БІРТҰТАС АЛАТАУ АСПАНЫ
Қанат АЛТЫНБЕК,
2001 жылы туған. 2022 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Тарих» факультетін бітірген. Қазіргі таңда ҚР Ұлттық кітапханасының Ғалым хатшысы. Әл-Фараби ат. ҚазҰУ, Философия кафедрасының магистранты.Академик Жақыпбек Алтаевпен бір авторлықта 2023 жылы «Түрік өркениетіндегі әл-Фараби феномені», «Әл-Фараби Ислам философиясының бастауы» атты қос
монографиясын қазақ ғылымына қосты.
(Қазақ-қырғыз әдеби-мәдени байланысы хақында)
Тағы еш қазақ – қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды.
АБАЙ
Алатаудың арғы беті, бергі беті…
Тарихы мен әдебиетін тасқа қашап жазған түрктер өз заманында әлемдік өркениеттерде өрлеу жасай білді. Замана зобалаңдарын бастан өткерсе де руханият тамырына балта шабылған жоқ. Ендігі біздің міндет өткен ғасырлар елесінде шідерленген тарихты, архив құжаттары мен кітапханадағы көне қолжазбаларды зерттей отырып, оқырман қауымға тұщымды әдебиет ұсыну.
«Көмбені не көрген алады, не көмген алады», – деп дана халқымыз айтқандай «Біртұтас Алатау аспаны» атты әдеби зерттеу толғаныс тақырыбымызжалпы бауырлас қазақ пен қырғыз халықтарының әдеби байланысы мен ортақ тарихын қамтығандықтан мүмкіндігінше анық, дәлелді материалдармен жұмыс жасап, көмбені ашуға әрекет еттік.
Түркістан аймағы – түркі әлемінің рухани және мәдени тамырлары терең жатқан киелі мекен. Бұл өңір ғасырлар бойы түркі халықтарының рухани өмірінің орталығы болып, олардың әдеби дәстүрлері мен ауызша шығармашылығының дамуына тың серпін берді. Түркістан әдебиеті – бұл кең мағынада түркі халықтарының рухани бірлігі мен мәдени сабақтастығының айнасы. Оның түп-тамыры ежелгі дәуірден бастау алып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге дейін дамып келеді.
Қазақ пен қырғыздың рухани байланысын сөз еткенде, ең алдымен еске алынып, төрге шығарылар құндылық – ұлы «Манас» жыры. Біздің зерттеуіміздің алғашқы арнасы да осы эпостан басталуы тегін емес. Өйткені «Манас» – екі халықты ғасырлар қойнауынан бергі ортақ рухани тамырмен жалғап тұрған мәңгілік көпір, тағдырлас тарих пен мұраттас мәдениеттің асыл мұрасы.
Ер Манастың ерлікке толы бейнесін алғаш рет қағаз бетіне түсіріп, ғылыми жүйеге келтіруге талпынған – қазақтың ұлы ғалымы, ойы терең, танымы кең Шоқан Уәлиханов еді. Жас ғалым қырғыздың әйгілі манасшыларымен кеңесе жүріп, жырдың ауқымды бөлігін жазып алып қана қоймай, оның тілдік қорын, көркемдік жүйесін, поэтикалық өрнегін де зерделеуге күш салды. Шоқан бұл еңбегінде халықтық эпостың бойындағы тарихи дерек пен көркем қиялды, батырлық рух пен ұлттық дүниетанымды жіті ажыратып, алғаш ғылыми танымға лайықтап қарастырды.
Алайда тағдырдың жазуымен оның қолжазбасы ұзақ уақыт көзден таса болып, ұмыт қалғаны да тарихтан белгілі. Бұл – ғылым үшін орны толмас өкініш сияқты көрінгенімен, уақыт өте келе Шоқан еңбегінің бағасын арттыра түскен құбылыс болды. Себебі ізденімпаз ғалымның қолжазбасын қайта тауып, оны терең ғылыми тұрғыда сараптап, мән-маңызына жан-жақты баға берген – академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан еді. Оның «Шоқан және Манас» атты іргелі зерттеуі қазақ ғылымында ғана емес, түркі дүниесі руханиятында да айрықша белес болып қалды. Марғұлан Шоқан мұрасын қайта тірілтіп, «Манас» жырының қазақ зерттеушілері назарындағы орны мен маңызын жүйелі түрде дәлелдеп берді.
Біздің «Манас» – қазақ зерттеушілерінің қаламында» атты тақырып аясындағы талдауымыздың негізгі желісі де осы арнадан өрбіді. Әуелі Шоқан Уәлихановтың тың бастамасы, кейін Әлкей Марғұланның іргелі жалғастыруы – қазақ ғылымының асыл арқауын құрап отыр. Осы еңбектердің аясында көпшілікке беймәлім талай дерек айқындалып, ұмыт қалған оқиғалар қайта жаңғырып, нақты тарихи куәліктер негізінде жүйеге түсті.
Сөйтіп, «Манас» – тек қырғыз халқының ғана емес, қазақ ғылымы мен мәдениетінің де құндылықтар қазынасына айналды. Оның зерттелу тарихы – Шоқан мен Әлкей сияқты ірі тұлғалардың есімдерімен тығыз байланысты. Бұл – екі халықтың ортақ рухани тағдыры мен мәдени сабақтастығын айғақтайтын асыл арнаның бірі екені даусыз.
Біз қазақ пен қырғыз әдеби мұрасын зерделеудегі ғылыми ізденісімізді бір сәтке тоқтатпай, ойымызды екі халықтың рухани әлемін тоғыстырған, тек осы елдерге ғана тән айрықша қазына – айтыс өнеріне бұрдық. Айтыс – халықтың бар болмысын, дүниетанымын, арман-мұратын бойына сіңірген, ғасырлардан бері ұрпақтан ұрпаққа жетіп келе жатқан қастерлі өнер. Ол тек сөз сайысы немесе ақындардың тіл өткірлігін сынайтын жарыс қана емес, халықтың әлеуметтік шындығын, тұрмыс-тіршілігін, тарихи тағдырын бейнелейтін рухани айна. Әсіресе, қазақ пен қырғыздай тағдырлас, тамырлас елдердің арасындағы терең байланыстарды, рухани үндестікті айқындауда айтыстың орны орасан.
Қазақ пен қырғыз ақындарының арасындағы айтыстар ішінде Сүйінбай мен Қатағанның, Жамбыл мен Тоқтоғұлдың өнер сайыстары халық жадында сақталып қана қоймай, уақыт өте келе әдебиеттанушылар мен зерттеушілердің назарын да аударғаны белгілі. Дегенмен, осы айтулы айтыстардың мән-маңызы мен тарихи салмағы толыққанды, жүйелі зерттеу нысанына айналды деу қиын. Бұл бағыттағы еңбектер аз. Ал айтыстың терең табиғатын, оның екі халықтың рухани тоғысуындағы орнын толық ашу – бүгінгі зерттеулердің еншісіндегі міндет. Осы орайда біз өз ізденісімізді осы арнаға бұрып, жаңа бір ғылыми жолға қадам бастық.
Зерттеу барысында қолымызға түскен деректердің басым бөлігі көпшілікке белгілі емес сирек нұсқалар болды. Әсіресе, қазақ тіліндегі басылымдарда жиі кездесе бермейтін қырғыз тіліндегі мәтіндер мен қолжазбалар біз үшін негізгі тірекке айналды. Бұл өз кезегінде екі халық әдебиетін салыстыра қарастыруға, айтыстың қырғызша нұсқасындағы ерекшеліктерді саралауға мүмкіндік берді.
Осы деректерге сүйене отырып, біз ең алдымен «Алатау шыңдарында өрбіген аңыз айтыс» деген атпен тануға болатын Сүйінбай мен Қатаған айтысына арнайы тоқталдық. Бұл айтыс – екі халықтың ғана емес, күллі түркі дүниесінің ортақ қазынасы іспетті. Мұнда тек ақындар арасындағы сөз бәсекесі ғана емес, халықтың намысы мен рухы сынға түседі. Сүйінбай мен Қатаған айтысы – өнер майданына шыққан екі алыптың айқасы, ақындық дәстүрдің шыңын паш еткен тарихи оқиға.
Қырғыз тіліндегі жазба деректерді саралау барысында біз Қатағанның ақындық қуаты мен шығармашылық болмысын бұрынғыдан да тереңірек тани түстік. Оның өмір жолына қатысты тың мағлұматтар табылып, ғылыми айналымға енбеген деректермен беттестік. Осыған сүйене отырып, Қатағанды тек айтыста жеңілген ақын ретінде ғана емес, өз дәуірінің ірі тұлғасы, қырғыздың суырыпсалма дәстүрін биік деңгейде жалғастырған дарын иесі ретінде қарастыру қажет екеніне көз жеткіздік.
Сонымен қатар, Сүйінбай мен Қатаған айтысының қазақ әдебиеті тарихындағы орнына да назар аудардық. Бұл айтыс – Сүйінбайдың ақындық беделін ғана емес, халықтық биігін айқындаған шығарма. Ол қазақ ақындық дәстүріндегі эстетикалық өлшемдер мен поэтикалық қуатты айқын көрсетіп берді. Сүйінбайдың өнері арқылы қазақ поэзиясының биік деңгейін, ал Қатағанның тұлғасы арқылы қырғыз ақындық мектебінің қуатын бағамдауға болады.
Осы талдау негізінде біз айтыстың мән-маңызына қатысты бірқатар болжамдар мен ғылыми ұсыныстарды ортаға салдық. Біріншіден, айтысты екі халықтың рухани-мәдени сабақтастығының басты айғағы ретінде қарастыру қажет. Екіншіден, айтыс тек әдебиет тарихының бір бөлігі емес, халықтың тарихи жадын, ар-намысын сақтап тұрған мәдени феномен екенін ескеру керек. Үшіншіден, Сүйінбай мен Қатаған айтысын бүгінгі жас ұрпаққа рухани мұра ретінде жеткізу үшін оны оқу бағдарламаларына енгізудің, ғылыми түсіндірмелермен толықтырып қайта жариялаудың маңызы зор.
Біздің зерттеуіміз айтыс өнерін тек өткеннің көркем жәдігері ретінде ғана емес, халық руханиятының сарқылмас қайнары, қазақ-қырғыз арасындағы тарихи туыстық пен мәдени сабақтастықтың айқын дәлелі ретінде пайымдауға бағытталды. Айтыстың әрбір тармағында, әрбір шумағында халықтың ғасырлар бойғы арман-аңсары, елдік мүддесі мен ұлттық рухы бедерленген. Сондықтан Сүйінбай мен Қатаған айтысы – қос халықтың жүрегінде мәңгі жаңғырып тұратын асыл қазына, зерттей беруді қажет ететін құнарлы тақырып.
Бұдан кейінгі ізденісімізді біз Сүйінбайдың өнер жолын жалғастырған, қазақтың жыр алыбы атанған Жамбыл мен қырғыздың дана перзенті, халықтық дәстүрдің асқақ тұлғасы Тоқтоғұлдың айтысына арнадық. Айтыс өнеріндегі бұл кездесудің мәні ерекше. Өйткені, Жамбыл да, Тоқтоғұл да тек суырыпсалма ақындар ғана емес, халықтың тағдыр-талайын, мұң-мұқтажын, елдік мүддесін жырлаған биік рухтың иелері болатын.
Екі алыптың айтысына байланысты ел ішінде әртүрлі деректер мен аңыз сипатындағы әңгімелер сақталған. Халық жадындағы бұл естеліктер олардың сөз сайысын тек қарапайым өнер жарысы емес, рухани үндестік пен достықтың белгісі ретінде көрсетеді. Расында да, Жамбыл мен Тоқтоғұл арасындағы қарым-қатынас бір ғана айтыспен шектелмей, өмірлік достыққа ұласқанын байқаймыз. Бұл – қазақ пен қырғыздың туыстығын айғақтайтын көріністердің бірі.
Зерттеу барысында біз қырғыз тіліндегі құнды деректерге назар аудардық. Қырғыз әдебиетінде Тоқтоғұлдың бейнесі халықтың еркіндік пен азаттық идеяларымен тығыз байланыстырылады. Ал қазақ топырағында Жамбыл – елдің рухани тірегі, халықтың атынан сөйлеген ұлы жырау. Екі ақынның тағдырлық ұқсастығы да, шығармашылық бағыттарының үндестігі де олардың айтысын дара бір оқиға емес, тарихи маңызы зор мәдени құбылыс ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Жамбыл мен Тоқтоғұл айтысының халық арасына кеңінен танылуының бір себебі – олардың шығармашылығының ортақ арнадан бастау алуында. Сүйінбайды ұстаз тұтқан Жамбыл қашанда халық намысын, әділет пен елдік мұратты жырласа, Тоқтоғұл да қырғыз халқының азаттығы үшін күрескен қайсар ақын ретінде танылды. Демек, екі елдің алыптарының басын қосқан айтыс – әділдік пен еркіндікті жырлаған ұлы үндердің тоғысуы іспетті.
Бұл айтыстың мәнін ашу үшін біз тек халық жадындағы аңыздарға ғана сүйеніп қоймай, қырғыз тіліндегі зерттеу еңбектерін де қарастырдық. Ондағы деректер Жамбыл мен Тоқтоғұлдың достығы туралы тың мәліметтер береді. Екеуінің арасындағы сыйластық пен рухани жақындықтың негізінде тек өнер емес, елдік мұрат та жатқанын аңғаруға болады.
Сондықтан біз бұл айтысты жай ғана ақындар бәсекесі емес, қазақ-қырғыз әдеби байланысының алтын арқауы, достық пен рухани сабақтастықтың айқын дәлелі ретінде қарастырдық. Жамбыл мен Тоқтоғұлдың өнер бәсекесі – екі елдің халық поэзиясын жаңа белеске көтерген, сөз өнерінің мәңгілік құдіретін паш еткен қастерлі мұра.
Ал Тоқтоғұлдың Жамбылмен айтысынан бөлек қазақ әдебиетінде айрықша орынға ие екендігін айтпасқа болмайды. Оның қазақ еліне қатысты қалдырған көлемді толғаулары – қос халықтың арасындағы рухани дәнекер іспетті. Бұл жырларда ақын тек көрген-білгенін ғана емес, қазақ даласының кеңдігін, халқының мейірімділігі мен қонақжайлығын, бауырмал мінезін шынайы жүрек жылуымен суреттейді.
Тоқтоғұлдың тағдырлы өмір жолында жер аударылып, қуғынға түскен кездері аз болған жоқ. Осындай қиын-қыстау сәттерде ол қазақ жеріне де табан тіреген еді. Сонда қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы мен дархан көңілі ақын жүрегінде ерекше із қалдырған. Оның толғауларынан біз шын жүректен шыққан алғысты, тағдырлы ақынның бауырлас елге деген сүйіспеншілігін анық аңғарамыз. Бұл жырлар – екі халық арасындағы шынайы достықтың, қиын күнде қол ұшын созған бауырластықтың айқын айғағы.
Зерттеу барысында біз бұл толғауларды арнайы тақырып ретінде бөліп қарастырдық. Тоқтоғұлдың қазақ елі туралы толғаулары алғаш рет сирек кітаптардың қатарына жататын хрестоматиялық жинақтарда жарық көрген. Біз сол түпнұсқа нұсқаларды салыстырып, оларды әдеби тұрғыдан талдап, қазіргі қазақ тіліне бейімдей отырып қайта сараладық. Бұл қадам ақын мұрасын бүгінгі оқырманға жақындатуды, сонымен бірге оның мазмұндық тереңдігін айқындауды мақсат етті.
Ақынның қазақ халқына деген алғысы мен сүйіспеншілігі тек поэзиялық өрнекте ғана емес, рухани шындықта жатыр. Қазақ халқының дарқан мінезін, қиналғанға сүйеніш бола білетін қайырымын жырға қосқан Тоқтоғұл бұл арқылы қос халықтың рухани туыстығын қайтадан паш етеді. Оның жырларынан қазақ жерінің табиғаты да, халқының кең пейілі де, елдің бірлігін сақтаған қайсар рухы да айқын сезіледі.
Осылайша біз Тоқтоғұлдың қазақ халқымен байланысын барынша кеңінен, түсінікті әрі әдеби тілмен жеткізуге талпындық. Ақынның жүрегінен шыққан әрбір шумақ – тек жеке тағдырдың мұңы емес, ол қазақ-қырғыз арасындағы бауырластықтың көркем шежіресі. Біздің ойымызша, бұл тақырып белгілі деңгейде ашылды және алдағы уақытта да екі халық арасындағы әдеби байланыстың алтын көпірі ретінде зерттеле бермек.
Осылайша алғашқы бөлімді қорытындыладық.
Әдеби толғаныстың екінші бөлімін біз ұлы ойшыл, хакім Абайдың шығармашылығымен бастауды жөн көрдік. Себебі Абай есімі тек қазақ жұртына ғана емес, қырғыз еліне де айрықша қымбат. Қырғыз халқы оны ерекше құрмет тұтады, ал әдебиет пен ғылым саласында қалам тербеген талай тұлғалар Абай мұрасын өз шығармаларында насихаттап, рухани ортақ қазынаға айналдыруға күш салғаны белгілі. Сол себепті біз бұл тақырыпқа «Абай жырымен тербелген Алатау аспаны» деген атау бердік. Бұл атаудың өзінде екі халықтың ортақ рухани кеңістігін айшықтайтын терең мағына бар.
Расымен де, қазақ пен қырғыздың арасында мемлекеттік шекара болғанымен, олардың рухани дүниесі бөлінбеген. Алатаудың асқақ шыңдарындай Манас пен Абай бейнелері екі елдің көкірегінде қатар биіктеп, халық жадында рухани тірек, мәдени мұнара болып орныққан. Егер Манас қырғыз халқының тарихи жадын, батырлық рухын асқақтатса, Абай қазақтың рухани әлемін, ақыл-ой өрісін, адамгершілік мұраттарын айқындап берді. Екеуі қос халықты біріктіріп тұрған мәңгілік арқау іспетті.
Біздің зерттеуімізде назарымызды 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген «Абай. Ырлар» атты жинаққа аудардық. Бұл жинақ қырғыз оқырмандарына арналғандықтан, онда Абайдың поэзиялық мұрасы қырғыз тіліне аударылып, кеңінен таралды. Кітаптың көлемді алғы сөзі де қырғызша беріліп, біз оны мұқият талдап, өз тарапымыздан қазақша аудармасын қатар ұсындық. Осы арқылы біз қырғыз әдеби ортасының Абайға деген ықыласын, оның шығармашылық тұлғасын қабылдау ерекшелігін көрсетуге тырыстық.
Жинақтың беташар сөзін жазған, ғалым Абдысалам Обозкановтың «Данычман ойчул» атты еңбегіне айрықша тоқталдық. Бұл еңбек – Абайдың терең ойшылдығын, ақындық болмысының ғаламдық деңгейін сипаттайтын құнды ғылыми кіріспе. Біз осы мәтінді арнайы зерделеп, онда айтылған пікірлердің мәнін ашуға, қырғыз зерттеушісінің Абайға берген бағасын қазақ оқырманына түсінікті тілде жеткізуге ұмтылдық. Обозкановтың тұжырымдары арқылы қырғыз жұрты Абайды тек қазақтың ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ортақ данасы деп қабылдайтынын аңғардық.
Бұл бағыттағы зерттеуіміздің түпкі мақсаты – Абай шығармашылығының қазақ пен қырғыздың рухани сабақтастығындағы орнын айқындау, екі халықтың әдеби байланысындағы ерекше белесті көрсету болды. «Абай жырымен тербелген Алатау аспаны» атты тақырыпта біз Абай поэзиясының қырғыз жерінде қалай қабылданғанын ғана емес, оның жалпы түркілік кеңістіктегі ықпалын да барынша ашып көрсетуге тырыстық.
Осылайша, Абай мұрасы – қазақ пен қырғыздың рухани тұтастығын бекемдеген алтын көпір, халықтарды ортақ мұраттарға үндеген кемеңгерлік мұра екені айқындалды.
Осы тұста біз қырғыз әдебиеттану ғылымындағы бірегей тұлға – Абдылдажан Акматалиевтің есімін құрметпен атай кетуіміз абзал.
Академик, Шыңғыс Айтматов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры болып қызмет атқаратын А. Акматалиев – қазақ пен қырғыз арасындағы әдеби-мәдени сабақтастықты жүйелі түрде зерттеп, оны ғылыми айналымға енгізген көрнекті ғалымдардың бірі. Оның көпжылдық ғылыми ізденістері тек әдеби байланыстар тарихын нақты құжаттар мен мәтіндік деректер негізінде саралап қана қоймай, екі халықтың рухани бірлігін, ой мен өнердің өзара ықпалын тереңінен ашуға бағытталған.
Академиктің еңбектерінде қазақ пен қырғыз әдебиетінің түпкі тамырларынан бастап, классикалық дәуірдегі көрнекті өкілдер шығармашылығына дейінгі ортақ арналар кеңінен талданады. Әсіресе, Абай мен Ыбырай, Шоқан мен Шәкәрім секілді қазақтың ой алыптарының қырғыз әдебиетіне тигізген ықпалы жайлы тың тұжырымдар ұсынады. Бұл орайда оның ғылыми пайымдары қырғыз әдебиеттануы үшін ғана емес, күллі түркі дүниесінің рухани кеңістігін түсіну үшін де айрықша маңызды.
Сонымен қатар, А. Акматалиев қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының жыр жинағын құрастырып, редакциялау ісінде де жемісті еңбек еткенін айрықша атап өткеніміз жөн. Бұл қадам екі ел арасындағы әдеби достықты нақты іспен дәлелдеген игілікті іс ретінде бағалануға лайық. Абайдың көркем сөз әлемін қырғыз оқырмандарына жақындата түсуге қосқан үлесі – ғалымның тек зерттеуші ғана емес, рухани көпір орнатушы тұлға екенін көрсетеді.
Демек, Абдылдажан Акматалиевтің ғылыми мұрасы – қазақ-қырғыз әдеби байланыстарының тереңдігін айғақтайтын, болашақ зерттеушілерге бағыт-бағдар беретін сарқылмас қазына. Оның еңбектері арқылы біз тек әдеби шекараларды ғана емес, рухани ортақтық пен мәдени тұтастықтың шынайы болмысын тануға мүмкіндік аламыз.
Абаймен замандас, жыр дүлдүлі Жамбыл Жабаевтың қырғыз әдебиетіндегі орнының айрықша екені белгілі. Халық даналығы мен поэзиясының алтын арқауын жалғаған Жамбыл шығармашылығы қырғыз әдеби ортасында да зор қызығушылық туғызып, әр кезеңде арнайы аударылып, зерттеліп, насихатталды. Біздің ізденісіміздің бұл тарауында біз ақын мұрасының қырғыз тіліне аударылып, кеңінен таралған кезеңіне, яғни ХХ ғасырдың 30–40 жылдарына ерекше назар аудардық. Сол дәуірде жарық көрген жыр жинақтары мен әдеби хрестоматияларға енгізілген көлемді өмірбаяндар мен шығармашылық шолуларды түпнұсқа кітаптар негізінде қарастыруды мақсат еттік.
Зерттеу барысында Жамбылдың қырғыз тіліндегі өмірбаяндарына салыстырмалы талдау жасап, біршама қызықты деректердің пердесін аштық. Әсіресе, ақынның тұлғалық болмысын танытатын, халық арасындағы беделін айқындайтын сипаттамалардың қырғыз оқырманына бейімделген тұстары айрықша назар аудартты. Сонымен бірге біз осы хрестоматияларға енгізілген Жамбылдың фотосуреттерін де арнайы қарастырып, оларды сканерлеу арқылы зерттеу жұмысына қостық. Бұл көрнекі материалдар Жамбылдың тек сөз иесі ғана емес, өз дәуірінің мәдени тұлғасы екенін айқындай түсті.
Бұдан бөлек, Жамбылдың өз аузынан жазылып алынған кейбір мәліметтерге де тоқталдық. Ол деректердің бірқатары латын қарпінде хатқа түскен түпнұсқалардан табылды. Біз сол нұсқаларды арнайы зерттеп, оларға қазақ әдеби тілінде көркем аударма ұсынып, ғылыми тұрғыдан сараладық. Осы арқылы ақынның өмір жолы мен шығармашылығы жайлы тың мағлұматтарды қалың оқырманға жеткізуді көздедік.
Зерттеуіміздің ең бір маңызды тұсы – 1938 жылы Қырғызстан астанасы Фрунзе қаласында жарық көрген «Жамбулдун ырлары» атты алғашқы қырғыз тіліндегі жеке жинаққа тоқталу болды. Бұл жинақ – Жамбыл шығармашылығының қырғыз топырағына кеңінен таралып, әдеби кеңістікте орнығуына негіз қалаған елеулі еңбек. 5125 дана көлемінде басылып шыққан бұл кітап қырғыз оқырманы үшін нағыз мәдени оқиғаға айналды десек қателеспейміз.
Жинақтың алғы сөзі «Елдин карыя акыны» деп аталып, оны қырғыз әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі ақын әрі драматург Қуанышбек Маликов жазған. Бұл кіріспе мақаланың мәні зор. Автор Жамбылдың ақындық болмысын, халық арасындағы беделін, поэзиясының көркемдік қуаты мен идеялық маңызын кеңінен ашып көрсетеді. Сонымен қатар Жамбылдың қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының ортақ рухани тұлғасы екенін айрықша атап өтеді.
Жинақтың негізгі бөлімі Жамбылдың «Қырғыз ұлдарына» атты толғауымен ашылады. Бұл – ақынның қырғыз халқына деген шынайы ықыласы мен достық ниетін арқау еткен туынды. Жырда екі халықтың ежелгі тамырластығы, бауырластығы, тағдырлас тарихы көркем бейнеленіп, достыққа адалдықтың өрнегі айқын танылады. Бұл шығарма Жамбылдың қырғыз еліне тек ақындық тұрғыдан ғана емес, шын жүректен жақын тартқанын дәлелдейді.
Одан кейінгі бөлімде «Қазақ елінің орденді ақыны – Жамбылдың өмірбаяны» атты көлемді очерк берілген. Мұнда ақынның ғұмыр жолы, жас кезінен бастап қалыптасу кезеңдері, халық арасындағы өнер сайыстарындағы беделі, кеңес дәуіріндегі шығармашылық жетістіктері жан-жақты баяндалған. Бұл бөлімде Жамбылдың тек жеке ақын ретіндегі емес, бүкіл бір халықтың үніне айналған рухани көшбасшы ретіндегі бейнесі айқындалады.
Осылайша, Жамбыл Жабаевтың қырғыз әдебиетіне енуі – екі халықтың әдеби байланыстары тарихындағы аса маңызды белес. Ол тек қазақ жырының ғана емес, қырғыз руханиятының да ардақты тұлғасына айналды. Жыр алыбының шығармашылығы арқылы қазақ пен қырғыз халықтары рухани жақындасып, ортақ мәдени қазынаны байыта түсті.
Қазақ пен қырғыздың әдеби байланыстарын сөз еткенде Мұхтар Әуезов пен Саяқбай Қаралаевтың есімдерін қатар атау – заңдылық. Өйткені бұл екі алып тұлға – тек өз халықтарының ғана емес, күллі түркі дүниесінің рухани мұраларын қорғап, келер ұрпаққа аманаттаған заңғар биіктер. Біздің зерттеуімізде бұл тақырып «Ұлы дастанның қос қалқаны» деп аталды. Мұндай атауды таңдағанымыздың да себебі бар.
Саяқбай – ғасырлар бойы қырғыз халқының жүрегінде сақталған «Манасты» өз санасында тұтастай ұстап, кейінгіге жеткізген теңдессіз жыршы болса, Мұхтар Әуезов – сол ұлы мұраны ғылыми тұрғыда қорғап, оның тағдырына алаңдаған, халық игілігіне айналдыру үшін барын салған алып қаламгер. Бірі – сөз өнерін жандандырып, халық жадын тірілткен тұлға, екіншісі – сол өнерді биік өреге көтеріп, әлемдік мәдениет төріне шығарған ғалым жазушы.
Мұхтар Әуезов пен Саяқбай Қаралаевтың алғашқы таныстығы 1928 жылдар шамасына сәйкес келеді. Әуелгіде ресми сипатта болған бұл қарым-қатынас уақыт өте келе бауырластық деңгейіне жетіп, олардың арасында нағыз рухани үндестік орнады. Әуезов алғаш рет Қаралаевты тыңдаған сәттен-ақ оның өнеріне шексіз тәнті болғаны айтылады. Зерттеушілердің пікірінше, Әуезов Саяқбайдың жырын естігеннен кейін-ақ «Манастың» тек қырғыз халқының ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ең ұлы мұрасы екеніне көз жеткізген. Ол Саяқбайдың аузынан «Манасты» қайта-қайта тыңдап, халық даналығы мен ұлттық рухтың қайнарынан нәр алып отырған.
Әуезовтің манасшылық өнерге деген айрықша құрметі оның жеке ықыласынан ғана емес, тұтас түркі халықтарының эпикалық дәстүріне деген терең ғылыми пайымынан бастау алады. Ол үшін «Манас» жыры – қырғыз халқының ғана емес, күллі түркі дүниесінің рухани энциклопедиясы, шежіресі мен айнасы болатын. Сондықтан да ол қай сапарында болмасын – Фрунзе шаһарына барса да, Ыстықкөлдің жағасына шықса да – Саяқбайды қасына арнайы шақыртып, өнерін тамашалауды дәстүрге айналдырған. Жазушы әр кездесуде Қаралаевтың дарынын жоғары бағалап қана қоймай, оның өнерін халыққа, тіпті барша әлемге кеңінен таныту керектігін үнемі айтып отырған. Әуезовтің «Мына Саяқбайдың өнері – дүниеде теңдесі жоқ асыл қазына! Мұндай ғажайып өнерді көтеріңдер, насихаттаңдар – бұл сирек туады!» деген қанатты сөздері соның дәлелі.
Ол Саяқбайға деген сүйіспеншілігін кейде қалжың-әзілмен астарлап жеткізуді де әдетке айналдырған екен. Ел аузында сақталған естеліктерде Әуезовтің: «Сәкеңді көрсем, тура ойымды айтпай, сөзімді әдейі әзілге бұрып жібергім келеді. Өйткені оның дарынына таңғалғаннан байыпты сөйлей алмай қаламын», – деп қалжыңдай отырып ағынан жарылғаны жиі айтылады. Бұл сөздер тек әзіл емес, Саяқбайдың өнеріне деген жазушының ілтипаты мен шексіз құрметінің айқын көрінісі еді.
Әуезов пен Қаралаев арасындағы рухани туыстық пен шығармашылық үндестік жекелеген әңгімелермен ғана шектелмей, қоғамдық өмірдің үлкен сахнасында да көрініс тапты. Соның бір жарқын мысалы – 1956 жылы Алматыда өткен Қырғыз әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігі. Бұл тарихи шараға Мұхтар Әуезовтің арнайы шақыруымен Саяқбай Қаралаев қатысып, қазақ жұрты алдында «Манас» жырынан аса әсерлі үзінділер орындады. Сол күндері Алматы төрінде орын алған бұл оқиға – тек бір өнерпаздың жыр кеші ғана емес, екі халықтың бауырластығын бекіте түскен ұлы мәдени сәт болды. Қалың көрермен Саяқбайдың орындаушылық қуатына, дауыс ырғағына, сөз саптауына, жырлау шеберлігіне тәнті болып, оның өнерін мәңгілік естелік ретінде жадында сақтап қалды.
Әуезов пен Қаралаевтың достығы – қазақ пен қырғыздың рухани байланысының ең жарқын символдарының бірі. Бірі – жазба әдебиеттің классигі, екіншісі – ауыз әдебиетінің хас дүлдүлі бола тұра, екеуі ортақ мақсатта тоғысып, өзара толықтырды. Егер Мұхтар Әуезов «Манастың» тағдырын қорғап, оны ғылыми тұрғыдан негіздеп, әлемге паш етпесе, бәлкім бұл ұлы эпостың танылуы кешеуілдеп, тарихи әділет салтанат құрмай қалар ма еді. Ал егер Саяқбай болмаса, «Манастың» халықтық бояуы көмескіленіп, жыршылық дәстүр әлсіреп, эпостың рухы жұтаңдануы әбден мүмкін еді. Сондықтан біз оларды жайдан-жай «Ұлы дастанның қос қалқаны» деп атаған жоқпыз. Бұл – тарихтың өзі берген әділ атақ.
Осы арқылы біз Мұхтар Әуезовтің қырғыз әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген өлшеусіз еңбегін, Саяқбай Қаралаевтың әлемдік мәдениетке тарту еткен баға жетпес мұрасын айқындап қана қоймай, ең бастысы екі алып тұлғаның арасындағы адал достық пен терең рухани туыстықты жан-жақты ашып көрсетуге талпындық. Бұл достық – ұрпаққа өнеге, әдебиет тарихындағы шынайы сабақтастықтың мәңгілік үлгісі.
«Әуезов – менің ұлы ұстазым» деп мәңгілікке бас иіп өткен қырғыздың заңғар жазушысы, әлемдік әдебиет аренасына түркі рухын танытқан Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтың жүрекжарды сөздері – қос халықтың мәдени байланысының шынайы айғағы. Айтматов өзінің қаламгерлік ғұмырында ұстазы Әуезовті әрқашан биік тұлға ретінде дәріптеп, оны тек қазақ халқының емес, күллі адамзаттық руханияттың асқар шыңы деп бағалаған. Бұл пікірін ол 1977 жылы жазылған «Әуезов жөнінде сөз» атты мақаласында да айқын білдірген. Аталған еңбек кейіннен «Мухтар Әуезов жана Кыргызстан» кітабында жарық көрді. Біз бірқатар деректерді салыстыра қарастырып, өкінішке қарай, осы жазбаның қазақ тіліндегі нұсқасын таба алмадық. Мүмкін ол аударылған болар, дегенмен біз қолымыздағы түпнұсқаға сүйене отырып, өз тарапымыздан әдеби аудармасын жасап, тақырыптық жүйеге сәйкестендіріп, назарларыңызға ұсындық.
Шыңғыс Айтматовтың Әуезовке деген құрметі құр сөз жүзінде қалып қоймаған. Өз естеліктерінде ол шетелге іссапарға шыққанда үнемі екі кітапты өзімен бірге алып жүретінін айтады. Оның бірі – қырғыздың мәңгілік жыры «Манас» болса, екіншісі – Мұхтар Әуезовтің кітабы. Бұл таңдау тегін емес еді. «Манас» – халықтық жады мен ұлттық рухтың символы болса, Әуезовтің шығармалары – сол рухты ғылыми негізде терең танытқан, әлемдік деңгейге көтерген ұлы ұстын. Бұл екі кітап – Айтматовтың рухани серігі, шығармашылық шабыт көзі әрі ұстазға деген мәңгілік ілтипатының белгісі.
Айтматов пен Әуезов арасындағы байланыс – дәстүр жалғастығының, ұстаз бен шәкірт арасындағы ілтипаттың ерекше үлгісі. Әуезовтің «Манасты» қорғап, оны бүкіл әлемге танытудағы қажырлы еңбегі болмаса, бәлкім, Айтматовтың да кейінгі шығармашылық жолы басқаша өрбуі мүмкін еді. Шыңғыс аға өз жазбаларында: «Әуезов мені әдебиет әлеміне жетелеген ұлы ұстазым болды» деп үнемі айтады. Бұл сөздер ұстазға деген шексіз ризашылықпен қатар, оның тұлғалық биігін мойындаудың айқын көрінісі.
Бүгінгі күнде де осы рухани сабақтастық екі халық арасындағы бауырластықты нығайтып отыр.
2025 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстан астанасы Бішкекке жасаған ресми сапары барысында ерекше тарихи оқиға орын алды. Қырғыз Президенті Садыр Жапаровпен бірге ол Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты. Бұл ескерткіш – тек екі тұлғаға ғана қойылған белгі емес, қазақ-қырғыз арасындағы рухани достық пен тарихи сабақтастықтың мәңгілік символы. Ұстаз бен шәкірттің ілтипатын мәңгілікке қашап қалдырған бұл ескерткіш екі халықтың жүрегіндегі ортақ қазынаны айшықтайды.
Осылайша, біз бір жағынан Шыңғыс Айтматовтың жүрекжарды естеліктері мен шығармашылық жазбалары арқылы Әуезовтің ұлы бейнесін қайта танысақ, екінші жағынан, қазіргі заманда да жалғасын тауып отырған бауырластықтың нақты көрінісін байқаймыз. Бұл – әдебиет пен руханияттың уақыт пен кеңістіктен асқан мәңгілік күші барын айқындайтын айшықты мысал.
Зерттеуіміздің арнасын біртіндеп қазақ-қырғыз аударма мектебінің қалыптасуы мен дамуына бұрғанды жөн санадық. Себебі әдеби аударма – халықтарды жақындастыратын, рухани ықпалдастықты күшейтетін ең сенімді көпір. Әдебиет алыптары өз шығармаларын басқа тілде сөйлеткенде, оларды жаңа бір оқырман қауым қарсы алып, жаңа ортада қайта жаңғыртады. Бұл үрдіс қазақ пен қырғыз арасындағы мәдени бірліктің тамырын тереңдетіп, бауырлас халықтардың рухани байлығын ортақ игілікке айналдырды.
Абай Құнанбайұлының шығармалары қырғыз тіліне тәржімаланып, қырғыз оқырмандарының рухани әлеміне жол тартқаны – осы ықпалдастықтың ең жарқын көріністерінің бірі. Абайдың «Қара сөздері» мен өлеңдері тек қазақ топырағының шеңберінде қалып қойған жоқ, қырғыз тіліне бейімделіп, жаңа тыныс алды. Қырғыз оқырмандары Абай сөздерінен ізгілік пен имандылықты, ғылым-білімге ұмтылысты, ұлттық болмысты сақтап, жаңаша даму жолын таңдаудың қажеттілігін сезінді. Оның поэзиясы қырғыз әдеби ортасына тың серпін беріп, жас буынға биік рух пен ұлттық мақтаныштың үлгісін көрсетті.
1979 жылы Бішкектегі «Мектеп» баспасынан жарық көрген «Казак аңгемелери» атты жинақ – қазақ-қырғыз әдеби байланысының ірі жетістігі саналады. Оны қырғыз тіліне аударған белгілі қаламгер Турарбек Шаршембаев еді. Жинаққа Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сырбай Мәуленов, Тынымбай Нұрмағамбетов, Төлен Әбдіков, Сәуірбек Бақбергенов сияқты қазақ әдебиетінің белді өкілдерінің шығармалары енгізілді. Бұл кітап 10 000 данамен таралып, қырғыз оқырмандарының қолына жетті.
Жинақ тек аударма ғана емес, әдеби насихаттың жаңа белесі болды. Қазақ қаламгерлерінің өмір шындығы, әлеуметтік мәселелері, кейіпкерлер тағдыры қырғыз әдебиетінің тақырыптық өрісін кеңейтіп, халықтар арасындағы ортақ тағдырды бейнеледі. Кітаптың мазмұндық ерекшеліктері ғана емес, оның көркем безендірілуі, тілдік сәйкестігі де назар аударуға тұрарлық. Осы арқылы қазақ әдебиеті қырғыз жұртшылығы үшін жақынырақ әрі түсініктірек бола түсті.
Қазақ поэзиясының нәзік лирикасы да қырғыз топырағында қайта жаңғырып отырды. Ақын Әнуарбек Дүйсенбиевтің «Ак куулуу айдың» атты жинағы Исабек Исаков пен Жалил Садыковтың аудармасында жарық көріп, қырғыз оқырмандарына жол тартты. Бұл жинақтағы өлеңдер мен поэмалар қырғыз әдебиетінің табиғи ырғағына үйлесіп, бауырлас халықтың жанына жақын тақырыптарды қозғады.
Қырғыз оқырмандары қазақ ақынының нәзік сезімге құрылған поэзиясынан махаббаттың тазалығы мен арманның асқақтығын танып, қазақ әдебиетінің көркемдік қуатын сезінді. Бұл – әдеби ықпалдастықтың лирикалық қырының да жемісті болғанын көрсетеді.
Қазақ прозасының таңдаулы үлгілері де қырғыз тіліне аударылып, қалың оқырманға ұсынылды. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы – қырғыз оқырманы үшін тек тарихи шығарма емес, халықтың рухани қалыптасуын көрсететін өмір мектебі болды. Қазақ халқының тағдырын суреттеген бұл ұлы эпопея қырғыз тарихындағы ұқсас құбылыстармен үндесіп, бауырлас елдің санасында ортақ тағдырдың көрінісін оятты.
Сол сияқты Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Есенберлин, Бердібек Соқпақбаев сынды қаламгерлердің шығармалары қырғыз тіліне тәржімаланып, мектеп бағдарламасына енді. Бұл авторлардың туындылары қырғыз жастары үшін ұлттық сана мен тәрбие мектебіне айналды. Әдеби кейіпкерлердің өмірлік таңдаулары, тағдыр талқысы – оқырманды ойландырып, өнеге берді.
1982 жылы қырғыз тілінде жарық көрген тағы бір маңызды еңбек – Тахауи Ахтановтың «Боран» романы болды. Оны қырғыз тіліне Чети Жумагулов аударып, «Кыргызстан» баспасынан 10 000 данамен таратты. Бұл роман қырғыз оқырмандарына қазақ даласының қатал табиғаты мен адам тағдырын суреттеген жаңа көркем әлем сыйлады.
«Борандағы» қатал табиғат пен адам жігерінің арпалысы қырғыз оқырманына да етене жақын болды. Өйткені қырғыз халқы да таулы өлкеде табиғатпен күресе жүріп өмір сүрді. Осылайша, Ахтановтың шығармасы екі халықтың өмірлік тәжірибесін ортақтастыра түсті.
Қазақ-қырғыз әдеби ықпалдастығы – тарихы тереңге бойлаған мәдени құбылыс. Абайдан басталған рухани сабақтастық кейінгі буын қаламгерлер шығармаларында да жалғасын тапты. Әдеби аударма – сол сабақтастықты нығайтқан негізгі құрал. Әр аударылған шығарма – бауырлас халықтардың жүрегін жақындастырып, ой дүниесін байытқан асыл қазына.
Зерттеуіміздің негізгі арнасын біз қырғыз-қазақ әдеби байланыстарының мұрағаттық деректеріне, сирек кітаптар мен көне қолжазбалар қорына бағыттадық. Өйткені халықтардың рухани сабақтастығы тек ауыз әдебиеті мен заманауи шығармалардан ғана емес, ең алдымен жазба жәдігерлерден айқын көрінеді. Біз осы мақсатпен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жарық көрген қырғыз кітаптарына арнайы тоқталдық. Олар – латын графикасымен, кирилл әрпімен және төте жазумен басылған құнды дүниелер. Бұл еңбектердің сақталуы – қазақ-қырғыз мәдени қарым-қатынасының айқын дәлелі ғана емес, екі елдің рухани тарихындағы ортақ қазына екендігін көрсетеді.
Сирек қорда сақталған қырғыз кітаптарының бірқатары өз дәуірі үшін айрықша мәнге ие. Әсіресе олардың көркемдік тұрғыда безендірілуі, полиграфиялық сапасы, әріп таңбалары мен шрифт үлгілері сол кезеңдегі ұлттық білім беру саясаты мен мәдени ағарту ісінің бағыт-бағдарын аңғартады. Балаларға арналған түрлі-түсті иллюстрациялармен көркемделген алғашқы оқулықтар, хрестоматиялар, әліппелер мен жазуға үйрету құралдары халықтың сауатын ашу ісінде үлкен рөл атқарды. Бұл кітаптардың бет дизайны эстетикалық тәрбиеге де қызмет еткенін байқаймыз: суреттердің айшықты берілуі, әріптердің ірі әрі анық болуы жас буынға оқуды жеңілдетіп қана қоймай, оқуға деген ынтасын арттырған.
Мәселен, 1941 жылы мектеп жасындағы балаларға арналып Қуанышбек Маликовтың құрастыруымен жарық көрген «Манастагы элестер» атты жинақ ерекше орын алады. «Кыргызмамбас» баспасынан 10 100 данамен басылып шыққан бұл еңбек қырғыздың ұлы эпосы Манастың балаларға арналған қысқаша нұсқасы іспетті еді. Ол жас жеткіншектерге батырлық, ел қорғау, бірлік пен ынтымақ идеяларын ерте жастан сіңіруге бағытталды.
Ал 1928 жылы Мискина Танинаның «Жетилген жетимдер» атты шағын әңгімесі қырғыз тіліне аударылып, небәрі 300 данамен жарық көрді. Тиражының шағын болғанына қарамастан, бұл еңбек қырғыз прозасының алғашқы тәжірибелерінің бірі ретінде тарихи маңызға ие. Ол ұлттық әдебиеттің дамуындағы алғашқы қадамдардың бірін айғақтайды.
1937 жылы Фрунзе мен Қазан қалаларында Т. Саманчиннің «Алиппе» кітабы 50 125 данамен басылып шықты. Бұл басылым қырғыз әліппелерінің ішіндегі ең кең таралған оқулықтардың бірі саналады. Оның полиграфиялық сапасы, әріптердің айқындығы, мәтін құрылымының жүйелілігі халық ағарту ісіндегі ірі жетістіктердің бірін көрсетті.
Бұдан бұрын, 1931 жылы Фрунзе қаласында Аджиман Шабдановтың «Биздин тил» атты еңбегі жарық көрді. Бұл – қырғыз тілінің синтаксисіне арналған алғашқы ғылыми еңбектердің бірі. 20 000 данамен шыққан бұл кітап қырғыз тіл білімінің қалыптасуына серпін берді әрі ұлттық тілдің ғылыми негіздерін жасауға бағытталған алғашқы тәжірибелердің қатарында болды.
1928 жылы Фрунзе қаласында жарық көрген «Михаила Васильевича. Биография» кітабы да тарихи тұрғыда қызықты дерек болып табылады. Тиражы 2000 дана болған бұл еңбек кеңестік кезеңдегі тұлғатанудың алғашқы үлгілерінің бірі саналады.
Сонымен бірге, 1934 жылы Фрунзе қаласында С. Наматовтың «Alip-Be» атты еңбегі 40 150 данамен шықты. Бұл еңбек – қырғыз балаларына арналған әліппе оқулығы ғана емес, ұлттық оқу-ағарту ісіндегі үлкен жетістік болды. Дәл осы жылы С. Наматовтың тағы бір кітабы – «Сабатту калкозгу» («Сауатты колхоз») 25 000 данамен жарық көрді. Бұл еңбекте халық шаруашылығы мен колхоз өміріне қатысты жаңа ұғымдарды сауатты жеткізу көзделді. Ол ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезеңінде халықтың сауатын көтеру ісіне айрықша үлес қосты.
Осы аталған еңбектер тек оқу құралдары немесе әдеби басылымдар ғана емес, олар – қырғыз халқының ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі мәдени-әлеуметтік дамуының айнасы. Әр кітаптың тілі, безендірілуі, тақырыптық аясы арқылы біз ол дәуірдің идеологиялық бағытын, рухани ізденістерін, халықтың тұрмыс-салтын аңғара аламыз.
ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қорында сақталған қырғыз кітаптары – қазақ пен қырғыздың рухани ортақтығының баға жетпес куәгерлері. Бұл еңбектер халықтың сауат ашу тарихын, алғашқы әдеби қадамдарын, мәдени даму жолын айшықтайды. Әрі оларды ғылыми тұрғыдан зерттеу – бүгінгі әдебиеттану мен тарих ғылымы үшін аса құнды іс. Осы құнды деректердің толық сипаттамасы мен талдауын зерттеуіміздің арнайы тарауы – «ҚР ҰК Сирек қордағы алғашқы қырғыз кітаптары» бөлімінен таба аласыздар.
Ортақ тарих пен ұқсас мәдениет екі елдің арасындағы рухани сабақтастықты тереңдетіп қана қоймай, олардың әдебиетінде, публицистикасында және қоғамдық ой-пікірінде де айқын із қалдырды. Сол кезеңдегі қазақ зиялылары қырғыз халқының тағдырына бейжай қарамай, олардың тарихи, саяси, мәдени өміріне қатысты ой-пікірлерін баспасөз беттерінде үзбей жариялап отырды. Бұл еңбектер тек қана әдеби дерек емес, сонымен бірге бауырлас екі елдің тағдырлас кезеңдерін айғақтайтын құнды тарихи құжаттар болып саналады.
Мәселен, Әлихан Бөкейхан 1913 жылы жарық көрген «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты Шәкәрімнің шежіресіне қатысты пікір білдіреді. «Қазақ» газетінде «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен жарияланған бұл жазбада Әлихан түркі халықтарының, соның ішінде қазақ пен қырғыздың тарихтағы орны мен шежірелік сабақтастығын көрсетіп, ұлттың өткені мен болашағына терең көзқарас танытады.
Сол кезеңдегі қазақ баспасөзі қырғыз шәкірттерінің оқу-ағарту ісіне де назар аударды. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 31 мамырдағы №16 санында Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде білім алып жүрген қырғыз һәм қазақ шәкірттерінің таратып жүрген кітаптары жайында дерек берілген. Бұл мақалада Ғұмар Қараш еңбектері туралы мәлімет айтылып, қазақ-қырғыз жастарының ағартушылық ісіне қосқан үлесі сөз болады. Бұл дерек – екі халықтың білім саласындағы ынтымақтастығының айқын дәлелі.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ пен қырғыздың тағдырын тоғыстырған аса маңызды тарихи оқиғалардың бірі болды. Бұл тақырыпты «Таң» журналында 1925 жылы жарық көрген Абдоллаұлының еңбегінен айқын көруге болады. Автор Жетісу аймағындағы қазақ-қырғыздың азаттық жолындағы күресін суреттеп, халықтың қайсарлығын және сол жолдағы құрбандарын баяндайды. Бұл еңбек – қазақ публицистикасындағы қырғыз тарихына арналған алғашқы терең зерттеулердің бірі десек те болады.
Ал «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 24 шілдедегі №237 санында жарық көрген мақалада қытай жеріне ауа көшкен қазақ пен қырғыздың ауыр жағдайы баяндалады. Кеншібаев М. берген деректер бойынша, Қытайға қоныс аударғандардың жалпы саны 164 мың болса, оның 83 мыңы аштық пен індеттен қырылып, 69 мыңы ғана елге қайтқан. Бұл деректер – қырғыз-қазақ халқының сол дәуірдегі қайғы-қасіретінің айқын көрінісі.
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаев та қырғыз тақырыбын айналып өткен жоқ. Оның «Қырғыз, қазаққа» атты өлеңдері түркі халықтарының бірлігі мен рухани тұтастығына үндеу ретінде бағаланады. «Сәуле» жинағына енген өлеңдері қырғыз бауырларға деген ақын жүрегінің шынайы ықыласын білдіреді.
Ұлт көсемдерінің бірі Міржақып Дулатов та қырғыз тағдырына ерекше назар аударған. Оның «Босқан қырғыз-қазақ» атты мақаласы «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 11 тамыздағы санында жарық көріп, Қытайға қоныс аударған қазақтар мен қырғыздарға көмек көрсету мәселесін көтерді. Бұл – гуманистік әрі ұлттық мүддені қорғаған маңызды үндеу еді. Сол сияқты Дулатовтың «Жалпы қазақ-қырғыз съезі» атты бас мақаласы 1917 жылғы 13 желтоқсанда жарық көріп, Орынборда өткен съезде қабылданған шешімдерге тоқталады. Мұнда қазақ пен қырғыздың саяси бірлігі мен «Алашорда» үкіметінің жариялануы кеңінен сипатталады.
Сонымен бірге, 1917 жылғы «Қазақ» газетінде Мұхамеджан атты автордың «Жетісу облысындағы босқан қырғыз-қазақ жайы» атты мақаласы жарық көріп, босқыншылық күйге түскен халықтың мүшкіл халін ашыпкөрсетеді. Бұл деректер қазақ баспасөзінің сол дәуірдегі қырғыз халқының тағдырына ерекше жанашырлықпен қарағанын дәлелдейді.
Біздің зерттеуіміз аясында осындай құнды еңбектерге арнайы тоқталып, олардың мазмұнын талдауды жөн көрдік. Қазақ зиялыларының қырғыз бауырлары туралы жазған мақалалары – ортақ рухани тарихымыздың бір бөлшегі. Олардан біз тек тарихи деректерді ғана емес, ұлт жанашырларының гуманистік ой-пікірін, түркілік тұтастыққа деген ұмтылысын көреміз.
Айта кету керек, бұл бағыттағы еңбектер тек ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзімен шектелмейді. Соңғы жылдары да екі елді жақындастыратын ой-пікірлер жазылып келеді. Соның бірі – қырғыздың белгілі ғалымы А. Акматалиевтің мақалалары. Оның ғылыми-зерттеу еңбектерінде қазақ пен қырғыздың рухани туыстығы, мәдени байланысы кеңінен талданып, бүгінгі күнгі сабақтастығы айқын көрсетіледі.
Қазақ зиялыларының еңбектеріндегі қырғыз тақырыбы – екі халықтың ғасырлар бойғы бірлігінің, ортақ қайғысы мен қуанышының айғағы. Бөкейхановтың шежірелік пайымы, Дулатовтың публицистикасы, Жұмабаевтың жүрекжарды жырлары – барлығы да қырғыз-қазақ бауырластығының алтын көпірі іспетті. Бұл мұраларды зерделеу – бүгінгі ұрпақ үшін тек ғылыми міндет қана емес, бауырлас халықтардың ортақ болашағына деген сенімді күшейтетін құндылық.
Бұл зерттеу еңбегінің соңғы нүктесінде біз қол жеткізген жетістіктер мен тың жаңалықтарды талдап, ой елегінен өткізуіміз қажет. Өйткені кез келген ғылыми ізденістің шынайы бағасы оның бастапқыда қойылған мақсаты мен соңғы нәтижесінің өзара үйлесімінде айқындалады. Біз де алғашқы қадамда көздеген мақсаттарымызды айқындап, сол межеге жете алдық па деген сауалға жауап беру – осы еңбектің басты қорытындысы болмақ.
Жүріп өткен жолымызға зер салсақ, зерттеудің әрбір кезеңі тек ақпарат жинау немесе дерек қорыту ғана емес, сонымен қатар ойымызды шыңдап, ғылыми көзқарасымызды кеңейткен құнды тәжірибе болды. Біз қарастырған тақырыптың күрделі қырларын ашып, бұрын назардан тыс қалып келген жайттарды қайта саралап, жаңа пайымдар ұсындық. Бұл – ең алдымен зерттеудің тың нәтижесі әрі артықшылығы.
Зерттеу барысында тек деректерді жүйелеумен шектелмей, оларды салыстырдық, тарихи және әдеби байланыстарды жаңа қырынан пайымдадық, ғылыми тұжырым жасауға ұмтылдық. Мұның бәрі – алғашқыда көздеген мақсатымыздың толық жүзеге асқанын дәлелдейді. Сонымен бірге бұл жұмыс болашақта осы тақырып төңірегінде жаңа бағыттағы зерттеулерге жол ашатын баспалдақ іспетті.
Жалпы алғанда, атқарылған еңбектің артықшылығы – тек қана бұрынғы белгілі деректерді қайталау емес, соларға жаңа қырынан қарауында. Осы арқылы біз зерттеу нысанының рухани, мәдени және ғылыми маңызын айқындап, оның бүгінгі күнмен байланысын көрсеттік. Ең бастысы, бұл еңбектің нәтижесі бастапқы ойымыздың орындалғанын ғана емес, сонымен қатар ойымыздың одан әрі тереңдеп, жаңа ізденістерге ұласқанын паш етеді.
Осылайша, тұтас зерттеудің түйінін жасай отырып, біз атқарған жұмыстың мазмұны мен мәнін сараладық. Зерттеу – аяқталған іс емес, жалғасын табатын рухани сапар. Сондықтан бүгінгі жеткен нәтижелер – келесі үлкен ізденістердің іргетасы.
Біздің еңбегіміздің түйіні іспетті соңғы «Ер Манастың елінде» деп аталатын «Бастау. Самғау. Арқау. Талдау. Тұжырым» атты бес бөлімнен тұратын жолжазба күнделігіміз.
Мұнда біз тек ғылыми деректерді тізіп қана қоймай, өз сапарымыздың әр сәтін жүрек лүпілімен, ой елегімізбен өрнектеп баяндадық. Бұл күнделік – саяхатшы ғалымның ғана емес, ізденуші жүректің сырлы дәптері.
Алдымен біз жолға шыққанда, алдымызға қойған мақсатымыз айқын еді. Қырғыз жеріндегі рухани қазынаны аршып алу, архивтер мен кітапханалардың терең қойнауындағы асыл мұралармен бетпе-бет жүздесу. Сол жолда біз ізденісіміздің қадамдарын нақты жоспарлап, әр күннің міндетін белгілеп отырдық.
Ғалымға уақыттан қымбат дүние жоқ. Сондықтан да сапарымызды жүйелі жүргізіп, әрбір мекемедегі жұмысымызды тиянақты ұйымдастыруға тырыстық.
Қырғыз Республикасының Мемлекеттік орталық архиві біз үшін өткеннің үнін жеткізген қасиетті ордадай болды. Ондағы сарғайған қағаздар – қазірге дейін адам қолы тимеген, тарих тынысын бойына сақтап қалған жәдігерлер. Бөлме іші сыз тартқандай, бірақ сол сыздың өзінде ғасырлар тынысы бар. Әрбір бетін ақтарған сайын тек құжат емес, тұтас бір дәуірдің үні, халық тағдыры, өткеннің бейнесі елестейді.
Ал А. Осмонов атындағы Ұлттық кітапхана – руханияттың шексіз әлемі. Оның сөрелерінде сан ғасырдың жүк арқалаған сирек кітаптары мен қолжазбалары бізді өзіне баурап әкетті. Кейбірі – түпнұсқа, кейбірі – қолмен көшірілген нұсқа.
Сарғайған парақтарды қолыңа алған сәтте уақыттың өзі баяулап, тарихтан келген сыбырды тыңдағандай боласың. Біз сол дүниелердің арасында бірнеше күн бойы отырып, әрбір деректі қағазға түсіріп, зерттеуші зердесімен сүзгіден өткіздік.
Ш. Айтматов атындағы Әдебиет және Өнер институтындағы күндеріміз де бөлекше әсер қалдырды. Мұнда біз тек деректерді ғана емес, қырғыз халқының әдеби болмысын, өнерге деген көзқарасын, сөз құдіретіне деген құрметін сезіндік. Бұл мекеме – ұлы қаламгердің рухы сіңген, қырғыз мәдениетінің алтын бесігі. Ондағы әрбір қолжазба, әрбір зерттеу еңбегі – қырғыз руханиятының терең қабаттарынан сыр шерткен асыл қазына.
Біз осы сапарымызды күнделік түрінде қағазға түсіріп, әрбір сәтімізді, әрбір сезімімізді оқырманға жеткізуге тырыстық. Бұл – тек ғылыми баяндау емес, ізденушінің жан толқынысын жеткізген шығармашылық еңбек. Жолжазба – біздің болашаққа қалдырған рухани аманатымыз. Себебі ертеңгі зерттеушілер дәл осы жолдардан өзіне бағыт-бағдар, тәжірибе алар деген сенімдеміз.
Сондықтан да «Ер Манастың елінде» атты күнделік-жолжазбамыз оқырман үшін тек баяндау ғана емес, рухани саяхат, тарихпен жүздесу, ғылым жолындағы ізденістің көркем шежіресі болмақ. Біз үшін ол – жүріп өткен жолымыздың айғағы, ал болашақ үшін – бағыт берер шамшырақ.
Қазақстан Жазушылар Одағының «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты ауқымды жобасы аясында қолға алынған осы еңбегіміздің кіріспе, беташар сөзін кеңінен жазуымыз тегіннен-тегін емес. Себебі әрбір кітаптың тағдыры оқырманның қолына тиген алғашқы сәтінен басталады.
Кітапты қолына алған жан әуелі оның мұқабасына көз салады, сыртқы пішініне назар аударады. Сыртқы мұқабасы тартымды, мазмұнға сай болса, ол оқырманды ішке жетелейді. Мұнан соң аннотация мен кіріспе сөз оқылады.
Кіріспе – тұтас кітаптың айнасы, ондағы негізгі мақсат пен көтерілер мәселенің кілті. Сондықтан да біз бұл бөлімге ерекше жауапкершілікпен қарадық.
Біздің ойымызша, кіріспенің шынайы әрі әсерлі жазылуы оқырманның назарын ұстап қана қоймайды, сонымен бірге оны кітаптың тереңіне жетелейді.
Уақыты аз, бірақ рухани нәр іздеген оқырман үшін де бұл кіріспе маңызды. Өйткені ол арқылы жалпы еңбектің мазмұны, ондағы басты тақырыптар, зерттеу барысында ашылған тың деректер мен жаңалықтар жөнінде қысқа да нұсқа мағлұмат алуға мүмкіндік туады. Ал уақытын бөліп, еңбекті түгел оқуға ниеттенгендер үшін кіріспе – болашақ оқылымға бағыт беретін жолбасшы іспетті.
Соңғы жылдары елге еңбегі сіңген, еліміздің тұңғыш Бас мүфтиі, ғұлама ғалым, дін мен ғылымды қатар ұстаған тұлға – хазірет Рәтбек қажы Нысанбайұлымен жақыннан танысып, бірнеше мәрте сырласуым өзім үшін өмірлік сабақ болды.
Ол кісімен әрбір әңгіме – рухани толысудың, ізгілікке бет бұрудың мектебі секілді еді. Рәтбек атамыздың жүректен шыққан әрбір сөзі, елдік пен адамдық жайлы айтқан ғибратты ойлары менің жадымда мәңгілікке жатталып қалды. Өз ұстазымдай көріп, ол туралы арнайы деректі роман жазуым да сол ықыластан туындаған еді.
Әсіресе, ол кісіден жиі еститін мына бір шумақ менің өмірлік ұстанымымдай болып кетті:
Жақысының жақсы деген аты қандай,
Әр сөзі мың ділдаға татығандай.
Жаманның жамандығы әні сондай,
Жүреді ірі сөзін батыра алмай…
Атам осы бір өлең шумағымен шынайы жақсының қадір-қасиетін, оның сөзінің құндылығын терең меңзеп, қарапайым тілмен ұрпаққа ұлағат қалдырған еді. Бұл ой маған да үнемі ой салды. Адам баласының жақсылығын айту – оның нұрын арттыру, ал жақсының жолын бағалау – ізгіліктің таралуына себепші болу.
Сондықтан да халқымыздың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген дана тәмсіліне сүйене отырып, осы еңбекті жазу барысында ақыл-кеңесімен, бағыт-бағдарымен демеу болған жақсы жандарға жүрекжарды алғысымды жеткізуді азаматтық парызым деп білемін.
Ең алдымен осындай ауқымды жобаны жүзеге асыруға мұрындық болып, жазушыларымызға шетелде зерттеу жұмыстарын жүргізуге зор мүмкіндік жасаған Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Архив, құжаттама және кітап ісі комитетіне, сондай-ақ қазақ руханиятының қасиетті қарашаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағына айрықша ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, осы ұйымның басшылығындағы Мереке Құлкенов пен Қасымхан Бегманов ағаларыма қолдауы мен қамқорлығы үшін шексіз алғыс айтамын.
Сонымен бірге менің ғылыми жолымда әрдайым бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін аямайтын ұстаздарым – академик Жақыпбек Алтаев, профессорлар Дандай Ысқақұлы, Нұрдәулет Ақыш, Қансейіт Әбдезұлы және Әсет Құранбек ағаларым мен жобаның кураторы Елдос Тоқтарбай ағамызға да шын жүректен рахмет айтамын. Олардың әрбір сөзі, әрбір кеңесі – мен үшін бағдаршамдай жол нұсқады.
Зерттеу жұмысымның ойдағыдай жүруіне ерекше қолдау көрсеткен тағы бір мекеме – Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы. Бұл ұлы шаңырақтың бай мұрасы, сирек қорындағы баға жетпес қазынамен танысуыма кең мүмкіндік жасаған кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиеваға өз атымнан алғысымды айтуды азаматтық борышым деп санаймын. Сонымен қатар қарашаңырақтың қазынасы орналасқан «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қызметінің жетекшісі Гүлшат Абикова мен Ертай Біләлге де алғысым шексіз.
Ал бауырлас қырғыз елінде жүргізген зерттеуімнің жемісті болуына қолдау білдірген қырғыздың қабырғалы ғалымдары – профессор Жолборс Жоробеков, академик Абдылдажан Акматалиев, ғалым Нұр Саралаев секілді ағаларымның көмегін ерекше атап өткім келеді. Олардың жылы қабағы, кәсіби бағыт-бағдары мен құнды ойлары зерттеу сапарымның сәтті өтуіне себепші болды.
Сондай-ақ Қырғыз Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің директоры Манат Момуновқа, А. Осмонов атындағы Ұлттық кітапхананың директоры Айнура Алмасбекқызы Аскароваға, Ш. Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры әрі көрнекті ғалым Абдылдажан Акматалиев ағама да айрықша ризашылығымды білдіремін. Олар бізге архив пен кітапхана есігін айқара ашып, сирек қорларды зерделеуімізге жанашырлықпен жағдай жасады.
Әрбір жақсы адам – жарық шам іспетті. Оның нұры өзіне ғана емес, өзгеге де сәуле шашады. Ал менің осы еңбекті жазуыма, ойға алған мақсатымды жүзеге асыруыма демеу болған барша жақсы жандардың нұры – мен үшін сарқылмас қуат.
Бұл кітапты жазудағы ниетіміз – тек ғылыми ізденіс нәтижесін ұсыну ғана емес, сонымен бірге оқырманмен сырласу, оны екі халықтың мәдениет әлеміне жетелеу.
«Мен бұл еңбекті Сіз үшін жаздым, оқырман!» деуіміздің де себебі осында. Бұл сөз – құрғақ пафос емес, шынайы жүректен туған тілектің үні. Себебі біз екі бауырлас халықтың – қазақ пен қырғыздың – ғасырлар бойы жалғасқан рухани сабақтастығын қайта жаңғыртып, оны жаңа қырынан таныстыруды мақсат еттік.
Әрбір ізденісімізде біз тарихтың қойнауына сүңгіп, архивтерден сирек деректерді іздедік, кітапханалардың қазынасын парақтадық. Сол еңбегіміздің нәтижесін жинақтап, оқырманға ұсыну – бір жағынан парыз, екінші жағынан аманат. Өйткені әрбір кітап – өткенді бүгінмен жалғап, болашаққа жетелейтін рухани көпір.
Біз бұл еңбектің бауырлас халықтардың өзара мәдени байланысын зерделеудегі бір белес, бір қадам болып қаларына сенеміз. Бұл еңбек арқылы қазақ-қырғыз әдеби және мәдени ықпалдастығының жаңа қырлары ашылып, болашақта жас ғалымдар мен ізденушілерге бағыт беретін бір соқпақ қалдырдық деп үміттенеміз.
Сондықтан да кіріспе сөзді кеңінен жазып, оқырманға ой салатындай, қызықтыратындай етіп ұсыну – біздің ең әуелі парызымыз деп білдік. Оқырман осы кіріспеден-ақ еңбектің өзегін аңғарып, қазақ пен қырғыз арасындағы мәдени сабақтастықтың терең тамырын сезіне алса, біз мақсатымызға жеттік деп білеміз.
