ТАУМАН САРЖАН МЕНАЛТЫНСАҚА
Алтыншаш ҚҰРМАНАЕВА,
Қостанай облысы, Әулиекөл ауданында туған. Жас фэнтези жазушы. Республикалық «Ер Төстік» әдеби байқауының және Сәкен Жүнісов атындағы облыстық прозашылар байқауының 2-ші орын жүлдегері. Қазір Көкшетау қаласы, №2 мектеп-лицейінде қазақ тілі мұғалімі болып жұмыс істейді.
(Фэнтези-повестьтен үзіңді)
Алғы сөз
Біз бәріміз батыр баласы туралы ертегі тыңдауға әсте құштармыз. Ол ер жетіп, әкесіндей шын батыр болса екен іштей тілейміз. Дәл қазір де сіздер менен әлдеқандай батырдың баласы жайындағы ұзын-сонар, келелі әңгімені тыңдауға сақадай сай болып, дайын отырған шығарсыздар. Бәлкім, Ер Төстік, Алпамыс, Қара Қыпшақ Қобыланды, Ер Қосай немесе Ер Тарғын батырдың баласы хақындағы қаһармандық оқиғаны күткен боларсыздар. Бірақ мен өздеріңізді өкіндіруге мәжбүрмін. Өйткені бұл бүткіл ертегі еліне аты шулы зұлым Шойынқұлақ пен Күңке бегімнің жар дегендегі жалғыз ұлы – Тауман Саржан жайындағы шытырман оқиға. Тауман Саржан – бүкіл ертегілер елінің хас жауы, Ер Төстіктің мықты қарсыласы, рух шарапатшысы Шойынқұлақтың туған перзенті!
Шарапатшы кім дейсіздер ме? Шарапат көне қазақиялықтар тілінде «стихия», «эллемент» деп аударылады. Ал шарапатты қолданатын адамды «шарапатшы» дейді. Қазақия әлемінде бес шарапат бар: ауа, жер, от, су және рух. Осылардың ішіндегі ең қауіптісі – рух. Неліктен? Аңызға сүйенсек, рух шарапатын таратушылардың бірі сардар – ең биік шарапат иесі болып саналады. Сардар болу – кез келген адамға бұйырмады. Жаны таза, ізгі ниетті адамды «сардар» дейді. Сардарлардың сол жақ мойынында жасыл бөрінің нышаны болады. Осыдан бірнеше мыңдаған жылдар бұрын дүниеге сол жақ мойнында жасыл қасқырдың суреті бар, болашақ жырау, абыз адам, ұлы сардар Қорқыт дүниеге келеді. Ол өсе келе шарапаттың заңғар шыңына жетіп, сардар атанады. Бірақ жасы келгенде, адамдардың қаны қарайып, иманнан ажырап бара жатқандарын көріп, қатты қаймығады. Дүниеде орын алып жатқан зұлымдықты тоқтатудың жолын іздейді. Ақыры, желмаясына мініп, төрткүл дүниені шарлайды. Алайда қай жерге барса да, жолында көр қазып жатқандар шығады. Міне, осы аңызды Қорқытты көре алмаушылар бұрмалайды. Олар әулие кісіні «өлімнен қашты» деп жалған аңыз таратады. Ақылгөй, абыз адам Қорқытты «өлімнен қашты» деудің өзі ақылға қонбайды. Бірақ амал нешік. Жалған аңыздың жетегіне ергендер, Қорқытты қаралап, рухтың дәрежесін түсірді. Сол себептен ол заңсыз шарапат болып саналады. Ал оның иелері қазақия әлемінен мәңгілікке қудаланды…
Жә, бастапқы оқиғаға келсек. Сіздер қағыс естімедіңіздер. Қазақия әлеміне аса қауіпті шарапат иесі Тауман Саржан «Тұран» баһадүрлер мектебіне оқуға түсіп, шын батыр атанбақшы! Бұл қалайша? Осы сұрақты өздеріңізге қарсы қояйыншы. Неге қауіпті шарапат иесі батыр бола алмайды деп ойлайсыздар? Сіздердің ойыңызша, кедей, құл, зұлым баласы батыр бола алмайды ма? Батыр болу үшін батыр әкеден туылу шарт па? Жоқ! Белгілі жазушы Ільяс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы Сейтен батыр айтқандай, «біз ешқашан өзімізге дұрыс ата-ана таңдай алмаймыз!» Олай болса, Тауман Саржан зұлымнан туылғанына айыпты ма? Оның бар жазығы –әкесі Шойынқұлақтың Ер Төстіктің жауы болғанында ма? Қойыңыздаршы. Қазақ айтқандай, «Бір биеден ала да, құла да туады» емес пе? Атақты ғұламалардың өзі әдепті болуды «әдепсіздерден» үйренген жоқ па? Ендеше, Тауман Саржанның зұлымнан батыр болып туылуы – заңды құбылыс.
Тауман Саржан – жай батыр емес, адамгершілігі мол, жауапты, намысшыл тұлға! Сондықтан мені Ер Төстіктің қарсыласының баласын, рух шарапатшысын батыр қылып қойдың деп жазғыра көрмеңіздер. Батыр болуға – жаны, жүрегі мен ниеті таза, адамгершілігі мол, намысшыл әр адамның құқысы бар.
Әлқисасы, Тауман Саржан рух шарапатшыларының емес, жүрегінің бұйрығын қуып, жақсы жолға түседі. Батырлық жолдың ащы-суығына бірдей шыдайды. Алайда Алпамыс, Қобыланды, Қамбар, Ер Тарғын, Ер Қосай және Ер Төстік, Таусоғар, Көлтауысар, Саққұлақ, Желаяқ сынды батырлардың балалары оқитын «Тұран» мектебінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ұлан болу – оңайлыққа соқпас! (Ұлан деп «Тұран» батырлар мектебінің оқушысын айтады) Әсіресе, сен егер Ер Төстіктің қарсыласы Шойынқұлақтың ұлы әрі рух шарапатшысы болсаң. Жан-жақтан өзінді табалауға жұрт жұдырықтай жиылары айдан анық. Біз баяндағалы тұрған Тауман Саржан да осындай қиын күндерді басынан аман-есен өткізді. Үміті сөңіп, салы суға кеткен күндері аз болмады…Сүреңсіз күндерде тек Бекторының қызы Зере, Алдар Көсенің ұлы Әли ғана көмектесті…
Дегенмен, мейірімді, қайсар әрі таза ниетті адам кез келген қиындықты еңсереді. Осыны есте мықтап сақтаңыздар, балалар!
КІРІСПЕ
Туажат
Біздің заманымыздан бірнеше жыл бұрын алып Тартария елінде Аяз Би есімді хан өмір сүріпті. Астанасы Роксанак саналатын Тартария елінде бірнеше жыл бойы еш соғыс болмапты. Бұның барлығы парасатты да дана билеуші Аяз Бидің арқасы еді. Алайда қанша жыл бейбіт ғұмыр кешсе де, Аяз Би өте бақытсыз еді. Өйткені оның бар уайымы – Тоғышар қағанатын болатын.
Тоғышар Қағанаты – Тартарияға дейін құрылған, қанішер Араз хан билік еткен, нағыз өзімшілдер мен арамтамақтардан құралған көкек мемлекет. Бұл мемлекеттің көкектігі мынада: Тоғышарлар – тек өздерін ойлайды. Олар өздері үшін өмір сүреді. Яғни, «Тек мен жесем, кисем» екен дейді. Тіпті, балаларына қатқан нан мен ашыған сүт те қалдырмайды. Балаларын киімсіз, тамақсыз көшеге ойнауға жіберіп, кешке бірақ шақырып алады. «Балаларым тамақ ішті ме, ойын кезінде жараланып қалды ма, біреумен ренжісіп қалды ма» деп ойламайды да. Бәрі айтпаса да белгілі. Онда тоғышарлардың еш шаруасы жоқ. Олардың ел болып қалануының өзіндік тарихы бар:
Бағзы заманда Қазақия әлемінде бес заңды шарапат болыпты. Олар: ауа, су, жалын, жер және рух. Шарапат көне қазақиялықтар тілінен «элемент, стихия» деп тәржімаланады. Әр шарапаттың өз пірі бар. Мәселен, ауа шарапатының пірі Зеңгі баба, жер шарапатының пірі Ойсылқара, су шарапатының пірі Қамбар ата, от шарапатының пірі Шопан ата және рух шарапатының пірі Қорқыт ата.
Қазақия әлеміндегі елдер шарапат бойынша орналасқан. Атап айтқанда, солтүстікте жер шарапаты Тартария, оңтүстікте ауа шарапаты Трансоксания, батыста су шарапаты Мауеннахр, шығыста от шарапаты Фараруд және орталықта рух шарапаты Ергенеқон және ертегілер елі Наушаһар мен Барсакелмес иелік етеді.
Осылардың ішінде кермездер Тоғышар хандығын құрып, Ергенеқоннан дербес қағанат болып бөлініп шығады. Қағанат көне түркі тілінде «мемлекет» дегенді білдіреді. Тоғышар қағанатының жаңа билеушісі Араз хан Алып Ер Тоңаны өлтіріп, рух шарапатының жерін түгел басып алады. Бұл жайында аңыз бар:
Ұзақ жылдар бойы кермездер Ергенеқон жеріне қайта-қайта шабуыл жасап, маза бермейді. Ергенеқон елінің сұлу қыздарын, асыл бұйымдары мен Сарыарқада мамыражай жайылып жүрген малдарын сыпырып әкетіп, бау-бақшаларын таптай береді. Ақыры, Ергенеқон мен Тоғышар елі өзара соғысқа шығып, алты ай бойы күреседі. Алты ай бойы Ергенеқон елі жауға дес бермейді. Тек алтыншы айға келгенде іштегі жау Қарашоқы қара басының қамын ойлап, Аразға сарай қақпасының есігін айқара ашып беріп, еліне опасыздық жасайды. Содан Ергенеқон елінің күл-талқаны шығып, іштегі Отырар кітапханасы тұтастай өртеліп, жермен-жексен болады. Араз қолына сұр қасқырдың азу тісінен жасалған қанжарды алып, Алып Ер Тоңанының алқымынан кесіп жібереді. Батырдың мойнынан қызыл қан бұрқырап шығып, Араздың бетіне судай шашырайды. Араздың қызыл көзі оттай жарқырап, жынды күлкі жүзін билейді. Алып Ер Тоңа өлген соң ел қара жамылып, жоқтау айтады. Ол жоқтау төмендегідей:
Алып Ер Тоңа өлді ме?
Опасыз дүние қалды ма?
Заман өшін алды ма?
Енді жүрек жыртылар…
***
Бөрідей жұрт ұлысып,
Айқаймен жаға жыртысып,
Өкірген үнін өшіріп,
Жылаған көзден жас өрер.
Осылайша, қазақия әлемінде рух – аса қауіпті, заңсыз шарапатқа айналады. Бұған қоса, рух шарапатының биік дәрежесі саналатын «қайым» да қара тізімге енеді…
Тоғышар қағанаты соғысқұмарлық, жауыздық, өзімшілдікті қолдайды. Олардың басты ұранына «өзімшілдік» айналады. Бұрын Ергенеқон туында бейнеленген жасыл бөрінің орнына енді «қызыл қасқыр» қолданылады. Өзімшілдіктің белгісі ретінде тоғышарлар «қасқырды» сұр туларында асқан мақтанышпен бейнелейді. Қасқыр – тоғышарлар үшін өзімшілдіктің, жауыздықтың және тәкаппарлықтың белгісі болып саналады. Тіпті, қағанаттың іргесін қалаған Араз ханның күрек тісі де қасқырдың азуы іспеттес болған деседі…
Бұл шарапат елдері «жабайы алма» ағашы пайда болғанға дейін өзара бейбіт өмір сүріпті. Ғайыптан шайтанның немересі Әзәзіл шығып, жер бетінде зұлымдық орнату үшін жабайы алма ағашының дәнін қара жерге екті. Шіріген дәннен жабайы алма ағашы өсіп шықты. Жабайы алма ағашының жемісін жеген адам есінен адасып, алжып кетті. Сол себептен бүткіл елдің хандары құрылтайға жиналып, жабайы алмаға жоламау және оның дәнін мүлдем қолданбау туралы шешім қабылдады. Оның жемісін жеуге қатал түрде тыйым салынды.
