Жауын жауғанда жылап алайын…

Айдар Сейдазым-сайт

Айдар СЕЙДӘЗІМ,
1980 жылы қазіргі Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданы Ақжол ауылында туған. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универсиетітінің филология факультетінің 2003 жылғы түлегі. Бүгінде облыстық «Ақпараттық талдау орталығы» КММ-нің директоры. Сонымен қатар, ҚР Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарып келеді. «Халық алғысы» төсбелгісі мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

 

 

ТАҢҒЫ ШЫҚ

Бұл фәнидің у мен зәрін мәңгі ішіп,
Қайғы-мұңның запыранын сан құсып,
Тазармастай былғанғанда жан дүнием –
Мөлдірлікті сенен көрем, таңғы шық.

Ар мен ұят қинағанда жан қысып,
Жүрегімде пайда болса зәрлі ұшық,
Тек өзіңмен ұшықтағым келеді –
Тазалыққа тұнып тұрған таңғы шық.

Бар маңайым жатқан шақта тартысып,
Тізелеймін тіршілікте талықсып.
Өлгім келген кездерде мен ар құшып,
Саған тартқым келеді –
Күн көзіне күмістенген таңғы шық.

Жалыққанда, зарыққанда жалғаннан,
Бас тартамын талғамнан һәм арманнан.
Таңсәріде қойды өріске айдарда,
Күмістейін күлімдейсің бар маңнан.

Ей, таңғы шық, таңғы шық!
Өз мұңымның у мен зәрін таңда ішіп,
Саған еріп, масаң күйлі қалыппен
Кетсем бе екен ғарыш жаққа – мәңгі ұшып…
Таңғы шық.

СЫРЛАСУ

Таразыға салып жүр Ар құнымды,
Есепке алмай өткіздім әр күнімді.
Өңмеңіме өксік-мұң қадап кеткен,
Көзіңнен оқып қойдым тағдырыңды.

Иә, мен оқып алдым тағдырыңды,
Сендегі сезім – жауһар, арың – мұңлы.
Жалғыздықтан жүдепсің, шын қажыпсың,
Ойлап жүрсің бәрінен арылуды,
Тоқтатып шын аңсауды, сағынуды.

Ұнатуды ұмытып шын сүюді,
Көтерер деп шаршапсың кім сыйымды.
Өкінішке дос болып, сыр ақтарар,
Өртеңде өнбей қалған гүлсің игі.

Екі бөлек екеуміз жанбыз, гүлім,
Тербетеді кеудемде жанды ізгі мұң.
Жалғаннан жалықтың ба, жарығым-ау,
Жаныңды жегідей жеп жалғыздығың.

Жылы сөзден, лебізден жан тарығып,
Өкініштен жүрсің сен саусақ үгіп.
Жаман ойың дегендей: «Арыласың»,
Жұмақтан жаныңды ұғар жан табылып.

Иә, мен оқып қойдым тағдырыңды,
Сендегі тән түрленіп, жан бүлінді.
Маған шақ, маған айтқын, айтып кеткін,
Өзіңмен ала кетпей бар мұңыңды.

ҚАЙЫҢҒА

Жалғыз қайың, жалғыз қайың,
Дейсің: «Сырды алғызбайын».
Сен ғайыптан жаратылдың,
Тал бойыңа салғызбай мін.

Жалғыз қайың, жалғыз қайың,
Саған емес дәм-тұз – уайым.
Сен мықтысың, ал біз болсақ,
Егілуге жанбыз дайын.

Жалғыз қайың, жалғыз қайың,
Жылап-сықтап сән бұзбайын.
Мен де мұңға салынбайын,
Сені мұңға салғызбайын.

Жалғыз қайың, дара қайың,
Жел мен жаңбыр – араағайын.
Жалғыздықтан жаның жүдеу,
Сені тастап барады Айың.

Аспандағы айымыз бір,
Үміт жібін уайым үзгір.
Жалғызбын деп жабықпағын,
Жалғыз қайың – жайымыз бір.

ЖАУЫН ЖАУҒАНДА

Ләйлі-Мәжнүн боп
зарығайықшы,
Қозы-Баян боп
сағынайықшы.
Жасымды саған көрсете алмаймын,
Жауын жауғанда
жолығайықшы.

Жылы лебізге құлақ
тұнғанда,
Шешімді естіп жылап
тынғанда.
Басыңды менің кеудеме қоймашы,
Жүрегім өксіп жылап
тұрғанда.
Көзіңе жастың моншағы
тұнды,
Неге үзесің сонша
үмітімді?
Жауын жауғанда жылап алайын,
Алып шықпашы
қолшатырыңды…

ӘЙ, ЖАЛҒАН-АЙ

Жалғандыққа алданып жан бағасың,
Жалап жаза алмайсың жан жарасын.
Жаныңды ұғар жан таппай айналаңнан,
Жалғыз қалып жылауға да арланасың.

Ұятыңның шын тіреп Арға басын,
Аралайсың қара ойдың тар қапасын.
Тірі жан керек болмай күндер зулап,
Жар саласың тигенде жарға басың.

Жалғыз қалып отырасың жан жүдетіп,
Лезде атады мұндайда таң «зыр» етіп.
Шытырманға тым толы тағдырыңды,
Айға айтып бересің таңсық етіп.

Сырт көзге секілдісің қайсар ағай,
Ішкі үніңді бүркейсің жар сала алмай.
Жан жарың да жаныңа үңіле алмай,
Сырласыңа түбінде Ай жарамай.
Сен де өтерсің түсінбей әй, жалған-ай…

МАХАББАТ МАҚАМДАРЫ

Махаббаттың шырқалып маңғаз әні,
Ауыл кезіп жастықтың даңғаза үні.
Кездесуге шық, қалқам, тек кешікпе,
Бақытың боп қағамын дарбазаңды.

Танытпайын ешқашан жансақ қылық,
Дұрыс болмас сезімге салсақ құлып.
Өзің емес, қақпаны әкең ашса –
Кетем, қалқам, шатырға тас лақтырып.

Айналғым кеп кей сәтте сый қонаққа,
Айналғым кеп сен алар сый-қорапқа.
Күнекей қыз секілді күннен қорып,
Қашанғы ұстайды әкең үй қамақта?

Сал-сағыныш үлесім, еншім болып,
Кіші інің хат тасып, елшім болып.
Кездесе алмай өзіңе қиналғанша,
Туыла салмаппын-ау көршің болып…

САҒЫНЫШ-ҒҰМЫР

Елеске есің кетіп елту керек,
Өлеңге берген менің сертім де ерек.
Балгер мен тәуібің де емдей алмас,
Мендегі сағыныштың дерті бөлек.

Айта алман ерте кеткен еліме дау,
Демегей: «Ерте кеткен ерім еді-ау».
Дерттенген дімкәс көңіл жан шығармын,
Мендегі сағыныштың емі жоқ-ау…

Көкесіне кезігіп жай ұқпастың,
Қадамымды демеймін лайық бастым.
Тас қаладан жабысқан жүрегіме,
Әй, осы дерттен мүлде айықпаспын.

Атанғам жастайымнан тәуір бала,
Кеудесін баспаған еш ауыр нала.
Жадырап жазылуым екі талай,
Дертімнің дәруіші – ауыл ғана.

Жүрегімді кеткендей дендеп ұшық,
Жүйрік мініп шапсам ғой белден түсіп.
Дертімнен мәңгі айғып қайтсам ба екен,
Дермененің дәндерін демдеп ішіп.

Кеудеме тау секілді жарылыс тән,
Дөп келсе деп ойлаймын тағы нұсқам.
Күйік-нала, тіл-көзден, сөзден емес,
Ажалым болса деймін сағыныштан.

АУЫЛ ЖӘНЕ САҒЫНЫШ

Қайда кетті зулап жылдар сесі жоқ?
Ұрпақ жалғар жалғыз ұлдың көші боп.
Соқыр әжем алып баққан қойнына,
Алты бала жетектесіп өсіп ек.

Қи шығарып, малақ тасып қорадан,
Қара жұмыс бал бір шақты тонаған.
Біз илеген піскен жалпақ тезекке,
Сағындым ғой иісіңді қара нан.

Қара нанның біліп өстік қадірін,
Әжеміздің тауысар ек сабырын.
Сұрамай-ақ келе салған сұм ажал,
Әжеміздің құшақтатты қабірін.

Бала шаққа қалғандай боп есеміз,
«Бұзық» деді, «тентек» деді көшеміз.
Әлдилеген әжеміздің орнына,
Ақыл айтты тым еңбекқор шешеміз.

Анамыздың қолы тимей бала үшін,
«Колхоз» десе, жинап қойды бар асын.
Томпаң қағып бітіргенде тоғызды,
Алматыға алып кеткен нағашым.

Содан бері жоламадық ауылға,
Жат көріндік туған, туыс, бауырға.
Тас қаланың тас жүрегі атандым,
Ұяламын енді ауылға баруға.

АУЫЛҒА БАРҒАНДА

Балалық пен жастықты тең ескеріп,
Қанаттанған ауылда емес пе едік?!
Сағынышым сияқты сартаптанған,
Тұрмын желдей беріп мен елеске ерік.

Туған жерге жеткенде алып ұшып,
Жүр достарым сонан соң бәрі құшып.
Пеш түбінде пырылдап ұйықтап жатыр,
Марғау тірлік меңдеген сары мысық.

Су жалағы, көкпары, сырғанағы,
Көкірегімде мыңды ызың ырғалады.
Бөстегінде отырған әжем, шіркін,
Жел шуына алаңдап сыр бағады.

Ашылмастан сарбауыр күз қабағы,
Алыста аспан айшықсыз сызданады.
Қалбаң қаққан қарғадай қара суық,
Қара жерден қарды да қызғанады.

ҚАРАСПАНДА ӨСКЕН ЖУСАНМЫН

Қашан қалады ізімнен қуған көмескі ой?
Көмескі ойдан арылудың өзі белес қой.
«Аңқаусың» дейді аңқылдап кетсем біреулер,
Қарапайымдылық – қарабайырлық емес қой.

Қарабет дегенді білдіре қоймас қара өң,
Кеудемде менің мұңға ұқсас қана бар әуен.
Қараспан төбе – сағынышымның символы,
Ирелең жатқан қара жол мендік – қара өлең.

Қалмады дейміз қарапайымдықтан қадыр-мән,
Абызша толғақ ұстаса намыс-адырнам.
Бұзылып келсем тар-қапас мынау қаладан,
Аңқылдап қайттам адыраспан өскен адырдан.

Қадырым қашса, Қараспан қыр боп бусандым,
Талайда жүрген менде де бар ғой мың-сан мұң.
Қатқақта, қыста жұмсақтығынан айнымас,
Қараспанда өскен жусанмын.

Жаратпаған екен жұрттарға ұқсас епті ғып,
Жаратқан маған жақсы адамдарды сеп қылып.
Қараспан сынды мүжілсем мен де арман жоқ,
Осының өзі – тектілік.

Қашан қалады қаратабандық көмескі ой?
Көмескі ойдан арылудың өзі белес қой.
«Аңқаусың» дейді аңқылдап кетсем біреулер,
Қарапайымдылық – қарабайырлық емес қой.

ТҮРКІСТАНҒА ТАРТУЫМ

Құшағымен гүл құшқан,
Шайырын кеп жыр қысқан.
Тотыдайын таранып,
Түрлен, түле, Түркістан!

Сән бер барша маңайға,
Шуақ шашып арайла!
Тарихыңмен тым терең,
Таңдай қаққыз талайға.

Талай заман қаһарын,
Көрдің езгі, отарын.
Бейбіт күнгі ендігі,
Жаса, жайна, шаһарым.

Құлпыр, жайна күнде өзің,
Өйткені бұл гүл кезің.
Кесенең тұр көрікті,
Күн аймалар күмбезін.

Қандай ыстық от төсің,
Саған лайық жоқ та есім.
Тұранымның тұмары,
Сен Алашқа Меккесің.

Атың айға жетеді,
Зулап жылдар өтеді.
Айнал жердік жұмаққа,
Мейірімнің мекені.

Кеудеме жыр құясың,
Қалай жатқа қиясың.
Аялайық ағайын,
Ынтымақтың ұясын.

ТУЫСПЫЗ

Бүгiнiм – тарих, ертеңiм – елес,
Күн өткен сайын өртенiп өңеш.
Анадан алтау, мұныммен жалғыз,
Тырбаңдап келем ертелі де кеш.

Зiлаяқ емес уақыт – зымыран,
Мұңға толы екен бақыт-құмырам.
Тайтұяқ сынды төзiмдi eдiм,
Шыныдай етiп уатты күмән.

Жұбатты – үмiт, жылатты – күдік,
Бәріне тәйірі бiр-ақ түкiрiп.
Кетiп қалсам ба, әлемдi кезiп,
Қоғамнан алыс, жырақ құтылып.

Уыстап шашар ырысты кiм бар?
Түбінде сезем ұлысты күн бар.
Кiмде кiм егер жалғызсыраса,
Сол жанға менің туыстығым бар.

МҰҚАҒАЛИҒА

Қазақтың жігітінен дос таба алмай… Мұқағали

Ауырар деп ойлап па ем мұнша жаным,
Егілуді, жылауды мін санадым.
Тағдырдың тартуы ма, сынағы ма?,
Дос еттім айсыз аспан, түн самалын.

Жол іздесем, әрқашан қос із көрем,
Адасқан жанмын, сенші, онсыз да мен.
Қазақтың қызынан да дос таба алмай,
О, Муза, менде сендей дос іздегем.

Мен де сендей сағындым Қараспанды,
Қарасаздай жәннат деп таласпанды.
Қара өлеңмен дос болдым өзің сынды,
Қаракөзбен бір сөзім жараспады.

Тағдырымды қайтейін дауға балап,
Тақуа жан атандым тәуба қалап.
Сенің туған күніңде дұға еттім де,
Жыр оқыдым егіліп тауға қарап.

СЕНІ САҒЫНҒАНДА

Керімсал жел кербезденіп көкке өрлеп,
Кең даланы құшаққа алып көкпеңбек.
Сағынғанмен туған жердің самалы,
Дәл өзіңдей өпкен жоқ.

Дәл өзіңдей жұбатқан жоқ жаңбыры,
Дәл өзіме ұқсағанмен тағдыры.
Мәселенки, айтайыншы ауылдың,
Жүрегіңнен ыстық емес тандыры.

Дәл өзіңдей жылатқан да жоқ ешкім,
Дәл өзіңдей ұнатқан да жоқ ешкім.
Сені қайдам, мендегі хәл дәл қазір,
Таңдай – толғақ өңеш – мұң.

МЕНДЕ АРМАН БОЛМАС ЕДІ

Тас жетім жыламаса,
Көз жасын бұламаса,
Әлемде ешбір жанды
Дерт дендеп сынамаса,
Жазықсыз ешбір адам
Бостандық сұрамаса,
Боздауық бомба аспаннан
Себепсіз құламаса,
Қатыгез диктаторлар
Әлсіреп, тұраласа –
Мен үшін, рас айтамын,
Бақыт жоқ бұдан аса.

Ешбір жан ауырмаса,
Науқас жан тәуір болса,
Тыныштық төрге шығып,
Бақытты дәуір болса,
Тілсіз жау түгесіліп,
Тайфун мен дауыл тынса,
Қалалар бейбіт шалқып,
Жайқалып ауыл тұрса –
Менде арман болмас еді.
Жер жаһан шайқалмаса,
Тілсіз жау байқалмаса,
Ынтымақ сұрағанның
Бетін жан қайтармаса,
Барша жұрт сауын айтып,
«Доспыз» деп айқайласа,
Шын сүйіп үйленген жұп
Бір болса қартайғанша,
Әлемнің барша халқы
Күндіз-түн той тойласа,
Жауыздық шын жойылып,
Әлем-жұрт «пай-пайласа!» –
Менде арман болмас еді…

ЕЙ, ТАС ҚАЛА

Айта көрме, айтпағын масқараны,
Самай сұр, сенесің бе, шаш та ағарды.
Тас жүрек тағдырымнан жерігенде,
Тастап қашқым келеді тас қаланы.

Басымдағы білемін – бақ құсалы,
Тас қаланың суық-ай, жат құшағы.
Әттең, әттең, ауылға көшер едім,
Аңғал ауыл сеземін – жатсынады.

Жатсынады, себебі тас жүрекпін,
Құмыңды жеп келеді тасты да өпкем.
«Иттің ғана баласы» деуші еді көп,
Ей, тас қала, сен мені қасқыр еттің.

Қасқыр еттің – мен қазір ұлып жүрмін,
Ұлып жүріп, несібе жұлып жүрмін.
Сағынышым ішімде дендеп жатыр,
Бар сырымды ішімде бүгіп жүрмін.

Ей, тас қала, жегесің қамытыңа,
Бағдаршам бола алмадың бағытыма.
Жеткізуің тым қиын бақытыма,
Шектеу қойып шаршаттың уақытыма.
Шақ туады – мен сенен құтыламын,
Оранып ақ мата мен табытыма.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *