«АПА, СЕНІ САҒЫНДЫМ» ПОВЕСІНДЕГІ БҮГІНГІ ҚОҒАМ БЕЙНЕСІ

Канат Алтынбек+

Қанат АЛТЫНБЕК,
жазушы, ҚР Ұлттық кітапханасының Ғалым хатшысы,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

 

Қазақ әдебиетінің кеңістігі – ұлан-ғайыр даладай, рухани шаңырағы – асқақ. Осы ұлы әдеби әлемнің ішінде сан алуан жанр, стиль, бағыттағы шығармалар өмір сүріп келеді. Әр туынды – сол үлкен әдеби үйдің бір кірпіші, бір керегесі, бір уығы іспетті. Алайда олардың барлығы бірдей деңгейде, бірдей салмақта деп айту қиын. Уақыт тезінен өткен сайын шығармалардың шынайы құндылығы айқындала түседі.Кейбір туындылар қоғамдық формациялар ауысса да, дәуірлер алмасса да өзінің классикалық болмысынан айнымай, оқырманымен бірге жасасып келеді. Ал кейбір шығармалар әдебиетке енісімен-ақ ұмыт қалып, әдеби кеңістіктен лезде ығысып шығып жатады.

Сыншылар пікірі де әдеби шығарманың тағдырын толықтай шешіп бере алмайды. Кейде сын көтереді, кейде төмендетеді, алайда түпкі бағасын уақыт пен оқырман айқындайды. Оқырманның талғамы кейде сыншылардың тұжырымынан мүлде бөлек арнаға бұрылуы мүмкін. Мұндай жағдайда оқырман интуициясы, ішкі түйсігі шынайы эстетикалық өлшемге айналып жатады.

Менің пайымдауымша, оқырманға түсініксіз, қабылдауға ауыр кітаптың тағдыры да күрделі. Белгілі бір тар интеллектуалдық ортаға ғана ұнап, жалпы көпшілікке беймәлім болып қалу – автор үшін екіұдай көңіл күй сыйлайтын жағдай. Бір жағынан, таңдаулы орта мойындаған шығармашылық қуаныш әкелсе, екінші жағынан, кең аудиторияға жол таба алмағаны жазушы үшін ішкі өкініш тудыруы мүмкін. Әдебиет, түптеп келгенде, халықпен тілдескенде ғана өміршең, оқырманмен үндескенде ғана мәңгілік.

 

***   ***   ***

 

Соңғы жылдары оқырман қауымының көркем прозаға деген қызығушылығы біртіндеп қайта жанданып келе жатқаны байқалады. Әрине, бұл үрдісті «аш қасқырдың қойға шапқанындай» тосын әрі жаппай құбылыс деуге келмес, алайда оқырман талғамының бірте-бірте сапалы әдебиетке қарай бет бұра бастағаны анық. Әсіресе кеңестік кезеңде классика мәртебесіне көтерілген туындылардың қайта оқылып, жаңа буын оқырманмен қайта табысуы – рухани жаңғырудың маңызды көрінісі. Сонымен қатар бүгінгі қоғамның тынысын, заманның әлеуметтік-психологиялық болмысын бейнелейтін қазіргі заманғы шығармалар да өз оқырманын тауып, әдеби кеңістікте орныға бастады.

Осы орайда мен балалар әдебиетінің өкілі, жазушы Алтыншаш Жақиянованың «Апа, сені сағындым» атты кітабын оқып шығып, ерекше әсер алдым. Әдетте біз кітапты мазмұнына қарап бағалауға бейімбіз, алайда бұл жолы ең әуелі оның сыртқы әрі ішкі дизайнына тоқталмай кету мүмкін болмады. Кітаптың мұқабасы мен көркемдік безендірілуі оқырманды бірден өзіне тартып, эстетикалық тұрғыдан ерекше әсер қалдырады. Мұнда баспагерлік мәдениеттің жоғары деңгейі анық байқалады. Өкінішке қарай, кейбір баспалар кітапты формалды түрде, қарапайым безендірумен ғана шығара салатыны жасырын емес. Ал бұл еңбекте арнайы дизайнерлер мен редакторлардың кәсіби еңбегі айқын көрініс тапқан. Бір сөзбен айтқанда, кітаптың ішкі мазмұнын білмей тұрып-ақ, сыртқы көрінісі арқылы оқырманның қызығушылығын оятатын, көз жауын алатын басылым деуге болады.

Ал повестің мазмұнына келер болсақ, шығарманың тілі жеңіл, қарапайым әрі оқырманға жақын. Автор оқырманмен сырласып отырғандай әсер қалдыратын баяндау тәсілін қолданған. Бұл әсіресе балаларға арналған әдебиет үшін аса маңызды. Себебі жас оқырманға күрделі тілдік құрылымдар мен ауыр стиль емес, түсінікті, жылы, өмірге жақын сөйлеу мәнері қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Алтыншаш Жақиянованың көркемдік тілдік қолтаңбасы балалардың қабылдау ерекшелігіне толық сәйкес келеді.

Шығармада бүгінгі отбасылық құндылықтар, қоғамның өсіп-өркендеуіндегі отбасының орны, шаңырақтың тәрбиелік маңызы кеңінен көрініс тапқан. Әсіресе қазақы дүниетанымдағы «ата», «апа» бейнелерінің рухани салмағы, олардың бала тәрбиесіндегі орны терең әрі әсерлі суреттеледі. Қазіргі жаһандану дәуірінде дәстүрлі отбасы институтының әлсіреу қаупі бар кезде, мұндай шығармалардың тәрбиелік, танымдық мәні ерекше. Автор ата мен апаның мейірімі, даналығы, өмірлік тәжірибесі арқылы ұрпақтар сабақтастығын, рухани жалғастықты көркем бейнелей отырып, жас оқырманға ұлттық құндылықтардың мәнін сезіндіреді.

Жалпы, «Апа, сені сағындым» повесі – балаларға ғана емес, ересек оқырманға да ой салатын, жүрекке жылу беретін шығарма. Ол отбасылық махаббат, сағыныш, ұрпақтар арасындағы рухани байланыс сияқты мәңгілік тақырыптарды нәзік лиризммен, қарапайым да әсерлі тілмен жеткізе білген. Мұндай туындылар қазіргі қазақ балалар әдебиетінің мазмұндық әрі көркемдік деңгейін көтеріп қана қоймай, жас ұрпақтың рухани дүниетанымын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Шығармадағы Манас бейнесі – бүгінгі баланың ішкі жан дүниесін, сағыныш пен мейірімге деген табиғи мұқтаждығын терең психологиялық деңгейде ашатын көркем образ. Әсіресе кейіпкердің: «Ал әке-шешемнің мен не істеп, не қойып жүргенімде шаруалары жоқ» деп басталатын ішкі монологы, әрі қарай «Оның бәрі мені атам мен апам келгендей қуанта алмайды» деген сөзі баланың жан айқайын, рухани жалғыздығын айқын аңғартады. Бұл сөйлемдерде жасөспірім психологиясына тән нәзік күйзеліс, ересектер тарапынан сезілмей қалған эмоционалдық қажеттілік көркем әрі табиғи түрде берілген.

Манас ата-ана махаббатын жоққа шығармайды, бірақ ол үшін ата мен апаның мейірімі ерекше, қайталанбас рухани тірек ретінде көрінеді. Бұл – дәстүрлі қазақ отбасындағы ұрпақаралық байланыстың психологиялық мәнін көрсететін маңызды деталь. Бала үшін ата мен апа – тек үлкендер ғана емес, олар – жылылықтың, қамқорлықтың, шексіз түсіністіктің символы. Автор осы арқылы қазіргі заманда ата-ана жұмыспен, әлеуметтік міндеттермен шектен тыс әуре болып, бала жанындағы нәзік сезімдерді байқамай қалатын жағдайды астарлап жеткізеді. Манастың сөзі – бір ғана кейіпкердің емес, қазіргі көптеген балалардың ішкі жан дүниесінің көркем көрінісі іспетті.

Тағы бір тұста автор Манастың аузына «Менің үш апам бар: біріншісі – өз апам, екіншісі – нағашы апам, үшіншісі – көрші апам» деген сөзді салуы да ерекше символдық әрі психологиялық мәнге ие. Бұл сөйлем сырттай қарағанда қарапайым, тіпті балалық аңғалдықпен айтылғандай көрінеді. Алайда оның астарында баланың мейірімге деген шексіз қажеттілігі, әрбір жылы сөз бен қамқорлықты «апа» ұғымымен байланыстыратын ішкі танымы жатыр. Манас үшін «апа» – тек туыстық атау емес, ол – жылылық, түсіністік, қорғаныш, рухани тыныштық ұғымдарының жиынтығы.

Бір апа – биологиялық анасы, екінші апа – нағашы жұрттың өкілі, үшінші апа – көрші әйел. Бұл үш бейне арқылы автор баланың әлеуметтік ортасын кеңейтіп, оның эмоционалдық әлемін көрсетеді. Манас үшін мейірім танытқан әрбір әйел бейнесі «апа» деңгейіне көтеріледі. Бұл – баланың әлемді қабылдауындағы таза, гуманистік көзқарастың көрінісі. Сонымен қатар бұл тұс қазақ қоғамындағы «көрші – туыс» деген ұғымның көркем көрінісі ретінде де бағалануға тиіс.

Манастың психологиялық көңіл күйі шығарманың өн бойында нәзік лиризммен, сағыныш сарынымен өріледі. Ол атасы мен апасын сағынады, олардың жанында өзін қауіпсіз, бақытты сезінеді. Ал ата-анасының жанында ол кейде назардан тыс қалғандай, елеусіз қалғандай күй кешеді. Бұл – қазіргі урбанизацияланған қоғамдағы отбасылық қатынастардың шындығын көркем түрде бейнелейтін әлеуметтік-психологиялық астар. Автор баланың ішкі сезімін жасандылықсыз, табиғи түрде жеткізе отырып, оқырманды ойлануға, отбасы құндылықтарын қайта бағалауға шақырады.

Осылайша, Манас бейнесі арқылы Алтыншаш Жақиянова бала жанының нәзік иірімдерін, мейірімге деген мұқтаждықты, ата мен апа институтының тәрбиелік әрі рухани маңызын көркемдікпен ашып көрсетеді. Бұл шығармадағы психологиялық детальдар балалар әдебиетінің тек тәрбиелік емес, терең гуманистік және әлеуметтік мәні бар екенін дәлелдейді.

Шығармада Манастың апасына деген ерекше ілтипаты мен жанашырлығы оның әрбір әрекеті мен сөзінен анық аңғарылады. Бір эпизодта әкесінің өз апасына шамалы дауыс көтеріп сөйлеп жатқанын көрген Манас бұған шыдай алмай, бірден қарсылық білдіреді. Ол: «Апама неге сөйлейсің? Ол сенің мамаң ғой!» деп, балалық аңғалдықпен, бірақ жүрек түкпірінен шыққан шынайы сезіммен өз наразылығын білдіреді. Бұл сөздерде баланың әділеттілікке деген табиғи талпынысы, үлкенге деген құрметті қорғау инстинкті және апасына деген шексіз махаббаты айқын көрініс табады.

Манас үшін «апа» – жай ғана отбасы мүшесі емес, ол – рухани тірек, мейірім мен жылылықтың символы. Сондықтан да ол апасына айтылған кез келген қатқыл сөзді жеке өзіне жасалғандай қабылдайды. Әкесіне қарсы сөз айтуы – оның батылдығы мен моральдық сезімталдығын көрсететін психологиялық деталь. Бұл тұс арқылы автор баланың жан дүниесіндегі адамгершілік өлшемдердің ересектерден де биік тұратынын нәзік түрде меңзейді.

Шығармадағы тағы бір ерекшелік – автордың юмор элементтерін орынды әрі табиғи қолдануы. Манас әкесіне қарсы пікірін айтып алған соң, ішінен айтпақ болған бір ойды байқаусызда дауыстап айтып қояды. Сол сәтте бүкіл отбасы ду күлкіге қарық болады. Баланың өз сөзіне өзі таңғалып, абдырап қалуы, әрі күлкіге айналғанын сезінген сәттегі психологиялық күйі өте нанымды суреттелген. Алғашқыда ол өзін кінәлі сезінгендей, ұялып қалғандай күй кешсе, кейін күлкіге ұласқан жылы атмосфера оның көңілін бірден көтереді.

Ең әсерлі сәттердің бірі – Манастың осы жағдайдан кейін іштей қуанып, тіпті: «Миым, саған рахмет!» деп айтып жіберуі. Бұл сөйлем баланың ойлау жүйесінің тазалығын, өзіндік ішкі диалогқа бейімділігін, әрі бала психологиясына тән аңғал әрі шынайы рефлексияны көрсетеді. Манас өз ойының күлкі туғызғанына қуанып, оны өзінше жетістік ретінде қабылдайды. Бұл – бала психикасына тән ерекше құбылыс. Ол үлкендер әлеміндегі әлеуметтік нормаларды толық түсінбесе де, эмоциялық ортаға бейімделіп, өз әрекетінің нәтижесіне ішкі ризашылық білдіреді.

Отбасының бұл сөзге тағы да күліп жіберуі – шығарманың жылы атмосферасын күшейтетін көркемдік тәсіл. Мұнда отбасы мүшелерінің арасындағы эмоционалдық жақындық, бір-біріне деген түсіністік пен мейірім ерекше сезіледі. Манастың күлкіге айналған сөздері отбасы ішіндегі қарым-қатынастың еркін, ашық, сүйіспеншілікке толы екенін көрсетеді. Автор осы арқылы баланың дамуы үшін қауіпсіз, жылы эмоционалдық ортаның маңызын астарлап жеткізеді.

Психологиялық тұрғыдан алғанда, бұл эпизод Манастың эмоционалдық интеллектісін, эмпатиясын және өзіндік «Мен» сезімінің қалыптасуын айқын көрсетеді. Ол апасын қорғау арқылы өзінің құндылықтар жүйесін білдіреді, ал күлкіге айналған сөзі арқылы әлеуметтік жағдайды интуитивті түрде меңгере бастайды. Бұл – бала тұлғасының қалыптасуындағы маңызды кезеңдерді көркем түрде бейнелейтін эпизод.

Осылайша, Алтыншаш Жақиянова Манас бейнесі арқылы баланың жан әлеміндегі мейірім, әділеттілік, ұяңдық, қуаныш пен өзіндік рефлексия сияқты күрделі психологиялық күйлерді қарапайым әрі әсерлі детальдар арқылы ашып көрсетеді. Юмор мен лиризмнің табиғи үйлесімі шығарманы тек тәрбиелік мазмұндағы балалар әдебиеті деңгейінде ғана емес, психологиялық прозаның нәзік үлгісі ретінде де бағалауға мүмкіндік береді.

Шығармада Манастың әке-шешесінің арасындағы қарым-қатынастың суынуы, отбасылық жанжалдардың күшеюі бала психикасына ауыр соққы болып тиеді. Тіршіліктің тауқыметіне жұтылып, бір-біріне деген сезімі әлсіреген ата-ананың ішкі қақтығыстары Манастың жан дүниесінде үлкен жара қалдырады. Ол: «Үйде күнде жанжал да аз емес. Әке-шешемнің ерегісінен қажып кеттім. Әкем тік мінезді, шешем де оңай жау емес. Әкеме қарап күлгенін көрмейтін де болып кеттік» деп, өзінің балалық бейқам күйін ұмытып, ересектер әлемінің ауыр проблемасын жүрегімен сезінетін деңгейге жеткенін көрсетеді.

Бұл сөздерде баланың ішкі күйзелісі, психологиялық қажуы анық байқалады. Манас үшін отбасы – тыныштық пен қауіпсіздік мекені болуы тиіс еді. Ал керісінше, ол жанжал мен түсінбеушіліктің алаңына айналған. Бала санасында ата-ананың бір-біріне деген салқын көзқарасы, күлкі мен жылылықтың жоғалуы – махаббаттың өшуімен тең. Манас ата-анасының күлкісін, бір-біріне деген жылы қарым-қатынасын көрмей өсу арқылы эмоционалдық тапшылықты бастан кешіреді. Ол өзін кінәлі сезінбесе де, ішкі түйсігінде отбасының күйреуін жеке трагедия ретінде қабылдайды.

Ақырында, ата-әженің ақылы мен тілегіне қарамастан, отбасының екіге бөлінуі – Манас үшін орны толмас психологиялық соққы. Балалардың анасының жанында қалуы, әкесінен, ата мен апасынан ажырауы оның рухани әлемін күрт өзгертіп жібереді. Бұған дейін атасы мен апасының мейіріміне, әкесінің қамқорлығына сүйеніп келген бала енді өзін жалғыз қалғандай сезінеді. Отбасының бөлінуі оның өміріндегі тұрақтылық пен сенімнің іргетасын шайқалтады.

Манастың жалғыз қалған сәтінде айтқан: «Ал енді уақыт тіптен жылжымайды. Түрме деген осындай болатын шығар» деген сөзі оның ішкі күйінің шегіне жеткенін көрсететін философиялық-психологиялық метафора іспетті. Бала үшін уақыттың тоқтауы – өмірдің мәнсізденуі, қуаныш пен үміттің жоғалуы. Ол өзін рухани қапасқа түскендей сезінеді, ал «түрме» ұғымы – оның жалғыздық пен күйзелісті сезінуінің көркем символы. Бұл жерде автор баланың психологиялық күйін ересек адамның философиялық пайымымен сабақтастыра отырып, ерекше көркемдік тәсіл қолданған.

Манас үшін ата мен ападан, әкеден айырылу – тек физикалық ажырасу емес, эмоционалдық әлемнің күйреуі. Ол өзін қауіпсіз сезінетін кеңістіктен, мейірімге толы атмосферадан айрылып, белгісіз, суық, жалғыздыққа толы әлемге тап болады. Бала психологиясында мұндай күй «жоғалту травмасы» ретінде қабылданып, оның дүниетанымына терең із қалдырады. Манастың уақыттың жылжымай қалғанын сезінуі – депрессиялық көңіл күйдің көркем бейнесі, оның өмірге деген қызығушылығының бәсеңдегенін аңғартатын маңызды психологиялық деталь.

Автор осы эпизод арқылы қазіргі қоғамдағы ажырасу мәселесінің бала психикасына тигізетін ауыр зардабын көркемдікпен көрсетеді. Манастың ішкі монологы, жалғыздық сезімі, уақыттың тоқтағандай күй кешуі – балалардың ажырасу жағдайындағы эмоционалдық травмасын бейнелейтін терең психологиялық сурет. Бұл шығарма тек балаларға арналған повесть қана емес, ересектерге арналған әлеуметтік-психологиялық ой салатын көркем туынды деңгейіне көтеріледі.

Осылайша, Манас бейнесі арқылы Алтыншаш Жақиянова баланың ішкі трагедиясын, отбасы институтының күйреуінің адам жанына әсерін, жалғыздық пен сағыныштың психологиялық табиғатын нәзік лиризммен әрі терең гуманистік пафоспен ашады. Бұл повесть отбасылық құндылықтардың маңызын, ата-ана жауапкершілігінің рухани салмағын көркем түрде еске салатын маңызды әдеби туынды ретінде бағалануға әбден лайық.

Шығармада автор жас Манасқа ересек адамға тән күрделі психологиялық ойлар мен ішкі монологтар айтқызады. Алғаш қарағанда бұл ауыр көрінуі мүмкін. Алайда бүгінгі қоғамның шынайы болмысын ескерсек, мұндай көркемдік тәсіл орынды әрі өмірлік негізі бар. Қазіргі балалардың көпшілігі ерте есейеді, тұрмыстық қиындықтарды, ата-аналар арасындағы кикілжіңді, әлеуметтік қысымды өз жүрегімен сезініп өседі. Сондықтан Манастың философиялық ойлары мен жан айқайы – көркем әсірелеу ғана емес, бүгінгі шындықтың көрінісі.

