БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ
Жанна ИМАНҚҰЛ
«Жалын» журналының қызметкері,
«Ақпарат саласының үздігі» иегері
«Бүгінгі бала – ертеңгі ел тірегі» дейміз. Уақыт өткен сайын бұл сөздің салмағы арта түсуде. Себебі әлемдік бәсеке – ресурс емес, сана жарысы. Бұл жарыста алға шығудың жалғыз жолы – жастардың интеллектуалды, рухани, шығармашылық әлеуетін толық іске қосу. Осы тұрғыдан алғанда жастар саясаты – мемлекеттің ең маңызды стратегиялық бағытына айналуы тиіс.
Қазақстанда «Мемлекеттік жастар сая-саты туралы» заң қабылданғанымен, уақыт талабына сай оны тереңдету, мазмұндық тұрғыдан жаңғырту күн тәртібіне шықты. Себебі бүгінгі жас – кешегі буынға мүлде ұқсамайды.
Ол цифрлық дәуірдің, ғаламтор мәдение-тінің, жаһандық құндылықтар мен ұлттық тамырдың тоғысында өсіп келе жатыр. Сондықтан жастармен жұмыс жүргізу барысында тек әкімшілік тә-
сілдермен емес, рухани, мәдени, креативті амалдармен әрекет ету қажет.
Белсенділік – жастардың табиғи болмысы. Жастар – табиғатынан ізденгіш, жаңашыл әрі өзгеріске дайын. Бұл – қоғам үшін зор мүмкіндік. Мемлекет осы болмысты дер кезінде танып, қолдап үлгерсе, елдің болашағы баянды болады. Бірақ белсенді жастарды дамыту – жай ұран емес, жүйелі саясат.
Бүгінгі белсенді жастар кімдер?
– Бұл – еріктілікпен айналысатын жастар;
– Бұл – IT жобалар арқылы қоғамға қызмет ететін бағдарламашылар;
– Бұл – пікірсайыс клубтарында шыңдалып жүрген болашақ саясаткерлер;
– Бұл – ауылда жүріп-ақ республикалық бастамалар көтеріп жүрген жас көшбасшылар.
Осындай жастардың идеясын қолдауға арналған гранттар, стартап байқаулары, арнайы оқыту бағдарламалары қажет. Жастардың пікірі мен әрекетіне шынайы сенім білдіру керек. Себебі оларға берілген әр мүмкіндік – елдің болашағына жасалған инвестиция.
Бұл тұрғыда ауыл жастары – назардан тыс қалмауы тиіс.
Қалалық жастар өз ойын жеткізетін, шығармашылықпен айналысатын, кәсіп ашатын белгілі бір инфрақұрылымға ие. Ал ауыл баласы ше? Оның талантын танып, қолдап, қанаттандыратын орта бар ма? Бұл сұрақ – жастар саясатының әлсіз буынына айналып тұр.
Ауыл жастарына:
медиа-жобалар жасауды үйрететін өңірлік хабтар,
менторлық бағдарлама арқылы ірі қаладағы жастармен байланыс орнату,
мектептерде жастар көшбасшылығын дамытуға бағытталған тәрбие сағаттары қажет.
Жастар саясаты – тек қала жастарына емес, әр қазақ баласына тең бағытталуы тиіс.
Балалар контенті – сананы тәрбиелеу құралы.
Бала – ақ парақ. Ол не көрсе, соны жазады. Сондықтан баланың қолындағы телефон экраны – оның рухани оқулығына айналды. Біз бүгінде «мектепке дейінгі білім» деп алаңдаймыз. Ал шын алаңдауымыз керек мәселе – «мектепке дейінгі сана» болуы тиіс. Ол сананы не тәрбиелеп жатыр?
YouTube-тағы бейнебаяндар ма? Шетелдік мультфильмдер ме? Әлде TikTok-тың аңдатпалары ма?
Балалар контенті – қазіргі заманда ұлт тәрбиесінің негізгі алаңына айналды. Бұл – қауіп. Бұл әрі мүмкіндік. Мүмкіндік дейтініміз, ғаламторға сананы толықтыратын, ұлттық руханияттан бастау алатын сапалы да заманауи балалар контентін арттырсақ, ұтарымыз көп.
Ұлттық балалар контентін дамыту не үшін маңызды?
Ұлттық болмыс қалыптасады – баланың сана әлеміне қазақы мінез, салт-дәстүр, тіл сіңеді.
Тілді дамытуға мүмкіндік – бала қазақша естісе, ойласа, сөйлесе, ол тілдің болашағы баянды.
Шетелдік ықпалдан қорған болады – ұлттық контент шетелдік шаблондардың орнын баса алады.
Жасанды емес, шынайы құндылықтарды дәріптейді – отбасылық тәрбиені, еңбекке баулуды, ізеттілікті бала тілімен түсіндіру қажет.
Неден бастау қажет?
Қазақ тіліндегі анимациялық студияларды жүйелі қаржыландыру;
Балаларға арналған YouTube платформаларын мемлекет қолдауымен іске қосу;
Балалар жазушылары мен иллюстраторларын арнайы байқаулар арқылы қолдау;
Балаларға арналған әдеби кітаптарды, аудиоертегілер мен подкасттарды көбейту;
Балаларға арналған мобильді ойындар мен қосымшаларды қазақ тіліне бейімдеу.
Бүгінгі жастар – тек саяси немесе экономикалық ресурс емес, ұлттың рухани қуаты. Ал балалар – болашақ сана иелері. Егер біз жастар мен балаларға дұрыс көңіл бөлсек, еліміздің ертеңі баянды болады. Керісінше, бұл бағытта енжарлық танытсақ, ұлттың тамыры әлсірейді.
Жастар саясаты – қағаз жүзіндегі бағдарлама емес, ұлт жүрегінің бағдаршамы болуы керек. Ал балалар контенті – жаһандану дәуіріндегі рухани иммунитет. Сондықтан бұл екеуін қатар дамытқан ұлт – ұтылмайды.
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – ЖАСТАР САЯСАТЫ МЕН БАЛАЛАР КОНТЕНТІНІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ
Ұлт болашағы – ұлттық тәрбиеге негізделуі тиіс.
Ұлттық тәрбие – бұл халықтың ғасырлар бойы жинаған рухани тәжірибесі, өмір салты, дүниетанымы мен мінез-құлық өлшемі. Біз жастар мен балалар туралы сөз қозғағанда, ең алдымен оларға қандай тәрбие беріп жатырмыз? – деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Себебі кез келген саясат, бағдарлама, контент өзегінде ұлттық рух болмаса, ол уақытша шараға айналып кетеді.
Ұлттық тәрбие – адамды тұлға, ұлтты ұлы ететін күш. Сондықтан жастар саясаты мен балаларға бағытталған кез келген ақпарат, жоба, бағдарлама осы негізде құрастырылуы тиіс.
Жастар саясатын ұлттық тәрбиемен ұштастыру не үшін маңызды?
Бүгінгі жас – ақпаратқа шөліркеген, бірақ рухани азықтан қағылған ұрпақ. Ол техникалық білімді меңгергенімен, кейде ұлттық болмыстан ажырап барады. Осындай кезде ұлттық тәрбие – бағдаршам рөлін атқаруы керек.
Ұлттық тәрбиенің жастар саясатына ықпалы мына бағыттарда көрінуі тиіс:
Жастар ұйымдарының мазмұнына ұлттық рух енгізу.
Яғни, кез келген еріктілік, кәсіпкерлік, медиа-жоба тек тиімділікке емес, ұлтқа қызмет ету идеологиясына негізделуі шарт.
Жастарды тәрбиелеуде фольклорлық мұраны қолдану.
Мысалы, батырлар жыры, ертегі, мақал-мәтелдер, шежірелік әңгімелер жастар арасында пікірсайыс, театр, видео-контентке арқау болуы мүмкін.
Тағы бір маңызды мәселе: жастар көшбасшылығын дамыту – рухани жауапкершілік. Шын көшбасшы – ұлтқа қызмет ететін тұлға. Оларды Абайдың, Әлихан Бөкейханның, Шәкәрімнің, Бауыржан Момышұлының ізімен тәрбиелеу қажет.
Қазақы болмысты дәріптейтін жобаларға басымдық беру.
Ұлттық тағам, киім, салт-дәстүр, ән-күй, зергерлік өнер, жылқы мәдениеті – осының бәрі креатив индустрия арқылы жастардың заманауи тіліне бейімделуі қажет.
Балалар контентін ұлттық тәрбиемен қалай байытуға болады?
Балалар – ұлт болмысының шынайы иелері. Олардың санасына сәби күнінен бастап ұлттық код егілуі керек. Бұл кодты қалыптастырудың ең тиімді жолы – балалар контенті. Яғни, мультфильм, ертегі, ән, ойын, бейнежазба, кітап – бәрі ұлттық болмысты дәріптеуі керек.
Ұлттық тәрбиеге негізделген контент қалай көрінуі тиіс?
Батырлық пен адалдық – негізгі идеяға айналуы керек.
Мысалы, мультфильм кейіпкерлері – тек «жақсы мен жаман» емес, ержүрек, отансүйгіш, үлкенге ізет, кішіге қамқор кейіпкерлер болсын.
Қазақ ертегілерінің желісі жаңа мультфильмдерге арқау болсын.
«Ертөстік», «Аңқау бала», «Тазша бала» сияқты кейіпкерлер қайта жандансын, заманауи образда жасалсын.
Қазақ тіліндегі балалар YouTube арналарында ұлттық музыка, ойын, санамақ, бесік жыры көбірек болу керек.
Балаларға арналған кітаптарда салт-дәстүр мен шежіре элементтері қамтылсын.
Мысалы: «Атам қалай батыр болған?», «Наурыз туралы не білемін?» секілді сериялар шығаруға болады.
Ұлттық ойындарды мультимедиаға бейімдеу.
«Асық ату», «Бес тас», «Тоғызқұмалақ» – баланың логикасын дамытатын интеллектуалдық ойындар екенін таныту керек.
Мысал: Ұлттық тәрбие негізінде жасалған жастар жобалары
“Ұлттық рух – ұрпақ жадында” жобасы аясында мектеп пен колледж оқушылары арасында шежіре жинау, ата-баба туралы эссе жазу дәстүрге айналса.
«Менің ауылым – менің ұлтым» атты TikTok/Instagram контент байқауы ұйымдастырылып, жастар өз ауылындағы ұлттық дүниелерді көрсетсе.
«Қазақтың 100 мақалын жатқа айт», «Дала данышпандары», «Рухани кеңістік» жобалары арқылы экрандағы бейне-оқыту форматы жасалса.
Бүгінгі таңда жастар саясаты мен балалар тәрбиесі туралы айтқанда, ұлттық тәрбие негізгі тұғыр болуға тиіс. Себебі қандай заманда өмір сүрсек те, ұлттық болмыссыз мемлекет тұрақты бола алмайды. Тек экономикалық, әкімшілік шаралармен емес, рухани тәрбие, ұлттық таным, отаншыл сана арқылы ғана біз жастарды да, баланы да елдік жолға бағыттай аламыз.
Мемлекеттің болашағы – ұлттық болмысқа адал ұрпақтың қолында. Ал ондай ұрпақ тәрбие арқылы ғана қалыптасады. Жастар саясаты мен балаларға арналған контентті ұлттық тәрбие негізінде дамыту – елдің ертеңіне салынған ең берік іргетас болмақ.
ЖАҺАНДЫҚ ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ:
XXI ғасыр – ұлт пен ұлыстардың ақпараттық шабуылға ұшырайтын заманы. Мемлекеттердің қуаты қарумен емес, мәдени контентпен, жастар әлеуетімен және ұлттық иммунитетімен өлшенетін кезеңге жеттік. Осы тұрғыда әлемнің дамыған елдері жастар мен балаларға арналған саясатты ұлттық тәрбие мен заманауи технологияның ұтымды үйлесіміне негіздеп отыр.
Қазақстанға да бұл бағытта тың серпін керек. Бұл серпін – өзгеден үйреніп, өзіңе бейімдеу жолымен ғана келеді. Ендеше, әлемнің озық тәжірибелеріне сүйене отырып, біз де ұлттық тәрбиеге негізделген жастар саясатын жетілдіре аламыз.
- Жастар саясаты: әлем не істеп жатыр?
Финляндия – сенім мен дербестікке құрылған саясат.
Фин қоғамында жастарға үлкен сенім білдіріледі. Олар 15 жастан бастап өз бетінше шешім қабылдауға үйретіледі. Пікір айтуға, қоғамдық бастама көтеруге толық мүмкіндік жасалған. Жастар ұйымдарына мемлекет қаржылай емес, құқықтық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетеді.
Үйренеріміз:
– Жастарды бақылау емес, сенімге негізделген дамыту;
– Пікір алуандығын құрметтеу;
– Еркін ойлау мен жауапкершілікке бейімдеу.
Жапония – дәстүр мен технологияны ұштастырған ел.
Жапонияда жастар саясаты тек еңбек нарығына бейімдеу емес, ұлттық болмысты сіңіру мақсатын көздейді. Мектептерде сабақ басталарда сәлем салу, тазалыққа өздері жауап беру, үлкенді сыйлау, ата-баба рухына тағзым ету – осының бәрі заманауи қоғамда да сақталған.
Үйренеріміз:
– Ұлттық мінезді жастар тәрбиесіне негіз ету;
– Тәртіп пен коллективтік жауапкершілікті дамыту;
– Қоғам игілігіне үлес қосуды өмір салтына айналдыру.
Сингапур – креатив пен тәртіпті қатар ұстаған ел.
Сингапур жастардың жаңашыл ойына жағдай жасап, олардың startup жобаларын мемлекеттік деңгейде қолдайды. Бірақ сонымен қатар мемлекеттік тәртіп, қоғамдық мораль, патриотизм басты орында.
Үйренеріміз:
– Креатив пен тәрбие – бір-біріне қайшы емес, керісінше толықтыратын күш екенін түсіну;
– Жастардың бастамасын нарыққа емес, ұлт игілігіне бағыттау.
- Балалар контенті: ұлттық кодты сақтау үлгілері.
Оңтүстік Корея – K-контент арқылы әлемге әсер еткен ел
Корея балабақшадан бастап өздерінің анимациялық кейіпкерлерін қолданады. «Pororo», «Tayo the Little Bus», «Robocar Poli» сияқты мультфильмдер әлемдік нарыққа шыққан. Бұлардың бәрінде корей тілі, салты, мінезі сақталған.
Үйренеріміз:
– Балалар контентін ұлттық брендке айналдыру;
– Мемлекеттік инвестицияны ұзақ мерзімді мақсатқа бағыттау;
– Кітап, ойын, анимация, қосымша – бәрін бір кейіпкер айналасында дамыту.
Франция – тіл мен мәдениетті қорғаған мемлекет
Француздар балаларының шетелдік контентке шектен тыс еліктеуінен қауіптеніп, арнайы «француз тіліндегі балалар контенті» заңын қабылдаған. Ол бойынша шетелдік мультфильмдер француз мәдениеті мен құндылықтарына қайшы келмеуі тиіс.
Үйренеріміз:
– Контенттің тәрбиелік сүзгісін жасау;
– Ана тілді сақтау арқылы ұлттық болмысты қорғау.
Үндістан – мифологияны контентке айналдырған ел.
Үнді балалары балалық шағында «Рамаяна», «Махабхарата», «Ганеша» кейіпкерлерін мультфильмнен танып өседі. Бұл оларды діни-мәдени кодпен тәрбиелейді.
Үйренеріміз:
– Қазақ мифологиясы, Алаш тұлғалары, би-шешендер, батырлар – контент кейіпкеріне айналуы тиіс;
– Тек мультфильм емес, мобильді ойын, VR/AR форматында да қолдану қажет.
III. Өз елімізде не істеуіміз керек?
- Жастар саясатында:
– Жастар ұйымдарын ұлттық-рухани бағытта қайта құрылымдау;
– Ауыл жастарына арналған «Рухани көшбасшы» бағдарламасын енгізу;
– Әлемге танылған жастар тұлғаларын ұлттық санаға негіздеп қалыптастыру.
- Балалар контентінде:
– «Қазақша мультфильм – ұлттық тәрбие алаңы» атты ұлттық бағдарлама қабылдау;
– Балаларға арналған мемлекеттік медиа платформа ашу (TV+YouTube+App);
– Ұлттық кейіпкерлерді (Алдар көсе, Қожанасыр, Ертөстік) комикс, 3D анимация, ойын форматында дамыту.
Әлемде жастар мен балаларға бағытталған саясат ұлттық негіз бен заманауи технологияны ұштастырғанда ғана табысты болуда. Қазақстан бұл үдерістен тыс қалмауы керек. Бірақ бізге біреудің жолын көшіру емес, өз тәжірибемізге бейімдеу маңызды. Ол үшін жастар мен балаларға арналған кез келген іс-шараның түбінде ұлттық тәрбие тұруы шарт.
Жастар саясатында – Алаштың рухы, балалар контентінде – бабалар мұрасы, және барлық бағытта – ұлттың үні естілуі тиіс.
