Әділбек

 

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының
лауреаты, Халықаралық «Алаш», «Дарабоз» әдеби сыйлықтарының иегері. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген «Алаш тарихының ақиқаты» атты республикалық бәйгесінің жүлдегері. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Азаттық аясында» атты республикалық жыр мүшәйрасының бас бәйгесін иеленген. «Қазақстанның Құрметті жазушысы», «Құрмет» орденінің кавалері.

Жалғасы…

4

Дүйсенбіде жұмысына келіп отырғанына бәлендей көп уақыт өтпеген. Өкшесі еденді тесе тақылдаған үн шықты да, бірте-бірте бұған қарай жақындай берді. Есік шалқасынан ашылып, кеңсе басшысы тәмпіш танау Гүләйімнің домалақ жүзі көрінді.

– Сарман Сапарұлы, қалыңыз қалай?!

– Шүкір. Қайырлы таң!

– Мінекейіңіз. – Алдына екі-үш парақ қағаз тастады.

– Бұл не? – Қолына алып, үңіле берді.

– Сіз жүргізіп жатқан қарақшылық шабуылға қатысты дүниелер, сенбі күні кездейсоқ көп қағаздардың арасынан шықты.

– Сонда жиынтық бумадан бөлек түсіп қалған ғой… – Қағазға бір, әйелдің тәмпіш танауына бір қарады.

– Солай ғой… Соны өзім әкеп, қолыңызға ұстатайын деп келдім.

– Рақмет, сіздің үлкен жүректі адам екеніңізді бұрыннан білетін едім…

Кеңсе басшысы «хи-хи» деп күлді де, сырт айналып жүре берді.

Сарман еңсесін сала қадалды. Бұл да куәгерлердің түсінігі екен. Әуелгіде әлдебір кісілердің шимайын зиыны алмай құжаттарды қайта оқып, ақтарып отырып, базарда сауда жасаушы Василий мен Валерия деген ерлі-зайыпты екі адамның «қылмыс жасаған күдіктіні көрсек, танимыз» деген бір ауыз сөзін көзі шалып, жүрегі жарыла қуанды. Қағазға шұқшия түсті. Олар облыс орталығы – Өскемен қаласының тұрғындары екен, жұмыс бабымен тауарларын арқалап, Зырянға жұмасына бір рет қатынап, бұйымдарын саудалап қайтатын көрінеді. Әлгі екеуі адам аяғы қалың абыр-сабыр уақытта базардың қасында тұрған дүңгіршек жақтан шыңғыр еткен дыбысқа назар аударған. Әуелгіде түсінбей қалады. Сәлден соң дүңгіршектен кейін серпіліп, әрмен кетіп бара жатқан ер кісіні байқайды. Ол ашулы кепте бетін тыржита, тісін ақсита әлдекімге заһар шаша соңына бір қараған. Сосын, бес-алты қадам жерде тұрған қызыл жигулиге мініп, жүріп кеткенін көрген.

Бұған дейін мазаны кетірген дүние, нақты куәлардың жоқтығы еді… Дереу тергеу бөлімінің бастығы Николай Кузьмичке барып барлық жағдайды баяндауға тура келді. Бұл арада жалғыз ғана басты нәрсе – куәлерді алып келіп, күдіктімен беттестіру.

Осы кесімін Грибановқа айтқанда бірден құптады да, ол өзінің астындағы қызметтік машинасы «Москвич-412» көлігін берді.

Кеш бата Өскеменге жетіп, көздеген мекенжайды ымырт жабыла әзер тапты. Іздеген адамдары қаланың шетіндегі ұсақ көшелердің бірінде ертеде салынған үйде тұрады екен. Қақпасына таянғанда арғы жағынан шәуілдеп, қос қанден шабалана үрді. Олардың баяпар үні үй иесін сыртқа алып шықты. Үйдің маңдайшасындағы жанған көмескі шамнан түрі нақ білінбесе де ер адам дарбазаға қарай беттеп келе жатты. Қос итін сабырға шықырып, мейірін төге сөйледі.

– Қойыңдар, қойыңдар, болды! Жарайсыңдар…

Есікті ашып, полицияны көргенде қырықтар шамасындағы шашы қобыраған, орта бойлы жігіт сәл шіміріңкіреп қалды.

– Кеш жарық, Василий!

– Кеш жарық…

– Өздеріңізді іздеп, Зыряннан келдім.

Мынадан соң жайды бірден ұқты.

– Иә, кездейсоқ оқиғаға куә болып қалғанымыз бар еді… – Онысына жазықтыдай тіл қатты. – Үйге жүріңіз, ішке кіріп сөйлеселік.

Табалдырықтан аттағанда мұрнына қытай бұйымының жағымсыздау иісі жетті. Айнала қойма сияқты қорап-қорап заттар жиналған. Бір-екі тең дөңкиіп аяқ астында жатыр.

– Мына бейберекетсіздікке ғафу өтінеміз, – деді ас бөлмесінен төбе көрсеткен алшалғыш байланған әйелі бөгде адамды аңдап.

– Оқасы жоқ, сәлеметсіз бе!

– Сәлеметсіз…

– Валя, мына кісі Зыряннан бізді іздеп келіпті. – Ері әйеліне мән-жайды бір ауыз сөзбен ұқтырды.

– Мен өткенде өздеріңіз куәлік еткен істің тергеушісімін, капитан Ғұсманов.

– Базардағы тоналған бутик жайында ғой?..

– Дәл солай. Тергеу амалдарының шарты бойынша сіздердің күдіктімен бетпе-бет жүздесіп, оның сол қылмысты жасаған адам екеніне айғақ бергендеріңіз қажет. Әрі, түсініктеріңізде «қылмыскерді сырттай көріп қалдық, беттестірсе тануымыз мүмкін» депсіздер. Соған орай сіздерге келіп тұрмын.

– Әрине тергеу ісіне көмектесеміз, – деді қолын сулыққа сүрткен қалпы әйел көзілдіріктің ар жағынан мұның бетіне қадала қарап.

– Біз қазір түнгі сағат 11-дегі пойызға міну үшін жолға жиналып жатыр едік, – сөзді Василий жалғады, – ертең таңертең 6-ларда Зырянда боламыз.

Екеуі істің ашылуына көмектесетін рай байқатқандарына тергеуші іштей қуанды.

– Мына тауарларымызды алып, ертең таңертең Зырянда боламыз. Ертеңгілік барып, қарақшылық жасаған күдіктіні тануға, табуға көмектесейік. – Әйел сенімді кейіпте тиянақты пікір білдірді.

– Қылмыстың ашылуына түсіністікпен қарағандарыңызға рақмет. Олай болса ертең сағат 9-да мен сіздерді қалалық ішкі істер бөлімінде күтемін.

– Келістік. – Күйеуі мақұлдай басын изеді.

Капитан тізе бүкпестен сыртқа беттеді. Жағымды байламды естігеннен кейін, түн жамыла дереу ауданға тартты. Үйіне өте жай талығып жетсе де, «екі куәгер бұлтартпайтын дәйекті тауып бере ала ма, Арканиан өзін қалай ұстайды?» деген сияқты сауалдар басын қатырып, ұйқы бермей, әбден мазасы қашты.

Өйткені, бұл процесс әжептәуір күрделі еді. Айып тағу, «айыпкер» деп тану жөніндегі тергеу эксперимент амалдарына куәгерлер шақырылады. Күдіктінің жанында міндетті түрде нәсілі, түр-түсі, пішіні бірі-біріне ұқсас үш адам тұруы тиіс. Оларды қосалқы жандар деп атайды. Мұның сыртында процесті көз алдынан өткізетін тағы да екі айғақ кісі отырады.

Таңға дейін осыларды ойлап, іштей пысықтап аласұрды. Ұйқысы ұйқы болмады. Алтыдан түрегеліп, жұмысына жөнелді. Барысымен қосалқы кісілерді алдырды. Екі айғақ адамды дайындады. Сағат 9-ға қорғаушыны шақырды. Себебі, куәгерлермен бетпе-бет жүздестірер алдында тергеуші қамақтағы күдіктіні «айыпкер ретінде жауапқа тарту жөніндегі қаулымен» таныстырады. Бұған міндетті түрде қорғаушысы қатысуы тиіс. Соның қатысуымен ол тергеуге келісетінін мақұлдап, қол қояды. Осыдан кейін  кешенді тергеу басталады.

Қорғаушы екеуі камераға төмен түскенде ұзын бойлы Арканиан бұрыш жақта серейіп тұр екен. Әдеттегідей қанын ішіне тартып, жөйіт боп-боз қалпы қасарып алған. Әуектеткенге уақыттың тығыздығынан капитан бірден қаулымен таныстырды.

– Қазір комплексті тергеу шарасы жүреді, осыған келісіміңіз керек, – деді.

Жулин тарыдай ғана көкпеңбек қарашығы сүзіліп, қорғаушысына қарады. Ақ блузканың үстінен қызылкүрең пиджак киген Амелина басын изеді.

– Бұл жалпыға бірдей міндетті норма, қол қою керек.

Капитан оң қолына қалам ұстатып, астына қатырма қағаз салынған келісім парағын тура алдына тосты. Ол үн-түнсіз кісенді қолымен мәйпездей сүйкектетті.

– Жақсы, осында қала беріңіз.

Екеуі сырт айналды да шығып кетті. Арада көп өтпей камераға өзі секілді уақытша қамаудағылар әкеліне бастады. Бұлар – алдын-ала әзірленген қосалқы жандар еді. Бәрін қабырғаға тақау шахматтың фигурасындай тізді. Капитан Жулинді әдейі оң жағынан екінші тұрғызуды тапсырған. Бұл арада оны қай тұсқа қойса да тергеушінің еркі бар еді.

Қорғаушы мен айғақ кісілер қарама-қарсы жаққа жайғасқан. Қазіргі шараға айғақ болуға келген олардың қылмыс әлеміне, мына қылмысты іске еш қатысы жоқ.

Жұпыны үстел үстінде күдіктіден сұрақ алу арнайы парақшасы – титулдық қағаз жатты.

Төрт көзі түгелденген соң капитан куәгер Валерияны шақыртты. Орта бойлы, ақсары өңді, сары шашты әйел ішке енгенде қарсы алып, бәріне естірте:

– Қазақстан Республикасының азаматы Валерия Артемова, жалған айып тағудың, фактіні бұрмалаудың немесе жасырып қалудың қылмыстық жауапкершілігі барын ескертемін, – деді.

– Мен өзім көзіммен көрген нәрсеге ғана куәлік етемін. – Тәмпіштеу танауының үстіндегі көзілдірігін сол қолының сұқ саусағымен болмашы көтеріп қойды.

– Жақсы. Олай болса бастаймыз. – Куәгерді ертіп, ортаға қарай алып жүрді. Келіншек бір сызық бойына тізілгендердің жүзіне барлай қарап, ілгерледі. Кенет Сарманның көз қиығы Арканианға түсті, ол өзін сенімді ұстап тұр. Сырт пішінінен, өңінен ешқандай күдік келтіретіндей секем жоқ.

Баяу жылжып, бір бүйірге келіп тоқтады.

– Мына адамдардың арасында сіз танитын кісі бар ма?

– Бар.

– Қай кезде, қандай жағдайда жолықтырдыңыз?

– 1994-ші жылғы 7-ші қазанда, – деп бастады әйел сөзін.  – Әдеттегідей сауда жасауға Өскеменнен осындағы базарға келдік.

Базар автовокзалдың қасында, «Ғарышкерлер» көшесінде. Таңғы сағат 8.40-тың мөлшерінде қарбалас жұмыс үстінде шылдыр етіп, терезенің сынған даусын естідім. Тосын дыбысқа жалт қарадым, неге екенін білмеймін әуелі жолдың жиегіндегі қызыл жигулиге назарым ауды. Сосын, берірек тұрған терезесі сынған комокқа көзім түсті. Бутиктің ішінен асыға шығып, жеделдете машинасына беттеп бара жатқан мына кісіні көрдім. – Сұқ саусағымен Арканиянды нұсқады.

– Сенімдісіз бе, осы адам ба?

Әйел жауап қатуға асықпай, байыппен тағы да төртеуіне кезекпе-кезек барлай қарады. Күмәнін сейілткісі келді ме, «ауыздарыңды ашыңдар» деді кенет. Күдіктілер бірдей ауыздарын ашып, тілі мен тістерін көрсетті. Басқа ешкімге аялдамастан куәгер әйел «осы» деп, Жулинді қайыра көрсетті.

– Астыңғы бір қасқа тісі жоқ.

Мұндайды күтпеген күдікті табанда нілдей бұзылып, ашу шақырды. Байсалды қалпынан кілт жаңылып, бұлқан-талқан адуын мінезіне басты. Қолы артына қайырылып, кісендеулі болса да, бірден әйелге тапап өтердей ұмтылды.

Тергеуші «конвой!» деп айқай салды. Есіктің сыртында әзір тұрған келдекті күзетшілер кіріп-кіріп келді. Дереу айыпталушыны тыныштандырып, сабасына түсірді.

Бұл арада келіншек тергеушімен екеу ара болған әңгімені мақұлдап, хаттамаға қолын қойып үлгерді.

Әйелді шығарып жіберіп, арада бес минуттай уақыт өткенде екінші куәгер – Валерияның күйеуі Василийді кіргізді.

Василий әлбетте осының алдында ғана болған әңгімені де, жағдайды да білмейтін. Өйткені куәгерлерді алдын-ала бірінен бірін бөліп алып кететін. Ол сенімді түрде табалдырықтан нық аттады.

– Мына кісілердің арасынан танитыныңыз бар ма?

– Қазір көрейін.

Жағалай жүріп алдыларына келді де, бөгеліп:

– Ауыздарыңды ашыңдар, – деді. Сол-ақ екен, Арканианды айнытпай таныды.

Күтпеген жайтты басынан кешкен Жулин тағы да ашуға булықты, өзін ұстай алмай түрі бозарып, беті тұлан тұтып шыға келді.

– Осы ма бутиктің терезесін сындырған?

– Сындырғанын көрген жоқпын, ішінен шыққан – осы.

– Оны қандай белгісінен біліп тұрсыз?

– Астыңғы қасқа тісі жоқ еді…

– Тісінің жоқ екенін көрген сәтіңізді баяндап беріңізші.

– Ол комоктан алқын-жұлқын шығып жүре бергенінде артына бұрылып, ырылдаған иттей тістерін ақсита шам шақырып, маңайына зәр шаша қарады. Содан оның астыңғы бір қасқа тісінің жоқ екені жадымда қалып қойыпты.

– Тағы айтатыныңыз бар ма?

– Жоқ.

– Онда мына хаттамаға қол қойыңыз.

– Бұл не?

– Бұл, дәл осы сәттегі болған екеуара әңгімеміз. Ең әуелі оқып алыңыз.

Қағазды алып, екі-үш минуттай асықпай көз жүгіртті. Сосын қолын қойды.

– Енді сіз бара берсеңіз болады. Рақмет, уақытыңызды бөліп келгеніңізге.

– Әрқашан әділдікке араша түсуге әзірміз.

Тергеуші жымиғандай өңі күлімсіреді. Сосын қосалқы адамдардың бәрін тиісті орнына жөнелтіп, камерада күдіктіні қалдырды. Ондағысы «темірді қызған кезде соқпақ» ниет. Жанында қорғаушы Амелина бар.

Жулиннің әуелгі еркіндігі білінбейді, өңі сұрланып, көзінің тарыдай қарашығы тұманданып алған.

– Ал, айыпталушы, бұған не дейсіз?.. – Әдейі «айыпталушы» деді.

Шамырқана тістенгенінен жақ еті буылтық-буылтық. Көмейіне әлдене тығылып, жұтына беретіндей.

– Бір емес, екі адам сізді айырықша белгіңізден танып, қылмысыңызды бұлтартпай дәлелдеп отыр. Мұны айғақ адамдар да көрді, қорғаушыңыз да көрді. Тек сіз өз қолыңызбен жасаған істі мойныңызға алудан қорқып отырған.

Тергеушіні ашу кернеп, Арканианның жүзіне ызбарлана қарады. Бұған дейін беті бүлк етпей қасқая шіреп, дүрдиген оның темірдей беріктігі шытынады. Аққұба өңі топырақ тартып, сұңғақ бойы шөгіп, арқасы құныса – еңсесі салбыраған. Сәлден соң езіліп, екі көзінен жас парлай егіле жылады.

– Братишка, сен менің қайда отырғанымды білмейсің… – Мұрынын қос-қостан тартып, мұның жүзіне жасық баладай имене көз қиығын салды. – 27 жыл отырдым…

– Ол менің басымды қатырмайды, мені дәл қазіргі жағдай толғандырады. Сіз ауыр қылмыс – қарақшылық жасадыңыз. – Капитанның зілді үні күнәһардың жүйкесіне зілбалғадай тиді.

– Өмірім қор боп өткен екен. Жүріп-жүріп әбден қартайғанымда бас құрадым. Бақытты болу – басты мақсат емес. Менің артымда қалатын тұяғым да жоқ, үйленгенім – таяуда ғана. Біз бала күтіп жүрміз. Сен мені соттағанда не табасың?

Сол сәтте тергеуші қорғаушыға, қорғаушы тергеушіге мойын бұрды.

– Сіз мойындаттыңыз, – деді Виктория Складчиковна.

– Не жасаймыз?

– Егерде сотқа жіберсек, одан әрі бұның денсаулығы көтермейді.

– Денсаулығында қандай кінәрат бар? – Капитан қорғаушыға назарын аударды.

– Ол ашық нұсқадағы туберкулез, шамасы, ұзақ уақытқа бармайды-ау, – деді.

Әңгімені осы жерден капитан аяқ асты тоқтатты. Күдіктіні қарауылға айдатып, абақтыға жөнелтті. Қорғаушыны ертіп, кабинетке алып келді. Кабинетке енісімен Амелинаға салқын қабақпен қарады.

– Сіз неге оның өте жұқпалы өкпе дертімен ауратынын бұрын айтпадыңыз?

– Сіз маған онша сеніңкіремей отырсыз ғой деймін. – Қайқайған кірпігі жыпық-жыпық етті.

– Жо-оқ, сақтық шарасын ұстауымыз үшін қажет еді ғой… Біз де бала-шаға бағып отырмыз, жұқтырсақ – қатер…

– Ондай қатты науқас екенін таяуда ғана білдім.

– Қайдан?

– Қалалық туберкулез диспансерінен… Бас дәрігері Зенченкодан сұратсаңыз бүкіл мәліметті береді.

– Қоғамға қауіпті жұқпалы дертпен ауырса, оны неге диспансерге тұрақты жатқызбаған?

– Білмедім… – Амелина иығын қиқаң еткізді.

– Айналасына қатерлі жұқпалы дерті анықталса, соған қарамай көпшіліктің арасында науқастың еркін жүруі – құқықтық тәртіптің бұзылуы болып саналады. Яғни, салаға жауапты адамдардың немкеттілігі. – Қорғаушының жүзіне шүйліге қарады. – Оны жақсы түсінесіз.

Дереу Зенченкоға Жулиннің сырқаты жөнінде сұрау салдырды. Қорғаушы арқылы науқастың диагноздар мәліметі жазылған «дерт тарихын» алдырды. Науқастың кітапшасы 1994-ші жылғы тамыз айының соңында ашылған екен. Онымен танысып шығып, диспансерге тартты.

– Капитан мырза, шақырсаңыз ішкі істер бөліміне өзім баратын едім. – Бас дәрігер бір жағы әзілге сүйей тіл қатты.

– Рақмет ықыласыңызға! Бір-екі сұрағым бар.

– Қандай?

– Мұндай аурумен қаншалықты өмір сүруге болады? – Жулиннің «дерт тарихын» үстел үстіне қойды. Дәрігер қолына алып, қузай парақтап, көзінің қиығымен шолып өтті. Өйткені ондағы жайға мейлінше қанық еді.

– Темір торда отырса, көп ұзаққа бармайды.

– Егер ол айналасына қатерлі жұқпалы дертке шалынса, сіздер неге оны еркіне жіберіп қойғансыздар? – Тергеуші бас дәрігердің жүзіне қарады, ол қипыжықтап көзін қашқақтата берді. – Қоғамға ауру таратушы, туберкулездің жұқпалы ашық түрімен сырқаттанған науқасты мәжбүрлеп әкеліп жатқызуға сіздердің құқыларыңыз бар. Заң қолдайды. Оны өзіңіз жақсы білесіз. Мемлекет диспансерді сол үшін ашып отыр. Жұқпалы аурудың таралуына тосқауыл қойып, алдын алудың амалын қарастырмаған сіздер – жауаптысыздар. Әрекетсіздік – ол да қылмыс.

Зенченконың көзі бадырайып кетті, бірдеме деуге жағының кірісі ашылмайды. Үйдей бәледен үн-түнсіз құтылғысы келетіндей…

– Оның ашық нұсқадағы туберкулез екені қашан және қандай жолмен анықталды?

Сары орыстың беті қып-қызыл болып кетті.

– Егер сіз жауап бере алмасаңыз, мына «дерт тарихы» қолдан жасалған, сіз қаншаға сатылдыңыз? – Бетіне шаншыла шүйлікті.

– Капитан мырза, оның науқас екені анық. – Көзінің қарашығы тоқтамай айналып, абдырай сөйледі. Басындағы қоқырайған ақ қалпағын сыпырып ап, үстелдің үстіне қойды.

– Мен сізге сенбеймін, облыстан мамандар шақыртып, анализін алдырып, қорытындысын содан кейін бірақ көреміз.

Дәрігер көзін жерден көтере алмай сілейіп, отырып қалды. Маңдайынан сұп-суық тер бұрқ етті.

– Өз аузыңыздан білгім келгені осы болған. – Сарман орнынан түрегелді. – Адал еңбек етіңіз… Екеуара әңгімеміздің хаттамасына ішкі істер бөліміне келіп, қол қойып кетіңіз. – Жай басып, сыртқа беттеді.

Үйге бір жағы көңілі тоғайып, бір жағы әрі-сәрі қалпы оралды. Арканианды «күдіктіден» «айыпталушыға» ауыстыруға бір-ақ қадам қалған. Одан әрмен қарай құжаттарын сотқа әзірлеу кезеңі басталар еді. Оның үстіне басшылары да осы қарақшылықпен тонау қылмыстық істің жайын қайта-қайта сұрап, ығырын алып барады. Олар  Арканианды отырғызуға мүдделі, бұл өзі де осыны бар жан-тәнімен қалайды.

Бірақ, аяқтан шалушылар кесе-көлденеңдесе іс алға баспай қоятынын да біледі. Өйткені, істі сотқа жіберу үшін әуелі прокуратураның тексеруінен өтеді. Олар құжатпен толық танысып, қандай айғақты дәлелдер бар, қандай сараптамалар жасалды, не жетіспейді бәріне мұқият үңіліп, атқарылған шараның заңдылықтарына мән береді. Соңында қорытындысын жазады, оң қорытындысын алғанда сотқа жөнелтіледі. Ал, тырнақ астынан кір іздесе, қылмыстық істің «көмескі» детальдарын қайта толықтырып, тексеру үшін кері қайтарады.

 

***

 

Есейіп, альпинизмде жақсы нәтижеге жетіп, олимпиадалық ұлттық құрамаға алынғанында Айсын елдің назарына іліге бастады. Белгілі-белгісіз азаматтар ықылас аударып, басшылар мен іскер кәсіпкерлермен танысты. Өзге спорт түрлерінің майталмандарымен араласып, білісті. Шығыс Қазақстандық болғандықтан облыстағы спортшылар мұны өздеріне жақын тартты.

Бұл уақта бірқатар спортшылар коммерцияға ауысып, өмірлерін кәсіпкерлікпен жалғастырған. Солармен байланысып, қатынас орнатты. Олардың бірқатары қылмыс әлемімен қоян-қолтық араласып жүрді. Ақырындап сыр тарта, Арканиан Жулинді іздеді. Ақыры ол жайында көптеген мәліметтер жинады. Суретін тапты – тура әкесіне пышақ жұмсаған өзі көрген ұзын бойлы адам, сәл егде тартқан. Неше жыл көкейінда сақталған бейне қолында тұрды. Бірақ, өзі әлі бала еді.

Тағы да араға уақыт түсті. Азия чемпионы атанғаннан кейін айналасы өзіне құрметпен қарады, Әлем біріншілігінде екінші тұғырдан көрінгеніне  жұрт дән риза. Өйткені, Қазақстанда бұл спорт түрінен әлі ешкім мұндай нәтижеге жетпеген еді. Альпинизм – кенже дамыған спорт түрі болып саналатын.

Үнемі құлағы түрік жүрді. «Арканиан Зырянға көшіп келді» дегенді естіді. Содан бері қанша құлшынса да жолы түспей қойды. Ақыры оқу-жаттығу жиыны Мұзтауда өтетін болып, Шығыс Қазақстанға ат басын тіреді. Сонда оның қамауда отырғанын естіді. Қуанып қалған. Енді кеше ұзынқұлақтан «дүниенің тесігін жамаған бәле емес пе, мұнысы жеңіл-желпі іс көрінеді, босанып кетуі ықтимал» дегенді құлағы шалды. «Қап, әттеген-ай» деп, алаңдай алабұртты. Жылдамырақ қимылдауы тиіс.

Әлі нарықтық өлшемдерді қабылдай қоймаған қоғам қара қазандай қайнаған мезет. Бұрынғы спортшылардың бірқатары рэкетирлікке бой ұрып, қайсыбірі ықпалдылығымен күңгірт бизнес пен қылмыс әлеміне сөзін жүргізе бастаған. Елдің айтуынша Өскемендегі осындай жанның бірі – «Торнадо». Кезінде бокстан әлем біріншілігінде жеңіп тұрып, әділетсіздікпен олимпиадаға бармай қалғандықтан спортты тастап, кәсіпкерлікке ауысқан. Төңірегіне сөзін сөйлеп, сойылын соғатын кіл жуанжұдырықтыларды жинады. Өздеріне қияс қарағандардың бәрін қара құйындай шырқ үйіріп, тапап кететін. Аты Аян болса да өзіне «Торнадо» деген лақап есімді қош көрді. Жұрт оны бүгінде «Торнадо» деп біледі.

Көкейінде мұз боп қатқан құса мен кектің итермелеуімен Айсын Торнадоны Өскеменге өзі іздеп келді. Кезінде Риддерде мектеп-интернатта оқыған екі досы қарсы алып, қаланың бір шетіндегі офиске әкелді. Небары 27-дегі жігіт тым салмақты екен. Сөзін бұзбай әңгімесін тыңдады.

– «Он жасымда жетім қалдым» дейсің бе?

– Иә. Өлтірген адамдар ұсталмады. Бірінің атын білем – Арканиан. Қазір сондай бір адам Зырян қаласында түрмеде отыр, көрсем танимын. Сонымен жолығудың жолын қарастырудамын, соған септігіңізді тигізсеңіз…

– Көмек қандай тұрғыда болуы керек?

– Маған ол отырған түрменің схемасы, кіретін-шығатын есіктері, ғимараттың суреттері, құныкердің қай блокта, дәл қай камерада отырғаны қажет. Әрі қарай мен өзім шешемін.

Айсынның айқын да нақ сөйлейтіні, табандылығы ұнады.

– Жақсы, көмектесемін. – Қыздың талдырмаш тұрқына, әдемі жүзіне барлай қарады. – Арканианды сырттай білемін. Кеңес дәуірінің қалыптастырған паханы. Оның ықпалы Өскеменге жүрмейді, «Голубой заливтен» әрмен аудан мен ұсақ қалаларға қарайтын болса керек. Қаланың қай жеріне тоқтадың? – Әңгіме ауанын кілт басқа жайға аударды.

– Бірден өзіңізге келдім, қайда тоқтайтынымды енді қарастырам.

– Еш алаңдама, жігіттер қазір орналастырады, шаруаңа бүгіннен бастап кірісеміз.

– Біз Шығыс Қазақстанға оқу-жаттығу жиынына келгеміз, команда тауда. Мен жаттықтырушыдан үш күнге сұранып едім…

– Ертең бәрін қолыңа ұстатуға тырысамын.

– Рақмет!

 

5

 

Капитан күндегі дағдысымен сағат 6-да түрегелген. Есігінің алдында жаттығу жасап, аяқ-қолын керіп-созып жатқанында қақпаның есігі қағылды. «Таң атпай жүрген кім болды екен, көршілердің бірі ме?» деп ойлап, есікті ашқан. Өз көзіне өзі сенбей қалды, кешегі Василий мен Валерия. Әдеттегі пошымдары байқалмайды, суға түскен торғайдай бүрісіп қапты.

– Сәлеметсіз бе, Сарман Сапарович! – Василий қарлыға үн қатты.

– Қайырлы таң! Жайшылық па?

– Сіз бізді кешіріңіз, – сөзге енді әйелі араласты, – кеше ішкі істер бөлімінен шығып, базарға жұмыс орнымызға барғанда, тура сондай адамды көрдік.

– Иә, тура сондай адам көрдік. – Күйеуі әйелін мақұлдады. – Дәл бетпе-бет ұшырастық. Сондықтан біздің берген айғақ фактісі дұрыс емес, біреудің обалына қалғымыз келмейді.

Капитанның іші қылп ете қалды, дардай етіп сүйенген алтын қамалы бір күн өтпей шақ-шәлекейі шыға күйреді.

– Астыңғы қасқа тісі де ұқсай ма?

– Онысын аңдап үлгіре алмадық. – Василий міңгірлей көзімен жер шұқыды.

Бұларды түні бойы қылмыс әлемінің «қауымдастығы» әбден қорқытып, таң атпай есігінің алдына әкелгенін түсінді. Өткендегі Қапез осы маңға таяу тұстан өздерін көз жазбай аңдып тұрғандай, төңірекке бажайлай назар жүгіртті. Ешкім байқалмады. Нақ қылмыскердің қамауда отырғанын ар жағы сезіп тұр.

– Біреу-міреулер сіздерге қысым жасап жатқан жоқ па?

– Жо-оқ, шын айтып тұрмыз! – Әйелдің үні ышқына шықты. – Абайсызда жаңылысып, жазықсыз жанның обалына қалмайық деп…

Капитан екеуінің жүзіне барлай назар жүгіртті.

– Шындықты айтыңыздар, әлдекімдер күш көрсетіп жатса, айырықша тапсырмалар орындайтын ұтқыр жасақпен барамыз.

– Жо-оқ, ондай ештеме жоқ. Бізді қинағаны «жаңсақ… жаңсақтыққа жол бердік пе?» деген ой. – Ері Василий тұтыға сөзге килікті.

– Куәлерді сыртқы қысымшылықтан өкімет қорғайды, оны біліп қойыңыздар. – Сарман екеуін иландыра сөйледі. Оның ләміне жауап қатпады. Арада үнсіздік орнады.

– Жақсы, онда сол адамды қолға түсіруге әрекетке көшеміз. Ол ұсталғанда өздеріңіз танып, қылмысын мойнына қоюға көмектесесіздер.

– Мақұл, келістік.

 

Жұмысқа ұнжырғасы түсіңкіреп келді. Алдындағы қағаздарына қарауға құлқы соқпай, ісінің қюы қашты. Ана папкіні бір ұстап, мына буманы бір қарап, сипалақтады да қалды. Кенет есік шалқасынан ашылып, домалақ жүзді Гүләйім күлімсірей енді.

– Жалынды сәлем, капитан мырза!

– Сәлем.

Алдына кіріс құжаттарды тіркеу журналын жайып салып:

– Мына жерге қол қойып жіберіңіз, – деді.

– Бұл не?

– Шағымданушының арызын қайтарып алу жөніндегі өтініші.

Мынаны естіп, тіпті төбесіне жай түскендей болды. Кітапшаға қолын қойып, құжатты алып қалды.

– Жақсы, сау болыңыз, – деп, кеңсе басшысы шығып кетті.

Хаттың шекесіне полковник С. Кузнецов «Подполковник  Грибановқа! Қарау үшін!» деп, бұрыштама соғыпты. Грибанов бұған жіберіп отыр.

Жапа шегіп, зәбір көруші Ләтипа Тұрова қылмыскерге ешқандай кінә тақпайтынын ақтарыла жазыпты. «А. Жулин тарапынан кассадан алынған ақша қайтарылып, сынған терезе қалпына келтірілді. Материалдық, моральдық залал толық өтелді. Қоятын ешқандай кінәрат-талабым жоқ. Сондықтан оған қатысты қозғалған қылмыстық істі тоқтатуларыңызды сұраймын».

Іштей тырсылдап, жарылып кете жаздады. Кежегесі кері тарта отырып, өтініш-хатты қылмыстық іске тіркеді. Бір тұста «қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы Сергей Александровичке кірсем бе?» деп ойлады. «Кіргенде не жасаймын, мына хат оның өзінің қолынан өтіп отыр ғой» деген байлам тоқтата берді.

Көзге көрінбейтін күш, бәлкім, Қапез бастаған қылмыс әлемінің «бауырластар қауымдастығы» тындырымды жұмыс жасап жатқанын бұрыннан байқайтын, енді міне, өзі солардың кесе көлденең қойған тосқауылынан аса алмай отыр. Ал, екі ортаға «алтын көпір» болып жүрген Амелина екені айтпаса да белгілі.

Қылмыстық істі лажсыздықтан сан ақтарып, ақырында қолынан бар келгені – Жулиннің карточкасының шекесіне «тәж киген» деген анықтаманы жазды. Бүкіл алдына жатып алған тосқауылға қарамастан оның ісін сотқа дейін жеткізуді ойлады. Бірақ, жапа шеккен басты адамның ешқандай кінә қоймайтынын көрсетіп, істі тоқтатуды сұрап, хат жолдауы – бәрін түбірімен өзгертіп жіберді.

Түстен кейін сең соққан балықтай әрі-сәрі хал кешіп, кабинетінде отыр еді, кәрі сүйек қара телефон бебеулеп қоя берді.

– Капитан Ғұсманов тыңдап тұр.

– Сізді полковник Кузнецов шақырып жатыр. – Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз екен.

– Құп!

Сергей Александрович байсалды қалпы қарсы алды.

– Шаруа қалай?

– Жулиннің қылмыстық ісінен өзге өндірістегі құжаттар кесте бойынша жылжып келеді.

– Жарайды… – Сөзін үзіп, Сарманға қараған қалпы бөгелді. – Бәрін көріп отырмын, заң аясынан асып қайда барамыз?.. Біздің барлық шарамыз заң аумағынан шықпайтыны белгілі. Сені шақырғаным, – көзін көзіне қадады, – бірінші, жұмыс жайы, екінші, білікті ізбасарлар туралы. Кәсіпқой кадрлар әзірлеу – үлкен міндет. Екі-үш жылда бір мәрте жоғары жақ ротациямен өздеріне жігерлі жас жігіттерді алдырады. Сен биыл 28-десің. – Алдында жатқан Ғұсмановтың жеке қызметтік парағына үңілді. – Қызметте алғырсың. Сондықтан өзіңнің кандидатураңды жөн көріп, ұсындым. Бұл жолы министрліктің орталық аппаратына алып жатыр.

Мына күтпеген жай Сарманның ақылына қонбады. Қазақстанның қайдағы бір қиырындағы шағын аудандық қаладан бірден Алматыға, министрліктің орталық аппаратына бару – үш ұйықтаса түсіне кірмеген.

– Иә, нанбай отырсың ба, сенің кандидатураңды облыс та мақұлдады. Бұл осыдан екі ай бұрын басталған іс еді, мен саған әбден шешілгенде енді айтып отырмын. Дайын бол, шақырғанда бірден жүріп кетесің.

– Үлкен сенім артып, қолдау білдіргеніңізге рақмет, Сергей Александрович! Менің мүлде ондай жоспарымда жоқ еді…

– Жақсы, іске сәт!

Бастықтың кабинетінен көңілі көтеріліп шықты.

Ертеңінде тергеу камерасына Жулинді алдырды және оған бетперде кидіріп әкелуді тапсырды. Бұл кіргенде ол бұрынғыдай қырын қарап тұрмады.

– Қайырлы күн.

– Қайырлы күн, командир.

– Не айтасыз, мен әдейі сізді тыңдау үшін келдім.

– Братишка, мен Ресейде 27 жыл отырдым. Ол жаққа барсам, енді тірі қайтпаймын. Ең бірінші денсаулығым көтермейді. – Бұрынғыдай сазара тілін жұтпай, сөйлеуге пейілді сияқты.

– Қашаннан бері туберкулездің жұқпалы ашық түрімен ауырасыз?

– Ешқандай науқастың белгісі білінбеді, жаздың соңында медициналық тексеруден өткен едім, сонда өте жұқпалы кох таяқшасы анықталды.

– Ондай жағдайда диспансерге бірден жатқызуы керек еді, сізді неге жатқызып емдемеді?

Үндемей, көзін қашырта берді.

– Науқас қарсылық танытса да, күшпен стационарлық жағдайда емдеулері тиіс, міндетті. Сіз диспансерде емделіп жатқаныңызда, мынадай бәлеге ұшырамас едіңіз.

Жулин жауап қата алмады. Арада меңіреу тыныштық орнады.

– Жақсы, мен оны түсіндім. Қайта өз ісімізге оралайық, киоскінің терезесін сындырған тапанша қайда?

– Шынын айтайын, ол сырт көзді қорқыту үшін ғана қолданылған ойыншық пистолет еді. Қоқыс салғыштың біріне лақтырып кеткенмін.

– Қарақшылық жолмен тонағаныңыз рас қой?

– Рас.

– Мойындайсыз ба?

– Мойындаймын.

Тұрованың істі тоқтату жөніндегі хаты келіп түскенінен мұның хабардар екенін іші сезіп тұр.

– Братишка, мен естідім, сізді жоғарлатып Алматыға жіберейін деп жатыр екен. Жеке өзімнің алғысым ретінде Алматыдан үш бөлмелі пәтер сыйға беремін.  – Әдеттегіден кілт өзгеріп, сөзуарға айналыпты.

Сарман езу тарта күлді. Қылмыс әлеміндегі сымсыз телефонның қалай жылдам жұмыс жасайтынына қайраны таусылды. Бұл жайында өзі кеше ғана білді.

– Мені сатып алмақшысыз ба? – Шаншыла қарады. – Қолымның тазалығы, жүрегімнің ақтығы, ар-намысымның биіктігінен мұндай нәрсе мені қызықтырмайды. Көмектессем – адами тұрғыдан көмектесемін. Ең бірінші кездескенімізде «ешқандай қылмысты аша алмайсың» дегеніңіз есіңізде ғой. – Сөзін үзіп, жылан көздеріне қадала қарады. Қылмыскер сілейген қалпы тіс жармады. – Міне, бәрі ашылды – ойыншық қаруды сес етіп, дүкен тонағаныңызды мойындадыңыз. Бүкіл куәгерлер айыбыңызды мойныңызға қойып берді. Табанды түрде іздестірудің арқасында бәрі қалай болды – солай қағазға түсті. Келісесіз бе?

– Келісем.

– Ендігі ұйғарымды мен ішкі түйсігіме саламын. – Сарман орнынан қозғала берді.

– Капитан мырза, кездескенше сау болыңыз!

Иығына қорғасындай салмақ артып, кабинетіне келді.

Манар әлдекіммен телефонмен тілдесіп жатыр екен. «Жақсы, қазір жолығайық, мен он минуттан кейін барамын» деп, тұтқаны орнына қойып, киімін киіп шығып кетті.

Сарман үн-түнсіз қалпы жақтауға таяп кеп, терезеден сыртқа қарады. Зырян ойпаңда жатса да сонадайдан бұлдырап Алтай тауларының шоқтығы көрінеді. Теріскей шығыстан күздің түйдектеле жылжыған сұр бұлты байқалды. Ол шымылдықтай бірте-бірте дала жүзін бүркеп, қымтай түсті. Сахнада бір актінің аяқталғанындай күйкі тірліктің де бір кезеңі тұйықталғанын үнсіз байыптады.

Әртүрлі ой иектеген қалпы орнына жайғасты. Кузнецовтың «біздің барлық шарамыз заң аумағынан шықпайтыны белгілі» дегені құлағында ызыңдап жүр. Ендігі амалы не, қандай қадам жасайды? Айғақты заттардың жетпіспеуінен және жәбірленуші Л. Тұрованың ешқандай кінә қоймайтынын және тергеу шарасын доғаруды сұраған хатын басшылыққа алып, күдікті Арканиан Жулинге қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы жобасын әзірлеуден басқа жол жоқ.

Ауыр күрсінді.

Тасымалды жазу машинасын өзіне жақынырақ тартып, шақылдата жаза бастады. Бір кезде қылмысты ашу мен тергеу барысына қатысты қорытындысы әзір болды. Оған жәбірленушінің хатын, қылмысты іздеу бөлімінің «қылмыстың басты құралы тапаншаны табудың мүмкіндігі жоқ» екендігі жөніндегі жауабын, қалалық туберкулез диспансерінің бас дәрігері Зенченконың күдіктінің дансаулығына қатысты ұсынған анықтамасын қоса тіркеді.

 

***

 

Торнадоның альпинисші қызбен сөйлескенінен кейін арада бір сағат өтпей 500-ші қара мерседес Зырянға қарай асығыс кетіп бара жатты.

Шаруаны тындыруға қандай іске де оңтайлы нөкерінің бірін жіберді. Ол түс ауа Ішкі істердің қалалық бөліміндегі әлдекіммен жолықты да, кешке онымен қайта жүздесіп, архитектордың шимағындай қағазды алды. Оңаша отырып, қай қабаттан қай қабатқа қалай көтерілуге, бір блоктан келесі блокқа қандай амал-жолмен өтуге болатынын әбден пысықтады. Түсінгені – уақытша қамақта ұстайтын орын мен тергеу абақтысы бір ғимаратта екен, ортасын қабырға бөліп тұр. Арканианның қамақ камерасын анықтады – бірінші қабат, үшінші камера. Сосын, бес мың долларын қолына ұстатып, «сен – мені, мен – сені көрмедім» деп аттанды.

 

***

 

Ертеңінде қалалық прокуратура капитан Ғұсмановтың тиянақты анықтамасы мен қаулысына қарсылық білдіре алмай, келісімдерін берді. Енді тергеуші күдіктіні қамақта ұстау шарасы туралы қаулысын әзірлеп, оны үй қамаққа алу жөнінде ұсынысын енгізуі тиіс.

Сарман осыған кіріскен.

Күдікті үйіне шыққан кезде қылмыстық істің біржола тоқтатылғанын білдіретін. Бұйырса, екі-үш күннің айналасында ол да жүзеге асатынын капитан іштей топшылады.

 

***

 

Зырянның орталық көшесі арасында көк желегі, бойлай өскен шыршасы бар екі бөлек жол. Ондағы қозғалыс бір бағытқа арналған. Көрнекті көше аяқталған тұста мемлекеттік автоинспекциясының көк жолақты көлігі тұрды. Енді шығып келе жатқан мүйіздей төбесінде шошайған қос қызыл-сары түсті «байбалам» шамы бар. Ішінде екі жол полициясы өзара әңгімеге көшкен.

– Әлгіндегіні не жасаймыз?

– Бала-шағамызбен бір демалайық, мен кәуапты қатырып пісірем. – Оң жақтағысы бар шынын айтты.

– Онда базардан жас ет алайық.

Кенет рөлде отырғанының көзі бақырайып, сәл артқа шегіне қисая берді. Қасындағы түсінбей оның жүзіне қарап, қайта алдына назарын тіктегенше әлдене гүрс ете шопыр жақтан қапталдай кеп соқты.

– Иттің баласы! – Рөлде отырған полиция байбаламға басып жатыр.

Соққан машинаның есігі шалқасынан ашылып, әлдекім сүйретіле түсе бастады. Аяғына ілініп, «Столичная» деген арақтың шынысы жерге қоса домалады. Тасқа тиіп, түбі ойылып қалды. Өзі тәлтіреңдеп, жағалы сырмасы шұбалаңдай есікті қармана денесін әзер игерді.

Жолаушы мінетін жағындағы полиция атып шығып:

– Кәне, жексұрын, қолыңды капоттың үстіне қой! Тез-тез! – деп айқайлады.  Рөлдегі сыңары да жандәрмен ұмтылып:

– Қой қолыңды капотқа, пәтшағар! – деп, әкіреңдей шабаланды. Теңселген бойжеткен:

– Әй, сайтан алғыр-ай! – деп, әлденеге кейи күңкілдеді. Өзінің мынадай оқиғаға ұшырағанына қынжылатындай. Оған қарайтын оқалылар жоқ, екі жағынан қармап ұстап, капотқа екпетінен салды.

– Ақымақ қаншық, сілейе тойып алыпты ғой! – Рөлдегісінің шамы қаттырақ, онысы түсінікті де, қараптан-қарап машинасы бүлінді. Капотқа омырауын басқан әйел де аузы жабылмай сөйлеп жатыр.

– Мен кешірім өтінемін… Мына машина менікі емес еді…

Қабақтары түксиген шенділер қолын артына қайырып, кісен кигізді.

– Сіз бізді мазақ етіп тұрсыз ба? – Біреуі ақыры шыдамады, дүңк етті.

– Жо-оқ, сержант! – Сықылықтай күлді.

– Қазір күлгеніңді көрем. – Екпетінен жатқан оны жұлып ап, дедектетіп алып жөнелді. Өкшесі қисаңдап, әзер жүріп барады.

– Ғафу өтінем, сержант, кешіріңіздер… Мен ішпейтін едім, бүгін солай болып қалды.

Аяғының ұшын аннан бір тигізіп, мыннан бір тигізіп, бұлғақтата ішкі істердің қалалық бөліміне әкелді. Буынын ұстай алмайтын әйел сылқ-сылқ күледі. Жол-жөнекей ұшырасқан полициялар оның мына сықпытына ұнатпай, қабақтарын кіржите қарайды. Ауысым басшысы айдаладан тыжырына жиренді. Дәл алдына сүйреп әкеп отырғызғанда:

– Қай сайтанның ұясынан суырып әкелдіңдер? – деді, мынаның өрескел ұсқынынан, арақ мүңкіген исінен анадайдан шошына.

Әйелдің сөмкесін үстелдің үстіне қойды.

– Мынау не?

Ешкім жауап қатпады, сөмкені қолына алып әрі-бері қағыстыра бастады. Ішіне үңіле ақтарыстырған кезекші офицер:

– Ештеме жоқ! – деп, шамқорлана тіл қатты. Сол кезде иығына түскен шашы бетін жапқан бойжеткен, сәл басын тіктеп:

– Привет! – деді.

– Не правасы, не техпаспорты, не жеке куәлігі жоқ… тек кітапхананың карточкасы бар. Қайдағына қайдан әкелесіңдер?!.

Мира Қазбекова, сізді қарсы жолмен жүргеніңіз үшін, және полиция меншігін, яғни, көлік құралын қиратқаныңыз үшін айыптаймыз.

Кезекші офицер айыбын мойнына іліп, кінәлап жатқанында бойжеткен басын үстелге қойып, кілгіріп кеткен еді. Оны көрген аға лейтенант шамданып:

– Мира Қазбекова! – деп айқайлады. – Сіз мені мұқият тыңдаңыз.

Оған құлақ асатын қыз жоқ, офицердің алдында жатқан әлдебір бұранданы аузына апара берді, сол кезде оны аға лейтенант қолынан жұлып алып, лақтырып жіберді.

– Иә, тыңдап тұрмын… – Сәл кеудесін көтеріп, оңшалып отырды. – Мынау не? – Қаперсіз, ыржия езуі жайылған.

Парықсыз бойжеткеннің бетіне қараған кезекші аға лейтенант:

– Сіз әлдене ойлайтындай жағдайдасыз ба? – деді таңданған кеппен. Көзі кілгірген мас сұқ саусағын шошайтып, аузына қарай апарып:

– Менің жүрегім айнып барады, – деді.

Мұны естіп, офицердің бет-аузы тыжырына:

– Ой-ой, жоқ! Ойбай, әкетіңдер аулақ! – деп, қолын бір сілтеді. Сол кезде бойжеткен қылғынып, лоқси бастады.

– Қандай жиіркенішті, құдай-ай… қамаңдар! Мен оны ертең тіркеймін.

Екі полиция қос қолтығынан алып, уақытша қамақ камераларына қарай дедектете жүрді. Соңдарынан офицердің өте наразы кептегі «топас» деген үні естілді.

Араққа сылқия тойған бойжеткенді жеке камераға қамады. Уақыт жым-жылас кеңістікке сіңіп, секунд тілінен шексіздікке құлап жатыр. Түннің бір мезетінде абақтының ішіндегі күзетші ұйқы ашайын дегендей күрешкесіне шәйін құйып ап, тұтқын қызды арнайы келіп көрді. Екі аяғы төмен салбырап, бір бүйірімен қырындай жатқан қалпы сәл пысылдай дыбыс шығарып, шырт ұйқыға енген екен. Оның әдемі тұрқына, жап-жас қалпына әлде сүйсініп, әлде жанашырлықпен бөгелгені белгісіз, қарауыл көзін қадап, бір минуттай міз бақпай тұрды. Сосын сырт айналып, камералар секциясынан қызметтік дәлізге қарай беттеді. Ауыр темір есік сарт-сұрт ашылып-жабылып, күзетшінің абақтыдан тысқа шыққанын аңғартты. Оны растай түскендей онысыз да өлеусіреген шам сөніп, ішті күңгірттік жайлады. Осы кезде қыз атып түрегеліп, арнайы шпилькалармен қыстырылған басындағы паригін шешті. Өзінің қысқа шашын төбесіне жинап, жақсылап түйді. Көйлегінің ішіндегі белінің тұсында жасырынған жұқа комбинезонын ықтияттап кие бастады. Бірінші балағын түсіріп, табанына ілгешегін ілді. Сосын көйлегін шешіп, қос анарындағы тартпасын ағытып былай тастады. Екі жеңіне қолын сүңгітіп, омырауын дұрыстады да кеудесіндегі сыдырмасын жапты. Басына күләпарасын киді. Денемен дене болып жабысқан созылмалы арнайы спорттық киім, тарамысша тартылған жіптіктей құлын мүсінін анық көрсетті. Сосын темір тордың саңылауынан қолын шығарып, шпилькамен құлыпты бұрап ашты. Шпилкасын қайыра шашына түйреді. Ақырындап жылжымалы есікті сырғытып, денесін жартылай алға шығарды да абақтының ұзына созылған дәлізін көзінің қиығымен бажайлай қарады. Ешкім көрінбеді.

Осы кезде абақтыдағы қарауылдардан рация арқылы кезекші-диспетчерге «бәрі орнында, тыныш, он минуттан кейін келесі тексеру жүргіземіз» деген мәлімет түсіп жатты.

Бойжеткен камералар сеторынан қызметтік дәлізге шығып, аса сақтықпен аяғының ұшымен жылжыды. Жол-жөнекей әлдебір күрешкеде тұрған қасықты іле кетіп, қалтасындағы целлофан қапқа қол жуғыштан шамалы су құйып алды. Сосын маңдайшасында «қауіпті, жоғары вольттағы тоқ» деген электро-камераға енді. Оның ішінде абақтының жарығын реттейтін трансформатор бар еді. Ондағы тоқты тұйықтау үшін қасықты әлдебір кабельдерге теңшей іліктіріп, жоғары жағына целлофан қалтаны байлады. Су жиналған бұрышын иненің жасуындай етіп тістеп тесті. Одан мөлтеңдеген тамшы қасыққа дәл тамды.

Қыз бәрін және бір пысықтай қарап ап, төбеде тұрған тор-люкті ашып, жоғары көтеріліп кетті. Бұл – уақытша қамақта ұстайтын корпус пен ұзаққа қамалған тергеу абақтысының арасындағы ауа жүретін желдеткіш арна еді. Екі блокқа ортақ, арада үлкен ебелек зыр қағып тұрды. Ол жазда камераларға салқын ауа әкеліп, қыста жылы жел үрлейтін.

Әлгі ауа жүретін арнамен еңбектеп, зыр қаққан желдеткішке келді. Жанына таянып, сәл бөгелді. Кенет, тырс етіп, үлкен қондырғы шыр айналған екпінін жоғалта берді. Әлгі кезде тамған су қасықты толтырып, ол салмағымен төмен қарай құлап кеткен еді. Сол заматта тоқ тұйықталып, автоматты сақтандырғыш қоспаны ажыратып жіберді. Зыр қаққан алып желдеткіш тоқтап қалды. Осы сәтті пайдаланып Айсын ебелек қанатының арасымен қуыстан ары өтіп үлгерді.

Қыз бауырымен жылжып, ұзаққа қамалғандар отыратын абақтының аумағына келді. Тор-люктан назарын төмен салғанда мұның күзетшісі қамақ камерасының алдындағы дәлізде жүр екен. Қолына суқұтысын ұстаған қалпы дәл астынан өтті. Соңынан баспалай қарап, оңға бұрылғанын байқады. Дереу жерге салбырай түсіп, ізінен мысықтабандай басып жетті – дәретхана екен. Ішке енді – кіші дәрет сындырып тұрған үстіне кірді. Ту сыртынан шабуыл жасамай бері бұрылғанын күтті. Ауын түймелеп айнала бергені сол еді, қарсы алдында барысша жымған әлдекім тұрды. Жын ба, шайтан ба – түсінбеді. Қалт қимылдағанын байқады – шалқасынан түсті, шүйдесі тас еденге оңбай соғылды.

Беймәлім адам оны жағынан тепкен еді – соққы қатты тиді. Есеңгіреген қалпы сүйретіп, үшінші камераның алдына әкелді. Ақырын жанындағы қынынан пистолетін шығарып, магазинін көрді – кәдімгі әскери оқ. Магазинді қайтадан орнына салды да, шалажансар қарауылдың беліндегі кілтті алды. Ақырын бір аттап камераға таянды – әлдекім серейіп ұйықтап жатыр. Таңғы төрттердегі талмау уақыттағы ұйқы. Құлыпты баяу бұрап ашып, есікті жылжытып табалдырықтан аттады да бөгеліп қарады – сол. Дәл жанына таянып, төбесінен үңілді – сол. Көзіне әкесіне пышақ салған сәті елестеді. Маңдайына пистолеттің ұңғысын тақап, нұқып жіберді. Селк етіп оянып, тұтастай қап-қара киінген бөгде жанды көріп шошып кетті.

– Әкеңнің үйінде жатырсың ба? – Көзі шоқтай жанады. – Жейдеңнің түймесін ағыт! – Ақырын, бірақ зілді сөйледі.

– А-а, а-а, – басын сәл көтеріп, абдырай үн шығарды. Түймесін ағытып жатып, қолдары дірілдеді. – Сен кімсің?

– 1982-ші жылы Өскеменде екеулеп кеп, үйінде пышақтап өлтірген жігіт есіңде ме?

Қабағы қыртыстанып, әлдеқашан ұмытқан әлде мойындауға дәті жетпеген халде аузын аша мақсатсыз түрде қарады.

– Жаныңдағы адам қатыгездікпен пышақтап өлтірген оның әйелі де жадыңда шығар?

Иегін қағып, басын изегендей болды.

– Спортшы жігіт өзі кінәлі… – Түсінде үрген иттей міңгірледі.

– Ендеше иманыңды үйіре бер, ата-анамның жазықсыз қаны үшін, жалғыз жетім өскенім үшін ажалың менен!

– А-а, тоқтай тұр, кідіре гөр! – Қолын соза берді. Пистолет тарс етті де тура жүрегінен оқ тиді. Сәл тыжырына бөгелгенінде екінші қайтара атылып, шалқалай құлады. Қабырғаға бұрқ етіп қара қан шашылып, қақ маңдайында тырнақтай тесік қалды.

Шаңғы жарысының бірі биатлон спортындағы неше жыл мылтық, тапанша атқаны кәдеге асты.

Жеті түннің ішінде кенеттен оқтың үнін естіген өзге постағылар тұра жүгірді. Кезекші офицер, «бізде төтенше жағдай» деп, әлдекімге баяндап жатты…

Үдере жеткен бақылаушылар алып темір есікті аптыға ашып, қамақ секторына өткенде қолында пистолеті бар қарауылдың камераның қасында тұрғанын көрді. Пистолетін кезенген қалпы оған таянған бақылаушы:

– Маған қара, Коля, маған қара! – деді.

– Мен өлтірген жоқпын, – деді ол абдырай.

– Пистолетті бері бер, – оң қолымен наганын кезенген қалпы, сол қолын қарауылдың қаруына созды. – Маған қаруыңды бер. – Жып еткізіп жұлып алды. Сол кезде жанында анталай тұрған полициялар күдікті әріптестерін тарпа бас салды. Қолын артына қайырып, тұтқындап жатты.

– Мұны мен істеген жоқпын, мұны мен істеген жоқпын! – деп бәйек қақты Коля.

Бас қадағалаушы камераға кіріп, өліп жатқан Арканианды көрді. Сілейген қалпы бір сәт мөлие қарады. Қайта шыққанында «тыңдаңдаршы, тыңдаңдаршы!» деп жалынған күзетшіге назары түсті.

– Әкетіңдер мұны бұл жерден! – деп жекірді. Сосын айналасына дүдәмалдана назарын аударды да, «соңымнан еріңдер!» деп айқайлап, жүгіре жөнелді.

Бұл кезде қыз ауа арнасымен еңбектеп бара жатты. Енді ол кері келесі блокқа өте алмайтынын біледі. Алдын ала көкейіне тоқыған схема бойынша камералар секциясынан жылыстап, қызметтік-әкімшілік бөліктегі дәретхананың терезесі арқылы сыртқа шығып кетуі тиіс. Дәл солай бірінші қабаттың желдеткішінен тысқа сытылып, құбырды қуалай жалаңаш қабырғамен мысықша жоғары өрмеледі. Бір мен екінші қабаттың тұсындағы сәл буылтық болып біткен белдеу көп көмегін тигізді. Екі қабатты ғимараттың төбесіне көтеріліп үлгерді. Жан ұшыра жүгірген қалпы уақытша қамақ блогы орналасқан келесі тұсына ұмтылды. Барған бетте ернеуге сүймелденіп, жалаңаш қабырғаның жоғары жағымен көлденең жүргізілген құбырдан ұстап, қабырғаға жабысқан қалпы ілініп қалды. Сол кезде іздеушілер де шұбыра жетіп, тұс-тұсқа бытырай айнала тінтіген. Дәл төбесінен әлдекім қолшамының жарығын түсіріп, шұқшия қадалды. Бір абыройы қабырғамен қабырға болып жабысқан қызды аңғармады. Жоғарыдағы сәндік үшін жасалған екі қарыстай шығыңқы ернеудің төменгі жағы оны сырт көзден мейлінше қалқалап, жасырып бақты. Біреу селт етер дегендей, әккі полиция «әй» деп айқайлап қалды. Бәріне бекем жан оған да демін ішіне жұтып, сыр білдірмеді. Ары-бері әуреленіп, ақыры ол кейін қайтты. Әуеде салбыраған қашқын сәл бөгеліп, қуғыншы кетті-ау дегенде қайта өрмелеп, жайпақ төбеге шықты. Өзі білетін қуысқа түсті де, уақытша қамақ блогының екінші қабатынан табылды. Камерасына кіріп, тез-тез шешініп, көйлегін киді. Басына шашы шұбақталған паригін іліп, әуелгі қалпынша екпетінен құлады. Әр камераға үңіле қарап, оның соңынан іле жеткен қарауыл мас қалпы ұйықтап жатқан бойжеткенді көрді.

– Қарғыс атқыр, кеттік, – деді болмашы бөгелген бас бақылаушы.

Таңертеңінде кешегі мас болып түскен қызды кезекші офицердің алдына әкелді. Ол аты-жөнін тіркеп, келесі полиция саусағын сияға малып, қағазға басып, таңбасын алып жатты. Мынанша бейшаралыққа ұшыраған өз кейпіне бойжеткеннің шамы қозып:

– Енді арақ ішпеймін, – деді ұяттан өртене қысылып.

– Жо-оқ, әлі талай ішесің, Мира… ішесің… – Желкесінен төнген полиция келемеждей үн қатты.

– Ой, құдай-ай, кешегі жасағанымның бәріне өкінемін.

– Оның бәрін енді он күннен кейін соттың алдында айтасың. – Көзінің астымен ұнатпай қараған кезекші офицер мысқылдай тіл қатты.

– Ой, масқара-ай…

– Қазбекова, мына жерге қолыңды қой да, жүре бер. – Үстелдің үстіне сөмкесін тастады.

– Шын ба?

– Иә, әйтеуір сені сот бізге қайтадан жібермейтініне сенімдімін.

– Ондай да құрмет көрсетіп қалуы мүмкін бе?

– Сен алда не болатынын түсінбейсің де, білмейсің… Сондықтан, сақ жүргенің жөн.

– Мақұл, офицер мырза. Ақымақтығыма кешірім өтінемін. – Қыз кірпігін төмен салды, кезекші аға лейтенант ұнатпай алара қарады…

Ішкі істердің қалалық бөлімінен біршама ұзағанында бойжеткен қолының сыртындағы терісімен тері болып тұрған үлдіреген циликон қабығын сыдырып ап, лақтырып тастады.

 

6

 

Сарман әдеттегідей таңғы 7-де жұмысына келгені сол еді, бәрін шұғыл түрде басшыға жиналысқа шақырды. Ең әуелгі кезекте кешегі әзірлеген күдіктіні тергеу абақтысынан үй қамаққа ауыстыру жөніндегі құжаттарын прокуратураға жөнелтпек ниетте еді. «Онымен қазір келісімен айналысамын» деп, сырт киімін шешті де оперативкіге жүгірді.

Сергей Александровичтің қабағы таң атпай қатулы екен. Түнімен ұйқысы шала болған ба, көздері үшбұрыштанып, қызарып апты.

– Бізде бүгін түнде үлкен ЧП болды, – деп бастады сөзін қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы. – Тергеу абақтысында қамауда отырған, үстінен қарақшылық тонаумен қылмыстық іс жүргізіліп жатқан Жулинді қарауыл атып тастаған. Әзірше болжал солай, ол әлі мұқият тексеріледі. Облыстық Әділет басқармасы мен прокуратурадан комиссия келе жатыр. Барлықтарыңызға өз міндеттеріңізге жоғары жауапкершілікпен қарауды тапсырамын.

Капитан Ғұсманов кешегі қағаздарының бәрін басқаша жазу керектігін түсінді.

Базардағы дүңгіршекті қарақшылық тонауға қатысты іс қысқарғанымен, Арканиан Жулиннің өліміне байланысты қылмыстық іс жаңа бағытта басталып кеткен. Оны бір тергеуші жүргізбей, прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен қылмысты ашу тобы құрылып, жан-жақты іздеу, тергеу шарасына кіріскен. Ол топқа Манар да тартылған еді. Бұл жұмбақтау қылмыстық істі өзара «Паханның ажалы» деп атады. Паханның ажалы кімнен болғанын олар тап басып біле алмай, алғашқы күннен абдырай бастады. Ең қиыны кісі – құқық қорғаушылар құзырындағы қамақ камерасында өлтірілген. Бәрінің көкейінде бір дүдәмал жатты… Күзетші Коляны әзірге абақтыға жауып қойған.

Осы арада Ішкі істер министрлігінен бұйрық түсіп, Сарман Алматыға ауысты. Тергеу ісі бойынша аймақтық қадағалау бөліміне орналасып, алты облыстың тергеу шараларына мониторинг-талдау жүргізу міндеті жүктелді. Көп ұзамай майор шеніне көтерілді. Алматыдағы жұмысшылар жатақханасының бірінде отбасымен көпшілікпен қатар тұрмыс кешіп жатты.

 

***

 

Жел уілдей соғады. Бірақ құлама тастың беті тып-тымық, атқалақтаған жүрегі желдің уілін тұншықтырып барады. Жаңа ғана тақтайдай түзу тас бетінде оң аяғының ұшы тайып кетіп, әзер өзін игеріп қалды. Басқа тиянақ іздеп, сәл жоғарыға башпайын іліктірді. Енді бүкіл салмағын сала көтерілді, саусақтарының ұшына, тырнағына да күш түскен еді. Діттеген межесіне жетіп, керіліп қалған қол-аяғын жиып, маңдайын сұп-суық тасқа тірей солығын баса алмай ентікті. Төмен қарамауға тырысты.

Сайдың табаны бұлдырап қана көрінеді – 350-370 метр биіктікке көтеріліп кеткен. Кеш батқанша тағы сондай қиямет қайымды басып өтуі тиіс. Мүлт кеткен бір тұста шыңырау құзға құлауы мүмкін. Ондай жағдайда өзін ғана емес, тағдырын бір жіпке қосақтап байлаған барша достарының да өмірін қатерге тігеді. Сондықтан қателік жібермеуі керек, ең бірінші өзгенің тағдыры үшін шалыс баспауы шарт.

Осыны ойлағанда жүйкесіне сансыз ине қадалып, жүрегі бір дір ете қалды. Былайша айтқанда үнемі қатердің қамалында, ажалдың аузында. Осы өлермендікке әдейі күшін салып, жанын жалдады. Өйткені, саусағының ұшы ілінсе болды тырмысып, кез келген құламадан, жақпардан, тығырықтан сытылып кете алатын өнерді игергісі келді. Өйтпеске лажсыз, демейтін ешкімі жоқ. Тәуекелмен тажалдың құлқынынан болсын, өзін-өзі сүйреп шығуы тиіс. Жаратқанның мына жақпар тасында жанын да, тәнін де сынға салып, шыңдап жүр.

Қазіргі жүйкеге де, жігерге де түскен салмақ жүз есе ауыр, өйткені өзгенің тағдыры да мұның тағдырына қосақталған. Сондықтан қайсарлық пен ептілік, ержүректік пен парасаттылықты қашан да жанына серік етуі керек. Аяқтары қылмен бірге байланған қарлығыштың балапанындай, қатер аузындағы жағдайда жанындағылардың бірі сәл жаңылыс басса да, бұл – өмірін қыршын етпек.

Осыны мықтап санасына сіңірген биікке өрмелеген үркердей топ, өзі үшін, өзгелер үшін жаңылыспасқа серт байлап, ұшар көкке тырмыса жылжып барады.

Альпинисші бойжеткен өзін әдеттегіден жеңіл сезінеді. Ең бастысы көкейіндегі неше жылғы құса, кек, өкініш ыдырағандай.

– Айсын, шаршаған жоқсың ба? – Қапталында өрмекшінің торындай жіңішке жіпке ілініп салбыраған жаттықтырушы айқайлай дауыстады.

– Жоқ!

– Қанша биіктікке шығасың?

– Арманым менің асқақта… – Соңғы сөзін жел алып қашып, «асқақта, асқақта!» деген сөзді жаңғырық шалықтата әлденеше қайталады.

– Өрмеле, сен өршіл болған сайын – ел мерейі үстем!

 

Бұл – альпинизм мен шыңға өрмелеу ұлттық командасының Олимпиада алдындағы соңғы жаттығу-жиыны еді…

Дәл қасынан ақ-түбіт бұлттар шыр көбелек айналып, бұған еркелей қылық көрсететіндей…

Әкесі мен екеуі бұғынбақ ойнап жүргендей ақ бұлттарға орана берді…

Соңы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *