АДАМ АТАДАН ҚАЗАҚҚА ДЕЙІН
Бекжан БЕЙСЕНБАЙ,
тарихшы, Отырартанушы, Отырар ауданының Құрметті азаматы
Адам баласының бастау тарихы Адам ата мен Хауа анадан басталады. Мұсылман білгірлерінің баяндауынша: «Алла тағала Адам атаны топырақтан жаратып, Хауа ананы Адам атаның қабырғасынан жаратты. Олар жұмақта өмір сүрді. «Алма» деген жемісті үзіп жеген Адам ата мен Хауа ана жұмақтан қуылып, жерге тасталды»-деп басталатын ол тарих. Қай жерге?
Қазіргі дамыған генетика ғылымы «Адам атаның ұрпақтары алғаш пайда болған жері деп Шығыс Африканы» айтады. «Содан өсіп, көбейіп жан жаққа тараған» дейді.
Ресей ғалымдарының деректері:
1) Академик А.П.Деревянко басқаратын Ресей ҒА Сібір бөлімшесінің ғалымдары Алтайдағы Денисов үңгірінен жобамен б.д.д. 48 мың жылғы мәдени қабаттан әйелдің алқасын тапқан. Түрлі тастардан, мамонттың тұмсығынан, аюдың және маралдың тістерінен жасалған бұл алқа қазірге дейін табылған ең көне бұйым.
Ғалымдарды ерекше таң қалдырғаны, алқаның хлоритолиттен жасалған бөлігі болды. Қатты тасты алдымен екі жағынан шлифовка жасап, тегістеп, ортасы станоктық тәсілмен тесілген, соңынан тас құралмен кеңейтілген. Ағылшынның Оксфорд университетінің ғалымдары алқаны 7 жыл зерттеп, 2015 жылы ғана «алқа бұдан 40 мың жыл бұрын жасалған» деген қорытынды берді. Осы Алтайдан табылған материалдарды зерттей келе академик Деревянко «осы мәдени игіліктерді жасаған адамдар сырттан келмеген, осы жерде пайда болып, 300 мың жылдардан бері осында тұрып келген, осы жердің өз тұрғындары» деген қорытынды жасайды.
Осы еңбегі үшін академик Деревянко 2013 жылғы Ресейдің мемлекеттік сыйлығын алды. Демек, Адам ата ұрпақтарының Африкадан Ұлы далаға келгеніне кем дегенде 300 мың жыл болған.
2) Б.д.д. 22-24 мың жылдарға жататын Сібірдегі Ангара мен Белый өзендерінің арасынан, Мальта, Бурет тұрақтарынан табылған мамонт тісінен істелген ғажайып әйел және құс мүсіндері, неше түрлі моншақ, салпыншақ, қару жарақтарды зерттеген академик А.П.Окладников, Аврамовтар бұл өркениет иелерін «түріктердің арғы бабалары» деп мойындаған.
Мальта, Бурет тұрақтарынан табылған заттарды зерттеген ғалымдар сол кездің өзінде олардың математика, астрономия, медицина, астрология салаларында жоғары жетістікке жеткенін дәлелдеді.
3) Ресей ғалымдары Б.д.д. 20-21 мыңжылдықтарға жататын Татарстандағы Сунгур өзені бойындағы мәйітханадан табылған адамның бас сүйегін зерттеп, бабамыздың ақыл ойы, сезім қабілеті қазіргі адамдардан кейін болмағанын, былғарыдан тігілген киімі: бас киіммен қоса тігілген сырт киім, етікпен қоса тігілген шалбар. Бұл киім мамонт сүйегі мен аңдардың тістерінен істелген түймелермен сәнделген.
***
Біз бұрын осы Адам ата ұрпақтары пайда болғаннан осы күнге дейін үздіксіз дамып келеді деп ойлайтынбыз.
Мен бір ғалымның: «ССРО кезіндегі бір ғылыми-танымдық баспадан шыққан археологиялық еңбекте «адамзаттың 5 цивилизациясы болған» деген гипотезасы бар» деп жазғанын оқып, сенбеген едім.
ҚР Мемлекеттік және Күлтегін сыйлықтарының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, ғалым Қойшығара Салғараұлы бұл деректі растап қана қоймай, олардың қалай болғанын да түсіндіреді:
«…адамзат баласы қазіргі өмір сүріп жатқан дәуіріміздің алдында ғажайып өркениетті төрт дәуірді бастан өткерген дегенді айтады. Осы төрт дәуірдің қай-қайсысы да әбден жетіліп, дамудың шырқау биігіне көтерілгеннен кейін өзді өзін жойып тынған. Әр жойылған өркениеттен кейін жаңа тас дәуірі басталған. Біздің ғұмыр кешіп жатқан дәуіріміз осы соңғы тас дәуірінен кейін пайда болған бесінші өркениетті дәуір көрінеді. Мұның солай болғанын археолог, лингвист тәріздес ғалымдардың соңғы жылдары жарық көрген зерттеу еңбектері де түрлі дерекпен дәлелдеп, мойындата бастады.
***
ХАТ (халықтың ауызша тарихы-авт.) бұл бөліністі бүгінгі кәсіби тарихшылар тәрізді «дәуір» демей, «ғасыр» деп атаған. Мысалы, грек мифтерін зерттеген орыс ғалымы Николай Альбертович Кун өзінің «Көне Греция мифтері» атты еңбегінде бұл кезеңдерді «Бес ғасыр» деп, арнайы дерек береді:
Ауызша тарих «жойылып кетті» деген өркениетті төрт дәуірдің алғашқы үшеуінің жойылуына не себеп болғаны жөнінде ешқандай мәлімет бермейді. Тек соңғысының жойылуына не себеп болғаны туралы жанама деректер ғана кездеседі. Солардың бірі – ежелгі үнділердің бұдан 3000 жыл бұрын жазылған әйгілі эпосы «Махабхаратада» берілген аңыз дерегі. Онда жаппай қырып-жоятын бір сұмдық қару жөнінде айтылады. Онда былай делінген: «Түтінсіз, оттай лаулап, жарқыраған снаряд атылды. Лезде қалың тұман әскерді басып кетті. Төрт құбыла түгелдей түнекке оралды. Кесапатты құйын көтерілді. Гүрілдеген қара бұлт аспан көгіне жөңкілді… Тіпті күн де шыр айналып кеткендей сезілді. Сол қарудың ыстығына шарпылған әлем жанталасып жатты. Қарудың отына күйген пілдер зәресі ұшып, тым-тырақай қашты… Бұл бір сұмдық жарылыстан мыңдаған арба мен адамдар және пілдер бір сәтте күйіп, күлге айналды…»
Атом бомбасының түрлі сынағының сұрапыл зардаптарын деректі фильмдерден көрген, оқыған бүгінгі заманның адамдарының бұл қарудың не қару екенін бірден біліп отырғаны анық. Юрий Чукановтың «Атланты против гиперборейцев» атты мақаласында берілген «Тройной Городтың» қалай жойылғаны да осыған өте ұқсас.
Қазір археологтер Индия жеріндегі «Мохенджо-Даро» деп аталып кеткен ескі қаланың орнын осы «Тройной Город» деп нақты танып отыр. Осы келтірілген екі үзіндінің өзінен-ақ жойылып кетті делінген өркениетті төртінші дәуірдің адамдарының өз заманында төңірегін түгел жалмап, өртеп жоқ ететін сұрапыл қару – атом бомбасын иеленгеніне көз жеткізуге болады. Оны және санскриттің екінші бір поэтикалық ескерткіші – «Самарангана Сутрадхарада» ракеталардың, самолеттердің, сондай-ақ басқа да аппараттар мен құрылғылардың, тіпті бүгінгі біз айтып жүрген ұшқышсыз аппараттар мен жауынгер роботтардың конструкциясын нақты және түп-түгел сипаттайтын 230-дан астам жолды құрайтын шумақтар да куәландыра түседі.
Ең ғажабы, осындай қырып-жоятын тажал қару сол заманда жалғыз үнді жерінде ғана емес, әлемнің басқа халықтарының жерінде де жарылғанын аңғаруға болады. Оны айғақтайтын деректер де баршылық. Сондай қырып-жоятын сұрапыл қаруды оңтүстік америкалықтардың «Машмак», ал кельттердің «Найзағай өнері» деп атағандарын айтсақ та жететін секілді.
Нәтижесі, Жер шарының әр жерінде бір мезетте болған жойқын апаттар.
«Троан манускриптінен»: «…Му елі құрбандыққа берілді. Ол жер астынан тынымсыз сілкілеген оттың салдарынан орнынан екі рет жылжып барып, бір түннің ішінде ғайып болды. Тереңдегі қысым жерді көтерілуге мәжбүр етіп, бірнеше тұсынан жарылып, бөлшектеліп кетті. Ақыры жер бетіндегі он ел жойылып, жоқ болды. Олар 64 000 000 тұрғындарымен бірге осы кітап жазылған кезден 8060 жыл бұрын мұхит түбіне батқан еді».
«Кортекстің кодексінен» де осындай деректерді оқимыз. Осындай деректі Тибет ғибадатханасында сақталған «Лхаса жылнамасы» да береді.
Мұның бәрі – шамамен бұдан 14000 жыл бұрын жер бетінде алапат ядролық соғыстың болғанына және олардың әр жерде бір кезде үздік-создық қабаттаса жарылуынан Жер шарының әр жерінде бір мезетте жер сілкініп, вулкандардың атқылауы; топан судың қаптауы; Атлантида мен Му құрлықтарының бір түнде мұхит суына жұтылып, жоқ болуы секілді бір-біріне қабаттасып жатқан сұрапыл апаттардың орын алғанына, соның салдарынан адамзат баласының жаппай қырғын тапқанына халықтың ауызша тарихы жеткізген бұлтарпас айғақтар болса керек.
***
Осылайша бір дәуірдің перзенттері өздері қол жеткізген ғылыми-техникалық жетістіктің құрбаны болып, жер бетінен жойылып кеткен. Олардың орнына жаңадан пайда болған бесінші дәуірдің адамдарын мифология деректері: «Құдай жаңадан жаратты» дейді.
Мұсылманша Нұх пайғамбар, Таураттағы Ной, Авестадағы Йирма, Вавилон эпосындағы Ксисутрос, мексикалық Ната, және т.б. осындай құдайдың қалауына іліккендер. Бүгінгі жер бетінде өмір сүріп жатқан сан алуан халықтар осылардан өсіп-өніп тараған ұрпақ болып есептелінеді.
***
Үнді аңызы топан судан құтқарған адамның атын Ману деп атайды. Батыс Европаға ертеде кең тараған Манихей дінін ұстанған түрік тектес халықтар өз тектерін Ман атадан бастайды. «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген аңыз бойынша Ман атаның кемесі Қазығұртқа тоқтайды. Қазір біз ислам діні кіргелі Ман атаның атын Нұқ пайғамбармен ауыстырғанбыз.
Қазығұрт тауының әуелдегі атының Манкур (Маңқыр) және соның іргесіндегі таудың Мансары аталуы да, сондай-ақ Шымкенттің шығыс тұсындағы ежелгі көне қаланың «Манкент» деген атты иеленуі де Ман атаны Нұх пайғамбардың ескі түрікше атауы деп, «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген аңыз түбі шындық дегенге жетелейді.
Қазығұртқа жақын Дастарбасы тауынан адам табанына ұқсас өте үлкен із табылып, оны ғалымдар «адам атаның ізі» деп жүр. Бұл жердегі тау сілемдерінің басы Қазығұрт тауынан басталып, Сырға қарай Мансар, Әлімтау, Дастарбасы, Тасқотан, Айғырұшқан т.б. болып келеді. Осы өлкеге байланысты түрлі аңыздар ел аузында сақталған. Бұл жер Сыр өңіріндегі түркілердің киелі орыны деген пікір қалыптасқан. Ертеректе ата бабаларымыз бұл өңірге жыл сайын жиылып, құрбандық шалып отырған. Тек соңғы ғасырдағы аумалы төкпелі заманның кесірінен бұл үрдіс үзіліп қалған.
Енді мұсылман аңыздарын талдап көрейікші: « Бүкіл әлемдік су тасқынынан Нұх пайғамбар кеме жасап аңдар мен құстарды, өзінің балалары Сам, Хам, Иапетті құтқарып қалады. Жер бетіндегі қазіргі барлық адам баласы Нұхтың осы үш баласынан тарайды. Жер бетіне түскен соң Нұх жер өңдеумен айналысып, жүзім егеді. Ол жүзімнен істелген шарапты ішіп мас болып, жалаңаш ұйықтап қалады. Бұны көрген Хам әкесін мазақтап күледі. Ал Сам мен Иапет теріс бұрылып, жалаңаш әкесіне қарамай, денесін жабады. Есін жиғасын, бұл оқиғаны естіген Нұх пайғамбар Сам мен Иапетке батасын беріп, ал Хамды тұқымымен құл болуға қарғайды.»
Хамның ұрпақтары африкалық қара нәсілділер, хамиттер. Ал парсылар өз аңыздарында, өздерін Сам палуанның ұрпақтарымыз дейді. Самның ұрпақтары индоевропалықтар, парсылар, арабтар, семиттер.
Ал Иапеттің ұрпақтарын түрлі шежірелерде түрліше көрсете береді. Әбілғазы Баһадүр ханның шежіресі бойынша Иапеттің сегіз ұлы болады: Түрік, Хазар, Саклаб, Китай, Камари, Тарха, Манжур, Жапон.
Ауызша тарихтың Йафетттің баласы Түріктің патша болуынан басталатын шежірелік дерегін алып, кейінгі жазба тарихтың дерегімен талдасақ, ерте заманда құрамына Хазар, Рус, Сақлаб, Миң, Чин, Кеймари…тәріздес бірнеше халықтарды біріктірген «Түрік» деп аталатын бір ірі мемлекеттің болғанын аңғарамыз. Осы аталған халықтарға Түріктің патша болуы осыны білдіреді.
Француздың ХVIII ғасырдағы әрі биолог, әрі метематик, әрі жазушы ғалымы Жорж-Луи Леклерк Бюффон:«Бірінші мемлекет, яғни осылай айтуға лайық ел өте ескі заманда Каспий теңізінің шығыс жағында дүниеге келген. Бұл елдің халқы ғылымды, өнерді және басқа игіліктерді дүниеге әкелгендігі үшін үлкен құрметке лайық…» дейді.
Бұл арада француз ғалымы халықтың ауызша тарихында болмаса, ресми тарихта ешқашан айтылмаған, бүкіл адамзат баласы тарихында Ұлы Далада тұңғыш шаңырақ көтерген Түрік мемлекетін айтып отыр. Мұндай мемлекеттін болғанын ХХ ғасырдың белгілі ғалымдары И. М. Мизиев пен К.Т. Лайпановтар ғылыми негізде зерттеп, дәлелдеп берген болатын. Сондықтан мұны осыдан бірнеше мыңжылдықтар өткен соң, яғни х.э. кейінгі VI ғасырда дәуірлеген атақты «Түрік қағанатымен» шатыстырмаған жөн.
Француздың тағы бір өкілі – 1790-1869 жылдары өмір сүрген әрі тарихшы, әрі ақын, әрі саяси қайраткер Альфонс де Ламартин былай дейді: «Түріктер тұтас бір нәсіл және ұлт ретінде әлемдегі ең абыройлы адамдар қатарына жатады. Мінез-құлық жағынан алғанда асыл текті әрі кең пейілді; жігіттері мызғымас күшке ие. Дін мен Отанға деген ықыластары кімге болсын жігер беріп, таң-тамаша күйге түсірері сөзсіз. Егер тұғырлы заң-жоралғылары қабылданып, кемел билеушілері болса, олардың әлемдегі ең маңдайалды ұлт ретінде алғалап оза шығары хақ. Барлық іс-қимылдары барынша орнықты, қайырымдылыққа толы. Намысшыл, сезімтал халық. Олардың мекендері — өздері құрметтеген ізгі жандардың, батырлар мен шейіттердің қасиетті тұрақтары еді. Меніңше адамзатты соншама даңққа бөлеген мұндай жандарға дұшпан болу дегеніңіз адамзат баласына дұшпан болумен бірдей. Сондай күпірліктен мені құдай сақтасын деп тілеймін»…
Аңыз бойынша Қазығұртқа тоқтап, қазіргі ғылыми деректер бойынша Каспий теңізінің шығыс жағында өсіп, өніп көбейген соң, Нұқ пайғамбар (түрікше Ман ата) мемлекет құрып, қартайғанда ұрпақтарына ұлыс бөледі. Иапетке бүткіл солтүстік бетті, ал Самға оңтүстік батыс бетті, ал Хамды алыс ыстық жаққа жібереді.
Иапеттің ұрпақтары өсе келе шығыста Тынық мұхитқа дейін, батыста Еділден де ары асып бүткіл Еуропаны иеленеді. Батыс Еуропада олардың кейінгі ұрпақтары- пеласглер,кельттер, галдар, галаттар, Скандинавияда-викингтер, Балтық теңізі аймағында-варягтар деген атпен тарихта қалған. Қазіргі Испания мен Франция жерін мекендейтін баск халқы басқа халықтарға көп араласпаған, ең таза қанды, көне генді (R1b1) сақтаған тобы.
Иапеттің ұрпақтары өсіп, көбейіп дами келе ата қоныстарынан ұзап Азияның алыс түкпірлеріне, Африкаға, Америка материгіне қоныстанып, жоғары өркениетке қол жеткізген кездері тарихта сақталып қалған.
***
Қазір ғалымдар «Византия тарихшысы Снеллиус мәлімдеген «Мысыр абыздарының 36 525 жыл бойы үзбей жүргізген «Ескі хроникалар» деп аталатын жазбалары мен х.э.д. ІІІ ғ. грек тарихшысы Диоген жеткізген Мысыр храмдарында Александр Македонскийге дейінгі 48 863 жылды қамтитын жазбалардың сақталып тұрғандығы» секілдітолып жатқан нақты деректерге сүйеніп, адамзаттың тарихы тереңге кеткенін, ал қазірге белгілі ең тереңге кеткен өркениет деп Египет, Шумер, Америкада майя өркениеттерін айтады. Қойшығара аға олардың «Ұлы Даланың» ежелгі тұрғындары, түрік тектес ел болғандарын дәлелдейді.
- I) Шумерлердің тілі де, түрі де түрік тектес екені жаңалық емес. Шумерлердің Месопотамияның оңтүстігіне қоныс аударып келуі х.э. дейінгі 5500 бен 4000 жылдардың аралығы деген болжам бар. Шумер жазуы ресми тарихта ең көне, жазу өнерінің түптегі (протописьменность) осында х.э. дейінгі IV мыңыншы жылдың ортасында пайда болған делінеді.
Шумерлердің жазбаларында, шумерлердің алдында Ұлы Далада өркениетті үлкен ел болған. Оны ресми тарихта «Аратта», «Аратты» деп атайды.
Шумер халқы осы араттылардан бөлініп шығып, Месопотамияның оңтүстігіне келген, бұдан кейін де екі елдің арасындағы байланыс үзілмеген.
Шумерлердің астанасы Урук пен Араттының қарым-қатынасына арналған, шумер-аккад тілінде жазылған, төрт бірдей эпос бар екен.
1) «Эн-Меркар және Аратты билеушісі»;
2) «Эн-Меркар мен Эн-Сугир-ана»;
3) «Лугальбанда тау үңгірінде»;
4) «Лугальбанда мен Анзуд құс».
Бұлардың сыртында, «Гильгамеш туралы поэмада» да Аратты жөнінде біраз дерек кездеседі. Мұндағы ең құнды дерек: «поэманың басты тұлғасы өзінің ататегін Араттыдан шығарады». Ал «Эн-Меркар мен Араттының бас абызы» поэмасында «Урук қаласының негізін қалаушылардың Араттыдан шыққандар» екені атап көрсетіледі.
***
- II) Ал майялардың түрік тілді халық екенін алғаш ашқан Америкада соғыс кезінде дәрігер-хирург ретінде қатысқан Отто Рериг деген кісі болатын. Сол жергілікті халықтардың өкілдері өзара бір-бірімен түрікше сөйлесіп жүргенін байқайды. Содан соғыс біткеннен кейін дәрігерлік қызметін тастап, сиу, кетчу секілді тайпалардың арасына барып, олардың тілін, грамматикасын, морфологиясын бәрін тексеріп, арнайы еңбек жазады. Міне, майялардың түріктілдес халықтардан екенін ең алғаш айтқан кісі осы – Отто Рериг. Бірақ кейін ғылымда бел алып кеткен еуроцентристік ағым олардың үнін естіртпей, ұмыт қалдырды.
Ал қазір Американың байырғы халықтары майя, сиу, кетчу халықтарының түркі тектес халық екені де, олардың тілі түрік тілінің қазаққа ең жақын қыпшақ диалектісінде сөйлегені де дәлелденген. Майя халқының кезінде өркениеті өте жоғары болғаны, астрономия, математика т.б. ғылым салаларын жақсы игергені, тек отты қаруды қолданбағаны қазір дәлелденген.
III) Ал Египет өркениетінің алғашқы тілі түрік тілі болғанын Қойшығара аға былайша дәлелдейді: Италияның геологы Анджело Питони деген кісі Малидің жеріндегі қалың орманның ішінен биіктігі 1500 метрлік гранит жартасқа ойып салынған ескерткішті тапты. Ғалымдардың анықтауы бойынша ескерткіш әйел адамға арналғандықтан «Мали ханымы» деген ат береді.
Ескерткіштің биіктігі – 150 метр. Түрі – еуропоидқа да, негроидқа да жатпайды, моңғолоидқа келеді. Зерттеушілердің кейбірі оны майяларға ұқсатады. Ал осыны және ежелгі халықтардың ауызша тарихын ұштастыра зерделеген Қойшығара аға осы ескерткіштің «Аргостың патшасы Инаханың қызы – Иоға» арналған деп көрсетіледі.
Мысырдың аңызы бойынша алғашқы патшасы Гор (Көр) қазақтың Көроғлы туралы аңызымен өте ұқсас. Гор (Көр)дің анасы – Ио, грекше айтылуы – Исида өлі күйеуінен (Осирис) Өсірденттен Горды туады.
Сондай-ақ аңыз деректерінен Аргостың автохтондық тұрғындарының пеласгилер екені белгілі. Ал пеласгилер гректер келгенге дейін қазірі Грекияны мекендеген түркі тектес халық.
Бұл – көне грек ақыны Гесиодтың «жер бетінде пеласгилер пайда болғанда аспанда Ай әлі жоқ болатын» дейтін ең ежелгі көне халықтардың бірі. Ионың әкесі Инаханың осы пеласгилерді билегені де, солардың патшасы болғаны да миф авторлары мойындатқан шындық.
Африкадан А. Питони тапқан ескерткішті орнатқандар: «Африканы естен өшкен ескі замандарда мекендеген түріктектес халықтардың ежелгі өкілдері» деген тұжырым жасауға толық негіз бар екенін көреміз.
Халқымызда қазірге дейін қолданып жүрген «Көңілім Нілдей бұзылып» дейтін мәтелдің бір кезде Египет жері мен Ұлы Дала арасында жақсы байланыс болғанын білдіреді.
***
Қазір жұртқа белгілі екі жазба мұра табылып отыр. Біреуі Шығыста Турфанның Такла-Макан деген шөлінен, құм басып кеткен үңгірден табылды, 40 мыңның үстінде қолжазба. Мұнда баяғы петроглифтен бастап кейін пайда болған жазуға дейін бәрі бар көрінеді. Басқаша айтқанда, жазу атаулының барлық кезеңдегі үлгілері түгел қамтылған.
Осындай жазулар кейін байырғы Ханаан жеріндегі Өлі теңіздің төңірегіндегі Қумран (Қыр-Құмыран деп те аталады) деген жердің құм басып кеткен үңгірінен табылды. Онда да 40 мыңның үстінде жазу болған. Осында бүкіл адамзат баласының жазуды игере бастаған кезінен бергі: тасқа жазылғаны бар, ағашқа жазылғаны бар, сүйекке жазылғаны бар, теріге жазылғаны бар, анау зығырдың талшығынан жасалған матаға жазылғаны бар, не керек жазу атаулының барлығын қамтитын көрінеді. Осыны алғаш табылғанда көне жазуларды оқитын мамандар оқып, бәрінің де түрік тілінде жазылғанын анықтаған. «Аркаим», «Туран» атты тамаша еңбектер жазған Амангелді Нарымбетова-Уалиеваның «Письмо и религия тюрков» деген кітабында Моисейдің Торасының квадратты жазуымен жазылған жазуының дайын күйде, соның түрік тілінде екендігін баяндап, дәйектер келтіреді.
Қазіргі тарихта түрік халықтары еврей халықтарымен бір өңірде бірге өмір сүрді деген дерек жоқ. Сондай-ақ түріктер араб түбегінде өмір сүрді деген дерек те кездеспейді. Сонда иврит тілінде жазылған делінетін Торада түрік сөздері қайдан жүр. Тіпті, басқаны қойғанда, Тораның өзі «заң» деген көне түрік сөзі ғой. Қазіргі жұрттың бәріне мәлім Орхан-Енесей жазуында «тор» деген «билік», «тора» деген «заң», ол Күлтегін жазуында да, ол Тоныкөктің жазуында да бар.
Тибеттің құпия ілімімен жақсы таныс орыстың эзотерик ғалымы Е.П.Блава́тская өзінің «Әшкереленген Изида» атты еңбегіңде «Еврейлердің ең көне қасиетті кітаптары Сифра ди-Цениута да, пайғамбар Ибрагимге телитін Сефер Иецирасы да, қытайлардың ең көне қасиетті кітабы Шу-цзині де, Египеттің қасиетті кітабы Тот-Гермесі де, Индияның Пураны да, халдейлердің «Сандар кітабы» да, және Бескітаптың өзі де кішкентай негізгі кітаптан алынған». «Предания говорят, что книга эта была записана на Сензарском языке – тайном священном языке – со слов Божественных Существ, продиктовавших ее Сынам Света в Центральной Азии, при самом начале нашей Пятой Расы; ибо было время, когда язык (Сензар) был известен Посвященным каждого народа, когда прародители Тольтеков так же легко понимали его, как и жители погибшей Атлантиды, в свою очередь, наследовавшие его от мудрецов Третьей Расы, Мануши, изучавших его непосредственно от Дэв Второй и Первой Расы» — деп жазады.
Е.П.Блаватскаяның сөзіне сенсек, түркілердің ата қонысы – Ұлы Дала аталған Орталық Азия ертеде Вавилонмен таласатындай көптеген керемет қалаларға толы болып, әлемдегі ең алғашқы қасиетті кітап осында, Күннің ұлдарының қолымен жазылған дейді.
Орыс ғалымдары Ұлы Далада 300мың жылдан бері жасап келе жатқан байырғы тұрғындар қазіргі түріктердің ата-бабалары деп мойындады.
ҚР ҰҒА академигі, Болония Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Оразақ Смағұл «Қазақ халқының шығу тегі» атты еңбегінде: «Қазақ автохтонды, текті, өзінің тұрақты атамекені бар халық.
Қазір жиі айтылып жүрген көне протоевропоид деген терминнің қазіргі еуропалықтарға қатысы жоқ, себебі қола дәуірінде орыстар, француздар, испандықтар және өзге халықтар қалыптаса қоймаған. Ал көне протоевропойдтар ол кезде сонау Периней түбегінен (Испания) бастап Гоби шөліне дейінгі аралықты мекендеген. Міне осы протоевропойдтық тек біздің қазаққа тән болған. …Қазақтың биологиялық, генетикалық, антропологиялық тарихы оның денесі мен қаңқа сүйектерінде жатыр. Ол туралы қытай не айтты, орыс не деді, парсылар қандай пікір білдірді, ендігі уақытта оның маңызы жоқ. Себебі, 40 ғасырдан бері осы атамекенде тіршілік етіп, ұрпақ жалғастырып келе жатқан бізден өзге ұлт жоқ. Қазақ халқы сонау түп тамырынан бастап осы жерді мекендеп келгенін оның дене бітімі, қан құрамы, бас сүйектері арқылы жан-жақты зерттеліп, дәлелденген» – деп жазады.
«Шығыс (Жапон) теңізінен бастап Каспий теңізінің аралығындағы көшіп-қонып, тұрмыс жасап, бір-бірімен қарым-қатынас жасап жүрген мемлекеттер, халықтар, негізінен, қазір өмір сүріп жатқан мемлекеттер мен халықтардың арғы атасы екеніне көзіміз жетеді.
Олардың салт-санасының, әдет-ғұрпының 2000 жыл бойы өзгермегенін, тілінің де сол бірқалыпта сақталғанын дәлелдеуге болады» дейді Н.Я.Бичурин данышпан.
Осы деректердің бәрінің қорытындысы «Ең алғашқы Сензар тілінде жазылған қасиетті кітап» түрік тілінде жазылған, барлық қасиетті кітаптар осы кітаптан көшірілген болып шығады.
***
«Халықаралық лингвистикалық энциклопедияның жинақтап берген көрсеткіші бойынша дүниежүзінде 6604-тен астам тіл болса, соның бәрі осы бір тілдің тамырынан нәр алып, өркен жайған тілдік өскіндер екен. Басқаша айтқанда, бүгінгі әлем халықтары тілдерінің түпатасы – түрік тілі, бәрі содан өсіп, өніп жан-жаққа тараған» деген қорытынды жасайды Қойшығара аға.
Мысалы: Адам ата, жұмақта тиым салынған жеміс «алма» және т.б. Қазір барлық түркі тілді елдердің ғалымдары қазақ тілі көне түбірді ең көп сақтаған тіл деп, қазақ тілін барлық түркі халықтарының ортақ тілі деп қабылдады.
***
Кеңес заманында «қазақтың арғы тегі түріктер х.э. кейінгі VI ғасырда Алтайда пайда болған жас халық» дегенді оқып өстік.
Алайда, қазіргі тарихты терең зерттеген-ғалымдар «түріктер ежелден келе жатқан көне халық» екенін дәлелдеді.
Қазір «Тарихты 300 жылға кейін шегіндірсең американдықты таппай қаласың, 700 жылға кейін шегіндірсең ағылшынды, 1500 жылға кейін шегіндірсең орысты, 2000 жылға кейін шегіндірсең неміс пен французды таппай қаласың. Ал тарихты қанша шегіндірсең де алдыңнан түрік шыға береді, шыға береді. Себебі, түрік жер бетіндегі тарихы ең бір тереңге кеткен Ұлы халық» дегенге құлақ үйренді.
552 жылы аңыз бойынша Алтай тауын мекендеп, көбейген жаралы бала мен Көк Бөрі анадан тараған, темір өңдеудің құпиясын игерген ұсталар,билеушісі Бумын алдымен телелерді бағындырып, осыдан кейін барып жужандарға жойқын соққы жасап, жеңіп,Түрік қағанатын құрды. Билеуші топ Ашина әулеті деп аталды. Бумын қаған осы Ашина әулетінің басшысы еді. Олар жаңа құрған мемлекетін «Түрік қағанаты» деп атады. Бұл қағанат құрамында түрік деп аталатын халық болмаса да «Түрік қағанаты» деп атау себебі, ресми тарихта ешқашан айтылмаған, бүкіл адамзат баласы тарихында Ұлы Далада тұңғыш шаңырақ көтерген Түрік мемлекетінің атын иеленіп отыр.
1299 жылы негізін Осман сұлтан қалаған мемлекеттің де халқы «Түрік» халқы деген ат алды. Тарихтағы Ұлы Бабаларына ұқсағысы келсе керек.
«Жоғарыда зеңгір көк, төменде қара жер жаралғанда, олардың екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласына менің ата-бабаларым үстемдік құрған. Дүниенің төрт бұрышы оларға дұшпан болған. Әскер құрып, жорыққа аттанып, олар дүниенің төрт бұрышын түгел бағындырған. Олар кемеңгер де ержүрек қағандар болған. Олардың қызметіндегілер де білгір, ержүрек болса, балалары да халықпен ынтымақты болған. Олар мемлекетті ұзақ басқарып тұрғандығы да содан» деп жазған екен Дана Тоныкөктің ескерткішіне716 жылы.
Осылай деп нық сеніммен тасқа қашап мәңгілікке жазып кеткен ежелгі бабалардың қолында сенімді дереккөздері болғаны даусыз.
***
Қытайлар түріктерді ғұндардың ұрпақтары деп санап, түріктерді сүнну-ғұндар деп атаған.
Түрік қағанаты 552-603 жылдар аралығында Азия тарихындағы ең ірі мемлекеттердің бірі болды. Ертедегі түріктердің дінінің негізі Көкке (Тәңір) сиыну болды. Қағандар «Көкте тестер және Көкте туғандар» деп аталды.
Түркі қағанаты тұсында түркі тілінің өрісі барынша кеңіп, ұланғайыр өлкеде негізгі тілге айналған. Түркілердің жазуы да болған. Көне түркілер аспан денелерінің қозғалысына қарап, ауа райын, жыл маусымдарының қандай болатынын күні бұрын анықтай алған.
Көне түркілер геометрия, математика ғылымдарынан жақсы хабардар болған, оны су жүйелерін салуға, күрделі ғимараттар, қарауыл төбелер тұрғызуға, т.б. пайдаланған. Олар металды, түрлі минералдарды еріту әдістерін, шөптердің емдік қасиеттерін білген. Емдеудің неше түрлі әдістерін де жетік меңгерген.
Түрік қағанатының күшейген уақытында Солтүстік-Шығыс Қытай (Манчжурия), Моңғолия, Алтай, Шығыс Түркістан, Батыс Түркістан, Орта Азия, Қазақстан және Солтүстік Қапқаз аумақтарына иелік еткен.
Өзара қырқыстар, әлеуметтік қарама-қайшылықтар қағанатты әлсіретіп, оның 603 жылы Шығыс және Батыс түркі қағанаттарына бөлінуіне әкелді.
656 жылы Батыс түрік мемлекеті құлағаннан кейін Алтай тауының солтүстік жағы мен Ертіс өңірін жайлаған қыпшақтар Қимақ қағанатын құрды. ХІ ғасырда бұл мемлекет ыдырап, жетекшілік қыпшақ ханының қолына көшеді.
Қыпшақ – қазақ халқының, басқа да бірқатар түркі халықтарының негізін құраған ежелгі тайпа, орта ғасырларда Орта Азия мен Шығыс Еуропаны мекендеген аса ірі ұлыстардың бірі. Қыпшақтарды орыстар половцы, ал еуропалықтар кумандар деп атаған. «Ал қытайлар қыпшақтарды “цин-ча” деп атап, б.д.д. III-II ғасырлардан білген» (2) С.А. Плетнева «Половцы».
Тұрсын Жұртбай «Дулығаның» 2-ші томында (229 бет): «Көне иероглифте қыпшақ атауы кюешэ, қазіргі оқылуында – цзюйше деп таңбаланған. А.Н. Бернштамның пікірінше, б.д.б. 201 жылы дүниені дүр сілкіндірген Мөде тәңірқұты – осы цзюйше ұлысынан шыққан көсем» – деп жазады.
Қыпшақтардың ұраны – Ойбас, таңбасы – екі тік сызық (ІІ, қос әліп).
Махмұт Қашқари еңбегі бойынша, IX ғасырдағы қыпшақтардың құрамына имақ, субар, қаңлы, қарабөрікті, тоқсоба, жете, бөрілі, т.б. рулар мен тайпалар енген.
Әскери-әкімшілік жағынан қыпшақ хандары ертедегі түріктердің дәстүрлерін ұстанып, екі қанатқа: оң қанатқа және сол қанатқа бөлінген. Үстемдік еткен ақсүйек топтарының қатаң иерархиялық жүйесі (хандар, тархандар, юғұрлар, басқақтар, бектер, байлар) айқын көрсетілді.
XI ғасырдың бірінші жартысында күшейген қыпшақ тайпалары жайылымдық жерлердің тапшылығына ұшырап, сонымен қатар Еділ бойы, Үстірт және Сырдарияның төменгі ағысы арқылы өтетін аса маңызды сауда жолдарын өз бақылауына алуға ұмтылады. Азияны Еуропамен жалғастырып жатқан бұл жол өте маңызды еді.
XI ғасырдың екінші ширегінде қыпшақтар Сырдарияның төменгі және ортаңғы аңғарынан, Арал өңірі мен Каспий өңірі далаларынан оғыз жабғуларын ығыстырып, олардың батыс бағытында қозғалуына ұласты.
Қыпшақтар билігінің Арал өңірі мен Сырдария бойындағы аймақтарға таралуына байланысты XI ғасырдың 2-ширегінің басында «Оғыздар даласы» (Мафазат әл-гузз) деген атаудың орнына «Қыпшақтар даласы» (Дешті Қыпшақ) деген атау пайда болады.
Қыпшақтармен бірге Батыс Қазақстанда оғыз және печенег тайпаларының қалған топтары мекендеді, Сырдарияның төменгі ағысымен Маңғыстауда – түрікмендердің жекелеген топтары, шығыста наймандар, керейлер мен арғындар көшіп жүрді, ал Қазақстанның оңтүстігінде көшпелі және жартылай көшпелі имек, қарлұқ, жікіл, ұран, қай тайпаларының өкілдері мекен етті.
Қыпшақтардың негізгі шаруашылық кәсібі мал шаруашылығы болды. Орта ғасырлардағы жазбаша деректемелерден қыпшақтардың жылқы, қой, сиыр, түйе өсіргенін білеміз. Қыпшақтар малының құрамында қыста жаюға неғұрлым бейімделген жылқы мен қой басым болды.
Орта ғасырлардағы авторлардың хабарлауынша, қыпшақтар елінде көптеген адамдар бірнеше мың жылқы, ал олардың кейбіреулері он мың және одан да көп үйірлі жылқыны иеленген.
Араб географы әл-Омаридің деректері қыпшақтардың тарихи қалыптасқан көшу жолдары болғанын дәлелдейді: «Қыпшақтардың хандары қысты Сарайда өткізеді, ал жайлаулары, бір кездегі Тұран жайлаулары сияқты, Орал таулары аймағында».
Қыпшақ тайпаларының бірқатар рулары Арал өңірі мен Сырдария бойындағы аймақта қыстап, жаз кезінде солтүстікке, Қазақстанның орталық аудандарына кетіп отырған. Қыпшақ тайпалары жүздеген, ал кейде мыңнан да астам шақырым жерге көшіп жүрген.
Көктемде жаз жайлауға көшкен қыпшақ көшін көрген бір еуропалық елші:
«Арбаларға орнатылған сәнді шатырлар. Оларда балалар мен қарттар. Ал жастар барынша сәнделген атқа мінген. Көңілді жастар даланы ән мен күйге бөлеп барады. Қозғалып бара жатқан көш керемет қала көшіп бара жатқандай көз алдыңа елестейді» – деп жазып кетіпті.
Қыпшақ хандығында мемлекеттік істер жүргізіліп, ақсүйектер көршілес және алыстағы елдердің билеушілерімен хат жазысып отырған. Жазба деректерде қытай, үнді, ұйғыр ғұламалары мен данышпандары қатарында, қыпшақтан шыққан оқымыстылар да аталады.
Қыпшақтардың дамыған өркениеті әрі бай болуы батыс елдерін қыпшақтармен байланыс орнатуға итермеледі. Осы тұста жазылған «Кодекс Куманикус» атты еңбек сақталып қалған.
«Сенде, менде жоқ, аспанда, жерде жоқ. Тіпті қыпшақта да жоқ» – деген жұмбақ «қыпшақтардың өте бай, оларда бәрі бар» дегенді білдіреді дейді.
XI ғасырдың ортасында қыпшақ тайпаларының билеуші тоқсоба және бұржоғлы руларының үлкен топтары оңтүстік орыс және Қара теңіз өңірі далалары мен Византия шекараларына дейін қоныс аударған.
Жауынгер әрі бай қыпшақтармен байланыс орнату ол кез билеушілері үшін билігін сақтап қалудың кепілі есепті болды.
Қыпшақтармен сенімді байланыс орнатудың ең тиімді жолы – қыпшақтардан қыз алу болды:
- Ресейді билеген варяг – Рюрик әулеті славяндардан қыз алмайтын. Славяндарды олар құл – крепостной есебінде ұстаған. Ал қыпшақ қыздарына үйлену Рюрик әулетінде кең тараған. Орыстардың атақты «Игорь жорығы туралы аңызының» басты кейіпкері Игорь: қыпшаққа өзі жиен, әрі күйеу, әрі құда болатын.
- Грузиннің атақты патшасы – Давид Құрылысшы елін араб-селжүк шабуылынан құтқару үшін қыпшақ ханы Артықтың қызы Турандотқаға үйленіп, қыпшақтардың көмегімен елін құтқарып қалғаны тарихта қалған.
- Ал батыстық мемлекеттер жауынгер қыпшақтармен туыстық байланыс орнатуға жанын салатын.
Мысалы: «Византийские императрицы и аристократки кыпчакского (половецкого, куманского) пройсхождения играли заметну роль в политике Византий XII-XIII веков, часто становясь женами императоров для закрепления военных союзов.»;
«Латинские императоры и византийские аристократы часто вступали в браки с кыпчакскими принцессами для поддержки военных союзов»;
«Хотя прямые имена императриц – кыпчачек правивших единолично, редки, кыпчакская кровь присутствовала во многих знатных родах Византий того периода из-за постоянных брачных союзов»
4)Ал Азия билеушілері де осы жолды таңдаған екен. Мысалы: Сыр бойындағы қыпшақтардың ханы Алып Қара Ұранның ұлы Қыран батырдың қызы Теркен де осындай астарлы саясатпен хорезм мемлекетінің билеушісі Текеш шаһқа ұзатылған болатын. Отырар қаласының билеушісі Қайырхан осы Теркен қатынның немере інісі болатын. Текеш өлген соң орнына Теркеннің баласы Мұхаммед отырады. Ол алғашқыда көптеген жеңістерге жетіп, өз мемлекетінің шекарасын Кавказдан Үндіге дейін ұлғайтып, абыройы асқақтайды. Шығыста қыпшақтардың Сыр бойы қалаларын да қосып алады.
***
Шығыста Шыңғысхан билік басына келгенде бүткіл Еуропа мен Азия мемлекеттерін жауынерлігімен мойындатқан қыпшақтар бас-басына би болып, бірлігі кеткен, бірнеше ұсақ билеушілердің билігіндегі шашыраған ел болатын. Шыңғысханның шабуылы қыпшақтар үшін нағыз құлдырау болды.
Миллиондаған халқы бар Солтүстік Қытайдағы Алтын Империясын талқандап, мейманасы тасыған Шыңғысхан енді көзін батыстағы бай қыпшақ, Хорезм мемлекеттеріне салды. Тыңшылары өте жақсы жұмыс істейтін Шыңғысхан батыстағы елдерді бағындыруды бірінші Хорезмге бағынышты Сыр бойындағы қыпшақ қалаларын бағындырудан бастау керек екенін түсінді. Шыңғысхан үшін ең қауіпті жау бірлігі болса жауынгер қыпшақтар болатыны түсінікті еді. Шыңғысханның бағына, қыпшақтардың сорына қарай бұл кезде қыпшақ топтары бір-бірімен еш байланысы жоқ қыпшақ хандарының билігінде еді.
Шыңғысхан Хорезм мемлекетінің негізі әскери күштері түркімендер мен қыпшақтардың арасына және жергілікті халық соғдылар арасына сына қағып, соғыс бастағанда тура Шыңғысханның ойлағаны болды.
Отырарлықтар қыпшақ Қайырханның басшылығымен жер қайысқан Шыңғысхан әскерін бар жоғы өзінің 50 000 және Мұхаммед шах көмекке жіберген 10 000, барлығы 60 000 әскермен бес ай бойы бөгеп тұрғанда, не қыпшақ хандарынан, не Хорезм мемлекетінен бір көмек келмеді.
Ақыры түркімен Қарашоқының сатқындығынан Отырар халқы қанға бөкті. Қайырхан аман қалған 20 000 әскерімен ішкі қамалға бекініп тағы бір ай қорғанып, соңғы адамы қалғанша соғысты. Бұл туралы Шыңғысханды мадақтап кітап жазған Жувейни ««Қайырхан арыстан жүректі 20 000 батырмен ішкі қамалға бекінді. Енді олар өмірден күдер үзіп, өлімге бас тікті де, кезек-кезек 50 адамнан қамалдан шығып, моңғолдарды қырумен болды. Олар ең соңғы адамы қалғанша соғысумен болды. Сондықтан олар моңғолдарды көп қырғынға ұшыратты»- деп жазды.(1) https://zhalyn.kz/otyrar-or-anysyna-800-zhyl/
Сыр бойындағы қыпшақтардың ең негізгі, үлкен қаласы – Отырарды бағындырған Шыңғысхан енді Жошы бастаған қолды қыпшақтар иелік ететін Сығанақ, Ашнас, Жент пен Баршылықкентқалаларынбағындыруға аттандырады. Бұл қалалар да өршелене қарсыласты. Моңғолдар оларды аяусыз қырып, қалаларын қиратып тастайды.
Одан ары қарай да Шыңғысханға негізгі қатты қарсылық көрсеткен қыпшақтар болды. Соғдылардың көмегімен Бұхараны Шыңғысхан оңай қолға түсіргенде қаладағы негізгі түркімен әскері моңғолдардың қоршауын бұзып батысқа қарай қашты.
«Ал Бұхараның ішкі қамалына бекінген бар-жоғы 400 қыпшақ сарбаздары Шыңғыс хан әскері мен бұхаралықтардың біріккен шабуылына 12 күн бойы қарсыласты. Моңғолдар қамалға басып кіргеннен кейін де өле-өлгенше соғысты» (1).
«Тегі қыпшақ Құмартегіннің қолбасшылығымен Үргеніш қаласы Шыңғыс хан әскеріне өршелене қарсыласты. Бірақ тым кеш еді. Сыр бойы мен Мәуреннахрды толық қоластына бағындырған Шыңғыс хан бұл кезде тым күшейіп кеткен болатын. Түркімендер қарулас достары қыпшақтарға жасаған опасыздығының жемісін қапысыз жейді. Қала халқы әрбір көше, әрбір кварталды бекініске айналдырып бес ай соғысады. Бірақ күш тең емес болатын. Моңғолдар қала халқын аяусыз қырып, қаланы суға алдырып, үйіндіге айналдырады. Жувейнидің жазуынша, моңғолдар қаланы алғаннан кейін: «100 000-нан аса қолөнершілерді бөліп алып, жас әйелдер мен балалардан басқа адамдарды өлтіріп тастайды. Сонда әрбір моңғол әскері 24 адамнан өлтірген» (1).
Қыпшақтар мен моңғол әскерінің екінші соғысы 1221 жылы Солтүстік Кавказда болды. «Шыңғыс ханның бұйрығымен Жебе мен Сүбедей бастаған моңғол жасақтары солтүстік Иранды жайпап өтті де, Кавказда Грузия әскерінің талқанын шығарып, Солтүстік Кавказда аландар мен қыпшақтардың біріккен қолына тап болды. Алғашқы қақтығыс нәтижесіз болған моңғолдар қулыққа салып, қыпшақтарды алдап көндіреді. Жеке қалған аландарды талқанын шығарған соң, бейқам тарап кеткен қыпшақтарды қуғынға салды.
Аман қалған қыпшақтар орыс князьдерімен келісіп, 1223 жылдың 31 мамырында Калкада моңғолдармен қайта соғысты. Орыс князьдерінің әскерлері ортақ келісімге келе алмай, алғашқы күнгі соғыс негізінен қыпшақтар мен моңғолдар арасында болды. Басшысы қаза болған қыпшақтар түнде тарап кетті. Ертеңіне қалған орыс әскерлерін моңғолдар оңай қолға түсіріп, қинап өлтірді».
1236 жылы Бату ханның басшылығымен моңғолдардың батысқа жорығы қайта басталды. Қаптаған моңғол әскері орыс жерін таптай өтіп, Венгрияның шекарасынан бір-ақ шықты. Осы кезде моңғол әскерінде бүлік шықты.
Бұл жағдайды пайдаланған қыпшақ албөрлі тайпасының көсемі Басман өз жұртын бастап көтеріліске шықты. Еділдің жағалауын паналаған Басман қаптаған моңғол әскерімен партизандық соғыс жүргізді. Қаптаған моңғол әскері үш ай дегенде ақыры Басман тобын қолға түсіріп, қырып салды.
Осыдан кейін бас иген қыпшақтардың қайта бас көтеруінен қауіптенген моңғолдар «жиын өткіземіз» деп қыпшақ тайпаларының басшыларын жинап алып, қырып тастайды.
Аман қалған қыпшақ топтары Батысқа, солтүстікке қашты. Венгрия жеріне барған Қотан ханның негізгі халқы сонда Балқан түбегінде қалып қойды.
Сол сияқты Литва князьдігіне барған қыпшақ Тугор ханның жақтастары да Литва жерінде қалып қойған.
***
Бірлігінің жоқтығынан Шыңғыс хан бастаған моңғолдардан жеңіліп, әлемге шашырап кеткен қыпшақтардың ұрпақтары арада ширек ғасыр өтпей Шыңғыс ұрпақтары бастаған моңғол әскерімен қайта ұстасты.
1260 жылдың 3 қыркүйегінде Айн-Жалуд түбінде біріккен моңғол-армян әскерімен қыпшақтар Құттыз бен Бейбарыс бастаған мәмлүктер кескілескен шайқасқа шықты. «Моңғолдар жеңілмейді» деген лақапты тұңғыш рет жоққа шығарған қыпшақ мәмлүктер моңғол мен армяндарды қырып салды.
Иә, бұл Шыңғыс хан құрған империяның құлдырауының басы болды. Бейбарыс билеген Мысыр мәмлүктері жеңісін одан әрі дамытып, моңғолдардан Сирия мен Палестинаны азат етті.
Кезінде Сыр бойынан моңғол шапқыншыларынан қашып, Анадолы жеріне кеткен оғыздың Кай тайпасының билеушілері Ертұғрыл мен баласы Осман мемлекет құрып, батыстағы моңғолдардың билігін жойды.
Жошының ұрпақтары ислам дінін қабылдап, ислам дініндегі түріктер: Бейбарыс билігіндегі Мысыр мемлекетімен және Осман мемлекетімен бірігіп, моңғолдарға қарсы шықты.
Найманның Барлас руынан шыққан Ақсақ Темір Шыңғыс ханның ұлы Шағатай ұлысын және Құлағу құрған Илхандар билігін жойып, билікті моңғолдардан тартып алды.
Шығыстағы Шыңғыс ханның екі ұлы Үгедей мен Төленің ұлыстарын көтеріліске шыққан қытайлар жаулап алып, Шыңғыс ханның тұқымын жойды. Осылайша, Шыңғыс ханның өз қанынан тараған ұлдары – Шағатай, Үгедей, Төленің ұрпақтары түгел жойылды.
Енді жер бетінде Шыңғыс хан империясының бөлігі саналатын тек Жошы ұлысы ғана қалды. Алғашқыда Жошы ұлысы деген атпен шаңырақ көтерген мемлекет кешікпей-ақ қанатын кеңейтіп, Алтын Орда атанды.
Шығысында Балқаш көлі мен Ертіс бойынан бастап, батысында Қара теңіз бен Дунай өзеніне дейінгі өңір Алтын Орданың иелігінде болды. Әсіресе, Бату ханның (1227-1255) батыл қимылдары Алтын Орданың мемлекеттігін біржолата орнықтырып, батысында Венгрия мен Польшаға дейінгі жерді, оңтүстігінде Қапқаздың біраз бөлігін қоластына қаратты.
Бату ханнан Жәнібек (1342-1357) ханның билігінің соңына дейін Алтын Орданың даңқы аспандап, аяқ жетер жердегі елдерді ықтырып отырды. Жәнібек ханнан соң Алтын Орда билігі әлсірей бастады.
1380 жылы әйгілі Куликово даласында Мәскеудің кінәзі Дмитрий Донскойдың әскерімен болған шайқаста итжығыс түсті.
1391 және 1399 жылдары Ақсақ Темірдің әскері Алтын Орданы есенгірете екі дүркін соққы берді. Билікке таласқан Тоқтамыс хан мен Едіге бірінің түбіне бірі жеткенше қырқысты.
Нәтижесінде, XV ғасырдың соңына ала Алтын Орда өз ішінде Қазан, Қырым, Астрахан (Ноғай), Қазақ, Өзбек хандықтарына бөлініп тынды.
1457 жылдың күзінде Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін билігі әлсіреп, 1465 жылы Керей мен Жәнібек сұлтандар қоластындағы ру-тайпалармен Шу өңіріне келіп қоныстанып, Қазақ хандығының негізін қалады.
Қазақ хандығы үлкейе келе байырғы Дешті Қыпшақ даласына ие болды.
Қазақ халқының құрамына Қыпшақ руы атымен енген халықтар негізінен Сыр бойын, Арқа өңірін, Солтүстік, Солтүстік-Шығыс Қазақстан (Ақмола, Қостанай, Торғай) аумағын мекендейді.
Қазіргі қазақтың Кіші жүзіне кіретін халықтардың 80%-ке дейіні баяғы 92 баулы Қыпшақтардың ұрпақтары. Қазақ хандары бұрыннан бар түркілердің ел басқару тәртібіне сәйкес халықты үш жүзге бөлгенде, Кіші жүзге бөлінген қыпшақтар төменгі аталарының атымен аталып кеткен. Мысалы: Бейбарыс – беріш, Жалаңтөс – алшын және т.б.
Сол сияқты «қазір Ұлы жүзге кіретін қаңлылар да кезінде 92 баулы қыпшақтың құрамында болған» деген дерек бар. Мысалы: Қайыр ханды қаңлы деп санайды.
Қойшығара Салғарин «Көмбе» еңбегінің 24-бетінде: «Ұйғырдың екінші ханы Моюн-чурдың құлпытасында “Түрік – қыпшақ бізді елу жыл биледі” деп жазылған» – дейді.
Батыс түрік қағанатының негізгі халқы қыпшақтар десек, арғындар сол Батыс түрік қағанаты құрамында болған басмылдар дейді ғалымдар. Қарақыпшақ Қобыланды мен Қодан бидің баласы «Ақжол» бидің (Дайырқожа) дауынан кейін Әбілқайыр құрған Өзбек хандығының халқы екіге бөлінгенге дейін арғын мен қыпшақ бөлінбеген.
Қазіргі тарихшылар арғын руының тарихы осы кезеңнен (XV ғасырдан) басталады дейді. Соған қарағанда арғындар да сол 92 баулы Қыпшақтың бір атасы болуы мүмкін.
Қыпшақтар қазақтан басқа да түркі халықтарының (қырғыз, өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт, ноғай, қарашай, әзірбайжан, түркімен, балқар, т.б.) ұлт болып қалыптасу барысында елеулі рөл атқарды.
