ШАҒЫР ҚАРА (Әңгіме)
Бейбіт БӨЖЕН,
1982 жылы Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Жаңабет ауылында туған. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі (неміс тілі) мамандығы бо-йынша бітірген. Аудандық, облыстық, республикалық жыр мүшәйралары мен айтыстардың жүлдегері. ҚР Журналистер одағы, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі.
Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде, «Ирбис» телеарнасында журналист, «Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газетінің Павлодардағы меншікті тілшісі болып еңбек еткен. Қазір «ҚазТрансОйл» АҚ Павлодар мұнай құбыры басқармасының жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар жөніндегі жетекші маманы болып қызмет етеді.
***
Сары сүйекті қыздыратын сәуірдің сәулесі. Наурыздың соңында қыс пен жаз алмасқан өтпелі кезеңдегі бесқонақ та жайлы өтті, жылдағыдай боран соқса да шатырсыз шатаған үйлерден құралған ауылдың қойын-қонышына кіріп ұйытқытып түтеген жоқ. «Мал ығып кетіпті», «боранда адасып қалыпты» деген сөз де естілмейді. Түгінің түбінде сүті бар Үшсайдың алабындағы оппы қардың беті қызуы тақиядан өтіп төбені күйдіретін күннің сәулесінен кіреукеленіп ерте еріп, жер бетінде жабағының шашасынан келетін тоң ғана қалған. Ақсирақ жұттан аман қырықтай үйден құралған мүйістегі ауыл адамдары да қотанда көтерем мал көтеріспегендеріне қуанысып, тоқты-торымдарын күнге шығарып арқасына жылу тигізіп, тай-сәуріктерін пішіп, күзеп әлек. Алаңқайға шыққан бұзаулар да құйрықтарын аспанға тік шаншып, әр қарадан үркіп мысықтай ыршып шапқылайды. Тебіндегі биелер де тыныш, алды желін сала бастаған.
Мұқаның үйі ауылдағыорта шаруалардың бірі. Қарт шешесі, әйелі, баласы мен келіні, одан кейін алты немересі бар. Қара шаңырақта қара қазандары ошақтан түспей, пештен шоқ, жүздерінен қызарған шырай кеткен емес. Өзі өмірінде шөже өргізер жұмыртқасын шыр-пыр болып қорыған мекиендей бауырына дүние басып көрмеген, Құдайдың бергеніне тәубе деп қанағат қылады. Асып-төгілуден аулақ. Ал өзін де, шешесін де атымен атайтын,інісіндей боп кеткен баласы Тұрсынжан әсіре малсақ. Ес білгелі бірде бар, бірде жоқ қоңырқай тірліктен қажығандай. Қашан көрсең де құрыққа сырық, арқанға үзік жалғап ж.реді. бала-шағаның қамы деп қамданып, болдырған аттай болбырап көрген емес. Қойларымен бірге өріп, сиырларымен бірге күйіс қайырады. Жылқыларының тұяғын төртке көбейтемін деп бәйек болады да жүреді.
– Өлетін тауық құсамай ұстасаңшы дұрыстап, – деп зекіп қойды тұңғышы Саржанға. – Мұқаға тартқан ынжық неме,– деді сосын зілденіп Тұрсынжан. Төбесіне қарын шаштан қалдырылған тұлымшағының ұшына күміс тиын түйілген сары ұл әкесіне ожырайып қарады. Саржан қолын сілтеп жүре берейін десе әкесі ұзын сирақ құла жабағыға жүген салып бермейтінін ұғып отыр. Биік жабағыға деген құмарлығы сондай әкесінің айтқанын екі етпейді. Оны Тұрсынжан да түсінеді, түсінеді де қолға тигенде әлеуеті жоғары екенін танытып мейірі қанғанша шалдың баласын бір сыбап алмаққа бекінгендей. Араша түсер атасы да үйде. Айналада бөтен құлақ жоқ.
Саржан да атасы мен әжесінің маңдайына маса қондырмайтын бірбеткей сары тентегі. Үйдегі сорпаның сарысы да, құрттың ағы да осының аузында, бес бауырының бүйірі шықпаса да мұның есебі түгел. Тұңғыш немерелері болғандықтан ба атасы да, әжесі де қырқынан шыққаннан бастап өз орталарына жатқызып алып,бетін қақпақ түгілі, көлеңкеге отырғызған емес. Қасына отырғызбас бұрын шапанының етегін астына төсейді. Тіпті алпысты алқымдағанбалажан Қалимаш әжесі тойға барса да, қойға барса да үшінші оқитын оны арқасынан түсірмейтін. Ол Мүнзилә енесінен көрген ғұрпы. Енесі дүниеде төрт құрсақ көтеріп, соның біреуі Мұқа ғана жер бетінде қалған. Қалғандарын қара топыраққа көмген. Ал Мұқадан көрген Тұрсынжанды «шолақ шалымның жалғыз білтесі» деп бауырына басып алған. Еңбегі қатпаған немересі тәй-тәй басқанда да далаға шығармаған. Далаға шығарса арқасына мінгізіп алады. «Ауылдың қатындары Тұрсынжанның жер үстінде апыл-ғұпыл басқанын көрсе көздері тиеді» деп мектепке де арқалап апаратын, мектептен де арқалап әкелетін. Сондықтан болар өз әкесін аға көріп өсті, боқтампаз, ашуына тисе бетің бар деп қарамай сыбап та жібереді. Мұндайда бірінші әжесі марқаятын. Ерке мінезіне Мұқа да, Қалимаш та қалыпты әдет деп қарайтын.
– Бала әбден бізге тасбауыр болып бара жатыр, – деп ренжитін Қалимаш кейде. Мұндайда Мүнзилә мырс етіп, келінінің екінші бала көтере алмай жүргенін қаперіне де алмайтын.
– Тұрсынжанда шаруаларың болмасын! Бала керек болса өздерің туып алыңдар, – дейтін ернін сылп еткізіп.
Енді, міне, олар да өз немерелерін өбектеп жүргендерін көр.
Қалимаш тойға киетін үш көйлегінің үшеуіне де қос ұры қалта тігіп алған. Қонаққа барса болды табаққа тартылған жіліктің асығын ойып алады да ұры қалтасына сүңгітіп жібереді. Одан кейін міндетті түрде екі кәмпит алып екінші ұры қалтаға салады. Бұл әдетіне ауылдың әйелдері де үйреніп алған. Қонаққа шақырғанда асықты жілік салынған табақты Қалимаш отырған дастарханға тартады.
– Қалимаш, ет турасаң ғана асықты аласың, – деп қалжыңдайтын олар әдетін білетін ауылдасына шарт қойып. Оған қысылатын Қалимаш жоқ, ұзын етегін бүріп әкеліп екі қара санның ортасына жинап қысады да жүресінен отырып, пышақты кесенің түбіне жанып-жанып жіберіп пысылдап ет турауға кірісіп кетеді. Ал бөтен ауылға барса алдымен асықты алуға қысылып, ет желініп болғанын күтетін. Бұл маңайдағы ауылдарда әйелдер арасында қойдың кәрі жілігін бұрап сындыратын сайыс өтіп тұрады. Етжеңді, ашуланса ағайын қайныларын алып жығатын Қалимаштың қолы қарулы, тиген кәрі жілік сынбай қайтпайтын.
Мұқада жылқықұмар немересінің көңілін қалдырып көрген емес. Өткенде Тұрсынжан базардан жүген өремін деп сары қайыс сатып алып келгенде бір қамшының өріміне жететін тілім түгілі, бүлдіргі қылатындай таспа да бермей қараулығы ұстаған. Тартып алмақ болғанда «Апа, мынау тағы тықсырып бара жатыр» деп өз әкесінен қашып сексеннен асып кеткен Мүнзиләәжесінің арқасына тығылған еркелеп. Отыздың бесеуіне аяқ артқанын ойға да алмаған. Шолжаңдығына мейірімі кеңіген кейуана «кет әрі» деп өз баласы Мұқаны таяғымен иықтан бір тартқан. Әп-сәтте кең маңдайы тырысып ашуланып шыға келген. Адам қартайғанда бір бала екеніне екі келін рахаттана күлген сонда.
Тұрсынжан десе жаны бөлек әжесінің дастархан үстіндегі тәттілерді үйдегілерден тығып алып, біреуі жеп қоймасын деп киер етігіне тығып қоятын әдеті де бар. Қайысқа бола қасарысып, әбден ашуланған Мұқаболса айызы қанғанша сыбап, беліндегі қайыс белбеуін шешіп алып, қылпылдаған бәкісімен алты таспа тіліп Саржанға қамшы өріп берген еді.
– Дұрыстап тарт деймін саған, атаңның аузын, – деп Тұрсынжан ұрмақ болғандай қырықтық ұстаған қолын көтеріп тағы да Саржанға кіжінді. «Беларусь» тракторының жарамай қалған «кәмірінен» қырықтықпен көмекші қазанның қақпағының көлеміндей резеңке кесіп жатқанын үйдің шатырының көлеңкесінде ащы насыбайға еліткен Мұқа анық байқап отыр еді. Атаңның аузын деген сөздің ұшығы өзіне тиіп жатса да оған ренжімеді, тек немересін тықсырып жатқанына шыдай алмады. Әкесінің топ ете қалғанына таң. Үйде секілді еді.
– Немене-ей, ай мен күннің аманында суырдың айғыры құсап ақырып-шақырып жатсың. Қит етсе күркетауықтың әтешіндей танауың делдиіп шыға келеді екен осы. Әкел бері, – деп жетіп келді де мұрнының үстіне тер тұрып мықшыңдаған немересінің қолындағы резеңкені өзі ұстап тарта бастады. Бала күнінен қыли боп қалған оң көзі солға, сол көзі тура қарап қалыпты.
– Тәк, бесеу кесу керек, – деді Тұрсынжан қырықтықтың ұшымен төбесін қасып өз ойымен алысып.
– Не істегелі жатсың өзі? Айтсаңшы бірінші, – деді Мұқабаласына қарап.
– Ана шағыр қара айғырыңның биыл басын кесіп тастаймын, – деді әңгіменің ауанын басқа арнаға бұрып ол.
– Сандалма, не қылыпты соншама? Атаңның жылқысынан қалған тұқым ол. Оның қылында да қасиет бар.
– Иоппашамайт, надаел деймін уже жаман шағырың. Өзінің үйіріндегі жиырма биесі жетпегендей күрең байталға шауып, шығарып жіберіпті.
Бұл сөзге Мұқаезу тартты, бірақ риза болған күлкісін көрсетпеді. Саржан түк түсінбей ортада тұр.
– Жаман шағыр дейсің бе? Сен не білесің бірақ. Бұл Қыстаубай әкемнің шағыр қара биесінің тұқымы. Күнге қарап көзі қарығып шаба алмайды демесең, шағырға жын-шайтан жоламайды дейтін үлкендер. Есесіне түнде бәрін үкідей көреді.
– Мәстегіңнің мақтауын асыра бересің осы, – деп ұнатпады Тұрсынжан.
– Тантыма деймін олай, тантыма, әкеңнің ауызын! Айғыр болған соң, айғырлығын жасайды да. Барыңды сатып, пұлына алған дәумен жирен айғырың қайда қараған сонда? – деді сөзбен тықсыра түсіп, өзі қорғанысқа ойысып.
– Сол бишараңды сиыр бағуға салмасаң, айғыр боп жарытпас. Нағыз кірпішке балшық бастыртатын ұзын сирақ. Қыстан бері бір пысқырғанын көрсемші. Осқырынса осырады, айғыр боп жалы күдірейіп арқырамаған соң оның не керегі бар? Піштіртіп таста, әкесінің аузын, ондай жылқыдан тұқым алғанша, – деген Мұқа үндемей қалды. Одан кейін қайтадан судырта жөнелді.
– Әкесінің ауызын, сиыр құсап жуынды ішкен айғырды о заманда, бұ заман, бірінші рет көруім. Біздің қара айғыр сиыр су ішкен шелекке ернін де тигізбейді ғой,– деді ұлының намысына тағы тиіп.
Мұқаның айтып отырғаны былтыр күзде Тұрсынжанның Ресеймен шекаралас жатқан Шұбар елінен сатып әкелген жирен айғыр. Орыстың рысагы ма, сығанның жуан жілігі ме, түсініп болмайсың. Биіктігі сондай, Тұрсынжан аттанар жағына екі үзеңгі тағып, саты қойғандай етіп мінетін. Түсер кезде қамшылар жағынан секіретін. Жирен айғырмен бірге алты байтал мен бір жабағы да әкелген. Сол үшін Үшсай шабындығында қыс бойы тебіндеп, көктемде төл өргізіп, жаз бойы шөпке семіретін қазақы жылқылардан құралған қара айғырдың үйіріндегі бойдақ жабағы-тайлардың бәрін сатып жіберген. Мұқаның «барыңды сатып» деп меңзегені сол еді. Сондағы мақсаты – қан жаңарту. Баласының бұл ісін ол құптамаған.
–Ондай ұзын сирақтың талайын көргенмін. Жегенінің дәмі етінен татымайтын, теңкиіп, жонына жылға салып тұрғанын қайтейін, сойып жіберсең ақтарылған кірпіш қазысы бидай жарып берген малдікіндей аппақ.Бір тілімін жесең жүрегің кілт ете қалады. Одан да қара айғырымның үйірі жақсы. Итиіп тұрған биелердің біріне құлын ермей қалған емес, – деп өзі мезі болған Тұрсынжанды тағы түртпектеді.
– Қойшы деймін сол тапалыңды өзеурей бермей, – деп шорт кестіТұрсынжан.
– Онда а қылып қойға мінуден басқаға жарамайтын жирен айғырыңды мәпелей бер, күйек кигізген қошқар құрлы жоқ, сорлы, әкеңнің ауызын.
Мұқа қозылар сәуірдің соңына қарай өру үшін жаз бойы қошқардың күпегін көлегейлеу мақсатында бауырына белінен орап кигіз күйек байлап жіберетінін, тек тамыз соңы туғанда ғана күйегін ағытатынын айтпақ болған. Кейбір еркек нәпсісі көзін қызартқан қу қошқарлар жерге жорғалап беліне орап байлаған күйекқапты ысырып тастап, «қылмыс» жасап қойып, қыстың ішінде арамза қозылар туып, өкпелеріне суық тиіп оңала алмай жататын. Ал сығандар жылқы пішкенде ұзын білік темірдің басын отқа қып-қызыл болғанша қыздырып, айғырдың қос тасынан шығатын түтік тамырға пісіп алып күйдіріп тастайды екен. Осыны меңземек болған еді, оған Тұрсынжанқұрған тұзағына түспеді.
–Тәк, енді ортасын тесу керек, – деді резеңкені әрі-бері аударып.
– Не істемекшісің өзі, айтсаңшы тез? Мысықтың боғындай жасырып, әкенің ауызын,– деп тағы сұрады Мұқа.
– Қара айғырыңнан қорғану үшін тірлік жасап жатырмын да, иопашамайт, қасиетін ұрайын.
– Е, бәтшағар-ай, қара айғырдың қасиетінің арқасында қазір арқа-жарқа боп отырмыз. Сен не білесің? – деп кейігендей болды тағы.
– Мына резеңкелеріңді байталдарыңның құйрығына тағып, қара айғырдан қашып кетуден емешегін қалқалаймын десеңші. Солай ма? – деп жымиып күлді МұқаТұрсынжанның «тірлігін» түсініп, райынан тез қайтып.
Ол қанша ашуланса да ұлының тілегін орындамай қойған емес. Бірақ сыртына сыр алдырмайды. Әкесі Қыстаубай да, өзі де, Тұрсынжан да атадан жалғыз. Бақытына қарай осы ұлдан көрген алты алтын асығы бар. Сол себепті алғашқы немересі Саржан мен келіні Әдемінің аяғын жерге тигізбейді, бетіне жел үрлетпейді. Тек соларға атап қойған төлдер сатылған тайлардың ішінде кеткеніне ренжіген.
– Иә.
– Оған біздің қара айғыр көнсе. Көр де тұр, мына байталдарыңды үйіріне де алмайды әлі, – деген ол қолын бір сілтеді де Саржанға кеттік дегендей ишара жасап қора жаққа аяңдап бет алды.
Көзін малмен ашқан Мұқаның есіне жылқы баққан жылдары төл алу науқанын реттеу үшін сақа айғырлардың бауырына беймезгіл биеге шапқан кезде кедергі келтіріп, мезгілсіз қашудан сақтау үшін емел деген құрылғы тағатындары түсті. Бірақ Тұрсынжанға қара айғырды қара қаптал қылып обалына қалар деп тағы тіс жарған жоқ.
Қораға кірді де бос жүрген құла жабағының бұзаудың сүтін ішіп тұрғанын көріп, үйреншікті «әкеңнің ауызын» айтып түкірінді. Қысқа түкті семіз жабағыға жүген салып сыртқа алып шыққанда шаңқай түсте шақырайып түскен күнге шағылысқан құйрық-жалы ажарын аша түскендей болды. Шоқтығына қолы әрең жететін Саржан қарғып міне алмаған соң, атасы аяғынан демеп жіберді. Аяғының ұшы қолтығына жетпеген немересі тақымын қатты қысып, кенедей жабысып алған. Қос бүйірден тебініп қалды. Сүтке тойған жабағы мыңқ ететін емес, ыңыранып әрең қозғалды. Алты өрімбелбеу қамшысымен жамбасқа салып жібергенде ғана тиген жерін қуырды ма, құла жабағы жүруді міндетсінгендей енжар желе жөнелді. Бұтынан бұзау өтетіндей талтаңдап басқан ірілігін байқап тұрған Тұрсынжан: «Пәлі деген, міне жануар. Келер жылы пошымың қара айғырдың екеуіндей болар, қуырдаққа қарық қыларсыңдар мені», – деді әкесіне естірте анадайдан айғайлап. Оның көз алдына Үшсай жазығының әр жерінде қадалғаншомбал тастай дөңкейіп, тебіндеп жүрген теңкиген жирендер келді.
– Қырта бер, күніне екі мәрте жем жеп, бір мәрте сиырдың көк сүтін ішсе де мөңкімейтін мынау қазаныңды қарық қылса мұрнымды кесіп берейін. Турап болғанша табағыңда қарайып жатар, – деді Мұқабір көзі Саржанға, бір көзі Тұрсынжанға ақиып менсінбей.
Тұрсынжан мыңқ етпеді, биылғы жасаған саудасына марқайып жүргендей, күрек тісін ақситып қарқылдап күлді де қойды.
***
– Әй, келсаптар, қайсың бидай қуырып жатқан? – деп Мүнзилә әжей есіктен белін жаза алмай қиқалаңдап енді де қазан жаққа қарады. Басына салған орамалы бір жағына қарай қисайып, құлағындағы көгілдірмен көмкерілген күрделі құрылымды сырғасы тербеліп тұр. Самайындағы буырыл шашы өткен кермек күндерден елес береді.
– Бастарыңа көрінгір, қайдағы-жоқты бастап жүреді екенсіңдер осы, – деп жекіді сары тіс бәйбіше кенже келіні Әдемінің табаға бидай қуырып тұрғанын көріп. Бет-жүзі қара қошқылданып түтігіп кеткен. Әдемі де бидаймен бірге шытырлап қуырылғандай бір уыс күйге енді. Тетелес ұлдарының аузына талқан жасап татырмақ ойы үшін жазықты болғанын түсінбей қалды.
– Неге айтпайсың мынаған?– деді сосын үлкен келіні Қалимашқа бұрылып,айыбын жуып-шайып. Қарғыс айтып қойғанына қиналғанын сездірмеді.
Мүнзилә Тұрсынжанды бұрын шешесі Қалимаштан өлердей қызғанса, енді келіні Әдеміден қызғанады. Тіпті үйленген жылдары келіннің жанына да жатқызбай қойған. Апасын алдаусыратып ұйықтап қалғанша бауырында қисайып жататын Тұрсынжан көзі ілінді-ау деген кезде әйелінің құшағына кетіп қалатын. Түнде дәретке шыққан Мүнзилә Тұрсынжанды қасынан таба алмай «қатынжанды» деп күңкілдеп жүріп жатын бөлмелеріне рұқсатсыз кіріп қарап шығатын. Көрпесі ашылып қалса келінін оятып: «Байыңның көрпесін қымтасаңшы жамбасың көгергенше жата бермей» деп ұрсып кетуші еді. Әдемі көргенді жердің қызы, әжесінің сөзіне ашуланбай мырс етіп күлетін де қоятын.
Мүнзиләнің доңайбат қылығын екі әлі әйел дым түсінер емес. Ұйықтағандай боп көзін қысып радио тыңдап қисайып жатқан Мұқа шырт-шырт еткен дыбысты естіп, мұрынына иіс келгенде көз алдынан өткен күндері сұлбаланып өте шыққан. Шешесі айғайлап кіргенде бөстегінен басын жұлып алды.
– Сабыр, сабыр, апа. Білмеген ғой ол, – деді шешесіне қарап келініне жаны ашып. Өз қатыны, жазықсыз Қалимашқа жұдырығын «сен кінәлісің» дегендей түйіп қойған. Екі келін әлі де түк түсінер емес.
– Балалар сұраған соң, бидай қуырып бере салайын деп едім, – деп Әдемі ақталып әңгімесін бастап келе жатыр еді әншейінде мүкістеніп отыратын Мүнзилә жасаураған жанарын тік қадады. Бәрін үлкен енесінің қарасынан аңдайтын Әдемі сөзін доғара қойды. Іші алақұйын екенін бірден сезді.
***
Ол кезде олар Ертістің арғы бетіндегі Салпаң көлдің жағасындағы Байғараның мүйісіндегі қырық үйлі қыстауда үш жыл бұрын орнаған «Ленин жив» колхозынды отырған. Бір-бірінен тайдың қолтығы тершитіндей Шерубай, Дербісәлі, Үшсай, Мәрдәбрарсекілді қыстауларда ата-ата боп отыратын ауылдардың басы 1928 жылы біріктіріліп, шаруаның малы ортаға салынған. Байлар кәмпескелене бастаған. Түнгі жанған оттары сығырайып, бірінің иті шуласа құдайы қонақ келе жатқанын біліп қазандарын қамдай беретін көрші ауылдардың бәйбішелері мен тойда отырып ішкен қымыздың қай үйде бапталғанын танитын ақсақалдары алғашқыда бұл қосылуды құптамады. Бірақ заман ағымы өзгермейтінін білген соң ағын айырып отырған малдарын әкеліп берді. Колхоз ортасына үлкен қамбасы бар үй орнады да төбесіне қызыл жалау қадалды. Оның жалғыз патша-құдайы көрші қоныс Қараобадан төраға етіп жіберілген Мұқантай. Колхоздағылар бұның сіңірлі жіліктің басын мүжігеннен басқа өз амалын тауып тойып тамақ ішіп көрмеген байғұс екенін жақсы білетін. Сиырдың тіліндей «председатель» деген куәлік тиген күннен бастап мырзасынып кісі танымайтын болып алды. Ит сүйек жұтар алдында шығар жерімен өлшеп алады деуші еді, бұда ол да жоқ. Ешкінің құйрығы аспанға, түйенің құйрығы жерге жетемін деп әуре болады дегенді де қаперге алмайды. Шал-шауқан, бала-шаға деп қарамайды, басың бар, көзің бар деп те жатпайды, қит етсе болды «контра» деп қамшысын иіріп шыға келеді. Қарсы тұрғандарды куәлігімен қорқытады. Әсіресе, исламият ғұрпын ұстанғандарға бүйедей тиеді. Қыстаубай жас күнінде қажылық парызын өтеген, Мұқантай келгелі, колхозға кіргелі бұ да намазын ұраға түсіп жасырынып оқитынды шығарды. Азанды да дауыстамай ішінен шақырады. Жастай алған Мүнзиләсі жайнамазына бау қадам, алдына теріс аударып алжапқыш етіп байлап алатын. Мұны біліп қойса Мұқантай сол бетте «контрасың» деп айдап жіберуге тайынбайтынын жақсы білуші еді. Осыдан қорыққан Қыстаубай бір түні қорасының сыртынан шұңқыр қазды да, үйдегі құран-кәрім кітаптарын, тасбиығын орап көміп тастады, үстіне сары қи үйіп қойды.
Колхоз құрылған жылы дүниеге келген ұлына Мұхамедкәрім деп ат қойған. Ел аяғы басылғанда қос құлағына «Сенің атың Мұхамедкәрім» деп қайталап дұға оқыған.
– Мүнзилә, тіліңе берік бол. Енді бұл күшікті Мұхамедкәрім деп атаушы болма, бұл бүгіннен бастап Мұқа болады, – деді.
– Өз құрсағымнан шыққан ботамның атын атауға да болмай ма?– деген Мүнзилә өмірінде бірінші рет күйеуінің бетінетура қарады.
– Түш, үніңді үйден шығарма. Мұхаммед пайғамбардың атын қойғанымызды білсе мына Мұқантайлар бізді оңдырмайды, шайнамай жұтады. Мен жалғыз итжеккенге айдалып кетсем ештеңе етпес, сенде кетесің соңымнан тентіреп, – деп түсіндіргендей болды.
Сол күні кешкісін үйге Мұқантай келген. Қасында қоқаңдағап мылтық асынған әскери адам бар. Аштықтың беті білініп елді бүріп бара жатқан, бір қабырғаның етін үнемдеп, сүйегімен үш қайнатып сорпасын іше бастаған кез. Шілдеханаға соятын малдың бәрін, тіпті шағыр қара айғырдың үйірін колхозға үлестіріп тастаған Қыстаубай алғашында қиналып қалды да, қам көңіліне бүкіл үйдің көргені осы ғой деген ойды жамау етті. Колхозда сол үйірден жалғыз шағыр қара байтал қалған. Қалғаны қайда кеткені белгісіз.
– Кішкентайларыңның бауы берік болсын! – деп тілек білдірді Мұқантай мұрты тікірейіп. Айналаны көзбен тінтіп жеп барады. Ере келген адам да «мыналар әлі өлмеген бе» дегендей қарайды.
– Рахмет, айтқаның келсін! – деді Қыстаубай әмин деп айтып қала жаздап.
– Ата-бабаң бала туса ақсарбас деп қошқар сойып жатушы еді, сен тынышсың ғой өзі, – деді сосын қақпағы ашық жатқан ошақ қасында тұрған қазанға қарап жалаң-жалаң етіп дәмеленіп. Оның ішіндегі қайнай-қайнай ақ сүйек болған жіліктің басын көрді де тәбеті кейін тартты.
– Ойбай-ау, бар малды ортаға бердік қой. Атадан келе жатқан қара байталдың қарыны жер сызып жүрсе де мініп алыпсың. Балтырымды кесіп алып аспасақ, саған басқа беретін түк те жоқ, – деді Қыстаубай ашуын білдіріп.
– Қой, қой, олай таусылма. Біраз төзе тұрыңдар. Колхозға бергенің үкіметке бергенің. Саған әлі үйірлеп қайтады, – деген Мұқантайбұл үйден түк шықпасына көзі жеткендей. Біраз уақыт үнсіз қалшиып тұрды. «Осы заманда адам бала туа ма?» деп қала жаздады. Бұған дейін Қалимаштың төрт түсік тастағанын біліп жанын жаралап алып жүрермін деп жасқанды ма, жоқ ол сөзі өзіне де таяқ боп тиер деп қорықты ма, беймәлім.
– Балаңның атын кім қойдың?– деді сосын демін ішіне терең тартып. Ол Қыстаубайдың жасырынып намаз оқитынын білетін, тек үстінен түсе алмай жүрген. Сұрақ қойғанда Мүнзиләнің іші жылып сала берді.
– Алламның панасында болсын деп Мұхамедмәнсүр қойдық, – дей жаздады. – Мұқа, – деді сосын жүзін төмен салып келіншек.
–О заманда, бұ заман, қазақта Мұқа деген ат болып па еді? – деді төраға өтірік білмегенсіп.
–Мұқантай сен өзі қызық екенсің. Осы ауылда сенен асқан абыройлы адам бар ма қазір? Айтшы өзің? Қашан көрсек те елдің пайдасы, үкіметтің қамы деп шапқылайсың да жүресің. Күндіз екі аяқтап, түнде төрт аяқтап жүгіресің. Тоқтатып айран бермесек те, шалап жұтқызғымыз келеді-ақ, қолда болмаған соң амал бар ма? Ол үшін бізді кеш. Сені осы колхоз түгілі көрші колхоздың адамдары да мақтап отырады. Беделің өсті, сені ауданға үлкен қызметке алып кетер ме екен деп қорқыншақтаймыз өзі, – дегенде шолақ ойлайтын ол Қыстаубайдың мақтамен бауыздап отырғанын аңдамады да.
Мұқантай Қыстаубайға бір, Мүнзиләға екі қарады. Қой көзді қоңыр келіншектің көркі әлі де арбайды. Бұл да Қараобанікі, байдың қызы. Әкесі кезінде кісі салып қызын сұрағанда «шалбарының ышқырын кіндігінен асырып көтеріп, балағына бүлдіретін ынжық алдыма ат басындай алтын тартса да қызымды бермеймін» деген кілт сөзі ойға оралды. Қазір қолында қызмет бар. Қисынын келтіріп Мүнзиләні қолыма қалай түсірсем екен деп зымияндыққа салынып жүретін. Қайын атасының Мұқантайға қаратып айтқан сөзі елге тарап, талайдың жүзіне күлкі үйіргенін, Мүнзиләда көңілі бар екенін Қыстаубай да естіген. Самауырдың түбіне саритын кіртиген сары күшіктей сорлының сазайын бір тарттырғысы да келген, бірақ божы ұстаса атты батпаққа батыратын былжыраққа қолын былғағысы келмеген. Елдің сөзін елемей Қараобадағы сұлумен сөз байласқан. Он саусағынан өнер тамған шеберлігін, өзекке тепкеннің өңешінде қолы кететін өршіл өжеттігіне тәнті болған қайын атасы қызын бұрнағы жылы қажы жігіттің қолына тегін қондырған. Мұның бәрі Мұқантайдың миына салмақ салған, жүйкесін кемірген. Мүнзиләнің әкесін өз қолымен шоттап кәмпескелеген, ал Қыстаубайда кеткен есесі бар. Оның жымысқы ойын Қыстаубай бұзды.
– Баламыз өзің секілді үлкен азамат болсын деп атын Мұқа қойдық, өзіңе тартсын, – деген сөзін күмілжіп амалсыздан әрең айтқанда Мұқантайдың көзінің алды тұманданып шыға келді. Өмірінде мұндай құрмет көрмеген оның іші жылып, ыржалақтап, ашқұрсақ келгенін ұмытып та кетті.
– Әмин, Әмин! – деп орнынан атып тұрды. – Сүйіншің менен, болады сүйіншің, қазір болады, – деп мекірейе күлді де шығып кетті.
Оның әмин дегенін де, айтқан сөзін де төбесі тесік әскери киімді жақсы түсінген. Кеттік дегендей ымдағандаМұқантайдың соңынан үндемей ілесіп бірге шыққан.
Көп кешікпей Мұқантай Қыстаубайдың үйіне марқаның бұзылмаған бір сан етін әкеліп берді де, сорпасының иісін шығармай бықсыққа шала пісіріп жеңдер деп тапсырды. Қыстаубай алмайын деп еді, бірақ қалжыраған Мүнзиләға қауқар болар қызыл керек. Қалжаға сояр тышқақ лақ та жоқ. Амалсыз алып, рахмет айтты.
– Әй, Қыстаубай! Шағыр қара байталды қораңа уақытша байлап қойдым. Тері сенікі, еңбегі колхоздікі. Ол енді сенің емес колхоздың ортақ малы білесің, қойға мінесің. Бірақ байқа, саулықтарды сауамын деп басың бәлеге қалмасын. Әр емшегінде қанша грамм сүт бары маған мәлім. Әр қадамыңды дүрбімен қараймын, – деді Мұқантайжауапты істі тапсырып жатып жымыңдап.
***
1933 жыл. Арада бес жыл өткен. Осы кезең ішінде қаншама көр қазылып жыра болып санаусыз көзден моншақтап аққан қыруар жастан көл орнайтын уақыт болды. Колхозды ауылдың аштан қырылған адамдарын алғашында жеке-жеке жерлеуші еді, кейінгі уақытта бәрін жалғыз құдыққа лақтыра беретін болған. Лақаттап қабір қазып, кебін пішіп арулап отыратын хал жоқ. Сібкрайға қашқандардан да хабар естілмейді. Қыстаубай колхоздың қойын бағады, қоймасын күзетеді, өгіз соқамен жер жыртып, күзде егін жинауға шығады деген аты ғана, аяғына сүрініп әрең жүр. Терімен қаптап қойған тулақ секілді. Көп міністен биеге шыққан шағыр қара байталда үш жыл қатарынан құлын тастады. Өлі туған төлді талғажау еткен күндері Қыстаубайдың үй-іші тойға барып тойып қайтқандай болатын. Мүнзилә да сол, екі беті қуарып, жүзінен әр тайған. Колхоздың сиырын сауатын оның жас күніндегі сұлулықтан тек қой көздері ғана хабар береді. Ал Мұқа болса бес жасқа кірген, анасының қасында бұзау тартысады, күн жылынғанда әкесіне еріп егінжайға барады. Екеуінің жұмысы колхоз егінін суыр, саршұнақтан қорғау. Күні бойы ін аңдып, су құйып, мақұлықтардың көзін жою. Ұстағандарының терісін сылып алады да колхоз қоймасына тапсырады, кейбірінің өлексесін Қыстаубай егіннен әрірек жерге лақтырып жібереді. Онысы қаңғып жүрген аштардың тым құрығанда біреуі тауып алып талғажау қылар деген жанашырлығы болатын. Тышқан аулап кеткеніне намыстанса да, жарқырап әлі күніміз туар деп үміттенді. Қыстаубайдың тағы да бір игі ісі – аштан өліп шашылған мәйіттерді жинап, шағыр байталдың сықырлақ арбасына тиеп, құдыққа әкеліп тастау болатын. Ең қиын да, меһнатты жұмыс осы еді. Жансыз денелерді өлген қойдай лақтырған сайын жаны түршігетін. Түршігетін де іштей егілетін. Әрбірін оң жаққа салып, күзетін атқарып, жаназасын шығарып, қабірін қазып жүруге шамасы жетпейді, көмектесуге аш жұрт құлықсыз. Тым құрығанда аң-құстың тұмсығынан қорғағанын қанағат етеді. Ал Мұқантай мұндай босып жүрген ақтабан аштарды егін түгілі колхозға жолатпайды. Көкірегі көк темір болып қатып кеткен.
Қыркүйектің ортасы ауған шақ. Жайқалып өскен бидай да сарғайып пісіп, масақтарының басы да иіліп тоқшылықтың бегісіндей көрінді. Мұқа егінжайларды аралап жүрген еді, анадай жерде теңкиген суырдың жатқанын көрді. Інінен алыс кетіп көзін балаларынан бұрып алдаусыратқаны ма, жоқ шынымен адасып қалғаны ма, оған Мұқа бас қатырған жоқ. Әбден семірген суыр оған бетпе бет қарап шоңқиып отыр. Асық атып қолы шыққан Мұқа көп ойланған жоқ, қалтасындағы тасын еппен алып атып жібергенде суырдың тұмсығына дәл тиді. Мұрнынан қан кеткен суыр тұрам деп әрекеттенгенше жетіп барды да ербеңдеткен шағын шоқпарымен құлақ шекеден бір ұрды. Сол жерде таяқтап өлтірді де өзіне жау құлатқандай риза болды. Құйрығынан көтерген уақытта аузынан бір бірлеп түскен бидайдың дәндерін көріп мәз боп кетті. Ұртын ашып жіберсе толған сап-сары дәндер. Жалма-жан топыраққа түскен дәннің бірін қоймай теріп алды, одан кейін суырдың ұртына қолын салды. Кенептен тігілген жейдесінің етегіне екі уыс дәнді түйіп алды да, әкесі құсап суырды егінжайдан әрірек жерге апарып тастай салды. Одан кейін жан-жағына қарайлап, «Е, Құдайым кешіре гөр» деп бет сипады. Тура әкесі Қыстаубай секілді. Сол күні ол үйге олжалы оралды.
Баласы әкелген қос уыс бидайды көргенде әкесі де, Мүнзилә да шошып қалған. Кейін мән-жайды білгеннен кейін Мұқаға разылық танытып, табаға қуырды. Қуырылған бидайдың иісі шағын үйдің ішін алып кетті. Күні бойы аш жүрген бала Мұқаның иістен басы айналып бара жатыр. Мүнзилә домбығып қуырылған бірнеше түйір бидайды алды да баласына берді.
– Балам, асықпай шайна да сор, бойыңа қуаты тарасын, – деді басқа айтарға ақыл таппай. Бұл оның баласы асқа алдансын дегені еді. Одан кейін бір ас қасық бидайды шүберекке орады.
– Балам, ақылың бар ғой, мынаны Кәрміш апайға апарып бер. Бишаралардың сүйенер ерлері де жоқ. Қашан көрсең де қолдарын жайып жүреді. Өткенде осы үйден қамыттың қайыс құлақ бауын да сұрап кетті. Амал не, өлмеудің амалы деп аяғымызды отқа жағамыз ба? Басқа берерім жоқ, баласы екеуіне сеп болсын, – деді Мүнзилә орамды ұсынып жатып дауысын Қыстаубайға естірте.
Сол түні қуырылған бидайды қол диірменге тартып үкті де май араластырмақ еді, оған ондай байлық қайда. Қазан түбінде шытырлақ май түгілі шыжық та жоқ. Үгіндіге көк сүттенөлшеп құйып иледі де алақанына салып сығып құрт жасағандай болды. Одан кейін табаға салып оны да қызарғанша қуырды. Үшеуі үш түйірін алып таңдайларына басқанда аштықтан құтылғандай күй кешті. Білте шамды күндегіден ерте өшіріп, жатып қалған.
Суырдың ұртынан бидай жинауды Мұқа да, Қыстаубай да кәсіп қылып алған. Соңғы кезде қастарына Кәрміштің Мұқамен тетелес баласын ерте шығады. Бидай мен тарының масақтарын қайта қағып, түскен дәнекті санап жинап, көңіл орнығып көз алданар қор да жинады. Оны ат қамыттың шұжығындағы қамысты алып тастады да соның орнына салып қойды. Бір бөлігін төсегінің астына көмді.
Күз өтті, қыс келді. Қақаған боран, ұйытқыған үттің бораны. Үскірігі танауыңды тесіп өтеді. Қоңырсалқын үйдің ішінде баяғы үшеу. Түн ішінде есік қағылды.
–Қыстаубай есік аш, Қыстаубай, – деймін деген дауыс шықты. Есікті ашса ит көрген ешкідей көзі алайып Мұқантай тұр. Әй-шай деуге қарамай үйге кіріп келді. Дауыстан Мүнзилә да, Мұқа да оянып алған.
–Астық салығының есебі жетпей жатыр, – деді кірген бойда жан-жағына алақтап.
– Тез табу керек. Таппасам мына бас кетеді, Қыстаубай, – деді сосын желкесін қасып, айналасын иіскелеп.
– Бидайды қайдан алдыңдар?
– Қайдағы бидай, күнделікті өзің беретін бір аяқ көк сүтпен жан бағып отырған жоқпыз ба, – деді Қыстаубай түк білмегенсіп.
– Мені ақымақ санап тұрсыңдар ма? Қуырылған бидайдың иісі шығып тұр ғой.
– Қой, қайдағыны айтпа!
– Сезіп тұрмын ғой. Менің танауымның қасында иісшіл иттің кез келгені әдірем қалады, – деген Мұқантай пеш қасында тұрған қазанның қақпағын ашты, әбдірәнің есігін көтерді, ілулі тұрған киімдердің қалталарын ақтарды. Мұқаның көзі болса босағаның қасында тұрған төңкерілген шелекте. Оның астында кесеге салынған үш-төрт түйір талқан бар еді. Киімдерді ақтарып жатқан Мұқантайдың көзі Мүнзиләнің алжапқышына түсті, аударылып қалған киімге матадан қиылған айшық тігіліпті.
– Әй, Қыстаубай, сен «контрасың», – деді қолына алжапқышты алып. «Контра» деген сөздің мағынасын өзі де түсінбейді, әйтеуір миында жатталып қалған жексұрын сөз. Ойлағанын орындайтындай.
– Тығылып намаз оқып жүр екенсің ғой, көресіні көрсетемін. Салыққа бидай таппасаң, шыбын жаныңды итжеккенге айдатамын, – деп ашуланды. Мұқаның қорыққаны сондай жел жіберіп қойғанын сезбей қалды.
– Аш адам жел жібере ме? Мынау тоқтықтың иісі ғой. Қайда жасырғандарыңды білмеймін, бірақ мына үйде тошна астық бар, – деген Мұқантай тағы да танауын төсеп иіскей бастады. Қыстаубай әрі қарай шыдай алмады, жетіп барды да Мұқантайды буындыра жөнелді.
– Итжеккенге айдалсам, сенің жаныңды да ала кетейін, – деп айғайлап долданды. Істің насырға шауып бара жатқанынсезген Мүнзилә араласқаннан кейін ғана ашуын басты. Қып-қызыл болып булыққан Мұқантайтемірдей қолдан босағанына іштей риза, шығып бара жатып төңкерілген шелекті бір тепкенде астында жасырулы тұрған талқан шашылып қалды. Мұны көрген Мұқа шыдай алмай атып тұрды да барып талқандарды жинап алды. Сосын далаға қаша жөнелді. Мұқантай қуа тартқан, артынан Мүнзилә мен Қыстаубай да шыққан.
Қолындағы талқанды қайда тығарын білмейқар үстінде жортқан жалаң аяқ Мұқа үйдің сыртында үйілген сары қиға жүгірді. Соңында ақырып-шақырған Мұқантай. Бала жеткен бойда қарды аршып жіберді де қолын қидың арасына сүңгітіп, қатқан талқандарын жасырмақ болған. Ілесіп келе жатқан қуғыншының тартып алатынын біліп қар араласқан қидың қоқымымен бірге түйір-түйір талқандарын аузына салып шықырлатып шайнай бастады. Қомағайлана асай түсті.
– «Контраның» құйыршығы, – деп жетіп келген бойда Мұқантай бала деп қарамады, асау бұқаны төбеден соғып құлатардай құлаштай бір ұрды. Ойын баласы қарға етпетінен құлап талып қалды. Мұны көрген Мүнзиләнің есі кіресілі-шығасылы, Қыстаубай жеткен бойда Мұқантайды құлақ шекеден бір ұрғанда ол да боран ішінде қарға жалп етті. Тепкілей жөнелді. Бала да есін тез жиғанмен, соққы қатты тиген екен. Оң көзі қылиланып қалыпты.
Бұл кезде ауыл иттері де шәуілдеп, адамдар жиналып қалған.
– Қазыңдар, мына жерді, – деп бұйырды келген адамдарды арқалынып аузындағы қанын түкірген Мұқантай. Қан араласқан түкірігінің арасында қос күрек тісі де бірге кеткен.
Қатарланып қаланған қидың астын тізеге дейін қазған адамдар түк таба алмады. Жердің тоңы да сіресіп қатып қалған екен, аш адамдарда әрі қазуға әл де болмады.
– Қыстаубай, сен сотталасың, табамын саған айыпты, – деп ашуланған Мұқантайдың тілі кетік тісінен сүт жалаған мысықтың тіліндей жылп-жылп етіп. Үсті-басын қағуға мұршасы болмай тайып тұрды.
***
Боран таң бозара бастағанда үдей түскен. Жел терісінен тұр. Ол «колхоздың қойы ығып кетіпті» деген сөзден шошып оянды. Осы қойға жауапты бақташы өзі екенін ол жақсы біледі. Біреуінен айырылса үшеуінің де күні қараң екенін жақсы түсінеді. Аяғына шұлғауын орай салды да саптамасын киді, үстіне ішігін жамылып, басына түлкі тымағын бастарынды. Қорадағы шағыр қара биеге жайдақ міне салып, желдің бағытымен тұра шапты. Сол кеткеннен Қыстаубай екі күн оралған жоқ. Үшінші күн дегенде боранның беті қайтып, анадайдан қой, қойдың соңынан қара бие көрінді. Үстінде Қыстаубай, жалын құшып шалажансар күйде құшақтап алған. Бақытына қарай қойы түгел. Бұған Мұқантай қатты қуанды, Қыстаубай қатып қалса да шаруасы жоқ.
Кісілік атты шыңның кішілік атты биігінде қалған адамдар бар екен, қойшыны аттан көтеріп түсіріп алған ауылдастар оны үйге кіргізіп, пештен алысырақтау отырғызды. Денесін жалаңаштады. Саптамасынтартып шешпек болғанда ауырсынған Қыстаубайдың күйін көріп, кейін шешіп алармыз деп ұйғарды. Ыстық су беріп, артылған дәмдерін аузына тосты. Сүт пісірім уақыттан кейін бәрі өз жөндеріне кеткен, үйде баяғы үшеу қалды. Әл жинаған Қыстаубай саптамасын шешуге ыңғайланған, шеше алмады. Одан кейін қонышын пышақпен кесті де қос аяғын суырып алды. Үсіген бақайларында жан жоқ, домбығып ісіп кеткен. Тырнағы қарая бастапты. Қазір амал қылмаса, бақайлары шіріп мүлдем аяқсыз қалатынын жақсы біледі. Бұрышта қайраулы ағаш жонатын балтасы тұр.
– Мүнзилә, Мұқаны алып далаға шығыңдар, – деп бұйырды әлін жиып. Мүнзилә түк түсінетін емес. Айтқанын орындады да баласын тонға орап далаға шығып кетті. Үй ішінен «ай-й-й» деп Қыстаубай екі рет айғайлады. Ауырсынып айғайлады. Жалма-жан үйге кірген Мүнзилә бетін басып, теріс қарады. Қыстаубай екі аяғының үсіп қалған жансыз бақайларын шауып тастапты.
Шағыр қара биені Мұқантай алып кетті.
***
Күнделікті күйбің тірлік арбаның доңғалағындай бір қалыпты домалап айнала берді, Қыстаубайдың халі нашарлаған үстіне нашарлай бастады. Ыққан қойдың соңынан шыққанда бір тәулік бойы жүріп отырып, колхоз малы Тайқоңырдың тұзына барып тірелгенінің үстінен түскен. Тұзды көл қатса да, жағалауында жалым бар екен. Атынан түсіп қойды айдамақ болған кезде жылым ойылып түсіп кетіп, екі етігіне су толған. Жанталасып жүріп қойларын айдап шыққан, ал сығып киген шұлғауы қата берген, қос аяғын қыса берген, шыбын жанын шырылдата түскен. Жолшыбай адамдары аштықтан қырылып, аман қалғандары босып кеткен Батпақы деген қыстаудың қалған қораларын паналаған, дала тынышталғанда қойын айдап елге оралған. Шындығында қойды ауылға айдап әкелген шағыр қара еді. Соңғы дәрменін жиып мінген сәтте ол тізгіннің ырқына тигенін аңғарып, қойларды тұмсығымен итеріп, қыршып айдап отырып ауылға алып келген. Өз бақайларын өзі шауып «шолақ Қыстаубай» атанған Қыстаубай қара шағырдың колхоз малы мен өз жанын аман алып қалғанына қатты разы болған.Шабылған бақайлардың қанын тоқтатқанмен қос аяғы іріңдей бастаған. Оның емі ретінде табанын тіліп тотияйын басып жүрген. Беті бері қарағанда кеудесіндегі жөтелі күркілге айналып, қан түкіре бастады.
Ақпанның іші, ұлыма ұйығатын уақыт. Жаяу боран болса да Байғарадан қалың бұйра талды Төтебайтал да көрінбейді. Жиектен тал шауып әкелген Мүнзилә үндемей жүріп пеш жақты, пештің үстіне күйе басқан шәйнегін қойды. Бір уақытта ауру меңдеген Қыстаубай шақырғандай болды.
– Мүнзилә, енді бұл ауылда қалсаң, аштан өлесіңдер. Қырықтай үйден сегіз ғана қалды. Олардың да басы түгел емес. Маған үміттенбеңдер, менің сағатым таусылуға жақын. Ақылың бар ғой, Мұқаны ал да Ертістің арғы жағындағы Қарамиекке кет. Осы ауылдың амалын тапқан адамдары сол жақта тері илейтін, ет дайындайтын жерлерде еңбек етеді, тамақтары тоқ екен деп естігем. Сол жаққа бар, жолда Боранбайдағы қыстауға соғыңдар, аялдап қоралардың бірінің ығына түнеп демалыңдар, – деді Қыстаубай уфілеп. Қос қарашығы ұясына тығылып жұмылып барады. –Анау-мынау боп кетсем отымды өшірме, – деді сосын соңғы сөзін әрең айтып.
– Қыстаубай, кетсек бірге кетеміз, кетпесек осы жерде бірге өлеміз, – деді Мүнзилә.
Қыстаубай бәйбішесінің айтқанынан қайтпайтын, тістенсе тізерлеп тұрып алатын қайсар мінезін білетін. Қиналып қуанды.
– Олай болса мені тонға орап алыңдар да, ит шанаға отырғызып сүйрей кетіңдер, – дегенге ғана шамасы келді күрк-күрк жөтеліп.
Таң құлақтана бере Мүнзилә боранның бәсеңдеп, сырғыма жүріп тұрғанына разы болды. Қуыс-қуысқа тыққан азын-аулақ талқанын түйіншекке түйіп алды да, Қыстаубайды тонға орап итшанаға отырғызып, Байғараның дөңінен төмен түсіп жүріп кетті. Биыл Шерубай жазығына да қар жал-жал болып үйіліп қалған екен. Үш күн бойы ұлып соққан алақұйын желдің ызғарынан беті күрсіктеніп қатып қалыпты, үш адамды оңай көтереді. Қаңбақтай боп қу сүйегі қалған Қыстаубай мінген шана да қарға батпайды, сықырлап сырғып отырды. Ашөзек екеуі ит шананы ілбіп сүйреп басып келеді. Бет алыстары Боранбай қыстауы. Жолшыбай Төтебай талға тоқтап дем алды, аздаған азықтарын жеді, таңдайларына қар басып шөлдерін басты. Қыстаубайдың аузына су тамызды, тонын қайта орады. Күйеуінің жөтелуге де шамасы жоқ, тек ыңырсып жата берді. Сол күйі Боранбайға жеткен кезде итшанадағы Қыстаубай «Алла» деп соңғы рет ыңыранды да үнсіз қалды. Өтіп кеткен екен. Мүнзилә бойындағы қуат тек дауыс шығармай жылауға ғана жетті. Мұқада әкеден айырылғанын түсінгендей болған. Екеулеп Қыстаубайды әрең көтеріп үлкен теректің ығына сүйеп жатқызды да, бар білген дұғасын оқыды, қол жайып иман-дидарын жасады. Жер қазып жерлеуге шамалары жоқ. Елге жетсе біреу-міреу көмектесер, шолақ шалымды жер қойнына тапсырармын деп ойлады Мүнзилә. Бұл жерде ұзақ қалуға болмайды, аң-құсқа жем болулары мүмкін. Сол күйі ілбіп басып отырып олар кешқұрым Қарамиекке ілінді.
Ауылдарынан ауып барған ағайын екі қолға бір күрек тауып жұмысқа орналасқан екен. Ағарғандары да, қызарғандары да бар. Арада бір айдай уақыт өткенде өз колхоздарынан қара биені мінген Мұқантай жетті.
– Мүнзилә, – деді ол.
–Ал, – деді Мүнзилә қырып ал дегендей.
– Мені кешіріңдер. Сендер кеткен түні маған да пәле ауды. Есіңде ме, балаң туып жатқанда менімен еріп келген әскери киімдегі жігіт бар еді ғой, сол жансыз екен. Мен туралы бәрін теріп жазып жүрген көрінеді. Қара салықты орындамағаным үшін «колхозға қасақана қиянат жасадың» деп айыптады, одан кейін «молданы жасырдың, оған малын бердің, жауды қорғадың» деп шүйлікті. Тықыр таянғанын білгеннен соң қашуға мәжбүр болдым.
– Маған не қыл дейсің енді? – деген Мүнзилә көзіне тура қарады. Жанарында найзағай ойнап тұр. Тесіп жіберердей.
– Етегімнің астына жасырайын ба, жоқ жұтып қояйын ба? – деді сосын келемеждеп.
– Мен бұл жерде көп аялдамаймын, әрі қарай кетем.
– Әдірем қал маған десе, – деген Мүнзиләнің қой көзі шыныдай шытынады.
– Әрі қарай үндеме. Ештеңе айтпа, білем кінәмді. Ішіңде қандайжылан жатқанын білемін. Кешірім де сұрамаймын, мен кешірімі жоқ пендемін, – деген Мұқан буаз қара биенің шылбырын Мүнзиләнің қолына ұстата салды.
Шыққан көктемде Мүнзилә Мұқаны алып Ертіс мұзына қызыл су жүрмей тұрып өз қара шаңырағына қайтты, Қыстаубайдың үйін қаңыратпаймын деп шешті. Жолшыбай Боранбайға соғып күйеуінің мүрдесін іздеген, таппады. Тек ораған тонының жұлма-жұлма боп жатқанын көрді. Колхозға оралғанда ағайын-тумалары қайта бас құрай бастағанын көріп қуанышпен көрісті. Дөлгейден құрт шабақ сүзіп алып келіп, қазған шұңқырға су толтырып өсіре бастады. Үйінің айналасындағы жерді жыртып, өзімен Қарамиектен алып келген түйнектерін көмді.
– Мына шайтанның жұмыртқасын қайдан алып келдің? Шоқынып кеткеннен саумысың, құрт көзін, – деген ауылдастары азар да безер болды.
– Бұл шайтанның жұмыртқасы емес, картоп. Қарамиектегі қазақтар буылдық дейді, – дегеніне ешкім сенбеді. Тек күзде жұдырықтай-жұдырықтай көкөністі қазып алып, отқа қақтап, қуырып жегенде ғана көңілдері орнына түсті. Тұқымдық та сұрай бастады. Бұл Мүнзиләнің Қарамиектен үйреніп келген аш қалмаудың амалы еді. Одан кейінгі жылдары тракторшылардың оқуын оқып, әйелдердің арасында алғашқылардың бірі болып жер танабына соқа салды. Ес біліп қалған Мұқа болса колхоздың бұзауын бағушы болып орналасты.
Бүйірлері де шыға бастады, шағыр қара бие де үш жыл қатарынан құлындады. Өзінен аумай қалған шағыр қара тайды ұстатқан Мүнзилә Мұқаға: «Енді осы Қыстиаубайдың көзіндей болған жылқы тұқымын құртып алмай қорып бақ», – деп қадап тапсырды.
***
Биыл «Бөрі сырғақтың» беті жаман басталды. Бет қаратпайтын май боран қасекеңдермен жарысып үш күн тоқтамай ұлыды, үш күнбауырдан үскірік жел соқты. Ызғары маңдайын төсеген малдың бас қақпағын қақыратып жіберердей. Одан кейін қар аралас жауын жауды да жердің үстін екі елі мұз басты.
– Көріңе көрінгір, мына күн қайтеді, – деп терезеге телмірген Мұқа Тұрсынжанға аттарды ертетті.
– Қырылса шағыр қара айғырыңның үйірінен шығын шығып, қалғаны ығып кеткен шығар, жирен айғыр бастаған алты байтал ақылды, – деп сөзін күлкіге айналдырмақ болған Тұрсынжан ешкімнен қолдау таппады. Қара айғыр деген сөз құлағына тигенде Мүнзилә әже де тіксініп қалды. Атадан қалған тұқымды келемеждегенге Мұқа да ашуланып қалған. Бұл жолы Мүнзилә араша түспеді.
– Әкеңнің аузын, ертте деген соң ертте. Мына алты балаңның аузын ақтан айырайын деп пе едің, – деген отағасы еңкейіп киіп жатқан етігімен арқадан бір салды. Тұрсынжан кезекті кері сөзіне кейіс қылар деп күтпеген. Әншейінде боқтаса беретін әкесі шындап ашуланса Тұрсынжан жымдай болатын. Айтқанын істеді. Бұған Әдемі де, Қатира да үн қатқан жоқ. Мүнзилә болса баласының ызаланғанын көргенде күйеуі Қыстаубайдың Мұқантайды ұрып жыққаны есіне түсті.
Салт ат мінген екеуге Саржан да құла тайына жалғыз тартпамен жалаң тоқым салып еріп шыққан. Олар Үшсай алқабына келгенде алыстан қарайып жылқы көрінбеді. Жолшыбай арам өлген алты байталдың өлекселері кездесті. Тұрсынжан тілін тістеп келеді, қыңқ етерге қауқары қалмаған. Байталдардың біреуі көктайғақта шабы айырылып құлап өліпті, етпетінен жатыр. Екіншісінің көзі жоқ, үшіншісінің іші жарылған. Қалған екеуі көк мұзда тебіндеймін деп шашалары қиылып, тұяқтары жарылып құлаған. Бәрінің жал-құйрықтары қолмен күзелгендей тақыр. Алтыншы күрең байталдың құйрығынан құлыныжартылай ғана шыққан күйде қатып қалған. Мұқаның көзіне аштық жылдары оралды.
Жалпақ жұртқа тілін сорғызып, сілекейін жұтқызған нәубет «Ленин жив» колхозының жұртын аямады. Қоңыр күз еді. Шағыр қара биені шиқылдақ арбаға жегіп келе жатқан әкесін көрген бойда тұра жүгірген. Әкесі үнсіз, қалың ойға қамалған. Мұндайда мазаламайтын ол арбаға ытқып секіріп мініп алды. Арбаның үстіне тон жабылыпты. Астында жүк бар секілді. «Әкем аштардан алдымнан алақан жайып сұрап шығар деп астықты жасырып әкеле жатыр екен ғой» деп топшылаған алғашында. Бат алыстары үнемі сасық иіс мүңкіп тұратын ауылдың жалғыз құдығы жақ секілді. Ауылда бұрынғыдай қытыр етсе улап-шулап шәуілдеп шығатын ит те қалмаған. Қаңыраған қыстақ үйлердің арасымен келе жатыр. Үнсіздіктен зеріккен Мұқа тонның етек жағын көтеріп астына төсемек болған. Шошып кетті. Көшенің шетіндегі тамда тұратын Кәрміштің мүрдесі жатыр. Көзі шүңірейіп ішіне кіріп кеткен, бет-ауызы қисайған. Алдына құшақтағаны өзімен құрдас, суыр өлтіруге ұрланып бірге барып жүретін баласы бар. Қыстан шыққалы көрінбей, өлі-тірісі белгісіз боп кетіп еді. Құшақтаған күйде қатып қалыпты. Кекілінің арасына бидайдың қауыздары қадалған, бидайға түскен жылқының жалы секілді. Көзі жұмулы болса да жағы түсіп кетіпті. Арба шайқалған сайын аузынан сілекейіне шұбалған бидайдың қоймалжың шайнамасы ағады. Мұқа жерге қалай ытқып секіргенін, лоқсып құса алмағанын, аузына талқанның дәмі келе бергені көз алдынан сұлбаланып өте берді. Сұлап жатқан байталдарды көргенде жазықсыз қырылған ауылдастары есіне түсті. Бойы тітіркенген ол ойын тез жинап алды.
–Мынаның құлындауға да мұршасы болмай өлген екен ғой, сорлы, – деді сосын Мұқа ақи көзі аларып басқа байталдардың да өлекселеріне қарап
– Жылқы малы бәріне төзсе де аштыққа төзе алмайды. Әбден ашыққанда өздерінің жал-құйрықтарын жұлып жеп қояды. Буаздары құлын тастайды.
Тұрсынжан әлі тіс жармады, қабағы айқасып кеткен.
– Ана байталдың іші жарылған, мына байталдың бір көз жоқ, байқадың ба балам?– деді сосын тағы да Саржанға қарап. Оң көзі немересіне қардалып, сол көзі терістіктегі Салпаң көлді шолып тұрғандай. Тұрсынжанды елемеді, ішінде қыжылы бар секілді.
– Мұрттың қылмысы.
– Түсінбедім ата, – деді Саржан. Осы кезде құбыла жақтан ілбіп басқан қара ноқат көрінген.
– Жирен айғыр ғой, – деп қуанғаннан дауыстап жіберген Тұрсынжан атына қамшы басты да орнынан ытқи жөнелді. Екеу оның бұл қылығын да маса шаққан құрлы көрмеді.
– Балам, қазақ қасқырды мұрт, жаман ауыз, қасекең, ұлыма деп айтады. Атын айтсаң малыма шабады деп ұйғарған. Сол мұрттың құртқасы, яғни аналығы жерігі келген кезде арланынан жылқының көзін жегім келеді, бүйрегін жегім келеді, ішіндегі құлынын жегім келеді дегендей өтініш айтады екен. Арланы оның айтқанын міндетті түрде орындайды. Үлкендер осылай айтатын, – деген Мұқа баласы кеткен жаққа қарай атын тебінді.
Келсе Тұрсынжанның көзіне жас үйіріліп алған, жерді қамшылап боқтап жүр. Екі үзеңгі салып мінетін биік айғыр қу сүйегінен жанын аманаттайтындай мүлгіп тұр. Сықпыты кетіп қалған. Шашасынан қан саулап, қардың беті қызарып қалыпты. Артық еті жоқ, сіңіріне ғана ілінгендей.
– Әкеңнің ауызы, айттым ғой саған мынауың айғыр боп, мал боп жарытпайды деп. Бұған қарағанда суатқа өз аяғымен барып бұзаулап келетін ақбас сиырым артық. Құдай жолына құрбан болсын, адал өлсін! Бауыздап кет! Қасқырларға да бір күн той қыл! Мына көтеремің көтеріліп бәрібір саған мал боп жарытпайды, – деген Мұқа бөгелмейнемересімен терістіктегі Салпаң көлдің жағасындағы қалың қамыс өскен ойпаңға қарай аяңдады. Тұрсынжан амалсыз қынынан қанжарын суырды. Сатып жіберген қара айғырдың құлындарының қасиеті ұрған шығар, кесірі қаныңмен кетсін деп жиренге жақындады да, басын көтеріп тамақтан орып жіберді. Жирен айғырдың қиналуға да шамасы жетпеді. Сылқ етіп құлады. Жан беру оңай ма алайып, қорсылдайды. Соңғы рет қор етті де тыпырлап барып тыншыды.
Мұқалар қалың қамысқа келгенде оларды пысқырынған қара айғыр қарсы алды. Үйірін бөтенге алдырмайтын шағыр иесін бірден танып, бір осқырынып қойды да, жерді тарпып-тарпып жіберіп үйіріне қарай зымырай шапты. Ақылды жануар, күн боранда жиырма биесін тістелей қуып, мз боп қатқан жерді тебіндетпей қалың қопаға әкеліп паналатыпты. Қамыстың түбінде қамшының сабындай ақ тамыр болатынын білгендей. Биелердің де бәрі буаз секілді, бұйыртса сәуір туып ел іші тәуірлене бастағанда құлындап, мәз етпек түрі бар. Мұқа әр биені айналсоқтап қарады. Шаптары да, алқымдары да ұлыманың тісінен аман секілді. Есесіне шағыр айғырдың денесінде сау тамтық жоқ. Сырылған, тістелген, тырналған жаралары қара қотырланып қалыпты.
– Балам, бұл Қыстаубай атаңның шағыр қара биесінен туған тұқым ғой, төбелді, шақар келеді бұлар. Үйірін қасекеңдерге бермей жалғыз алысыпты жануар, – деп көңілі марқайды. Арам қатқан алты байтал ойынан шығып кеткен.
– Андағы астыңдағы құлаңнан құтылайық та, биылғы туған құлындардың ішінен өзіңе ұнағанына ең салып жібер, – деді Мұқа марқайып.
***
Көктем ерте шығып, күн жер танабын қуырып барады. Сең де мерзімімен бұрын бұзылып, Үшсай алабына су жайыла бастады. Мүнзилә кейуана қос келінге қазан көтертті. Баласы Мұқа болса Тұрсынжан мен Саржанды ерте оятқан.
Далаға шыққанда олар тілерсектерінен тістелеп, сауырларынан қыршып айдап келе жатқан шағыр қара айғырдың үйірін көрді, жақындаған сайын дүбірі анық естіле бастады. Құлақтарын түріп елеңдеседі. Қара айғыр шабындыққа Ертістен тасыған су шыққан кезде үйірін қырға айдайтын, орта жолда қара шаңыраққа соғып қоштасқандай болатын әдеті. Биыл да сол дағдысынан жаңылмаған. Үйге тақағанда Мұқа жануардың естілігіне қуанды. Оншақты бие де құлындапты, бәрі сүлік қара. Иесі алты құлынның шағыр қара боп туғанына қуанды, ыржыңдай күлді. Қара айғыр көп бөгелген жоқ, басын шұлғып алды да қырға қарай шаба жөнелгенде биелер де соңынан желе тартты.
Қораның сыртына Тұрсынжан мен Саржанды ертіп барған Мұқа қи қаланған жерді белгіледі де «қазыңдар» деді. Белге дейін топырақ аршылғанда ар жағынан ұқыптап ораған ешкінің тулағы шықты. Мұқа тулақты ептеп жазды да қолына құран-кәрім кітабын алды. Сүйді де Тұрсынжанға ұсынды. Тасбиықты да кеудесіне басты, оны да сүйді. Сосын Саржанның мойнына кигізді.
– Қыстаубай аталарыңның қасиеті жоғалмапты, оралды, – деді ол үй жаққа ақилана қарап. Бәрін бақылап тұрған Мүнзилә кейуана «Мұхамедкәрім, Мұхамедкәрім» деп кемсеңдей жылап табалдырыққа отыра кетті. Қасында қос келіні бар.
Шағыр қара айғыр ауылда кездескен қос байталды үйіріне қосамын деп құлдилата қуып барады. Қара құлындар да қалар емес, құйрықтарын тік көтеріп еркелеп мөңкиді.
– Өй, әкеңнің ауызын, – деді Саржан оларға қарап рахаттана күліп.
