Тәнді сумен, жанды нұрмен жуасыз Тәнді сумен, жанды нұрмен жуасыз
Дәулетбек Байтұрсынұлы 1964 жылы ҚХР Іле қазақ облысы, Тәңір тауы бөктерінде туған. Педагогикалық техникумды, Шыңжаң оқу-ағарту институтының физика факультетін бітірген. 1994 жылы тәуелсіз Қазақстанға... Тәнді сумен, жанды нұрмен жуасыз

Дәулетбек Байтұрсынұлы

1964 жылы ҚХР Іле қазақ облысы, Тәңір тауы бөктерінде туған. Педагогикалық техникумды, Шыңжаң оқу-ағарту институтының физика факультетін бітірген. 1994 жылы тәуелсіз Қазақстанға біржолата көшіп келді. 1996 жылдан Қазақстан Республикасының азаматы. Қырғыз Республикасының «Молда Бағыш» атындағы әдеби сыйлығының, Түрксойдың «Мақтумқұлы Фраки» медалінің лауреаты.

ТАУ

Жер жайылып төселген гүлді кілем,
Адамзат пен аң құстың тиянағы.
Көк аспаным көк күмбез дүн-дүнием,
Сансыз шырақ жұлдыздар киядағы.

Алып шатыр орнатып құт дарыған,
Көкжиекке көк пен жер жапсарланған.
Биік таулар – қазығы нық қағылған,
Ақ қар, көк мұз бой созған асқарлардан.

Тау ризық, тау бақша, тау ықтасын,
Қойнауында орман, су ұйық мекен.
Қызығына батасың қауышқасын,
Жыланы да шақпайды тиіспесең.

Айналады жер шары кемең алға,
Таулар белбеу беріктеп байлап қойған.
Кең сарайдың иесі кемел Алла,
Құлдарына құныттап сайлап қойған.

ОН СЕГІЗ САҒАТ

Тақыл-тақыл тез-тез жейтін нәпсімді,
Алла әмірі, оразаға тапсырды.
Бірде тамақ, бірде қызық іздетер,
Шарасыз ғып шайтан деген нақ сұмды.

Төрт сағатта шұрылдайтын ішегім,
Алды міне қанағаттың күш-емін.
Соғыс ашып жан-рухым нәпсіге,
Дәл он сегіз сағат өтіп ішемін.

Сабыр сақтап, сағат өтсе он сегіз.
Тыпырлайды нәпсі деген ол семіз.
Нәпсі жеңсе адамдығың хайуандай,
Ол жеңілсе биіктейді еңсеңіз.
Бүгінгі жұрт қарын салған қампиған,
Жақ ет өсіп, құлақ ғайып қалқиған.
Құран үні естілмейді үйлерден,
Алқын-жұлқын арбауымен қалқиды «ән».

Ниет етсең орындалар бекімің,
Айшықталар адам деген есімің.
Нәпсі алдында асқақтайды айбының,
Ашар Алла райян жаннат есігін.

Атқан таңың батқанынша он сегіз,
Жаратқанның жарлығына көнсеңіз.
Он сегіз мың ғалам саған иілер,
Оразаның бақшасына енсеңіз!..

Алла Рахым мерейіңді өсірсін,
Мінген пырақ ар тұлпарың көсілсін.
Раббың үшін ұстар болсаң ораза,
Бөлінгені шайтан сұмнан көшің шын!

ОН КҮН БҰРЫН

Рамазанды сағындым жолын күтіп,
Құшақтағым келіп жүр қолын қысып.
Мен исламды танығам оразадан,
Алла алдында болсын деп толымды ісім.

Ептеп есік ашқанмын қараңғыдан,
Әзәзілден алыстап сан аңдыған.
Жарық әлем жосылды көз алдымда,
Үміттенді бұрынғы санам күмән.

Мен аңсадым тезірек қауышсам деп,
Былтыр берген «азығын» тауысқам жеп.
Рухымды тағы да байытайын,
Қуандырсын біздерді ғарыштан кеп.

