АЛА СИЫР, ТҰЛЫП ЖӘНЕ АҚҚЫЗ ӘЖЕМ (Әңгімелер)
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Құрметті журналисі
(Боямасыз өмір)
Балалық деген базарды балағымызды түріп тастап армансыз, алаңсыз аралап жүргенбіз. Балауса балдәурен кезеңнің көктемесінде көңілдерге көк кептер қонып, ешнәрсенің парқын біле бермейміз. Таңертеңнен шешем ағарған ішкізеді. Кейде көгілдір қыраттарға шығып, шеңгел-шеңгелдің арасынан жуа теріп келеміз. Балалық шағыңызда айранға жуа араластырып ішкеніңіз бар ма? Бір жапырақ нан табыла қалса, бала үшін бұдан артық тамақ болмаушы еді ғой.
Жалаңаяқ жолдастарыммен жуа тере кеткенмін. Жолай бір бау балауса шөп жұлып алып тымпыңдап көтеріп келдім. Ондағым біздің асыраушымызға айналған ала сиырдың өзінен аумай қалған бұзауына беру. Оның енесі бізге ағарған сыйлап жүр ғой.
Иығымдағы шөпті тастай беріп – денем дір етті. Кішкене ғана бұзау қозғалмайды, көздері бір нүктеге қадалып қалған. Ұстап көрдім. Қуыс кеуде, құр мүсін. Шошып кеттім.
– Апа! – деп қорадан атып шыққанымды білемін.
Әжем мандайыма суық шүберек басып отыр екен.
– Қорқып қалған ғой, – деп таңдайымды көтерді.
Кейін білдім, ала сиырымыздың әдемі бұзауы әлдеқашан өліп қалыпты. Сиырды идіру үшін әкем мен шешем бұзауды сойып, терісіне шөп толтырып қойыпты. Оны «тұлып» деп атайды екен. Байғұс сиыр сол тұлыпты бұзауым деп еміреніп иіскеп, емшегінен шелек-шелек сүт сорғалайтын көрінеді. Бос тұлыпқа еміренген ала сиыр бізді сүтке қарық қылғанмен, «бұзауы» өспей-ақ, идіріп ембей-ақ қойды.
Күндердің күнінде өзінің кұр тұлыпка алданып жүргенін сезді ме, бауырына жакындаған шешемді теуіп, сүзіп, алакөздене өкіріп манайына жолатпай койды. Содан өрістен төрт емшегі сыздап тағатсызданып келмейтін болды.
…Көршіміздің Қорабай деген ұлы болды. Мектепте оқып жүргенде тентектігімен аты шықты. Жоғары сыныпқа өткен кезде шараптан дәм ауыз тиді. Сол, сол-ак екен, Қорабай қарадай жүріп бүкіл ауылды қырып жіберетін «өнер» ашты. Мектептен соң училищеге түсіп, механизатор болып оралды. Кеңшар басшылары, комсомол комитеті оны әскерге аса «құрметтеп» шығарып салды.
– Әскерде танкі айдадым. Командирдің өзін танкімен тырқыратып талай қудым, — деп аузына арақ тигенде бөсіп отырғанын талай естідік.
«ДТ-75» деген шынжыртабанды трактор беріп еді, көп ұзатпай оны нағыз «танкіге» айналдырып шыға келді. Ішіп алғанда адамдарды көше-көшемен трактормен тырқыратып қуатынын әлі ұмытқанымыз жоқ. Ошақбайдың шарбағын ойрандап кеткені бар, Маусымбектің қорасын бұзып кеткені бар, ауданға айдалып, он бес сотке «қонақ үйге» жатып келген күндерінде есеп жоқ. Сонда да ес кірмеді Қорабайға.
– Бұл диюды үйлендірейік. Келіннен ұялар. Балалы-шағалы болса тентектігі тиылар, – десті үлкендер жиылып.
Енді Қорабай көкемнің өз тойында өзі төбелес бастап, бүкіл ауылды қырып кете жаздаған «концертін» каз-қалпында қағазға түсірсек, төрт-бес парақ қор болады. Мелдебек жәкемнің қолынын сынғаны, Сұлтан көкемнің басы жарылғаны, Түктібай ағаның иығы шығып кеткені, Тоғызбайдың тепкінің астында қалып, бет-ауызы көнектей болып ісіп, адам танымастай күйге түскені, бүкіл ыдыстың сынып-күйрегені сияқты «ұсақ-түйекті» айтсақ та жеткілікті.
Айтпақшы, учаскелік инспектор Қарасарт Жанбырбаев Қорабай көкемді сол күні ауданға айдап, көзін бақырайтып он бес сөткеге жауып-ақ тастайтын еді, ауылдың ақсақалы, қарасақалы түгел жиналып, «бүгін ғана шаңырақ көтерді, тойдың бәлесі ғой, «қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде», ағайын араз болмасын, тентегімізді өзіміз тезге саламыз. Бір жолға кешір» дет жата жабысып жалбарынбағанда. Сөйтіп, Қорабай көкеміз туралап келген «ажалдан» осылай аман қалды.
– Ой, атасына нәлет! Төбелеспесе тойдың несі қызық? Қатып кеткен төбелес ұйымдастырдым-ау. Әттең, өз тойым болып, қолымның қышуы қанбай қалды, – деп жүрді бұл дүлей көпке дейін.
Қолының қышуы қанбай қалған төбелесі осы болса, қанғандағысы қандай болар еді?! Құдай сақтасын!
Үйіне тезек түсіріп, сексеуіл түсіріп жүрген Қорабайды ел «түзелдіге» санап-ақ қалған еді. Қайдағы?! Бір күні тракторын жау қуғандай безектетіп келе жатқанын көріп, үй-үйге, қора-қораға тығылдық. Сол күні көршіміздің иті үріп, сиыры мөңіреп, балалары ұлардай шулап, жеңгеміз асаудай тулап шықты. Көкеміздің үйіне әлдекімдердің кіргенін, оны ұйықтата алмай алысып шыққанын бала болсақ та көзіміз бақырайып жатып білдік. «Біздің үйге кіріп кетпесе екен» деп Құдайға жалбарынып, көрпе астына жасырындық. Кішкентай жүрегіміз бүлк-бүлк соғып жатып: «Қорабай көкем бұдан кейін арақ ішпесе екен» деп Тәңіріден тіледік.
Бірақ біздің бұл тілегіміздің де, Аққыз әжеміздің көкке емшегін сауып жалбарынғанының да шапағаты болмады. Тозақ уының ащы тырнағына тұсақталған Қорабай көкемнің көздері ештеңені көрмей, ақыл-есін тұман торлап, ібілістің соңынан ере берді (әжем солай айтады ғой, ол кездс біз ібілістін не екенін қайдан білейік). ІІІайтан судың құлына айналған көкеміз қарайғанды қас дұшпан санап, қарадай-қарап соктығысатын. Соңғы кезде көзіне белгісіз елестер еніп. түні бойы аласұрып шығады екен дегенді еститінбіз. Жеңешеміз темірден жаратылған жан-ау, сірә. Көкемнің қолақпандай жұдырығына көпке дейін шыдап бақты. Бет-ауызы көкала қойдай болып ісініп, ел көзіне карауға шамасы келмей, бұқпантайлап, жүзін орамалмен орап үйде көміліп отырды. Ешкімге, тіпті, төркіндеріне де тіс жарып шағым айтпады.
– Мандайыма жазылғаны осы шығар. Құдай салды, мен көндім, – дегенін естіп, апам талай рет риза болып келген.
Сөйткен солдаттың етігіндей сірі жеңгем де бір күні сөгілді. Қатты бір тепкенде бүйрегі езіліп, аудандық ауруханадан бір- ақ шықты. Емделіп, беті бері қараған соң шаңырағына оралар деп ойлағанбыз. ІІІашы жалбырап жүгіріп жүрген жапырақтай қызын да, кішкентайынан булығып өскен, оңайлықпен сөйлей қоймайтын қарадомалақ баласын да көргісі келмей, төркініне тартып кетті.
– Енді көрмегенім Қорабайдың үйі болсын. Балалар есін жинаса, шешелерін бір күні өздері-ақ табар, – депті.
Бұл соңғы сөзі.
Ал, ағамыздың «арақты қоямын» деген сөзінің шет-қиыры болмады. Оның «қойдым» дегені енді бізге «тойдым» дегендей естіле бастады. Бірақ ол ешқашан ішімдікке тойып көрген емес. Маскүнемдікке салынған адамдар ұмытшақтық дертіне душар болады деседі ғой. Бәлкім, ол осы кеселді жұқтырған шығар. Әйтеуір, казір айтқанын қазір ұмытады. Әйтпесе, өткенде ғана жылап отырып: «Арақты біржолата қойдым» дегені қайда?
Көкеміздің психикасында да біз біліңкіремейтін бірдеңелер байқалды. Кейін білдік, мұны «психоз» дейді екен. Жүйке жүйелері жұлым-жұлым болып зақымданған көкеміздің құлағына түрлі дауыстар естіліп, көз алдына қорқынышты елестер көрініп, арақ ішкен түні «шайтандармен шайқасып» шығатын болды.
Күндердің күнінде ағайындар жиналып Қорабай көкемнің қол-аяғын тұтқын секілді тарс байлап, әлдеқайда алып кетті. Алқаштарды емдейтін арнайы ауруханаға жатқызған ба, бірер айдан соң ағамыз мең-зең күйде қайтып келді де араға көп уақыт салмай «ескі досымен» қайта қауышты.
Дүрбелең қайта басталды. Көкемді тырп еткізбей қол-аяғын арқанмен байлап, емші-тәуіптерге емдетуге әкетті. Осы сапардан ол кәдімгідей оңалғандай болып оралды. Жүзіне қан жүгіріпті. Бір таң қалғанымыз—қолынан құман түспейтін болыпты.
– Иә, әруақ! Ұзағынан сүйіндіргей! – деп қариялар қуанып жүрді.
Бір күндері болғанда Қорабай көкемнің көздері тұманданып, қолына құманды алып Қойбағар жәкеме тұра ұмтылды деседі. Сол сол-ақ екен, Қорабайдың бәз-баяғы бозборан бейберекет әрекеті бұғып жатқан жыландай басын көтеріп, цунами желіндей сумаңдата, солқылдата соқты дейсіз бір. Ол жолындағысының бәрін жайпап бара жатты.
Әжемізді ескі қорымдағы атамыздың қасына табыстап, үйге келгендер жағаларын ұстапты деседі. Үйде іліп алар ештеңе қалмапты. Қора тып-типыл. Ағайын-туыс жылу жинап, әжеміздің жетісін, қырқын өткізді.
