ҮКІМ БҮГІН ОҚЫЛАДЫ…

Г-С-Юсупов+

Ғабдул – Сәбит Юсупов,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер

одағының мүшесі, Қаратал ауданының құрметті азаматы

 

 

Тау аңғарына орналасуына байланысты, кеншілердің Текелі қаласына, облыс орталығы – Талдықорған қаласына қарағанда, көктем кешірек келеді. Жазы жанға жайлы, шыбын-шіркейі мен маса — сонасы жоқ бұл жер — бейне бір жайлау дерсің! Қыс айында соншалықты бет қаратпайтын суық болмайтындығы да осы шағын қаланың тау аңғары бойына, қонақтап келген қыз берген құда сынды, ұзыннан түсіп көсіле жатуынан. Текелі қаласының орналасуы да өзгеше. Таудан құлай ағатын қасиетті Қаратал өзені бойымен жоғары қарай өрлеп, тауға қарай көтеріле береді. Ел ішінде: «Текеліде бар жоғы бір – ақ көше бар» деген әзіл сөз айтылғанымен, түптеп келгенде, ол сөздің жаны бар. Қар қалың түскен жылдың көктемінде, таудан төмен қарай сарылдай ағып, жолдарды шайып кететін кемшілігін қоспағанда, жалпы алғанда, қаланың өзі өмір сүруге қолайлы-ақ! Мұнда сонау Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде тұтқынға түскен жапондар салған шахта бар. Шахтадан қорғасын мен мырыш кені өндіріліп, Өскемен қаласына теміржол транспорты арқылы жеткізіледі. Сондағы қорғасын — мырыш комбинатында кен өңделіп, байытылады. Текелінің табиғатының жайлылығынан басқа, кен тазартылатын қорғасын-мырыш комбинаты, шахта салумен айналысатын «Текелі шахта құрылысы», «Кірпіш заводы» мен «Мрамор өндіру, өңдеу заводы» мен аты әйгілі «Текелі тігін фабрикасы» сияқты кәсіпорындары тұрақты жұмыс істейді. Табиғат аясын жақсы көретін адамдар үшін таудан арқырай ағып жатқан Қаратал өзенінде тулап, еркелеп, билей жүзетін қарабалық, маринка мен шабақтарды аулап, демалудың өзі бір ғанибет. Өзеннің жағасындағы көк шалғынға аунап, мөлдір де, салқын суына шомылу да, іздесең таптырмас демалыс аймағы ғана емес, денсаулығыңды шыңдап,  руханиләззат алатын нағыз жан бақытының өзі…!

Қомақы еңбекақы мен тез арада пәтер алуды көздейтін адамдар осы қалаға келіп тұрақ табады. Облыс орталығы мен аудандардан көшіп келетін, жұмыстың ауырлығынан қашпайтын еңбекқор жандар осы Текелі қаласынан әлеуметтік жағдайын жақсартып, өз бақытын тауып жатады.

Тау-кен өндірісі мен мрамор, құрылыс материалдарын шығару саласы өз алдына, Текелінің тұнып тұрған табиғаты, қыс айларының өзінде қатпай, арқырай молынан ағып жатқан Қаратал өзенінің өзі ағыл-тегіл байлық. Табиғат — ананың  малға да , жанға да жайлылығы-құдіреті күшті құдайдың адам баласының тіршілігі үшін бере салған дап-дайынжатқан иен молшылықтың дәл өзі дерсің! Мұндағы тұрғындардың екінің бірі мал ұстап, құс-құрт асырайды. Ат шалғайынан келетін қалың қияқ, алабота мен сасыр сияқты шөптердің сан түрлері жаз бойы қурамай, келесі көктемге шейін малға азық болатын молшылық. Әсіресе, қоңыр күзге шейін жайнап, жайқалып тұратын қызылды-жасылды, жұпар иістері аңқыған әдемі гүлдерді айтсаңшы!

…Таң бозынан Текелі қаласы тұрғындарының табынын өзен жағасы бойымен өрістете  жайып келе жатқан екі бақташы  жаға бойына біткен тал-терек арасындағы  жантүршігерлік көрініс көздеріне түскен сәтте, ат үстінен ауып қала жаздады. Арасы алты — жеті қадамдай екі шоқ талдың астында екі бірдей әйел жынысты адам жатыр. Екеуінің де өлі, не тірі екендігі белгісіз. Әйтеуір анадан жаңа туғандай тыр-жалаңаш, қозғалыссыз қалған. Көз тоқтатып қарауға дәттері бармай, көздерін алып қашқан екеудің ересегі:

-Болат, шапшаң қалаға шап… Милицияға, өлі-тірісі белгісіз екі әйелді

көргенімізді тезірек хабарла. Байқұстар шала-жансар күйде, татар дәмдері таусылмаған жандар болса, доқтырлар мүмкін құтқарып қалар. Ұш шапшаң…!

Жас жігіт атын тебініп қалып, жануар ышқына шаба жөнелді. «Кім болса да, тірі болса екен, әйтеуір…» — Құдайдан жанұшыра күбірлей тілеп келеді.

Оқиға орнына кешікпейекі полиция қызметкері мен артынша, іле-шала  «жедел жәрдем» машинасы дабылын айқайлата жетті. Полиция капитаны мен аға лейтенант шеніндегі және ақ желеңді үш бірдей адам жанының арашашылары мына адам сенбес сұмдық оқиға- көріністі көргенде, көздері шарасынан шығып, шалқаларынан түсуге шақ қалды.

Әлі ауыздарынан ана сүтінің уызы кеппеген дерліктей екі жап -жас қыз. Екеуі екі шоқ талдың астында ес-түссіз жатыр. Анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш. Үсті–бастары мен бет — ауыздары жарақаттан көрінбейді.Сау тамтығы жоқ, көкала қойдай. Аяқ-қолдары екі жаққа кетіп, екеуінің де бұт арасына қан қатып қалған. Қызыл қан буырыл тартып кеткеніне қарағанда, қылмыстық аюандық оқиғаның болғанына біраз уақыт өткен сияқты. Көпті көрген медицина қызметкерлерінің өздері мына сұмдықты көргенде сасқалақтап, қолдары дірілдеп кетті. Дереу жедел жәрдем көрсету  шараларына кірісіп кетті. Әбүйір болғанда, әйтеуір, екеуінің де демі бар екен. Полиция қызметкерлері зорлыққа ұшыраған бейбақтарды, оқиға болған аумақтағы іздерді, тиісті тәртітптері бойынша өлшеп, тездетіп әр қырынан суретке түсіруге кірісті.   «Жедел жәрдемдегі» одеял, көрпемен лыпаларын қымтай жапқан дәрігерлер тағдыр тәлкегіне аяусыз түскен бейкүнә, шарасыз жандарды көліктеріне носылкамен салды да, көлік жеделдете ала жөнелді…

 

***

 

…Көрген, естіген адам жанынан түңіліп, күңіренетіндей жантүршігерлік бұл сұмдық қылмыстық оқиға қалай болып еді өзі…

Бір сағаттан бері кісі бойындай айна алдында сыланып — сипанып, бет, тырнақтарын  бояп, шырттай болып киініп алған  қос бикеш өз түрлеріне өздері сүйсіне қызығып, айна алдында еліктің егіз лағындай ойқастап, босатар емес. Екіншісіне қарағанда бойшаңдау, үлкені болар, қызыл күрең кофтасы мен сол түстес юбкасы қызылшырай, сұлу өңіне бек жарасып тұрған қыздың киім сыртынан бұлтиып, көрер көзді қызықтырған қос анары кофтасын тесіп жіберердей керіп тұр. Биік өкшелі қоңырқай туфлиі мен төбесіне түйіп қойған қою қара шашы былайша да бойшаң қызды сұңғақтата түскен.