Жер бетіне келсе екен тағын ала,
Таулар, көлдер күтуде сары дала.
Шын сағынды Алланың барша құлы,
Айтшы, әке, ол бізді сағына ма?

– Айтқаныңа жан балам сенімдімін,
Ақ-қараны таныды елің бүгін.
Ол жуықта келеді берекемен,
Даяр болсын ниетің-көрімдігің.

Арта берсін, асылым, мөлдірлігің,
Оның нұрлы екенін көрдің бүгін.
Олда бізді әр жылы сағынған соң,
Жылдағыдан жетеді он күн бұрын!

АҚЫРЕТТІҢ БАҚЫТЫ

Бүгінгі бұл заманада дүбірлі,
Құлақ өсек-өтірікке түрілді.
Көз алдамшы қызықтарға қадалып,
Аяқ дүние бақытына жүгірді.

Мал-мүлікке құмарлығы асқынды,
Нәпсі қуған көрдік қара тасқынды.
Тойғанына қанағат қып өтетін,
Артымызға қалдырдық біз қасқырды.

Ақыреттің бақытына үңілген,
Адамдарды таппайсыңдар бүгіннен.
Жерді, Айды, Жарқыраған ақ Күнді,
Ойлайсың ба сәйкестіріп кім ілген?

Не алыстап, не жақындап кетпейтін,
Қозғалысы еш кедергі етпейтін.
Жер бетінде ауа сені асырап,
Қандай сыр бар мұхит құрғап кеппейтін?

Ақыреттен сыр ұқтырған құбылыс,
Ояу жанға сезіледі ұлы күш.
О дүниені кім ұмытса ғапыл қап,
Екі әлемде ондайлардың құны – мыс!

ЖАҚЫНДАТА КӨРМЕШІ

Енжарлықтың егізі немқұрайлы,
Кісіліктің келбетін тең сынайды.
Әрбір іске келгенде етек басып,
Ауыруға айналып ем сұрайды.

Ғибадатқа жібермей қаныңдағы,
Ықыласты жояды жаныңдағы.
Жалқаулық пен ұйқыға ұйытады,
Тазалыққа кір қонар арыңдағы.

Салғырттыққа соғады соңы жаман,
Байқамайды оңы мен солын адам.
Иә, Жаратқан Бір Алла, сиынамын,
Жақындата көрмеші соны маған?!
АНАУ КҮН МЕН МЫНАУ КҮН

Өткен күннің оқысам естелігін,
Күнге қурап тесілген мес-терімін.
Жүрек қайта сырқырап ауырады,
Тапталған бір темірдей төске мығым.

Білінеді бейшара әлсіздігім,
Балалығым арман боп қамсыз күнім.
Жер таппаймын қоярға тыншым кетіп,
Алла өзі ұстаған жан тізгінін…

Отызым мен қырықтың ортасында,
Алматының тұншықтым қолқасында.
Тірлік ары сүйрейді, өлең бері,
Көп кезіктім асықтың омпасына.

«Күнделікті» оқысам күйдіреді,
Секен шерткен көңілде күй жүреді.
Анау күндер тәубеме келтіріп ап,
Мынау күндер Раббымды сүйдіреді!..

КЕЗІП КЕТЕМ

Үйде отырам, алайда кезіп кетем,
Бар екенін басқа да сезіп мекен.
Астарына жасырған жұмбағым бар,
Таба алмайсың есінеп ежіктесең.

Сыртта жүрем қам етіп отбасыма,
Алаңдаймын, тебер деп доп – басыма!
Дала күлге айналған астында – қоз,
Шақ қаламын байқамай от басуға!

Көлде жүзем көз жетпес көк тегене,
Шөлден қаңсып қысылды өкпе неге?
Байқап тұрсам табылмас адам бабы,
Өз орнына қоймаса көктен ЕГЕ!

АУА МЕН ҺУА

Өкпе-жүрек тұрар сені тек сүйеп,
Дене тыныс алу үшін ет-сүйек.
Ауа керек адам тірі жүруге,
Атқарады өз жұмысын көп тиек.

