АТАНЫҢ АЛАҢ КӨҢІЛІ (әңгіме)

Дастан даладан тағы да жылап келді.
Мұрыны пыс-пыс етеді. Ызаланғаны сондай, терісіне сыймай тұр. Құлағына дейін қызарып кетіпті.
Алдынан шыққан інісі Қайыржанды шалып құлатты.
–Мұның не? Бауырыңды өлтіресің бе? О несі–ей, түге?!–деп әкесі Мейіржан орнынан тұра беріп еді, Зайыржан оның қолын шап беріп ұстай алды.
–Ата, велосипедімнің доңғалағы тағы да жарылып қалыпты,– деп Досжан атасына мұңын шақты.
–Кеше ғана кәмерін жаматтырып беріп едім ғой. Тағы да жарғанбысың? Өзің де ылғи шөп–шалам, күл–қоқыс тастаған жермен жүресің. Шеге ме, шөңге ме кірген ғой,– деп Мейіржан әдеттегінше көл–көсір ақыл айтуға көшті.
–Тәйт!,–деп оны Зайыржан тыйып тастады.
Дастан –Зайыржан атасының баласы. Мейіржанды әкем деп мойындамайды. Атасындай Алатауы бар болған соң да еркелігі басым. Талай рет тентектік жасап, сыбағасын алуға шақ қалғанда оны азаптан құтқарып қалған алтын атасы ғой. Сондықтан шағымын атасына айтпай, кімге айтады?
–Оу, Мейіржан! Мына баланың көзінің сорасын ағыза бермей, қазір барып дөңгелегін жаматтырып кел,– деді Зайыржан қатуланып.
Үнінде ызғар бар.
––Ту–у, әке–ай! Кеше ғана кәмерін жаңадан алып, ауыстырып салып бердім емес пе? Осы–ақ велосипедін бұзады да жүреді. Жұрттың баласы велосипедін күтіп ұстайды, жылдап мінеді. Бұл болса… Бүгін жұмыстамын ғой, демалыс күні кәмерін жаматып берейін,– деп Мейіржан киініп, жұмысына кетуге қам жасай бастады.
–Демалысқа дейін бұл бала көзі жәутеңдеп, басқалардың соңынан салпақтап жүгіріп жүреді ме? Жұмысыңнан сұранып келіп, жөндеттіріп әкеліп берсең нең кетеді?–деп Рыскүл де немересі үшін күйіп–пісті.
–Осы ауланың барлық балаларында велосипед бар. Зырылдатып әрі–бері шапқылайды да жүреді. Олардың соңында қашан көрсең Досжан мен Қайыржан алаөкпе болып жүгіреді де жүреді. Жүгіре–жүгіре өкпелері күйіп, бір күні құласа қайтесің? Қарашы, әне, екеуінің де құлақтарынан күн көрінеді. Әбден жүдеп бітті. Бұлар ма, бұлар, баланың жайын ойламайды. Өздері аспаннан салбырап түскендей,–деп Зайыржан ашуына мінді.
–Ата! Апа! Мейіржан кеше ғана екеуінің де велисопедін жөндеттіріп берді емес пе? Күнде–күнде жөндей–жөндей мезі болды. Күтіп мінбей ме? Қит етсе, Мейіржанға ұрсасыздар. Балаңызды тиып алмайсыз ба?–деп Әсемкүл екіленіп келе жатыр еді, енесі Рыскүлдің қабағына қарап екпіні басылып қалды.
–Әдірем қал, әдірем қалғыр! Күйеуінің сөзің сөйлей қалыпты ғой. Бай сенде ғана бар ма? Қарашы–ей, айтып тұрған сөзің? Одан да ана байыңа ақша беріп, мыналардың белесебедін жөндеттір. Сендердің түктерін де кетпейді. «Жұмыс, жұмыс» деп кешке дейін қара көрсетпей қаңғырасыңдар да жүресіңдер. Таңертеңнен кешке дейін бұлардың бар азабын тартатын біз,– деп Рыскүл бұрқ–бұрқ қайнай бастады.
–Жә, жетер! Сұңқылдай берме!–деп Зайыржан зекіп қалғанда Рыскүл жым болды.
Осы бір үнсіздікті пайдаланып, бала мен келін зып беріп далаға шықты. Көп өзамай «Мерседестің» ауладан шығып бара жатқан дауысы естілді.
Олар кеткен соң Зайыржан әлденені күбірлеп, ауық–ауық жөтеліп, бір орнында тынши алмай, екі қолын арқасына қойып үй ішінде әрі–бері жүріп алды. Еденді сықырлатып бос айналшықтап жүрген шалына қарап Рыскүл күрсінді. Шалының шәркез–шадыр мінезін білетіндіктен ләм–мим деп тіс жармады.
Ұл мен келін жұмыстарына кеткен соң Зайыржан немерелерді бір ауық таза ауада ойнатып қайтуды ойлады.
Жаздың жайсаң күні жадырап, дүние нұрға балқып тұр. Аспан шайдай ашық. Күн көтеріле күшіне енетін рай байқатады. Іргедегі тау таңғы саф ауада бар бітім–болмысымен айқын көрінеді. Тылсым тыныштықты көшеге шығып, алаңсыз ойын қызығына берілген балалардың шаттыққа толы дауыстары ғана бұзып тұр.
Зайыржан айналасына сүйсіне қарады. Шау тартып, өмірлік қам–қаракеттің, жүріс–тұрыстың азаюы көңіліне көлеңке ұялатып, дүние дидары көгілжім мұнармен тұмшаланып, көкірегінен ел көшкендей жетімсіреп жүр еді, шекесіне шуақ түсіп, оқыс жадырады. Айнала құс базарына айналып кеткендей. Дүниеде балалардың алаңсыз күлкісіне жететін қандай құдірет бар?! Құлағына әр–әр тұстан талып жеткен сиқырлы сыңғыр қарттың жүрегін жібітті. Бейопа дүниенің алдамшы екенін ойлап, дене тоңазығанда сол шыңыраудан баланың бал қылығы мен жұпар иісі суырып шығаратыны бар ғой. Зайыржан да зұлматты өлім жайлы ойларынан арылып, бойы жадырап қалды.
Әлден соң жол бойындағы орындықтарға екеу–үшеу, үшеу–төртеуден жұптасқан кәрі–құртаңдар жайғаса бастады. Аққырау шаштылар өзара қауқылдасып, шат–шәлекей көңілдерінен күдік–күмән кептерін ұшырды. Аракідік асыр салып ойнап жүрген балаларға ұрысқансып айқайлап қойғандары болмаса, сіңірлеріне ілініп жүргендердің көңілдерінде көп кіді қалған жоқ.
Осы бір алаңсыз әңгіме өрбітіп, біріне–бірі көңілқостық білдіріп отырған жаймашуақ сәтте Зайыржан жоқ жерден шала бүлінді де қалды.
–Ойбай–ай! Мына баланың өкпесін шаң қапты–ау! Ауырып қалмаса игі еді,–деп орнынан атып тұрды.
–А-а, не дейсің? Шаң қапқаны несі?
–Кімді ит қапты дейсің?
–Кім ауырып қалыпты?
Кілең бір саңыраулардың сұрықсыз сауалы Зайыржанды одан сайын діңкелетті. Жан–жақтан жамырай сөйлеп, онсыз да әңгіменің ұшығына шығып үлгермей жатқан осы топтан бағана–ақ сытылып кетуді ойлап отырған Зайыржан бұдан әрі аялдай алған жоқ. Ол велисопедтегі әр баланың соңынан салпақтап жүгіріп жүрген немерелерін іздеп тауып, әлгі құрып кеткір белесебедті өзі–ақ жөндеттіріп беруге оқталды. Бірақ бұл құрғырдың бөлшектері қалада ғана бар екенін естігенде әуелгі аптығы басылып қалды.
–Осыдан Мейіржан келсінші!–деп күйінді.
Өне бойын тер басқан Дастан мен Қайыржанды іздеп тапқанда қарттың жүрегі атқақтай соғып тұр еді. «Әй, кәрілік–ай! Аяғымды тұсауладың–ау!» деп жалын ата күрсінген қарт ентігін зорға басты.
Бұл жолы да Мейіржанның жаңғалақтығы ұстап, кәмір әкелуді ұмытып кетіпті. Немерелер томсарған соң үйде қайдан жылу болсын, бұл түні отбасы мүшелері түгелдей қойындарына құрбақа кіріп кеткендей дөңбекшіп шықты. Ертесіне екі немересінің көзі кіртиіп қалғанын көріп Зайыржан баласына қатты зекіді.
«Енесі тепкен, құлынның еті ауырмас» дегенді айтқан қазақтың көріпкелдігіне дауа жоқ. Әкесінің ұрсып–жекігені Мейіржанға шыбын шаққандай да әсер етпеді. Сол баяғы жұмысбастылық, одан қалса ұмытшақтық Мейіржанның мықты қорғаны. Зайыржан оңашада отырып: «Осы мен жаңғалақ баланы қалай таптырдым? Рыскүлдің бір істі екі айтқызып жасайтыны бар еді. Сірә, жаңғалақтық нағашыларынан келген болды ғой» деп ой қорытты. Екі тентек көздері боталап тағы қалды. Оларды көргенде Зайыржанның жүрегі аунап түсті.
Зарықтырған, сарғайтқан сенбі де келді. Зайыржан екі немересінің алаңжарлы күйлерін көріп, «бүгін демалыс екен–ау, келіннің қасында жатыр–ау» демеді, айқай салды:
–Әй, ұйқыбас! Шаңқай түске дейін шәниіп жата бермекпісің?
Рыскүлдің белі бүкірейіп жүріп адвокадтығы мықты. Бұл жолы да соңысына басты.
–Шал-ау! Алжыған әтеш сияқты азанымен айқай салғанын не? «Беймезгіл шақырған қораздың басы жұлынады» дегенді білмеуші ме едің?
Зайыржанның бұл күтпеген құқайы еді. Қаны басына шапшып, көзі қарауытқанда Рыскүл қайта екпін алды.
–Құдайдың екі күн демалысында балаларға тыныштық бермейсін. Күн шықпай тұрып алып, үйді дүрліктіресің де жүресің. Келіннен де ұялмайсын. Тыныш ұйықтасын да олар,–дегені шатақ шалдың шымбайына аяздай батты.
–Сені ме, сені, көксоққыр!
Зайыржанның ауызына кәпелімде басқа сөз түспеді. Жас кезі болса тағы бірдеңе айтып жіберер еді. Келін, немерелер оның қолын байлап тұрғанын көрмеймісіз. Шал көкірек жара күрсініп:
–«Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» деген осы. Мына екі жәутеңкөздің белесебедін кім жөндеп береді?–деп кемпіріне кектене қарады.
Шалының шаптыға қарағанын шайпау кемпір елең қылмады. Самауырынға от тастап отыра берді.
Бөлмедегі бажылды есітіп Мейіржан «інінен» шықты. Әкесі «қашан інінен шығады?» деп тышқан аңдып отырған мысықтай сақ отыр еді, баласын тыпыр еткізбеді. Қолағаштай мұрыны зорайып, шұбар өңі түктеніп кетіпті.
–Тасбауыр неме! Мына екі баланы қашаңғы зарлатасың?–деп ұлына зілдене қарады.
Шаруаның бар азабы бір өзінің қабырғасына батып жүргендей әншейінде аһылеп–үһілеп жүретін Мейіржан бұл жолы құрақ ұшты.
–Қазір, әке, қазір. Шайымды ішіп аламын да базарға барамын,–деді шаһар шалдың айбарынан сескеніп.
Мейіржан бұл жолы таңғы шайды мейірі қанып іше алмады. Кесесін төңкеріп, орнынан созалаңдай көтерілді.
–Баланың шайың да ішкізбедің ғой,–деп Рыскүл бұрқылдады.
–Тәйт! Албаты лақпай, тыныш отыр!
Мықыр шалдың әлі де мықтылығы бары еске түсіп, Рыскүл пыс болды.
Мейіржанның баруынан қайтуы жылдам болды.
Екі немере қол шапалақтап қуанды. Әлден соң екеуі де өз велисопедтерімен құлдыраңдап бара жатты.
–Ит–ай! Баяғыдан осылай етсең болмас па еді?–деп Зайыржан ұлына сүлейсапа күйде қарап тұрды.
Ой, несін айтасыз, екі күн Дастан мен Қайыржан үшін мерекеден кем болған жоқ. Бой–бой болып терлеп келген екеуінің киімін ауыстырудан Әсемкүл де шаршамады. Түні бойы телефон шұқылап өздері де, өзгені де ұйықтатпайтын екеу тұяқ серіппей қалың ұйқыға кетіп жүрді.
Бірақ мемлекеттің берген демалысы екі күн ғана! Алакеуімде орындарынан тұрып, мектебіне кеткен олар сабақтарынан келген соң тағы да велисопедпен әрі–бері шапқылап ойнап жүрген. Күн екіндіге ауғанда Әсемкүл жұмысынан оралып, ақ тер, көк тер болып жарысып ойнап жүрген екі баланы «сабақтарыңды қараңдар» деп үйге қуып тықты.
Талайдан күткен қызық ойынға мелдектеп тоя алмаған екі ұл мұрындары пысылдап, бар ынта–ықыласы даладағы ойында болып кітапқа самарқау қарайды. Өздері құрыптас талай балаға ертеңгі сабақ жоқ сияқты. Олардың шулаған дауыстары екі ұлдың онсыз да тулаған жүректеріне шоқ салды.
Ертеңгісін сабақтан оралған екі ерке ойбайлады да қалды. Құдауанда, қас қылғандай екі велисопедтің де доңғалағы тесілген. Тіпті, бірінің доңғалағын қиқы–жиқы етіп кескілеп тастапты.
–Бұл қай қаскөй болды екен?–деп шал шыр–пыр болды.
Жұмысынан оралған Мейіржан немерелеріне емешегі үзіліп отырған әкесіне «Соншама әздектеп едіңіз. Велосипедтерін ылғи да шеңгелді жерлермен айдайтын өздерінен көрсін» деп есе қайтармақ болды.
–Әр аптаның басында осы екеуінің белесебедіне пәле көрінеді де тұрады. Сен шал, осы сарайға адыраспан түтетіп, жын–шайтанды аластасаң қайтеді?–деді Рыскүл қарап отырмай.
–Атаңның басы! Жын–шайтан сенің мына шақшадай басың тұрғанда балалардың белесебедін қайтсің?–деп Зайыржан зілденді.
Дегенмен, осы оқиға қайталана берген соң Зайыржанның жүрегі зірк етті. Үйдегілер үрпиісіп қалды.
Бір күні Зайыржан дәрет алып келе жатып сарай есігінің ашық тұрғанын көріп қалды. «Әй, кім бар мұнда?» деп есіктен сығалағанда іштен Мейіржан атып шықты. Күтпеген жерден көлбең етіп атып шыққан бейне оған шайтан болып елестеді. «Біссімілда! Бәссілілда!» деп кейіншектей берді. Қолынан құманы түсіп кетті. Су ақтарылып қалды.
Әлден соң есін жиғанда ұлының машинасын оталдырып жатқанын аңғарды.
Қаскөйдің қайдан келгені түсінікті болды.
Зайыржанның ойына ілгеріде өткен бір оқиға түсті. Сол жолы ол Мейіржанды көкпарға ала барып еді–ау.
Ұмар–жұмар көкпар қызығына түскен Зайыржан «осы арада тапжылмай тұр» деп тастап кеткен баласын ұмытқан да еді. Алқын–жұлқын көкпарда ойын қызығына масайрағандар «өлдім» дегенінді тыңдар ма? Көкпарды ала қашқан Зайыржанның соңынан бір топ атты қиқулап келе жатты. Мұндайда адамды есірік қысады. Есірікке еліткен адам есерсоқтау күй кешеді. Осындай желік үстіндегі Зайыржан астындағы атын үстін–үсті қамшылап, құстай ұшып келеді. Алдында терең құз болса да тізгін тартар райы жоқ.
Кенет ол қарсы алдында өзіне қарай құлдыраңдай жүгіріп келе жатқан Мейіржанды көзі шалып қалды. Егер жер қуырып келе жатқан жүздеген жүйріктің жолынан алып тастамаса ауыздығымен алысқан арғымақтар кіп–кішкентай баланы таптап өте шығары сөзсіз. Зайыржанның жеңіс деп керілген өр көкірегі дал–дал айырылып, су сепкендей басылды. «Ұлым жазым болады–ау» деген үрей оны есеңгіретіп тастады.
Мұндайда Тәңірімнің өзі жаңылғанға ес кіргізеді екен. Қайдан есіне түскені белгісіз, Зайыржан тақымындағы көкпарды тастай берді де алдынан құлдыраңдай жүгіріп келе жатқан ұлын қырандай бүріп көтеріп алды. Сол бойы аттың басын ірке алмай едәуір жер ұзап барып кері бұрылғанда көргені соңындағылар түсіп қалған көкпардың әлегімен шоғырлана қалыпты.
–Уф!–деп демін зорға алған Мейіржан сонда тұңғыш рет бейқамдықтың сан соқтыратынын ойлап еді.
Бұлар тұратын көшеге асфальт төселгелі тұрғындар әуелгіде қуанғандарымен, соңғы уақытта жиі алаңдайтын болған. Баланың аты қашан да бала емес пе, астарындағы шайтан арбамен әрі–бері зырылдатып жарысады да жүреді. Көше бойымен жүре берсе қауіп те жоқ. Алайда, көше қиылысынан өту о дүниедегі қыл көпірден өтуден де қиын. Өйткені, әрі–бері ағылған автокөлік ырғын. Негізі машина руліне отырғандардың көбісінде желөкпе желік болады. Желік қысқан жанды жын да тоқтата алмайды.
Мейіржанның белесебед көрсе бәле көргендей тыжырынатыны осыдан.
Зайыржан осыдан талай жыл бұрынғы көкпарды есіне алып отырып, «әке жүрегі баласы үшін текке алаңдасың ба?» деп бір қойды. Қадағалап,бақылап тұрмаса көбелектей ұшып–қонған бала шіркін отқа да, суға да түсіп кетуі бек мүмкін. Ол бұл қауіпті басынан өткеріп еді ғой. Сондағы санаулы секунттарда басына не келіп, не кетпеді? Сол сұмдықты ойласа жүрегі әлі де зырқ етеді.
Қақпадан шығып бара жатқан автокөліктің ішінде ыржиып күліп отырған ұлын көзі шалып қалды.
–Тәубе! Тәубе!–деп Жаратқанға құлшылық етті.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Құрметті журналисі