Бір күні сайын далада Араз есімді мыстанның жалғыз ұлы қой бағып ойнап жүріп, бір сұр жыланға кезікті. Бұл жылан кейпіндегі Әзәзіл еді. Әзәзіл бейкүнә баланы азғырып:
- Жабайы алманы жесең, бай боласың! – деді жыланша ысылдап.
- Мыстан апам оны жеуге тыйым салынғанын айтты, – деді он екіжасар Араз.
- Анаң өтірік айтады. Жабайы алманың дәмі өте тәтті болады. Жесең, өмірінің соңына дейін бай боласың, – дедісұржылан.
- Жақсы жесем, жеп көрейін, – де Араз жабайы алманы жеп, есінен танып қалды.
Келесі күні ол айнадан өзінің азу тісін көрді. Азу тісі пайда болғанан бері Араз жауыз болып өсті. Өсе келе, қанқұйлы басшыға айналды. Әлемге өзімшілдікті тарату үшін жылан кейпіндегі Әзәзілмен бірігіп, жұмыс істеді. Ол Тоғышар мемлекетін құрды. Тоғышар елі өзімшілдік пен жауыздықтың ұранына айналды. Тіпті, Қорқыт ата жайындағы жалған аңызды таратқандар да тоғышарлардың өзі болып шықты… Шын мәнісінде, Қорқыт өлімнен қашпаған еді. Бірақ тоғышарлар Қорқытты өлімнен қашты деп, жалған аңыз таратты. Бұны естіген рух шарапат иелері жаңа САРДАРДЫҢ дүниеге келуін ұзақ күтті… Олар күндердің күнінде тоғышарлардың жеңіліп, әлемде әділдік орнайтынына сенді.
Міне, сол себептен, Аяз Би осының барлығын терең ойлап, қатты уайымдайды. Ол аты өшкір Тоғышар Қағанатын қалай да тоқтатқысы келеді. Болашақ ұрпақтың тағдыры жарқын болғанын қалайды. Бірақ Аяздың оң қолы Мәрмер барлығының күл-талқанын шығарды. Ол ата салт-дәстүрге қол сұқты.Оның анық-қанығын төмендегі жайттан біле аласыздар:
Тартарияда байырғы заманан бері соғыс деген атымен жоқ. Тек «Шөктіру» бар. Шөктіру – көне түркі тілінен аударғанда «шөк» – тізенді бүк деген мағынаны білдіреді. Шөктіру төрт кезеннен тұрады. Олар: «Күрес», «Шөктір», «Жақ», «Сайыс». Әрбір кезеңде Тархан болады. Тархан көне сақ-сармат тілінен «төреші» деген мағынаны білдіреді. Ол барлығын жіті бақылап отырады. Бірінші кезең күрес болғандықтан, әрбір елден бір-бір батырдан шығады. Батырлар ашық аспан аясында, кілем үстінде күреседі. Күрес әділ жүруі керек. Бір-бірін мерттіктіруге мүлде болмайды. Батырлар күресіп болған соң екінші кезеңге өтеді. Тархан әділ бағасын береді.
Екінші кезеңде батырлар ұрыс алаңында бір-бірімен қылыштасады. Дәл күрес сияқты. Бірақ бір-бірін мүлде жарақаттамайды. Жығылған адам өзінің жеңілгенін мойындайды. Ұтқан адам жығылғанға қолын беріп, келісімге келеді. Тархан ұтқан жаққа ұпай береді. Сосын, келесі кезеңге көшеді.
Үшінші кезең «Жақ» дедік. Жақ немесе жай көне түркі тілінде «садақ» деген ұғымға саяды. Жақшылар ашық алаңға шығып, қалқып тұрған затты жерге ұшырып түсіріп жарысады. Олар алыстан көздеп тұрып, ілулі тұрған затты жерге түсіру керек. Ұтқан жағдайда Тархан ұпайын береді.
Бұдан соң ақырғы, төртінші кезең басталады. Батырлар бір-бірімен жүгіріп жарысады. Әрбір елден бір-бір батыр шығып, бәлен шақырым жүгіреді. Оларды «Оронт» деп атайды. Мағынасы «жылдам». Міне, осылайша, шөктіру аяқталып, Тархан әділ бағасын шығарады. Ұтқан жақ тиесілі үлесін алып, еліне қайтады. Ұтылған жақ ұтқан жаққа қосылады. Жеңген мемлекет жаңа халықпен толысады. Әдетте, шөктіру Тартарияда екі ел басшысы келісімге келе алмай қалған жағдайда ғана ұйымдастырылады. Бірақ бұл өте сирек жағдай…
Бұл үрдіс сан мыңдаған ғасырдан бері күні бүгінге дейін Тартария әлемінде жалғасып келеді. Тартариялықтар ешқашан бекерге қан төгіп, қылыштаспайды. Парасатты халықтың түсінігі бойынша, адам өлтіру – ауыр қылмыс. Сондықтан, олар бұндай ақымақтыққа, адам өлтіруге ешқашан бармайды. Қылыштасқан кездің өзінде өте абай болады. Оларда адам өлтіріп соғысу деген мүлде жоқ нәрсе. Бағана айтқанымыздай, шөктіру ғана бар. Өзара қылыштасу. Жығылғанын мойындау. Жығылған шақта бар байлығын, жиған тергенін ұтқан жаққа ешбір қиналмастан береді. Әділ ұтқан жақтың батыр екенін мойындайды. Одан соң сол мемлекетке жаңа халық болып қосылады. Тартарияда балаларды жауынгерлікке тәрбиелейтін арнайы оқу орындары бар. Он сегізге келген әрбір Тартариялық «Шөктіру» сайысына қатыса алады.
Тартария мен Тоғышар қағанаты арасында қиян-кескі соғыс басталып кетті. Тоғышар қағанаты әскері Тартарияға тойтарыс бере алмай, онбай жеңілді. Мәрмер сансыз әскерін ертіп, еліне оралды. Тартария жұрты Мәрмерді асқан жиіркенішпен қарсы алды. Бұның себебі – айтпаса да белгілі еді. Аяз Бидің жүзінде қайғы білінді. Ол қамал терезесінен бәрін үнсіз бақылап тұрды. Бір кезде Мәрмер хан бөлмесіне баса көктеп кірді.
– Хан ием, айтқаныңыздай, жеңіспен оралдық, – деді Мәрмәр оң қолын кеудесіне қойып, басын төмен түсіре.