Жазушы жас кейіпкердің аузы арқылы қазіргі қоғамдағы отбасылық дағдарыстың салдарын ашық көрсетеді. Мүмкін дәл осындай шығармаларды оқыған жас отбасылар ата-ана жауапкершілігінің салмағын терең сезініп, баланың тағдырына немқұрайды қарамауға тырысар. Өйткені Манастың тағдыры – ойдан шығарылған бір баланың ғана емес, көптеген балалардың ортақ трагедиясының көркем бейнесі.

Шығарманың ең әсерлі тұстарының бірі – Манастың оқырманға тікелей үн қатуы. Ол: «Бірдеңе айтыңыздаршы. Сонда менің күнім не болады?! Менің мына сергелдеңге түскен быт-шыт өміріме кім кінәлі?!» деп, жан дүниесіндегі қасіретті сұрақтарды алға тартады. Бұл – жай ғана баланың сөзі емес, әлеуметтік-философиялық мәні бар көркем айқай. Манас өзін ғана емес, бүкіл қоғамды, ата-аналарды, ересектер әлемін жауапқа тартқандай әсер қалдырады. Оның сұрағы риторикалық сипатта болғанымен, оқырманды терең ойға жетелейді.Баланың тағдырына кім жауапты, отбасындағы күйреуге кім кінәлі, қоғам балаға қандай жауапкершілік арқалайды?

Манастың психологиялық көңіл күйі осы тұста шегіне жеткен трагедиялық деңгейде бейнеленеді. Ол өзін жалғыз сезінеді, өмірінің быт-шыт болғанын түйсінеді, болашаққа деген сенімі шайқалған. Бала үшін отбасының күйреуі – әлемнің күйреуімен тең. Сондықтан оның «менің күнім не болады?» деген сұрағы – үміт пен үрейдің, қорқыныш пен сағыныштың тоғысқан күйін білдіретін терең психологиялық деталь. Бұл жерде автор баланың ішкі трагедиясын лирикалық пафоспен емес, шынайы психологиялық драматизммен береді.

Шығарманы оқу арқылы оқырман өмірдің маңызды сабағын алады. Біріншіден, отбасы – баланың психологиялық қалыптасуындағы ең басты институт екенін терең сезінеді. Екіншіден, ата мен апа институтының бүгінгі қоғамдағы орны мен рөлі айқын көрінеді. Ата мен апа Манас үшін рухани қорған, жылылық пен тұрақтылықтың символы ретінде суреттеледі. Оларсыз қалған бала өзін тамырсыз қалғандай, тірексіз қалғандай сезінеді. Автор осы арқылы дәстүрлі қазақ қоғамындағы ұрпақ сабақтастығының маңызын көркем түрде дәлелдейді.

Қорыта айтқанда, Алтыншаш Жақиянованың «Апа, сені сағындым» повесі – балалар әдебиетінің шеңберінен шығып, әлеуметтік-психологиялық проза деңгейіне көтерілген шығарма. Манас бейнесі арқылы автор бала жанындағы нәзік сезімдерді, отбасылық дағдарыстың адам психикасына әсерін, ата-әже институтының рухани маңызын терең көркемдікпен ашады. Кейіпкердің жан айқайы оқырманды бейжай қалдырмайды, керісінше, әр ата-ананы, әр ересек адамды жауапкершілік туралы ойлануға мәжбүр етеді.

Бұл шығарма – тек көркем туынды ғана емес, қоғамға айтылған моральдық үндеу, адамгершілік манифесі іспетті. Ол отбасылық құндылықтарды қадірлеуге, баланың ішкі әлеміне үңілуге, ата мен апаның тәрбиелік рөлін қайта бағалауға шақыратын маңызды рухани еңбек ретінде бағалануға лайық.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *