ЕУРАЗИЯ СУПЕРКОНТИНЕНТІНІҢ ТАРИХЫНДАҒЫ ФЕНОМЕНАЛЬДЫ ҚҰБЫЛЫС – ҚЫПШАҚТАР
Дилорам ТАУАСАРОВА,
Түркістан облыстық «Ұлы Дала Елі»
орталығының ғылыми қызметкері.
«Ұлы Дала Елі» орталығында «Мәңгілік құндылықтар: Түркі қолбасшылары және ежелгі түркі халықтарының өмір салтының ұқсастықтары» тақырыбында керемет танымдық жоба жүруде. Жоба аясы сақ дәуірінен бастап қазақ хандығына дейінгі тарихты қамтиды.Осы жоба аясында кезекті тақырып қыпшақтарға арналған комикс, интервью, подкаст форматында мәліметтер ұсынылуда. Орталықтың «Түркі әлемі» экспозициясында «қыпшақ амазонкасы – қыпшақ жауынгер әйелі», қыпшақ балбал тастары, көркем мүсіндері қыпшақ жауынгерінің қару–жарақ жиынтығын көруге болады.Балбалдар қыпшақ жауынгерінің қарулануын, киім үлгілерін этнографиялық дәлдікпен көрсеткен ақпарат көзі ретінде белгілі. Жалпы Дешті Қыпшақ, Қазақстан аумағында әртүрлі уақытта табылған археологиялық материалдар негізінде қыпшақтың бейнесін сипаттаған. Атап айтарлығы, қыпшақ кезеңіндегі қару–жарақ және оны дайындау технологиясының кейбір элементтері ХІХ ғасырға дейін қазақ және кавказ халықтарында сақталып келген.
Қыпшақтар – Еуразия далалық аймағында IX–XIII ғасырлар арасында ерекше рөл атқарған түркітілдес көшпелі халық. Олар тарихи және геосаяси тұрғыдан феноменальды құбылыс ретінде бағаланады, себебі олар тек қана үлкен территорияны иемденіп қоймай, сонымен қатар саяси, әскери, мәдени және этникалық ықпалын бүкіл Еуразия кеңістігіне таратқан. Қыпшақ даласы – Дешті Қыпшақ деп аталған географиялық ауқымы қазіргі Қазақстан аумағынан бастап Еділ өзені арқылы Қара теңіз даласына, Украина мен Дунайға дейін созылған. Бұл территория Еуразия құрлығының жүрегі іспетті болды. Еуразияның орталық бөлігінен бастап, Қара теңізге дейінгі орасан зор аумақты иемденіп, өздерінің саяси ықпалын жүздеген жылдарға орнатқан, X–XIII ғасырларда Шығыс Еуропа мен Орта Азия арасындағы геосаяси буферге айналды.Қыпшақ даласы (Desht-i Qipchaq) атауы тек тарихи–географиялық емес, бүкіл Еуразия далалық мәдениетінің өзегі болды. Византия, Грузия, Русь, Хорезм, Шыңғысхан империясы сияқты ірі мемлекеттермен қарым–қатынас орнатты, кейде соғысса, кейде одақтасты.
Қыпшақтарда саяси құрылым және билік жүйесі орталықтандырылған мемлекет болмаса да, олар рулық–тайпалық басқару жүйесіне негізделген мықты әскери одақ құрды. Қыпшақ хандары мен бектерінің ықпалы өте зор болды. Олар кейде өзара қақтығысса да, сыртқы жауға қарсы тұра алатын күшке ие болды. Әсіресе әскери қуаты – өз дәуірінің ең мықты атты әскерлерінің бірі ретінде танылды. Олар Византия, Русь, Мысыр сұлтандығы және басқа да ірі мемлекеттердің армияларында жалдамалы жауынгер болған. Мысалы, Мысырдағы мамлүк мемлекетінің негізін қалаушылардың басым бөлігі қыпшақтар еді. Көптеген халықтармен мәдени және этникалық ықпалы негізінде, олардың тілі мен мәдениетіне әсер етті. Қыпшақ тілі ХІІ–ХІІІ ғасырларда халықаралық дипломатиялық тіл деңгейіне көтерілді. «Кодекс Куманикус» латын–қыпшақ сөздігі қыпшақ тілінің кең тарағанын дәлелдейтін маңызды ескерткіш. «Кодекс Куманикус» XIII–XIV ғғ. Италияда жазылған латын–қыпшақ тіліндегі сөздік. Бұл құжат – түркі тілдерінің дамуындағы алтын көпір. Қыпшақ тілі Алтын Орданың мемлекеттік тіліне айналып, кейіннен қазақ, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, қарашай–балқар, татар тілдеріне негіз болды. Дала құқық жүйесі мен ауызша поэзия дәстүрі,батырлар жыры, шежірелер осы тілдік мұра арқылы жеткен. Қыпшақтар түркі тілді тайпа болғанымен, түрлі этностармен сіңісіп, этникалық араласу үрдісінің бір қозғаушы күшіне айналды.Олар Куман (батыс еуропалық атауы), Половецтер (орыс жылнамаларында), Қыпшақтар деп әртүрлі аталды. Орыс княздықтарындағы «қыпшақ қызы» мен «қыпшақ тектілер» ұғымдары сол замандағы элиталық неке байланыстарын көрсетеді. Мысалы, Киев князі Владимир Мономахтың әйелі қыпшақ қызы болған деген деректер бар. Қыпшақ тілі орта ғасырларда халықаралық дипломатиялық және әскери тілге айналды. Тайпаның біраз бөлігі ислам дінін қабылдап, мұсылман әлемімен тығыз байланыс орнатты. Бұл байланыс әсіресе Алтын Орда кезеңінде күшейіп, ислам мәдениетінің таралуына үлкен үлес қосты. Ислам дінін дала өміріне икемдеп, көшпелі ислам дәстүрін қалыптастырды. Қыпшақтар – жоғары деңгейде ұйымдасқан жылқы мәдениеті мен әскери стратегияның шеберлері. Жауынгерлік өнері – жеңіл әрі жылдам атты әскер тактикасы Шыңғысхан қолының үлгісіне айналды. Олар крест жорықтарына қатысып, Византия мен Грузия армияларында маңызды рөл атқарған. Қыпшақ жауынгерлері кейін Мәмлүк мемлекетінің (Египет, Сирия) билеуші элитасын құрады. Көптеген мәмлүк сұлтандары – қыпшақ тектілер. Тамақтану дәстүрлері өмір сүрген кең байтақ дала аймақтарында тіршілік етуге бейімделген. Қыпшақтардың тамақтарының бірнеше басты ерекшелігін атап өтуге болады: Қыпшақтар – негізінен мал баққан көшпелі халық. Олар жылқы, қой, сиыр, түйе секілді төрт түлікті өсіріп, солардың етін, сүтін, майын негізгі азық ретінде тұтынған. Көшпелі өмір салты ұзақ сапарларды, жорықтарды талап ететін. Сондықтан олардың тағамдары ұзақ сақталуға және тасымалдауға ыңғайлы болуы керек еді. Қыпшақтар үшін ет — басты тағам Әсіресе, жылқы еті мен қой еті жоғары бағаланған. Қыпшақтар таза көшпелі болғанымен, отырықшы егіншілікпен айналысқан халықтармен сауда қатынасында болған. Сондықтан олардан бидай, арпа секілді дәнді дақылдарды алып, ұннан әртүрлі тағам жасаған. Қыпшақтардың тағамдары – табиғатпен үйлесімді өмір сүруінің, көшпелі шаруашылықтың және практикалық өмір салтының айғағы. Ет пен сүт тағамдарының басымдығы, ұзақ сақталатын азықтардың болуы және қарапайым, қуатты тағамдар қыпшақтардың тамақ мәдениетін айқындайды. Қыпшақтардың тағам мәдениеті – олардың көшпелі өмір салтымен, табиғи орта жағдайымен және шаруашылығымен тығыз байланысты.
Қазақ тарихында өзіндік қолтаңба қалдырған қыпшақтар көшпелі өркениеттің рухани және материалдық мұрасын – ою–өрнек, музыкалық аспап, эпос, киіз үй мәдениеті сияқты құндылықтарды келесі ұрпаққа жеткізген қазақ этногенезінің өзегі. Еуразия тарихында ерекше орын алатын халық. Олардың әскери күш–қуаты, мәдени ықпалы, геосаяси рөлі мен тілі – бүкіл құрлықтың даму бағытына әсер етті. Сондықтан қыпшақтарды Еуразия суперконтинентіндегі феноменальды құбылыс деп толық негізде атауға болады.
КЕСТЕДЕГІ КӨКЖИЕК: ЖІБЕК ПЕН УАҚЫТ
Ұлы Дала Елі орталығы ұлттық мұра мен заманауи өнердің үндестігі қазақ қолөнері мен заманауи өнер тоғысқан, нәзіктік пен көркемдіктің көрінісіне айналған «Жібек тоқылған ауа, өрілген ауа» атты көрме есігін айқара ашты. Бұл көрме – көрерменді жібек жіптің символдық әрі физикалық табиғаты арқылы қазақ мәдениетінің терең пласттарын сезінуге жетелейтін ерекше шығармашылық алаң. Көрме арқылы жібек пен оның мәдени феномені туралы түсінікті кеңейту, ұмыт қалған қолөнер элементтерін қайта тірілту және жас буынға ұлттық мұраның эстетикалық маңызын жеткізу көзделген. Сондай–ақ, жібек – символ ретінде табиғат пен адамның нәзік үйлесімін паш етеді. Бұл көрме шынайы мәдени–көркем сипаттама бере отырып, көпшілікті қызықтыруға бағытталған. «Жібек– тоқылған жарық, өрілген ауа» көрмесі қазақтың жібек кесте өнеріне арналған көркем тынысы. Қазақ халқының көркемдік мәдениеті терең де бай. Сол көркем дүниенің ішіндегі ең нәзік салалардың бірі – кесте өнері, ал оның шыңы – жібек жіппен тігілген кестелер. «Жібек – тоқылған жарық, өрілген ауа» атты көрме осы өнерге арналған тағылымы терең, эстетикасы ерекше мәдени шара. Жібек – нәзіктіктің символы, ежелден бері шығыс өркениеттерінде асқан бағалы материал ретінде танылған. Оның жеңіл, жылтыр, әрі жұмсақ табиғаты сұлулықтың, тазалықтың, нәзіктіктің белгісі саналады. Қазақ шеберлері жібекті тек сән үшін емес, рәміздік мәні бар материал ретінде де қолданған. Әсіресе, қыз – келіншектердің сәукелесі, шапан – камзолдары мен тұрмыстық бұйымдардағы кестелер жібекпен өрнектелген. Бұл көрме – сол жібек жіптердің үнсіз шежіресін сөйлететін орын. Кесте – қолөнер мен жан әлемінің үндестігі, үлкен өнер. Бір ғана жіппен нәзік гүлді, күрделі оюды немесе символдық бейнені беру – үлкен шеберлік пен сабырлықты талап етеді. Көрмеде жібекпен тігілген дәстүрлі кесте үлгілерімен қатар, қазіргі заман шеберлерінің авторлық туындылары да қойылған. Жібек жіппен салынған әр өрнек – жарыққа толы тыныс, ауадай жеңіл шеберлік. Көрмеге қойылған бұйымдар қатарында:сәндік панно мен портреттік кестелер,тұрмыстық заттардағы кестелер (жастық, дастархан, шымылдық), заманауи сәндік композициялар мен инсталляциялар, және тарихи құндылыққа ие көне кесте бұйымдарының реконструкциялары бар. Көрме тек бұйымдар шеруі ғана емес, шеберлік сабақтары, шығармашылық кездесулер, жібек кесте тігу техникасының түрлерімен таныстыратын лекциялар мен ашық пікірталастар да ұйымдастырылады. Бұл шаралардың барлығы көрермен мен өнердің арасын жақындатуға бағытталған. Кесте тігу тек қол еңбегі емес,ол сезімнің, ұрпақтық жалғастықтың және әйел болмысының көркем шежіресі, өнер мен уақыт үндестігі. Осы көрме арқылы сол нәзік үнді естіп, жібектей жұмсақ, жарықтай жарқыраған өнермен қауышуға мүмкіндік бар. «Жібек – тоқылған жарық, өрілген ауа» атауының өзі өнер мен табиғаттың үндестігін аңғартатын бұл көрме көрерменге тек тамашалау қуанышын ғана емес, мәдени сабақтастықты сезінудің мүмкіндігін ұсынады.
Жібек – ежелден нәзіктіктің, байлықтың және нәзік еңбекқорлықтың символы. Осы көрме арқылы көрермен жібектің тек материя ғана емес, қазақ халқының тарихындағы, өнеріндегі, тұрмысындағы рухани әрі мәдени код екенін аңғарады. Атауының өзі – «Жібек тоқылған ауа, өрілген ауа» – көрменің концептуалдық өзегін білдіреді: жібек – бұл жай ғана мата емес, ол – ауадай көрінбейтін, бірақ сезілетін байланыс, нәзік өрілген жіптер арқылы ұрпақтар жалғастығын, рухани сабақтастықты жеткізетін көркем тіл. Көрмеде тарих пен дәстүр: Қазақ жібегінің шежіресі мен Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдени алмасулар,ұлттық өрнектер, жібек мата тоқу техникасы, табиғи бояу қолдану үрдісі, заманауи инсталляциялар, жібек жіп пен ауа қозғалысын жаңа медиа арқылы бейнелеу, киім және сән дизайны, дәстүрлі мотивтерді заманауи киім үлгілерінде ұсынатын дизайнерлік туындылар, интерактивті алаңда келушілер өз қолымен жібек жіптен кесте тігіп, жіп тоқу техникасын танысты.
Жібек – адамзат өркениетінде мыңдаған жыл бойы ерекше орын алып келген табиғи материал. Ол тек сән–салтанат емес, өмірдің түрлі салаларында кеңінен қолданылып, мәдени, экономикалық, рухани және медициналық мәнге ие болды. Жібек – сән әлеміндегі ең нәзік әрі бағалы материал. Ұлттық киімдерде, сәндік бұйымдарда жібек кең қолданғанын білеміз. Бұл жібектің табиғилығына және адамның әлеуметтік дәрежесіне қатысы бар болған. Сауда мен дипломатияда жібек – тұтас өркениеттерді жалғаған тарихи сауда бағытының символы. Жібек жолы арқылы Қытай, Орталық Азия, Парсы және Еуропа елдері арасында экономикалық және мәдени байланыс дамыды. Билеушілер мен елшілер бір–біріне жібек шапан, мата сыйлаған. Бұл құрметтің, достықтың белгісі болған.
Жібектің табиғи құрылымы оны емдік әрі биологиялық тұрғыда медицина және денсаулық сақтауда бейтарап материал ретінде қолданған. Хирургияда: Жібек жіп ежелгі және қазіргі медицинада жараны тігуге арналған, себебі ол денеде оңай сіңеді және аллергия тудырмайды.
Косметологияда: Жібек ақуызы – серицин тері күтіміне арналған өнімдерде қолданылады (ылғалдандырғыш, тері жұмсартқыш ретінде).
Тіпті рухани өмір мен дәстүрлерде жібек арқылы рухани күшке ие болады деген сенім болған. Яғни жібек – таза, нәзік, берік, байлық пен рухани үйлесімділіктің бейнесі.
Ғылым мен технологияда (заманауи кезеңде) биоматериал ретінде: Ғалымдар жібек талшықтарын импланттар, тіс протездері және жасанды тері жасау үшін қолданады.
Жібек талшықтары жоғары сапалы акустикалық жүйелердің мембраналарында қолданылады (мысалы, жоғары жиілікті динамиктерде). Жоғары беріктігі мен жеңілдігі үшін жібек арнайы парашюттерде, әскери мақсаттағы бұйымдарда пайдаланылған. Ортағасырлық көшпенді жауынгерлер (XV–XVI ғ) жібек жіптен тігілген арнайы ішкі – терлікті сауыт астына қорғаныш киім киген. Жібек жарақаттанған кезде оқ пен жебенің ішкі органдарға өтуін бәсеңдетіп, талшықтары жараға оралып, қан кетуді тоқтатқан. Бұл – көшпенділердің табиғи материал мен әскери тәжірибені үйлестіре білген шеберлігінің бір мысалы. Тек сән емес – тіршілік технологиясы болған. Теріге оралған дәстүрлі тұмар ішіндегі дұға жібек жіппен ерекше өрнек түрінде кестеленген – сенім мен өнердің бірлігі. Тіпті дихандар «Береке дорбасы» деп атайтын тұқым салатын дорбалары жібек кестелі болған екен. Бұл шағын дорбаға егін егу кезінде алғашқы дәндер салынған. Дорба бетіне жібек жіппен «Береке», «Ырыс», «Табыс» сөздері немесе рәміздік белгілер кестеленген. Мұндай бұйым иесіне жақсы өнім мен табиғатпен үйлесімді қарым-қатынас тілейтін символ ретінде берілген.
Жібек – тек материя емес, мәдениет. Ол ғасырлар бойы адамзаттың киімінде, сенімінде, саудасында, өнерінде және ғылымында қатар жүріп, символдық мәнге ие болған материал. Оның жұмсақтығы – әлсіздік емес, тіршілікпен үндес күштің көрінісі. Жібек кестелер біздің ұлттық болмысымыздың нәзік, бірақ берік жібіндей. Ол үзілмей, өріле берсе екен.
ТЕҢІЗДЕН ТУҒАН ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕР – ТАБАНДЫЛЫҚ ПЕН КӘСІПКЕРЛІК РУХ ЖЕҢІСІ
Арманыңды орындау үшін сену аз – сендіре білу керек. Әсіресе ең жақын адамың сенімен бірге болса, мүмкін еместің өзі орындалуы ғажап емес. Бұл сөздің дәлелі – Кокити Микимотоның өмір жолы. Оның інжу өсірудегі табысында жұбайы Умэнің еңбегі орасан. 20 жыл бойы нәтижесіз сынақ жүргізіп, бәрі бас тартқанда тек жары ғана қолдап отырған. Нәтижесі қандай болды? Бүгінде MIKIMOTO – әлемдегі ең қымбат інжу бұйымдарын жасайтын бренд.
Жапония медицинасы мен биотехнологиясы әлемде алдыңғы қатарда саналады. Бұл ел тек адамдарды емес, табиғаттың ең нәзік жаратылыстарына да күрделі операция жасай алатын деңгейге жеткен.Табиғи інжу – теңіз моллюскінің ерекше физиологиялық реакциясының нәтижесі. Ол – биоминералды материал, табиғи перламутрдың бірнеше жыл бойы бөгде затты қаптауы нәтижесінде түзіледі. Ал бұл ерекше табиғи процесті алғаш рет қолдан іске асырған адам – жапон кәсіпкері Кокити Микимото. Оның ғұмыры ғылым, кәсіп және мәдениетті тоғыстырған таңғажайып оқиға. Микимото інжу табиғатын, оның қолдан жасалуының ғылыми негізін, жапондық Ама дәстүрін және інжу өндірісінің жаһандық маңызын зерделейді. Жапонияда інжу қабыршақтарын жинау ертеден Ама (海女) – «теңіз әйелі» – жылы теңіз жағалауларындағы әйелдердің көне кәсіптерінің бірі болып табылады. Ама кәсіпшілігінің ежелгі тарихы көне жапон поэзия жинағы «Манъёсюда» шамамен 2000 жыл бұрын Сима деп аталатын өңірде Ама өмір сүргені туралы айтылады. Бұл жердің халқы өмірін теңізбен байланыстырған. Ер адамдар балық аулаумен айналысса, әйелдер теңіз өнімдерін жинаған. Сима түбегінің климаты жылы, ал теңізі бай. Осы жағдайлардың әсерінен мұнда інжу маржанын теретін әйелдер – Ама кәсібі пайда болды.
ХХ ғасырдың басына дейін табиғи інжу немесе шығыс інжу – маржандары гауһар тастардың құнынан асып түсті. Бүгінгі таңда інжу – маржандарды жасанды өсіру әдісін игергендіктен, оған сену қиын. Жасанды түрде өсірілген інжу – маржандар табиғи сияқты, адамның аз ғана араласуымен қалыптасады. Өсірудің бұл ерекше әдісі Жапонияда дамыды, дегенмен бұл әдіс Қытайда XIII ғасырдан бері белгілі болды. Кокити Микимото бұл істі алғашқылардың бірі болып зерттей бастады. Інжу–маржандардың сұлулығынан шабыттанған жапондық кәсіпкер Кокити Микимото жасаған Mikimoto зергерлік бұйымдарының негізгі азиялық брендінің негізін салды. Оның жетістігі кездейсоқтық пен сәттілікке емес, бұл жапондық еңбекқорлықтың, кәсіпкерлік табандылықтың және өміріндегі ең жақын адам – сүйікті әйелі Уменің қолдауынына деген құрмет.
Жапондық аралдың қарапайым кеспехана иесінің баласы қалай інжу патшасы болды? Болашақ зергерлік үйі қандай жол жүріп өтті, оның ерекшелігі неде? Микимото Томас Эдисон туралы не айтты? Кокити Микимото 1858 жылы кеспе шығаратын және сататын шағын дүкен иесінің отбасында дүниеге келген. Баланың мектепте білім алуға уақыты болмады, ол бала кезінен әкесіне пісірілген кеспе жеткізуде көмектесті және кәсіпкерлік ебі болды. Ол туған ауылында мұхиттың түбінен інжу теретін сүңгуірлерді бақылайтын. Мұндай інжуді табу процесі өте қиын әрі қымбат болғандықтан, ол қарапайым халыққа қолжетімсіз еді. Сондықтан Микимото інжу устрицаларын қолдан өсіруге бел буады.Токиода өткен зергерлік көрмеде інжумен жасалған керемет өнер туындыларын көріп кейін бұл ойы нақты мақсатына айналады.
Әйелінің жасауына алған қаражатқа ол арманына бір қадам жақындап, шағын устрица фермасын ашады. Екі жылдан кейін Жапонияның ұлттық жәрмеңкесіне барған кезде, ол теңіз биологиясы саласындағы танымал маман – профессор Какими Мицукуримен танысады. Профессор оған тек устрицаларды ғана емес, інжуді де өз қолымен өсіруді ұсынады.Бұл кеңес өте орынды болды, өйткені Кокити салған плантация қызыл балдырлардың тасқыны мен інжу устрицаларын жыртқыштардың жаппай аулауынан жойылып кету қаупінде тұрған еді. Какити зертханасынасында Микимото табиғи інжудің қалыптасу үдерісімен танысады. Егер моллюсктің ішіне бөгде затты енгізсе, біраз уақыттан кейін ол інжу қабыршағымен қапталып, жаңа інжу түзіледі. Профессордың айтуынша, бұл идея қарапайым көрінгенімен, бұған дейін жасалған бірнеше талпыныстар сәтсіз аяқталған.Ал Микимото үшін бұл нағыз сынаққа айналды.Ол бірден тәжірибелер жүргізуге кірісті табиғи түсі бар, мінсіз домалақ інжу алу үшін моллюсктердің ішіне кішкентай саздан және әйнектен жасалған шар пішін орналастырды. Алайда перламутр қабаты пайда болмады. Көп жылдар бойы ол устрицаларды өзі жеке тексеріп отырды: ракушкалар арнайы торларға орналастырылып, толқын мен ағыс кезінде ағып кетпейтіндей жағдай жасалды. Айналасындағылар оның тынымсыз еңбегін бекерге санап: «Жаман адам емес, тек інжуге әуестігі өкінішті» –деп айтатын. Бірақ оның арманын шын жүректен қолдаған жалғыз адам– жары Умэ еді. Ол күйеуінің жанында болып, оның арманын шындыққа айналдыруға көмектесті. 20 жылғы сынақтардан кейін Американың Миссисипи өзеніндегі бір моллюскінің өзегі ғана басқа устрицаның ішіне салуға жарайтын боп шығады. 1893 жылы өнертапқыштың кезекті талпынысы сәтті нәтижелі болды: Умэ раковинаның ішінен кішкентай жартылай домалақ інжу алды. 1896 жылы бұл жетістік ресми түрде патенттеліп, тіркелді.Осылайша әлем тарихында тұңғыш рет жасанды жолмен өсірілген інжу пайда болды. Бұл жаңа зергерлік империяның бастамасы болатын.
Патент алғаннан кейін Микимото Жапониядағы Джима аралында інжу өсірумен және керемет зергерлік бұйымдар жасаумен айналысатын компанияны құрды. Кәсіпкер қызметкерлерді оқытуға қаржы аямайды–ол жапон зергерлерін Еуропаның ең үздік шеберлерінен тәжірибе алуға жібереді. Бастапқыда еуропалықтар інжудің түпнұсқалығына күмәнданады. Алайда көптеген зерттеулерден кейін олардың сапасы, сыртқы келбеті мен химиялық құрамы табиғи інжулермен бірдей екеніне көз жеткізед. Бір іс–шара барысында жапон кәсіпкері Томас Эдисонмен танысады. Эдисон мәдени інжуге қатты таңғалып, ерекше әсер алады. Өнертапқыш былай деген екен: «Менің зертханамда екі нәрсені жасау мүмкін емес–ол гауһар тас пен інжу». Эдисон інжуді жасанды жолмен алуға тырысқан, бірақ табысқа жете алмаған. Сол себепті ол Микимотоны ерекше құрметтеген. Осылайша жаңа азиялық бренд Еуропа мен Америка үшін басты інжу әшекей жеткізушісіне айналды. Еуропадағы жетістіктен кейін, компания інжу өсірудің жаңа технологияларын зерттеуді жалғастырды: алмұрт тәрізді пішіндегі және сирек кездесетін қара түсті інжулер пайда болды. Брендке інжуге гауһар тасты енгізудің эксклюзивті технологиясы тиесілі. Алайда кез келген MIKIMOTO туындысының орталық элементі – інжу.Қалған барлық асыл тастар тек қосымша рөл атқарады.
Жапон зергерлік өнерінің философиясы–табиғатпен үйлесімділік, сұлулыққа деген көзқарасы,табиғи құбылысты ғылыми–технологиялық жолмен қайта жасау, кәсіпкерлік табандылық пен инновациялық ізденіс, Жапон мәдениетінің тереңдігі мен әйел рөлінің маңыздылығы,технология мен табиғат үйлесімі арқылы жаңа дәстүр қалыптастыру.
MIKIMOTO бренді – Жапония үшін дәстүрлі, зергерлік бұйымдары көбіне үйлену тойына сыйға тартады. Жапондар үшін классикалық зергерлік әшекей – түрлі реңктегі інжу тізбегі.Кокичиден інжудің қандай емдік қасиеттері бар деп сұрағанда, ол былай деп жауап берген: «Әйел адам інжу тізбегін сыйлыққа алса, бірден көңіл-күйі жақсарады. Мен білетін жалғыз емдік қасиет – осы».
P.S. Микимотоның екі інжу тізбесіне Нью-Йорктегі Бесінші авенюден үй сатып алуға болады. Бұл Жапон сапасының символы, көпжылдық зергерлік дәстүрлердің көрінісі, табанды еңбек, кәсіпкерлік рух әрі інжуге шынайы қазына ретінде құрметпен қараудың тарихы.Ал Жапонияда, Миэ префектурасында, Тоба жағалауындағы Исэ шығанағындағы шағын аралда «Микимото Інжу аралы» музейі орналасқан.
ГЛЯЦИОЛОГИЯ ҚҰБЫЛЫСЫ – КАЛЬГОСПОР
Менің ең сүйікті кезеңім – қыс. Қыстың сиқыры, табиғат тылсымы мені әрқашан өзіне баурап алатын. Қыстың әр күні өзіне тән ерекшеліктерімен сипатталды, жалпақ жапырақты ормандағы мұз шаштары, Байкал түбіндегі мұз моншақтар, көлдерде пайда болатын мұз шамдары, бір – біріне ұқсамайтын қарды айтпағанда мен білмейтін сан түрлі табиғи көріністермен жер бетінде ғылым түсіндіре алмайтын жұмбақтар, түсініксіз құбылыстар өте көп. Осындай құбылыстың тағы біреуі – кальгаспор. Бұл жыл бойы шөлдің ортасында тұрып, еріп кетпейтін қар блоктары. Шын мәнінде, тек шөлде ғана емес, бұл құбылыстың ең көрнекті мысалдарының бірі Чилидің Атакама шөлінде орналасқан. Қар үйінділері пенитентес деп аталады яғни бұл «тәу етушілер» «құлшылық жасаушылар» деп аударылатын испан сөзі. Испанияда өтетін дәстүрлі Қасиетті аптада дін қызметкерлері үшкір бас киім киіп қатысатын шеру апталығы. Кальгаспорлар дәл крест жорығының әскерлері тәрізді орналасуыда осы атауға өз әсерін тигізген. Құлшылық жасап тұрған монахтарға ұқсастықтар сонымен қатар кальгаспоралардың бір бағытқа – батыстан шығысқа қарай орналсауымен де сипатталады. Атакама шөлінде бұл желдің тұрақты бағытымен сәйкес келеді, сондықтан жергілікті тұрғындар бұл қарлы ормандарды мүсіндейтін «мүсінші» жел екеніне сенімді. Кальгаспораны алғаш рет 1835 жылы науырыз айында Чарльз Дарвин өз күнделігінде сипаттаған. Сантьягодан Аргентинаның Мендоза қаласына барар жолда ғалым аңғардағы қарға назар аударды, олар еріген сайын қар мұнаралары сиқырлы түрде өсті. Оларды елемеу қиын болды: қар тіректер арасындағы тар қашықтық қозғалысты қиындатты, ал ерекше көрініс көзді байлап тастады – деп жазған. Кейінірек басқа ғалымдар бұл құбылысты зерттей келе, оны әрқайсысы өзінше сипаттады: «шам өрістері», «мұз бағандары» және «азулы фирн». Алайда, гляциологияда – испан тілді жетекшісінің ұсынымен «пенинтенес» атауы бекітілді. Ұзақ уақыт бойы жергілікті тұрғындар бұл құбылысты қатты таулы және шөлді желдің әсерінен пайда болады деп сенді. Бүгінгі таңда ғалымдар болып жатқан табиғат тылсымының ғылыми негіздемесін жасады. Алайда, бұл құбылыс кездесетін басқа жерлерде де кальгаспоралар батыстан шығысқа қарай орналасады. Ғалымдар мұны жел туралы емес, жердің қалай айналатыны туралы түсіндірді – кальгаспоралар параллельдер бойымен бағытталған және күн сәулелері тіке түсетін экваторға жақын жерде пайда болады. Осы бақылаулардың нәтижесінде кальгаспоралардың қалай пайда болатындығы туралы теория пайда болды – желдің емес, күн негізінде. Күн тек бір жағынан қарды ерітеді (немесе тіпті фирн — мұз күйіне дейін еріген қар), нәтижесінде тегіс жамылғыда ойпаттар пайда болады, күн сәулесі осы ойпаттың бір жағынан шағылысады және қарама-қарсы жағын ерітеді. Неліктен күн сәулесінде қар толығымен ерімейді деген сұрақ туындайды. Ғалымдар бұған құрғақ ауаның және жер бедерінің әсері деп санайды. Ал Атакама планетаның ең құрғақ аймағы болып саналады. Кальгаспоралар беткейлерде және қиыршық тастар көп жерде пайда болатыны байқалады. Шамасы, мұның бәрі пенитентестің күн сәулесін шағылыстыра отырып, бір – бірін «қайрауына» жағдай жасайды. Айтпақшы, бұл жағдайда қар ерімейді, бірақ бірден буланып кетеді. Мұндай процесс сублимация деп аталады – қатты күйден сұйықтыққа айналмай газ тәрізді күйге ауысу. Кальгаспорлар орналасқан аймақтар әрқашан құрғақ, бұл қар инелері нағыз ыстық шөлдің ортасында жабысып тұрған әсер береді. Атакамада және кальгаспоралар табылған басқа жерлерде қар жиі болмаса да, аз мөлшерде жауады. Атакамада 2011 жылы өте көп қар жауды, ғалымдар қар еріп, жергілікті өзендерді басып қалғанда пайда болатын су тасқынынан қорқып, дабыл қақты.Алайда жауған қар сублимацияға ұшырап тасқын болмады.
Ең үлкен пенитентес Анд және Эверест тауының Хумбу мұздығынан табылған – олардың биіктігі, 30 метрге жетеді. Кальгаспоралар өрістері бірнеше шақырымға жетуі мүмкін, ал қалыпты жағдайларда олар 6 метрге дейін жетеді. Мұзды құбылыстың пайда болу процесі қалай жүріп жатқандығы туралы сұрақтар әлі де көп. Ғалымдар оларға жауап іздейді. Айталық, пенитентестің неге осындай өткір шыңдары бар екенін түсіндіруге тырысатын теория бойынша – олар тікелей күн сәулесінде еруі. Атмосферадан ылғал қатты құрғақшылыққа қарамастан өткір шыңдарға түсіп, шамасы, төмен қарай ағып кетеді. Алайда, күн радиациясы процесіне әсер етуі, тіпті планетаның электромагниттік өрісі туралы теориялар бар. Әзірге бұл жерде желдің еш қатысы жоқ деген пікірлерде бар. Кальгаспоралардың жерде қалай пайда болатынын толық түсінбей – ақ, ғалымдар оларды басқа планеталардан табылғаны туралы айтады. Ғалымдар планетаның экваторлық аймақтарындағы шағылысу қабілетіндегі аномалияны Юпитердің серігі Еуропаның бетінде дәл осындай құбылыстар пайда болуымен түсіндіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, Еуропа экваторында күн оның бетінің басқа бөліктеріне қарағанда аз қарқындылықпен түседі. Бұл серіктің температурасы – 150 градус Цельсия бойынша демек беті түгел мұз жамылғысы деген сөз.
Адамдар әзірге тек өз планетасының сұлулығына таңдануығана мүмкін, ал мұнда әлі зерттелмеген жәйттар жеткілікті. Айтпақшы, кальгаспоралар альпинистерге көп көмектеседі егер бұл өтуі қиын «жабайы орман» сырғанап кетуі қауіпінің алдын алады. Сонымен, кальгаспоралар ерекше тік беткейлерде ерекше баспалдақтар мен қоршаулар ретінде көмекші, мұнда басқа жағдайларда көтерілу немесе түсу үшін көп күш пен уақыт қажет болады.
