“Ғашықтық ғаламаты” немесе Естай мен Қорлан махаббаты
26.06.2018 0 19 662
Жібек ШАБЕКОВА
Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта
мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы, қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық ғылыми жоба жүлдегері, география пәнінен республикалық олимпиаданың ІІ орын, облыстық Ж.Жабаев оқуларының І орын иегері
Махаббат – сегіз әріп, бір арман… Мұхтар Шаханов ағамыздың өзі айтып кеткендей махаббат – кез келгенің уысына түспейтін, кез келгеннің бақшасында біспейтін қол жетпес байлық. Расымен де, кім қай дәрәжеде түсінгеніне, қаншалықты қадіріне жеткеніне қарамастан, “махаббат” дегенде әркімнің де елең ететіні сөзсіз. Өлең өлкесіне өзіндік із қалдырған Мұхтар Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» өлеңіне Естай мен Қорлан оқиғасын кірістіруі тегін емес. Мұнда астарлы оймен тереңнен толғаған автордың даналығы жатыр. Менің ойымша, автордың Естай мен Қорланды оқиғаға кірістірудің себебі – махаббаттың ұлылығын көрсету деп ойлаймын.
Өлеңде отбасылы әртіске әлпештеп өсірген жалғыз қызының ғашық болғандығына қайғырып келген ананың автордан көмек сұрағаны туралы айтылады:
Бар әйелі, баласы.
Үйленуге қайдан келсін
шамасы?
Қызым соны білмейді ме?
Біледі!
Біле тұра селт етпейді жүрегі.
Небір жайсаң жігіттерді төредей,
Мазақ етіп кетпеді ме елемей?
Өкініштісі, жас қыз махаббат шырғалаңына түсіп, айналасын көрмей, жан анасын қайғыға салып, ауыр мұңға батырды. Ақыннан көмек сұраған қарт анаға ғазал жырдың шайыры:
Ғашық жүрек өз тағдырын
өзі ғана шешеді,
Жыға алмайды оны
жұрттың өсегі.
Бұған дәлел – құдіретті
«Қорлан» әні кешегі, – деп жауап қатады. Ақын Естай мен Қорланның махаббатын көрсете отырып, олардың ғашықтық сезімін ерлікке теңейді.
Қартайған шағына дейін Естай мен Қорланның бір-біріне деген сезімінің сөнбеуі арқылы махаббаттың олар үшін өмірге деген құштарлықты оятатын әрі нығайтатын ғажайып күшке айналғандығын түсіндіреді. Өлеңді оқи отырып, кей оқырман автордың өзіне қарсы келуі мүмкін. “Отбасылы ер адамға қыз баланың ғашық болуы жат нарсе” деп айтуға да әбден құқылы.
Бірақ ақын елу бір жыл ғашықтықтың азабын тартқан Естайды негізге ала отырып, махаббатқа адал бола отырып, арын таза қалпында сақтап қалу қажеттігін оқырманына жеткізеді. Тіршілігінде қолы жетпеген ғашығына өмірдегі базары тарқар сәтінде де бір сәт есінен шығармай, соның естеліктерімен көз жұмудың өзі жұмыр басты пендеге ерлік, ерлік қана емес-ау мәртебе екенін жырлайды. Осылайша ақынның айтар ойы мен нақылы «Қорлан» әнімен бір арнаға тоғысады.
Қорытындылай келе, «Махаббат – дүниедегі барлық күштің көзі, барлық қуаттың бастауы» – деп Әзілхан Нұршайықов айтып кеткендей, тағдыр өз ғашығына қосылуды жазбаса да, оған деген сезім алға жетелейді.
Міне, М.Шаханов ғашықтық ғаламат сезім екенін дәріптеу үшін Естай махаббатын өлең жолдарына ұтымды кірістіре білді. Осы арқылы бұл өлең менің жүрегімде мәңгіге орын тепті. Әр адамға қай жасында болмасын ғашық болу бақыты бұйырса екен деп тілеймін.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.