Үміт сəуле жылт етші…
10.11.2024 0 54
Нұрғали СЕРДАЛИЕВ,
1990 жылы Түркістан облысы, Отырар ауданы Көксарай ауылында туған. «Түнгі өлең» жыр жинағының авторы.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
ТАЛ БЕСІГІН ТЕРБЕТСІН ТҮРКІСТАНЫМ!
Көк күмбезді Түркістан көк тіреген,
Ұл-қызыңның көзінен отты көрем.
Шағыл құмның қомында тербетіліп,
Тұран Елім, жазайын өткір өлең.
Аясы кең түркі жұрт тыныстарға,
Туды сенде талай ер ту ұстарға.
Бір заманда шөп шықпас сайын далам,
Кетті бүгін айналып Гүлстанға.
Жәдігерге лық толы бағзы мекен,
Құшағыңда парызбен ар күзетем.
Зау биікке ұмтылған ұлар сынды,
Түркістаным, мен саған тағзым етем!
Тарихы жыр, тағылым, түбі құнды,
Бастан кешіп жатырсың ұлы күнді.
Көк байрағың желбіреп Алаш Тұран,
Сен көтердің тұғырға рухымды.
Ақық жырын сыйласын тастүлегің,
Тұран десе, дауыл ем, тасқын едім.
Түркі елдің ырысы құт болсын деп,
Ақсақалдар тартады тәспілерін.
Атым өшсін жазбасам қалам жайлы,
Сұлу шаһар таңбозы манаурайды.
Желмаясын желдіріп тірі болса,
Кетер ме еді, тамсанып Асанқайғы.
Жібек жолын жалғаған күнгей мекен,
Кере-қарыс жарқырар күндей шекем.
Асып-тасқан азығы рухани,
Сендей басқа қаланы білмейді екем.
Өлең дейтін кеудеме қосып арман,
Бақытымды көрейін тосып алдан.
Арыстан Баб жамбастап жатып әулием,
Үшбу хатын жазғандай Отырардан.
Құтты мекен бірліктің жарығын жақ,
Саған шексіз сыйлады Тәңірім бақ.
Төрт қақпалы Түркістан һақ төріңде,
Абылайдың сақталды ары қымбат.
Ізгіліктің жақтың сен айға алауын,
Адалдыққа жіпсіз-ақ байланамын.
Күллі әлем көз тіккен көзайымсың,
Бірлік толы қайнайды Тайқазаным.
Беу, асқақсың, жазира далам менің!
Шолпы таққан қызың бар анау керім.
Жауырыным сен үшін жерге тимей,
Маңдайымнан төгілсін адал терім.
Тас төбеңде Ай шалқып, Күн аунаған,
Шайырыңды құшақта жыр арнаған.
Талбесігің тербетсін Түркістаным,
Қасиетіңнен айналдым, Тұран далам!
АРБАКЕШТІҢ ЖЫРЫ
Шыбын жаным шырқырап, құлын жырым,
Қызбалықпен сайрайды қызыл тілім,
Көп ішінде отырмын орағытып,
Тарих болып қалар деп бүгінгі күн.
Балқып, шылқып тұрғанда терлей шекем,
Маған айып тағасыз нендей көкем?
Бай баласы алдында жалаң сөйлеп,
Ода айту қолымнан келмейді екен.
Келмегені кім білсін дұрыс шығар,
Қара өлең жоғалтпас күміс-құнар.
Қай қуысқа барсаң да құлағыңа,
Сыпсың-сыпсың жел ескен сыбыс тұнар.
Қайран көңіл, қайтеміз? жасыма тек,
Жомарт жүрек ұғынар, назы ма деп.
Бұрынғының ізінен адасқандар,
Бірін-бірі мақтайды асыра кеп.
О, мендегі ар-жыры арзу әні,
Қашан кірер екен бұл жаздың сәні?
Сырласатын жан таппай жарық күнде,
Маңдайымның қыртысы жазылмады.
Қу жалғанның қыспағын жиі көре,
Күнгей жаққа тартады биік өре.
Жағымпаздар қаққанда арқасынан,
Бағландар мас болды-ау дүниеге.
Не көрсетер, белгісіз? Фәни алда…
Әке-шешем, байлығым – жанұямда.
Өз арбамды сүйреуге шығып кеттім,
Соқыр тиын қалмапты әмиянда!
КӨШЕ
Көмейімде түйіліп нəркес өлең,
Көзді жазып қалдым ба əлде сенен?
Тағдырымнан таяқ жеп оңбай тағы,
Тəлтіректеп келемін тар көшемен.
Түнек түнде мертігіп құралай жыр,
Жайы оңып тұр дейсің мына қайбір?
Болар-болмас жарығы сығырайған,
Аспалы шам көңілге ұнамай тұр.
Тас қараңғы айнала мүлгіп кеткен,
Еркелейді ызғырық шымшып беттен.
Бақытымның бір сəттік бейнесіндей,
Жұлдыз ағып барады сырғып көктен.
Сезімімнің қашқандай сұрқы бүгін,
Шайқап тағы санамды жұлқыды мұң.
Əділетсіз жалған ба қалай ғана,
Қоштасуға қиды екен бізді, гүлім?
Бара алмасым белгілі анық саған,
Отқа күйіп қанатым жанып барам.
Үгітілсін шемені шайырыңның,
Үміт сəуле жылт етші жарықшадан.
СЕЗІМ СЫНЫҒЫ
Сен қиялсың шарлаған ғарышты мың,
Маған тағы сезілді алыстығың.
Аласұрып кетемін тыным таппай,
Аспан жақтан естілсе таныс бір үн.
Бұдан артық алам ба өлең құрай?
Қуат алсын көктегі сенен Күн, Ай!
Саған ғана бергендей үйіп төгіп,
Сұлулықтың барлығын шебер Құдай.
Көңілімнен ұшқанда түлеп құсым,
Өне бойым бір сәтке дір етті шын.
Қақпасынан кеудемнің кіретіндей,
Күнде жиі қағасың жүрек тұсын.
Езуінде жүретін күлкі үнем,
Келеді деп өзіңді түнді күтем.
Сын сағаты соққанда уыс-уыс,
Сақыр-сұқыр тас шайнап, құм түкірем.
Ұмытылмас, арайлым, бал қылығың,
Сағынышым, жадымда қалшы, гүлім!
Сезімімнің сен үшін быт-шыт болған,
Әбігер боп жинадым әр сынығын.
Ішек сынды тартылған тәні қылдан,
Жүрегімде ерідің тамып, ұлпам.
Мың бірінші түнім де өтті сенсіз,
Шұғыл атып келеді тағы бір таң…
ӨМІРІМ МЕНІҢ…
Күз бенен қыс, жаз, көктемім,
Келеді менің көктегім.
Көрсем де қанша сынақты,
Өмірге өкпем жоқ менің.
Белдер мен асу жазығым,
Келмейді менің қажығым.
Бөлтірік ұлың Көкбөрі,
Жолынан табар азығын.
Дауылдар, қарлы борандар,
Тұманды, түнде жол алдар.
Арымды емес, Ей, жалған,
Барымды менің тонаңдар!
Аптықты баспай алқынам,
Бақытым, саған талпынам.
Тағдырға қапа емеспін,
Асығым түсер алшыдан.
Ғұмырдан сездім зор ұғым,
Көк түсті аспан көңілім.
Мен сені сүйіп өтемін,
Өмірім, менің өмірім!
АУЫЛҒА АЛҒЫС!
(Сағыныш)
Тылсымы тұнған тұмса алқапта сан,
Өлеңмен сағынышты аңсап басам.
Туған жер, кешір мені, айналайын,
Өзіңнен тіршілік деп алшақтасам.
Айналды арғымаққа тай тұяғың,
Сен үшін ыстық ұям, жан қиямын.
Шыр етіп, сенде туып бесігімді,
Тербетіп, анам айтқан әлди әнін.
Белдерім, белестерім, шағыл құмдар,
Отанға оттай ыстық лағыл жыр бар.
Төсіңде ойнақтаған балалығым,
Елеске айналды ма сағым жылдар.
Жаныма шуақ сыйлар жайлы күнің,
Мақпалдай алтын таңың, айлы түнің.
Бәйгеде бақ сынап жүр шайыр болып,
Ауылым, сен баптаған сәйгүлігің.
Кетпесін ажар керім, сенен көрік,
Қырқадан баршын гүлін терем келіп.
Торқалы топырағың қымбат маған,
Өсемін келешекте кемелденіп.
Сүбелі сөзі кетпес таңдайдағы,
Наркескен ұлың едім шалғайдағы.
Өзіңнен қанат қаққан жампозыңның,
Бес елі шығар бағы маңдайдағы.
Туған ел, түп қазықты қаққан жерім,
Даламда шырқалады тәтті әндерім.
Отырар – ұлы далам, қабылдай гөр,
Алғысын жырмен жазды ақтаңгерің!
ӨЛЕҢ БОЛЫП ҚАЛАСЫҢ
Тамызықтан тұтанғандай от кеуде,
Ой тастадым бүгін тағы өткенге.
Күзді сүйем деуші едім…
Сен бірақ,
Жан-тəніңмен ғашық едің көктемге.
Тұрған шақтар қарсы алдыңда
мұңсыз мен,
Кештер қайда жанарыңнан сыр сүзген.
Белгі беріп бірге жүрген сəттерден,
Дөңгеленіп өтіп жатыр күнтізбем.
Сен кеткелі, жаза алмадым шат жырды,
Табылмай жүр құпиялы бақ кілті.
Мен деп ойла қабағынан қар жауып,
Қара аспанның көшіп жатқан ақ бұлтын.
Білем анық оралмайды түн үнсіз,
Енді маған ақтара ма сырын күз?
Тек өзіңсіз титтей ғана жүрегім,
Сағынышпен соғып жатыр тынымсыз.
Қас пен көздің алыстатып арасын,
Жылдарменен зулап бірге барасың.
Өміріме өшпес ізін тастаған,
Өзегімде өлең болып қаласың…
ЖЫРМЕН БІРГЕ ЖЫЛНАМАМ
Жарық көрмей есті жырдың ескірген,
Сыбағасын сұрамаймын ешкімнен.
Жолаушымын қара жолдың үстімен,
Бақыт іздеп келе жатқан бес күннен.
Жаңалығын сыйласа да жарық күн,
Замананың кеудесінен зар ұқтым.
Ауа райым көктем бірақ,
Қайтемін?…
Құбылмалы кей адамнан жалықтым.
Тұнық кешім батқан кезде, алаулап,
Маған сырын бөлісетін анау бақ.
Күн секілді тұтылса да, тағдырым,
Рауандап таңым атар манаурап.
Жырмен бірге жазылғанда жылнамам,
Əдірем қал…
Арсыздықтан тың ғалам!
Байсалды боп, көрінгенмен
Оо, Жалған,
Құлақ түріп, қарар дейсің кім маған?
Таудай арман күтетіндей бір алып,
Бақ пен бірге түнім айтты сыр анық.
Балақ түріп тіршілікті кешейін.
Бақытыма білегімді сыбанып.
ШӘМШІГЕ ТАҒЗЫМ
Той басталды тағы да Отырарда,
Керуен-жыр тізілді көші нарға.
Алтын күнді сүйемін жүрегімде,
Ұлы Шəмші əнінің оты барда.
Сырдың бойын жағалап бақ тынысың,
Шартарапқа тарады шаттық ісің.
Ғазалыңмен тербелді алқабында,
Қанасына сыймайтын ақ күрішің.
Жарық жұлдыз сен едің зулай аққан,
Тылсым əуен балқаймақ,сырды оятқан.
Өлең сүйген, əніңе ғашық жанмын,
Қолды үзгім келмейді үнтаяқтан.
Атың мəшһүр əлемге шыққан анық,
Толағайсың тауларды жыққан алып.
Сенің іңкəр əніңнің сезімі үшін,
Мұхит асып келеді құстар ауып.
Шексіз мақтан етемін хас дарынды,
Ертеңіме өзіңсің, дастан үлгі.
Əн дарияң аққанда арсыздықтың,
Бұлты торлай алмайды аспанымды.
Маздап жанған шоғымды үрлегендей,
Менің жырым əзірге жүр көнермей.
Аққулармен айдында жүзіп əсем,
Əні қалды Шəмшімен бірге өлмей.
Шың басына байланған шынарым ед(і),
Көкше əнің кеудеме тұнады кеп.
Рухыңа арналған десте өлеңді,
Жас ноянның қабыл ал дұғасы деп.
ТҮНГІ ӨЛЕҢ
Арман елі шақырғандай тіл қатып,
Қанат қақты көкірегімнен жыр жаһұт.
Түн құшағын аңсады ма кім білсін?
Ұясына бара жатыр күн батып.
Талшық мұңды майыстырып белінен,
Ымырт кештің самалы есті лебімен.
Тамылжыған табиғатқа көз тастап,
Тағдырымның дегеніне көніп ем.
Оранғанда түн басына сəлдесін,
Мен ғарышқа əуелеттім əн көшін.
Аспандағы сүттей əппақ жарық ай,
Үмітімнің шашыратшы сəулесін.
Шоқтай жұлдыз жымыңдаса төбемде,
Жыршы кеудем бақытыңа елеңде.
Серттен тайып кетпесем де, ерке қыз,
Менің нəзік сезіміме сенер ме?
Өкінішті өзегімнен ұзатқан,
Жүрегімді басу айтып жұбатқам.
Көңіліме қимай-қимай қарайлап,
Көз алдымнан алыстады ұзап таң.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.