– Сорлы Аққыз, қу тұлыпқа телміріп өтті. Осы жалғызы адам бола ма деп арқа еті арқа, бордай еті борша болып, ғұмыр кешті. Жастай жесір қалып еді, қараң қалғыр Қорабай, шешесіне не жақсылық көрсетті? Енді бұл алқаш не істер екен? – деп үлкендер жиналған кезде аһ ұрып отыратындарын бала болсақ та естідік. Сонда кішкентай жүрегіміз атқақтай соғатын.
Бір күні жеңешеміз келіп, ұлы мен қызын алып кетті.
– Үлкейген соң елін табар. Әзірге Қорабайдың тепкісін көрмесін. Жанымды жалдасам да жаутаңдатпай жеткізермін, – депті жеңешеміз.
Сөйтіп. айдың-күннің аманында бауырларымыз басқа жұртқа кетті. Жылай-жылай кетті. Жаутаңдап кетіп бара жатқан көздеріне карай алмадық. Жүрегіміз қан жылады.
Тірі тұлыпқа айналған Қорабай көкем де бір күні біржола тыныш тапты. Үрейге бой алдырған ол қораға барып арқанға мойнын салыпты.
Бірақ ұлы мен қызының басына бір уыс топырақ салмағаны қатты батты.
Енді кім іздейді, сізді көке!
***
Жуырда баспасөз беттерінен мына мәліметті оқып жағамды ұстадым. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, республикамыздағы наркологиялық мекемелерде 90 мың адам маскүнемдік дерті бойынша есепте тұрады екен. 2019 жылғы дерек бойынша, жастардың 1,4 пайызы ішімдікке тәуелді. Алкоголь салдарынан өлім- жітімі ең жоғары рейтингте Қазақстан оныншы орында. 2021 жылы 8900 мас жүргізуші ұсталған. Сонымен қатар мас жүргізушілердің кінәсінен 193 жол апаты тіркелген. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанда ішімдік ішу деңгейі күніне айына еркекке 25 литр, әйелдер арасында шамамен 9 литр деген қорытындыға келген. Еліміздің тұрғындарының 33,3 пайызы, яғни үштен бірі арақ ішеді. Жас ерекшеліктеріне келсек, 40-49 жастағылар көш бастап, 20-29 жастағылар одан кейінгі орында. Ал, 18-19 жастағылардың үлес салмағы 37,7 пайызды, жасөспірімдердің үлесі 22 пайызды құрайды. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары ішімдікті шамадан тыс тұтыну ұлт денсаулығы үшін қауіпті, ұлттың тегін құртады дейді.
Ұлттың тегін құртқаны емей немене, Қорабай көкемнің басынан өткергендерінің өзі талай қасіреттің басы емес пе? Қазақ қай баласын қаңғыртып жібереді? Қай қазақ отбасының берекесін кетіреді? Шариғат та өзіне-өзі қол салғанда хош көрмейді. Оларға тіпті жаназа да шығарылмайды. Шешесі қолы-көсеу, шашы-сыпырғы болып жүріп ит өліммен өлді. Әйелі босағасын аттағалы рахат, отбасы қызығын көре алмай-ақ кетті. Ұлттың тегі құрымағанда енді несі қалды?
Ер-азамат әрбір отбасының ұстыны, тірегі. Әр әке-шеше өмірге ұл бала келсін деп тілегенде «соңымда із қалсын» дейді. Адам ұрпағымен мың жасайды. Әрбір шаңырақ өмірде өз орнын тапқан ұлы – ізбасарымен мақтанады. Ал, сол ат тұяғын басар тайдың тағдыр талайы бұралаң жолмен өтсе ше? Онда отбасы үмітінің өшкені. Арамызда қаншама отбасы өз шаңырағын ортаға түсіріп, ішімдіктің құлына айналып жүр десеңші. Өткенде өмір бойы жоғары қызметте істеген бір кісінің жалғыз ұлы ауыр індет – есірткіге елтиді деп естігенде не айтарымды білмедім. Сол жалғызбен бірге жалқы үміт те жалп етіп сөнді. Ендігі әке тағдыры не болмақ? Ол да құр тұлыпқа иіген біздің әлгі ала сиыр сияқты өлімтік ұлға үміт артып келді ғой.
Қызық. Сиыр ғой – мал.. Түйсік атаулыдан жұрдай. Құр тұлып сияқты. Ал, адамдар ше?..
Адамдар алданбайды. Бірақ, үмітін өшіре алмай өтетіндері өкінішті.
Ей, адамзат баласы! Ссн де бір үйдің үкілеген үмітісің. Әкең мен шешең, туыстарың, бауырларын құр тұлыпқа емес, тұлғаға қарап қуансын.
***
Тұншығып ояндым. Біреу алқымымнан сығымдап қысқандай, алқынып тұрмын. Түс көріппін.
Баяғы бала кезім екен деймін. Ала сиыр аларып қарайды. Үйге қарай айдаймын, кашады. Арғы жақтан Аққыз әжем көрінді. Көзінде мұң. Жанарында жас. Бір уыс болып бүктетіліп қалыпты. Айтпақшы, соңғы кезде оны «бүкір кемпір» дейтін. Қолын маңдайына койып ту-у алысқа қарағыштайды.
– Қорабай, а, Қорабай, қайдасың?
Әне, ана қыраттан Қорабай көкем көрінді. Қап-қара болып түтігіп кетіпті. Артына қарайламайды. Жападан жалғыз жалаңаяқ от кешіп бара жатыр. Осы оттың шетіне келгенде Аққыз әже состиып тұрып қалды. Алаулаған от өткел берер емес. Бүкір кемпір бүк түсті.
– Қайт, балам, қайт!
Аққыз әженің ащы айқайы екен мені оятқан.
Сол күні Аққыз әжемнің бейітінің басына барып Құран оқыдым. Күтімсіз қорымның үстін арамшөп басып кетіпті…
ҚАСІРЕТ ҚАҚПАНЫ
Төрткүл төңірек күлгін түске боялып түрленіп тұрар еді. Белуардан келетін балғын шөптің арасында Досжан мен иті Құтжол олай да бұлай асыр салып жүгіретін. Бәлкім, жастықтың буырқанған бұла күші ме екен, қанша жүгірсе де Досжан да, Құтжол да шаршау дегенді білмейді.
— Досжан, а, Досжан, шаңқай түс болды ғой. Үйге қайта ғой, күнім. Тамағыңды іш,- дейді анасы Сақыпжамал итпен ит болып асыр салып жүрген ұлына елжірей қарап.
Анасы қанша шақырса да Досжан ойын қызығынан шыға алмайды. Ол біресе үйдің батысындағы жотаға шығып кетеді. Ендігі бір мезетте көлге қарай құлдыраңдап жүгіріп бара жатады. Үйдің ұсақ-түйек күйбеңінен қолы босамайтын Сақыпжамал енді ашуға басады-ай келіп.
— Әй, Досжан, осыдан әкең келсін. Қара да тұр, күні бойы үй бетін көрген жоқ деп айтпасам ба?- дейді қорқытпақ болып.
Досжан мұндай қорқытулардың талайын көрген. Анасінікі әншейін қорқыту ғана. Ал, кешкісін өрістен малмен бірге әкесі келгенде бәрі де басқаша болып кетеді. Әуелі әкесі Досымжан ұлын атына отырғызып, өзі шаруаторы бестіні жетекке алады. Малды жайғап болып кешкі тамақ үстінде әкесі мен шешесі Досжанды айналып-толғанып отырады. Таңның атысынан батысына дейін Досжанның соңынан айқайлай-айқайлай дауысы қарлыққан шешесі манағы ашуын тарс ұмытып кетеді. Әкесі мен шешесінің ортасында түрлі ертегілер тыңдаған Досжан маужырап ұйқтайды. Ал, таңертең оянса әкесі бағана, таң қылаң бергенде-ақ отарды өріске айдап кеткен болып шығады. Төсектен еріне тұрған Досжанның ауызына анасы қолындағы барын тосып, бәйек болады.
Осы үйде үш ит бар. Алапар мен Бөрібасар үнемі әкесінің соңынан салпақтайды да жүреді. Құтжол Досжанға үйірсектеу. Екеуі алысып-жұлысып ертелі-кеш ойнайды . Кешкілік Досжан үйге кіріп кеткенде «мені неге тастап кеттің?» дегендей Құтжол екі көзі босағаға қарап телміріп жатады да қояды. Досжанға салса ол Құтжолды үйіне кіргізіп, қасына алып ұйықтағысы бар. Бірақ, әкесі мен шешесі Құтжолды қораны күзетеді деп үйге кіргізбейді.
Қалай дегенде де қырқадағы күндер қызықты еді. Бірақ, иә бірақ, бір күні Досжан табан астынан сырқаттанып, түні бойы сандырақтап шықты. Бәленің бәрі осыдан басталды.
Ауылдан едәуір қашық жайлауда болғандықтан, дәрігерге апару қиын соқты. Оқта-текте бір соғатын ферма басқарушысы да төбе көрсетпей қойды. Су таситын машина да қас қылғандай қарасын батырды.
— Қой, бұлай қол қусырып отыра берсек, мына баланы өлтіріп аламыз. Бір әрекет ету керек,- деп Досымжан өн бойы от болып алаулап жатқан ұлына қарап дегбірсізденді.
— Сонда не дейсің, шағыр-ау,- деп Сақыпжамал шарасыздық танытты.
Болса, болмаса да ауру ұлды атқа өңгеріп ауылға жеткізе алмайды. Әншейінде әрі-бері ағылып жататын көліктер де қас қылғандай қарасын батырды.
— Мен ауылға барып келсем қайтеді?- деді Досымжан далаға қос құлағын түрген қалпы.
— Мына құлан жортпас қу далада бізді қасқыр қырып кетсің дейсің бе?- деп Сақыпжамал шар ете қалды.
— Атпен желдіртіп отырып, таң атқанша келіп те қаламын ғой. Дәрігерді алып келемін,- деп Досымжан далаға шығуға оқталды.
— Ауру баламен бірге мені де өлсін дейсің бе? Балаға қараған сайын жүрегім жаншылады. Енді сен кетсең… деп Сақыпжамал тілін жұтып қойды.
Досымжан үйге бір кірді, бір шықты.
— Әй, шал, мен бір амал ойлап отырмын,- деді Сақыпжамал әлден соң.
— Ол қандай амал? Манадан бері соны айтпайсың ба, менің жанымды қуыра бергенше.
— Мына адырдан аздап сора жинап келіп едім. Сол шөпті қайнатып беріп көрелікші. Бәлкім, ыстығы түсер, беті бері қарар,- деді Сақыпжамал.
— Ойбай-ау, неге отырсың? Бағанадан бері мелшиіп? Тұр, шөбіңді қайнат,- деді Досымжан.
— Сені ұрсатын шығар деп…
— Бала сауығып кетсе неге ұрсайын.
— Ендеше, мен шөп қайнатуға кірісейін.
Сұлық жатқан Досжан қайнатпаны ішкен соң, өн бойы борша-борша болып ағыл-тегіл терледі. «Иә, сәт!» деп Досымжан Жаратқаннан медеп тілеп отырды.
Ал, таңертең Досжан:
— Апа, шөлдеп барамын,- деп оянды.
— А-а, қара басып ұйықтап қалыппын ғой,- деп Сақыпжамал орынынан ұшып тұрды.
Түске таяу Досжан құлан-таза жазылды. Әйелінің шипагерлігіне шаттанған Досымжан шопан отарды алысқа өрістетті. Кешке үйіне оралғанда құлдыраңдап ойнап жүрген ұлын көріп сүйсінді.
Содан кейін бұл отбасы күлгін түсті шөпті дорбаға салып, кереге басына іліп қоятын болды. Қыстауға барғанда көрші-қолаң Досымжанның үйіне келіп, соғым жеп, «көк шөппен» шай демдеп ішіп, мәре-сәре болып тарқасатын. Көк шайды үлкендермен бірге ішетін Досжан енді керекті шөпті өзі таңдайтын болды.
Сөйткен Досжан ауылдағы мектепке барғанда әкесі ұлан-асыр той жасады. Бастауыш сыныпта жүргенде-ақ тентек аты шыққан Досжан жоғары сыныпта маскүнем атанды.
— Біздің бала ауылдың атаманы!- деп әкесі масаттанды.
Атаман ауылдан ұзай алмады. Мектепті ілініп-салынып жүріп бітірген ол бұдан әрі оқимын деп талпынбады да. «Азар болса, мен сияқты қойшы болар, мал соңында жүріп те ешкімнен кем емеспін» деп Досымжан әуелі арқаны кеңге салды. Бірақ Досжан қой баққан жоқ. Үш айлық механизаторлар даярлайтын курсты бітірді де кеңшарға тракторшы болып жұмысқа орналасты. Бұл кезде Досымжан малын кеңшарға өткізіп, ауылға көшіп келген болатын. Жалғыздың жыры осыдан кейін үдеді емес пе? «Арақ ішуін тияр» деп құда түсіп, бір шүйкебасты үйіне кіргізіп еді, байғұстың басынан таяқ кетпеді.
Арада көп уақыт өтпей Досжанның нашақор екені бүкіл ауылға аян болды. Тракторын қисалаңдатып көшемен келе жатқанда тұрғындар тығылатын жер таппай зәре-құттары қалмай жан-жаққа шілдей бытырап қашады. Сөйтіп жүріп ол тракторынан айырылды. Досжан далақтап далаға қарай қашатын жаман әдет тапты. Тауқыметіне көрінді ме, осы тұста Кеңес үкіметі күйреп, кеңшар да тарап кетті. Не жұмыс жоқ, не табыс жоқ, атақты шопанның шаңырағы шайқала бастады. Оның үстіне Досжанның елді дүрліктіруі тиылмады.
Бірде Досжан үйге көздері құтырған қасқырдікіндей қанталап келді. Сақыпжамал айран беріп еді, қолын қағып жіберді. Айран ақтарылды да қалды.
Сол күні оның бүкіл денесі сіресті де қалды. Демі тарылып, тыныс алуы қиындады. Кеудесін кере дем алғысы келгенімен, ауа жетпейтіндей. Оның өн бойын, сүйектерін әлдебір жегі құрт мүжіп, жеп жатқандай. Құлағы шыңылдап, миы солқылдап, қол-аяғы сұмдық сырқырағанда жанын қоярға жер таппай ыңырсыды. Әлден соң көздері аларып, есінен танып қалды.
Сақыпжамал мен келіні Айнаш ауыл дәрігеріне жүгірді. Досымжан көзі аларып барып-келіп жатқан ұлының жанында состиып тұрып қалды.
Ауыл дәрігері Сартай сырқаттың сырын айтқызбай түсінді. Досжанның білегіне есірткі егу ғана қалып еді. Ал, онда есірткі қайдан болсын! Ол амалсыз аурудың әке-шешесіне қарады.
— Балам,- деді Досымжан,- мен кәріқақпас, бәрін де білемін. Үйді тінтіп көремін. Мынаның дәрісі табылса, тамырына ек. Өліп кетпесін. Жалғыз тұяқ қой. Сосынғысын көре жатармыз,- деп шерлене жылап жіберді.
Сартай тәжірибелі дәрігер екен, өйтіп-бүйтіп Досжанды тірілтіп алды. Бірақ, мұнан соң да Досжанның денсаулығы түзеліп кете қоймады. Бүкіл сүйегін құрт жеп жатқандай қиналатын кездері көп. Мұндайда көздеріне ештеңе көрінбейді. Қорадағы малды, үйдегі қолға іліккенді түгел сатып бітті. Есін жиғанда ауыл шетінен өтетін теміржол бойындағы бекетке барады. Онда өзі сияқты қаңғығандар көп. Ұрлық қылады, жалғыз-жарым жолаушыны тонайды. Сосын таудағы үңгірге келіп тығылады. Тапқан-таянғандарын осында ішіп-жеп гәйпке бөгіп жатады. «Тауар» таусылғанда қорқау қасқырдай үңгірден шығады.
— Бұл кеткен екен, адам болудан қалған екен,- деп Досымжан басын тауға да, тасқа да соққылады.
Досымжан қарт күйіктен бүк түсіп жатып қалды. Артынша оны ағайындары ата-бабалары жатқан төбеге көтеріп бара жатты.
Мына зар-запыран күйікке Сақыпжамал да шыдай алған жоқ. Шалының қырқы өтпей жатып жанына жетіп алды. Үрейлі үңгірде жатқан Досжан әке-шешесінің басына топырақ салуға келе алған жоқ.
Бірде көрден тұрған адамдай сүйретіліп ауылға Досжан келді. Түрі әлемтопырақ. Көздері ұясына кіріп кеткен, сұп-суық. Мұны көрген ауыл балалары үрейленіп, үлкендердің тасасына тығылды. Жүрегі кеудесіне сыймай кеткендері үйлеріне қарай қашты.
Досжан тірі пенде жоқ үйіне кіріп, түкке түсінбей сенделіп жүрді де қойды. Оның семген санасына ештеңе де кірмеді. «Бұлар қайда жоғалып кеткен өзі?» деген бір ой алыстан қылаң бергендей болады. Бірақ, нені, кімді іздеп жүргенін өзі де түйсіне алмайды. Көз алдына еміс-еміс бір елес келгендей болған. Иә, иә, Айнаш бар екен ғой, ол қайда кеткен? Құлдыраңдап жүгіріп жүрген құнтақандай ұлы қайда?
Ол теңселіп тұрып-тұрыпгүрс етіп құлап түсті. Миы солқылдады. Жер зыр айналып тұрғандай басы зеңгіді. Көздері шапыраштанып, ауызынан ақ көбік атқылады. Бүкіл денесі солқ-солқ етті де әлден соң қол-аяғы сіресті де қалды. Досжан енді денесін билей алмады. Көз алды қарауытып, белгісіз бір тұңғиық қараңғылыққа шым-шым батып бара жатты. Ол қасірет қақпанына құтылмастай болып түскен еді.
Ауыл тұрғындары ұлыған иттің дауысынан шошып оянды. Досымжан қарияның үйіне қарай ағылған адамдар үрейлене кері қашты.
Қан сасыған үйге батылы барып ешкім де кіре алмады.
Ағайындар Досжанды арулап та жер қойына тапсыра алмаған. Ауданнан келген ішкі істер басқармасының қызметкері оның мәйітін алып кеткен. Біреулер оның сүйегін өртеп жіберген деседі. Екінші біреулер мекенжайы белгісіз қаңғыбастар жерленетін жерге көмілген дейді. Соңынан іздеп барған ағайын-туыс түңеріп қайтты.
Ауыл шетіндегі шаңырағы ортасына түскен осы бір үй тым үрейлі көрінеді. Ымырт түсе ауыл адамдары бұл үйдің жанынан өтуге қорқады. Үй ішінен қиналған, ыңырсыған адамдардың дауыстары естілетін көрінеді. Ауылдың бір маскүнемі осы үйге кіріп арақ ішкен екен, көп кешікпей жынданып кетіпті.
Кешкісін осы үй маңынан өтіп бара жатқан бір топ баланы белгісіз құбыжық қуалады деп шуласады көпшілік. Үрей билеген ауыл адамдары шошына бастаған. Олар ақылдаса келіп ту-ту алыс аудандардың бірінен қара суды теріс ағызатын үлкен молданы тауып, қолқалап ауылға әкелді.
Басына дағарадай орамал байлап алған молда «жауырыным мұздап бара жатыр» деп үйге жолаған жоқ. Жақын жердегі бір төбеге шығып алып, текемет үстіне жайылған көрпеге молдас құрып отырған молда Құранды ұзақ оқыған. Қасындағылардың шыдамдары таусыла бастағанда барып басын көтеріп: «бензин әкеліңдер» деп әмір етті.
Әлден соң үрейлі үйден лап етіп жалын көтерілді.
— Қасірет қақпанынан аман қалдыңдар. Балаларыңа, үрім-бұтақтарына аманаттаңдар, ана қырсық шалған далаға барып сора термесін!- деп бетін сипаған молда есегіне мініп кете барды.
Өртке жиналғандар оның көзді ашып-жұмғанша ғайып болып кеткенін көріп таң қалды.
Сол түні ауыл иттері әлденеге шабалана үріп, ұлып шықты.
— Басыңа көрінсің!- деп қарғады бүкір кемпір.
— Тыныш-тыныш! Ауыл іргесінен жын-шайтандар көші өтіп барады,- депті ауыл молдасы.
Арада қанша жыл өтті. Бірақ алыс адырдағы осы бір оқиға жұрт жанында әлі де жаңғырып тұр…
Иә, қасірет оңайлықпен ұмытылар ма?..
ҚАРҒАНЫҢ МӘТКЕСІ
Түкпірдегі осы ауылдың тарихын бүгінгі жастар түгілі үлкендердің өздері толық білмейді. Бар айтарлары қырқыншы жылдары ит байласа тұрғысыз құла дүз, суырған құм ішінде жортқан аңнан басқа тіршілік иесі жоқ алыс қойнауға бір топ адамды көшіріп әкеліп тастаған да «Бұдан былай сопқоз боласыңдар. Сендерге жүктелер міндет алдарыңдағы қоғамдық малды шашау шығармай аман бағу» деп тастап кете барған. Енді сол заманды әңгімемізге тиек етіп қалдық, аздап созыңқырайық.
1948 жылдың қоңыр күзінде америкалық «Судабекр» жүк көлігімен бір топ отбасыны қазіргі ауылдың орнына көшіріп келді. Көші-қон ұзаққа созылған. Балалар құм ішінде болса да үркердей ауыл көреміз деп ойлаған. Қайдағы? Құлазыған қу медиен дала. Оларды қалың қамыс арасына түсіріп кетті. Бұл Шу өзенінің арнасы екен. Оншақты отбасы айдалада үрпиісіп-үрпиісіп отырды. Тым құрығанда ересек адамдар да жоқ. Кілең әйел, келіншектер, қараборбай балалар. Жел тұрса қамыс шулайды. Олардың арасынан қорқынышты үн естіледі. Балалар аналарының етектеріне тығылады.
—Ойбай, қандай жағдайға тап болдық?
—Мына ми далада аштан қырылатын шығармыз.
—Балаларды аң-құс жеп кетпесе деңіз.
—Қырылдық-ау…
Қаншама дегенмен қазақ әйелдері мықты ғой, жылап жүрсе де күрке, абылайша, лашық тігіп жүр. Бұл жағына қалың қамыс жақсы-ақ көмектесті. Бірақ, ымырт үйірілсе-ақ қамыс ішінде қасқыр ұлып, қабан қорсылдап, шиебөрі шулап, кірпік айқасудан қалды. «Қорыққанға қос көрінеді» деген бар, кейде жыртқыштар күрке жанына келіп те қалғандай болады. Аналар кеш түссе-ақ болды, күркенің есігін іштен мықтап бекітіп алады. Бір үймен екінші үй арасындағы байланыс үзіледі. Түн сағаты әдетте баяу жылжиды. Күркеге кіріп алған балалардың іштері пысады, ойнағылары келеді. Бірақ, сыртта қасқыр деген қызылкөз аңдып тұр емес пе? Мұндайда қайдағы ойын?
Оның үстіне аналары:
—Бір-бірлеріңнің аяқтарыңнан құшақтап жатыңдар. Егер қасқыр біреулеріңнің аяқтарыңнан тартса, барлығың оянасыңдар,—дейді.
Бұдан соң ұйқы ұйқы бола ма? Тысыр еткен дыбыс шықса түні бойы бала біткен елеңдеп, «жаумен» алысып шығады. Үлкендердің де ұйқылары шала. Үнемі көздері ісініп жүреді.
Аналар қашанда жылы-жұмсағын, тәттілерін балаларының ауызына тосады емес пе? Бірақ, суырынды құм ішінде қара нан мен сүттен өзге ауызға ілінетін тамақ жоқ. Әйелдер қой сауып, балаларынан артылғанынан құрт, ірімшік жасайды. Тәтті дегеннен бары осы.Оның өзі болмашы ғана. Осында көшіп келгелі әйелдер көлшік жағасынан шұңқыр қазып алған. Соған ызамен шыққан суды тұндырып, ас-ауқатын жасайды. Су ащы болғаннан соң, балалардың іші жиі ауырады. Тағы да аналар шырылдап, қолдарынан келген ем-дом жасайды. Көздері кілегейленген сәбилер ілініп-салынып далаға шығады. Баланың аты қашанда бала, осы тұрыстарына қарамай өзі қатарластарын іздейді, ойнағылары келеді.
Бес-алты тұяғымен көшіп келген болашақ сапқоздың тұрғындарына тағы бір қырсық тап болды. Жайылып жүрген қойлар әлденеден үркіп, шошына қашып, кейбірі бұтаға шабынан ілініп, ішек-қарны ақтарылып өліп жатады. Әуелгіде әйелдер «қасқыр шаптыға» жорыған. Сөйтсе, бәленің басы көкше қоян екен. Бұта түбінде бұғып жатқан көкше қоян оқыс ата жөнелгенде алаңсыз келе жатқан қой безек қағып қашады да, қатты шошынғаны соншалық қосаяқтап секіргенде түрлі бәлеге ұшырайды екен. Малының шығынына күйінсе де құм адамдары осы жәйтті айтып кейіннен күлісіп жүрді.
Құм мінезі де мың құбылады. Бетбақдала жақтан өкпек жел көтеріліп, көкжиекте жоталанып жатқан жалпақ шағылдың жауырынын сыйпап өтсе-ақ болды, артынша құм суырады немесе жаңбыр селдетіп жауады. Ал, шағыл шулап, сексеуілдер сыңсыса, алай-дүлей дауыл тұрады. Кейде құм қиыршықтарын аспанға атып, айналаны шаңға көміп, ызғырық пен боранның екпіні түйені шайқайды. Боран басын бір көтерсе, апта бойы екпіні басылмайды. Мұндайда құм адамдары күркелері мен малын ықтатқан қора-қопсысының іргесін бекітіп, төбесі ұшып кетпес үшін сексеуіл мен жыңғыл тастап, әуре-сарсаңға түседі.
Жылдың қай мезгілінде де құм қойнауы жуас мінез танытқан емес. Көктемдегі түнерген бұлт төбеден төніп келіп, жота-жотаны, шағыл-шағылды от жаңбырмен аяусыз сабалайды. Көк аспанды осқылап жарқ-жұрқ еткен найзағайдан ауыл адамдары төбелерінен жай тастап жібергендей үрейленеді. Жауын мен дауыл сап тиылғанда шағылдар мен жоталардың бастарында, бүйірлерінде ирек-ирек таңбалар қалады. Мұны адамдар табиғаттың беткейлерге жазып кеткен жазуы деп қабылдайды. Жаздағы алапат аптапта торғай екеш торғай да паналар көлеңке таппай шырылдап ұшып жүреді. Ал, сексеуіл мен жыңғыл көлеңкесінде құм кесірткесі ауызын ашып, айбат шегіп тұрады.
Жаратқанның құдіретіне шек жоқ-ау. Қысы-жазы азабы азаймайтын алқапқа сексеуіл сынды жаны сірі өсімдік шығарыпты. «Басқа түссе баспақшыл» деген, адам басқа түссе бәріне де төзеді екен. Табиғаты тамылжыған, тал-терегі аспанмен таласқан, бау-бақшасы жайқалған, төбесінде күні үнемі күліп тұратын ауылдардан келгендер бастапқыда тозаққа түскендей күй кешкендерімен, «адам үш күннен соң көрге де үйренеді» демеуші ме еді, бірте-бірте жан төзгісіз қиындықтармен жабайы тіршілікке де бейімделіп келе жатты.
Бірде үрпиіскен шағын ауылға түйеге мінген қарт кісі келді. Ол осында тұрып жатқандардың күркелерінен мес, торсық атаулыны жинап алды. Ауылдан қозы көш жерде Кескентерек тұмасы деген бұлақ бар екен. Әлгі кісі түйесімен сол тұмадан тұщы су тасып беріп жүрді. Мес пен торсыққа қаншалықты су кетеді? Аз суды іші ауырған балаларға ғана шақтап ішкізеді.
«Шықпа жаным, шықпамен» қалт-құлт етіп күн көріп отырған шағын ауылдың соңынан үлкендер мал айдап, қараша айының соңында ғана жетті. Олар үрпиісіп отырған шағын топтан өз отбасыларын әзер тауып, әркім өз беттерінше әрекет жасай бастады.Аңқау да аңғал ауыл адамдары қуыстағы құм қойнауында қаракөл қойын өсірудің қаншалықты маңызы болғанын ол кезде қайдан білсін?
Соғыс жылдары ЭС-ЭС-ЭС-ЭР деген алып империя АҚШ-тан, Ұлыбританиядан ұшақтар мен танкілер алып тұрады. Әлемдік базардағы бағасының құнды болғаны соншалық, отыз елтіріге бір танк айырбасталады. Бір әйелдің мантасы отыз елтіріден тігіледі. Демек, жанымыздың жартыларының әрқайсысы бір танкіні арқалап жүріпті.
Мынадай да дерек бар. Ұлыбритания мемлекеті соғыста көрсеткен көмектері үшін алтын сұраған. Сталин елден алтын жинатып, оны кемеге артып, Ұлыбританияға жөнелтеді. Лайнер теңіздің ортасына келгенде қаскүнемдер (бәлкім неміс барлаушылары шығар) кемені жарып жібереді. Соншама байлық су түбіне кетеді. Елде алтын атаулы қалмаған. Мұртты шал ежірейеді. «Басқа алтыным жоқ, қолыңнан келгенін істеп ал» дегенге дейін барса керек. Орыстармен соғысып опа таппайтынын білген ағылшындар алтынның орнына қаракөл елтірісін беруді ұсынады. Бұған келіскен Сталин Түркіменстан, Өзбекстан елдерімен бірге Қазақстанға да қаракөл қой шаруашылығын дамытуды тапсырады.
Қияндағы қойнау тұрғындары бесжылдықтың балғасын солқылдата соғып, қаракөл қойын көбейтуге, оның өнімдерін молайтуға осылай кірісіп кеткен еді. Зымыран уақыт көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Совхоз еңсесін тіктеді. Ақшаңқаң үйлер бой түзеді. Мәдениет ошақтары салынды. Бетбақдала мен Арқа даласын мыңғырған мал қаптады. Совхоз кеңсесінде одақтық, республикалық жарыстардың жеңімпазы атанғанының куәсіндей Қызыл тулар сап түзеп тұрды. «Өзі болған қыз төркінін танымас» деген мәтел бұл жерге жүрмейді. Бірақ, қиындықтың барлығын алдыңғы толқын еңсеріп кеткендіктен, кейінгі келгендер барлығына өздері ие болып алды.
«Әр ауылдыңбір тентегі болады» демекші, әр елді мекеннің өз тіршілігімен қатар адамдары жиналып, ермек етер басыбайлы ойыны, құмарлықтың құрты болады. Айталық, бір ауылдың адамдары қолдары қалт етсе болды тайлы-тұяғы қалмай көкпар шабады. Енді біреулер доп тебеді. Үй аралап, боза ішетін топ тағы бар. Ал, бұл ауылдың адамдарының ермегі ертелі-кеш «Вилька», қазақшалап айтқанда «Көзір айт» деген карта ойыны. Олар преферанс дегенге жоламайды. Бұл ойын ми қатырады. Преферанс ойнау үшін есеп білуің керек. Онсыз да мал соңында салпақтап, милары есек болып жүргендер есеп шығара алар ма? Бұдан гөрі тез әрі оңай ойналатын «көзір айт» тиімдірек. Әр ойын біткен сайын жеңген жақ та, жеңілген жақ па бірер стаканнан тастап жіберіп отырады. Ойын арасында қарсыласты «жалаңаш» қалдыратын кездер де болады. Егер мұндай мүмкіндік туса, айыңның оңынан туғаны дей бер. Мұндай жеңісті қалайша атап өтпейсің? «Уралап» өре түрегелген жеңімпаздар арғы бабаларынан қалған өштері бардай, бөтелкедегіні сарқа тауысып, босаған ыдысын шеткері ысырып тастайды. Артынша екінші бөтелке кезегін күтіп, мөлиіп тұрады.
Жалпы, «көзір айт» деген бұл ойыныңыз әсіресе, қыстық соғыс кезінде тосыннан келген тұмаудай өрши түседі. Жылқы жыққан, түйе шөгерген, қошқар сойған отбасылар көрші-қолаңды шақырып, дәм тапқызу бұл ауылдың жазылмаған әрі бұлжымайтын қатаң заңы. Мұндай барқадарлы басқосуларда мойындары ілмиіп бірнеше бөтелке тұрмаса, қонақтардың ішкендері бойларына тарқамайды. Сосынғысы-карта. Қонақ шақыратын үй кемінде қорабы ашылмаған су жаңа бес-алты карта алып қоюы тиіс. Несің айтасыз, бұл ауылдың еркегін былай қойғанда қатын-қалаштарына дейін карта ойнайды. Олар түгілі бесіктен белі енді ғана шыққан балаларына дейін картаның түбін түсіреді. Жаңа түскен келіндер бастапқыда тосырқап жүргенімен, үйренісе келе олар да қатарға қосылады. Өйткені, драмаңыз да, комедияңыз да, мұны азырқасаңыз, эстрадаңыз да осы ойыннан табылады.Араққа сылқия тойып алып, ыржаң-ыржаң етіп, ауызына келгенді айтып қисалаңдап тұрғаны немесе ұйықтап қалып, үстінен танк өтсе де оянбайтын, сол күйінде үйді басына көтеріп қабанша қорылдайтын көкелердің кейпі қай комедияңыздан кем? Кей жеңгейдердің қайны-қайнағаларынан көрсетіп, көрсетпей тартып алған суға елітіп, «дедім-айлатып» шатып-бұтып ән шырқағандары қай эстрададан кем? Айтпақшы, ауылдың алты ауызы деген де бар екен-ау. Оқтауды домбыра етіп сабалап, айтыса кететін ақындардың да жеткілікті екенін айтуды ұмытып бара жатыр екенмін. Дегенмен, мұндай той-тамашаны анау-мынау қалаңыздан табуыңыз неғайбыл.
Ысмағұлдың үйі бүгін ауылдастарын соғымбасына шақырып отыр. Ысмағұл әуелі әйелімен кеңес құрды. Қонаққа шақырылатындар тізімі екеуінің де көңілінен шықты. Арақ-шарапқа келгенде де ерлі-зайыптылар жомарттық танытты. Тәйірі, бүгінде арақты кім ішпей жатыр дейсіз? Жетпей қалып, сараң атанғаннан сақтасын. Алайда, ет жағына келгенде кикілжің туды. Ысмағұл қорада бордақыда тұрған қошқарды сояйық дейді.
—Жақында балалар қаладан демалысқа келеді. Соларға үйітіп сойып берсек, құйқалы ет жеп бір қаужаңдап қалмай ма? Қалада олар қайбір оңған ет жеп жүр дейсің? Сол баяғы бәліш пе, тоқаш па, солардың біріне алданып жүрген шығар сорлары қайнап,-деп Ырысбала жылап қалды.
—Сен де бір. Адам қонақ шақырып жатқанда қуанбаушы ме еді? Әкең жаңа өлгендей боталап жылағаны несі? Тәйт, әрі! Жаман ырым бастама! -деп Ысмағұл жекірді.
—Балапандарым есіме түсіп…
—Оларды еске түсіретін кезді тапқан екенсің. Одан да абыройды ойла. Ертең қонаққа сопқоз директорының өзі келейін деп отыр. Алдына бас тартпасақ, елден ұят-ты. Тарына берме, кемпір. Құдай жеткізеді,—деп Ысмағұл жұбайын жұбатты.
Тырсылдап жарылайын деп тұрған қара қошқардың мойынына қыларқан түсті. Абырой үшін кетіп бара жатқанын қайдан білсін, көзі алашапыраштанып шегіншектеп, тартынады. Бірақ, қарулы қол жіберер ме?«Сенде жазық жоқ, Ысмағұлда азық жоқ». Біссімілдә. Бірақ, Ысмағұлда азық жоқ деген суда балық жоқ дегенмен бірдей. Оның сарайында бір жылқының тұтас еті мен түйенің жарты жілігі керілген арқанда, сым темірлерде солдаттардай сап түзеп тұр. Бұл сарайға кіргендер «баршылықтың базары осында екен-ау» деп ішпей-жемей тойып шығады.
Қара қазанға білем-білем сұр ет, қазы мен қарта, жал мен жая салынды. Бас үйітіліп, басқа қазанға қарай кетті. Келіндер ішек-қарын, бүйрек, бауыр, жүрек, өкпеден бәліш пісіріп жатыр. Сап-сары бауырсақтар шарадан асып және тұр.
Тарам-тарам бөлмелердің екеуі қонақтарға арналып жабдықталды. Келіндер мен қыз-қырқындар әуелі төсеніштерді сыртқа шығарып, қағып-сілкіді. Жүкаяқтан жаңа көрпелер түсіріліп, төселінді. Құс жастықтар қатар-қатар қойылды. Осының барлығы атқарылғанша қас та қарайды. Дәл осы мезетті күткендей қонақтар іркес-тіркес келе бастады.
Жұрт директор Диқанбайды тосты. Ол қолын жуып, төрге озғанда үй ішінде көңілділік пайда болды. Жиналғандар қозғалақтап қалысты. Батадан соң жапатармағай дастарханға қол созылды. Әуелі шай келді. Артынша табақ-табақ ет буы бұрқырап, бөлмелерге хош иіс таратып бес-алты жерге қойылды.
Тамақтан соң қонақтар балалардың совет пен неміс болып ойнайтынындай екіге бөлінді. Бірінші топ сопқоз басшылары еді. Олар сызуға кірісті. Сыза алмайтындар бірер бөтелкенің мұрындарын бұзуға кірісті. Тағы бір топты айтуға тиіспін. Олар «күзір айттың» түбін түсіретіндер еді. Ойыншылардың басым бөлігі осы топта болатынын әуелбаста-ақ айтқанмын.
Сопқоз басшылары көп бөгелген жоқ. Бірер партия ойнаған соң, ертеңгі қауырт жұмыстары естеріне түсіп, орындарынан жедел көтерілді. Ысмағұлдың: «Әлі де біраз отыра тұрмадыңыздар ма? Ойын енді қызып келе жатыр еді ғой» деген өкінішіне де, өтінішіне де қарайламады. Диқанбектің өзі кідірмеген соң, басқалар да амалсыздан орындарынан созалаңдап тұра бастады.
Дегенмен, директор бастаған дүмді топ кеткен соң, үйге бір еркіндік енгендей болды. Ойыншылар екпін алып, дауыстары жарқын-жарқын шыға бастады. Мұндайда аламан көкпарда отырғандай екіленіп алатын адуынды, ауызын айға білеп, шатынап шыға келетін шақарлар болады ғой. Бұл ауыл мұндай шақарлардан кенде емес еді. Салқынбек секілді сазбеттер мен Сұлтандай сайтандар ұрынарға қара таппай отыр. Карташыл топ арасында шөже шалдар да, мақамшыл мыстандар да, жұлымыр жыртқыштар да, шақпа тіл шешендер де бар.
Ойынды сотқар Салқынбек бұзды. Қыраулығына басып, қолында бар картасын тастамай, басқасын шиырып жіберді. Мұны мәстен Нұртай байқап қалды.
-Әй, көзіңді оқыра басты ма? Жөндеп жүрсеңші!-деп жекіріп қалды.
Басқалар да байқап отырған соң Салқынбек тиісті картаны ортаға атып жіберіп:
—Байқамай қалыппын,-деп ақталғансыды.
—Әбілет басқыр, байқамай қаласың,ә! Кенжебектің ала тайыншасын да байқамай сойып алған шығарсың?-деп Сұлтан оған сүзе қарады.
Әншейінде мұндай кекесінге келсап ала жүгіретін Салқынбек өз сөзіне байланды.
Осы кезде Құттыбай бастап отырған жұп қарсыласын «жалаңаш» қалдырды да отырғандай осы жеңістің құрметіне бір-бір стаканнан тартып алысты. Әлгінде ғана тұтанғалы тұрған отты осы жеңіс жуып-шайып кетті.
Әлден соң Әбен әпербақандығына салып, түйенің орнына шыбын жүрді. Бұл енді ойын ережесін бұзғандықтың нағыз сойқан көрінісі еді.
—Ей, қолыңда түйе тұрып, шыбынды неге жүресің? Көзіңе көк шыбын үймелетейін бе?-деп Ниетқали орнынан ұшып тұрды.
—Сен бе, көзіме көк шыбын үймелететін? Батыр болсаң, далаға шық. Әкеңді танытып жіберейін,—деп Әбен білегін түрінді.
—Найсап! Осы ашкөздігіңнен жеті жыл темір тордың тарелкасынан ас ішіп келіп едің. Сұғанақтығыңды әлі де қоймапсың ғой,-деп Ниетқали қоразданып қоқилана қарады.
—«Ұры иттің к…тін сұқ ит жалайды» деген. Сұғанақтық сенен қалып маған жетті ғой деймісің? Әйелін Қатша көршінің қыстық соғымынан ұрлағанда қайда қарап отырдың?-деді Әбен де есесін жібергісі келмей.
-Әй, қараң батқыр Қатша! Сүйекке таңба болды-ау ұрлығың. Ел бетіне қарар бет қалдырдың ба?-деп Ниетқали көрші бөлмеде отырған қатпа қара қатынын сыртқа шығарып итше тепкіледі. Жиналғандар жабылып жүріп, Қатшаны байының қолынан зорға ажыратып алды.
—Ей, Ниетқали! Сені әулетіміздің зоры ма десем, соры ма едің? Жерге қараттың-ау, жер болғыр!—деп Насатбай жер тоқпақтады.
Осы екі ортада әйелдер жағы бір көтеріліс жасап басылды. Жұпардың қыз кезінде Ләтешбекпен кездесіп қойғаны, Сағираның қызы оң жақта отырып бала тауып алғаны айтылып, екеуі бірінің шашын бірі жұлғаны болмаса, басқа басбұзарлық байқалған жоқ. Оларды да ащы су табыстырып жіберді.
Ысмағұл мен Ырысбала қонақтарын жалынып жүріп, ішке кіргізді. Карта ойыны қайта қызды. Ортаға тоңазытылған ет, туралған пияз, тұздалған қызанақ пен қияр қойылды. Көкмойындар қайта сап түзеді. Еркектер мен әйелдер бөлмелеріне көңілділік көкмойындармен бірге кірді.
—Тұзды жүр, тұзды.
—Корельді жүр.
—Қиықты тастама.
—Қарғаны таста!
Мұндайда ойынға кірмегеннің барлығы данышпан. Тұс-тұстан жамыраған дауыстар құлақ тұндырады.
—Жыбырламай, сыбырламай отырыңдар,-деп ойыншылар жанкүйерлерге қаншама ескерткендерімен, бойларына қызу дарығандар тыныш отыра алады ма?
«Қашан бір жағы ұтар екен?», «Жалаңаш қалдырса дұрыс болар еді» деп қырау оймен тамақтары жыбырлап отырғандар қаншама! Қанша дегенмен, таудағы түлкіні табындағы тазы алады. Өмірінің басым көпшілігі карта ойнаумен өткен ауыл адамдарының арасында қарсыласының қолында қанша күзір жатқанын көретін көзі рентген-көрегендері де толып жатыр. Бірақ айлакер, құбылмалы мінезді тәсіл еткен қулар мен сұмдар бұл шымға келгенде қоймаларын ашпайды. Тек жанкүйерлерінің сыбырлағанын қоштаған, құптаған кісім болысады. Сөйтіп отырып, ну жынысты тоғай ішіне жып етіп кіріп кетіп, тазыны адастырып, жын қақтырып кеткен түлкідей ыржақтайды. Неше түрлі айла мен қитұрқылыққа салып отырып, қарсыластарын сан соқтырып қапыда қалдыратын сүрленген сүлейлер сырттан келген талай мықтының ауыздарын аңқитып, қалталарындағыны сыпырып алған. Сол майталмандар майдандасқан соң оңа ма, ұр да жық ұрыс та, қырбай айтыс та, шымбайға батар шатақ та тұтана жаздап, әупіріммен басылып жатыр. Текемет үстіндегі төсеніш ретінде тасталған газеттің қаншамасының пәршек-пәршегі шықты. Жаңа ғана қорапшасынан шыққан жылтыр карта әп-сәтте-ақ жұлым-жұлымы шығып, жарамсыз болып қалды.
Ысмағұл мен Ырысбаланың шықпаған жаны ғана. «Қайтсек, қонақтардың бабын табамыз?» деп зыр жүгіріп жүр.Өйткені, кезекті үйге қонаққа барғанда құдалыққа келгендей бар салмақты сала баратындары естерінен шықпайды. Қазан бірнеше рет қайта көтерілді. «Тіске жұмсақ болсын» деп соңыра қоян етінен қуырдақ жасалды. Бірақ, жалаңып отарғандардың жұлымдарына ол жұқ та болған жоқ. Ырысбала қаладағы балалар келсе ауыз тисін деп тыққыштап отырған киіктің етінен қайтара қуырдақ жасауға кірісіп кетті. Ырысбала ет турап отыр. Ол киіктің етін турап отырған жоқ-ау, бетін турап отырғандай мұңлы күйде. Жеңсік асты қонақтарға сыйға тартқаннан басқа амал да жоқ. Жылқының еті де босқа рәсуа болды.
Карташылар киіктің етінен қуырдақ жеп, бөтелкелердегіні сарқа тауысып болған сәтте таң шапағы әлі біліне қоймаған еді. Соңдарында қимас дүниелері қалып бара жатқандай, үйге жалтақ-жалтақ қарасқан карташылар күртешелерінің жағаларын көтеріп, бүрсең қағып, желден ыққан жылқылардай жөнеп бара жатты.
Мырзабек жылы үйіне кіргенде келіншегі Зұлфия ұйқылы-ояу жатыр екен. Мұның келгенін, теріс қарап тұрып шешінгенін біліп, сырғып, күйеуіне орын босатты. Мырзабек жылы төсекке енген бойы маужырап, қалың ұйқыға гүмп етіп қойып кетермін деп ойлаған. Келіншегінің оттай жанған денесі ұйқысын шайдай ашты. Манаурап жатқан қарасұр келіншегі бері аунап түсіп, қойнына кіре берді.Мырзабектің ұйықтап қалған жыланының басы көтеріліп, құмарлықтың мыңдаған құрты жыбыр-жыбыр етіп, есін шығарды. Мауыққан ұрғашы мысықтың ұрыншақ шақтағы мекіренген дауысындай өзгеше бір ынтық үн құлағына келгендей болды. Ол мұндай ләззатты шырын шақты көптеп күтіп жүрген еді. Бүгінгі түн қатарластарынан арақты тартына ішкеніне тап осы сәт бек разы.
Ол келіншегінің тоятты сәтті аңсайтынын білмейді емес, біледі. Күн сайын кешкі тамақтан соң елжіремелі бір күйге еніп, қас қарайып, келіншегінің майысып жүріп төсек салғанын асыға күтеді. Бірақ, жеме-жемге келгенде қара басып, ұйықтап қалатыны бар. Қайтып ұйықтамасың? Бұл үйдің балалары бала емес, бақа. Ымырт үйірілді дегенше бақадай шулап, үйді азан-қазан етеді. Солар ұйықтасын деп күтіп жатқан Мырзабайды күні бойы дала жұмысынан сілікпесі шығып келгендіктен ұйқы ілестіріп әкетеді. Ол көзін ашқанда Зұлфиясы қарына шелек қыстырып, сиыр саууға шығып бара жатады.
Бүгін сол бір аңсарлы сәттің орайы келе қалғанын көрмейсіз бе? Мырзекең келіншегінің қарызынан құтылып, біраз күн сырғақтап жүруге себеп табылатын болды -ау деп долбар жасап, жанторсығының ыңғайына беріліп, құлақтың сырғалығына қарай қолы сырғып бара жатыр еді, кенеттен терезе қағылды. Әуелі тырс-тырс еткен әлсіз үн естілген. Енді ғой, терезе жақтауларын сындырып жіберердей солқылдатып барады. Мырзабектің талағы тарс айырылды. «Қырсық айналдырғанда, адамдар келмейтін уақытта келеді екен ғой» деп кіжінгенде көзі шапыраштанып кетті. Енді ғана нәркез көзі жұмылып, шуақты шаққа шомылуға дайын келіншектің денесі мұз болып қатып қалғандай болды. Мырзабек шырын шақтың шырқын бұзған әумесердің кім екенін білгісі келіп, дауыстағанда, өзімен картаны жақтас болып ойнаған Жақыптың дауысын жазбай таныды.
-Әй, Жақып! Сенбісің таң бозында келіп тұрған? Тыныштық та әйтеуір?-деп жүре сөйлеп Мырзабек киімдерін киді.
—Сыртқа шықсаңшы. Сосын айтамын,-деді Жақып жұмбақтай сөйлеп.
Сәл нәрседен секем алғыш көңіл-ай десеңші. Мырзабек те әуелгіде шошынып қалды. Қай-қайдағы есіне түсті. Бойы шымырлады.
Сыртқа шыққанда есік алдындағы сөкі жанында сорайып тұрған Жақыпты көрді.
—Темекіңді алып шықтың ба?-деп сұрады тап бір Мырзабек оған шылым қарыздай.
Таң алдында темекіні бірге тартысып жүрген адам да бұлай еркінсімес.
Асып-сасып жүріп темекіні ала шығу ойына қайдан келсін? Мырзабек қайырыла үйіне кіріп, темекі алып шықты. Екеуі сәкі басында темекінің қою түтінін құныға сорып тұрды.
—Үйге жеткенше ойландым. Тіпті, басым қатты. Дөңбекшіп ұйықтай алсамшы,-деді тек тұрғанды жөн санамаған Жақып.
—Түн ішінде не ой сені мазалап, ұйықтатпаған?
—Ойлап-ойлап ақыры таптым. Әлгі қарғаның мәткесі ше? Сен соны бекер жүрдің. Егер шыбынның жігітін жүргенде оларды «жалаңаш» қалдырар едік,-деді Жақып екі езуі екі құлағына жетердей ыржақтап.
Мырзабек ойланып қалды.
—Рас-ей! Шыбынның жігітін неге тастай салмадым екен? Ақымақтық қой. Арақ та санамды сансыратып тастады-ау, шамасы,—деп ақталды Мырзабек.
Әлгінде ғана басталғалы тұрған шырын шағының шырқын бұзған әңгүдіктің тұмсығын бұзып, құлақшекеден ұрып құлатып, қылқындырмақ болған ойының қайда кеткенін өзі де білмейді. Бар ойы картада қай жерден сүрінгенінде ғана. «Бәсе! Бар бәле қарғаның мәткесінде жатыр. Сол құрғырды тастамағанымда жеңіс біздікі еді» деген сандырақ ой санасын соққылады. Оның бойында жаңа ғана жайнақ көз келіншегімен арадағы ойда-жоқта лып етіп бас көтерген жалынды мезеттің шоғы да қалмады. Өзінің картаны ортаға асығыс тастаған дегбірсіздігіне күйініп, жерге шырт түкірді.
Жақып жасы отыздардан асқан томырықтау, одағай мінездері де бар жігіт болатын. Оның дауысы алғаш естілгенде Мырзабек оны төмпештеп алуды да ойлаған. Бірақ, қазіргі айтып отырғаны тап рас. Шындықтың алдында шешен де шідерленеді.
Екеуі жаңа атып келе жатқан бозамық таңды жаңғырта күлді. «Миларын арақ улаған маскүнемдер! Түнімен ішкендерімен қоймай, таң азанымен есектей ақырып, тыныштық бермеді ғой» деп көрші мықыр шал дөңбекшіп, міңгірлеп жатты.
Осы оқиғадан соң Кеңес деген керегелі империя күйреп, сопқоздар таратылды. Шалғайдағы құм қойнауында жұмыссыз қалған тұрғындар «Күзір айттан» басқа ермек таба алмады. Бұрынғы бұрынғы ма, таңертеңнен қара кешке дейін «Күзір айттың» түбін түсіріп, бесжылдықтардың балғасын солқылдата соққылап жатқандай, картаны құлаштап лақтырады да жатады. Тіпті, жерге ұрыла-ұрыла ұсқыны қашқан картаны көріп, ішің удай ашиды. Кейіннен ел ауызында жыр болған «Қарғаның мәткесінен» де қызық оқиғалар бірінен соң бірі орын алды. Жә, оларды тағы бір кезегі келгенде айтып берермін…
ШАЛ МЕН ШОЛПАН
Ит басына іркіт төгілген мына молшылық заманда алақандай бөлмеде экраны түрменің торындай ғана шағын теледидар арналарына таласып отырамыз деп кім ойлапты? Бүгінде шіренбайларды айтпағанның өзінде қарнына енді ғана шыр бітіп келе жатқан орташаның да әр бөлмесінде бір-бір көк сандық тұр. Қазір үлкендер бір бөлек, немерелер басқа бөлмеде теледидар тамашалайтын үрдіс бар. Әркім өз қалағанын көреді. Бұрынғы бір бөлмеде бәріміз демімізді ішімізге тартып отырып көркем фильм тамашалайтын, кино біткен соң отыра қалып талқылайтын кезең келмеске кеткен. Әке-шешені баладан, баланы әке-шешеден бөліп тастаған құбылмалы дәуірде өмір сүріп келеміз ғой. Ақырын берсін дейміз де.
Хош, тау баурайындағы алақандай ауылға қайдан тап болдық? Үйдегі экраны жарты қабырғаны алып тұрған теледидарды жүрдім-бардым ғана қарағыштайтын біз көне көк сандыққа неге телміре қалдық? Әлде әлем назарын тіккен ғаламат бір оқиға болып жатыр ма? Бәлкім, футболдан әлем чемпионаты өтіп жатқан болар? Әлде қазақтың ұлттық киімі шапанды жамылып шайқас алаңына шығатын Геннадий байырымыздың кезекті айқасы басталды ма?
Е, емексітпей турасына көшейін, әлемді тітіркенткен жұқпалы індет сансыратып тұрған үрейлі кезде бір білгіш «саумал ішсеңіздер, бұл кесел сіздерді айналып өтеді» деген соң үміт оты жағылғандай болып, бие байлап отырған ауыл іздеп сандалып кеткенбіз. Сәтін салғанда бие байлап, қымыз сапырып отырған отбасы қаладан тым алыс та емес, тау баурайындағы ауылдан табыла кеткені. Сол ауылдағы балалары есейіп, әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтеріп, нан бұйырған жерлерінде қалып кеткен, сондықтан қара шаңырақта қарайып жалғыз қалған қария ертеден таныс болатын. Хабар айтқан да сол кісі. Бір бөлмесін босатып беріп, жағдайымызға қарайласты.
Біз екі кісі болып бардық. Қариямен үшеу болдық. Ол көпті көрген, оқыған-тоқығаны мол қазыналы қарт. Жасы сексеннен асса да жүріс-тұрысы ширақ, сана- сезімі сергек, ақыл-ойы айқын.Келген күні-ақ әңгімеге қарқ етті. Өткен-кеткенді, ескілікті әңгімелерді әсерлі баяндайды. Кішіпейіл, бізді іні санап, іш тартып тұрады.
Тілеу қарттың шаруашылығы да мықты. Аумағы атшаптырым ауласында жеміс ағашының неше түрі жайқала өсіп тұр. Жел шайқап, үзіліп түскен алмаларды жұқалап турап, күн көзіне кептіріп қояды. Саудамен айналысатындар қақтың өзін талап әкетеді екен. Ауланың тағы бір бүйірінде қызанақ, қияр, қырыққабат, жуа, жалбыз, сәбіз, ноқат бар. Бұл жер аласа бойлы шарбақпен қоршалған. Тілеу ата күн сайын таңертең бізге көкөніс жұлып әкеледі.
Жарас тамақ істеудің шебері болып шықты. Қаладан ала келген азық-түлігіміз тоңазытқышқа сыймай қалған. Қуырма дейсіз бе, қуырдақ дейсіз бе, палау дейсіз бе, анау-мынау аспазыңыздан артық дайындайды. Аулаға үстел шығарып, айналасын айнадай етіп тазалап, таңертеңгі және кешкі тамақ ішетін асханаға айналдырып алдық. Басқа шаруа қолымнан келмегендіктен тазалық жағы маған жүктелді.
Үшеуара әңгіме таңертеңнен кешке дейін бір толастамайды. Тілеу ата зейнеткерлікке дейін көпшілікпен етене араласатын мекемелерде қызмет істеген жан емес пе, біздің келгенімізге балаша қуанып қалды. Таңертеңгі сағат сегізде, түсте, түс қайта, күн батар алдында-төрт мезгіл көрші келіншек Ақеркеден саумал ішіп келеміз. Қалған уақытымыз қарттың шаруасына көмектесумен, әңгімемен өтеді.
Жалғыздықтан жабырқап, шүйіркелесер адам іздеп зарыққан қария сергіп қалды. Бұрын бір-бірімізді сырттай біліңкіресек, енді тонның ішкі бауындай араласып, жасырар сыр да, ішке бүккен құпия да қалмаған. Тілеу қарттың көнелеу, түнеріңкі түңлігінен сәуле себелей бастады. Қартыңыз әлі де тың. Таңертеңнен тұрып, түрлі жаттығулар жасайды. Үйінің бөлмелерін қайта құрылымдап, заманауи қалыпқа келтіргісі келетінін айтады. Шарбақтарын күн сайын жамап-жасқап, былайырақ шыққанда ағаш, бұталар сүйретіп келеді.
Бірде Жарас екеуімізді қасына алып ауласының төменгі жағындағы қырға бастап барды. Бұл қазақ-қалмақ қырғыны кезінде батырлардың ерлік көрсеткен жері болып шықты. Осында қазақ батырының құлпытасы тұр. Тілеу ата қазақ-қалмақ соғысынан таратып, біршама әңгіме айтып берді. Әрине, шежіре-тарих әсерлі де қызықты болатын. Алайда, мені Тілеу атаның қырқаға қиналмай, жас жігітше жылдам жүріп шыққаны таңырқатты. Жарас екеуіміз оның жанында кәдімгідей ентік баса алмай тұрдық.
Қасымыздағы терек көлеңкесін ұзарта біз төмен түсіп келе жаттық. Айнала күңгірт реңге боялып, қоңырлануға тақап келеді. Жым-жырт кештің көңілге әлдебір сағыныш сазын себезгілеп, жүрекке қайдағы бір қимастық сезім сыйлайтын әдеті бар емес пе, үшеуіміз де үнсізбіз. Әркім өз ойымен әлек. Қоңыр кеш көкірекке аяулы бір елжіремелі күй қондырады. Кімді сағындым?
Үйден ұзағалы көп уақыт та өткен жоқ. Отбасындағыларды ойлай да қоятын мезгіл емес-ті. Сонда өне бойды толқытқан бұл не қылған күй? Күнәсіз балалығымыздың гүл атқан шалғынды шағы ойыма неге орала береді? Бәлкім адам үйреншікті ортадан ұзағанда осындай бір беймаза күй кешетін болар? Әлде тылсым табиғаттың адам санасын тербететін тұңғиық тартуы ма?
Бәрі де көпсериялы фильмнен басталған жоқ па?
Іргені түріп кірген іріңді індет жұмысымыздан жырақтатып, далаға аттап шыға алмай, үйкүшік болып қалған жоқпыз ба? Кітап оқуға бас көтертпейді. Солқ-солқ етіп ауырып, желке тартады. Кешқұрым сергіп қаламыз ба деген дәмемен біршама уақыт серуендеп келемін. Алайда, бас сол баяғы бас, солқылдап ауырғанынан таймас. Сырқатымның сыры белгісіз, жамандатқыр кеселден аулақ болғай деп күндіз-түні Жаратқанға жалбарынамын. Таныс дәрігер ауруханаға жолай көрме деп кеңес берген. Дәрі-дәрмектің нешеме атасы ішілді. Ең дауасы—арақ көрінеді. Баяғыда бір емші алдына келген науқасты қарап шығып, көкжөтелге таптырмас дауа деп есектің сүтін ішкізгенін көргенім бар. «Иттің тезегі ем болса дарияға саңғиды» деген рас сөз, жаңа қодықтаған есек таппай саңдалған. Оның орнында арақ табу оңай шаруа болып шықты. Дүкендерде нешеме атасы көздің жауын алып самсап тұр. Расында, түскі, кешкі тамақтың алдында келіншегім шақтап құйып (бұрын ауызымнан жағымсыз иіс шықса бүйідей жиырыла қалатын ол бүгінде өзі бастамашыл болып жүр) әкелген «зәмзәм суынан» тартып алсам, көзім шайдай ашылмаса да кәдімгідей сергіп қаламын. Мұнан соң түріктің «Шексіз сезім» атты шұбыртпалы киносының шытырман оқиғасы ізімен шиырлап біраз жерге дейін ілесіп отырамын. Фильм сюжетінің тым қызықты да тартысты құрылғаны соншалық, жігіт пен қыздың тілеуін тілеп, таң атыратын жағдайға түскенімді өзім де сезбеппін.
Бүгінде ерінбегеннің барлығы ұласпалы серияларға байланып қалды емес пе? Біздің үйдегі де сондай серияларға сұғына кіріп, сағына күтіп отыратындар қатарынан еді. Тіпті, тамақ үстінде де дүниедегі барлық шаруасы түгелденген жандарша келіндерімен әлгі сериялар хақында пікір алмасады. Мұндайда мен «әй, шетелдердің ойдан шығарған күлдібадам, шикі шатпақтарын шиырлағанша, тірліктеріңді жасамайсыңдар ма? Ой, несі-ай бұл, табан астынан мина жарылса да тырп етпей отырып тәрбие-тәлім атаулыдан жұрдай тырақы фильмдерді тамашалап» деп күйіп-пісетінмін. Енді міне, басқа ермегім қалмаған соң әрі көңіл-күйімді көтеруге тіттей де болса септігі тие ме деп белгіленген сағатта теледидар алдына келіп тырп етпей, балауса балғын шағымның елесін іздеп жатырмын.
Есе қайтаруға келгенде әйелдерден өткен шебер жоқ.
—Түрік фильмдерінің түк те тәрбиелік мәні жоқ. Соларды қарап, уақыт өлтіргенше, тірліктеріңді жасамайсыңдар ма деп тықақтаушы едің. Енді неге сүндеттелген балаша теледидар алдында тыпыр етпей шалжиып жатырсың?-деп түйреп өткенде қасарысарға қарсы жауап таппай қиналатынмын.
Әйелдің қарымта шабуылынан құтылып, Тілеу көкенің үйінде де сол «Шексіз сезім» сериясының жалғасын көремін деп ойлағанмын. Алайда, дәл сол сағатта басқа арнада Тілеу жәкеміздің бұрыннан көріп жүрген сарқылмайтын сериясы бар болып шықты. Фильмнің бас кейіпкерлерінің бірі күндей күлімдеген, жаздай жадыраған, ай қабақ, қиғаш қас, шие ерін, аршын төс, хаса сұлу Шолпан атты керім келіншек екен. Шолпанның таң шапағындай жүзінде шаттық шуағы үздіксіз төгіліп тұрады. Бетіндегі жұқа қызылы ұяңдығынан хабар беріп үлбірейді. Шымқай қара көздері бар ажарын аша түсіп, жалт-жұлт етеді. Күміс күлкісінен қоңырау үні естілгендей, бой шымырлатады. Қуаныш иірімі төгіліп тұрған ақ жүзі мейіріммен мөлдірейді. «Шексіз сезімдегі» түріктің тотыларын ұмыттыра бастағандай ма, қалай өзі? Әлде ақсақалды әдемі әлемінен алыстатқымыз келмеді ме? Фильмнің соңы немен бітер екен деп қаншама ынтықсам та бұрыннан ынта қойып тамашалап келе жатқан киноны көрейік деп айта алмадым. Ал, Жарас болса бұл уақытта спорт және әлем жаңалықтарын қарайды екен. Ол да енді теледидар алдына Шолпан сұлуды көру үшін келетіндей.
Жасы сексеннің бел ортасына тақап қалған Тілеу көкеміздің жастық шағы жабырқаулы өтпеген. Талай асауға құрық салғанын мақтанышпен айтып отырады. Алпыстан асқанда жиырма бестегі бұраңбелді құшыпты. Одан екі ұлы бар. Бүгінде екеуі де алыс қалалардың бірінде оқып жатыр. Көкеміздің жастай алған жары қазір сол екі баланың тамағын жасап қастарында қас—қабақтарына қарап отыр екен.
Кейде кешкі тамақты уақыт созу үшін ұзағырақ ішеміз. Әр қиырдан әңгіме өрбітеміз. Таулы ауылдың кешкі көрінісін тамашалаймыз. Аракідік бау ішінде отырып, кешкі тамақ ішетін де кездеріміз болады. Мұндайда жеміс ағаштарының қалың бұтақтары мен жапырақтары, жемістері тұтасып, аспандағы жұлдыз атаулыны бүркемелеп тұрады. Жұлдызы жоқ аспан сұрқай болатынын сонда аңғардым. Осы бір қараңғылық тұмшалаған тұста да Тілеу көке киноның басталар сәтін қалт жібермейді, бізден сытылып үйіне қарай баяу басып бара жатады. Артынша дастарханды жинастырып, соңынан келеміз.
Тілеу көке төрдегі тұрақты орнынан жылжи-жылжи теледидар алдына төніп келіп қалады. Біздің сәл еркінсіген қимыл-қозғалысымызды қаламағандай сыңай байқатады. Сыбдырымызды білдірмей қасына келіп жайғасамыз. Ол біздің бар-жоғымызбен ісі жоқ, теледидар ішіне кіріп кетердей сұғына қарап тапжылмай отырады. Бірер сағаттық фильм ешкінің құйрығындай тым қысқа, әне-міне дегенше аяқталып қалады. Тілеу көке киноның тез бітіп қалғанына кәдімгідей қапаланады. «Уф!» деп алып, бізге сұраулы жүзімен қарағыштайды. «Ертең немен бітер екен?» деп сұрап қояды біз киноның жалғасын білетіндей.
Жарас екеуіміз бұл уақытта Тілеу көкеміздің көріп жүрген сериясына жанкүйер болып та үлгерген едік. Шиеліністі оқиғаны талдап, жілік-жілік етіп шағып тастаймыз. Шолпысына дейін ерекше жаратылғанШолпан сұлу қандай мадаққа да лайық. Адамды да осылай хас сұлу етіп жарата береді екен-ау деген оймен ұйқыға бас қоямыз. Тілеу көке өз бөлмесінде қалады.
Тегінде, мына дүниеде түгесілмейтін не бар дейсіз? Бір күні Тілек көке қадағалап, ыждағаттап көріп жүрген ұласпалы фильм шорт үзілді. Тележүргізушінің айтуына қарағанда, фильмнің жалғасы бар сияқты. «Таяуда көріп қаларсыздар» деп емексітіп қойды.
Сол түні Тілек көкеміз дөңбекшіп шықты. Таңертең далаға шықсам, ол екі қолы арқасында құр сүлдермен ерсілі-қарсылы жүр екен. Екі көзі алда, ешбір ойсыз екені байқалады.
—Қайырлы таң, Тілек көке!-дедім жарқын үнмен.
Ол маған жалт қарады. Көзінде мен бұрын байқамаған мұң бар.
—Тұрсаңдар, саумал ішіп келіңдер,—деді ол бізге сүлесоқтау.
Таңғы аста Тілек көке тағы да тұнжыр қалыпта отырды. Біз әрнені айтып оны көңілдендірмек болдық. Жауырыны ашып тұрғанын желеу етіп көкеміз ашылмады.
Жарас күндегі әдетімен тау өрмелеп кетті. Мен көкеме қарайлап үйде қалдым. Жасай қоятын да алып бара жатқан тірлік жоқ. Тілек көкеміз бізге қурай басын сындыртқысы келмейді. Бірақ біз жатып алғанды ұят санап, әр жұмысқа бір сұғынамыз.
—Таяуда үйге балаларым келеді. Солардан артылатын не бар? Сендер аз күндік қонақсыңдар. Қазақ қонағына жұмыс істетіп қоймайды,-деп бізді болмашы жұмыстан арашалайды.
Екеуден екеу отырмыз. Мен дастарханды жинастырып болып, ауладағы гүлдерге су құймақшы болдым.
Таң шапағымен оянған гүл атаулы ерекше құлпырып тұр. Оларға қызығып қарай бердім. Алақаныма салып аялағым келді. Сұлулық шіркіннің адамды мас қылатыны да, есінен адастыратыны да, шаттандыратыны да бар ғой. Көңіл кептерім көкке шарықтап, ой кешіп кетсем керек, көкемнің күрсінгенінен селк еттім.
—Шолпан ше, Шолпан!-деді көкем бір әңгіме бастағысы келіп.
—Иә,-дедім қасына келіп жайғаса беріп.
—Қандай сұлу, ә!
Менің жүрегім аунап түскендей болды. Талшыбықтай талдырмаш, балғын денелі, сұлу да сымбатты Шолпан оның да есінен шықпай жүр екен-ау. Адамда кейде өзіне де бағына бермейтін бір бұла күш, бөгделеу сезім болады. Қанша тырысқаныңмен оны бұғалықтай алмайсың. Иә, адам көңілі мәңгі жас. Көңіл көкпарын тұсаулай алған кім бар екен? Адамның өзге жануарлардан ерекшелігі де осы сырлы сезімінде емес пе? Ендеше текірек атқан көңілге тоқтам бар ма?
Менің есіме тоқсаннан асқан шағында грузин қызына ғашық болған Жамбыл атамыз түсті.
Сол күні кешке көкеміз біз келгелі сыр бермеген белінің құяңы ұстап ерте жатып қалды.
—Маған алаң болмаңдар, айналайындар. Тамақтарыңды асықпай ішіп-жеп, киноларыңды көріп, отыра беріңдер. Ертең-ақ тәуірленіп кетемін ғой,—деп көрпесін қымтанды.
Ертесіне де көкем көңілсіз жүрді. Бауға әлденеше кіруші еді, бұл әдетінен де жаңылғандай. Қызанақ пен қиярды, жуаны өзім жұлып әкелдім.
Кешкі хабар тыңдап отырғанбыз. Тележүргізуші «Мөлдір махаббат» сериясының ертеңнен бастап жалғасатынын айтып қалды. Көкем елең етіп, бозамықтанған ақша бетіне қан жүгірді. Қаракөлеңкелі бөлмеде майшаммен отырғанда жарқ етіп электр шамы жанады ғой. Дәл сондай күй кештік.
Ертесіне көкеміз кешті зорға батырды.Үйге бір кірді, бір шықты. Көзін көлегейлеп, қас төбеде шақырайып тұрып қалған күнге қайта-қайта қарағыштады. Түскі тамақтыда құлықсыз жеді. Зарықтырып барып күн де ұясына қонды-ау.
Кешкі тамағымызды асығыс тауысып, теледидар алдына жайғастық. Таныс әуен қалықтағаннан Тілеу көкемнен тағат кетті. Әлден соң фильм де басталды. Бізді «Мөлдір махаббаттың» сазы әлдиледі. Тілеу көкеміз тағы да екеуімізді ұмытып, қиял кешті.
Сол түні көкеміз қорылдамай, дөңбекшімей ұйықтап шықты. Ертесіне таңалакеуімнен тұрып, монша жақты. Ыстық буда бой балқып, рахаттанып қалдық. Бұл да аз екен, кешке көкеміз тағы да әдетінен жаңылып, ортаға бір бөтелке әкеліп қойды.
– Көкеміз жарасымды шағын қайта тапты. Шолпанды көргелі бері ширақ,—дейді Жарас оңаша қалғанда.
Онысы рас та еді.
Ұршықша зыр айналған уақыт шіркін қайтатын кезіміздің келгенін қоңыраулатып хабарлады. Көркем келбетті, келісті тауды, шипалы саумалды қалай тастап кетерсің? Тілеу көкеміздің де бізді жібергісі жоқ. Бірақ көкеміз қимағанмен, тіршілікте кімнің дәулеті түгел? Жарастың күтіп тұрған жұмысы шаш етектен. Біздің де бітірер азды-кем шаруаларымыз бар. Осы есеппен Тілеу көкемен қимай қоштастық.
Шетелдік көлік ылдиға қарай құйынперен заулатып келеді. Алақандай ауыл, сол елді мекеннің ішінде бізге қол бұлғап қалған Тілеу көке бұлдырап сағымға сіңіп кетті. Алдан шулы шаһардың қарасы көрінді. Таудың тұнық та саф ауасын жұтып келген өкпе енді түтінге қақталады.
Беу, бозшолақ атты өткінші өмір-ай, алдамшы үмітпен адамды алға ұмсындырып қоясың-ау. Алдымыздан ынтықтырған, зарықтырған қымбат, іңкәр дүниеміз, қимас адамымыз шыға келетіндей үнемі ертеңімізден жақсылық күтеміз. Құласақ та, сүрінсек те алға ұмтыламыз. Бір сәттік жарық дүниеде пенде шіркін жақсылыққа, ізгілік атаулыға тойған ба?
Мен «Мөлдір махаббат» көп сериялы фильмі үзілместен жалғаса берсе екен деп тілеп келе жаттым.Көкемнің сұлу Шолпанға көздері шоқтана жайнап қарап отыратын сәті елес беріп өтті.
