ТАССАЙДЫҢ ДӘМІ (әңгімелер)
Нұрхалық АБДЫРАҚЫН,
1976 жылы туған. Филология ғылымдарының PhD докторы, жазушы, аудармашы. «Иірім» атты романы, «Аңсау», «Жан тыныштығы» атты әңгіме жинақтары, «Елді ұстап тұратын төрт топ» атты эссе мен ой толғамдары жарық көрді.
Алматының маңынан екі гектар жерді жалға алған төртеу ерте көктемнен қырық қабат егіп, бар үмітін соған артты. Тіршілікке жан берген қырық күндік «нисан» жаңбырынан атыздары жайқалып шықты. Бетіне қараған сайын ақшаның құлағын көрді. Талай рет түстерінде ақша санап жатып оянды. Екі рет ұсақ алақоңыз басты, қытайдан дәрі алдырып оның көзін құртты.
Алатаудың басында бұлт ойнаған жаңбырлы мұнар аспан ашылып, күнде ыси бастады. Жап-жасыл орман қала Алматы тотыдайын түрленіп, сұлу қыздай таранды. От шар Көктөбеннің басында біраз ілініп тұрып шаһарға нұрын молынан төге салды. Барқырай трассаны жарып кетіп бара жатқан «БМВ» көлігінің даусы елді ұйқысынан оятты.
Азаннан ашты шыққан күн бүгін бөтенше шақырайды. Атыз басына үш ағаштың басын қосып тіккен жаппаның іші сиыр түске жетпей өртенді. Етегін түріп ылпаларын желдетті, тандыр жалыны іспетті аптап ыстық капусталарын қуыра бастады. Төрт жігіт үнсіз далаға кіріп-шығады.
-Көктемдегі қалың жаңбырдың өзі жақсы екен-ау мына ыстықтан. Біз жаурасақта, қырық қабатымыз рахаттанған,- деп күмбірлеген Тілеш достарына ыржия қарады. Атыздарын енді суғармаса болмайды. Су іздеп өздеріне қарасты әкімшілікке Алпамыс үш күннен бері күнде барып жүр. Бүгін жолы болып алдында Қазақстан туы желбіреген қос қабатты ескі корпустың ішінен шашы көзіне түскен қысық көз кәріс жігітін тауып, күзде жүз түп қырық қабат беруге келісіп, мөр басылған қағаз алды.
-Ыстықта суғаруға болмайды,- деді Темірбек.
-Ештеңе ете-қоймас, суғара берсек. Бір жағы су кешіп өзімізде салқындап қаламыз. Жеңіс жан-жағына қарап әмір ете сөйледі.
-Онда түскі шәйімізді ертелеп ішіп, суғарсақ суғара берейік, қарын тоқ болса ыстық ішке түспейді.
Ораза айы басталып ыстық күндер жалғасты. Іштеріндегі тақуасы Тілеш ораза ұстады, сәресі кезінде бәрі тұрып сәре тамағын бірге ішіп таңғы елең-алаңда қырық қабатты суғаруға кіріседі. Кешкі салқында Тілештен басқасы қырық қабаттарын шынайы бір мейірмен суғарады, күні бойы ыстықта иріліп өлген жыланша жатады, ұйқылары да келмейді, сөйлеуге шамалары жоқ, тек үнсіз өткен күндерін ойлайды. Капустаны сатып ақшасын бөліп алғаннан соңғы жоспарларын әр қайсысы үнсіз жасайды, іштері толған қырық ой. Қазірге бары да нары да осы жаман жаппа, бетіне қарағаны қырық қабат.
Алпамыс кезінде университет таусып келіп, өз жерінде мұғалім болған. Үкіметтен айлық алып «таймас бақ, кетпес қазаннан» ас ішіп отырған жан еді. «Қазақ елі деген» арман оған бәрін тастатып осында алып келді. Қызы мен ұлы есіне түскенде көңілі алатайдай бұзылады кеткісі келеді. Енді бірден жетіп барса әйелі мен достарынан ұят.
Елдің алды көше бастағаннан Жеңіс «Ата-бабамыздың бас сүйегі жатқан ата мекенге барсақ, ел ауған жаққа қызыр ауады»,- деп туыстары мен әйелімен ақылдасты. Бірақ туыстары да әйелі де бас шайқады, «бала-шағамды бағып осында қала берем, барсаң өзің бар» — деді.
Темірбек пен Тілеш «Қазақстан» деп ерте ауырды. Әке-шешелерін тыңдамаған бойдақ жігіттер, қазақ еліне баруға бел байлады. Туған жері Өртекесті артқа тастап Сарыбұршын кезеңінен асқанда төрт жігіт бір- бірінің бетіне қарап үнсіз тілдесті. Кешегі бұлдыраңдап шауып жүрген бал дәурен шақтары көз алдарынан өте шықты…
Аудандағы жалғыз қазақ орта мектебіне қоңыр күзде Тілеш оқуға келді, бала жүрегі алып ұшып қала көргені осы. Әкпесінің үйіне жатып оқыды. Ол үйдің он баласы бар, келімді кетімді кісілері еш таусылмайды. Базарға келген Ақдалалықтар нәмі туыс болса болды «қыздың жаманы бір шәугім шайға жарайды» деп осы үйге келеді. Аурып-сырқағандары «үлкен жерге келдік» — деп әкпесінің үйіне жетеді. Диягнозы дұрыс шықса дәрі-дәрмегін алып бір жетіде қайтады, болмаса емханға жатады. Бұнда ауырған адамды туысынан бір адам қарайды, қарайтын адам күндіз емханада болғанмен кеште қондырмайды, ол байқұс айлап сол әкпеміздің үйін паналайды. Шалының туыстары Мәйек ауылынан дәл сондай шұбырады.
Бұл үйдің жалғыз -ақ кірісі шалының бір айлығы. Жездесі мен әкпесі айлық тигенде «Мынау азық -түлікке, мынау жолға, мынау оқудағы ұлға, мынау оқудағы қызға, электр жарығына, суға» -деп өте жіңішке есеп жасап қағазға түсіреді. Сол сызықтан шықпай мұз үстіндегі жолаушыдай ақырын жүріп айдан-айға еш қарыссыз жетеді….
Көбінде қара суды қазанға қайнатып, үстіне екі қос уыс үн сеуіп қояды, соны араластырып қара ботқа жасайды. Анда-санда қойдың басын әкеліп асады. Еті жоқ қу бастан шыққан әдемі иісті бәрі құшырлана искеп, соған тояды. Кейде палау жасайды, әкпесінің палауы өте дәмді. Бір табаққа салып ортаға қояды. Топырлаған топты жан ақырын шетінен асықпай ала бастайды, әп-сәтте айналасы ойылып ортасы түседі, бір біріне қарап аз кем отырып оны да асайды. Аудан бойынша оқу озаты осы үйдің балалары, қарны аш адамның миы жақсы жұмыс істеп тұрады. Берекет дарыған ақшасы студент ұл-қызына, келген қонаққа, жатып оқитын балаларға, Тілеш пен бірге әкесінің ағасының екі баласы, жездесінің туысының жатып оқитын екі қызына да жетеді.
Құлжаға келіп бір бөлмеге жайғасты. Түнгі базарда пивалатып, қалаған тағамдарын жеп туған жермен қоштасты. Аржақтарын аралаған ащы сумен өлі клеткалары тіріліп алабурыл тартты, толқыған көңілмен «Өлсек бір төбеде, тірі болсақ бір шұңқырда боламыз» — деп шынашақтарын ілісіп, басбармақтарын түйістіре, шекелерін тиістіре серттесті, Қазақ жеріне құрмет ретінде шекарадан өткен соң темекі мен ащы суды толық тастауға уәделесті. Қазақстанға келген соң ауыр еңбек пен туған жерге деген сағыныш оты Темірбек пен Жеңіске темекіні қайтып тартқызды. Алпамыс бұрыннан темекі шекпейді, Тілеш сол қойғаннан темекіге еш жоламады. Төртеуі де сөзінде тұрып пивоға ауыз тигізбеді.
Қоңыраулаған күзде келді, қырық қабатты жинады, үлкен жол бойында сатты. Кейінгі кезде төрт жағы бірдей божбан қара, қысық көз, пұшық мұрын, қыз ба келіншек пе жіп таға алмайтын әйел заты бұлардың капуастасын сатып алып жүрді. Ақшасын да қолма-қол берді. Төрт жігіттің мықтап сеніміне кірді. Сол күні ол үлкен камазбен келіп қалған капусталарын түлгелімен жинатып көлікке тиетті, «ақшасын ертең әкеліп беремін жігіттер»- деп жымиды. «Бопты, алыңыз» -деп елден бұрын сөйледі Алпамыс, Жеңістен басқасы қостай кетті. Бұларды көк түтінге көмген өңкиген жүк көлігі ышқына қозғалып көрінбей кетті. Сол кеткеннен мол кеткен ол төбе көрсетпеді.
Балталары тасқа тиіп, таулары шағылған төртеу енді «Барахолка» базарын жағалады. Әу баста ата жұртқа табандары алғаш тигенде осы базарға келген болатын. Сосын да ол жер бұларға ыстық.
***
«Нар тәуекел» — деп, Қорғас шекара өткеліне келген төртеуі денсаулық жағдайы туралы қағазын қытай сақшысына көрсетіп одан өтті. Кедендік тексерісте көп айланған жоқ, дүңгіршектің алдына келіп көзін ашып-жұмып аз тұрды, деседе сол сәтте туған жерден алыстап бара жатқандарын тағы сезді. Қытай қызының тарыс еткізіп құжатына басқан мөрінің даусы естілді, қолына паспорты тиді. Таможниялық тексеріске келді, онда бар заттарын камераға салып компьютерде тексертті, декларация парақшасын толтырып одан да өте шықты. Автобустары дайын тұр екен. Жүк тиген ұйғыр әйелдер артынып-тартынып өтіп болғанша түс болды. Он минуттай жүріп Қазақстан шекарасына жетті. Көліктен түсісіне саусақтырын шатырлатқан ат жақты ашаң жүзді жігіт «Әбет» деп саңқ етіп, есікті тарыс жапты.
Әбеті несі?! Тілеш бұл сөзді бірінші рет естіп тұр, қазақша сөз бе әлде басқа тіл ме? Ұйғыр әйелдер «мыналар түскі тамақ уақыты дейді, енді екі сағат осында күтеміз» деп, заттарының үстіне отыра кетті. Араларындағы бірнеше қытайда үнсіз отыр, бәрі үндерін іштеріне тартып тапжылмай екі сағат күтті, есік ашылды, денсаулық қағаздарын көріп бір -бірлеп кіргізе бастады. Бастарына өздерінен ернеуі үлкен қазан бас шәпкі киген сақшы толып жүр. Әйнек дүңгіршектің алдына келді, іште сап-сары орыс жігіт отыр, бұлардың бетіне бір, құжаттарына бір қарап көк түсті мөрін былыш еткізе беттеріне басып алғандай селк еткізді, өтуге ишара жасады.
Соғысқа бұйрық берсе дәл қазір дайын тұрған солдаттарда жүр, аяқтарында ұзын қоныш бәтіңке, жоталарында торсық, белінде гранат, мықындарында жанқұралы жарқылдайды. Алпамыс қорқайын деді, бәрінің түсі суық. Бағанағы қытайлар бұларға қарағанда түсі жылы еді, мыналар өн бойынан суық ызғар шашады. Томожнияда заттарын жүндей түтіп тексерді, өте-мөте ұйғыр әйелдерді зарлатты, қытайларды бөлек кабиниетке кіргізіп кетті, Алпамыстарды да аз әуреге салған жоқ, жасыл, қызыл қағаздан бірін мұнда салсаңдаршы, «ымды түсінбеген, дымды түсінбейді» деп бір қара жігіт есіктен тиындарын алып сыртқа шығарды. Тілеш жерді сүйіп шүкір сәждесін жасады «Қазақтың өз отаны бар» деп сыбырлап жатты.
Апай төс қазақ даласы. Көліктері зулап келеді. Күзгі сары дала сағым ойнайды, ән әуені құлаққа баяу естіледі, қалғып-мүлгіп қараңғы түнде Алматыға кірді. Зәулім сарайды, ығы-жығы алып шаһарды көз алдына елестеткен Тілеш «Алматыға ұқсамайды» деп күмібірледі. Қалың ағаш, төрт-бес қабатты үйлер, анда –санда ғана биік үйлер там-тұмдап көзге түседі. Бағдар шамдарға көп тоқтаған көлік бір кезде «келдік, түсіңдер» — деп бәрін төге салды. Жалғыз жас жігіт пен төртеуінен басқа ешкім қалмады, ілезде зым-ғайым жоғалды. Алпамыс шекарадан өткен соң қараңығы түнде қайда барарын ойлап жанында отырған арық қара жігітті суыртпақтап сөзге тартқан, ол ағасы Алматыға келгелі бірнеше жыл болғанын, өзі студент екенін айтқан. Жеткенше соны айналсоқтады, өзіне су алғанда оған да су алды. Енді соның пайдасын көретін кез келді.
-Менің ағам келе жатыр, мені алып кетеді, сіздер қайтесіздер.
-Біз қайда барарымызды білмейміз. Бізге бір көмегіңді жаса, — дегендей ішкі тілін байқатты. Ағасы келді, ана жігіт ағасына бірдеңе шүңкілдеді. Ағасы да ашық-жарқын жан екен.
-Жақсы бәрің қысылып отырыңдар, ептеп үйге жетерміз, бір адам артық болды, басқа амал жоқ біреуіңді тастап кетуге тағы болмайды. Көлігінің есігін шиқылдата зорға жапты. Бір сағаттан артық жүріп бір кішкене жаздық үйдің ауласына алып кірді. «Біздің үй осы» — деген ол құдайы қонақтарын үйге бастады.
Екі бөлмелі жаздық үйдің алғашқы бөлмесі ас бөлмесі екіншісі жатын бөлме екен. Бес қонағын сол түпкі бөлмеге жіберген үй иесі келіншегі екеуі ас бөлмеде түнеп шықты. Торғай шырылымен тұрған бұлар үй иесі мен бірге асығыс шай ішті.
-Мен жұмысқа баруым керек, сіздер қайда барасыздар?
-Біз қайда баруды да білмей тұрмыз, бізге өзіміз жақтан келгендер көп жүретін жер болса, базар болса тіптен жақсы болар еді.
-А…ондай жер бар, Барахолка, иа, Барахолка сіздер іздеген жер сол.
Келіншегіне қарап сен жұмысқа шығарда бұл кісілерді Барахолкаға баратын автобусқа салып жібер.
-Кемі бір сағат жүресіздер, «Барахолка деп» елдер түсіп-шығып қимыл көбейеді сол кезде түссеңіздер болады.
Барахолкаға келді. Теңіздей толқыған көлік, болмашы жылжып тез тоқтайды. Жолдың екі қапталы толған жаяу жүргінші. Нәски, іш киім сатқан келіншектерге тола. «Қазақстанда әйел көп, барсаң болды үйленіп аласың» деген барып келгендерден естіген сөз естеріне түсті төртеудің. Енді иек сүйейтін ешкім жоқ, жан-жақтарына қарап тұрған бұлар, жолдың қарсы бетіндегі «Құлжа лағманханасы» деген төте жазу көздеріне оттай басылды. Асыға соған жетті. Кәдімгі Құлжада отырғандай қуанды, лағманға жия- миян(добавка) етіп жеді. Қарындары әбден ашыпты. Алдыңғы күні кештен бері қайда барып, қайда тұрарын білмеген бұлардың көңілдері күпті болып, тамаққа да тәбеті болмаған, міне обырлана тойып алды. «Енді қайда бармыз» деп отырғанда өздері сияқты екі жігіт салаң етіп үстеріне кіріп келді. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» дегендей олар тамағын ішіп болған соң бірге қоналқы жайға барды. Орта жастағы қожайын Ұйғыр әйел күтіп алды. Бұлар не жеп пысық болады екен деп ойлады Тілеш. Үрмжіге виза алуға барғанда осы ұйғыр әйелдер алдын орап бұлардан бұрын қазақ консулына кіріп еді. Шекарада күні бойы осыларды күтіп бір автбус адам жолдан кешікті, енді міне Алматыда жатын орын беретін тағы осылар. Төртеуіне бір бөлме тиді, кеш батқанша базар аралап айналаны шолды. «Рахаттанып бір ұйқтайын деп» еді, түнімен бірдеңе бұларды ұйықтатпады, дөңбекшіп таң атырды. Құжаттарын өздерін жатақханаға орналастырған жігттің танысына беріп тіркеуге өткізген. Қолдарына құжаттары тигенше базар жағалап күн өткізді. Сақшы көрсе сыр бермей сырбаз тартып жандарынан өтуге кеңес берген, өзінен бұрын келгендердің ақылын естеріне алады. Жұмысқа қытай базарының артындағы қалың складтарға барды. Қытайдан келген автобустардың жүк көлігі екенін енді білді, тауар түсірді. Жуан турбаның ішіне жіңішке турба тығып, оның ішіне арматура салып қандай бір бостық бар соны толтырып алып келген заттарды күн-түн демей түсіреді, ақша таба бастады. Кейде тамақ ішсе кейде тамаққа үлгірмей зат түсірді. Алғашқы қар жауып аяқтарынан сыз өтті. Табаны қалың орыстың аяқ кимдерін алып киді. Алғаш келгенде жатын көрпесінің ішіндегі мақтасы шарбы бұлт сынды еді, енді әр жерінде ғана түйіршік болып, арлы-берлі қашады. Түнде тістене әбден жаурап, ақыры жаңа көрпе сатып алып жандары тыншыды.
Ұйғырлар ашқан қытайға сөйлесетін телефонқанаға барып үйлеріне қоңырау шалып он -онбес күнде бір хабар беріп қояды. Тілеш бүгін ыштан қалтасындағы ақшасын санады, үш жүз төрт мың теңге болыпты. Туған жерін ойлады. Қытай ақшасына айналдырды, әжептеуір тиын. Сол күні кешкі асты ішкен соң ел орынға отыра оның іші бұрап ауырды, жай ауырған жоқ, сұмдық ауырды. Жанындағы жігіттер қожайын ұйғыр әйелге жүгірді. Ол жедел жәрдемге қоңыру шалды. Қиқулатып Тілешті алды да кетті, Темірбек бірге ауырханға келді. Алпамыс пен Жеңісте баруға ниет етіп еді, ақ халат кигендер руқсат етпеді. Абыр-сабыр тексерістен соң дереу ота жасамаса болмайды, «асқазаны тесілген, денеге жайлып барады, сен қол қой»- деген көк көз, аласа бойлы дәрігердің үнін естіген Темірбек еш ойланбастан қол қойды.
Әкесі де шешесі де Алланың рахметіне қауышқалы талай жыл болған Тілеш «Енді менде өлетін болдым-ау… Үш әкпемді, жалғыз ағамдыда көре алмай кететін болыдым ғой» — деп жаны жылады, бірақ көзінен еш жас шықпады. «Иә, Алла осыдан аман қалсам намаз оқып, өзіңнің тура жолыңда жүруге серт етемін» деп әкесі үйреткен «Фатиха мен Ықылас» сүресін ішінен оқи берді. Дәрігер тыр жалаңаш шешіндіріп ота үстелінің үстіне лақтырды. Наркоз енді бойына тарап ес-тұсын білмей бастады. Биік таудың басында отырған басында ақ жаулығы бар шешесін көрді, шешесі жансыз тас сияқты. Тілеш баруға қанша қадам бассада аяғы жүрмеді. Әкесі шешесін атқа мінгестіріп алып кетті. Екеуі тау басында шығыстан батысқа қарай кетіп барады. Әне, көз ұшында қараңдап барып жоқ болды. Тілешке қарамады. Қанша уақыт жатқаны белгісіз көзін ашты, комада жатыр. Арғы дүние ме деп, ақырын жан-жағына қарады, алдында ақ халат киген медбике тұр. Осы дүние сияқты, тірімін бе деп, көзін ашып-жұмды. Еріндері жыбырлап тұр, кірпігі қозғалды, басқа денесін таңып тастапты… Ерніне медбике жылымық су жақты. Қатты шөлдеді, кеберсіген ерінге суды жиі-жиі тигізді, қабырғаға қарады, шынымен тірі екен, бағанадан әлі сенбей тұрған Тілеш жылап жіберді, мен тірі екенмін-ғой. Көзінен ыстық жас ыршып шықты. «Шүкір Аллаға, Шүкір» деп көзін ашып-жұмып жатқан бойда ишара сәжде жасады. Әкесі тау ешкі ұстаймын деп, тастан құлап қирап жатқанда осылай намаз оқығанын көрген. «Рахмет сіздерге, рахмет». Аласа бойлы дәрігер өзі келіп қол аяғын шешті. Жарты литр «Тассайды» жанына қойып: «Аузыңызға тигізіп тартып отырасыз, бірақ жұтпайсыз, асқазаныңыз қазір көтер алмайды, ішектеріңізге жел жүргенде ғана бір қақпақ ішуге болады».
«Неткен жақсы жан» деп күмбірледі Тілеш.
Шөл қысып қаталаған Тілештің бүкіл денесі күн ыстықта қопарсыған топырақтай мазасын қашырды, өз тәніне өзі симай ерні кеуіп, бүкіл денесі бір ысып бір суыды. Тассайды ерніне тигізе қайта тартты, жұтып жібергісі келді, оған батылы бармады, дембіл-дембіл ерніне тигізеді, тассайдың дәмінің балдан тәтті, жер бетіннің ең дәмді шәрбәті екенін сезінді. Тассайды тамсап екі тәулік жатқанда барып «құр етіп» ішігіне жел жүрді, қуанып кетті. Кнопканы басып еді толықша келген сүйкімді сары медбике жетіп келді
— Не болды аға?
— Ішегіме жел жүрді. Үнсіз тассайдың қақпағына су құйып аузына тосты, Тілеш кәнігі әдетімен ерніне ақырын тигізді де жұтып жіберді. Үш күннен бері алғаш рет асқазанға су жүрді. Тұп-тұнық судың құлдай іші-қарынды аралап кетіп бара жатқанын анық сезіп жатты. Ұйқысы ашылған шал кісідей есін жиды, саусағының құрысып қалған бастары өз орнына келе бастады. «Тассайдың дәмі» деп күмбірледі.
Түстен бастап емхананың тамағын да қасықтап ішуге келді. Қытайда ішіп көрмеген кашаны осында ішті, дәмді, бәрі дәмді, ақ шүберектей болған екі бетінің ұшына ала ноқат алқызыл қан пайда болды. Әлсіздік бойын әбден билеп алыпты. Бір жеті болғанда «Үйіңізге барып қуаттаныңыз, ащы-тұщы жемейсіз, ет, сорпа, тағы басқа дәрумені мол тағамдарды аздан-аздан тақыл-тақыл ішесіз»- деп өзіне ота жасаған дәрігер қолына екі парақ қағаз беріп «бүгін түсте шығасыз» — деді. Тілештің бар ойы ақшасы қанша болды екен, ақшам жетеме-жетпей ме деген оймен болды. Дәрігер не медбике ақша туралы ауыз ашқан жоқ. Тілештің ақшасы қанша болды деуге батылы бармады. Соңғы ойы шығарда бар ақшамды берейін жетпесе жанымдағы жігіттерден сұрайын деген ойға келіп үнсіз қалды. Түскі тамақты ішкен соң «Өзіңізге келгенше ауыр тамақ ішпеңіз, жатарда мүлде тойып тамақ жемеңіз, енді шықсаңыз болады» — дегенге Тілеш не дерін білмей…
-Осылай шыға бермін бе? — деп күмбірледі.
— Не болды, шыққыңыз келмей тұрма.
— Жо…жоқ.
— А, онда не айтпақсыз….
— Ақ..ақшасы қанша болды.
-Бізде ақша алмайды бәрі тегін, сізге кеткен шығынды үкімет төлейді. Осылай кете бересіз,- деп жымиды өз ісіне өзі риза болған дәрігер. Тілеш бас салып дәрігердің қолын сүйіп алды.
-Рахмет, рахмет сізге… Көзінен ыстық жас парлады, дәрігер не болғанын білмей қалды. Тағы сене алмай тұрған Тілеш артынан біреу келіп ақша сұрайтындай есіктен шыға, тездетіп кетуге асықты. Күтіп тұрған досы Темірбек қолтықтап таксиге мінгізіп Барахолкаға жетті. Алпамыс пен Жеңісте Тілештің тозған шүберектей бозарған түріне қарап мелшиіп аз-кем тұрып ақырын төмен дауыспен амандасты. Баяғыдай дарылдай сөйлесе достарының бір жері жыртылып кететін сияқтанды. Ол да естілер естілмес дауыспен «мен әкпелерімнің тілеуіне тірі қалдым» деп сыбырлады. Қолтығынан демеген Темірбек оны ептеп өз төсегіне жатқызды.
Бір ұйқтап оянған Тілеш «мені бүгін кеште жүретін автбусқа салып, біреуің қытайға жеткізсеңдер, мұнда мен күтіне алмаймын-ғой» деп өтінді. Аналарда бас изеді, кеште Темірбек екеуі төсекті автобуспен қытайға жүріп кетті. Шекесі тырысып, басы солқылдап ауырып келе жатқан Тілешті елеген жан болмады, келерде үнсіз оймен келетін жолаушылар өз елдеріне қайтарда басқаша екен. Жүк тиеген ұйғыр әйелдер қақатап күлсе, дарылдай сөйлеген қытайлар көліктің ішін басына көтерді. Азанда Қорғас өткеліне келді. Екі елдің шекарысынан кезексіз өткен Тілеш пен Темірбек Құлжаға келіп қонақ үйге жайғасты, Тілеш туыстарына қоңырауды содан кейін шалып жағдайды айтты, өз құлақтарына өздері сенбеген үш әкпесі Құлжаға жетті. Бауырын көріп танымай қалды.
-Ой, бүйткен Қазақстанның бар болсын,- деп салды өзіне тете әкпесі.
— Ой әкпесі-ау, сол ел болмаса бүгінде Тілеш жоқ еді, бір тиін да алмай ота жасап, жақсылап емдеп ініңізді аман алып қалды… Иә дегендей Тілеште бас изеп көзіне жас алды. Ауылдарына келген соң Ұйғырлар жасаған қуаттандырғыш «Арман қуат» талқаны мен бағланның сорпасын ішіп тез сергіді. Бір жетіден соң жібін алдыруға дәрігерге барды. Жібін алуға туған жерінің дәрігері 8 мың үш жүз теңге ақша алды. Қазақстаным мені ажалдан алып қалды, асты-үстіме түсіп қарады, көк тиын алмады. Тілеш өзінің тәуелсіз отаны бар екенін, өзінің қазақ болып туғанына бірінші рет қуанды, Аллаға шүкіршілік етті….алты айда Тілештің бұрынғы күші бойына қайта келді. Тассайға шөлдеді, дәмін сағынды…Талай рет түсінде тассай ішіп жүрді.
***
Достары көктем шыға Барахолканы қойып қала шетінен егістікті жалға алып капуста айдауға ниет етіп жатқанын айтты. Әкпелерінің «барма дегеніне» көнбестен тасты жарып жауқазын шыққан бір таңда Тілеш өз отаны қазақ жеріне зор махаббатпен қайтып оралды…Келе сала Тассай алып ішті, дәмін таңдайында ұстап тағы сімірді….
АРҚАҚАСЫР
Адам азса имансыздықтан азады.
Жаныды жадыратар, бойды балқытар жұма намазы. Ғалымбекке «сен ғылым докторысың» деп үнемі сыбырлап тұратын бұрында ішінде бір үн, соны малданды, алданды талай жыл жүрді, сол кездерде кеудесі алақаптай еді, бір кәріс олиграхтың баласымен жолға таласы бір апақ-сапақта, зулаған қоғасын оқ желкесін сипап өтіп жаны бір ажалдан қалып Құдайын таныған. Мештіттің жаны адамдар ығы-жығы, жол сақшылары да көліктерін уылдатып оларда жұр, Ғалымбек» қалай ғана елдің өкшесіне басымды ұрып, неге тоңқаңдауым керек, батыр аталарымыз ешқашан ешкімге бас имей қасқайтып өтті емес пе өмірден, «саған не жетпейді, бұнда неғып жүрсің» деп басқалар айтса не деймін деп жүйткітіп келіп бағдар шамға тоқтады, енді сифрды санап жасылдың жанысына гәзді басқаны сол алып жип тұмсығын сипай өтті, Ғалымбектің жүрегі тоқтай жаздады, тұрған жерінде рухы көкке үшіп Әлмисақта Жартушыға берген сертін есіне түсірді…Әлемді жайлаған тәж кеселімен ауырып өкпесі үлкейіп тыныс алуы қиындай жасанды апаратқа қосылды, сол сәтте «осыдан аман шықсам Иа, Алла мешітке барамын» деп іштей уәде еткен, су ішерлігі бар Ғалымбек міне қазір өз әлсіздігін мойындап, маңдайын сәждеге ұрып Жатушысынан оғаш ойларына кешірім сұрап, қатқыл жүрегі жұмсарып, жүзі нұрланып апта бойы жасаған кіші күналарын тазалап, бақытты адамдардың қатарында қотарыла сыртқа шықты, қара нөпір ел, көбі жастар көшеге симай жөңкіледі. Айналаның бәрі күліп тұрғандай, адамдар бір-біріне шаттана қарайды. Әр жартылыстан Жартушыны көрген тақуа жандар өзідерімен өздері күбірлеп төмен қарап кетіп барады…Яхуди қаумы сенбі құлшылық жасайды, хирстандар жексені шіркеуіне барып шоқынады…
Мешт сыртында пловтың исі мұрын жарады, «тегін тамақ алыңыздар, тек Алла ризалығы үшін бізді іштеріңізден бір өткізіп дұға жасап, ала берсеңіздер бізге сол жетеді» деп кеудеше тартып, салапан қолғап киген жас жігіт көз ілестірмес жылдамдықпен тай қазаннан буы бұрқыраған марқаның азу тісіндей ақсары күрішті араластыра дайын пласымас ыдысқа салып, үстіне туралған еттен там-тұмдап тастап екінші алдамға қол созады, Ғалымбекте ел қатары бір полвты алып көлігіне келді…
Жол тосып тұрған алып денелі қазан бас ақсақалдың жанына тоқтай қалды. Ақсақал деп жас шамасына қарап айтып тұрғаны болмаса, сақал түгіл мұртта жоқ. Көктайғақ кемпір бет еркек. Машинаға мінгенде бірден аяғына көзі түсті тапсырыспен тіктірмесе дүкендерде ондай аяқ киім жоқ-ау, абажадай алып аяқ. Алдыңғы орынға жайғасқан ақсақал отырысына әңгімені өзі бастай жөнелді.
-Әлгі қожанасырдың қайран жастығым-ай дейтін бар емес пе… жас кезім-ай…
-Ата қаншаға келдіңіз.
-Сен маған қанша жас бересің?
— Меніңше 70 жастан желкесіндесіз-ау.
-Биыл 89 ға келдім.
-89 ға ұқсамайсыз. Сіздің әлі жағыңыз солып, етіңіз таймапты, екі иғыңызда екі жігіті отырғандай, тек солғын тартқан жанарыңыз жасыңызды аздап айтатындай…
-Жастығым деп қалдыңыз, үстіңіздегі костиом-шалбарыңыздың сыры кетседе сыны кетпей тұр, шенді-шекпенді болғансыз-ау шамасы.
-Дәл айттың, сен өзі көзі өткір жігіт екенсің. Мен зам министір болған адаммын.
-Бәсе, бәсе басыңызды тік ұстап сергек жүреді екенсіз әлі күнге.
-Екі универді орыс тілінде таусып, еңбегіммен төменнен өстік-қой. Орыстың тілін жеттік біліп, заң оқыдым. Басында мысық болып бергенін іштік, кейін түлкі болып бұлаңдауды үйрендік, кейін шибөріше таластық, одан аз жылдан кейін көкбөріше жұлқыстық, одан соң ақырындап арыстан болмасақта жолбарыс мінез байқаттық….министірдің дәлі өзі болуға шақ қалғанда зейнет жасым толып кеткенін білмей қалыптым.
-Арқақасырыңыз бар ма?
-Е… ол кісі бірнеше жыл болды кеткен арғы дүниеге…
-Бала-шағамен тұрасыз ба?
-Үш ұл екі қызым бар. Бәрі де осы Алматыда. Бірақ мен жалғыз тұрамын.
-Оныңыз қалай.
-Қызымның қолына барып көрдім, байқұстар азаннан кешке дейін жұмыста, жерге жарық түспей кетеді, ел жатқанда сүрініп жығылп үйлерін зорға табады. Ол жерде жалғыз омалып үй баққанша деп өзімнің үйіме қайтып келдім.
-Ұлдарға бармадыңыз ба?
-Ұлдар құрсын әйелінен аса алмайды….
— Тамақ, кір қол тағы басқа дегендей оны қайтып атқарасыз.
-Ақшасын төлесең арқақаситындар көп емес пе? Соларға…тамақ істетіп, кір қолды жудырып тағы басқа қажетті дегендей… (Ғалымбек шошына шалдың бетіне бажыраия қарады)
-Сонда қалай?
-Қалайы несі, әйел көп емес пе қазір…
-Ата-ау, некеңізді қидырып арқақасытпасаңыз үлкен күна болады-ғой.
-Ей, балам күна-пұнаңды білмеймін. Кәдімгі адамдарша өмір сүрудемін.
-Ата-ау, Құдайдың ең жек көретіні кәрі зинақор. Кім көрінге арқа қасытсаңыз ол зина болады. Ал екі куәгер шақырып біреуімен неке қидырып тұрсаңыз сауап аласыз…
-Анау көп тоқалы барлар, көшеде өзін сатып тұрған қыздар да жүр оның жанында менікі қалыпты адамның ісі емес пе?
-Әр кім Құдайдың алдында өзі ісіне өзі жауап береді. Елде неңіз бар…Өзіңізді ойлаңыз.
-Маған ондай ертегіңді айтпа…Тоқтат көлігіңді, басқа машинаға мінем…
Жол шетіне тоқтай беріп
-Ата менің сізге жаным ашып айтып отырмын… үлкен жасыңызды сыйлап тоқтағам, ақшаңызда керек емес…
-Ей, мына заманда үлкенді сыйлайтын, ақшаға қызықпайтын адамдар бар ма?
-Міне мен бармын. Қаласаңыз сізді ұлдарыңыздың біреуінің үйіне апарайын…керек десеңіз сөйлесейін…
Бір аяғын тысқа шығарған шал аз кем ойланып қалды…
— Ақшасын төлеп әйел шақырсам, қате деп тұрсың ба?
-Ата-ау. Қатесі былай тұрсын. Үлкен күна болады.
-Зина деген сөзді түсіндірші.
-Некесіз бөтен әйелге арқа қасыту.
Асау шал бағанағыдай емес аздап жуасып қалды.
-Е, сонда болмайды де. Арқа қасытпай-ақ тамақ жасатып, киім жудырып тұрсам да болмай ма?
-Болмайды. Күнаға жақындауға болмайды. Сіздің бір өзіңіз бөтен бір әйелді үйіңізге шақыруыңыз күнаның басы саналады.
-Онысы қалай?
-Сіздің күшіңіз бойыңыздан қайтып қаусап тұрғаныңыз шамалы. Бөтен әйелмен екеуіңіз отырғанда үшінші бір бөтен нәрсе келеді. Ол сізгеде әйелгеде ақырындап ой салады. Сол ойлар үлкейіп бір жол болмасада келесі жолы арқаңызды қастып қоясыз.
-Ай, сен өзі бір жақсы жігіт сияқтысың.
— Үшінші ой беретін пәле сауыт кимеген адамды шалқасынан түсіреді.
-Ол не жасырып отырған үшіншің.
-Ол шайтан.
-Ол бұрын болған шығар, қазір жоқ емес пе?
-Қызыл үкімет бізді шайтан жоқ деп, дінімізден айырды емес пе?
-Сол сенің дініңді заманға сай қайта жасауға болмай ма?
-Атасы-ау, Алла бізді бір тамшы лат судан жаратып, ас-суы таусылған тірі жан иесін қайтадан Өзінің алдына есеп беруге жинайды? Сіздер әуелі осы заңдылықты өзгерте алар ма едіңіздер…
-Ол өзгермейтін нәрсе… емес пе.
-Онда сол заңдылықты жасаған Жаппар Хақ барша барша әлемді хикіметпен жартқан….Қазақтың ғұламасы Абай адам ақылы қысқа жіп сияқты сол қысқамен шексізді қайтып өлшемексің демпе еді.
Шал аяғын көлікке қайтадан салды…
Шал да үнсіз Ғалымбекте үнсіз көлік зулап келеді…
ЖАН ТАЗАЛЫҒЫ
Күн бұлыңғыр, аспан көрінбейді, жаңбыр жауама, қар жауама, бірдеңе жауайын деп тұр. Тұнжыраған көкжүзі әйтеу адамзатқа өкпелі. Иа, адамдар соғысып жатыр. Өздерімен өздері бірін бірі қыруда. Өлетінін ұмытқан олар жер бетінің тұтқасы болып қалардай өршілене кәрі-жас демей болмбылауда. Жылаған бала, қираған қала, аппақ матаға оралған мәйттер….соғысты тоқтауға толық шамасы жететін елдердің өзі мысық тілеумен үнсіз отыр. Барлық нәрсеннің сұрағы бар… барлық адам өз ісінен есеп береді…
Біздің темірден жаралған әкім қабірге қалдырған жерді сатып жіберіпті, әкім тыңдамағасын, генарал әкесіне имам барса тоқсанның екеуінде отырған ол «жер тірілердікі» деп қысқа қайырыпты.
Қанат үйінен шыға күмбірлей күндегі әдеті бойынша таңғы дене шынықтыру жатығыуын бастап кетті. Алпауыт қаланның шетінде болсада ауылдарында аспалит жоқ. Әнеу көшенің тұрғындары айқайлап-жалаулатып екі апа мен екі қабат екі әйелді алдыға салып жеті-сегіз жасыл желекті екі машина болып ауылдан аттап, аудан орталығына барып щолақ көшелерін зорға аспалиттаты, қалған көшелер қара балшық, әр жерінде сойдыған тасы бар ойдым-ойдым жол. Жергікті әкімшіліктің не істейтіні белгісіз, ондағы ұсақ шенвнктер мұртын сорып отыра береді. Әліге бұнда дамыған отыз елдің қатарына қосатын жалғыз көшде жоқ.
Жол шетінде жатқан коңыр түсті әмианға Қанаттың көзі түсті. Ішінде ақша. Басында қатты қуанып кетті. Ақшаны санады. Қыс жақын «ұраға салатын кортоппен, балалардың қысқы аяқ кимдерін алайын» деп шешті. Бірақ өзін бір түрлі сезінді… Жан-жағына қарады.Үш рет орта дауыспен «мына ақша кімдікі» деп айқайлады. Жексенбі өлі тыныштық. Көше тым-тырыс. Тіпті жексенбі де ауырханаларда істемейді, адамдар де үйренген, ол күні еш ауырмайды. Қақсаған тістің өзі жексенбі күні қоя қалады. Иттерде үрмейді.
Қалтада ақшасы бар Қанат көшеде талтаңдай орта жасқа тән баяу ит желіспен жүгіріп дене қыздырып жүр…Құдайдың бала-шағама берген ырыздығы шығар? «Жетпеген жыртығыңды жама деп берген»… күмбірлеп қояды… Бірақ мазасы қашты. Өзімен өзі ақталып…ұрлап алғамын жоқ, тауып алдым…
-Әке, маған латария билетінен соңғы модельдегі бір кір жуғыш машина шықты.
-Қызым бұл дүниеде ешқашан тегін нәрсе жоқ. Өте-мөте қыз балаға бөтен адамдардан бірдеңе алуға болмайды.
-Әке бұл латария емес пе? Тәлейім шығар.
-Жоқ қызым, Тәлейдің өзіне себеп жасап, еңбек етесің, сосын тәлейің жанады.
-Әке үйдегі кір жуғыш машина ескірді. Тегін келген затты алсақ болмай ма?
— Әңгіме сол тегін болғанында тұрмай-ма? өз табан ет маңдай теріңмен таппаған заттың өтеуі қиын болады.
Шешеңе айттың ба? Әлі айтқан жоқпын. Жақсы болыпты, онда үндемей солай кері қайтара сал. Досы Бектұрғанның әңгімесі есіне түсті.
Иа, еңбексіз келген затта қайыр жоқ…Кез-келген бір жаңа зат алғанда, тіпті тамақ ішкенде мен осыған лайық тер төктім ба деп ойлану керек есті адам… Иесін қалай табам? Ешқандай бір құжаты да жоқ.
Бұрын бала кезде бірдеңке тауып алса сақшыға апарып беретін едік, ол кезде сақшылар халықтың досы болатын. Қазіргі сақшылар үндемей өзі жей салады. Не істемек керек?!!!
Таңғы шайға отырды. Әйел бала-шағасына айтты. Көрсетті. Әйелінің көзі жайнап кетті. Етігім тозып қалып еді, қандай жақсы болды…
Қанат үндемей отыр…
Әлемді тәж кеселі жайлап адамдар үйден шықпай ажалдың өте жақын екенін сезген шақта… үкімет өзегіңді талдырмайды деп, жұмыссыз адамдарға азық түлігіне ақша бергенде сол баяғы досы өзіне тиген ақшаны шып-шырғасын шығармай кедей көршісіне беріп отырды, көршісі сияқты шын кедейлер ИП-ы ашуға шамасы жоқ үкіметтен көк тиін ала алмаған болатын ол кезде.
Әйеліне оны айтып түсіндіруге әлі ерте. Олда бір күні түсінер…Бірақ отбасының тыныштығы керек, айлық тигенше деп, бір досынан қарыз алып жаңағы амиянға сол ақшаны білдірмей салып, ондағы ақшаны алды. Айналасында қазір сондай бір отқа оранып, суға сүрініп тұрған көршісі де туысы да жоқ. Ақша жоғалтқан адамның атынан қайырымдылық қорға аударды.
Қанаттың жаны жай тауып қуанды.
Артынан қуып келіп жол сақшысы тоқтатты.
-Сіз қос сызықты басып кеттіңіз.
-Екі машина қатар жүргенде жол тар, бассам басып кеткен шығармын.
-Ал онда штыраф төлейсіз.
-Онсызда сергек комераға төлеп жүрген ақшамыз аз емес. Мен осы төлейтін шытырафтың орнына сенің және әкеңнің атынан ел мен жердің амандығы, үшін бір құрбан шалайын.
-Ол маған неге керек?
-Сен осы елдің азаматысың, бізге терістіктегі көршіміз қайта-қайта көз алайтып, ақ жағалы жігіттері бізге тас лақтырып сынауда. Сол үшін елміз ішкі-сыртқы жаудан аман болсын деп шалайын, соған не дейсіз.
-Одан да ол ақшаны бере салмайсың ба, маған.
-Саған беруге болмайды, ол пара болады. Күна жазылады.
-Онда мемлекетке төле.
-Мемлекетке онсызда сергектен, наолг, ақылы жолдың ақшасын тағы басқа төлеудеміз.
Анау үнсіз қалды. Қанат жетім балалар үйіне келіп жаңғағы сақшының атынан дау көк қойды құрбан шалды. Ел-жердің амандығын, ішкі-сыртқы жаулардан сақта деп тілек тіледі, пайда болған сауапты сақшы мен әкесінің атынан бағыштады, қойдың етін сол жетім балалардың ас суына қалдырды.
Сол күн жол сақшысы түсінде әкесін көрді…
