ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫ

ЖАННА- сайт сурет

Жанна ИМАНҚҰЛ
«Жалын» журналының қызметкері,
«Ақпарат саласының үздігі» иегері

 

Кез келген мемлекеттің қуаты оның табиғи байлығымен немесе экономикалық көрсеткіштерімен ғана өлшенбейді. Дербес мемлекет болудың мәні мен мазмұны әрқашан оның ішкі тұтастығымен, халқының бірлігімен және өз еліне деген перзенттік махаббатымен өлшенеді. Еліміз тарихтың күрделі белестерінен өтіп, өз тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап дамудың сара жолына түсті. Бұл жолдың басты бағдары – бейбітшілік, тұрақтылық және ұлттық бірлік. Кез келген мемлекеттің іргетасын бекітіп, оның халықаралық аренадағы беделін арттыратын негізгі күш – қоғамның ішкі бірлігі мен әрбір азаматтың жүрегіндегі патриоттық сезім. Патриотизм жай ғана ұран немесе асқақ сөздер жиынтығы емес, ол – күнделікті іс-әрекетпен, Отанға деген шынайы сүйіспеншілікпен және мемлекеттік құндылықтарды қадірлеумен көрініс табатын терең рухани ұғым. Осы рухани ұғымның материалдық және символдық көрінісі ретінде мемлекеттік рәміздер алға шығады. Ту, Елтаңба және Әнұран – біздің өткеніміз бен бүгінімізді, болашаққа деген үкілі үмітімізді жалғап тұрған қасиетті белгілер. Сондықтан мемлекеттік рәміздерге ұқыпты әрі құрметпен қарау – әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы, оның отаншылдық деңгейінің басты көрсеткіші болып табылады.

Қазақ халқының тарихы – азаттық жолындағы күрестің, егемендікке ұмтылыстың және өз жерін қорғаудың ұлы шежіресі. Сақтар мен ғұндар дәуірінен басталып, Қазақ хандығының құрылуымен бекіген, одан кейінгі Алаш арыстарының аңсаған арманымен ұштасқан бұл жол бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасының құрылуына алып келді. Осы орайда, тарихи сабақтастықты сақтау және оны келесі ұрпаққа бұрмалаусыз жеткізу – ұлттық бірлік пен тұрақтылықтың басты рухани кепілі болып табылады. Өткен тарихын білмейтін, ата-бабаларының ерлігі мен қателіктерінен сабақ алмаған қоғамның болашағы бұлыңғыр.

Ұрпақтар арасындағы байланыс – қоғамның ішкі тұтастығын сақтайтын алтын көпір. Әрбір жаңа буын өзінен бұрынғы аға ұрпақтың жасаған еңбегін, қалыптастырған құндылықтарын негізге ала отырып дамиды. Бүгінгі таңда еліміздің егемендігін нығайтуға үлес қосып жүрген азаматтар – өткен ғасырдың қиын-қыстау кезеңдерінде елдігімізді сақтап қалған тұлғалардың рухани жалғасы. Сондықтан жастар бойындағы отаншылдық сезім тарихқа деген терең тағзымнан бастау алуы тиіс. Біздің мемлекеттік рәміздеріміздегі әрбір бейне – Туымыздағы қыран, Елтаңбамыздағы пырақтар мен шаңырақ – жай ғана заманауи дизайн емес, бұл біздің мыңжылдық тарихымыздың, көшпелілер мәдениетінің және дәстүріміздің заңды жалғасы. Осы символдық байланысты сезіну әрбір азаматтың бойында өз еліне деген перзенттік мақтанышты арттырады.

Бұл рухани байланысты нығайтуда отбасылық тәрбие мен мектеп қабырғасындағы білім беру жүйесі ерекше рөл атқарады. Ата-ананың өз перзентіне ел тарихын айтып өсіруі, батырлар жырын, шешендік сөздерді құлағына сіңіруі – патриотизмнің алғашқы ұшқындарын оятады. Ал мектептегі тарих сабақтары тек құрғақ даталар мен фактілерді жаттау емес, сол оқиғалардың артында тұрған ұлттық мүддені, ата-бабаларымыздың бастан кешкен қасіреті мен қуанышын сезіндіру форматында өтуі тиіс. Сонда ғана жас ұрпақ өз Отанының әрбір сүйем жері үшін қаншама тер мен қан төгілгенін түсініп, бүгінгі бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадірін білетін болады.

Патриотизм мен бірлік туралы сөз қозғағанда, оның заманауи сипаты ретінде азаматтық жауапкершілік пен жоғары құқықтық мәдениетті атап өткен жөн. Қазіргі дамыған әлемде мемлекеттің қуаты тек оның әскери күшімен немесе табиғи ресурстарымен ғана емес, сол елдегі заңның үстемдігімен және азаматтардың құқықтық санасының деңгейімен өлшенеді. Шын мәніндегі патриот – бұл тек Отанын жақсы көретін адам емес, бұл ең алдымен өз елінің заңдарын мүлтіксіз орындайтын, өзгелердің құқықтарын құрметтейтін және қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысатын жауапты азамат. Заң мен тәртіп бар жерде ғана әділеттілік орнайды, ал әділеттілік бар жерде қоғамның бірлігі мен тұрақтылығы мызғымайды.

Патриотизм ұғымы адамның өз Отанына деген сүйіспеншілігін, жауапкершілігін және адалдығын білдіреді. Патриот болу тек мемлекетті мақтан тұтумен шектелмейді. Ол елдің дамуына үлес қосуға ұмтылудан, заңдарды құрметтеуден, қоғамдық тәртіпті сақтаудан және өз міндеттерін адал орындаудан көрінеді. Отансүйгіштіктің мәдени көрінісі күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерде: көшеде тазалық сақтау, жол жүру ережелерін бұзбау, салықтарды уақытылы төлеу, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне қарсы әрекет т.б. Осының бәрі – мемлекетті нығайтуға қосылып жатқан нақты үлес. Егер әрбір азамат «мен заңды бұзсам, мемлекетіме, қоғамыма зиян келтіремін» деген ішкі сүзгімен өмір сүрсе, еліміздегі құқықтық жүйе де жаңа деңгейге көтеріледі. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет те осы құқықтық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Заңнамада көрсетілген рәміздерді пайдалану тәртібін білу, оларды қорлауға жол бермеу – рухани жетілгендіктің белгісі.

Қазақстан патриотизмнің көптеген өзге елдерден ерекшелігі – оның көпұлтты қоғам жағдайында қалыптасуында. Елімізде түрлі этностар мен мәдениеттердің өкілдері өмір сүреді. Олардың барлығы Қазақстанды ортақ Отаны ретінде қабылдайды. Сондықтан қазақстандық патриотизм азаматтарды этникалық ерекшеліктеріне қарай бөлмейді, керісінше ортақ құндылықтар мен ортақ мақсаттар төңірегінде біріктіреді.

Нағыз патриот туған жердің тарихын, мәдениетін және дәстүрлерін құрметтейді. Ол ата-бабалардың ерлігін есте сақтап, ұлттық мұраны сақтауға атсалысады. Сонымен қатар патриотизм қазіргі заман талаптарына да жауап беруі тиіс. Білім алу, кәсіби шеберлікті арттыру, еңбекқорлық таныту және қоғам игілігі үшін қызмет ету де патриотизмнің маңызды көріністері болып табылады.

Сонымен қатар, азаматтық жауапкершілік қоғамдық істерге белсенді араласуды да білдіреді. Бұл – сайлауларға қатысып, өз таңдауын жасау, жергілікті мәселелерді шешуде бастама көтеру, экологиялық акцияларға қолдау көрсету. Мемлекет пен халық арасындағы сындарлы диалог, өзара сенім мен ынтымақтастық ортасы қалыптасқанда ғана кез келген реформа өз жемісін береді. Әрбір қазақстандық өзін мемлекеттің жай ғана тұтынушысы емес, оның тең құқылы және жауапты құрылтайшысы ретінде сезінуі тиіс. Осындай жоғары азаматтық сана қалыптасқан қоғамда ішкі тұрақтылықты шайқалту мүмкін емес, өйткені халық өз елінің тағдырына өзі тікелей жауапты екенін терең түсінеді.

Патриотизм ұғымының тамыры тым тереңде жатыр. Ол адамның туып-өскен жеріне, табиғатына, ана тіліне, мәдениеті мен салт-дәстүріне деген бауырмалдығынан бастау алады. Алайда қазіргі заманғы патриотизм тек өткенді мақтан тұтумен шектелмейді. Бүгінгі таңда отаншылдық – елдің болашағы үшін жауапкершілікті сезіну, оның экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына үлес қосуға ұмтылу. Шын мәніндегі патриот адам өз жұмысын сапалы атқаратын, заңды құрметтейтін, айналасына пайдасын тигізетін және қоғамдық мүддені жеке мүддеден жоғары қоя білетін тұлға. Еліміз секілді геосаяси жағдайы күрделі, аумағы кең байтақ мемлекет үшін ішкі отаншылдық рухтың жоғары болуы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың басты кепілі. Әрбір азамат өзін осы елдің ажырамас бөлшегі ретінде сезінгенде ғана мемлекет сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп бере алады.

Мемлекеттің дамуы мен өркендеуі тікелей адам капиталының сапасына байланысты. Ал адам капиталының рухани негізін патриотизм құрайды. Жастардың білімге ұмтылуы, ғалымдардың жаңалық ашуы, спортшылардың халықаралық жарыстарда көк туымыздыды желбіретуі, әр жұмысшының өз ісіне адалдығы – осының бәрі патриотизмнің шынайы көріністері. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан реформалар мен бағдарламалар халықтың қолдауынсыз, олардың ортақ іске деген ынтасынсыз жүзеге аспайды. Сондықтан патриоттық тәрбие отбасынан басталып, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында үздіксіз жалғасуы тиіс. Бұл ретте жас ұрпаққа Отанды сүюді жалаң сөзбен емес, нақты мысалдармен, тарихи тұлғалардың өнегесімен және мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін түсіндіру арқылы сіңіру маңызды.

Отанымыздың ең басты жетістіктерінің бірі – елдегі ішкі тұрақтылық пен этносаралық, конфессияаралық келісім. Жүзден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында, бір Отанның туы астында бейбіт өмір сүріп жатқан біздің мемлекетіміз үшін бірлік – жай ғана сөз емес, өмірлік қажеттілік. Тарих сахнасында көптеген мемлекеттердің ішкі алауыздық пен жікшілдіктің кесірінен ыдырап, жойылып кеткенін көріп отырмыз. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылық – баға жетпес байлық. Тұрақтылық бар жерде ғана даму болады, инвестиция тартылады, жаңа жұмыс орындары ашылады, халықтың әл-ауқаты артады. Бірлік болмаған жерде кез келген экономикалық бағдарлама немесе әлеуметтік жоба өз мәнін жоғалтады.

Бірлік пен тұрақтылық өздігінен келетін немесе мәңгілік берілетін құбылыс емес. Бұл – мемлекет пен қоғамның күнделікті қажырлы еңбегінің, салиқалы саясат пен өзара түсіністіктің нәтижесі. Қазақстан қоғамындағы бірліктің негізі – ортақ құндылықтар мен ортақ болашаққа деген сенім. Біздің тіліміз, дініміз немесе этникалық тегіміз әртүрлі болғанымен, Отанымыз бір. Осы ортақ Отан идеясы барлық азаматтарды біріктіруші күшке айналуы тиіс. Бірлікті сақтау және нығайту – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әрбір азаматтың азаматтық ұстанымы болуы керек. Күнделікті өмірде, әлеуметтік желілерде, қоғамдық орындарда өзара сыйластық пен төзімділік таныту, арандатушылыққа бой алдырмау – тұрақтылықты сақтаудың басты жолы.

Мемлекеттік рәміздер – кез келген елдің тәуелсіздігі мен егемендігін айғақтайтын, оның тарихи шежіресі мен болашақ мұраттарын бейнелейтін қасиетті белгілер. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Мемлекеттік Елтаңбасы және Мемлекеттік Әнұраны 1992 жылы қабылданып, еліміздің дербес мемлекет ретіндегі мәртебесін заңды түрде бекітті. Бұл рәміздерде қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы, еркіндікке деген ұмтылысы және бейбітсүйгіш табиғаты терең өрнектелген. Олар жай ғана көркемдік туындылар емес, олар – мемлекеттің идеологиялық тірегі, ұлттық мақтаныштың қайнар көзі.

Тудың ашық аспан түстес көгілдір түсі бейбітшіліктің, тыныштық пен бірліктің белгісі болып табылады. Күн мен оның шұғылалы сәулелері байлық пен берекені, ал оның астында қанат жайған қыран құс – еркіндікті, тәуелсіздікті және биік мақсаттарға ұмтылысты білдіреді. Тігінен өрнектелген ұлттық ою-өрнек халқымыздың мәдениеті мен дәстүрінің тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Елтаңбамыздың негізі болып табылатын шаңырақ – ортақ үйіміздің, отбасылық жылылық пен бейбітшіліктің символы. Одан жан-жаққа тараған уықтар Қазақстанда тұратын барлық этностардың бірлігін бейнелейді. Аңыздардағы пырақтар мен жоғарыдағы бес бұрышты жұлдыз мемлекетіміздің жарқын болашағы мен биік армандарының белгісі. Әнұранымыз болса, халықтың рухын көтеріп, жүректерге жігер беретін, елдік сананы оятатын қасиетті әуен мен сөздің үйлесімі.

Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу және оларға ұқыптылықпен қарау – заңмен бекітілген міндет қана емес, ол ең алдымен әрбір азаматтың ішкі мәдениеті мен отаншылдық сезімінің көрсеткіші. Мемлекеттік туды, елтаңбаны немесе әнұранды құрметтеу арқылы біз өз елімізді, оның тарихын, тілі мен мәдениетін, сондай-ақ осы топырақта өмір сүріп жатқан барша халықты құрметтейтінімізді білдіреміз. Рәміздерге немқұрайлы қарау немесе оларды қорлау – мемлекеттің беделіне нұқсан келтірумен тең және қоғамда үлкен айыптауға ие болуы тиіс.

Қазіргі қоғамда мемлекеттік рәміздерді қолдану аясы кеңейіп келеді. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, азаматтарға өздерінің патриоттық сезімдерін білдіру мақсатында мемлекеттік туды үйлерінде, балкондарында ілуге, қоғамдық орындарда орынды пайдалануға рұқсат берілді. Бұл – өте маңызды қадам, себебі рәміздер тек ресми ғимараттардың төрінде ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті өмірінде, қуанышты сәттерінде бірге болуы тиіс. Спорттық жарыстарда халықаралық аренада туымыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалғанда әрбір қазақстандықтың жүрегінде мақтаныш сезімі ұялайды. Осы сезімді күнделікті өмірде де сақтап, рәміздерді көздің қарашығындай сақтау – біздің ортақ міндетіміз.

Мемлекеттік рәміздерді заңсыз пайдалану, оларды қорлау немесе ұқыпсыз қарау заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Бекітілген заңнамада рәміздерді қорлағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бұл шаралар мемлекеттің егемендік белгілерін сыртқы нұқсаннан қорғау үшін қажет. Алайда тек жазалау шараларымен ғана рәміздерге деген шынайы құрметті қалыптастыру мүмкін емес. Ең бастысы – азаматтардың санасында ішкі моральдық жауапкершілік пен терең түсінік болуы керек.

Мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері және бұқаралық ақпарат құралдары рәміздердің мәні мен маңызын насихаттауда белсенді жұмыс жүргізуі тиіс. Рәміздерді пайдалану ережелері, олардың тозған немесе бүлінген жағдайда қалай жойылатыны туралы ақпарат ашық әрі түсінікті болуы қажет. Мемлекеттік мекемелердегі тулар мен елтаңбалардың сапасы, олардың сыртқы түрі үнемі бақылауда болуы шарт. Ескірген, түсі оңған туды іліп қою – мемлекетке деген құрметсіздіктің белгісі. Сондықтан әрбір мекеме басшысы мен жауапты тұлға бұл мәселеге ерекше ұқыптылықпен қарауы тиіс.

Жаһандану заманында әрбір мемлекет үшін өзінің ұлттық бірегейлігін сақтап қалу – үлкен сын. Технологиялардың дамуы, ақпараттық ағындардың шекарасыздығы мәдениеттердің сіңісіп, ұлттық ерекшеліктердің жойылуына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейлікті сақтайтын және қоғамды біріктіретін басты құралдардың біріне айналады. Олар біздің кім екенімізді, қайдан келгенімізді және қайда бара жатқанымызды еске салып тұратын рухани темірқазық іспетті.

Мемлекеттік рәміздер елдегі барлық азаматтарды этникалық, діни немесе әлеуметтік ерекшеліктеріне қарамастан бір тұтас халық ретінде біріктіреді. Көк тудың астында жиналған қоғам өзін біртұтас ағза ретінде сезінеді. Бұл бірегейлік әсіресе халықаралық деңгейде айқын көрінеді. Шет елде жүрген Қазақстан азаматы өз елінің туын көргенде немесе әнұранын естігенде ерекше тебіреніске бөленеді. Осы ішкі байланыс пен рухани тұтастықты нығайту – мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығының негізі.

Жастар арасында патриоттық тәрбиені нығайту ерекше маңызға ие. Тәуелсіздік жылдары жаңа буын қалыптасты. Бұл ұрпақ егемен елде дүниеге келіп, тәуелсіз мемлекеттің азаматы ретінде өсіп келеді. Олардың бойында ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастыру маңызды міндеттердің бірі болып саналады.

Сондықтан жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді ұялату, оларды мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге баулу – стратегиялық маңызы бар міндет. Жастар арасында отаншылдықты қалыптастыру тек құрғақ лекциялармен немесе ресми шаралармен шектелмеуі керек. Ол үшін жаңа заманға сай, интерактивті, заманауи әдістерді қолдану қажет. Әлеуметтік жобалар, волонтерлік қозғалыстар, тарихи-мәдени экспедициялар жастардың өз елін тереңірек тануына және оған деген сүйіспеншілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Егер жастар өз елін жақсы көріп, оның жетістіктерін мақтан тұтса және кемшіліктерін түзетуге ұмтылса, мемлекет тұрақты дамудың жаңа деңгейіне көтеріледі.

Патриоттық сана адамның туған жеріне, халқына және мемлекетіне деген құрметінен басталады. Бұл сезім отбасында, білім беру ұйымдарында және қоғамда қалыптасады. Балалар өз елінің тарихын, мемлекеттік тілін, мәдениетін және ұлттық дәстүрлерін білген сайын олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік арта түседі.

Мектептер мен жоғары оқу орындарында әрбір аптаның басында мемлекеттік әнұранды орындау, туды көтеру дәстүрі азаматтық сананың қалыптасуына үлкен әсер етеді. Бала жасынан әнұранның сөзін жаттап, оны мақтанышпен шырқаған өрен өскенде де елінің нағыз патриоты болады. Сонымен қатар, цифрлық кеңістікте, әлеуметтік желілерде мемлекеттік рәміздердің маңызын түсіндіретін сапалы контент, бейнероликтер мен зияткерлік ойындардың көптеп шығарылуы маңызды. Жастар рәміздерді жай ғана ресми белгі ретінде емес, өздерінің мақтаныш тұтатын символы ретінде қабылдауы керек.

Еліміз өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Алдымызда тұрған мақсаттар – экономиканы әртараптандыру, әлеуметтік әділдікті орнату, демократиялық институттарды нығайту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Бұл ауқымды міндеттерді орындау қоғамнан үлкен ұйымшылдықты, жауапкершілікті және қажырлы еңбекті талап етеді. Патриотизм, бірлік пен тұрақтылық – осы мақсаттарға жетудің басты кепілі.

Біз ортақ мақсаттарға тек бірлесе отырып, бір-бірімізді қолдау арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Әрбір азаматтың мемлекеттік рәміздерге деген құрметі оның ел болашағына деген сенімінің және оны құруға дайындығының белгісі. Көк байрағымыз әрқашан биікте желбіреп, Елтаңбамыздың шаңырағы берік болып, Әнұранымыз асқақтай берсе, мемлекетіміздің іргесі де мықты болмақ. Отанға деген сүйіспеншілік әрбір жүректен орын алып, іспен дәлелденгенде ғана біз қуатты, дамыған және қауіпсіз Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманаттай аламыз. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – бұл өткен тарихқа тағзым, бүгінгі күнге құрмет және жарқын болашаққа деген сенімді қадам.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *