпелейсіз.
– Бұл ескертпең орынды, балам. Мен өтініш айтып келгендерге: «Әй, айналайындар, өздеріңіз жақсы білесіздер, біз Жамбыл ауданының адамдарымыз. Енді жағдайға байланысты Байзақ ауданына қоныс аудардық. Балама өйт, бүйт дей алмаймын. Ренжімеңдер. Бір-бірімізге тілектес ағайынгершілігіміз жойылмасын», – деп алдын алып ескертіп қойғанмын.
Анамның осы тәріздес парасаттылығына іштей қуанатынмын. Мерке, Сарыағаш, Алматы шипажайларында демалғанында «ауылдан балаларым келді» деп дастарқан жайып, сыйластарын шайға шақыратын.
– Құр өсек айта береміз бе? Ән айтып көңіл көтерейік, – деген ұсыныс жасап, көпке қуаныш сыйлайтын. Өзі ән шырқап ғана қоймай, сыйластарының әрқайсысына өлеңмен мінездеме беретін. Содан олар қошаметтеп, анамның қасынан шықпайтын.
– Әкімде машина көп қой. Ауылға барып келейін, – дейді де анам жолға шығады. Кейде сол күні қайтып келеді, кейде машинаны қайтарып жібереді.
Тағы бірде анам ауылда қалып қойды. Екі күннен кейін мен бардым.
– Апа, сізге не болды? Дәрігерлер: «Апаңыз қайда? Біз емдейтін едік, үйде жоқ. Дәріні толық ішпеді, курстан өтпеді», – деп сізді іздеп жатыр.
– Ой, қарағым, мені енді әурелемеңдер (ол кісі қайтпас сапарға аттанарын сезген секілді). Сенің дәрігерлеріңнің аударып, төңкеріп, сылап-сипағандарынан абысын-ажыларымның «халің қалай?» деп көңілімді сұраған бір ауыз сөзі артық. – деді. Мен:
– Түс көрдіңіз бе, әлде ана жақтан хабар алдыңыз ба? Күйеуіңіз шақырған жоқ па? Қазір бидай орағы басталды. Жұрттың бәрі маған қарап отыр. Ес білгелі алақаныма сап аялап келген анам едіңіз. Еш болмаса бір ауыз сөзін естімей қалдым-ау деп өкініп жүрмейін. Айтатыныңыз болса, айтыңыз? – дедім қалжыңдап. Ол кісіден ажырап қалармын деген ой менде мүлде болған жоқ.
– Е, қарағым, мен жесір болдым, сен жетім болдың. Есігіміз алдынан тымақ киген еркек кіндік көрінер ме, мына үйімізге егелік ететін біреу табылар ма екен деп жылап-сықтап жүрген күндерімізді ұмытпаған шығарсың? Құдайға шүкіршілік, сен айналайын, бүгін ағайынның да, жекжат-жұраттың да, дос-жаранның да, бауырдың да егесісің. Жұрт саған келіп ақыл сұрамаса, саған келіп ақыл айтпайды. Ойымдағыдан да асып түстің, жарығым. Баласы тәуір адамның еңбегі жанады екен. Мені жалғыз сен, мына ауылым емес, бүкіл ел аялап ардақтағандай сезімдемін. Шүкір, қарағым, енді мен қашанғы жүре берем? Демім таусылса, «е, алдынан жарылқасын» дегін де ақырғы сапарыма аттандыр. «Әкіммін, жағдайым бар» деп шашыла берме. Әлдекімдерден озуды ойлап, жұрт көңілін қабартып алма. Тағы бір ескертетінім, анамнан ажырадым деп әкім басыңмен жылап жүрме. Өзіңе алғысым шексіз. Жекжат-жұратқа да, ағайын-туғанға да, бала-шағаға да, дос-жаранға, елге, жерге де ендігі еге өзіңсің. Мен сексеннен астым, Алланың берген жасын жасадым. Құдайымның сендей бала бергеніне мың бір тәубә, – деді. Екі-үш ай өткенде қайтыс болды.
Қимадым. Анасын жек көретін кім бар? Талай басшылардың аналарымен әңгімелесіп, қолдарынан дәм таттым. Қайсыбірінің жақын-жуығына: «Әй, маған сөйлейтін сен кімсің?! Тыныш отыр! Үніңді өшір!» – деген зіркілін де естігем. Салыстырмалы түрде айтқанда, менің анамның парасаттылығы, өмірге, адамдарға деген көзқарасы, пайым-түсінігі ерекше еді. Ол кісі маған да, басқаларға да ешуақытта айқайлап, көңіл қалар сөз айтқан емес.
Ағайын-тумаларын, жекжат-жұраттарын, абысын-ажыларын ретін тауып үйге шақырып:
– Шаңырағымыздан дәм татыңдар. Әкім бізге қарамайды деп өкпелемеңдер. Жағдайды түсініңдер, айналайындар, – деген сөздермен сый-құрмет көрсететін.
Бала күнімде Құдай аузыма салғандай, кейін Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Жамал Омарова, Құрманбек Жандарбеков, Сәбит Оразбаев, тағы басқа артистерді үйімде қонақ етіп, өнерлерін анама армансыз тамашалатқаным да бар.
Ол кісі жұбайыма, балаларыма, келіндеріме, мағанайтқанын орындатын.
Мен де:
– Әй, балаларым, анамыз бізді осы күнге оңайлықпен жеткізген жоқ. Мектепте мұғалім, аудандық комсомол, аудандық атқару комитеттерінің жауапты қызметкері, аудан әкімі, колхоз басқарма төрағасы болған әкелеріңді аспаннан түсе қалды деген ойда болсаңдар қателесесіңдер. Мені тәрбиелеген, жылап-сықтап жүріп, жетелеп жеткізген мына алдарыңда отырған анам. Бұл кісі сендерге орынсыз тиісіп, тамақ, киім тауып бер демейді. «Туған-туысқаным бар, қыдырып келейін. Бір нәрсе ұйымдастырыңдар» деп те мазаламайды. Егер де біреуің тілін алмай ренжітсеңдер менен жақсылық күтпеңдер. Сендердің ішкендерің алдыңда, ішпегендерің артыңда. Мұның бәрі кімнің арқасы? Осы кемпірдің арқасы. Дүниедегі ең асыл адам – анамның көңілін қабартса, мен жеті бала тапқан жұбайыммен сол күні ажырасам.
Анам мені дұрыс тәрбиелемесе, маған жақсы бағыт бермесе, осындай абыройлы күнге жетер ме едім? Екі кісіге шамасы келетін адам тентек болады. Екі емес, бес адамға шамам келетін мен анамның тәрбиесінің арқасында тентек болмай, біртіндеп қатарға қосылдым. Біреуді сабап түрмеге түссем, кім болар едім? – деп те отбасымда әңгіме айтқаным бар.
Өмір ғой. Мынандай да қызық болды. Шырт ұйқыда жатыр екенмін. Есікті бірдеңе тырмалайды. Оянып кеттім. Анам да оянды. Шамды жағып, тысқа шықпақшы болдым.
– Әй, бұл ит емес, сен шықпа, – деді анам үрейленіп. Бой бермей шықтым. Көрші қартым есік алдында босағамызды тырмалап, етпетінен жылап жатыр.
– Оу, ақсақал, не болды?
– Мен өлдім, ойбай, мен өлдім, өлдім.
– Неге өлесіз, кім тиді?
– Жалғыз ұлымнан айырылсам, мен өлем ғой.
– Жалғыз ұлыңызға не болды?
– Білмеймін, екі мың қой жетпейді дейді.
– Қалайша? Бұл құлаққа кірмейтін нәрсе ғой. Бір мәнісі болар, қайғырмаңыз, – деп қартты үйге кіргізіп, шай бердік. Сағатқа қарасам, түнгі үш. Аудандық милиция бөлімінің бастығына телефон соқтым.
– Бұл жағдайдан хабарың бар ма?
– Бар. Ол жетпейтін қой емес, екі мың тері. Соның квитанциясы жоқ.
– Әй, батыр, сен қазір баланы шығар да, үйге әкел. Дайындау кеңсесі бастығына тапсырма бер, екі мың теріні қабылдап алған квитанциясын тапсын. Бір шалағайлық кеткен тәрізді.
Анам дереу қазанға тамақ салып қойды. Сағат бесте ет жедік. Сол мезгілде учаскелік милиционер қарттың баласын алып келді. Әкелі-балалы жылап көрісті. Ертеңгілік сағат онда екі мың терінің квитанциясы табылды деген хабар жетті.
– Қуанғаннан жүрегім жарылып кете жаздады, – деді қарт мені құшақтап, алғысын үйіп-төгіп.
…Таңғы сағат бесте оянып, қызметме кірісетінмін. Түсте үйге келіп бір сағат мызғып алушы едім. Менің түсте келетінімді көрші қарт аңдиды да жүреді.
– Смағұл келдің бе?
– Қымыз бар. Саған қаратып отырмын.
– Ақсақал, мен шаршап келдім. Қымыз ішсем, қан қысымым көтеріліп кетеді. Ниетіңізге рақмет.
– Жо-жоқ, сусында, қарағым.
– Қымызды өзі даярлайды. Көңілін қимай бір пиялай ішемін.
– Тағы екі пиялай іш. Жақсы ұйықтайсың, – деп тағы екі пиялай ішкізеді. Содан қарттың қымызына үйреніп кеткенімді байқамай да қалдым.
Мұны қарапайым халықтың ықыласы деп білдім. Көпшілікке қамқор, шынайы жанашыр болсаң, ол да сені алғыс сезіммен еске алып, ұмытпайды екен…
– Раушанды нағыз ел анасы, Смағұлды нағыз ел ағасы дерлік дәрежедегі кісілер екен, – деді Баукең ойға шома отырып. – Сенің киіз үйдің керегесіне, шаңырағына зер салған кезің бар ма?
Мен үндемедім.
– Зер салмасаң, зер сал. Түсіне білсең, шаңырақ – халық, керегелер –Раушандай аналар, Смағұлдай азаматтар….
АНА МЕЙІІРІМІ
– Тыңдағыңыз келсе, Раушанның қайынсіңлісі Шәкен апа туралы да айтайын.
– Айт, тыңдағым келеді, – деді Баукең ықылас таныта жылы жымиып. Мен сөзімді жайлап бастадым.
– Алматыға бір жолым түскенде балаларым Шымбұлаққа алып барды. Ақ қардан көз ұялады, – деп бастады әңгімесін Шәкен ана. – Шаңғы тепкен жастар көп. Бір жігіт қасыма жақындап:
– Апа, қайдан келдіңіз? – деді сөзге тартып.
– Жамбыл облысынан келдім.
– Қабағыңыз түйіліп кетіпті. Жамбылыңызды сағынып отырсыз-ау.
– Иә, қарағым, сағынып отырмын.
– Жамбыл облысы Алматы облысынан артық па?
Сұрағы намысыма тиіп кетті. Қайдан шықса, одан шықсын дедім де:
– Е, е, балам, туған жердің жыланы да сұлу емес пе? Маған Жамбылдың адамы түгілі жыланы да қымбат. Алматының адамынан мен Жамбылдың адамын тәуір көрем.
– Бір де нөл, апа. Сіз жеңдіңіз, мен жеңілдім.
– Е, солай болсын. Өзің үйленгенсің бе?
– Жоқ, университетті бітірген соң үйленем.
– Үйленсең, аналық тілегім, ақылды, арлы қызға үйлен.
– Апа, ақылды, арлы қыз қандай болады? Түсіндіріңізші?
– Түсіндірейін. «Ақылды әйел жауға алдырмайды» деген сөзді естіп пе едің?
– Жоқ.
– Ауылымда мұрынбоғы ағып жүретін, жасы қырықтан асса да үйленбеген бір қойшы болды. Ағайындары күйеуі өлген, ақыл тоқтатқан әйелге үйлендірді.
– Ой, терлеп кетіпсіз ғой. Мына орамалмен бетіңізді терден аршып отырсаңызшы? – деп бетін сүрткен болып, жұртқа білдірмей күйеуінің аққан мұрынбоғын қоса сүртіп қояды екен.
– Е, тыныштық берші, әкеңнің… салдақы салдақыланбай отыршы, – деп күйеуі ашуланса:
– Жақсы кісі жаман сөз айтпайды, – деп әйел ақылдылығының, арлылығының арқасында әлгі еркекті ардақтап, алдында ұстап, тәрбиелей келе қатарға қосыпты. «Ақылды әйел жауға алдырмайды» деген сөздің мәнісін енді түсіндің бе?
– Түсіндім, рақмет.
– Берер батам, сондай қызға кез бол, қарағым.
Ол сансыз рақмет айтып қоштасты.
– Апа, заманыңыз туралы қандай ойдасыз?
– «Заманың қалай болса, бөркіңді солай ки» деген ғой. Құдай көппен көгертсін. Халық жылағанда жыладық, халық қуанғанда қуан»дық. КПСС Орталық партия Комитетінің Бас хатшысы Н. С. Хрущевтің билігі кезінде сатушыларға он килодан артық ұн сатуға рұқсат етпеді ғой. Біздің көршіміз, қарт кісі өз ақшасына бір қап ұн сатып ап үйіне әкелгені үшін, екі жылға сотталып кетті. Осындай әділетсіздіктін де түр-түрін бастан кештік, қарағым.
Бірде Тараз қаласы орталығындағы «Балалар әлемі» магазиніне сіңлімді, үш жасар немере қызымды ертіп бара қалдым. Немере қызым ана ойыншықты, мына ойыншықты құшақтап, ажырар емес.
– Жүр, алған заттарымыздың ақшасын қассаға төлейік, – десем, ол тырысып, орнынан қозғалмады.
– Әй, жүр. Ол кейін қарай шегініп, томсырайған күйі: «Апа, сен айтшы, енді маған не керек?» – деді. Біз күлдік. Сол айтпақшы, енді маған не керек? Тамағым тоқ, көйлегім көк. Зейнеткермін.
–Өміріңізге өкпеңіз бар ма?
–Соғыс жылдарынан кейінгі өміріме өкпем жоқ. Бибатырова, Атшабарова, басқа даЖамбыл обылысы басшыларымен түсінісіп, 25 жыл ресторан директоры болып істедім. Күйеуім обкомның жауапты қызметкері болды. «Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді» дегендейбіз бір ананың баласындай тату өмір сүрдік. Жуалының тау жағында Ащыбұлақ тоспасы бар. Оның суымен жұрт егін суғарады. Жазда сол бұлақтың қасына аудандық партия комитетінің хатшылары екі-үш киіз үй тіктіріп, күйеулерімізбен демалуымызға жағдай жасайтын.
Шәкен ана бір сәт үнсіз қалып, маған ойлы жанарын қадап:
– Қарағым, мені сөйлете бересің бе? Өзің туралы айтшы? – деді өтініп. Мен өмірімнің біраз белестерімен таныстырып:
– Бір оқиға туралы сіздің аналық пікіріңізді білгім келеді, – дедім.
– Айт, ол қандай оқиға?
– Әкем соғыс салған жарақаттан қырық төрт жасында қайтыс болды Өгей шешемді төркіні: «Жассың, күйеуге тиіп перзент сүйесің», – деп өздеріне көшіріп алды. Үйде жалғыз қалған соң, оқу іздеп қалаға кеттім. Бірде аулыма барсам, үйім құлағалы тұр. Ағайын екі шал жолығып: «Үйіңнің ағашын бізге сат, отын етейік»», – деді. Бірі отбасына ертіп барып, кемпіріне айтып еді:
– Сен не сандырақтап тұрсың? Бұл баланың әке-шешесі қандай кісілер еді. Ол үйдің ағашын жаққанымша сирағымның сүйегін жағайын, – деді. Мен ләм-мим демей, жанарым жасқа толған күйі қалаға қайтып кеттім. Құлағалы тұрған үйдің ағашын кім алғанын білмеймін.
– «Батар күннің атар таңы бар» деген. Үйіңді бұзып, ағашын жинап қояйық. Кейін үй салып алуыңа көмек болады, – демеген екі шалдың ақымақтығына не айтарсың?! – деді Шәкен ана күрсініп.– «Жаны ашымастың басы ауырмас» деген осы ғой. Менің уайымым, Құдайдан күні-түні тілейтінім – бала-шағамның амандығы. Біреуге күні қарамаса екен деймін.
Бішкекте дәрігер болып істейтін, медицина ғылымының докторы, академик қайным үйге келе қалды. Алаңсыз көңіл күйде жүргем. Тамақтанып отырғанда:
– Үлкен ұлыңыз Болат жақында бізде болып, сырқаты туралы ой бөлісті. Бұдан бір жыл бұрын Қытайға барып, он күн тексеруден өтіп, ем қабылдаған еді. Биыл жүрегі қайта сыр бере бастапты.
Қаным басыма шауып, құлағым шыңылдап, мең-зең күй кештім. Өзімді өзім әзер игеріп, ішімнен Құдайға жалынып-жалбарынып:
– Болатымның жүрегі қалай ауырады екен? – дедім.
– Жүрек тамырында медицина тілінде тромб делінетін қою қан пайда болған. Алдын алып қаралмаса, ол қауіпті. Біз ары ақылдасып, бері ақылдасып, ұлыңыздың Германияға барып емделуін қажет деп таптық.
– Былтыр Болатым Қытайға іссапармен кетіп барамын демеп пе еді? Мені аяп, ауруын жасырған екен ғой, – деп уайым батпағына белшемнен баттым. Дәрігер қайным қоштасып кетісімен Болатқа телефон соқтым.
– Апа, менің Германияға барып, емделеді деген хабарды кімнен естідіңіз?
– Кімнен естігенімді қайтесің? Сен шыныңды айт.
– Шыным, апа, мен емделуге емес, іссапармен үкімет тапсырмасын орындауға барамын.
– Өтірік айтпа.
Болатым аха-ха-халап күлді. Онысы – сыр бермеудің амалы.
– Ертең ертелетіп Алматыға аттанамын. Сенімен барған соң сөйлесем. Күт.
– Әуре болмаңыз, апа. Сөйлесетіндей ештеңе жоқ.
Тұлабойымды үрей билеп, жүрегім сыздап ауырып, ауа жетпегендей, үйде байыз тауып отыра алмай, аула ішінде сандалып ары-бері жүрдім. Уақыт өтсейші. Үйге қайта еніп, төсегіме қисайып: «Е, Алла, Болатымды аман ете көр. Енді ғана кем-кетігімізді түгендеп, ес жия бастағанымызда бізді қайғы-қасіретке душар ете көрме. Басымыздан не өтпеді, біз не көрмедік, Алла? – деген тәрізді сөздерді айтып, жалынып-жалбарынып жылап жаттым.
Кешке Шәкірбану қызым жұмыстан келді.
– Апа, жылағансыз ба?
Мен жағдайды айтып түсіндірдім.
– Ертең ерте Алматыға сапар шегеміз. Сен бастығыңнан екі күнге сұран.
Шәкірбану бастығына телефон соғып, екі күнге рұқсат алды. Ертеңіне таңғы намазымды оқып, бір-екі кесе шай ішіп, Шәкірбанудың «мерседесіне» мініп, тіке Алматыға тартып кеттік.
Болатым «келіп қалар» деп ауласында күтіп жүр екен. Оны құшақтап, мейірлене маңдайынан сүйіп, «қазағымның ырымын жасағалы келдім» дедім.
– Ой, апа, бекер әуреленесіз.
Жол соғып тастаса керек, күні бойы басымды көтере алмай, төсек тартып жаттым. Ертеңіне намазымды оқып, Болатты сыртқа ертіп шығып:
– Е, Аллатағалам, таңғы аналық ақ тілегімді қабыл ет, Болатымды аман сақтай көр. Баламның орнына жасарын жасаған, асарын асаған мені ал. Е, еңсесі биік Қаратауым, айбынды Алатауым, қарағыма қорған, пана болыңдаршы? Қойындарыңда өскен перзенттерің еді ғой. Тосын жабысқан дерттен арылтып, қажыр-қайрат сыйлап, көсегесін көгерте көріңдерші? Аналардың тілін білген, айналайын Айшабибі әулием, мейір-махаббатыңды Болатымнан аямашы? – деп баламды бір айналып шықтым. Екінші рет айналайын дегенімде Болатым оң қолымнан ұстай алып:
– Апа, адам істемейтін істі істемеңізші. Өтінем, – деді жалынғандай болып.
– Маған бөгет жасама.
Не бір тілек-сөздерімді айтып, ботадай боздап, сүріне-қабына ұлымды үш айналып шықтым. Құлай жаздап қалжырасам да, ойға алғанымды орындағаннан кейін көңлім орнына түскендей болды.
– Апа, мені уайымдамаңызшы? Ауруыңызға ауру жамап аласыз ба деген қаупім бар. Мықты едіңіз ғой, мықты болыңызшы? Есіңізде ме, облыстық партия комитеті хатшысының қызына үйленерімде көкірегін көкке керіп, аузына келгенін көкіген құдаға:
– Бізді менсінбейтіндей сен кімсің? Әлде екі аяғың салбырап аспаннан түстің бе? Қызың ұлымды, ұлым қызыңды сүйгені үшін кінәлі ме? Обком хатшысы болмақ түгілі Орталық партия Комитетінің хатшысы болсаң да осы кесапат-кесірлігіңді, Аллатағлам аман етсе, алдыңа бір келтірермін. – деп айтқан сөзіңіз есіңізде ме?
– Есімде, құлыным. Әйелі күйеуін көрші бөлмеге алып барып, жағдайды түсіндіргенде де, ыңғай бермей «кетсін!» деген сөзін естіген біз сыртқы есікке беттей бергенімізде, құдағи жүгіріп жетіп:
– Кешіріңдер, ағаларың жұмыстан бір нәрсеге қапаланып келген көрінеді, – деді. Біз бұрылмадық. Ақыры екі жас шаңырақ көтерді.
– Шәкен апаңның қайсарлығы, өжеттігі маған ұнады. Текті ата-ананың қызы екені көрініп тұр. Әйтпесе, әлгіндей сөзді кез келген адам айта алмайды. Апаң азулы екен. Сүйсініп отырмын. – деді Баукең риза көңілде.
– Ол кісі бір сөзінде: «Басына сәлде ораған қария үйіме бір қолымен жолбарысты, бір қолымен арыстанды жетектеп келе жатты. Тәй-тәй басып, еңсесін тіктей бастаған екі қызымды жеп қояды-ау деп қорқып тұрғанымда :
– Қорықпа, балам. Бұлар сені ғана емес, ұрпағыңды да қорғайды, – деп есігімнің алдындағы ағашқа жетегіндегі екеуін байлап, өзі көрінбей кетті. Шошып ояндым. Таң жаңа сібірлеп атып келеді екен. Жүрегім дүрсілдеп, түрлі қорқынышты ойға берілдім.
Сәске түс мезгілінде үйге әкем келді. Дастарқан жайып, шайымды беріп отырып, ол кісіге көрген түсімді айттым.
– Қызым, түсің жақсы, құдайқаласа, өмірің шаттыққа толы болады. Жолбарыстай жүректі, арыстандай айбатты екі ұл табасың., – деп дұға жасап, құран оқып, бетін сипады.
Сол екі ұлым бүгінгі Болатым мен Мұратым.
– Германияға аттанған Болатыңыздың денсаулығы қайтті?
– Он күн дегенде келін телефон шалды.
– Операция сәтті өтті, апа. Балаңыз дертінен аман-есен құтылды. Біз барғанша сүйіншіңізді дайындап қойыңыз.
– Сүйіншім дайын, қарағым. Қуаныш бәрімізді ұзағынан сүйіндірсін.
Ертеңіне Болатым Алматыға ұшатын болды деген хабарды естісімен Шәкірбану екеуіміз бір машинаға, кіші қызым, Мұратым екінші машинаға мініп, Алматыны бетке алдық.
Түнгі сағат екі. Алматы әуежайының маңы. Машиналар жол берер емес.
– Бұл қаптаған немелер кімдікі? – десем:
– Болаттың жолдастарының машиналары ғой, – деді Шәкірбану. Лаж жоқ, әуежайға жақындай барып тоқтадық. Бір кезде Германиядан келген ұшақ жерге қонды деген хабар естілді. Қуанғанымнан ба, тұлабойым қалтырап, машинадан түсе алмай қалдым.
– Отыра беріңіз. Қазір балаңыздың өзі келеді, – деді де, Шәкірбану Мұраттың соңынан жүгіріп кетті. Буын-буыным босап, дірілдеп, қозғала алар емеспін. Жерде қар, мұз. Бір қарасам, Болатым жолдастарының алдына түсіп, маған қарай құстай ұшып келеді. Оған Мұратым:
– Апам келді, машинада отыр, – десе керек.
– Е, апамның машинадан түсуге шамасы жетпеген ғой, – деп күтіп алған кісілердің бәріне қарамай, маған тезірек жеткелі тура жүгіріпті. Жылап көрістім. Улап-шулап үйге келдік. Көшеміз машиналарға толып кетті. Шампан атылып, рюмкелерге ішімдік құйылып жатыр. Айналайын көпшілік үйге сыймай, қайсыбірі дәлізде түрегеп тұр.
…Таңертең намазымды оқып, сыртқы шығып, ұзынша тақтай орындықта отыр едім, ұлым Болатым ақсаңдай басып келе жатыр. Амандық-есендік сұрасқан соң:
– Кел, қасыма отыр, – дедім. Ол отырды.
– Ақсаңдап не болды? – Ойымда түк жоқ, шалбарының балағын түріп, аяғындағы бірдеңенің кесіп түскендей жалпақ ізге ұқсас қап-қара, қызылқоңыр дақтарды көріп, шошып кеттім. Ол ауыратынын сездіргісі келмегендей аха-ха-халап күлді.
– Досымның үйінде аяғым ұйыды.
– Әй, аяғың ұйыса, кесіп түскендей дақ қалдырмайды ғой.
Мынау не пәле?
– Қозғалмай ұзақ отырғанымның әсері ғой.
– Өтірігіңе сене қояды дейсің бе? Шыныңды айт. Не болды?
– Операция жасағанда дәрігерлер екі аяғымды, екі қолымды жалпақ орамал секілді бірдеңемен қан жүрмейтіндей етіп, тас ғып байлап тастады. Бәрін телевизордан көріп жатырмын. Көкпеңбек боп көгеріп кеттім. Қан тамырымнан салған укол айналып-айналып жүрегіме жетті. Дәрігер де, өзіммен бірге барған профессор да, әйелім де – бәрі қарап отыр. Бір уақытта ура-а-лаған шу шығып, шапалақ соғылды. Ары қарай не болғанын білмей, есімді жоғалттым.
Біреулер қол-аяғымды шешіп, төрт адам төрт борбайымды уқалап әлек. Бір кісі кеудемді, екі кісі қолымды, тағы ақ халат киген екі әйел аяғымды ысқылап, тарсылдатып ұрып жатыр. Кенет ұйқыдан оянғандай ояндым. Еш жерім ауырмаған тәрізді. Не болғанын білмей де қалдым.
– Енді ешқандай қорқыныш жоқ. Жазылдың, – деді дәрігер көңілді дауыспен есік, терезені ашып. Шуылдап-дуылдадық та қалдық. Телевизор, радио сөйлей бастады.
Дәрігер үш-төрт күн дәрі беріп, қосымша емдеді. Аяқ-
қолымды тас қылып таңғандарының әсері-ау, аяғымды қиып, кетіпті, – деді Болатжаным.
Оның ауырғанына екі-үш жыл болыпты. Бұған дейін ол жөнінде Болатым тіс жарған емес.
– Менің сырқатым туралы біреуің анама айтпаңдар. Зорға жер басып жүрген кісіні өлтіресіңдер. Айтқаның менімен ел емессің, – деп қатаң ескертіп, ауырғанын маған мүлде білдірмей келіпті.
Болатымды аймалап құшып, маңдайынан қайта-қайта шөпілдете сүйіп:
– Алла шипасын берсін, қарағым. Енді мен Таразыма қайтамын. Мазам жоқ, – дедім.
– Екі-үш күн жатсаңызшы?
– Жатпаймын.
Ертеңіне ерте тұрып, намазымды оқыдым. Келін түндегі әр жерде тұрған табақ-табақ етті қазанға қайта асып, қамыр илеп салды. Еттен жеп, шайды апыл-құпыл ішіп, бәріміз машиналарымызға мініп, жолға шықтық.
Кеудесі басқаның жаны басқа, өлу қайда? Өлмей-ақ «а, Құдай, Болатжанымды сақтай көр» деп тілек тілеп жүріп жатырмын.
Тәжрибеге жүгінсем, мейлі әйел-еркек, бала-шаға, мейлі жас-кәрі болсын өлетінін алдын ала білмей қалмайды. Ондай белгіні Болатымнан байқай алмадым. Бұл көңліме үлкен медеу болды.
Оншақты күннен кейін ол Таразға келді. Кіші қызымның күйеуін қасыма алып, ауылда мал ұстайтын қайнымның балдарының екеуін ертіп, базарға барып, семіз боз биені саудаласпай, иесі айтқан бағаға сатып алдым. Қылқұйрықты қайнымның екі ұлына жетектетіп, мен машинама мініп үйге келдім. Болатым, келінім әлі оянбапты. Ояттым.
– Базарға барып, алма-салма алып келдім.
– Ой, апа, істемейтінді істеп жүреді екенсіз. Қыстың күні алманы кім жейді? Жаныңызды күтпейсіз бе? – деді Болатым қабағын шытып.
– Алма әкелгенім өтірік. Мал базарына барып жылқы сатып алдым. – Екеуміз сөйлесіп отырғанымызда семіз боз биені жетектеп, қайнымның екі баласы келді.
– Бұл не, апа?
– Бұл сен Германияға емделуге аттанғанда құдайыға атаған қылқұйрық. Сойдырып, етін құдайы ретінде таратамын.
– Апажан, мен үйден аттанғанша сойдырмай тұра тұрыңызшы? Қазір шай ішісімен жолға шығамын. Бірлі-жарым танысым көрсе, не естісе ұят болады. Адам істемейтінді істейсіз, апа.
– Мейлі, сенікі дұрыс, менікі теріс бола-ақ қойсын. Не десең де таласпаймын, өзім оң дегенімді істей берем. Мал менікі, үй менікі, сенің нең кетті? Өз жұмысыңды біл, – дедім.
Болатым аха-ха-халап күлді. Оның әдеті осы. Мені ылғи күліп жеңеді. Ешқашан «сіздің мынауыңыз теріс» деп маған қарсы келген емес. Керісінше інісінің кей кезде өз ойын дәлелдегісі келетіні бар. Оның бетін сол заматта қайтырып тастайтынмын.
Болатымның мінезі әкесінің мінезінен аумайды. Артық сөзі жоқ. Тіпті қатынын тілдеп жазғырғанын көрген де, естіген де емеспін. Жақтырмаған жағдайда көзін алартып бір қарайды. Келін ләм-мим демей ыңғайына көніп, құрша жорғалайтыны бар. Әшейінде «балаңыз былай деді, олай деді» деп қисаңдап күлетін оны Болатымның қалай жүгіртіп қойғанына ақылым жетпейді.
– Боз биені қайттіңіз?
– Болатым Алматыға аттың басын бұрысымен: «Айналайын, аруақтарға арнап құран оқы. Баламның жанынан жаным садаға, қылқұйрық садаға. құдайымды қабыл етсін Құдайым» деп, боз биені сойдырып, жарты етін кембағал жеті үйге шикідей таратып, басын, терісін, келіскен ақшасын қасапшыға бердім. Жарты етін мешітке табыс еттім.
Үш ай өткен соң Болат Швейцарияның жүрек емдейтін шипажайына барып, екі апта емделіп қайтты. Тәуба, мың бір тәуба, тілегім қабыл болып, содан денсаулығы дұрысталып кетті. Өзім Құдайдан балаларымның, немере-шөберелерімнің амандығын тілеп, қисайып, қыңырайып жүріп жатырмын.
– Тіршілік дүниесінде ана мейіріміне жететін мейірім жоқ
екеніне Шәкен апаңның әр сөзі, әр іс-әрекеті дәлел, – деді Баукең терең толғаныс құшағына еніп. – Ананың мейірімі қасында күннің де мейірімі әлсіз. Олай дейтінім, Жамбыл жәкем жырлағандай, ол күндіз бар да түнде жоқ. Тіршілік дүниесіне күн жылуын күндіз сыйлағанмен түнде сыйлай алмайды. Ана мейірімі барлық уақытта, жауыныңды да, дауылыңды да елемей шуағын шаша береді.
– Ана мейірімі оттан да құдіретті ме?
– Оттан да құдіретті. От үнемі лаулап жана бермейді ғой. Мезгіл-мезгіл құрғақ отын салып, қозғап тұрмасаң, өшіп қалады. Ана мейіріміне теңесетін тек қара жер ғана. Оны жер-ана дейтініміз сондықтан…
ШӘКЕН АПАНЫҢ НЕМЕРЕСІ
– Қарт ананың жастарымызды ойландырар оқиғасы көп, – деген маған Баукең:
– Ендеше тартынба, сөйле. Ерігіп жатқан шалмын, – деді езу тартып.
– Маған Шәкен ананың немересі Мирас туралы айтқаны да ерекше ұнады.
– Мирас немерем Мұратымның ұлы. Кішкентай кезінде қолды-аяққа тұрмайтын, тынымсыз бала болды.
Таңертең машинаға мініп, танысымыздың үйіне кетіп бара жаттық. Ата, (Мирас әкесін ата дейтін) Саиданың үйіне барамыз ба?
– Жоқ, менің досымның үйіне барамыз.
– Саидаға барамыз, ата. Саида – Мирастың әпкесі, күйеуге шыққан. Барған жері жүдә жақсы.
Шофер жігітке:
– Машинаны Саиданың үйіне қарай айда. Олай емес, былай – деп Мирас бұйрық бере бастады. Шофер оны тыңдамай басқа жаққа бұрыла бергенде, Мирас орнынан тура сап, шофердің желкесінен ала түсті. Машина жол жиегіне шығып тоқтады.
– Мен саған олай қарай жүрме, былай қарай жүр дедім ғой. Неге тіл алмайсың? – деді Мирас шыр-шыр етіп.
– Қожайын табылды, – деп біз күлдік. Қайсар, өжет мінезі Мұраттың мінезіне тартқан. Содан амал жоқ, Саиданың үйіне бардық.
– Мирастың бетін қақпай әжесі де, әкесі де өте дұрыс еткен. Ақыл тоқтатпаған баланың меселін қайтаруға болмайды, – деді Баукең кесіп сөйлеп.
– Арада біраз күн өтіп, түс кезінде Мұратымның үйіне барып қалдым. Магазинінің маңдайшасына Мирас деп жазып қойыпты. Қуанғанымнан көзімнен жас ыршып кетті. Неге барғанымды ұмытып та қалдым. Алдымнан Мұратым шығып:
– Келіңіз, апа. Жай жүрсіз бе? – деді.
– Бірдемеге келіп едім, ұмытып қалдым. Сен магазиніңнің маңдайшасына кімнің атын жазғансың? – деп едім.
– Мирастың атын жаздым. Екеуміздің ауруымыз бір, – дедІ жымиып. Айтса айтқандай екеуі бір-бірін керемет жақсы көреді.
Мирастың мысығы бар еді. Оны қуып ана бөлмеге. мына бөлмеге, тіпті үйдің төбесіне шығып кетсе де, төменге түссе де соңынан қалмай, шарық ұратын.
Ол ержетіп үйленді. Үлкен қызметтегі қайынатасы:
– Мен мына үйді кімге салдым? Қызым екеуің қолыма көшіп келіп, осы үйде тұрыңдар, – депті. Немерем Мирас ыршып түсіпті.
– Ой, ата, менің әке-шешем, үй-жайым бар. Қалай мен сіздің қолыңызға келіп тұрамын. Әке-шешемді қайда тастап кетемін? Кешіріңіз, ренжімеңіз. Сіздің үйге келе алмаймын, – депті.
– Сен мені сыйламадың. Қызым сенімен бірге тұрмайды, – деп сол күннен бастап шатақ шығарып, ақыры екеуін ажырастырып тынды. Әнеукүні төсек-орнын апарса, «ұстап қойыпсыңдар, маған жаңасын сатып әперіңдер» деп қайтарып жіберіпті.
– Қандай жиркенішті! Дүниеқоңыздық не дегізбейді, – деді Баукең қолын сермей қабағын шыта. – «Саудагер құнықса, сақалын күзеп сатар» дегеннің кері ғой бұл. Келер күннің ері Мирасқа ризамын…
МАҚҰЛБЕКТІҢ ҚАРА АТЫ
– Сізге Мақұлбектің өз аузынан естігенімді айтып берейін, – деді Смағұл елгезек көңілмен.
–Айтып беріңіз.
– Мектеп-интернатта мұғалім боп жүрген кезім. Жаздың күні еді. Екі метрге жуық бойы тіп-тік, иықты келген, қоңыр көйлегінің сыртынан кәдімгі плащ секілді қазақтың жұқа шапанын киген ақ мұртты қарт бізге келді. Немересі мектеп-интернатымызда оқиды екен.
Сынып жетекші мұғалім ақ мұртты қартпен біраз сөйлесіп, үйіне кетіп қалды. Қарт кісі отырған орнынан қозғалмады.
Түскі үзіліс кезі. Жұрттың бәрі тарап кетті. Мұғалімдер бөлмесінде екеуміз-ақ қалдық.
– Ақсақал, тағы біреуді күтіп отырсыз ба? – деп едім:
– Ақыр келген соң интернат меңгерушісімен де (ол кісі түстен кейін келмек) біржолата танысып-білісіп кетейін дедім, – деді жауабын келте қайырып.
– Қой,үлкен кісіні үйге алып барып шай берейін. Ұят шығар, – деген оймен:
– Ақсақал, жұрт біткен тамақтануға кетті. Бұл ауылда бір үйге барып шай ішетін таныстарыңыз бар ма еді? – дедім. Ақ қалпағын қолына ала күлімдей тіл қатты.
– Қарағым, ешкімім жоқ. Ештеңе етпейді, отыра тұрам ғой.
– Жо-жоқ. Жүріңіз, біздің үйден шай ішіңіз.
– Алла жар болсын. Осында күтейін.
Қарсы болғанына көнбей үйге алып келдім. Қолына су құйып, төріме шығардым.
– Ақсақал, «бір көрген біліс, екі көрген таныс» дегендей аты-жөніңізді білейік. Кімсіз?
– Мақұлбекпін.
– О, о! – деп қуанып кеттім. Институтты жаңа бітіріп келген кезім ғой. Үйленгем. Сол жылы көктемде сел жүріп, үйіміз құлап қалған еді. Бір қой, бір қозы, бір танам бар. Басқа түгім жоқ. Қойды күнде кешке жақын іздеп жүретінбіз. Анама «қазақ бір қойға – пышақ, екі қойға – таяқ» деуші еді. Мына Мақұлбек кісіні киелі деп естуші едім. Бір қойдың ішіне кірмей-ақ қояйын, осыны сояйын.
– ¬¬Өзің біл, балам.
Қойға бата сұрап едім:
– Әй, қарағым, сойма. Мен кешке кетем, – деді қарсылық білдіріп.
– Кетпейсіз. Үй иесінен рұқсат жоқ. Сізді төбелессем де жібермеймін. Бір күн қонасыз. Мына қойдың басын мүжисіз.
– Әй, сен кімсің? – деді күліп.
– Кешегі Керімбай болыстың немересімін. Атым – Смағұл. Әкем Беспай Отан қорғау соғысынан қайтпады.
Батасын алып, қойды сойдым. Не керек, түнімен әңгімелестік.
– Бір сәті түскен екен, – дедім мен қуанып.
– Айтпаңыз. Үлкен сәті түсті.
– Қара атыңыз туралы біраз естуім бар. Бірақ өз аузыңыздан естігенге не жетсін.
– Жарайды, бірер оқиғасын айтайын. Көрші қырғызда үлкен ас болып, қырғыз-қазақтың игі жақсылары жиналды. Өңкей сәйгүліктердің бәйгесіне қара атты алып бардым. Бірден байқағаным, қырғыздың аттары әбден жараған. Оның үстіне оларда аттың сыншысы көп екен. Мен қараша үй тігіп, қара атты ешкімге көрсетпей, әлгі үйге жасырып қойдым. Шам жағып, бір жігітті қаракөлеңкелеу бұрышқа отырғыздым.
Қара ат елге танымал, атышулы ат болып қалған. Оны біреулер жасырын келіп көруі, тіпті жазым етуі де мүмкін. Қауіптенгенімдей түннің бір уағында қырғыздың үш сыншысы іргені ашып қарапты. Шам жанып тұр.
– Шынында қара ат тұлпар екен. Алайда бұл ертеңгі бәйгеден бірінші келмейді. Кіндігінің төңірегінде қамшының алқымындай тері қалып қойыпты, – депті қырғыздың үш сыншысы.
Олар кетісімен қаракөлеңкеде бұғып отырған жігіт жүгіріп маған келді. Мен табан астында қара атты тысқа шығарып, алынбаған терін алғыздым. Қара ат түнімен бес бау жоңышқаны жеп шықты. Мұны қырғыздар білген жоқ.
Ертеңгісін қара аттың іші қазандай қампайып тұр. Қырғыздың үш сыншысы сүзіле қарап:
– Әй, әуре болмаңдар. Мына қара ат бәйгеден бірінші келеді. Терін ап қойыпты., – депті. Олардың соншалық сыншылдығын дәлелдегендей қара ат бәйгеден бірінші келді.
– Жүйрікті баптау да оңай емес шығар, – деп едім:
– Әрине, оңай, – деді Мақұлбек қарт күліп. – Себебі, қара ат бәйгеге өзін өзі дайындайтын. Оған әбден әдеттеніп алған. Бәйге өтетінін біз естімей тұрған кезде қара ат сезіп, дайындала бастайтын. Малдың ішінде де киелісі болады екен. Қара ат тегін емес еді.
– Адамның да, аңның да киелісі болады дейді ғой.
– Ол рас. Мысалы Бәйдібек бабамыз көшкенде Сарыбәйбіше: «Отыра бер, кейін қосшылар келіп, көшіріп әкетеді», – деп Домалақ анаға көлік бөлдірмей, жалғыз тастап кетеді, сөйтіп, Бәйдібекке жеккөрінішті етуді көздейді екен. Тіпті Сарыбәйбіше ашумен Домалақ ананың басын жарған да кезі болған. Сонда абысындарының бірі – Зеріп ол кісінің әулие екенін біліп, қолын тосып, басынан аққан қанын жерге төкпей, ішіп қояды екен. Сонда риза болған Домалақ ана:
– Ағарып алдымнан шықпа, қарайып соңымнан қалма, – деп бата берген деседі. Зеріптің өсіп-өнгені содан дейтін қариялар.
Баласы Жарықшақ Домалақ ананың емшегін еміп, сүтін тауыса алмайтын көрінеді. Артылған сүтті далаға төкпей, ұнға шылап, күлше етіп Жарықшағына пісіріп береді.
Көлік келсе көшуге дайындалып отырғанда сау етіп аттылар келеді. Сол күні Бәйдібек жігіттерімін көрші ауылдағы асқа кеткен еді. Шөлдеп, шаршап-шалдыққан жолаушылар аттарыннан түсіп, шай ішіп, күлше жейді.
– Апа, күлшеңіз тәтті екен. Майға пісіргенсіз бе?
– Қарақтарым, балам емшегімнің сүтін тауыспайды. Артылған сүтімді жерге төгуге қимай ұнға шылап, осы күлшені пісірем.
– О, шеше, онда біз де сіздің балаңыз болдық қой. Қайтар жолымызда олжа сыйлап кетеміз. Біз барымташылармыз. Бәйдібектің жылқысы қай маңда жатқанын айтып, жөн сілтеп жіберіңіз.
– Бәйдібектің жылқылары Қостұра деген жерде жатыр.
Барымташылар бара сала жылқыны айдап жөнелмек болады. Бір сары айғыр үйір-үйірдің алдын қайырып, айдатпайды. Сойылмен соғып құлатпақ оймен қуса, жеткізбейді. Онымен айқасып, әбден шаршайды.
– Апа, сізге екі үйір жылқыны олжа етіп тастап кетеміз.
– Қарақтарым екі үйір жылқыны мен қайтем? Маған ана мазасыз сары айғырды тастап кетсеңдер де жетеді.
– Ой, апа, оны алып қаламын десеңіз, жүдә қуанамыз. Әй, ол ұстатпайды-ау.
– Қисаңдар өзім ұтап аламын. Сәлдесін шешіп: «Мө, мө, қарағым. Мені таныдың ба?» деп жақындай бергеннен-ақ сары айғыр қашпай, тоқтай қалыпты. Сәлденің бір ұшын мойнына орап, жетектеп әкеп, керегеге байлай салады. Көп өтпей Сырыбәйбішенің тоғыз ұлы жетіп келеді.
– Жау қалай қарай кетті?
– Мына жаққа қарай кетті.
– Жол көрсетіп олжалы болыпсың ғой, – деп До–малақ ананы тілдейді.
– Әй, қарақтарым, анаңа тіл тигізбеңдер. Жылқыларың түгел қайтады. Тілімді алсаңдар жауды қумаңдар. Жау мықты, мерт боласыңдар.
– Айдалада қап алжасқан неме сөйлей береді, – деп тоғызы қол бастап, барымташылар ізінен кетеді. Жауды қуып жетіп, айқас барысында бәрі өледі. Домалақ анамыз осындай киелі кісі болған.
– Ә дегенде аттың да киесі болады дедім ғой. Тек бір бағы қайтса қиын, – деп Мақұлбек қария күрсініп алды. – Ол кезде Шымкент милиция бөлімі бастығының орынбасары едім. Шымырдың Ақша деген руында шағын шаруа иесі Мекемтас деген кісі болды. Биесі құлындайды. Ол өсіп тай, құнан болады. Оның келешегі бары білінеді. Бірде қасқыр шауып, тісі батпай, тек жамбасына кішкене дақ салып кетеді.
Кеңес үкіметінің алғашқы орнаған кезі. Әулиеатадан (бүгінгі Тараздан) шығып, айналма жолмен ары Созаққа, одан Шымкентке бару үшін солдаттар ылау мінеді. Олар Мекемтастың қара құнанын қолдарына түсіреді. Мекемтас Мақұлбекке: «Осындай келешегі бар құнанымды солдаттар ылауға мініп кетті. Соған еге бол», – деп Шымкентке тіке хабаршы шаптырады. Мақұлбек атты танып, солдаттардан алып қалады. Оны баптап, бәйгеге қосады. Бәйгеден ылғи бірінші келіп, «Мақұлбектің қара аты» атанады. Әбден кемеліне жетіп, қай жаққа барса да бас бәйгені жеңіп алады. Мұны естіген Мекемтастың ағайындары оған:
– Әй, анау ат сеніке еді ғой. Тұлпардың тегі бар, тұлпар тегін табады. Оны шығынсыз, қайырымсыз бересің бе? Қазір Мақұлбектің жағдайы бар. Неге қасындағы жирен қасқа жүйрігін сұрамайсың? – дейді.
Мақұлбек балаларын кешеуілдеп көрген екен. Тұңғышы туғанда Мекемтас құтты болсын айтып барады. Сөз арасында ол: «Сіздің жирен қасқа атыңызды қалап келдім», – дейді.
– Жирен қасқа атымды бере алмаймын.
Мекемтас ренжіп, өкпелейді. Мақұлбектің әкесі Шерім қайтыс болған. Оның сол кезде тоқсан жастағы әкесінің інісі Нарқозы Мекемтастың ренішін естіп, Мақұлбекті үйіне шақырып сөйлеседі.
– Иә, жекжатың келіпті ғой.
– Келіпті. Ол бар болғыр, менің қасқа атымды сұрайды.
– Мен ақыл айтайын, сен тыңда, – дейді Нарқозы. – Қасқа атыңды қалап келіпті, бермесіңе болмайды. Керек десең, ұл тапқан қатыныңды қоса берсең де жарасады. Ол да іргелі ел-жұрт. Керекеңнің, Керімбайдың ауылы. Жекжатыңның қалағанын бермей, сен Мақұлбек жүре аласың ба? – десе:
– Көке, алжып қалыпсыз ғой, – депті. Сол кезде Мақұлбек отыз жасқа шыққалы тұрған кезі екен.
– Қарағым Мақұлбек, мен алжысам, алжыған шығармын. Егер айтқанымды істемесең, сен отызға жетпей алжисың.
Мекемтастың өкпесін естіген ауылының қариялары Керімбайға барады.
– Кереке, Сиқымдардан қорлық көрдік. Осындай да осындай, – дейді. Керімбай жігіттерін жіберіп:
– Мақұлбектің атын тартып алыңдар да, өзін байлап, алдыма әкеліңдер, – дейді.
– Мәмлеге көнбеген тәжірибесіз басым қара күшке лаж жоқ көндім. Нарқозы атамның ақылын дер кезінде алмағаныма өкіндім, – деді Мақаң қателігін мойындап.
Мен Мақұлбек қариядан жирен қасқа атты бермеу себебін сұрадым.
– Е, оның мынадай себебі бар. Қара ат қолыма түспей тұрғанда, бір биені жақсы айғырға шаптырып, осыдан жүйрік ат туатын шығар деп жеке үй тігіп, биені сол үйдің ішіне байлап, басы-көзіне қарап, бақтым.
… Таңғы мезгіл-ау деймін. Жұрттың бәрі «Мақұлбектің биесі тұлпар туыпты» деп шашу шашып, тамақ толы дастарқанын көтеріп келіп жатыр. Оянсам, түсім. Бие байлаулы үйге жүгіріп жетіп, тура түсімдегідей төрт аяғы ала, жирен қасқа құлынды көріп қуандым. Кейін ол жүйрік атанды. Дуадақты көргенің бар ма?
– Жоқ.
– Қозы тәрізді төңкеріліп жайылады ғой. Жерден ауыр көтеріледі. Жирен қасқаның басын қоя бергенде, жылдамдығы сондай, әлгі дуадаққа жетіп үлгеретіндей сезілетін. Менің жирен қасқаны Мекемтасқа бермегенімнің себебі, онымен дуадақты ұстап алсам деуші едім.
– Қара аттың қандай қасиеті бар?
– Қара ат ең алғашта сылбыр шабатын. Кей кездерде жирен қасқа атпен жетіп барып:
– Әй, қара ат, иінің, құлағың салбырап саған не болды?! Елге мені масқаралап жерге қаратқың келді ме? – дегенімде, маған тура қарап, айтқан сөзімнің мәнін түсінетін.
– Оның бәйгеге қалай қатысқанын айтыңызшы?
– Қара атым бәйгі болатынын бір ай бұрын сезіп, өзін өзі суытатын.
– Сонда қалай?
– Жабуын жауып, белін тартып, шылбырын түспейтіндей етіп түріп қоямын. Өзі пәлен шақырым жерге шауып барып, шауып келеді. Келгеннен кейін әдемілеп терін сүртіп, ары-бері жүргізіп, таңасырып баптайтынмын.
– Түркістанда пәлен айда, пәлен күні Пәленшенің асы өтеді. Дулат атаның балалары келіңдр, – деп екі жыл бұрын сауын айтылды. Шақырған асқа сол кездің салты бойынша қырық адам боп Қаратаудан аттандық.
Қара атым ешқашан жетекке көнбейтін. Өз еркі өзінде. Ол біресе озып кетеді, біресе артта қалып қойып, қуып жетеді.
Жолға таңғы сағат бесте шыққанбыз. Он бірде жолай кездескен ауылда бәйге болайын деп жатыр екен. Терін алғалы қара атты бәйгеге қостық. Ол кезде ешкім «сен қай жақтансың» демейтін.Қара ат бас бәйгені жеңіп алды. Алға жүріп кеттік. Тағы бір жерде бәйге кездесті. Бұл жолы да қара ат бірінші келді.
Олжалы боп Түркістанға бардық. Адам көп. Қондық. Ертеңіне жаршы айқайлады:
– Бірінші бәйге шаппай беріледі. Оған Көбей болыстың аты Тортөбел ие. Қалған екінші, үшінші бәйгені озған аттар алсын, – деді. Мен:
– Оу, бұл қалай? Біз де бірінші бәйгеден үміткерміз, – дедім. Біреулер: «Ой, мынау қойға мінетін қара атын әкеп, не деп тұр? – десе, тағы біреулер: «Мына қара ат көзге тым қораш көрінеді. Ерні салбырап, қарны қампайып кеткен. Бұл алысқа шаба алмайды» – десті.
Сәлден кейін үстінде оқалы ақ шапан, басында ақ қалпақ, төбесінде көлеңкелі шатыр, әбден қартайған бір ақсақалды екі жігіт көтеріп әкеп, жозыға отырғызды. Ол кісіні елдің бәрі тыңдайды екен. Алдына дат деп бардым.
– Датың болса, айт, қарағым, – деді ақсақал.
– Осындай, екі жыл бұрын сауын айтылды. Келдік. Біз де бірінші бәйгеден үміткерміз. Сауыншы жігіт «бірінші бәйгені шаппай береміз» демеп еді. Бұл салт дәстүрімізде жоқ нәрсе ғой. Мұны қалай түсінеміз? Біз қазақ емеспіз бе?
– Сауын айтылғанда бірінші бәйге шаппай беріледі деп айтылуы керек еді. Егер ескертілсе, онда біздікі, ескертілмесе бұлардыкі дұрыс, – деді ақсақал. – Сауын иесі кім?
– Пәленше.
– Шақырыңдар. – Ол ақсақалдыың алдына жетіп келді.
– Сауын айтқан сен бе?
– Мен.
– Бірінші бәйге шаппай беріледі дедің бе?
– Жоқ, олай айтқаным жоқ.
– Е, ендеше бірінші бәйгені шауып алсын, – деді ақсақал.
Ертемен екі күншілік жерге аттарды жіберді. Әр дауыс жететін тұсқа бір-бір атты адамды қойды. Олар бір-біріне жүйріктердің қалай келе жатқанын айқайлап айтып тұрады. Өрге, ылдиға шапқанда қара ат озды деген хабарды естігендер:
– Өрге қарай шапқанда озса, күшінің барлығы, – десті.
– Оған тосқауыл қояйық, кесір келтірейік, – дескен дауысты естіген біздің адамдар маған келіп:
– Әлгіндей тапсырма алғандар, алға шауып кетті, –, – деді. Мен де шаптым. Әзер жеттім-ау. Тортөбел сәл алда, бірінші, қара атым сәл артта, екінші келе жатыр.
– Әй, қара ат! Неғып иегіңді төмен сап, құлағыңды салбыратып келе жатырсың?! Аруақты жерге қаратайын деп пе едің?! Абай бол, алдыңда тосқауыл бар деп айқайладым. Қара ат сәл қырындай қарады да заулап жөнелді. Мен өзім ілесе алмай қалдым. Кенет алдынан бір атты адам көрінді. Ол тосқауыл жасамақ болған еді, қара ат оны айналып өтті.
Тортөбелді екі жағынан екі атты жігіт шылбырынан татып, алға сүйреп келеді. Соған қарамастан қара атым сөреге бірінші келді. Елдің бәрі, тойбасылар айқайлап:
– Қара аттың иесі дуакес екен. Алдынан шығып, атын дуалады, – десті. Ол кезде жаспын, бетім қайтпаған, бойым екі метрге жуықтау, иықты, арықтау, көзім қой көздеу, аққұбаша, сымбатты жігітпін.
– Әй, қазақ, сенің ауылыңда да әулие бар. Дуалады десеңдер, аттарымызды бәйгеге қайта жіберейік., – дедім. Дау тыншыды.
Төртөбелді бір жігіт, қара атты екінші жігіт ары-бері жетектеп, суытып жүр. Бір кезде қара ат менің айтқан сөзімнен шатақ болып жатқанын түсініп, жұлқынып барып, Тор төбелді қағып шалқасынан құлатты. Оның осы киелі қасиетіне әлі күнге таңғаламын…
Сөзімді бөлмей тыңдаған Баукең:
–Қарағым, облысымның біраз сырымен таныстырдың, рақмет, – деді жарқын үн қатып. – Сағынышым қойныма сыймай жүр еді, Сен тағы сағыныш қостың. «Сені құртам деп ауру, жазылам деп мен әлек». Қайсымыздың жеңерімізді бір Құдай біледі. Денсаулығым дұрысталса, Жамбылыма барып қайтсам деймін…