Бойы аласалау болғанымен, қолаң шашын, қазіргі жастар арасында мода болып тұрған «карэ» түрімен қысқа етіп қидырған екінші қыз алдыңғысының сіңілісі екендігі айтпай-ақ білінеді. Ол да әпкесіндей қызылшырайлының әдемісі, екеуінің түрлері қос тамшыдай ұқсас. Кішісі сәл жасырақ демесең, екеуін егіз деп ойлап қаларлықтай. Қызылшырай болмысына жаңа жауған қардай аппақ кофтасы сұлу өңімен үйлесіп, ерекше жарастық тапқан.

-Катя, тездет, мен дайын болдым. Вечерге кешігіп қалмайық. – Әлігінде аналарының Люба деп атаған қызы әпкесінің аспай-саспай, тым бейқам  жиналғанына көңілі толмағандығы байқалады.

Әй, ана-ай, десеңші! Бой жетіп қалған қыздарына жартылай ашық тұрған есіктен: «Боже мой, прости и сохрани их грешных» деп қызыға да, сүйсіне қарап, артынша бөлмеге сөйлей кірді:

-Не, бикештер, тағы да бір жаққа кеттіңдер ме?

-Мама, біз Талдықорғанға дискотекаға баруға жиналып жатырмыз.

— Түһ, сендердің-ақ дискотекаларың таусылмайды екен. Алдыңғы күні ғана барып, түн жарымына шейін құмарларың қанғанша билеп, қыдырыстап келмеп пе едіңдер? Сонау Талдықорғанға билеу үшін бармаса болмай ма?!

— Ну, мама – Мария, өзіңіз де жас болып көрдіңіз. Сізді әкеммен таныстырып, махаббаттарыңызды оятып, жарастырған  осындай би кеші емес пе еді? – деп, анасына еркелей «мама-Мария» деп, әзілдесіп жүретін Люба анасының бетіне қулана, күлімсірей қарады. – Үйде омалып отыра бергеннен күйеуге шыға алмай, кәрі қыз атанғанымыз сізге керек пе?

— Ауыздарыңнан ана сүтінің дәмі кетпей жатып күйеушілдерін өздерінің. Вечерлетіп, дискотекалатып жүрулерің көбейіп кетті. Ойнақтап жүріп, от басып өкінгендеріңді білмей қаларсыңдар…

Мұндайда  қыздардың ынтымақтық танытып, бірін бірі қорғаштап,шаң жуытпайтын әдетімен әпкесінің сөзін сіңілісі  Люба дереу қоштай жөнелді:

— Қайдағы сүттің дәмін айтасыз мама. Катя күзде он алтыға толады, менің жасым он төртте. Болашақ күйеуді осы бастан таңдап, мойындарына ноқта кигізіп қоймасақ, дұрыс жігіттер осы күні қат екенін білесіз ғой. Сондықтан, дискотекаға жиі барып жүргеніміз дұрыс — деген ол, анасының иығына  асыла кетті. Сықылықтай күліп, екі бетінен  кезек сүйіп  жатыр.

— Алаңдамаңыз, мама. Біз түн жарымына қалмай ораламыз. – Катя да шешесін еркелей құшақтап, әжімденген маңдайынан өбіп қоштасты.

«Құдайым-ай жүрегі құрғыр неғып лоблып кетті. Қос қарлығашымды  пәле-жаладан сақтай-гөр» — деп, қыздарының  соңынан үш саусағын біріктіріп шоқынып-шоқынып алған анасы терең ой құшағына бата берді.

…Кеңес Одағы ыдырап, немістер Германиясына, еврейлер Израиліне, орыстар Ресейіне  үдере көшкен тұста, Текелінің тақ ортасынан ойып тұрып, кең сарайдай етіп салып алған зәулім үйін арзан бағаға сатып, бұлар-Пономаревтар   әулеті де көп дүрмекпен бірге,  Ресейдің  Барнаул қаласының  түбіндегі  Покров  ауылына қоныс аударды. «Тарихи  отанымыз» деп, жүректері лүпілдей, алып-ұшып жеткенін қайтейін, ол жердегі қандастары бұларды  әзірейіл көргендей, тыжырына қарсы алды. Азды-көпті жүктерін контейнерден түсіріп, үйге  енгізген кезде, «нелері бар екен» дегендей, қызығушылықпен ентелей қарап тұрған көршілерінің көздері шарасынан шыға жаздады. Төбемен тілдескен биік «бирюса» тоңазытқышын, ине — жіптен шыққандай жап-жаңа ұйқы бөлмесінің  гарнитурын, залдың кісі   көңілі  тоятындай әдемі  жихаздарын, тағы басқа үй мүліктерін  көрген келешек ауылдастарының көздері атыздай болды. Жеккөрінішті сезіммен таң қалысып, «вот, настоящие  казахские  буржуи» дескен олар жақтырмай сырт айналып кеткен. Қазақстандағы сияқты,  көршілестердің бірі-біріне қол үшін берісіп, көмектесу, қуаныштарына ортақтасып құтты болсын айту, өзіміздің қазақ ағайындардікі  сияқты  қонақжәйлік  қасиеттер бұлардың салтына жат екен.

«Көршілер құтты болсын  айта келгенде, біздің қазақтың ұлттық тағамы ретінде, стөлге  мақтана қойып, сыйлап жіберерміз» деп, сап-сары боп сүрленген қазы мен қарта, жал-жаясы мен ірімшік, құртын бір қап қылып  ала келген болатын. Танысын — танымасын, келген  адамға дастарханын жайып, сыйлап жіберетін  қазақ түгіл, Текелідегі орыс, неміс пен кәрістердің өзі тілдерін бұрай қазақшалап «ерулик» (новоселье) деп, көшіп келген көршілерді кезек-кезек қонаққа шақырысып, аралас-құралас болып  жатпаушы ма еді?! Бұларда құдайы көршілердің  бірімен бірі араласып, кіріп-шықпайтындары, қуанышқа ортақтаспайтын салттары қызық екен…

Қазақстаннан көшіп барған Пономоревтардың жағасын ұстатып, аса бір таң қалдырған нәрсе: мұндағылар үлкен-кішісі жаппай, жатып тұрып арақ ішетіндері салтқа айналған сияқты. Ішуден қазақстандық орыстар — өзіміз де кенде емеспіз. Бірақ, той-томалақта, әлдебір мереке, салтанатта  орнымен, өз шамаңды біліп ішу бір бөлек те, бұлардағы сияқты, ес-түсті білмей, есіре жұтып, артын дау-дамай, төбелеске айналдыра ішудің айырмасы көп-қой…

Тіпті, кейінгі кезде, өзім талай қатысып, көріп жүрген қазақтарымыздың  тойлары «сухой закон» деп әзілдеп  арақ-шарапсыз, қымыз, шұбатпен ғана өтіп жүргендігін де көрдік қой. Ештеңе жоқ, арақ — шарапсыз да әнді шырқата айтып, қоймай-қоймай билеп, әзілдесіп бәріміз де көңілді отырушы едік.

Тағы бір таңдай қақтырып, таңдандырған жағдай: бұларда тұрмысқа қажетті дүние-мүлік жинап, заман ағымына орай, мәдениетті, өркениетті  өмір сүру дәстүрі  қалыптаспапты. Жұмыста киген  шоқпыт-шоқпыт, ескі киімдерін үйде де үстілеріне іле салып, жүре беру — еш ерсілік  саналмайды екен. Он — онбес  күн  бойы бел жазбай еңбек етсе, артынша,  міндетті  түрде, апта бойы жата – жастана арақ ішеді. Бұл бір бұлжымас салт іспетті. Аса  сөкеттігі – сары ауыз, үлпілдек мұрты да тебіндеп  үлгермеген мектепте оқитын ұлдары  мен  жап-жас қыздары әке-шешесімен  бірігіп, жарыса ішеді. Олары ұят, жат қылық деп саналмайтын сияқты. Он үш — он төрт жастағы жасөспірім ұл — қыздардың   ата-аналарының  көзінше сүйісіп,  не іздейтіндерін кім білсін, құшақтасқан күйі  тоғай аралап кетуі  де қалыпты жағдай. Тіпті, Қазақстанға қайтадан көшер алдында,  көшенің қарсы бетінде тұратын  Сергейдің он үштен енді ғана аса берген оқушы қызы  балпанақтай ұл тауып қойғанын  қайтерсің. Оның алдында келесі көшеде тұратын Алексейдің де он төрт жастағы Галя атты қызы жүкті болып, милиция араласқан соң, сотталудан қорыққан ата-аналарыкәмелетке толмаған оқушы ұл мен қызды  қосып, үйлендіріп тынған…

Ата-анадан көргенін істеп, соларға еліктеп, балалардың да соны жасайтын әдеті бар емес пе? Ресейге көшіп келген Пономоревтардың мектептегі осы екі қызына құрбы — құрбыластары  күн бермей, «отырса опақ, тұрса сопақ» қылды. Бірде күнделіктерін жыртып тастаса, екіншіде  кітап, қаламдарын тығып тастап, бермей қан қақсатты. Ұл балаларының  қызды сыйлау деген әдептен  жұрдай екендігі сол — Любасы мен Катясы екі күннің бірінде мектептен жылап келетін. «Балалар-ғой, ұрсысса — ұрсысар да, татуласар» деп, пәлендей мән бермей жүре берер ме еді, қайтер еді, былтыр жаздағы ең соңғы, шыдамның шегіне жеткізген  оқиғалар  болмаса…

Күйеуі  Максимнің  ерінбейтін, жанкешті еңбекқорлығы  мен өзінің жоқты бар етіп, ұқсататын ұқыптылығы арқасында,  Ресейге табан тіреген  төрт жылдың ішінде бұлар шошқа асырап,  мал, құс-құрт ұстап, бір адамдай-ақ  қоңданып алған болатын. Ал деп көшіп келгенде сатып алған екі мегежін, ала сиыр  мен торы биенің  жыл сайынғы төлдері арқасында, төрт жылдың   ішінде ауласы,  кәдімгідей,  кішігірім  шаруашылыққа айналған-ды. Үйрек-қаздары қоқилана қаңқылдап, тауықтары «жұмыртқа таптым» деп мақтана, ауылды бастарына көтере қыт-қыттағанда, көрші-көлеңдерінің іштері қызғаныштан жарылып кете жаздайды. Тіпті, ол қылықтарын  жасырмай: «вы куркули», «назарбаевские буржуи» сынды кекесін сөздермен, мұқатып отыруды әдетке айналдырған. Максимді де  мұжықтар онша жақтыра қоймай, сыртқа тепті. Себеп-біреу: олармен бірігіп, құлағанша арақ ішпейді. «Жанұям, балаларым, жұмысым» сылтауымен, бір-жар құмыра  арақтық  пұлды «угощаю» деп, орталарына тастайды да,  сырғақтап  кете барады.

…Өткен  жылдың көктеміндегі мегежіндері жаппай төлдеп жатқан кез. Түн қараңғысын пайдаланып, шошқалардың  астауындағы жемге әлдебіреулер, қандай екенін қайдам, у тастап, қабандары  да, мегежіндері де торапайларымен  қоса, бірі қалмай қырылып қалды. Алыстан ат арытып жау жетті  дейсің бе, көршілерден келген кесепат екенін білгенімен, «ұсталмаған ұры емес». Арада екі ай  шамасы өткенде, ауладағы қора-қопсысы, ішіндегі малдарымен қоса өртеніп кетті. Әйтеуір, әбүйір болғанда, Максим түтінге қақалып, шашалып  жүріп, екі сиырды  от құшағынан суырып шығарды. Соның  бәрі көршілерінің ішін тырнаған «қызғанышының қызыл иті» екендігін білгенімен қолдан келер қайыр жоқ. Милицияға  шағымданудың еш  пайдасыз екендігін білгендіктен, ешқайда бармады да, арызданбады да.  Қыздарының оқу жылы аяқталысымен, өрт құшағынан аман қалған екі  сиырын, баспанасы мен азды-көпті дүние мүліктерін арзымайтын арзан бағаға сатты да: «енді көрмеген «тарихи отаным» сен болсын» деген сөзді іштей айтып, «Где ты, мой родной Казахстан» деп, қолда бар азды-көпті киімдері мен буылған көрпе-жастық, матрацтарын бір контейнерге тиеп, үдере көшті де кетті.  «Историческая Родинасы» болмаса да, туған Отаны болып кеткен, елдің, жердің иесі – қазақтардан еш шет қақпай көрмей, бір туғандай сыйласып жүрген, айналайындардан ұят болды-ау деп қояды өзара.Онымен қоймай,  қандас орыстарына: «Шет елге көшіп, ауызы күйіп, ол жаққа енді мылтықпен айдаса да бармастай болған біздің көрген құқайларымыз бен қорлықтарымызды Құдай сендердің бастарыңа бере көрмесін» деп ескертіп те қояды.

«… Құлындарым-ау, сол. «Қазақстанда тұратын әр азамат мемлекеттік тіл — қазақ  тілін білуі  тиіс» деп, Катя мен Люба қыздарымның мектеп бағдарламасы бойынша оқығандарынан бөлек, «қазақ тілін үйренейік» атты кітап пен басқа да көмекші сөздікті (словарь) тауып,  өз беттерінше үйреніп жүргендерін айтпайсың ба?!  Ресейге көшпей тұрғанда тіл мәселесіне онша мән бере қоймаушы еді, ондағы орыстардың өздеріне жасаған қысастығы мен  әділетсіздігін  көргеннен кейін: «мама, папа, әлемдегі ең қонақжәй, бауырмал және басқа этнос өкілдерін алалап, бөлмейтін  ұлт — қазақ. Біз — орыс, неміс, курт пен кәрістер соны бағалай алмай жүрміз. Қазақстанда туып, өніп — өсіп отырсаңдар да, әлі күнге шейін бір ауыз қазақша сөз білмейсіңдер. Бізге де үйренуге қозғау салмадыңдар. Бұл дегенің елге – жерге, ұлтқа қиянат» — деп, әр жерде, кезі келген сәттің  бәрінде айтып жүргендері. Пәлекеттердің, өзара құпия  сырларын біз түсініп қоймауы  үшін, қазақша сөйлесетіндерін  қайтерсің. Ынта қойып, берілгендіктері сонша, Ресей жерінен оралған бір жылдың ішінде қазақшаға төселіп, кәдімгідей-ақ, сөйлесе алатын дәрежеге жетті. Алтындарым менің! Біз ғой мұнда, қазақшаға үдірейе қарап, әліпті  таяқ деп білмейтініміз.  Дегенмен, «ештен кеш жақсы» деп, қазақ тілін үйрену керек екен. Әйтпесе, қос құлыным айтқандай, мұнымыз шынында да, елдің, жердің иесі — қазақ ұлтына   қиянат» деп, ой құшағына оранған Мария Петровна қыздарының кешігіп жатқандарына алаңдап: «Құдай – ау, құртақандай қошақандарымды пәле-жала, қастандықтан, қауіп-қатер мен жол апатынан сақтай көр!» деп, өз салт-дәстүрлері бойынша шоқынып алды.

 

***

 

…Ұрлықтан түскен арам ақшаға алынған «Жигули» машинасының рөліне масаң күйде отырған  Генадий  мен  жанындағы Юрий Зорин  өмірлеріне  дән риза. Ауыздарындағы темекілерін будақтата тартып, әңгімені соғып келеді. Әлігінде ғана, Текелі қаласында тұратын  өздерінің ежелгі бір жемтіктесі —

«хромой Семен» — Семен Сальковпен жақын күндері жүргізетін ұрлық операциясын талқылап, жоспар құрып шыққан беттері. Мұндай әңгіменің  арақсыз сәні келуші ме еді? Үшеуі екі жарты ақмағамбетті бөліп ішіп, Қараталдың суы сирақтарынан келмей, дуылдаса күліп келе жатқанда, әңгіме тақырыбын «Гена крокодил» кличкалы Генадий Коркин өзгертті:

  • Юра, нам бы теперь баб найти. А то я давно не разгружался…
  • Какой базар? «Пахан» сказал, будет сделано – деп, Юрий езу жиғаны сол еді, қаланың шыға берісіндегі жол жиегінде тұрған екі қызға көзі  түсті.
  • Во, молодые тёлки. Сейчас их зацепим.

Көлік асфальт жолдың шетіндегі шаңды «бұрқ» еткізе  шұғыл тоқтады. Машинаның есігін Катя қыз аша алмай, әуреленіп жатқанда, жүргізушінің оң жағында отырған жігіт ішкі жақтан артына бұрылып ашып жіберді.

  • Дяденьки, по пути до Талдықоргана довезите.
  • Базара нет. Садитесь. — Қыздар отыра салысымен, «жигули» орнынан жұлқи  қозғалып, қою шаңды бұрқырата жүйітки жөнелді.

Машина ішіндегілердің мас екендігін ал дегенде аңдамаған қыздар

арақтың күлімсі  исі қолқаларын  қауып, тұншыға жаздағанда бірақ білді. «Апырмай, ішіп алған адамдар екенін қалай аңғармадық. Бізге байланысып, мазамызды алмаса жарады…» — деген  қорқынышты ой Любаның да, Катяның да бойларын қалтыратып жіберді. Үрейленгендерін білдірмеуге қанша тырысқандарымен, қорыққандары соншалықты, жылан арбаған торғайдың балапандары құсап  дірілдеп,  үнсіз ғана бүрісіп отыр.

Көне көк «жигули»  Текелі қаласы мен Жетісу ауылының шамамен жарты жолына таяй берісімен күре жолдан оң жаққа қарай шұғыл бұрылғаннан-ақ бір сұмдықтың  боларын сезгендей, екі қыз үрейленіп қосарлана  шу ете қалды.

— Ағалар, бізді қайда  апара жатырсыздар?

— Осы жерде қалдырып кетіңіздер!

— Қорықпаңдар. Бір-екі жүз грамдатып, демаламыз. Одан кейін керек жерге апарып тастаймыз, — деген Генадийдің көзімен көзі ұшырасқан  Любаның зәресі зәр түбіне кетті. От шашқан қысыңқы жанары киноларда көріп жүрген қорқау қасқырдың шырадай шақырайған жанарынан  аусашы! Қып – қызыл ма, жасыл ма, әйтеуір біртүрлі, қорқыныш тудыра  жанып тұр.

  • Біз ішпейміз, әлі оқушымыз. Тоқтатпасаңыз, қазір машинадан секіріп кетеміз – дегені сол еді, алдыңғы орындықта отырған  Зорин, артқа бұрылған күйі Катяның бетіне шапалақпен салып қалды.

— Қане, енді қимылдап көрші. Осы отырған жерлеріңде екеуіңді де буындырып, ол дүниеге  өз  қолыммен  аттандырып  жіберемін…

«Мына арамза қасқырлар бір жерде тоқтап, атау кере — арақтарын ішіп алған соң, бізге байланыспай, мүмкін Талдықорғанға жол жөнекей апарып тастар»… — деген болымсыз үміттің жетегіндегі апалы-сіңілі екеу үрей мен  шарасыздықтан қимылдауға шамалары келмей қалшылдап отыр. Олардың солай ететіндеріне соншалықты сеніп те отырған жоқ. Әйтеуір, «суға кеткен тал қармайдының» керімен, болар — болмас үміттің жетегіндегі дәмелері-ғой.

Құйындатқан күйі Қаратал өзенінің жағасына жетіп, көліктен түскен  Генадий Коркин   жүк салғыштың ішінен басталып, сәл ғана ішілген бір шиша  арақ  пен  жарты бөлке қара нан  шығарды.

—  Қане, сұлу бикештер, сәтті кездесіп қалыппыз. Бүгін бір дүрілдетіп, жетім қыздың тойындай гулянка жасайық. Қысылмай, емін-еркін отырыңдар…

— Пәлі, бұларың айрықша шақыру күтіп  отыр. Машинадан түсулеріне мен көмектесіп жіберейін, — деген Юрий қыздардың қарсылықтарына қарамастан, оларды  көліктен дырылдата сүйреп шығарды. Состиып – состиып, жылап тұрған қос қызға жақын келген Генадий:

  • Арулар, неғұрлым сезімтал, неғұрлым  ұғымтал болсаңдар,  арамыздағы  түсіністік соғұрлым  тез орнайды. Ұялмай, тартып жіберіңдер — деп, Катяның аузына стақанды  тақай  берді.

Арақ құйылған екінші  ыдысты қолына алған  Зорин, шегіншектей берген  Любаның шашынан ұстап, басын шалқайтқан күйінде, қыздың аузына ащы суды құйып жіберуге әрекеттенді. Еріндерін жымқырып, қарсылық  танытқан  қыздардың  жақтарынан, екеуі ақылдасып алғандай, бір мезгілде шапалақпен аямай тартып – тартып жіберді.

—  Қарғыс атқырлар, бұл істеріңе әлі жауап бересіңдер! — Жыламсырай  айқайлаған  Любаның қарсыласқанын шыбын шаққандай көрмеген Юрий Зорин қыздың білегінен қыса ұстаған күйі өзен жағасындағы шоқ талға қарай дырылдата сүйрей жөнелді.

—  Жауап береміз бе, бермейміз бе, оны көре жатармыз. Біздің жауап берер сәтімізді сендер көргенге шейін кім бар, кім жоқ…

Тал арасына апарысымен, Гена да Катяның  киімдерін жыртқылап, шешіндіре басатағаны сол еді, алысып, жандалбаса қылған  қыз  зорлықшылдың сіңірлі, тарамыстай білегін ауыз толтыра, оңдырмай қыршып алды. Қорқау қарақшының білегінен қою, қара  қошқыл  қан  зу ете түсті.

—  Ах, ты сучка. За это сейчас с тобой отквитаюсь!

Қолының ауырғанынан  бір сәт босаңсып  қалған Генадийдің шеңгелді қолдарынан  сытылып шыққан қыз жартылай жалаңаш күйінде қаша жөнелді. «Қарақшылардан бірдеңе етіп құтылсақ екен». Жанталаса  жүгіріп келе жатып:

—  Люба, вырвись. Убегай! — деп, арпалысып жатқан  сіңілісіне айқай салды.

—  Вырвешься… Я тебя сейчас по швам разорву…

Ұзын сирақты Коркин қойсын ба, жанұшыра далбасалап қашып бара жатқан қызды  оншақты қадамнан соң-ақ  қуып жетіп, аяғынан қырқа шалды. Қалпақтай ұшып түсіп, ауырсынғаннан сұлқ жатып қалған бейбақтың шашынан сығымдай ұстап, әлігіндегі тал түбіне қарай дырылдата сүйрей жөнелген  зорлықшылдың әрекеті – қорқыныштан дірілдеп дәрменсіз күйге түскен лақты тартқан қорқау қасқырды көзге елестеткендей еді.

—  Керегі жоқ. Керегі жоқ, ағатайлар. Сіздердің де апайларыңыз бен біз сияқты қарындастарыңыз бар шығар…

—  Екеуміз де әлі  пәкпіз. Ағатайлар, аяй көріңдер. Бізге тимеңдерші! — деп, қосыла шырқырай  жылаған  қыздардың  құлындағы дауыстары екі аяқты  хайуандарға  шыбын шаққандай да әсер етпеді.

—  Біреулердің ластап тастап кеткен қалдығы  емес, пәк  болғандарың бізге тіптен жақсы. – Жемтікке үймелеген қара қарғаларша қарқылдап, дарақылана күлген қайырымсыздардың дауыстары неткен қорқынышты еді…

Шамаларының жеткенінше арпалысып, жандалбасалап  қарсылық танытқан ауыздарынан ана сүтінің дәмі әлі  кетіп үлгермеген  қос сәбидің  үстіндегі  киімдерінің парша-паршасы шығып,  әр жерде  шашылып  қалды.

Енді бір сәтте екеуінің де: «мама, мама, спаси! Ой, больно…» — деп еңірей жылаған  дауыстары бірі-бірінен оншақты қадамға дажетпейтін қашықтықта  біткен екі шоқ талдың түбінен қатар шықты.

— Повезет, так повезет, старина. Кто подумал, что при старости нарвемся  на цельных  тёлок — деп, қарқылдаған Коркиннің сөзіне Зорин да қосыла, дарақылана күлді. – Давай, это дело отметим. Братан, разливай…

Арсыз, жымысқы күлкілері мен  өздеріне өздері бек риза түрлерінде,  бейкүнә, шарасыз сәбилердің арына дақ, жүректеріне жара салу қиянаты емес, ата жауымен қан майданда жан алысып, жан беріскен соғыс салып, оларды  жеңіп, сол жеңістеріне масайрап, шалқыған кейіп бар.

…Ертеңінде таң бозынан Жетісу ауылының табынын  жаюға шыққан екі бақташы өзен жағасындағы  жантүршігерлік оқиғаның орнын көргенде, көздері шарасынан шығып, шалқаларынан түсе жаздады.

Қайырым, мейірімнен жұрдай,  «адам» деген аты болмаса, екі аяқты мақұлықтан  еш айырмасы жоқ қос малғұн, балалық шақтың бал қызықтарына тойып та үлгермеген, шарасыз жатқан балғын бүлдіршіндерді ұзақ түн бойына бірнеше реттен «давай обменимся» деп кезектесе ауыстырып қорлаған еді. Жабайы, аюандық құмарлары тояттаған соң, ес-түссіз, тыр-жалаңаш қалпында жатқан қос бейбақтың екеуін де сол жерге тастап, жарықтан қорқатын қасқырларша, таң біліне қарғыс атқырлар өз жөндеріне кеткен болатын.

Ата — анасының үміт етіп, әлпештеп отырған  қос тал гүлі мезгілінен ерте умаждалып, лас аяқтардың астына тапталып қалды. Олардың мәпелеп, болашағынан үлкен үміт күтіп жүрген қос қызғалдақтары толық ашылып үлгермей, уақытсыз  солып қалғанына жақсыны да, жаманды көп көрген көне қариядай — қасиетті Қаратал қапаланып, күңірене күрсініп, түзу ағысынан жаңылғандай. Екі аяқты  хайуандардың, адам айтса сенгісіз, жантүршігерлік  қатыгездігіне куә болған  жер – ана қарс айырылып жұтып кетпей, сол аяушылықты білмейтін қос қаныпезерді қиналмай, қалайша көтеріп тұр екен…

 

***

 

…Ал дегенде зорлыққа ұшырап, ес-түссіз жатқан қос қыз аурухананың жан сақтау бөліміне жатқызылды. Арада алты күн өткен соң, апалы — сіңілі қыздардың Катя есімді ересегі жалпы палатаға ауыстырылды. Ол жаңа палатаға шыға салысымен, тәжірибелі психолог – дәрігер Айман Асқарова күлімсірей келіп қыздың жанына отырып, ауруды сөзге тарта бастады:

-Мен Айман атты дәрігер апайың боламын. Катюша, денсаулығың қалай? Әжептәуір дұрысталып қалды ма, айналайын?-деп, маңдайынан аялай сипап, сөзін әрі жалғады.–  Температура жоқ сияқты, басың ауырып тұрған жоқ па?

-Жақсы апай, тәуірмін. Тек анадағы сұмдық оқиға ойыма түскен кезде, денем қорқыныштан қалтырап, жүрегім атқылақтап кетеді.

-Жағдайыңды түсінем, жаным. Ол туралы ештеңені есіңе түсірмеуге тырыс, ойыңа да алма. Ол бір қорқынышты түс деп ойла да, сонымен шектел…

Өткен істі зәбірленушінің есіне түсірмей, тезірек ұмыттырып, қалыпты жағдайға келтіру мақсатында, әңгіме әуенін өзгерте қойды.

-Катюша, сен нешінші сыныпта оқып жүрсің?

-Сегізінші сыныпта оқимын. Сіңілім Люба жетінші сыныпта оқиды.

-Сонда екеуіңнің жас аралықтарың бір жыл ма, жаным?

-Жоқ, апай. Арамыз екі жас. Любаша менен екі жастай кіші. Бірақ, ақылы мен зеректігі менен кем түспейтін ол айналайын мектепке алты жастан барған. Соның өзінде өз сыныптастарының алды. Өткен жылы математика пәнінен облыстық олимпиадаға қатысып, ең жоғары бал алды. Тек, онымен бірге оқитын сыныптасының әкесі араласып, бірінші орынды таныстық арқылы соған бергізді. Республикалық жарысқа сол қыз барған еді, масқара болып қайтты. Ең төменгі бал алып, қаланың да, мектебіміздің де атына кір келтірді. Тек, тезірек сауығып кетсе екен, жан сіңілім – Любашам…– деп, сөзінің соңын кемсеңдеп жылауға айналдырып жіберді.

-Жаман ойлама, жаным. Құдай бұйырса, сіңілің жазылады. Әлі талай олимпиадаларға қатысып, жеңіске жетіп, бәрімізді қуантатын болады…

Ертелі-кеш осындай психологиялық — дәрігерлік тренинг — жаттығулардың нәтижесінде, Катя Пономореваның беті бері қарап, сауығуға бет бұрды.

Ал, Люба — бейшара қыздың жағдайы онша болмай тұр. Көзі ілініп, кірпігі айқаса бастаса болды, еңірей жылап, шошып оянып кетеді. «Мама спаси…», «Катя, скорее убегай…» деп үрейлене шыңғырып, жатқан орнынан атып тұруға талпынады. Күндіз-түні қасында болатын кезекші дәрігермен бірге, оның анасы Мария да қызының ауызына су тамызып, көз ілместен күзетіп отыр. Әйтеуір, құдіреті күшті құдайдан үміттеніп: «О, боже! Спаси мою дочь!» деп, күніге неше шоқынудан жалықпайды. Енді қайтсін — әй, қай ана болмасын, барлығы ұрпағының аман — сау өсіп, жетіліп, өркендеп кеткенін тілейді ғой…

…Келісілген жоспар бойынша, учаскелік инспектор капитан Ермек Ахметов басқарған шұғыл топтың  жігіттері Текелі қаласының «екінші кардон» аталатын, тау бөктері аумағындағы әрбір үйге кіріп, тұрғындарға сұрау салуға кірісті. Өйткені, зорлыққа ұшыраған Пономаревтар әулеті тұрған үй сол «екінші кардонда» және ол бойжеткендер қылмысқа қатысты машинаға сол маңдағы орталық көшеден  отырған болатын. Қас қылғандай, ол машинаны да, қарғыс атқыр көлік иесін де ешкім көрмеген болып шықты.

Зәбірленуші Катя психологиялық күйзелістен сәл тәуір бола бастағанда, капитан Ахметов қыздан сұрақ алуға барған. Әбден зәрезап болып шошынып қалған бейшара қыз анандай жан күйзелісінен кейін, көрген-білгенінің бәрін есінен шығарып, ұмытып қалыпты. Капитан қойған сұраққа:

-Біз отырған көлік — сыры кете бастаған ескі көк «Жигули» машинасы. Ішіндегілер Европа өңдес, қабақтары қатулы, түстері суық екі адам.

-Катя, шамамен олардың жастары нешеде деп ойлайсың?

-Анығын білмеймін, шамалауымша үлкені отыз-отыз бестердегі, жастауы – одан кемінде он – он бес жас кіші, орта бойлы сұмырай.

-Екеуінің қандай да бір ерекше белгілерін байқамадың ба?

-Білмеймін… Мүмкін байқаған да шығармын, бірақ есімде жоқ…

-Жақсы, айналайын. Ерекше белгі, немесе бір жағдай есіңе түссе, маған шұғыл телефон шал. Кішкентай бір елеусіз нәрсенің өзі қылмыскердің кім екендігін әшкерелеп, құрықтауға себеп болады-деп, телефон нөмірі мен өзінің аты-жөні жазылған бір парақ қағазды қыздың қолына ұстатты.

…Текелі қалалық ІІБ-нің бастығы майор Еркін Уәлиұлы Сіләмов әр саладағы жауапты офицерлері қаладағы  орын алып отырған қылмыстық жағдайға байланысты өздерінің ойларын, мүмкін деген версияларды ортаға салып, ұзақ талқыласты. Ара – арасында бірі бірінің пікірімен келіспей,  дауласып та қалады. Ондай сәттерде Еркін Уәлиұлы әріптестеріне:

-Ау, сонша дүрілдеспей, сабыр сақтаңыздар. Өз ойларыңызды кезекпен айтсаңыздаршы, жігіттер — деп басу айтып қояды. МайорСіләмовоперативтік топ мүшелерінің айтқан уәждерін мұқият тыңдап:

-Айтқандарыңызды тыңдасаң, барлығыңыз қауырт қимылдап жатырсыздар. Бірақ, нақты нәтиже көрінбейді. Бұл сонда қалай болғаны?  – деп, залдағы әріптестерінің беттеріне, сынағандай, кезекпен бажайлай қарап шықты. — Аудан тұрғындарымен, халықпен тығыз жұмыс жасаңыздар. Олардан түскен әрбір, болмашы ғана деректің қылмыстың ашылуына көмегі тиетіндігін әсте ұмытпаңыздар. Қай қылмыскер «бұл істі мен жасап едім» деп,мойынына ала қойсын. Көше-көшелерді аралап, бұрыннан жасырын ақпарат беріп жүрген агенттерментығыз байланыста жұмыс жасаңыздар.

Әркім өз ойларын білдіріп, талқылау аяқталғанда, майор Еркін Сіләмов қылмысты іздеу бөлімінің бастығы капитан Эрик Намға:

— Эрик, бөлім бастығы ретінде сіз не айтасыз?

— Жігіттерім күн-түн демей шапқылап жүр. Қылмыс болған жерден із кесу,  заттардағы саусақ таңбаларын түсіріп, базадағы таңбалармен салыстыру, көше тұрғындарымен сөйлесіп, бұрын сотталғандардың тамырын басып көру сияқты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізудеміз.

—  Нәтиже қайда? Нәтиже түгіл, қолдарыңда  бір ілік жоқ. Масқара болдық. Көшеге шығып, елдің бетіне қараудың өзі ұят.

Сөзге шұғыл топтың жетекшісі Ермек Сәкенұлы Ахметов араласты.

—  Табамыз, майор мырза. Түн қанша қараңғы болса да, таңның атпасына күн қоймайды. «Асамай жатып құлдық» айтпай-ақ қояйын, қолға іліктің бірүші ілінді. Бұйырса, енді бір-жар операцияны сәтті өткізсек, күндіз-түні шапқылаған еңбегіміздің нәтижесін көретін боламыз — деген капитанның осы сөзінде, өзіне ғана емес, өз әріптестеріне деген нық сенім жатыр еді. Оның:

«Қылмыскерді  кешікпей құрықтаймыз» деуінің өзіндік себебі бар болатын…

…Жалпы палатада екі апта жатқан жәбірленуші Катя қыз кеше ауруханадан шығарылған. Түс мезгілінде Ермек Сәкенұлы оның халын білмек болып, екіншіден, «қылмысқа байланысты әлдебір фактінің үші шығып қала ма, әлде» деген оймен Пономоревтардың үйіне келген. Қолындағы өрттей қызыл бір бума раушан гүлін қызға күлімсірей ұсынды.

-Сәлем, Екатерина Максимовна. Сауығып шығуыңызбен құттықтаймын!

-Ой, қандай тамаша құрмет! Мен мұндай сыйлықты өмірімде ешкімнен алып көрген емеспін. Сізге таудай рахмет, Ермек аға!

-Міне, тосын сый! Катя, сен қазақша таза сөйлейді екенсің ғой. Қашан, қай кезден бастап үйреніп алдың, айналайын?

-Люба екеуіміз де қазақша білеміз. Былтыр Ресейден келісімізбен үйрене бастағанбыз. Қазақ тілі өте бай және әуенді де, әуезді ғой…

-Мемлекеттік тілді сыйлап, үйренгендерің үшін сендерге рахмет-деп, хал

сұрасып, оны-мұныны әңгімелеп отырғандарына сүт пісірім уақыт өтті.

-Ермек аға, өткенде қылмысқа байланысты, кішкентай бір деталь

болса да, елеусіз бірдеңе есіңе түссе де, хабарлас-деп едіңіз ғой. Мен бүгін өзіңізге телефон шалмақ болып отыр едім…

-Ия, Катя, бір жағымды жаңалық бар ма?

-Сол сұмдық жағдайды көз алдымнан, ауыр болса да жиі өткізіп отырып жүрген едім. Кеше есіме түсті: Біз Люба екеуіміз сол қарғыс атқыр көк машинаны тоқтатқанымызда, көліктің арт жағында қыстырылған  «878» деген нөмірге көзім түскен еді. Сол мезетте: «8» саны менің, ал «7» Люба оқитын сыныптың цифры ғой» деген ой миыма сап ете түскен болатын. Артынша, «какое совпадение» деп ойлап үлгерген едім. Анандай стресс жағдайында ол факт тарс есімнен шығып кетіпті. Кеше тағы да әдеттегідей ойланып отырғанымда, көз алдыма сол сурет сумаң етіп келе қалғаны…

-Ой, айналайын, мынау өте маңызды деталь ғой…!

-А, айтпақшы, біз отырмақ болған «Жигулидің» оң жақтағы артқы есігінің тұтқасы сырттан ашылмайды екен. Мен ашпақ болып әуреленіп жатқанымда, жүргізушінің оң қапталында отырған жауыз арт жаққа бұрылып, есікті іштен ашып жіберген. Сол мезетте оның оң жақ білегіндегі «Не забуду мать родную» деген жазуға көзім түскен болатын…

-Айналайын, Катюша, сен бізге қаншалықты маңызды көмек көрсетіп отырғаныңды өзің сезбейсің ғой! Рахмет, саған – деп, қуанып кеткен капитан үйден тезірек шығып, «темірді қызған кезінде соғуға» асықты…

…Сержант Ермек Ахметов екі жылдық әскери міндетін Ресей жерінде өткізіп келісімен, қалалық әскери комиссариатқа есепке тұруға келген. Майор шеніндегі әскери комиссар Келімбетов Ермектің құжаттарын көріп:

-Бәрекелді, сержант Ахметов, біздің құқық қорғау саласына өзіңіз сияқты іскер, жауапкершілікті жақсы сезінетін патриот жігіттер керек-деп, аудандық Ішкі Істер Бөліміне қызметке келуге ұсыныс жасаған.

-Білдірген сеніміңізге рахмет, комиссар мырза! Бірақ, мен биыл жоғарғы оқу орнына түсуді көздеп, соған іштей бекініп жүрген едім…

-Ол талабыңыз өте дұрыс. Органда қызмет істесеңіз, ол арманыңыздың орындалуына кедергі болмайды. Қайта, болашақта біз беретін жолдама арқылы институтқа түсу жеңіл болады. Ойланыңыз — деп, шығарып салған.

«Іздегенге – сұраған» демекші, жанұя жағдайының материалдық мәселесі қиындық тудырып тұрған жігіт анасымен ақылдаса келе, осы құқық қорғау қызметіне баруды жөн деп шешкен. Тәуба, «бисмиллә» деп, ал дегенде қалалық ІІБ кезекшісінің көмекшісі болып қызметін бастап, талаптанып, ізденіспен, жоғары жауапкершілікпен еңбек етуінің нәтижесінде, тасы өрге домалай бастады. «Талапты ерге нұр жауар» деген ғой аталарымыз, талаптанып, жолдама бойынша Қарағанды Жоғары Милиция Мектебіне түсіп, оны ойдағыдай бітіріп алды. Сол оқуды сырттай оқып жүргенінде, сержант дәрежесінен кіші лейтенант жұлдызшасы қос погонына қонды. Кейіннен лейтенант, аға лейтенант сатыларынан өтіп,  капитан шенін алған. Қалалық Ішкі Істер Бөлімінде жауапты кезекші лауазымынан тергеуші, аға тергеуші, Қылмыс Іздеу Бөлімшесінің инспекторы, сол бөлімшенің бастығы сатыларынан өткен. Бұдан екі жыл бұрын қаланың осы «Екінші кардон» аймағында қылмыс көбейіп кетуіне байланысты, басшылық оны тәжірибесі мол, ізденімпаз және жұртшылықпен тез тіл табыса білу қабілетіне байланысты учаскенің аға инспекторы лауазымына ауыстырған. Жақсы, іскер маман қай лауазымда болмасын өзінің іскерлігі мен ізденімпаздығын көрсете біледі емес пе?! Осы бар болғаны екі жылдың ішінде тұрғындарға арқа сүйеп, олармен тіл табыса қоян-қолтық жұмыс жасауы арқасында, кардонда қылмыс күрт азайып, аймақта темірдей тәртіп орнаған-ды.

…Атышулы қылмыстан соң, кардондағы тұрғындардың үлкендерін ғана емес, олардың жасөспірім балаларын да түстеп танитын, тіпті, қай жанұя қанша, қандай мал ұстайтынын да білетін капитан Ахметов аумақтағы әр үйге кіріп, шым — шымдап сыр суыртпақтаған. Тырнақтап жиған кішкентай, елеусіз ғана бір детальдың, екінші бір жағдайдың ұшығына шығаратындығын талай бастан кешкен Ермек Сәкенұлы тап сол қылмыс жасалған тұста, бұрындар үш рет сотталған, «хромой Семен» кличкалы Семен Сальковтың тамырын басып көрген. Бірақ, Сальков: «Начальник, раньше что было, то было. Я уже давно завязал связь с преступном миром. Прошу Вас меня больше не беспокоить» деп, ешкімді көрмегенін, ештеңе білмейтіндігін айтып, ант су ішкен.

Шынында, Семен араққа тәуір қарағанымен, жаңадан тағайындалған учаскенің аға инспекторы капитан Ахметовтың өзімен бір — жар рет өткізген профилактикалық әңгімелесуінен соң, сақтық танытып жүретін. Аяғын аңдап басып, бұйырған арағын үйде ішіп, көшеге шығып көлбеңдеуді қойған.

…Енді, міне, Ермек тағы да Семен Сальков шаңырағының табалдырығын аттап тұр. Өйткені, кардондағы әр тұрғынның ауласын аралап, шым-шымдап сұрау салу кезінде, қылмысқа қатысты көне көк «Жигулидің» сол Семенның үйіне келгендігін өзі қайталай, пысықтай сұрап, анық — қанығын біліп алған болатын. Оған қоса зәбір көруші Екатерина Пономореваның есіне түсіп, қолмен қойғандай етіп көрсеткен бүгінгі дәлелдерден соң, бұл қылмыстық жағдайдың толық көрінісі айқындалған. Тек, фактілерді салыстыру мен куәгерлерді беттестіру, тағы басқа заңдастыру шаралары ғана қалған.

-Азамат Сальков, тұрыңыз! Ұйқыңыздың уақыты аяқталды! – деген зілді дауыстан, кешегі түн жарымына шейін әкесі арақтан өлгендей сілтеген ішістен кейін ес — түсін білместен қорылдап жатқан Семен ұйқысынан шошып оянды.

«Қорыққанға қос көрінер» демекші, үстіне төне түсіп тұрған әлдебір көмескі сұлаба өзінің жанын алуға келген әзірейілдей көрініп кетті. Көздерін уқалап жіберіп анықтап қарағанда, қарсы алдындағы капитан погонындағы полиция қызметкерін көрді. Бір сұмдықтың тақалғанын сезіп, сасқалақтап қалған ол ауызына еркінен тыс түскен сөзді ойланбастан айта салды:

  • Не болды? Сіз мұнда не істеп жүрсіз?
  • Тез жиналыңыз. Бөлімге барып сөйлесеміз.

Ал дегенде абдырап қалғанымен, сол арада өзіне өзі келіп үлгерген Семен «қорғаныстың ең тиімді түрі — шабуыл» қағидасы бойынша  қырыл аралас дауысымен айқайға басты:

-Тұтқындау үшін қолыңызда прокурордың санкциясы бар ма? Жоқ екендігіне мен нық сенімдемін. Мен прокуратураға шағымданамын!