Тірлік сөзі мәнсізденер ауасыз,
Онда мылқау жаратылыс дауасыз.
Егін егіп, сауда жасап, білім ап,
Қайтіп қана сиырыңды сауасыз.

Сол секілді рухпенен туасыз,
Тәнді сумен, жанды нұрмен жуасыз.
Адам солай, адам болып тұруға,
Қолы жетпес ешқашанда һуа-сыз.

Һуа керек Жаратқан ол – Иеңіз,
Жөнге салар жүрекпенен ми егіз.
Ауа тәнге, һуа рухқа таяныш,
Онсыз біздер ақыретте күйеміз.

АБАЙ АЙНАСЫ

Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден!
Абай.

Тәкаппарды жібітпес,
Тартылса да май төсің.
«Жалынды» – деп мәңгүрттер,
Көрсетеді тай-сесін.
Ұлан-ғайыр даланың,
Араладым бай төсін.
Адам болып жарытпас,
Рушылды қайтесің.
Түсемін деп алшыдан,
Көрсетеді тәйкесін.

Шақтамайды рушыл,
Жамылатын көрпесін.
Билік айтар биіктен,
Билегендей өлкесін.
Біреуі іске аспайды,
Жасағанмен он шешім.
Берекеге баспайды,
Тұйықтайды жол шетін.
Кеудедегі кесірін,
Шындық оты өртесін.
Ардың соты қияды,
Рушылдың желкесін.
«Бірлік», – дейді білгендер,
Бұл өмірдің келтесін!

РАС МӘНІ

Қайғы-мұңға қамығып күрсінбеген,
Сөз айтпайды шаттыққа «шіркін!» деген.
Орақ орған аузымен шариғатшыл,
«Мұсылмандар» қаптап жүр дін сіңбеген.

Жүрек беріш, бүлк етпес, кір-қожалақ,
Өсек – сүйек кемігін жүр қажалап.
Өшпенділік, іштарлық, ғайбат жайлап,
Өлтіреді, өртейді мыңды азалап…

Апаларым, қайтейін аталарым,
«Ішіп жібер!» болыпты баталарың.
Бір-біріңді атасың сөз-жебемен,
Жайрап жолда ұяттан жатады арың.

Үлкендігі жасының үлгі емес-ті,
Бар сұмдықтың базары тілге көшті.
Жаралғандай ауыздар өсек үшін,
Табу қиын тақуа үндеместі.

Мейір қашып жүректен кек тамады,
Арбасуға айналып кетті алаңы.
Бүгінгінің қарттары көкбет, қырсық,
Қайда кетті ескінің текті адамы?

Ақылына аға жоқ иланғандай,
Құт табасың Құдайсыз мидан қандай?
Пенде деген баяғы хайуан екен,
Рас мәнін таппайды иманданбай!..

ҚАЛҚЫҒАН ШАР

Бірінші түпсіз тұңғиық,
Көк зеңгір аспан көлбеген.
Жұлдыздар жанып, күн күйіп,
Жүзгендей аққу көлде кең…

Тірелер тұсы болмайды,
Аспан денесі айғақтар.
Миллиард жұлдыз торлайды,
Жарық жетпеген аймақ бар.

Жер саған алып болғанмен,
Қалқыған бір шар айналған.
Бетіне мақлұқ толғанмен,
Көрінбес жіппен байланған.

Күллі ғарышты меңгерген,
Жолына салып өргізген.
Ең құдіретті еңдерден,
Күтеді нені ол бізден?

Ары да бері жібермей,
Жүйеге салған сызыққа.
Ғаламды алған жүгендей,
Кенелткен бізді қызыққа…

Кім еді айтшы, есті адам,
Танисың ба Иеңді?
«Иілсін құлым» деп саған,
Өзіне бұрған жүйеңді.

Шексізден шексіз ұлы күш,
Ол Алла – біреу, әміршім.
Боп жатқан күллі құбылыс,
Еркінде соның, бағын шын!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *