ЖАРҚЫН ДҮНИЕ ЖАНАРЫМДА ОЙНАЙСЫҢ…
17.09.2024 0 251
Ахмет СҮЛЕЙМЕНОВ,
1956 жылы Өзбекстанның Жызақ облысындағы
Жаулыбай ауылында туған. 2006 жылдан бері
Ордабасы ауданындағы Шұбарсу елді мекенінде
тұрады. Бұған дейін «Туған елге тағзым»,
«Мырзашөл ырғақтары» атты кітаптары
жарық көрген.
АЙТЫП ӨТЕМ
Айтып өтем көктемдердің келгенін,
Айтып өтем егіндердің өнгенің.
Көктем келіп табиғатым өзгеріп,
Кәрі қыстың қаусап барып өлгенің.
Кәрі қысқа қасіреттің төнгенін,
Кәрі қыстың қара жерге енгенін.
Кәрі қыстан қуат алып қара жер,
Көктем болып қайта қаулап өнгенін.
Өмір солай қара жерге қайтарсың,
Ақырғы сөз айтарынды айтарсың.
Өмір деген ұбақ-шұбақ ұлы көш,
Келіп кеткен жан екенсің, байқарсың.
Азын-аулақ мына өмірден көргенің,
Азын-аулақ алғаның мен бергенің.
Қырдың гүлі қанша мәрте көктеді,
Қанша гүлді кімдерге арнап термедің.
Өмір солой, жалғасады әлі де,
Осы өлеңді осы Өмірдің әні де.
Бар байлығың – бар өмірің бір тұтам,
Мына өмірде тіршіліктін мәні не?
Ұмтыласың алдымда деп аларым,
Алдымда деп болмасым мен боларым.
Арман-қиял үмітінді үзбейсің,
Білмейсің ғой бәрі арқада қаларын.
АҚЫЛ
Ақылмен қалың елім көктей ме екен,
Ақылды жанға серік етпей ме екен?
Жан-жаққа тартқылайтын адамдар көп,
Ақылы бір өмірге жетпей ме екен?!
Кейбіреу менікі жөн деп соғады,
Өмірі көктемей-ақ, өтсе дағы.
Орыс тіл мақұл дейді кейбіреулер,
Орыс тіл орыс қылып кетсе дағы.
Кейбіреу қытайларды қош көреді,
Ақша болса болды деп дос көреді.
Біреуді жарылқамас біреу деген,
Біреуге сенген адам босқа өледі.
Жегенің тамақ емес ботқа болар,
Намысың қамыстай боп отқа жанар.
Менсінбей сені бәрі көктен қарап,
Пайдалы жерлеріңді жаттап алар.
Өзгелер бізге сәлем бермейді екен,
Қазақты өз жерінде көрмейді екен.
Қазақта кел деген бар кет деген жоқ,
Қазаққа көніл бөліп ермейді екен.
Осылай. Өмірде тек өзіне сен,
Көргенді таразылып көзіне сен.
Тура жол тауып алсаң ар алдында,
Тура жол алып шығар сөзіме сен.
Қазақы өмірім деп желіп өткін,
Қазақты бауырым деп келіп өпкін.
Бөтендер былғамасын ағыныңды,
Қазақ боп қаламын деп сеніп өткін.
Қазақтай жер жүзінде ел көрмедім,
Қазақты ешкімге де тең көрмедім.
Жолым таза, мақсатым айқын менің,
Басқа жолды өзіме ем көрмедім.
АҚЫН
Ақын адам әрқашан өлең дейді,
Өлеңменен алдыңа келем дейді.
Тауларға да жан бітіп табан асты,
Кең далаң да жан бітіп белеңдейді.
Суретші ме, талантты тұла бойы,
Сөзден сурет салады құлап ойы.
Құлақ керек тыңдайтын оларға тек,
Сарқылмайды ешқашан бұлақ ойы.
Оқтын-оқтын оларға бап келеді,
Алатауды алдыңа ап келеді.
Көз алдыңда қалықтап аспанға ұшып,
Қайта қонып жататын шақ келеді.
Қатар ұшсаң Ақынмен кеңістік бар,
Қатар жүрсең кең дала тегістік бар.
Жоғарыға шыққанда алқынбайсың,
Төмен қарай түскенде еңістік бар.
Жұлдыздармен жүресің араласып,
Жерге тимей табаның қарабасып.
Өмір деген өмір ме Ақындарсыз,
Кеуде керіп жүресің дара басып.
Жақсы адамдар Ақындар аңқылдаған,
Оттай жанып, соңынан салқындаған.
Мына өмірде жай жүру мүмкін емес,
Адам Ақын болама талпынбаған.
АЛАТАУЫМ
Алатауым мұнартады алыстан,
Бізбен бірге, пойзбен де жарысқан.
Алып таудың шыңдарына жармасып,
Бар ма бізде өрмелейтін Арыстан?
Алатаудың шыңдарында гүл бар ма,
Гүлді барып теретұғын ұл бар ма?
Келем әлі Алатауды арман қып,
Арман деген созыла ма жылдарға.
Алатаудың шыңдарынан көз алмай,
Тегіс жердің митыңына төзе алмай.
Жүрген жай бар ұшып-қонып лапылдап,
Тіршіліктің құмарынан безе алмай.
Алатауым, алып тауым тұр қатып,
Сені көріп жүру менде бір бақыт.
Өмір — деген шұбаланған ұлы көш,
Мен өзіңе келем енді бір уақыт.
Алатауым, шақырады шықсын деп,
Биіктікті менен келіп ұқсын деп.
Алпамыстай алшаң басып өмірде,
Дұшпандарын тас-талқан қып жықсын деп.
Алатауым шақырады шықсын деп,
Меннен келіп ұлылықты ұқсын деп.
Адалдықпен алға басып өмірде,
Арамдықты қара жерге тықсын деп.
Алатауым шақырады өрлеуге,
Дәл өзімдей адам бол деп өр кеуде.
Шым-шытырақ, алмағайып әлемге,
Әділетсіз әлімжеттік көрмеуге.
Алатауым шақырады балам деп,
Сенсіз менің көңілім де алаң деп.
Ұландарым бауырымда жортпаса,
Менде шөгіп аласарып қалам деп.
АЛТЫ АРЫС АҒАЛАРЫМ
Сәруар, Нәжмидин, Амангелді, Қалдар, Нәбі, Мәлік ағаларға.
Рухтарың шат болсың!
Өткен күн ұмытылмас өткенімен,
Келмейтін жолдарымен кеткенімен.
Ардақты ағаларды құрметтеймін,
Мұрат пен мақсатына жеткенімен.
Арынды алты арысым-Ағаларым.
Торқалы алтын тоңға жағаларым.
Еңселі ерлер болар ел болғанда,
Ерлер деп мен сендерді бағаладым.
Ағалар қиналғанда егілмедің,
Қасқайып дұшпаныңа жеңілмедін,
Шарықтап шалқып басып жүрген менен
Бет алды толып-тасып төгілмедін.
Аялап ел үміттін ақтадыңдар,
Ардақтап ар-намысты сақтадыңдар.
Әр елдің салт-дәстүрі өзі менен,
Жат-жұрттқа салт-дәстүрді сатпадындар.
Сендерді бүгін ойлап таңданамын,
Бойыма қуат бітіп жанданамын.
Жолдарын жүріп өткен сайрап жатыр
Ұрпаққа азық болып қамдағаның!
ӘБДІНАЗАР АҒАҒА
Жетпіс бес жас,құтты болсын жасыңыз,
Сексен бестен,тоқсан бестен асыңыз.
Достарыңыз ортаға сап ардақтап,
Дастарханға тола берсін асыңыз.
Асыл жеңгем, асыл ағам қос екем,
Мен сіздермен ажырамас дос екем.
Жүздерінмен жайнап жатыр мына әлем,
Дүниенің бар қызығы осы екен.
Келіп қалдық тойынызға ағалап,
Сырдарияны кесіп өтіп жағалап.
Немерелер шөберелер құрметтеп,
Балалар да жатқан шығар бағалап.
Аман болғын қос қанатым ардағым,
Аман болсын бала шағаң орманың.
Ініңізден естелік деп Әбеке,
Осы өлеңді тойыңызға арнадым.
Жүзіңізбен мейір шашып жүріңіз,
Көзіңізбен күлім қағып күліңіз.
Ағайынмен бірге тойлап осылай,
Ағайынмен бірге өмір сүріңіз!
ДАЛА КЕЗДІМ
Дала кездім, шет-шексіз бүлінбеген,
Гүл де тердім, қол жайып күлімдеген.
Өмірдегі бір бақыт осы екен ғой,
Жерді басып жүргенің білінбеген.
Гүлі қандай даланың гүлі қандай,
Бұрқыраған көктемнің күні қандай.
Көңіл кетті құстармен қатар ұшып,
Құйқылжыған құстардың үні қандай.
Қызғалдақпен қырларым құлпырады,
Көктем келіп өңірге нұр тұнады.
Төрт мезгілде көктемді жақсы көрем,
Бір түрлі боп көңілім бұлқынады.
Көктемменен құлпырып өсіп алам ба,
Көктем болып өмірді кеше алам ба?
Табиғатым тамаша таңғажайып,
Жазға ұласып жайраңдап көше алам ба?
Ризамын! Ата-анам тәлім бердің,
Перзентіңнің қарымын, бәрін көрдің.
Жер-ананың асыр сап аясында,
Жастық дәурен көктемнің нәрін көрдім.
Даламенен, Таулардан тұрады елім,
Табиғаттың бөлшегін құрады елім.
Жер-ананың мен дағы бөлшегімін,
Бірге күліп, бір жылап тұра бердім.
Көктем келсе, құлпырып кете берем,
Көктем келген жолдармен өте берем.
Аман болсын азамат жер бетінде,
Көктемнен соң жазға да жете берем.
ЖАС ЖІГІТ
Кеш болатын қонақжайлық ауқымды,
Ауыз ашар дастархан кең тартылды.
Ауыз жабық, ауыз ашық адамдар,
Ел қонған соң әңгіме де айтылды.
Бір қария әңгіме айтып желпінді,
Жастығында желіп өткен секілді.
Жастық шақ қой ішіп алып масайрап,
Нұрын шашып жұргеніне келтірді.
Бір жас жігіт: -қойшы деді аларып,
Күнәңізді жария қылмай доғарың.-
Қария айтты: -жасырмаймын құдайдан
Адамнан да жасырмаймын, қарағым.-
Жастық шағын әңгіме қып ағытты,
Текке өткізбей, жүргендігін уақытты.
Қайыр қылып айналаға нұр шашқан,
Адам балар әрқашанда бақытты.
Қарттық келді, арықты да тастапты,
Алла ауызда, қарттық өмір бастапты.
Ақ ит кірген, көк ит кірген ауызды,
Ауызын жауып: «зәр шашпа» деп жасқапты.
Ал жас жігіт бейғам отыр ойланбай,
Күнә арқалап алдым ба деп толғанбай.
Жас жігіттің тұла бойын боқ екең,
Біреу оны боққа малып алғандай.
Намаз қонған, бірақ ақыл қонбаған,
Мен ойлаймын «жас жігіт» деп оңбаған.
Қарияны адам деймін мейірімді,
Бір адамнан бір азамат сомдаған.
КЕЙБІР ЖАСТАРҒА
Көрінгеннің барлығын ала бердің,
Көрінгеннің барлығын дана көрдің.
Алғау-далғау күн көріп ақырында,
Алғау-далғау өмірде қала бердің.
Жалған басып жалғанды жалтаңдама,
Аяғынды нық басқын қалтаңдама.
Саған қарап өседі жас шыбықтар,
Бет алдыңа өтірік талтаңдама.
Сайрап жатыр сандалбай салған ізің,
Куәлер бар бұлтартпас қалған ізің.
Өмір солай – жолдары тоқсан тарау,
Тура жолды таппадың жалған ізің.
Күл-қоқыстан қалайша тазарарсың,
Кімді енді кінәләп жазаларсың.
Шолақ өмір алдыңда шолтияды.
Сұрақтар көп сені де мазалар шын.
Күнің енді жете ме сіресуге,
Арамдармен алысып күресуге.
Адам деген атыңды сақтау қиын,
Өмір солай жаралған күресуге.
Мықты болсын әрқашан арманыңыз,
Биіктерге тартынбай қарманыңыз.
Ұлы еңбектен ешқашан адам өлмес,
Еңбексіз күн көруге арланыңыз.
Тағырықтан күш-жігер алып шығар,
Өмір-сабақ ақылың толып шығар.
Әр кәлләдә бір қиял деген сөз бар,
Қайратыңа қосылсын айбатыңыз.
Көрінгеннің барлығын ала берме,
Көрінгеннің барлығын дана көрме.
Алғау-далғау күн көріп ақырында,
Алғау-далғау өмірде қала көрме.
ҚАНАҒАТ
Төлегеннен бір құдірет байқадым,
Байқағанды енді сізге айтамын.
Елсіз, сусыз кең даламен кезеріп,
Бірақ шалқып көңілменен қайтамын.
Алып ұшып алаулаған күн көрдім,
Алып ұшып таңғажайып түн көрдім.
Қанағаттай — таразы бар өмірде,
Таразыны бес саусақтай меңгендім.
Ерте шығып кеш қайтамын ойланып,
Қиялымда қора-қора қой бағып.
Көңіл сыйлап адамдарға – хош өмір,
Жатамын ау ертеңге де сайланып.
Күшім менің жетер ме екен ертеңге,
Қалай енді гүл өсірем өртеңге.
Кейбіреуде ұміт-арман үзілген,
Үзілгенді жамап-жасқап көркемде.
Көрінетін арамдық бар өмірде,
Көрінбейтің мейірім бар көңілде.
Сол мейірді ешқашанда жоғалтпа,
Сол мейірмен таныласың өңірге.
Адам екен – абзал екен дегізіп,
Наныңды да адалдықпен жегізіп,
Ізгілікпен жасап жатқан адамға,
Бақыт құсы қона қалар кезігіп.
ҚАРАҚАЛПАҚ БАУЫРЛАРҒА
Қарақалпақ елінің Нүкісін-ай
Кең далаға таққан бір үкісін-ай.
Қазақтардан болмайтын ажыратып,
Тіліменен ұқсаған түр-түсін-ай
Бірге өмір қазақпен кешкен екен,
Түйелермен ырғалып көшкен екен.
Рулық салт-дәстүрі бәрі бірдей,
Құда болып бір өмір өскен екен.
Қарақалпақ бауырым інімдейсің,
Қатар жүріп сөлекет білінбейсің.
Бір нәрсені байқатып қабағыңнан
Жылы жүзбен жарқырап күлімдейсің.
Аман болғын әр қашан бауырым-ай,
Қарсы соққан заманның дауылын-ай.
Әр бір халық еркін боп жасау керек
Еркіндікке ұмтылған қауымым-ай.
Тілегіңді бір Алла берсін енді,
Тілегіңді бір Алла көрсін енді.
Өз тілі мен дәстүрін жалғастырып
Ұрпақтарың артыңнан ерсін енді.
ҚАРТТАРЫМ
Жағдай қалай, амансың ба, Қарттарым,
Ұнайды ғой маған қойған шарттарың.
Жерді басып жаҺан кезіп жүргенмен,
Өздеріңдей қамқор жаңды таппадым.
Аман болшы, әрқашанда, Қарттарым,
Сендер барда жүгенімді тартпадым.
Өмір жүгі жеңіл емес зіл-батпан,
Ұялмастан өздеріңе артқаным.
Арамызда жасай берші, Қарттарым,
Аман болсын еріп жүрген арттарың.
Сендерге ұқсап шарт жүгініп отырам,
Ол да болса өздеріңе тартқаным.
Қартайсада сыр бермеген Қарттарым,
Қартайсада жайнап жатқан бақтарым.
Көкірегі ұлан-байтақ қазыналы,
Өздеріңнен бай адамды таппадым.
Қасиеттім, қадірлім-ау Қарттарым,
Жер жаһанды кезе берсін аттарың.
Өніп жатқан өсіп жатқан мына әлем,
Үлгі алсын деп өздеріңді мақтадым.
Қартайғанда бала болған, Қарттарым,
Жастығында жайсаң болған мәрттарым.
Ұл-қыздарың мерейіңді асырып,
Төрге өрлеп жүре берші Қарттарым!
ҚҰДАЛЫҚ
Айналайын, Қазағым!
Қуанышым, ғазалым.
Құтты болсын, құдалық
Құдалықты жазамын.
Гүлдерім өсіп, бойжетіп,
Тұрмысқа кетті ой жетіп.
«Ойлана берме, Ата-анам:
Жүрген де жерім той» детіп.
Балам да келді, қыз алып,
Көркейтіп үйді тұз алып.
Өмірім кетті түрленіп,
Құдалық жөнін сызалық.
Құдалық деген Асқар-тау,
Тыңнан бір түріп жол бастау.
Көзіңді салсаң болғаны,
Көңілді салсаң болғаны.
Өмірім қызық аңдадым,
Қызығына қанбадым.
Серілер сын-ды кердеңдеп
Серілерімді таңдадым.
Мен терген гүлдер беткейден,
Құдаларыма өтпей ме?
Жүректен салған әндерім,
Жүректеріне жетпей ме!?
Айналайын, қазағым,
Қуанышым, ғазалым.
Ата-дәстүр, салтым-ай,
Қуанып өлең жазамын.
ҚЫСАҢ ӨМІР
Айналаға көз салатын адаммын,
Көргенді істеп құбылатын қадаммын.
Бәрі жұғар бір сынықтан басқаның,
Біреу көрсен, бөтен емес соданмын.
Өз жарымай, өзгелерді жарытпай,
Жақсы мінез, өнегені дарытпай.
Өз алдына жүрген жанбыз теңселіп,
Ойламаймыз, қиналмаймыз парықтай.
Солай заман өтеді екен бұлданып,
Өтірігі шыныменен тұлданып.
Адам деген атымыз бар әйтеуір,
Тамақ үшін жүрген жай бар құлданып.
Қалай енді қайда лағып барамыз,
Ынтымақ жоқ, жалғыз-жалғыз дарамыз.
Келген екен, кеткен екен бір адам,
Арқасынан дұға оқып қаламыз.
Өтіп жатыр өміріміз кенеусіз,
Мойындаймыз, ешнәрсеге теңеусіз.
Ағыл-тегіл айтылмайды әңгіме,
Сынға алып сөйлемейміз, шенеусіз.
Мейірімнің қақпалары жабылған,
Шапағатсыз заман солай сабылған.
Бас бар, көз бар сезетұғын барлығын,
Көңіл бірақ тоқамайдым қағынған.
МЫНА ӨМІРДЕ…
Мына өмірде жұлдыздардай ағайын,
Жұлдыздардай сәуле беріп бағайын.
Бедірейген, безірейген әлемге,
Көңіл болып көктем болып жағайын.
Әр берейін құлазыған жондарға,
Ән берейін құлан иек таңдарға.
Қайта оралмас күндер сырғып өтуде,
Жылы сөзбен жан берейін жандарға.
О,Адамдар! Сәлемдесіп жүріндер,
Кездескенде, қоштасқанда күліндер.
Өмір қалай, бағына ма еркіңе,
Жүректерге құлақтарды түріндер.
Тырналарым, тыраулайды төбеде,
Мына өмірдің ырқына олар көне ме?
Кеудесінде құйтақандай жүрекпен,
Адамзатқа әнін арнап келе ме!?
Жарқан дүние жанарымда ойнайсын,
Жылы лебіз жүрегімде бойлайсың.
Далалар мен Қалалардан тұратын,
Мына өмірдің қызығына тоймайсың.
Шіркін өмір — мұнша неге қымбатсың,
Гүлдер жайнап, көкте құстар үн қатсын.
Алла берген жер-әлемді жарық қып,
Жарық дүние тұрған бойы сымбатсың.
Жүрек шіркін кеудедегі бұлқып,
Мен де жүрмін көңіліме нұр тұнып.
Өмір сені ардақтаумен өтейін,
Сенде мені аялағын ұмтылып.
МЫРЗАШӨЛ ТАҒДЫРЫ
Мырзашөлдей кең даланың боздағы ем,
Көкірекке келген күйді қозғап ем.
Мағынасыз күндер сырғып өткенде,
Жұртта қалған ботасындай боздап ем:
. . .
Қалың қар жоқ шаналар да жүрмейді,
Жаңбыр сылбыр, көктемдер де күлмейді.
Адамдардан сырт айналды табиғат,
Байқадың ба, білдіреді бұл нені.
Табиғат па, адам ба әлде азғаны,
Айналаның жылдан-жалға тозғаны.
Бір-ақ ұрттам сұрауы бар судың деп,
Жазалауды ұзақ да созбады.
Мырзашөлім мені туған өлке деп,
Ағып жатқан екі өзен еркелеп.
Күні біткен күні келгенде сарқылды,
Адамдары қоймаған соң желкелеп.
Құба жандар бедірейіп жатты кеп,
Құлап таңдар едірейіп атты кеп.
Қара жердің емшектерін су алып,
Жылдан-жылға қасырып қатты кеп.
Осылайша Мырзашөлден мән кетті,
Көңіл азып көкіректеп ән кетті.
Кең далада не болғанын түсінбей,
Қора-қора қойларыңыз әндетті.
Ешкім әлі білген де жоқ байыбын,
Ешкім әлі түсінген жоқ айыбын.
-Құдай күні- деп ойлауды қазағым,
Тағдыр бізді теріс бұрды қайығып.
Тағдыр бізді тастады деп далаға,
Ай, Адамдар ойлаға да болама.
Табиғат, ол – тұрған бойы бір тылсым,
Бір тылсымды түсінбесен жолама.
Алыс қалған шақтарыма шегініп,
Атқа міндім қос аяқты тебініп.
Қайран жастық көкейімнен кетпейсің,
Әлі күнге жасаймын мен ебініп.
Мырзашөлде қысың қыстай болатын,
Көктемдерде жылға суға толатын.
Табиғаттың ажарына тамсанып,
Айдын көлге үйрек-қаздар қонатын.
Қой ғой шіркін кең далаға жаралған,
Кең даладан ризық пен нәр алған.
Шопандардың мерейлерін асырып,
Кеудесіне орден болып қадалған.
Қой да бақтым, қозыменен ойнадым,
Ойнағанда шаршағанша қоймадым.
Асыр салып көк шалғанның ішінде,
Гүлдерінің жұпарына тоймадым.
Ғажайыпты көргің келсе көре біл,
Қортынды қып көңіліңе тере біл.
Табиғатқа қарсы келме ешқашан,
Табиғаттың дегеніне ере біл!
Мырзашөлім миырза далам бұл менің,
Сенен артық жер барында білмедім.
Көз алдымда туған жердің тағдыры,
Көз алдымда жылағаным күлгенім.
О, АБЫЗДАР!
О, Құдірет, одан кейін Абыздар,
Әрбір сөзі тұрған бойы оғыздар.
Біз сендерден ділге медет сұраймыз,
Ал жүректі тілгілейді жауыздар.
Ал, жүрекке жылу берші қуатпен,
Айналаға қарайыншы шуақпен.
Жерді басып жүргенменен тұрлау жоқ,
Ал осы да өмір ме екен қуатты ер.
Кейбіреулер кіл мешіттен шықпайды,
Тек намаздан басқа нәрсе ұқпайды.
Ата-дәстүр, әруақтарды ойламай,
Намысы жоқ, жайбарақат ұйықтайды.
Ар-абырой, қазақшылық қайда енді,
Кілең тобыр әке алдында тайды енді.
Мұқтаждарға көмектерін міндет қып,
«Алла ақбар» деп алақанып жайды енді.
Қазақсың ба? Қайда қаңғып барасың,
Өз алдыңа бір мемлекет дарасың!
Әке алдыңда парыз қайда бұзылмас,
Саған енді кім деп Әкең қарасын.
О, Абыздар! Көзімді аш көрейін,
Жолды көрсет арқаңыздан ерейін.
Махамбеттей айткан сөзде қап кетіп,
Ұрпағыма тура жолды берейін.
Бір ауыз сөз өтірік те айтпайын,
Бас кессе де айтқан сөзден қайтпайын.
Дастарханда нанды адал жейінші,
Әке үмітін менде сөйтіп ақтайын.
Айналайын ата дәстүр салтым бар,
Өкпе, бауыр қазақ деген халқым бар.
Көрінгенге сене бергіш ақкөліл,
Қазақ деген қалайы емес алтындар.
Қазақ тілін қорғап жүргін көшеде,
Артта қалған надан халық десе де.
Қазақ деген Отан – Анаң, мәртебең,
Мәртебеңіз күннен-күнге өсе ме?!
Солай жаным, өз жаныңды қорғап жүр,
Бір-біріңді өмір бойы қолдап жүр.
Өзімізді солай сақтап қалмасақ,
Арқамызда айбақ-сайбақ із қап жүр.
Етектері тізеден кеп қыз-қырқын,
Жігіттерің жарқын-жарқын жүр жұртым.
Айтқандарым орындалмас арман ба,
Онда менде адам емес бір қыртың.
ОТАНҒА ОДА
Жанып бір тұрған оттаймын,
Оттан бір қалған шоқтаймын.
Жылуым жетсін өзіңе,
Жылытып сені жақтаймын.
Сертіме дайым тоқтаймын,
Жорыққа дайын аттаймын.
Дұшпаның алса жағаңнан,
Атылар дайын оқтаймын.
Отаным менің шаттығым,
Жүрекке жағар оттығым.
Қырларың жатса қол созып,
Басылыр ма екен аптығым.
Далаңды сүйдім кезерген,
Далаңды сүйдім безерген.
Осынау далаң болмаса,
Кеңдікті бұлай сезер ме ем.
Кімдерден енді кем болам,
Кеудесін керген мен балаң.
Тауыңа биік қол созып,
Кең далаңа тең болам.
Отаным менің отаным,
Өзіңмен таудай жотамын.
Тағдырың сенің – тағдырым,
Таңдарда бірге атамын.
ӨСИЕТ
Өлең-жырдың жолында алауладым,
Адамзатқа селқос боп қала алмадым.
Өмір деген шубалған ұлы көште,
Төлегеннің жанында жалауладым.
Алып таулар алдыңда жарқырай ма,
Алып өзен алдында сарқырай ма!?
Өмір неткен тамаша көркем еді,
Арман шіркін, кеудеңде арқырай ма!?
Жолдар жатсын алдыңда жаратылып,
Шартарапқа жол сілтеп таратылып.
Шет шегі жоқ кең дүние қандай ыстық,
Саған тұрсын әрқашан қаратылып.
Тек жүрмегін өмірде жанып өткін,
Мына өмірдің сырына қанып өткін.
Адамзатқа бір өмір беріледі,
Достарың кім, дұшпан кім танып өткін.
Есті адамдар көбейсін ел бетінде,
Аққу-қаздар көбейсін көл бетінде.
Адамзатты аялап, ардақтағын,
Адам деген атын тұр келбетіңде.
Айтпа сөзді ақылға қонбайтұғын,
Айтпа сөзі адамға болмайтұғын.
Адам деген атына кір келтірме,
Адам болма ешқашан оңбайтұғын.
Өмір — көктем. Сазарған күз демеңіз,
Зұлымдықты жоқ жерден іздемеңіз.
Мақтаншақ пен ақымақ бір жасайды,
Сұмырайдай шалқайып біз демеңіз.
Адам деген атақты сақтаңыздар,
Адалдықты ақшаға сатпаңыздар.
Әр адамның болады өз борышы,
Сол борышты ардақтап ақтаңыздар!
САРБАЗДАР
Сарбаздар сапқа тұрыңдар,
Салтанат шеру құрыңдар.
Еске де түсіп жылы ұя,
Еске де түсіп «бұрымдар».
Кеудеңнен жалын лапылдап,
Кеудеңнен жүрек аңқылдап.
Шырқап бір марш ойнаңдар,
Жер жарып дауыс саңқылдап.
Орыстың жері ну орман,
Біздерден сарбаз шығарған…
Қанды-көйлек құрдастар,
Суреттер, көзді суарған.
Туған-ел, Ана-топырақ,
Әскерге сені шақырад.
Бой тасалап қашпағын,
Үміт қып сеннен отырад.
Өмірге келдің еркелеп,
Сарбаздай тұрғын ертерек.
Түрмеден қашқан тұтқындай,
Алмасын сені желкелеп.
Жетектеген ау алмас,
Арманды іздеп тауа алмас.
Бүгежектеп, бүкшеңдеп,
Ешқашанда жау алмас.
СУРЕТІМДІ СЫЙЛАДЫМ
Суретімді сыйлайын өлеңменен,
Шен-шекпен де киініп еленбеген.
Көңіл жеткен жеріне қолы жетпей,
Бақ-байлыққа бөленіп кенелмеген.
Солай енді адамзат жаратылған,
Жер жүзіне тарыдай таратылған.
Кең дүние ғажайып қандай ыстық,
Барлығы да адамға қаратылған.
Солай адам барлығын жинайды екен,
Жинағанын өзгеге қимайды екен.
Содан болар суретім анық шықпай,
Анық шықпай суретім қинайды екен.
Содан болар өзіңнен қаша алмайсың,
Асатуғын асудан аса алмайсың.
Арман болған Асқар тау асқақтайды,
Асқар тауды баурыңа баса алмайсың.
Мүмкін осы бақ шығар батпан шығар,
Арайланып таңдар да атқан шығар.
Біреулерді суретім таң қалдырып,
Біреулерді жындантып жатқан шығар.
Суретімді сыйладым түрімменен,
Тани алмай қалады бұрын көрген.
Өмір-жарыс, қан-майдан бәйгесі бар,
Бір тұлпарды көресің сүрінбеген.
Өз бейнемді сыйладым сөзімменен,
Тік қарағын көзіме көзіңменен.
Біраз сырды ұғарсың айтқызбай-ақ,
Сабыр сақтап тұрайын төзімменен.
Суретімді сыйладым, менен кетті,
Тұтқын болып шіркін-ай, «Кенен» кетті.
«Желпіп өтсе, бір самал жанға жайлы,
Бөтен емес, ол енді менен» депті.
Суретімді сыйладым іліп қойғын,
Шын жүректен шынайы біліп қойғын.
Асқақ өмір жолында бірге жүріп,
Бір жасайтын адам деп күліп қойғын.
…
Суретімді сыйладым өзімдей көр,
Өзім жоқта әрине көзімдей көр.
Сөйлеп кетсе жан бітіп бұл нұсқаға,
Сөйлегенін әрине сөзімдей көр.
Суретімді сыйладым арындаған,
Ақы сұрап тар жерде тарынбаған.
Әлімсақтан сөз айтам абыздардай,
Ата-баба үндері сарындаған.
Өмір керуен ешқашан тоқтамайды,
Өзі атылар мылтықты оқтамайды.
Өз жұмысын уақтында атқарған жан,
Өткен күнді ешқашан жоқтамайды.
Мен де кеттім керуеннің шылауында,
Қанша жанға жырларым ұнауында.
Асулардан қиналмай менде өттім,
Көріп бәрін-анауын, мынауында.
Жылдар келді жүгімді ауырлатып,
Ауыр жүгім кей-кезде бауырлатып.
Өмір сүру-бұл енді серуен емес,
Арқамды да сыздатып,жауырлатып.
Жүк көтерер керуенде қара нар ма,
Ұзақ жолға ол дағы жаранар ма?!
Еркек деген аты бар ер жігіттің,
Ер жігітпен қара нар барабар ма?!
Суретімді сыйладым қара нардай,
Жағдайда жоқ сыланып таранардай.
Біреуменен біреудің ісіде жоқ,
Күтіп жатқан жанда жоқ жаранардай.
Бетіңді бұр,ей,өмір сараңдамай,
Көзім талды кейпіңе қарай-қарай.
Таңдар қалай атады бедірейіп,
Әлем неге қарайды арайламай.
***
Суретімді сыйладым қайнап тұрған,
Қырдың сұлу гүліндей жайнап тұрған.
Көкіректе қос қолы маңғазданып,
Теңсің бе деп қарағым ойнап тұрған.
Суретімді сыйладым қалыппенен,
Тірескендей шіркін-ай алыппенен.
Сурет шіркін сырымды жұртқа жайар,
Санасуда керек қой халықпенен.
Суретімді сыйладым ағындаған,
Бет алдына лағып қағынбаған.
Кең далама құт болып дарысам деп,
Жалын атып жүрегі қабындаған.
Өмір солай өтеді көрмегімен,
Кімдер кімге қажет боп өрнегімен.
Алғаның көп өмірден бергенің аз,
Өмір өзі бағалар бермегіңмен.
Үміттерін елімнің ақтадым ба?
Оңашада бір ойға батпадым ба?!
Қанша жанға қамқор боп мына өмірде,
Қарсы алдынан таң болып атпадым ба?!
Суретімді сыйладым қырындаған,
Қажеті жоқ нәрсеге бұрылмаған.
Жұмбағы көп өмірің қиын екен,
Оңай болып көрінген бұрын маған.
Өз өмірім өзімде аянбадым,
Бедірейіп белімді таянбадым.
Өмір сұлу көрінер шындығымен,
Шындығымен өмірді баяндадым.
Суретімді сыйладым досыңдай көр,
Бірге жүрер өмірде қосындай көр.
Ерте салған әніміз кешке жетсе,
Босқа өтпеген уақытты осындай көр.
***
Суретімді сыйладым дайындаған,
Келбетімде жүреді сайын далам.
Кең даланы бірге кез жалықпайсың,
Кең даланы ұғады тайынбаған.
Кең даланың жолдары жосылады,
Кейде лағып кей кезде қосылады.
Іздегенді даладан тауып алсаң,
Ата-баба мұрасы осылары.
Кең даламен көк аспан жарасады,
Бірін-бірі қолдаумен қарасады.
Кең даламен қазағым бірге жасап,
Ұлы мақсат жолымен әрі асады.
Сені сүйдім кең далам кең демедім,
Қол жетпейтін құлаштап ен демедім.
Кең даладан өзіме енші алып,
Ешкімнен де өзімді кем демедім.
Өзгелермен өзімді тең көремін,
Дала заңын анықтап меңгеремін.
Атқа мініп алшаңдап жүргенімді,
Ата-баба жолы деп ем көремін.
Басқа өмірдің осыдан керегі жоқ,
Басқа өмірдің қазірше дерегі жоқ.
Керегеміз ешқашан шайқалмасын,
Басқа өмірдің біздерге берері жоқ.
Алға қарай ағылып қарқындаймын,
Ешнәрседен тосылып тартынбаймын.
Ата-баба өсиетін орындасам,
Бас бұруға басқаға артылмаймын.
Көзді жұмсам кең далам көлбеңдейді,
Ата-баба бейнесі ербеңдейді.
Кең далада еркін боп жүру үшін,
Кең даланы қазаққа берген дейді.
Кең далада туыппын,жаралыппын,
Кең даламен әлемге таралыппын.
Кең далада туған жан түсінеді,
Теңдесі жоқ әлемде даралықтың.
Суретімді сыйладым үмітпенен,
Арылмайтын бірақ та күдікпенен.
Ұланыңа қазағым еркіндік бер,
Жалғыз өзі болады жігіт деген.
Еркіндік бер жасында самғап алсын,
Бір өмірлік мәртебе қамдап алсын.
Қазақ болып туған соң мына өмірде,
Қазақ болып қалуды таңдап алсын.
Қазақ жігіт,қазақ қыз қандай екен,
Жүзі жарқын,тілдері балдай екен.
Ал оларды алдаған адам оңбас,
Оңбаған жан өмірде малдай екен.
Жаманшылық ешкімнен көрмедім мен,
Жамандарға ешқашан ермедім мен.
Ата жолын — ақ жол деп таңдап алып,
Ақ жолымды ешкімге бермедім мен.
Қазақ айтар: ұлына алаңдама,
Біреулерге жағынып жалаңдама.
Күнә арқалап ешқашан үйге кірме,
Бей-берекет сөз айтып салаңдама.
Әке отырған әрқашан малдас құрып,
Аға-ініні өзіне жоддас қылып.
Арасына олардың ешкім кірмес,
Алла өзі қоймаса алжастырып.
Биік болған олардың мәртебесі,
Сөйлеп тұрғой қазақтың әр төбесі.
Қазақ батыр әрі де жомарт болған,
Абыройы әкенің арта берсін.
***
Суретімді сыйладым шырайланған,
Қазақпын деп жүзіне нұр айналған.
Жиындарда қадірлі жұртым сыйлап,
Айналамда кете алмай шыр айланған.
Жақсы жанды ешқашан жоғалтпаймын,
Жортуылды жүретін қол аттаймын.
Жақсы жанмен кеңейтіп керегені,
Жақсы жанмен қашанда болаттаймын.
Жақсы жандар қазақтар жайраңдаған,
Өз жерінде еркелеп тайраңдаған.
Ата-баба атағы жасай берсін,
Толып-тасқан несібең қайран қалам.
Тектен-текке өмір де берілмейді,
Тектен-текке кереге керілмейді.
Он сегізде жіттер шашын тарап,
Қыздың шашы қамшыдай өрілмейді.
Өмір солай жаралған жағалағын,
Бақытыңды уақтыңда бағалағын.
Тал бойыңда бір мін жоқ көз тимесін,
Ағалардың ақ жолын сағалағын.
Ағаларсыз ешқашан ел болмайды,
Ел жиғаны ешқашан көл болмайды.
Қазақ деген қасиет осыларда,
Осыларсыз еліңде бел болмайды.
Таңжарық пен Нұрмандай ағаларым,
Еңбектерін олардың бағаладым.
Өздеріңдей бұл күнде адам іздеп,
Ел ішінде бар ма деп жағаладым.
Отырдыңдар ортаға мәнді сыйлап,
Жүрмей қалған тамырға қанды сыйлап.
Отырдыңдар жеткізіп жетпегенді,
Отырдыңдар түгелдей жанды сыйлап.
Ағалар да кетті ғой інім деумен,
Жарқырайтын артымнан күнім деумен.
Бітпей тұрған тірлікті бізге тастап,
Шүкір айтып Аллаға тыным деумен.
***
Суретімді сыйладым өткен өмір,
Жастық дәурен жалындап шеккен өмір.
Сан суреттер санамда сайрап жатыр,
Есте мәңгі қалатын көктем өмір.
Атқа мініп,алға деп аршыңдадым,
Арманымдай таулардан тартынбадым.
Жылдам өмір барады желдей есіп,
Желмен бірге желпілдеп қарқындадым.
Өмір маған бермеді салқын қабақ,
Жылу сыйлап кететін жалқындап-ақ.
Әке-шешем ардақтап құлыным деп,
Алшаңдаған ұл едім алтын балақ!
Солай келдім өмірге талтаңдап-ақ,
Жаңа жүрген сәбидей қалтаңдап-ақ.
Нұр жайлаған өмірді сүйіп кеттім,
Қарайтынмын көркіне жалтаңдап-ақ.
Өмір солай күлсеңіз күледі екен,
Қарқыныңды қалайша біледі екен.
Қателесіп өмірде қате бассаң,
Түзелер деп бір күні жүрер екен.
Өмір солай жаралған кеңдік дүние,
Біреулерге тарылған кемдік дүние.
Қабілетке қарайлап өтер өмір,
Қабілеті барларға теңдік дүние.
Қабілетте қасиет болар ма екен,
Қабілетке көңілде толар ма екен.
Қабілетті тапсаңыз мына өмірде,
Қабілетпен бақ келіп қонар ма екен?!
Өмірдегі құдірет әділет қой,
Қабілетсіз адам да әбілет қой.
Ар-намыстың отына күйдірмейтін,
Сақтап жүрер бейнеңді қабілет қой.
***
Суретімді сыйладым жырақтаған,
Жастық оты басылып тұрақтаған.
Емендеймін бұл күнде саясы мол,
Саясы мол жақтардан сыр ақтарам.
Бұтағымда ұя бар,балапан да,
Балапандар жасайды алақанда.
Балақанды аялап өбектеумен,
Ән саламын сызылтып ала таңда.
Салған әнді бұлжытпай салса болды,
Салған әнім жанында қалса болды.
Мына өмірден жиған мен тергенімді,
Ыдыратпай түп-түгел алса болды.
Ата болып өңірді жағалайын,
Жас өскінді жетелеп бағалайын.
Жорықтарда тұяқтар мұқалмасын,
Тұяқтарды жақсылап тағалайын.
Өмір солсай жайнасын шапағатпен,
Өмір солай жайнасын махаббатпен.
Жас жігіттер апталдай азамат боп,
Жасай берсін өмірде атақ атпен.
Тегін сөзді басыңа суырмадым,
Тексіз сөзді басыңа қуырмадым.
Ата-баба жолдары сайрап жатыр,
Ата жолын алдыңа туырладым.
Жақсылығы қарияның мүлкің болсын,
Жамандығы қарияның күлкің болсын.
Қариялардың жанында алтын сандық
Сол сандықты ашатын кілтің болсын.
***
Суретімді сыйладым көресің бе,
Меніменен сапарға ересің бе?!
Шәкірт озған ұзтаздан заман қазір,
Меннең артық сурет қып бересің бе?!
Суретімді ұнатпай жатпайсың ба,
Көз тоқтатып қарауға батпайсың ба?!
Көп алдында бейнемді жерге ұрып,
Салыстырып біреуді жақтайсың ба?!
Қазақ деген барады тарамданып,
Өз алдына жол салып жаранданып.
Ақыл айтар әкеге ұлдан қорқам,
Кетпесе екен деп ойлап арамданып.
Суретімді сыйладым қабыл алғын,
Тұмар қылып мойныңа тағып алғын.
Ел дегенді – Әке деп ұғатын бол,
Одан өзге адамға табынбағын.
Әке деген баласын бақты ма екен,
Үкі қылып үмітін тақты ма екен?!
Бала-шаға қамымен өмір бойы,
Ерте тұрып кеш қалып жатты ма екен?!
Одан өзге адамға жағынбағын,
Әке сөзі заң ғой деп қабылдағын.
Әке саған ешқашан қастық қылмас,
Қарсы келіп әкеге қағанбағын.
Суретімді сыйладым аласың ба,
Ата-дәстүр салтымен жаңасың ба?!
Әлде аспаннан салбырап түскендей боп,
Бейтарап боп, бейғам боп қаласың ба?!
Әке сөзі әрқашан көркем дейді,
Әке сөзбен бала да өркендейді.
Басқа-басқа ой болмас Ата-анада,
Ұрпағының өскенін көрсем дейді.
Суретімді сыйладым сақтап қойғын,
Анда-санда әкеңді мақтап қойғын.
Басқа нәрсе сұрамас біле білсең,
Анда-санда әкеңді жақтап қойғын.
ТӨРТ МЕЗГІЛ – БІР ӨМІР
Көктемменен қабаттасып келемін,
Көктемменен сабақтасып өнемін.
Көк жүзінде құстарменен қосылып,
Жылғалармен сылдыр-қағып жетемін.
Гүлге қонып аралардай гулеймін,
Тайға мініп алақайлап «шу» деймін.
Күре жолдың топырағы бұрқылдап,
Аяқ киім киюді де білмеймін.
Мен көктемнен біраз нәрсе алыппын,
Адам болып қалыптасып қалыппын.
Қайран көктем естен кетпей тұр әлі,
Өмір сүру оңай емес, қанықтым.
Қасірет қай көктем келмей қабарған,
Қасиет қой көктем келіп жаңарған.
Көктемеде бүршік атар армандар,
Жер-Ананың жүрегінен жаралған.
Жаз келгенде: жүре алмаймыз таңды ұрып,
Жүре алмаймыз жас күндердей қаңғырып.
Салиқалы азаматпыз, адамбыз,
Өмірге де қалған екен мән кіріп.
Үлкендерден қаймығамыз, ойлаймыз,
Кішілерді түрткілейміз, қоймаймыз.
Сөйтіп жүріп қамқор болып ініге,
Жолға салып, тойды бірге тойлаймыз.
Күз келгенде: біз абызы өмірдің,
Отағасы, ел ағасы өңірдің.
Күзгі бақтың жемістері мәуелі,
Күзгі бақтың өміріде көңілді.
Шүкір дейсің жарық күнге, әлемге,
Шүкір дейсің өсіп жатқан көлемге.
Бала өсіп, немерелер ер жетіп,
Шүкір дейсің, беріп жатқан сәлемге.
Қыс келе ме, енді бізге қақаған,
Соңғы кез деп ал қысыңды атағам.
Қабақ түйіп төрде шал боп отырсам,
Жаттап алсам азын-аулақ батадан.
Басқа нәрсе тілемеймін Алладан,
Аман болсын адамдарым қолдаған.
Басқа қызық көре алмадым өмірден,
Бір өмірге жетеді ғой сол маған.
Табиғатым қызық өзі барладым,
Төрт мезгілді — бір өмір деп, жармадым.
Бәрі тұрар бірін-бірі толтырып,
Бір өмірге жырларамды арнадым.
СЫР
Ақындарда мұң болар айықпаған,
Оны ұғады жақындап байыптаған.
Ақтармасам болмайды алдыңызда,
Ақтармасам ол енді айып маған.
Көрмейтінді көзіммен көре аламын,
Бермейтінді пұлсыз ақ бере аламын.
Кір-қоқыстан тазартып асыл сөзді,
Өлең қылып алдыңа өре аламын.
Тағдыр деген талайдың ермегі ме,
Көрмегенді көрсетіп бермегі ме?!
Өмір неге оңынан келе бермес,
Балы менен арал ас кермегіде,
Мұнаймаңыз ешқашан күдікпенен,
Әрқашанда жүріңіз үмітпенен.
Өмір солай жаралған әлімсақтан,
Жігіттей боп жүреді жігіт деген.
БАҚЫТ ЖОЛЫ
Оң жағымнан келіңдер құлақ түріп,
Сарқылмайтын алғанмын бұлақ құрып.
Кей сөзімді тыңдасаң күліп тұрып,
Кей сөзімді тындайсың жылап тұрып.
Өкіңбейсің бірақта келгеніне,
Ақынменен бір сапар желгеніңе.
Бақыт жолын алдына салып берем,
Өкінбейсің ешқашан сенгеніңе.
Оңай бәрі ешқашан күпінбегін,
Шашты тарап шалқайып күтінбегін,
Оңды-солды жұмсама жылан тілді,
Үндемей-ақ ісінді бүтіндегін.
Құлақпенен кей сөзді тындамағын,
Көз көргенді кей кезде шындамағын.
Әр адамның болады шекарасы,
Шекараны бұзбағын тындап алғын.
Өз жолын бар, бағың бар жайнап тұрған,
Өз ісің бар өзіңмен қайнап тұрған.
Сұрамаса ешкімге ақыл айтпа,
Оның да бар өмірі ойнап тұрған.
Көңіл деген көк дөнен көлендеген,
Қамшы салсаң жолсызбен желем деген.
Көніл сыйла адамға, қарыз деме,
Қайтымы оның кешікпей келем деген.
Келем деген келеді, келем деген,
Кешікпей-ақ келеді елендеген.
Қолдан келсе күліп жүр айналаңа
Бақыт жолын бердім бе, өлеңменен.
АЙДЫН КӨЛГЕ…
Айдың көлге қаз қайтып қонады ма,
Алдыңғыдай тағы жаз болады ма?!
Алқам-Салқам көлдің де сәні кеткен,
Құс базары қайтадан жанады ма?!
Жастық жүрек қайтадан жанады ма,
Жастағыдай тағы өмір болады ма?!
Жастық әнге тағы бір салып кетсем,
Көңіл шіркін қайтадан толады ма?!
Сапар шегіп алыстан келгендеймің,
Жалау қылып жастықты желгендеймін.
Немерелер қабағын шытпасын деп,
Күлім қақан күндерді бергендеймін.
Күлім қақан күндерді бергендеймін,
Құлдыраңдап балдарым ергендеймін
Қайта оралып келмейтін жастық шақты,
Жастық шақты жанымнан көргендеймін
Жылдар өтіп қайтадан жаз келді ме,
Қаңыраған көлге де қаз келді ме?!
Бала, келін, немере шулап жатыр,
Осы өмір мағанда саз келді ме?!
Осы өмірден басқа түк керегі жоқ,
Жастық қайта келмейді дерегі жоқ
Кең даламен бір киік желіп өткен,
Қол созған мен елестің берері жоқ.
ТАСҚЫНҒА ТОСҚЫН
Емін-еркін су жайылды далама,
Біздің ауыл су астында қалама!?
Табиғаттың тұңғұйығы неге көп,
Табиғатқа өкпелеуге бола ма?!
Отырамыз білетіндей қалқайып,
Жүреміз-ай бітіргендей талтайып.
Сасық сөзің керек емес ешкімге,
Білмей оны шіренесің шалқайып.
Елімізде заң да бар ғой тұрақты,
Неге өзіңе қоймайсың бір сұрақты
Бір бүйректен шығармағын сыйрақты,
Ұмытпағын заңмен жетер мұратты.
Отан-анаң еркін өмір берді ме,
Тегін оқу, келбетіңді көрді ме.
Қайтар енді мойныңда кетпесін,
Қарыз деген көгертпейді ерді де.
Он жыл мектеп оқы десе оқығын,
Оқығанды көңіліңе тоқығын.
Өмір деген адал арам, аралас
Құстай болып керегіңді шоқығын.
Алыс емес дәл қасыңда душпандар,
Адал ас жеп қарсы алдыңда құсқандар.
Тегіс жерде сүрінбегін ешқашан,
Теріс қарай ешқашанда ұшпаңдар.
Заңмен жүрсең сүрінбейсің еш жерде
Өзге заңды ешқашанда пеш көрме.
Отан-Анаң ырығынан шықпағын,
Отан анаң бер екенін ескерде.
Отан-Анаң оттан, судан сақтаған,
Отан-Анаң өз борышын ақтаған,
Отан-Анаң. Артық кетсең тағзым ет,
Отан анаң сені ешқашан сатпаған!
ОРАЛ -АЛМАТЫ ЖҮРДЕК ПОЙЫЗЫНЫҢ
ЖОЛСЕРІГІ -МҰРАТ ІНІМЕ
Өмір серік — жол серікті таңдадың,
Бір орында байыз таба алмадың.
Өмір деген тыным таппай жол жүру,
Өмір деген елге қызмет аңдадың.
Жолаушы көп, тағдырлары сан сала,
Біреу жүрер жол жүргенде ән сала.
Біреу жүрер сағыныштан сарғайып,
Қарайсың-ау бәріне де тамсана.
Өмір деген кездесу мен қоштасу,
Жолаушылар вагонында бас қосу.
Мейір болса жүрегіңде аздаған,
Сол мейірмен адамдармен достасу.
Күндер өтер, түндер өтер білінбей,
Кеш те жойлы, таң да атар күлімдей.
Жолсерік бар күтіп алып жайраңдап,
Қоштасарда қол береді ініңдей.
Кең далада жалғасады қыраттар,
Қызметінде мызғымайды Мұраттар.
Жол жүресің деміңді алып алаңсыз,
Жақын болып көрінеді жырақтар.
Аман болғын -Азаматым Мұратым,
Айналаға нұрын шашып тұратын.
Бірге болған күндерыме ырзалык,
Шын жүректен жыр арнады бір Ақын.
ОСЫ ӨМІР. МҮГЕДЕК БАУЫРЛАРҒА
Мүгедектік арбаға таңылғандар,
Аяқ басып жүруден жаңылғандар.
Ғафу сұрап алдыңа жүгінемін,
Жол жүруді армандап сағынғандар.
Жерді басып жүруден қағылғандар,
Жүрегімен мәңгілік лағыл жандар.
Өз-өздерін көтеріп дәріптеумен,
Қиялында жол кезіп ағылғандар.
Тағдыр салса несі бар ағыласың,
Салып ұрып жүруді сағынасың.
Жарық күнге сен дағы тәубе етіп,
Көрген күнге құлдық қып бағынасың.
Өмір солай ыстық боп жаратылған.
Бір мақсатқа бізбенен баратын жан.
Сен отырсың, мен жүрмін сенің үшін,
Жаһан кездім, ол бізге қаратылған.
Алматыны көретін желеуменен,
Алатауда жер көрдім Медеу деген.
Құстай ұшып кетесін қанат байлап,
Жер жәннәтін көрдім мен дегенменен.
Кең даламен алып тау айқасады,
Кім зор екен бір-бірін байқасады.
Көтердім деп тауынды дала жатыр,
Алыппын деп тауың да жайғасады.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.