- Ұлан-ғайыр даланы қанға бояу жеңіс емес! Нағыз ерлік бітімгершілікте, – деді Аяз Би.
- Кешіріңіз, бұл сөзіңіздің астарын түсіне алмадым, – деді Мәрмер жымысқы күліп.
– Сен атам заманнан бергі салтымызды бұздың! Тартарияда адам жаратылғанан бері ешқашан соғыс болған жоқ! Шөктірудің орнына соғыс орнаттың! Мен саған «соғыс аш» деп қашан айттым?! Қыр-жой дедім бе?! Айтқанымды тыңдамай, барып Тоғышар Қағанатымен шайқастың?! Барлығын келісіммен шешуге болатын еді ғой?! Я болмаса, шөктірмедің бе? Соғысқаның қай ерлік?! Адамды өлтіргеніңді мақтан тұтып тұрсың ба?! Ұялсаң етті?! – деді Аяз патша дауысын көтере.
– Соғыспасақ, тоғышарлардың санасын қайтып сілкіндіреміз? Бұл мақұлықтарды тек соғыс тоқтата алады! – деді Мәрмер ақталуға тырысып.
– Атама! Адам өлтіріп, екі дүниеде де бақытты болмайсың! Қарғыс айналып, өзіңе келеді! Тоғышарлардың санасын оятатын соғыс емес! Қарашы, бір өзінің кесірінен, қаншама бала жетім қалды?! Егер, тілімді алғанында, Тоғышар Қағанатымен келісімшарт орнатар едім! – деді Аяз патшакүйіп.
– Қайдағы келісімшарт?! Сіздіңше, Тоғышар хан келісімшартқа оңай келіседі ме? – деді Мәрмер жөнсіз бақырып.
– Келіспесе келіскізер едім! Бәрін қой да, бірін айт! Балалар қайда?! Тоғышарларды ғой шақырыпсың! Ал балалары ше? – деді Аяз Би ішкі уайымын білдіріп.
– Халқы басына шыққан елден не қайыр?! Оларды сабан шөпке байлап, өртеп жіберуге бұйырдым, – деді Мәрмер миығынан күліп.
– Осы күнге шейін сенімді серігім деп келдім. Сеніәкемнің қолбасшысының баласы болған соң құрметтедім! Қатты қателескен екенмін. Мәрмер десе Мәрмер екенсің! Нағыз қанішердің қасымда тұрғанын, қалай бұрын байқамағанмын?! Бейкүнә балалардың не жазығы бар еді?! Әскер, жылдам оны қапасқа қамаңдар! – деді Аяз Би.
Мәрмер көне сақ-сармат тілінде «Өлтіруші» деген мағынаны білдіреді. Мәрмердің бұлай аталуы – атасының шешеміне байланысты. Қанішер қолбасшының атасы әдейі немересіне «Мәрмер» деп ныспы қойған. Тартария жұрты содан бері қанға тоймайтын әскербасшыны «Мәрмер» есімімен атап кеткен.
– Сіз бұған әлі өкінетін боласыз! Тоғышарлардың балалары сіздің түбіңізге жететін болады! – деді Мәрмер әскер қолынан жұлқып.
– Қатты қателесесің! Тоғышарлар әлі-ақ түзеліп, адам болады. Ел қатарлы өмір сүріп, отбасы бақытын сақтайды! Қара да тұр! Жер бетінде ешқашан соғыс болмайды! Адамдар соғыстың кесірі мен зардабын түсінеді! Бір Алла Тағалаға сыйынып, бақытты ғұмыр кешеді! – деді Аяз Би.
Сарай. Аяз Би тереңойдаотыр. Ол тұңғыш рет қолбасшысымен қатты келіссөзге келіп қалды. Қарамандағы қолбасшысы «жөнді жігіт»деп жүрсе, көкектің нағыз өзі болып шықты. Бабалары бекер айтпапты. Сыртқы жаудан, ішкі жауқауіпті. Енді міне соның зардабын көруде. Байғұс балалар! Көкеката-аналарының кебін киюге мәжбүр! Кенет бөлмеге Аяз Бидің жалғыз жары һәм Тартария елінің көреген ханшасы Меңді кішкентай Аруана есімді қызын жетектеп кіріп келді.
– Әке! – дедіАруанаәкесініңмойнынаасылып.
– Ау, қызым! – дедіхан қызынқұшақтап.
– Аяз, көкек балаларды не істейтінінді ойлап отырсың ба? – деді Меңді ханша.
– Қайтейін. Қолбасшым басыма шықты. Тоғышар балалардың көзін құрт деді. Қалай ғана құртам?! Бұл деген нағыз қанішерлік қой?! – деді хан зар жылап.
– Сары уайымға неге салынғанын енді түсінікті болды, – деді ханша салқынқанды үнмен.
– Бәлкім, олардың көкектігін емдеп жазатын қандай да бір дәрі бар шығар? – деді Аруана тәтті үн қатып.
– Иә! Шынымен де, қалайша ойыма келмеген! Тоғышар балаларды сауықтырамыз! Бойындағы көкек қанды кетіретін дәрі табамыз! – деді Аяз бес жасар қызын қуаныштан аспанға лақтырып, қайта қағып ала.
– Ендеше, көкек балалар сауыққанша, қарауылда болсын. Күзетшілер балаларды жіті бақыласын, – деді ханша бұйыра сөйлеп.
Аяз Би жарының айтқанын істеді. Ол көкек балаларды емдеп-жазған шаққа дейін күзетте ұстады. Күзетте ұстаса да, жақсылап баққызды. Ас-суын беріп, жауынгерлік өнерге жатықтырды. Кітапханалардан кітап алғызып оқытты. Көкек балалар ханға шын риза болды.
Тартария ханы көкектерді емдеп-жазатын шипагерді жан-жақтан іздестірді. Үлкен құрылтай жиналыс құрды. Алқалы жиынға Лұқпан хакім, Арыстанбаб, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы сынды ғұламалар қатысты. Ғұламалар өз ойларын ортаға салды. Кезек Өтейбойдақ Тілеуқабылұлына келді. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы ұзақ ойланып-толғанып:
– Көкектікті емдеп-жазатын жалғыз ғана жол бар. Ол – Тарбағатай тауын елге көшіру. Жер мен түн теңелген уақытта, Тарбағатай тауының басындағы бұлттар өзара соқтығысып, бір жаратқанның құдіретімен аспанан қасиетті жаңбыр жауады. Бұл жауын көкек адамдардың бойындағы тәкаппарлық пен кекті мәңгілікке өшіреді. Осылайша, адамдар жаймашуақ көктемнің құлпырған шағында барлық араздықты ұмытып, бақытты ғұмыр кешеді, – деді.
– Апыр-ай! Бұл тауды көтеріп әкелетін батыр адам бар ма? – деді Аяз Би шипагер сөзіне тамсанып.
- Мен! – деді ішке кіріп келген біреу.
Барлығы артқа жалт бұрылып қарады. Қараса, кең иықты, арыс кеуделі жігіт амандасып барып жөнін айтып жатыр. Сымбатына қарағанда батырдың өзі сияқты. Аяз би мен ғалымдар батырға таңдана қарап қалысты.
– Дат тақсыр!– деді жас батыр.
– Датың болса, айт! – деді Аяз Би адуынды дауыспен.
Аяз Бидің басқа әміршелерден басты ерекшелігі – өзін қарапайым ұстауы болатын. Ол жағымпаздықты мүлде ұнатпайтын. Өзіне «Ұлы мәртебелі, аса құрметті» деген сөздерді ешқашан айтқызбайтын. Тек «Тақсыр» сияқты сөздерді қарата айтуға рұқсат беретін. Міне, ханның алдына келген әрбір адамның еш қорықпастан емін-еркін сөйлесуінің мәнісі осында. Халық Аяз Биді жан тазалығы үшін құрметтейтін. Аяз Би де жүрегі таза, кеңпейіл жандарды сыйлайтын.
– Тақсыр, мен Саржан Томанышұлының баласы Толағай боламын. Тарбағатай тауын елге көшіріп әкелсем деймін, – деді Толағай батыр.
Бағанадан бері үнсіз отырған ғалымдар қалың ойдан арылып, өз пікірлерімен бөлісті. Тұшымды пікірін бірінші айтқан Лұқпан хакім болды. Ол ойлы жүзін байыппен көтеріп, жас батырға аса салмақпен тіл қатты.
- Батыр, бұған сенімдісің бе? – деді Лұқпан хакім.
- Толықтай сенімдімін, – деді Толағай батыр.
Батырдың ұсынысы жұрттың таңданысын шақырды. Ғалымдар өзара пікір алысты. Ақыры, көптің арасынан Арыстанбаб ата сөзін жалғады.
– Бұл баланың маңдайына Жаратқан иеміз батырлық жолды жазған болса, онда алыс жолға аттанғаны жөн, – деді Арыстанбаб.
– Еее. Саржан деген аңшының үйінде шекесі торсықтай батыр дүниеге келгенін; Cоның баласы бүгінде жиырма бесті еңсерген алып жігіт екенін; Саржанның баласы ғана Тарбағатайды көтеріп елге әкеле алады дегенді естіген едік. Сол рас болып шыққан сияқты. Өйткені өзіннің бойынынан Жаратқан иеміз сыйға тартқан данышпандық ақыл мен батырлық күшті байқап отырмыз. Ендеше іске сәт, батыр! – деді Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы.
- «Ауыр көршіден, ауыр тастың салмағы жеңіл». Сондықтан бұл сынақты еңсеріп кететіне сеніміміз мол, балам! – деді Лұқпан хакім соңғы сөзін түйіп.
- Ерлігі ел жадында сақталып, аты әлемге мәшһүр батыр болар! Лайым соған жеткізсің! – деді Арыстанбаб.
– Бәрекелді. Толағай десе, Толағай екенсің! Сөңген үмітімізді жаққан бір өзің болдың! Рұқсат! Аттаң! – деді Аяз Би шаттанып.
– Көп рахмет! Елім үшін осындай қадамға бармақшымын. Артымда қалған отбасым бұл қылығымды дұрыс түсінеді деген үміттедім. Әсіресе, балаларым, – деді Толағай батыр.
– Оның дұрыс. Бірақ тірі оралмайтынды өзің де сезген боларсың. Тоғышарлар алдағанынды білсе, ондырмайды. Бұл тоғышарлардың ежелгі әдеті. Сондықтан, артыңда қалған бала-шағана еш уайымдама. Олар хан сарайында шалқып өмір сүретін болады, – деді Аяз Би әсірілей сөйлеп.
– Атақ-байлыққа құныққан адам емеспін. Ұрпағымды жалғастырар балаларымды да ешқандай алтын қызықтырмайды. Балаларым өз күндерін өзі көріп, елдеріне адал қызмет етеді деген ойдамын. Бірақ үй-ішіме қамқор болам дегеніңізге көп рахмет. Жомарттығыңызға дән ризамын, – деді Толағай батыр бас иіп.
– Батыр, сонда нені қалайсың? – деді Аяз Би батырдың тілегін білуге құмартып.
– Тақсыр, Тартария мен Трансоксанияда жекеленген медреселер бар болғанымен, ортақ ел бірлігін көрсететін, халықаралық оқу орны жоқ. Осы сүбелі мәселені ескеріп, «Тұран баһадүрлеріне» арнап халықаралық білім ордасы ашылса екен деймін. Білім кешеніне жан-жақтан балалар келіп, Тұран тарихы мен өнерімен сусындасын, – деді Толағай батыр.
– Алла Тағала жар болсын! Тілегің қабыл болсын! – деді Аяз Би батырға ақ батасын бере.
– Алла Тағала жолынды ашсын! – деді ғұламалар.
Толағай батыр айтқандай тауды еліне көшіріп әкелуге кетті. Ержүрек батыр Толағай елсіз шөлден өтіп, бір тауға кез болды. Бұл тау басқа таулардан анағұрлым биік болып шықты. Алғашқыда көтеру қиын болса да, батыр жасыған жоқ. Қайта тауды тамырымен жерден қопарып алып, иығына асты. Аяғын зорға басты. Міне, тауды арқалап келе жатыр. Қатты шөлдеді. Арқасы жауыр болды. Сонда да мойымады. Елі үшін жанын шырқыратты. Ұзақ жүріп, ақыры еліне жетті. Бірақ қырсық шалғанда, жолына саршұнақ кезікті. Ол саршұнақ кейпіндегі тоғышар еді. Батыр оны білген жоқ. Саршұнақты аяп «қаш» деді. Аяғы тасқа сүрініп, батыр таудың астында қалды. Елі еңіреп жылады. Ата-анасы мен жары жоқтау айтты. Аяз Би Тарбағатай тауы қонған жерді «Толағай» деп атады. Содан бері бұл өлке «Толағай елі» деп аталып кетіпті…
Батырдың қырқы өткен соң, Аяз Би бұл қылмысқа Шойынқұлақтың қатысы барын сезіп, әдейі оның шатырына өзінің ең адал көмекшісін жібереді. Көмекші алдымен бәрін тұтқиялдан бақылап, тың тыңдады.
Елден оқшау тігілген қара киіз үйдің ішінде алтынмен апталған, көк жал қасқырдың терісімен жабылған ағаш бесік алтындай жарқ-жұрқ етіп жарқырап, жан-жағын шуаққа бөлейді. Ағаш бесіктің басында қыран құстың тұяғы, қара жылқының жалы, көк бөрінің азу тісі мен бұғының мүйізі тұмар қылып ілінген. Ішінде басы қазандай, қарны торсықтай, көзі ерекше қою қоңыр, мойнында жасыл бөрінің нышаны (қасқырдың суреті) бар бала күлімсірейді. Бұл – атақты жауыз Шойынқұлақтың тұңғышы Тауман Саржан.
Есімін «Тауман» деп әкесі Шойынқұлақ әдейі Толағай батырға еліктеп қойған. Саржан деген тегі де Толағайдың әкесінен алынғаны жасырын емес. Шойынқұлақ жалғыз тұяғының өзі сияқты жауыз емес, жақсы жолға түсіп, ертегілер елінің қаһарманы болғанын қалайды. Ол жауыздықтың кесірін кеш түсінді. Енді міне өзінің бұрынғы жауыздықтарының кебін киюге мәжбүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын бір шаман кемпір оған «Сенің ұлың қауіпті шарапат иесі болып дүниеге келеді. Оның мойнында жасыл бөрінің суреті барын көріп тұрмын. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Ұлыңның атың «Тауман» деп қой. Толағай сияқты жаны ізгі болсын. Сонда ұлыңның есімі қорған болады» деген еді. Міне, Шойынқұлақ осыны қараңғы түрме ішінде терең қатпар ойлап отыр. Қазір баласы мен жары нендей халде екен?
– Сұмдық жағдай болды. Бәрі Шойынқұлақты Толағай батырды өлтірген деп қаралап жатыр. Кеше әскер келіп, Сорқұдыққа алып кетті. Толағайды Шойынқұлақ өлтірді дегенге сенбеймін. Ол түзелуге уәде берген, – деді Күңке көз жасын көл қылып.
- Ер Төстік Шойынқұлақты ақтап алудың жолдарын қарастыруда. Бірақ оның сөзіне ешкім сенер емес. Билік Шойынқұлақтың жауыздығы көп дейді, – деді Кенжекей.
- Енді не істейміз? – деді Күңке.
- Бір жөні болар, – деп Кенжекей кетуге оқталды.
Кенет сәби жаман нәрсенің келе жатқанын сезгендей, мазазы кетіп шырылдап, бақырап жылап жіберді. Даусы хан шатырды басына көтере алып, үйдің шырқын кетірді. Сонда Күңке бегім бесік жырын айтып, шошыған сәбиін тыныштандырмақ болды.
- Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Байқұтанның құйрығын,
Жіпке тағып берейін, – деді Күңке бегім қоңыр үнімен бесікті баяу әрі нәзік тербетіп.
Кенет ішке қара тоң киген Араз қағанның хан көмекшісі, пейілі тар Бекторы баса көктеп кіріп келді.
- Бекторы? – деді Күңке мен Кенжекей бірдей.
- Араз хан сендерді өлтіруге жіберді. Ол барлық батырлардың көзін құртпақшы. Менің күйеуім Дәуді де өлтірген сол. Күңке, сенің күйеуің Шойынқұлақтың туған қарындасы Қатира адамдар әлемінде тұрады емес пе? Мына сәбиімді сендерге беремін. Өздеріңмен бірге басқа әлемге алып кетіңдерші, – деді Бекторы.
Бекторының қолында аққұбаша келген, маңдайы жұлдыздай жарқыраған кішкентай сұр шашты қыз күлімсіреп жатты. Бұл – Бекторы мен Дәудің жалғыз қызы Зере еді.
- Бірақ қалай? – деді Күңке Бекторының қолынан сәбиді алып.
- Мына тұмар арқылы басқа әлемге аттандыруға болады, – деп Кенжекей Тауманның мойындағы тұмарды нұсқады да сөзің жалғастырды – Көкжал қасқырдың азу тісінен жасалған тұмарда портал жасырылған. Бұл портал арқылы біз басқа әлемде бола аламыз, – деді.
Күңке Тауманның мойындағы тұмарды ептеп алып, Кенжекейге берді. Кенжекей іштей дұға оқып, қос сәбиді Шойынқұлақтың қарындасы Қатираға аттандырып жіберді. Қонақүйде жайбырақат теледидар көріп отырған Қатира екі сәбидің жоқтан пайда болғанын көріп, есінен таңып қала жаздады. Асүйден күйеуі Марғаулан екі өкпесін қолына ұстап жетіп келіп, кәрзеңкеге салынған хатты оқыды.
«Жалғыз ұлым Тауман мен құрбым Бекторының қызың Зерені сіздерге аманат ретінде тапсырамын».
Құрметпен, Шойынқұлақтың жары Күңке.
Батыр әйелі алманы тоя жеп, алтын бесіктегі бөбегін тербетті. Кенет жеген алмасы желкесінен шығып, көмейі тұншықты. Бала да шырылдап қоя берді. Шойынқұлақтың жары қызыл алманы жесімен, талықсып қалды. Бесіктегі ұл да не болып жатқанын еш түсінген жоқ. Балақайдың сол жақ мойнындағы жасыл бөрінің белгісі бар тыртық нұрға бөленіп, айналаға шуақ шашты. Тыртық меңмұндалап ауырып, балаға маза бермеді. Бүлдіршін әлдекімді көмекке шақырғандай шыңғырып жылады.
– Хан ием, біреу Шойынқұлақтың отбасына қастандық жасапты. Олар ұшты-күйлі жоқ, – деді хан қызметшілерінің бірі.
Аяз Би баланың ащы айғайын естіп, шатырға жанұшыра жүгіріп келді. Хан көмекшісі көлеңкедей жоғалды. Тартария ханы тек жерде сұлап жатқан жартылай желінген қызыл алманы көрді…Ішке белгілі емші, дәрігер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы да кіріп келді. Емші нендей жағдай болғанын білмекші болып, қызыл алмаға жақын барғанда бір ғажайып болды. Кенет желінген алма жоғала бастады…Есеңгіреп тұрған жұрт желінген алманы ұстап үлгірмеді…Олардың қолына тек жарық ұшқына ғана ілікті…
Жомарт хан Толағай батырды аяусыз өлтірген адамды және оның өліміне себепші болған Шойынқұлақтың отбасын шұғыл арада табуға бұйырды. Ел-жұрт бір жұдырықтай жиылып, Шойынқұлақтың отбасын шарқ ұрып іздеді. Бірақ Шойынқұлақ батырдың жары мен ұлын еш жерден таппады. Олар сол күйі табылмады. Құдды, басқа әлемге аттанып кеткен секілді…
Қараңғы әрі суық үңгірдің ішінде Толағай батырды аяусыз өлтірген Араз бен оның жақтастары жиналыпты. Жақтастар деп отырғанымыз, Араз қағанның аты шулы қырық уәзірі. Қырық уәзір қатарына Кеще хан, Шықбермес Шығайбай, Құлақай қу, Жезтырнақ, Марту, Кісікиік, Мыстан, Сөрел, Албасты, Бөжай, Көңаяқ, Үмбе, Таутайлақ, Дәу, Пері, Дию, Бақсы, Балгер, Болжа шаман және Бекторының өзі жатады. Кезінде бұл қырықтың қатарында Ер Төстіктің қас жауы Шойынқұлақ та болған еді. Алайда ол өз еркімен қатардан шығып кетті…
Үстеріне қазақы сары оюмен безендірілген қара тоң жамылған қырық уәзір адуынды басшыларын үнсіз тыңдап отыр. Ешкімнің қанқұйлы басшысының әбжыландай суық көзіне тура қарауға батылдары барар емес. Тәкаппар Араз қаған қырық уәзіріне өңменінен өтетін суық көзін қадап:
- Уақыт өте келе батырлар мен олардың балалары Тоғышар қағанатын талқандауға бар күш жігерлерін салатын болады. Әлемде орнауға тиіс өзімшілдік пен арамдықтан бас тартады. Сондықтан біз қазірден өзімізге қарсы шыққан әрбір батырдың көзін жойып отыруымыз қажет. Алғашқы қарсыласымыз Толағай болды, – деп ішкі ойын ортаға айтып салды.
- Кеңесіңізге кедергі келтіргенім үшін кешірім өтінемін, – деді қараңғы үңгірге баса көктеп кіріп келген Бекторы.
Дөңгелек тас үстелді айнала қоршап отырғандардың бәрі артқа жалт бұрылып қарады. Бәрінің ойында «Жиынды бұзуға дәті барған бұл кім?» деген жалғыз ой болды.
- Тапсырма не болды? – деді Араз қаған бірден шаруаға кірісіп.
- Бәрін сіз айтқандай істедім, – деді Бекторы басын изеп.
Шыны керек бұл сөзді айтқанда Бекторы өзіңе аса сенімді болмады. Өйткені Бекторының әр сөзін Араз қаған Болжа шаманға тексертіп алатын еді. Қазір де саудасы бітенін ол жақсы түсініп тұр. Болжа шаман аузын ашса болды, бәрі құрдымға кетеді.
- Бірақ олар әлі тірі! – деді Болжа бақсы отқа май құйып.
«Осы кемпір аузын жабады ма, жоқ па, өзі? Құмалағымен бірге қурап отыра берсеңші» деді Бектор ішінен ашуға мініп.
- НЕ ДЕЙДІ?! Осындай маңызды істі саған сеніп тапсырған мен де ақымақ! Сорқұдыққа қайта салып жіберейін бе? – деді кенет Араз қаған орнынан ұшып тұрып.
- Ауру қалса да әдет қалмайды, – деді Шықбермес Шығайбай мырс күліп.
- Жанынды жаһанамға жібермей тұрғанда, шынынды айт! – деді Араз қаған ашудан жарыла жаздап.
- Сабыр етіңіз. Шойынқұлақтың жарын улап өлтіргенімде баласы көзден ғайып болды, – деді Бекторы Араз қағанның мысын басуға тырысып.
- Қайдағы сабыр еткен? Жоспарымның күл-талқаны шыққан жоқ па? Баласы ғайып болғаны несі? Улы алманы жегізіп, қан төкпей бәрін өлтір дегенім қайда? – деді Араз қаған.
- Мойындарында қасқырдың азу тісінен жасалған тұмар болғаны есімде, – деді Бекторы.
- Бұл – портал. Тұмар моншағы арқылы басқа әлемге ауысып кетуге болады, – деді қырық уәзірдің бірі Кеще хан.
- Шойынқұлақтың әйелі әлденеден алдын ала сезіктеніп, моншақпен баласын басқа әлемге аттандырып жіберген сияқты, – деді қырық уәзірдің бірі Шықбермес Шығайбай мысқылдай күліп.
- Моншақтардың барын қалай бұрын байқамадың?! – деді Араз қаған ашудан жарыла жаздап.
- Аптығыста байқап үлгірмедім. Кейін есіме түсті. Мойындарынан жұлып үлгіре алмадым. Хан әскері келіп қалды, – деді Бекторы.
- Ендеше сол әскердің қолынан ерлікпен қаза таппадың ба? – деді Араз қаған дөңгелек үстелді жұдырықпен бір ұрып.
- Мырза, батыр балаларының суға батпайтыны мен отқа жанбайтынын ескерсек, бізге Бекторының көмеге әлі керек болары сөзсіз. Қанша дегенмен үш жүз жыл жасаған атақты Мыстанның қызы ғой, – деді Құлақай қу Бекторыны жақтай сөйлеп.
Құлақай қу – Алдар Көсенің туған інісі еді. Шын есімі – Елеусіз. Ол да Алдар Көсе сияқты жүрген жері әзіл-оспақ, күлдіргі адам.
- Қайдағы батыр? «Ер Төстік» оқиғасын естімедіңіздер ме? Шойынқұлақ – Ер Төстіктің қарсыласы, ертегілер елінің атақты жауызы емес пе? Кезінде Бекторының жақтасы болған! Бірақ Араз қағанның билігіне қарсы шығып, жолымызға көлдеңен тұрып алған өзі емес пе? Өзінше ақ жолға түсемін деп, барлық жауыздықтан бас тартып, тоғышар еліне сатқындық жасады. Сондықтан да біз оның бұрынғы кінәләрін пайдаланып, Толағай батырды өлтірген сол деп жалған мәлімет таратқан жоқпыз ба? – деді Шық бермес Шығайбай.
- Сонда Толағайды өлтірген Шойынқұлақ емес пе? – деді Құлақай қу таңғалып.
Барлығы Араз ханға бастары салбырай қарады. Толағай батырды өлтірген «Араз» екенін Құлақай қу айтпай түсінді. Ол бұл «қырық уәзірдің» қатарына тыңшы ретінде Қазақия елінен жіберілген еді. Ағасы Алдардан өткен қулығына қарап, Қазақия министрлігі әдейі тыңшылық қызметке алған. Қазірде бұл қызметті Қуақай қу артынан еш із қалдырмастан мінсіз атқаруда.
- Жә, доғарыңдар! Бақсы, Шойынқұлақтың ұлы қайда екенін айт! – деді Араз қаған шаман кемпірге оқты көзін тастап.
- Құмалақтарым еш жерді көрсетпей отыр, – деді Болжа шаман кемпір.
- Он үш жасқа шейін Шойынқұлақтың ұлын рух шарапатының аруақтары қорғайды. Аруақтар барда біз қауқарсызбыз, – деді Бекторы.
- Аруақтар? – деді Араз қаған күдіктене қалып.
- Шойынқұлақтың ұлы Тауман – болашақ сардар. Оның мойнында жасыл бөрінің тыртығы бар, – деді Бекторы.
- Сұмдық! Қашанан бері зұлым ұлы батыр болатын болған?! – деді жалмауыз кемпір бетін шымшып.
- Міне, сондықтан біз одан тез құтылу қажетпіз! Әйтпесе, болашақ сардар біздің жолымызға көлденең тұруы ғажап емес! Әкесі үшін кек қайтармақ болса, өз обалымыз өзімізге тиеді! – деді Араз қаған жыланша ысылдап.
- Аруақтар өз мұратын орындап болғанға дейін Шойынқұлақтың ұлын өзге әлем зарлатып бітсін, – деді Шықбермес Шығайбай.
- Неге көрмеске? – деді Араз қаған жымысқы күліп.
Арада бірнеше жыл уақыт өткен соң, ел есін жиып, Аяз Би Толағай батырдың тілегімен мектеп ашуға кірісті. Мектептің құрылысына атақты сәулетші Бекет атаның өзі қатысты. Жұрт жұдырықтай жиылғандықтан, ғимарат та қас пен көздің арасында салынып бітті. Тартария ханы Аяз Би алдында қабырғасы жауһар жақұт тастармен көмкерілген, қазақы оюмен безендірілген зәулім ғимарат та бой түзеді. Сыртында ұлы ғұламалардың, ойшылдардың нақыл сөзі жазылған бұл халықаралық мектептің сұлбасын Бекет атаның өзі жасағандықтан, жұрттың таңдайын қақтырды. Осылайша, Аяз Би Толағай батырдың соңғы тілегімен Тартария елінде теңдесі жоқ «Тұран» баһадүрлері мектебін ашты.
Аталмыш мектеп «Сайыпқыран», «Ғайыперен», «Құлагер», «Жалын» деп аталатын бес ордадан тұрады. Ордалардың іргесін шарапат пірлері қалады.
Сайыпқыран ордасын жер шарапатының пірі Ойсылқара, «Ғайыперен» ордасын ауа шарапатының пірі Зеңгі баба, «Құлагер» ордасын су шарапатының пірі Қамбар ата, «Жалын» ордасын от шарапатының пірі Шопан ата және «Арлан» ордасын рух шарапатының пірі Қорқыт ата қалаған болатын.
Әр орда Тартария мен Трансоксания еліне белгілі тұлғаларды тәрбиелеп шығарды. Мәселен, адамгершілік пен сананың символы саналатын «Сайыпқыран» ордасынан Алпамыс батыр, Ер Сайын, Ер Тарғын, Ер Қосай, Керқұла атты Кендебай батыр, Қамбар батыр, Жиренше Шешен түлеп шықса, ал намыс пен тәуекелшілдікті мұратына айналдырған «Жалын» ордасынан Қобыланды батыр, Жылан Бапы хан, Дәу, Албасты, Көңаяқ, Бөжай, Диуана, Сөрел, Көріпкел, Бақсы және т.б. кейіпкерлер бой түзесе, қайсарлық пен ержүректілікті өмірлік мақсат қылған «Құлагер» ордасынан Желаяқ, Көлтауысар, Таусоғар, Саққұлақ батырлар мен шыңдық пен адалдықтың нышаны болып табылатын «Ғайыперен» ордасынан Қарашаш, Қожанасыр, Тазша бала, Сырым бала, Гүлбаршын, Нарқыз батыр, Ай астындағы Айбарша сұлу, Ғыпша қыз және т.б тартариялықтар білім алып, өз отандарына ерен еңбек еткен, тұран баһадүрлері болды. Бірақ «Арлан» ордасы рух шарапат иелерінің «Тоғышарлар» жағына көшіп кетуіне байланысты кейін жабылып қалды…
Бұл мектепке Шойынқұлақ пен Күңкенің ұлы Тауман Саржан да қабылдануға тиіс болатын. Сондықтан, Қыдыр ата сенімді шәкірті әрі Алдар Көсенің жар дегенде жалғыз ұлы Әлиді ертіп біздің әлемге аттанып кетті. Қалай ойлайсыздар? Олар Шойынқұлақтың ұлы Тауманды біздің әлемнен таба алады ма? Тауып алса, Тауман Саржан «Тұран» баһадүрлері мектебінде оқуға келісім бере ме? Берсе, балалардың ендігі тағдыры қандай болмақ? Бұл сансыз сұрақтардың жауабын келесі бөлімдерден біле аласыздар…
Жалғасы бар…
