ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ ЖАҢА ПАРАДИГМАСЫ
Əділ НЕСІПБАЕВ,
экономист, ВІМ менеджер, ВІМ
академиясының вице-президенті,
зерттеуші-оқытушы
Қазіргі заманғы әлемдік экономикалық сәулет трансформациялық кезеңді бастан өткеруде, ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында үстемдік құрған абсолютті либерализм мен шекарасыз жаһандану концепциялары бүгінде прагматикалық экономикалық ұлтшылдық пен ішкі нарықты қорғау саясатына орын бере бастағаны жасырын емес. Әлемдік деңгейдегі геосаяси текетірестер, логистикалық тізбектердің үзілуі, санкциялық соғыстар және халықаралық сауда ұйымдарының реттеушілік қауқарының әлсіреуі кез келген егемен мемлекеттің алдына сыртқы күйзелістерге төтеп бере алатын отандық өндіріс пен ішкі нарық қорғанысы қандай деңгейде деген базалық сұрақты өткір қойып отыр. Біздің еліміз үшін де бұл мәселенің мәні зор, себебі тәуелсіздік жылдарында шикізаттық модельге арқа сүйеген отандық экономика сыртқы нарықтардағы конъюнктураға тым тәуелді болып қалды және еліміздің жаңа экономикалық бағыты экономиканы әртараптандыруды, өңдеу өнеркәсібін дамытуды және ішкі нарықты барынша отандық өніммен қамтамасыз етуді талап етеді. Отандық кәсіпкерлікті қолдау мен ішкі нарықты қорғау бұл жай ғана экономикалық терминдер емес, бұл ұлттық қауіпсіздіктің, әлеуметтік тұрақтылықтың және мемлекеттік егемендіктің кепілі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, отандық кәсіпкерліктің ағымдағы жай-күйін сараптау, ішкі нарықты қорғаудың құқықтық, экономикалық және тарифтік тетіктерін талдау, сондай-ақ халықаралық интеграциялық бірлестіктер аясында ұлттық мүддені қорғаудың тиімді жолдарын қарастыру бүгінгі күннің басты міндеттерінің біріне айналды.
Шағын және орта кәсіпкерлік соңғы онжылдықта сандық тұрғыдан айтарлықтай өсім көрсеткенімен, бұл көрсеткіштің ішкі құрылымына үңілсек, сапалық тұрғыдан айтарлықтай теңсіздіктердің бар екенін байқаймыз. Отандық шағын және орта бизнесіміздің жартысынан астамы сауда, логистика және қызмет көрсету саласында шоғырланған, ал өңдеу өнеркәсібі, жоғары технологиялық өндіріс және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу салаларындағы кәсіпкерліктің үлесі әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Кәсіпкерліктің мұндай құрылымы ішкі нарықты импортқа тәуелді етеді, нарықта сұраныс бар, бірақ ол сұранысты отандық фабрикалар емес, сырттан келетін дайын тауарлар қанағаттандырып отыр. Өндірістік кәсіпкерліктің дамуын тежейтін басты факторлардың бірі екінші деңгейлі банктердің нақты секторды несиелендіруге ықыласының төмендігі және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің жоғары болуы коммерциялық несиелердің пайызын көтеріп, жаңа өндіріс орнын ашуды немесе модернизациялауды қаржылық тұрғыдан тиімсіз етіп отыр. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін субсидиялар барлық кәсіпкерлерді қамти алмайды және көбіне бюрократиялық кедергілерге тіреледі, оған қоса отандық кәсіпорындардың көпшілігінде негізгі құрал-жабдықтардың тозу деңгейі жоғары, ал еңбек өнімділігі дамыған елдермен салыстырғанда бірнеше есе төмен. Оған қоса, техникалық және инженерлік кадрлардың тапшылығы кәсіпкерлердің халықаралық стандарттарға сай өнім шығаруына үнемі кедергі келтіреді.
Ішкі нарықты қорғау мәселесіиің соншалықты өткір қойылуының себебі ел нарығының сыртқы ойыншылардың, әсіресе көршілес ірі экономикалардың тауарлық экспансиясына ұшырауымен байланысты. Сыртынан келетін, әсіресе көлеңкелі экономика арқылы немесе мемлекеттік ірі субсидия алған шетелдік кәсіпорындардың өнімдері отандық өнімдерден арзан болып келеді, өйткені көрші елдердегі ірі зауыттар өндіріс ауқымының кеңдігінен тауардың өзіндік құнын барынша төмендете алады… Олармен біздің шағын зауыттар баға тұрғысынан бәсекелесе алмайды. Сонымен қатар, ішкі нарықтағы бақылаудың әлсіздігінен елге техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін, таңбаланбаған, мерзімі өткен немесе контрафактілік тауарлар көптеп кіріп, бұл Тек отандық бизнеске зиян келтіріп қоймай, азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Валюталық құбылмалылық әсері де өз алдына бөлек қатер, көрші елдердің ұлттық валюталарының девальвациясы кезінде олардың тауарлары нарығымызда лезде арзандап, отандық өндірішулерді банкроттық шегіне жеткізетін жағдайлар жиі кездеседі. Әлемдік тәжірибеде ішкі нарықты қорғаудың ондаған тиімді тетіктері бар, тіпті еркін сауданың бас қорғаушысы саналатын дамыған елдер де өздерінің ішкі өндірушілерін қорғау үшін қатаң протекционистік шараларды қолданады. Алайда, еліміз ішкі нарықты қорғау саясатын жүргізуде Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы халықаралық міндеттемелермен шектелгендіктен, тікелей тыйым салу емес, ақылды протекционизм саясатына көшуі тиіс, бұл халықаралық заңнамаларды бұзбай, тарифтік емес реттеу тетіктерін шебер қолдануды білдіреді.
Ақылды протекционизм құралдарының ішінде техникалық реттеу және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау халықаралық ережелерге қайшы келмейтін ең пәрменді құрал болып табылады, елге кіретін әрбір тауардың ұлттық стандарттарға, ұлттық қауіпсіздік ережелеріне сәйкестігі қатаң тексерілуі керек. Ол үшін шекара маңында және ірі мегаполистерде заманауи, халықаралық аккредитациядан өткен сертификаттау зертханаларын ашу және шетелдік өнімдердің сапа сертификаттарын сырттай тануды тоқтатып, нақты сынамалар алу арқылы тексеру талап етіледі. Егер шетелдік тауар өндіруші өз елінде субсидия алып, бізге өнімді тым төмен бағамен әкеліп жатса, арнайы антидемпингтік және өтемақылық зерттеулер бастап, осы тауар түріне қарсы арнайы баж салығын енгізу тәжірибесін отандық құрылыс, металлургия және кабель өнеркәсібін қорғау үшін белсенді қолдану қажет. Тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін енгізу де көлеңкелі импортпен күрестің басты құралы болып табылады, өйткені елге заңсыз, салық төлемей кірген тауар сауда сөресіне жете алмайды, себебі оның цифрлық коды болмайды және бұл отандық заңды бизнеске тең бәсекелестік орта туғызады. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор және жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялар өз қажеттіліктеріне тауар сатып алғанда бірінші кезекте отандық өндірушілерге басымдық беруі тиіс, бұл ретте офтейк-келісімшарттар жасау арқылы кәсіпкермен болашақта шығатын өнімді сатып алу туралы ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау маңызды рөл атқарады.
Тек сырттан келетін тауарды шектеу жеткіліксіз, себебі ішкі өндірісті қатар дамытпасақ, импортты шектеу тауар тапшылығына және инфляцияның өсуіне әкеп соғады, сондықтан нарықты қорғау отандық бизнесті қуаттандырумен қатар жүруі тиіс. Салық саясаты бизнес үшін жазалаушы емес, ынталандырушы құралға айналуы керек, мысалы өңдеу өнеркәсібіне қажетті жоғары технологиялық жабдықтарды импорттағанда қосымша құн салығынан босату немесе төлеу мерзімін ұзарту, сондай-ақ кәсіпорын өзінің тапқан табысын өндірісті кеңейтуге, жаңа технологиялар сатып алуға бағыттаса, сол соманы корпоративтік табыс салығынан шегеру тиімді нәтиже береді. Шағын және орта бизнесті ірі шикізат гиганттарының айналасына шоғырландырып, өнеркәсіптік кооперация мен кластерлік тәсілді дамыту қажет, олар ірі компанияларға қажетті бұрандалардан бастап, арнайы киімдер мен күрделі құрылғыларды шығаруды игерсе, бұл шағын бизнестің аяғынан тік тұруына септігін тигізеді. Ішкі нарықты қорғау ең маңызды саналатын сала агроөнеркәсіптік кешен болып табылады, өйткені азық-түлік қауіпсіздігі кез келген мемлекеттің тәуелсіздігінің негізі, аграрлық әлеуетіміз орасан зор болғанымен, біз әлі де қант, сүт өнімдері, құс еті және көкөністердің бір бөлігін импорттаймыз. Субсидиялау жүйесін реформалап, субсидияны Тек мал басына немесе егіс көлеміне емес, түпкілікті өнім нәтижесіне, яғни өндірілген сүттің литріне немесе өңделген еттің тоннасына беру керек, сонда ғана кәсіпкер өнімділікті арттыруға тырысады.
Біздегі фермерлердің басты мәселесі өнімді өсіру емес, оны сақтау және тұтынушыға жеткізу болып табылады, күздігүні өнім көп кезде баға арзан болады, ал қыста және көктемде қоймалардың жоқтығынан көрші елдердің қымбат импортына тәуелді болатынымызды ескерсек, мемлекет тарапынан заманауи көкөніс қоймаларын, тоңазытқыш кешендерін салуды субсидиялау ішкі нарықты маусымдық баға құбылуынан қорғайды. Отандық өндірушілер үшін ірі супермаркеттер мен сауда желілерінің сөрелеріне шығу үлкен мәселе, олардан жоғары кіру жарналары мен ретро-бонустар талап етілетіндіктен, заңнамалық деңгейде сауда сөрелерінің белгілі бір бөлігін жергілікті азық-түлік өнімдеріне міндетті түрде квоталау талабын енгізу қажет. Отандық кәсіпкерлікті дамыту және ішкі нарықты қорғау бұл уақытша науқандық шара емес, бұл Қазақстанның алдағы онжылдықтарға арналған стратегиялық бағыты болуы тиіс, біз сыртқы әлемнен оқшаулана алмаймыз, бірақ халықаралық экономикалық интеграция жағдайында өз ұлттық мүддемізді қатаң әрі сауатты қорғауды үйренуіміз қажет. Нарықты қорғаудың тиімділігі мемлекет пен бизнестің өзара сенімі мен жауапкершілігіне негізделеді, мемлекет бизнесті арзан қаржымен, инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, сыртқы демпингден қорғаса, отандық кәсіпкерлер де өз кезегінде өнім сапасын арттыруға, бағаны немесе тарифтерді негізсіз өсірмеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға міндетті. Техникалық тосқауылдарды күшейту, ұлттық стандарттарды халықаралық деңгейге жеткізіп, шекарадағы санитарлық, фитосанитарлық және техникалық бақылауды барынша қатаңдату, өңдеу өнеркәсібіндегі жобалар үшін төмен мөлшерлемемен ұзақ мерзімді несиелер беру тетігін іске қосу, көлеңкелі экономика мен контрабанда деңгейін төмендету үшін шекаралық кеден бекеттерін толық автоматтандыру, тауарлардың қадағалануын жүз пайыз цифрландыру және халық арасында отандық өнімді сатып алу мәдениетін, яғни экономикалық патриотизмді насихаттау арқылы ғана өз кәсіпкерлік салаларымызды нығайтып, ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз ете аламыз және әлемдік қоғамдастықта экономикалық тұрғыдан тәуелсіз, қуатты мемлекет ретінде өз орнымызды бекіте түсеміз.
Ұлттық шаруашылықтың тұрақтылығы мен экономикалық суверенитеттің деңгейі ең алдымен мемлекеттің өз ішкі ресурстарын қаншалықты тиімді пайдалана алатындығымен және сыртқы нарықтардың қысымына қаншалықты деңгейде төтеп бере алатындығымен өлшенеді. Қазақстан жағдайында отандық кәсіпкерліктің қалыптасу тарихы мен даму бағыттары әуел бастан-ақ трансформациялық сипатқа ие болды, себебі жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшу кезеңінде елдің негізгі өндірістік активтері мен шикізаттық базасы ірі шетелдік инвесторлардың бақылауына өтіп, шағын және орта бизнес негізінен өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейінде, яғни тауар айналымы мен делдалдық қызмет көрсету саласында ғана дамыды. Мұндай үрдіс ұзақ уақыт бойы елдің ішкі нарығындағы стратегиялық маңызды тауарлар позициясының шетелдік өндірушілердің қолында қалып қоюына алып келді, ал бұл өз кезегінде импорттық инфляция мен ұлттық валюта бағамының кез келген ауытқуына ішкі бағалардың бірден секіріп кетуіне негіз болды. Бүгінгі таңда отандық кәсіпкерлікті жай ғана қолдау емес, оны құрылымдық тұрғыдан қайта құру, яғни шикізаттық емес секторды, өңдеуші өнеркәсіпті, машина жасау, химия өндірісі және жеңіл өнеркәсіп сияқты салаларды экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналдыру міндеті тұр. Осы міндетті орындау барысында ішкі нарықты қорғау саясаты мемлекеттің басты құралына айналуы тиіс, себебі қорғалмаған нарықта әлсіз отандық кәсіпорындар трансұлттық корпорациялардың немесе көршілес ірі мемлекеттердің қуатты, субсидияланған тауарлық ағындарына төтеп бере алмай, алғашқы кезеңде-ақ күйреуге ұшырайды.
Экономикалық тарихқа көз жүгіртсек, бүгінгі таңда дамыған, индустриалды деңгейге жеткен кез келген ірі мемлекет өз уақытында қатаң протекционистік саясатты бастан өткергенін көреміз, олар өздерінің ұлттық өндірісі аяғынан тік тұрып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болғанға дойін ішкі нарықты сыртқы бәсекелестерден заңнамалық, тарифтік және тарифтік емес әдістермен мұқият қорғап отырды. Қазақстанның қазіргі жағдайында нарықты қорғау шаралары халықаралық құқықтық кеңістіктегі міндеттемелермен тікелей байланысты болғандықтан, бұл процесс өте жоғары деңгейдегі икемділікті және құқықтық сауаттылықты талап етеді. Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидаттарына сәйкес, еркін саудаға кедергі келтіретін тікелей шектеулерге тыйым салынғанымен, ұлттық мүддені қорғаудың техникалық кедергілер, фитосанитарлық нормалар, тауардың шығу тегін анықтау ережелері сияқты заңды тетіктері бар, оларды қолдану арқылы мемлекет өз нарығына сапасыз, арзан және демпингтік тауарлардың кіруін айтарлықтай шектей алады. Алайда, мұндай тетіктердің тиімді жұмыс істеуі үшін ел ішіндегі бақылаушы органдардың, кеден қызметінің, сертификаттау орталықтары мен заманауи зертханалардың материалдық-техникалық базасы өте жоғары деңгейде болуы шарт, егер біз шекарадан өтіп жатқан тауардың құрамын, оның қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін бірнеше сағаттың ішінде анықтай алатын жоғары технологиялық зертханалар желісін құра алмасақ, кез келген шектеу шарасы бюрократиялық кешігулерге немесе жемқорлық тәуекелдеріне алып келеді.
Отандық кәсіпкерліктің ішкі нарықта бәсекелік басымдыққа ие бола алмауының тағы бір терең себебі өндірістік шығындардың жоғары болуымен және отандық өнімнің өзіндік құнының көрші елдермен салыстырғанда қымбаттығымен түсіндіріледі. Еліміздің географиялық орналасуы, аумағының кеңдігі және халық тығыздығының төмендігі көлік-логистикалық шығындарды автоматты түрде жоғарылатады, яғни ел ішінде тауарды бір өңірден екінші өңірге тасымалдаудың өзі оның бағасына айтарлықтай салмақ салады. Оған қоса, өндіріске қажетті шикізаттың, жиынтықтаушы бөлшектердің, қондырғылар мен технологиялардың басым бөлігі сырттан импортталатындықтан, отандық кәсіпкерлер өндірісті бастамай жатып-ақ валюталық тәуекелдерге тап болады және теңге бағамының әлсіреуі өндіріс шығындарын бірден арттырып жібереді. Ал көршілес мемлекеттерде, мәселен, Қытайда немесе Өзбекстанда жұмыс күшінің арзандығы, өндіріс ауқымының үлкендігі және мемлекет тарапынан экспортты тікелей немесе жанама субсидиялау тетіктері жолға қойылғандықтан, олардың тауарлары біздің нарыққа кіргенде отандық өнімдерді лезде ығыстырып шығарады. Мұндай жағдайда мемлекет тек сыртқы импортқа тосқауыл қойып қана қоймай, отандық өндірушілердің ішкі шығындарын азайтудың кешенді бағдарламаларын ұсынуы тиіс, бұл ретте кәсіпорындар үшін электр энергиясы, су, газ сияқты коммуналдық-инфрақұрылымдық тарифтерді оңтайландыру, өндірістік мақсаттағы жер телімдерін тегін немесе ұзақ мерзімді жеңілдікпен беру, сондай-ақ теміржол және автомобиль тасымалы бойынша ішкі логистикалық тарифтерді субсидиялау сияқты қадамдар жасалуы қажет.
Мемлекеттік сатып алулар жүйесі ішкі нарықты қолдаудың және отандық кәсіпкерлікті ынталандырудың ең қуатты фискалдық құралы болып табылады, өйткені мемлекеттік бюджет пен квазимемлекеттік сектордың жылдық сатып алу көлемі триллиондаған теңгені құрайды және бұл орасан зор қаржы ағыны отандық өндірістің дамуына тікелей бағытталуы тиіс. Алайда, іс жүзінде мемлекеттік сатып алулар процесінде бағаның ең төмен болуы туралы қағидаттың үстемдік құруы көбіне сапасыз шетелдік тауарлардың жеңіп кетуіне алып келеді, өйткені отандық сапалы өнім өзінің өндірістік шығындарына байланысты сырттан келетін арзан, төмен сапалы аналогтармен баға тұрғысынан бәсекелесе алмайды. Бұл жүйені түбегейлі өзгерту үшін сатып алу критерийлерінде Тек бағаға ғана емес, тауардың сапасына, оның ел ішіндегі локализация деңгейіне, яғни жергілікті қамту үлесіне және кәсіпорынның салықтық тарихы мен жұмыс орындарын құрудағы әлеуметтік жауапкершілігіне басымдық берілуі керек. Офтейк-келісімшарттар жүйесін кеңінен енгізу мемлекеттік сатып алулардың тиімділігін арттырудың басты құралы бола алады, бұл формат бойынша мемлекеттік орган немесе ірі ұлттық компания кәсіпкермен белгілі бір өнімді алдағы бірнеше жыл бойы тұрақты сатып алу туралы келісімге келеді, ал кәсіпкер өз тарапынан сол өнімді шығаратын жаңа зауыт салуға немесе бар өндірісін толық модернизациялауға міндеттеме алады. Бұл тәсіл кәсіпкерге ертеңгі күнге деген сенімділік беріп, банктерден ұзақ мерзімді инвестициялық несиелер алуға мүмкіндік туғызады, сонымен қатар мемлекеттің импортқа тәуелділігін азайтып, ел ішінде жаңа өндірістік қуаттардың пайда болуына септігін тигізеді.
Агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өнеркәсібі саласында ішкі нарықты қорғау мәселесі ұлттық қауіпсіздікпен тікелей астарласып жатыр, өйткені азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмаған мемлекет сыртқы саяси және экономикалық қысымдарға өте осал келеді. Ауыл шаруашылығымыз климаттық ерекшеліктерге, су ресурстарының тапшылығына және техникалық жарақтандырылу деңгейінің төмендігіне байланысты жоғары тәуекелді аймақтарға жатады, бұл өз кезегінде өнім шығымдылығын тұрақсыз етіп, өнімнің өзіндік құнын көтереді. Сонымен қатар, көршілес мемлекеттерден келетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің заңсыз және бақылаусыз ағыны отандық фермерлердің еңбегін еш кетіріп, оларды шығынға батыратын жағдайлар жиі кездеседі, мысалы маусымдық кезеңдерде сырттан келетін арзан көкөністер мен жеміс-жидектер ішкі бағаны күрт түсіріп жібереді де, жергілікті шаруалар өз өнімдерін өткізе алмай, несиелерін төлей алмайтын тығырыққа тіреледі. Бұл мәселені шешу үшін маусымдық тарифтік реттеу тетіктерін белсенді қолдану қажет, яғни ішкі өнім жинау және өткізу науқаны жүріп жатқан кезде сырттан келетін ұқсас тауарларға уақытша шектеулер немесе жоғары баж салықтарын енгізу халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады және ДСҰ ережелерімен де белгілі бір шеңберде рұқсат етілген. Оған қоса, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын заманауи логистикалық орталықтар мен қоймалар желісін мемлекет есебінен немесе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында дамыту қажет, бұл фермерлерге өз өнімдерін бұзбай сақтап, жыл бойы ішкі нарыққа тұрақты бағамен ұсынуға мүмкіндік береді.
Қаржылық ресурстардың қолжетімділігі мен несиелік саясат отандық кәсіпкерліктің өсу қарқынын анықтайтын басты фактор болып табылады, алайда қазіргі уақытта Қазақстанның қаржы нарығы мен нақты сектор арасында үлкен алшақтық қалыптасқан. Екінші деңгейлі банктер өз қаражаттарын өндірістік, ұзақ мерзімді және тәуекелі жоғары жобаларға салғаннан гөрі, өтемі тез әрі тиімділігі жоғары тұтынушылық несиелендіру саласына немесе мемлекеттік құнды қағаздарға орналастыруды жөн көреді. Бұл жағдай экономикадағы ақша массасының нақты тауар өндірісіне емес, Тек тұтыну сұранысын ынталандыруға жұмсалуына алып келеді, ал тұтыну сұранысы өз кезегінде импорттық тауарлар арқылы қанағаттандырылатындықтан, банк несиелері іс жүзінде шетелдік экономикаларды қаржыландыруға қызмет етіп отыр деуге толық негіз бар. Мұндай тиімсіз ақша-кредит саясатын өзгерту үшін Ұлттық банк пен Үкімет бірлесе отырып, коммерциялық банктерді нақты секторды, әсіресе өңдеуші өнеркәсіпті несиелендіруге мәжбүрлейтін немесе ынталандыратын пруденциалдық нормативтерді енгізуі тиіс. Мысалы, банктердің өндірістік кәсіпорындарға беретін несиелері бойынша міндетті резервтеу талаптарын жеңілдету, ал тұтынушылық несиелер бойынша талаптарды барынша қатаңдату капиталдың нақты секторға ағылуына жол ашады, сонымен қатар мемлекеттік даму институттары арқылы тікелей қаржыландыру көлемдерін ұлғайтып, кәсіпкерлерге ұзақ мерзімді, төмен пайызды мақсатты несиелер беру жүйесін бюрократиядан толық тазарту қажет.
Салық саясаты мен фискалдық реттеу де ішкі нарықты қорғау мен кәсіпкерлікті қолдаудың маңызды тұтқасы болып табылады, өйткені салық жүктемесінің деңгейі мен оның әкімшілендірілу сапасы кәсіпорынның халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Жаңадан ашылған, әсіресе жоғары технологиялық және экспортқа бағытталған өндіріс орындарын алғашқы даму кезеңінде, яғни өзін-өзі ақтау мерзіміне дейін корпоративтік табыс салығынан, мүлік және жер салықтарынан толық босату сияқты салықтық каникулдар жүйесін енгізу кәсіпкерлердің ішкі нарықта бекінуіне үлкен көмек болар еді. Сонымен қатар, қосымша құн салығын қайтару және оны есептеу процестерін барынша жеңілдету, әсіресе отандық шикізатты пайдаланатын кәсіпорындар үшін ҚҚС мөлшерлемесін сараланған түрде төмендету мәселесін қарастыру қажет. Салықтық әкімшілендірудің қазіргі деңгейі көбіне бизнесті қолдауға емес, оны тексеру мен айыппұлдар салуға бағытталғандықтан, кәсіпкерлер өз уақыты мен ресурстарын өндірісті дамытуға емес, салықтық есептілік пен дау-дамайларды шешуге жұмсауға мәжбүр болады, сондықтан салық органдарының қызметін толық цифрландыру және олардың рөлін фискалдық жазалаушыдан консультациялық көмекші деңгейіне трансформациялау бизнестің көлеңкелі аймақтан шығып, ашық жұмыс істеуіне негиіз қалайды.
Ішкі нарықтың қорғалу деңгейін арттыруда шекаралық және кедендік бақылаудың ашықтығы мен тиімділігі шешуші рөл атқарады, себебі кез келген ең жақсы заңнамалық шектеулер мен тарифтік ережелер егер шекарада контрабанда мен көлеңкелі тауар айналымына тосқауыл қойылмаса, өз мәнін толық жоғалтады. Кедендік декларациялау кезінде тауарлардың құнын әдейі төмендетіп көрсету, тауардың кодын өзгерту арқылы жоғары баж салықтарынан жалтару және шекара бекеттеріндегі жемқорлық көріністері ішкі нарыққа миллиардтаған теңгенің заңсыз өнімдерінің ағылуына жол ашып отыр, бұл заңсыз импорт отандық заңды өндірушілердің өнімдерін нарықтан ығыстырып қана қоймай, мемлекет бюджетіне түсетін салықтар мен баждардың көлемін айтарлықтай азайтады. Бұл бағыттағы күресті күшейту үшін кедендік рәсімдерді адам факторының қатысуынсыз, толықтай автоматтандырылған интеллектуалды жүйелерге көшіру, шекара бекеттерін заманауи сканерлеу құрылғыларымен және инспекциялық-тексеру кешендерімен жарақтандыру, сондай-ақ халықаралық сауда серіктестерімен ақпарат алмасудың интеграцияланған жүйелерін құру қажет, бұл шаралар шекарадан өтетін әрбір тауар партиясының қозғалысын нақты уақыт режимінде қадағалауға және жасырын импорт схемаларының жолын кесуге мүмкіндік береді.
Тұтынушылық патриотизм мен ұлттық брендтерді қалыптастыру мәселесі ішкі нарықты қорғаудың әлеуметтік-психологиялық аспектісі болып табылады, өйткені мемлекет тарапынан қаншалықты қолдау көрсетілгенімен, егер ел азаматтары өз отандық өнімдерін сатып алуға ықыласты болмаса, ішкі нарықты тұрақты түрде сақтап тұру мүмкін емес. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан шетелдік тауарлардың сапасы жоғары, ал отандық өнімдер сапасыз деген стереотипті бұзу үшін кәсіпкерлер де, мемлекет Тек бірлесе жұмыс істеуі тиіс, бұл ретте отандық өнімдердің сапасын халықаралық деңгейге жеткізу, заманауи маркетингтік құралдарды қолдану және халық арасында экономикалық патриотизм идеясын кеңінен насихаттау маңызды рөл атқарады. Әрбір азамат отандық өнімді сатып алу арқылы өз еліндегі жұмыс орындарының сақталуына, өз жақындарының жалақы алуына және мемлекет бюджетінің толығып, әлеуметтік нысандардың салынуына тікелей үлес қосатынын терең түсінуі қажет, бұл ретте «Қазақстанда жасалған» белгісімен өтетін көрмелер мен жәрмеңкелерді жиі ұйымдастыру, ірі сауда орталықтарында отандық тауарлар үшін арнайы тартымды сөрелер мен секциялар бөлуді ынталандыру халықтың жергілікті өнімге деген сенімін арттырады.
Өнеркәсіптік кооперация мен жаһандық құндылықтар тізбегіне кірігу мәселесі отандық кәсіпкерліктің Тек ішкі нарықта шектеліп қалмай, халықаралық деңгейде танылуына жол ашатын маңызды стратегиялық бағыт болып табылады, өйткені қазіргі заманда кез келген тауарбы басынан аяғына дейін Тек бір елдің ішінде өндіру экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы мүмкін. Отандық кәсіпорындар трансұлттық компаниялармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы озық технологияларды трансферттеуді, басқарудың заманауи әдістерін игеруді және халықаралық сапа стандарттарына бейімделуді үйренуі тиіс, бұл ретте мемлекет шетелдік инвесторлардан Тек шикізат алуды ғана емес, ел ішінде жоғары технологиялық өндіріс орындарын ашуды, жергілікті кадрларды оқытуды және отандық шағын және орта бизнесті өздерінің өндірістік тізбегіне қосалқы мердігер ретінде тартуды қатаң талап етуі керек. Мұндай инвестициялық саясат ел ішіндегі технологиялық артта қалушылықты жоюға, шикізаттық емес экспорт әлеуетін арттыруға және отандық бизнестің халықаралық нарықтарда бәсекеге түсе алу қабілетін шыңдауға зор септігін тигізеді.
Жаһандық сауда-саттық жүйесіндегі соңғы құрылымдық өзгерістер, атап айтқанда, жеткізу тізбектерінің аймақтық сипат ала бастауы елдің ішкі нарығын қорғау саясатына жаңа мазмұн үстейді. Бұл үрдіс географиялық тұрғыдан жақын немесе саяси сенімді серіктес мемлекеттермен ғана өндірістік байланыс орнатуды көздейді, демек, өзіміздің транзиттік-логистикалық артықшылықтарымызды пайдалана отырып, ішкі нарықты сыртқы деструктивті импорттан қорғаумен қатар, аймақтық деңгейдегі негізгі өндіріс хабына айналу мүмкіндігіміз жоғары. Мұндай стратегиялық міндетті орындау үшін отандық бизнестің инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін кеңейту, шекара маңындағы сауда-экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру және оларды жай ғана тауар өткізу пункті емес, бірлескен өңдеу кәсіпорындары шоғырланған орталықтарға айналдыру өте маңызды. Осы тұрғыда, ұлттық экономиканың қауіпсіздігі сыртқы тауар ағындарының көлемін механикалық түрде шектеумен ғана өлшенбейді, ол ішкі өндіріс пен сыртқы сауда балансының оңтайлы пропорциясын сақтай білу қабілетімен анықталады. Мемлекет тарапынан жүргізілетін шаралар отандық кәсіпкерлерді әлемдік технологиялық прогрестен оқшауламауы тиіс, керісінше, оларды ішкі нарықтағы тұрақты сұраныс есебінен капитал жинақтап, халықаралық деңгейдегі жаңа технологиялық трендтерді игеруге итермелейтін катализатор рөлін атқаруы қажет.
Қазіргі таңда ішкі нарықты қорғау мен отандық кәсіпкерлікті дамытудың тағы бір маңызды құралы – өндірістік процестерді толықтай цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу болып табылады. Төртінші өндірістік революция талаптарына сай келмейтін, ескірген басқару үлгілері мен технологиялық желілерді пайдаланатын кәсіпорындар, тіпті мемлекет тарапынан барынша қорғалған күннің өзінде, ұзақ мерзімді перспективада бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады. Сондықтан, ақылды протекционизм саясаты аясында мемлекет отандық зауыттар мен фабрикалардың цифрлық модернизациясына, атап айтқанда, өндірісті автоматтандыруға, роботтандырылған кешендерді енгізуге және үлкен деректерді талдау жүйелерін қолдануға бағытталған мақсатты гранттар мен субсидиялар көлемін ұлғайтуы тиіс. Цифрландыру деңгейі жоғары кәсіпорындар тауардың өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге, шикізат шығынын азайтуға және еңбек өнімділігін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік алады, бұл өз кезегінде сырттан келетін кез келген арзан импорттық өніммен ішкі нарықта ешқандай жасанды кедергілерсіз-ақ тең дәрежеде бәсекелесуге жағдай жасайды. Сонымен қатар, электронды коммерцияның жедел дамуы жағдайында ішкі виртуалды нарықты, яғни отандық интернет-дүкендер мен маркетплейстерді шетелдік ірі цифрлық платформалардың монополиялық қысымынан қорғау, отандық цифрлық өнімдер мен қызметтердің құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету заман талабына айналып отыр.
Жаһандық деңгейдегі экологиялық күн тәртібі және «жасыл экономикаға» көшу үрдісі де ішкі нарықты қорғаудың жаңа және ерекше құқықтық тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Дамыған елдердің, соның ішінде Еуропалық Одақтың трансшекаралық көміртегі салығын енгізуі отандық экспорттаушыларға қосымша қаржылық салмақ салғанымен, бұл тәжірибені өз ішкі нарығымызда экологиялық талаптарға сай келмейтін, технологиялармен шығарылған шетелдік тауарлардан қорғау үшін тиімді пайдалана аламыз. Ішкі нарыққа кіретін тауарлардың экологиялық тазалығына, олардың өндірісі кезінде қоршаған ортаға келтірілген зиян деңгейіне және кәсіпорындардың стандарттарын сақтауына қатысты қатаң ұлттық талаптарды енгізу – халықаралық сауда ережелерін бұзбай, импортты заңды түрде шектеудің пәрменді әдісі болып табылады. Мұндай саясат отандық кәсіпкерлерді экологиялық таза өндіріс технологияларын енгізуге ынталандырып қана қоймайды, сонымен қатар ел аумағының шетелдік ескірген, қоршаған ортаны улайтын өндіріс қалдықтары мен тауарларының полигонына айналуынан сенімді қорғайды.
Кез келген экономикалық стратегияның табысты болуы оның кадрлық әлеуетімен және адами капиталдың даму деңгейімен тікелей байланысты екенін ескерсек, отандық кәсіпкерлікті дамыту саясаты білім беру жүйесін реформалаумен үндесуі шарт. Қазіргі уақытта нарықта байқалып отырған инженерлік-техникалық мамандықтардың, заманауи технологтар мен цифрлық өндіріс операторларының тапшылығы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін төмендететін негізгі тежеуіш факторлардың бірі болып табылады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жоғары оқу орындары мен техникалық-кәсіптік білім беру мекемелерін нақты өндірістік кәсіпорындармен тығыз байланыстыратын дуалды білім беру жүйесін жаппай енгізу қажет, яғни, болашақ маман өз уақытының басым бөлігін аудиторияда емес, зауыт цехтарында, зертханаларда нақты өндірістік тапсырмаларды орындаумен өткізуі тиіс. Мемлекет отандық кәсіпорындардың өз қызметкерлерін қайта даярлауға, олардың біліктілігін арттыруға және ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсайтын шығындарын салықтық жеңілдіктер немесе тікелей соавторлық гранттар арқылы өтеу тетіктерін қарастырғаны жөн, бұл шаралар ел ішінде өндірістік ғылым мен бизнестің синергиясын тудырып, отандық өнімдердің интеллектуалды құнын және халықаралық бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай жоғарылатады.
Қорыта айтқанда, отандық кәсіпкерлікті дамыту және ішкі нарықты қорғау мәселесі мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен экономикалық қауіпсіздігінің басты діңгегі болып табылады, бұл бағыттағы жұмыстар үзіліссіз, жүйелі және барлық мемлекеттік органдардың, бизнестің және қоғамның жұмыла қимылдауын талап ететін ауқымды процесс. Біз сыртқы әлемдік үрдістерден оқшауланып, шымылдық құра алмаймыз, бірақ ұтымды саясат арқылы өз ішкі нарығымызды заңсыз экспансиядан қорғай отырып, отандық бизнестің қуаттануына, жаңа технологияларды игеруіне және ұлттық экономиканың әртараптануына толық жағдай жасауға міндеттіміз. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары бизнестің масылдық психологиясын тудырмауы керек, керісінше, әрбір берілген жеңілдік, субсидия немесе несие үшін кәсіпкерлер де нақты нәтиже, өнім сапасын арттыру, бағаны тұрақтандыру және жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу түріндегі міндеттемелерді толық орындауы шарт, сонда ғана біз бәсекеге қабілетті, сыртқы дағдарыстарға төзімді және өз азаматтарын сапалы өніммен толық қамтамасыз ете алатын қуатты ұлттық экономиканы құра аламыз.