-Заңды көп оқыған білгіш болсаңыз, міне: Қазақстан Республикасы Қылмыстық Процессуалдық Кодексіндегі: «Полиция қызметкері 132-баптың 1 — тармағы негізінде, күдікті адамның қылмысқа қатыстылығын анықтау мақсатында, оны ішкі істер бөлімінде үш тәулікке дейін ұстауға құқылы» деген бап бар екенін де білуіңіз керек. Сальков, көп қиқақты қойыңыз да, дереу киініңіз. Бос байбалам сөзбен уақыт алмай, менімен бірге аудандық Ішкі Істер Бөліміне жауап беруге жүріңіз…

«Сезікті – секірер» деп, қазақ аталарымыз айтқандай, капитанның қайта оралып соққан келісінен секем алған «хромой» сырт көзге сыр бермеуге тырысқанымен, жүрегі зу ете түскен. «Біткен жерім осы, ертеңгі барар жерім баяғы қапас түрме болады. Бостандық ауылы алыстап, қол жетпейтін арманға айналады енді» деген сұмдық ойдан тамағына өксік тығылып, жанарына үйірілген жасты капитанға көрсетпеу  үшін жүзін теріс жаққа бұра берді. Сол қорқынышты ойдың жетегіне еріксізден бойлай еніп, иықтары  жасы келген кәрі шалдың қос иініндей қушиып, ұнжырғысы түсіп кеткен «хромой Семенның» тарамыс қолдары қалтырап, шарасыздық күймен әр кимін бір ұстап, сөлмірейген қалпында жәйлап киіне бастады.

… — Сонымен, азамат Сальков, өткен жолы Сіз «Гена — крокодил» кличкалы Генадий Коркин туралы берген сұрақтарыма: «ондай адамды танымаймын да, білмеймін» деп, жауап бергенсіз. Қылмыстық Кодекс бойынша жалған жауап беру арқылы тергеу ісіне көрнеу кедергі келтірген адам – заң жүзінде жазаға тартылатындығын да жақсы білесіз…

Енді ешқандай сылтау мен ойдан құрастырған қитұрқы бұлтақтың бармақ үшіндей де көмегі тимейтінін күдікті Сальков анық сезді.

-Бастық капитан, мен бар көрген – білген шындықтарды түк қалдырмай айтып берейін. Сөйтіп, тергеу ісіне көмек көрсету арқылы, Сіздің — «өз еркімен келіп, айыбын мойындады» (явка с повинной)Заңдыпротоколын іске қосуыңызды сұрамақ едім.

-Жақсы. Бұлтақтатпай, баяғыда әңгімені осыдан бастауыңыз керек еді. Бұл сіздің мойыныңыздағы кінәні жеңілдететін заңдылы құқыңыз – деген капитан Ермек Ахметов өз сейфіндегі дайын бланкіні шығарып, арнайы протоколды толтыруға кірісті.

Арада екі жарым сағат өткенде, Талдықорған қаласынан қанішер жауыздар — Генадий Коркин мен Юрий Зориннің қолдарына кісен салынып, Текелі ІІБ-нің алдын ала қамау (КПЗ) камерасына тоғытылды. Артынша кезекші бөлменің тақтай орындығында төрт сағаттан бері отырған «хромой Семен»-  Сальков та темір торлы тұраққа қамалды.

Басқы кезде ешкім көрмеген, білмеген, тұйық тұғырыққа тіреп, ешқашан ашылмастай көрінген жан түршігерлік қылмыстық істің түйіні көп кешікпей, ұршықтағы жіптей бірте-бірте тарқатылып, шешіліп сала берді…

 

***

 

Күдіктілер мен куәгерлерді беттестіру, опыр – топыр болып, ойраны шығып жатқан қылмыстық оқиға болған аумақтың және айқыш- ұйқыш іздердің суреті, көне көк «Жигули» көлігіндегі «878» мемлекеттік нөмірі мен сол машинаның артқы есігіндегі құлыптың (замоктың) ақауы – барлық фактілер қос күдіктінің бұлтақтауы мен сырғақтауына жолды жауып тастады.

Зәбірленуші Екатерина Пономорева мен күдікті Юрий Зоринды беттестіру процессі үш бірдей күәгерлердің қатысуымен өтіп жатыр.

-Азамат Зорин, оң жақ білегіңізді жалаңаштап, куәгерлерге көрсетіңіз…

-Менің білегімнің іске қандай қатысы бар–деген күдіктібұлтақтамақ болып еді, Ермек Ахметов оны шұғыл тиып тастады.

-Сіздің тәніңізді қызықтап тұрғамыз жоқ. Қасарыспай тезірек көрсетіңіз.

Зорин амалсыздан жеңін түріп, білегін жалаңаштағанда, иықтан сәл төмен тұсындағы «Не забуду мать родную!» деп, инемен піскілеп жазылған көкшіл жазу сопаң етіп шыға келді…

Осы сәтте Катя қыздың беті көгере дірілдеп, әлі құрыған ол денесін ұстай алмай: «Будь ты проклят, фашист» дей берді де, сөзінің соңын айтуға әлі келмей, сылқ ете түсті. Абүйір болғанда, куәгердің біреуі қызды дер кезінде құшақтай алып, еденге құлап түсуден сақтап қалды.

… Қылмыстық оқиға болған күні «Жедел жәрдем» машинасы ағайынды Пономореваларды қалалық аурухананың жан сақтау бөліміне жатқызған кезде, сот медициналық экспертиза дәрігері заң талабы бойынша зорланған қыздардың жатыр қынабынан анализ алған болатын. Кеше сот медициналық экпертиза дәрігері қос күдіктілерді қамаған сәтте олардың да ұрығын анализге алған. Күдіктілер мен зәбірленуші қыздардан алынған ұрықтардың сараптама қорытындысы, әрине, сәйкес, бірдей болып шықты.

Тергеу толық аяқталды. Қылмыстық ісТекелі қалалық прокуратурасына жіберіліп, көп кешікпей прокурордың Айыптау қорытындысы күдіктілер Семен Сальков пен Юрий Зориннің, екінші данасы Пономоревтар әулетінің қолдарына табыс етілді. Арада он төрт күн өтті.

…Міне, кеше — бүгін алдын ала сот тергеуі өтіп, күдіктілердің қылмыстары толық дәлелденіп, мойындарына қойылды. Қала прокуроры әділет поковнигі Симакин, адвокаттар: Мақашев пен Сорокин, сот отырысының хатшысы Сақан Әлпейісованың қатысуымен, судья Ғалия Беркімбаева төрағалық еткен сот процессі мәресіне жетіп, сот құрамы кеңесу бөлмесіне кетті. Түстен кейін сот Үкімі оқылады.

…Әттең, жәбірленуші Любовь Пономорева қос зорлықшы қарақшыларға тағайындалатын әділ Үкімді ешқашан ести алмайтындығы өкінішті. Ата-анасының аялы алақанында әлпештеніп, махаббаттары мен сүйіспеншілігіне бөленіп өскен қызғалдақ қыз, қатігез, еш аяушылықты білмейтін екі аяқты қос қорқаудың, күнәдан пәк, жаны нәзік Люба қыздың жас жүрегіне салған жазылмас дерттің кесірінен, осыдан тоғыз күн бұрын, аурухананыңжансақтау бөлмесінде есін жия алмаған күйі жарық дүниеден озған еді.

Ия,Үкім бүгін оқылады…

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *